29.01.2022
  134


Автор: Қалихан Ысқақ

Қаратайдай ел қайда...


Қырдан да, қырымнан да пана көрмей,
Жатқа да, жақынға да баға бермей.
Баспын деп бір тайпа елге мәз болыппын,
Азабың алда шығар қалсаң өлмей.


Әбдікерім.



— Қалаға, бұл жолы атамекенді атпен аралатамын, — деді. Алматыда отырып Алтайда жүргендей, Алатауды көріп отырып Алтайды сағынатын Дидахмет қой. «Тас монша» есіне түссе қарап отырып қасынып, Мұзбелдің төбесінен шаршап қайтқандай «Сары самауырдың» күрең шайын таңдайымен сағынатын Дидаш қой. Астанаға қызметке шақырғанда үш ай жүріп қайтып келіп еді. «Көзге тиянақ болар тауы жоқ екен» деген.


— Бір үйден тоғыз қабат тон тауып киетін баяғыдай баршылық жоқ, етік болса ала жүр, елде керзінің құны екі қой, онда да табылса ғана,— деп еді. Атышулы «перестройканың» зардабынан ел тыр жалаңаш қалған, араласа қалған көрші-қолаң есіктен артымен кіріп, артымен шығатын кез.


Иә, ат аяғы жеткен жердің бәрі де атамекен. Құс қанаты жеткен жердің қиясын да аталарымыз мекен еткен. Иректен Тарбағатай жайлауының биігіне көтерілсең етекке қарап басың айналады. Аспан айналып жерде жатқандай. Етекке үңілсең — көз жетпейтін шыңырау. Енсіз Бұқтырма еденге түсіп қалған жалғыз тал қылшықтай, жағасында құмырсқаның илеуіндей бір шоғыр қарауытады — Оралханның ауылы, әріден санасақ Әбдікерім болыстың ордасы, бүгінгі Шыңғыстай, кешегі Шәңгіштай.


Тарбағатай, Шабанбай,
Айрылдым елден баға алмай
Сағынып мұнда жатырмыз
Маңайыңа бара алмай.


Әбдікерімнің елге жазған соңғы хатынан. Әбдікерім ақындықтан да құралақан еместі. Болыстығынан серілігін бұрын өткізген кісі. Құлқы бар құлды да қой соңына салмаған. Бірақ менің көкейімде Әбдікерімнің ақын қызы Бағиланың ұзатылардағы зары тұрды:


Мұзбелдің мұзартынан шаң тұрмаған
Қолыма сұңқар қонған саңқылдаған.
Сол сұңқарым қапыда ұшып кетіп,
Әпеке мен болдым қаз қаңқылдаған...


Бағиланың сұңқары — Сұлтанмахмұт Торайғыров еді. Ел аузында Әпеке атанып кеткен Әбдікерім ел үшін жанқиярлық жасаған, Думаның депутаты, «Алаш» партиясының атқару көмитетінің мүшесі, 1920-жылы Семейде партияның жаңа программасы қабылданғанда Әлихан Бөкейхановқа қосалқы баяндамашы болған, совет дәуірінде үш рет түрмеге қамалып, ақыры туған жерден топырақ та бұйырмай мүрдесі жат жерде қалды. Ыбырай Алтынсариннен соң 1907-жылы қазақ балаларына орыс-тузем мектебін салдырған ағартушы. Өкпе ауруына шалдыққан ұлы ақынға шипа бола ма деп Әбдікерім оны Шыңғыстайға алып келіп, боз биенің сүтіне шомылдырып, қара биенің тосабымен емдеген екен. Әбдікерім мектебінде ұстаздық етіп жүріп ақын Бағилаға ғашық болыпты. Онжетідегі есті қыз да ақынға құлап қалса керек. Оналтыншы жылдың тауқыметінде азаматтарын қайда жасырарын білмей қысылған Әбдікерім Бағиланы боздақтардың бодауындай қылып қалыңсыз ұзатқан. Бағила айтыс ақыны болған.


Кешірер серттен тайсам ақын аға
Бодауға байланып тұр басым аға
Ілетін ақ сұңқарға қаз табылар
Қанатым қайрылды деп жасыма аға
Көз жасын ағайынның аттай алмай
Алтынға бақыр басты сақтай алмай
Көз жұмып көрмегенге кетіп барам
Топырағын туған жердің даттай алмай.
Жеткенше басым жерге сағынармын
Мың мәрте суретіңе табынармын
Аршыған жұмыртқадан арым таза
Алдынан таңдамақшар табылармын.


Ел басына ертең қандай күн туады, қырғын боп жатса қосақ арасында кетпесін деп Әбдікерім Сұлтанмахмұтты еліне қайтаратын болыпты. Қосардан ат мінгізіп, қасына онекі жасар баланы серік қылыпты да жол бойындағы игі-жақсыларға: Сұлтанмахмұт еліне қайтып барады, қарсы алыңдар, Ақбеткейде оған да пәбеске келіп жатыр екен, мүмкіндік болса Зайсанда ұзағырақ ұстап қалыңдар деп күні бұрын хабаршы жіберген екен. Жасы үлкен біреуді ертпедіңіз бе деген ақын өтінішіне Әбдікерім: қыр аспай мезі қылатын қырт шалдардан көрі мына бала саған ермек болады деген екен. Дихан Әбілев өзінің кітабында болыс пен ақын арасында бір кикілжің болған дегенді айтады. Бекер. Сұлтанмахмұт «Алаштың» үш көсемінің үндеуіне қарсы болып, «сарала түйме таққандардың қазақты сатқаны бір бұл емес» деп қатты сөзге дейін барған. Бөкейхановпен Петербургтен таныс, әрі алаш қозғалысының белсенді мүшесі Әбдікерім ақынның пікірімен келіспеген. Әбдікерім мектебінде ұстаздық еткен Сұлтанмахмұт өзі де орыс тілінен сабақ алған. Болыс оқытушыларды саяси себеппен жер аударылып келген разночинцтерден жинап, саяси науқандарға араласпайды деп губернаторға қолхат берген екен. Денсаулығын түзету үшін Сұлтанмахмұдтың Шыңғыстайға келуі де Бөкейхановтың өтінішіне байланысты болса керек. Егер екеу ара бір өкпе бола қалса, ол Бағила үшін. Сұлтанмахмұд еліне қайтар алдында Әбдікерім:


— Әр заманға бір сұрқылтай, заман қалай құбылса да әкім табылар, ақын табылмас. Ақын еліне қайтсын,— депті. — Бүкіл Қаратайдың қыздарын көгендеп қойып таңдатсам да бір Бағиладай болмайтынын білемін. Өкпең мен өкінішіңді қоса алып барасың. Көңіліңді таппағаныма кешірім өтінемін. Бірақ бір сенің көңіліңе бола болыс бір қызын қарашасының құрбандығына байлап бермесе әділет болар ма еді? Бір қыздың бай тапқаны қымбат па, әлде бір қызды құрбандыққа шалып, алашқа пана тапқаным қымбат па? Қисыны қайсы?


Сұлтанмахмұттың:


Қайтермін іште дерті симағанмен
Болар ма көз жасымды тимағанмен
Дұғаға, жалынғанға тағдыр саңырау
Дауа жоқ ашу қылып қирағанмен.
«Ол сенікі» деп мені нанғыза алмас
Жүз әулие мың келіп милағанмен
Жан қимақ пен жар қимақ бәрі бір бәс
Қидым, қидым, амал жоқ қимағанмен... —


дейтін өлеңін ақын осы кезде жазған. Жалпы оның ғашықтық жырларының барлығы да Бағилаға арналған.


«Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдарына өзек болған да Төр Алтай, сол Алтайдың тіршілігі мен трагедиясы. Алтайдың әр томпағы зират, әр соқпағы ел тарихы. Австриялық тұтқындар салған «Иректің серпантинінде» ел тағдырының куәгері болған із жатыр — қанды із: оналтысы бар, онжетісі бар, жиырма сегізі бар, отызекісі мен отызжетісі бар — бұл жол қасіретпен қазылған, қабырғасы қорғасынмен, табаны Қаратайдың жеті атасының қаңқасымен тапталған...


... Бірінің иығына бірі міңгесіп, көк аспанға найзасын қадаған сеңгір-сеңгір тау сілемдері теңіздің қатып қалған жал-жал толқындарындай үрейлі, алдың артыңнан биік, артың алдыңнан биік, таудың үстінде тұрып тауға қарасаң сұрапыл толқын төбеңнен келіп басатындай тынысың тарылып, денең зіл тартады. Қоңыр самалда мұздың ызғары, қардың иісі бар. Қағырға шықсаң күн жалап, теріске түссең тер қатып, бір ыстық, бір суықта тас моншаның буында отырып төбеңнен тастай суды төгіп жібергендей тітіренесің.


Алтау едік: жергілікті әкім Шаймерден Оразаев, Шорнауаның орманшысы Ниязбек Әбішев, Дидаштың өзі, менің құрдасым — Дидаштің онтөрт жасар ұлы Дәулет, сосын баяғы мен. Бұл жолғы бетіміз Шабанбай. Соның шеті — Шұбарағаш. «Шапқан жолмен» астық. Жамбыл облысындағы Құланның жайлауынан «Көтенүзген» деген асуды көрген едім. Мына асу көтеннен де зорғыны үзгендей екен. Алдыңа қарасаң аспаннан басқа түк көрінбейді, артыңа қарасаң басың айланады. Астыма Ниязбек жирен қасқа жорға мінгізіп еді, сыйлағаны да, бұл шіркін қызғаншақ неме екен, өрге келгенде алдыма жан салмаймын деп ырсылдап-күрсілдеп жанталасады да еңіске түскенде жорғасымен лоқылдап арқасына ер тоқтатпай лақтырады келіп. Шапқанжолды Дидахмет Балтабайдың жолы деп жазып еді. «Балтабайдың жолы» Шұбарағаштағы «Балтабайдың жартасына» жеткізіп салды. Бұл елде Балтабайлар баршылық, бірақ солардың бәрі шетінен балта ұстағандар емес, егеспен ереуілге шығып, ерлікпен бас кескен біреуі ғана...


Есеппен шаншып қойғандай шанжау-шанжау балқарағайлы Шұбарағаш етекке қарай қиялап түсетін атшаптырым кең алқап, бір кезде Шорнауаның шабындығы екен, қорадан мал кетіп, өріске тұяқ тимеген соң шымы тусырап, шалғыны кеңірдектен асыпты. Дидахмет аттан түсе салып камераға жармасты. Табиғаттың өзі жонып қалаған қарсыдағы қызыл күрең жартастар қатар-қатар сап түзеп, төбемізден күн өтпесін дегендей балқарағайдан шынар киіп алыпты да сәлемші күткендей бұлар да ел жаққа қарап едірейісе қалыпты.


— Балтабайдың жартасы деген осы,— деді Дидаш. — Ернін қинауға ерінген жұрт Тесіктас дей салады.


Аулым көшіп барады Тесіктасқа
Шіркінай обал болды-ау кертікбасқа
Көзден жырақ кеткенде қарағым-ай
Келдағы өз қолыңмен кесіп таста!» —


дейтұғын бәдік айтыстан қалған бір шумақ дәп осы жерде туды ма екен деп те ойлаймын.


— Сенің жүрген жеріңнің бәрі Балтабай ма, әлде Балтабай жүрген жердің бәрін шарлаған сен бе? — деп әзілдеген болдық.


Өз салмағы жарты тонна, бір тонналық қаракер аттан Шаймерден қарғып түскенде жер солқ ете қалып еді, «бүйтіп қинағанша сойып тастамайсың ба» дегендей Шерушінің Көшкіндісінен бодауға қалған ендігі «жуанына» қаракер жәудірей қарап күрсініп салды. Жануардың мұңына жанашырлық жасар бапкер қайда, Шаймерден шайқалып келіп:


— Ол бір ұзақ хикая ғой, — деп Дидахметтің жауабын қарызға сатып алды. — Бұл жартасқа тіл бітсе талай хикметті сайрар еді, әттең, тасқа жазылған тарихымызды бүгінде кім оқығандай.


— Соны оқытамын деп бұл Дидаш бізді жетелеп келе жатқан жоқ па.


— Жетелеген жақсы-ау, бірақ Дидаштың төпелеп жазатын кезі емес пе. Бұл арғы Балтабайға жете алмай, бергілерін ғана жиып-теріп, «Тасмонша» мен «Тасқаланың» арасын таптап тауыса алмай жүр ғой. —Шаймерден байқатпай тұрып Дидаштың бақшасына бір тасты томп еткізді. —Ақсуға барып сіз жатып алдыңыз, Паркеден шықпай Әлібек жүр...


Үш шапалақтың астарында назы бары, айтылмаған қолқаның ағайынға деген құлаққағысы бары да рас еді. Шаймерден үшеуіміздің үш кітабыміздің атын тілге тиек етіп тұр: кемітіп те, кекетіп те тұрған жоқ, Қаратайдың қымбаты мен қасіреті де өткенде жатыр емес пе дегендегісі. Соның бірі мына «Тесіктас», Дидашқа салсаң — Балтабайдың жартасы...


...Балтабай Әлкенбаев жұрттан асқан қолмерген болған деседі. Атпен ағызып келе жатып аспандағы құсты атып түсіре береді екен. Теңеп айтсақ — Қаратайдың Кейкісі. Екі заманға да симаған: патша өкіметіне барымтач, совет өкіметіне бандит атанып, қадырын халқы ғана білсе керек... Аудан орталығында, ауданның «қызыл алаңында» күні кешеге дейін қайқайып Х.Н. Пахомов дейтіннің ескерткіші тұрды, қаңқасы да сол құлпытастың астында дейтұғын.


Қызыл отрядтың нәшәндігі Х.Н.Пахомов Балтабайдың қолынан қаза тапқан. Балтабай бандит атанып, Пахомовты елу жыл бойы жер-көкке сиғыза алмай мадақтап, аудан ауызға ілінсе, оның аруағы әулиедей дуалының лебізінен қалған жоқ. «Жарықтыққа» тәңірдей табынатын жөніміз де бар еді: оның өз сөзіне жүгінсек — «мен 1500 бандиттың басын шаптым, жүздеген қашқынды бақыртып түрмеге жаптым» депті-мыс. Мұндай ерлік әр жерде болған шығар, бірақ мыңдаған бейбақтың тағдырымен оқпен ойнаған екінің бірінен табыла қояр деймісің? Қылыш ұстағандар ұлы кәмпескеде қолының қышуын бір қандырды, бес бие байлаған «ірі» байлардың, шолақ байтал мінген «құлақтардың» тұқымын тұздай құрту керек болды. Марқұм Пахомовқа Қатынқарағайдың төрінен топырақ бұйырды. Ал «байлар» мен «құлақтар» жеткендері Қытай мен Монғолға қашты, жетпегендері Ресейдің Ойманына барып тығылды: Қасқырбаевтар Волков, Түлкібаевтар Лисицын болып шоқынып шыға келді — талап солай болды, әйтпесе қырып салатын болды. Дін десе аза бойы тік тұратын кеңес өкіметі қазақтарға «жаны ашығандықтан» шіркеуге кіріп шыққандардың мойнына крест тағып «жарылқап» тастады. Ал Алтайдың асуларында оққа ұшқан мыңдаған «бандиттер» мен «қашқындардың» қаңсып жатқан ақ сүйек қаңқасын құз бен шатқалдардан әлі күнге жинап алар ешкім жоқ.


«Жаңа үлгі» мен «Мойылдының» арасы ел көшіп қонатын жер. Аңғарында Бұқтырма жатыр. Жағасындағы орманды-тоғай әлі күнге күңіреніп тұратын сияқты. Пахомовтар ел азаматтарын осында алып келіп, ағашқа таңып тастап , күн сайын дүремен қинап жауап алады екен де ақырында жарып өлтіретін болыпты. Пахомовтардың ел мадақтайтындай «ерлігі» осындай. 1935- жылы зорлық-зомбылыққа шыдай алмаған 30 түтін (300 адам) жылқы, сиырын, 25 мың қойын айдап Шындығатай арқылы Қытайға өтпек болыпты. Мұны біліп қойған Пахомов отрядын алып күні бұрын алдын тосқан екен. Бойында жаны бардың бірін қалдырмай қырып, бесіктегі 6 балаға дейін атып тастап, 25 мың қойды Өрелге айдап қайтыпты. Қайтар жолда Шыңғыстайға соғады. Бес намаздан басқа саясатта шаруасы жоқ Жүніс деген молданы зиратқа тығылған жерінен атып өлтіріп, аяғына арқан тағып, ауыл ортасына сүйреп әкеліп тастап кетіпті. Жүніс молда Балтабайдың жақын танысы екен, қатты ашынған аңшы қарағайдың қабығын аршып: «қанға — қан, мен енді сені өлтірмей қоймаймын» деп жазса керек. Бірде әдейі іздеп үйіне келсе, Пахомов үстінде аппақ жейдесі бар, отбасының ортасында тамақ ішіп отырған көрінеді, балаларының көзінше өлтіруді арсыздыққа санап тиіспей кетіп қалыпты. Енді оның соңынан Пахомов түседі.


Адам баспаған Алтайдың асуларын жатқа білетін Балтабай жалақтаған қылыштан, жалқақ қаннан, өрттей жалмаған аштықтан қашқан-босқан қаратайлықтарды арғы бетке апарып салып жүреді екен. Қиянатқа шыдай алмаған жеке батыр қолына қару алуға мәжбүр болған. Совет өкіметін құлатамын деп емес, социализмге тойып болған елді арғы бетке алып шығу үшін. Артынан кезекті бір қуғын түскенде дәл осы «Тесіктаста» Пахомовты қасқа маңдайдан көздеп, қанды іше-іше күпті болмасын деп фәнидің «азабынан» құтқарса керек... Балтабай Шығыс Түркстанда 1949-жылғы ұлт-азаттық көтерліске де қатысқан екен. Ұрпағы жасқанып, туған елге қайтпай қалды. Бір ұлы өз кіндігінен, екіншісі Әбдікерімнің Қамбарының баласы, Қамбарды Новосібірдің түрмесінде совет өкіметі атып тастаған соң жетімсіретпеймін деп бауырына салып алған көрінеді.


Жарты ғасыр үндемеген «Тесіктас» үндемеген қалпы мелшиіп тұр. Мелшиуіне қарағанда «үндеуді» бізден күткен сияқты. Жел-құздан арса-арсасы шыққан жақпарлардың Балтабай қай жықпылында тұрды екен? Арса-арса боп айырылып кеткен жақпарлар жартастың заманнан тартқан жарасындай еді...


«Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дейді қазақ. Қазақтың алдына келіп кім кешірім сұрапты? Әлі де сұрағысы келіп отырғаны шамалы.


«... отношения, сложившиеся между пришлым европейским населением и коренными народами, в результате империалистической политики российского самодержавия за два с половиной года советской власти, находившейся в руках чрезвычайно тонкой прослойки русских рабочих, сильно зараженных колонизаторской психологией, не только не изменились к лучшему, но еще более обострилось благодаря своеобразным «коммунистическим» действиям, рассматриваемым порабощенным коренным населением, как продолжение действий агентов старой власти и по существу являющимся таковыми.». (В.И.Ленин. «Замечания на проекте решения ЦК о задачах РКП(б) в Туркестане». 13 июня 1920г.)


Боданды елге жасаған патшалы Ресейдің екіжарым ғасырлық қиянатынан совет өкіметі екі жарым-ақ жылда асып түссе, жетпіс жылда не істеді екен?


Демек, Лениннің кезінде де отарлау саясатының әліппесі ешқандай өзгермепті, өзгерген бұйрық қана: «На все четыре стороны. Возвращать необязательно» дегеннің орнына — «Не пущать! Возвращать необязательно!» болып жаңарған. Қазақтардың жерін тартып алып жатыр деп халықаралық айқай-шу болмасын деген мақсатпен шекараның арғы бетін де, бергі бетін де әскери отрядпен тығындап қойып, ел асуға шығысымен орманға өрт жіберіп, ары қашқандарды да, бері қашқандарды да қырып салды. Лениннің өзі де коммунистерден патша өкіметі агентінің ентаңбасын танып отырған жоқ па. Садизмнің символы болған охранка мен жандармерияның жойқын «қызметімен» дүние жүзінде ешбір ел таласа алған жоқ.


Бір ғана Түркстан өлкесінде 1918 жыл мен 1920 жылдың қаңтарына дейін екі миллион көшпелі аштан қырылды. Ақмешіт пен Ташкент аралығында жусап жатқан өліктерді көміп үлгере алмай теміржол бойының оры мен жырасына арбамен төгіп, бүкіл даланы күңірсік алып бара жатқан соң бетін зорға жапқан жоқ па. Дәл сол жылы, дәл сол айда Түркстан компартиясының бесінші конференциясында аштық жайында баяндама жасаған Тұрар Рысқұлов жалғыз өзі шыр қағып, халқының қасіретін айтқанда, орталықтан келген компартияның аристократтары Совнарком бөлген азғантай қаржыны өздері бөліп жеп: аштық жайлы аузыңды ашпа, көшпелі жұрттың цивилизацияға ергені қалады, қырылғаны — «естественный отсев» деп шіреніп еді. Отызыншы жылдары аштан қырылған үшжарым миллионның жаназасын алпыс жыл өткен соң шығардық. Соның өзінде де «мұны геноцид деп айтпаңдар» деп Мәскеу бүгінде зар қақсайды. Ал жиырмасыншы жылдардың құрбаны күні бүгінге дейін жоқтаусыз қалды. Айқайладың деп Рысқұловтың аузына қорғасын кептеп өлтірдік.


Л.Толстойдың: «Бір халықты жойып жіберу үшін кәсібінен айыру жетіп жатыр» дегені бар. Большевиктер ұлы жазушының «Воскресеньесін» оқыды ма, оқымады ма, кім білсін... Байларды кәмпескелеу осы саясаттың бастамасы еді. Кәмпескеге қарсы деп, кәліктіпке қарсы деп Созақта бір түнде, бір ауылда 500 қазақты қырып салғанымыз қайда? Бұл бір ауылдың құрбаны. Созақта қанша ауыл? Бар қазақта қанша ауыл? Мұндай «көтерлістер» әр облыста, әр ауданда, әр ауылда болды десіп еді, болды десіп қарудың күшімен «басып» еді. «Бандылар» мен «қарақшыларды» қырып салып, қалғандарын «бай тұқымы», «құлақсыңдар» деп итжеккенге айдап, онан қалған Қаратау мен Сырдың қазақтарын Көктастың, Домның, Ридердің қорғасын рудниктері мен карьерлеріне, шахталарына тоғытып, керісінше, шығыстың қазақтарын итжеккеннің жынысы мен сахараның құмына қамап зорға тауысқаны қайда?


Қазан төңкерісі болып жатқанда, азамат соғысы жүріп жатқанда, совет өкіметі орнап жатқанда қарсы тұрып, шошаң етіп қолына мылтық ұстамаған, басып өткен ақтардан бір қырылып, қуып жеткен қызылдардан екі қырылып қанжоса болған қарусыз момын ел отызыншы жылдары нағып желіге қалды екен? КГБ, НКВД бүкіл қазақ қылыш жалаңдатып ат үстінде жүрген деп сендіріп бақты. «Ұяттан» совет империясының бетіне қарай алмай, жетпіс жыл бойы сүйекке таңба, беделге нұқсан болып, ақыры «казахский национализм» дегенді қасқа маңдайымызға жазып беріп еді. Бұл атақ та «фашистік нацизм» дегеннен кем түскен жоқ.


Құдайға шүкір, бір ғана Созақ «көтерлісі» емес, жер-жердегі «бүліктің» бәрі де ВЧК-ның жоспарлы түрде ұйымдастырған арандатуы екені бүгін әшкереленіп отыр. «Банды» дегені елге басалқа болған игі-жақсылар, «қарақшы» дегені солардың ақылы мен аузына қараған артындағы қарашасы болып шықты. «Бандыларға» басшы болып Шәкәрім мен Мәдилердің, Кейкі мен Тобанияздардың жүргенін айтсақ, қалғандарын тізіп жатудың қажеті жоқ шығар.


Қаратай елінің қақ жартысы ақ жаңқа сүйек болып Алтайдың асуларында күні бүгінге дейін жайрап жатыр. Бұл геноцидтің бірінші кезеңі еді. Кезінде патшалы Ресей охранкасы мен жандармериясының жасаған тізімі толығымен совет өкіметінің жазалаушы мекемелерінің қолына көшкен. Патша өкіметінің орындап үлгермеген науқандарын «социалистік» репрессияның жалғастыруы керекті. Алда екінші кезең — қазақ ұлтының зиялы қауымын тып-типыл жою мақсаты тұрды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу