28.01.2022
  283


Автор: Қалихан Ысқақ

Ахан





I. АХАННЫҢ АҒАЙЫНДАРЫ


Ұмытпасам, алпыс бірдің жазы апшыны қуыра келді. Қостанайдың аэропорты аспаннан келген сол аптапты сауып алғандай өртеніп-ақ тұр екен. Қарасы бар, торысы бар, жирені жыртылып-айрылған ала-құла жұрт табаға түскен шыжықтай бырысып, көлеңкесі көпек иттен де артылмайтын аядай ресторанға лықа толып алыпты. Беттің бес елі майы мен желкенің жетпіс бұрам терінен күлімсі сасыған жатаған залда екі даяшының бірде бетіне, бірде бөксесіне көзін сатқан ашқарақ жүргіншілер борсыған балық пен күңірсіген пияздың иісіне малтып отыр. Құданың құдіреті, бұйырған дәмнен қашсаң құтылмайсың деген осы екен-ау!.. Отызыншы жылдары аштықтан қисапсыз жырылғанда да балық пен пиязды таңдайына баспаған Торғайдың арғын, қыпшағы Хрущевтің арқасында жерік асқа арманнан шыға жырғап қалғанға ұқсайды.


Ине шаншар орын жоқ. Бірі серейген арық, екіншісі осы ресторанның жартысын алып тұрған жалпақ буфеттей жыртылуға жақын бітеу қатын иін тірескен қалың жұртты бөксесімен қақыратып табақтасып жүр.


— Тізе бүгіңіз, — деді бір бұрышты жауырынымен толтырып отырған жалпақ қара.


Деді де күлді. Сүрте-сүрте тайғанақ боп қалған жып-жылтыр күн қақты беті күлгенде шыныдай сіресіп, қасқа маңдайы шытынап кететіндей тырысып еді, күлкісі көзінде ғана қалды: жанары мөлдір, тұп-тұнық екен, мұң мен мейірім аралас, ер адамнан көрі әйел затына үйлес жылы көзқарас. Қасындағы серігі, түбіт мұрт жас жігіт орнынан тұрды да орындығын маған беріп, өзі бір-екі боқша мен сулық артқан үшіншісіне ауысып отырды. Үшіншісі ақсақ екен. Жалпақ қараның күлгені де осы екен.


— Неположено!..


Серейген арық қатын ұршығы тарсылдап жетіп келді де менің алдымдағы артық ыдысты тарпа бас салып тартып әкетті, жеп қоятындай ежірейе қарап еді, көз ұясы қара судың тереңдегі ылайындай қызғылтым, жиегі жіпсік, жанары сулы екен, зұлымдау келген дәл осындай кекшіл жыртықты қайдан көрдім десем, піл мен доңыздың ғана еншісі екен ғой... Бөксебасарының бірі ақсақ, екеуі лекер мынау балықтың өңезінен қақтанып кеткен жарымжан жозы екі кісілік болса керек. Үшіншіге — неположено!.. Арқаның жарым жұртына бекет болған тоғыз жолдың торабындағы аядай аэропортты керіп отырған жүнді ауыз, тыртық бет, жалаңаш бұйра төсті «тыңның ерлеріне» неположено деп айтар ешкім жоқ. Бір езуіндегі ысталған шабақтың құйрығы мен екінші езуіндегі темекінің тұқылын суырмастан тор сыраны сыңғытып жатқан шырыш-шырыш лақа ауыздар Американың кинодағы «дикий западын» еске салған. Қостанайдың сыра бөшкесі мен шарап бөтелкесі осылардың қолында жүр де бұрыш-бұрышқа тығылған бірлі-жарым аборигендерді адам деп те, Алланың пендесі-ау деп те есіркеп жатқан ешкім жоқ. Неположено!..


— Шөл баса отырыңыз, — деп жалпақ қара баржиған саусақтарымен шартық графиннің қылқиған мойнынан емес, жуан бөксесінен қапсыра бүріп сыра құйды. — Бұл жерден бірдеме жеп қарық болмайсыз, ал сусын жағы... бере қойса... соған дейін-ақ қаталап өлуге болады.


Ауыз жарымас дүниеге жұғынып үшінші құлқын қосылған соң дімкәс орындықтағы жас жігіт «мен болдым» деп стаканын алақанымен тұншықтыра қойды.


— Мыналар қай түрмеден шыққандар?


— Бесжүздіктер ғой, — дей салды жас жігіт.


— Батпақ қараның басшысы Хрущевқа құдайдай жалбарынып сұрап алған ынтырнатсаналдары! — деп қосты жалпақ қара.


Күйіп тұрған заманда сөзді қисық шаптыруынан мінезінің қырсықтау, тісінің шықыры бар екенін сездім.


— Мұнда нағып жүр?


— Бірі қайтып барады, бірі қашып барады, — деп жайбарақат күңк етті жалпақ қара.


— Бұлар бір жұтым арақ, бір саптаяқ сыра үшін де ит өлген жерге мәшине түгілі трәктіріңді де қуып кете береді.


«Сілекей сірне татыр шөлдегенде» деуші еді, қырдағыны ойға, ойдағыны қырық күншілік тойға айдаған шіркін ындын-ай десеңші!.. Торғай қайда, Қостанай қайда?!. Торғай демекші, бір ауданнан бес жүз мың гектар тың көтеремін деп аупарткомның бірінші хатшысы Хрущевқа хат жазғаны есімізде. Бір жылда Батпақ қараның соры мен құмын да қопарып тастап, алғашқы жыл амбар толмас астық алып, келесі жылы шаң қауып отырып қалған Торғай жұртының маңдай тері қара дауылдың өтінде кеткенін де естіп едік. Батпақ қарының «тыңын көтеруге» қырым- қайтадан ұры мен қарыны шақырып, «патриоттарға» төсек қажет болған соң сонау жер шетіндегі Балтық Жағалауынан отырып қалған кәрі-құртаң қыздар мен кемпірлеу қысыр келіншектерді де заказбен алдырыпты дескен. Мынау саптаяқты санамай сыңғытқан лақа ауыздардың кеспіріне қарағанда сол бикештерден ошаққа тас болатын сарабдал бәйбішелер шықпағанға ұқсайды-ау...


— Мұны білгенде Қостанайға мен де трәктір мініп келетін едім ғой! — деп жас жігіт өкініш білдірді.


— Жаман аттан жайдағым, жаман қатыннан бойдағым деген осы болады, — деді жалпақ қара.


Қостанайдың сырасы мен сыпайы жұртына рахмет айтып, он кісілік «пташкаға» міне қашқан едік, бұдыры жоқ аспанда қатқақ қара жолда мөңкіген трәшпеңкедей сілкілеп, ішек-қарынымызды сапырып келеді. Айлап-жылдап аспанға көтерілмейтін Ахан Нұрмановтың ағайындары бұл шіркінді самолет демей сүмелек дейді екен. Жас жігіт аудандық газеттің қызметкері, жалпақ қара ауылшаруашылық басқармасының бас зоотехнигі болып шықты. От жағыма кептеліп отырып алған зоотехник мені түкпірге тығып қойып жөн сұрасуға кірісті. Жәй, журналист едім деп аты-жөнімді жасырып қалдым.


— Қалихан Ысқақов дегенді білесіз бе? — деді менің Алматыдан екенімді естіген соң.


— Көрсем көзім шықсын! Сондай біреу бар деген, астанада қаңғырған иттен коп неме жоқ қой. Туысыңыз ба еді?..


— Мүмкін, қарға тамырлы қазақпыз ғой. «Менің ағаларым» деген бір әңгімесін шешеме оқып беріп едім, көзіне жас алып, қарағым-ау, біз туралы жазыпты ғой, білмесе қайдан жазады, хат салып жөнін сұрашы деп күні бүгінге дейін мазамды алып жүр.


Өтірігім жеткенше, өңешім кепкенше Қалиханды жамандап бақтым. Жалпақ қара әуелде үнсіз қалып еді, бір кезде шықпыты жыбырлап:


— Әттең, әне бір жыртық тар екен! — деп илюминаторды иегімен нұсқады.


— Оны қайтейін деп едіңіз?


— Кәлләнді қақ бөліп, сол жыртықтан тепкілеп лақтырар едім!


Қарға тамырлы қазақ екенін жалпақ қара әп-сәтте ұмытты да бетінің түгі бедірейіп, осыдан жерге бір түсерсің дегендей шойындай денесімен мені қабырғаға сығып тастады. Әңгіме осымен таусылды.


Безгек соққандай қалшылдаған «пташка» бірде лүп етіп төмен қарай құлдырап, енді бірде лық еткізіп қайтадан суырып алып Торғайдың аспанын шимайлап келеді. Ішек-қарыны аузына тығылған жас жігіт ақ тер, көк терге малшынып, толғақ қысқан тұмсадай жанын қоярға жер таппай отыр. Дүнияның рахатына батқан алдыңғы қатардағы екі жүндіауыз: Қостанайдан бізге қос болып ілесіп еді, балық сасыған жатаған залдың күңірсігін қоса ала шыққан екен, екеуінің қолында арақтың екі шишасы мен екі шабақ, барақ иттей дарылдап өлең айтқан боп бүкіл арқаның аспанын былғап келеді.


— Мына екеуі Жақияның қолына түспей жүр екен-ау, — деді құлағын қайта-қайта шұқылап мазасы кеткен қария.


Жақияның атын естігенде жаны қиналып отырса да жас жігіт мына бір әңгімені мақтанышпен айтып, маңындағыларды едәуір алдарқатып тастаған еді...


... Тыңның дақпыртымен Батпақ қараны басып алған қаңғыбастар Торғайдың суынан басқа сусын қоймай, дүкендегі иісмайға дейін ішіп қойған соң Аманкелді ауданы бойынша «сухой закон» жариялаған екен. Жымысқы ұрлыққа, зорлыққа болмаса жұмысқа зауқы жоқ шаталар жолақысы мен көтерме пұлы үшін совхоз берген ақшасын тауысып алған соң қорқытып-үркітіп момын қазақтың мүлкін тонай бастапты, қыз-қырқын қия басып үйден шығудан қалса керек. Қиянатқа шыдай алмаған совхоз директоры, самбо мен бокстан спорт шебері атанған Жақия деген азамат ұр да жық шофері екеуі күнде бір машина келімсектерді тиеп алып, Қостанайдың жолына, күншілікке алып барады да сілейтіп тұрып сабап: «енді барар жеріңді тауып ал!» деп айдалаға тастап кететін болыпты. Ел оған тәңірім тілегіңді берсін депті. Партия сөгіс беріпті. Қаңғыбастан қайырым, басбұзардан барқадар күткен басшылар жұрт көзінше қадірінен айырылыпты да келімсектерден қалған бірен-сараң «құрғақ заңнан» құлқыны кеуіп, ту сонау Қостанайдың суатынан ауыз шайқап қайтуға мәжбүр болса керек. Күншіліктен күнде барып жамбас жейтін жаратқанның құдасы емес, ақыры тышқаншылаған саяқтардың басы сарқылып, аяғы қойдан жуас, жусаннан аласа күнкешті тірлікке көндіккен секілді. Қария сөзінің төркіні осы...


... Қанаты талған «пташка» шаршап-шалдығып Аманкелдінің аэропортына бұрқ еткенде кіші бесін еді. Бұрынғы Батпақ қарадан қалған ен байлық — сары маса бұлттан бетер буып тұр екен. Торғайдың аты Торғай ғой, масасы да торғайдай... Ұрық-парқын түгел жиып қарсы алған Ахан башпайын піл басса да бық етпейтін үнсіз қалпын бұзбастан, темекісін шошайтып тұрып зорға дегенде езу тартты. Одан бір сөзі артық Жібек:


— Әй, Қалихан, байға тигенімде ұзатып салуға жарамап едің, ақыры артымнан қуып жеттің бе?! — деп аяғым жерге тимей жатып әзіл тастағанда Жалпақ Қара бетіме бажырая қарап тіл тартпай тұрып қалды...


... Таңғы сағат бес болмай, бет жуып, қол шаймай жатып сол Жалпақ Қара төсектен суырып алды да:


— Апам шақырып жатыр! — деді. — Мен малшыларды аралауға жүріп барамын, енді екі айсыз оралмайтын едім, — деді.


... Ахан ауылының бір қариясы, көне Торғайдың көркі мен қасіретін бет-жүзіне әжіммен жазып алған кейуана көзіне жас алып, таңсәріде маңдайымнан иіскеп еді...


II. АХАННЫҢ ҮЙЛЕНУІ


Аханға лақап ат қонбады. Өзі де оған мән беріп, не ренжіп, не мақұлдап жатпаған соң бәрі де жайына қалды. Соның бірі — «Үндемес» еді. Орысшаны да, қазақшаны да тек жаттап үйренген бір курстасымыз деканатқа арыз айтып: «Оқытушыларда әділет жоқ, Ахан Нұрманов емтиханда жағып ашпаса да оған сұрамай бес қойып береді» — депті. Шетел әдебиетінен лекция оқитын Мадзигон сол арызға: «Дүниежүзілік классиканы Нұрмановтай білген адам университетте оқымай-ақ қойса да болады» — деп жауап қайтарған екен. Ахан сабақтан бір күн қалған емес, бір минут кешіккен емес, бірақ, бір парақ конспект жазған да емес.


Шын ниеті ме, әлде Ахан дүниядан қатынсыз өтеді-ау деп қорыққаны ма, отыздан асып барып он сегіздегі біздермен оқуға қатар түскен Ақ қатын: «Осы Ахан маған сөз салса тиер едім» — депті. Ахан оған кейіген де жоқ, күлген де жоқ. Менің намысыма тиді де каникулда Аханды Алтайға ала кеттім...


... Қыркүйекте Қатын Қарағай құбылмалы. Кей күні қары басып салып, күннің көзі жылт етсе жылап таусылатын қара күзде елге жеттік.


Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарына жүдеп-жадап, сіңірі созылып зорға іліккен Алтай өңірінің Аханға мақтарлық, Ахан мақтарлық сыйқы да, сымбаты да жоқ. Қыркүйекте көркінен айрылған кәртәміш тау күл басында шөгіп қалған көтерем нардай қазақты күтіп қыртиып отырған. Көгеннің бұршағы ырсиып, бір бір қасқа сиырдың қатығына да қасық батыра алмай қара тамаққа қамалған ел іші келімді-кетімдіге жыртық үй, жырым балағымен мақтансын ба... Қатты сасқан Қырмызы апайым сол қасқа сиырдың жалғыз тайыншасын ары сүйреп, бері сүйреп әуреге түскенде ұялған мен емес, Ахан болды. Ішінен «неге келдім» деп өкінген де шығар, бірақ, онысын сездірген жоқ. Әйтеуір шамасының жететіні мен, танауының астынан күбірлеп отырып күнде айтатыны: сатпасын, жаяу кетсек те Алматыдан адаспаймыз! Оған көне қоятын әпкем бе, халық жауының қатыны атанып түрмені де көрген, түртпекті де көрген қайран бас:


— Байдың қызығынан да, баланың қызығынан да құр қалған соң енді маған мал неме керек, байлық не теңім! — деп айтқанынан қайтпай, ақыры тайыншасын аудан басына апарып ақша қып алып келді.


Қалтаға қарға тышқан соң енді мен есірейін дедім. Ойым — Аханның басын екеу қып Алтайдан аяқтандырып қайту. Есіме бірінші түскені Қ. деген қыз. Жесір әйелдің үріп ауыға салғандай жалғызы еді. Жетімнің қайбір жетіскен күні бар, мектеп бітірген соң алысқа ұзай алмай, көрші Белқарағайда сатушы болып істейтін көрінеді. Сонымен Ахан екеуміз қыз көруге аттандық...


... Әдемі-ақ бой жетіпті. Сұңғыла қыз бір нәрсені сезгендей біз кіріп келгеннен-ақ екі беті нарттай боп өртеніп сала берді. Шаралы көзі жаутаңдап, әлде бір үрей күткендей шот қаққан қолы адаса берген соң есебінен жаңылмасын деп келімді-кетімді жұрттың көлеңкесіне ығыстық. Ұрғашының көріктісіне күдікпен қарайтын, оның үстіне тісін қақсаң да тілін көрсетпейтін Ахан дым сездірген жоқ. Бірінші күні де, оныншы күні де... Он күн бойы сандалдық. Топқайын мен Белқарағайдың арасы алты шақырым. Қыз Өрнек ауылында тұрады екен. Белқарағай мен Өрнектің арасы да алты шақырым. Ахан екеуміз ертеңгісін дүкенді аштырып, кешкісін жаптырып бірақ қайтамыз. Қызды ауылына жеткізіп саламыз. Рұқсатын сұрамай-ақ. Жаяу-жалпы. Күніне жиырма торт шақырым. Он күн бойы жағын ашқан жоқ. Екі жүз қырық шақырым жағын ашпады-ау!..


Ауыл итінің құйрығы қайқы, қырық жыл бұрын кеміріп тастаған қыналы сүйегін де қызғанатын әдеті, осында да бір тесік моншақ бар-ау деп Белқарағайдың жалғыз дүкеніндегі жалғыз қызды елеп көрмеген жігіт-желең аяқ астынан апалаң-топалаң болды. Бойжеткен қызы бар екені енді ғана есіне түскендей оған ағайындар қосылып борандатып алып кетті.


Қыз байқұс ұялғанынан жерге кіріп кете жаздайды. Бірақ, кет деп те айтпайды, келістім деп те айтпайды. Тіпті неге келіп жүрсіңдер деп сұраған да емес.


Қара күздің қара желі қасқа маңдайдан ұрады да тұрады. Қоңыр белдің ала-шұбар орманын орағытып қарақұрық сағым қарсы алдымыздан сумаңдайды да тұрады. Сыпайы тоңбайды, қалтырайды, студенттің жалаңқабат вельветі мен жалаңқабат шалбары борбайды қарып түседі. Мен Аханға тығыламын, Ахан маған тығылады, қыз байқұс қайсымызға тығыларын білмейді. Елірген Шерушінің жігіттері кейде арбамен қуып жетеді, кейде мотоциклін көлденең тосады. Бізге емес, қызға. Рахмет, қыз байқұс бізді тастап кетпей талай жігіттің меселін қалдырды, менменсіген кейбіреулердің намысын таптады. Рахмет!..


... Оныншы күні Аханды түрттім. Ол өзімді түртеді. Амал жоқ, қызбен оңаша мен қалдым. Аяғының басына қарап тұрып, екі беті дуылдап тұрып қыз айтты: ағатай деді, жолдасыңыз жақсы кісі шығар, бірақ, ол маған жақсы жар бола ма, мен оған жақсы жар бола аламын ба деді. Күндердің күнінде жараспай жүрсек: осыны сен тауып беріп едің деп сізге ол ренжісе, осыны сен тауып беріп едің деп мен ренжісем, сіздің обалыңызға қаламыз да деді. Сосын үйіне шақырды, дәм татып кетіңіздер деді.


Алты аласы, бес бересіміз жоқ бейтаныс үйге баса-көктеп кіріп баруға батылымыз жетпеді. Отказ алған соң қыз бетіне қарауға жүзіміз шыдамады. Қара күздің ызғырығынан тау бөктеріне тығылып отырған Шерушінің елу шақты түтіні бізді жатсынғандай түгел қымтанып, есік-терезесін тарс бекітіп алған сияқты. Отказ!


Бетегесі белден, күреңсесі көкжасыл, қарағайлы шұбар белдің иығына шыға бере дәмелі көңіл ауыл жаққа тағы да бір қаратып еді. Қыз әлі тұр екен. Кермеге ілген қара мақпал жалаудай лапылдап, далп-далп шалқыған қарақұрық сағымда аяғы жерге тимей зорайып аспаннан көрініп еді. Қол бұлғадық. Қол бұлғады... Қ. немере ағамызға тұрмысқа шығып, бүгінде жақсы жеңгемнің бірі болды. Бірақ, көрген сайын ауыл шетіндегі аяғы жерге бір тиіп, бір тимей, аспанға ұша жөнелетіндей қарақұрық сағым арасындағы қол бұлғап тұрған қайран бойжеткен көз алдымнан кетпейді. Көрген сайын Ахан есіме түседі...


... Қарағайлы шұбар белдің ойдым-ойдым аралында томпайып-томпайып отырған шошақ маялардың ығына келіп тығылдық. Әр маяның төбесінде қарақшыдай қалбайып бір-бір қарақұс күржиеді. Қара желге қанатын талдырып, жіпке байлап қойған батпырақтай бір орнынан тапжылмай тышқан аулаған бөктергілер де қара суықтан қалтырайтын сияқты.


— Дү-ре-ес! — деді Ахан отыра беріп.


— Несі дұрыс?


— Сол... дұрыс қой, — деді.


Ахан дұрыс десе де біреуде есем кеткендей менің ішім құлазып қалды. Досыма өтірікші болғандай, қыз дәлеліне қаншалық иланғанмен көндіре алмағаныма кәдімгідей қорландым да алдарқатқандай болып:


— Алтайға жазда келу керек, қатын Қарағайды жазда көру керек! — дедім.


— Нешауа, Мақтаралдан жаман емес! — деп Ахан тағы да қайтарып тастады...


... Студент кезімізде Мақтарал деген жорық шықты. Төрт жыл қатарынан мақтаға айдап, мойнымыз ырғайдай, битіміз торғайдай боп тозып кеттік. Қатын Қарағайға кештетіп келуімізге де себеп болған Мақтарал еді. Бек Тоғысбаевтың Савхозбек кезінде Жаяумұсаны теріс айналдырып:


Мақтарал кейде қарлы, кейде қарсыз
Біз жүрміз кейде нанды, кейде нансыз
Кәшіге ақша таппай жүргенімде
Кез салған поджаркіге көңіл арсыз!
Әндір-әндір, әндір-ай,
Сунының еті шандыр-ай!
Аңсап келген Алматы
Мақтаралда қалдырды-ай!
Беу, Алматы, қашан жетем-ай!


— деп ән салатын кезі осы болатын...


Әзіл де болса шындық еді. Белуардан батпақ кешіп, күні бойы дірдектеп жүріп теретін мақтамыз кербез кемпірдің шүйкесіндей-ақ. Соғыс кезінде масақ теріп күн көргеніміз рас, бірақ, мақта теріп күн көру одан да қиын екен. Жатқан жеріміз клуб, төбесі заңғар, торғайдың өзі пана таппайтын қу медиен. Студент байқұстарды қатар жандар сияқты айдап алып барып жұмысқа салады, айдап алып кеп қамайды. Екі мезгіл тамақты көзіміз көреді, сатып алып жеуге ақша жоқ. Үстіміздегі іске татыр бір сабақ жіпке дейін жергілікті жұрт шешіндіріп алды. Қу тамақ не істетпейді, өңез де болса өңешіңнен бір түйір өтсе жалаңаш жүруге де болады екен. Ахан екеуміз қыз қарамаса да ішуге жарайды-ау деген соңғы көйлегімізді жеп тындық: Семейдің «Большевичка Украйнасының» инесінен шыққан жібек еді, жібегің де жұмырға жұқ болмайды екен. Оның үстіне ауыз үшеу — Ахан, мен және маған нағашылығы бар Социал деген жігіт. Тельман — автономия, өйткені оның да асырайтын адамы бар. Кәшіге ақша таппай жүріп қыз соңынан жүгіреді еще! Жігітті намыс өлтіреді ғой, құлқын сәріден кетіп, ел жата бақайы жылтылдап, бармағы шырыш-шырыш боп зорға жетеді. Сондағы бар тапқаны Фариданың аузынан артылып жығылмайды.


Мақта шіркін қар түспей қайтармайды. Өлдім десең сенбейді. Социал суық тиіп қатты құлады да қайтып тұрмады. Күн сайын нашарлап, жөтелгенде қолқасы ақтарылып қалатындай тұншығып, есінен танып қалады. Тысқа көтеріп шығарып, көтеріп кіргіземіз. Екеуміз екі жағында жатып, түнімен қымтап шығамыз. Қарайтын дәрігер тұрмақ қалын сұрайтын жанашыр жоқ, ертеңгісін бригадир келіп: «мынау нағып жатыр?» — деп бөксесінен таяқпен түртіп қорлайды-ау...


Бір күні Аханымыз ұшты-күйді жоғалды. Барса-Келместе қалғандай Тельман екеуміз елегізіп түнімен ұйықтамай шықтық. Қашып кетті ме деп күдіктенеміз. Қашсаң тағы да пәле: жетекшіміз сол күні Алматыға телеграмма соғады да қош бол университет деп тентіреп кетесің. Бәленшенің баласы оқи алмай келіпті дегеннен өлген артық. Әйтеуір, құдай сақтап Аханымыз екінші күннің кешінде үсіп-жығылып оралды- ау. Бір қалта дәрі-дәрмегі бар, тандырға жапқан торт таба нан мен бір білем колбасаның шетінен де тістемепті. Ұрлық деп сескенді ме:


— Мұны қайдан алдың? — деп Тельман дүрсе қоя берді.


Жөн айтатын Ахан ба, жеңін түріп, білегін көрсетті. Немере ағасы Шәймерден сыйлаған алтын сағаттың ағарып орны ғана қалыпты. Сонымен соңғы сағатты да жеп тындық. Жемнен де қымбаты дәрі болды. Социалдың қызуы түсіп, ептеп тамаққа қарады, бірақ, орнынан тұрғызуға шамасы жетпеді. Енді не істеу керек?..


Ақылды Ахан айтты: бүйтіп жүре берсек, не аштан өлеміз, не аурудан өлеміз деді. Стансадағы мақта зауытына жүкші керек екен, Ақы-пұлын қолма-қол күнде беріп тұрады. Мен сонда барайын, сен екеуің мұнда мені жоқтатпайтын болыңдар деді.


... Таңмен таласа мақта тиеген жүк машинасына жармасып кетеді. Кешкісін қас-кірпігін шаң басып, көзі ғана жылтырап, меңдуана жегендей сандалып жетеді. Тельман екеуміз терген мақтамызды үшке бөліп, Аханның есебінен өткіземіз. Есесіне поджаркеге аузымыз жетіп қалды. Өзі де тұйғындай жігіт, бір айдың ішінде шөгін, шөмейіп кеткендей көрінді. Сенің орныңа мен барайын дедім. Біреудің сөзін қабыл алмаса, таңдайын тық еткізетін әдеті еді. Бұл жолы да тақ ете қалды. Мұнысы шамаңды біл дегені. Нар түйеге жүк болғандай тепкілеп толтырған дәу қанарды траппен көтеріліп мақта маясының төбесіне апарып төгуге жігіттің жігіті ғана шыдайтыны рас. Бойы шарғы болғанмен Аханның денсаулығы мықты, күш қайраты мығым еді. Университетке дейін Тау-Кен институтының бір курсын бітірген. Бокстан бірінші разрядтың нормасын орындап тұрған кезінде тренерімен төбелескені үшін дисквалификация жасап, институттан шығарып жіберген. Мұны да менен басқа күні бүгінге дейін білген ешкім жоқ. Жатақханада бізбен бірге тұратын химфак пен физфак жігіттерінің высшая математикадан қиналып шеше алмаған есептерін әп-сәтте қағып тастап кете беретін... Әрине, қанар көтеруге келгенде де Аханмен таласа алмайтынымды сездім.


— Сен Социалға қара, жата-жата жамбасы тесілетін болды — деді. — Жай өкпесі қабынса, пенициллин алып түсетін еді болмады ғой. Оның ауруы туберкулез, — деді.


... Мақтаралдан Тельман пәшти үйленіп қайтты Студенттердің тоқсан проценті боткинмен ауырып қайтты. Социалды арқалап қайттық. Аханның айтқаны тура Алматыға жетісімен ауруханаға түсті де қайтып оқуын жалғастыра алмай, бір жылдан соң өкпе ауруынан дүние салды...


... Мақтаралдан жаман емес қой... Әрине, Мақтаралды Алтаймен салыстыра алмайсың. Мақтарал да Жиделібайсан жері еді. Қоңырат деген елді жер ауып келгелі ирандық әзірбайжандармен сапырып берекесін алды да, жер химикатпен шірітіп миын шығарған заман кімді аяды дейсің. Екі аяқтының бәрін де катаржанға теңестірген. Ахании айтпағы: кеше бір шайнам нанға зар болып едің, бүгін желіп қыз қуып жүрсің. Қыз қарамаса қызығыңның таусылған емес шығар, сұлудан басқа да төсек табылар тек сол жанға жылы болса де...


Кемердегі қара барқыттай лапылдаған қарақұрық сағым ими жалы жығылып, бөктерді милықтата басып келе жатқан ымыртпен ұласып барады. Бетегені тарақтап, талдың басы шұлғытқан қара жел Алтайдың көкшағыр ұшарынан ағын судай сарнап түсіп, ағаш біткенді құшақтастырып, сүйістіріп ақылын шығарды. Мая түбіне арқаны тығып қойып, қобыз тартқанын тыңдап отыра берсек...


— Ей, тұр, қатын іздейміз деп қатып өлеміз бе?!. Менің і арам жеңіл ғой, сені Торғайға жеткізу қиын шығар!..


Көрші маяны өші кеткендей сүзгілеп талқанын шығарып пілдей көк бұқа енді желге қарап танауын жиыр да сізге қарап жер тарпып өкірсін келіп. Жаз бойы бір қарманың ашатұяғын ертеңгісін құйрығын көтертіп қойып шетінде суағарынан мұрнымен санап алып, жерден маяларды сағалап, айдалада жалғыз өзі жатып нахал сауыры тақтайдай боп қара желді қақ жара қарай жүзіп келеді.


— Мына атаңа нәлет жарып тастайтын шығар! — деді.


Жар іздеген адамға да алдымен жан керек екен.


* * *


— Нурманов, а ну-ка, миленький, объясни им, кто такой Пушкин?


— Эфиопский араб!


Мынау не көкіп тұр дегендей аудитория дарылдап кеп Пушкиннің атын естігені болмаса затын қазып көрмеген ауылдың кешегі өңшең можантопайлары өзін өтірік иемденіп жүріп, біреудің пілдей тілдей Ахан қорлады деп оны ақымақтығы. Әлгінде ғана: ұлы ақын, пәлен деген түген деген өлеңі бар деп Пушкинді жаттап алғандай жамырасып едік, соның бірін де місе тұтпаған ұстазымыз Виктор Михайлович Хомутов:


— Смех неуместный, Нурманов ответил правильно! — деп күлкіні әзер тоқтатты. — Действительно, Пушкин эфиопский араб, но это не унижает его достойнство!


Пушкинді араб деп кім ойлаған. Оның орысша жазғанын білеміз, бірақ, орыстың тілін жасағанын қайдан білейік. Ұстазымыз, сол араб орыс тілінің мәдениетін дүниежүзілік деңгейге көтерді демесе Пушкиннің грамматикаға қатысы бары кімнің түсіне еніпті...


... Неге екенін ит білсін, бірінші курстың бірінші сабағы орыс тілінен басталды. Қас-кірпігіне дейін аппақ, екі көзі тұздай мұрты едірейген тәкаппар шал аудиторияға бір кемпірді жетелеп кірді де сәлемдескен соң ай-шай жоқ:


— Кто плохо владеет русским языком, поднимите руки! — деп бежірейіп тұрды да алды.


Әрине ешкім қол көтерген жоқ. Намыс. Оның ар жағында: орыс тілін білмесең университетке қалай түстің деген сауал және жатыр. Қорқыныш. Сегіз емтихан тапсырып едік, соның үшеуі орысша.


— Кто положительно ответил на мой вопрос, прошу следовать за мной. Молча! — деп тәкаппар шал шықты да кетті.


Жиырма бес едік. Біреуі қозғалған жоқ. Солардың көпшілігі диктантты беске жазса да текстен дым түсінбей құр жаттап алатын мен сияқты зырылдақтар.


— Дети, он у нас большой знаток русского языка, и единственный специалист по казахскому языку, — деп кемпір байқұс бізге жалынышпен қарағандай болды. — Кто хочет продолжать учебу — останьтесь со мной, кто хочет владеть русским языком — идите к нему. Я, человек стандартный, требую от вас стандартного знания по книге, а у него свой метод, вы будете у него не изучать, а приобретать!..


Ахан мен Тельман Ивановада қалып кетті де мен шалды жағаладым. Бірақ, келесі сабақта Ахан қайтып келіп, қиқиып менің қасыма отырып алды. Шалдың тәкаппарлығы құлағында екен: бір құлағы естімейтін болған соң сыңар езу аттай мойнын бұрып, иегін аспанға көтеріп жүретін әдетін кейін білдік. Әзірге ол сабақты Пушкиннен бастады да жарты жыл бойы «Белкиннің повестерін» ежіктеп оқып, өрнектеп отырып сөздік жасадық. Грамматика жайына қалды. Жарты жылдықта емтиханнан құлаған бір адам жоқ, көбісі төрт пен бес. Үшке стипендия төлемейтінін шал да жақсы біледі екен. Содан күдіктенген декан Кока: сіздің студенттеріңіз орыс тілінен қалайша кіл торт пен бес алады деп сұрағанда, Виктор Михайлович: мен бағаны орыс тілін меңгергені үшін емес, программаны игергені үшін қоямын депті.


1920 жылдан Алматыны қоныс еткен Виктор Михайлович қазақ тілін қатты сыйлайтын да жақсы білетін. Қара дермантинмен тысталған көне кітапты қолтықтап келетін еді. Бұл — «Сопоставительная грамматика русского и казахского языков» дейтін өзі жазған оқулық. Кезінде тиражы аз болғандықтан сирек кітапқа айналған, қазақтар орысшаны таза сөйлесе шүршіт боп кетеді деді ме, кейін қайта басып шығаруға цензура рұқсат етпепті. Жалғыз данасы университет кітапханасының архивінде болушы еді, бүгінде бар ма, жоқ па, оны да бір құдайдың өзі білсін. Мысалы Ахмет Байтұрсыновтан алғаны үшін кінәлі болған Виктор Михайлович тірі болса әлде қашан жүзден асты, о дүниелік болса сүйегіне қына да шыққан шығар, бірақ, оқулықтың шапағатынан басқа не зияны бар? Тіліміздің статусын додаға салған мынау заманда, орыстың он сөзіне жүйрік, кеңсе тілін орыс тіліне балап, қазақ тіліне шекесінен қарайтын иісі қазақ шала шүршіттердің де, қазақша тіл сындырамын деген орыс жұртына да таптырмайтын оқу құралы болар еді-ау!..


«Бекет қарауылы» мені еріксіз орталық Пушкин атындағы кітапханаға алып барды. Алып барған Ахан. Алдымен мен оқитын кітаптардың тізімін жасады. Оның басында, әрине, Пушкиннің, сосын Лермонтовтың прозасы, Боккачионың «Декамероны», Конан Дойльдің «Шерлок Холмс туралы жазбалары», Проспер Мериме, Джек Лондон, тағы да басқа менің тісім бататын қызықты шығармалар. Виктор Михайловичтің тәлімі бойынша сөздік жасатты, әрине, оған түсінік беретін тағы өзі. Күн сайын. Сағат түнгі он бірге дейін. Кітапхана жабылғанға дейін. Әуелде ұйғыр, одан Космонавты атанып, ақыры Ахмет Байтұрсынов болып иесін тапқан шулы көшеден кешегі Ленин проспектісі, бүгінгі Достықпен Төлеби көшесінің бұрышына дейін, жаяу-жалпы, қысы-жазы бір киіммен, бөкен желіспен. Ахан ақырын жүруді білмейтін, транспортқа мінуді білмейтін, далаға шықты — жын қаққандай безіп ала жөнеледі. Соңынан еріксіз салпақтайсың. Сынықтан басқаның бәрі жұғады, жалғыз келе жатып та, көппен келе жатып та күні бүгінге дейін асығам да жүрем. Әсіресе Әкіммен көшеге шығу адамға сор. Жүріп келе жатып тезек тастаған аттай мимыртап, қарадай күшеніп, қарадай қиналып, қылтасынан тұсап қойғандай адымы ашылмайды-ау! Қасына ерген сен қарадай қажып, қарап жүріп шаршап, діттеген жеріңе жеткенде ешнәрсеге көңілің шаппай таусылып жығыласың -ау!..


... Сонан соң ағамыз Шәкен Әкімге Бүлкілбай деген ат қойып еді. Бүлкілбайдың бұдан шыққан шығыны жоқ. Бүлкілдеп жүріп-ақ күніне екі бетті есептеп жазып, ойын мысқалдап, өлшеп қана шашып, өзінің шамасын өзінен қызғанғандай кейде қағазды алдына жайып қойып өтірік жазушы болып отырып та жылына 720 бетті толтырып шығады. Сонан соң да Сайын ылғи да маған:


— Әй, сенің анау Самауырыңа қызмет тауып беру керек еді, — дейтіні бар.


— Қызметтің оған керегі не, онсыз да тоқ қой!..


— Отырып алып күніне екі бетті тышып жатып, бізге күн көрсетпейтін болды ғой!..


Кезінде әркімнің жасына қарай әр буынды есектер, иттер, маймылдар деген категорияға бөлген едік. Қылжақ та болса ептеп шындығы бар. Сондағы Әкімге тигені — Зәлім есек: ылғи түйе керуеннің ішінде жүреді, арқасында сәнді ер-тоқымы, әдемі қоржыны, түйенің жүгін көтеріп келе жатқандай өтірік ыңқылдап, ара-тұра қоржынына тас салып қойсаң, аунаған болып оны да тастап кетеді.


Қадыр Мырзалиев —әккі есек: ұзап шықсам қасқыр жеп қояды, кіріп кетсем біреу мініп кетеді деп ауылды айналып жайылады; Әбіш — қоңыраулы қоңыр есек: құйрығында қалжуыры бар, қайда жүрсе де артынан сылдыры қалмайды; Сайын сыпайы есек: жайлауға шыққан көшке ермей ойда алып қояды да жазда — шүйгін, күзде мая маңындағы саяқ байталдардың ішінде жусайды; Асқар — қыршаңқы есек: алдына барғанды тістейді, артынан барсаң тебеді; мен киностудияның көрінген иті мінетін көк есек едім. Ішімізде ақтұмсық қара есек, әңгі есек, мәңгі есектер де бар еді; кейбірі өсе келе, кейбірі есейе келе біздің ортамыздан да жоққа шамырқанатын шамкостер шыққан соң қалғанын санамай-ақ қояйын, ал иттер мен маймылдарды реті келсе кейін түгендей жатармыз:


... Есектердің ішінде Аханға мінездеме таппадық. Достарының бір де бірі оны мазаққа қимаған еді, әлдекім септей қалса, Әкім болып, Сайын, Рамазан, Асқар боп жатып кеп ара түсетін... Мінезінің жоқтығынан емес, талай-талай оғаш қылықтары, топқа үйлеспейтін томырықтыға да, бөтен түгілі бөлесі түсінбейтін құбылыстары да толып жатыр. Кейбірін кейін түсіндік. Кезінде... жастықтың буын да бірге кештік, зәһәрдің суын да бірге іштік. «Арақ деген итіңді баяғыда адамша ішетін едік, кәзір екі литр, үш литрден соң ақ құмға басатынды шығарып алыппыз» дейтұғын Қалтай ағамыздан қалған сөз бар еді, сол айтпақшы... араққа жоламағаныма он сегіз жыл болды деп Әкім бүгін шіренгенде шекпенін жырта жаздайды, кезінде оның ындынын тойдырғанша Ахан стол астында жатып үш ұйықтап, үш оянатын. Ұйықтайтын Ахан, оны арқалайтын мен. Оған қатындары ұл тапқандай қарқ боп езу жыртатын Әкім бастатқан бір тоғыз.


Жүз елу көрпе, елу текеметін жаяу арқалап жүріп Асқар Сағынғали ағамыздың жұртында қалған екі бөлмесіне көшіп қонды. Жазушылар Одағының іргесінде, әрі тәуліктің қай мезгілінде келсең де Айтотамның есігі ашық, тәуліктің қай мезгілінде келсең де тұшпарасы дайын, және де тұшпарасы қандай!.. Соны да менсінбей Асқар көршісіндегі пельменхананың балшығын малжаңдап отырушы еді... Топырлап сол үйден шықпаймыз. Бірде Аханды стол астынан сирағынан суырып алып, арқалап жөнелдім. Бірінші этажға жеткенде: «ойбай тоқта! Көзілдірігім!» — деп ойбай салды. Арқалап үшінші этажға қайта көтерілгенде секіріп түсіп, қараңғыда сипалап жүріп көзілдірігін тауып алды да секіріп қайта мінді... Аханды стол астынан көрген сайын Айтотам: «тимеңдер, аты қасында отыр ғой, ұйқысы қанған соң алып кетеді де» — деп әзілдейтін болды. Мұндай отырыстарда Аханның азабынан қашатын Әкім күні бұрын таксиге деп менің қалтама бір сом салып қоюшы еді. Ол кезде бір сом жер түбіне де жетеді...


Аханның қалтасынан студент кезінде де ақша үзілген емес. Бірақ өмірі таксиге төлемейді, тірі пендеге көк тиын қарыз берген де емес. Есесіне ашыққанды асырауға қашанда әзір. Студент қашанда ашқарақ. Ертеңгі күннің уайымы ма, бір тойғаннан бір жылдық сүбе жинайтындай көзі көргенді аш болса да, тоқ болса да қарпып қалуға дайын тұрады. Бір бөлмеде алты студентпіз. Ахан бес жыл бойы әпкесінің үйінде тұрды. Лекция күндізгі сағат бір он бесте бітеді. Ахан алтауымызды Турксибтің асханасына алып келіп, (мұнда нан тегін) бас-басымызға бір-бірден лағман, екеу ара бір манты (шайды қанша ішсең сонша іш) әпереді. (Демалыста, мереке күндері бұған жүз грамнан арақ, екеу ара бір бөтелке сыра қосылады. Кейін осы әдетін Ахан ресторанға шақырса да тастаған жоқ.) Сонан аузы-басыңды сүртер сүртпестен алдына алып томпылдатып айдайды да кетеді. Барар жеріміз сол баяғы кітапхана. Менің оқитыным белгілі. Одан не оқып жатырсың деп сұраған емеспін. Жұрттан оқшау, қайдағы бір бұрышты тауып алып, тырп етпей стол үстінде етпеттеп жатқаны. Сағат түнгі он бірге дейін. Жаз болсын, қыс болсын. Сағат он бірде кітапхананы жаптырып, парктің іргесіндегі Дачная көшесіндегі әпкесінің үйіне келеміз. Қыс болсын, жаз болсын. Қуықтай кухнясы бар жалғыз бөлме. Қуықтай кухняда қара дермантинмен қапталған тар кушетка. Тар кушеткада біріміздің аяғымызды біріміз құшақтап жата кетеміз. Құданың құдіреті, біріміздің басымыз өрде, біріміздің басымыз еңісте, қойындасып жата кету әдеті біздің замандастарымыздан кейін кісі болдық-ау деген кезде де қалмады. Бас басымызға абажадай бөлмеміз бола тұра Нәсір екеуміз Мәскеуде бір төсекке таласатын едік...


... Біздің жігіттер қыстың көзі қырауда көшіп-қонатын және де пеші жоқ, булығы бітеу, тірі жан түгілі қой қамасаң да құмалағымен қатып өлетін қайдағы бір күркеге тап болатын да жүретін.


Елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында әдебиетке келген, «жетімдер әулеті» атанған біздің буын түгелдей Алматының Тастағында тұратын. Біріміз мәтүшкенің шошаласында, біріміз шошқа қорасында, мұржасы бүйірінен, түтіні іргесінен шығатын «временка» дейтұғын дүңгіршектерде күн кештік, оның өзі де алдымыздағы Сырағаң мен Мұзағаңардан, Жұбағаң мен Балағандардан қалған сары жұрт. Бұған да шүкір-ау, шошаланың иесі біздерге Арқа мен Атыраудан, Алтай мен Қаратаудан қаңғырып келген босқындардай ала көзімен қарайтыны және бар, бала-шағаң болса ит ерткен қонақтан да сүйкімсізсің, жұбайың жүкті бола қалса, қаймана қазақтың санын көбейтіп, жарық дүниеге шырық бұзар пәлекет келе жатқандай ойбайын салып шошаласынан да қуып шығады. Май өтпей қары кетпейтін, шілдеде де балшығы кеппейтін болған соң: «Тастаққа барсаң тастап бар» деген қанатты сөз сол кезде туған. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық жазушысы Мырзалының осы гонорар алған кезімізде:


— Әй, жігіттер, өзіміздің «нохчи-вальске» баралық, әйтеуір торт аяқтасақ та үйді табамыз ғой! — деуші еді.


Бауман мен Комсомол көшесінің қиылысында қамыстан соққан жатаған ресторан таңғы сағат тоғыздан түнгі он екіге дейін барды-жоғын күңірсітіп кеп жатқаны. Таңғы тоғыздан түнгі он екіге дейін шешен жұрты жайлап алып, жырғап кеп жатқаны. Таңсәріден түн ортасына дейін «нохчи-вальс» қақсап кеп тұрғаны. «Нохчи-вальс» атануы да осыдан.


Төртінші маршрут дейтұғын ағаш трамвай ертеңгі сағат сегізде қазақтың жігіттері мен қыз-келіншектерін тиеп алып даңғырлап жөнеледі. Кешкі сағат сегізде кіл қазақтың жігіттері мен қыз-келіншектерін даңғырлап келіп төгіп тастап кетеді. Бауман, Рахманинов, Софья Ковалевская, Бруно, Комсомол, тағы не... құдай-ау әйтеуір Тастақтың көшелері де бөтен жұрттың еншісінде, тұрғындарының үштен бірі біз сияқты аборигендер: Сансызбай, Әнуарбек, Ізтай, Сәкен, Сағи, Тұманбай, Қадыр, Нәсір, Ахан, Тельман, Оспанхан, Ілия, Шәміл, Бекмырза, Жахан (Смақов), Қабдікәрім, Қосжан, Өмірбек (Бәйділдаев), Бек (Совхозбек), Әбіқұл, ішінде мен де бар, мен білмейтіні мұнан жүз есе көп, қойшы, әйтеуір қазақтың қалам ұстаған зиялы деген жұртының 99,9 проценті қайын енесіндей қақпас мәтүшкелердің қапсырмасын паналап отырған.


Есігі біреу, тесігі мың, есігінен шығып тесігінен шықсаң да адастырмай жолға салып жіберетін, тауық қораға жапсарлас салынған жаппада Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық жазушысы Нұрмақтың осы Сәкенімен көрші болып Нәсір мен Ахан тұрып жатты. Жазуға болмаса тіршілікке мойын бұрмайтын, қатып өлсе де біреуден қайыр күтпейтін Нәсір, шаруаға қыры жоқ Ахан қыс бойы от көрмейтін қандаланың ұясында, бір көрпенің астында, бірінің аяғын бірі құшақтап қыстап шығатын еді. Қышқыл нәрсе суықта қуат береді деп осы Совхозбек Сағимен бәстесіп, бір бәнке тұздаған укроп жеп, ақыры ішек-қарыны ақтарылғанша лоқсып, әйтеуір, құдай сақтап тірі қалғаны әлі есімде. Ертесімен келіп, Ахан мен Нәсірді кереқарыс қыраудың астынан қазып алатын едім. Нәсір «Пионерде», Дхан Қостанайдан бір қайтып келіп «Коммунизм таңында» жүрген.


— Қатыны бар адам да таң атпай қаңғиды екен-ау, — деп Нәсір күңкілдеп қала береді. Аханды қыраулы көрпенің астынан суырып алып ертіп кетем...


... Бірімізді-біріміз жетекке алып жүретін әдет сонау студенттік кезден басталған еді, сәл көз жазып қалсақ, өрістен адасқан жетім торпақтай мөңіреп, бүкіл таныстың мазасын алып, ізінен иіскеп болса да таппай қоймайтын едік. Әркімнің қалтасындағы ауыз жарымас тиын-тебенде әркімнің сыбағасы бар еді. Төртінші курсты бітірісімен біздің маршрутымыз кілт өзгерді. Тельман мені жетелеп жүріп «Лениншіл жасқа» шақырып алды да Ахан біраз уақыт адасып қалды.


Күн жексенбі болатын. Жатақханада қара нанды қарным жеп, қара шайдан май қалқығандай үрлеп ішіп отырғанбыз Ертесімен Ахан жетіп келді. Пысылдап қасымызда бірақ отырды да: «кеттік» деді.


Алтауымызды ертіп Никольский базарына апарды. Бас басымызға бір бір лағман, екеу ара манты, бас-басымызға жүз грамнан арақ, екеу ара бір шөлмек сырамызды ішіп жедік. Жексенбі күнгі сыбағамыз. Рахметіміз де жоқ. Мінде і. Қарызымыз жоқ. Болса да оны ешкім қайырмайды. Аузымызды сүртер сүртпестен: «кеттік» деді. Құлақтан құр қалғандай екеуміз салып-ұрып келеміз. Қайда барамыз деп те сұрағаным жоқ. Қыз-қырқын, кемпір-сампыр тиеген Қарғалының қашанда қуырған пісте мүңкіп тұратын домалақ тоқал автобусы кооптехникумға әкеліп төгіп тастады. Мұнда екі туып бір қалғанымыз жоқ еді. Аханым темекісін сорып әлі тұр. Аялдамада екеумізден басқа тірі тышқан да қалған жоқ.


— Әнеубір екі қызды көрдің бе?


— Көрдім.


— Солар қайда кірсе, сонда барамыз.


— Танитын ба едің?


— Жоға.


— Танымасаң не деп барамыз?


— Барған соң көреміз де...


Бардық. Көрдік. Үріп ауызға салғандай екі қыз екен. Бойымыз қылқан кескендей мына екі пәле қайдан келді дегендей үдірейе қарасты. Екеуінің мекен-тұрағы біреудің шошаласы екен, екі бұзау байласаң ортасына леген сыймайтын дүңгіршекте екі темір кереует тұр, ыз тартқан тершең қабырғаның алапесін шүберек түскиізбен жасырған болыпты Жібек деген жылы жүзді біреуі жыбырлап жүріп примус шәй қойды. Жыбырлап жүріп фанер жозыға дастархан жасайтын болды. Екіншісі төсегінен түспей ыздиып отырды да қойды. Әдемілігін бұлдайтын сияқты. Шайды да ыздиып отырып. жұп-жұқа ернін шүртитіп отырып зорға ішті. Неге келдіңдер, неге кеттіңдер деп екеуі де сұраған жоқ.


Қатарынан он күн келдік. Он күн бойы да сол. Он күнде Аханның қалтасынан жиырма плитка шоколад шықты. Оныншы күні Жібектің де тілі шықты.


III. АХАННЫҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ


Қымызға толы он екі литрлік көк шелек ернеуінен түске дейін бір келіп кетеді, түстен кейін тағы алақтайды. Сонда да шел қанбайтын сияқты.


Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Мансұр деген татар жігіті, қай атасынан қалған мұра екенін кім білсін, бағы бір заманғы домаланған боз «Москвичті» өзі айдап келді де: «отырыңдар!» деді. Отырып алдық та ырқылдатып тайып тұрдық...


Ахан аудандық газетте редактордың орынбасары болып істейтін еді. Бас редактор қызметтен кетіп қалыпты да Аханды редакторлыққа тағайындамақ болып аудандық партия комитетінің бюросына шақырып жатса керек. Партия мүшесіне өтуден бас тартқан Аханның «қашайық деп жатырмыз» деуінің мәнісі осы екен. Бар шаруаны Кәкімбек Наржановқа тапсырып: «Газетіңнің әр нөмірін жол-жөнекей өзім-ақ толтырып беремін» деп ант-су ішкен.


Төтесінен салсаң Сарторғай алпыс шақырым. Шілде туысымен Сарторғай өзені үзік-үзік қара суға айналып, батпағымен айрандай божыған ақ соры Мансұрдың ыңыршағы шыққан «Москвичі» түгілі пілге өткел бермейтін үйыққа айналады екен. Айналып барсаң жолдың ұзындығы екі жүз елу шақырым. Без жүз мың гектар тың көтеремін деп бөскен басшының омырауға тағар жұлдызының құрбаны болған қайран дала қотыр тайлақтан сыпырған тулақтай жұлым-жұлым, түте-түтесі шығып ол жатыр. Аудандағы он шаруашылықтың тоғызы өкіметтің мойнына мініпті де малмен айналысатын жалғыз Сарторғай ғана айранын айырып отыр екен.


Айдалып тастаған ұшы-қиырсыз сүдігірдің пұшпағында жалғыз үй отыр. Жалғыз үйдің іргесінде томпайып-томпайып оншақты құлын желіде жатыр. Арқыраған тракторлардың даусымен ақ бұрқақ шаңнан үріккен оншақты биені қотанға зорға қайтарған отағасы сәлемімізді күбірлеп қана алды. Тегінде тәкаппарлық бар ма, жоқ әлде келімді-кетімді құдайы қонақтан ығыр болған ба, әлде мынау ырылдаған, дарылдаған, боқ домалатқан осырақ қоңыздай тыным таппайтын тракторлардан зықысы кеткен бе, атжақты шақар көз, бозы мен қызыл қылшығы аралас шоқша сақалды сымбатты қарт бізге пұшпақ бөріктің астынан сынай қарап төрге нәумез шақырды.


Танауынан буы, тақымынан түтіні будақтап, тышқақ тиген тырақыдай бірде капотын, бірде көтқақпағын түріп қойып мың тоқтап зорға жеткен машинасын тағы да шұқылап келіп от жақтан орын тепкен Мансұр шалдың бетін бері қаратқысы келді ме:


— Иә, ақсақал, қалай, тынды көтеріп жатырмыз ба?! — деп лепіре сөйлеп еді, отағасының қабағы ашылғаны сол, онан сайын қабарып, бәйбішесінің жорғалап кеп қойып кеткен кішкентай тегеш қымызынан бізге тай кесеге құйып ұсынды да қорлағаны ма, әлде арбакеш деп ойлады ма, Мансұрдың қолына ешкінің тұяғындай шүршиген шәй кесені ұстата салды:


— Иә, жатырмыз ғой, тоңқайып жатырмыз, — деді.


Ахан қойын дәптеріне бірдемені жазып алды. Жазып алды да Мансұрдың комсомолдың аудандық хатшысы екенін таныстырған болып еді, отағасы одан әрмен асып түсті:


— Е, бүгінде хатшы атшыдан көп қой, — дей салды. — Көп болғанымен көргеніміз жоқ, көрмегесін қайдан білейік!..


Отағасының үйі алты қанат екен, алтау болса да Ақ ордадан кем емес: бау-шуы баяғының өрмегі, әр қанаты үш құлаш, уығы бүйірлі, шаңырағы ту биенің көтеніндей аспанды теуіп тұр. Ақсақалдың айтуынша жүз елу жыл болған екен, әкем жиырма жасымда отау шыққанда жасалса керек, ол кісі тоқсан бесінде дүние салды, менің жасым қазір жетпіс бесте деді.


Әңгіме беті түзелген соң «мезгілдің жаз болғанын, қымыздың аз болғанын» айтып отағасы қазақы қонақжайлылығын есіне алып әжептәуір қысылды.


— Сабаға қор, шелек түбіне шырп етпе қалдырмай тақұл-тұқыл әкетіп жатыр, трәктірістер ішеді дейді, трәктрістер ішіп жатыр ма, трәктірі ішіп жатыр ма қайдан білейін. Алғашында келген-кеткен басшыларға көрсету үшін сәнге бола байлатып еді, енді сәңірейген бақыршыға дейін құдды қырық серкешін өткізіп қойған менің жиенімдей-ақ қиқиып келіп отырып алады. Баяғы бетегелі боздың түрі анау! Шілденің ыстығы мынау! Шыбын бір жағынан қуалап, ащы ермен кенеусіз осотқа қамалған оншақты сауынның айналшығы құрттап ол жүр, жаман кемпір мен жабағыға міндім деп қопа қардай боп мен отырмын!..


Жетпістің бесінде мінез танытып отырған отағасы жиырманың бесінде де мінсіз болмаған шығарсың-ау. Бір кезде патшаның өзіне жұдырық көрсетіп, жарлығына қылышпен жауап берген тентек даланың соңғы сарқыты чормен кеткен жұдырығына қара таппай, қарадан қайыр таппай, жанпида деп қанымен суарған өз даласынан пана таппай өзін өзі қажап, өзін өзі қорлап отыр. Өзінікі де емес, өзгеге де қимай оншақты сауынға алданған жетім шалдың өкпесін тыңдайтын да ешкім жоқ. Мынау қырсық заманға қыр көрсеткендей тәкаппарлықтан басқа қауқары қалмаған, оның өзі де екі ұрпаққа жүз елу жыл баспана болған мынау шаңырақтан озбаған қайран қазағым-ай! Сусыныңды сұмға да сақтап, жаттан да жасырмаған жомарттығыңды қайтейін. Өз қасиетің өзіңе қасірет боп, жаттан еншің, жаудан есең қайтпай тентегің тексіздің табанында қор болды-ау!..


...Оймақтай құба белдің басында ұшы-қиырсыз сүдігірден қара жамылып жетім үй қалды. Жүз елу жылдық көненің көзін жетпіс бес жыл арқалап, жетпіс бес жылда қылыштың жүзін, қиянаттың мыңын бастан кешкен жетім шал қалды... Тың қопарып, даңқымызды Торғайдың топырағымен аспанға атып жатқанымызда Ахан Нұрманов қырық жылғы қирауға жақын "Москвичтің" жыртық көпшігіне мінгесіп жүр еді...


* * *


Жар басында жалғыз зәйімке. Жалпиған тоқал там күн көзінен қурап, шөгіп кеткен екен. Бұланның қураған мүйізіндей арбайған мамағашқа мәстиген торшолақты таңып тастап ер салып жатқан саркідір адам керігін жеті атасынан жіберіп тұр екен. Торшолақта кәззәп екен, айылды тартқан сайын азуын қисаңдатып, өз шабын өзі тепкілеп айға шапшиды.


— Немене, бізді көріп қашайын деп жатырсың ба? — деп Ахан сәлем берместен тиісе келді.


— Қашарсың!.. Қашқанмен қанша ұзарсың!..


Отағасының бір аяғы ағаш екен. Шолтаң еткізіп Аханға қолынан бұрын аяғын көрсетті. Ағаш аяқтың иесі Аханға жезде екен. Тістесе кетуінің бір себебі де осы болса керек.


Мансұрдың «мақтаулы» мәсківішін Сарторғайдың орталығында көбең тартсын деп қалдырып, совхоз директоры Фазылбектің сегіз орындық газигіне мінгесіп-ұшқасып шыққан едік, бетіміз малды ауыл, мидай далада қойшының қай куыста отырғаны, сиыршының қай сайды жағалап кеткенін директордың өзі де білмейді. Жар басындағы жалғыз зәймке тоқал да болса адасқан жұртқа алыстан белгі боп жалаудай шақырып тұрады екен. Жөн сұрауға бұрылғанымызбен ертеңнен бері қаталап келе жатқан ашқарақ ауыздар саба түбін сарыққан соң ғана амандық сұрасуға кірісті. Директор мал қыстайтын қора-қопсысының бүтіндігі мен қарасудың бойындағы тірнектеп жиған шөп-шаламының амандығын түгендеп, соның есеп-қисабын Ахан да қағазға түсірген болып жатыр. Кәкімбекке берген анты бар, жол бойы бірдемелерді сүйкектетіп, көлденең өткен көк аттыдан сәлем қып жолдауда.


— Осы кәмәсия ақымақ па, жоқ мен ақымақпын ба? — деп аяқ астынан жездесі Аханға шұқшия қалды.


— Кәмәсияны қайдан білейін, ал алпыстан асқанша ақыл кірмесе мен кінәлімін бе?! — деп Ахан да теріс ала қашты.


— Ол неткен комиссия? — деп сөзге Фазылбек араласқан.


— Медкәмәсия деген бір қимыжығы бар, өсіп қалды дей ме, жыл сайын шақырып алып менің аяғымды тексереді. Соғыста қалған аяқты қайдан тауып берейін!.. — Сенен-ақ көрдім-ау дегендей отағасы оң жақ келтегін лақтырып тастады да балағын балтырынан шандып байлай салды — Ахан сен айта бар, ақсақ шалдың үшінші сирағын қоса есептемесеңдер аяғы біреу-ақ екен де. Ат сабылтайын деп отыр едім, келгенің жақсы болды-ау, ит жылынан бері бір жұмсауыма жарамай жүр едің!..


Ахан оған көне қойған жоқ. Пысылдап отырып қалтасынан бір бума қағаз шығарды да жездесінің қолына ұстатты:


— Аяғыңды көріп отырып бар-жоғына сенбейтін кәмәсияң менің айтқаныма көне ме. Мынау қағазды редакцияға тастай кет... Жалғыз апама қарап қалған жоқсың, жол-жөнекей сенің де ат шалдыратын жерің бар шығар. Барып қайт...


Жездесі балдызын жұмсап, балдызы жездесін жұмсап, екеу ара «егес» осымен тынған сияқты еді, есік көзіне шыққан соң, атқа мені көтеріп сал деп отағасы тағы да қырсыға қалғаны.


— Теріс жағынан атқа мінген қазақты көргенім жоқ, оң жағыңнан демеп жіберейін десем, тұқылдан басқа ұстайтын түгің жоқ, алда-жалда бір жеріңе саусағым кіріп кетсе Батпақ қараға жеткенше мөңкисің ғой! — деп Аханымыз шалқасынан түскені.


— Мықтының тұқымынан қатын алсаң, көрген күнің осы! — деп отағасы жеңілген болды.


— Мықтының тұқымы?.. Мұның астарын Ахан дүниеден өтіп кеткен соң отыз жылдан кейін барып білдік. Әзірге менің таңғалғаным: әншейінде әзіл тұрмақ әй дегенде жауап бермейтін Аханның ас пісірімге жеткізбей жездесін аунатып-аунатып алғаны... Бар-жоғы отыз торт жыл өмір сүрген Аханның он алты жыл ортамызда жүріп үндемей кеткенінің де жөні бар екен. Партия қатарына өтпей, азар да безер болған Аханның қорқыныштан көрі заманға деген қыжылы мен өкпесі қатпар-қатпар екенін қайдан білейік...


... Малды ауыл отағасының иегімен нұсқап жіберген қыр астында ғана отыр екен. Иек астындағы малды ауылға жеткенше Сарторғайдың жағасына сан тоқтап, ара-тұра аяқ суытып, ауыз шайқадық. Түйіп-түйіп тастаған бүйен сияқты Сарторғайдың қарасуы тұңғиық, жағасы қорс екен, төрт аяқты мал түгілі екі аяқты адам түсіп кетсе де қайтып шығатын емес. Балығын бақырмен сүзіп алуға да болғандай. Бірақ, кіл шортан. Жаз ортасына қарай қыбырлаған бақа-шаянды жеп тауысып, енді жыбырлаған жәндік қалмаған соң кілегейді шорағай жеп, шорағайды шортан жеп, шортанды жәйін жұтып жатқан кез екен. «Күштінің көті диірмен тартады» деуші еді, диірменді көптігімен айналдыра ма, көптігінен айналдыра ма?.. Судағы балық жауыз болған соң сұнақтағы адам да бір-бірімен ырылдаспағанда қайтсын. Әсіресе көбі- зұлым, азы-көңілшек болса, мал иесі момын, келімсегі кекшіл болса...


Бір шортанды жалтырауықпен ұстап едік, жағаға шығара алмай, шитімен атып оқ дарыта алмадық та ақыры мылтықтың құндағымен ұрып сілейттік. Көрмеген жәндігім: Ертіс пен Бұқтырманың шортаны жыландай жіңішке, басы сүйір келуші еді, мына жәйіннің ұзындығы көш құлаш, денесі дөңбектей, аузы арандай, басы крокодил дерсің, газикке көлденең салғанда құйрығы ендемей қалды. Мұны да кісі жейді-ау дегенге сенгім келмеді. Кісі жесе де, кісіні жесе де Ахан оған мән берген жоқ, дәл осы жағада мың жыл жүргендей, дәл осы балықты мың жыл бұрын көргендей, қақтағанда қаңылтырдың өзінен май сығатын қасқа маңдайдағы Торғайдың ызалы күніне қарап шылымын сораптап қойып ханнан қаперсіз отыр. Мұндай шыдамдылық, мұндай төзім де болады екен-ау!.. Тегі біреу таңданып, біреу тамсанып жатқанда, біреуге ересен, біреуге ерсі нәрсеге Аханның бүлк етпейтін қашаннан әдеті.


Енді аттаналық дегенде жігіттер абың-күбің топырласты да қалды. Жүз қадам жерде тоқтыдай дуадақ қасқайып тұр екен. Арбакеш машинаға жүгірді, жігіттер мылтыққа жүгірді. Кезек-кезек атқанымен шитінің бір оғы дарысашы, Ахан маған ұсынып:


— Сен осы әскери бес қарудың бесеуінен де бес алушы едің ғой, сен атшы,— деді.


Дарымады. Ажалы жоқ екен. Ажалдысы бізді малды ауылдың дастарханында күтіп жатыпты...


* * *


Мал совхозы болған соң бөлім меңгерушісі қойшы-қолаңымен қос болып бірге көшіп жүреді екен. Бір-біріне тіккен қос үйдің бір жағы кеңсе, екінші жағы тұрғын. Бөлім меңгерушісі қапсағай денелі, орта жастан асыңқырап өткен қарасұр кісі келімді-кетімдіге таңсық емес, бірақ, келгенді қошаметтеп, кеткенді қамай отыратын, жұртты байлап қана қоймай өзін де сыйлата білетін, имандылығы мен тектілігін қатар ұстай білетін, қонағының бағасын көтеріп отыратын, өз бағасын одан кемітпейтін мінезбен «күнде көріп жүргендей өзімсініп, жайдары қарсы миды. Бәйбішесі КазГУ-дың сол кездегі ректоры, биология ғылымының докторы, профессор Дарханбаевтың туған қарындасы болып шықты.


Торғайдың жалап тұрған аптабы онсыз да жалақтаған жігітті қарыс аттаған сайын кенезесін кептіріп, тіл-аузын таңдайына жапсырып тастаған еді.


— Ойбай, Отағасы, сусыныңды әкел, кеуіп барамыз! — Фазылбек директорлығын жасап, есіктен кірмей жатып, ши ішіндегі сабаны көзімен жұтып қоя жаздағаны.


— Мынау ыстықта өлтіресің ғой! — деп Фазылбек ыршып түсті.


— Өлмейсің! Тартып жібер!..


«Сан треспен сан тірескен қайран менің жүрегім!» деп Сырағаң айтпақшы, қырық градуске де қырғындай тиетін кезімізде тайынамыз ба, тартып-ақ жіберіппіз. Сол-ақ екен, ақ тер — көк тер боп, қара моншаның қапырық буына жүзгендей жігіттер ағыл-тегіл боздасын.


— Енді жарты сағат дым сызбай отырасыңдар! — деді Отағасы.


Ірге түрілген. Оныкі-мұныкі әңгімемен біраз уақыт өтіп кеткен екен, сағатын андып отырған Отағасы: Бәйбіше деп дауыстағанда бәріміз де білегімізге қарағанбыз, тұп-тура жарты сағатта тер де кепкен, бой жеңілдеп, шөл де басылған.


— Енді шай ішсең де, май ішсең де, қымыз ішсең де, қымыран ішсең де еркің, — деді Отағасы Фазылбекке күле қарап. — Әлгіні тартып жібермегенде, не ішсең де шөлің қанбай, күр көк қарын боп бөтекеңді босқа кептейтін едің.


— Ойпырмай, осының бәрін қайдан білесіз?!.


— Соғыс үйретті ғой. Соғыс!.. Төрт жыл соғыста бұқаның ұмасындай темір жанторсығымды белімнен тастағаным жоқ. Шабуылға шығар алдында месерлік үшін үлестіретін жынды суды құйып аламын да әбден қаталаған сәтте аузынан бір ұрттап қойып жүгірсең шөлің сап басылады... Жан жағың бұрқылдаған топырақ, будақтаған түтін, жанып жатқан техника, өліп жатқан адам, зулаған оқ пен ысқырған снарядтан жасқанып мың жатып, мың тұрасың, қолқаң ашып, демің үзіліп келе жатқанда құдды неміс сенің айқайыңнан үркетіндей уралап бақыруың керек... Кенезесі кеуіп, өліп бара жатқан соң солдат байқұс батпақтың борсыған суынан да, қақтың құрттаған суынан да жата қап сіміреді. Содан ауру да табады, азап та шегеді. Арақ пен спирт деген шіркін шөлбасар ғана емес, жаралана қалсаң жаныңа алғаш сеп болатын жанашырың сияқты... Кәзір ғой, мұны есіріктің езуінен, берекесіздің бөтекесінен қоныс теуіп алған соң зауал боп тұрғаны! — деп Отағасы әңгімесін арақты жерлеп барып аяқтады.


Қара саздың тарғын жуасын бүркеніп алып алдымызға тоқтыдай дуадақтың сырбазы келе бергені сол еді, тыстан ат дүбірі мен әлдекімнің бақырған айқайы іргені солқылдатты.


— Құрыдық! — деп Отағасы бәйбішесіне қарады. — Зүкең кеп қалды! Тысқа шықты.


— Маған келе жатқан жоқ қой, өзің шықсаңшы.


— Кеше жеті атама жете алмай кетіп еді, бүгін, Алла жазса сол кемтікті толтыратын шығар, — деп Отағасы мақтағанымен орнынан қозғала қоймады. — Ол енді ұрғашы көрмей тоқтамайды, бар, қайнағаңның шылбырын ұстап аттан түсіріп ал...


Айтты айтпады, таптап кететіндей киіз үйге танау тіреп зорға тоқтаған аттың бақырған айқай бәйбіше і ысқа шыға бергенде-ақ сап тиылды.


— Әлгі арамтамағың үйде ме?!.


— Сол тамаққа енді ғана танауын тығып жатыр еді...


— Ол немең тамақтан басқа бірдеме бітіре ме өзі?


— Оны өзінен сұрасаңызшы. Әйтеуір, тамақтан басқадан уақытқа дейін өкпелетіп көрген жоқ еді...


Қайнағасы мен келіннің сөзі үйде отырғандардың езуін көтендігін бүлкілдетті. Отағасы өзінің өр жағына бос тәрелке қойып, сармойын қара кездікті дуадақтың көкірегінен суырып соның қасына тастады.


Тамаққа келгенде оның да өңеші бітеу емес шығар, — тыстағы айғайдың аузын сірнемен тығындағысы келген сияқты. Оған қоса кәрлен кесеге қымыз толтырып, оны арақпен еселеп, сапырып-сапырып жіберді.


Тұрқы құлашқа жетпейтін, тұрпаты тұйғындай-ақ таңқиған қара шал ергежейліге шақталған аласа есіктен еңкеймей кірді іс қамшысын бүктеп ұстаған күйі тәлтиіп тұрды да алды. Керең адамдай берген сәлемге жауап та қайырған жоқ деп Отағасына қамшысын оқтағанда сәңірейген пұшық желбезегі түндікті тіреп, еліге жетпейтін маңдайы кең бір уыс бетінің қатпар-қатпар әжімі от тиген терідей тырыса жөнелгенде екі көздің орнындағы болар-болмас жым-жылас жоғалды да кетті.


— Япырай, мына шіркін піскен соң, да шөп жейді екен-ау! — деп Зүкең тартыл жуаның астында жатқан дуадаққа ашқарақ көзін бір қадап қойды.


— Алдымен шел басыңыз, өлген дуадақ қайда қашар дейсің.


Сапырып берген сары қымызды дем алмастан тастап жіберген Зүкең бес тал сақалын сауып тастап Отағасына бажырая қарады.


— Мынауың тентектеу екен, дөнен бе, бесті ме?


— Дөнен қатын да сенде, бесті қатын да сенде, солардың жасынан жаңылмай жүргенде, қымызды нағып танымай қалдың?


— Қатын маңдайға бітеді, қымыз — таңдайға. Ұрғашыдан жаңылмасам — тұрқымның мықтылығы, таңдайы тамақ танымаса — ас иесінің салақтығы! — деп Зүкең сармойын қара кездікті қолына алып, алақанына бір жанып жіберді де іске кірісті.


Біреуге сирақ, біреуге қанат, біреуге төстікті жіліктеп таратып отырып жұдырықтай қара шал ара-тұра көк бөтелкені де көзінің қиығынан жібермей отырған.


— Мынаған қалай едің? — деп Отағасы қызыл лампасты қырғынды пышақтың қырымен тыңқылдатып еді, Зүкең онан да қашпайды екен.


— Арам жесең тойып же деген, ақыры бүлдірген өзің, көштен қалар жайым жоқ, — деп жығыла кетті. — Зәнталақ, алдайсың да жүресің, бір күні арам өлтіресің ғой!.. Алдап ішкізесің, алдап жұмсайсың! Көршің жақсы болады, көше ғой дегенде мен де желпілдей қалып едім, сөйтсем әлгі ит екен ғой!.. Тұра қашайын десем ел-жұрттан ұят, мұқым Торғайдың даласын тышқақтап тауысты дейді-ау!..


— Зүке, көршің мен екі ортаға екі ел арғын-қыпшақ түгел көшіп қонса да жоқ болып кетеді, екі отар қой сыймады дегенге кім сенеді?..


— Қой сияды-ау, мен сыймаймын ғой!.. Енді ол көшейін деп жатыр. Көшсе көшсе екен деп отырмын!..


Құдайдың қу даласына сыймаған қайран қазақ!


Түтін андып келгендей қатпа қара шал табақтың түбі көрінгенде дастарханға бата берді де тайып тұрды. Келген шаруасын да айтқан жоқ, абың-күбің аттануының себебін де түсіндіріп жатпады. Оның есесіне, Отағасы иығынан жүк түскендей жадырап, құмығып бара жатқан ат дүбіріне құлағын түріп отырып қарқ боп күліп алды.


— Ал, жігіттер, бұл үй бүгіндікке шәй бермейді, — деп үй иесі Фазылбекке қарады. — Шөліркесең — ендігі сусының басқа жерде.


Бесіннен ауып бара жатқан Торғайдың сартап күні сары даланы әлі де сағыммен тербеп тұр еді. Көз ұшында бірде тышқандай, бірде зорайып көрінген қатпа қара шалдың торшолақ аты ертегінің дүлдүліндей сағым ішінде керіліп-созылып, керіліп-созылып, бірде жер бауырлап, бірде көкжиектен құлап бара жатқандай еді.


— Албасты қуғандай тырқырауын!.. Бір жазда бірнеше аттың арқасын жеп тынды. Нағыз қу тақым! — деп меңгеруші күн астына сіңіп кеткен қойшысын қырыс қабақпен шығарып салды. Фазылбек, сен сол ағаңның неге келгенін сездің бе?


— Зүқиттан неге келдің, неге кеттің деп кім сұрапты. Қырық өтірігінің бірін айтты да кетті.


— Осында келерде жол бойынан қатар тігілген екі үйді көрдіңдер ме?


— Көрдік.


— Бұрылмай кеттіңдер ғой?


— Бұрылғамыз жоқ.


— Ендеше Зүкең соған бола әдейі келіп отыр. Мені аттап кетті деп намыстанып отыр. Ел сияқты қара шаңыраққа қарап қалғаным жоқ, екі ошақ едім ғой дегендегісі. Дәп осылай демесе менің тілімді кесіп таста!..


— Япырай, Зүкеңде де намыс бар екен-ау.


— Болғанда қандай!.. Жаман болсын, жақсы болсын малыңды бағып отыр. Баққанда қандай!.. Әкесінің малындай! Тоқтыңды құнан, құнаныңды дөнен, дөненіңді бесті қып отыр. Бір саулығы қысыр қалса — бәйбішесін сабайды, бір саулығы жалқы тапса-тоқалын таяқтайды... Осында малшыларды аралауға келген жоқпысың, малшының қал-жағдайын білейін деп келген жоқпысың. Сол малшының бірі Зүкең емес пе... Қасында қонақтарың бар, жай да емес, қалам ұстаған жігіттер. Бұлардан ол да бір ауыз ілтифат күтеді.


— Бір ағаттық кеткен екен.


— Оны түзету қиын емес қой. Мәгәрки, енді бармай қойсаң Зүкеңнің бір өтірігіне өсек боп іліндің, — деп Отағасы отбасында тобылғының түбірін тоқпақтап сары самауырдың көмейін тығындап отырған бәйбішесін тоқтатып алды. — Мына жігіттер сенің шайыңды менсінетін емес, сірә Зүкең үйіндегі торшолақ тоқалдың саусағын көрмей суаттамайтын шығар...


Осы сөзімен-ақ Отағасы бармасымызға қоймай томардай қара шалдың ауылына еріксіз жетеледі...


... Томардай қара шалдың пашпырттағы шын аты адыра қалып, он сөзінің тоғызы өтірік болған соң Зүқит атанып кеткен екен. Кішіге Зүке, үлкенге Зүқит, бұған ел тұрмақ өзі де шамданбайтын көрінді. Шамырқану былай тұрсын, бүкіл Батпақ қараның жұрты қуалап жүріп құлақ тосады деседі. Өтірік иесінің өзі күлмесе де өзгенің ішегін түйілтетін біразын жыр қылып Отағасы жол қысқартып еді...


... Бір жылы Зүкеңді облыс орталығы Қостанайда өтетін малшылардың слетіне жіберген екен, жарты айдай ұшты-күйді жоғалып кетіпті. Жарты ай өткенде бәйбішесіне тізеқап, тоқалына желінқап, бала-шағасына жарты қадақ кәмпит арқалап зорға жетсе керек. Итжеккеннен де жаяу қайтқан Зүкең қол созымдағы Қостанайдан адассын ба, атам-заманда, адыра қалғыр сонау төңкеріске дейін ішкі жаққа жалға кеткен ағайындарын іздеп жүріпті. Қайда болдың, неге кешіктің деген жұртқа: «әй, атаңа нәлет, анау сүмелек деген пәлесіне мініп едім, арамқатқыр, сарттың есегінен де шабан екен, оның үстіне орта жолда пынзыны таусылып қалып, Қостанайдан екінші сүмелегі қуып жетіп заправит қылып еткенше екі жұма аспанда отырып қалғанымыз!» деп беті бүлк етпей жауап беріпті.


Ал енді, Итжеккеннен жаяу қайтқаны рас екен... Отызыншы жылдардың басында кәліктіп боласың деп қорадағы қыбырлаған қоңызға дейін сыпырып әкеткенде Зүкең ағын айырып отырған қоңыршолақ сиырын қуалап ауылсоветтің кеңсесіне барса керек. Ұлы көсемнің жарлығымен жарлы-жақыбай мал-мүлкін ортаққа салып жатыр, жалғыз сиыр саған не болады, ертең бәрібір бүкіл қазақ жабылып тайқазаннан ас ішеді, қайта бер, совет өкіметі жарылқайды депті. Зүкең оған илана ма, қақ төрде ілулі тұрған Сталиннің портретіне: «дәп әкеңнің аузын! Саған енді менің жалғыз сиырым да керек болды ма», — деп қамшымен тартып жіберіп тайып отырыпты. Зүкеңді Стекең аясын ба, он жылға Итжеккенге айдапты да жіберіпті... Селсебет, ауылсовет атаулының бәрін Стекеңнің қарын бөлесіндей көретін Зүкең содан бері боталы түйесін жеп кеткендей қыр соңынан қалмай, малы қайтпаса да қыжыртпамен мазасын кетіреді екен. Кешегі ауылсоветтің көпшілігі бүгінде қой бағуға да жарамай қалған заман, жарағанның бірі Зүкеңнің «әлгі ит екен» деп отырған көршісі болса керек, «қой сияды-ау, мен сиям ба?» деген сөздің төркінінде Итжеккеннен жинап келген қыжыл жатса керек...


... Қатар тігілген қоңырқай қос үйдің алды қыбырлаған қарадомалақ бала. Говориті болмаса, қара шалдан аумайды. Екі үйден екі қатын шыға келді. Қара шал адалбақанға асып қойып нән сектің терісін сыпырып жатыр екен. Пышағын қарш еткізіп қарасанға қадады да көгенде жатқан бес-алты тұсаққа бүгжеңдей жөнелді. Біз көліктен түсер-түспестен көкқасқа құнан қойды көлденең тартты да:


— Күн байымай тұрғанда бата қылып жіберіңдер, — деді.


— Әнебіреуін жайтарып тастапсың, сол да жетпей ме.


— Ол балалардың нәпәкасы, оны сен жеп кеткенде мынау күшіктер итаяқжалай ма?!


... Бақсы келсе де, балбес келсе де баласынан бетер күтетін кедей жомарттың бет-пошымындағы қатпар-қатпар әжім мен шақар жүзінде, кейіс пен кектің өріміндей жымдасқан кейпінде сонау Итжеккеннен бергі ит тірліктің ізі жатыр еді... Торғайдың сартап күні көкжиектен талақтай боп қызара бөртіп құлағанда жалақтаған қара пышақтың жүзінен қан шапшытып, адалбақанға бойы бірде жетіп, бірде жетпей арпалысқан тұйғындай қара шал сол ит тірліктің жағасынан алып тырбанып жатқандай көрінген...


IV. АХАН НАЛАСЫ


Алматыға қайт дедім.


Қайтып келді. Бір жылдан соң. Жалғыз келген жоқ. Мұң арқалап келді. Жабығып келді. Өкініші не? Өкпесі кімге?.. Бұрын да біреуге өштігіп, біреуге өкпесін айтпайтын Ахан тіс жарып ләм-мим деген жоқ. Бұрын да қызық пен думанға ілесе бермейтін Ахан дос-жараннан басқа ешкімді жағалаған жоқ. Дос-жаранға деген көңілі баяғыдай. Бірақ дос-жаранның бәрі баяғыдай емес еді. Жиырма бес пен отыздың арасына да сызат түсе бастаған. Бітімсіз бірегейлер бір топ, көрінгеннің қақырығын жұтқан, көсемсіген ағасымақтардың «ақылын» пір тұтқан ағайыншылдар бір топ. Әншейінде де үш мезгіл асын жалғыз отырып ішпейтін Ахан көңілдестердің үш мезгіл дастарханынан шет қалған жоқ...


Қайтып келді. Бір әңгіме бір повесть алып келді. «Ымырт» деген хикаясы «Жұлдыз» журналында біреудің осы аттас романынан мүшел жас бұрын басылған...


«... ат дүбірі құмығып, алакеуім ымыртта жалғыз атты жолаушы ай астына сіңіп бара жатты...». Ымыртта ай астына сіңіп жоқ болған байқұс шопан кім болды екен?..


«Аққу шоғыры» кешігіп шықты. Өйткені мұның әуелгі нұсқасы орысша жазылған еді...


... Тыңның түп атасы менмін дейтін Никита Сергеевич Арқаның ақтүтек бораны мен үскірік аязында Ақмолаға кеп жатқанда, атаның бабасынан, бабаның бабасынан қалған ата-жұртымызды Целиноград деп жатқанда; бірін-бірі баса-көктеген, бірін-бірі бабасынан боқтаған жарамсақ журналистер «тыңның түп атасының» бір ауыз сөзіне жете алмай бөркін еденге ұрып жылап жатқанда...


... ақтүтек боранда Торғай даласында мал соңында өлген бір шопан көмушісін таппай жертөледе, бала-шағасының ортасында екі жұма жатты... Аханның қай ауылдасы, қай ағайын, қай кейіпкері?!.


... Біреудің ата-мекеніне баса-көктеп кіріп алып, ұры-қарысын ерткен төресі бар, төлеңгіті бар империя қара шекпенділерден кейін екінші дүркін даңғаза той жасап жатқанда дарақы журналистер ата-мекеннің азасын газет бетінде мадақтау мақаласымен жоқтаған...


Тың дейтұғын дақпырттың ортасында отырса да Ахан ол туралы бір ауыз жылы сөз айтқан жоқ. Тың дейтұғын науқанның ар жағында не саясат жатқанын біреу түсінбей мадақтады, біреу түсінсе де жалтақтықпен далақтады... Ахан тың әкелген қасіреті жазды. Қасіретке қаламнан басқа жұмсар оның қаруы жоқ еді. Хрущевке бірінші қол көтерген Ахан болатын...


Екі апта бойы ақ бұрқақ боранмен алысып, екі апта бойы малмен арпалысып, екі апта бойы өлікпен ғана сөйлескен кейіпкер Болат па, автор Ахан ба?..


«... Міне, ол тағы да ошақ басында отыр. Сырттанның қарш-қарш еткен азу тісінің шақырынан басқа бөгде дыбыс та жоқ. Болат соғымның бір жілігін тұтасымен серігіне бере салған еді, ол да разы сияқты... «немене, Сырттан, тойдың ба? Сен де менің соңымнан жүгіре-жүгіре шаршадың ғой, боран деген мақұлық аямайды, итпісің, адамбысың, оған бәрібір. Жападан жалғыз бір-бірімізге жаутаңдап отырған түріміз мынау, ең болмаса басқа түскен қайғымызды да бөліп жаратын тірі пенде келмеді-ау... Е, дос-ай, дос! Екеуміздің де күніміз күн емес, иттің күнінен бетер болды ғой!.. Әкеміз анау, арыстай боп сұлап жатқаны... Өмірінде тірі пендеге тырнақтай зиян жасаған жоқ еді. Солай емес пе? Ендеше мұны сорлатып соншама шығанға неге айдады?..».


Жау шапқанда сорлатып оқтың өтіне айдады. Оқ пен оттан аман оралып еді, аман оралғаны үшін: тегінде түйткіл, ұсқынында ұнамайтын сұс бар деп Итжеккеннің лагеріне тағы айдады. Одан да аман оралып еді, көптің ортасынан аластап, мал соңына салды... Ойпырай, саналының жаны мұнша сірі болар ма! Сөйтсе... «ойлы адамға өмірде орын да жоқ» деп ақын айтпақшы ол соғыста өлуі керек екен, одан қалса, лагерде өлуі керек екен, одан өлмей қалса... ақыры өліп тынып еді, екі апта бойы көмусіз жатыр...


«... тоқтамай өте шыға ма деген қауіппен торшолағын тыртаңдатып шоқырақтатып келеді. Әйтеуір машина сәтін салғанда озыңқырап барып тұрды. Оң жақтағы алдыңғы есіктен көк жаға мен қарақол құлақшын көрінді. Болат жақындап келгенде жіп-жирен сарғыш жүзді, шегір көз адам оған қадала қарап:


— Иә, не шаруа? Жайшылық па, — деді.


— Мен... Мен шопан едім.


— Иә, көріп тұрмын шопан екеніңді. Малың аман ба?


— Әкем қайтыс боп еді. Сосын жалғыз қалғасын...


— Не? Әкем деймісің...


«Е, өлсе қайтейін» дегенді шегіркөз сары айтқан жоқ. Айтпаса да көмейінде қалды. Оған мал аман болса болды, саналы көмусіз қалса да қыңқ етпейін деп тұр. Өлгеніне қуанып та тұрған шығар...


«... Осыдан кейін не болғанын Болат онша жақсы білмейді. Ұзақты күнге сең соққандай мең-зең, шала ұйқы адамша сандалды да қойды. Тұла бойы қызып, басы айналды. Әйтеуір анасы, ағасы бар бір топ адамдардың келгені бұлдыр-салдыр есінде. Өң мен түстің арасындағы әлдебір түсініксіз үндей сарнап шешесінің жылаған дауысы құлағында қалыпты... Оған енді бәрібір еді. Ол өз қолынан келгенін бәрін істеп бақты. Енді тыныштық керек. Ол өзі туралы жұрттың айтқан мүсіркеу сөзін де естіген жоқ. Сонда бір ертеңгілік шегіркөз шикіл сары Болаттың иығынан қағып, малды тастап кетпегенің асқан ерлік болған екен деп мақтағанымен, бірақ ол туралы радио да, газет те ештеңе жазған жоқ. Оған да Болаттың түкіргені бар!..»


Түкірмегенде, түңілмегенде қайтсін! Досы ит, күні «иттің күнінен де бетер» болса! Жасы жиырмаға жетпей жатып, тіршіліктің сансыз сауалына саналы жауабын таппай жатып мынау тіршілік деген зауалдан, зауалдан да жаман заманнан жаны түршіксе ше!.. Саналы қалай аттаса да айналасы ор. Абайламасаң өзің сүрініп құлайсың, өзің сүрінбесең біреу сүріндіріп құлатады. Құламас үшін не топас бол, не тобырмен бол. Тектөбең шошаймасын. Шошайса болды, қағып алады. Қағып алмаса да қағындырып жібереді. Ахан «Ор» деген повесінде (мұның да алғашқы нұсқасы орысша жазылған еді) қиянатшыл өмірден күдерін үзген жас жігіттің жан күйзелісіне жауап таппай: «... адам шіркін есейе келе көп нәрседен айрылып қалады екен-ау; балалық таза көңілден, балалық таза сенімнен, балалық таза сезімнен; тек есіне сағыныш боп анда-санда оралғаны болмаса, қолдан бір шыққан соң қайтарып алу қайда! Ал толыса келе, тоқтаса келе ше? Әрине, адам үшін бәрі де қымбат қой... Айрылдым дегенше жұрдай болдым де, онда саған адам да, құдай да көмектеспейді.


— Иә, адам да, құдай да!


— Ешкім!.. деп түйгені бар еді.


Аханның Арқадан арқалап келген мұңы осы. Оның әр туындысының астарынан қорлық пен қорлаудың ызы теуіп, рухани тепкіден болған жан жарасының домбығып, ашынған көкіректің ащы запыранымен боздай алмай буынып жылаған шерменденің қандыкөз жасы сорғалап тұрды.


— Орысша жазғаның не.


— Жинақы болсын деп... алдымен орысша жазып, артынан соған еріп отырып қазақша қайта жазбасам жайылып кете берем...


Орыс мектебінің бір-ақ класын бітірсе де Аханның орысша жақсы білетініне күмәнім жоқ еді. Оның өзінде Ақсуда бітірген. Әйтпесе орыс жұртын іздесең емге таппайтын бір кездегі Батпақ қараға орыс мектебі қайдан келсін. Жинақылық дегені бер жағы. Оны күмілжігенінен сездім. «Аққу шоғырының» қазақ тілінде жарық көретініне сенбеген. Орыс басылымдары ол кезде батылырақ еді, әсіресе ұлт республикаларында жылт еткен бір нәрсе болса назардан тастамайды. Сонсоң да сиясы кеппеген балшығына дейін Мәскеуге ала жүгіретін пысықтардан момын Аханға есе тендік тиген жоқ. Оның қолы жеткені мен ғана. «Аққу шоғырын» да, «Орды» да мен қазақшалап шықтым. Төрт жыл кешігіп жарық көрді де, ыстық-суығы басылып, әдеби сынның көзінен тыс қалды. Осы екі туындысынан кейін әуелі орысша сұлбасын түсіріп, қазақша қайта жазу Аханның жұмыс стиліне айналды. Әуелгісін алғашқы нұсқа ретінде пайдаланатын.


Ол орыс тіліндегі дүниелерін көре алмай кетті. Білмей қап мен де өкіндім. Ахан мен Илья Шуховтың орысшасын салыстырып қарасам, айырмасы жер мен көктей. Бірі көркем тіл, бірі кеңсе тіл. Ахан көмейінің мұң сазы мен жүрек шымшып отыратын лирикасы түгелімен түсіп қалған, астар үтіктелген, ой шолақ, кейіпкері тым дөкір, іші қоңылтақ, қотармашы, қойшының тұрқы осындай болса керек деп автордың табиғи интеллектісін кейіпкерге қимаған сияқты. Қашанда сауатты орысша — көркем орысша емес...


Менің екі досымның мінезі екі ұдай еді: Асқардың бүкіл тірлігі - ашық майдан, жазуы да сол; Ахан — үндемей жүріп ін қазатын, мінезіне лайық. Екеуіне де тән бір қасиет —еш пендені өліп бара жатса да тыңдамайтын бірбеткей қайсарлық. Екеуі де бір бірін қатты сыйлайтын, Асқардың әзіліне Ахан ешуақытта жауап қайтарған емес, қайтпаған жауапты Асқар оның іші мен қас-қабағынан өзі-ақ оқып алатын. Біздің ең қатал сыншымыз — Айтотамға мінсіз ұнаған да құдай біледі, Ахан болар-ау... Ахан өкіметке де, қоғамға да қаламның құдіретімен үнсіз қарсылық жасамақ болып еді, бірақ жалпақ қазақтың өзін жатқызып қойып үтіктеп жатқан империялық өктемдік оны шопақ құрлы көрсін бе!..


... Бір тайпа ел — жетімдер әулеті болып Тастақта тұратын кезіміз. Түн ішінде есік дүрс-дүрс ете қалды. Аян. Тісі тісіне тимей қалш-қалш етеді.


— Қайдан жүрсің?


— Моладан...


— Моласы несі?!


— Кәдімгі мола ше... Тәшкенскийдегі...


— Түн ішінде одан не боқ жедің?


— Кейін, кейін... Шай қойып жіберші, қалтырап өліп барам.


Ол кезде Алматының қысы — қыс, жазы — жаз еді.


Қазір ғой, жылдың торт мезгілінен адасып қалғаны. Жаз да емес, ақпанның аязында, түн жарымда моладан не алды деп таң қалдым. Түн жарымда көмір әкеліп, екеуміз пешке от жақтық. Алды ас бөлме, түкпірі түнемел, сілеусін көз сары мәтүшкеден жалдап отырған пәтеріміз. Түн ішінде сендерге не боды деп түнемелден шыққан Дәмеш Аханды көріп шошып кетті.


— Астапыралла! Саған не болған?! Ішкеннен саумысың?


— Жоға... Оны бізге кім беріпті...


Дәмеш екеумізге еденге төсек салып, менен жасырып жүрген жартылығын алдымызға қойып кетті: «өстіп жүріп бір күні ауырып қаласыңдар ғой!» деп ескертуін де ұмытқан жоқ, «өліп қаласыңдар ғой» деп айтпағанына да рахмет. Айтпаса да көмейінде тұр еді, көмейіндегісін көзіне кеп қалған жасы жасыра алмады...


Бой жылынып, ішке градус қонақтаған соң Ахан пенжакты да шешіп тастады: қатпар-қатпар қағаз жүр екен. Ол қолжазбасын өзімен ала жүретін де әдеті бар еді, реті келсе қай жерде отырмасын бір нәрсені сүйкей салатұғын.


— Сенің осы үйің жылы-ей...


— От жақса жылы болмағанда қайтсін.


— Мен оны айтып отырғаным жоқ.


... Рахманинов көшесі, 37 үй. Сегіз жылдың ішінде Алматыдан мен шарламаған бұрыш қалған жоқ, ит қорадан басқа мен көшіп-қонбаған қуыс қалды ма екен? Солардың ішіндегі ең ұзақ отырғанымыз ұлы композитордың шолақ көшесі еді. Баста пана, пашпыртта белгі де жоқ, жат түгілі жарға бедел жүрмейтін бәдәуи шағымызда да осы бір үй бейшаралықтың белгісіндей боп есте қалды. Біреудің босағасына барып кірсек те қоныс майлап, мысығымыз туса да шілдехана жасап шұбырып жүретін кезіміз. Дос-жарандардың ішінде Аханның жолы бөлек еді, ол қай мезгілде келем десе де, қашан келіп, қашан кетем десе де Дәкең қабақ шытқан емес. Керісінше, ақымақ бас аяқты қайда апармайды, қиуасыздан бетке шіркеу түскенде дос-жаранды пропуск етіп үйге қайтатынбыз. Отбасында шыны сылдырлай қалса да ерлі-зайыптыларды отастырып, жарастырып кететін де дос-жарандар болатын. Отыз жетінші үйде нәресте сүйдік: Ат қоюға келгенде Қомшабай — Ардақ деді, Тельман — Самал деді, Ахан — Тана деді. Алла маған үш қыз беретін шығар. Осы үш аттың үшеуі де маған керек дедім. Ардақты жерге бердік, Самал ержетіп үйлі-баранды болды. Қатыны үшінші рет құрсақ босатқанда Ахан қызының атын Тана қойыпты. «Бізге берген атыңды тартып алғаның қалай?» дегенімде, Ахан: «әдейі Дәмешті адастыру үшін» деп еді. Айтқанындай дүниеге ұл келді, Асқар оның атын Абылай қойғанда, кіндік шешесі Айтотам Созаққа барып, сексеннің бесіндегі әулие шалдың көйлегін көкірегінен жыртып шешіп, ит көйлек тігіп алып келді. Перзентхананың алдында Айтотам:


— Әй, қатын, Абылайға менің көйлегімді кигіз! — деп Дәмешке айқайлағаны әлі есімде...


Келесі ұлдың атын Әлихан қойдық. Достарым: «бір өзің бүкіл төре тұқымын отбасыңа жинап алғаның қалай?» деп қалжыңдаған. Мұның да жөні бар еді. Абылайдың аты әлі шықпай, хан атаулының қадірі кетіп тұрған кез, Әлихан Бөкейхановтың азаматтығы да ақталмаған. Алаш үшін шейіт кеткен ардақты ағалардың тағдырын тілемесе де аты өшпесін деп сол кезде-ақ ақын-жазушылардың отбасында Мағжан, Міржақып, Сәкендер көбейе бастады...


... Отыз жетінші үйдің бір жылылығы болса осы еді. Бұрышындағы санның өзі-ақ қазақ зиялысына қырғын боп тиген қырсық жылды еске салатын да тұратын. Ұмыттырмай!..


Дачная көшесіндегі қара кушеткадан соңғы Ахан екеуміздің түн баласындағы аядай бөлменің қақ төріндегі жалаң қабат текемет еді. Кедейдің кеудеңе тартсаң бөксеңе жетпей қалатын жалғыз көрпесінде уәйім ғана емес, жылу да болушы еді, бұл жолғы жарым түн мола жастанған Аханның бойынан зираттың ызғары теуіп тұрғандай тітірендім. «Күн ертеңге ауып барады», «Солай болған екен», «Аққу шоғырын» қолыма алғанда осы бір оқиға есіме орала береді. Әуелде: «Япыр-ау, қазақ елсізде адасқанда, сұрапыл мен дауылда ғана моланы паналаушы еді, құмырсқаның илеуіндей қалада жүріп те молаға түнейтін кісі болады екен-ау» деп күдіктеніп едім. Кейін, өлікпен тілдескен Болаттың мұңынан аруақпен тілдескен Аханды таныдым, мүңкір-нәңкірдің үрейіндей кайф пен сандырақтың ұлыған ыңырсық үні де зират маңынан естілгендей болып еді; екі дүниенің ортасында кел-қайт, кел-қайтты бастан кешкен Ахан кейіпкерлері өлі мен тірінің арасында да бір дәнекердің барлығына иландырған...


V. АХАННЫҢ АРУАҚ АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫ ЕДІ


— Денесі осында жатыр, басы жоқ, — деді. — Мойнына қыл арқан салып атуға алып шыққанда, бесін намазымды өтеуге мұрсат беріңдер, сонан соң не істесеңдер де еріктерің, маған енді бәрібір депті. Намазға жығылып отырғанда ту сыртынан атқан екен. Ішек-қарыны ақтарылып қалыпты. Атқан он алты жасар бала. Өлмеген соң басын кесіп әкетіпті...


Бесін еді. Аудан басындағы Аманкелдіге қойылған ескерткіштің түбінде отырмыз. Зұлымдықтың ең сұмпайысы — батырдың қанын күнәсіз баланың мойнына жүктегені. Аманкелдінің қазасына Әбдіғапардың да, Алаштың да ешқандай қатысы жоқ деседі. Торғай көтерілісін ұйымдастырған Әбдіғапар, оны хан сайлаған халық, қол бастаған Кейкі мен Аманкелді. Арасынан қыл өтпейтін Кейкі мен Аманкелдінің ортасына от тастап, Аманкелдінің қазасын Әбдіғапарға жапқан қай әзәзіл?.. Ең бір қапылыс сәтте ел бірлігіне іріткі салып, бастан жақты айырып, тоз-тозын шығаратын кімнің саясаты еді?.. Арыдан қазсақ, Ақтабан-шұбырынды да дәл осындай болған. Аңырақай соғысынан кейін отызыншы жылы жауды жеңіп, жүз жылдық соғысқа нүкте қойылайын деп тұрған сәтте Малайсарыны ағайының қолымен өлтіртіп, қазақтың үш жүзін ырың-жырың қылып, соғысты қайта бастауға мәжбүр еткен кім еді?.. Ақтабан-шұбырындыдан кейінгі бүкіл қазақты бір мезгілде көтерген жойқын қозғалыс он алтыншы жыл еді ғой. Патша өкіметі құлағанмен империя қалған жоқ па. Империя неден, кімнен қорықты?.. Біз Түркістаннан қайтсек те айырылмауымыз керек, айырылсақ болды, интервенция революцияны бір-ақ аптада таптап өтеді, Ресейдің болашағы Түркістанның таусылмас қоры мен байлығында жатыр деп Лениннің он сегіз, он тоғызыншы жылдары сан рет қақсағаны қайда?!. Тіпті, осының бәрін айтпағанда қымс етсе қазақтың басын кесетін кім еді? Махамбеттің басы, Кенеханның басы... Қазақ қанша басынан айырылды? Бұл империя қазақтың басына сонша неге құмар болды?..


Басын кесіп тастасаң, қалғанын итке тастасаң да қолыңды ешкім қақпайды екен. «Садағына сары шіркей үймелеп, жау іздеген ерлердің қайда да басы қалмаған?» дегенді Махамбет бекерге айтып па? Бір ғана Сібірде қалған басымызды дауласақ, құныкеріміз қанша басқа қарыздар болар екен?..


Алданғанын артынан түсінген Аманкелді он тоғызыншы жылы бұлқынып көріп еді, әлдекімдер әкесі Иманның Кенехан көтерілісінде мыңбасы болғанын есіне алды. Сөйтсе, тегіннен-ақ батырдың империяға деген батасы теріс екен! Ақыры тірі басын қағып тастап, қанын қазақтың өзіне жүктеді де ақталу үшін бодауына тас мүсінді әкеліп тас көшеге қоя салды. Империя Шоқаннан да өстіп құтылған. Амал жоқ, былай қарап күліп, былай қарап жылайтын қазекең Калпаковсикйге де рахмет айтқан...


... Бесін еді. Бір аят құраннан соң бет сипаған бес-алты шал буындары сықырлап ауылға қарай аяндады. Тозған шалдар. Он алтыда ту көтерген, отыздағы аштықтан аман қалған, қырқыншының қырғынынан да өлмей қалған шалдар. Батырды көргені де бар, көрмегендері көргендерден сұрайтын да шығар, бірақ көргендерінде де, көрмегендерінде де үн жоқ. Екі елі езуге бес елі қақпақ! Батырға қойылған ескерткіштен емес, моладан қайтқан пірәдарлар секілді, батырды бүгін жерлеп қайтқандай беттерінде ажар жоқ, көздері қасірет пен мұңға толы. Әрқайсысы ішінен батырдың басын жоқтап келе жатпағанына кім кепіл?.. Қолына қалам ұстаған жұрағаттарымыздың кейбірі Аманкелдінің атағына жармасып батырдың атымен Совет өкіметін мадақтап жатқанда, ғадауатта да бес намазын ұмытпаған, Алланы аузынан тастамаған имандыдан қып-қызыл коммунист жасап аруақ алдында күнәһар болып жатқанда... Ахан да үндеген жоқ.


Бұл үнсіздік оның үндемейтін табиғатынан басқалау еді. Пәленше повесть жазып жатырмын, түгенше роман басымда жүр деп қағазға қалам ұшын тіремей жатып сүйінші сұрайтын менің жақын бір досымдай күні бұрын жар салатын әдет онда жоқ болатын. Даулы нәрседен қашты ма, әлде шындықты айтудан жасқанды ма, жорта жасады ма, жоқтаушысы коп болған соң мүше бөліскісі келмеді ме, әйтеуір ағынға қарсы жүзбегені рас. Мүмкін аруақ алдында арын таза ұстағысы келгені шығар.


Алматыға келген соң да тым-тырыс жүріп алды. Тұрмыс-жағдай да тұсау болды: бала-шаға Батпақ қарада, астанада баспана да жоқ, Сырағаңның көмегімен «Жұлдыз» журналына орналасып еді, кең сахарада жортып кетіп, желдеп қайтып, тұсамыссыз тірлікке үйреніп қалған бас кабинеттің төрт қабырғасына отыға алмады. Оның үстіне Аханның талғамы талай жазғыштың балшығын редакцияның босағасынан қайтарды да жамау-жасқауына дейін боталы түйеге балап жаман үйренген кейбір ағайындарға жақпай қалды: «көртышқан сияқты басын жерден алмайтын мына бір пәле қайдан келген?» деп қыжыртушылар да табылды. Ахан дау шығарады, Аханға жау шығады деп өмірі ойламаған едім, бұл фәниде бөрі де бола береді екен.


Ақыры Әкім екеуміз ақылдаса келіп, «Аққу шоғырының» авторлық правосын киностудияға сатып алдық та өзін Мәскеудегі кинодраматургтердің оқуына аттандырдық.


— Бекер болды-ау, — деді Әкім.


— Бекер болды-ау, — деді Сайын.


— Иә, бекер болды...


«Алматы сайтан қала, сайқал қала, мекен болған ақынға сайқалға да!» — деп Мұқағали айтпақшы, Мәскеуді жұрт қанша мақтағанымен бізге жақпайтын қала. Қыста күні арқан бойынан көтерілмейтін, жазы көк түтінімен көмейіңді бітейтін ұлы шаһар алдымен жаттығын есіңе салады, онан соң жалғыздығыңды есіңе салады. Шындығы аз, көлгірсуі көп. Мәскеу Тәкен ағамыз барда ғана Мәскеу еді. Зиялы қауымын қаншалықты қимағаныммен, архиві мен ақылын сыйлағаныммен өз басыма сол шаһар арақ пен шарапқа мелдектеп тұрғандай көрінеді де тұрады. Арғысын айтпағанда, бергісі Саидты, Мұқағалиды, Бахтияны, Төлендіні, Нәсірді, Жұмекенді, тағы да басқаларын еске аламыз, онан қалды кешегі Тәкен мен Мәжит ағаларымыз қайда?..


... Демалысқа келді. Бір нәрсені бастадым деп келді. «Сүзегенді мүйізінен тұқырт» деуші еді, Құлан қыпшақ Кейкіні бастаған екен. «Совет өкіметінің қас жауы, қарақшы!» Кейкіні қайда алып шығар екен, қалай алып шығар екен, алып шыққанмен қайда апарып сиғызар екен?.. Менің көкейімде осы сауал тұрды. Ахан бұған да жауап қатқан жоқ. Болашақ сценарийдің сұлбасы деп Киностудияның редакция алқасына әлдебір сюжеттің сұлбасын тастап кетті. Күні бұрын картасын ашқысы келмеді ме, әлде құлқы болмады ма, әйтеуір жұмбақтау жазылған екен, бас-аяғы бүтін бір нәрсенің ұшын ұстай алмадық.


Кәдімгі тұйық Ахан түсініксіз Аханға айналып бара жатқандай көрінді. Ешнәрсеге разы емес, ешнәрсеге илану жоқ, көзінде де, көңілінде де не қуаныштың, не реніштің жылты жоқ. Мынау қу тірліктен де бейхабар, мүлдем тыс қалған сияқты. Сүйкеніп көріп едік: бірге жүреді-бір ауыз сөзі жоқ, оған сыйлағаның да бір, сыйламағаның да бір-мән беріп жатқан ол жоқ, әзілмен ортаға алсаң да айдалада отырады. Бір нәрсеге толғатып отыр ма, бір нәрсеге көңілі толмай отыр ма, бір нәрседен түңіліп отыр ма?.. Ол осылай үндемей келіп, үндеместен Мәскеуге қайтып кетті. Камалға жармасып жүріп, Әкімнің беделін салып жүріп, болашақ сценарийдің есебінен деп Киностудиядан тиын-тебен әпердік. Көңілімізде «бекер болды-ау» деген өкініш тұрды...


VI. АХАННЫҢ АҚЫРҒЫ КҮНІ


... Қайт деп едім. Мәскеуді мен де ептеп білетін едім. Мәскеудің адамынан арамы көп. Адамына арамы жол бермейтінін де білемін. Жазушысынан жазғышы көп, жазғышы көлгірсіп отырып жазушысының көрпесін тілетін. Өнеріңнен көрі өлгеніңді тілейтін кафе мен ресторанның мысық тілеулі «интеллектуалдары» көң ақтарған қоқсық кебежесінің қотыр мысықтарынан да жексұрын болатын. Жиырма бес жыл Мәскеуді мекен еткен Төкен ағамыз алдынан мысық шықса — жолынан қалатын, мысық тілеулі пысықтар шықса — айналып өтетін. Қарның ашса да, қапаланып құтың қашса да сүйеу болатын, борс-борс желген қалың жұрттың қаскөйін де, қасиеттісін де бармағын баспай-ақ тамыршыдай танитын Тәкен ағамыз еді. Бәрімізге бірдей Тәкен Әлімқұлав табыла бере ме... Қайт дедім...


... Қайтып келді. Қажып келді. Мәскеуден көңілі суып келді. Курспен кетісіп қалыпты. Курстасымен кетісіп қайтыпты. Қайдағы бір татар Абзи сусынымды ішіп отырып, тамағымды татып отырып даңғарама отырып кетті деді. Көлеңкемдей қыр соңымнан қалмай, дерекцияға жамандап күн көрсеткенді қойды деп күңкілдеді. Біреуді жамандамақ түгілі жаманымен қатар отыруды жақтырмайтын Аханның бойынан не мін тапты екен?.. Мәскеуді мен де ептеп білетін едім. Мәскеудің адамынан арамы коп. Адамына арамы жол бермейтінін де білемін. Бірақ тағдыр маған Мәскеуге Тәкен мен Мәжит ағамды жолықтырды, сосын ағайын-жұрт — қырғыздың Құбатбек Жүсіпәлиев, Мырза Ғапаров, грузиннің Резо Габриадзе, өзбектің Тимур Пулатов, армянның Грант Матевесян, әзірбайжанның Ибрагимбеков, қарашайдың Ахмет Көбенұлы секілді адамдарына тап қылды. Сосын... Нәсір мен Әкім айлап жатып алып, жалғыз төсегіме таласатын еді... бәрімізге бірдей Мәскеудің адамы қайдан табыла берсін... Кейін Аханның кейіпкері, аңдып жүріп Құланың ажалына жеткен татар Абдолдың атын бүркенген Сотник Кутский Мәскеудің әлдебір Абзиын менің есіме салып еді...


... Шілденің ми қайнатқан ыстығы. Термометр көлеңкеде қырық градустан асып жығылып тұр. Аспаннан күн, астыңнан асфальт қыздырғанда арқаңнан аққан тер балағыңнан сорғалайды. Шілденің шіліңгірінен аспан да сарғайып кеткен сияқты: күннің шартабағы жайылып, не бұлт емес, не кіреуке емес, төбеде бір тұтасқан ылай жатыр.


Киностудияда міндет көп, жұмысы жоқ сценарий дейтін кәсіп бар. Айына 150 теңге жалақы береді. Құдайға шүкір, бұған да разымыз. Сайын дубляжды басқарады, кварталына 180 теңгелік нәпәқа тауып беруші еді. Курстың бір жылын бітіріп келген Ахан демалыс кезінде аз-маз қаражат тауып алсын деп жоспардағы екі фильмнің аудармасын берген екен, сонан аллау-әкпар Ахан үшті-күйлі жоқ, дубляж қарап тұр, өзің келіп тауып бермесең болатым емес деп Сайын зар қақсаған соң жол-жөнекей сыраханалардан ат шалдырып, Сегізінші март пен Комсомолдың бұрышына әйтеуір еру боп бір жерде қонып қалмай жеттім-ау. Таптырмай жүрген Ахан алдымнан шықты. Бұл маңның Алматыдан алабөтен, соған қарамай қолғап киіп алыпты. Мұның не десем, жәй әншейін, қолыма бір қышыма шығып кетпей жүргені дей салды. Аударманы әлі бастамапты да Қол тиетін емес, ауыз жарымайтын нәрсеге әуре боп қайтсам дейді. Ашуланған болдым. Ұрысқан болдым. Алматыға аса алмай жүрген жаутаң көздер сол ауыз жарымайтын кәсіп жан бағып жүрген жоқ па. Жалақтап жүрген жаутаң көздерден жырып сен келеді деп әдейі сақтап жүргені қайда. Дос қадірін білмейсің деп...


— Жә, оны қайтесің, кешке үйге барамын, — деді. — Шаруа бар, ақылдасу керек.


Академияның ботаника бағының тура аузында, Ғабең берген екі бөлмелі пәтерде Жайсаңбегі, Қадырмен көрші болып тұрып жатырмын. Балаларға сая, үлкенге тыныс, қапырық жан сақтайтынымыз да осы бақ. Күндіз торғайы жатпайтын, түнде тыным таппай тарғағы қақсайтын қалың жыныс салқын лебімен ғана емес, көркімен ғана емес, бар бітімімен де астанадағы көңіліңді Алтай мен ауылыңа алып кететіні бар еді. Әкімі, Сайыны, Қабдеші мен Рамазаны, Жүмекені, Жайсаңбегі, Асқары мен Аханы, Зейнолласы, Тельманы мем Қалиханы бар, бәрін жиғанда сыраның бір бөшкесі, тоғай тоғайдың бір пұшпағында көгалға аунап жатып, барды-жоқты, әдебиет деген байқұстың да пұшпақ-пұшпаққа аударып төңкеріп жататын еркін күндер де, есірік күндерді болушы еді...


Кіші бесінен көз байланғанша осы бақта «Құланның ажалы» оқылды. Алғашқы бөлімі. Екінші бөлімі орысша екен. Үшінші бөлімі әлі жазылмапты. Мұң. Академбақтың торғайын қонақтатып, тарғағын оятып қайттық. Мынау кешкі ымырттың алакеуім кіреукесіндей алқымға зіл боп кептелген мұң арқалап қайттық. Құланның ажалы... Құланның ажалы кімнен? Оған әлі жауап жоқ еді. Құланның ажалы емес, бұл Кейкінің ажалы еді. Құлан де мейлі, Кейісі де мейлі. Екеуі де бірақ адам. Құлан Кейкінің руы. Кейкінің руы Құлан қыпшақ... Білген жұрт Құланды Кейкі деп таниды. Білмеген жұрттың да көкейінде Кейкі отырады. Ахан цензураны ғана жаңылдырып отыр. Цензурадан басқа да қырағы көз толып жатыр. Соларды алдап көр. Құлан ажалының азабы да осында...


... Дәмеш міндетінен жаңылмай тор алдына төсек салып, екі жастық тастады. Құс жастықты көкірегіне қапсырып алып, Ахан ет беттен жатып орысшасын ежіктеп оқуға кірісті. Кеңседе болмаса жазу столына отырған емес. Еденге ет беттеп жатып жазатын қашаннан әдеті. Езуінде темекі, банкіге күл салып қасына қояды да шырт түкіріп сағат бойы тапжылмай, не бір ойдың, не бір эпизодтың аяғына жеткенше үстінен арба жүріп өтсе де айналып қарамайды.


Ет беттеп жатып қысқа түнді жеп қойыппыз. Ашық балконнан бозала таңның салқын лебі келді. Терезе алдындағы қос терек сыбдырлады. Торғай шырылдады. Торғайды оятқан теректің сыбдыры ма, теректі сыбдырлатқан торғай ма?.. Бақты кесіп өтетін қоймалжың арықтың маңынан таңғы шық пен кешкі дымқылда кеңірдегі қышитын бұл байқұстың да әдеті. Тарғақпен таласып сеткесіндегі сыраның қос бөтелкесін, бос бөтелкесін шылдырықтатып, он литрлік бидонды салақтатып Жайсаңбектің жас бәйбішесі ертеңгі сүттің кезегіне желіп бара жатыр екен. Бес бала мен бір байды асырау оңай ма...


Шымшықтың ұясындай тар балконда сығылысып отырмыз. Ортамызда табақтай бипылница темекінің тұқылынан божып тұр екен. Түнімен бықсытқанымыз аздай. Түнімен Құланды қалай өлтіреміз, кім өлтіреді деп қиналып едік. Біріміз өлтіре алмай, біріміз өлтіруге қимай. Ахан менің ақылымды мақұлдаған да жоқ, қарсылық та айтқан жоқ. «Өз ақылым ақылақ, кісі ақылы шоқырақ» деуші еді қазақ. Мүмкін іштей бір тұйықтан шыққан да шығар, бірақ онысын Аханның тілінен тартып ала алмайсың.


Кейкі тағдыры Аханның көкірегінде сайрап тұр, бірақ оған заман деген зауалдан рұқсат жоқ. Онан соң, деректі дүние емес, Аханға қымбаты — образ. Аханға керегі — Құланды совет өкіметінің қудалауы емес, қудаланған Құланның ағайыннан ақыл, елден пана таппай керексіз боп айдалада қалғаны, кешегі елім деп, жерім деп арпалысқан ардагердің бар арманының желге ұшқандай жоқ болып, жігерін құм, әрекетін әдіре ғып, қу далада бір оқтық етіп тастап кеткені. Кіндік кескен жерде кірерге тесік жоқ. Осыдан кейін Құлан боп ойланып, Құлан боп күйзеліп, Құлан боп қиналып көр... Жалпы тарихтағы Құлан қыпшақтың тағдыры трагедияға толы. Қият, Қыпшақ бір туған дей тұрып, Шыңғысхан жорығында қатты қарсылық көрсеткені үшін Жошы тұсында Құландар қисапсыз қиянат шекті. Тоқсан баулыдан тоғызы ғана Торғай мен Ырғыз бойында қалып, қалғаны Қырым асты, бүкіл Еуропаны кеулеп ассимиляцияға түсіп кетті. Құланнан батыр да, ақыл да көп шыққан. Соның бірі Құлан қыпшақ Асқақ батыр. Осы тұста Жошының өліміне байланысты ақсақ құлан аңызы мен «Ақсақ құлан» күйі туралы бір ауыз сөз. Аң аулауға шыққанда Жошыны Ақсақ құлан таптап өлтіріпті-мыс. Аңыздың аты аңыз ғой, ал ақылға салсақ, бір елдің ханын сау да емес, ақсақ құлан таптап өлтіріпті дегенге есі бар адам сене қояр ма екен?.. Архивариус, тарихтан мол білімі бар, өрі жазушы Амантай Сатаевтың айтуынша қиянаттан көз ашпаған соң Асқақ батыр Жошыны азғантай нөкерімен аң аулауға алдап шақырып алып, жекпе-жекте қапысын тауып өлтірген екен. Сонымен, Жошының ажалы ақсақ құланнан емес, Асқақ құланнан болған. Әрине, бұл жорамал. Жорамал болса да шындыққа жақын. Жошыны кім өлтірсе де әйтеуір Құлан қыпшақта Асқақ деген батырдың болғаны рас. Кешегі қол бастаған ер Кейкі сол Асқақтың кейінгі ұрпағы...


... Шақар күннің от шашқан қызғылт сағымы қарсыдағы сары үйдің терезелерінде қаңғып жүр. Сеткісі мен бидонын теңденіп Жайсаңбектің жас бәйбішесі қайқаңдап қайтып келе жатыр екен. Балконға сүйенген қос теректің жапырағы жалбырап жусай бастапты. Ырылдап троллейбус өтті. Дырылдап машина өтті. Астананың тағы бір күні сиыр сәскенің көк түтінімен таласа кіріп еді. Түнімен толғандырған Құлан тағдырын тұйықтатпай, ой жиегіне жеткізбей, тынышсыз тірлік бөліп жіберді.


Ертеңгі ас тым-тырыс ішілді. Бұл Аханның біздің үйден татқан ақырғы дәмі екен...


Түс көрдім: дәп Киностудияның қасында, көшенің арғы бетінен Ахан қолын сермеп жүгіріп келе жатыр еді, ортамыздан қара белбеу қызыл трамвай кесіп өтті. Көз алдымдағы Ахан зым-зия ғайып болды. Қаралы катафалк секілді қара белбеу қызыл трамвай салдыр-күлдір зымырап жөнелген...


Қолымда «Құланның ажалы» қалды. Екінші бөлімін қазақшалап, үшінші бөлімін қысқа қайыруға тура келді. Аханның ойын таба алдым ба, таба алмадым ба, білмеймін... Амал жоқ, Аханның өзі болса басқадай аяқтар ма еді?..


VII. АХАННЫҢ АРУАҒЫНА БАҒЫШТАП...


... ағайын болып, аудан болып, Торғайдың азаматтары болып алпысқа толғанда ас берді...


«... Аханның (Ахметжан) ұлы әкесі Нұрманның діни білімі болған. Руы Қаз Қыпшақ. Нұрман молла, ағасы Биян қажы екеуі ұлы Торғайдың бір саласы Байғабыл өзенінің табанын мекендеген. Елге дәріс берген, өз баласы Шайдахмет, Әбдіхамит, Шаймерден, Төлеу сауаттарын ерте ашып, бала жасынан хат таныған Аханның әкесі Шайдахмет Батпақ қара өңірінде Алаш қозғалысына қатысқан, әрі Аманкелді Имановтың сарбазы болған. 1927 жылдан кейін қудалауға іліккен Шайдахмет інісі Әбдіхамит ұсталғаннан кейін 1928 жылы Алматы, Жетісу өңіріне кетуіне мәжбүр болды. Ахан сол өңірде 1933 жылы көкек айының 30 жұлдызында Ақсу селосында дүниеге келді. 1943 жылы әкесі Шайдахмет Ұлы Отан соғысында қаза тапқан соң анасы Қалимамен елге оралған. Өскен, тәрбие алған жері Торғай облысы, Аманкелді ауданы...»


Ұйымдастыру комитетінің қысқаша анықтамасынан.


Он алты жыл бірге жүргенде өзі туралы бір ауыз сөз айтпаған Ахан құпиясын отыз жыл өткен соң барып білдік.


«Тектіден қатын алсаң, көрген күнің осы» дейтін жездесінің әзіл төркіні де тым әріде жатыр екен-ау. Астына қойған тақтан, партия мүшесі дейтұғын басыңа қонар бақтан қашып, Аханның азар да безер болатын жөні де бар екен.


Көзін соғыспен ашқан Шайдахмет Жетісуға жеткен соң да жетіскені шамалы, энкебеденің құрығынан құтылмайтынын білген соң түрмеде шіріп өлгенше жаумен жағаласып оққа ұшқаным абырой шығар деп соғыс басталысымен өзі тіленіп майданға аттанған екен, ақыры туған жердің топырағы да бұйырмай, сүйегі Еуропада қалды. Нұрман әулетінің аға буынында Октябрьдің сойылы тимеген еркек кіндікті жоқ десе де болғандай. Бірі түрме мен айдаудан жендеттің тепкісі мен оғынан мерт болса, бірі қан майданда қас дұшпанның оғынан шейіт кетті. Тағдыр тентегіне де, елпегіне де чекист пен фашисттің оғын дайындап отырыпты. Кейінгі ұрпағы көзге қойдан қоңыр, көмескіде өз мұңын өзі жұтып, тұйық тірлік кешті. Сонда да тек жүріп, тоқ жүрген жоқ. Өткеннің қасіреті мен қыжылын ішке сыйғыза білу де үлкен ерлік екен. Ішіне сыймағанын Ахан қағазға төккен. Қысылып отырып, буынып отырып. Уақыт деген шіркін қаламға да еркіндік берген жоқ. Соған қарамастан, өкімет қазақтың тарихынан атын өшіріп тастаған аяулы азаматтардың бейнесін көркем әдебиетте қайта жаңғыртқан қаламгерлердің бірі Ахан болды. Әттең кеңшілік заманға іліге алмай қалды. Кім біледі, Алла ұзағырақ ғұмыр бергенде Ахан бүгін «Құланның ажалын» қайта жазар ма еді?.. Қалайда...


... Қазақ Аханға разы. Аханның аруағы қазаққа разы...


* * *


... Торғайдың жері көкмайса, көк аспаны кіршіксіз. Көлі кемерден асып, тоғайы толықсып, көкегі жаңылмай тұрған кез. Байғабылдың табанына Торғайдың торғайына дейін түгел жиналды. Әншейінде де той десе қу басына дейін домалайтын, ереуіл десе еркегі жаяу шабатын дүрмекшіл жұрт Аханның асына еңбектеген баласын да ерте келіпті. Торғайдың топырағынан жаралған батыр көп пе, ақын коп пе, оны арғы-бергі тарихтың өзі-ақ есептей жатар. Әйтеуір, талант десе Торғай мен Сыр бойы ғана таласатыны хақ. Ат шапты, палуан күресті, өнер жарысты. Солардың ішінде ұлы жіңгірді қақ жарып шыққан Аханның қос қарындасы бар-ды: бірі — топ жарған ақын, бірі — той бастаған әнші, Әлфияның арнауы, Ғазизаның мұңға толы майда қоңыр дауысы. Ғазиза: «ұшырдым ұясынан балапан қаз» деп қоңыр дауысын сыбызғыдай ширатқанда көңілімде балапан кезінде Торғайдан қанат қағып Алатауға келіп қонақтаған Қаз Қыпшақтың ұрпағы Ахан тұрды...


Алматы. Наурыз. 1997 жыл








Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу