👈 қаріп өлшемі 👉

  29.01.2022
  121


Автор: Қалихан Ысқақ

Туған жер екі дүниеде де тұрағың...

«Адамзат, сенің қасыретің сол, жастығыңды ақымақтықпен өткізіп, жасампаз шағыңды жалқаулықпен тауыстың. Енді көрге лақтырар қаңқаң ғана қалды. Пендеге де, батырға да, Адамның бүкіл ұрпағына ортақ мылқау өліктердің мәңгілік мекені бар екенін ұмытпа.» И.А.Буниннен.


Талма түстің кезі еді. Қырмызы тәтем үйге келген қатын-қалашты шетінен тырқыратып қуып жатыр екен:


— Немене өзі, өсектен басқа шаруаларың таусылып қалған ба, ұйқтап жатқан балаларды оятып... Кетіңдер!


Келгендер өзінің келіндері, өкшесін басып қалған сіңлілері еді, олардың бар жазығы тоқсанның үшіндегі кемпірге сәлем беріп, хал-ахуалын біліп қайту. Тәтем кәзір көңіл сұрай келген жұртты жақтырмайтын болған. «Мен бір өлейін деп жатқандай» деп бұрқылдайтыны бар.


— Әй, Жарылғас, сен осы қаңғырып қайдан жүрсің? — деп көре сала маған тиісті.


— Осы ауыл түгелімен Жарылғас, солардың бәрі қаңғырып жүр ме екен?


— Қаңғырып жүрген сен. Кетпеймісің Алматыңа.


  — Сонда өзің нағып жүрсің?


— Мен қарашаңырағымда отырмын.


— Қызың мен күйеубалаң қайтсын деп қайта-қайта сәлем айтып жатқан жоқ па.


— Қайтпаймын, өлсем сүйегім осы үйден шығады, — деп сығырайып маған қарайды.


Бір кезде әжептәуір көзі бар еді. Біздің тұқымда Ысқаққа тартқан жалғыз осы апайым мен жиеннен Сайлаухан. Әкеміз көкшіл де қиық көз, қызыл шырайлы, жауырыны қақпақтай сары кісі болса керек. Басқаларымыз бақырайған, ұйқтаса да көзін ашып жататын қара торы болып шешеге тартыппыз . Тоқсаннан асып кетсе де күні бүгінге дейін жеңгелерінің қойған Сарықыз аты пашпыртына жазылмаса да ел аузынан қалмап еді. Құдайға шүкір, жеңгелері таусылып, азан шақырып қойған әуелгі есіміне енді ие боламын дегенде кемпір болды да қалды. Дегенмен тоқал тұқымында қызылдар әлі жетерлік. Қызыл Серғазы, қызыл Әбіштен, қызыл Байғазыдан тараған ұрпақтар қызылдығымен күннің көзін ұялтады. Бір қызығы, ұлдар некен-саяқ қара болғанымен қыз атаулы үкідей сап-сары боп шыға келеді. Кейінгі буынның ала-құлалығын өзімше Байкөбектің екі қатынынан шашылған өрен-жаранның пөгөнайының бөлектігінен көріп жүрмін. Дегенмен айырмамыз шамалы: қырсықтығымен де, қияңқылығымен де, еріншектігі мен езуінен күлкі арылмайтын қыжыртпасымен де бір-бірімізден адаса қойған жоқпыз. Соның бәрін барды жырғата алмайтын, жоқты құрата алмайтын енжарлығын жасыру үшін жорта жасайды. Құданың құдіреті, бағы бір заманда кісі жұмсап жаман үйренген әдет қанда қала ма, реті келсе бүгін де кісі жұмсауға даяр тұрады, ал біреу өзін жұмсай қалса аштан өлсе де аяғын қия баспайды-ау. Шіріп кетсе де шіреніп жатуға бар.


Тәтемнің «қарашаңырағым» деп отырғаны Ысқақтың үйі. Осы үйден ұзатылған екен. Қызының қолында болатын, тоқсан шақырым Нарыннан келіп алып бұл да шіреніп жатыр.


— Үш қыз үстіміздегіні сатсақ та еншіңді бергенбіз, енді бұл шаңырақта сенің суыртпақ жібің де жоқ, аулақ жүр! — деп маған кәдімгідей қыр көрсетеді. — Менің бұл үйде төрт жылқы, екі сиыр, біраз қойым бар, солар мені Қоңқайдың бауырына жеткізуге жарайды, тек Сайлауханым аман болсын.


Қоңқай деп отырғаны осы ауылдың зираты. Ал төрт жылқы бастаған ол қай кездегі мал? Бір құдайдың өзі білсін. Төрт жылқы кәзір Сайлауханда да жоқ, екі сиыры бар шығар, бірақ маған шайлық сүтті өзін сауғандай қиналып зорға береді. Ал қой соя қалса, жорта сыйлаған болып жетім жамбасты әкеліп тастайтыны рас. Қонақ жатып алса, «төркіндеп келген кәрі кемпірдей ырғалып-жырғалып кетпей қойды-ау» дейтін қазақтың мәтелін енді түсінгендей болдым. Психологтардың айтуынша, әйел жұрағаты қартайған шағында байды да, баланы да мүлдем ұмытып, тек қана өзінің төркінін: әке-шешесі мен туысқандарын, кіндік кескен отанын ойлайды екен. «Өлсем сүйегім осы үйден шығады» деген тәтем сөзінің астары осында жатқан секілді. Соны қалжың қылып айтса да ар жағындағы ниеті белгілі болды. Оған қыз-күйеуі көне қойса де. Түбі қырсық жеңе ме, қыз жеңе ме кім білсін? Жалғыз бауыры менің өзімді әке шаңырағынан қуғандай қылып отырғаны мынау. Оның үстіне Сайлаухан да қалжың-шынын араластырып:


— Сен шәниіп келіп, жатып алатынды шығардың, — деді бір күні. — Ысқақтың баспанасы дар үй болатын, бір бөлмені менің әкем, қалған екі бөлмені мен жалғадым, тәк штө, бұл менің қарашаңырағым, әкеңнен қалған жалғыз бөлме көп болса қырық серкештің құны шығар, енді бізге қарап кеңірдегіңді созғанды қой.


Осы сөз намысқа тиді ме, ауылдан Ысқақтың қарашаңырағын көтеруге кірістім, інілерім Темірбек, Тоқтасын, Асқар, Қанымбек, Ерен болып «избушка» салуға көмектеспегенде далада қалғандай екенмін. Әрине, әзілден туса да үлкен бір шаруаның сәті осыдан басталды...


... Алпысқа келгенде ауылға жақындайын деген ой туды. Алматыда тұрғаныма да жарты ғасырға таяп қалыпты. Екі ортада үш жылдай Мәскеуді де көріп қайттым, КСРО-ның біраз елдерін шарлаппын. Ендігі қалғаны — ауылым екен. Інілерімнің бірі, жергілікті ауыл әкімі Нұрбай Уәлханов бір күні ардагерлердің жиналысына шақырды. Кетік шалдар, маңдайлары қаңылтыр боп қатып қалған кепкен шалдар — бәрі де өзімнің замандастарым, бір кезде өгіз бен тырақының жауырын тоздырған боқмұрындар бүгінде боқмұрын шал болыпты. Тіршіліктен қажыған, шаруашылықтар тарап кеткен соң жалғыз-жалғыз қасқа сиырдың құйрығынан ұстап қалған пұшаймандар. Бір кезде дәл осы Топқайыңда қырық мың қой, үйір-үйір жылқы, қора-қора сиыр бар еді дегенге ешкім сенер емес. Мал түгілі совхоздың ғимараттарына дейін тас-талқанын шығарып тонап кеткен. Қолдарына күректен басқа құрал ұстамаған, күрек болса боқ табылады деп совет өкіметіне құдайдай сеніп жүрген пышана байқұстар сол «құдайынан» айырылып қалған соң қаракетсіз қаңғып қапты. Айтар ақылы жоқ — ақыл айтып үйренбеген, табар жолы жоқ — «ақылшысы, кәмөнезімге жол сілтер» компартиясы да құрыдымға кеткен. Көктен түскендей десең — періште емес, жерден шыққандай десең — аруақ емес, мәңгүрт деуге қимайсың. Бұларға тағар кіна да жоқ, өкпесі болса, бүкіл саналы өмірінде күректен басқа түк ұстатпаған совет өкіметіне айтсын да. Ауыз шіркінде ұят жоқ, баяғы әдет бойынша қалжыңмен қағысып, әзілмен әңгімелескеніміз болмаса, іш удай ашыды. Тәңірім-ау, осы отырған бізбіз бе, кешегі Қаратаймыз ба? Жирмасыншы, отызыншы, қырқыншы жылдары қаншалықты қырылсақ та қасиетіміз қанымыздан көшпеп еді ғой, Қаратай деген атымыз өшпеп еді ғой! Тәуелсіз ел болдық дегендегі ендігі түріміз осы ма? Мына түрімізбен ел бола алмайтын шығармыз деген күдік көңілге еріксіз кеп қалды. Асқарға ілесіп 360 ауылды адақтап шыққан едім. Бәрінде осы. Қазақтың 67 пайызына пана болған ауылдарды қиратқан кім және неге қиратты?..


— Әй, Қалихан, бұдан былай түк жазбай кетсең де ризамыз, енді мына елге қара, — деді менің боқмұрын замандастарымның бірі. — Ел тозып кетті ғой, не қайраның бар?


Менде не қайран болсын. Қолымда билік те жоқ, газет бетін, тілбезердің экранын босатпайтын саясатшы да емеспін, ешбір партияның мүшесінде де жоқпын. Қаламынан басқа қаруы жоқ, қалтасындағы айбарлыққа да жүрмейтін «Қайраткер» деген куәлігінен басқа, бетпақты жасқауға да жарамайтын «лауреат» дейтұғын атақтан басқа «лауазымы» жоқ жазушы деген жұрағатты дәл сол кезде кім тыңдай қойыпты? Ең болмаса ат үркітуге жарар ма екен, осы елдің «Құрметті азаматы» едім ғой деп аудан әкімі Алтайбек Сеиітовке жол тарттым.


Үлкен Нарынға көшіп қонған аудан орталығы біздің ауылдан тоқсан шақырым. Бұрынғы Катонқарағай ауданының шығыс шекарасынан үш жүз шақырым. Осы екі арада елдің жұрнағы ғана отыр. Кеше ғана 27 мың халқы бар еді, соның 15-ақ мыңы қалыпты, кейбір елді мекендердің аты ғана тұр, қарағайдан соққан үйлердің орны ғана жатыр. Тарыққан жұрт баспанасын ел кезген ашкөздерге сатып жіберіп, бала-шағасымен уақытша күркені паналапты. Түкпірдегі ауылдарды айтпағанда бұрынғы орталық Катонның өзі жау шапқандай: мекемелер мен совхоз ғимараттары түп орнымен жоқ, көз қылып қоқысын ғана тастап кетіпті, сыртын силикат кірпішпен қаптаған үш, төрт қабат тұрғын үйлердің есік-терезелері тұржағым болып, кейбірі құлауға жақын, көрден жаман үңірейіп тұр. Мәдениет үйінің тіпті орындықтарына дейін қопарып әкеткен, оны Нарынның қай сиыр қорасына апарып қондырды екен? Қора тұрмақ едені балшық, саманнан соққан тоқал тамдарына көлденең тақтай бұйырмаған менің нағашыларым жырғап қалғанға ұқсайды.


Нарын ауданы Катонқарағайға осымен үш рет қосылып, үш рет аямай тонады. Шошқа қорасы мен иттің үйшігіне дейін ағаштан қиып, тезектен басқа түтін иіскемеген жұрттың қара-қожалақ пеші қызыл қарағайдан басқаны менсінбей қапты. Қаратай елі орманның бір талын қиюға қимай отырғанда, сутіңке тиеген лесовоздар кіре жолда қайшалысады. Сақалын талдап жұлған кәртаміштей Алтайдың иегі селдіреп, бөксесі ит сүйреген терідей ойран-топан. Кезінде аттан түспейтін қаратайлықтар жаяу қалған: шаруашылықтардың жал-құйрықтысы бір адамның меншігіне айналған, төрт доңғалақты темір көліктер боқ тасыса да көз алдымызда жүрсін деп мұны да қуалап алып кепті. Аудан әкімі осы елдің азаматы еді, сыптай ғана, сыпайы ғана , көмірдей қарабұйра шашты қараторы әсем жігіт осының бәрін біліп отыр.


— Үй бұзылса, ол жекеменшік, оған ешкім тиым сала алмайды, — деді. — Ағаш кесілсе, жыл сайынғы мемлекеттік жоспар, оған да біздің билігіміз жүрмейді, — деп шарасыздығын айтты.


Шарасыз екені рас. Бәрі де жоғарыдан болып жатқан бұйрық. Облыстың бірінші басшысы Меттеден бастап етектегі шенеуніктер жапатармағай «қайткенде де баюға» кіріскен. Мекемелердің ғимараттарын, халықтың қиын жағдайын пайдаланып басындағы жалғыз баспанасын су тегінге сатып алып, Қытайға қарай жытырып жатыр. Мемлекеттік жоспар деген өтірік сылтаумен қарағай біткенді мезгілсіз отап, мұны да Қытай асыруда. Алтайдың қарағайы алтыннан қымбат екені ықылым заманнан белгілі. Кезінде І-Петрдің Алтай қарағайынан жасаған кемелері әлі күнге судан шыққан жоқ, әлемге сәулетімен әйгілі Венецияның фундаментінде Алтайдың қарағайы жатыр. Алтайдың аң-құсы ағашынан арзан емес, солардың барлығы дерлік қызыл кітапқа жазылған: мұзарт барысы, күдір, құны, құндыз, сілеусін, таутеке, бұғы-марал, бұланы мен елігі, алтайы қызыл түлкісі басқа жерден кездеспейді, бұларды атуға тиым салынса да бармақ астынан лицензия алған шетел туристері қызыл кітаптың да енесін ұрып қырып барады, тарсыл-күрсілден жанұшырған таудың тағысы көрші елдерге ауып құтылуда, құтылмағандары жаттың қанжығасында кетіп жатыр. Ал шипалы шөбі мен тамыр дәрісі ше? Ел көшіп, иесіз қалған шекараны бұзып кірген көрші елдің ұры қолы күпінің битіндей өріп жүр...


Қазақтың қауыпсыздығын қамтамасыз ету үшін бабаларымыз шекараны халықпен нығыздаған. Бүгін де шекарадан әкімшілік орталықты, елді мекендерді әкеткен бірде-бір мемлекет жоқ, керісінше ел шетін халықпен бітеп ұстап отыр. Бұл дүниежүзілік тәжрибе, тарихтың үйреткен тәжрибесі. Сол тәжрибеден біз нағып адаса қалдық? Алжастық па? Алтайдың арғы бетіне — Өр Алтайға кәзірдің өзінде қырық миллион қытай келді деседі. Ертісті каналмен бұрып жатыр. Етегімізді тағы да кесіп әкетіп, кен орындарын ашуда. Осыны ойлағанда зәрең ұшады.


Енді не істеу керек?


Қаншама жамандасақ та тілбезердің де бір пайдасы болады екен. Қаншама жамандасақ та АҚШ-тан, кедей деп кемсітсек те Африка елдерінен бір нәрсені қарызға алуға болады екен. Осы елдердің ағашы қымбат па, ауасы қымбат па, адамы қымбат па, аңы қымбат па? Американың қасқыры мен қарсағын былай қойғанда қаңғырған итіне дейін қамқорлықта. Африка арыстанынан атжалманына дейін кие тұтады. Осы үшін қаншама ұлттық парк ұстап отыр. Бұтасын сындырып, тышқанына тиісуге қақың жоқ. Тілбезерден осының бәрін көріп отырып таңқаласың. Осының бәрін көрген соң ойға қалдым. Менің Алтайымның қасиеті қай елдің табиғатынан кем? Сонау бағы заманнан күні бүгінге дейін әр елдің жиханкездерінің Алтай туралы жазбағаны кемде-кем. Жерұйықты іздеп қаншама экспедиция Алтайды кезді. Солардың ішінде із-тозсыз жоғалып кеткендері де бар. Әр елдің географиялық қоғамдарының жасаған қортындысы: Жерұйық Үнді мен Орта Азияның ортасы, Бұқтырма өзенінің бойында десті. («Страна Беловодье» деген аңыздың тұуына себеп болған да Алтай еді. Мұзтаудың ғарышпен байланысы бар деген әңгіме кәзір де альпинистердің, ғарышкерлердің аузынан түскен жоқ, солардың жыл сайын келіп қуат алып қайтатын Меккесіне айналып отыр.). Осыдан екі жыл бұрын ғана Берлиндегі Ұлттық Парктердің халықаралық орталығынан келіп қайтқан арнаулы бригада ай бойы жатты. Төр Алтайдың ой-шұңқырын түгел шарлады. Жорта мақтау үшін емес, шындығын айтты: Дүниенің жүзінде біз бармаған жер қалған жоқ сияқты. Төр Алтай солардың біріне де ұқсамайтын ерекше табиғат, мұндағы өсімдік пен жан-жануарды, тіпті ауа райын да ешқайдан таппайсың. Сіздерде, Катонқарағай десе «екінші Швейцария» дейтін әдет бар екен, Швейцария Катонқарағайдың қасында кішкентай қуыршақ, оның үстіне тапталып қалған сары жұрт. Арнайы келген зерттеушілердің берген бағасы осындай. Ал бұған дейін..


... Тонау өз алдына, іргемізден Лоб-Нор атом жарылысын бұрқылдатты. Әншейінде малдың төс табанында арам қанды сорып, жабысып жүретін момын кене мутант боп шыға келді, адамды шақса не өлтіреді, не өмір-бақи мүгедек боп қалады. Егер Алтайға тыныштық, мүмкіндік берсе өз жарасын өзі жазып, бүкіл зауалдан өзі құтқармақ. Ол үшін бұрынғы Катонқарағай ауданына Табиғи Мемлекеттік Ұлттық парктің статусы керек. Қысылғанда менің тапқан идеям осы болды. Елбасына, үкіметке, парламентке арнайы ашық хат жазу керек болды. Хатқа қол қойдыру үшін Халық Қахарманы Қасым Қайсенов ағамызға, қадірлі апайымыз, Төр Алтайдың перзенті, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегеноваға шапағат салдық.. Төр Алтайдың кәзіргі жағдайымен жақсы таныс ғалым-геолог Зейнолла Нұрбаев, жазушылар Әкім Тарази, Валерий Антонов біздің уайымымызды бөліп-жарысты. Хат «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Түркстан» газеттерінде жарияланды. Басқа басылымдар не айтар екен дегендей егемендіктер әуелде қипақтап еді, Валерий Михайлов, тілеуіңді бергір, газетіне екі дүркін қайталап басты. Сәті келгенде мәжіліс депутаты Асқар Қабанбаев парламентте мәселе көтеріп, хатымызды үкіметке әрмен қарай жылжытты. Министрлікте ерекше бақылауды қажет ететін территория бөлімін басқарып отырған Талғат Кертешев болашақ парктің картасын жасап, бұрынғы Катонқарағай ауданының 643 мың гектар жерін — мал шаруашылық, туристік, табиғи үш аймаққа бөліп, оның барлық шығыны мен шаруашылық жүйесін белгілеп, басқарым аппараты мен жұмыс қолына дейін нақпа-нақ есептеп берді. Болашақ парктің негізі осы жоба бойынша жасалды да кешегі лесхоздардың бүкіл функциясын парк атқармақ еді. Обалы қане, дәп сол кезде бұл екі азаматтың еңбегі ерекше болды. Ақылдасып отырып парк жарғысының алғашқы нұсқасын жасадық. Әрине, мұның бәрін жергілікті жұрт білген де жоқ. Үкімет ойланып-толғанғанша бес жыл уақыт кетті. Бұл екі арада майшелпектен айрылғысы келмеген облыс шенеуніктері бүйректен сирақ шығарып, жергілікті биліктің құзырына бағынатын табиғи парк ұйымдастыру керек деп байбалам салысты. Калмыков, Юрченков, Климова дейтұғын қолына шөміш ұстап, жамбастың мырза басын ұстап үйреніп қалғандар өтірік «сельская сходка» дегенді желеулетіп, «ұлттық парк сендерге келе жатқан зауал, ертең малыңды баға алмай, шөбіңді шаба алмай, отыныңды таба алмай, орманыңа танауыңды тыға алмай қорлық көресіңдер» деп алашапқындап ел ішінде үгіт жүргізді. Оған аудан басындағы кейбір жандайшаптар қосылды. «Ойда он сиырдың мүйізі сырқыраса, қырда қырық сиыр өкіреді» деп облыс орталығында көтерілген даңғаза ауданға, ауданнан ауылға жетті де оған кейбір жалдамалы журналистер нақақтан араласты («Караван» сияқтылар). Арызқойлардың аузынан шыққан жалған ақпарды қопақардай қылып қомпайтып, өсекті желқуықтай үрледі. Үкімет қаулысын Президент жарлығымен бекіткенде қуанышымызда шек болған жоқ, енді жалақорлардың аузына қақпақ түсіп, аяғы кесілетін шығар деп едік, керісінше халықтың жалған қамқоршылары айға шапшыды. Парк территориясындағы біраз обьектілер, тіпті ақшаның ақша кезінде жылына біржарым миллион табыс кіргізіп тұрған питомник те тегіннен тегін жекеменшікке өтіп кеткен екен, соның бәрін сот арқылы қайтарып алуға тура келген, мал ашуы-жан ашуы, дүние шіркін ашкөзді шыр қақтырмай қойсын ба. Сан-сапалақ комиссия келіп, сан рет тексергенде де не қылмыстың, не кемшіліктің ізін таппаған соң, ендігі жерде әйтеуір жұмыс істетпеудің амалына көшті. Пысықтар: парктің территориясы тым үлкен, игеруге, басқаруға қиын деп бір шықты, жергілікті тұрғындар қысылып қалды, жерді ішінара ойып-ойып мемлекеттік қорға айналдыру керек деп тағы шықты, сол кездегі аудан әкімі Бердібек Слямов деген нойыс парк басқармасына айтпастан, білдірместен біраз жерді бұл өңірге ешбір қатысы жоқ қалалардың қалталыларына сатып та жіберіпті. Осының бәрі бірде министрлікте, бірде комитетте қаралып, соңында сот арқылы шешілген мәселелер. Ақыры арызқойлар сот залына жоламай тырым-тырақай қашты, қаша алмағандар айыпты болып құнға жығылды, бірақ парк солардан сабақты ине алмастан, кейбіреуін болмаса, бәрін де кешіріп еді. Ұяты жоқтар «кісі» болып әлі де жүріп жатыр, ұяты болмаса да әлдекімдер өтірік ұялған болады. Парктің бас директоры Ерен Жұмағұловтан басқа біреу болғанда жынданып кеткендей екен, асығыстық жасамайтын, сабыры мен сақтығын қатар ұстайтын, қайырымы мен қаталдығы бірдей іскер жігіттің шашы бүгінде аппақ қудай боп шыға келді.


Мейлі, шаш садақа, есесіне туған жердің табиғаты аман қалды десек те болады. Орман бірте-бірте жетіліп, ауып кеткен аң-құс мекені мен жалағына қайта оралып жатыр. Қаратайлықтар отын-судан тарлық көріп отырған жоқ, көрші аудандарда бір куб отынның құны 800-900 теңге болса, мұнда 300 теңге, құрлыс материалдары үшін бөлінетін ағаш мөлшері де ретке келген, жұмыссыз жүрген соқталдай-соқталдай 500 жігітке қызмет табылды, кешегі лесхоздардың кустарлық шаруашылықтары толығымен іске қосылғанда, жол құрлысы бітіп, туризм дамыған соң ертеңгі күні жұмыс қолы жетпей қалуы да мүмкін. Үкімет мемлекеттік бюджеттен жыл сайын қаражат бөліп, ұлттық парктердің халықаралық орталығы ғылыми жұмыстар үшін көмек көрсетуде, тек соны жол-жөнекей жұлымдап кетпесе болды. Табиғаттың жидек-жеміс секілді сыйын, өрісі мен жайлауын жұрт емін-еркін пайдаланып отыр. Осының бәрін ұсақ-түйек дегеннің өзінде, ел шетіне ең керегі — халықаралық конвенция мемлекеттік шекараның қауыпсыздығын қамтамасыз етеді. Тіпті соғыс жағдайында да бір солдаттың парк территориясына басып кіруге қақысы жоқ. Ел көшіп, шекарасы бос қалған біз үшін мұның маңызы тәуелсіздіктен кем емес. Ендігі қалған проблема — ауданның әкімшілік орталығы мен мекемелерді, көшіп кеткен халықты қайтарып алу, қаңырап қалған ауылдар мен елді мекендерді қалпына келтіру.


Ұлттық табиғи парктің халықаралық тәжрибесі бойынша екі түрлі статусы бар: біріншісі — сол территориядағы тұрғындарды резервация ретінде түбегейлі мемлекеттік бюджетке алу, екіншісі — шаруашылықпен айланысқан жағдайда жартылай алым-салыққа жеңілдік жасау. Әрине, жер жағдайына байланысты мұндағы қазақтар мал ұстамай отыра алмайды, өкініші — осы екінші шарттың жарғыдан сызылып қалғандығы. Тағы бір әттеген-айы, бұрында Катонқарағай ауданының құрамында болған Марқакөлдің Қаба аймағының парк территориясына кірмегені. Әрине, бұдан басқа да өкінішті жәйттер толып жатыр. Соның бірі, жергілікті биліктің рұхсатынсыз, парк басқармасына шапағат салмай, жоғарғы жақтың қысымымен бөтен жұрттың сығылысып келіп, сыналап кіріп жатқаны. Бұл елге не экономикалық, не әлеуметтік ешқандай байланысы жоқ, тек пайда қуған, зиянынан басқа мысқалдай жақсылығы жоқ адамдар (шын иесі жұмбақ, көзге көрінетіні басқа) демалыс аумағы деген сылтаумен жерді шетпұшпақтап кесіп алып коттедждер, үйлер салып жатыр. Катонқарағайдың қайда екені тұрмақ атын білмейтін кейбіреулер тіпті бұғы шаруашылықтарының бөлімшелерін сутегінге сатып алған. Бұл аздай, бұрыннан мемлекет иелігіндегі сауықтыру орындарының бүгінде иесі басқа, емделу бағасы аспандағы айдан қымбат, жергілікті халық оның игілігін көрмек түгілі маңайын да баса алмайды, ежелден қызмет етіп жүрген адамдарды баспанасынан қуып тастап, ел танымайтын басқа ұлттардың өкілі басып алған. Тек ақша, ақша, ақша, ақша... Ақша келіп еді, адамдардың ниеті де әпсәтте өзгеріп сала берді. Қалталылардан қанағат кетті, ақша көргендерден тойымдық қашты, ақша көрмегендер қыбыладан адасып, бес намазынан жаңылды. Күні кеше тышқақ лақ бітпегендер халықтың есебінен сауыры сере болып, енді сол халықты жек көретінді шығарды, «шіркінде ес болсашы сезет деген» деп Абай айтпақшы, әлі де ел үстінен күн кешіп, жарық дүниеде алшаң басып жүргенін есіне де алмайтын сияқты. «Жат жарылқамайды, өзің өлтірмейді».


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы