Өлеңдер ✍️

  28.01.2022
  105


Автор: Қуат Адис

Кешіккен көктем

Сәуір туды, көкек құс келмеді әлі,
Күтетін сұрша құсты елде бәрі...
Қасат қардан қылаудай қалмаса да,
Көктен күннің жетпей тұр жерге нәрі.

Көктемнің жарқ етпесе ай қабағы,
Жаның қалай шуақсыз жай табады?!
Қыс етегін ұстаған күн ызғары,
Қабағынан көршінің байқалады.

Мейірін жатыр күннің аңсап дала,
Көктем жайлы салмайды ән шаттана.
Шешпеген малақайын басындағы,
Қозысын құшақтаған малсақ бала.

Таппайсың гүл көктемге жарасты мән,
(Қалайша табиғатпен талас қылам?!)
Албардағы арыған күрең қасқа,
Тебініп шөп іздейді қар астынан.

Қыстан шықпай жанымның жапырағы,
Қалтырайды кеудемде, аһ ұрады.
Белағашқа қонақтап қызыл әтеш,
Өңеш созып көктемді шақырады.

Көрінбейді көктегі адасқан күн,
Сөгілмейді пердесі боз аспанның.
Сәуірде сәукелесін сала алмаған,
Бұтақтары арса-арса ағаш-талдың.

Өмір сірә, бола ма нұрсыз мәнді?!
Үйге қуды сыздаған бұлт ызғарлы.
...Балаларым мойыныма асылғанда,
Көңілімнің көктемі бүршік жарды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу