Өлеңдер ✍️

  31.01.2022
  233


Автор: Ақан Сері

ЖАМАН ҚАТЫН

Болмайды сұлу қулықты жаман қатын,
Білмейді оқытсаң да сөздің салтын.
Ілмелеп салған жерден кекесін деп,
Қылады ұрыс-жанжал сөздің артын.
Кетеді таң атқан соң өсек бағып,
Еріне былшылдайды елді шағып.
Қонаққа тамақ бер деп ептеп айтса,
Жүреді теріс қарап сылбыр қағып.
Аулақта жайғастырып айтсаңдағы,
Құлағынан кетеді судай ағып.
Ұрысуға болдырмайды үш күн салса,
Сөйлесе ілестірмес сәумең қағып.
Кісіге күле сөйлеп келмес жанап,
Былшылдар ел көзіне байын қамап.
Таусылды күні-түні ет пен шай деп,
Қонағын қыстай келген бәрін санап.
Көжені көп ішеді оңашалап,
Құрда боп үсті-басы сары алалап.
Ерінен сөйлегенде қалыспайды,
Сүйреңдеп алды-артынан жанасалап.
Біреумен құрып отыр қатын кеңес,
Сөздерін алмашалап салып егес.
Әу демес шақырғанда, қайда десең,
Өзіңмен сөз сөйлейді болып теңдес.
Құман жатыр күл болып домаланып,
Шақ етер «қайда?» десең айқай салып.
Құйғаны ақшыл шама құманына,
Шаймен дәрет аласың тазаланып.
Сыпырмас үйдің ішін киіз қағып,
Ешуақыт шаруа қылмас отын жағып,
Тазалық үй ішінде болмаған соң,
Бойыңда қадыр, баға қалар нағып.
Кетеді таң атқан соң өсек қуып,
Көрмеген тазалықты бұрын туып.
 Тыстан келсек от сөнген, үй қараңғы,
Кетеді көргеннен соң ішің суып.
Күлде жатқан қақпышты жеңмен сүртіп,
Тозаңдай тазалыққа келмес жуық.
Үй іші, шаруамен жұмысы жоқ,
Именбес ері ұрысса биттей бұғып.
Жаулығы желкесіне кетер қашып,
Еріне қарсы сөйлер көңлін басып.
Шығарып барлық шашын қоя беріп.
Тұзы жоқ көжесінің төгіп-шашып.
Орамал жерде жатыр, кірі – батпан,
Салдырлап аяқ-табақ қирап жатқан.
Сүтінен шелектегі ит жаласа,
Кет деп еш айтпайды құдай атқан.
Бұл сөзім бәрі өсиет құлақ салса,
Отырар үй жанына түзге барса.
Бүркенбес, белін шешпес еш уақытта,
Бұл мінезін, болмас жаман, есіне алса.
Отырар екі етегін жерге жайып,
Кетеді тізелері адырайып.
Бүркенген иығында еш нәрсе жоқ,
Өзіне бұл мінезі болмайды айып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу