29.01.2022
  192


Автор: Қалихан Ысқақ

Клиент

повесть


...Пеш көмейіне жүгірткен көсеуі әрмен қарай батпай тақылдап тұрып алды. Үзіле қарап еді, шала үйітілген адамның басы екен, төбесі таз, қапталы қара күйе, танауы біздиіп шалқасынан сәңірейіп жатыр. Өзін де желкесінен басып пеш көмейіне тығып жіберетіндей қақпақты сарт жауып кейін серпілгенде әлде біреу өкшесінен қағып мұрттай ұшырды. Еден дүңгірлеп, үй селкілдеп, ветпункттің ит жылынан бергі бар жиған мүккәмәлі мөңкіп ала жөнелген. Жандәрмен атын тұрып, арпалыса кететін қара таппай бос қарманып тұрып қалды. Ентігін басып, жүрек тоқтатқан соң шам жақты. Адам да жоқ, албасты да жоқ, өзінен басқаның бәрі орныңда. Көпшігі жұлым-жұлым екі орындықты бауырына теліп алып тәлтиген әлжуаз ақсақ стол иығындағы әбзел-сайманның ақ жемпір боқшасын ауырсынғандай теңселіп тұр еді, ішінен тушадай қаптесер ойнақтап шықты да құлағын едірейтіп, Мырзаның қолындағы көсеуге ежірейіп кеп қарады, сосын ысқырып-ысқырып бүкіл жұрағаттарына хабар берді де секіріп түсіп, іргедегі спирт құйған шартық бутыльдердің жықпылына жымп беріп жоқ болды. Албасты тұрмақ бәйбішесінің ажарынан сескеніп көрмеген Мырза тышқанмен бетпе-бет келгенде ветпункттен шыға қашуға шақ қалған. Ойпырмай, жиіркенішті нәрсеге жүйке төзбейтіні несі екен?..


Пеш көмейіндегі кесілген бас үрей тудырмаса да уәйім боп қайта елестеді. Қаңғып жүрген қайдағы бас?.. Бір басына ие бола алмай жүрген Веттехникке екінші бастың қанша қажеті бар еді? Дағарадай кәлләны жұтып алып тымырая қалған темір қақпақ жымырайып езуінен күлгендей болды. Жымырайған қақпақтың жынын қағып алатындай Веттехникке ерегесіп, түсіне кірмеген пәлекетті кесеумен опыр-топыр айдап шықты...


— Ой, ит-ой, сен бе едің?! Бәтшақар-ау, қашан кеп қалғансың?! — Веттехниктің бүгіндікке қарқ боп күлгені осы шығар. Шала жанған қызыл қарағайдың шорымығы шынында Өтеудің төбесі жалтыр көк қаптал басынан аумайтын еді, делдиген екі құлағын, біздиген мұрынымен қоса қағып тастап енді кеңсірігін мылжалай бастағанда шылғауын жұлығынан сүйретіп, езуіне екі тал шөп қыстырған керзі етік көлденеңдеп тұра қалды.


— Өй, ит-ау, қашан кеп қалғансың?!.


— Сақтағаның суып бара жатса келдік қой...


Өтеудің басын шынымен-ақ мылжалап отырғандай Веттехник қысылып қалды. Бірақ, оны елеген Өтеу жоқ, екі көзі спирт құйған бұтыльда, біріне тоймағандай бірнешеуін тамсана сүзіп шықты, жанары шыныдай, кеберсіген ерініне сілекейі жұқпай тұр. Дәу спирттен басталып екі айлық жалақының садақасымен тынған сияқты еді. Мырзаның көз алдына тағы да жарым елі иек пен салбыраған семіз ұрт көлбеңдеп тұра қалды. Ертеңнен бергі әбігері есіне түскенде Өтеуді желкесінен алып бүктеп-бүктеп есіктен атып жібергісі келген, бірақ, оған қолы бар болғыры бармады.


— Иә, моншаға түстің?..


— Түстік қой...


— Қатының қара су татырмай айдап шықты?


— Шықты ғой...


Монтанысын!.. Арыз жазғанда ғой аруақты да жылатасың!..


Арыздан бейхабар екенін Веттехник Өтеудің бейкүнә жүзінен-ақ біліп отыр. Мұз керген есікті әлде кім екі-үш дүркін жұлқыды да теуіп-теуіп жіберді.


— Әй, іркіттің бөшкесі! Жібер анау клиентіңді!..


Осыдан алдыма бір келерсің деп кіжініп отырған Веттехник буаздың бұзауы түгіл қысырдың жатырын түсіретін Қараңқағырдың дауысын естігенде пеш көмейіне Өтеуден бұрын кіріп кете жаздады. Артынан қуа келетінін сезгендей-ақ Өтеу де ілмекті салуды ұмытпаған екен. Тыстағы тықыр алыстап, екеуі де үһ дескен соң енді ғана көргендей бір -біріне үрке қарасты: Өтеуге Веттехниктің мырс-мырс күлкісі ұнамады, қорыққан мен қуанған бір деуші еді, жер көшсе дүмі дүңкімейтін неменің бір қатынның қитылығынан сескене қоятынына сенген жоқ, оның үстіне көзінің қиығыңда, езуінің жымырығында кекесін тұр екен; Веттехник құрдасының шақшадай басының қапталынан жарқанаттың құлағындай едірейген қос шеміршегіне қарап отырып, "япырай, Қараңқағыр осының қай жерін қалап тиді екен?" деп бір таң қалса, ветнунктті тіміскіді деп бір үйдің санаттағы дардай бас иесін малға теңеп кеткеніне, қатынның да мұндай тапқыры болады екен-ау деп күлкі қысқан.


— Әй, клиент, құптан намазынан құр қалғандай ербейіп осында неме жетіп келдің?..


— Алла деп ас қайырып көрмеген дүлей, дәреті түгел сұпыдай құптан намазын аузыңа алып қайтесің, жолға жинал, жүреміз, — деп Өтеу қара шайдың қағынан қызыл-күрең қаспақ тұтқан стол үстіндегі жетім стаканға жақындап барып отырды.


Алдымен ауыз шайқап алмай жағының кірісін ашпайтын Өтеу сөзінің аяғын жұтып қойып, шкаптағы спирт бөтелкесін қыл мойнынан жетелеп шықты. Ауа кернеген семіз тығынның күмп еткен дауысы төбені атқан, басынан түндік құлап келе жатқандай жаңғырық үнін аспаннан іздеген Өтеу аспаннан көз алмаған қалпы күрең стаканға өз керегін құйып алды: аз да емес, көп те емес, өзінің ежелгі сыбағасы. Сосын шімірікпестен жоқ қылды... Ең болмаса бет-аузының әжімі сынбады.


— Шалдың хәлі нашар көрінеді, — деп езуін сүртті. — Әлгі Қасқырбайдың Арыстан деген жынды сүрейі келіп кетіп еді... Саған тез жетсін депті... әкетсін депті...


Веттехник от тұтатайын деп отырған шырпысын пеш көмейіне қорабымен қоса атып жіберіп Өтеудің бетіне безірейе қарады.


— Ей, ит-ау, неге жыламай отырсың?!


— Жыласа әкесі өлейін деп жатқандар жыласын, өзіміз әкемізді атамзаманда Меккеге аттандырып жібергенбіз...


"...Көкірегі беріш бетпақтың көз жасы да сатулы, осыдан көңіл дәметіп отырған мен де ақымақ!" ...Веттехник пеш қақпағын теуіп жапты да есікке ұмтылды. Ветпункттің айдаусыз келіп арқанмен шығатын ежелгі клиенті қолындағы бөтелкені йен үйде жетім қалдырғысы келмей, қымқырып ала кеткен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу