Өлеңдер ✍️

  01.02.2022
  183


Автор: Ақан Сері

Біржан сал мен Ақан сері туралы табылған бір өлең

Сәкен Сейфуллин сөз болып отырған жинақта «Біржан сал мен Ақан сері туралы табылған бір өлең» деп жазып, олардың мәтінін де жариялатыпты. Біз сол жинақтан Ақан сері туралысын осы тұста жариялауды мақүл
көрдік. Өлеңді кім жазғанын Сәкең көрсетпепті. Біржан сал туралы өлең 120-бетте берілді.
АҚАН сері
... Тағы да үздік шыққан одан бері,
Зарланған «сырлы мінез» Ақан сері,
Зарлы әнмен, көркем күймен, сырлы өлеңмен,
Шарықтап өрлер көкке шыққан шері.
Әніне исініп жұрт таң болатын,
«Түскен деп әнін тыңдап көктен пері».
Жадқа алып қыз, бозбала құмарланып,
Жайылған Сарыарқаға «Құлагері»
Құбылған әні көркем гауһар түрлі,
Күйлеген нәзік сезім «жұмбақ» сырлы.
Махаббат, қасіретін күй ғып шерткен
Әндері, өлеңдері нәзік сырлы.
Ырғалтып шығарғанда көркем әнін,
Келтіріп нәзік нақыш әннің сәнін.
Әндері «Сырымбет» пен «Үш тоты құс»
Елтіткен тыңдаушының жан мен тәнін.
Шырқайды Ақан әнін ой мен қырда,
Жайылған қазақ түгіл қыр мен Сырға,
Ақанның «Сырымбетін» башқұрт қызы
Ырғалтқан Мәскеуде Үлкен тиатырда.
Мәскеуге көрнекке жұрт барысқанда,
Әр жақтың бар өнері жарысқанда,
 Әр елдің әншілері тиатырда,
Әндерін көп алдында салысқанда.
Көпшілік талай әнге онша бақпай,
Отырған талай әннің бірі жақпай
Салғанда Ақан әнін башқұрт қызы
Әлеумет тыңдай қалған кірпік қақпай.
Сол сында Ақан әні тең іздеді...
Көлдегі аққу әні тәрізді еді.
Ақанның «Үш тоты» мен «Сырымбеті»
Таң қылған естігенде Парижді де...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу