28.01.2022
  167


Автор: Қалихан Ысқақ

Алматыдағы ең ыстық жер

Алматыдағы ең ыстық жер киностудияның маңы. Ауласындағы термометрдің тілі қашанда қаланың тымырсық демінен бес-алты градусқа озады да тұрады. Осы ауланың қақ ортасында көміп тастаған су қоймасы, көк томпақты шыр айнала су бүркіп тұратын елірме түтіктер бар, көркі мен көлеңке тастайтын көрі емен де осында.


Шілденің шеке тескен шіліңгірінде қапырықтан қашып, тайлы-тұяғымызбен көк томпақтың етегіне көгендеп тастағандай үймелейміз де отырамыз, үйелеп отырғандар да бар. Тыстан кірген Шәкең көлеңкедегі құйрық басардың біріне жақындай қалғанда кел-қайт, кел-қайт боп үйелеп отырған киношнектердің бірі өзінше орын нұсқаған болып:


— Дәу шал, мұнда, мұнда! — деп өзеурей қалғаны.


Шәкең көзінің қиығымен тесіп бір қарады да қайрылмастан кете барды. Қасымызда отырған Мәжит ағамыз әлгі жарамсаққа:


— Бәдіксің! — деді.


Киношнек ыржалақтай отырып «дәуді» де, «шалды» да шығарып жүрген мынау ғой деп аттан ауып қалған соң кінәсін маған арта салғысы келді.


— Мұның еркелігі жарасады, жарасқан соң да ағасы көтереді, — деді Мәжекен, — ал еркелейтіндей сен кім едің?! Жөнсіз еркелік те бәдіктік! — деп Мәжекен де тұрып кетті.


Алдымыздағы ағаларымыздың егу жасын көз алдымыздан өткердік. Бізге солай көрінді ме, ол кездегі елу жастан егделік байқалатын.


Мен ағамызды Дәушал деуші едім. Дәуге шалды қосқаныма намыстанған да, ренжіген де емес. Тек Сапекеңнің үйіндегі шешеміз:


— Мына Кетік жап-жас қайнымды шал деп қорлады-ау! — деп жорта ара түскен болушы еді.


Үлкенмен де, кішімен де әзілі жарасып отыратын Сапекең сонда:


— Жүзге келгенде де Шәкенге сақал-мұрт шығар ма екен, шыға қалса да соған дейін күтіп жүре ме?! — дейтұғын. — Менің дардай нағашымды да Кетік деп қорлап отырсың ғой. Осымен екеуің квит болыңдар, — деп бәрімізді риза қылып, ұпайымызды бөліп беретін.


... Сөйтсем, ол кездің елуі мен бүгіннің елуінде айырма бар сияқты. Жиырмасында көптің ісіне араласып, отызында отбасынан озып азаматтың ауыр жүгін атқарған, қырқында да қылышын жалаңаш ұстап, қыршынның қиян-соқпақты тәуекелін бөліп-жарған, елуінде ел қамын ойлаймын деп ертерек есейген аға буынның өз уақытына қарай ізгілік, рухани бөлектігі бар екен. Ағаның елу жасынан егделіктің байқалатыны да осыдан болса керек. Ертерек байсал тартқан ағаның еркелеген інісінің «шал» деп таққан ен-таңбасына шамырқанбағаны да осыдан шығар...


Сорымызға қарай, арқа тұтар әкелерді сипантаза сыпырып әкеткен соң, тіршілік дейтұғын теңізде ориентирсіз қалған соң, детдом мен пансионаттың «тәрбиесінде» күшігінен таланып, еркіндігінен, еркелігінен айырылып, жабы боп, жаншылып өскен менің құрдастарым жиырмасында да алдынан қара іздеп, сүйемел мен тірекке таңсық болыпты. Бақытымызға орай, өзекке тепкендер сирек. Бауырына тартқандар қазақтың бірегейлері еді. Соның бірі менің Дәушалым болатын...


... Жоғарғы курста оқып жүріп «Шығыс сақинасы» деген сценарий жазып Мәжекеннің, жетекшім В.И.Соловевтің қолдап-қоштауымен Мәскеуден бекіттіріп әкелдім.


Екі адамға ұнаған жоқ. Олжас: «Нуждается в доработке» деді. Айманов: «қазақша емес!» деді. Фильмді қоймақшы Овчаренко деген еді. Ол бірден жабыса қалды. Олжасты түсіндім. Сценарийдің шалағайлығы көп. Оның үстіне Олжастың талғамынан шығу қиын. Аймановтың «қазақша емес» дегеніне көңілім жығылмады да Мәжекеңге шапағат салып едім:


— Ағаңның өзіне барсаңшы, сонда мұның орысшасы қандай болмақ деп сұра, — деді.


Шәкең Марк Беркович екеуі шахмат ойнап отыр екен, мені көргенде міз баққан жоқ, бес партия біткенше мен де міз бақпай отырып алайын. Сондағы алған жауабым:


— Жазғаның тап-тұйнақтай, бірақ жақсы жазғаннан жақсы фильм туа бермейді, — деді. — Әуелі қазақтың тілі жоқ, кейіпкерінде қазақтың қаны жоқ деді, — жылқышының ауылын айтасың, отбасынан қымыздың иісі шықпайды, желідегі құлынның кісінегенін естігем жоқ, — деді. — Осыны жасап әкел, егер Овчаренко мынауың сценарий емес десе, мен өзім түсіремін, — деді.


Сонымен сценарийдің екі нұсқасы жазылды. Бірі орысша, екіншісі қазақша. Алғашқысын Овчаренко өзіне тартты, екіншісін қорғағанда Шәкең жалғыз қалды. Дауға түскен — өзінен екі жас үлкен ағасы опат болып, ауылына келген сынақшы-ұшқыштың тағдыры еді. Әуелде ағадан қалған жетім інісін, артында қалған өзінен он жасы кіші жеңгесін қия алмай жалтақтаған жігіт кейіннен үйрене келе, үйлесе келе үйленіп тынатын еді. Даукестер: «бұл әмеңгерлік қой» деп дес бермеді. Айманов: «жанашырлық пен жарастықтың әмеңгерлікке не қатысы бар?!» деп жеңе алмады. Ақыры Овчаренко түсірді де, жылқым бұғы болып кетті де, жігітім жетім бала мен жесір жеңгесіне қарамастан кержақтың желікпе қызына ғашық болып тайып отырды.


Айманов ұтылған жоқ, өнер ұтылды. Айманов сценарийді бермейтін де еді, жас режиссерге жанашырлық жасап, жолын бөгемейінші деп кеңпейілділік көрсетті. Кейін фильм жұрт көңілінен, сарапшылар көңілден шықпай қалғанда да мен айтпап па едім деп ешкімді табалаған жоқ.


Ағаның айқайын естіген емеспін — кеңдігі болар. Әйтпесе оның сыртынан айып тағатындар да, айбат қылатындар да жетіп жатыр еді. Кекішлді кекетуімен, әзәзілді әзілімен-ақ жығып кете беретін. Бірақ содан ұпай жинағанын тағы да көргенім жоқ.


... Қазақтың бүгінде атақты күйшісі Әбікен Қасенов драма театрында массовканың әртісі болып жүріп, домбыраның қос ішегін күңіренткен қасиетті қайран қолы тірлікте қара нанға зорға жеткен, қан тапсырып донорлықпен күн кешкен екен де онысын тірі пендеге сездірмепті. Сол кісі қайтыс болғанда жерлеуге қаражат табылмай, Қалибек Қуанышбаев пен Шәкен Айманов болып, екі бірдей өнердің саңлағы сол кездегі Орталық комитеттің үшінші хатшысы болып отырған шенеунікке барса, қара жер хабар бермесін, столға иегі зорға ілініп шіреніп жатқан бір тұтам шіркін шытынап жатып:


— Бір әртісті жерлеу үшін екі жүз сом жететін шығар, — депті.


— Япырай, бір әртісті көму үшін тағы да екі әртіс өлуіміз керек екен-ау, — деп ағасын жетелеп шығып жүре беріпті.


Үшінші хатшы жарылып кете жаздапты. Шәкен өмірбақи оны «мынау да адам екен-ау, мұның да лауазымы бар еді-ау» деп қаперіне алмай кетті.


Жасыратыны жоқ, ағаны біздің де өкпелеткен кезіміз болған. «Тақиялы періште» фильмін түсірерде сценарийді Асқарша айтқанда (А.Сүлейменов) көрсоветте қабылдамай тастадық. Шәкен режиссер-импровизатор еді. Фильмнің метражы мен сметасын есептеуге ғана болмаса, нақпа-нақ режиссерлік нұсқа жасамайтын.


— Бұл музыкалы комедия. Маған керегі осының нобайы ғана, — деді ағамыз. — Фильмді басқаша түсіремін. Жақсы дүние жасап берсем, менен содан артық не тілейсіңдер, — деп отырып алды.


«Не қылсаң о қыл, бізге ұнамайды» дегендей біз де қасарыса қалдық. Ал «Тақиялы періштенің» кезінде көрерменді қатты қызықтырғаны жұртқа белгілі. Әңгіме мұнда да емес.


... Күнде жиналып, күнде кешкісін ат шалдыратын жеріміз Дәушалдың пәтері еді. Сол күні кешігіп бардық. Қашанда күрең шайды өзі баптап, өзі демдейтін ағамыз біздің кілегей әкелуімізді күтіп отыратын. Бойдақтығынан емес, бөтеннің қолына сенбейтін, шайының дәміне қанбайтын.


— Әй, қаңғырып қайда жүрсіңдер, шай іше алмай отырмыз ғой, — деп дүрсе қоя берді.


Күндізгі даудан соң басқа кісі жау болып тарасар еді. Дәу шал оны есіне алған жоқ. Түк болмағандай, түк көрмегендей жайсаң қалпында қауқұлдасып келіп «мың бір» ойнауға отырдық. Кім әкелгені есімде жоқ, осы үйге сол күні біраз қазы келген. Дастархан жаятын уақыт болғанда қазанның қақпағын ашып қалса, іші толған ішек. Шәкенді таппайтын «ағайын» жоқ, Баянауылданмын деп немере қарындасы келіп кетіп жүруші еді. Соның салған тамағы, қазы байлайтын шекті қазанға тоғыта берген ғой.


— Откуда я знаю, вы же любите кишки, — деп қарап отыр.


Ренжудің орнына Шәкең жатып кеп күлді де бізге қарап:


— Сауап болды, сауап! Сендердің бүгінгі сыбағаларың осы еді! — деп өкпесінің есесін қайырғандай қарқ боп қалды...


... Бәрімізді жақын тартып, жанашырлықпен жақсы көргенімен бәріміздің бірдей болғанымызды, бірімізді біріміз көшіріп, біреудің біреуге ұқсағысы келгенін жаратпайтын, өзі сахна мен экранда артист бола жүріп өмірде әртіс болғанды жек көретін ағамыз бір басқа, өмірде бір басқа өмір кешті, бірақ екеуінде де Дәу шал өзінің дәулігін, биіктігін, өзіндігін танытып кетті. Тірліктің кішкентай қақтығысында, ұсақ-түйегінде де кішіреймей, жағымсынбай, жампозданбай тік жүріп, тік тұрған, ойыны ойға бергісіз, әзілі әңгімеден жұмсақ аға бейнесі көз алдымда тұрады да қояды.


Бір күні Мәскеуде:


— Кольхаун, екі бірдей сценарийің өндіріске кетті, мына Мәжит ағаң екеумізге бір-бірден кәстөм кигізетін уақытың болған сияқты, — деп Дәу шал ойда жоқта қолқалап қоймады. Сөйтсем, Аэропорт метросының қасында Литфондының сән ательесі бар екен, оған киім тіктіру үшін Жазушылар Одағының мүшелік билеті керек көрінеді. Ақыры өз ақшаларына екеуі екі кәстөм тіктіріп киісті. Маталары да бөлек, фасондары да бөлек.


Киностудияның ми қайнатқан қапырық ауласында отырғанбыз. Шәкеңнің жақын тартып жүретін інісі Қуат Әбусейітов жаңа кәстөм киіп келіп, алдынан ойқастап ары бір өтіп, бері бір өтті де:


— Шәке, қараңызшы, Мәжиттің кәстөмінен кем бе? — деп тұра қалды.


Дәу шал көзінің қиығымен кекетіп жымиып біраз отырды да:


— Керемет! — деді. — Енді барып бір қолыңды шаптырып таста, сонда Мәжиттен аумай қаласың, — деп орнынан тұрды да жүре берді.


Мәжкеннің үстінен тәуір киім көрген соң Қуат ағамыз Мәскеуге әдейілеп барып, сол ательеге, сол матадан, сол фасонмен кәстөм тіктіріп қайтқан екен...


... Жүсекең (Ж.Елебеков) Мемлекеттік сыйлықтың бәсекесіне түсті. Жюри мүшесі Шәкенді сол үйде күтіп отырғанбыз. Лауреат атандыңыз, жалғыз-ақ дауыс қарсы болды деп жақсы хабар әкелген Шәкең көңілі көк тіреп, бірден төрге озды.


— Аптықпай тұра тұр, — деп Жүсекең тоқтатып қойды. — Tөp Қалихандікі, өйткені жол сонікі, сен анау жаққа, Кәукеннен төменірек барып отыр, — деді.


— Мейлі, жол Кольхаундікі-ақ бола қойсын, ал Кәукеннен неге төмен сырғуым керек, — деп Шәкең қарсылық білдіріп көнбеді.


— Кәукен қарашаңырақтың иесі, сен болсаң әлі күнгі сандалып бойдақ жүрсің, — деп Жүсекең күлкісін жасырып жөн айтып жатыр. — Сен түгілі Біржанды да байлап тастаған баяғы заман болса сен де ендігі босағада таңулы жататын едің! Совет өкіметінің арқасында адам болып жүрсің ғой!


Әзілге тоқтайтын Шәкең ағасының қалжыңын жерге тастамай әдейі барып нұсқаған орынға отырды да әңгімесін айта бастады.


... Жатсың деп жасқамай, бөтенсің де босағаға итермей, есіктегі басынды төрге сүйреген асыл ағалар еске түскенде көкіректі мұң кернеп, көңілге сағыныш кіретіні бар. Қасында ағасы болмай қалса кішінің жетімсіреп, жанында інісі болмай қалса үлкеннің қоңылтақсып отыратын қайран күндер-ай! Жүзге келеді деген Шәкең елу алты жасында дүниеден кетті, оған тетелес Мәжекең мен Абдолла да елу алты жасында жарық дүниемен қоштасты. Шәкеннің қазасына қатты қайғырған Олжас ағасының аруағына бағыштап «Комсомольская правдаға» өлең жариялады да күн өткен соң біздерге:


— Ребята, по домам, — деді. — Әлем таңданатын сценарий жазсаң да режиссерсіз ендігі әңгіме түкке тұрмайды, — деді. — Поэзия мен прозаның ауылы йен қалмасын, — деді.


Өзі бас болып, Әкім, Сайын, Асқар, бәріміз ауылымызға қайттық. Бірақ ағаларымыздың ізі қалған, өнері мен өнегесін тастап кеткен бүгінгі Концерт залы, кешегі «Қазақфильм» біздің көзімізге әлі ыстық... Алматыдағы ең ыстық жер сонда қалған сияқты көрінеді де тұрады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу