28.01.2022
  204


Автор: Қалихан Ысқақ

Жаратқан осылай жазып қойғандай...

... Біздің тұқымға үш қыз берсе, бір ұл. Үш ұл берсе бір қыз. Не ұл жалғыз, не қыз жалғыз. Артық-кемін Жаратқанның өзі реттеп отырады. Байкөбекке тоқалдан ғана бір қыз бес ұл берген екен, ұлдың екеуін артық деп артына ұрпақ қалдырмады. Ысқаққа артық-кемі жоқ үш қыз, бір ұл берген. Маған екі қыз, үш ұл беріп еді, Жаратқан есебінен жаңылды ма, бір қыз, бір ұлды өзі алып кетті. Қалғанына да шүкір деп Дәкең екеуміз қарқ боп отырмыз.


Қазаққа ұл қымбат па, қыз қымбат па? Ұлы не, қызы не, сірә, адам қымбат шығар. Түркі ішінде эпикалық халық бола тұра ХХ- ғасырда он миллионнан аса алмай шаршадық. Ғасыр басында Мысырмен, Түркиямен бірдей, бәсеке едік, кәзір Мысырда 70 миллион араб, түріктер де 70 миллионнан асып отыр. Өткен ғасырдың алғашқы елу жылында нахақтан 10 миллион қазақтан айырылып едік, соның сексен пайызы еркек кіндікті болғанда артындағы ұрғашы жұрт баланы күлге аунап тапсын ба?.. Бұл жазмыштан, Жаратқанның өлшемі мен есебінен тыс зұлмат, көктен емес, көршілерден келген топансудай апат. Қымс етсе тарихқа жабамыз. Немене, тарихтың бетіне қазақ осы мөлшерден аспасын деп жазып қойып па? Тарихты зорлап бізге әкеліп таңатын да көршілер. Мұны да біз тәуелсіздік алғаннан бері ел болып түсініп, есептеп жатырмыз... Жә, өткенді ұмытуға болмас, бірақ оны еске алып өкси бергеннен енді ештеңе шықпас... Сонымен...


Ұл қымбат па, қыз қымбат па?.. Еврей жұрты тек қыздан туған ұрпақты ғана тұқымға санайды. Мейілі қыз қазаққа тисе де, шүршітке шықса да. Ағылшын лордтары үш ұрпақтан соң жиеннен бауырына бала салып тұқым жаңартады да оған нағашының аты-жөні мен бүкіл атақ-дәрежесін, титулын береді. Италияндық француздан әйел алып, одан туған бала ұл болса, оның ұлтын француз деп жаздырады. Керісінше, француздар да осыны жасайды. Қазақта: « Үйдің мықтысы ағашынан, жігіттің мықтысы нағашыдан» дейтін мәтел бар. Бұл да тегін емес. Ата-бабасының ерекше қасиеті кейінгі ұрпақта үш буыннан, болмаса жеті буыннан соң қайталайды екен. Нағашыдан буын санап жатпайды, кейде жетесізді «нағашысы нашар еді» деп кемітіп жататынын жиі еститінбіз.Қазақтың тексізге қыз бермейтіні, тексізден келін түсірмейтіні осыдан қалса керек. Түбін қуғанда бұл генофондыны таза ұстаудан туған дәстүр. Ұл қашанда анасына, қыз әкесіне тартады, қыздың қашанда әкесіне жақын, ол қартая қалса ерекше қамқор болатыны да осыдан. Қыз байқұстың ұзатыларда сыңсуын көбіне әкесіне арнайтыны да рас. Өзі қартайса байды да, баланы да ұмытып, түсінде әкенің қарашаңырағында, өңінде соны сағынумен күн кешетін көрінеді. Осының бәрі ғылыми тұрғыдан да дәлелденген құбылыс. Қазақ келін түсірсе ағайын, ауыл-аймақ қана тойлайды. Қыз ұзатылса оның дақпырты алты арысқа жеткен. «Отыз күн ойын, қырық күн той» деген ауыз әдебиетіндегі аңыз қыз тойынан қалған мақтаныш. Оған шақырылмаған жекжаттың өкпесі өмір-бақи өшпеген. Қыздың жасауын ел болып көтерген. Қыздың тойына өнер саңлақтары: әншілер, күйшілер, балуандар, атбегілер, шешендер келген, осының бәрі қыз әкесінің, ру-тайпаның атағын шығару үшін ұйымдастырылатын. Халық әндерін, Біржан-сал, Ахан-сері, Үкілі Ыбрай, Мұхит, Салқара, Сегіз-Сері секілді халық композиторларының творчествосын зерттеген өнер сыншылары: авторлар пәленге ғашық болыпты, түгенге ғашық болыпты десіп жатады. Бекер. Мұның бәрі арнау. Ұзатылар қыздың аужары. (Халық әні деп жүрген «Арман-ай» Ахан-Серінің Ақтоқты ұзатылғанда шығарған аужары). Ойына не келсе соны айта салатын мұндай жорамалдар толып жатыр. Тіпті солай болғанның өзінде сұлуды жатқа қимағандағы өкініші.


«Басынан Жыландының құлағаным,


Кекілін кербестінің сылағаным, Кетті деп Балқадиша естігенде Құшақтап құс жастықты жылағаным.»


дейтін Аханға сенуге болар. Сенбейтін бір қиянат: «Дегенге Балқадиша, Балқадиша, Күйеуің 85те шал Қадиша» дейтұғын кейінгі бір пысықайлардың қосқан «жаңалығы». Балқадишаны айттырған күйеуі онсегіздегі жігіттің төресі болған деседі. Ыбырай қызын шалға беретін сасық байлардың бірі еместі. Ахан келе жатыр дегенде: төрің төсенішті, түндігің түрулі болсын, қыз, бозбаланы қамап ұстамаңдар деп рулы елге бұйрық беретін болған. «Бір түгіл екі жеңгең келіп отыр, рұхсат бізден сізге бар Қадиша» дейтұғын Ахан сөзі осыдан туған. Совет өкіметі Ыбырайдың мал-мүлкін тәркілеп, өзін Итжеккенге жер аударып жіберген. Кейін ұлдары елге қайтып келіп, Абраев деген фамилиямен әртүрлі мекемелерде, тіпті совет, партия ұйымдарында да қызмет атқарды. Көзі тірі туыстарын біле тұрып Балхадишаны шалға тиді деу алдымен ағайынды қорлау, қазақтың әдетінде жоқ қызды қорлау.


Ата-ананың рұқсатынсыз байға тиіп кеткен қыз теріс бата алып, қайтып төркінін көре алмай, туған жердің топырағына да симаған. Себеп, қыз қылығы бір ғана әулетті емес, бүкіл ел-жұртты қызықтан құр қалдырып қарғысқа ұшыраған соң туысқандық санаттан шығып қалса керек. Ел арасы бүлінбесін, ағайын арасына сызат түспесін деп қаймана қазақ түгілі Біржан, Ахандар да бұл салтты еш бұзбаған екен. Түркіде әйел жұрағатын қазақтай қадір тұтқан халық кемде-кем, бүгінде басы-көзін тұмшалап, қапырықта да қымтап ұстау біздің ғұрпымызға жат дәстүр, тегі шығыстан келген қылымсу мен қызғаныш еді, енді батыстан келген гендерлік саясат дегенге ұшырап отырмыз. Еркіндік, бостандық қазақтың қыз-келіншегінен басқа жұрттың ұрғашы атаулысына бүйырмаған салт, түбі бұл тиым деген тәртіптен шықса керек, өйткені әйел жүрағатын жүгенсіз қоя берсе, дамбалын басына киіп, жалаңаш борбайын күнге қақтаудан қашпайды. Егер әдепсіз, жабайы болса, түркілер бағы заманның өзінде әйел затын өлгенде де денесін алтын мен күміске, үлде мен бүлдеге бөлеп жерлемес еді, ел билігіне тартып, «қатын» деген титул бермес еді. Демек, гендерлік саясат деп қиғылық салып жүргендер дамбалын басына жеткізе алмай жүргендер. Демек, Еуропа рухани жағынан түркілердің жыл санауға дейінгі болмысына жете алмай жүргені. Демек, Джеймс Червардтың: «дүниежүзілік цивилизация түркілерден басталған» дегеніне талас болмаса керек...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу