Өлеңдер ✍️

  31.01.2022
  481


Автор: Ақан Сері

ЗАМАН АДАМЫ

Адамы бұл заманның әрбір түрлі,
Сөзі жұмсақ, жайдары сегіз қырлы.
Осындай сырты ажарлы болсадағы,
Зәре қадар ағы жоқ, іші кірлі.
Ізгілік жоқ, ойлайды қастелікті,
Зипатлы болсадағы сырты сырлы.
Жұпар мен гүл майының исін білмес,
Зұлматтың тұмауымен біткен мұрны.
Іші зүлмат болған соң керегі жоқ,
Қаншама болсадағы жүзі нұрлы...
Жаманның ең жақыны болар қасы,
Бір-біріне болмайды ықыласы.
Жақсымын дегендерге қарап тұрсаң,
Бұзақылар болады балғаласы.
Жынды менен тентекті кім тияды,
Кәрия қалып, би болады ылғи жасы.
Жылдан жылға өзгерген порым шықты
Бұрынғының жоғалып қағидасы.
Адамы бұл заманның бәрі «білгіш»,
Қаз ала ма дегені тышқан ілгіш.
Жауыңды мен мұқатып беремін деп,
Елде жанжал бар ма деп іздеп жүргіш.
«Білем» деп омыраулар білмесе де,
«Сұңқармын» дер іштеңе ілмесе де.
Дұшпаныңнан өшіңді әперем деп,
Ықтиярсыз ертеді жүрмесе де.
Қант пен шайын алған соң жұмысы жоқ,
Үндемейді жолдасын тілдесе де.
Судан таза, сүттен ақ болып жүру,
Тозаң басып, кеудесі кірлесе де.
Кеудесі ақ, айтқанында өтірік жоқ,
Бұрынғыны айтсайшы кім десең де.
Бұ күнгі адам семіре сөйлейді сөз,

Ішкен асы бойына сіңбесе де.
Білмейміз өнер алды тіл екенін,
Пасықлықтың белгісі кір екенін.
Өз көңлімен шахбазбын деп жүреді,
Білмейді ақымақтармен бір екенін.
Жамандар жақсы адамға сын тағады,
Ойламас өз ісінің ірі екенін.
«Пәленшенің баласы пәленмін» деп,
Ойламайды өзінің кім екенін.
Жастар би боп, кәрілер қалды босқа,
Сенім жоқ осы күнгі жандай досқа.
Басыңа дәулет құсын қондырады
Осы күнгі мырзалар көңлі қошта.
Дос қайсы, дұшпан қайсы біле алмаймыз
Мәшейнемен жүреді сөзін пошта.
Ақырында ер арқалап жаяулайсың,
Бірігіп тілеулес боп кірсең досқа.
Байлық, көптік, мықтылық өзінде боп,
«Е-е-лесе» көрсетер сөзден нұсқа.
Бір мысқал жақсылықты білмесе де
Жамандықтың жағына қандай ұста!
Ақылды кәрия қалып жүдедік қой.
Кәрия барда әр іске бір едік қой.
Қараса талайлардан мыс көрінер,
Бұрын таза, арам жоқ дүр едік қой.
Жаманды аса мақтап адам қылып
Өзіміз осы күнді тіледік қой.
Питнені ойға келген қуа-қуа
Жоғарылып жамандыққа үдедік қой.
Бұрынғы жақсы жолдан сыпырылып,
Биғын жеген қаршығадай түледік қой.
Ата-баба халалдық ғұрпын қойып,
Адаспай соныменен жүр едік қой.
Жастардың заманында адасармыз
Жалынсақ жастарменен жанасармыз.
Қуланып селтеңдеген біреу көрсек,

Соған жақын болғанша таласармыз.
Бойымызға заһарын жайып алып,
Бұрынғы ескі жолды қарасармыз.
Құбылып жылдан жылға азды заман,
Қорлықпен енді бітер есің тамам.
Шіл боғындай тоздырып ұстап жұртты.
Бүгінгі кісімін деп жүрген адам.
Араздарды келтіріп татулыққа,
Ынтымақ ізденетін ата-бабаң.
Жақсылықтан жамандық асып кетті,
Бой бағып тұру артық келсе шамаң.
Бой бақпай бетіңменен аға берсең,
Ақырында пұлсыз болып кетер бағаң.
Әр уақыттың өз ғылымын білу керек,
Бәрінен ғапыл болып қалған жаман.
Тексеріп қарайтұғын әділ қайда?
Бала би боп, ақсақал қалды жайға.
Олардың заманында зорлық жоқ боп,
Жетім жесір, нашарлар көрген пайда.
Сүйткен әділ кәриялар өтіп кеттің,
Тақсырлар, ісің жақсын бір құдайға!
«Қайтсем пайда қылармын, деп, нашарлардан»
Осы күнгі жақсылар құрар айла.
Жарты ақысын сіңірер о деп, бұ деп,
Нашарлар қызмет қылып жүрсе байға.
Көңілінен шықпасаң күнің қараң
Байдың ісі барабар найзағайға.
Бәрі баймен балғалас сөзі бір боп,
Би, болыс, бара алмаймыз ауылнайға.
Үшеу тортық бір тұрса көптік айтып.
Күжілдеп мас болады ішкен шайға,
Ақылсызға бір үйір қара бітсе,
Мақтанып, сыймай жүрер қыр мен сайға.
Орынсыз кейбір ақымақ мақтанады,
Көлденең басқа біреу қарамай ма?
Үйінде нан мен шайға жарымайтын,
Тойғандай желпінеді аппақ майға.

Жақсының жаман тартар аяғынан,
Ит те қарап ұлиды күн мен айға.
Ит үргенмен кеми ме күннің нұры,
Жамандардың итпен тең болар құны.
Жақсының аяғынан алғанменен,
Жақсыменен бірдей ме жаман пұлы?
Боқ иісін білмейтін жаман адам.
Жанға ортақ киімінде-міс жүрсе тірі.
«Пәленшенің баласы пәленмін» – деп,
Аузынан шыққан сөзі қандай ірі!
Тілі ащы, сөзі семіз, өзі арыстан,
Жаманның таусылмайды айтсам жыры.
Осы күнгі адамның осалы жоқ,
Кейбіреуі білмейді жақсаң да от.
Өмірінде құт орнаған байдан артық,
Ақылсыз болып жүрсе тамаққа тоқ.
Білімпаздан жаңалап порым шықты,
Бұрынға ата ғұрпын қылып мансұқ.
Жақындасаң ұшқыны тимей қалмас,
Жаманның кесепаты жайнаған шоқ.
Бұрынғы мырза қайда ат беретін?
Қасіреттенсең, көңілге шат беретін?
Арықтаса тағы да менен мін деп,
Уағда қылып қолынан хат беретін?
Бұл күнде ат сұрасаң тай береді.
Оны да он барғызып жай береді.
Бұрынғы әдетпенен барсаң байға,
Ет орнына жүргізіп шай береді...
Бай қайда ат пен сауын беретұғын?
Дұшпанын байлықпенен жеңетұғын?
Таныған, танымаған ішіп, жеуге
Үйіне күндіз-түні келетұғын?
Дастарқанға тергеусіз болғаннан соң
Өз ұлыңдай нашарға сенетұғын.
Өл десе бас тартпайтын жұмысынан,
Нәсібін нашар сүйтіп теретұғын.
Ендігі бай әуелі нашарды жер,

Нашарды көрсе кекеп сөйлейді кер,
Бір нашар ақша қарыз сұрап барса,
Берейін, қызметке маған жүр дер.
Ауысып бір нәрсесі жүрген болса,
Сұрағанда шығарар маңдайдан тер.
Қолда жоғын білген соң тым жабысар:
«Қызмет қыл, ия болмаса малыңды бер!»
Басын сатып ала алмай бір кірген соң,
Осыменен қор боп жүр неше ерлер...
Бұрынғы ата ғұрпы қандай еді?
Ниеті бұлтсыз күнгі таңдай еді.
Ақылын білмегенге адал айтып,
Бәндеге жақындығы жандай еді.
Түзу жол жылы жүзбен көріскенде,
Бір сөзінің ләззаты балдай еді.
Пайдасы ақылының кәриялардың,
Олжа қылып айдатқан малдай еді.
Жылдық үнем болатын, айлық азық
Ақылы қазы, қарта, жалдай еді.
Бұрынғы адамдардың жүзі жылы,
Сөзі жұмсақ, ниеті ақ, қудай қылы,
Алыс-жақын адамды бірдей көріп,
Ықтиқатлы болатын майда тілі.
Осы күнгі нендейін білімпазды
Қызықтырды дүниенің жайған күлі...
Бұрынғы батыр қайда тіккен туды-ай.
Қайырлы байлар қайда аққан судай?..
Замананың азғаны сол емес пе? –
Бала кетті атаның жолын қумай.
Ел құты, жұрт сауыры секілденді
Бұрын асын ішетін қолын жумай.
Бір туған ағайынды үшеу болса,
Өзіне-өзі көрінер қалың нудай.
Айтқан сөзі шығады ту сыртыңнан,
Жауабына қарасаң заһары удай.
Бұрынғы ескі байдан исі шығар,
Дариядан мұнарланып шыққан будай.

Бұрынғы бай дариядай тасушы еді.
Толқыса шарасынан асушы еді.
Тойғаннан соң сойылын тегіс ұстап
Дұшпаны маңайламай қашушы еді.
Қайыры жоқ көк қарын жаңа байды,
Ескі байдың аруағы басушы еді
Нашарларды күн көріп, жүдеме, деп,
Малын жұртқа аямай шашушы еді,
Баласындай нашарды қорғаған соң,
Дұшпанының сүйегі жасушы еді
Сондай байды табамыз енді қайдаң?
Теп-тегіс тигізетін жұртқа қайран.
Бір нашардың қарасы көрінгенде
Ендігі бай қашады анадайдан.
Бұ күнгі байға сүйткен кісі жағар,
Отын кесіп, шөп шауып, малын жайған.
Тілін алып бармасаң жұмысына
Жазғытұрғы бурадай адырайған.
... ойынан шыға алмасаң,
Жүріп пәле іздейді әлдеқайдан.
Атын мініп, ақшасын ұстағандар
Өз бетімен жүре алмас қылып сайран.
Ақша ұстап сауда қылар ырымдай қып,
Бай жұмсап жүрседағы құлындай қып,
Базарға барған сайын пайда бер деп
Тапсырар ұстаушының құнындай қып.
Жақсы нәрсе, бар асын байға беріп,
Жүгірер қызметіне құлындай боп.
Бенденің жетпес көзі келесіге,
Ібілістің кірмеу керек егесіне.
Шатланып, ғибрат алып, зейінің артар
Жүйріктер құлақ салсам кеңесіне.
Әзелде қайыр ұшар жазылған соң,
Ант етем жоққа қайғы жемесіне.
Көңілді ықыласпенен хаққа қойып,
Міну шарт тәуекелдің кемесіне.
Кей сабаз тәуекелге бел байласа,
 Оқ тисе де, ыңқ етпес, денесіне.
Жеткізер мұрадыңа хақ тағала,
Насоқ тәубе байланса шекесіне.
Өмірде ғыбадатқа сарып қылсақ,
Қолдасайын еш нәрсе демесіне.
Бұ дүние баяны жоқ бір кең сарай
Батырлар кіріп шыққан талай-талай.
Қызмет қылсақ көп хақы жал аламыз
Алланың әмірінде біз бір малай.
Кейбіреу байлық айтар малыменен,
Жүреді нәпсісінің қамыменен.
Сараңдығын қоймайды кейбір адам,
Төрт түлік мал жүрсе де парыменен.
Мақшарда әділ патша құзырында
Әлек болар малының саныменен.
Кей сабаз малдың жоғын есеп қылмай,
Хақ қызмет қылады жаныменен.
Өзі надан болса да оқымыған
Иман табар көңлінің ағыменен.
Бұ дүние опасы жоқ, өмір жалған,
Біреуге шат, біреуге қайғы салған.
Бұ пәни ғапылдықпен өтіп кетсе,
Рахмет пен шапағаттан мақрұм қалған.
Қайыр-ықсан қылмаса пақырларға
Пайда жоқ бір тиындап жиған малдан
Мазлұмдардың дұғасы мақбұл деген.
Мен де дұға тілеймен мүміндерден.
Латықнұтуа рахматулла деген өзі,
Тілеймін екі жұртта хақтан жәрдем.
Алтынын сөйлеу керек, жезін айтпай,
Қиынды іздеу керек тезін айтпай.
Малай ақыны сөйлейді жанның көбі,
Әділ де шәрғия сөзін айтпай.
Біреудің бір ширегін жария қылар,
Кейбіреу өзіндегі кезін айтпай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу