28.01.2022
  159


Автор: Қалихан Ысқақ

Алтайға Абай келді

— Қалаға, жинала беріңіз, сізді Өскеменге тез жеткізіңдер деген Бердібек Сапарбаевтың бұйрығы келді. Ислам Әбішевтің шақыру қағазы қолымызда тұр, — деді. «Ел жатса да енекем жатпайды» демекші, қит етсе мені іздейтін елгезек ініміз Қайыржан ғой. Атқа жеңіл телпекбай да емес, түбі осы елдің перзенті еді, адамы түгілі Алтайдың қуыс-қуысына дейін тінтіп, тағысын да тауып алатын болған соң Қатынқарағайға қатысты әңгіме туса салып-ұрып жетіп келетін әдеті. Дәкең екеумізді қаракөк «Волгаға» тиеп алды да тартып берді...


Ақын Абай десем аз сияқты, хәкім Абай десем ол да жетпей жатқан сияқты, әулие Абайдың 165 жылдық мерейтойы Өскеменде дүрілдеп өтті. Бұл бір Абайдың емес, бүкіл қазақтың мерейін асқақтатқан ұлы жиын болды. Абай бүкіл қазақтың абройын аспандатып тастады. Бұрын жетім күшіктей Өскеменнің тар көшесіне иығын сиғыза алмай итініп кіріп, именіп шығатын қазекем орталық алаңға симай кетті. Ертістің жағасында да ине шаншар орын жоқ, асау Ертістің ақ толқынында ерсілі-қарсылы құйындатқан қайықтарда да қазақ елінің көк туы, аспандағы қайтқан құстай сап түзеп самсаған ұшақтарда да еліміздің рәміздері, тау басына керіп тастаған көк туымыз Алтайдан да биік секілді көрінді. Әншейінде бұл жаққа аяқ баса бермейтін жазушылар да осында. Ерекше құрмет көрген де осылар. Кезінде керексіз боп қалған қалам қайраткерлеріне «ел қайда, Ертіс қайда?» дейтұғын ел аузындағы сөзді тағы бір есіне салды. Мұндай салтанат та, сауық та бұл өңірде бұрын-соңды болған емес. Жақсылықтың нышаны Бердібек Сапарбаевпен ере келді, соның алғашқы беташары ретінде Бердібек Абайды ерте келді. Абайға еріп Пушкин мен Тагор келді. Қазақстан Жазушылар Одағы да осында көшіп келгендей болып еді. Жалпы Бердібектің іскерлігі мен тапқырлығында шек болған жоқ. Соның бәрі де қазақ деген ұлтты бір сілкіндірді, қазақ өзін тәуелсіз ел екенін сезінді, жер менікі, ел менікі деген ұғымды көкейіне сіңіргендей болды. «Туған жер тұғырың» деп шеттеп кеткен өнер, ғылым қайраткерлерін мезгіл-мезгіл елге шақырып алып, елмен, жермен қайта қауыштырды; әр айда облыс орталығында бір ауданның фестивалін кезекпен өткізіп бәсекеге шақырды: талантың бар ма, табысың бар ма, көрсет ел-жұртқа, өзіңнің өркенің тасысын, өзгенің көңілін ашсын; аудан, қала, облыс көлемінде ақындар айтысы мен поэзия кештері, мүшайра, мемлекеттік тіл туралы конференциялар бірінен соң бірі өтіп жатты; қазақша қағаз бетін ашпайтын аудандарда қазақ газеттері жарық көре бастады, жазғанын баспаға жеткізе алмай, жеткізгенін ақшасыз өткізе алмай жүрген қаламгерлердің творчествосын қолдап, қаражат бөліп, кітаптарының жарық көруіне көмек жасалды, облыстың байырғы қаламгерлерінің көптомдығы өз алдына; осының бәрі қарайып қалған өңірді рухани кедейліктен алып шығудың қамы еді.


***


Салтанат Өскеменде өтсе, теориялық конференция Семейде жалғасты. Конференцияны Бердібек Сапарбаевтің өзі ашып, өзі басқарып, өзі аяқтады. Семей қазақтың мәдени-рухани астанасы екенін танытты.Бұл шын мәнінде абайтанудағы ғылыми-практикалық конференция еді. Қазақтың Абайы барын, ол тек қана ақын емес, ұлт шеңберінен шығып кеткен ақыл-ойдың әлемдік тұлғасы екенін естияр қауым түсінген сияқты. Алпыс, жетпіс, сексенге келген біртоп жазушы осы жиында марапатталды. Қазақ қаламгерлерінің арқасы да, рухын асқақтатып тұрған аруағы да Абай екен...


Ертеңінде зират етіп қайтуға Жидебайға тарттық. Жолбасшымыз да, жолдасымыз да М.Әуезов атындағы колледждің директоры Шағангүл Жанаева, ақын Тыныштықбектің жары, филология ғылымының кандидаты, мен білетін ақындардың қосағына ұқсамайтын ер мінезді жан екен: парасаты бір азаматқа жүк болар, арзан әзілден, орынсыз қалжыңнан бойын аулақ ұстайтын, әңгіме-дүкенге әзір, кез келген ситуацияда өзін еркін сезінетін салиқалы бәйбішені таныдық. Педагогтар Сайлаубаева Бағила, Хасенова Айжан, Сыбанбаева Бағдат, Райысов Сәрсенбай Зәкерияұлы, Шәкір Тойбаев Мамырханұлы кеше ғана Қайым Мұхамедхановтан дәріс алған, Абайды,Әуезовті айтса аузынан Қайым ағаны тастамайтын зерделі, білімдар ұстаздар. Жеткіншектер де өнерге құлшынып тұрған, кез келгені қолына кітап ұстаса музыкалық аспапты да тастамайтын, көркем әдебиетті құр жаттамай көкейіне сіңіріп, көмейінде сақтаған, жан-тәнімен түсінген Семейдің шын болашағын көргендей болдық. Қаншама қиянатты бастан кешсе де баяғы менталитетін жоғалтпаған баяғы Семей, қуанышы да өзінде, уайымы да өзінде, такаббарлықтан да, кісіліктен де құралақан емес, қазақ екенін ұмытпаған баяғы ел. Баяғы мен көрген ел. Семейдің болашағы да осылар-ау деп көңілім тоғайып қалды...


...Жарықтық көне Шыңғыс көсіліп-ақ жатыр екен. Мезгілін күтпей қазанның асыққан көбік қары жауып өтсе керек, жазығы жайсаң, терісі қырбақ, теріске түссең ызғырық леп арқаңды қарып, күнгейге шықсаң күрең шай ішкендей маңдайың жіпсіп жадырайсың. Төскейде мал жатыр, төменде бел-белестерді таспадай тіліп қасқа жол жатыр, қос қапталында соныға тігілген боз үйлер: түндік түрулі, туырлық маңдайда, есік алдында қонақ күткен қыз-келіншектер мен жаубүйрек қақтаған жігіттерді көргенде бір саптаяқ сары қымыздан дәм татпай кете алмайсың. Ел бар, ел болған соң Семей мен Қарауылдың арасы жақындап қалған сияқты, ел болған соң қара күздің ызғырық желін де елемейсің, жігіт шағыңды, жігерлі шағыңды еске салатын қайран дала, қазақтың маңдайына Абайды берген қасиетті Шыңғыс!..


... Семейдің сары даласын сан кесіп өткенмін. Өткен сайын менің көз алдымда іркіліп көңілге қаяу салатын қайдағы бір сүреңсіз суреттер қалыпты. Бұл қазақ тамұқты фәниде де көріп қалсын дегендей алмағайып заманмен таласып әуелі «қайтақұру» дейтұғын быдық саясат келді, оны өкшелей бағыт-бағдары күңгірт тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қуып жетті. Соры қалың Арқаның бір шеті сонау Үшарал мен Қалбатауға дейін екі ортада көз сүрінер елді мекен де жоқ, көз байланса күңіреніп, күн шықса көңілді сары уайымдай басатын сары дала мен түгілі «құлаторпақты» да қажытқан. Әр жерде ескі зираттай шошайып отырған теміржол бекеттерінде де қыбыр жоқ, боздаған тепловоздар шаршап-шалдығып келеді де күрс-күрс демігіп өксіп алып, боздап кете беретін, шошаласының төбесіне үйген шөкімдей селеуін күйсейтін ауыз да жоқ жетім бекет ербейіп қала беретін. Тезек терген жалғыз-жарым кемпірлердің де қабы бос, өйткені тезек тастайтын қырда мал да жоқ. Бұл жұт жылдарындағы жалпыға тән ел суреттері еді. Есік-терезесі үңірейген ауылдарға көзің түссе әр мекеннің іргесінде итқұс ұлып отырғандай денең түршігіп, қамырыққан көңілге өткеннің қайдағы-жайдағы қаралы сәттері кілкіп шыға келетіні бар. Халқының жармысынан көбін жұтып қойған сонау ашаршылық жылдарын тарихшы Мұсатай Ахынжановтан, жазушы ағаларымыз Хасен Әдібаев пен Шахан Мусиннен естігенмін: тігулі тұрған ақбоз үйге кіріп барсаң, салулы төсекте сұлап-сұлап жатқан бір әулеттің қаңқасы, қобырап жатқан шаш, ғасыр өтсе де қыл-қыбыр шірімейді екен... жаның түршігіп қашып шықсаң тағы да күресін басында адам қаңқасына сүрініп мұрттай ұшасың...


...Алтай өлкесіне босқан жұрт бір үзім нан үшін шіркеуге кіріп, өліп бара жатқан соң мойнына крест тағып шоқынды болған. Солардан қалған жиырма мың қазақ әлі де күн кешіп сонда жүр. ХХІ- ғасырдың басында кейінгі ұрпақтарымен Барнауыл қаласнда кездекенімізде: мұнда мешіт жоқ, шіркеуге бас сұққан емеспіз, діни мерекелерде кәрі-құртаңдар барған болады, тек кірер кезде: «Алла, өзің кешір!» деп Жаратқанға жалбарынып жатады» десті. Бізбен қазақша бір ауыз тіл қатыса алмай, әу десе «Елім-айдан» басқа білері жоқ. Ендеше сол елге неге қайтпайсыңдар десек: оқуымыз орысша, кәсібіміз де басқа десіп күмілжіседі. Байқаймыз, күмілжудің арт жағында бүккен сыр жатқан сияқты. Сенім жоқ. Қойға кірген қотыр ешкідей діні бөтен, ділі басқа телімел жұртқа кіріптар болып төменшіктеп қалған именшек бас құлдық психологияға отығып алғандай, ашық сөйлесуге, ашынып сөйлеуге жоқ, бәрі де жаутаңкөз, арланнан қалған жемтіктің қу сүйегіне көз сатқан күшіктей жалтақтап бұға береді. Айта алмаған, айтқызбаған көп уайым көмейде іркіліп қалып жатыр. Әйтеуір тегі қазақ екендерін сезеді, мешіттен адасып шіркеуді паналаған «кәрі-құртаңдар» таусылған соң ол сезім де бірер жылда өшетін шығар. Қосағаштағы қаймағы тесілмеген менің ағайындарым да қазақпын деудің орнына аузы қисаймай найманбыз десіп жүр ғой. Ресей тілбезері жерден жеті қоян тапқандай солар туралы деректі таспа түсіріпті, Шыңғысқанның маңдайына моңғол дейтін ентаңба жапсырғандай түбі бізді де қытай атандырып жүрмесе нағылсын... Қазақ «өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деуші еді, кәзіргі «тірі тышқандардың» күні осы болса әдірем қалсын да... Жидебайға жеткенде жол бойғы ауыр ойдан сергіп қалдық. Сергіткен Абай рухы. Қарауылтөбені милығынан басып, аспандағы ақшулан бұлттың бүйрегін тесіп тұрған такаббар қос кесене, біз бақида жатсақ та фәнидегі сендерден әлі де биікпіз дегендей тым әуелеп кетіпті. Көкке кеңірдегін созған көп тобыр арқа-жарқа, қара күздің қара желіне көкірегін ашып тастап, менсінбеген кейіпте бұлар да келген жұрттың төбесінен қарағысы келеді. Бұларды да желпіндіріп қойған Абай рухы...


Абайдың 150 жылдық мерей тойы әлі есімде, түн ортасы тас қараңғыда дәл осы жерге келіп түстік. Тым-тырс, жыпырлаған ақшаңқан үйлер де мылқау.


— Ау, бұл өңірде буралардан тірі тышқан бар ма? — деп айқай салдым.


Ала бұлдыр сағымнан екі адам:


— Біз бармыз! — деп шыға келді. Бірі қырықтар ішіндегі ер адам, екіншісі дембелше келген көрікті әйел. Екеуі де орыс жұртынан. Қазақша сайрап тұр.


— Қырық серкешімді дайындай беріңдер, әйтпесе дәл осы жерден кері қайтып кетемін! — дедім.


Жарма ауданының әкімі екен, қасындағы әйелі болса керек, Жарма ауданы түгелімен тұнып тұрған буралар екенін білетінмін. Жиендігімді салық қылғаным да. Әкімнің де «білмейтіні бит, сықпағаны сірке» екен де:


— Серке таппасақ түйе айдатып жіберерміз, алдымен үйге түсіп дәм татыңыздар, — деп төрге шақырды.


Әр сағат сайын дастархан жаңарып, табақ тартып, шай құйған қыз-келіншектердің жаңа тобы ән салып, күй шерткенде филармония Жидебайға көшіп келгендей көрінді.Солардың ішінде күміс көмейліге жол бермеген әкім мен оның келіншегі еді, қатар тұрып қазақша әнге басқанда бөбежіктері бүлкілдеп, киіз үйдің түндігін көк аспанға атып жібере жаздады да төңіректегі қонақ біткен осында жиналды. Қалмұхан Исабаев бастаған үшеу едік, дәл осындай құрметті бұдан кейін көрдік пе, көрмедік пе кім білсін?..


...Семей мен Шығыс Қазақстан облыстары қосылады екен дегенде Семей жұрты шу-уу ете қалысып еді: Семей қазақтың мәдени, рухани астанасы еді ғой, қырық жыл мүңкір-нәңкірдің астында қалғанда қызыл империя обал болды-ау деген жоқты, енді тәуелсіздік алдық деп отырғанда


бұл қай жетімсіреткендегісі десті. Рас. Бәрі де рас! Сол қырық жыл бойғы атом бомбасының дүңкілінен ел де, жер де тозып біткен жоқ па еді. Топырақ күлге айналып, улы тозаң күннің бетін жапқаны қайда? Жерден де, көктен де қасірет жауды. Жердің құйқасы қалпына келгенше 200 жыл күту керек екен, онда да адам тұрмақ аңға да қорегі жоқ қурайдан басқа, тікенді селеуден басқа тікенек шықпайды екен. Ал ел ше? 200 жылда елдің тырпы қала ма?


Бұрынғы Шығыс Қазақстан облысында қазақпын дейтұғын ағайын 30-ақ пайыз болатын. Басқасы бөтен жұрттың өкілі. 17-18 ғасырларда басып кірген көрші империя жергілікті халықты тау-тасқа қуып тастады да жердің шұрайлысы мен шүйгінін келімсектерге тартып әперді. Күні кешеге дейін сол 30 пайыз отсыз-сусыз резервацияда құл болып күн кешті. Келімсектер жылсайынғы бюджеттен бөлінген 67 пайыз қаражатты жұтып алып отырса да жұмырыма жұқ болды деген жоқ. Радиацияның шаңына тұншыққан семейліктерге қайырылып қарап па?..


Екі обылыс бір шаңыраққа бірікен соң қаңсып отырған семейліктер бес жыл көрмеген жалақыға, бес жыл зарықтырған зейнетақыға, бес жыл көзден бұлбұл ұшқан «пособия» дейтұғын жәрдемақының сілекейіне қолы жетті. Бұл бергі жағы ғана. «Қайтақұру» мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұрты тентіреп, қайың сауып кеткен елді мекендердің орны адам шошырлық еді. Атам заманғы ескі жұрттың қорымындай шөгіп кеткен ауылдарды (бір кезде 200 түтін ауылдардың орнында жеті-ақ үй қалғанын да көрдік) қайта тірілтіп, қаңғырған қазаққа жұмыс тауып беру, қираған шаруашылықтарды, тоқтап қалған, талауға түскен өндіріс орындарын қалпына келтіру оңайға түскен жоқ. Негізі бөтен жұрағаттардың наразылығын тудырмас үшін Президент Назарбаев осының бәрін үндемей жүріп, айқайлатпай, әсіре науқанға айналдырмай тып-тыныш орындап шықты. Бұл астананың Ақмолаға көшуіне пара-пар саяси-әлеуметтік оқиға, тарихи құбылыс еді. Амалсыздан жатқа қарап күліп, жақынға қарап жылайтын алмағайып заманда арманыңды айқайлатып, «жасырын» мақсатыңды жария етіп көр... Ресейдің отаршыл психологиясына семірген жұлымырлары «қазақтардың бес облысы біздікі», шығыстың өтірік казактары Алтай өлкесіне қосыламыз деп шу шығарып жатқанда ұлт уайымын ту қылып көтеру отқа май құюмен бірдей еді... Тәуелсіз тұтас бір халықтың астанасын енді менікі деп жармасып көрсін! Қоламтасы ит жылында өшіп қалған ескі дауды қайта үрлеп, үш бірдей обылысты (Павлодар, Семей, Шығыс Қазақстан) бүкіл әлемнің көзінше қай көтіңе апарып сиғызар екенсің?.. Кәзіргі Шығыс Қазақстан халқының 67 пайызы қазақ дейтұғын ежелгі тұрғындар болған жоқ па! Саяси науқандарда ілде біреуі болмаса қазақ қайраткерлерінің қайсысы сайлаудан кедергісіз өтіп еді?


Ең бастысы, билікке ұлтжанды азаматтардың келуіне байланысты екен. Ғасырлар бойы бұратана ел болып бұйығып, мақау боп қалған, иісі бөтенді көрсе үріккен түйедей үдірейіп қашатын арғын-найман облыс басшылығына әуелі Жәнібек Кәріпжанов, кейін Бердібек Сапарбаев келген соң өздерінің қазақ екендігін түйсінген сияқты, жалбарынуды, жасқануды қойып ел тірлігіне белсене араласа бастады, етекте ел барын, биікте арқа сүйейтін билік барын сезген азаматтар қуыс-қуыста жабы боп қалған ауылдарды цивилацияға жетеледі, елді ел қылатын қарынның тоқтығы ғана емес, ең құрығанда көйлектің көктігі мен көңілдің көк тірегендей қанағаты екенін, Қазақстан деген мемлекеттің азаматы ретінде құқығы барын түсініп қалды...


... Заман бірде толып, бірде солған сайын отқа да түсіп, қу жанын оққа да


тосқан қазақ тым құрыса қазақ деген өз атына ие бола алмай, бірде қассақ, бірде хазар, бірде қайсақ болып, еншісіне бес қарудан басқа бәсіре бұйырмаған еді, әйтеуір ХХІ ғасырда тілшіктей көк қатырманы қалтасына салып өз атын өзі шақырды-ау. Оған да жиырма жыл деп кеше ғана арқа-жарқа болыстық. Қазақстанның экономикалық эпицентрі Шығысқа ауысты, оған да дәнекер болған бұрынғы Шығыс Қазақстан облысының экономикалық потенциалы, осыған орай Шығыстың рухани тіршілігіне түбегейлі өзгеріс енді. Бұрынғы облыс орталығы Өскеменде сегіз пайызға жетер-жетпес қазақ жұрты кәзір отыз пайыздан асып, билік тізгініне қол жеткізді, студенттерді есепке алмағанда мұның бәрі зиялы қауым десек те болады. Осының бәрі заман ауыртпашылығына екі облыстың пар жегілген бірлігінде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтін дана қазақ алдына дәнішпан Абайды салып қойып барар бағытын енді тапқан сияқты...


***


Оңашада сан сұрақтың шетжағасын қозғасам Асқар: «ел бар ғой» деп күмілжиді де үнсіз қалады. Соны елі түсіне ме екен? Түсінсе де кәдіріңді білер ме екен? Әншейінде де көп сөйлемейтін жиенім Қажыға барып қайтқан соң тым тұйық боп кетті. Үндемей жүріп бес намазға жығылады. Үндемей жүріп машинасына мінеді де жалғыз өзі шаруасына аттанып кете береді. Бұдан соң оны табу да қиын. Тапсаң ұстау да қиын. Шаруашылығы ерепейсіз үлкен. Бүкіл Ақсу. Соның бәрін аралап шыққанша күн де батады. Ықшамда, әйтпесе оны игеру де қиын, басқару да қиын, пайдасы да шамалы деп Темірбек ақыл қосып еді, илана қоймады ма, Асқар оған мән берген жоқ. Әлде бөліп беретін сенімді ие таппады ма. Кезінде серіктестікке шақырып, бөліп те көрген. Өзі жоқта бес жылдың ішінде өзім деген жігіттер жердің шұрайлысы мен өрістің шүйгінін кесіп алып, кеше ғана жаяу жүргенін ұмытып, бүгінде астында «джип», алдында мал, басында сарай, мұртын балта шаппай шіреніп жатыр. «Бұғы-маралды экзотика үшін ұстаймын дегендер өздері білсін, әйтпесе оған бюджеттен қаражат бөлудің қажеті жоқ» дейтін үкімет марал шаруашылығының құлдырап кетуіне тікелей себепші болды да кейін өз қолын өзі кескенін мойындап, қалған-құтқан шөмшектен шымшып қана сілекей татырған болып еді, бұл да әншейін суалып кеткен Аралға қақтан қасықтап су сепкеннен артқан жоқ. Тұтас бір совхоз боп тұрған омарта шаруашылығын да зорлықпен таратып жіберіп, балдың да таңдайға татитынын бүгін сезгендей өкімет қалтасынан өтірік те болса ырым жасап отыр. Осыдан ба, «пысық» деген жігіттер маралдың маңына баспай жүр. Өйткені алты ай қыс ұйқы бермейтін, алты ай жаз аттан түсірмейтін азабына жолағысы келмейтін де шығар... Қаршадайынан мал соңына еріп көмпіс боп алған Асқар ғана «сырты су, бауыры балшық» болса да төрт мезгілдің салмағын көтеріп, жыла қонған жолаушыдай жылжып келеді, шаруасын да жылжытып келеді. Айтып отырса, ол сонау мектеп жасынан-ақ заготскоттың ақсақ-тоқсағын қиырдағы Катонқарағайдан жер түбіндегі Семейдің ет комбинатына жаяу жеткізіп салып жүрген екен.


— Әжем Өрік, мамам үшеуіміз қарашаңырақтан бөлініп отау шықтық. Бір ошаққа симай бара жатқанымыз да шамалы, әжемді білесіз ғой, ол да сіздің апайыңыз, Исабай атамыздың әпкесі, соғыста шейіт кеткен тұңғышы Айтқұлдың түтінін өшірмеймін деп қоймады. Шоңмұрынның қыздары айтқанын орындатпай тынбайтынын да білесіз. Мен болсам әлі атқа да түзу отыра алмайтын баламын. Мамам түн ішінде тұрып мектептің пешін жағады. Кезінде ол шіркеу болған, түнді қойып күндіздің өзінде азынап тұратын үрей. Қыстың аязы оның қасында түк емес. Ес болсын деп мамам мені ерте кетеді. Күңіренген тас қараңғыға кіргенде көрге түсіп кеткендей зәрем ұшады да үнімді шығармай жылап аламын. Шешемнің қаршадайымнан маған үйретпегені жоқ. Соның бірі қараңғыда таяқсыз жол табатын сезімталдығы. Ес кірмей жатып қараңғылыққа бойымды үйретті де кейін мал айдап жүргенде түн баласында қорықпай-ақ шашау шыққан кебенектерді тез тауып алатын болдым. Осыны пайдаланған үлкендер: Асқар, сенің көзің өткір ғой, сен қой күзетші деп мені далаға тастайды да өздері брезент күркеге кіріп бырдай боп жатып алатын. Тіршілік қомағай, бәрін айтпағанда қызуы жоқ тоқал пеш те қомағай, тыртыңдап қолшанамен жаяу тасыған отыныңды да күн сайын жалмап алып саған қарап үңірейеді де тұрады. Үлкендерден қалған ескі киімдерді қайта пішіп мамам иығыма жапсырып бітірген. Жаңасына ақша керек, ақша біз түгілі жә деген жігіттерде де жоқ. Жазғы демалыста заготскотқа жалданып мал айдауға мәжбүр болдым. Әйтеуір ептеген тиын-тебені бар. Айтқаныңды тыңдайтын екі аяқты адам да емес, төрт аяқты малды тоқтату қиын екен: оты қанбаса жатпайды, шөлдесе алдында арыстан аңдып тұрса да жасқанбайды, бір отар қосылып дарылдағанда құлағыңа құрт кіріп кеткендей миыңды ашытады. Комбинатқа жеткенше ет алып барсын деп жайып айдататыны тағы бар. Елден ұзап, Семейдің бұдырсыз сары даласына іліккенде тозақ сонда басталады: сарнаған желден ерінің жалақ, етегің жырым-жырым болады, оған жаңбыр қосылса сорыңның қайнағаны, далдасы жоқ қу даланың жаңбыры қиялап соққанда қамшыдан өткір, өкпеңді тесіп жібере жаздайды. Қараңғы түнде қалбаңдап жүріп неге сүріңгеніңді де білмейсің, әйтеуір тірі жан ғой деп ұйлығып жатқан қойлардың ортасына барып тығыласың. Ішің иттен бетер ұлиды, өйткені «расход» таусылған, «расход» дегені комбинатқа жеткенше жейтін малыңның саны, оны да шақырымға есептеп береді, егер артық кетіп, санағанда жетпей қалса жеген ауыз бөліп төлейді. Қой ішінде некен-саяқ сүті қайтпаған ешкілер де бар, ұстап алып емгің де келеді, бірақ ол кебенектер емшегін сорғызып қойып тұра ма, сорамын деп бруцеллезге ұшрағандар да болған. Бұл мал деген шіркінге қайтып жоламайтын шығармын деп едім, ат баспаймын деген жерін үш басады деп айналып кеп не тағы емес, не мал емес марал дейтұғын мақұлыққа тағы да тап келдім. Тастап кетейін десең қимайсың, маған ғана емес, елге керек, осы елге ежелден кәсіп болған күнкөріс, маралсыз қаратайдың қасиетті бір көркі кеміп қалатындай. Жұрт ойлағандай бұл экзотика емес, туристер келсе келер, келмесе одан әрмен, маған Алтайдың қайталанбас табиғаты, сол табиғатқа тәуелді қаратайлықтардың денсаулығы қымбат...


...Табиғат десе Алтайды, Алтай десе оның табиғатын көз алдыма елестетем. «Құйрығының қызылы түлкінің соры» демекші, соңғы кездері ендеп кіріп келе жатқан «цивилизацияның құдіреті» сол табиғатты да үркіте бастаған сияқты. Ауылдың іргесінен ертеңді-кеш әупілдеп үріп жататын, кейде жаны қысылғанда қораға кіріп кететін елік те бүгін жоқ, оның жымын ауып келген шошқалар басты. Тоғайға кірсе талдың шыбығын да шығынға санайтын қаратайлықтар тырп етпей үйінде тығылып отырып әлдебір адресі жоқ ашкөздердің «дружба» дейтұғын жалмауызының ырылынан қорқатын болды. Атты-жаяулы сабылып барып шипалы суына шомылатын жұрт арасанынан да айрылып, «балшықтан шығып барон болғандардың» тікұшақтарына тіксініп қарайды да отырады. Осыны ойлағанда, мүйіз сұрап құлағынан айрылған тоқал ешкінің кебін киеміз бе дегенде зәре-құтың қалмайды. Әрине, урбанизацияның заманында одан да құтыла алмайсың, тек сол ауылға ұрдажық болып келмегені жөн еді. Тіс жарып еш пендеге мұңын шақпайтын Асқардың іште жатқан уайымын түсінуге болады. Кезінде ауданның 27 мың халқының үштен бірін жинап алған Ақсудың бүгін қаңырап қалғанынан-ақ тіксінесің. Ақсу, одан озсаң Шабанбайдың курорттық аймақ екені рас. Бірақ бұл өңірдің проблемалары да толып жатыр. Алдымен оның шаруашылық дәрежесін өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы деңгейіне жеткізген жөн шығар. Әзірге ол Ұлттық Парктің сүйемелімен ғана тіршілік етіп тұр. Елден жырақ, Ресеймен шекаралас қуыста жатқан Атамекеннің табиғатын қорғайтын да Парктен басқа, Асқардан басқа мемлекеттік ешбір мекеме жоқ. Басқасын айтпағанда, оның көркін қыз қалпында ұстап тұру жеке субъктінің шамасынан келмейтін, үкімет тарапынан шешілетін күрделі мәселе... Әлдекімдер, Қалихан ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қатынқарағайын аңсап отыр деуі мүмкін. Қатынқарағайдың ол кездегі жетіскені де шамалы болатын. Әйтеуір соғыстан көз ашпай, найзаның ұшы, қылыштың жүзімен Отанын қорғаймын деп арпалысқан қаратайлықтар, мүмкін содан да ләззат тапқан шығар. Сөйтсе де әр елдің, географиялық қоғамдарының берген Ақсу деген аты бар еді (Ақсу — Жер жаннаты, аңыз болған «Страна Беловодье»), ХХІ ғасырда соның қасиетін ардақтап, қадірін білсек деген көкейдегі арман да...


...Алматыда отырсаң елді ойлайсың, елге барсаң Алматы есіңнен шықпайды. Ағайын ауылда көп пе, Алматыда көп пе? Сәл алыстап кетсең екеуін де сағынасың. Ауылмен кіндігім жалғасқан. Алматыда өмірім өтіп келеді.Ауылдан онүш жасымда кетіп едім, Алматының көшесін алпысекі жыл таптап жүрмін. Енді қанша жыл тырпылдайтынымды бір Алланың өзі біледі. Алпыс екі жылда қызмет іздеген жоқ едім, қызмет мені өзі іздеп тапқан. Сондағы соңғы аялдамам «Жұлдыз» журналы болды. Төрт қабырғаға қамалып босқа қартайғанша көптің ортасында бол деп Нұрлан қоймаған соң көне салып едім. Қолпашқа Ұлықбек пен Тұрысбек қосылды да өмірі ищай десіп көрмеген інілерімнің көңілін қалдырғым келмеді. Көңіл қалатын да жігіттер емес, Ұлықбек әзірге мықты ақынның бірі, одан да мықты шықса болашақта көре жатармыз, Тұрысбек Сәукетаев орта буын прозаиктердің ішіндегі белдісі, әдебиетке де, әдебиетшіге де адал, әрі әділ, бірді артық, бірді кем санамайтын, жаттан жауы болса да жақыннан дауы жоқ жігіттің сабазы. Бұлармен қызметтес болудың өзі бір ғанибет, өзі бір өмір. Елде жатып та соларды ойлап, солардың уайымын бөліп-жарған боламын, мәгәрки журналдың бір номері солғын шықса, оған кіналі жігіттер емес, авторлардың талғамының тайыздағаны.


Дүнияда сағыныштан қымбат сезім жоқ-ау сірә! Бірде ол сені далаға қуалайды, бірде қалаға қуалайды. Жігіттің төресін, қыздың көркемін қаладан көрсең де ауылдағы торшолақ шөпжелкені, қотанаяқ түбітиекті ұмытпайсың. Бірі құмарыңдай, бірі туғаныңдай. Түбітиекпен сәбиіңде тебісіп өсіп, шөпжелкенің көкірегінде тәтті бір иіс барын білгенсің. Ал саналы ғұмырыңда табысқан жарасымды дос-жаран бүкіл ғұмырыңа рухани азық. Сондай қимас достың бірі Жолдасхан Бозымбеков еді. Жолдас болуға да жараған, бозым десең де артық емес. Екеуміз студенттік кезден ажыраспай, «Лениншіл жаста» қызметті де бірге істедік. Қырға шықсақ та, қырдан түссек те жастық шақты жарысып өткердік. Ауылы Алматыдан сексен шақырымдағы Самсы, сүйегі Ботпай, оның ішінде Тілеуқабыл, Жамбыл бабамыздың қайын жұрты. Анасы Нүрила апамыз Екейдің қызы еді, Жапа әулетімен аталас. Онсыз да қарға тамырлы қазақтың алыстың өзінен де ағайын, жаттан да жұрағат іздеп отыратын үйірсектігін ескерсек, Самсыдан өрлеген салт жігіт, Қарақыстақтан құлдилаған қарындас екі ауылға кезек-кезек ат шалдырмай өтпейтінін де ептеп білемін. Жолдасхан екеуміз сонау студент кезімізден сексен шақырымдық жерді жаяу-жалпы адыммен өлшеп едік. Кейін борбайымыз матасекл дейтін тентек тайға, машина дейтұғын керікке тиген соң аптасына бір рет өрден ойға, ойдан өрге айналып шығатын машықты әдетіміз бар-ды. Көбіне ылғида түн баласында. Самсыға жеткенше қаншама белес, қаншама дөң бар, матасеклмен орғытып шығамыз да сан миллион шілделіктің симфониясына құлақ түріп, миллиардтаған жұлдыздардың есебіне жете алмай отырар едік. Делебеңді қоздыратын қырдың самалы, аршадай тынысыңды ашатын қидың қышқылтым түтіні ауылға қиялыңды өзіңнен бұрын жеткізетін. Өрге тартсаң Қарақыстақ, Жәкем айтқан «елу бақсы, сексен ақын» болмаса да өз тұстастарым Әнуарбек пен Сейдахметтің ауылы, оған қоса апамыздың туған бауыры, Жолдасханның нағашысы Асқар аға отыр, әңгімешіл әрі бауырмал, жиенінің атын атаған бейсауат жүргіншіні де көшеден жинап, көштен қайырып әкеліп қонақ қылатын мырзалығынан жаңылған емес. Ойға түссең Самсыда апамыздың өзі отырар еді; Тілеуқабылдың ең шеткі көшесінде, ауылдан үркіп шыққан қарадай әудем жер қашып барып үйездеген бір шоқ тоғай мен алма бағы бүкіл Самсының торғайы мен томпайған қарадомалақ балаларының базары секілді еді. Жаз шықса апамыз есік алдындағы қартайып біткен құж-құж қарағаштың түбіне бөстегін төсеп, дастарханын да сол ағаштың көлеңкесіне жасайтын. Өзімен жасты сары самауырдың оттығы қара қазанды арқалай-арқалай белі майысып кеткен балшық тандырдың пұшық мұржасымен жарысып тұрар еді. Бұл үйдің түтіні күншіліктен көріне ме, Тілеуқабылдың кәрі-жасы қазанның оттан түскенін аңдып отырғандай-ақ дәмнің үстіне бір минут кешікпей жиналатын. Апамыздың асы ғана емес, әңгімесі де дәмді еді...


...Төбесінен тырс-тырс тамған торғай саңғырығын алақанымен сыпырып тастаған Жөкен аспанға алара қарап: — Қап, осы ағашты бір күні құртамын-ау! — деп кіжінген болады. — Менің көзімнің тірісінде бұл ағашқа балта тигізбейтін шығарсың, — деп тандырдың езуінен қызыл шоқты шымшып алып сары самауырды оттығынан идіріп отырған апамыз ұлына көзінің қиығымен қарады. — Қамалар алдында әкеңнің шанышқан шыбығы еді, ырым қылып үш баласына отырғызған үш қарағашы осы, — деп келін боп түскелі қолынан шешпеген қос білезігін түріп тастап біразға дейін үнсіз қалады. — Ағаш екеш ағаш та қартайды...


Ар жағын айтқан жоқ. Ар жағы айтпаса да белгілі еді. Оның ар жағы жазықсыз онсегіз жыл отырып қайтқан апамыздың қайнағасы Телтай ағаға жақсы таныс. Онсегіз жылдың беріші мынау қарағаштың қожыр-қожыр безіндей оның да ішінде қатып жатқан шығар-ау... Жұбатып ештеңе айтпады. Апамыз жұбаныш іздеп те отырған жоқ еді. Қазан астындағы қызылбас шаланы оттан тартып тастап, кешқұрымның алакеуімінде бұрын біз естмеген тағы бір әңгімені бастап кеткен...


... — Суға кеткен тал қармайды, ағайынды қойып шапағаты алысқа түскен дана еді деп дуалы ауыздың бір септігі тиер деген үмітпен Жәкеме бардым. Ауылды келімді-кетімді қонақтар басып жатыр екен. Ақындар ма, мен секілді ақыл сұрай келгендер ме, қайдан білейін. Әйтеуір көп ішінен танығаным Ораз Жандосовтың әйелі. Ораз да халық жауы атанып қамалып қалған. Айлас қатын мұңдас, оның да келген шаруасы осы екен, екі елі ауызға бес елі қақпақ түскен кез, жұртпен жағаласып айтатын мұң емес, Жәкемнің алды босамаған соң екеуміз сол күні қонып қалдық. Ораз бұл үйге бұрыннан да аралас-құралас, анасы осы ауылда айлап жатып, аунап-қунап қайтады екен дегенді естуші едім. Мен болсам — қарындас, содияның аузы, түрменің кілті Жәкемнің қолында тұрғандай екеуміздің де үмітіміз ертеңгі күнде еді. Ертеңгісін Жәкем екеумізді де шақыртып алды. Көңілсіз екен. Ешкімнің бетіне тіктеп қараған жоқ. Алдындағы кесесін де көтеріп алмай дастархан жиегінде суытып тастады. Әлден уақытта маған: қарағым, шайды сен құйшы деді. Сол-ақ екен, үй ішіндегі артық ауыз түгелдей тысқа шығып кетті де дастархан басында үшеуіміз ғана қалдық. Әңгімені Ораздың әйелі бастаған. Жәкем қабағын салып отырып тырс етпей тыңдады. Бүкіл алашты албастыдай қысқан аласапыраңға Жәкемнің бізден де қанық екенін қайдан білейік.


-Бұл өкіметке менің сөзім керек шығар, ал өзім керекпін бе, жоқ па, оны өзім де білмеймін, — деді. — Қараның ханы емес, халықтың биі емес, құлақ аспай ма деп қорланам. Қолымнан келгенінше қарекет қылып көрейін, жақсылық болса хабарын өзім беремін, егер хабар болмаса... деп «сен де осы шаруамен келіп отырсың-ау» дегендей Жәкем менің бетіме қарады. Ар жағын түсіне қойдық. Хабар болмаса менен қайыр болмағаны дегені де. Тыстан біреуді шақыртып алды да екі ат тауып, келін мен мына қызды жеткізіп салыңдар деді. Көлік тез табыла қоймады ма, әлде кісі аяғы басылсын деді ме, ауылдан ымырт үйріле шығып едік, Ораздың әйелі болмаса, Самсыдан сан дүркін жаяу келіп, жаяу кетіп жүрген жер ғой, өз аяғым да жететін еді, сөйтсек екі аттың еріне созылтып екі мөшек артып қойған екен. Аттанарда Тезекбай ма, түсі есімде жоқ: мынау ұнды балаларға қажақ-құжақ қылсын деп Жәкем тапсырды деді. Жәкемнің алдын соңғы көргенім осы. Қайтып хабар да болған жоқ, азасы мен асына ғана қатысуға жазған екен деп Нүрила апамыз әңгімесін аяқтады...


... Қазақтың маңдайына біткен Жамбылы біреу-ақ, жалпақ қазаққа келген нәубетке жалғыз Жамбылдың шамасы қайдан келсін... ...Дулатияға жолым түсіп Самсының үстінен өтіп бара жатқанда ауыл шетінде оқшау қалған жетім тоғайға бұрыла кеткім келеді. Бірақ онда Нүрила апамыз да, Жолдасхан да жоқ. Екеуі дөң басындағы Тілеуқабылдың мәңгілік мекенінде жатыр. Үңгіртастың шығар аузында қарындасымыз Тамара да бар еді. Үлкендердің көзі тайған соң кейінгі ұрпақпен дәнекер де үзіліп, кешегі қымбат жандар көмескі тарта бастайды екен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу