29.01.2022
  310


Автор: Қалихан Ысқақ

Жесірлер мен жетімдер өлкесі

...Бұл бүкіл қазаққа келген нәубет еді. Соның ерекше бір құрбаны Қаратай елі. Бұрынғы Өскемен-Зайсан үйезінде қазан төңкерісіне дейін де жоғары, орта білімді азаматтар баршылық болатын. 1907-жылы ашылған Әбдікерім мектебі кейінгі ұрпаққа білім беруде үлкен маңыз атқарды. Бір ғана болыстықта емес, Әбдікерім шығыс өңіріндегі білімге құштар жастарды бай, кедейіне қарамастан оқуға тартты. Себебі, Әбдікерім қатардағы қарыны тоқ болыстың бірі емес-ті. Оның өзі де Петербургтің Орман шаруашылығы институтында оқыған, сонда жүріп Алаштың қайраткерлерімен кездесіп, орыстың прогресшіл азаматтарымен таныс болған, солардың пікірлері мен баспасөздегі мақалаларын сіңірген зиялының бірі. Бір бүйірден Қытай, екінші бүйірден Ресей Төр Алтайға таласып, өздерінше кесіп-пішіп, Қаратай елін бірде Ертістің оң жағасына, бірде сол жағасына қуалағанда халық қатты қиналды. Резервацияда отырғанның өзінде де «мұжықтар сыбағадан құр қалып, қазақтар шалқып жатыр, жерді қайта бөлісеміз» деп шатақ шығарғанда жиырма бес жыл болыс болған Әбдікерімнің әкесі Ережеп осы дауға араласып жүріп «істі болды» да оншақты адаммен Омбы түрмесіне айдалып кетті. Осыған байланысты Әбдікерім Петербургтегі оқуын үзіп, әкесі мен ел азаматтарын түрмеден босатып алған. «Түйенің танығаны жапырақ», сен кеткен соң қонысымызды тағы да тартып алады деп ел оны жіберместен болыс сайлап алды. Шоңмұрын ішінде Есімхан деген ағамыз болған. Дәулетті, малды кісі екен. Әбдікеріммен болыстыққа таласып сайлауға түскенде дорбалап ақша алып келіпті де маған шар салыңдар деп жұртқа таратыпты. Есептей келгенде бір шары кем шығыпты. Сонда жағасын ұстап:


— Япырай, құдай сақтаған екен, — депті. — Әбдікерімнің қолына да бір елу теңгені ұстата салғанымда мен жеңіп кеткендей екенмін-ау!


— Онда болыстыққа несіне таластың? — депті қайран қалған аталастары.


— Мынау жас жігітті кім танып жатыр? Есімханмен болыстыққа таласып жеңіп кетіпті десе аты дуанға жетпей ме. Маған сол дақпырты керек еді ғой, — десе керек.


Әбдікерім жиырма сегіз жыл ел басқарды. Осы жылдардың ішінде ол талай жігіттерді Петербургте, Мәскеуде, Қазанда, Уфада оқытып алды. Кейіннен осының өзі елдегі жоғары білімді азаматтардың басына пәле болып жабысты. Басқасын қойғанда, бір ғана Әбдікерімнің отбасының трагедиясын айтсақ та жеткілікті. 1929-жылдан бастап «Алаш» партиясының мүшелері қудалауға түскенде, партияның белсенді мүшесі болған ұлдары: Қамбар (Петербург университетінің заң факультетін бітірген), Шабдан (Мәскеудің экономикалық-коммерция институтын бітірген), Қахан (Ғалия медресесін бітірген, Бейімбет Майлинмен бірге «Садақ» журналын шығарысып тұрған), күйеу баласы Ғазиз Қалбанұлы (кіші қызы Бағдаттың күйеуі, Қазан университетінің заң факультетін бітіріп, Семей губерниясында прокурор, сот, адвокат болып істеп, хұқық туралы отыздан астам кітапша жазған, соңғы атқарған қызметі облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі), осылардың бәрі де қызметтен қуылып, түрмеге жабылатын болған соң Қытай асты. Кейін совет пен Шың-Шысай үкіметі өзара келісіп, 1938- жылы КГБ-ның жансыздарына ұстап берді де байлап-матап, түйеге артып әкеліп Новосибирдің түрмесінде бітеу камераларда сотсыз, заңсыз атып тастады. «Алаш» қайраткерлері ақтала бастаған кезде ізденіс жасап, көп еңбектенген Әбдікерімнің туған жиені Сәкен Ғазизұлы Қалбанов еді, сотсыз, заңсыз атылғандықтан нағашыларының артына ешбір құжат қалдырмапты. Әбдікерімнің өзі түрмеге үш дүркін қамалып, Шығыс Түркстанға екі дүркін барып қайтқан, ақыры бұл өкіметтің өлтірмей тынбайтынын білген соң соңғы кеткеннен қайтып оралған жоқ, бірақ ол жақта да өлім шіркін күтіп тұр екен. Сарысүмбедегі (бүгінгі Алтай қаласы) совет консулдігі шақырып алып, сыйлаған болып отырып у ішкізіп өлтірді.


Әбдікерім Ережепұлы жер проблемасы жайында, жерсіз қалып резервацияға қамалған қазақтардың қайыршылық жағдайы туралы «Қазақ» газетінде мақалалар жариялап тұрған. Әлихан Бөкейханов сол материалдарды мысал ретінде өзінің еңбектерінде пайдаланған екен. Елім деп, жерім деп еңіреген есіл ердің сүйегі де жат жерде қалды. «Алаш» қайраткері ретінде есімі Сәкен Ғазизұлының табандылығының арқасында 2006-жылы ғана ақталды. Жалпы Қаратайдың игі-жақсылары мен зиялыларының бірде-біріне туған жердің топырағы бұйырған жоқ.


Алаштан араздықпен ауғаным жоқ
Ант бұзып ар-намыстан азғаным жоқ
Ақ семсер, көк найзаның күні қайда
Айқасып, ат салысар ауданым жоқ.
Алашым Төр Алтайдан көшер ме екен?
Аруақ амалсызды кешер ме екен?
Аңырап бордай тозған қайран елім
Артында ұрпақ қалып өсер ме екен?.. —


дегенді де жүрегі қанжылап отырып Әбдікерім жазған.


Моласын «Мәдени революцияның» кезінде хунвейвиндер қиратып кеткен екен. Ақталған соң сүйегін елге әкеліп, жаназасын қайта шығарып, қайта жерлейік деп біраз әурелендік. Әбдікерімге байланысты архив құжаттарын Өскеменнен, Семейден іздестіріп жүрсек Зырян қаласында жатыр екен. Тірі адамды елге қайтарып алу өлгендердің сүйегін әкелуден оңай болып шықты. Сыртқы Істер министрлігінің жауабына сенсек, бұл шаруа тек дипломатиялық қарым-қатнас шешетін мәселе екен. Сонымен бұл ниетіміз де аяқсыз қалып тұр. Ал төбе би Мұса 1937-жылы чекистер қамауға алуға келгенде өз жүрегіне пышақ салып жарық дүниемен қоштасыпты. Ұрық-шарқы Алматыда тұрады дегенді естігенім бар, бірақ артынан іздеушісі болмаған соң ақталмаған қалпы елде бір төмпешік болып жатыр. Қаратайға еңбегі сіңген «Алаштың» бір азаматы болса ол Мұса еді. Ескерусіз қалғанына ел өкініп отыр. Тек Бошай ағам ғана басына белгі орнатсам деп жүрген көрінеді.


Атылмай аман қалғандардың күні де итке бергісіз еді. Сонау итжеккеннен елге оралғандар мыңнан біреу бар ма екен?.. «Халық жауы» атанып, 20 жыл Сібірдің концлагерінде болып тірі қалған Көпен Дадыровтың естелігінен:


«... 1934-жылы Семейден «Ком.Вузды» бітіріп Шорнауа селосындағы почта нәшәндігіне бекітілдім. Шорнауа селсебетіне Шыңғыстай, Бобровка, Сармонка, Матвеевка селолары қарайтын еді. Кешікпей елдің атқамінер азаматтарын атып-асып, Сібірге айдау басталды. Сол нәубет менің басыма да келді-ау. Ол кезде ОЧПК-ның орталығы (осабая чингистайская пограничная комендатура) Өрел селосында еді. Коменданты Филатов, отряд нәшәндігі Пронин деген болды. Сол Пронин мені комендатураның астындағы су төгіп мұз қылып тастаған карцерге жеті күн қамап қинады. Наганмен ұрып жағымды сындырып, тістерімді қиратты, тырнақ көбесінен саусақтарыма ине жүгіртті. Айтатыны, совет өкіметін құлатпақ болдым деп протоколға қол қой дейді. Есім кіресілі-шығасы, бірде көзімді ашсам, төбемде топырақ салбырап тұр екен, соны тырналап жүріп арпадай асап жедім де қалғанын қалтама салып алдым. Жеті күннен соң подвалдың бір бөлмесіне әкеліп тықты. Онекі адамбыз. Ортамызда жалғыз орыс — аупарткомның бірінші хатшысы Герасимов (қазақтарға жанашырлық жасағаны үшін жазасын тартып жатыр), аупарткомның екінші хатшысы Ахмет Төлегенов ( Бибігүл Төлегенованың әкесі). Қызмет бабымен бұл кісімен сан кездескенім бар. Домбыраға қосылып ән де салатын қоңыр дауысты жайдары адам еді. Қу сүйегі қалған, өздігінен орнынан да тұра алмайды. Тағы бір шырамытқаным — Тоқтағанов Жұртбай дейтін Топқайыңның азаматы.


1937- жылдың 29-декабрінде таңертең бәрімізді тысқа шығарып, тау етегіне айдап келді. Ор қазып қойған екен, шешіндіріп,соның жиегіне тұрғызып қойып үкім оқыды. Халық жауы ретінде онекіміз түгел атылатын болыппыз. Біреулер жылады, онсыз да буыны кетіп қалған кейбіреулер шөкелеп отыра кетті. 12 солдат мылтық кезене бергенде Пронин атпен шауып жетті де: Дадырову каторга, на 8 лет, остальных расстрелять деді. Көзімді жұма қойдым. Гүрс-гүрс мылтық атылды. Көзімді ашсам онбірі түгел қанжоса болып орда жатыр екен. Жаным түршігіп кетті. Есалаң адамдай теңселіп жүріп қайта киіндім. Сол бойда комендатураға алып келіп, алты адамды үш шанаға отырғызып Катонға алып кетті. Ахмет Төлегеновті Алматыға апарып атыпты деген сөз бар. Оның бәрі лақап, соны әдейі тарататын көбіне жазалаушы мекеме, артындағы туған-туысқандарын адастыру үшін протоколға бір жерді жазып, өлген жерінің дұрыс адресін жасырады. Ахмет Төлегеновтің сүйегі Өрелде, комендатураның жаңадан салынған ғимаратының астында жатыр.


Шыңғыстай ауылынан өте бергенде Күркіреу деген шағын өзеннің жағасына келіп тоқтадық. Арамызда Байғонысов Мамыш деген азамат бар еді, соны шанадан түсіріп алды да атып тастады. Сотсыз, заңсыз. «При попытке к бегству» деген өтірік протокол жасады. Әр ауылдың тұсында, кейін этапқа айдаған кезде де осыны жасады. Сөйтсек, «әр ауылдың тұсында интеллигенция өкілдерін атып тастап кетіңдер, өздері жинап көме салады» деген бұйрық болған екен. Бұдан да масқарасы, ауыл бас сайын 25-50 жас арасындағы адамдардың елуі атылсын да елуі каторгаға айдалсын деген де жасырын бұйрық болыпты.


Біздерді Катонға алып келіп түрмеге қамады. 1938- жылдың январь айының басында, қақаған аязда ертеңгісін келіп елу адамды тізімдеп алып кеткен, содан із-тозсыз жоғалып еді, босатып жіберген шығар деп үміттенсек, кәзіргі аэропорттың сыртына апарып қырып салыпты: құрбан болғандар неге атылғанын білмеген, атқандар неге атқанын білмеген. Ақсу, Аршаты, Топқайың, Катон, Шорнауа, Өрелдің небір аяулы азаматтары еді-ау, боздақтар жазықсыздан оққа ұшты. Адамзат тарихында мұндай сұмдық болды ма екен?..


Айта кететін тағы бір көрген оқиғам, Сәкен Сейфуллинге байланысты. «Жұлдыз» журналында: Сәкен Сейфуллиннің сүйегін Магаданнан іздеп таппадық деп жазыпты. Қасында 12 адам бар, Сәкен Алматыда атылды дегенді радиодан естідім. Ком.вузда оқып жүрген кезімде Сәкенді талай рет көргем.


Бізді Семей-Новосибирь теміржолымен этапқа айдады. Поезд әрбір бекетте тоқтап, өлген адамдарды шығарып тастап кетеді де ыстық су алады. Новосібірден өткенде, бекеттің атын ұмытып қалдым, ыстық су алуға шыққанбыз. Алдыңғы бір вагоннан біртоп адам түсті, олар да су алуға келе жатқандар. Ішінен Сәкен Сейфуллинді көрдім. Қателесуім мүмкін емес, көзіме оттай басылды. Бір-бірімізді араластырмақ былай тұрсын, үніңді шығарып сөйлестірмейді де. Амал жоқ, іштен тынып кете бардым. Меніңше, Сәкеннің сүйегін Магаданнан іздеген дұрыс шығар деп ойлаймын.


Игарка өзенінің жағасына да жеттік. Бір зонада бес барақ, әр барақта 2000, 3000-нан адам. Барақтың сыртын қармен көміп, сумен қатырып тастаған. Кешке таман әр бригада 10-15 кісі бөліп отын дайындайды да соны барақтың ортасына жағып жылынып, кептірінеміз. Күнде кешкісін обход жасалады да ауырғандарды, аяқ-қолы сынғандарды алып кетеді. Оларды қайда әкететінін де білмейміз. Жазғытұрым мұз түсе бастаған кез. Қасымдағы Сексен, Жұмажан деген өзіміздің Шыңғыстайдың екі жігіті ес-тұс жоқ жүгіріп жетсін, қолдарын сілтеп өзен жақты нұсқай береді. Барып қарасақ, бастары мылжа-мылжасы шыққан өліктер. Қыстайғы алып кеткен ауру-сырқауларды ломмен ұрып өлтіреді екен де ойыққа тастайды екен. Жаз шыға кесілген ағаштармен бірге ағып кететін көрінді. Мұндай сұмдықты да көрдік қой.


Екі жазушы — Мұхамеджан Қаратаев, Сейділ Талжановпен бірге болдым. Мен бригадир, Қаратаев десятник еді. Азапты бірге көріп, тозақты тірідей бастан кештік. Екеуі 1947-жылы босады, мені босатпай «вольное поселениеде» 1957-жылға дейін ұстады. Кейін академик Қаратаевқа барып, бір жұмадай шер тарқастық. Сейділді көре алмадым, Мұхамеджан: отбасында бір кикілжің бар ғой деймін, кездеспей-ақ қой деген соң шырқын бұзғым келмеді...».


Бұл естелікті реті келсе жариялатарсың деп маған Көпеннің немересі Тілеубай Құмашұлы Дадыров 2006 жылдың аяғында беріп еді, тыныс белгісін де өзгертпей пайдаланып отырмын.


Қаратайдың тең жармысын жұтқан Төр Алтайдың бір трагедиясы осымен аяқталған секілді еді, бұдан соң екінші дүниежүзілік соғыс келді де енді ғана қылтанақтай бастаған өртеңнен кейінгі ұрпақты отап кетті. Осыдан соң ежелгі Отыкен — Төр Алтай «Жесірлер мен жетімдердің өлкесі» атанды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу