Өлеңдер ✍️

  28.01.2022
  139


Автор: Қуат Адис

Қараша. Қала

Қараша келді қатулы қырау қабағы,
Жылауық бұлттар бетіне бұлау қонады.
Жапырақтарға жынды жел жаназа оқып,
Жалаңаштады күз келіп мынау қаланы.
Қалдырғанымен қараша қаланы гүлсіз,
Қызғалдақтайын құлпырып барады бір қыз.
Сәуле сұрайды жұрттардан, тиын тіленбей,
Бұрышта тұрып бір бейбақ жанары нұрсыз.
Күреңіткен күзде көңілсіз күрсініп дала,
Жынды жел жұлды теректен бір шыбықты ана...
Көшелерінде күркілдеп көксау көліктер,
Тыныстайды әрең түтіннен тұншығып қала.
Қара қарға отыр басында жабығып талдың,
Жазын жоғалтқан бұл құстың жанын ұққан кім?!
Етекті тұтып еңіреп еңісті жапқан,
Көңілшек болып кетіпті бәрі бұлттардың.
Тас көшелерге тамшылар жаңбырдан тұнды,
Жоғалтты қала көгінде қаңғырған күнді.
Қолшатырлардың астында беймәлім бізге,
Теңселіп кетіп барады тағдырлар түрлі.
Түнере түсті түксиіп күздің қабағы,
Боз тұман басты тағы да біздің қаланы.
Жапырақтары тоналған жадау бақтағы,
Жасаурап отыр бейтаныс қыздың жанары.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу