Өлеңдер ✍️

  29.01.2022
  348


Автор: НҰРЛЫБАЕВА ГАУҺАР

Адам болып....

Адам болып жаралған соң, неге адам боп қалмасқа?!
Адамсың ба?
Надандықтың етегіне жармаспа.
Кісі болып көппен бірге тірлік ету - бір бөлек.
Адам болып қалыптасып, өмір сүру - сан басқа.

"Мен - адаммын!" - деп айтады барлық тірі пенделер,
Әр адамға өздік "МЕН"-і қолдау берер, дем берер.
Ұмтылайық бәріміз де мәнді ғұмыр кешуге
"Адам" деген атқа лайық, адамдыққа тең келер.

Адамсың ба?
Терең ұғын, сол атыңды кірлетпе,
Дүние - жалған, сынақ - бәрі, ұмтыл мәнін білмекке.
Ақылыңмен айналаңның ақ-қарасын саралап,
Жақсылардан тәлім ал да, жамандарды үлгі етпе.

Адамсың ба?
Адамдықтың ақ жібінен аттама,
Өктем сөйлеп, өзгелердің ар-намысын таптама.
Алалама адамдарды қарап мансап, шеніне,
Бірдей қара туысыңа, танысыңа, жатқа да.

Адамсың ба?
Айла, қулық, өтірікке беттеме,
Жанашырлық, бауырмалдық мейірімді шектеме.
Кешірімді, рақымды бол, жүрегіңе жүк артпа,
Жинап бойға өшпенділік, "мен аламын кек," - деме.

Адамсың ба?
Айналаңа шуақ нұрын шашқайсың,
Арамдықтан қашып алшақ, адал қадам басқайсың.
Қуанышты, қайғыны да сабырлықпен қабылда,
Маңдайыңа жазып қойған тағдырыныңнан қашпайсың.

Адамсың ба?
Лайықты бол "адам" деген ұлы атқа,
Шалыс баспа, сүрінбеуге тырыс бес күн сынақта.
Ойың - тұнық, сөзің - анық, болсын таза жүрегің,
"АДАМ" деген асқақ атты тұғырынан құлатпа!!!

НҰРЛЫБАЕВА ГАУҺАР КӨПЖАСАРҚЫЗЫ

21.05.2020 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу