29.01.2022
  107


Автор: Қалихан Ысқақ

Рамзайдың басынан кешкендері

(Естіген құлақта жазық жоқ)


І. ТӨЛЕШ, ҚЫЛАРҚАН ЖӘНЕ РАМЗАЙ


Қыс бойы қызылшұнағы ұрып тұратын Ертіс бойы шілде туысымен шыбын жанды әй бір кеп қуырады-ау, өзен қайнап жатады десем, тағы да өтірік дейсің ғой, мейлі, саған өтірік болса да маған шын, дәп сол кезде судағы балықты да суырып жей беретінбіз. Балық демекші, Төлеш марқұм балық жеген жұртты жауынан бетер жек көруші еді.


— Немене, ішіңді жылан жайлап бара ма?! Езуінен жын бүріккен күл үстіндегі кәрі атанға ұқсап!.. бақа-шаян, құрт-құмырсқаны малжандағанша құмалағыңды қажамайсың ба! — дейтұғын.


Айтқан сөз, бақырған балағат тұсамыс бола ма, Төлештің жалғыз көзін ала бере өзенге зытамын. Артымнан қуа жетеді. Біреуге ат қойып мін тағуға келгенде бізден шебер ешкім жоқ, қармақ салып отырған өңшең қара борбайлардың бірі:


— Әй, Шойынқұлақ, Қара Дию келіп қалды, — деп айғай салады.


Тумысынан тентек адам марқұмның бір көзі жас кезінен-ақ төбелестен кеткен екен. Қолындағы қозы көшке керме болуға жететін қыл арқан, жын қаққандай тоңқаңдап ұшып келе жатады. Еңкейіп жүретін әдеті еді, содан ба, ағамның екі қолы маған ерепейсіз ұзын көрінетін, жердегіні тізесін бүкпей-ақ іліп әкетіп, намазға жығылғанда екі қолы жайнамазға тізесінен бұрын тиетін.


— Әй нақұрыс! Шық былай!


Шақар адамның дауысы қашанда құлақтан емес шекеңнен тиетін әдеті ғой, ағамның айқайынан мен түгілі судағы балық та тым-тырақай безіп-ұрып жоғалады. Тұқымнан озып қайда барасың, бас терісі, бар пәгөнәйі примерно маған тартқан еді, айырмасы — жалғыз көзі шақырайып өңменіңнен тескенде тұла бойында тінткілеп, бақайыңнан бір-ақ шығатын.


Ертістің суын теріс ағызып жіберетіндей ентігіп жеткенімен қырып тастайтыны шамалы, келе-сала қыларқанды беліме тас қылып күрмеп байлайды да


— Бар, енді балық боп кетсең де еркің, — дейді.


Құдды мен бір сүйреп қашатындай арқанның екінші басын білегіне орайды да қыстыкүнгі сенебалдан түспейтін кәрі төбеттей жар жағасында шоңқиып отырғаны. Қыларқан түнде қаракер биенің аяғынан, күндіз менің белімнен босамайды, дүниенің төрт құбыласын осы арқанмен байлап алатындай, осы арқанмен бүкіл жауын сойып салатындай қымс етсе арқанға жүгіретін әдеті. Бүкіл жатақ жолынан ығысып үркіп тұратын еді. Бүгін ойлап отырсам, қорыққаны емес, сыйлағаны екен де... Қысқа күні мені қырық домалатса да, шешем байқұс қой деп қолынан алған жоқ-ты. Астапыралла! Қара жер хабар бермесін, аруаққа шет болып қайтемін, не нәрсені бүлдіріп тастасаң да тұщы етіме ащы таяқ тигізген емес, есесіне тілі таяқтан бетер, усойқыдай ойып түсетін, небір жақсымын деп шіренгеннің жағасынан қылшық тауып, төркініне апарып-ақ тастайтын...


...Содан күн бесінге құлағанша отырады. Әбден көгеріп, Әкім боп кеткенше менде судан шықпай қоямын. (Әкім Таразидің құрдастары қойған бір аты — Көк).


— Әй Көкбақа! Әкең судан өлген жоқ еді ғой! Жұмыс қалып барады!


Көшеде біреумен кетісіп қалса да менен көретін әдеті бойынша, күні бойы сарылып отырғаны есінде жоқ, енді келіп бұзауы жамырап кеткендей маған тиісетінін қайтерсің.


— Түу, зәнталақ!.. Күресінде қап кеткен өлексенің көн тулағындай түріңді қарашы, — деп тәйтерісін иығыма жаба салады. — Әкеңе тартты десем тұқымға тиеді, сен осы кімсің?!


Сонсоң тағы отырамыз. Бөксені жылы құмға тығып қойып, әлгінде ғана асығып еді, енді Ертістің арғы бетінде әлдебір арманы қап кеткендей сүзіліп, тырс етпестен, дым сызбай отырып алатыны бар. Әлден уақытта:


— Әй, сен осы әкеңді білесің бе? — дейді.


— Жоқ.


— Өй, түріңді!.. Әкең өлгенде жеті жаста едің, мына кейпіңмен жетпіске келгенде мені де танымай қалатын шығарсың. Өй түріңді!.. Мойнына бұршақ салып, құдайдан тілеп алған баланың сөзін қара!..


Мен де ақымақпын ғой, жетпіске жеткенше Төлеш тірі тұратындай-ақ соған әжептәуір шамырқанушы едім.


...Жеті жаста екенім рас еді. «Мынау сенің әкең» деп қолымнан жетелеп әкеліп өліп жатқан біреуді корсетті. Қаперіме ештеңе келген жоқ. «Әкеңе топырақ әкел» деп қабыр басында апандай күректі алдыма тоса қойды. Салдым. Қаперіме ештеңе келген жоқ. «Мынау сенің шешең» деп үйге алып келген соң әдеміше келген қайдағы бір бөтен әйелдің қолына табыс етті. Қаперіме ештеңе кірген жоқ. Мен де ақымақпын, сонда сұрасамшы: «ау, бұл менің қайдағы шешем, анау өліп қалған қайдағы менің әкем?» деп. Сол сұрамаған қалпым, өмір-бақи сұраспай кеттік-ау. Әйтеуір, әкемнің Айып, шешемнің Жәмила екенін қырық жасқа келгенше мойындамай келіппін. Анам дүние салар алдында ғана «апа» деген сөзді елудегі ұлынан тұңғыш рет зорға естіп еді...


Тоқтардан тараған ұрпақ Шұғайып, Айып, Төлеш — үш ағайынды екен. Айыптың көпке дейін баласы тоқтамай, туа салып шетінеп кете беріпті де бір нәрестеге әбден зар болған соң: «Ей, Алла бір ұлды маған қи да сол күні қу жанымды ала ғой!» деп жалбарынса керек. Сөйтіп жүргенде мен туыппын. Қырқымнан шыққан соң жастайынан қайтыс болып кеткен ағасы Шұғайыптың жесірі — Бөтештің бауырына салыпты. Зары құдайдың құлағына жетті ме, мен жетіге жеткенде дүние салған екен. Жетіге жеткенше әке-шешенің бет-жүзін көрмей, әмеңгерлік бойынша Бәтешке үйленген Төлештің қолында өсіппін. Шұғайып ақын, серілеу кісі болған деседі, Айыптың кім болғанын қайдан білейін, әйтеуір Төлештің кісінің маған көбірек сіңгені рас. Оның үстіне үш бірдей отбасы соның қолына қарап қалған соң, біз де оның аузына қараудан жазғамыз жоқ. Бақырғаны болмаса, басымыздан сипаған емес, асырап отырмын деп астамшылық жасап, ауыртпашылығымызды айтса нағылсын. Жіпке дейін тең бөліп жапсырып, жіліншіктің майына дейін қылдай жонып аузымызға тосты.


«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді ғой. Маған біткен мінез болса, қасына еріп көп жүрген соң ба, Төлештен қонса керек. Айып көңілшек, есік көзіне келген қайыршыға үстіндегі жалғыз жейдесін сыпырып берген қайырымшыл жан еді деседі. Алдындағы ағасы қайтыс болған соң артынан ерген жалғыз інісі Төлешті жанынан тастамай, өзенге шомылса да беліне арқан байлап өзі жағада күтіп отырады екен. Айыптың Төлешке еткен бар еңбегі осы...


...Өзен бойы қарақұрық тартып, арғы беттің тоғайын көлеңке шалады. Кешкі салқынмен жарысқан тарғақ пен бөдененің бытпылы жатақтардың іргесіне жақындап, күні бойы шілденің аптабынан шаршаған Керекудің түтіні жер бауырлап, айғай-шуы құмығып, қалғып бара жатқандай көрінуші еді. Менің есімде қалғаны — Ертістің жоғарғы ағысынан, су астынан тесіп шыққан айдың шартабағы, су бетіндегі бізге қарай ай жүзінен жосып түскен прожектор... сосын Төлеш. Мені кісіге санамай, міз бақпай, дым сызбай отырған Төлеш...


— Сөйткен ағаға не жақсылық көрсеттік?! — деп көзі жасаурап орнынан тұрады да тоңқаңдап арқанды сүйрете жөнеледі.


Су сіңген қыл арқанның бір басын белімнен шеше алмай, сіргесінен жетелеген торпақтай сүмеңдеп соңынан мен кетемін.


Иә, сөйткен ағаға не жақсылық көрсеттім?!..


II. ТӨЛЕШ, ҚАРАКЕР БИЕ ЖӘНЕ РАМЗАЙ


Кереку шетіндегі бүкіл жатақтардың ішінде кісі түсер жалғыз үй Төлеште еді. Бүкіл жатақтардың ішінде мал біткені жалғыз Төлеш еді. Оның өзі де жалғыз қаракер бие. Үй мен үйдің арасындағы бүкіл соқпақ біздің үйдің ауласынан келіп тоғысатын. Атшаптырым аула қысы-жазы арба мен шанадан босамайды. Сарысы бар, болыскейі бар, үш самауыр қысы-жазы кірген-шыққанға жол бермей есік көзінде божылдап қайнайды да тұрады. Тегі үш ошақтың еншісінен жиналған болса керек. Біздің үй «Заезжый дом» сияқты, қысы-жазы кісі арылмайтын, сыйғаны ішінде, сыймағаны сыртында, тұзды балықтың бөшкесіндей сығылысып кеп жатқаны. Қысы-жазы ауланың іші сықыр-сықыр, шиқ-шиқ: жаз бойы арбаның доңғалақтары ыңырсып кіріп ыңырсып шығып жатады, қыс бойы шананың темір ұлтаны боздап кіріп боздап шығып жатады.


Тықыр естілсе тұра шабатын мен. Келімді-кетімдінің жүзін көрмей үйде жатып-ақ жетпіс жеті атасына дейін санап шығатын Төлештің алдын алу үшін кіріптар жұрт менің қолыма бірнәрсесін ұстата қоятын еді.


— Дарақы үйдің иті осырақ деп сен-ақ желпілдеп тұрады екенсің, — деп менің сыбағамды берген соң жарамсақтарға: — атасының басы осы аулада көмілгендей топырлап қаңғырған иттер-ақ жатпайды екен!, — деп амалсыз сынған болады.


— Төке-ау, сол қаңғырған иттер өзіңнің қанжығалы Құдиярың ғой, — деген соң барып жібиді де осындағы әйел жұрағаты түгел естісін дегендей айғайды кеп салады.


— Әй, мынау самауырға тас түсіп кеткен бе?! Мелшиіп тұр ғой, ит ішкірің?! Кісі кеп қалған жоқ па!..


...Кәліктіп боласың деп бір ғана Керекудің маңына жиырма жеті ауыл қамаған екен, отызыншының аштығында солар түгел қырылып, бірен — сараң қала сағалағандары, аяғынан жүре алғандары Алтай өлкесіне ауып аман қалса керек. Солардың ішінде бізге үш атадан қосылатын атақты Естай да бар, аяулы Қорлан аштан өлді ме, ажалынан өлді ме, әйтеуір сол жылдары өлімтігін көрсетпей кетті. Әнші Майра осыларды көріп отырып құсалықтан өлгенде көметін адам табылмай, көше сыпыратын бір орыс апарып жерлеген екен, марқұм апамыздың денесі қоларбаға сыймай екі аяғы жер сызып бара жатқанын жат жұрт терезеден көріп тұрыпты...


Керекудің жатағы сол қалың елден қалған жұртынтық. Біздің үйге топырлап келіп жататын жүргінші — ішкі жақтағы орыстарға жалда жүріп өлмей қалған бірен-саран ағайын. Төлештің айғайласа да қуып шыға алмай, қара суы болса да қайнатып отыратыны осыдан еді. Келімді-кетімді болмай қалса тағы да жер-көкке сыймай, ақыры күні маған түседі.


— Әй, екеуміз осы үйден кетсек қайтеді? — дейтұғын.


— Қатындармен қазанның құлағына таласып абырой таппайсың!..


Сонан қаракер биені қанатты трәшпеңкеге жеккенше сиыр сәске болады. Пружинасы ырсиған қайдағы бір трәктірдің жұлым-жұлым көпшігін кендірмен шандып қара терге түседі де:


— Қазына жасаған мүлік қайбір оңған еді, — деп совет өкіметін біраз жерге апарып тастайды.


Марқұмның өле-өлгенше өкіметпен тұзы жараспай-ақ кетті. Ертеңгісін радио сөйлей бастаса-ақ:


— Әй, сарнатпай құртыңдар анау өтірікшіні! — деп түкпірде тұрмай жатып айғай салады. — Мезгілсіз шақырған тауықтай қиқылдатып кеңірдегін кесер ме еді!..


Әлдекімнің жаназасында Сталинге тіл тигіземін деп жылға жуық түрмеге отырып шыққаны бар. Айдап бара жатқанда да қыңқ деп артына бір бұрылмап еді, босап келгенде де басымыздан сипап тырс етіп тіл қатқан жоқ. Түрмеден бар тапқан пайдасы -өзінің абажадай портретін арқалап қайтты. «Аға, мынаны кім салған?», — дегенімізде:


— Е, оны ұрамысың! — деп қолды бір сілтеді. — Өнерлі адамның бәрі абақтыда отыратын көрінеді ғой...


...Шандыма көпшікті көлденең төсеп мені қасына шақырады да ханның пәуескесін айдағандай айбарланып жан-жағына қарап алады, шырт түкіріп, орнынан қозғала бере делбені шірене тартып тағы тоқтайды.


— Әй, біз кетіп барамыз ғой!..


Оның қайда кетіп бара жатқанын өзінен баса ешкім білмейді де. Әйтеуір қасынан мені тастамайды, сөйтіп жүріп, арбаның көптігіне байлаған қара май шелек секілді салақтап соңымнан қалмайсың, — деп қыжыртып кеп отырғаны. Қақпа алдына жетіп бір тоқтап, қақпадан шыға беріп және тоқтап, біреуге шалап құйған жанторсығын алдырып, біреуді бишігіне жұмсап, қажыға жүретіндей бүкіл үйді аяғынан тік тұрғызып барып шаңқай түсте шыбынмен таласа шығады-ау. Ұсақ-түйекке мені жүгіртсе де болушы еді:


— Желпілдеме, — деп иығымнан басып отырғызып қояды. — Бұл қатындардың шаруасы!, — дейтұғын.


Қысы-жазы туырылып тұратын қаракер биенің тәкаппарлығы Төлештен жаман. Арпаны бидайдан екшеп жейтін де осқырынып шелекке қарамай, суды жүзіп ішетін еді. Әйтеуір Төлеш ат ұстап отыр деген атағы болмаса, не өсім беріп, не кіреге жегіліп қарқ қылған емес. Анда-санда қырға бір шығып, өз шөбін өзі сүйреп қайтады. Ал азабы менің бір басыма жүк: екі мезгіл Ертіске жетелеп, астын тазалап, ақырға шоп салу, атдорбаны оның кигенінен менің арқалағаным көп, кешкілік ымырт үйірілгенше желдетіп, оттатып қайтамын деп масаға таланып қызылшақа қотыр болдым. Сонда да маған алғыс бұйырған емес. Төлеш қаракер биенің күтімін қабағынан таныса, қаракер бие менің үстімнен өсек айтып тұратындай көрінетін.


Жатақтар жылқы ұстамақ түгілі, шайлық ешкінің өзін жылап жүріп бағады. Қаракердің жыл сайын қысыр қалуының бір кілтипаны да осында. Атының шын екенін, өтірік екенін кім білсін, қысы-жазы су таситын Трақай деген кісі болды. Соның жирен мәстек айғырынан басқа биеге оқыранатын қылқұйрық жатақтарға біткен жоқ.


— Трақайдың есегінен қодық алғанша қаракердің басын шауып тастамаймын ба, — деп Төлеш биесін мәстекке тосуға намыстанып, тұлан түтіп отыратыны бар. — Қымыз ішіп, қызылдан кекіріп өскендей-ақ бұлардың ақшылын көрмеймісің, — деп бізге де бүйідей тиісіп қояды.


...Қайран Ертістің бойы ертегі еді ғой. Шығы бұршақтай, бұршағы бұлдырықтай шалғынға түйе түсіп кетсе өркеші көрінбейтін жайылманың бөденесін үркітіп пішен орағында бүкіл өңір бал татып тұратын. Әрине шалғы тартатын Төлеш, мен төрт аяқтап жатып бүлдірген тергеннен қолым да, аузым да босамайды. Шалғының жүзін бояйтын баданадай қып-қызыл жидекке өліп бара жатса да қол созбайтын ағам:


— Әй Қарашелек! Қайрақты әкел! — деп тұрғызып алады.


Қайрақта кісі жұмсайтын жерде емес, аяғының астында жатады. Мен соны әдейі барып қолына ұстатуым керек, соның өзіне де разы болмай:


— Балшықтан шатпақтап, бойына насоспен үрлеп жан бітірген қуыс кеуде, — деп жетістіріп тастайды. — Әкеңді тілдей алмай, өзіңе тиісе алмай қор болдым-ау, әттең!..


Аруақтан қорықса да ағасын тілдей алмайды. Атымның Рамазан болғаны да Төлешке едәуір сес. Бірақ есебін тауып есесін жібермеуші еді. Мені сөккендегі ең жақсы көретін мәтелі: «батырдан — би, биден — ұры, ұрыдан — қары, қардан — бәрі туады». Жалтыр батыр болған екен. Оның ұрпағы Арыстан би болыпты, Арыстаннан туған Тоқтар баукеспе ұры атанған екен; ұры болып та қайбір өкіметті құлатып тастады дейсің, әйтеуір біреуде кеткен ақысын біреуден қайтпаған боқысын барымталап күн кешкен тірлік те, «өзге тоқтаса да Тоқтар тоқтамас» деген ел ішіндегі сөз содан қалған деседі: бір ұрлығы шығып қалып, айып төлегенде туған баласының атын Айып қойып, тағы бір төлемін өтегенде екіншісінің атын Төлеш қойса керек. Төлеш өзін «қарысына» балағанда, мені «бәрісінің» біріне санап тұрғандағысы.


Жарықтық, бір нәрсенің соңына түссе түбін теспей тоқтамайтын өлермен еді. Ымырт түседі. Қас қараяды. Ақ тер көк тер болып, өзен бойының бүкіл пішенін арқалап кететіндей арпалысып, жанторсықтағы шалапты басына көтергенше бір тынбайды-ау. Қараңғы түссе-ақ менің жатқанда да қыңқ деп артына бір бұрылмап еді, босап келгенде де басымыздан сипап тырс етіп тіл қатқан жоқ. Түрмеден бар тапқан пайдасы — өзінің абажадай портретін арқалап қайтты. «Аға, мынаны кім салған?», — дегенімізде:


— Е, оны ұрамысың! — деп қолды бір сілтеді. — Өнерлі адамның бәрі абақтыда отыратын көрінеді ғой...


...Шандыма көпшікті көлденең төсеп мені қасына шақырады да ханның пәуескесін айдағандай айбарланып жан-жағына қарап алады, шырт түкіріп, орнынан қозғала бере делбені шірене тартып тағы тоқтайды.


— Әй, біз кетіп барамыз ғой!..


Жатақтар жылқы ұстамақ түгілі, шайлық ешкінің өзін жылап жүріп бағады. Қаракердің жыл сайын қысыр қалуының бір кілтипаны да осында. Атының шын екенін, өтірік екенін кім білсін, қысы-жазы су таситын Трақай деген кісі болды. Соның жирен мәстек айғырынан басқа биеге оқыранатын қылқұйрық жатақтарға біткен жоқ.


— Трақайдың есегінен қодық алғанша қаракердің басын шауып тастамаймын ба, — деп Төлеш биесін мәстекке тосуға намыстанып, тұлан түтіп отыратыны бар. — Қымыз ішіп, қызылдан кекіріп өскендей-ақ бұлардың ақшылын көрмеймісің, — деп бізге де бүйідей тиісіп қояды.


...Қайран Ертістің бойы ертегі еді ғой. Шығы бұршақтай, бұршағы бұлдырықтай шалғынға түйе түсіп кетсе өркеші көрінбейтін жайылманың бөденесін үркітіп пішен орағында бүкіл өңір бал татып тұратын. Әрине шалғы тартатын Төлеш, мен төртаяқтап жатып бүлдірген тергеннен қолым да, аузым да босамайды. Шалғының жүзін бояйтын баданадай қып-қызыл жидекке өліп бара жатса да қол созбайтын ағам:


— Әй Қарашелек! Қайрақты әкел! — деп тұрғызып алады.


Қайрақта кісі жұмсайтын жерде емес, аяғының астында жатады. Мен соны әдейі барып қолына ұстатуым керек, соның өзіне де разы болмай:


— Балшықтан шатпақтап, бойына насоспен үрлеп жан бітірген қуыс кеуде, — деп жетістіріп тастайды. — Әкеңді тілдей алмай, өзіңе тиісе алмай қор болдым-ау, әттең!..


Жарықтық, бір нәрсенің соңына түссе түбін теспей тоқтамайтын өлермен еді. Ымырт түседі. Қас қараяды. Ақ тер көк тер болып, өзен бойының бүкіл пішенін арқалап кететіндей арпалысып, жанторсықтағы шалапты басына көтергенше бір тынбайды-ау. Қараңғы түссе-ақ менің құтым қаша бастайды. Бүлдірген жайына қалып, қорыққанымнан Төлештің ығына тығыламын, дәл сол кезде:


— Бар, атты алып кел!, — деп қасақана жұмсайтыны бар.


Қас қылғандай тұсап тастаған қаракер бие қайдағы бір бытқылға жайылатын әдеті. Әр бұтаның түбінен албасты аңдып тұрғандай жылай-жылай кете беремін. Артымнан:


— Әй Қарашелек, — дегенде көзім тас төбемнен шығады. — Сені албасты баспайды, жыламай бар, жыламай!


Құдайдың құдіреті қараңғыдан қорқатыным соншалық, күні бүгінге дейін үйде кісі болмаса, шам атаулының бәрін жағып, адам тұрмақ тышқан сыймайтын диванның астына дейін тінтіп шығатын әдетім. Ал Ертістің бойында ол кезде арыстан жүрмесе де атжалманның бар екені рас. Мені қорқыту үшін түн баласында сол да жетеді. Бірдеңе бақылдайды, бірдеңе сақылдайды, сонан соң шөп артқан арбаның үстіне шыққанда қу жанымды қоярға жер таппаймын-ау.


— Әй, өлмеймін-ау, өлсем қайтып келмеймін-ау, келсем көрер едім-ау менсіз күніңді! — деп Төлеш марқұм осыған да күйіп-пісетін.


Шөптің үстіне шығып алған соң көңілің көк тіреп, албасты тұрмақ арыстан шапса да қыңқ етпейсің. Кеңсірік жарған пішеннің жұпар иісі, теңселген арбаның бесіктей ырғағы жаныңды жайлауға, ойыңды он саққа шығарып тастайды-ау. Сол кезде түннің де қорқыныштан басқа сан рахаты бар екенін сезінесің. Әрине, қасымда Төлеш отырған соң ғой. Әйтпесе үңірейген тоғайдан ұялмай-қызармай жалаң бұт қашпаймын ба... Жұлдыз санап жатып, жай отырған адамнан ананы-мынаны сұрап қажайтынымды қайтерсің.


— Атаңның басы! — дейтұғын.


Жарықтық, ғұмырында жөн айтпаған кісі еді. Өзің тап, өзің біл, өзің тапқан өмір-бақи есіңнен кетпейді дейтұғын. Бір үйді ошарлы жан болып оның көңілін таптық па, таппадық па, кім білсін. Әйтеуір маған ұрысқанда:


— Адам болмайсың ғой, адам болмайсың! — Сен адам болсаң мұрнымды кесіп берейін! — дейтұғын.


Адам болдым ба, болмадым ба оған алпысқа жетсем де сенім жоқ. Әйтеуір Төлеш марқұмның мұрны о дүниеге сау кеткені рас.


III. ТӨЛЕШ, БІР КЕСЕ МАЙ ЖӘНЕ РАМЗАЙ


Бұл Күлмәшкеннің әдемі боп кеткені маған тиген соң ғой, әйтпесе танауының қаспағы томардай таңқиған пұшық қара қыз еді. Осының бетінен ай көрініп тұрғандай-ақ:


— Қағаздай аппақ қыз екен, қатын болуға жарайды, адам болам десең осыдан айрылма, — деп қоймаған тағы да Төлеш.


Әуелде келіп кетіп жүруші еді, кейін біздің үйде тұрып оқыды да қайтып шыққанды қойды. Апам обработка жасады ма, әлде өзінің де көңілі болды ма, қыз деген сұмырай ғой, әйтеуір үй-ішіне жағынып алды. Алдымен менің көзіме түскені — аяғы. Қашан көрсең де ұртын ырситып жыртық бәтеңке киіп жүргені. Екеуміздің арамызда, примерно мынадай әңгіме болды:


— Сенің аяғың неткен жемір, бәтеңке шақ келмейді екен?


— Жыртып қоймасам әкем жаңасын әпермейді.


— Ертең байға тигенде қайтесің?


— Байым әпереді де.


— Омай, шіркін, аптасына бір аяқ киім жеп қоятын жемір қатын кімге керек?!


— Қорықпай-ақ қой, саған тимесем де алатын біреу табылар.


Төлеш айтқан соң амал жоқ, бірақ Төлеш айтпаса да алуға болатын тәтті қыз екен, әрине оны кейін білдік қой. Бар айтқаным, бәтіңкеңді өзің тауып киесің, — дедім. Содан бері пәшти қырық жыл болды. Өз бәтіңкесін өзі тауып киіп жүр. Мейлі, қандай бәтіңке кимесін мың адамның ішінен Күлмәшкенді аяғынан танып аламын...


...Керекудің қақаған қысында осы Боранғали аяқ астынан қатын алатын боп қалды. Ырзабаевты айтып отырмын да. Оқуды жаңа бітіріп барған кезім, екеуміз облыстық «Қызыл Ту» газетінде қызмет істейміз. Мынау Рамазан сбежий жігіт қой, осы тамада болсын десті. Қалпағым қопа қардай болып үйге бөртіп келмеймін бе: осылай да осылай деп.


— Жәмила, мына ұлың бүгін ұлы таққа отырады екен, бір кесе май ішкізіп жібер, -деді Төлеш апама.


— Май ішкізгені несі?


— Бөтен жұрттың ортасында мас болып ырбаңдап жүрмесін, май ішсе ішіне мәйек бітеді де.


Сонымен бір кесе майды төңкеріп алып Күлмәшкенді қолтықтап шіреніп тойға бармаймын ба. Ол кезде жас түгілі жас еместің өзі баспанаға жарыған ба, Боранғали біреудің жалғыз бөлмесінде пәтерде тұратын еді. Көрпе төсеген тақтайдан орындық жасап бүкіл редакция бір столдың басына сиып-ақ кетті. Қақ төрде мен, тамада болған соң тәмам жұрттың төбесінен қарап өмірімде бірінше рет және бір-ақ рет айғайшының билігін қолыма алдым-ау. Ішімнен: бұларды бір қатырайын деп отырмын. Май ішкен басқаның басын аясын ба. Анда-сандағы шарап болмаса, арақ деген антұрған итіңді кім татып көрген, кәзір ғой адамша ішіп жүргеніміз, осының өзінде де бір литр, екі литрді тастап алған соң «Қамажайға» басатынды шығарып алыппыз.


Жә, сонымен той басталды. Айғыр стаканды толтырып алдымен тамаданың денсаулығы үшін тастап жіберіңдер, — дедім. Тастап жіберісті. Енді тамада сөйлейді, айғыр стаканды толтырып тамаданың сөзі үшін тастап жіберіңдер, — дедім. Тастап жіберісті. Сонан соң... бір уақытта көзімді ашсам жан-жағым толған аяқ... бүйен




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу