29.01.2022
  323


Автор: Қалихан Ысқақ

Таудан биік, талдан аласа

Таудан ассаң алдыңда одан да биік тағы бір тау бар. Екі таудың жықпылында қыстырылып отырған кішкентай ғана ауыл бар. Еру боп іздеген адам болмаса жөпшеңкі пенде оны таба да алмайды. Оған жету үшін де жарым Алтайды айналып шығуың керек жәнеде жол шіркін «Нива» дейтұғын көкшолақтан басқаның бәрін жатырқайды. Ауылдың социализм қойған аты «Парк» еді, адамынан аңы қадірлі болды ма, бүгінде «Ақмарал» деген биік мәртебеге ие болыпты. Көкектен боқырауға дейінгі Ақмаралдың бүкіл тіршілігін, игі-жақсыларынан итіне дейінгі пошымын менің інім Әлібек Асқаров тілінің майын идіріп отырып «Мен қайтейін Төр Алтай биігіңді» дейтұғын повысында суреттеп берген. Менің соған қосарым жоқ, өйткені бұл Әлібектің ауылы, ауыл иесінің егініне түсуге қорқамын. Себебі оның бүге-шігесі мен бүйрек-сирағына менің фантазиям жетпеуі де мүмкін. Тек бір ғана қиянатым, Әлібектің «Өр Алтайын» «Төр Алтай» деп түзеткен болып отырмын, Өр Алтай Абақ Керейдің атамекені еді, түбі жеріме таластың деп даулап жүрмесе болды,«Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай» атты жалғыз әнін де бүкіл қазақ иемденіп кеткен жоқ па, бірақ әнге шекара тосқауыл бола ма, дегенмен Төр Алтайдың найман қызы Майра Ильясова «ағажайды» Абақ Керей, Өр Алтайдың Майра Мұхамедқызындай шырқай алмайды, отан деген осы, әншінің бөбежігінен көмейіне дейін меншіктеп, ағайынға қыймай жершілдігін жасайды да отырады. Оның үстіне әнші тұрмақ қаражаяудың өзі де туған жер десе көкірегі қарс айрылатыны бар емес пе...


Алтайда туып өстім десем де мен теңбіл бұғыны алғаш рет 1965 жылы «Ақмаралда» көрдім. 14 жасар Әлібек жықпылдағы жетім зәйімкенің қай ауласында асық ойнап жүрді екен? Әлде Шәңгіштай ынтырнатының қатықсыз кәпүстә көжесіне кеңірдектеп, бордақыда отырды ма екен? (Шіркін, желмаямен қусаң жеткізбейтін жалғыз түйір шандыры бар божыған кәпүста көжеге не жетсін, темір саптаяқпен бір борсиясын тастап алсаң силосқа тойған теңбіл бұғыдай кеңірдегіңе дейін шермиіп шыға келесің. Бүгінде менің көзалдыма жанары жылтырап, мұрнынан боздаған қос ақбозын қоса сораптап, танауын табаққа тығып отырған сары бала елестейді). Әйтеуір бұғымен жарысқан ұзынды-қысқалы өлермен жұрттың ішінен «сырықтай» Әлібектің төбесін көре алмап едім. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, арада он жыл өткенде Әлібегім жас жазушылардың семинарынан сорайып шыға келгені. Еркектің тапалы мен шығармын деп жүрсем, інімнің тұрқы әуелеп, төбесі менің иегімді түртіп қапты. Қасында қайдағы бір «Қара Кемпірді» жетелеп Дидаш жүр. Ел ішінен ең болмағанда кемпірлеу келіншек табылмағандай 1500 шақырымнан жұрт көрмеген лақсаны қай көрмеге әкелдің деп ашуланайын деп едім, танысып көрсем, ақыл-есі дұрыс, тілі майда, тамсанарлықтай ажары бар екен, дегенмен жат көзден ұят болады, мынаған косметика жаса деп қайтардым-ау. Дидаш қолы ісмерліктен құралақан емес көрінді, сылап-сипап кешікпей «кемпірін» ұзатып-ақ жібергені. Дидаштың жолын батагөй « кемпір» ашқан. Тіл-көз тимесін, кәрі-құртаңның жасын берсін деп баяғыда сәбиді шаранасы кеппей жатып бес кемпірдің борбайынан өткізіп алады екен, мұны да мен жақсылыққа жорыдым. Содан бері кемпір көрсем көзіме Дидаш елестейді де, Дидашты көрсем жағасынан кемпірдің иісі мүңкіп тұрғандай болады...


Екі таудың жықпылынан жаншылып шыққан Әлібекің жетегінде де, жетектеп жүрген де ешкімі жоқ, содан-ақ оның жалқы екенін, жасқанбай шаншылып қарайтын шақар көзінен жетекке жүрмейтін, жалынуды, жалбақтауды білмейтін «безер» екенін сезіп едім. «Ақмаралдың» екі шатқалын шынтағымен тіреп тұрғандай шіреніп келіп отырды да түсініксіз бір нәрсесін оқып берді: ұнатсаң осы, ұнатпасаң онан әрмен дегендей. Менің де жыным келді-ау деймін, әлгісін жұлым-жұлым қып түттім де «Ақмаралды» қойып Мұзтаудан асыра лақтырып жібердім. Сары «нахал» түк естімеген керең немедей міз бақпастан тұрды да санап басып, екі қолын ескектей сермеп кете берді. Кейін түсінгендей болдым, ол бір «нәрсесін» маған сынатуға емес, бір «нәрсесімен» мені сынауға келген сияқты.Қайтып оны көргем жоқ. Қайтып оны іздегем де жоқ. Дидаштың айтуынша, суретшілер училищесін, КазГУ-дің журналистикасын бітірген, осындағы журналдардың бірінде істейді деді. Бәсе, суретші дейтұғын мылқау жұрттың біразымен таныс едім, не жазып, не сызып отырғанын өзі де түсінбейтін, бізге жақындау жұрағаттардың талайының атынан мақала да жазғанмын. Суретшімен қос болғанша, мылқаумен дос болған мың есе рахат. Бір самауырды сарқып тауысқанша бір ауыз сөз айтпайтын Әбілхан Қастеев (ұлы Әбілтаймен даң құрдас едім, қызметті де киностудияда бірге істедік), ескі тапчанның жабуы — қырық жыл қоқымы қағылмаған құрым киіздің үстінде айранды астауымен сіміріп ақмұрт боп отыратын Молдахмет Кенбаев, боржомидің бөтелкесін босағадан терезенің көзіне дейін зеңбіректің оғындай тізіп қойып, ішіңді желкөбікпен кептеп жіберетін Сабыр Мәмбеев, бір қойдың етін сорпасымен қылғытып алып, кекірігім азады деп бір саптаяқ соляркамен шөл басатын Сахи Романов, едірейген екі кез мұртымен мақтанам деп Кися атанып кеткен Ыдырыс Қарсақбаев, бір сөз айту үшін бір сағат қылғынатын кекеш Виктор Тихоненко, қош, осылармен табақтас болып жүрген мен де мылқаулықтан сау емес шығармын. Көзі тірілер көз алдымда, көз жұмғандардың портретін сөзбен сала алмай отырған кейпім мынау. Соған қарағанда қылқалам да өнер адамына артық емес екен-ау. Енді міне, өз бауырым Әлібек қасымнан бірақ шыққаны...Суретшіден қашсаң құтылмайсың. Өйткені сенің маңдайыңа жазылған, тағдырыңа таңба боп басылған жазымыштың бұйрығы осындай. Бояумен болсын, сиямен болсын, қаламның құдіреті біреу-ақ — сурет салу. Десек те қыл қалам мен сия қаламды қаншалықты егіз дегенмен ен-таңбасынан болса да айырмашылығы бар-ау. Әуелде Мұқыр, сұқпыты суала келе төртінші бригат атанған түкпірдегі зәйімкенің суретін Әлібек қалай салар еді, қылқаламға қалай сиғызар еді?..


... Түкпірде жатқан жетпіс түтін еді. Түкпірде жатса да түгі бүтін, түтіні түзу, бір бірін итінің үрісімен түгендеп отыратын. Бұл ат байлап түсер Әлібектің ауылы. Кәзір... көргенше көшесін жалағың келеді, көрген соң жылағың келеді. Әуелі мектеп жабылыпты, одан соң дүкені көшіп кетіпті, одан соң поштасы құрғыр да «тәспидания» деп тайып тұрыпты. Ақыры «захарторыға» мініп алып, қоржынын салақтатып тыным таппайтын Сәлима пошташы да тағынан түсіп қалыпты. Талдыбұлақтың көпірін су шайып, «Заречная» көшесіндегі жалғыз үйде жабағы бет Метрей жалғыз өзі арғы бетте күңіреніп отырған көрінеді. Одан қалған, аты-жөнін жұрт біле бермейтін жесір кемпірлер өз түтініне өзі қақалып, ертеңді-кеш әйтеуір түзге шығып қайтып жүр. Жеті үйдің көлеңкесінде отырып Алтайдың басын аңсайтын Әлібектің: «Мен қайтейін Төр Алтай биігіңді» дейтіндей жөні бар еді. «Мерген болып атпадым киігіңді, Аулың алыс кеткенде қарағым-ау, Жалғыз қайтып тартамын күйігіңді?» дейтұғын қоңыр мұңды көмейіне лықсып келсе де әдейі үзіп тастап, көкірегінде сақтап қалыпты. Қар жаумай, қазан ұрмай жетпіс түтіннің алпыс үші қайда кетті? Жұртта қалған жеті түтіннің кәрі-құртаңын тірідей көмген жоқпыз ба?.. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы бір ғана Мұқыр емес, бүкіл аудан басынан кешкен трагедия. «Мұқыр» деп мүйізін қағып тастаған сүзеген сиырға тағатын ен-таңба. Әлібек ауылдың атын да тегіннен тегін алып отырған жоқ. Ал енді осыны тіл құдіреті болмаса қылқаламға сиғызып көр?.. «Ақмаралды» мен де көргенмін. 1965 жылы. Ол кезде бұл ауыл совхоз орталығы еді. Теңбіл бұғы бағатын аудандағы жалғыз шаруашылық болатын. Түндігі көк аспан, іргесінен басталатын жасыл орман, жасыл орман жамылған сеңгір-сеңгір таулардың жықпылында көгалға малтып отыратын ертегідей ерекше елді мекен еді. Еліне қайтқан сарала қаздай тізіліп сарала бұғылар қыр асып, көгілдір аспанға сіңіп бара жататын. Өрісі аспанда, етектің ерменіне ерін тигізбестен Алтайдың сонысын іздейтін ерке жануарлар өңірдің сәні еді. «Саршатамыз» дейтұғын фильм түсірмекке жер таңдағанда «Қазақфильм» бүкіл Алтайдан Ақмаралға тоқтаған. Алғаш көргенде Екейбай Қашағанов: Япырау, мынау жердің жұмағы ғой, Алтайы жоқтай, Алатауы жоқтай киношниктер алба-жұлба қайыршы қазақты құм мен сорға қамап көзімізді жауыр қылып еді дегені бар. Сол жердің жұмағы, егер өртеп жібермесе, таспада, киностудияның архивінде жатыр. Архивке кетпеген қазақтың дүниесі бар ма? Әуелі бүтін нәрседен мұқыр жасап, енді сол мұқырдың өзін архивке қоя беріп Әлібек екеуміз де жетісіп отырған жоқпыз ба.«Ақмаралдан» көңілі қалды ма, соңғы кезде біздің Әлөк те етекке тоқтамайтын болды. Қазақтың: «Ұлы тауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» дейтіні бар. Ұлар Алтайда аттың аяғына оралады. Ұлы таудың ең биігі Мұзтау болса, Әлөк оған да тыныштық берген жоқ. Ыздиып тұратын екі шоқының бірін балтамен шапқандай Ресей кесіп әкетіп еді, қазаққа тиесілі бәсірелі шыңға ол екі шығып екі түсті. Әрине, жолбасшы Ерен Жұмағұлов екенін білгенде дақпырт үшін болса да мен де жарбиып етектегі бір қойтасына мініп қайтатын едім. «Қалаға, алпысқа келіп қалдың, ауылға сәлем беріп қайталық» деп бір, «Қалаға, жетпіске келіп қалдың, жетім аулыңды көріп қайт» деп тағыда жетектеп апарған Әлібектің өзі еді, алпыстағының аяғы маймақ, жетпістегінің желкесін үзіп аламын ба деп екі дүркін де етекке тастап кетті. Есесіне жан қинамай-ақ Алтайдың биігін, баурындағы киігін Әлібектің екі кітабынан оқып, көріп, танып, рахатқа батқаным-ай! Арамтамақ болу боқтан оңай екен-ау!.. Алтай туралы Жерұйық іздеген әлем жахангерлерінің қалам тартпағаны кемде-кем, бірақ оның бар көрінісі мен көрдей суық такаббарлығын Әлібектей әспеттеген бірі бар ма екен?.. Ол үшін сия қалам мен қылқаламды қатар ұстау керек екен де. Қалам өз алдына, ең бастысы, жүрек керек екен. Туған жерге, атамекенге, жатқа да, жақынға да жанашыр жылы жүрек, ақ ниет, адал көңіл керек болыпты. Әйтпесе, Қатынқарағайды бес-алты меншікті қаламгерлерінен басқа кім біліпті? Алдымен замандастарын, одан соң жалпыға мәлім жазушы қауымын лек-легімен Алтайға апарып қайтып жүрген де Әлібек қой. Бір Қатынқарағай туралы үш кітап шығарды (өзінің төл туындысын есепке қоспағанда). Ақындар, аузы дуалы айтқыштар Қаратай елінде де баршылық. Солардың сандықта сүр болып жатқан қолжазбаларын оқушы қолына жеткізген де Әлібек. Соның бәрін үндемей жүріп, ешкімге міндетсінбей, еңбегін ешкімге салық қылмай, ешкімге білдірмей жасаған жақсылығының өзі қаншалық. Әлібек Алтайға бізден бұрын жететінін білеміз, содан ба, ел ішінде бір жағдай бола қалса біз Әлібекке жалтақтайтын болдық, ел жағдайын Астанада отырған Әлібектен сұрайтын болдық... Азабымызды да, Қаратай дейтін қазағымыздың амандығын да, уайымын да Әлөкке артып қойып, жаңбыр-жаңбырдың арасында тырпылдап жүріп жатырмыз. Аллаға шүкір!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу