Өлеңдер ✍️

  28.01.2022
  120


Автор: Қуат Адис

Қарлығаштың ұясы

Тұрғанмын лашықта да, шошалада,
Болған жоқ жылуынан ошағы ада.
Өз үйіме қолымыз жеткен күні,
Қарлығаш ұя салды босағама.
Көктем жерге аспаннан жақұт шашып,
Күнге мініп барады уақыт қашып.
Шиқылдап қос қарлығыш бір шөкімнен,
Балшық емес, жүргендей бақыт тасып.
Күнен-күнге ұяның өрнегі өсіп,
Жалықпай жасап жатыр төрге бесік.
Өзім тұрған ұядай бір бөлмеге,
Қос қарлығаш жатқандай бөлме қосып.
Аттары иеленген ән асылын,
Ақ бауыр, адал құсы даласының.
Жүрегің жібіп кетер көрген сәтте,
Жұптасқан «жанұяның» жарасымын.
Қанаттарда әуеде қалқып ұшқан
Құлшыныс бар өмірге, талпыныс бар...
Аз күнде дайын қылды балшық үйін,
Жаһанда жақсылыққа жаршы құстар.
Өмірдің ұрпақпенен болса мәні,
Сәті түссе, жоқ екен онша азабы.
Ұл мен қызым қуанып, ұядағы,
Сары ауыз балапанға қол созады.
Тағы атты алтын күнмен таң апталып,
Тілегімен қондырған алапқа құт.
Қимастықпен айналып өскен үйін,
Балапандар кетті ұшып қанаттанып.
Кедергіні көп көрген кері күннен,
Бұл ырымды жақсыға жорыдым мен.
Жылжығын жылдар өтті, содан бері,
Толмай жатыр үйімнің төрі кіммен?!
Ниетің жақсылыққа болса бейім...
Шаттық жырын сол жылы шырқады үйім.
Көп ұзамай ұядай құтханамда,
Өмірге есік ашты бір сәбиім.
...Күлімдеп көк жүзінен күн қараған,
Көктем кеп, көрдік тағы гүл даладан.
Бұл көктем де жеткізді сүйіншілеп,
Біздерге сәби дауысын іңгәлаған.
Күлкім – бақыт, бұл күнде ұйқым – «қайғы»,
Жан дүнием бір керемет күй тыңдайды.
Ұядай бір бөлмемді шуға бөлеп,
Сары ауыз «балапандар» шиқылдайды.
Табиғат кілем жайып бар бөктерге,
Қыс өтіп, қара жерден қар кеткенде.
Жақсылық әкелердей үйімізге,
Сол құстарды күтеміз әр көктемде.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу