29.01.2022
  371


Автор: Қалихан Ысқақ

Сүйегенге сүйкене біл

Күні бойы газеттің күйбеңімен, арасында дос-жаранның жыртаңымен жүріп уақыттың қалай зырлап кеткенін де білмей қаламын. Сағат кешкі алты болды-ау дегенде баяғы сол «жетімдер әулетінің» жиналатын жатағы — «Тастақ» есіме түседі... Әуелі жарым. Боқшасына бірер бөлке наны, қол басындай көкаяз колбасасын нығарлап алып ол да бүрсеңдеп келе жатқан шығар-ау... Онан соң жұдырықтай Самалым. Таң атпай төсегінен суырып алып, дедектетіп саңырау кемпірдің қорасына тастап кетемін, кешкісін танауының қаспағынан көзі ғана жылтыраған жұдырықтай қызымды саңырау кемпірдің қорасынан тауып алып қайтамын.


Николай Бірінші дейін десең сақал-мұрты жоқ, екі шошқа, шынжырлы қабаған қара қаншық күзеткен күңгірт ауланы Николай Бірінші еншісіне тастап кеткендей екі қолы қос мықынынан босамайтын бөшкедей мәтүшке сілеусіннің көзіндей жап-жасыл жанары шақшиып, осыдан екі жүз жыл бұрын қазақтың қара орманына қағып қойған жат жұрттың қарақшысындай қақшиып тұрғаны. «Перөт плати! Перөт плати!» деп зеки ме дегенде қабырғаңнан қырық мың ине қадалғандай қасынан мәйісіп зорға өтесің-ау...


Тәулігіне бір-ақ рет, тек ымыртта ғана от жағылатын жалғыз бөлмеде жарыңның жасаураған көзіне тіктеп қарай алмай, жөргегі кеппейтін, танауы тершіп отыратын анасының омырауын да жаны кіріп өппейтін сәбиіңді жатқызар жылы орын таппағанда күндізгі жастығың да, мастығың да адыра қалып, көңілің қапа, өмірің бір ғасырға қартайып кеткендей боласың. Егер «жетімдер әулеті» қызмет пен отбасының ортасындағы қысқа жолда сыраханаға жиірек ат шалдырса, өзіңді де, өнеріңді де қорлаған бөтен үй, бөстексіз еден, тартпайтын босаға, сонан соң қырт тірліктен қыршаңқы болған жамағатыңның көз алдында алжымай жатып-ақ таусылған аптарихаң. Кешкісін сауыны келген сиырдай тұлыбын сағына мөңіреп қайтқан бір досымды көргем жоқ, қайта құлынынан жеріген қулықтай міндет дейтұғын құрықтың ызғарымен ғана үйірін тапқандай болушы еді. Менің замандастарымды мезгілінен бұрын тоздырған да осы бір қайырымсыз заман, талантыңды да, талайыңды да қаперіне қыстырмай таптап кете беретін, тектіңді тепкілеп, саналыңды санатқа да қоспаған тексіз де бөтен жұдырықтың билігі...


... Шыбын үріккендей сыбдыр жоқ. Ертеңгісін келіп мәшіңкені Рая апайға дектабайт қылатын материалды қарап отырғанымда сағат алтыдан асып кетсе керек, ол кісі де ине ұстар ұрғашының кірпиязы, жазғаныңның үтірі орнында тұрмаса итеріп тастайтын әдеті, амалсыз қасына отырып алып тілің қайыстай болғанша қақсауға тура келеді.


Биллиардтың басында үш-ақ адам қалған екен: Ғабең, Елшібеков пен Сафуан ағамыз.


— Жақсы келдің, — деді Ғабең басын борлап жатып. — Бір мұрын, бір көкаланың ортасында жалғыз қалып, бірінің қолын, бірінің аузын тоқтата алмай қор болып тұр едім.


— Ә, кетік баламысың? Кел, кел! — деп бір шарды көздеп жатып Ахаң жиенін көргендей желпініп қалды. Жақсы ойыншы жанында жанкүйер тұрса екіленіп кететін әдеті. — Жеторқаны бұрышқа! — деп таяғын құлаштап көтере берген.


— Бүгінде кетік емес бүтін дүние бар ма, — деп Ғабең әдетінше әріптесіне назар да салмастан таяғына тіл қатқандай бейтарап күңк етті. — Оның бәрін санай берсең саусағыңа сыйғыза алмай сандырақтап кетесің де. Онан да сен анау жеторқанды салып алсаңшы!..


— Жігіттер кетік, кетік дей берген соң... ауыз шіркіннің үйреніп қалғаны да, — деп Ахаң қипақтаған болды.


— Жігіттер айтса — құрдасы, — деп замандасының жауабына жарымай қалған Ғабең жақтырмаған сыңай танытты. — Сені көкала қырт дейтін менен басқа біреу бар ма?..


Жазғанын жонсаң кетпейтін, сөйлесе оқтай тиетін Ғабеңнің мерген тілінен қаймығып қалды ма, Ахаң биллиардты жағалап: он бесті атсам он бірді беріп қоямын-ау, он бірді ұрсам сақам тұзға шығып кетеді-ау деп айнып жүріп, ақыры бес ұпай төлеп шығып еді, Сафуан ағамыз: он бесті алғаннан көрі бесті берген үлкен мырзалық қой деп мырс етті.


— Сарбайтса болды! — деп ақталды Ахаң. Бірақ, таяғының тайып кеткені бекер еді.


Сафуан ағамыз кийді солақай ұстайды да стол үстінде оның құлашы жетпейтін тұспал жоқ, сақа қай бұрышқа барып тығылса да: енді оң қолым бар ғой дейтұғын. Шарды ұрғанының өзі өнер, кейде өнер көрсетемін деп жүріп ұтылып қалатын кездері де болады. Ғабеңнің: «бірінің қолын, бірінің аузын тоқтата алмадым» деп тұрғаны да осы.


Бұл биллиардты Ғабең ат-түйедей қалап жүріп Министрлер Советінің демалыс үйінде тұрған жерінен өз ақшасына сатып алған еді. Қайсысы екенін кім білсін, әйтеуір, бір губернатордан қалған ескінің көзі: едені екі қабат мәрмәр, борты табиғи каучуктен жасалған қызыл ағаш, шарлары екі партия, бірі - бала-шағаның ермегі, екіншісін Ғабең шетелден әкелген, үйден өзі алып келеді де ойын соңынан алып қайтады, қанша тоқпақтасаң да мәрмәр мыңқ етпейді. Биллиард емес, ойынға өзі шақырып тұратын сиқырлы дүние, Жазушылар Одағында сағат алтыдан кейін басталатын өзінше бір өмір еді.


— Әй, жігіттер, бормотухаға былғанып бұрыш-бұрышта домалап жатқанша биллиардтың басында ұйықтаңдар, бұл да өнердің сымбаттысы, — дейтұғын Ғабең. — Шарды сәндеп бір ұрсаң сұлудың сауырынан сипағандай ләззат аласың! — деуші еді.


Сұлудың сауырынан сипайтындай қысқа қолдың мұрсаты қайсы, біз үшін ағалардың әзілін тыңдаудың өзі-ақ қоңылтақ көңілге рухани тоқтық еді. Бір бұрышта шахмат майданы, бір бұрышта танауынан түкіріп шәугім тұрады, таңдайға басқан бір бір шақпақ қантты күрең шәймен жібітсең бұл да кәйф. Жасыратыны жоқ, ара-тұра қара кофеге шай қасықпен коньяк тамызып қойсаң, тіл қуырған қышқылтым ыстық бу қара терінді маңдайдан айдап шығатын. Сыздықтатып қана ішіп, сыпайы шығып кетуді де Ғабең үйреткен. Кейде өз үйінде сыйлап отырып та шымшықтың балапанындай ғана сүйкімді рюмкаларды үш дүркін толтырған соң Жайсаңбектің наразы кейпіне қарап:


— Мұнан арғысы пиәңкештік боп кетеді, — деп коньяктың аузын ашық қалдыратын еді.


Бейкүнә әзіл мен түртпексіз әңгіме күндізгі әр бұрыштан битше өріп шығатын өсек-аяңды ұмыттырып, кабинеттер мен конференц-залда айтылып жататын артық мақтау мен тұқыртып даттаудың еліртпесіне су бүркіп, ерегесіп қалған қызба жігіттер осы жерде қайта сүйкенісіп, қимастардай жыртылып зорға айырылысып жататын.


Ғабең биллиардты да жарастықтың ұясындай қылып ұстаған. 1973 жылы суық қол соны ұрлап кетті. Демалыс паркінің сыңар қол маркері жылағандай боп келіп:


— Ол биллиардтың жоғалуы мүмкін емес, жалпақ Қазақстандағы жалғыз экземплярды жасырып та ұстай алмайды, мен жер астынан болса да тауып келейін, тек тінтіп қайту үшін аз-мұз тиын-тебен беріңдер, — деп жалынды.


«Одақтың балансысында жоқ боқ-шалақты қуалап басымды қатырмаңдар!» деп басу айтылған соң үнсіз қала бердік. Сонан қайтып ағалар үшінші этаждағы бала-шағаға әзілін көтеріп шықпайтын болды. Сонан бері биллиардтың орны үңірейіп бос тұр. Суық қол жарастығымызды да, ағаларымыздың жанашыр жайдары көңілін де тонап кеткен соң бізден де береке қаша бастаған сияқты. Көненің көзіндей піл сүйегінен жасалған он алты шарды енді Ғабеңнің музейінен ғана көріп жүрміз...


... Биллиардтан шыққанда түнгі сағат төрт еді. Алатаудың едірейген шыңдары шұбар аспанға шаншылып тұр екен. Алматының жыртақай шұбар сағымы шұбар аспанның етегін түртіп тұр екен. Көшедегі көкжалбыр тонды қараштар да сілейіп ұйықтап қалыпты. Күндіз қапырық айдайтын утәрлі желемік таудың қоңыр салқынын жетелеп, сараң ғана мүләйім шалқиды.


— Ал, енді кім қайда барады? — деп Ғабең шар салған торы мен кейін маған ұстатып мүштігін шығарды да шылым шегуге ыңғайланды, сосын әлгі сұрағына жауапты да өзі берді. — Сафуан, сенің адымың атан түйенің желісіндей, үйіңнің төбесі де көрініп тұр, — деді. — Ал сен сақалды басыңмен бүгін баладан да ұтылдың, — деп Ахаңа арнаған сөзін темекісін тұтатып алып жалғастырды. — Бәйбішең күшенбей-ақ бұтын көтерсе жететін жер екен, тек үйіңді тапқанша сақаны қалай, қайда тоқтатуды ойлап барғайсың.


Маған тиетін сыбаға: шәйді босқа сораптап, босқа тер төккеннен басқа түк бітірмейсің дейтін шығар деп едім, жай ғана қайда тұратынымды сұрады да Тастақты айтқанымда бетіме тіктеп бір қарап:


— Япыр-ай, осы сендер... — деп сөзінің аяғын шылым сорған болып үзіп тастады. Кімге айтқаны белгісіз. Маған айтты ма әлде оргсекретарь Сафуан ағамызға айтты ма?.. Алланың есебінде бар шығармын, адамның есебінде жоқ, Алматының пропискасына да жете алмай жүргенімді Ғабең білмейді екен.


— Онда сен тұра тұр, маған кәзір машина келеді, — деді.


Айтқанындай «ГАЗ-21» дейтұғын сүліктей қара «Волга» сып етіп жетіп келді де ала жөнелді. Ғабең ол кезде Мир мен Абай көшесінің бұрышында тұратын еді. Машина тоқтасымен шарын қолтықтап кетіп қалды. Мен түсерімді де, күтерімді де білмей арбакешке қарап едім, ол да дым сызбай үнсіз отыр. Ғабең лезде қасықтай қара чемоданын ұстап қайтып келді де тысқа атып шыққан маған:


— Кел, менің қасыма отыр, — деп артқы орынға жайғасты.


Әлгінде ғана әзіліне еріп, езуім жайлауда жүрген басым қасына отыруға жасқанып, именіп зорға кірдім. Қайда баратынымызды да айтқан жоқ, әдетте құйрық басқан соң сан ырғалып, сан төңкеріліп, жайлы орын тапқанша адамның күйі орнықпай мазасызданатыны бар. Ғабең отырған қалпы тасмүсін болып қатты да қалды. Маған оның кірпігі де қозғалмайтын сияқты көрініп еді. Мен онан сайын қысылып, «мұнан да Тастаққа жаяу жеткенім жақсы еді-ау» деп шыға қашқым келіп отыр. Кеңдікке өзі шақырып, шылбырыңды өзі босатпаса Ғабеңнің алды ауыр кісі еді. Айтайын дегеніңнің жармысы көңілінде қалатын, бірақ оның есесіне көңілінде қалғанды көзінің қиығымен -ақ өзі сауып алатын. Бірде ине жасырынбайтын жалтыр, бірде көрдей астананың асфальтін жыртып отырып қара «Волга» аэропорттан бір-ақ шықты. Сөйтсем, Ғабең Жапонияға жүріп бара жатыр екен. Машинадан түсерде арбакешке:


— Мына жігітті үйіне апарып, кіргізіп салып қайтасың, — деді, депутаттар бөлмесіне кірген соң: — Қалай жолашар жасаймыз ба? — деп алдына алжапқыш байлап алған тұсақ бөксе жирен келіншекті шақырып алды.


Жаңа туған құлынның тұяғындай екі кесе кофе мен елу грамм коньякке жүгініп екеуден екеу отырмыз. Сыраны саптаяқпен төңкеріп үйренген басым кофесі бар болғыры менің екі ұртымнан асқан жоқ, Ғабең оны да көрмеген болып бейғам отыр, тіпті жол жүретін кісі сияқты емес. Әлден уақытта сол жайбарақат қалпы:


— Мен қайтып оралған соң ұмытпай жолығарсың, — деді.


Мәнісін айтқан жоқ, мән де берген жоқ, әншейін болар-болмас шаруаны ескерткен сияқты құлаққағыс жасай салған...


... Акула секілді жыртқыш пошымды қомағай самолет ағамызды жұтып алды да аждаһадай ысқырып, астананың шұп-шұбар аспанына ыздиып көтерілді. Мен таң қалдым... Алты жасар бала ауылынан қозы көштік сапарға шықса да ағайын болып тізгінін түзеп, үзеңгісін туралап, ақсарбас шалатын дәстүр қайда? Жер шетіндегі Жапония тұрмақ іргедегі Мәскеуге нөкер жинап, ұлы жіңгір салтанатпен аттанғандардың да шет жағасын көзіміз шалып қалған, жолаяққа шақырмаса да жортаңдап жүріп жоралғысын жасайтын жандайшаптарды да ептеп көрдік. Ғабеңнің мұнысы несі? Ағайынның бұғып қалғаны несі?.. Бір жетімектің «Алла жар болсын!» деген іштей тілеуі арыстай аға үшін тым арзан сияқты көрінді. Бауыры жалп-жалп етіп шұп-шұбар аспанда ыздиып бара жатқан акула самолетте ағамыз жетімсіреп бара жатқандай көрінді...


Тастаққа жеткенде таң да атып еді, құлқын сәріде түзден қайтқан пілдей мәтүшкем теңселе басып огородты қақ жарып келеді екен, таксидің қасқа маңдайындағы көкшағыр фонарындей шақшиған көзі сүліктей қара «Волгадан» түсіп жатқан маған үрке қарады...


... Ғабең Жапониядан оралған күннің ертеңінде Жазушылар Одағының төрағалығын тастап кетті де орнына Ғабиден ағамыз келіп отырды. Үлкен үйдегі үлкен бір адамға жақпай қалыпты дегенді естігенбіз. Бірақ біз үшін Одаққа қос Ғабеңнің қайсысы келіп отырса да кемістігі жоқ еді.


Арада жаз өтті. Қыс та келді. Балам көшіп келетін болды деп мәтүшке мені үйден қуып шықты да тіршіліктің қырт күйбеңінен бас қатып жүріп ағамыздың сапарға шығар алдындағы бір ауыз сөзін мен бейбақ ұмытып та кеткен едім. Бір күні Қуан ағам редакцияға келіп:


— Әй, Кетік бала, ертеңнен қалдырмай өзіңнің, келіннің пашпыртын, Самалдың куәлігін алып кел, сен пәтер алатын болдың, — деді.


Сенгенім жоқ. Қуан ағам ертеңгісін тағы келді.


— Әкелдің бе?


— Әкелгем жоқ.


— Есің дұрыс па?! Мына жақта жұрт қызылшеке болып жатса!.. Дереу квартбюроға жүгір! Өкшең жерге тимесін!..


Сенгенім жоқ. Сенбесем де Тельманға телефон соқтым. Осылай да осылай деп. Табан астында машинамен жетіп келді. Табан астында квартбюроға жетіп бардық. Кәдімгі ордер: «Тимирязева 55 А, кв 19» деп жазылған. 1963 жыл, қаңтардың 13 күні еді. Менен бетер қуанған Тельман болды. Ол менен бір жыл бір күн бұрын пәтер алған еді. Адресі: Тимирязева көшесі, 55 үй. Екі үйдің іргесі түйісіп тұр екен. Тел қозыдай өмірі бір-бірімізден адаспаған жандар едік. «Япырай, құдай береді екен-ау!» деді. Әкім келіп алдымен туалеттің есігін ашып, унитазды толтырып шықты да: «Ырыстың басы осы болады!» деді. Асқар келді де қашанда бірнәрсеге көңілі толмай жүретін әдетімен: «Ну и что, это не двухкомнатная, а полуторка!» деді. Үш күн, үш түн жырғадық. Еденнің кебе қоймаған сыры қатындардың біз өкшесінде кетті. Оның есесіне баспаналы болып қалдым. Балам балалар бақшасына орналасты. Көп кешікпей менің кебімді киіп, көрінген мәтүшкенің босағасында жүрген Асқардың жүз текеметі мен елу көрпесі көшіп келді де тағы да жырғап қалдық. Айтотым осы күнге дейін жүзге жетпейтін еді ғой деп дау айтады. Асқар демекші...


... Алғашқы кезде Асқарға адвокат болып жүрдім. Қыршаңқы мінезі, қырқып айтатын туралығы, жазу стилі де таптаурынға үйреніп қалған газет-журналдың аққаптал сыншыларына ұнаған жоқ. Қолына Асқардың мақаласы түсе қалса, Сейдахмет марқұм: «ойбай, мынаның аудармашысын табыңдар» дейді екен. Аудармашысы мен едім. Жайдақ жұртқа жатықты болсын деп Асқардың жал-құйрығын ептеп күзейтінім бартұғын. Сөйтіп жүргенде оның «Бесіні» жарық көрді. Шіркін-ай, ағалардың бірінің көзіне түсіп, ақ сөзін айтса екен деп тілеуші едім. Демалыс күні киоскіден «Қазақ әдебиетін» алып ашып қалсам: «кітап аты Бесін, авторы Асқар» деп айқайлап тұр екен. Әуелі алып ұшқан екі аяғым үйге жеткізе алмады. Үй артындағы қос теректің түбіне отыра қалып оқып шығайын. «Наконец-то!» деп айқайлап жіберіппін.


— Әй, шалдың бал асы, не болды, — деді.


Бірінші этажда тұратын Жайсаңбек терезесін ашып қойып желкемнен үңіліп тұр екен.


— Ғабең ғой!.. Ғабең айтыпты ғой! — деп оған да айғай салдым...


Ағамызға рахмет айтып шығалық деп Асқар екеуміз Меккеге жиналғандай әбігер болдық. Жиналып алып, үйіне басып кіруге бата алмай бір ай жүрдік. Ақыры телефонмен тілдесуге бекінген едік, Асқар мені итеріп, мен Асқарды итердім: мал иесі сен, тілдессең өзің тілдес. Әншейінде ұлықтың алдында да ұлықсатсыз кіретін Асқарым сөйлеспей тұрып-ақ келіндей майысып телефон трубкасын қолына алды, алдымен амандасты, сосын тағы да мені алдына салып әзіл айтты:


— Ғабе, Қатонқарағайдан бір Кержақ келіп қоналқы орып таппай тұр. Ит ерткен қонақ жексұрын деуші еді, қасында пірәдар қожасы бар...


— Не деді?


— Құдайы қонақ сұрап келетін бе еді — деді, күтемін деді.


Түн ішінде тұрып алып екеуміз жын қаққандай бездік. Екі қалтамызда екі «ворцихе». Есікті өзі ашып, Ғабең өзі қарсы алды. Баяғы сол мұнтаздай қалпы, қызметте отырғандай шырт жаңа.


— Рая, жігіттер келіп қалды ғой.


Түнемелден шыққан ұйқылы-ояу жеңгемізге қос бөтелкені ұстата қойып едік, қолын мұз қарығандай селк етіп тастап жібере жаздағаны. Ғабең көрсе де бұрылып қарамастан қонақ бөлмесіне бастады, бірақ біздің әбестігімізді кешірген жоқ:


— Қалиханның жөні бөлек, кержақтармен қоңсы өскен жігіт қой, бұлардың жанторсығын жанынан тастамайтынын білемін, — деді. — Қожаның сауабы қара қазақтың қазанында деуші еді, сен нағып әдетіңнен жаңылып жүрсің?


— Ғабе қожа берсе қойныңа сал деп те айтушы еді ғой.


— Қожа қараға бірдеме беріпті дегенді естісем құлағым керең болсын! Дұрысы — қожайын берсе қойныңа сал емес пе екен?..


— Ойпыр-ой Ғабе, бір жолға жығыла салсаңыз неңіз кететін еді? Онсыз да қожа мен төре десе қаламыңыздың қаттырақ қадалатынын білеміз. Сүйікті кейіпкеріңіздің бірі Күрең көз қожа еді, екі көзін бір тиындық бақырдың соңынан жыртыққа ағызып жіберіп оны да жетістіргеніңіз шамалы.


— Жығылдым, жығылған болайын... бір жолға, — деп Ғабең мәз болып күлді де столдың қақ басына барып отырды. — Түрікпен төрін бермейді. Қалған орынның бәрі де сендердікі деді.


Кез-келген қиын ситуациядан қиялап шығып кететін Асқар әзілімен қысылып тұрған жанымызды жайлауға салып жібергендей болды. Алдынды аршып, артыңды қымтап жүретін қимас достың қымбаттығы да осында ғой. Босағадан басталған әзілден арқа-басымыз кеңейіп, мен де ағамызға сүйкене бастадым.


— Ғабе, сіздің түрікпен екеніңізге дауым бар, — деп едім. Шалқайып отырған ағамыз оң шынтағымен креслоның жақтауына жантая беріп, «тыңдап отырмын» дегендей шаншылып бір қарап қойды.


— Сіздің әкеңіз Махмұт, оның әкесі Кәжімбай, Кәжімбайдың әкесі Мүсіреп, Мүсіреп Еламаннан туған, Еламан Жолымбеттен, Жолымбеттің әкесі, сіздің алтыншы атаңыз Шыныбай адайлармен қосылып түрікпендерді шауып, Нәдірше ханның қызын алған. Бірақ ол кісі бала көтермепті де кейінгі әйелінен бір ұлды бауырына салып берген екен, содан тараған ұрпақ кейіннен түрікпен атанып кеткен. Шыныбай Бесбай Тоханнан, Тохан Сибаннан, Сибан Ашамайлыға барып қосылады. Осыным дұрыс па.


— Ол рас, біреу-екеу бар екені деп Сұлтанмахмұт айтпақшы, ондай-ондайлар болған деседі, — деп Ғабең таңданысы да жоқ, қарсылығы да жоқ, сабырлы жүзін өзгертпестен тағы бір әңгіменің ұшығын шығарды. — Махамбетті де ашамайлы десіп жүр ғой. Сұлтанның сарай ақыны Махамбетті қашырып жүрген керей едің, жаттығыңды жасап ханды шайқап, елді бүлдірдің деп даттаған өлеңін де оқыған едім.


Ол өлеңді Жайық Бектұровтың архивінен менің де оқығаным бар. Ал дерек бойынша: Ашамайлы — Құрсары — Балта — Байрам — Нәдір — Күлмәлі — Шыбынтай — Өтеміс — Махамбет. Ататектің бұл екі схемасы да Шәңгерей шежіресінен. Амантай Сатаевтың архивтік картотекасынан көшіріп алған едім. Шәңгерей жазбасына жүгінсек, Байрам түрікпенде тұтқында болыпты да Нәдір Байұлы Беріште қобалалықта жүріпті. Осыны Ғабеңе айтқанымда ағамыз шын көңілімен Амантайдың тарихи деректерге ұқыптылығы мен жинампаздығына разы бола отырып наразылығын да жасырған жоқ:


— Амантайдың жиған-тергені бір институтқа жүк боларлық, бірақ соны жинақтап, жүйеге келтіріп жазбайтыны несі? — деп мүштігінің өңешіне сіріңкенің шиімен мақта тығып біраз баптанып отырды. — Қымбат қазынаны халық көзінен жасыруға болмайды ғой, көп болса әлде кімдердің өті жарылар, жарылмаса біраз жабылар да қояр, ата-бабаның аруағына ақымақ қана таласып, ақымақ қана қызғанады., сиынғанымыз бір Алла екені шындық болса, сол шындық бізге де, кейінгіге де қымбат...


... Кейін Одақтағы жалғыз биллиардтан айырылып, Композиторлар одағына кіріптар болып жүргенімізде онда да, кезек тисе қол үйретіп ғана, тимесе қошқардың кеспегіндей көлденең сүйретіп бос қайтып жүрген кештердің бірінде схеманың екеуін де Ғабеңе апарып берген едім...


...Рая жеңгеміз күрең шайын бетіне майы тершіген құла жирен құймағына теліп, башма-баш дегендей армянның одборный екі бөтелке коньягін алдымызға торс еткізіп қойып кетті. Столдың үсті ысыған соң көңіл де жіпсіп қоя берді. Сол кезде Ғабең:


— Иә, Қалихан, пәтер қандай екен, қай жерден алдың, — деді.


Төбеге ұрғандай отырып қалдым. «Айналайын ағатай! Жаман ініңіз рахмет айтуға да жарамады ғой. Кешіріңіз!..» Бұл да кешігіп айтылған, айтылған емес-ау, айта алмай іште қор болып қалған қорқақ сөз еді. «Ой, Ғабе керемет! Екі бөлмелі үй алдым!» — дедім. Пәтер дегем жоқ. Үй дедім. Асқар тағы да «полуторка» деп түзетті.


— Ы - ы, анау сары орыс екеумізді алдап қатырған екен-ау, — деді Ғабең. — Атасы Игіліктің миллионынан мысқалдай енші бұйырмаған соң өкіметтің қуықтай пәтерінен де бір бөлме кесіп алып мал жинайын деген екен ғой!..


Кейіннен білдім: пәтер бөлісі басталғанда Ғабең секретариатқа келіпті де Ғабиден ағамызға: «Мен көрсоветтен сегіз пәтер алып едім, сен нашарлығыңнан соның төртеуінен айрылып қалдың. Үш бөлмеліктердің біреуін Қалиханға бересің, қалғанын өртеп жіберсең де өзің біл!» деп шығып кетіпті. Ғабең кеткен соң секретариат мүшелері: үйсіз жүрген Қалиханға екі бөлме берсек те жалп ете қалады деп шешіпті. Пәтер алдым деп далақтап, ағаның аэропорт басындағы емексіткен бір ауыз сөзін ұмытып кеткенім қашан.


— Ал, Қалихан, пәтерің құтты болсын, — деп арада жеті жыл өтіп кетсе де ұмытпаған Ғабең менің қонысыма құт тілеп тос көтерді.


Екі сөздің бірі алдау, жүз уәденің тоқсан тоғызы өтірік боп тұрған мынау желбуаз заманда ағалардың серттен де, шарттан да қымбат бір ауыз лебізіне құлақтың зар болып, иек қақты емеуріндерінің өзін де сағынғанымыз қашан! Ағалар бізге тым қымбаттап кеткен екен-ау!..


«Бесін» туралы бір ауыз сөз айтылған жоқ. Бұл ағаның газеттегі авторға деген ілтифатын бұлдамағаны. Асқар емініп тағы да жабысқан жоқ. Бұл оның көзбе-көз мақтамайтын, артынан даттамайтын аға мінезін жаттағаны еді. «Журналыңа рахмет!» деп қайта алғысты Ғабең айтты. Журнал деп отырғаны Новый мир. Жылт еткен жаңа бір дүние болса осында басылатын кез. Жылт еткен жаңа дүниені тінтіп жүріп оқитын Асқар ағаларын «сынабжайт» қылып тұратын. Авторы есімде жоқ, Африканың бір жазушысының «Леопарт» деген повесі басылған. Ғабең алдымен Асқарды біраз сайратып алды да тұжырымын өзі жасағандай болды.


— Кеше ғана еркіндік ала бастаған қара континенттің интеллигенциясы өнерде де бізді басып озғанын байқайсыңдар ма, осының себебі неде? — деп алдымен екеумізді де тұйыққа апарып қамап қойды. Ғасырдың сипаты, әлемдік мәдениеттің деңгейі солай ғой деппіз де «сонда біз қалпақтың астында жатырмыз ба» дегенді ойламаппыз. Ішіне кіре білсең Ғабеңнің беті қатты емес, бірақ алдына келгенде айтар сөз, қайтар жауабың дұрыс па, бұрыс па деп адамды дүдамалға қалдыратын сиқыры, ол қаншама бейғам отырса да сені ауа жібермей тура жауапқа жетелейтін жинақ шықты, ол әріптесін осы мінезімен-ақ шұлғытып алатын.


— Әлемдік мәдениетті аспаннан Алла кигізген жоқ қой, қай ғасырың болмасын, алдымен мектеп керек, жігіттер, — деп Ғабең манадан бергі әзілін жиып тастады. — Африка озып бара жатса, ағылшындай, француздай мектебі бар, ал олар арғысын айтсақ Шекспирден, бергісін айтсақ Флоберден өскен әдебиет. Біз кеше Маяковский боламыз деп қазақтың қара өлеңін қырық турап, бүгін бәріміз де Бабаевский боламыз деп өнерден қара жаяу қала жаздаған жоқпыз ба. Ұлт әдебиеті үшін олардан сан ғасыр озып кеткен Абайды бойға сіңірмей жатып, ұлыны тәрк қып, біреудің құлына жүгіндік. Сендер Хэмингуэй дейсіндер, сөз жоқ, шырқаудағы жазушы, бірақ жазушы табиғаты бір болғанымен оның дауасы да, уайымы да бөлек қой... Олар барды аман алып қаламыз деп жүрген, біз жоғымызды жасап, жоғалтқанымызды тауып алсақ деп жүрген жандармыз...


— Рая, жігіттер жүргелі жатыр ғой, — деді Ғабең бізді есік көзіне дейін шығарып салып. — Жастар ғой, бұлардың жол-жөнекей ат шалдыратын жерлері де бар шығар-ау.


Ас бөлмеден сып етіп жетіп келген жеңгеміз баяғы екі бөтелке «ворцихені» өңешінен қылғындырып қалтамызға салды да берді. Етегіне жабысқан ақ жіптей сүйкімсіз екі бөтелке ақыры соңымыздан қалмай бізбен ере шықты...


... Бозала таң еді. Асқар аяғын тық-тық қадап басып арқан бойы алда келеді. Қолында салақтаған бөтелке. Мен артта келемін. Менің де қолымда салақтаған бөтелке. Асқарды қайдан білейін, мен әлі де Ғабеңнің қасында отырғандай өзімді-өзім қорашсынып, әншейінде бөскенмен өскеніміздің шамалы екенін мойындап келем. Қос Ғабеңнің мені мүшелікке алғанын да есіме алдым. «Кітабы біреу-ақ екен, оның өзі де биттің қабығындай, тұра тұрса қайтеді» деп таласқандарға Ғабиден ағамыз: ендеше сол биттің қабығындай кітапқа жолдама берген рецензентті де Одақтың мүшелігінен шығарып тастаңдар деп отырып алыпты.


Рецензент Ғабиден ағамыздың өзі еді. Тәмам жұрттың көзінше мені шақырып алып Ғабекең:


— Сен Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылдандың! — деді.


— Авансом! — деді Ғабең.


Ағадан алған сол несие күні бүгінге дейін азық болып, қолыма қалам ұстай қалсам, соны өтермін-ау деген үмітпен азап арқалап келемін. Ағадан аванс алғандар аз ба екен. Ілгеріні қойып, біздің буыннан оның алдын көрмегендер кемде-кем шығар.


... «Тарази» деген таққа жете алмай Әшімов болып етекте жүрген кезінде Әкім «Етікші» деген фельетон жазыпты. Сол кезде «Ара» журналының бас редакторы Ғабең авторын Шудан шақырып алып:


— Фельетоның басылмайды, бірақ өзіңді қызметке аламыз, мына жігітке орын тауып бер, — деп жауапты хатшы Әбен Сатыбалдиевке тапсырған екен. Демі шықпаған жанторсықтай торсиған жас жігіт иткірмеге домалап жете бергенде Ғабең тағы да тоқтатып алып: — баспанаға ұяттымыз, сыртыңнан қарағанда сүбең сүйемге жуық сияқты, тасқа түнесең де тоңбассың, — депті де, — жалақымен жан бағам деме, тапқаның тамағыңа да жетпейді, тоқ жігіт екенсің, шыдарсың, әдебиеттің азабы әлі алда! — деп тағы ескертсе керек.


«Етікші» деген фельетонды ешкім оқыған емес. Неге басылмайды деп Ғабең де себебін айтпапты. Неге басылмайды деп Әкім де сұрамапты. Цензураға жақпайтын бір кілтипаны болғаны да. Әйтпесе айдалада өз нанын өзі күйсеп тоқ жүрген әлде кімді шақырып алып қызмет ұсынғандай не көрініпті. Қалай болғанда да Әкім Әшімовті әдебиет дейтұғын шаңырақтың босағасынан кіргізіп жіберген батагөйі Ғабең еді. Әкім кейін Тарази болып атқа қонғанда да Ғабең оның сахнаға шыққан әр туындысын қалт жіберген жоқ. Әсіресе даулы, әлде кімдердің шырқын бұзған шатақ дүниелерін жұрттан бұрын көріп, пікірін пысықтардың аузын бөгеу үшін бұрынырақ айтатын. Баланың кіндігін кім кессе, мінезі соған ұқсайды деуші еді, игі-жақсылар мен зиялы қауымға зауалдай тиген заманмен жағаласумен ғұмыр кешкен Ғабеңнің «қырсықтығы» Әкімнің өзіне жұқпаса да творчествосына әсерін тигізгені хақ. Сөйткен Ғабеңді...


... көзі тірісінде көлеңкесіне таласып, аузынан түскен түкірігін де жерге жеткізбей жұтып қойып жүрген кейбіреулердің ағамыздың беті жасырынбай жатып жамандағанын көзімізбен көргенде жанымыз түршіккен. Бұл аз десең, кейбір пәтуасыз оны надан деуден де қашпайтын көрінеді. Жамандыққа қимағандықтан солардың атын да атағым келмей отыр. Қайтеміз, әркімнің аузы өзінікі, қызғаныш дейтін қызыл ит өлгенше үргенін қоймайды да...


... Бозала таң еді. Астананың еріншек торғайлары енді ғана ояна бастапты. Орталық алаңдағы ұлы көсем өкімет үйіне алақанын жайып әлі тұр екен.


— Әй Ысқақтың алакөзі, ат шалдырмаймыз ба?..


Шалдырдық. Үкімет үйінің қызыл тасына отырып алып. Таяқ ербеңдеткен екі млисәнің ысқырығына қарап отырып. Алладан атамыздың амандығын тілеп отырып... «Ворцихенің» аузынан дом татқан едік...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу