Өлеңдер ✍️

  01.02.2022
  175


Автор: Ақан Сері

Орынбай ақынның Ақан Серімен айтысы

(Екінші нұсқа)
Ақан:
Ассалаумұғалайкум, Орекем-ай,
Бар еді жүз кісілік берекең-ай.
Кешегі хан Шыңғыстың заманында,
Сауық қып сайраңдаған жер екен-ай.
Сіздерге біздей іні жар болармыз,
Қалайша кемеңгерге пар болармыз.
Басың бұлбұл, аяғың дүлдүлім-ай,
Бір күнде сіздерге де зар болармыз.
Орынбай:
Үстіңде киген киім қолбыраған,
Әкеңнің киіміндей солбыраған,
Әр заманның киімі басқа болар
Бұл киім ұнамайды, інім, саған.
Кигенің үстіңе бұл қара шекпен,
Пішінің ұқсамайды асыл тектен,
Құда түсе келгенде үй таңдайсың,
Не себептен, шырағым, сөзің өктем?
Ақан:
Ақан да жауап берсін ағасына,
Қарайды ағасының бағасына.
Атамның өзі ұнатып киген киім
Мирас боп қалған еді баласына.
Ореке, біздер қайық, сіздер кеме,
Орны келген сөз болса айттың деме,
Неке жолын аттаған обал деуші ед,
Ана үйге, басқа әйелге бардың неге?
Орынбай:
Оның рас Намахрамға қалғандығым,
Сөз айтыста жоқ еді жалғандығым.
 Қошеметі Ұжмақтай болғаннан соң,
Бетін қақпай сол еді барғандығым.
Ақан:
Рас, сіздің Намахрамнан қалғандығың,
Сөйлер сөзге жоқ еді жалғандығың,
Балығынан болмаса, бақасынан деп,
Тамхиуан боп жүрмесе барғандығың.
Орынбай:
Күш – атта, ақыл – аста, сөз – малдыда,
Ақыл-айла болмайды жоқ-жарлыда.
Аллаға парыз-уәжіп, сүннәт қылып,
Жалғыз-ақ Намахрам деген сөз қалды ма.
Дәрет алып жүрмісің, қолың жуып,
Өзің зирек жігітсің дінге жуық,
Ақанжан, сенен бірер сөз сұрайын,
Шәждаға басың тиді ме өзің туып.
Ақан:
Хақтығын дін исламның білгем шығар,
Хақ дінге көңіл қойып жүргем шығар,
Ореке, сұрасаңыз мен айтайын,
Иншалла, шәждаға бас тиген шығар.
Орынбай:
Айтайын бұл сөзімді тыңдасаң құп,
Сөз ұқпас қаса надан қадыры жоқ,
Тиді деп бас сәждаға айтсаң дағы,
Мен оны өз көзіммен көргенім жоқ.
Ақан:
Хақтығын бір тәңірдің надан білмес,
Қадырын хас жақсының жаман білмес,
Пенденің құлшылығы тәңірге аян,
Адамның көрмегені дәркер емес.
Жинастырып, хатқа түсірген Ғаббас Елеусізұлы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу