Өлеңдер ✍️

  31.01.2022
  168


Автор: Ақан Сері

АҚ КӨЙЛЕК

(Екінші нұсқа)
Ақ көйлек ғашық болсаң бізге деген,
Шығайық ақ түлкідей түзге деген,
Қиядан толғап төнген ақ иықтың,
Саятшы түсіп тұр ғой ізге деген.
Ақ көйлек ақықпенен түймеленген,
Етегін кестеменен түйрелеген.
Сақтаулы сен гауһардың жауһарысың,
Отыңа пәруаналар үймелеген.
Әгәрда мәнәріме тием десең,
Түсерсің неше түрлі күйге деген.
Гауһардың жалтылдаған отын білмес,
Құр бәнде білмей отқа күйме деген,
Әгәрда мәнәріме тием десең
Түсерсің неше шерлі күйге деген.
Мен таудың асылзада ақ маралы,
Аспанда ақ иық бар жүйде деген...
Қалқаға ақ көйлекті ырымдаймын,
Сұқсырды ақ сұңқардай қырындаймын.
Қалқамен дидарласып қайтқан күні
Дарияның кемесіндей сырылдаймын...
Етегін ақ көйлектің кестелеген,
Қалқажан шырын сөзін дестелеген.
Он екі ай арадағы өтседағы,
Әлі жүр айтқан сөзің есте деген.
Көңілің шын махаббат бізде болса,
Иншалла аламыз ғой еске деген.
Айтқан сөз арадағы қылап болмас,
Шығармыз уағдалы төске деген.
Сары алтын сабыр түбі деген қалқаш,
Сырыңды ешбір жанға шешпе деген.
Алтынды желқайығың табылмаса,
Тұңғиық Ніл дариясын кешпе деген.
Еске алсаң бұл сөзімді Ғайни Кәрім,
Ескегің күміс болсын еспелеген.
Жастықпен тағрыбыңды танымаймын
А.Н.Д. мен О. бестеген.
Шырын мен Шырын Мәжнүн ғашығындай,
Түсірдің ғашық отын ішке деген.
Аспанда алтын айдың пәдеріндей,
Бұл қаулы бұзылмайтын десте деген.
Көңлімнің қамалында жатыр қалқа,
Памельный шай секілді мәстелеген.
Қолыңа жібек тізгін түспей қалмас,
Күдерің жал-құйрықтан кеспе деген,
Шаршы түс мезгілінде дидарласып,
Тағы да жолығармыз кешке деген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу