29.01.2022
  171


Автор: Қалихан Ысқақ

Көңілдің көкжиегі

Шахаң бір бадырақты сүйрелеп әкеліп, қуықтай тар бөлмеге жетелеп кіргізді; жалмауыздың жанарындай терезесі төбесіне біткен күңгірт кабинетте көзі танадай меңсіз қара жігіт нан тартып отыр еді, ала кеуім көк түтіннің ар жағынан көгенге байланған қозыдай жәудіреп ала-құла киінген ботатірсек бозбалалардың жүзі қарауытады. Қашанда үлкен-кішіге өзімсініп өктем-өктем сөйлейтін Шахаң киіп-жарып келді де:


— Мына қара кетікті танисың ба? — деді.


— Кетік көп қой. Қырыққа келіп қырқылжың тартқан мынау Сашканың аузында да бір тіс жоқ, — деді тана көз қара жігіт, — Танымасам да тісі шығып қалғанға ұқсайды.


— Оны өзім де білем. Тек әлдекім сияқты ұзырпатыр, нақал болмаған соң бұйдасан сүйреп жүргенім де... Қысқасы мұның мықты бір сценарий бар, — деді Шахмет Құсайынов ағамыз.


— Болса тастап кетсін, танысып көрелік.


— Жоқ, тастап кетпейді. Бұл кәзір оқиды, бәріміз тыңдаймыз.


— Окончательный вариант па?


— Ендеше менің де тыңдауға уақытым тығыз.


— Тыңдамасаң тыңдама. Бірақ, бұл қара кетік енді сендердің қыр соңыңнан қалмайды, — деді де Шахаң бадырақты тағы да жетелей жөнелді.


Сиырдың бүйрегіндей буылтық-буылтық киностудияның тар дәлізі қайтып аяқ баспайтын қалың жыныстай тынысы тым қапырық, әрі тым салқын көрінген. Қалтарыс -қалтарыста құрықтай найды езуіне қыстырып, өзді өзімен сөйлескен, қуыс-қуыста өзді өзіне лепіре лекция оқыған ботатірсек бозбалалар меңдуанаға күші боп, еміс-еміс есі кіргенде делебесі қызатын бақсыларға ұқсаған. Кәрі-жасы бет ажарын әктеп, штукатуркалап алған артист деген ағайындардың, режиссер деген ділмәр жұрағаттың осынау өнер жынысынан өз жолын іздеп әбігерге түсіп жатқанын студияның есітін ашып көрмеген қаймана қазақ қайдан білсін. Тек есінде қалғаны — қоңыр беретін милықтата киіп, дойбы тақтасына үңілген Шәкен ағаның мысқылды жүзі, Берковичтің томардай мундштугі, сонан соң ала бұлдыр бөлмеде тырс етпей қала берген кірпияз мінезді тана көз меңсіз қара жігіт...


Шахаң айтты-айтпады, Қаракетік тана көз меңсіз қара жігітті бес-алты жыл өткен соң тақымдап қоймай отырып Қара теңіздің жағасынан қуып жеткен еді...


... Жаға құмырсқаның илеуіндей; көңіліне сыймаса көк теңіз де адамға тарлық жасайды екен. Томырылып піскен желідегі тор қауындай төңкеріліп жатқан көп қарын. Көпшілігі өзіміздің жақсы көретін әйел деген инабатты жұрағат. Алқым мен бұғақ майын күнге жалатып, сүйек жұтып қойған сиырдай кейкиіп тұрғандары да бар. Ыстық табаға түскен жұмыртқаның сары уызындай формасынан айырылып, жайылып барып көкжиекке құлаған құлақты күн де батуға айналған. Бірақ, тымырсық аптап кеңсірік жарып, ми қайнатып барады; қырық күн шілдедегі қаланың халыққа лық толы гүжілдек автобусының әтір мен тер иісі аралас қойыртпақ ауасындай.


Ол көңілсіз еді. Суға да шомылмай көлеңкеде жатып алды. Маңайындағы жалаңаш жұрттан да, көк теңіздің көбігінен де бойы тітіркенгендей жиырылып отыр. Пляж қолтыққа орналасқанды. Күндіз-түні әрлі-берлі сабылған кеме мен теңіз баржыларының қоқысы, жер майы да осы беттен қалқып шығуда.


— Әй, шықсаңшы енді, жетті ғой, — деді ол Қаракетікке. — Бағы бір заманда жайлауға көшкенде бір шомылып, қыстауға қайтқанда суға бір-бір сүңгіген малшыларды көріп әлде кім: япырай, мына жұрт балық боп кеткен бе деп таңданған екен... Жетісіпсің!.. — деп күлді сосын, каралинге тоғытқан қотыр тоқтыдай мазутқа былғанып келген Қаракетікке. — Қой, сен балық боп кетпей тұрғанда елге қайталық.


— Келгеніміз кеше еді ғой.


— Бұл жерде екеуміз ешқандай іс тындырмаспыз. Онан да Алматыға барып ақылдасалық. Ауыл іргесінің аруағы басқа... Байқаймысың, мынау жаға, мынау су да қолаңса сасып кеткен жоқ па?..


Су бетіндегі жыбырлаған қызғылт сары моншақтарын сыпырып алды да күн қырқаға сіңіп кетті. Көк теңіздің белдеуі қазандағы қайнаған қара судай дөңейіп, көкжиектен астасқан қара қошқыл толқындардың күдері жалында қарақұрық сағым ойнады. Салқын леп соқты. Күні бойы қақтанып, су сорған ашқарақ жұрттың алды енді жанын күйттеп, асхана қайдасың деп жапатармағай жамырасып барады.


Шелек сүйреткен сарнауық сәудегерден үш сомға үш балық сатып алдық. Форель деп мақтаған. Форельдің жон арқасы теңбіл шұбар болса керек, мынасы «сор» деп аталатын тексіз майшабақ боп шықты. Қолы-басы балжыратып балық мүжуді жек көретін Мәжкең оның тегін сұрап қайтсін, әйтеуір алданыш үшін қиналып отырып үш сомын суырып берген. Екі шиша «псоу» теңденген Қаракетіктің соңынан салақтап екі «шал» Псоу өзенін жағалап келеді.


Көптен бері түтін иіскеген жоқ едік. Шырпы, кепкен салындыны бықсытып қойып енді жайғаса бергенімізде жағаны ит жетелеген серуеншілер кернеп кетті. Баладан көрі ит жетелеу оңайға түскен уақыт қой, оның үстіне ит те жеті қазынаның бірі деседі. Бірақ, тілдері сала құлаш тайыншадай дүрегейлер кезек-кезек келіп қайтып, іргемізді ту-талақай тебе бастағанда қазына болмай кеткірді қаңқ еткізіп қасқа маңдайдан көсеумен салып-ақ жібергің келеді. Тек амал жоқ, қолың қышығанмен ауыл үйдің итінің де құйрығы қайқы дейсің де қоясың. Енді бірде аңғарсақ, иін тірескен жұрт жалаққа жиналған қойдай жан-жағымыздан қаумалай, ошаққа итінген біздерді тор ішіндегі тағыдай қызықтап тұр екен. Көпшілігі гитара, транзистор арқалаған «современный» шарманшиктер. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» — дейді ғой, бір-екі ауыз қағытпадан кейін дабырлай кимелеп, ақыры от басынан үшеуімізді айдап шықты. Қоламтадағы екі-үш мундирлі картоп пен үш шабақты сауғаға беріп тағы да қоныс аударуға тура келді. От басында өңшең бір тілерсегі тылтиған теке сақалдар гитарасын тепеңдетіп жер тепкілеп қала берді:


— Вода, вода!.. Кругом вода!... Вода, вода!.. Шумит вода!..


— Ну и что? — деді Мәжкең. — Судың су екенін, су болған соң оның сылдырлайтынын дәлелдеу үшін осынша көк терге түсудің қанша қажеті бар?..


Мәжкеңнің танауын қусырған әннің сөзінен көрі қоныстың күйігі тәрізді, «Соры қалың соққы жеген пышанамыз, өмірі мақтаншаққа нысанамыз» — деп Абай айтқандай «құр дәрімен атқанның» кері болды.


— Қажетсіз дүниені есептей берсең ерте қартаярсың, — деп жұбатты Василий Иванович. — Бір жарым жыл азаптанып бір фильм жасайсың. Оны кейбіреулер бір жарым сағаттық ермекке балайды. Ал қиып-қиып лақтырып тастаған қажетсіз пленкаң қанша шақырым?.. Зады, өнер екшеуге көнеді, ал өнерге сыймайтын қажетсіз қоқыс қашанда өлермен, оны жұрт санасынан лақтырып тастай алмайсың...


Үш адам — бес қол, бес аяқ сандалып жүріп теңіз жағасына қайта шыққан. Ұзақты күнге құс базарындай шулаған Су-құм енді ғана тыныс алғандай. Мұнартсыз шаңқандай аспанға ай да шаршап-шалдығып, манаурап көтерілді. Ағаш көлеңкесі ұзарып, теңіз тұңғиығына тік шаншылған зәулім эфкалипттің ұшар басы бос аспанда самарқау жүзген ақша бұлттың үзігін сыпырып тастағысы келгендей баяу ғана тербеледі. Батысқа қарай үшкілдене созылған бұйра жотаның баурайында жыпырлаған қала оттары қарағай басына қадап кеткен қызылды-жасылды қуыршақтай еді. Теңіз айдыны сынаптай жалтырап, айдың бетіндегі ширатылған ақ селдір будың құйыны ірімтік-ірімтік боп сейіліп барады. Тұңғиық бетін ылайлап әлдебір моторлы қайық бырқылдап өте шықты да лек-лек майда толқындар жиекті сылп-сылп сабап біразға дейін теңселіп тұрып алды.


— Кең жайлау — жалғыз бесік жас балаға.


Алла асыраған пендесі аш бола ма?


Ер жеткен соң сыймайсың кең дүниеге,


Тыныштық пен зар боларсың баспанаға, —


деген өсе-ее деп — Мәжкең шөліркеп қалғандай балық сасыған жағаның өңездей ауасын өңешін жырта бір сімірді де оң қолын үзіп алып топ еткізіп құм үстіне тастай салды.


— Не дедің? — Василий Иванович Мәжкеңнің күбірін түсінбей қалса керек, ол да оң аяғын суырып алып құмға қадады да бетімізге бежірейе қарады.


— Баяғыда Абай деген бір шалымыз қазақтың сары даласына симай салақтап қаңғырып жүрген кезінде жылап айтқан бір сөзі екен.


— Мәжке, төркінін қусақ Лермонтов емес пе?..


— Пышылдама! Лермонтов ондай өлең жазған жоқ.


Даудың ақырында Абайды ары жұлмалап, бері жұлмалап аударған боп Василий Ивановичке жүгініп едік, қотармасы қораш болды ма ол да Лермонтовтан мұндай өлең оқыған жоқ едік деп Қаракетікті Мәжкеңе жығып берді. Мейлі, біреумен біреу ауыз жаласса үшіншісін қаңғытып жіберетіні қашаннан мәлім, Қаракетік туын жықты да қосын көтеріп майдан даласын тастап шықты...


Кешегі қан майданның сұрапылын бірдей кешкен екі достың творчестволық сапары да бір басталған; өнердегі өрісі әр басқа болғанмен өмір хақындағы ойлары, өзегі бірдей екі мұңдас осы жолы да үлкен қаланың беймаза шуынан қашып Су-құмға келіп тығылған-ды; біздерге алыстағы тарих, оларға көз көрді, құлақ отықты болған соң осыдан жиырма бес жыл бұрынғы Мәскеу түбіндегі қазақстандық батырлардың ерлігін экранға тартпақ еді. Көрмеген жұрт қиялына жүгінеді, көргеннің жөні бір басқа, тегі бастан кешкенді қайта жаңғырту қиын да, әрі жауапты болса керек, екеуі келгеннен бері құйрық басып қалам тарта алмай сенделуде. Қара бастың қамын қуалаған кемшін пендеге болмаса бұл жер әбігер адамның, әсіресе өнер адамының қонысы емес екен.


Алыстағы бір сағыныш Мәжкең көңіліне Абай өлеңінің бір шумағымен мұң болып кіріп, болашақ жасалмыш шығарманың алғашқы жолы осы шумақтан сабақталғандай еді. «Ел басына күн туса» атты фильмдегі Бозжановтың аузындағы: «Жайнаған туың жығылмай, жасқанып жаудан тығылмай» — деп басталатын Абай жолы осы еді. Түнімен чемоданын буып-түйіп, көк теңіздің жағасын қиғысы келмеген жеңгеміздің торсылына да қарамай ауыл қайдасың деп тартқан; бір шумақ өлеңді еске түсіру үшін самолетпен бір күншілік жерге барып қайтты деу көрер көзге болмаса естіген құлаққа ерсілеу әрине. Оның үстіне жалынып-жалпайсаң да бір сценарийіңді оқымайтын Мәжкеңнің том-том кітапты қалай сіңіріп қоятынына таң қаласың. Оқта-текте сұрай қалсаң: «Е-е, қой көрмесек те ешкілі байдың қызы едік», — дейді де қояды. Коп әріптестерінен оның бір ерекшелігі — ол әрқашан экранды кітап бетіндей оқиды да одан поэзияның сазын, ақынның арқасын іздейді. Қай фильмін көрсек те ақын бабаларымыздың жырын тыңдаймыз, Махамбет те, Абай да әншейін қызыл сөз үшін қиюасыз енбейді, халқымыздың психологиясы мен рухынан туындап, шығарманың арқауына таспа өріміндей сіңіп жатады. Кино өнерін иісі бөтен, өрісі басқа деп бағалайтын кейбір прозаиктердің көңілінің мұзын сындырып, бұл жанрға деген іштегі жанашырлықтың көзін түрткен де Мәжкеңнің осы ақын жандылығы себеп болса керек.


Ел тарихына қатысы, ел тағдырына қажеті жоқ бос қызыққа бой ұрмайтын Мәжкеңнің өнердегі тағы бір принципі; Шоқан, Бауыржан, Мәншүк — Мәжкеңнің кинода жасаған образдарының қысқаша саны осындай. Ал «Кімнің ізі көкжиекте шұбартқан» («Следы уходит за горизонт») фильмі көрермен қауымға әртүрлі ой салған. Ойламаған кейбіреулер: «мал бағып көрмеген ел ме едік. Үш мезгіл мал жайғап, үш мезгіл ас ішкеннің несі таңсық» — деп наразылықта білдірген. Сол бір тұста мектеп бітірген жас атаулыны малға шақырған ұран болған-ды. Жазира мен бала Танабай көптің бірі еді. Басқа түссе баспақшылдың бірі болғысы келмей екі жас та малды ауылды тастап кетті. Көмпіс Асан көңіліне түйтік алмаған күйі қала берді. Біреудің қызығы біреуге ерсі, біреудің күлкісі біреудің көз жасындай. Сынық шырпыны шығынға санайтын шаруаның адамына көтерем тоқтының өлімі де уайым, ал малмен бірге өріп, ермегі де, еңбегі де сол төрт түлікке телінумен етіп бара жатқан жырақтағы Танабайлардың кетік көңілін қай шығынға сиғызуға болар еді?.. Көретіні көкжиек, көк аспанның астында көңіл күйін шертісер көңілдес те жоқ. Бізге салса бұл фильмнің атын «Сары даланың мұңы» дер едік.


... Көкжиек шұбар шымылдықтанып қапты. Шұбар шымылдықтың ар жағындағы ай сүлдері де көмескі. Мелшиген таулар, сабалақ орман манағыдай емес қараңғылыққа сіңіп, дастархан үстіндегі бауырсақтай ұсақтап меңіреу түннің бетінен сүртіліп бара жатыр. Әр үйдің ауласынан лақ бақырды. Лақ емес, тауық екен шақырған. Бөтен жердің қоразы да басқаша айқайлай ма, шетінен сақау сияқты көрінді. Екі адам төбемізден төніп кеп тұр екен. «Ах, дизертиры!» — деген дауысты естігенде:


— Мәжит, құдай атты!.. Кетелік енді! — деді Василий Иванович. Екі «шалдың» бәйбішелері екен.


Екі «шал» оң аяқ, оң қолдарын киіп алды да екі жеңгейдің алдына түсіп томпылдай жөнелді...


... Кино шіркін жыл сайын туа бермейді. Оның науқаны да, мезгілі де жоқ. Сауын беруінен қысырауы коп. Оның үстіне Мәжкең еш уақытта дайын дүниеге қол артып көрген емес. Қашанда авторға ақыл қосып, бірге толғатып, болашақ лентаның алғашқы нұсқасынан экранға дейінгі азабы мен уайымын бөліп-жаратын. Бірақ, кейбір режиссерлердей автордың фантазиясына, әдебиетке қиянат жасаған емес. Сонан ба, студияның боқшасында жататын шикілі-пісілі дүниелерге кірпияздықпен қарайтын, өгей санадың деп бұл мінезін кейбір әріптестері кешіре алмады, кешірсін кешірмесін, Мәжкең өзегін жарып шықпаған туындыны асыранды күшікке балап, бауырына баса алмай кетті. Сонан соң да Мәжкең өзінің творчестволық қысқа ғұмырында бес-ақ фильм жасады. Егер оның кейіпкерлері Шоқан мен Бауыржан екенін ескерсек, бес фильмі екі ғасырдың заманы.


Кінәздік творчество адамына мінездік категория емес, дарынның даралығы, творчестволық бірбеткейліктің, творчестволық естиярлықтың жемісі. Кино қызметкерлерінің көбі «шай үстіндегі» күйбең тірлікті алғырлық, зеректік деп санайды. Соның бәрі де жорта жасалатын «пысықтық», әркімнің аузынан шыққан түкірік, ГИК-тің аудиториясында әлде қашан қап кеткен желбуаз философия екенін жасырады. Осы «мінездерін көргенде»:


«... Момыннан жаман қорқақ жоқ, «Қу», «пысық» деген ат қайда, Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» — дейтұғын Абай жолдарына ең болмаса бір дүркін көз салмағандарына қайран қаласың. Мәжкең өтірік пысықтарды, күйбең тірлікті жек көретін. Алдамшы болып, арам бақпен қоңсы қонған жоқ. «Ауыл аймақта дос, итте бажа көп» дейді қазақ. Мәжкеңде дос коп болған жоқ. Оның айнымас досы өнер еді. Ол өмірінің ақырғы сәтінде де жарық дүниемен съемка алаңында қоштасуы мүмкін осы жазмыштан да шығар... Күйбең тірлікті қаламаған соң Мәжкең съемка алаңына төрт-бес жылда бір-ақ оралатын. Кейбіреуге ол сыңар қолын қалтасына шірене салып бос жүргендей көрінетін. Мәжкең бос жүрсе, алты ай қыс тапжылмай жатып кітап оқитынын тек көрген көз ғана біледі. Оқитыны көбіне көне кітаптар: көркем әдебиет, өнер тарихы, әсіресе, ел тарихы.


Мәскеу қысы қашанда бұлыңғыр: қыстың қысқа күні қала шетінен кілмиіп зорға көтеріледі де сол шыққан орнына қайтадан құлай салады; кейде кәдімгі алақаншық -қуықтай тар көшелерді, жартастай ыздиған зәулім үйлерді орап соғатын құйыны мен қапалақ қары шұбар шымылдықтай терезе әйнегін бүркейді де тұрады. Екі бөлмелі пәтердің бұлыңғыр залындағы бар жихаз, кітап. Екі кісілік тахтаның сыңары газет-журналдан белі қайысады. Екі көзілдірікті кезек баптап ұстайтын. Жеңгеміз желіп жүріп, құлқын сәріде поштабай жәшіктен ағымыздың бір бума таңғы оразасын әкеп береді. Сонан шаңқай түске дейін ләм-мим жоқ. Бұлыңғыр бұрыштан жалтыраған көзілдірікті ғана көреміз. Бұлыңғыр бұрыштан сыздықтаған сигареттің сылаң түтіні ғана шалқитын. Кейде телефон шар ете қалады:


— Әй, Кальхаун, әлгі ағаң біздің эрамызға жетті ме?


— Білмеймін. Оразасын ашып жатыр ғой.


— Шумерлермен бе?


— Шамасы, сақтармын-ау деймін.


— Шүкір, онда берегірек жақындап қалған екен....


Мәжкең газеттен бас алып, көзілдіріктің төбесінен тесіліп қарайды. Кім деп сұрамайды. Телефон соққан адамды тыңдаушының бет-әлпетінен танитын әдеті еді.


— Дәу шалың ба? — дейтін.


— Иә.


— Қайдан?


— Осында. Мүсәпірханадан соғып тұр.


— Бәсе!.. Шайын іше алмай отырған ғой. Келсін де. Дүкенге барып кілегей әкел. Үнді шайын ұмытпа.


Шәкен ағамыз шайды өзі баптайтын: нілін өзі шығарып, өзі құяды. Өзгенің қолына сенбейтін. Бірде Кәукенді кілегейге жұмсаса керек. Қалтасындағы екі шишаны метрода сындырып алып, артынан кәстөмінің компенсациясын даулаған соң кілегей таситын кірекеш міндеті менің мойнымда қалған. Бізге олар сақа көрінді ме, жасы елуге толар-толмас ағаларымызды ертерек «шал» атандырып жіберіппіз. Менің «Дәу Шалым»-Шәкен ағамыз. Ағаларымыз да бізді қатты еркелететін еді. Еркелеп жүріп Шәкеңнен тәбәрікке сұрап алған мазақ есімім — «Капитан де Кальхаун», Мәжкеңнің берген аты — «Кетік». Оның ар жағында інілеріне үлестірген «Киса», «Бүлкілбайлар» тағы бар.


Мәжкең Шәкеңнің ағалық жолын кесіп, өмірі алдынан өткен емес. Бірақ, бірі аға, бірі іні боп сызылып жатпай, арадағы азғантай жастың айырмасын сызып тастап, дос-жарандай, замандастардай қалжыңдасып, жарасып өтті. Өкініші сол, Мәжкең де, Шәкең де жас теңестіріп, екеуі де жарық дүниеде елу алты-ақ жыл ғұмыр кешті.


— Мәжит, сен бір мезгіл шумерлерден берегірек келсеңші, берегірек, — дейтін Шәкен. Ағалық осы бір назда тек әзіл ғана емес, өкпе де бар еді. Оның төркіні тағы да киностудияның күйбең шаруасына кеп тірелетін.


Мәскеу — кино қызметкерлеріне ат шалдыратын бекет тәрізді, күнде сабылып жатқаны. Сабылтатын — өнер қамы. Қазақфильм қашанда сценарийге ашқұрсақ: сценарий табылса-соны экранға тартатын режиссер жоқ, ал келімсек кейбіреулер кергігенде жуансып кереге сындырады. Шәкен ағаның ара-тұра Мәжкеңнің адресіне тастайтын шымшыма қалжыңы: «сен ауыр жүкке иығыңды тоспай, Қиыр жайлап шет қонып жатып алдың» деген, жұқалап жеткізген қиястық еді. Обалы қане, «бізде түк те жоқ» дейтін кейбір кепиетсіз жұртқа болмаса, қазақ кино өнерінің тарихта қалар жұрнағы сол жылдары дүниеге келген. Ағалардың миы мен маңдай тері, жүрек қанының лүпілінен туған «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры», «Ел басына күн туса», «Қыз Жібектер» сол жылдардың жемісі. «Жақсыдан — шарапат» дейтін бар, Мәжкеңнің «шумерлерінен» бүкпесіз айтқанда, оны көп оқитын, көп білетін білімдарлығынан бізге де мысқалдай болса да бір нәр жұққан сияқты. Олжастың шумерлер тарихын қопарып, көне деректі қайта жаңғыртып, бүгінгі зиялының көзімен пайымдау жасауына ағамыз түрткі болған шығар. Мәскеудегі бүкіл архив атаулыға маған ұлықсат қағаз әперген де екі ағам еді. Архивтерде шаң ғана емес, алтын да бар екен. Оған күні бүгінге дейін қарыздармыз... Мәжкеңнің інілеріне айтқан ақылы: «бойыңдағы кемшілігіңді жасырма, ойыңдағы жақсы ниетіңді жұрттан қызғанба, білмегеніңді өтірік білімдарсып таласпа, өтірік поза жасама — артынан ұятқа қаласың» дейтұғын. Өтірік білімпаздық өзіңді ғана емес, өзіңді тыңдаған былайғы жұртты да ұятқа қалдыратынын бүгінде ескере бермейміз.


Шындықтың бетіне тура қараған адам өмірден қорықпаса керек. Қорқақта принцип болмаса керек. Қан кешіп, қан төгіп, соғыстың от жалынын, жемісін көріп қайтқан Мәжкең пенделерге ориентир жасамайтын, оның идеясы — елдің ардагерлері еді, оның кейіпкерлері елдің атақты азаматтары. Мәжкең ара-тұра әңгімесінде: оқуға алғаш аттанғанда Мұхтар Әуезовтің түн ішінде аэропортқа дейін жаяу шығарып салып, кино өнерінің қазақта кенже екенін, әсіресе, режиссер мамандығының тапшылығын ескертіп, сәт-сапар тілегенін айта беретін. Кім біледі, Мұхаңның сол ақ батасы қонды ма, бәлкім сол ұлы адамның ақ тілегін ақтағаны шығар, оның бойынан ірілікке әуес мінезді, творчествосынан ірі тұлғаны көрдік: Шоқан, Мәншүк, Бауыржан, Панфилов, Ракасовский.


Пендешіліктің қашанда жақсыға аяқ шалды кесірі болады. «Ел басына күн туса» фильмі Мәжкеңнің біраз жүйкесін жеді. «Валакалам тас жолын» экрандауға алғашында келісім берген Александр Бек, романның авторлық қақысы деп 2000 сомды бойына сіңіріп алған соң аяқ астынан шалқасынан түсті. «Ердің артқы қасын сұраған достықтың» қиястығынан Буровск қаласында басталып кеткен съемка тоқталды, бүкіл кино группа орман ішінде дағдарып қалды. Егер Баукеңнің өзі, оның еңбектері болмағанда фильмнің экранға жетуі неғайбыл еді. Қол ұшын берген Баукеңнің мемуары, сосын қоржынында қалған деректі материалдары. Олжас, Әкім, фильмнің редакторы, осы жолдардың авторы болып сценарийді қайта жазуға кірістік, кино жөніндегі республикалық комитет председателі қонақ үй мен машбюроның арасында курьерлікке жүруге мәжбүр болды. Сценарийді жаздым-ау. Бірақ... сырттай пішілген тон Мәжкеңе сыймай қалды да Буровскіге баруға тура келді.


... Меңіреу орманның көгілдір ымырты жон арқадан қысып, көз суландырады. Аяз қырық бірінші жылдың қысындай қақап тұр. Өзеннің арғы бетіндегі шағын қаланың үйлері де бүрісіп қалыпты, түтіні аласа, әрі әлжуаз. Орман ішіндегі тақтай барақтың қабырғасы да суықтан қақырап түсетіндей. Соған жалғасқан блиндаж, траншеялардың қар астынан нобайы ғана көрінеді. Зеңбірек пен мылтық дауысы жоқ демесең, дүрбелең күткен майдан шебін еске түсіргендей мұңды бір үрейлі тыныштық. Бір тәулік бойы тіл қатпаған Мәжкең екінші режиссер Сараның дәмді шайына қарамастан ертесімен фильмнің суретшісі Ыдырыс екеумізді ертіп «рекогноссировкаға» шыққан. Мәжкең атқа қалай отырса, шаңғымен де атша желетін. Бала кезінде футбол добымен Кучугурдің шаңын қаққан (Кіші қоңыр) ағамыз қырыққа келгенде де денесін ширақ ұстайтын еді. Біз митыңдап қуып жеткенше ол батальонның қорғаныс шебін екі айналып, орманның күншуақ жиегінде темекі тартып отыр екен.


— Иә, Кальхаун, сенің әскери шенің менен жоғары ғой, не көрдің, не айтасың! — деді.


Аудиториядағы макетте, онан қалды қағаз бетінде қаламмен соғысқаны болмаса «қуыршақ» солдат не айтсын. Бұл жолы қалжыңын да өткізе алмады. Өйткені аға жүзі қатқыл, қабағы салыңқы еді. Ол үндемеген күйі сигаретін сараңдарша сабағына дейін сарқып тауысты да біздерге шарасын тепкен қоян көзінің қиығымен ғана қарады. Сосын жұлым-жұлымы шыққан сценарийді қалтасынан суырды.


— Бәрі дұрыс, — деді. — Бәрі кітаптағыдай. — Айна қатесі жоқ, — деді.


— Дұрыс болса, енді не тұрыс?


— Бар кілтипан сол дұрыстығында тұр ғой, — деп Мәжкең үнсіз отырып қалды. — Бізге Баукеңнің кітабы емес, өзі керек еді ғой, — деді біраздан соң. — Кітапта жазылғанды оқушы онсыз да біледі. Жұрттың бізден күтетіні кітаптың сыртында қалған Бауыржанның тұлғасы, кітапта айтылмай қалған Бауыржанның сөзі мен ойы емес пе... — солай ма дегендей ол енді маған ілтифатпен қарады. — Политрук Клочковтың: «шегінетін жер жоқ, артымызда Москва!» деген ұраны аңыздай тарады. Клочковтың сол сөзін тыңдап тұрған біреу бар ма екен? Жиырма сегіз түгелдей қырылып кетті дегеніміз қайда. Сонда оның сөзін кім жазып ала қойды екен. Ал одан бұрын Крюково түбінде: Москваға отыз-ақ шақырым қалғанда «маған мұның енді қажеті жоқ!» деп Бауыржанның картаны жыртып тастайтынын екінің бірі біле бермейді.


Өнер объектісі бомбаның күрсілі, мылтықтың тарсылы емес, Бауыржанның кейіпкерлік өмірбаяны. Мәжкенді қинаған да осы еді. Ол сонау Невель қаласына Мәншүкке зират қыла барған жоқ, оның іздегені батыр қыздың өр тұлғасы, ел басына күн туған шақта Отанын кеудесімен қорғаған ел азаматының тарихқа қанмен жазып кеткен ерлігінің өшпес із-таңбасы болатын...


... Жол ұзақ. Жолаушы жетеу еді. Жетеу де болса жалыққан сияқты. Әншейінде әңгімені шумерлерден бастайтын Мәжкең де үнсіз. Әншейінде жатып атар Әбілтайдың да оғы таусылған секілді. Жиырма шақты қаланы, Орталық Россия мен Белоруссияның біраз жерін шарлап шыққан Мосфильмнің сегіз орындық ырқылдақ мес керігі шаршайын деді ме, ысқырып-түшкіріп, оқта-текте қалғып кеткен жігіттерді шошытып оятып келеді.


— Мәжке, әнебір шіркеу қалып барады, — деп Әбілтай іргеге иек қағып күлді.


Сүрлемнің шошақ мұнарасы екен. Булығы сығырайған йен қыстаудың күзетінде тұрғандай төбесіне қар телпек киіп алып селтие қарады. Алданып қалған Мәжкең Әбілтайға бажырая қарады да:


— Пышылдамай отыр, — деп езу тартты. — Елді үркіткені болмаса, шіркеу мен сүрлеу мұнарасынан адасатын махно деймісің мені?!


Шошайған шіркеу атаулыны құр жібермей, шыққаннан бері санап келе жатқан Мәжкеңе Әбілтайдың бірде:


— Мәжке, көрінген силостың мұнарасын қаға берсек елге биыл жетпейтін шығармыз, — деп әзілдегені бар.


Пышылдамай отырдық. Аяз бірде отыз, бірде қырық. Аспан шаңыт. Құлақтанған күн қатып қалғандай қарағай басынан оза алмай тұр. Қар жамылған орман да қатып қалғандай меңіреу. Желтоқсанның аяқ астынан апшы қуыратынын кім білген. Баста папақа, үсте келте күрте, жел кеулемесін деп жалаң қабат шалбардың балағын бәтеңкенің бауымен буып тастағанбыз. Мәжкеңнен басқаның құдалыққа жүрер кеспірі шамалы. Ежелден күміс қоңыраумен аты шыққан Балдайға соққанымызда сувенир сатушы аспанкөз әдемі келіншек түрімізден сескеніп, дүниесін тықпыштады да: — Қоңыраудың үнін естімегеніміз қашан!.. Дүкен тұрмақ шіркеуде де жоқ, әйтпесе махно келе жатыр деп күншіліктен дабыл қағатын едік қой деген.


Әдемі келіншектің аузы дуалы болды да, сонан сеңсең бөрік, тұйық шалбар киген біріміз махно атанып шыға келдік. Онан арғысын Мәжкеңнің өзі септеген. Бірақ, Мәжкең әсте кісі кемітіп, біреудің осалдығын мазақ қылмайтын, біреудің жарымаған мінезі мен жараспаған ыржаңына, әйтпесе, бойыңдағы бар қасиетін жұртқа тоса алмайтын орашолақтығына ренжіп, ептеп шымшып тастайтыны бар. Тегі, қотиын адамға қасиет қонбайды. Қасиеті бар адамның қасында қотиын жүрмейді. Мәжкеңнің әзілі майды, күлкісі көңілге жылы, әлде кімдер секілді албаты қылжақ үшін бейпіл сөйлеу оның лексиконында жоқ еді. Орыс халқының екі бірдей ұлы перзенті Пушкин мен Шайковскийдің қара орманына түнетіп, Калинин, Смоленский, Новгород, Псков сияқты көне қалалардың тарихи ескерткіштерін, атамзаманғы кремль, шіркеу, саборларын түгел аралатып шыққанда бізді әншейінгі әзіл мен ермек үшін сүйреп жүрген жоқ. Ел танитын, жер танитын жасқа кеп қалса да жігіттердің көбі Алматы мен ауыл арасындағы қысқа жолдан ұзап шықпаған екен. Минскідегі бір кинодраматург досына Мәжкен бізді суретші, жазушы, режиссер, оператор деп атап-атап зәуімен таныстырып еді.


— Естіп тұрғаным осы, — деп досы шынын айтты. — Қайрат деген команданың барын білем, бірақ оның құрамында да жалғыз-ақ футболшыларың бар екен, — деді.


— Тимур деген сол жалғыз футболшымыз сенің «Динамоңның» қақпасына қарымтасыз екі доп соққан жоқ па! Ал онбірі түгел қазақ болса не жандарың қалады?! — деп Мәжкең досын әзілмен бұқтырып біздің намысымызды қорғап қалған. — Солай, менің інілерім жалқы да болса дара! — деп аяғын нығыздап тағы бір түйді.


Әзілден ұтса да Мәжкен былай шыға ойланып қалды. Футболшыны білген тысқары көздің құлағы өнер адамының есімін неге естімейді? Әлде бір езуінен микрофонды екі елі жібермейтін әнші сымақ «шептундардың» атағы құлақ сасытқанда творчествоның азаматтарын қалың жұрт көзге ілмейтіні қалай? «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деп қазақ айтқан. Сөйте тұра, кейін біздің жұрт байлығы асып-төгіліп жатса да беретін асын дұрыстап көрсете алмайтын кейбір берекесіздің дастарханы сияқты деп ағамыз өкінгендей болды. «Басқаның жалтырағына тамсанып, басқаның жоғын бардай қып бадырайтуға шеберміз де өзімізге келгенде үніміз шықпай қалатыны бар» — деді. Баяғы сол енжарлық. Бәріңе сарай ақыны керек. Өйтіп бәлсінуге бүгінгі уақыт күтпейді. Жаспын деп, алда ғұмыр бар деп ел тану, жер тануды, өзіңді танытуды келер күннің еншісіне қалдыратын әдетіміз. Ал атағың шыққанша жасың озады, жасың озған соң кәдірің тозады, онан соңғы ауыл арасының айранынан артпайтын қара басыңның беделі кімге дәрі. Әуелі інілеріне, сосын өзіне-өзі өкпелеп алып ағамыздың томсарып отырғаны осы еді.


Енді майдан жолымен келеміз. Осыдан жиырма торт жыл бұрын қан майданнан Мәншүк жазған хаттардың ізімен келеміз. Данасынан баласына дейін жауға қарсы оқ атқан, қаласынан кішкентай Хатынь сияқты деревнясына дейін өрт пен оқты басынан кешкен Белорус жерінен қазақ қызы Мәншүктің зиратын, соғысқан төбесін іздеп келеміз.


Аспан шаңыт. Құлақтанған күн қатып қалғандай қарағай басынан оза алмай тұр. Шаңыт тұманды тесіп-тесіп аспанға шаншылған Невель қаласының шіркеу мұнаралары да серейіп-серейіп қатып қалған сияқты еді. Қалың орманның аяғы бұйраланып, ойдым-ойдым құрдымға айналып барады. Қалың орманның шеті Мәншүктің сұрапыл соғысты жеткізіп салып көз жұмған жері. Мәншүктің анасына жазған хаттары да осы жерде үзілген. Мәжкең осы үзілген хаттардың жалғасын жазбақ еді. Аңыз боп кеткен замандасының ер тұлғасын экранда қайта жаңғыртпақ ойы бар.


... Высота номер... Бұл әскери тілде. Әйтпесе төбенің аты төбе. Невель қаласын оңтүстік батыстан орап жатқан бүкір жон екен. Жалаңаш. Жалғыз жарым ағашы әлі жаралы, жас шыбығы жетіле қоймапты. Көп молақ, көк шыбықтың арасы қаптаған ор. Мәншүк ең соңғы хатын қаптаған ордың қай қуысында отырып жазды екен?..


Төбенің басы суық екен. Күннің ызғары емес, мынау астаң-кестең бүкір жонның қойнында қалған осыдан жиырма торт жыл бұрынғы сұрапылдың ызғары дене түршіктіреді. Сосын, аяулы жан қай төмпешіктің басында шейіт болды екен деген бір ой, көрмесек те аяулы жанның қимас жүзі көңілге қаяу салғандай... Мәжкең Мәншүкті көрген екен. Алматыда, соғыс комисариатында кездескен екен. Бірақ бізге жарытып ештеңе айтпады. «Ел қорғау азаматтың борышы. Бірақ соғыс деген табиғатқа сыймайтын, табиғаттан тыс зауал ғой» деді де қойды. Оның ерсілігі де осында деді. Жалпы Мәжкең майданда болдым, қан кешіп, ел қорғадым, қайрат қылдым деп ешуақытта айтпайтын еді. Ол он сегіз жасында майданға аттанғанын, қан кешіп, ел қорғағанын, қайрат қылғанын ешуақытта міндет қылмайтын. Ол сұрапыл соғыс жайлы дастанын «Ел басына күн туса», «Мәншүк» атты фильмдерін экранда жазған.


... Высота номер... Бұл әскери тілде. Әйтпесе төбенің аты төбе. Бірақ туған жердің төмпешігі де қасиетті. Адамға ең қымбаттысы өмір екен, ал ең қасиетті нәрсе — туған жер үшін адам ең қымбаттысы — өмірін қиған. Невель қаласының паркіндегі бауырлар зиратында он көк тас. Онның үшеуі қазақ. Соның ішінде туған жердің топырағынан үзіліп түскен қасиетті бір төмпешіктей боп Мәншүк те мәңгілік ұйықтап кетіпті. Невель сияқты қаншама қала, қаншама бауырластар зираты бар. Соның оннан бірі Мәншүктер. Экран болмаса, өнер болмаса Мәжкең ол туралы дастанды жыр етіп те тауыса алмас еді.


... Әрқайсысы бір жарым сағаттық лентаның сыртында өнердегі Мәжкеңнің жазылмаған өмірбаяны қап кетті. Бірақ оның айтылмыш сөзін, ой-арманын кейіпкерлерінің аузынан естиміз, еліктейміз, творчествосын әлі де үлгі тұтамыз, әттең, өзі айтпақшы, бізге керегі оның өз тұлғасы еді.


Фильмдегі Шоқан, өмірінің соңғы сәтінде ақ боз атқа ер салып, құйындата қыр асып кеткен. Сондағы ат үстіндегі дублер Мәжкеңнің өзі еді. Қимас ағамыз әлі күнгі қазақтың сары даласында сағым боп кезіп жүргендей көрінеді де тұрады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу