29.01.2022
  137


Автор: Қалихан Ысқақ

Өткеннің өкініші

Кіші бесін. Күн сонда да шақырайып жалап тұр. Кеседегі ішілмей қалған реңсіз шайдың ніліндей тұнып жатқан қызыл жалқын мұнар. Екеуміз де шаңдақ қара жолдың үстінде отырмыз. Борпылдаған май топырақтан ыстық жалын бетті қабады. Мен жер шұқылап отырмын. Айдархан жұмарланған қара сәтен көйлекке танауын тығып ап, етпетінен түскен күйі жол жиегінде әлі жылап жатыр. Өксіген сайын ырсиған қабырғасы тыржың-тыржың етіп, қақпыштай боп күнге күйіп кеткен жон арқасынан шып-шып тер шығады. Тыртиған арық қара бала қара сәтен көрісіп жатқандай еді.


Көз ұшында, Қырғи мойнағында үш-төрт ырдуан арба бел асып барады. Мойнақ пен екі ортадағы төрт-бес шақырымдық шаңдақ қара жолдың үсті үздік-создық шұбырған адам. Кемпір, шал, әйелдер, құстабан жалаң аяқ бала-шаға. Әр жерде томардай боп бүк түсіп қалып жатқандар да бар. Енді біреулері арба соңынан қалмай ілбіп барады. Мына қара сәтен көйлектің иесі де сонау ырдуан арбаның үстінде кеткен.


Арбалар бел асты да, шұбырған жұрт іркіліп қалды. Жол бойы тарыдай шашылған көп томарлар қыбыр-қыбыр, жыбыр-жыбыр қозғалып, бектерден құлдилап келе жатқан орман көлеңкесінен ығысқандай ауылға, елге қарай көшті. Мінгесіп — үшқасқан аттылар, бірін-бірі жетелеген жаяу жалпы. Бізді жетелейтін де, мінгестіретін де ешкім болған жоқ. Біз жетім қалып едік.


— Әй, інім, тұрсайшы енді, — деді Бизәт оның басынан сипап. — Қой, бір үйдің ендігі қалған дардай азаматысың, өсте ме екен, ұят-ай. — Айдархан басын көтеріп, қара сәтен көйлекпен айғыз-айғыз болған бетін сүртті.


Шаңдақ қара жол. Ыстық майтопырақ бақайыңның арасынан көпсіп шығып, табанды қоламтадай қарып барады. Бизәт екеумізді жетектеп келеді. Үнсіз келеді. Танауын мырс-мырс тартып, мықынына тоқтамай сырғи беретін ала шыт шалбарының ышқырына жармасып, салпақтап келе жатқан қайнысы, «бір үйдің дардай азаматы» — Айдарханның маңдайынан иіскеді. Өкпелемесін дегендей, менің де шашымнан сипап қояды анда-санда. Бүкіл жол бойы:


— Иә, жасаған, өзің жар бола көр! — деп артына бұрылып, жалғыз-ақ рет тіл қатты.


Үшеуімізді ауыл іргесіне жеткізіп салды да, күн мойнағынан асып түсіп, жасырына қалды. Бөрліккен қан қызыл шапағы ғана тау басын тінткілей жүр еді. «Қызарып батқан күн жаман» дегенсіп үлкендерден естігенім бар. Маған не зауалдың бірі батыста, Қырғи мойнағының ар жағында бөліп жатқандай көрінді.


Біреуді жалғызынан, біреуді жарынан, біреуді барынан айырған 1942 жылдың шілдесі, елдің ер азаматтары фашистерге қарсы қолына қару ұстап соғыс жылдары менің көз алдымда осылай елестейді. Айдархан сонда үш ағасының көзі ретінде жалғыз ғана қара сәтен көйлек алып қалған.


* * *


— Неғып жатырсың-ей?


— А?


— Неғып жатырсың деймін?


— Е-е...


Ол аузындағы бидайықтың сабағын лақтырып тастады. Қара жолдың тұйығына тағы бір қарап ап:


Әлгі біздің Қызыл кешікті-ау, — дей салды. Сосын қара сәтен көйлегінің төс қалтасынан темекі алып тұтатты.


— Әкем-ау, менің соған қолым тиді ме. Әлгі інім де, «тәте, қазаныңды аспайсың ба, кеш боп қалды ғой» деп қайта-қайта қыт-қыттап жанымнан шықпай сөлпиіп тұрды да алды.


— Бәсе, ойлап ем ғой. Інің екеуің де жұрттан асқан пысықсыңдар, адам пендесінің басына бермесін, — деп Айдархан мырс-мырс күлді. — Бойдақ неме, үйірін іздеген сәуріктей екі көзі тұздай боп қайта-қайта ауылға қаша берген соң бір күні, әйел аласың ба деп сұрадым. Алайын дейді. Алғанда ұнатқан біреуің бар ма деймін. Бар еді, сен ұнатсаң кіргізейін деп міңгірлеп тур. Е, сен ұнатсаң болды да, маған несін шапағат саласың, алып кел дедім баяғы. Сона бір заманда әлдеқандай бір әйел: бұқаны малым бар деме, бақсыны байым бар деме деген екен. Соған ұқсап, мен де жұмысқа берекесі болмай бара жатқасын Қызылды тезірек қақпанға түсіргім келді.


Ол байсалды сөйлеуге тырысты. Жасына жетпей, мезгілсіз ересек тартып кеткендей көрінді маған. Жалпы оның мінезінде, қылығында, сөйлеген сөзінде мақамдық бұрыннан да бар еді және жарасып тұратын өзіне. Уақыт оны дедектетіп, балалық шағына аялдатпастан ертерек ер жеткізді де, қайнаған өмірдің ортасына тұстастарынан бұрынырақ, үлкендермен қатар әкеп қосып жіберді. Тоқсан үйлі Тоқпайыңнан (қазірде екі жүз елу үйлі бөлімше) менің есімде қалған түбіт иектердің ішінде оқу іздеп аттанғандардың тұңғышы да Айдархан болатын. Торт жыл бойы Семейде оқуда жүріп, мәдени-ағарту техникумын бітіріп, шаш қойып оралғанда танымай да қалғанбыз. Одан бері де талай жыл, талай уақыт өтіпті. Үйлі-баранды, балалы-шағалы болыпты. Ол екі ортада істеп жүрген қызметін тастап, өз тілегімен шопан боп, мамандығын да өзгертіп үлгерген.


Қой шеті дүр ете қалды да, артынша-ақ сылдырлаған жүген дыбысы естілді.


— Балапан, жүгір! Келініңнің алдынан шығып, аттан түсіріп ал, — деді де, Айдархан тағы да үркіп шыққан қой шетіне беттеді... — Іңір мен таң қараңғысында сақ болмаса ит-құс қатты, — деп сөйлеп бара жатты.


* * *


Аспанда суыртпақтай сызық қалдырып, жұдырықтай қызыл от жерге жетпей жамырап кетті. Етектен қарағанда қыр үстіндегі сабалақ қарағайлардың басына шоқ-шоқ жұлдыздар таласа-тармаса қонақтап алған тәрізді. Шық қалыңдап, шалғынсыз тарта бастаған. Бақаның да, бұлбұлдың да, байғыздың да дауысы естілмейді. Тайға қалғып кетіпті. Ай да өзінің түнгі күзетіне шықты, көк күмбезінен беті бүлк етпей бақырайып қарап тұр. Қарсы беттегі үңірейген қараңғы шатқалдан елік үрді. Оған Алтайдың бергі шоқылары «әуп-әуп» деп жауап берді, алыстағы құздар самарқау мыңқ-мыңқ етті де қойды. Әлдебір тентек бала кеп тесік қазанды таяқпен салып өткендей қойнау іші қаңғыр-күңгір етті, тайга ұйқысынан оятқанына ренжіп қалды білем, жоталардың жон арқасы жыбырлап, қарағайлардың басында отырған жұлдыздар да секіріп-секіріп барып қайта қонақтағандай болды. Тайыншадай шолақ көк төбет екі-үш рет танауын тартты да, жата кетті. Айдархан жастықтан басын көтеріп:


— Шөлти! — деп дауыстады. Қабақ үстіндегі жалпайған аласа палаткадан керзі етігін дөрпілдете сүйретіп інісі шықты. Шықты да палатканы көлегейлеп шіреніп тұра қалды.


Жалаңаш етіне әлдеқандай сырт киімді желбегей іле салыпты. Жауырыны қақпақтай төртпақ зор жігіттің мынау жапырайған итарқаға сыйып отырғанына да сенгің келмейтін тәрізді.


— Әй, сен ұйықтап қалма, малға сақ бол! — деді Айдархан.


— Жарайды, — деді ол. Сосын бізге бір, қосқа бір қарап қойды да, ыржиып күлді. Ойнақы көздері ай нұрына жылт-жылт ете қалды, пістік мұрыны онан сайын кейкиіп, әнтек шұңқырая қалатын екі бетінің ұшы жиырылып бара жатқандай болды. Жоқ, оның сәбилігі мінезінде де қалыпты.


Ол сырт киімін жер ошақ басына тастай сап, бұрылып қосқа еңкейді. Бүгін ғана түскен жас келіншегіне қорғаншақ дауыспен:


— Көйлегімді әперші, — деп алғашқы рет әмір етті.


— Түн ызғарлы емес пе? Мына көйлегің тым жұқалау ғой, қалыңдау бірдеңе тауып кисеңші, — деген ұяң дауыс шықты ар жағынан. Шөлти алпамсадай денесін зорға иіп, палатканың маңдайшасын көтере-мөтере қаудыр еткізіп ішке еніп кетті.


— Япырмай, осы бізді палатка қинайды-ау, Балапан, ә? — деді Айдархан дабыр-дұбыр дауысты ести сала әйеліне басын бұрып. — Орталыққа бүгін де барып қайттым, түк жоқ деп ауыздарын қу шөппен сүртіп отыр управляющий. Ертең-ақ күн жауады, мына жыртық-тесік немесі балаларға пана бола ма?


— Қайт дейсің енді, шопан болам деп сұранып шыққан өзің. Палатка түгіл баспанасыз далада жатқан жоқпысың? Палатканы айтады ғой, түге!..


— Бұл ақыл сұрасаң өстеді енді. Бәсе, манадан бері неғып үндемей жатыр десем?..


— Айдархан әйеліне өкпелегендей қайтадан маған қарай аунап түсті.


— Ертең қарлы-жауынды жайлауға көшкелі отырмыз. Білмеймін тіпті, сендердің басшыларыңның не ойлайтынын? — деп Балапан тағы да күңк етті.


— Ойламай жүр деймісің, реті келмей жатқан да. Бір сен емес, сан шопан бар, бәріне де баспана керек. Ана бір кезде жалғыз палатка келген екен. Оны әлгі Мұхтар әкетті. Бала-шағасы жауынның астында торғайдай боп бүрісіп отыр екен. Жаным ашып кетті де, сен ал деп кезекті соған бердім.


Қотанның арғы жақ шетінен кәндек сары қаншық шаңқ ете қалды.


— Әй, әлгі Қызыл неғып жатыр өзі, байланып! — деп Айдархан тағы да басын көтеріп алды.


— Сен неменеге қазымыр боп кеттің, — деді Балапан.


— Дәл бүгін інімді қуаламай-ақ өзің күзетсең де болатын еді ғой.


— Ұшынып кетпейді! — Айдархан көрпесін кеудесіне тарта түсіп, қайтадан жастығына қисайды.


Иттің жағы семді. Орман да бір-екі рет қаңқ-қаңқ етіп барып тынды. Қойнау тағы да қыбырсыз мүлгіп қалды. Шалқып өткен самал лық еткізіп арша мен шайырдың хош иісін ап келді. Төбемізден төніп тұрған кәрі қайыңның жапырағы сыбыр-сыбыр етісті де, біреу естіп тұрған жоқ па дегендей, кілт қоя қойды. Оның жердегі көлеңкесі де жыбырлап, бізге жақындап келеді.


Балапанның нәрестенің жүзіңдей моп-момақан, дөп-дөңгелек бет-пішіні түбіт бөкебайдан бір уыс боп қана жылтырап көрінеді. Айқасқан ұзын кірпіктері қыбырсыз, ұйықтап кеткен тәрізді еді. Оның топ тұлымы желмен толқыған селеудің шашақты құйрығындай елбең-елбең етіп, сәби жүзін сипап-сипап қояды. Маңдайы сәл жиырылып, көзін жапақ еткізіп ашып алды, сосын қытықтай берген мазасыз тұлымды самайына қарай үрлеп жіберді. Бейжай, былқ етпеген күйі аспанға сүзіліп жатып:


— Әй, інім!.. — деп дауыстады. Қой шетінен Шөлтидің:


— Ау! — деген даусы естілді.


— Көнектегі сүттің бетін жаба салшы, ит кіріп кетіп жүрмесін.


— Жарайды!..


«Әй, інім». Осы бір дауыс іргемнен шықса да, алыстан талып естілгендей болды маған. Алыстағы әлдекімнің жаңғырығындай боп жетті құлағыма. Бұл бір алыста қалған, ұмыт болған жылы сөз еді...


* * *


Біздің ауылдағы жеңгесі бар балалардың бәрінде де екі есім бар-тын. Бірі ата-анасының қойғаны, бірі жеңгелерінің қойғаны. Және жеңге қойған аттың көбі «Інім» боп келетін. «Інім» деген ат тек менде ғана жоқ еді. Содан ба, жеңгесі бар балаларға қызғанышпен қарайтынмын, мені ешкімнің «Інім» демегеніне налитын кездерім де болушы еді. Ол кезде «Інім» деген сөзде жеңгенің назынан көрі жанашырлығы жататын. Содан ба, мен Айдарханның «Інім» деген атына ортақтасқым келе беретін. Жеңгеміз Бизәттің «Інім» деген даусына мен де елең ете беретінмін.


Айдархан екеуміздің ортамызда Үркек атты бір қоңыр шолақ өгіз бар еді. Мың салсаң бір баспайды, шабынан түрткілеп, үркітіп қойсаң бөкенше желеді, тентектігі соншалық, атша тебетін: бір өзінің басында үш бірдей қасиет. Мен шөмеле тартамын. Бизәт сүйреткіге айырмен шөп салады, Айдархан қол тырмамен шөмеленің соңындағы шашылған шөпті жинайды. Халық айтқандай екі жарты емес, үш жарты бір бүтін едік.


... Күн қайнап кетті. Ауа қаңсып тұр. Қураған шөп қайта-қайта сырғып түсіп, сүйреткіге тоқтамай қойды. Бөгелек буған Үркек те тепкіленіп, бас бермей жүр. Сәлдең соң басқа-көзге ұрғанға да қарамастан, мені төңкеріп тастап, құйрықты тігіп алды да, қарағай ішіне қойды да кетті. Айдархан екеуміз ішегіміз үзілгенше күлдік. Бизәт айырды лақтырып жіберді де, мұңайып отырып қалды. Оның қабағы түйіліп, көзіне мөлтілдеп жас толып кеткен екен, жиегі шыланған қос жанары қалт етпей безеріп бізді бағып отыр. Күн қағып тотыққан жұқа маңдайына сызаттанып әжім шыға келіпті. Қызыл шырайлы жарқын жүзі қуқыл тартып, әлденеге ызаланғандай булыға қалыпты. Бізге ренжігендей көрінді.


— Інім, жанторсықты әкелші, — деді даусы қалтырап. Біз екеуміз де қосарлана жүгірдік. Қайнарда бастырулы жатқан, қарынша созылып, былжырап кеткен жанторсықты алып келгенде ол қурай арасында отыр екен. Торсықтың қышқашын шешті де, қурайды қақ бөліп қолымызға ұстатты.


— Қаңсып кеттіңдер ғой, ішіңдерші мынаны, — деп сыңқ еткізіп торсықты алдымызға тастай салды. Біз етпеттеп жата қалып, қурайды торсықтың тар өңешінен тығып жібердік те, абраттың ілкімсіз көк су іркітін қылқылдатып жұта бастадық. Ол біздің басымыздан кезек-кезек сипап ұзақ отырды, бірдеме іздегендей қарағай басын көзімен тінткілеп, мелшиіп қалған еді. Әлден уақытта:


— Қайтейін енді, обалдарың зауал пәшеске болсын, — деп демін сарқа күрсінді де, орнынан тұрып, кетіп қалды.


Біз көк қарын боп айранға тоя бергенде, Үркекті жетелеп қайтып келді. Беліне үш қурай қыстырып алыпты.


— Қурайыңыз не? — дедім мен.


— Қурай ма? Мына қурай сен, мына қурай інім, мына бір қурай әскердегі ағаларың Қонысбай, — деп саусағымен санап шықты — Үш бірдей азамат, сүйеу болған соң жұмысты мен істемегенде кім істейді.


— Әй, келін шырақ!.. Балалар!.. Шөп келмей қалды ғой, шөп! Шөп!.. — деп, мая үйіп жатқан шалдардың бірі бажылдап айғай салды.


— Қой, ойбай, қозғалайын. Борбайларың созылып өлетін болдыңдар ғой, демалыңдаршы, өзім-ақ бірдеме етермін. Арам қатқыр, сен де бізді басындың-ау! — Бизәт айырдың сабымен Үркекті жондата салып қалды да, мұрындығынан жетелеп жөнелді...


Бұл біздің күңдегі тіршілігіміз. Күн сайын қурайдай болса да қауқарлық жасайды екенбіз. Кешкілік шаршап-шалдығып қосқа аяғымызды сүйретіп азар жетеміз де, арпаның қатықсыз қара көжесін құлатып ап, бүк түсіп үшеуіміз бір көрпенің астына кіреміз де сұлаймыз. Бір жаққа кетіп қалатындай, Бизәтті тас қып құшақтап жатамыз. Біз әзіл-қалжың айтқан қыз-келіншектерден де қызғанатын едік оны.


Тайганың жылы жаңбыры жылымшып жауады да тұрады. Шөптен соққан итарқаның маңдайынан кесек-кесек тамшылар тырс-тырс тамады да тұрады. Бизәт етегін тізесіне дейін түріп ап, ақ балтырын тамшыға төсеп қойып ұзақ отыратын: ыңылдап ән айтады, тоқыма тоқиды, жамау-жасқауы ине-жібі қолынан түспейді әйтеуір. Біздің жейдеміз де, шалбарымыз да ол кезде жүннен жасалатын. Бизәт бізге көйлек те кигізген, шалбар да кигізген. Ол бізге тоқыма да үйреткен.


Мұндай күндері кейде ол ауылға кір-қоң жууға кетіп қалады. Жөңкілген бұлт, тырсылдаған тамшы, сытырлаған жаңбыр, қосымызды түрткілеп маза бермейтін ызғарлы жел жабығып көрмеген балалық көңілімізге жетімдік кіргізіп кететін. Екі көзіміз төрт болып жолды күтеміз. Келе ме, келмей ме? Ірімшік әкеле ме, құрт әкеле ме? Жоқ, одан көрі бір үзім нан, бір шөкім май болғаны жақсы ғой. Келе ме, келмей ме? Жақсылық хабар әкеле ме, қайғылы хабар әкеле ме? Әскердегі ағаларымыздың қайсысынан хат, қайсысынан қаралы қағаз бар екен? Тіпті кейде екеуі де болмай, адам көңілін әлдебір үмітке байлап, «хабар-ошарсыз кетті» дей салатын. Ал коп азаматтардан осының үшеуі де жоқ. Соның бірі Қонысбай.


Ымырт үйірілісімен тайга ішін соқыр тұман басады. Жауын барған сайын уақтап, ақ тозаңданып кетеді, желдің өтінде тұрып әлдекім үн шашып жатқандай. Орманды қара түнек басады да, төңірек түгел ысылдап жөнеледі.


Жұрт ертерек көжесін ішіп ап, ұйықтап қалады. Айдархан екеуміз қостың аузында жол торып, дірдектеп тоңғанша қызыл ала құрақ көрпеге оранып отыра беретінбіз. Әуелі жолға қараймыз. Сосын мен оған қараймын. Ол маған қарайды. Оның жақ жүні үрпиіп, шашы тікірейіп, қалқан құлағы бұрынғыдан да салпайып өсіп кеткендей боп көрінетін қараңғыда. Кім біледі, менің де кейіп-кескінім сондай болған шығар.


Айналадағы коп томарлар қосқа қарай анталап келе жатқандай болады. Жоқ, әрі-беріден соң томар емес, қараң-құраң етіп, бір-біріне жабыса қап, күбірлесіп тұрған адамдарға ұқсап кетеді. Оларды біз көз талғанша аңдимыз. Әдейі біз ұйықтап қалсын дегендей олар да қара қосқа жақындамай қояды.


Бойымызды әлдебір ызғар қысып, көңілімізді әлдебір қорқыныш билеп, Айдархан екеуміз басымызды қызыл ала құрақ көрпемен тарс қып бүркеп аламыз да, құшақтасып жатамыз. Бетімді ыстық демі шарпиды, тарс-тарс ұрған жүрегінің дүрсілін естіп жататынмын мен оның.


Маңдайшадан аққан тамшылар бір сарынмен жер ошақ басын сылп-сылп ұрады да тұрады. Біреу ұйықтап жатып өгізбен ұрсысып қалады, біреу әскердегі баласын шақырады, біреу «құя түсші» деп аспазшыдан бірдеме сұраған болады, дәу де болса көже шығар-ау. Қостың іргесіне әлде не сүйкенгендей сыбдыр ете қалады. Бөрі ме деп Айдарханға тығыла түсем. Біраз өткесін біреулер сөйлескендей боп естіледі. Әлде Бизәт па екен, қасына біреуді ертіп кеп кіре алмай тұрған.


Осындай ымыртты кештердің бірінде тәнімізге аталарымыздың ащы қамшысы да тиген.


Бизәт ауылға кетіп қалған. Күте-күте көзімізге ұйқы тығылған соң жатайық десек, қыздар құрақ көрпемізді жамылып апты. Сұрасақ: «Бұл Бизәттікі ғой, біз жамыламыз», — деп бермеді. Біз Бизәттің мүлкін де қызғанатын едік. Әлдебіреулердің иемдене қойғанына ішіміз күйді де, Айдарханның аузынан балағат сөз шығып кетті. «Көргенсіз неменің тілінің ұзынын қарашы», — деп үлкендердің бірі қамшымен қараңғыда тартып-тартып жіберді. Бүк түскен күйі құшақтасып жатып, екеуміз де сол күні жастығымызды сулап шыққан едік.


* * *


Ай Қырғи қабағынан құлайын деп қапты. Шығыс жақ алакеуімденіп, талаурап келеді. Орман ішінен жылқышы торғай ысқырып-ысқырып жіберді. Балапанның томпиған еріндері бүлк-бүлк етіп, пысылдап ұйықтап жатыр. Айдарханның солай қарай қашан аунап түскенін білмеймін, жалаңаш білегі айқасып, Балапанның қыл мойнынан асып түсіпті. Қос ішінен екі жастың шөлп-шөлп сүйіскені естілді. Менің көз алдыма тағы да Бизәт келе қалды.


Ол соғыстан кейін де Қонысбайдың қара шаңырағын күзетіп, бес-алты жыл отырып еді. Қазір ішкі жақта біреуге тұрмысқа шығыпты. Бала-шағасы бар дейді. Сонда да күні бүгінге дейін оның ауылдан кетіп қалғанына ішім өкінетін тәрізді, ішім жылайтын тәрізді.


Жетім-жесірге пана боп, соғыстың күллі ауыртпалығын қоңыр өгіздермен қоса сүйресіп шыққан сол бір асыл жандарды, асыл жарларды мына жатқан Балапан, анау қос ішіндегі жаңа түскен жас келін білер ме екен? Әй, білмейді-ау. Жар құшағында көп нәрсе ұмыт болады ғой.


Бірақ, ұмытса несі бар? Заман бақытты болса, көңіл тасиды. Көңіл тасыса, өкінішке орын да жоқ. Оның үстіне халық: «Келіннің аяғынан», — дейді. Аяғын алдан күтеміз де.


Жылқышы торғай қосқа жақындап кеп тағы да ысқырып-ысқырып жіберді. Шөлти далаға шықты да, қой шетіне кетті. Айдархан да басын көтеріп алды. Көзін уқалап-уқалап қойып, інісінің соңынан бағып біраз отырды. Сәлден соң: — Мына ит тоңып қалған жоқ па екен-ей, — деп маған еңкейді де, қызыл ала құрақ көрпені менің көкірегіме соза жауып, қымтап қойды. Сосын өзі де маған сығылыса, тақай жатты. Көкірегімдегі құрақ көрпенің иісі бойымды балқытып, қасымдағы Айдарханның ыстық құшағы жон-арқамды жылытып, күйдіріп бара жатқандай болды. Жоқ, сірә да өткенді ұмыту қиын екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу