Өлеңдер ✍️

  29.01.2022
  220


Автор: НҰРЛЫБАЕВА ГАУҺАР

Байғұстардың кінəсі не....

АЛЛА ТҮН ТЫНЫШТЫҒЫН НƏСІП ЕТСІН БАРШАҢЫЗҒА! БҰЛ - БІР ҒАНА ОТБАСЫНЫҢ ЕМЕС, КҮЛЛІ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙҒЫСЫ, ҚАСІРЕТІ. ҚАЙҒЫЛАРЫҢЫЗҒА ОРТАҚПЫН. БЕЙКҮНƏ ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ ЖАНДАРЫ ЖƏНАТТА БОЛСЫН!

Қыс мезгілі. Ақпан түні ызғарлы
Дүр сілкінтті Астанадай қаланы.
Өртке орап, алып кетті қыздарды -
Бейкүнә жан, бес періште баланы.

Аждаһадай қызыл жалын тажалы
Шықты екен қайдан, қандай себептен?!
Бесеуінің бірге жетіп ажалы,
Дəм-тұздары таусылғаны-ай кенеттен.

Естіп хабар, жай түскендей төбемнен,
Қабырғамды қайыстырып барады.
Жұбату да мүмкін емес өлеңмен
Зар жылаған бейбақ əке, ананы.

Байғұстардың кінəсі не, айыбы
Түнделетіп кеткені ме нан іздеп?!
"Болар-ау,-деп,-адал еңбек қайыры",
"Ақша тапсам, өтеледі қарыз,"- деп.

Несиені жабар халық жиылып,
Үй беретін шығар демеп көкелер.
Кеткен бірақ қыршынынан қиылып,
Бес ұрпақтың құны немен өтелер?!

Жоқшылықтың зары тербеп бесігін,
Бұл жалғанның қысқанымен тарлығы.
О дүниеде ашып жұмақ есігін,
Пейішінен тапсын тұрақ барлығы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу