Өлеңдер ✍️

  31.01.2022
  108


Автор: Ақан Сері

Бибіғайша

Құрметлу хат жазамын асыл затқа,
Сөзімді айтатұғын жаздым хатқа.
Жарқыным, тәкаппарлық жасамаңыз,
Алыңыз бұл сөзімді ілтипатқа.
Бұл сырды сыртқа шашпай өзің ойлап,
Қалдырма құрбыңызды зор ұятқа.
Көрмесем тұра алмаймын жүзіңізді,
Қарақат ішке тартқан көзіңізді.
Төзе алмай ғашықтыққа жаздым мұны,
Орынсыз қалдырмас деп сөзімізді.
Мен сіздің раушан тартқан жүзің көрдім,
Балалық уақытымдай көңіл бердім.
Бір ұшқын көзіңізден бізге түсіп,
Кетірді берекесін ғазиз ердің.
Ерітіп түскен ұшқын ғашықмайын,
Ғашықтық орын алды барған сайын.
Бір шипа жүрегіме бола ма деп,
Қасыңнан алыс кетпей қалғандаймын.
От сөнбес, таусылды ғой сабыр суы,
Жалынды отқа күйдік сабыр туы.
Ішімді шыдамастай қайнатқан сон,
Көнілден кетер емес нәпсі буы.
Ойымнан кетер емес бір сен өзің,
Шыдауға қалмай барад бойда төзім.
Қарағым, айналайын, Бибіғайша,
Ойымнан кетер емес айтқан сөзің.
Көзіме көрінесің хор қызындай,
Раушан жарық қылған жұлдызындай.
Болғанда қасың қара, шашың сүмбіл,
Жүз сомдық базардағы пат құнындай.
 Сізді ойлап ұйқы қашты екі көзден,
Түсінер ақылды адам айтқан сөзден.
Сөз мақұрым болад деп ойламаймын,
Жауабын күтіп тұрмын өзіңізден.
Ғашықтық басқа түскен үлкен сауда,
Ұқсайды қаулап жанған қалың қауға.
Сырымды жасырмай-ақ айтқанымда,
Құрбымды мүмкін емес ойламауға.
Жан сәулем, бір өзіңе айтамын наз,
Білмейді сөз қадірін ақылы аз.
Сағынып өткен күзде барғанымда,
Кете алмай сені тастап тұрдым біраз.
Құпия тапсырылсын жазған хатым,
Жіберген сізге арнап аманатым.
Қандай сөз қайтарасыз ерік өзіңде,
Әуелден белгілі ғой арғы затым.
Қарағым, бір жауап жаз бұл қағазға-ай,
Үндемей қалма мақұрым білімі аздай.
Бұл хатым бір дұшпанға кез болар деп,
Тоқтаттым аяғына атым жазбай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу