Өлеңдер ✍️

  31.01.2022
  195


Автор: Ақан Сері

ТАҒРЫПЫҢ

І
Көкіректен сенің дертің сірә қалмас,
Дертіме дәрігер шыпа ем таба алмас.
Патшаңыз алтын тәжді елге шықса,
Басқаға өзіңізден мейіл қылмас.
Қасым жай, кірпігім оқ атсам кезеп,
Кисең де темір қалқан тоқтата алмас.
Бұл елдің сіз демеген салы қалмас,
Мойныңда ат, айғырлар жалы қалмас,
Жандарын сіздің үшін пида қылып,
Күн көрер сауып ішер малы қалмас.
Аспанда құс естісе дауысыңды,
Шыбындай көкірегіңде жаны қалмас.
Бір көрсе жүгірген аң дидарыңды,
Жүрерге аяқ басып халы қалмас.
Сыпатыңды бір көрсе піскен алма,
Ішінде суы кетіп, дәні қалмас.
Мұхиттың дариясына бір түкірсең,
Жайылма тәтті кілі көлі қалмас.
Дарияға ағып жатқан суға түссең,
Бойында гүлденбеген талы қалмас.
Басына Қап тауының шығып тұрсаң,
Дүниенің иістенбей желі қалмас.
Машрықтың Мағрибпен арасында
Жиһанның ғашықланбай елі қалмас.
ІІ
Райхандай безіп өстің гүл бау шарбақ,
Гүл жүзің, зипа бойың, мәңгі етің ақ.
Жұмақтың шарап кәусәр хауызында
Сен едің шапшып тұрған інжу сабақ.
Әуелден көңлім қойдым сені арнап,
Нәзік бел, қиғаш қасты, қалам бармақ.
Жігітке әзім еді іздеп бармақ,
Ол жарға уақып еді күтіп алмақ.
Жаманға жақсы тұрып көзін салса,
 Жігіттің сонан еді көңлі талмақ.
Сәулем ең ол пиғылдан аман жүрген,
Жоқ болсын шарт бойынша сөзден қалмақ.
Жан-жаннан жатырқамай келсең қасқа,
Ойнармыз әзіл сөз бен тілден жалмап.
Әншейін анау-мұнау сүймесіңді,
Жіберген емес пе едің сөзбен алдап.
Тұңғиық шыға алмасақ кеттің суға,
Тәуекел дариясына қатар жалдап.
Қаттаудай оқ жібермес мәккәм бол,
Самарқан жібегінен өрген талдап.
Секілді Шәмші-Қамар дақтар Бану,
Затыңды жанға арам мендей тану.
Заты жоқ жасықлықтың нышанасы
Адамға айтқан сөзің жетпей қалау.
Талап бар жаралған соң тірі жанда,
Мұратқа кімі жетіп, кімі арманда,
Базарда бағың сына дегендейін,
Басымды бұл майданға қылдым бәндә.
Ықылас ыждихатпен жағат етіп,
Шыбын жан шыдай алмас шерің тәндә.
Жеміс ең пісіп тұрған бақшадағы
Ерік бар ма бұйырмаса біз меһманға.
Талпынған көңіл есер бір шәрмәндә.
Нәпсіге ақыл еріп жүр пәрманда.
Шыраққа түсіп жанған мен пәруәнә,
Ес білмес, не қылмайды ол дәрмәндә.
Ықылас назарын сал перде тартып,
Уақытымда көңіл құсы тудың артып.
Ләйлінің Мәжінүні секілденіп,
Мас еткен мен ғарыпты нұрың шарпып.
Жарқ етіп айдың бетін бұлт алсын,
Діңкемді бүйте берсең құрытарсың,
Иісті гүл, қырмызымды қып-қызыл гүл,
Мақбубтың қай мінезін ұмытарсың,
Тауаның аз, талабың қысқа болса,
 Араға жаман атақ жуытарсың.
Жасымнан ұмытпаған ойда барсың,
Хал-қуат ақылымды алған жарсың,
Өзіме дуаналық әсер беріп,
Ішіме сөнбейтін от салған жарсың.
Тарлықта зарлық қылып тұра алмасаң
Бойыма әсіре қызыл жалған жарсың,
Арадағы оттан ыстық қызу кетсе,
Біріндей көз таныстың қалған жарсың.
Сөзде тұр шарттан аумай, меһрім қансын,
Дұшпанның көре алмаған іші жансын.
Уәдеге бір айтылған тоқтасалық,
Қуанып достарымыз бір жұбансын.
Жадқа сөз, жақсы мінез, жайдары асық,
Жағымды жан жадыратқан қайран ғашық.
Сегіз қыр сексен сырмен шырға тартсаң,
Түсе алмас айтқаныңа кейбір жасық.
Өрнекші жөн білмеген надандарға
Тауып едің нақыш беріп, өрнек шашып.
Қараңғы көңілімнің ай мен күні
Жарығың азаймайды күңгірт басып.
Сөз бірге, ақыл ойлас, мінез тату,
Тұрады сені көріп көңіл қасып.
Махаббат бізде болмай, жатта болса
Аһ ұрам у ішкендей ішім ашып.
Шолпандай адам едің жаһан көркі,
Тіл шаршап көп айтуға кетіпті еркі.
Қымбатты жаннан ғазиз асыл еркем,
Шықпаған бұл қасіреттен жанның беркі.
Бұл сөзге сәулем не деп айтар екен,
Дүние де бір-бірінсіз сайқал екен.
Күн түскен күзгі шөптің мысалындай
Махаббат базары сүйтіп тарқар екен.
 Кәміл өзге жаннан көп санасы
Қиялдың ол алдында сіз данасы.
Ақылға ишаратпен айтпай түскен,
Өткір зейін пікірің нышанасы.
Баулыған балапандай құсым едің,
Дәм айдап түзден торға түсіп едің.
Құрт жесе қызыл шешек не амал бар,
Тұғырдан жаңа тулап ұшып едің.
Еш сенде арман жоқ, кәзір дым да,
Саяда қызыл гүлдей пісіп едің,
Сатылма он төрт жармақ ақша үшін
Би ғайны заманамыз ұшып едің.
Бір құдай жазған тағдыр қалу, бала,
Жазудан қайры іске қылма пәле,
Мағлұмың енді қандай халге түсер
Қасіреттің қапасына мен мұбтала.
Кісідей арқалаған нақақ жала
Тағдырға тәдбір таппай қалмай шала.
Құр көңіл алып-ұшқан ешбір болмас,
Жоқ болсын бір тозаңдай көңілде ада.
Нәрсені аз деу мақалдыр болмай тұрған,
Ой терең, дария құйсаң тоймайтұғын.
Қанатым тасқа соғып қалды қирап,
Қыран ем мұрадымды қоймайтұғын.
Қырық шалғым бәрі бірдей қалды қирап,
Таба алмай ем-дауасын жүрмін жинап,
Күте тұр біраз заман уақыт жетсін,
Кәміл толып жетілгенше қайта ширап.
Жас өмір далбасалық күнмен өтті,
Жеһетпен көп шаршадым жанды қинап,
Машақат сауда сенің базар күнің
Түсе тұр жолыққанша толық сыйлап.
 Пәруәнә өлім іздеп түсер отқа,
Шын ғашық аямайды басын сотқа,
Ғашыққа тіріліктің керегі жоқ,
Мал түгіл, бас байладық ырасхотқа.
Ақ екен раушаның атқан таңнан,
Ай сәулем жүзің жарық жаққан шамнан.
Жер жүзінің жігітін аралатып,
Көңілің ауса маған сонша жаннан.
Ай мен күн сырнай тартып, жұлдыз билеп,
Той қылса көкте мәлек қуанғандавй
Ойласам, сіздей жанды қай жан алған,
Мен едім атағыңа көрмей қанған.
Қолынан қой жарысы келмейтұған,
Жамандар құрметі кем құмарланған.
Басқаға ылайықсыз жанар нұрың
Шарапсың мыңнан таңдап бірге тамған.
Ғашықтық халымды мен баян қылдым,
Жалының жүрегімнің басын шалған.
Қолы жетпей наданның, аузы жетіп,
Құл құтырса құдыққа қармақ салған.
Сенің тілің шарап пен таһурадай,
Созса алтын қасықтай боп балға малған.
Ғашықтық мен шығарған мирас емес,
Жүсіп пен Зұлайхадан үлгі қалған.
Ізденіп Баһрамда гүләндәмді,
Мехнатпен ақырында сүйтіп алған.
Көп жүріп жаһан кешті Сайфүлмәлік,
Жамалды Иран бақтан іздеп барған.
Ғашықтық майданында шаһит болып,
Бозжігіт Әнуаз үшін болған қандай.
Бұлардың зар тартқаны Ләйлі-Мәжнүн,
Ізденіп, ақырында мансап қонған.
Зияда Қорлығайын, Фархад-Шырын,
Бұл күнде хабарым бар сондай жолдан.
Нұштери сеқридан жаннан кешіп,
Көзімнен аққан жасқа алдым толған.
 Ақыры Қозы Көрпеш, Баяндай боп,
Жүзімнің қызыл нұры бұжұл солған.
Беліңе алтын шоғың алты оралған
Бұл күнде басқа қыз жоқ сіздей болған.
Пердеңнен ақ жүзіңді бір шығарсаң,
Күндік жер мәшһүрленіп нұрға толған.
Шарапты ап ләззат сілекейің
Ақ меруерт отыз тісің қырлап жонған,
Кірпігің қатар тізген әскеріндей,
Жігіттің көзінің тасы сағым қонған.
Мақбұбі қазір уақыт таң қалмай біл,
Бір күні қыз қияпат кетер қолдан,
Қай жақсы заманыма тұс келер деп,
Бұл күнде хабарың бар оң мен солдан.
Уәдені мәккәм тұтсаң серт байласып,
Босанба жазылсаң да біздің тордан.
Мұратқа талаптының жетпегі бар,
Бұл сөзді молда айтады сауал сорған.
Бұл сөздің ишаратын адам білер,
Үлгісіз не деп айтсам надан білер?
Басы жетпес орынға аяқ салып,
Жақсы мен не себептен жаман күлер?
Ізденіп жар тапмақтық қиын жұмыс,
Бір көрмек деп қыз ұлын әркім сөйлер.
Әрқашан халық бірдей жаралмайды
Асылда мыңнан біреу қадыр білер.
Тең тауып жар алғанның кемі бар ма,
Сұңқардай тұғырдағы тоғыз түлер.
Жамандық аз-ақ күні жасырынып
Жатпайды, ұрлағанмен, бір күн білер.
Құлдан ғунар тумайды, күңнен көсем,
Өзіңмен бірдей болсын жырың шешен.
Жасықтан ашық мінез табылмайды,
Айта алмас көп ішінде аман-есен.
Талапсыздың талабы қорынуда,
 Шығады жүз сөйлетсең сөзі кешең,
Осындай михнаттан ерте сақтан,
Не қасиет қалады палан десең.
Көп шер бар көкіректе тарқалмаған,
Тіл байғұс асығыс жұп айта алмаған.
Ай қалқа, есітіңіз есіркерсіз,
Арызым құлағыңа байқалмаған.
Бір құдай көңіліңе салсын рақым,
Жомарттай сұраушыны қайтармаған.
Жасты көз, жылаулы сөз, ғарып едім,
Ғамкен көз сіз тарапқа жаутаңдаған.
Ғашықты назым қылдым әзіл үшін
Сорлы мен, арманым не тауса алмаған.
Қамыс бармақ қайысып іс тіккенде,
Бұйымға ине балқып өте алмаған.
Мен түгіл жансыз темір нұрыңа мас,
Қасыңнан сөкпе мені кете алмаған.
Тауында куә қапсыз бірде рахат,
Алсам деп саяңдағы екі алмадан.
Сұңқарың қарай алмай қайырудан,
Аққуды қарға қылар көре алмаған.
Ит еркелеп үйренсе ауыз жалар,
Сөз көп қой қыз балаға қайқаңдаған.
Жаманды жақсы көрме, үйір қылма,
Зарар бар жылы сөзде бипаңдаған.
Мен кірдім бақшаңызға сейіл етіп,
Тұрам ғой тамашаңда халым кетіп.
Көз көріп, көңіл мас боп дидарыңа,
Сындырдым сүйегімді ойран етіп.
Машырықты Мағрибқа жазған алла
Әзелде қосар мекен парман етіп.
Ғашықтық талыбынан бос болмайын,
Көрейін қолым жетсе дәрмән етіп.
Жаралды тәні бенде нұрдан қайнап,
Шағылып тудың сен сол нұрдай болып.
 Талпынам таза туған ажарыңа,
Белімді тәуекелге мәккәм байлап.
Көңілің түсер ме екен балдай еріп,
Ғашықтың көз жасына ырқым айлап.
Мехнатты ауыр жүкті мойныма алып,
Бір жанды құрмандыққа тұрмын сайлап.
Айырған асыл сәулем сөздің парқын,
Байқаған жаман, жақсы кісі нарқын
Таста асыл гауһар дейін адам үшін
Нәсілің таза туған зат шәріпім.
Ұядан тудың жеке асыл өсіп,
Сауаптан кім жамандар үміт кешіп .
Перизат тот баспайтын сүйегі асыл,
Тот баспас саф алтындай бедер көшіп.
Жұпар жел мас боламын самалыңа
Туып ең нұр безеніп заманымда.
Сағымдай жазғытұрғы толқын ұрып,
Қарасам көз алмасар жамалыңа.
Аларсың менен хабар жазған хаттан,
Реғна таза гүлсің өскен бақтан.
Ия ата, ия анада кемдігі жоқ.
Асылдан шыққан тегің арғы заттан.
Жан рахат айтқан сөзің қандай майда,
Өзіңдей жанның бәрі болу қайда?
Жұмақтың Нағима атты хор қызындай
Абзалат Ғайыш атадан болдың пайда.
Керілген қас пен кірпік атқан оқтай,
Ішіме қайғы салдың жанған оттай.
Шер болып еш жібімес менің кеудем,
Қасіреттен жұмарланып жатыр доптай.
Қарағым құшақтасам құмарланып,
Қосылған екі ғашықтай жұбайланып,
Жан тынып, ішімдегі жалын шықса,
Аузымнан ақ сағымдай мұнарланып.
 Құшақтап қыл беліңнен бір таң жатсам,
Ақ торғын орамалдай жұмарланып.
Ми, тамыр, ақыл, ойдан арман қалмай,
Мастансам қызуыңа тым алданып,
Көтеріп гүл байшешекті көңіл күліп,
Семірсе нәпсі мұрад бір жалданып.
Қардан ақ, қаннан қызыл ет пен бетің,
Иықтан қолаң шашың гүл талданып.
От сөнсе жүректегі жанып тұрған,
Сорғанда тілден ләззат мейір қанып,
Ет пен бет бір-біріне еріскенде
Айтысқан шартқа жетсем әбден қанып.
Бұл менің ғашықтығым сізге жарық,
Айтқызбай асыл сәулем білген нарық.
Білім, ғылым, ақылды, таза инабатты
Алмасаң сыр шықпайды іштен жарып.
Бір сырың, сегіз қырың бәрі өзіңде,
Неткен жан жаман дейді аузы барып.
Шапақтың кешке батқан қызылыңдай,
Төрт құбылаң тең жаралған дидар шәріп.
Махаббат базарына мақшуқында,
Қызуырдан құрмет күткен мен бір ғарып.
Жүзіме нәзір салып қарағанда
Еміреніп жан қозғалар от таралып.
Хақиқат шын ғашық жар дегізіп ең,
Әуелден тілің ұшын емізіп ең,
Ақырда сөз аяғы қайыр болсын,
Дегендей кәміл тоят жеткізіп ең.
Сүйікті ең, зат орайлас, ақыл ойлас,
Жауһарсың бағаң қымбат қолға тимес.
Қызарған бет табылар, ниет табылмас,
Жаманды мың көргенмен көңіл сүймес.
Парт кетіп арадағы шарт бұзылса,
Қалайша тән мен жаным отқа күймес.
 Мүбәдә тастап мені кетсең жатқа,
Еш нәрсе басқа өлімнен хайла емес.
Шын ғашық көңіл сырын баян етпес,
Уәдә айтқан әуел баста шарттан кетпес,
Надандар махаббаттан ғапыл болған,
Ғашыққа жәрдем беріп тағайын етпес.
Асыл ең жаннан түйін сөзге бекем,
Айнымас, сертен қайтпас, сөзден жылмас.
Қатқаным шын хақиқат шәріп жандай
Қыл өтпес арамыздан достым қимас.
Бір жанды менің үшін пида қылып,
Ауыздан шыққан сөзді екі қылмас.
Жаталық таң жадырап атылғанша,
Сөз болып дүрі гауһар шашылғанша,
Дүниені сен болмасаң қылам талақ,
Жарым деп бір затсызға асылғанша.
Тұғырда тоят жемей өлген жақсы,
Қор болып қарақұсқа қатылғанша,
Таза құс талпынбай-ақ аштан өлсін,
Жем іздеп бір жемтікке шатылғанша.
Деп ойлап өз нәпсіме дес беріп ем,
Бір сізге ынтық болып ескеріп ем.
Жас күнде қызылға қол көп сермедім.
Бір жеуге өлексені дерт көріп ем.
Перде ашып, бағасыз тең жыртқанша,
Әншейін жай тұруды дұрыс көріп ем.
Бұл күнде көңіл суып, қызық тозып,
Таза жүрек, шын сөзбен серт беріп ем,
Нәпсіме жүрегімді сұлтан қылып,
Тоқтатып өз бойыма ерік бермеп ем,
Жолыққан таңдап жүріп таңдағаным.
Сіз едің бойға ылайық қамдағаным.
Бұрыннан іздеп жүріп жаңа тауып,
Өзіме ылайықты деп сомдағаным,
 Көрікті сіздің гүлді бағ жаратпай,
Басқаға, өзіңе аян, қонбағаным.
Жаралған жиһан көрік, нәсілің бекзат,
Гүліндей Пердеуістің солмағаным.
Бұрынғы перизаттан мысал үшін,
Дүниенің ақырында орнағаным.
Сіз бір гүл аман тұрған қазан ұрмай,
Тезлікпен сола көрме бағда тұрмай.
Көргелі жамалыңды жеһаттемін,
Басқаға хор да болса, мойын бұрмай.
Жүзіңе көрген құмар сүйінемін,
Көргенше дидар қосып күйінемін.
Сыпатың көзден таса болғаннан соң,
Мас болып, даруманда иілемін.
Зат біліп қырық ерсең мен де сендік,
Көргем жоқ пиғылыңда кәзір кемдік.
Сізден соң басқа қызық керек емес,
Егерде осы жолы кетсе теңдік.
Шыға алмай талпынамын төрде тұрып,
Биіктен миуа аласың ойда тұрып,
Уәдеден күйсе жаны жылжымасын,
Арықтап кейін қалмай жолда тұрып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу