31.01.2022
  233


Автор: Болат Үсенбаев

Жігіт болдым

Тентектігім тыйылды,
Бүлдірмеймін бұйымды.
Әпкем маған үйретті
Төсек-орын жиюды.

Дейді маған: «Ерінбе,
Жаман болып көрінбе!»
Оқушы боп үлгілі,
Ие болдым сенімге.

Айтып ертек, тақпақты,
Қайталатып, жаттатты.
Деп қояды әжем де:
«Адам бола бастапты».

Әбес кетсем ұрсады,
Дүкенге де жұмсады.
Әпкем жақсы көреді
Балаларды ынталы.

Алып келге жарадым,
Барып келге жарадым.
Әжем мақтай бастаса
Делдиеді танауым.

Риза боп неше жұрт,
Қалдың дейді есейіп.
Шашылғанды жинаймын,
Жердегіні көтеріп.

Ағалықтың бұл алды,
Еркелікті іні алды.
Ақыл айтпақ болып ем,
Маған тілін шығарды.

Жетелейді алға күн,
Тауысылмайды арманым.
Жеті жасқа толғаным –
Ептеп жігіт болғаным.

Жуысамын еденді,
Шәкірт болдым мен енді.
Мектепке егер бармасам –
Көрсетер ем «өнерді».


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу