28.01.2022
  404


Автор: Қуат Адис

Сәпен мен планшет

(Ертегі)

«Гүлденуде даламыз,
Түрленуде қаламыз.
Өркениетке лайық,
Білім алсын баламыз». –

деп әкесі Сәпенді,
Қолдап жүрер әрдайым.
Бір планшет әперді,
Ойлап сабақ жағдайын.

«Қимылдаса қол шебер,
Боласыңдар дос әлі.
Білмейтінің болса егер,
Саған ақыл қосады».

Балақайдың соңына,
Шаттық ерді дүбірлі.
Планшетті ап қолына,
Алақайлап жүгірді.

Уәде етіп үлгерді,
Жақсарады бағам деп.
Мен сабақтан күнде енді,
Кілең бестік алам деп.

Сөзінің жоқ қатесі,
Солай десе баласы.
Қуанбай ма әкесі,
Қуанбай ма анасы?!

«Ойыншық» екен түрі өзге,
Босатпайтын қос қолды.
Планшетпен лезде,
Тіл табысып, дос болды.

Сақта ереже, тәртібін,
Өз-өзіңе мықты бол!
Ойынның да бар түрін,
Білетін боп шықты ол.

Сабақ қалды жайында,
Кітаптары тұр налып.
Шым-шытырық ойынға,
Қалды лезде шырмалып.

Шығар қалай торынан,
Болмас па екен шектелсе?
Тастамайды қолынан,
Көзі ұйқыға кеткенше.

Оянып ап таңда ерте,
Планшетін қосады.
Ата-анасы сан мәрте,
Ескерту де жасады.

«Жүру үшін дара кеп,
Білім үйрен, ал әдеп.
Тәртібіңді түзе деп,
Сабағыңды қара деп».

Бірақ, оны ол ұқпайды,
Басына ақыл тұтпайды.
Ата-анасын тыңдамай,
Тек өз сөзін құптайды.

Зауқы да жоқ тамаққа,
Жүреді өзін бос алдап.
Үлгерімі сабаққа,
Кетті лезде нашарлап.

Десек те ойын дерт емес,
Бара жатыр қайда алып?
Отырады ерте-кеш,
Планшетке байланып.

Сабақ үсті алаң боп,
Тамақ үсті алаң боп.
Отырады ол үнемі,
Бар қызықтан қалам деп.

Ертегі оқып бір уақ,
Жинамайды ойға азық.
Доп қуалап күнұзақ,
Ойнамайды бой жазып.

Еңбек етпей жоқ дара,
Қозғалмасаң бос бәрі.
Аулада жүр топ бала –
Асыр салып достары.

Ал, бұл кіріп қуысқа,
Бірде отырар бұрышта.
Бірде үстелдің астында...
Осынысы дұрыс па?

Құмарлықтың жетегі,
Анық құрдым екені.
Планшеттің «қызуы»,
Көтеріліп кетеді.

«Сергітсеңші бойыңды,
Ойға қуат алайық.
Қойып бір сәт ойынды,
Бірге сабақ қарайық», –

десе, Сәпен көнбейді,
Ойынға әбден еліткен.
Жазуы да өнбейді,
Дәптерді ашса неліктен?

Сәтті болып қадамы әр,
Шығу үшін белеске.
Ата-анасын балалар,
Тыңдау керек емес пе?!

Планшеттің осы күн,
Көңілінің күйі анық.
Тәртібі үшін досының,
Жүр қазірде ұялып.

Ойын сырын білді кім,
Сәпенді жүр мәз қылып.
Ал, ата-ана жүр бүгін,
Планшетті жазғырып.

Ойнамайды жарасып,
Ондай бала кімге үлгі?
Інісімен таласып,
Экранын сындырды.

Таң атқаннан қалпынша,
Ойын ойнап бастайды.
Қуат көзі сарқылса,
Керек қылмай тастайды.

Жек көреді жұрт енді,
«Сәпен деген осы ма?».
Тыңдамайтын үлкенді,
Ренжіді ол досына.

Жетесіне жетер ме,
Қанша мәрте өтінді.
Сәпенменен бекерге,
Дос болдым деп өкінді.

Қанша жүріп қасында,
Танымапты расында.
Жаман бала екенін,
Білмепті ғой басында.

Озғанымен аты елден,
Өткізіпті бос күнін.
Ол ойланып Сәпенмен,
Үзді ақыры достығын.

Қылмақ керек енді не?
Соны ойланып жүр күнде.
Бір шешімге келді де,
Қашып кетті бір түнде.

Келмейді енді Сәпенге,
Берген ішкі серті осы.
Планшетін Сәпен де,
Таппай қалды ертесі.

Оралмады ол қайтып,
Берік екен сөзіне.
Ата-анасын тыңдайтын,
Дос іздеп жүр өзіне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу