29.01.2022
  1604


Автор: НҰРЛЫБАЕВА ГАУҺАР

Кішкентай қызға тілек - 1 жас

Менде Маржан бар, Маржанда Гауһар бар. Студенттік шақта танысып, етене жақын болған құрбым:"Кейін менде қыз болса, атын Гауһар қоямын. Сенде қыз болса, Маржан деп қой,"-дейтін. Алланың қалауымен тілегіміз орындалды. Дəл бір жыл бұрын кішкентай Гауһардың жарық күннің есігін ашқаны туралы жақсы жаңалығыммен бөлісіп, сүйіншілеп өлең де жазған едім. Бүгін сол бүлдіршін балапанымыз 1 жасқа толды. Ыстық лебіз, əппақ тілегімді тағы да жыр жолдарымен өрнектеп көрдім. Тәп-тәтті періштеме мықты денсаулық, балдай тəтті ғұмыр, бұл жалғандағы бар жақсылық атаулыны тілеймін! Аман болсын, ауырмасын, ата-анасының көз қуанышы болып, тек қызығын көрсетсін!!!

Құттықтар, ботам, келді күн,
Бір жасқа толдың сен бүгін.
Тілеймін тәтті тағдыр мен
Өмірдің жомарт, кеңдігін.

Бастысы аман-саулығың,
Тағдырдың көрме тарлығын.
Шадыман шаттықпен өтсін
Балдәурен, бала-бал күнің.

Кішкентай ғана аттасым,
Тіл-көзден Алла сақтасын.
Мерейлі болсын мәртебең,
Басыңда болсын бақ басым.

Көңілің әркез жай болсын,
Пейілің дархан, бай болсын.
Гауһардай асыл жарқыра,
Атыңа затың сай болсын!

Артамын саған сенім мың,
Кірлетпе атын тегіңнің.
Қылықты, сұлу қызы бол
Қазақтай ұлы елімнің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу