Өлеңдер ✍️

  01.02.2022
  205


Автор: Ақан Сері

СӨЗСАЙЫС: НҰРҒОЖА - АҚАН сері

Ақан Сері мен Сүйіндік-Қаржас Нұрғожа ақынның айтысы туралы С.Сейфуллин былай деп жазады: «Бұл айтыс
та қағаз жүзінде болады. Нұрғожа Атығай-Қарауылға
келіп: «Маған Шорманның Мұсасының баласы Садуақас
«Мәшһүр» деп ат қойды» деп мақтанады. Сүйтіп мақтанып, әркімді кемітіп, өзін көтеріп жұреді. Ақанға өлең
жазады. Сонсоң Ақан өлеңмен оған хат жазады. Мұны
жазып беруші Махмет Құрманқұлұлы. Мұның түгел жазбасы соның қолына түседі екен. Оны ол жоғалтқан. Мына
өлең тек соның есінде қалғандары. Көбін ол ұмытып
қалыпты».
 НҰРҒОЖА:
Ғизатлу, қамиатлу, жаздым кәләм,
Кемелдің ауылында тарқап санам,
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Ықыласты, Ақан ағай, бізден сәлем.
Келер деп кеше есіттім өзіңізді,
Көруге бір мүбәрак жүзіңізді,
Қамданған қаршығадай бұлбұл едім,
Қазыр да күтіп тұрмын сөзіңізді.
Гауһардың бір сынығы асылдаймын,
Кісіден мен қорғалап басылмаймын.
Дұрысын Ашық ауыз берсін депті.
Мен оған көктен түскен жасындаймын.
Ашық ауыз молда болды азаптанып
Шайтанға көмек бердің сен аттанып.
Менімен ғалымлықты таластырдың,
Тау тескен Маажуждей азаптанып.
Қуандық, Сүйіндіктен жалғыз шықтым,
Жел сөзден мен қорғалап қашан бұқтым.
Атбекет Сибирский жиылса да,
Талайдың албастыларын көріп соқтым.
АҚАН сері:
Кәніки, ғалым болсаң тиіп қара,
Жаныңды аямасаң қиып қара.
Ғалымдықтың зардабы тиген шақта,
Енесін ұрған баладай күйіп қара.
Кемелдің ауылында санам тапсаң,
Тағзым қып, «бог оден» деп сүйіп қара.
Бисмилла, әмірзі бал, кәләмға бас,
Тілің де, һәм дінің де аллаға қас.
Азырақ насихаттан аңдатайын,
Құп тыңдап көңіл көзің пердесін аш.
 Жасынды көктен түсірем деп айтыпсың,
Бендеден жақтың ісі қасыл болмас.
Құданың азниы мен мұрсаллардан
Мұғжызалар түседі, – кітапта рас
Күпірлік боп жүрмесін бұл сөзіңіз,
Өзім ғалым дейсің ғой ыйанжу аннас.
Иа ғасылық болмасын, күнәкәрлік,
Мағрұз көп бұл жалғанда, болмаңыз мас.
Иншалла демепсің бір сөздеріңде,
Ынсапсыз жан екенсің, ей, балғалас.
Жаббар хақ әзәзілді ғалым деген,
Адамға сәжда қылмай, зәлім деген.
Мирасы қастеліктің содан қалып,
Оның да «мәшһүрлігі» мәлім деген.
Пайғамбар, ғайрұл кәләм, мақұл деген,
Жақсы сөз жаманға да жақын деген.
Настоящи наданның жауабындай,
«Мәшһүр» жігіт сен болсаң «ақын» деген.
Тағы да бұрынғының низамында,
Ер қадырын білмеген қатын деген.
Батыр ерлер іретпен ұрыс қыпты,
Хайуанша алыспайды батыр деген.
Нұрғожа, ықылас бердім әуел көріп,
Құрметтер бір жұмадай қасыма еріп,
Би Шорман, Мұса мырза аруағына,
Балқыдық, атаған соң, майдай еріп.
Мүсәпір және тәліп, жолаушы деп,
Біріндей Сүйіндіктің болдым серік.
Өзі Тәшкен, Бұхарда жүрген шақта,
Жүсіптің есімін жүрсің екі бөліп.
Балғаласта бар екен дұшпандығың,
Қастіліктің тілі тұр сенен келіп.
Арғында өнерпаздың етін жеуге
Аңсырап шыққанбысың болып жерік.
Тіс салсаң азуыңа із салайын,
Бар еді мендедағы балға, көрік.
 Мың шүкір, мұхиттағы біз бір кеме,
Деңіздің өнерпазын осал деме.
Арғын болсаң сыйлайтын інімсің ғой,
Қаламды бізден бұрын тарттың неге?
«Әл әдеп нағып әл иман» деген сөз бар,
Бұл хадис мінезіңе болар шеге.
Гауһар дария түбінде қарарлайды,
Бетке қалқып шығады жеңіл неме!
Шайқы Ғазали хазірет айтқан екен,
Кәні, сен, шешен болсаң мені бөге!
Сөзіне имамдардың тауаққып ғыл,
Атадан артық туып болсаң жебе.
Бізбенен жиын топта көп жүріпсің,
Айлакер кәсібіңе еп жүріпсің,
Қанша құрмет, зияпат қылсамдағы,
Ішіңнен «жеңемін бе» деп жүріпсің,
Хазірет Ғали мен Салсалға үсап,
Арқанды қалай кессем деп жүріпсің.
Құда бізге ғалымлық тонын берсін,
Жаннатыл пырдаустан орын берсін.
Дұшпанын қиянатшыл мұлзам қылған,
Хазірет Шахимардан жолын берсін.
Көңліңді қастілікке бағындырды,
Беліңе қару-жарақ тағындырды,
Күллі шайен емдейтін дауасы бар,
Жара болсаң еміңді табылдырды.
Іздеген бұласырың табылған соң,
Ішіңдегі зәһіңді ағылдырды.
Төреден қайтамын деп лұқсат сұрап,
Біздің сот Сүйіндікті сағындырды.
Мен бір үлгі сөйлейін қалғандай-ақ,
Дүние өтер-кетер жалғандай-ақ.
Аққақтың жерінен әскер шығып,
Шам жұрты тәкбір үнін шалғандай-ақ,
Аллалап албастыңа бір тиейін,
Нәби Ысқақ періңді алғандай-ақ.
 Бұдан кейін 3-4 жылдан соң әлгі Нұрғожа Ақанға
мынау сөзді жазады:
Тізілген әр уақытта марпұқ кәләм,
Таусылмас жалғыз хаққа қамды санам.
Сағынып дидарыңды көрмеген соң,
Ықыласты, Ақан ағай, бізден сәлем!
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Сүйі зәң қылар бенде бізге нағып,
Бұл кезде нәпсіңе еріп әуеленіп,
Кетпеңіз шөлмек болып дарияға ағып.
Сіз бізді хазіретке жамандапсыз,
Һеш нәрсе бізден басқа таба алмапсыз.
Басқа зәһіл аулақта ғапыл болып,
Мәшһүрді келеді деп бағаламапсыз.
Әуелі сыйынамыз бір құдайға,
Тәңрім өзі жеткізер бірталайға.
Көңілді хош мархаба-марғұп көрген,
Көп сәлем Зікірия мен Шалабайға.
Құданың қуанамыз берген баққа,
Мінеді патша кісі алтын таққа.
Аулында Бекәлі қажы біз жатырмыз,
Барамыз нәсіп болса зияратқа.
Ақан серінің жауабы:
Мәшһүр-ау, жұрттан асқан шешенсіз бе?
Һәр топта сөйлейтұғын көсемсіз бе?
Жеріктес, қанат, құйрық, балғаласым,
Данышпан бұлбұл, гүйе есенсіз бе?
Әуел дидар ғанибет деп еді ғой.
Көңіл жібек потасын кесесіз бе?
Ағаңа көріспестен жауап сайлап,
Ергендей жұрт тіліне есерсіз бе?
Ылғи сен ащы жауап хатқа жазып,
Тұқымың Арғын емей мешерсіз бе?
 Байқап айт жауабыңды, биік жар бар,
Сайламай өткеліңді көшерсіз бе?
Тарыны, сен бір тауық, теріп жеген,
Сендейлер біздің жаққа келіп жүрген,
Сен түгіл жеңіл Мәшһүр желіп жүрген,
Сазасын шын Мәшһүрдің беріп жүргем.
Истедарж Перғауынша бар ма сенде
Артынан Ніл дариясы еріп жүрген?
Олардағы шөлмек боп дарияға ағып,
Кей бәнде керіліктен келіп жүрген.
Осындай кесір сөзді сөйлеймін деп,
Ауызың ыстақанда күйіп жүрген.
Шөлмек қылар кісіні таптың қайдан,
Мың шүкір, өнерді жұрт көріп жүрген!
Бар құдай сыйынайық панамызға,
Былтырғы айтқан сөзден танамыз ба?
Ғайбат қып сырттан айтқан сөзім болса,
Хазіреттей жүгінейік бабамызға!
Нұрғожаның сөзі:
Бекәлі қажының аулынан шығып, Атығай еліне бара
жатып, Қарауылдың елін жамандап қағаз жазып тастап
кетеді.
Келіп ем әдейі іздеп Шалабайға,
Үйінен талай қайттым қанбай шайға.
Зорлықпенен бір сомды әрең беріп,
Дұғадан мақрұм болып қалды жайға.
Рызықсыз бәнде жерді баспайды екен,
Инанда құл ғалымнан қашпайды екен.
Мырзасын Қарауылдың араладым,
Бір сомнан ант бергендей аспайды екен.
Ішінде Қарағұстың көп отырдым,
Аз ғана ет бола ма деп отырдым.
 Ет бермесін әбден-ақ білгеннен соң,
Ішімнен қайғы-қасірет жеп отырдым.
Сапар шегіп келіп ем осы жөнге,
Мейман болып келемін талай кеңге.
Жын болып аруақ алжып кеткен екен,
Туыпты Жанқожадан боқтан өңге.
Бұған Ақанның жазған сөзі:
Біздің жұрт әр тарауға үлгі жайған,
Елде жоқ ғалымдықты таптың қайдан.
Әулие Асанқайғы сынап өткен,
Аспайды ел де, жер де Көкшетаудан.
Ақылсыз надан елді тауып алмай,
Таусылып қайтып жүрме ақыл-айлаң.
Құт орнаған Жақсылық, Шұңғыршаға
Екі арыс боп тараймыз Есен байдан.
Шақшақұлы Жәнібек мейман болған,
Үлгі алған Абылай да Дәулет байдан.
Елдің құты, дарияның тұнығы деп,
Ұйтқыны олардағы мұнан алған.
Абылайдың отыз ұлы өсіп-өніп,
Бүкіл істер тарайды біздің жайдан.
Бұл жағым Сырымбетте Уәли, Шыңғыс
Алтынның сынығындай Абылайдан.
Су ішсең де кетсейші балға балап,
Қиқулап қыдыр қонған кең сарайдан.
Ел жамандап әр жерге қағаз жазып,
Қанбадым деп далбастар қант пен шайдан.
Көтере алмай жүрсең де құсып, тышып,
Өле жаздап жүрсең де аппақ майдан.
Бұл жағым Атқы, Жанар, Монтық, Сары,
Төрт ата сый көріп ең талай байдан.
Өз мінезің өзіңе кесір болып,
Кетесің ғой сегіз ата Қара қайдан,
Өрт салып Сүйіндікке шығып жүрсең,
Енді орын іздейміз саған қайдан.
Жасынды біздің елге тастауыш ең,
 Сол тілің өз басыңа төккен айран.
Жасындаймын деп айтуға дәлел керек,
Әлі һешкімге тиген жоқ сенің найзаң.
Сыналып жүйріктікке жеткенің жоқ
Орынсыз күйсетесің әлдеқайдан.
Мен қалаған Есенбай Қарашамын,
Халқыма алтын бесік жарасамын.
Біздің жұрт Орта жүздің ұйтқысындай,
Қанша арыс салыссаң да таласамын.
Қызметтен жауһар шашқан ғазиздар бар,
Қалайша түзу жолдан адасамын!
Бұхара ай шәріптен қатым еткен,
Хазіретке таласқанға тамашамын,
Ақылды жоғалтасың ақымағым,
Жөнінен дін қарындас қарасамын.
Халды білмей жолықсаң әлекетке,
Ғалымлар қорғанына қамасамын.
Күпірлікке жауабың бәрі жақын,
Һешбір жаннан демейсің аласамын.
Тіліңде заһар болса байлатармын,
Өнерді Орта жүзге сайратармын.
Қуандық, Сүйіндікке қағаз жазып,
Мойныңа қоса жаза айдатармын.
Шариғат дәлелімен мойныңа сап,
Жазаның қазанына қайнатармын.
Сен ақмаққа болысқан адам болса,
Оған да һәр нәрсені ойлатармын.
Торға түсіп бекілген сауысқандай,
Аузыңа кесік өкпе шайнатармын.
Пиғылың ібілістің тынысындай,
Мінезің балшабайдың күмісіндей,
Қиянат әһілінен жан екенсің,
Солардың ия танысы-білісіндей.
Ұтыс ойнап, тұз, мәтке, көрөл болсаң,
Басармыз көзірнайдың келісіндей.
 Нұрғожа:
Сол жылында Нұрғожа өз елінің адамдары Шорман,
Мұсаның балаларын жамандап, Қарауыл, Атығайға мынадай өлең жазып кетеді:
Келмей ме әр орындық сөзім жүйе,
Әркімнің, кезеніп жүр, іші күйе.
Шатысып Мәжнүндерше жұртты бұзып,
Шорманның ордасына болмай ие.
Аққаншықты армандасың алмадым деп,
Тілінен бір сүйіп те қанбадым деп,
Орыстың мәтүшкесі жарамай ма,
Өкінбе ескі апанды қазбадым деп.
Атаңның аруағына қарамадың,
Ел бұзып қыршаңқы иттей қараладың,
Байнауда мәтүшкеге ғашық болып,
Төреден қыз алуға жарамадың.
Тал түсте қашып кетер қонған қонақ,
Жел сөзге қашан Мәшһүр болған олақ.
Құдай артық жаратқан бұл Сүйіндік,
Мінгені жәрмеңкеде бәрі шолақ.
Ақан сөзі:
Қарауылдың мырза, байлары Көкшетаудың жылдық базарына жиналып, Ақан серіге бұл тұралы өлең жаздырып,
қаржас Мұсаның баласы Садуақас мырзаға жібертеді:
Тәуекел ғала алла қылдым хаққа,
Пәруана түсіпсің, сен, аруаққа.
Көзің жоқ көбелектей жан екенсің,
Қанатың күйдірерсің, сорға шаппа.
Екі рет жауабыңа сөз жазайын,
Егер құда жатқызса ғинаятқа,
Көп халықты сап жүрсің қиянатқа,
Уазыңға жауабыңды алып көрсек,
Ешбіреуі келмей тұр диянатқа.
Атасы Шорман, баласы Мұса мырза,
Аты шыққан ер еді алапатқа.
Әһіл ғалай әһледі, керуенбасы
 Тәшкендегі қоспасаң қара сартқа!
Шіркін-ай шыныменен қиғаның ба,
Еліңді, Уақас мырзаны бұл ғайбатқа?
Керей Торсанға сөйлепсің бұл сырыңды,
Мырзаңды бұл қауылға салып даңққа.
Сұрауменен сынады Кенжеболат,
Сен осы өлеңіңді бер деп хатқа.
«Мырза маған мәшһүр деп ат қойды» деп,
Бұл елде айтып едің әр қазаққа.
Егер қойса, бұл атын ақтадың ғой,
«Бек кәззап екен» деген шықтың атқа.
Жалған атың ақыры қайырсыз боп,
Мәшһүр мәксүр шығарсыз мәшүратқа.
Жүйрік, жорға секілді жарастырып,
Атың жетектеп алайын салтанатқа.
Зинадан туған деп сақ иттерді,
Түһаймметпен ғайбат еттің асыл...
Төрт шахит мұндай іске керек еді,
Құданың кәлемінде бар аятта.
Бұған тағзиз бар шығар дәлел десе,
Хазіреттің кітабынан сұрайық та.
Көкшетау сегіз болыс елі еді ғой,
Атығайы, Қарауыл болайық та,
Атамыз Алаш байдың ғұрыпымен.
Жұрт мәксүрге бір жаза ылайық та.
Ғазазілдің алдынан ит үріпті,
Үргенмен жұрт ала ма ілтипатқа.
Мешердің ағаш кескен халқы ғұсап,
Өзіңді өзің салдың жарақатқа.
Сопы Алдияр қазірет айтқан екен,
«Гүлге тікен екті» деп ондай ғарыпқа.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Мия-сия маңайы жанып кетер,
Сен алыстан лап ұрдың шамшыраққа.
Шайтан түртіп білегің тілеген соң,
Төсіңді жұлдырдың ғой бидайыққа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу