28.01.2022
  418


Автор: Нұрдәулет Ақыш

Қиқар жауынгер

повесть


І-тарау


Полигонда /Тайбахтан/


Әскери қалашықтан едәуір жердегі полигон жалаңаш тайпақ төбелердің арасына орналасқан. Тауға тақау болса да, қылтиған қылтанақ шыға қоймайтын құнарсыз тастақ әрі ойпаң. Әскерилер мінген машинаны көріп, қара күрең өңді пропорщик полигон бастығын анадайдан тосып алды. Кеше кешке орнатуға дайындап қойған ірілі-уақты әртүрлі мишень, нысаналар көрнекті құралдар, тіпті атыс позициясының басындағы шағын құжыра да көлкіген судың ортасында қалыпты.


— Полигон осында орнағалы мұндай болып көрмеген, — деді пропорщик асыға сөйлеп. — Көктемгі қар суын өр жақтан бұрып, теріс ағызып жіберуші едік. Мынау аяқ астынан болды ғой. Ауа райының кешегі болжамын да тыңдағамыз. Қалың нөсер тау басындағы қарды да шайып кетсе керек.


— Сізде ғана емес, сел барлық жерде де жүрді. Қанеки, онан да іске кірісейік. — Гимнастерка қыртысын сыптай ғып жазып, сіресе қалған сұңғақ бойлы сержант белбеуін ағытып, қайта тақты. Басын сәл шалқайта түсіп, тәкаппар адамның кейпімен айналасына аса қарайды. Өзінің қасында қолтоқпақтай ғана болып көрінген қағылез прапорщикті шеніне онша алымсынбай тұрған тәрізді. Әскери дәрежесіне ғана амалсыз кіріптар кейіпте.


Нысаналар да, көрнекті құралдар да суда жатып әжептеуір бүлініп қалыпты. Фанерлары қопсып, қағаздары сыдырылған. Бояулары да езіліп, айғыз-айғыз болыпты.


— Түнде бұл араға су келіп іркілгенін ешкім байқамаған, — дейді полигон бастығы сенжанттың алдында себепсіз ақтала сөйлеп. — Оның үстіне жер де тастақ, су оңайшылықпен сіңе қоймайтын.


Сержант Кулибабының пәрменімен бүлінген заттардың барлығы әуелі машинаға тиелді. Жеңіл-желпі зақымданғанын осы жерде қалдырып, өзгесін қалашыққа алып қайту керек. Күрек, сүйменмен қаруланған жігіттердің мұнан кейін шаруасы — іркінді суды жырып, еңіске қарай ағызу. Қатқыл тастақ жерде мұның өзі әжептеуір жұмыс.


Жәрдемге жеткен жұрттың бәрі осылайша қарбалас қимылдап жатқанда, жұмыс басындағы бір адам ғана жан-жағына жалтақтап қарай берген. Ол — әскери бөлімнен жауынгерлерді осы жерге алып келген машинаның жүргізушісі Федор Тайбахтин. «Қап, жолымның болмағаны-ай!» — деген ішкі қыжылын дәл қазір ешкіммен бөлісе алар емес. Салақтығы үшін өзінен басқа кімді жазғырсын. «Машинаға жолшыбай лейтенант міне қалды емес пе? Әйтпесе, бензоколонкаға бұрылуға әбден мүмкіндігім бар еді... Қап, қырсық қылғанда көрдің бе енді?» Жанармай жөнінде топ командирі сержант Кулибабаға да тіс жарып ештеңе деген жоқ. Қолындағы билікті мөлшерден артық пайдалана білетін алымды жігітке ащы шындықты айтып салуға батылы бармаған. Әлі төбесі де көріндеген белгісіз үмітке деген сенімін сейілткісі келмейді. Дәл қазірде мына түпкірге қаңғалақтап әйтеуір бір машина келіп қалатын тәрізді...


Тағы да полигоннан қалашыққа қарай бастайтын батпақты жол. Таң алдында ғана тыйылған жауыннан соң жер әлі шылқып жатыр. Жылып аққан жіңішке сулар жолды да әр тұстан айқұш-ұйқыш сызғылап өтеді. Аспанның батыс етегі мана сөгілген, күн арты ашық.


Жол мен приборлар панеліндегі стрелкаға кезек қарағыштап, мазасы кеткен Федор «шықпа, жаным, шықпа» дейтін бір сасқалақ күйде. Енді «Қалашыққа қарай еңіс қой, бензинді үнемдеп таяп қалармын» деген тағы бір тың үміт қара көрсете бастапты. Осы ойдың жетегімен жүргізуші сәл еңістеу жерге келгенде, қозғалтқыш двигательді сөндіре қойды. Өз екпінімен біраз жол ұтқан машина ақырындауға айналғанда, кілтті қайта бұрап еді, моторда дыбыс жоқ. Жанталаса жұлынғанмен болар емес. Сол екі арада ақырын сырғып келіп, машинаның да тоқтауға айналғаны. Жүргізушінің мұрыны шошайған ұсқынсыздау пішінін сержанттың шаншылған көздері шарпып өтті:


— Не болды?


— Бензин, жолдас сержант... Бітті...


Әрине, бұдан ары Кулибабаның қалайша қаһар төгіп, шофер жігітті қалайша бидайдай қуыра жөнелгенін тәптіштемесе де белгілі.


— Қатардағы жауынгер, Тайбахтин!


— Мен!, — деп сіресе қалды жүргізуші.


— Әскери қызметке самарқау қарау — қылмыс. Он күн гауптвахтаға беремін, — деді түтіге тепсініп. Сосын конистрмен жанармай құю станциясынан дереу бензин алып келуді бұйырды.


— Кінәлі өзіңсің, өзің барасың. Қасыңа... — деді сосын сержант қалған жауынгерлерге бір қарап өтіп, — Дәулетбаев ілеседі. Қане, констирді ұста да, алға марш. Барып-келуге бас-аяғы жиырма минут уақыт рұқсат беремін.


— Құп болады, жолдас сержант. Тек қасыма Дәулетбаевты емес, Белецкийді берсеңіз екен.


— Жоқ, Дәулетбаев барады. Бітті.


Көз мөлшермен есептегенде, АЗС-қа дейін бір жарым-екі киломерт ғана жер. Жараған аттай арқа мойны бос қағылез жігіттер үшін барып-қайтуы жарты сағаттық жол. Ал, қазіргі жағдайда Кулибабаның «жиырма минут» дегені тым аз уақыт екенін Тайбахтин жақсы біледі. Командир айтқан соң, әмірді дер кезінде орындағаннан өзге амал жоқ енді.


Ә дегеннен-ақ жүргізуші қасындағы серігінен таяқ тастам жер оза жөнеледі. Былайша сәл еңкіштеу келген, ұзын бойлы жігіт аршындай адымдап, бүлкектей жүгіреді. Қолындағы сегіз литрлік бос конистрді тымақша былғап, бұйым құрлы көрер емес.


— Жылдам бас аяғыңды, давай! — деді ол былайырақ ұзап шыққан соң, артындағы серігіне өктемси сөйлеп. Тайбахтинге қарағанда тапалдау көрінетін сұрша жігіттің жүгірісі бір қалыпты. Мәресі қашық кросспен келе жатқан адамдай екі қолын өкпе тұсына ұстап, сабырмен бүлкектей жүгіріп келеді.


— Өз жөніңді біл алдымен, — деді ол да есесін жібере қоймай. Осылайша шамалы уақыт өткеннен кейін қимылы арбаңдаған алдыңғы жігіттің екпіні бәсеңсуге айналды. Қаңғырлаған жеңіл ыдыс тізесін соға бастапты. Сосын белбеуін ағытты да, конистрді соған іліп, кәдімгідей арқалап алды. Сержанттың көзінен тасаланғандықтан болар, екеуі де енді жүгірісті қойып, суыт аяңға ауысқан.


— Машинаны неге заправить етіп қоймадың паркке?


Федор мойнын жайымен бұрып, қиғаштай қараса, Дәулетбаев қысқа кірпікті шегірлеу көздерін желкеден қадап келеді екен. Белбеуді тартып, иығындағы затты ыңғайлап алғанымен, жүргізуші ләм-мим деп жауап қатқан жоқ. Серігі әлгі сауалдың сыңар сөзін өзгертпей қадала қайталаған соң барып қана, жұлып алғандай гүж ете түскен:


— Онда сенің шаруаң болмасын. Өз жөніңді біл, ұқтың ба?


Бұдан арғы әңгіменің жүйесін тауып қиыспай-ақ қойғаны. Жүргізуші жігіттің кінәсін баттитып бетіне басқан Дәулетбаев қайта қажаудан және жалығар емес.


— Кімсің өзің маған соншама шүйлігетін? Сенімен тіпті сөйлескім де келмейді, — деді Тайбахтин алға қарай қайтадан озғындай жөнеліп. Бензоколонка басына тоң-торыс күйде жеткен олар қайтар жолда да мүлде тіл қатысқан жоқ.


Таяп келген әлдебір жүк машинасына Тайбахтин қол көтергенде барып, Дәулетбаев:


— Оны қайтесің, кеттік уақыт жібермей, — деді асыға дауыстап. Серігі бұл жолы да ауыз ауыртып, жауап беріп жатуды қажет деп таппаған сыңайлы. Машинасын тоқтата берген жас жауынгердің жанына жетіп барды да:


— Бізді полигонның бер жағына жеткізіп тасташы. Тым асығыс едік, — деді жаңағы сержанттан арман саңқылдай сөйлеп. Киіп-жарып екеуара сөзді үзіп жіберген тағы да Дәулетбаев:


— Кешіріңіз, жігіт, жолыңыздан қалмаңыз.


Онсыз да әлдеқандай сылтау айтып, сырғақси бастаған жүргізуші бұдан кейін қайдан кідірсін. Аяқ астынан қаны басына шапшып шыға келген Федор түтін жіберердей болып жалт бұрылды:


— Ей, сен чурбан! Сенің нең бар ей? Көнгелі тұрған адамды айнытып. Мынаның не екенін білмей жүр екенсің, — деді сырты былғаныш жұдырығын түйіп.


— Қожаңдағанды қоя тұр былай. Сен немене, машина мініп барғың келе ме сержанттың алдына.


— Машина мінсе, оны қайтесің. Керек болса, сені жолға да тастап кетемін. Сайтан алғыр, ештеңе көрінбейді енді арт жақтан.


— Жоқ, ол болмайды, — деді Дәулетбаев қырылдақтау үнін қатайта түсіп. — Машинаға мініп келу деген бұйрық болған жоқ. Біз сержанттың алдына конистрді көтеріп, жаяу жетуге тиіспіз.


— Вот, чурбан. Басымды қатырмай кетші әрі. Қалай жетсем де өзім білемін. Тек уақытында үлгерсек екен. Мініп барсақ, Кулибабаның не істейтінін білесің бе?


— Немене сен, сонда сержантқа жағымпазданайын деп пе едің? Бәрібір оның сен чурбанды жақсы көріп жатқаны шамалы. Ол үшін қазір кінәлі мен де бір, кінәсіз сен де бір.


— Бола берсін. Мен бұйрықты бұзбай, дұрыс орындағым келеді. Басқаны білмеймін.


— Па, шіркін, үлгілі солдат мұнда жүр екен ғой. Бәсе жұрттың бәрі сені неге жақсы көреді десем... Вот, чурбан!


Шымбайға батар ауыр сөз тапал жауынгерге шыбын шаққан құрлы әсер етпеген сыңайлы. Жол шетінен тауып алған таяқтың бір жақ ұшын табанына басып сындырмақ болып әуре. Оны конистрдің тұтқасынан өткізіп көтерсе, әжептеуір жеңілдік.


Осылайша таяқтың екі басынан ұстаған екеуі дедектей жүгіріп келеді. Сонда да өзара татуласып, береке табар түрлері байқалмайды.


— Қанша мақтаншақ болса да, дәл қазір соның айтқаны дұрыс. Бұйырды ма — енді не талқылау болуы мүмкін?


— Кулибабаға неғып бүйрегің бұра қалды, ә? Мен жарайды, жазықты екенмін. Ал соншама адамның ішінен ол сені неге жұмсап отыр? Жақсы көргендіктен бе? ...Мен ана Белецкийді сұрап едім, жібермеді ғой.


— ОҺ! Оны неге сұрадың?


— А, чурбан! — деді Федор кесек сарғыш тістерін көрсете, көпе-көрнеу кекете күліп.


— «Оны неге сұрадың?» Сол да сөз бе? Белецкий — мынау деген жігіт. Ол болғанда бүйтіп азаптанбас едім. Конистрді ол жалғыз өзі-ақ көтеріп апармай ма? Сен сияқты қырғызбен кімнің жүргісі келеді дейсің.


— Мен қырғыз емес, қазақпын


— Маған сен сияқты қысық көздердің бәрі — қырғыз. Адам сықпыттас маймылдыр.


— Сөзді қой да, жылдам бас аяғыңды. Айтылған уақытта үлгеруіміз керек. Әйтпесе, білесің ғой Кулибабаның мінезін.


— Сен неменеге жетісесің, ей? Кулибабаның нақсүйері секілденбей кетші әрі. Түкіргенім бар ондай сержантқа. Бойың бір қарыс болып саған не жоқ осы? Саған да...


— А, не дейсің? — деді Дәулетбаев осы кезде күрт тоқтай қалып. Қаны басына шапшып, көз алды қарауытып кеткендей болды. Етті қабақтарын көтере, ежірейе қарап тұр.


— Дегенім сол. Ал қайтесің?


— Ендеше, — деп, Дәулетбаев қолындағы таяқты конистрдің тұтқасынан жұлқи суырып алды. Сонан кейінгі қимылына есеп бере алған жоқ. Өзін ғана емес, бүкіл халқын қорлап тұрған немеге таяқты сілтеп қалды...


— Дәулетбаев, өзі әдемі түрің тіпті тамаша болып кетіпті ғой. Сол жақ жағыңа жарты сағаттың ішінде қайдағы таңба түсе қалды? — деді Кулибаба жауынгерлер машинаға қайта отыра берген сәтте. «Менен ештеңе жасыра алмайсың. Шыныңды айт онан да» дегенді өктем көзқарасымен-ақ қапысыз ұқтырып тұр. Осы сауалға алдын ала даярланған жігіт тіпті де сасар емес. Тайсалмай қарап, әскери тәртіппен тақылдай жауап берді:


— Қайтар жолда қатты асықтық, жолдас сержант. Жүгіріп келе жатып сүрініп кеттім.


— Рас па, Тайбахтин?


Федордың мақұлдағаннан басқа амалы қалған жоқ. Қайтсін, бүгінгі күннің басты күнәһары болып, дымы құрып тұр ғой. Әйтпесе, мына чурбанды ұрып жыққан өзінің күш-қайрат айтып, жігіттердің алдында бір желпініп алмас па еді? Таяқ ала ұмтылған тайпақ немені шықшытттан жалғыз-ақ періп сұлтатып салған ерлігі езуін теуіп, тіпті ішіне сыймай келеді...


ІІ тарау


Жиналыс /Кулибаба/


Әуелі баяу басталған жиналыс бара-бара шиеленісіп, қыза түскендей. Күн тәртібіндегі үш мәселе де бір-біріне тығыз байланысты болып шықты. Өйткені өткен жарыстың қорытындылары болсын, ағымдағы әскери әзірліктер болсын, ұйымдастыру шаруаларымен жекелеген жауынгер-комсомолецтерге де тікелей қатысты екен. Мұндай жиындарда істің жақсы, қуанышты жағынан гөрі кем-кетіктің басымырақ сөз болып, талқыға түсетін әдеті. Жирен шашты ефрейтор, комсорг Шпаро да шама-шарқы жеткенше шағын баяндамасын осындай көлеңкелі жайттардың төңірегіне құрыпты.


— Біздің үшінші рота, өкінішке орай, социалистік жарыс қорытындысына бөлім бойынша мақтаулы деңгейге көтеріле алмай отыр. Әсіресе, тактикалық дайындық, ату дайындығы жөнінен полктағы артқы орындардың біріндеміз. Біздің ротада жауынгер-комсомолецтердің инициативасы да көзге түспей келеді. Техниканы жаттығуға сақадай-сай етіп дайындау жұмыстарында олқылықтар бар. Бұл жөнінде ротаны артқа тартушы комсомолец жолдастарға сап алдында ескерту, сындар айтылды. Бірақ бұндай әділ сын нәтижесіз қалған соң не шара?


Осы кезде алдыңғы қатардан:


— Жолдас ефрейтор, мәселеге нақтырақ келсеңіз. Ротаны артқа тартып жүрген кімдер және олар қай кезде нендей кемшіліктер жіберіп еді? - деген зор дауыс естілді. Жұртшылық көзі қаққан қазықтай болып тіп-тік отырған ер мүсінді еңсегей бойлы сержанттың желкесіне қадалды. Қаламын тықылдатып қолма-қол тыныштық талап еткен стол басындағы лейтенант Китайчук қызметке жуырда келгеніне қарамастан, қабағын түйіп, кәдімгідей-ақ айдынын сыртқа салып отыр:


— Сержант Кулибаба. Сөзді бөлмеңіз. Қазір баяндамашының өзі соған келе жатыр ғой.


Бірақ рота комсоргы лейтенант мегзеген межеден шыға алмай, жалпылама шиырлап келді де, баяндамасын жай ғана жайдақ сөздермен түйіндей салды. Әр тұстан қойылған бірен-саран сауалға да көңіл көншітерлік тұщымды жауап берді деп айту қиын. Отырғандар арасынан баяндамашыны кекеп-мұқағысы келген қысыр сөздер де естіліп жатыр.


Жарыссөзге шыққан бір-екі жауынгерден кейін сержант Кулибаба орнынан көтерілді. Сұңғақ бойлы, қарулы жігіттің келбеті де қараған көз тиянақ табарлықтай тартымды. Командир алдында да құты қаша қоймайтын адамның кейпімен қысылып-қымтырылар деген не. Гимнастеркасының жағасын түзеп, етегін тартты да, белбеуін сырт еткізіп, қайта салды:


— Жалпы былай, жолдастар. Ефрейтор Шпароның баяндамасы сәтті жасалды деп айту қиын. Көп нәрсе, әрине, қамтылмай қалған. Мысалы, маған берілгенде, мен бұл баяндаманы басқаша жасаған болар едім. Рота полк бойынша артқы орындардың бірінде дейді. Неге артқы орында? Оған баяндамада нақты жауап берілмеген. Рота командирі өзге офицер жолдастар да үнемі қасымыздан шықпайды. Олар бізге әскери жарғының барлық тармақтарын дұрыс орындатуға тырысады. Бірақ кемшілік әлі де көп. Неге десеңіз, жолдастар, біздің ішкі тәртібіміз ойдағыдай емес. Мен өзіміздің үшінші взвод бойынша ғана айтайын, — деп сержант тамағын кенеп, бір тыныстап алды. Сонан кейін қадай айтып, талдауға кіріскені — баяндаманың осал тұстары. Осы жиналыста жеке комсомол мүшелерінің тәртібін қарауға өзі мұрындық болғанын да сездіріп өтті. — Осы көктемде келген жастар төрт-бес ай өтсе де, армиялық өмірдің әліппесін толық меңгеріп болды ма? Жоқ.


— Сержант Кулибаба, өзің де нақтырақ сөйлесең. Регламентің бітіп қалды, — деді Китайчук қабағын түйе.


— Мәселен, қатардағы жауынгерлер Яновский, Шульга әскери сабақтарға тым салақ қарайды, — деді сержант. — Өзгені қойып, әлі күнге саптық жаттығуларды дұрыс меңгере алмай жүр. Бұл не сонда? Ал қатардағы жауынгер Тайбахтин жуырда тым сорақы «ЧП-ға» жол берді. Паркке машинаның екі бағын бірдей жанармайға толтырып қою керек екендігін жүргізуші жолдастарың бәрі біледі. Өз қызметіне мүлде енжар қараған Тайбахтин осы қатаң қағиданы өрескел бұрмалады. Соның салдарынан дабыл бойынша шұғыл шыққанымызда, машинаның бензині бітті де қалды. Бакты толтырдым деп, парк кезекшісін де алдай салған. Рас, бұл қылығы үшін ол тиісті жазасын алды... — деп, бастырмалата сөйлей барып тоқтады. Осы жиналыста жеке комсомол мүшелерінің тәртібін қарауға өзі мұрындық болғанын да сездіріп өткен. Комсорг Шпаро екеуі де бір взводтан. Былайша ойнап-күліп, қызметтері жарасып бірге жүрген дос-жаран жігіттер. Енді келіп жиналыста бір беріп аямай сынасып жатыр. «Шындықты бетке айту үшін, міне, осындай принцип керек. Тегі осы Кулибаба — принципшіл жігіт» деп сүйсіне ойлады ротаның саяси жетекшісі, капитан Шафран.


Шпаро болса — жуырдағы есеп беру-сайлау жиналысында ғана сайланған жаңа комсорг. Өзге кандидатурадан гөрі жұрттың оған тоқталу себебі белгілі. Үлкен-кіші деп ешкімді жатырқауды білмейтін көпшіл жігіт. Ауызша сөзге де бір адамдай ұста. Қызықты әңгімелерді майын тамыза сөйлегенде, қалайша құлақ түре қалғаныңды өзіңде байқамай қаласың. Бір сөзбен айтқанда, бұнысы да көп адамның байынан табыла бермейтін нағыз жастар жетекшісіне тән қасиет қой. Бірақ, соған қарамастан, жетекшілік жұмысы әлі көңілден шығып, көсіле алмай жатыр. Жұрттың бәрімен жатырқамай жұғыса кететін Шпаро тәрізді ақжарқын жігіттер қай ұжымды да бағалы ғой. Ол үшін төңірегінде теріс айналып кетуге тұратын жаман адам жоқ. Сөздің қисыны келсін-келмесін, жанаса кеткен жанының бәрімен өзімсініп сөйлесе береді. Қасында отырған кісінің сөз тыңдауға зауқы соға ма, жоқ па, айтқан әңгімесі жанына жаға ма, жақпай ма — ол үшін есеп емес.


Ауызша сөзге әжептеуір шебер жігіттің жазуға келгенде кібіртіктей беруі, ұйымдастырғыш қабілетінің олқы көрінуі қайран қалдырарлық. Күн тәртібіндегі үшінші мәселені бюро мүшесі ретінде ұсынған шынында да Кулибабаның өзі еді. Оның айтуынша, комсомолец-жауынгерлердің тәртібі қашанда басты назарда болуы, жиналыс сайын талқыланып тұруы тиіс. Ротаны кері тартушы белгілі бір жауынгерлер тобы қалыптасқан. Азаюдың орнына кейінгі кезде олардың саны үстемелеп, көбейе түскендей ме, қалай?


Бұдан кейін де комсомол мүшелері кезекпе-кезек сөз алып, ортаға тасталған тақырыпты әр пұшпағынана тартқылап, пікір қыздырды. Тиянақты дәл ойлар да, ұшқыр байламдар да айтылып жатыр. Бірақ олардың қай-қайсысы да жаңағы Леонид Кулибабаша шешендік танытып, тыңдаушылар назарын тегіс баурап ала алған жоқ.


Жарыссөзге шығушылар жиналыс өзегіне айналған екі-үш мәселені тәптіштей төңіректеп, шиырлай сөйледі. Барлығының да сынап-мінейтіні - кемшілгі басым, кертартпа жауынгерлер. Дер кезінде шара қолданып, жазалаудың жөн екенін айтады.


— Қателігімді мойындаймын, — деді орнынан амалсыз тұрған Федор Тайбахтин мектеп оқушысындай міңгірлей сөйлеп. Сосын үлкен мұрнын жалпақ алақанымен бір сүйкеп өтті.


— Мен бакты толтырып қоюым керек еді, толтырмадым... Жазалағандарыңыз да дұрыс...


— Соғыс жағдайында осы қылығың үшін не боларыңды білесің бе? —деген лейтенант Китайчуктың сауалынан соң мезгілсіз тыныштық орнай қалды. — Қатардағы жауынгер Тайбахтин, мен сенен сұрап тұрмын.


Сілкілеуге түскен соқталдай азаматтың кәдімгідей құты қашып, берекесі кеткені — көрер көзге бір жағы ерсі, бір жағы күлкілі де. Мұнан соң әлгінде аттары қайта-қайта аталған Шульга, Кихеев, Яновский тәрізді жауынгерлер орындарынан тұрып, көпшілік алдында шығуға, жіберген кемшіліктері үшін есеп беруге мәжбүр болды. Бұлардың әрқайсысы суырыла сөйлеп, шешенсуге тырыспайды. Кемшіліктерін мойындап, уәде берген болысады. Әйтеуір тезірек құтылуыды көздеген жадағай сөз бе, жоқ, шын ықылас па, ол жағын парықтап байырқалау да оңай емес.


Сонымен баяндамада сыналған комсомол мүшелері көпшілік алдына тегіс шығарылды. Олар орындарында қайтадан жайғасып бола бергенде:


— Қатардағы жауынгер Дәулетбаев ше? — деді сержант Кулибаба орнынан тұрып. — Ол да сөйлесін. Айтсын неге тәртіп бұзғанын.


Жиналысқа қатысушылар сәл-пәл қозғалақтасып, төралқадағылар бір-біріне қарасты. Жиналысты жүргізуші лейтенант Китайчуктың өңіндегі сұрау нышаны тайға басқан таңбадай айқын.


— Тоқта, не дейсің, сержант Кулибаба? Жиналысқа тағы кімді салу керек дейсің?


— Қатардағы жауынгер Дәулетбаев ше? Ол да тәртіп бұзған. Өткен жолы Тайбахтинмен төбелесіп қалған сол.


— Тоқтай тұр. Сен жаңа оны баяндамада сынап па едің? — деп, лейтенант енді жұрт алдына шыққалы дағдылы сөзуарлығынан айрылып, үндемей ғана ішттей тынып отырған комсорг Шпароға бұрылды.


— Жоқ, баяндамада оның фамилиясы аталған емес.


— Бәсе, мен де естігім жоқ. Ендеше, жолдас сержант, баяндамада сыналмаған, тіпті аты аталмаған комсомол мүшесінен түсінік талап еткеніміз қалай болар екен? Және тағы жұрт алдына тұрғызып қойып.


— Айтып отырмын ғой, жолдас лейтенант, ол қызмет бабында жүріп төбелескен. Ондай тосын оқиғаны қалайша назардан тыс қалдырамыз? Айтсын неге тәртіп бұзғанын, — деп, сержант та берісер емес. Ротаның саяси жетекшісі отыр-ау, көпшілік алдында командирден бір нәрсені талап еткенім ыңғайсыз-ау деп қысылып-қымтырылар деген не.


Китайчук жұқалаң келген астыңғы ерінін тістеп, сәл дағдарып қалғандай болды да, жалт бұрылып капитан қарады. Лып-лып еткен қимылы жылдам жігіттің, мінезі де шапшаң. Оған керісінше асығуды білмейтін сабырлы капитан Шафран орнынан бұл жолы да ақырын көтеріліп, дағдарысты жалғыз ауыз сөзбен бір-ақ түйді:


— Жекелеген комсомол мүшелерінің де тәртібін қарап жатырмыз. Жаңа кемшіліктерін мойындап, қызарақтап жатыр ғой жігіттер. Енді келіп мәселесі арнайы қаралмаған адамды жиналысқа салғанымыз дұрыс емес. Шынында да төбелессе, біз неғып ондай оқиғаны естімейміз? Міне, взвод командирі бар, өзіңіз бар, жолдас сержант қажет болса, бұл мәселені взводта арнайы талқылаңыз. Ал, қазір мыжып отыруға межелі уақыт бітті, — дей келіп, капитан жиналысты қорытындылауға көшті.


Ақырын сөйлегенімен, әрбір сөзі ең түпкірдегі кісінің құлағына да айқын естіледі. «Бұл кісінің даусында не керемет бар өзі? Айғайлап отырмасақ, өзіміз жұртқа ойымызды жеткізе алмаймыз. Біздің замполит тіпті тыныш адам ғой» деп ойлады Кулибаба орнында сәл шалқая түсіп.


— Мұндай жиналысты бәрімізге де пайдалы деп түсіну керек үшін ғана емес, сіздердің командирлеріңіз мына маған лейтенант Китайчукка де, мәселен, осы әңгіменің берері аз емес, — дей келіп, капитан жалпылама кіріспеден нақты әңгімеге ауысқан сәтінде де бір қалыпты қоңыр үнін бұзған жоқ. Кемшіліктің түп-төркінін әрбір жауынгердің жеке басынан іздеген дұрыс та. Армия сіздерді Отан қорғауға сақадай сай етіп даярлауы үшін адам бойындағы моральдық кем-кетікті де түзету шарт.


Бірақ, жолдас комсомолецтер, мәселеге біржақты келудің қашанда зияны болады. Мәселен, Тайбахтиннің қызметке енжар екенін осы уақытқа шейін байқадыңыздар ғой. Сонда, мына қарулас жолдастары қандай шара қолдандыңыздар? Сіз, сержант Кулибаба, комсомол белсендісі ретінде өте жақсы сөйледіңіз. Мен тіпті сізді шешен сөйледіңіз дер едім. Айтқан пікірлеріңізге де дауым жоқ. Бірақ, кіші командир ретінде осы жауынгерлермен қандай жұмыстар жүргіздіңіз?..


Ефрейтор Шпаро, сіз — ротаға жаңадан ғана сайланған комсомол жетекшісісіз. Бірақ армияда адам тез есейеді. Өзіңізді жедел қолға алғаныңыз дұрыс дер едім. Уақыт мұнда күтіп тұрмайтынын, уақыт деген қымбат нәрсенің батпақ жолдағы мұжық арбасы емес екенін ескерейік...


Армия заңын бұзушыларды жарғы тәртібімен жазалау бір жөн де, осылайша ұжым талқысына салу — өз алдына бір сабақ. Ендеше бүгінгі комсомол жиналысы бәріміздің бойымызда пайдалы із қалдырсын деп сенейік.


ІІІ тарау


Батпақты тоғай /Дәулетбаев/


Лейтенант Китайчук кіріп келгенде, сержант Кулибаба кеудесін шалқая керіп, бокстың ішінде әрлі-берлі адымдап жүр еді.


— Вз-в-о-од! — деп, қалды ол командирін қасына тақағанда бір-ақ көріп. Дер кезінде тиісті әмір берілмесе, взвод командирінің тәкаппар мінезді орынбасары командирінен сөз естіп қалуы әбден ықтимал.


— Иә, жолдас сержант, жағдай қалай? — деді лейтенант сәл-пәл сығырая қарап. Көбінесе көңілді жүретін оның кішіре көкшіл көздері кейде осылай қулық ұшқынын шашып, сығырая қалатыны бар.


— Жолдас лейтенант, баяндауға рұхсат етіңіз...


Взвод командирі деген әжептеуір аты болғанымен, өз әріптестерімен салыстырғанда, лейтенант Китайчук — еңбек жолын енді бастаған көкөрім. Училищеден алған білімінің әсері ме, әскери өмірдің әліппесіне де бір кісідей жетік келген ойды ішіне бүгіп қалу дағдысында жоқ ақкөңіл жігіттің мінезіндегі артық-кем тұстар бағынышты жауынгерлеріне де белгілі бола бастаған. «Жүре келе түзелер. Қайраты бойына сыйлай, тасып тұрған албырт жас қой, — деп бағалайды капитан Шафран онысын. — Училище қабырғасынан келгені кеше ғана. Әлі үйренеді, бастығады...»


Офицерлік қызметті жаңа бастаған жастардың әскери жарғыға, ресми қарым-қатынасқа жете мән беру тән болып келеді. Ұжымда қызмет істейтін офицерлердің көпшілігі бір-бірімен қол алысып, кәдімгі жақын адамдарша амандасып жатады ғой. Ал лейтенант Китайчук болса, қолын шешкесіне апарып, әскер тәртіппен сіресе қалуға бейім. Бағыныштыларынынан да талап ететіні — осындай ресмилік. Капитан Шафранмен қолдасып амандаса беретін Кулибаба енді өзіндей жас жігіттің алдында лауазымына бола жаңа түскен келін құсап сызылып тұруға мәжбүр.


Взводтың қазармаға қайтатын мезгілі таяу. Ал мана арнайы тапсырмамен кеткен екі жауынгердің біреуі әлі оралмай жатыр. Бүгін түстен кейін уақыт кестесі бойынша ротада алдын ала дайындық шаралары жүргізілген. Взводпен шұғылданып жатқан — дәл қазір командирдің өзі емес, оның орынбасары. Тоғайдың батыс жақ шетіндегі орды көміп келуге лейтенанттың тапсырмасы бойынша жұмсағаны — Дәулетбаев пен Ванников. Өткен аптадағы тасқын БМП-ға арнап қазылған орды суға толтырып, іске алғысыз етіпті. Пайдалануға жарымсыз шұңқырларды көміп тастау жөнінде рота командирінің өзі арнайы тапсырма қойған еді. Ондай траншеялар енді тасты-тастақты болып келетін өр жақтан қазылмақ. Тапсырманы дер кезінде орындаған Ванников қайтып келді, ал оның серігі ұялмай-қызармай, кештеу оралатыны жөнінде сәлем айтып жіберіпті.


— Мұндай бетімен кетушілікті бұрын-соңды кім көрген, жолдас лейтенант? Не істегісі келсе, соны істеп, әбден жаман үйреніп алған, — осындай салдофондар. Тек сіз ғана рұхсат етіңізші, келген соң, онымен мен өзім айналысайын.


Мына хабарға шынымен таңырқаған взвод командирі қабағын серпе, қиғаштай қараған күйі орынбасарынан көз алар емес. Аяқ астынан тұңғиық ойға кеткен адамдай меңірейіп сәл тұрды да, жалт қимылмен білегіндегі сағатына қарады:


— Взвод, сапқа тұр!


Күн кестесі бойынша жұмыс уақыты да бітіп қалған екен. Енді кешкі тамаққа дейін — тыныс сағаты. Күні бойғы тынымсыз қозғалыстан бүгінше мойын босатып, демалуға бет алғаныңды денеңмен сезінетін рахатты сәт.


Лейтенант Китайчук бөлімше командирінің біріне взоводты казармаға алып баруға әмір етті де, өзі орынбасарымен кейіндеп қалды. Осындай оңашада жаңағы ыңғайсыз хабардың анық-қанығына жете түспек.


— Анықташы, мүмкін оның денсаулығына бірдеңе болған шығар.


— Жоқ, ол не дегеніңіз Вячеслав Юрьевич, — деді сержант командирін әскери лауазымымен атау тәртібін бұзып. Ресми қатынастан аттап, лейтенантқа іштей бір табан жақындай түсікісі келген сыңай бар. — Ванников адал да үлгілі жауынгеріміз емес пе. Ол ешқашан қате айтпады. Дәулетбаевтың әмірге бағынғысы келмей, бұлталақтап жүретінін сезіп едім. Осы жолы да әдейі істеп отыр.


— Неге өйтеді ол, — деп, Китайчук жүрісін баяулата түсті.


— Командирлерге ерегеседі. Мәселен, өткен жолғы комсомол жиналысында мен оны шымбайына батыра сынадым ғой. Соның есесін осылай қайтармақ. Өзге сыналғандар кейін қыңқ деген жоқ. Ал мынау болса... Киргиздардың бәрі осындай топас па, білмеймін. Өзіңіз байқаңызшы, бердеме айтсаң, разы болмай, ылғи күңкілдеп жүреді ғой. Азаматтық кездегі пасықтығын бізге де жасағысы келеді. Онысы бола қоймас енді...


Взводқа жуырда ғана командир болып келген жас лейтенант жауынгерлерді әлі тегіс танып-білмей жатқан тәрізді. Өткен жолы төбелесті дегесін ғана әлгі Дәулетбаевқа көңіл бөлгені бар. Назар аударуға тұратын бәлендей елеулі қылық көрсете қоймағасын ба, ертесінде-ақ оны ұмытып кетіп еді. Көбінесе зер салып, қадағалап жүретіні — Яновский, Кихеев, Тайбахтин тәрізді қолайсыз тізімге ілінгендер.


— Ә, солай ма? Онда өзің көр, — деді лейтенант қысқа ғана. Сол екі арада тығыз хабар келіп қалды да, взвод командирі жауынгерлерден бөлініп, штабқа қарай бұрылып кетті.


— Өне бойын ыза сыздатып, кәрлене қалған кезде сержант Кулибабаға тайсалмай көз көз жүгіртудің өзі қиын. Қалыңдау қастары доғалана сүзісіп, алақандай көк көздері шатынап шыға келеді. Шықшытының бұлшық еттері ойнақшып, тістеніп алатыны бар. Қазірде жанына жан жуымас сондай бір зәрлі күйде. «Мен оған көрсетемін, — дейді ішінен нығыздана. — Шамасын білмейтін чмо менімен несіне ерегесе ме? Қай бір тығыз шаруасы бола қойды дейсің. Маған көрсетіп отырған қыры әшейін. Сондағы мақсаты — жүйкемнің мықтылығы сынау. Міне, киргиз... Қазір ақырып-жекірмей әдейілеп жынына тие сөйлейін».


Кешіккен жауынгердің тұлғасы көрінісмен, взвод командирінің орынбасары Кулибаба рапорт тыңдауға даярланып, іштей сіресе қалды. «Көрермін қазір күшейгеніңді. Не деп ақталарсың екен бәлем?».


Мәссаған, керек болса. Дәулетбаев мұны аңғармаған адамдай жайлап басып, қасынан өтіп бара жатыр. Кісі ғұрлы көріп мойын бұрар деген не тіпті. Аяғын тырп-тырп басып, салбыраған басын көтерер емес.


— Қатардағы жауынгер Дәулетбаев!


Дәулетбаев амалсыз қайырылды. Аузынан шыққан сөз де ырқынан тыс:


— Мен.


— С-сен, — деді Кулибаба ұстамдылық жөнінде өзіне берген уәдесін табан астында өзі быт-шытын шығарып. — Неге келіп баяндамайсың? Қайда жүрсің манадан бері? А-а? Айт деймін мен саған.


— Мен жаңа баяндағам... Өзің естімедің.


— Ей, сен әңгімеші. Сен өзі қалай-қалай сөйлесің-ей менімен? Қане, жарғы бойынша дұрыстап баянда. Бол, тез!


Қатты шыққан дауыс қазарма маңында жүрген жауынгерлердің назарын аударып, бәрі лезде бері қарай құлақ тігіп үлгеріпті. Мұны енді екеуі де байқаған. Құрғақ егесті күрт тыйып, келесі сәтте-ақ ресми қалыпқа түсе қалғандары содан болар.


— Мен баяндадым, жолдас сержант.


— Нені, баяндадым? Қашан және кімге баяндадың?


— Неге кешіккенімді бөлімше командиріне. Сізден бұрын мен ол кісіні жолықтырдым.


— Жарайды, енді кешігу себебін маған баяндаңыз.


Қысықтау шегір көздері жылт ете түсіп, Дәулетбаев сәл мүлдіріп қалды. Сержант қатайған дауыспен әмірін қайталағаннан кейін ғана барып, әлдене деп күбірледі. Себебін айтқысы келмей, бұлтарып тұрғаны беп-белгілі еді. Өзіне бағынышты жандардан бұлайша меселі қайтып көрмеген өркөкірек сержант қызара тұтанып кетті.


— Ә-ә, солай ма? Неге сонда? — деген үнінде естіген құлақты еріксіз тіксінетін зәрлі зіл бар. Бірақ жөп-шөңкі нәрсеңе оңайшылықпен қаймыға қоймайтын Дәулетбаевты кеудемен ықтырып алу оңай емес.


— Взвод командиріне бір-ақ мәлім етемін, — деді ол қайтадан еркінен қалып. — Саған емес. Сен бәрібір түсініп жарытпайсың. Жазалай бер жазалағың келсе, — деп, сөзді ұзартып әурелетіп жатпастан, бір-ақ қайырды. Кәдімгі дүңк етпе ноқай адамның ғана аузынан шығатын сөздер.


Кеңес армиясындағы жауынгерлердің қалыптасқан қарым-қатынасына аздап томпақтау келетін тік жауап... Ащуы асқынып, тепсініп тұрған сержант үшін енді шегінер жер қалған жоқ еді. Өзіне тән өр қалпында басын әнтек шалқайтып, қолын шекесіне қойды да:


— Қатардағы жауынгер Дәулетбаев! Жұмыс орнынан белгіленген уақыттан екі сағат кеш оралғаның үшін, жарғы тәртібін бұзып, бастығыңның беделіне нұқсан келтіргенің үшін кезектен тыс үш наряд жариялаймын, — деді де, кілт бұрылып, адымдай жөнелді...


Күн қоңырсалқындау болып тұрса да, қазарманың есік, терезелері ашық. Рота кезекшілері әлгінде ғана жатын орын кубрик ішін тап-тұйнақтай ғып сүртіп алған, енді тұрмыстық бөлмелерді жинастырып жүрсе керек.


Әскери қызметтен бір сәт мойын босатып, қарқ болып қалған жауынгерлер арқа-жарқа. Біреулер қалжың, анекдот айтып, қарқылдай күліссе, енді біреулері ақ жаға тігіп, түйме қадап дегендей, ине-жіппен әуре. Осындайда кітап оқу, хат жазу тәрізді шаруалар да қабаттаса көбейіп кетеді.


Тұрмыс қажетін өтегеннен кейін спорт алаңына, увольнениеге асығушылар да кезігеді. Әркім өзі ұнатқан іске бейім. Тайбахтин, Шпаро анекдот тыңдаушы топты толықтырса, Ванников тұрмыс бөлмесінде үсті-басын жөндеумен әбігер болып жүр.


Есік көзіндегі дневальныйдың (тәуліктік кезекшінің):


— Рот-а-а! — деген әмірі естілген кезде Кулибаба мен үш-төрт жауынгер үсті-бастарына зер салып, айнаның алдында тұр еді. Казарма есігінен жоғары шенді офицер енген жағдайда немесе әлдеқандай дабыл түскенде айтылатын сөз.


— Еркін тұр! Істей беріңдер шаруларыңды.


Үшінші взводтың командирі Китайчуктың даусы. Оған ілесе әлдекімнің бәсең сөйлегені естіледі. Әр жерден жауынгерлердің кейи күңкілдеген үндері де қабаттасып қалды:


— Тағы да Китайчук па? Осы лейтенант-ақ тыным таппайды екен.


— Рас-ау, ең құрығанда, демалыс күні үйінде отырмай ма? Қақаңдап келеді де тұрады.


— Қызметке жаңа кіріскен сарыауыз ғой... Сөйтпесе... оны да шугайть етеді ғой.


— Бізге бәрібір, біз басқа взводтанбыз.


— Ой, қасындағысы замполит Шафран ғой.


— Е, ол кісі болса, саспаңдар. Замполит бізге ешқашан ұрысқан емес, — деді Тайбахтин.


— Шалжимай, тұр орныңнан. Ренжи қалса, ұрысқаннан арман ғып ұялтып тастайтыны бар. Тағы да саған бола қызарып жүрмейік...


Кезекші сержант әлдеқайда жүріп, офицердің келгенін кешірек естісе керек, абыржыңқы дауыспен айқайлай баяндап жатыр:


— Жолдас капитан, үшінші рота жауынгерлері тынығу сағатын өткізу үстінде. Екі жауынгер нарядта жүр, төрт адам увольнениеге баруға жиналуда...


Көздері тынымсыз жүгірген қимылы шапшаң лейтенант қазарма бөлмелерін жағалай аралап кетті. Ара-арасынада ескеру жасап, кейи сөйлеп, жайбарақат жұртты қозғай бастады. Еті тірі тынымсыздау адам болғанымен, Китайчуктің екі аяқты бір етікке тығатын жөнсіз қытымырлығы жоқ еді. Дәрежесі артық саяси жетекшінің алдында жинақылық, иелік танытқан түрі болса керек.


Капитан Шафран жауынгерлердің хал-жағдайын сұрай жүріп, кубриктің ішіне қарай кірді. Жігіттер де оның төңірегіне үйіріле қалыпты. Капитанмен қандай тақырыпта да қысылмай әңгімелесе аласың. Өзі де кейбір командирлердей тақ-тұқ жауаппен шектеліп, сыртқа теппей, азаматтық өмірдегі сияқты кез келген кісіге іш тарта сөйлейді.


Қазір де сол мінезімен кімнің немен шұғылданып жатқанын, үйден хат-хабардың бар-жоғын сұрап дегендей, еркін әңгімеге қарай тізгін тартты. Жігіттермен бірге теледидардан көрсеткен кешегі футбол ойнын да тайынбай талдауға кірісіпті. Жағалай қоршаған жауынгерлер арқа-бастары кеңи түсіп, жамырай үн қатысады. Әйтпесе, қазармаға кірген офицер атаулының екі аяқты бір етікке тығып, қуыра келетін әдеті.


Жіті көзбен қазарма ішін түгендеп шыққан лейтенант Китайчук орынбасарын өзіне шақырып алды. Взводтың түннен бергі жағдайын түгелдей сұрап келді де:


— Иә, айтпақшы, — деп ойланған кездегі дағдысымен көкшіл көздерін сығырайта қарады. — Анау, әлгі... кешегі тәртіп бұзған жауынгер қайда? Көрінбейді ғой.


— Кімді айтасыз, жолдас лейтенант? Кихеев пе? Кихеев каптерканы жинастырып жатыр.


— Жоқ, ол емес. Ана кеше батпақты тоғай жақтан кешігіп келетін жауынгерді айтам.


Взводқа командир болып тағайындалғанына бір-екі айдың жүзі өтсе де, лейтенанттың барлық жауынгердің фамилиясына есіне сақтай қоймайтыны түсініксіздеу. Көпшілігін жатқа айтып сайрап тұрғанымен, жарқылдап көзге түспей, тасада жүретін кей жігіттердің аты-жөнін ұмыта береді. Мінезінде бар салақтық па, әлде енжарлық па, ол жағы да беймәлім.


— Иә, иә, сол Дәулетбаевты сұрап тұрмын.


— Мен оны кухняға, нарядқа жіберіп едім.


— Қалайша? Бүгін біздің взводтың кезегі емес қой.


— Мен оны нарядқа кезектен тыс жібердім. Ондай тәртіпсіз жауынгерді жазықсыз қалдыруға болмайды ғой. Мына жауапқа Китайчук әуелінде қасын кере:


— А-а, — деп келіскен сыңай тантып тұрды да, іле жүзі қайтадан түксие түсті.


— Тоқта, тоқта! Ондай қиқар жауынгерді тәртіпке шақырып, тәрбиелегеніңе қарсылығым жоқ. Бірақ қалай жазалау жөнінде өзіңнен жоғары кісілермен келісуің керек емес пе?


— Оныңыз рас. Кеше өзіңіз бұл жөнінде рұхсат бергенсіз. Старшина да қарсы емес... Енді өзіңіз ойлап көріңізші, Дәулетбаевтың бұл қылығы армияның ішкі тәртібін сыйламағандық қой. Мен оған бұл жаза аз деп түсінемін.


Екеуара жауаптасуға ретін тауып, Тайбахтин де бір ауыз пікір қыстырып жіберді. Кеше ғана өзінің комсомол жиналысында талқыға түсіп, сынға ұшырағаныны ұмытып үлгірген сияқты. Күнә атаулыдан ада, жүзі жарық адамдай жайраң-жайраң етеді:


— Өмір деген әділетті ғой, жолдас лейтенант. Меніңше, бәрі орын-орынымен.


— Нені айтасың, Тайбахтин?


— Мысалы деймін де. Жаңағы тәртіп бұзған Дәулетбаев жазасын алып, нарядта жүр. Ал ротамыздың мақтанышы болған үлгілі жауынгерлер сол уақытта қыдыруға бара жатыр. Басы біздің — Леня. Кулибабаны айтамын. Міне, әділеттілік деген осы болуы керек.


Соны айтты да, Федор бір үлкен шаруаны тындырып тастағандай, ұшы көтеріңкі, етеге көсіле біткен үлкен мұрынын жеңімен үйкеп-үйкеп жіберді. Сержанттың беделін асыруға айтулы үлес қосқандай әжептеуір мардымсып тұр.


— Дұрыс айтасың, Тайбахтин, —деді лейтенант көздерін енді қуақылана сығырайтып.


— Сол әділеттілікке сенсек, өзің қай жағына шығар едің? Нарядқа ма, жоқ, қыдыруға ма?


Қаумалай қоршап, әңгімеге құлақ түріп тұрған жауынгерлер оқтай тиген мына жауаптан кейін барлығы бір кісідей қарқылдап күліп жіберісті. Айдыны асып, көңілі көтеріліп тұрған Кулибаба лейтенанттың рұқсатымен келесі сәтте сарт-сұрт басып, Шафранның алдына жетіп барды да:


— Жолдас капитан, увольнениеге баратын топтың кетуіне рұхсат етіңіз. Топ басшысы — сержант Кулибаба, — деді саңқылдай дауыстап.


ІV тарау


Оңашада /Ванников/


Дәулетбаевтың тәртібі турасындағы арнайы әңгіме ертесінде ротаның саптық жиналысында қозғалды. Сержант Кулибабаның рапорты бойынша жауынгердің бұл қылығы шынында да негізсіз, ішкі қызмет жарғысының талаптарына қайшы деп танылды. Оның жазалауына қарсы пікір айтып, қорғай сөйлеген ешкім болған жоқ. Сөзін тәмамдап сыртқа беттеген саяси жетекшінің қасына кенет қатардағы жауынгер Ванников жетіп келді де, бір-екі ауыз сөзбен оңаша әңгімелескісі келетінін мәлімдеді.


— Иә, баяндай беріңіз, — деді капитан Шафран екеуі қазармадан шыққанан кейін. Талдырмаш денесі қағілез солдат қатар тұрғанда Шафраннан биіктеу. Сонда да бойын тік ұстаған күйі жылдамдата сөйледі.


— Менің айтайын дегенім әлгі... Дәулетбаев жайлы. Меніңше, бұл жолы оның жазығы жоқ. Мүлде кінәсіз дей алмаймын... Сонда да.


— Иә, траншеяны көмуге екеуің бірге барды деп еді ғой.


— Бірге бардым, жолдас капитан. Бірақ Дәулетбаев тәртіп бұзайын деген жоқ. Қайраңдап жатқан балықтар кездесіп қалды да... Ол соларды құтқарамын деп айналды.


— Оны естідім ғой. Сонда не дегіңіз келіп еді?


— Меніңше, сержант Кулибаба тым артық кетті. Бұл жолы жазаламау керек еді. Түсіну керек еді Дәулетбаевты. Кешіріңіз, мен сізге сержантты жамандайын деп тұрғаным жоқ.


Жауынгер үсті-басын себепсіз сипалап, қипақтап қалды.


— Дәулетбаев, шамасы, досыңыз болды ғой.


— Жоқ, досым емес... Шынын айтқанда, бір бөлімшеде жүрсек те, біз әлі достаса кеткеміз жоқ.


— Қалай, қалай дейсіз?.. Қане, асықпай баяндаңызшы өзі, — деп, капитан кідіре түсті де, аллея бойындағы орындыққа қарай бұрылды. Қалың кірпікті үлкендеу қара көздерінде сәл-пәл таңырқау нышаны. — Иә, қалай болды, басынан айтыңызшы, — деді екеуі де тізе бүгіп жайғасқаннан кейін.


Алғашында батылсыздау кібіртіктей шыққан жауынгердің жуас үні бірте-бірте байсал тартып, өзіне сай кәдімгі табиғи арнасына түсіп еді. Оның айтуынша оқиға былай болыпты.


Өзін жастайынан тәртіпке бағындырып үйреткен Ванников — мойнындағы тиісті шаруадан өзгеге алаңдауды біле қоймайтын жігіт. Әсіресе, әскери тапсырманы орындау кезінде өзіне берік. Өткен жолы траншеяларды көміп, бар жұмысты бітіргесін, дереу қайтуға жиналғаны да сондықтан.


Бірақ жолдасының бұл кезекті әрекетіне Дәулетбаев онша елеңдей қоймаған. Елеңдеу былай тұрсын, әлі шаруасы бітпеген адамдай тым жайбарақат ұстапты өзін. Қайту мәселесін қайталай есіне салған Ванниковке біршама уақыт меңірейе қарап тұрып:


— Сен жүре бер. Мен қаламын. Осы жерде ұсақ-түйек жұмыс істеймін, — деген бар болғаны. Одан кейінгі сұрауларға жібі түзу жауап беріп жарытпаған. Күрегін иығына салып, бөлімге қарай беттеген Ваниковке былай шыға бере: «Тым құрыса Дәулетбаевтың не істеп жатқанын көрейінші» деген ой түседі. Сөйтіп, әлгі ізімен қайта келсе, Дәулетбаев күрегін жұмсақ қыртысқа қыршылдата қадап, арық қазуға кірісіп кетіпті. Сөйтсе, әнеукүнгі сел болғанда тоған жырылып, қасындағы бір ойпаттау жерді суға толтырып тастаған екен. Енді бірер күн өткеннен кейін әлгі су тартылып, түбіне ағып келген ұсақ балықтар қырылуға айналған көрінеді. Дәулетбаевтың бар шаруасы арық қазып, әлгі шұңқырды тоғанға жалғастыру, сондай амалмен балықтарды қырылудан аман сақтап қалу ғана болыпты.


— «Жүр, кетейік. Жігіттерге айтсақ, бұл жұмысты қазір-ақ бітіріп тастайды» дегеніме ананың көнбей-ақ қойғаны, — деді тыңдаушының ынталы екенін байқаған Ванников шешіле түсіп. — «Бар, сен кешікпе. Кешіксең, екеуміз де босқа жаман атты боламыз» деп, мені жанына жолатар деген не? Жалпы мен өзі осы жігітті онша түсінбеймін. Оп-оңай нәрсені сонша қиындатқанын ұға алмадым.


— Енді көзіңмен көргеніңді келгесін дереу мәлім етпедің бе? — деп, олақтау айтылған әңгімені шыдаммен тыңдап отырған капитан осы жерге келгенде, алғашқы сауалын қойды.


— Дәулетбаев өзі айтты, бұл жөнінде ешкімге тіс жарма деп. Жұртты шулатып, қайтесің деді...


— Соның айтқанына көніп, үндемедің ә? Сөйтіп шындықты жасырып қалдың ғой.


Саяси жетекшінің үнінде жазғыру бар екенін сезіп, Ванников басын тұқырта, үндемей қалды.


— Ал жарайды, жолдасыңа берген уәдеден шыға алмадың делік. Ендеше жаңағы талқылау кезінде болған жайды неге ашық айтпадың?


— Ыңғайсыздандым, — деді сәлден кейін жауынгер қайта батылданып. Жұқала өңі әлі де қызарыңқы. — Жаңа сапта тұрғанда әдейі қарап едім, Дәулетбаев басын шайқады. «Керегі жоқ, тіс жарма» дегені. Бір жағы сондықтан да тәуекел ете алмадым...


— Солай де! — деп, капитан Шафран ойлы пішінмен үнін соза сөйледі. — Кешір, Ванников, аты-жөнің толық қалай еді?


— Станислав... Станислав Константинович.


— Меніңше, былай Станислав Константинович. Сен осы арада бір қателік жасағансың. Болған жайды басшылыққа дер кезінде мәлім ету керек еді. Әрине, уақытында оралмағаны үшін Дәулетбаевты жазалаған дұрыс... Бірақ, бұл арада басқа да ойланатын жайттар бар ғой. Балықтарды құтқару деген сөз ол — игілікті іс. Игілікті іс жасаған адамды жазалау, бір жағы дұрыс та болмас, — деп капитан сөзіне бір тыныс жасап алды. — Қысқасы, сен жаңағы маған айтқан әңгімені, жолдастарыңның алдында айтып бересің. Оған тәуекелің жетеді ғой?.. Үндемейсің, ә? Бұрын көпшіліктің алдында сөйлеп көрген жоқсың, қысыласың. Түсінемін ол жағын. Бірақ, досыңды бұл арада қорғап қалатын ең алдымен өзіңізсің. Есіңде болсын, мен емес, өзің...


— Кешіріңіз, жолдас капитан, Дәулетбаев — менің досым емес... Жаңа айттым ғой. Жалпы оның...


— Иә, қысылмай айт!


— Жалпы оның досы аз... Біздің арамызда деймін...


— Неге олай сонда?


— Мен білмеймін ол жағын. Жалпы Дәулетбаев өзі бір түрлі адам ғой. Түсіну қиын оны...


— Жақсы, — деді капитан әңгіменің ақырына қарай. — Әлгі айтылғандай, бірге жүрген жауынгерлер шындықты білуі тиіс қой. Сенің сөзің тек сол үшін ғана керек.


Ванников, Тайбахтин, Дәулетбаев, Шпаро армияға бір мезгілде шақырылған жігіттер. Кулибабаның абыройлы қызметті бұлардан жарты жыл бұрын бастағаны бар. Оның үстінде сердант, взвод командирлерінің орынбасарлары. Былайғы жұрттан бір бас, бір иық жоғары тұрған айбынды жігіттің алдыңғы топқа қараған өзгешелеу көрініп тұруы заңды да тәрізді.


— «Оның бәріне дауым жоқ, — деп көңілін пәстетіп кеткен енжар ойларды Станислав әрі қарай сабақтай түсті. — Замполитке ойымды жеткізіп түсіндіре алмаған тәріздімін. Офицерлердің ішінде кісіні дұрыс айта алмаған осы кісі деуші еді солдаттар. Соған ойымдағыны айтып, жеткізе алмадым-ау...


Шынтуайтына келгенде, соншалықты несіне күйінем? — Сыздықтай құйылған ойдың арнасы кенеттен кілт өзгерді. — Қайдағы бір киргизға бола қарадай таусылып тұрғаным не сонша? Онымен ешқандай достық қатынасымыз жоқ қой тіпті. Мен адвокат болатындай кім ол? Және әрі-беріден кейін мен емес, неге оны басқалар қорғамайды?...»


«Әрине, бәріне өзі кінәлі Дәулетбаевтың. Жаңа замполит дұрыс айтып отыр: оны қорғамау керек, керісінше тәрбиелеу керек. Ал жазалау... мүмкін, жазалау да қажет болар, Кулибаба айтқандай. Иә, иә, менің көңіліме қонбағаны сол жазалау емес пе? Ойлап қарасам, менің наразылығым осы жазалауға байланысты, сержант Кулибабаның Дәулетбаевқа тисе беретіндігіне байланысты туған екен ғой. Иә, иә, Кулибаба мен Дәулетбаев арасындағы әділетсіз қарым-қатынасқа орай. Мен ойымды дұрыстап айта алмадым жаңа...»


Ванниковтың ойына әжептеуір азық болған әлгі бір Дәулетбаев деген киргиз Шафранның да бұрын онша назар аудара қоймаған адамы. Қай ұжымда болсын, алдымен көзге түсетіндер — жарқ-жұрқ еткен жұлдыздар немесе кежегесінен кейін тартқан нашарлар ғой. Шафранның шамалауынша, Дәулетбаев осы екі топтың екеуіне де жатпайтын сияқты еді. Кертартпалар қатарында аталатын фамилиялар қашаннан көңілінде жаттаулы. Кихеев, Тайбахтин, Щульга, Яновский дегендер. Олармен кіші командирлер мүмкіндігінше жұмыс жүргізіп келеді, саяси жетекшінің өзі де жеке әңгіме өткізіп отыруды ұмытпайды. Ал мына Дәулетбаев...


Орта бойлыдан аласа, төртбақтау жігіттің әкетіп бара жатқан жаманшылығы байқалмайды. Ротаға келген жеті-сегіз айдың жүзінде елден ерекше бөтен қылық көрсеткені жадында жоқ. Тіпті анықтап қараса, өзінің елеусіздеу өң-түсі де адамның есінде жөнді қалмайды. Сержант Кулибаба соңғы кезде оның фамилиясын олқысынған үнмен бірер атаған кезде де бәлендей мән бере қоймаған. «Сонда бұл не болғаны? — деп ойлады капитан Шафран әлгі әңгіменің әсерінен әлі айыға алмай. — Кертартпа немелер азаюдың орнына көбейіп бара жатыр ма? Жоқ, тәрбие жұмысын бүйтіп әлсіретуге болмайды екен».


V тарау


Нарядта /Дәулетбаев/


Кухня нарядына түскендердің ең ұнатпайтыны — от жағатын кочегарлық жұмыс. Кейбір пысықтары ретін тапса, аузынан айдаһардай жалын шашқан пеш маңынан аулақ жүруге тырысады. Өйткені, тамақ пісіретін қазандардың астына үзбей от жағып отыру -үйренбеген адамның қолынан келе бермес қиын әрі жауапты шаруа. Оның үстіне, ең бір жаманы — жұмысы лас. Үсті-басың сауыс-сауыс, бет-аузың қарала-торала болып, көмірге малшынып жүргенің. Шындығына келгенде, кухня нарядындағы ең бір қиын да сүйкімсіз жұмыс осы.


Үшінші рота нарядқа түскен күні бұл шаруа, көбінесе, Дәулетбаевтың еншісінде. Баяғы Кулибабаның өзінше жасап жүрген қысастығы да. Бүкіл ротадағы беделді, алымды сержанттың сөзі жерде қалушы ма еді? Старшинаға айтқанын қашанда өткізіп, наны жүріп тұр ғой. Бірақ, оған бола талағы тарс айырылып, қиналып жатқан Дәулетбаев көрінбейді. Кочегарлық тіршілікке әбден көндігіп алған тәрізді. Жылы ұяда, бапты жағдайда өсіп-өнген кейбіреулер сияқты тыныштыққа, тазалыққа ұмтылып, көмірден жиреніп, өзімен-өзі әуре болып әлекке түспейді. От жағудан құтылып, қазармаға қайта келген күнде де өне бойынан кочегарлықтың ізі білініп тұратынын қайтерсің. Тырнақ түптері, киімнің кей жерлері — көмірден, күлден қалған кір мен күс. Тазалыққа онша оң қабақ таныта бермейтін жігіттің жуынғаннан кейінгі түрі осы. Нарядтан босап келген күні қол-басының ластығына орай тағы да жазасын тартып жатады. Айдың-күннің аманында өзін-өзі күте алмай, салақ жүрген жауынгерді қай командир жақтыра қойсын. Тіпті командир ғана емес, жаныңдағы тіршіліктес жолдастарың да ондайда тыжырына қарайды емес пе?


От жағатын жерді бір тәулікке еншілеп алған жігіт үйреншікті шаруасын бүгін де қалтқысыз атқарып жатты. Қасындағы көмекшісі ғана қолынан жөнді іс келе қоймайтын олақтау жас жауынгер болып шықты. Осы уақытқа кейін дұрыстап көсеу де, күрек те ұстап көрмеген қаланың тікбақай баласы екен. Елпілдеп қанша жүгірсе де, тырысып істеген тіршілігі оңайшылықпен оңға басар емес. Көбінесе Дәулетбаевтың өзі жүгіруіне тура келді. Өйтіп-бүйтіп жүріп, күндізгі шаруаларды әйтеуір бір жайлы қылған. Түннен кейін қалғаны — таңертеңгі тамақтың астына от жағу ғана. Сосын нарядты басқаларға өткізеді. Таң жақындаған кезде мөлшерлі уақытта тұрып, от тұтатайын десе, ағаштардың, бықсып жанбай-ақ қойғаны. Сөйтсе, көмекшісі таңдап-талғап жатпастан қайдағы бір дымқыл отындарды жарып, уатып тастапты. Құрғақтарын іріктеп қайтадан жаруға енді екеуі де шаршаған. Түні бойы көз ілмеген адамның ұйқы қысып, талмаусырайтын сәті әдетте таң алды ғой. Пеш аузына солярканы шашып-шашып жіберді де, жарылған ағаштарды нығыздап салды. Сонан кейінгі әрекеттері — қашан тұтанғанша солярканы аямай шаша беру. Жалын тілі жалаңдай бастаған соң ғана сәл тынығып алу үшін екеуі де бұрыш-бұрышқа қисая кеткен. Сонан бір уақытта әлдекімнің қабырғасынан дүңк еткізіп түйіп жібергені. Шошып оянған Дәулетбаевтың қасында тұрған - кухнядағы нарядтың бастығы екен.


— Өртедіңдер ғой, тез сыртқа шығыңдар! — деп айқайлап жіберді сержант. Орындарынан атып-атып тұрған екі кочегар да келесі секундта қабаттасып, есікке қарай ентелей ұмтылысы еді.


Кухня жақта жүрген жауынгерлердің біреуі кенет әлдеқандай қоңырсық иісін сезіп қояды. Сыртқа жүгіріп шығып қараса, асхана төбесіндегі пештің мұржасынан қызыл күрең жалын далаға атып шығардай болып тілін сумаңдатып тұр екен. Жігіттер дереу шатырға шығып, мұржа айналасына төселген қаңылтырдың ып-ыстық болып кеткенін байқайды. Қаңылтыр үстінде жатқан әлденелер бырысып-тырысып күюге айналдыпты. Сержант асхананы айнала жүгіріп, кочегарға келсе, от жаққыштың екеуі де қаннен-қаперсіз пысылдап ұйқы соғуда екен. Күйінбей қайтсін сосын.


Солярка құйылған ыдысты көрісімен-ақ наряд бастығы жағдайды дереу түсіне қойды. Ағаш не көмір жақпаса, пешке сұйық отын пайдалануға мүлде болмайды. Әлгі екі арада қарадан қарап өрт шыға жаздағаны да сондықтан. Тиісті инструкцияны біле тұрып, орындамағаны үшін әбден күйіп-піскен сержант қарауындағы екі жігіттің жер-жебіріне жетті...


Дәулетбаев турасында белгілі бір ойға тиянақтай алмай жүрген капитан Шафранның көзін мына оқиға ашып бергендей болды. «Сержант Кулибабаның осы жауынгерді айтса, жиырыла қалатыны тегін емес екен, — деді капитан ішінен. — Бәсе, осындай себебі бар ғой оның. Өз қызметіне сонша салақ қараған жауынгерден не күтуге болады? Бұл — Отан қорғауға әлі дайын емес деген сөз. Жоқ, мен онымен шынында да жеке әңгімелесуім керек екен. Қалайда уақыт таппасам болмас...»


Саяси жетекші осылай ойласа, бірге жүрген қызметтес солдаттардың біразы әлгі ыңғайсыз оқиғадан соң, онсыз да саяқтау жүретін Дәулетбаевтан теріс айналған сыңайлары байқалады. Реті келсе, сөзбен іліп қалып, реті келсе, кекетіп-мұқатып, әйтеуір шетқақпай қылып, ұжымның алдында беделін түсіруге даяр. Бұрыннан бейтарап болып келген кей жігіттер енді Дәулетбаевқа күдіктене қарап, өздерін аулағырақ ұстағанды мақұл көретін сияқты. Жан адамды жатырқауды білмейтін ефрейтор Шпароның ғана қас-қабағынан өзгеріс байқалмайды. Дәулетбаевтың қалай болса солай жүретін салдыр-салақтығында да, түксиген қытымыр мінезінде де оның шаруасы жоқ. Қалжың айтып, әңгімеге үйіріп дегендей, жақындаса кетуден қашпайды. Өзгелерден гөрі Дәулетбаевқа бір табан жақын жүретін Ванниковтың не ойлайтынын кім білсін, әйтеуір тұнжыраңқы қоңыр көздерімен бұған ұзағырақ қарап қоятыны бар. Жастайынан кітапты көп оқып, өнер шығармаларын да жақсы түсіне білетін жігіт «адам жанын бір кісідей тани аламын» деп ойлаушы еді. Солай болса да, Дәулетбаев сияқты дөрекі бітімді жандармен жұғыса сөйлесудің ретін келтіре алмай қалатыны бар.


* * *


«Женя. Сенен хат келе ме деп бүгінгі поштаны күтіп едім, болмады. Бөлімге жете алмай, әлі жолда келе жатқан шығар деп ойлаймын. Бүгін қолым бос, сондықтан саған хат жазып тастауды ұйғардым. Өткен жолы өзің айтқан «Мұз үйді» оқып қойдым. Маған сондай ұнады. Енді «Княжна Тараканованы» оқып жатырмын. Біткесін, одан алған әсерімді айтып тағы жазармын.


Білесің бе, біздің бөлімнің кітапханасы сондай бай. Біз Белогорскіде іздеп таба алмайтын кейбір зәру кітаптар тұр мұнда. Әсіресе мен жақсы көретін тарихи романдарды айтсаңшы.


Женя, саған өткен хатымда да кітап туралы жазып едім ғой. Қайталай берген соң, жалығып кетерсің, бәлкім. Сондықтан осы жолы өз жағдайыма сәл тоқталып өтейін. Есіңде болар, мен саған алдыңғы хатымда осындағы Бах деген бір жігіт туралы айтып едім ғой. Әлгі екеуміздің төсегіміз қатар, сапта да қатар тұрамыз дейтін. Киргиз деген бұратана жұрттың өкілі. Басқалар онымен көп сөйлесе де бермейді. Алғашында мен де өзін жөнді ұнатпайтынмын. Ештеңе оқымайды, мәдениеті аз. Тағы біраз кемшіліктері болды. Өзімен тіл табысып сөйлесу де қиын.


Қатар тұрып, қатар жүргесін бе, мен оны өзгелерден гөрі жақсырақ білемін. Бахтың төңірегінде әр түрлі сөздер айтылып та жатады. Оның бәрін саған әңгімелей берудің қажеті жоқ. Алдыңғы хатымда мен оны түсініксіз, жұмбақ адам деп едім ғой. Өзіміз кітаптан оқитын кейбір мінезі құпия қаһармандардың қазіргі өмірімізде де бар екенін біліп, таң қалдым. Шамасы, менің Бахпен жақындасып жүргенім де, сол кітаптан, кинодан алған әсерімнің арқасы шығар. Өйткені, ол екеумізді байланыстыратын бәлендей ерекше жағдай бола қойған жоқ. Күнде ұйқыға кетер алдында көзім оның жүзіне түседі. Төсегіміз қатар ғой. Сол түнеріңкі әрі кескінсіз түрі мені ылғи ойға қалдырады. Қызық көріп, кейде сөйлескім келеді. Тіл табыса алмаймын. Бір жылға бірге тұрып, бірге жүрген қасымдағы адаммен әлі күнгі бір дұрыстап сөйлесе алмадым, десем, нанасың ба?..


Ақыры мен оның осал жерін тапқан сияқтымын. Қандай дейсің ғой. Ол өзі дөрекілеу, сезімсіздеу адам болғанымен, табиғатты ұнатады. Әсіресе, тоғайды, өзенді, батпақты. Иә, иә, таңданбай-ақ қой, батпақты жерді де жақсы көреді.


Енді жанаса кетсем, ылғи сол әңгімені қозғаймын. Менің өзім төңіректеп жүргенімде, әңгімелескім келетінін сезеді. Кейде сөйлеспей, қырсығып қалатыны бар. Ондай кезде өзім де мазаламаймын. Ал жалпы басқа жұртқа қарағанда Бахпен мен жақсы сөйлесемін. Демек, бұл - менің артықшылығым шығар. Өзің білесің, мен тарих пәнінің мұғалімі болғым келеді ғой. Қазір жігіттер мектепте жұмыс істеуге ұмтылмайды. Ал маған балалармен жұмыс істеу сондай қызық. Бір кезде мені «Мінезің жасық, батыл емессің. Сенен мұғалім шыға қоймас» деп, айтқаның есімде.


Енді мен былай ойлаймын. Егер мен Бах секілді қиын адаммен тіл табыссам, табысып қана қоймай, жолдас болып кетсем, онда менде педагогтік мінез бар деген сөз. Менің қуанышым да сол.


Бетіңнен сүйдім.


Өзіңнің Стасың»


VI ТАРАУ


Жорықтан соң /Китайчук/


— Қарыштай адымда...


Әлжуаздау естілсе де, әмірдің аты — әмір. Қандай жағдайда да айтылғаннан кейін оны орындау керек. Қараңғыда шылпылдата басқан аяқ дыбыстары біркелкі ырғаққа ұласып, жүріс жеделдей түскен тәрізденді. Шағын топтың әр жерінен әлсін-әлсін кейіген, керіскен күңкіл сөздер естіліп қалады. Жүздері көрінбесе де, дауыстары таныс:


— Жолдас лейтенант, алдыңызда шұңқыр, түсіп кетіп жүрмеңіз. Ей, арттағылар, абайлаңдар! — Бұл — сержант Кулибаба.


— Жұлдыздар мүлде көрінбей кетті, тағы жауын басталатын шығар.


— Қаупің күшті екен, пеш үстінде пырылдап ұйқы соғып жататын нағыз Егорушка шырағымның өзісің ғой.


— Не деген қараңғы түн! Етігімнің басы да көрінбейді тіпті.


— Әуелі байқашы, сол етігің барма екен әуелі? Шешіліп қалып, әуре боп жүрме.


— Ей, алдыдағы қайсысың? Табаныңнан ұшқан балшық аузыма түсіп кетті ғой.


— Қозғалмалы мишенінің тура ондығына тигізген екен онда.


— Шіркін, қайран БМП. Құшағыңа қыздан ары ғашық болып келемін-ау. Қадіріңді осындайда ғана білеміз. Аһ!..


— Не деген тайғанақ?! Су, балшық. Біз жолдан шығып кеткеміз жоқ па осы?


— Алдымыздан асфальт шыға келсе ғой, шіркін.


Бұрын сержант «әңгімешілер» деп ақырып жібергенде, ауыздарын жауып, жым бола қалатын жауынгерлер қазір еркінсіп алған сияқты. Наразы күңкілден тыйыла алмай келеді.


Кулибабаның әлгідей ескерту әмірі әсерсіздеу болғанын аңғарды ма:


— Взв-о-о-д! — деп ақырып қалды лейтенант Китайчук


— Сөйтіп, бес минут аял болатынын жариялады.


— Айналада құйрық басар құрғақ жер жоқ. Сондықтан түрегеп тұрып тыныстаймыз, — деді ол ентіге сөйлеп. Даусына қарағанда өзі де ептеп болдырып қалған сияқты. Әншейінде әркімге қулана үңіліп, жарқылдап жүретін лейтенанттың үні де қазір сирек естіледі. Қайта Кулибаба мына қолайсыз қысталаң шақта да өзінің өр тұлғасын еңкейтпеген, ауыр жолға белін бермеген сыңайда.


Лейтенант қарта бетіне түсірген қол шамның жарығына шолғыншылар бас түйістіре, үймелесіп жатыр.


— Біздің табысатын жеріміз — Азат төбесінің күнгей жағы. Васильков тобы да осы төбеге келуі тиісті. Біз таңдап алған жол — мынау. Со-олай. Енді алдымыз өр. Әлі бес-алты километрдей жол жүруге тиіспіз.


— О-о! — десті азапты сапардың жалғасын елестетіп үлгірген біреулер.


— Қыңқылдайтын ештеңе жоқ, — деді лейтенант Китайчук ширақ дауыспен қатая сөйлеп. — Біз Азат төбесіне уақытында жетуге тиіспіз. Бұл ара — сендерге мамаларыңның үйі емес. Бұл — армия. Бұдан ары жүре алмайтындарың болса, бірден айтыңдар. Қане, бар ма сондай адам?


Лейтенант өзін өзі дереу қолға алып үлгірсе керек, сол екі арада ширап шыға келіпті. Қандай қиын жағдайда да өнеге таныта білу командирлік міндеті екені есіне түскендей.


— Менің аяғымды етік қажады, — деді сәлден кейін бір жауынгер батылсыздау дауыспен.


— Бұл сен бе, Кихеев? Мен сені бауырыма тығып, мәпелеп отырар едім, бірақ қазір оған мүмкіндік жоқ. Өйткені «соғыс жағдайы». Бізді дұшпан территориясында тұрмыз деп ұғыңдар. Мына қараңғының қай түпкірінен де жау әскері шыға келуі мүмкін. Сондықтан, жолдас Кихеев, бір жылдан бері шұлғау орауды үйренбегеннің үшін жазаңды осылай тартуыңа тура келеді...


Топ қайта қозғалды. Жаңағыдай емес, күңкіл сөз сұйылған. Кідірістен кейінгі жүріс тіпті ауырлап кеткендей. Ілгері басқан аяғың кері кетіп, иықтағы қару-жарақтың салмағы да анық сезілуге айналыпты.


— Арт жақта — машина жарығы.


Жауынгерлердің бәрі жалт бұрылғанда, алыстағы әлсіз сәуле үмітшіл көздердің әрқайсысына ноқаттай жарық болып шағылысып үлгерген еді.


— Жүк машинасы болса ғой... отырып алар едік, — деді Кулибаба да солай қарай көз тігіп. Дағдарыңқы кібіртік үнмен сыр тарта сұраған жас лейтенант.


— Қалай, мұндай жағдайда... Олай жасауға рұхсат етіле ме? — деп, сұрап қалды.


— Әлбетте. Қолдағы бар құралды пайдалана білу керек демей ме?


— Иә-ә! — Әлгі жауап лейтенантты шынымен ойландырып тастағандай. Артық тіл қатпаса да, оның іштей солқылдап, бір шешімге келе алмай тұрғанын шамалыдан соң жауынгерлердің бәрі сезді.


— Жолдас сержант дұрыс айтады. Реті келсе, отырып алудың ешбір айыбы жоқ, — деп қойды батылдау біреуі.


— Сіз бізге жаңа келіп жатырсыз ғой, білмей жатқаныңыз содан болар. Бұрын жолда кезіннен кез келген көлікке отыра салатынбыз, — деген сөзді қосты екіншісі. Сол-ақ екен, жан-жақтан бәрі жабылып командирді майдалап үгіттеуге кірісті.


— Сонымен машинаға отыруды бір ауыздан қолдайсыздар ғой, — деді ақыры командир өзі тәуекелге іштей бекініп үлгірсе де. Жауынгерлер жамырай құптап, шу ете қалысты. Дабырласқан сөз саябырси бергенде бір шеттен:


— Мен қолдамаймын, — деген сабырлы дауыс естілді. Жұрттың бәрі өңін көрмесе де, сөз иесі тұрған жаққа жалт қарасты. Аяқ астынан орнаған үнсіздік ғұмыры бірер секундқа ғана созылып еді.


— А-а, бұл сен бе, Дәулетбаев? Мен айтқан жөн сөзге қашанда сенің қарсы бола қалуың міндетті ғой. Оған үйренгенбіз. Енді сен мені қойып командирге, бүкіл мына ұжымға қарсы болайын дедің бе? Міне, чурбан!


Жылт еткен үміт ұшқынына енді жармаса берген шаршаңқы жігіттер Кулибабаның кекетінді сөзінен соң қайдан қарап қалсын. Наразы үндер бір-бірін бастырмалай, жарыса шығып еді. Манадан бері бар-жоғы белгісіз болып, үнсіз келе жатқан жауынгердің аяқ астынан ақылгөйси қалғаны қазір кімге дәрі. Оның:


— Біз Азат төбесіне өз күшімізбен жетуіміз керек. Бес-алты километрге шыдаймыз, — дегені көңілге қонымды көрінді ме, лейтенант бір сәт қайта толқыған...


Жауынгерлердің көктен іздегені жерден табылды. Жауынды түнді қараңғылықты жарығымен сойдақтатып келе жатқан — жалғыз машина бос қорапты ЗИЛ екен. Үсті-бастары айғыз-айғыз, суға малшынған әскерилерді көріп, шофер тежегішті басты.


Манадан бері жол азабын тартып қатулы қабақ танытып келе жатқан взвод командирі жайлы кабинаға кірісімен, көңілдене сөйлеп қоя берді. Ауыз жаппастан әңгіме өрбіте отырып, шофермен де танысып алды. Осы жақтағы шаруашылықтарға іссапармен жіберілген аудандық автобазаның машинасы екен. Дәулетбаевтың наразы күңкілін лейтенант ләз арасында ұмытып үлгірген тәрізді. Тек межеге таяй бергенде, сөзуар шофер қайдағы бір жайсыз әңгіменің шетін шығара қойғаны:


— О — о, сіздерге айтуға ұмытып кетіппін. Семеновка селосының тұсында мен сіздер секілді тағы бір жауынгерлерге жолыққанмын. Олар да сіздердің ізбен бері қарай беттеп келе жатқан.


— Не дейсіз, жолдас жүргізуші? Қандай жауынгерлер олар? Барлаушылар ма?


— Әй, соларың барлау жасап та оңдыртпас. Сіздер сияқты емес, шеттерінен қырсық біреулер. Өздері ілбіп әрең келеді. Іштеріндегі біреуін сүйемелдеп те алыпты. Машинаны тоқтатып, мінгізіп алайын десем, тіпті маңайлатар деген не? «Жолыңнан қалма, қамқоршы, өзіміз-ақ жетеміз» дейді. Тіпті ызақор біреуі өзімді боқтап та жіберді. Жақсылыққа жамандық жасаған адамдарды көргенім осы. Өздерінше қызметтеріне адал бола қалыпты. Құдай біледі, осы араға таң атқанша да жете алмас.


Ал, командир жолдас, айтқан жеріңізге, міне, келіп те қалдық.


* * *


— Ұлы Октябрь революциясының алпыс сегіз жылдығы құрметіне орай аудан орталығында өткізілетін салтанатты жиналысқа біздің әскери бөлімнен де адамдары қатысатың болды, — деді старшина қажырлы дауыспен қатая сөйлеуге тырысып. — Бұл жөнінде бәріңізге бұрын хабарланған еді. Әрине, мұндай мерекелі жиынға қатысу құрметіне ие болатындар үлгілі қызметімен көзге түскен жауынгерлер мен сержанттар. Рота командирінің бұйрығы бойынша біздің ротадан салтанатты кешке мына жолдастар жіберілетін болды.


Взвод старшинасының сөзіне бір кісідей құлақ тіккен бүкіл сапта қыбыр еткен қисық қимыл жоқ. Әркім-ақ қазір оқылатын тізімнен өз есімдерін естіп қалғысы келгендей үміт үстінде. Тіпті офицерлер де ажарлы жүзбен ден қойып, қызыға тыңдасады.


— Тараңдар! — деген әмір естілісімен, сықия сіресіп тұрған сап ыдырап сала берді. Жауынгерлер дағды бойынша тым-тырақай тарай жөнелмей, дабырласа сөйлесіп, бір-бірін құттықтап жатыр. Бақытты тізімге ілінгендердің барлығы да мәз. Қалжыңдай қағытып, қарқылдай күліскен дауыстар. Штаб үйіне қарай қатарласа аяңдаған капитан Шафран мен лейтенант Китайчуктің сөздері бірден-ақ қиыса қалғаны.


Өткен жолғы түнгі жорықтың соңы лейтенантты аса бір қолайсыз жағдайға душар етіп еді. Азат төбесіне дейін машинамен жүріп өткен бес шақырым жолдың дауы сонымен аяқтала қалған жоқ. Әскери тапсырма орындау кезіндегі лейтенант Китайчук бастаған топтың бұл тосын әрекеті батальон басшыларына да жетіпті. Сол үшін рота командирі мен осы келе жатқан капитан Шафранның да батальон штабында отырып қызарақтауына тура келді. Армия қатарында жуырда ғана қызмет ете бастаған жас лейтенанттың тәжірибесіздігі, бұған дейін міндетін адал атқарып жүргендігі ескеріліп, жазасы жеңілдеген.


Әншейінде жарқылдай сөйлеп, жымыңдай жымиып, пысық-ширақ жүретін взвод командирі Китайчук осы әңгімедегі кейін сәл басылып қалғандай. Капитан Шафранмен сөйлескенде де бұрынғы еркіндігі байқалмайды.


— Өзім іссапардан жаңа келдім де, мына мәдени шараларыңа араласа қойғамын жоқ, — деді замполит әңгімені шұғыл бастап. — Вячеслав Юрьевич, сізге құлаққағыс етіп қояйын деп едім. Взводқа келгеніңізге аз ғана уақыт өткенін білемін, сонда да жадыңызда жүрсін дегенім ғой.


— Нені айтасыз, Евгений Георгиевич?


— Бізде өзі қатып қалған бір түсінік бар. Тіпті соны демагогия десек те болар. Бір нәрсені көре қойсақ, содан тас кенедей жабысып айырылмаймыз. Өмірдің, әсіресе армиялық өмірдің дамылсыз қозғалыста болатыны естен шықпаса екен деймін де.


— Әлі де түсіне алмадым... Кінәм болса, мойындауға әзірмін.


— Жоқ, бұл арада сізді тағы да жазғырып тастайын деп тұрғамын жоқ. Бұл сізге ғана емес, өзге взвод командирлеріне де тән нәрсе. Жаңа тағы да байқадым. Өзіңіз қалай деп ойлайсыз — үлгілілер мен кертартпалар тізіміне ылғи да белгілі бір жауынгерлер ғана енетіні несі? Мәселен, сіздің взвод бойынша осы екі тізімге кімдердің енетінін мен баяғыда жаттап алдым. Озаттардың ең басында Кулибаба тұрады да, Ванников, тағы басқалар деп кете береді. Ал ротаны артқа тартатындар кім десек, Тайбахтин, Яновский, Кихеевтерді алдымен атаймыз, — дей келіп, капитан осы жолғы тізімге көңілі көншімегенін сездірді. Офицерлер кеңесінде бұл мәселені арнайы сөз еткісі келетінін қоса аңғартқан.


Қандай жауапты да қолма-қол қайырып тастайтын бұрынғы дағдысына баспай, лейтенант Китайчук бұл жолы сәл кідіріп барып тіл қатты:


— Евгений Георгиевич, жолдас капитан, менің де ойымда бар нәрсе айтқаныңыз. Бірақ бұл жолы менің көп кінәм жоқ.


— Неге олай деп ойлайсыз, Вячеслав Юрьевич?


— Өйткені тізім рота комсомол бюросының ұсыныс бойынша жасалған. Өткен жиналыстар кезінде өзіңіз де комсомол бюросының жұмысын талай сынадыңыз ғой. Құрғақ сөзге ағып тұрғанымен, ефрейтор Шпародан да ештеңе шыға қоймас деп жүруші едім. Айтылған сындардан қорытынды шығарды ма, білмеймін, қазір сол Шпаро тәп-тәуір жұмыс істеп жүр ғой. «Салтанатты кешке қатысушылар тізімін комсомол бюросы жасап берсін» деп, осы жолы әңгімені көтерген сол. Сондағы ұсынысты негізге ала отырып, рота командирі бұйрық шығарды ғой.


— Бұрын ылғы тізімде жүретін үлгілі жауынгерлердің кейбір дембльге кетіп жатыр. Олардың орнына қалған топтардан неге ешкім қоспаймыз? Бір-екі адам болса да. Әлде сондай лайықты жауынгер жоқ па?


Ал, взводтағы кертартпа топтың да өзгеретін уақыты жетті. Баяғы сол Кихеев, баяғы сол Тайбахтин, Яновский, Шульга. Жаңалығымыз сол осы топқа Дәулетбаевты қосып алдық. Кертартпаларды азайтудың орнына көбейтіп жатырмыз. Осы оңашада ашығын айтыңдаршы — бұл мәселеде ілгерілеу болар ма екен өзі?


Жалт қараған лейтенант ернін жымырып, тағы да сәл-пәл тосылып қалды. Үнінде де бұрын байқала бермейтін сенімсіз кібіртік бар.


— Шындығына келсек, бәрі жуық арада түзеліп кете қояды деп кесіп айту қиын, жолдас капитан. Өзіңіз де байқап жүрсіз ғой. Ілгерілеу шамалы ғой. Өтірік айтқанын, жалқаулығын азайтса, Тайбахтиннен тәп-тәуір жауынгер шығады. Көрсеткіштері жақсарып келеді.


— Кешіріңіз, Вячеслав Юрьевич, ендеше оның фамилиясын қара тізімнен шығару керек. Қалған кемшілігін түзей жатар деп неге сенім артпасқа.


— Келісетін жайт, жолдас капитан. Ал Дәулетбаевты онша түсіне алмаймын. Оның ең жаман жері кісімен ашылып сөйлеспейді ғой.


— Ол жағын өзім де байқадым. Жалпы ойыңыз қалай ол туралы өзі?


— Сізге қалай десем екен, Евгений Георгиевич? Сын-ескертуді дұрыс түсінгенімен, одан қорытынды шығаруға асықпайды. Сабақ үстінде жайбасар. Барлық киргиз халқы солай деседі ғой. Атудан көрсеткіштері ылғи да төмен болып келеді. Физикалық дайындығы да мықты емес. Әлсіз әрі епсіздеу. Ал үсті-басына ұқыпты қарамайтыны өз алдына. Бұл өздерінің ұлттық ерекшеліктері шығар, бәлкім... Сержант Кулибабаның сол үшін ылғи күйіп-пісіп жүргені.


— Кешіріңіз, Вячеслав Юрьевич. Сержант екеуінің ара қатынасы нашар екен деп мен сізге айтып едім ғой. Ол жағы қалай?


— Әзірше бұрынғыдай. Рас, Кулибабаның айтуымен мен де Дәулетбаевқа бертінге дейін қырын қарап жүрдім, — деп, лейтенант сәл кібіртіктеп қалды. Көз алдына лып етіп ана жолғы түнгі жорық елестеп кетіп еді. Көзге түртсе, көргісіз меңіреу түн. Оқтын-оқтын сіркіреген күзгі жауын. Аяқ аттатпайтын балшық. Мезгілсіз жүрістен шаршап-шалдыққан жауынгерлер. Арт жақтан жылт еткен машина жарығы көрінді. Бәрінің қуанғаны-ай сонда. Командир ретінде кесімді сөзді өзі айтты. Сол сәтте... ешкім күтпеген... ешкімге жайлы тимеген «Мен қарсымын» деген қарлығыңқы дауыстың құлақты тырнай дар ете қалғаны...


Ақыры сол дауыстың айтқаны ащы шындық болып шықты. Сөз естіді, алар жазасын алды. Бірақ, «Осындай да осындай ... Бір жауынгер қарсы болып еді» деп өзінен жоғарғылардың ешқайсысына айтқан жоқ. Тіпті мына қасында келе жатқан замполит Шафранға да. Өзі мәлім етпесе, взвод жауынгерлерінің қайсысы сүйінші сұрағандай етіп көлденең кісіге жеткізе қойсын. Өйткені бұйрық бұныкі болғанымен, ұсыныс, сол ұсыныстың нәтижесінен туған ұят та бәріне ортақ қой.


Взводтағы өзге жауынгерлерді білмейді, ал сол оқиғадан кейін өзі Дәулетбаев турасында қалыптасқан нашар ойынан айыға бастап еді. Кулибабаның қаһарынан да қорғап қалып жүргені сондықтан. Кім біледі, шынында да Дәулетбаев сол жолы Кулибабаға ерегесіп, әдейі қарсы болған шығар. «Әйтеуір қымс етсе, менің сөзімді жоққа шығаруға тырысып, бірдеңе айтады. Тыңдағысы келмейді» деп, жүр емес пе сержанттың өзі де. Сол жеке бастың ерегесімен келіп, жұрт көзінше әлгі ұсынысқа әдейі қарсы шығуы әбден мүмкін-ау. Әйтпесе, «Машинаға отырмайық» деу үшін асқан данышпандықтың керегі шамалы ғой. Бұл ой сол сәтте кез-келген жауынгердің, тіпті Китайчуктың өз басында да тұрды ғой. Өкініштісі сол - тәуекел етіп, дер кезінде айтып сала алмады.


— Сіз ғана емес, — деді капитан Шафран қара көздерімен тұнжырай бір қарап қойып. — Мен де бертінге дейін Дәулетбаев тәрізді екі-үш жігітке онша назар салмай жүріппін. Ешкім зердеден тыс қалмасын деп жиналыстарда, өзара ақылдасқанда айтып аламыз да, жеме-жемге келгенде ұмытып кететін әдетіміз. Жоқ, ешкімді назардан тыс қалдыруға хақымыз жоқ ...


VII тарау


Туған күн /Ванников, Дәулетбаев/


Түстен кейінгі «самоподготовка» деп аталатын үзіліс сәті. Әркім тиісті шаруасымен шұғылданып, бір еркінсіп қалатын уақыт. Кубрик ішінде бас түйістіріп, жайбарақат әңгімелесіп отырғандар да бар. Шөп басын сындырмай, құр қисайып жатқан Дәулетбаевтың қасына кібіртіктей басып, Станислав Ванников келді. Қазақ жігітінің шегірлеу қысық көздерінде енжарлықтан өзге ешқандай мағына сезілмейді. Өзін төңіректеп келген жолдасына итпісің, кісімісің деп назар салмаған самарқау қалпы. Ренжісіп қалған адамдардай екеуі де үнсіз.


Ақыры Станислав тамағын кенеп алды да:


— Батпақты тоғайға бармай кеттің ғой, — деді бәсең ғана. Сөзді басқаша қиыстырудың жөнін таппай, өзінше әңгімеге осылай тартпақ. Жолдасының ойын мазалайтын осал жерін іздеп, ық жағынан шыға сөйлеген түрі. Өйткені былайынша түксиген көңілсіз жігіттің жүзін ептеп жылытатын — тек осы тақырыптағы әңгіме ғана. Онысын байқағанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Әлгі сауалға бірден ағытыла жөнелмей, жолдасы қайта сөйлегесін барып, ептен икемге келе бастаған сыңайлы. Табиғат аясына шықпағалы талай уақыт өткенін сәл-пәл қапалана еске алды:


— Шіркін, Батпақты тоғай, — деді сосын ызғары сынған үнмен толғана сөйлеп. — Жазды күні іші қандай керемет еді. Сондай салқын болатын. Ол жерде жөнді жел жоқ қой. Ал қазір қандай болып тұрғанын кім білсін. Шынын айтқанда, мен ол жаққа қысты күні барған емеспін. Көргім-ақ келеді...


Станислав жіңішке қыр мұрнын тарта түсіп, үндемей қалды. Өзі бастаған әңгімені өзі жандандырып әкете алмай, әлденеге бүгежектей береді. «Көңіліне келіп жүрмесе... Жоқтан өзгеге ренжи салатыны болушы еді ғой...» деп, толқып тұрды да, тәуекел етті:


— Бах, сен кешір... Мен бірнәрсе сұрайын деп едім, — Жолдасы кідіре қарап, бас изегесін, батылданып кеткендей болды. — Сол Батпақты тоғайды несіне жақсы көресің? Ол жақ бәлендей әдемі емес қой. Анау әлгі Яснеб шоқысы жақ болса, бір сәрі. Мынау өзі батпақ... Ағаштары ұзын-ұзын, діңдері бір түрлі қоңырқай. Қара батпақтың, мүктің, тағы бірдемелердің иісі мүңкіп тұрады. Ішіне кіріп кетсең, тым көңілсіз ғой. — Жолдасының жауап қайыруға құлшына қоймағанын аңғарып, Станислав ойын сарқа, жеделдете сөйледі: — Оның үстіне жаздыкүні іші - қаптаған маса. Ана жолы саған ілесіп барғанда көрдім ғой. Сонан қайтып жолаған емеспін. Станцияға жұмысқа барғанда Семеновка селосының бір шалы айтып отырған: «Батпақты тоғай жын-шайтанның ұясы екен» деп. Әрине, шайтанның жоғы жоқ қой. Сонда да ол жақ бір түрлі сүреңсіз...


Серігі ағынан жарылып, асыға сөйлегенімен, бәрібір жауапқа қарқ қылып жатқан Дәулетбаев жоқ:


— Саған неге жаман екенін қайдан білейін? Маған жақсы әйтеуір. Мен деген ормансыз далалы жерде өстім ғой. Содан ба екен, кішкентай кезімде-ақ орман көрсем деуші едім. Сен сияқты әр нәрсенің әдемілігіне қарап жатқан кім бар?.. Маған осы жақсы әйтеуір.


— Солай ма? — деді Ванников іркіле езу тартып. Қоңыр көздерінде ұсақ жылтыл ойнап шыға келген. Екеуара әңгіменің қиысқанына қуанышты тәрізді. — Ал біздің қаланың маңы түгел орман. Және мына Батпақты тоғай тәрізді қара күңгірт емес, жап-жасыл. Қызыл қайыңдар да бар. Білесің бе, қызыл қайыңның қандай болатынын. О-о, керемет!..


— Ал онда аю бар ма?


— Аю деймісің... Өзім көрген жоқпын, бұрын болыпты дейді. Елік көп, қасқыр мен түлкісі ше. О-о!


— Қап, аюдың болмағаны-ай!


— Оны қайтпексің?


— Аю болса, онымен төбелесіп көрейін деп едім... Сонымен күш сынасқаным келеді...


Екеуара күбір сөз жалғаса түсті. Сырттан қараған біреулер осы екеуі не сөйлеседі екен деп ойлауы мүмкін. Бір қараған адамға өздері тіпті үйлесе қоймайтын жандар секілді. Мысалы, титтей бос уақыты болса, Ванниковтың қарманып іздейтін нәрсесі — алдымен, кітап. Ал екіншісінің оқығанды қойып, газет қарап отырғанын көрген ешкім жоқ. Біреулер тәрізді танаулары пышылдап хат жазып жатқанын да байқаған жан жоқ. Ол тұрмақ жұрт үйме-жүйме болып жататын теледидар алдына да жолай бермейді. Сонда осы екі жауынгерді еріксіз қосақтайтын достық сезім бе, жоқ, басқа бірдеңе ме? Бұл сауалдың төркініне үңілушілер де сирек тәрізді.


* * *


Старшина ротаны сапқа тұрғызып, бас-аяғын түгендеуге кірісіп еді, жоқ болып шыққан жалғыз Дәулетбаев қана. Командирлердің ешқайсысы оған тапсырма бермеген, ешкім ешқайда жұмсамаған. Сонда ол қайда жүр? Кім біледі? .. Әркім өзінше болжам жасағанмен, ешкім нақты жауап бере алған жоқ.


Сол екі арада Ванниковтың басына «Айтсам ба, айтпасам ба?» деген дүдәмал ойдың сап ете қалғаны. Құр міңгірлегенімен, тәртіп бұзып отырған жауынгерді дәл қазір қайтып қорғамақ? «Солай кеткен ғой, — деп ойлады ол тұнжырай түсіп. — Сөйткен... Кеше Батпақты тоғайды бекер есіне салдым. Сөйлесу үшін тапқан амалым еді ғой. Қайдан білейін? Аяқ астынан бұлайша түгендейді деп кім ойласын. Қап!..»


Сапта тұрғандар ыдырап, әркім тиісті тіршілігімен шұғылданып кетсе де, әлгі өкінішті сезімнен Ванниковтың айыға алмай-ақ қойғаны. Қазарманың сыртында жүріп, елеңдеп қарай бергені — Батпақты тоғай жақ. Уақыт өткен сайын тықыршып, жаны шығып барады. Дәулетбаев келгенше өткен екі сағат тура екі күнге татыған шығар.


Алаңдатқан адамның сүлбесі ақыры көрінді-ау.


Өзі тіпті сасатын емес. Қазарма алдына келіп, етігін тазалауға кірісті. Етігі ғана емес, үстіндегі бушлаты да, шалбары да сатал-сатал. Батпақты тоғай жаққа барып қайтқаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Станиславтың күйзеле жеткізген наразылығы оған бәрібір сияқты. Үлкен шаруа тындырып қайтқан адамдай жағасы жайлау, төсі қыстау. Өзін күтіп тұрған ашулы қабақтар да, тиісті жаза да ойына кіріп-шығар емес.


«Не деген меңіреу еді? — деп ойлады оның мына саңылаусыздығына шынымен күйіп кеткен Ванников қолды бір сілтеп. — Құрысыншы, өзін өзі аямайтын адам үшін сонша бүлініп не жыным бар?» «Сол жаққа несіне құмартады осы? — деді ашулы ойлардан сейіле алмаған ол аздан кейін тағы да. — Қысты күні Батпақты тоғайдың жайы белгілі. Тіпті адам қызығатын ештеңесі жоқ соның. Әшейін құр әурешілік. Қарашы енді, түкке тұрмайтын нәрсеге бола жаманатты көрініп ... топас десе, топас. Бұл азиялықтар бар ғой, осындай своим болып келеді екен ғой.


— Осы да қыс па? — Сырттан қақырына-түкіріне кірген Федор Тайбахтин аяғын тарсылдатып қаға бастады. Біздің жақтың қысын айтсаңшы. Керемет жылы. Қары ұлпадай. Ал мынау аязы ақырған Сібір ғой кәдімгі.


— Ақырын, мұнда сен жалғыз емессің ғой. Ұйқыдағыларды оятасың. Сонша гүжілдегенің не? — деді дөңгелек темір пештің қасында отырған Кихеев жақтыртпай. Қаруын пирамидаға қойып, тонын сілкіп ілген Федор теңселе басып келді де, Кихеевтің жанына жалп етіп отыра кетті.


— Фу, ақырған аязды күні ауа құрғақ болуы керек қой. Тұманын айтсаңшы, қаттырақ тыныстайын десең, өкпеңді барып бір-ақ қабады. Булығып жөтелесің келіп... Жаңа Дәулетбаев та күрк-күрк етіп, постыға әрең барды.


— Жігіттер, сендер сол Дәулетбаеқа қатысты ешнәрсе естідіңдер ме бүгін?


Сырт киімі мен қару-жарағынан жеңілдеген Ванниковтың да келіп қосылғаны — пеш жанындағы топ. Тайбахтиннің сопақтау сұрғылт жүзінен сырттағы суықтың ізі онша сезіле қоймаса, постыдан онымен бірге қайтқан Ванниковтың ажары басқаша. Бойжеткен қыздыкіне ұқсас жұқалаң терісі қызара албырап, өзгеше әдемі реңде.


— Немене, ол тағы да бірдеңе бүлдіріп қойып па? — деді котелоктегі ботқаны пеш табына ұстай берген Федор. Әлдеқандай мыс қаңылтырды жалтырата сүртіп отырған Кихеев те қысық көздеріп жылт еткізіп, Станиславқа қарай бұрылды.


— Жігіттер, сондайды қойсаңдаршы. Біздің Леня екеуінің дәм-тұзы жараспады деп бір жолдасымызды неге шеттете береміз осы?


Ұрты бұлтылдап алдындағы асын қаужаңдауға кірісіп кеткен Федор Тайбахтин Ванниковты жақтырмаған пішінмен мырс ете қалды. Кірпігі селдір үлкендеу көк көздері айналасын бір түгендеп өтті:


— Паһ, шіркін-ай! Сол Дәулетбаевпен ым-жымың біз білмейтіндей-ақ тіпті. Үндемей жүріп, тіліңді тапқан шығар сенің. Қайдан білеміз? Қымс етсе, сол киргизды қорғап шыға келесің. Отыр ғой, әне, Кихеев.


— Кихеевтің бұл жерге не қатысы бар?


— Ол да — азиат. Дәулетбаевты бір қорғаса, сол қорғауы керек қой. Бірақ ол өйтіп отырған жоқ.


Азиат дейтіні — Кихеевтің ұлты яку жақұт болатын.


— Алдымен сен тыңдасаңшы. Бүгін Дәулетбаевтың туған күні екен. — Ванников сәл кідіре түсті де, көкейге келіп тірелген ойын келте қайырды. — Соны ғой, ешқайсысымыз білмейміз.


— Білгенде не істей қояйын деп едің?


— Сен, Федор, шыныңды айтшы, Дәулетбаевты неге қағыта бересің? Не істеді ол саған? Кулибаба ұнатпайды екен деп, сен де оны ылғи шеттетесің.


— Мен сен ойлағандай жағымпаз емеспін, Слава. Сенің Дәулетбаевың Леняға қалай ұнамаса, маған да солай ұнамайды. Бітті сол, ол Топаспен шекісіп тынам. Қойшы, саған түсіндіріп несіне ауыз ауыртып жатырмын? Сол Дәулетбаевты кім ұната қоюшы еді? Мына отырған жерлес жігіті болмаса.


Әскерге осы күзде ғана алынған ықшам денелі, қара торы өңді жас солдат ыдыс-аяқ жағында жүр еді. Кекселердің жас солдаттарға жұмыс істетіп қоятын салтына бағынып, қыбыр-қыбыр. Өз фамилиясын естігесін оқушы баладай келте мұрнын бір тартып, жымиып қойды. Бірақ кейбір жастардай қысылып-қымтырылған жоқ:


— Мен ол жігітті онша білмеймін ғой.


— Қалай, сендер жерлес ретінде әлі әңгімелескен жоқсыңдар ма? Ана жолы өз тілдеріңде сөйлесіп тұрдыңдар емес пе? Әне, көрдің ғой, Слава, тіпті өзінің жерлесі де бас шайқайды.


Пеш аузында жылтыраған от сәулесінен көз айыра алмай отырып, Станислав бір сәт ойланып қалғандай болып еді. Қалайы құтыны ұстаған қолы да қимылсыз.


— Тоқтарбековтың взводқа келгені кеше ғана. Жерлесі болғанымен, Дәулетбаевпен ол әлі сөйлесіп те үлгірген жоқ. Ал айтшы, қане, осы отырған қайсымыз періштедей жарқырап тұрмыз?


— Мәссаған! — деді Тайбахтин шықшыты бұлтылдап, шайнаңдап отырып. — Мына үндемес Славаны қараңдар. Қалай-қалай шешенсиді, ей? «Сенімді қол — үндістердің досы». Біздің арамыздан да азиат чурбандарды қорғайтын біреу шықты.


Азиялық ұлттан шыққан жауынгерлерді Тайбахтинның нәсілдік тұрғыдан кемсіте сөйлеуіне уәж айтқан жан болған жоқ. Әлгі үзіліп қалған сөз желісін Ванников қысылмастан қайта жалғағаны:


— Кемшілік бәрімізде де бар, Федя. Мысалы, мен өзің айтқандай үндемес шығармын.


— Федяның өзі ше? — деді Кихеев басын көтерместен. — Ротада оған жетер суайт жоқ шығар. Өтірік айтқанда, бет-аузы шылп етпейді ғой.


— Көрсетемін мен саған суайтты, чурбан!


— Федя, менің айтайын дегенім... Сен бір рет жанжалдастым екен деп босқа Дәулетбаевпен жауыға берме... — деді Ванников тағы да.


— Әй, сенің ақылың маған бес тиын. Өтірік білгішсіне бермей, сөздің тоқ етерін бір-ақ айтсаңшы. Тіпті миымды ашытып жібердің ғой өзі.


— Мен бір данышпандық жасай қойғалы тұрған жоқпын. Туған күнді думандататын немесе сыйлық жасайтын кез емес. Бір ауыз жылы сөз айтып, құттықтай салсақ, неміз кетеді? Жігіт емеспіз бе ең құрығанда.


— А-а, бұның біздің емес, комсоргтың шаруасы ғой. Ақылың тасып бара жатса, Шпароға айт алдымен.


— Тек қана Шпароның ба? Ол өз тарапынан құттықтау ұйымдастырып жатса, жақсы ғой. Бірақ бірге жүрген қарулас жолдастары біздер ше?.. Мүмкін, нарядтан босатармыз, а?


Тайбахтиннің санасына тосын бір нәрсені сіңіру оңай шаруа емес екенін Ванников жақсы біледі. Соны ұға тұра, өзге жігіттер де ести берсін деп Дәулетбаевқа қатысты әңгіменің шетін әдейі шығарып еді. Асын ішіп болған Федор қолын бір сілтеп, орнынан еңсеріліп көтеріле бергенде, ішкі бөлмеден сержант Кулибаба шыға келді. Қашан көрсең де, қыры сынбай, тіп-тік жүретін замкомвзвод шашын жатқыза сипап, бет-аузын ысқылап та қойды.


— Туған күні болса несі бар? — деді ол Ванниковтың сөзін жақтырмаған пішінмен. — Туған күні жауынгер әскери қызметтен босатылсын дегенді жарғының қай жерінен оқыдың? Нарядтан босату?.. Жолдас Ванников, сен үлгілі, озат жауынгерімізсің. Бұл айтып тұрған сөзіңді қалай ұғамыз сонда? Нарядты былай қойып, соғыс кезінде солдат туған күні оққа да ұшып кетеді, оны қайтесің?


Артық сөзді қой да, тамақ ішіп болсаң, демалыс бөліміне қарай марш.


Қарауыл қызметінің жарғысы бойынша екі сағат бойына посты да тұрып келген жауынгерлер еркін дем алып, сергек күйде отыруы тиіс. Екі сағаттық уақытын бітіргендер енді екі сағатқа ұйықтап тынығып алуға жатады да, ұйқыдағылар оянып, постыға кетеді. Нарядтың күн тәулік жиырма төрт сағаты бойы осындай қатаң кезек тынымсыз алмасып, айналады да отырады.


Сол тәртіппен Ванниковтар тынығуға ыңғайланған кезде, постыда тұрған келесі топ та оралды. Бұлар да шеттерінен қағынып-сілкіне, бүгінгі ауа райына наразылық танытып, кіріп жатыр. Қабақтары шытқыл өзге серіктеріне қарағанда Дәулетбаевтың өңінде бұрын байқала қоймаған жұмсақ нұр бар. Қысықтау біткен шегір көздерінен беймәлім жылтыл ұшқындайды. Әрқашан сұп-сұр болып жүретін жалпақ беті шықшытына дейін қызыл күрең бір ажарға еніпті.


Қарауыл тәртібін бұзып, Ванников өз тобымен ұйықтауға жатқан жоқ. Сергу бөлмесінің бұрышында Дәулетбаевпен күбірлей сөйлесіп отыра берді.


— Туған күнін постыда тұрып қарсы алған қалай екен? — деп әуелі өзінше жүрдек әзілден бастаған. Мінезі қанша тұйық болса да, кейде көңілі түскенде өстіп жеңілдеу әңгімеге жол беретіні бар.


Астарлы ойнақы сөзге жоқ, мінезі ноқайлау жігіт ептеп көңілді көрінді. Оны пұны әңгіме айтып, шешіле сөйлейтін кезі ілеу де біреу. Қазір де постыдағы жағдай, ауа райы жөнінде өз пікірін қосқан болып жатыр. Сонда да сөз нышанынан дәл бүгінгідей қуанышты күні қару құшақтап, постыда тұрғанына реніш белгісі сезілмейді.


— Е, біздің бас не көрмеген бас... Сол да сөз бе? Бұған дейін мен ондайдың талайын көргенмін. Тіпті бір рет осындай туған күнімде милицияға да түсіп қалғанмын, — дей келіп, басынан өткен бір жайды баян етіп кетті. Онысы кәсіптік-тахникалық училищеде оқып жүргенде болған оқиға екен. Мектепте ілініп-салынып нашар оқыған Бах сегізінші класты бітірісімен, аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищеге барып түсіпті. Тәртібі де, сабағы да онша келіспей, мектептің берекесін алатын баладан мұғалімдер қашанда құтылғанша асық қой. Ондайларды оқу ісінің меңгерушісі ретін тауып, ептеп сырғытып жіберуге тырысады. Бір кезде өзінің де сондай кепке ұшырағанын Дәулетбаев бүкпелеп жасырмай, ашық сездіріп отыр. Училищеге келгеннен кейін де ол маңдытып, береке таптырмаған. Екінші жылы жолдастарымен туған күнін атап, ішімдікке жығылған. Бойларын есірік билеген бозбалалар осындай аязды күні көшеге шығып алып, өткен-кеткен жұртпен шатақтаспай ма. Соның ақыры, ішінде Бах бар, бірнеше баланы милицияда бір-ақ шығарады.


— Оның аяғы белгілі емес пе? — деді Дәулетбаев қолын көңілсіздене сілтеп. — Айғай-шу, ырың-жырың... Мені училищеден қуып жіберіп, қайтадан қабылдады. Қойшы, әйтеуір, келесі жылы әскерге кетіп тындым ғой...


Әне, сондай да туған күндер болған. Оның қасында мынау немене, тәйірі...


— Мен осы уақытқа дейін аузыма шарап алып көрген емеспін. Бала кезімде квастың өзін ашырқанып ішетінмін. Біздің жақта қолдан істеген квастың дәмі қышқыл ғой... — деді Слава.


— Сен енді мені ішкілікке қарсы тәрбиелейін дедің бе? Ол жағын әлі гражданкаға барғанда көреміз. Заң сенсіз де қатайып тұр емес пе?..


— Жоқ, сен ренжіме, — деді Ванников сәл ыңғайсызданған түрмен. — Жай, сөз реті келіп қалғасын айтып жатырмын... Аязды түн... Нарядта жүрсің... Туған күнің... Бұрын осы күнді ылғи атап өтуші едің. Ал бүгін қару құшақтап постыда тұрсың... Сондай кезде адамның бойында қандай сезім болды екен? Менің білгім келетіні — сол.


Шықшытты бет әлпеті кеңейе түскендей көрініп, Дәулетбаев сәл жымиып қойды:


— Сен мені тергеп отырған сияқтысың өзі. «Не ойладың? Не ойладың?» Не ойлаушы едім? Ақылды адамдар ғана мұндайда бірдеңе ойлайды. Ал мен ше?.. Кулибабаның сөзімен айтқанда чурбан емеспін бе? — дегенде аясы тар көздері суық жылтыл шашып, жүзі де ызғарлана қалды. Іш тарта сөйлеген жазықсыз жігітті қарадай сыртқа серпігені не қылғаны?


Біраз уақыт екеуінің арасын қолайсыз үнсіздік сыналады. Содан әлден уақытта барып Дәулетбаевтың үні өзінен өзі жылып қоя бергені:


— «Туған күнді атау» дедің-ау жаңа. Жоқ, менің туған күнім бұрын да аталған емес. Әй, сол мен сияқты жұқсыздың өмірге келгеніне қуанатын адам бар деймісің, сірә?..


Сирек қастарын түйе, жеңіл күрсінді де, жігіт маздап шоғы ғана қалған отты кішкене көсеумен аударыстыра бастады. Шала жанған қарағайдың исі шалқыды.


— Ондай күнді баланың әке-шешесі ұмыт қалдырмаушы еді ғой. Мейлі ол тентек болса да. Әлде сендердің ұлтта ондай дәстүр жоқ па? — деді Слава сыпайы дауыспен бәсең ғана. Серігіңнің әлгі түтіккен әлпеті лепіріңкі көңілді басып тастағандай. Шанышқақ жайсыз көзбен жалт етіп қарап қойғаны болмаса, Дәулетбаев бұл жолы тырс етіп тіл қатқан жоқ. Сонан кейін қайдағы-жайдағы әңгімелерді тергіштеп, лаға сөйлеп кетіп еді.


Ванниковты жатын бөлмеге амалсыз жетелеген — наряд таратушысының әмірі. Постыға шығар алдында жатып тынығу міндетін бұзуға болмайды. Көзін тарс жұмып алса да, Станиславты ұйқы маңайламай-ақ қойды. «Шынында да бір түрлі жігіт, — деп ойлады ол әлгі әңгімеге іштей еріксіз айналып соғып. — Мінезі құйқылжыған бірдеңе. Өзі отбасы жағдайына аяқ баспайды ылғи. Айтқысы келмей, күрмеліп тұрады. Ол жағын сөз қылсаң, қолма қол өзгере қалады. Өзінде ешкім білмейтін бір сыр бар секілді. Қалай білсем екен сонысын?.. Қалай білем?..»


Әлгі екеуінің арасындағы шиеленістің нақты не нәрседен қалай басталғанын есіне түсіре алар емес.


Онсыз да лепіріп еркін жүретін өжет жігіт Леонид Кулибаба иығына сержант лычкосын тағып алғаннан кейін қайдан байыз тауып, байырқалай қойсын. Өзіне берілген бөлімшені шырқ үйіріп, тыным таппай жұмыс істеді. Взвод командирінің орынбасарлығына тез көтерілгені де сол еңбегінің арқасы.


Қандай тапсырманы болсын дер кезінде мүлтіксіз орындап тастауы, қиқаңды көтермейтін шегедей тәртіп орнатуы сержант Кулибабаға командирлер алдында берік бедел алып берді. Рота офицерлерінің бәрі де өзіне әбден сенеді, кейде міндетінен тыс шұғыл тапсырмалар да жүктей салады. Осындай асқақ күйде лепіріп тұрған кезде сержанттың бетіне тік келгенді қойып, иек көтерген ишарасын ұқпайтын бағынышты жоқ. Сондықтан болар, қанша айбынды, қаһарлы дегенмен, Кулибаба қол астындағы жауынгерлерге ырықтан тыс қысым жасамайды. Қолымда билік бар екен деп бағыныштысының сықса сөлін, соқса қанын алатын әпербақан сержанттар қай бөлімде де бар. Керісінше, әр адамға белгілі бір сыйластықпен қарай білуге азаматтығы жететінін үнемі аңғартып отырады. Оның анау-мынау артық-ауыс мінезін жауынгерлердің қыңқ етпей көтере беретіні де сондықтан...


Тек мына Дәулетбаев... Осы екеуінің арасындағы ілгішек қатар қызмет істей бастаған алғашқы айларда онша аңғарыла қоймаушы еді. Екеуі екі бөлек адам болғанымен, мінездерінің туыстасып кететін тұстары да бар-ау. Сол ұқсастық өзара жақындатпай, керісінше, шаппа-шұп ұстастырып, еріксіз ерегеске душар қылып жүрген сияқты. Өйткені Кулибаба да, Дәулетбаев та —бірбеткей мүйізді мінездің адамдары. Көңілдеріне бір нәрсе жақпаса, морт кетуге бейім. Ашу қысқан сәтте екеуі де түтігіп, жүздері ызбарлана қалады.


Ванников байыптап қараса, бұлардың арасында қайта-қайта тұтанып қалатын кикілжіңнің төркіні осында жатқан сияқты. Қызмет барысында сержанттың артығырақ кететін тұстары — Дәулетбаевтың қытымырланып, қиқая салуына себепші. Қолында билігі бар жігіт айтқанын орындатамын деп, өктемдік көрсетеді, анау болса, «бұның қате, істемеймін» дейді... Бірақ армияда бағынышты адам бұйрықты орындаудан қашан бас тартып көрген. Ол дегенің — гаупвахтаға апаратын тура жол.


Ерегесіп алған Кулибабаның өзгеден гөрі Дәулетбаевқа көбірек шүйілетінін, реті келсе, тіпті тізе батырып жіберуден тайынбайтынын Ванников осы жаздан бері байқап жүр. Сержанттың өзімен қолма-қол жағаласа кетіп, әділетсіз әрекетін бетіне былш еткізіп айтып тастайтыны болмаса, қиянаты жайлы Дәулетбаев әлі күнге бір адамға шағым жасап көрген емес. Өзі сездіріп жатпаған соң, оған ара түсіп, аластап алу жағын ескеріп жүрген және ешкім жоқ.


«Сонда деймін-ау, — деді Ванников бір жамбасына қарай аударыла беріп. — Осындай қырсық, жұқсыз ара түсіп не жыным бар? Әкетіп бара жатқан мәселе болса, менсіз-ақ өздері шешер. Дәл осы менің күйетін ештеңем жоқ қой шынында да...»


Одан әрі... көзі ілініп кетіпті...


ІV тарау


Пошта /Ванников/


Пошташы кіші сержант та әдіс алып алған, хат-хабарды көбінесе түскен кейінгі демалыс сағатына дөп әкеледі. Еркіндік уақыты сағынышты сәтке ұласқан жауынгерлер мәз-мәйрам. Қазір де көңіл құсы көкке шарықтаған қуанышты мезет еді. Армияда қызмет етіп жүрген жігіттерге осы алты ай қыста жиірек келетін нәрселер — ол посылкалар. Ақ матамен оралған, қағазбен қапталған немесе жай жіппен шандып буылған әртүрлі жәшіктер қатары бүгін де жоқ емес. Тіпті посылка тимегендерге хат-хабар, құттықтау открытка сияқты сый-сияпат таратып, рота жауынгерлерін пошташы әбден-ақ жарылқап тастады.


Мұндайда жұрт бір-біріне қарай алмай, әркім өз қуанышымен болып кетеді. Белогорск қаласында оқуда жүрген сыныптасынан жаңа жылдық құттықтау открыткасы қолына тиген Станислав майда қыз жазуын екі мәрте оқып шықты. Сосын онысын разы кейіппен төс қалтасына салып алып, жан-жағына көз жүгірткен. Жауынгерлердің барлығы да жаңа келген поштамен шұғылдануда. Каптерка жақтан посылка жәшіктерін жарыса ашып жатқандардың дабыл-дүбірі естіледі. Алыстан келген астан дәм ауыз тигізу салты әсіресе армияда берік. Сол тәртіппен олжалы жігіттер әркімнің сыбағасын жағалай үлестіріп те жүр.


Жан-жағына асығыс қараған Ванников іздеген адамын тез тапты. Екі қолын шалбарының қалтасына салып, тәлтиген күйі қазарма терезесінен сыртқа көз салып тұр екен. Жұрт пышақ үстінде бөлісіп әкеткен мол олжадан шет қалған адамның сыңайы. Белецкий қолына ұстатқан тәтті тоқашты шетінен самарқау тістеді де, төсек үстіне қоя салды. «Қанша ескерту естіп жүрсе де, үнемі ұмытып кетеді, — деп ойлады Станислав оған қарай қозғала беріп. — Сержант көрсе ғой, қазір әкесін танытады».


Тоқашты алып, тумбочканың ішіне салды да, Станислав тұрған жігіттің өзіне бұрылды. Тура жанына тақаған адамға ол сонда да итпісің-кісімісің деп назар аударар емес. Қандай ойдың жетегінде тұрғаны беймәлім, әйтеуір қырынан қарағанда қысықтау көздердің аясында бір тұңғиық мұң тұнып қалған секілді


— Саған ештеңе болмады да?


Айтарын айтса да, Ванников келесі секундта өкініштен ернін қыршып алуға шақ қалып еді. Тек осы жолы ғана ма? Посылка тұрмақ, жалпы хат-хабар атаулының Дәулетбаевқа соншалықты сирек келетінін неғып ұмыта қойды екен?.. Сонда неге?.. Бір-екі рет суыртпақтап осы мәселені сұрағанында да жарытымды жауап ести алмай, меселі қайтты емес пе?


Ұялған тек тұрмастың кебімен Станислав абыржи күбірлеп, жолдасының иығынан қақаты. Сол сәтте айқынырақ аңғарып еді: мынау тұрған өзі жақсы білетін қыршаңқы тілді, қиқар мінезді жігіт емес. Әлденеге иіні түсіп, қарадай жүдеп-жадап бара жатқан бір бейшара міскін жанның кейпін байқаған...


Өзін әйтеуір берік адаммын деп есептейтін Станиславтың жүрегі бір сәт шымыр ете түскендей болды... Сөзді одан ары өрбітуге көңілі дауаламай-ақ қойғаны. Сонан Дәулетбаевты сол тұрған жерінде қалдырып, амалсыз бұрылып кете берген.


— Взвод, шығып сапқа тұр! — деген әмір жеткен кезде поштаның қызығы саябырлауға айналып, әркім өз тірлігін күйіттеуге кірісіп еді. Ленин бөлмесінде хат жазып отырған Ванников та мына шулы-дулы қазарманы, әскери қалашықты ойша қалдырып, әлдеқайдағы алыс өлкені қиялмен шарлауда болатын.


Дәліздегі белгілі орынға лезде тізіле қалған саптың алдына взвод командирі, лейтенант Китайчук шықты. Үстінде өзіне құйып қойғандай жарасатын шолақ ақ тон. Қашанғысындай жүріс-тұрысы ширақ оның ақ құба өңі әдеттегісінен қату көрінді. Сарт-сұрт басып ортаға келген лейтенант бір-екі ауыз сөзбен жағдайды баян етті. Төтенше жайтты естіген жұрт әдепкіде кәдімгідей тіксініп қалып еді. Әлгінде ғана бөлімге аудандық милициядан телефон соғылыпты. Семеновка селосында екі адамды жарақаттаған қарулы қылмыскер Батпақты тоғай алқабында жүр деген мәлімет бар екен. Аудандық ішкі істер бөлімінің жедел іздестіру тобы қылмыскерді ұстау операциясына кіріспек. Жер жағдайы қолайсыз әрі күш шағын болғандықтан, милиция басшылары әскери бөлімінен жәрдем сұраған.


— Өздерің білесіңдер, — деді взвод командирі жылдамдата сөйлеп. — Роталардың көпшілгі қазір далалық тактикалық жаттығуларда жүр. Батальон командирінің бұйрығы бойынша бұл іске біздің взвод баруы тиіс. Взвод болғанда барлығы емес, үш-ақ адам керек. Менімен төртеу. Қане, өз еркімен шығушылар бар ма?


Саптағылар сәл-пәл ғана мүдіріп қалғандай болды. Өзара көз қарасып, бір-бірінің қабағын торыған жұрт. Келесі сәтте екі-үш жауынгер алдыға шығып үлгіріп еді. Сосын сарт-сұрт басқан өзге аяқ дыбыстары да дәлізді дүрсілдетіп кетті. Жан-жағына шола қараған Китайчуктің асығыста аңғарғаны — бүкіл взвод орнынан қозғалыпты. Тіпті әскери шинелін күні кеше ғана иықтарына ілген жас жауынгерлер де саптан қалыспай бірге тұр.


— Кейін, марш! — деп, айғайлап жіберді кенет лейтенант. — Түгел орындарыңа! Түсінесіңдер ме, біз салтанатты парадқа бара жатқамыз жоқ. Қарулы қылмыскерді ұстау керек. Ал, қане, айтыңдаршы, мұндай қауіпті операцияға бұрын кім қатысып көрді? Ешкім де... Ендеше бұл — сендер ойлағандай баланың ойыншығы емес. Өзім таңдаймын.


Әр жерден шыққан наразы күңкілдерді қайтадан басып тастады да, лейтенант сапты көзімен тінте, әрлі-берлі адымдап жүре бастады.


— Ефрейтор Шпаро, — деді сосын ұзын бойлы, иықты жауынгердің жүзіне қадалып. Рота комсоргы кедергілі қашықтықтан жүгіруде алдына жан салмайтын спортшы жігіт еді. Мұнан кейін жұрт күткендей Кулибабаның фамилиясы аталды. Ендігі кезек үшінші жауынгердікі. Взвод командирі бір тоқтамға келе алмай, іштей толғанып тұрған секілді. Саптағылардың әрқайсысы оның жүзіне үміттене қарайды. Шапшаң жүгірген кішірек көк көздер енді кімге барып тірелер екен?..


— Белецкий!


Сап алдына жұмыр өңді, шаралы қара көздерімен айналасына ойлана қарайтын кескінді жігіт шықты.


Қажетті адамдарды іріктеп алған командир енді келесі сөзді айтуға ыңғайлана берген, сол кезде саптан:


— Жолдас лейтенант, рұхсат етіңізші, — деген қатты дауыстың саңқ ете түскені. Жалт қарасқан жұртты «кім, кім» дегізіп әуреге салмай-ақ, іле дауыс иесінің өзі алдыңғы жаққа шыға беріп еді. Жаңағы сайдың тасындай өңшең ірікті жігіттердің қасына келіп қосылған, өзге ешкім емес, шарға бойлы, сүйкімсіз пішінді Дәулетбаевтың нақ өзі болатын.


— Жағаңды жөнде, Дәулетбаев! Сені қазір тәрбиелеп тұратын уақытым жоқ менің. Тез айт!


— Жолдас лейтенант, Белецкийдің орнына мен барайыншы.


— Неге сен?


— Сол. Белецкий — осы көктемде ғана келген жас жауынгер... Ол ештеңе көрмеген... Мені қасыңызға ертсеңіз, өкінбейсіз, жолдас лейтенант.


Командир әлгінде ғана басып тастаған күңкіл сөздер енді әр жерден қайта қоздады:


— Өзгеміз ілінбей тұрғанда, мына чурбанға не жоқ?


— Өзі не жүгіре алмайды, атуы да нашар. Сонда қайтіп ұстамақ қылмыскерді?


— Дәулетбаев барса, мен де қалмаймын.


— Шамаңды білуің керек қой, — деді сержант Кулибаба бір қасын серпе, жоғарыдан төмен қиғаштай көз салып. — Қанша жанталассаң да, сен бәрібір мен сияқты бола алмайсың.


Саптағылар ду күлді. Сол кезде алдағы қауіп турасындағы ауыр ойлар да бір сәт жеңілдеп қоя берген секілденді.


— Жолдас лейтенант, мен Батпақты тоғайды жақсы білемін. Әрбір ағашы таныс маған, — деді жауынгер қыршаңқы сөзді мүлде елемеген пішінмен өтінішін қайсарлана қайталап. Лейтенанттың взводты еркіне жіберіп, командирлік тізгінді бір сәтке босаңсытуының мәнісі бар еді. Оған ой салған — Дәулетбаевтың «Мені ертсеңіз, еш өкінбейсіз» деген сөзі. Көз алдына дереу елестеп кеткен — ана жолғы түнгі жорық. Дәулетбаевтың сондағы принципті пікірі. Өзі нашар жауынгер деп есептейтін Дәулетбаевтың... Ол жөнінде замполит Шафранның айтқандары... Адамға осындай жауапты сәтте неге сенім артуға болмайды? Оның бұл қауіпті іске соншалықты құштар бола қалу себебін артынан біле жатар.


— Қатардағы жауынгер Белецкий! Орныңа тұр.


«Женя.


* * *


Хатыңа көп-көп рахмет. Сен өзің көрген спектакльдер мен киноларды көбірек айтып кетіпсің. Театрды мен де жақсы көремін, ал киноға ықыласымның онша емес екенін өзің де білуші едің ғой. Мені көбірек қызықтыратын — кітаптар. Қазір Бахтың сөзіне елігіп, мен де енді табиғатқа назар аударатын болып жүрмін.


Мен бүгін саған тағы да Бах деген қырғыз баласы туралы айтпақпын. Экзотикалық бұратана болғандығы үшін ғана емес. Өзің білесің, мен физкультурадан нашарлау едім ғой. Кедергілі қашықтыққа жүгіруде соның зардабын әлі тартып келемін. Армияға кеше ғана келген Белецкий деген бір «жас» бар. Соның өзі мені артқа тастап кетеді. Алыс қашықтыққа жүгіруден де менің нормативім әлі күнге төмен болып жүр. Бах та бұл жағынан мен шамалас. Екеумізбен кейде сержанттар жеке жұмыс жасайды. Сондықтан мұңымыз, әңгімеміз ортақ болып келеді.


Алдыңғы күні Бах Федя деген бір жігітпен ілінісіп қалды. Федя өзі шофер, қулығы бар, жұмыстың жеңіл жағымен жүргісі келеді. Кейде беті былш етпей, өтірік айта салады. Бах соның жала жапқан өтірігіне шыдамады. Мен ғана емес, Бахты жақтайтын басқа жігіттер табылды. Біраз кикілжің болып, әйтеуір басылды ғой. Бір қызығы — Бах өзін жақтап, сөзін сөйлеген адамдарды да ұната бермейді. Бәрімізге қолды бір-ақ сілтеді де, теріс бұрылып кетті. Міне, Женя, осындай да адамдар болады екен.


Бір рет аузы қыза келе, Бах маған үй іші туралы айтып берді. Бұрын бұл тақырыпқа ешқашан әңгіме қозғаған емес қой. Бұл жолы өзі де байқамай қалды-ай деймін. Сенің алдыңа бір мақтанып қояйыншы, шамасы бұл да менің мықтылығым болса керек. Сонда түсінгенім — Бахтың балалық шағында әртүрлі қиындықтар кездескен. Әкесі арақ ішетін көрінеді. Неден екені белгісіз, шешесі қайтыс болып кеткен. Ол кісінің өліміне де арақтың қатысы бар сияқты сезілді маған. Жағдайы келмеген бала мектепті қай бір жақсы оқысын. Онжылдықты тауыспай, училищеге ауысып кеткені де сондықтан ғой.


Аузы қызып бара жатқанын байқады ма, әңгімесінің ар жағын Бах айтпай-ақ қойғаны. Қанша жалынсам да, болмады. Сонан ол тақырыпқа қайта айналып басқан жоқ.


Шынымды айтсам, Женя, Бахтың өмірі бір түрлі аянышты көрінді. Бұратана болғанымен, қырғыздар да адам ғой.


Женя, әңгімені тағы жалғастырамын. Радикке, Димаға, Гошаға менен сәлем.


Сәлеммен, өзіңнің Стасың».


ІХ тарау


Жорықта /Тоқтарбеков, Китайчук/


— Рот-а-а, иыққа! Тік тұр!


Әр жауынгердің арқалап алғаны, қазақша айтқанда, бір-бір есектің жүгі. Нығыздалған зат қапшышғы, қару-жарақ. Жорың үстінде мұның бәрін алып жүру шарт. Осындай жүкпен талай шақырымдар артта қалды. Ұзын саптың өн бойы тынымсыз бұрқылдаған бу. Аязды күндері суыт жүрген аттар терге бөгіп, осылайша буланып келе жатушы еді. Болдыра бастаған жауынгерлердің мына қалпы көз алдыңа сол көріністі елестетеді.


Саптың соңғы жағындағы жігіттер ауыр бүлкілмен жүгіре түсіп, әлгі әмірге бағынғандай болады. «Бірақ осы тәртіпті ықшам күй ұзаққа созылмайды. Шамалы уақыттан соң ауыр жүрістің жинақы сапты тағы да селдірете бастайтыны белгілі.


— Мен бұл жерлерді бұрын көрмеген екенмін, — деді Ванников екі жағына сәл шайқала басқан Дәулетбаевпен қапталдаса беріп.


— Машинамен ғана жүріп өтсең, қайдан байқаушы едің?


— Қайдағы машинаны айтып келесің, Бах?


Күзгі жорықта барлаушы топтың көлденең ЗИЛ-ға отырып, алып абыройсыз сапар шегетін жол екеуінің де есінен кетер ме?


— Сол жол осы ма еді? — деп, Ванников енді қайран қалып тұр.


— Дірдектеп ұшып өлейік деп тұрып, айналаға көз салуға мұршасы болды ма онда? Ал сенің есіңде қалай қалып қойған.


Мысқылды пішінмен мырс еткені болмаса, Дәулетбаев ұтымды сауалға бірден жауап бере қойған жоқ. «Осы бір мінезі-ай бұның! — деп ойлады Станислав іштей жәбірлене. — Жолдас көріп, жақын тартып жүрген менің өзіммен осылай сөйлеседі. Сосын кім ұната қойсын өзін?»


Сапты селдірете кейін тартушы әлсіз жауынгерлердің кім екені анықталып үлгірген уақыт. Ондайлардың барлығы дерлік — әскерге биыл күзде келген жастар. Армия өмірінің басқа қиындығымен бірге мұндай ауыр жорықтың ащы дәмін әлі татып үлгірмеген балауса топ. Әлгінде рота командирі осындай «жастарға» жәрдем жасай жүруі жөнінде нұсқау берген. Алдыңғы взводтағылар бұл игі әрекетті іске асыруға дереу кірісіп кетіпті.


Лейтенант Китайчуктің әмірімен шыныққан мықты жігіттер бірнеше жас жауынгердің жүктерін бөлісіп алды. Жіңішке денелі Тоқтарбеков те — болдырып үлгіргендер қатарында. Оған жәрдемге ұмтылғандардың өзі бірнешеу. Өйткені елгезек те, жинақы жігіт қатарластарынан гөрі әскери өмірге тез көндігіп кеткен.


Өзіне берілген тапсырманы қашанда қалтқысыз орындайтын жауынгер осы жұғымды мінезімен командирлерге ғана емес, өлшеулі уақыт ішінде ескі солдаттардың көңілінен шығып үлгіріп еді. Оған жігіттердің алдымен қол созғаны бәлкім, сондықтан да болар. Тоқтарбековтің зат қапшығын ефрейтор Шпаро өз иығына артса, белдегі құтысы тағы бір жауынгерге тиіпті. Ванников оның шұлғауын қайта орап беру үшін командирден рұқсат сұраған. Жол одан әрі ауырлай түскендей. Жағдай өрге қарсы тіпті қиындай бастайды. Аял жасап, аяқ суытуға сонда да әмір берілер емес.


— Кімге көмек керек?


Жалт бұрылған жігіттердің көзіне жол шетінде тұрған «санитар машинасы» түсті. Төртпақтау денелі санинструктор бері қарай аяңдап келеді. Бір-екі сөзбен жағдайға қанған ол аяғы қажаған жас жауынгерді машинаға мінгізіп ала жүруге ықылас білдірді. Жолдастардың бәрі Тоқтарбековке қарай қалып еді. Көздерінен «Енді қайтер екен?» деген сұрау нышаны қапысыз сезіледі.


Жылы да таза машина салоны. Отырсаң болды, тиісті жерге қиналмай-ақ алып барады. Манадан бергі азапты сапардан бірдемде құтылып шыға келесің. Немесе төземін, шыдаймын деген қажыр иесін тосқан азапты жол әрі қарай бұралып кетіп жатыр. Осы қалпында шексіз созылып таусылып бітпейтін сияқты.


Тоқтарбековтің бір шешімге келе алмай, толқып тұрғаны айдан анық еді. Ақыры ол шыдамады. Санинструктордың «Күтіп тұратын уақыт жоқ. Қане, давай» деген кезекті сөзінен кейін машинаға қарай қозғала берді.


Жігіттер әуелі түсінбеген кейіппен бір-біріне қарасқан. Сосын барып наразы дауыспен жарыса сөйлеп кетті:


— Мәссаған, керек болса. Біз бұдан үлгілі жауынгер шығар деп жүрсек...


— Бәріміз қол ұшін беріп отырсақ, бұнысы несі?


— Енді осыдан кейін адамға сеніп көр.


Сержант Кулибабаның қайырыла бұрылып келіп, мұқата сөйлеген адамы — Дәулетбаев.


— Әне, сенің жерлесіңнің түрі. Қырғыз — қашандақырғыз. Ертең осындай кісімен қалай соғысқа барасың? Ал, айтшы, қане?


— Әй, Кулибаба, осы жерде сенің маған тиісетін жөнің жоқ, білдің бе? — деді Дәулетбаев та тайсалмай. Шегір көздері суық ызғар шашып, өзінің әлденеге ащулы келе жатқаны сезілді. Шымбайына қаттырақ тиетін сөз естісе, ұрына кетуден тайынбайтын шақар мінезі айқұлақтана қалыпты.


Лейтенант Китайчкутің жалт бұрылып, шүйіле қарауы ғана өрши берген дауды өшіріп кеткендей болды.


— Дегенімен, мен мықтап алданып қалған тәріздімін, — деді Ванников сәлден кейін Дәулетбаевқа қайтадан жанасалай түсіп. — Біреу жазықсыз жәірлеп кеткен секілді мені. Тоқтарбековке сондай сеніп жүр едім. Момақан, биязы жігіт... Қалай ғана дәті барды?


— Немене, сен де мені кінәлайын деп келесің бе?


— Әрине, жоқ... Кулибабаның нақ осы жолы саған тиіскені дұрыс емес. Оныкі жағдайды пайдаланып, аяқтан шалу ғана.


— Мен оған көрсетемін әлі.


Көздері көкжиекке қадалған Дәулетбаев кең шықшытын қимылдатып, қарадай тістеніп келеді. Ауыр тыныстап, алқына дем алса да, жаяу жорыққа әлі мойымаған адамның пішіні.


— Кімге? — деді Ванников та ысылдай сөйлеп. — Кулибабаға ма? Қайтесің онымен шатақтаса беріп.


— Жоқ, Тоқтарбековты айтамын... Мен, яғни, жерлесін ұятқа қалдырғаны үшін...


— Сен не, армияда жүріп төбелеспексің бе? — деп, Станислав тағы да басу айтуға кірісті. Қашанғысындай бірі түсіндіріп, өкініші қос құлағын баса, қыңырайып әлек.


Азат төбесінің тұсына жеткенде ғана рота аял жасады. Жаттығу мақсатына орай ондай ары қарай не істеу керек, ол жағы жауынгерлер үшін әзірше жұмбақ.


Осы кезде жолдың қарсы жағынан тайғанақтай жүріп келе жатқан манағы «Санитар машинасы» көрінді. Жауынгер сапының тұсына қатарласа бере, жүрісін баяулатқан ол жанасалай келіп, кілт тоқтай қалды. Жұрттың көзі — әдемі, таза салоннан асыға түсіп жатқан жалғыз жауынгерде. Бұл әлгінде ғана талай қабаққа кірбің жүгіртіп, артына тек жаман атын қалдырып кете берген Тоқтарбеков еді. Енді ешкімге тура қарай алмай, ұяла күлімсірейді.


— Кешіріңіздер, жігіттер. Мен қателесіппін, — деді ол таза орыс тілінде.


* * *


Қысқы тактикалық жаттығулардың өзіндік ерекшелігі бар екен. Оны тіпті бұндай «соғыс жағдайына» алғаш қатысып отырған жас жауынгерлер де түсіне бастап еді.


Лейтенант Китайчуктің взводқа келгелі мұндай үлкен операцияға қатысып отырғаны — осымен екінші рет. Күзгі күнгі жауапты жорықтың абыройсыздау аяқталуы жас командирдің беделіне көлеңке түсіргені сөзсіз. Бұл арада көлденең машинаны көлік ретінде пайдалану жөнінде теріс кеңес берген сержант Кулибабаны емес, тікелей өзін жазғырады. Тасы өрге домалап тұрған өжет сержантқа тым еркінсімей, сын көзбен қарай бастағаны — осы оқиғадан кейін. Дәулетбаев турасындағы түсінігінің ептеп өзгергені де өз алдына. Жарты жылдан бері күнде көріп, бірге қызмет істесіп келе жатса да, бұл екеуін әлі күнге толық ұға алмапты. Адам психологиясы жөнінде әскери училищеде оқыған теорияларды есінен шығарып, солдаттарды өз бетінше қарадүрсін қисынмен бағалауға айналғаны — қай сасқаны? Өткен жолғы замполит Шафранның сөзі сол қателігінің тура төбесінен түсті емес пе? Ендеше «мынау үлгілі солдат», «анау нашар жауынгер» деп, қол астындағыларды қолмен қойғандай етіп бөліп-бөліп тастағанына жол болсын.


Аңғал да ақкөңіл Тоқтарбековтің жаңағы күлкілі әрекетінен гөрі лейтенанттың ойы Кулибаба мен Дәулетбаев арасындағы кішкене кикілжіңге айналшықтап соға берген. Ырсылдай дем алып, өзі де шаршай бастағасын ба, ойы пышырап, дәйекті бір шешімге келе алмай-ақ қойғаны.


Капитан Шафранның сондағы бір айтқан байыпты кеңесі үнемі жадында. Солдаттармен жеке жұмыс жасап, мандытып жүргені сонда да шамалы. Өзге командирлердің тәрбие мәселесін қалай тез реттей қоятынын кім білсін, ал өзінің әр жауынгермен жеке айналысып отыруға тіпті де уақыты жетпейді.


«Жарайды, мұның бәрі қалашықтағы әңгіме ғой, — деді Вячеслав Китайчук колоннаның межеге таянғанын байқап. — Маған алдымен нақты іс жайын ойлау керек. Енді осы жаттығу үстінде мүлт жіберсем, өзі азғантай беделдің бестиындық құны да қалмайды. Сосын қабілетсіз командир деген аттан өмір бойы арылып көр. Взводқа жүктелетін тапсырманы асықпай, мұқият талдағаным жөн».


Жаттығудың негізгі бөлігі ертеңінде-ақ басталып кеткен. Бірақ алдын ала болжағандай, қойылған тапсырманы стратегиялық тұрғыдан талдап, анализ жасауға лейтенант Китайчуктің мұршасы да болмай қалды. Рота командирінің бұйрығымен взвод тым шұғыл аттанды. Ат жоқ биіктігі мен Шырғанақ нүктесінің аралығында «дұшпанның» бір бекінісі бары анықталған. Взводқа жүктелетін міндет — «соғыспен барлау» жасауды іске асыра отырып, сол бекіністі жойып жіберу. Одан ары Яснеб шоқысына дейін «соғыспен барлау жасау» операциясын жүзеге асырады да, сағат тура он үш нол-нольде жиырма екінші шаршыда ротаның қалған тобымен түйісулері шарт.


Іркіс-тіркіс жылжыған үш БМП қарлы төбелердің ара-арасымен тиісті межеге қарай соқтырып келеді. Бұл — рота командирі көрсеткен ең оңтайлы маршрут. Ол кісінің бар айтқаны — «Одан ары қабылданатын тиісті шешім де, қимыл-әрекет те өз еркіңде. Тек абай бол, асықпа» деген құрғақ ақыл ғана. Қазір де еркің білсін дегендей командир рациясы тып-тыныш.


«Бірден осынша үлкен тапсырманы орындау... Әрине, оңай шаруа емес, — деп, ойлады Китайчук шайқалған машина ішінде планшетіне қарай отырып. — Ең ауыры — «бекіністі» жою. Оны қалай іске асырысақ екен?..» Жүрдек машиналар жер апшысын қуыра отырып, қамысты өзекке шықты. Енді негізгі объекті көлденең белестің ар жағында таяу болса керек.


Бірақ лейтенант Китайчук мықтап қателескенін кеш түсінді. Ұзынынан ұзақ жалдана өскен қамыстардың өр жағынан пулемет, автоматы аралас бірнеше қарудың бірден лап етіп қоя бергені. Енді бұлай келе жатып, бекіністі тіке шабуылмен алу мүмкін емес. Взвод командирі күтпеген соққыдан қатты сасып қалды. «Құрыдық, бәрі бітті» болды алғаш басына келген ой. Қатты абыржығаны сонша - маңдайы, жауырын ортасы тершіп қоя берді.


— Тоқтаңдар, солға қарай орағыта жүріңдер! — деді сосын өз құлағына жат дауыспен қырылдай айғайлап. Үш БМП да қамысты өзекті жиектей айналып, әп-сәтте бекіністің көзінен тасалана берді. Енді ғана өзіне өзі келгендей болған лейтенанттың санасында электр ұшқынындай тосын ойдың жылт ете қалғаны. Рация байланысы арқылы өзге екі машинаның командирлеріне келте бұйрықты беріп үлгіріп еді.


Қаусырмалы артқы есік арқылы жерге топырлай секірген жауынгерлер лейтенант әмірімен дереу тасаға жиналды. Ал жаяу әскердің соғыс машинасының үшеуі де ешқандай тоқтамастан, айналып келіп, манағы келген іздеріне қайта түскен. Дұшпан бекінісінің дәл алдымен сол қалпы кейін қарай зырлап барады.


— Енді былай істейміз, — деді лейтенант алқына сөйлеп. — Біздің машиналар кідірместен кейін қайтты ғой. Бұл қимылды «дұшпан» бекінісі сөзсіз бақылап отыр. Олар бұл маневрдің мәнісіне әуелі түсінбей қалады да, кідірмей кері оралғанын көріп, патрульде жүрген машиналар деп ойлайды. Қамыс тасасына түсірілген десанттан олар, әрине, хабарсыз. Қазір бекініс тынышталады. Біз күтпеген жерден шабуылға шығып, бекіністі «жойып жібереміз». БМП-лар шамалы уақытта қайта айналып соғады. Біз операцияны әрі қарай жалғастырамыз. Естеріңде болсын, тапсырманың ең жауапты сәті осы. Бекіністің тез жойылуы әр бөлімше, әр жауынгердің дәл де шапшаң әрекетіне байланысты, — дей келіп, командир әр бөлімшеге жеке-жеке нақты тапсырма берді. — Алға, жолдастар!


Х тарау


Қоймада /Кулибаба, Ванников/


— Бөлімше, отбой! Он бес минуттық демалыс.


Сержант Кулибабаның гүжілдек айқайы қуаныш хабаршысындай болып құлаққа жағымды естілді. Айналасы атшаптырым, төбесіне лақтырған бөркің әрең сүйкейтін аңғал-саңғал ауқымды ғимараттың іші. Темір жол станциясы басындағы даңғарадай бұл аумақты жай — кәдімгі зат қоймасы. Әскери бөлімнің жауынгерлері кезекпе-кезек осында келіп, жүкшілерге қолғабыс жасап тұрады.


Бұл жолғы жәрдемші топты бастап келген — ротаның қашаннан бергі қажымас белсендісі, сержант Леонид Кулибаба.


Қысқы тактикалық жаттығуларды сәтті аяқтаған жауынгерлер қалашыққа көңілді оралды. Күзгі кейісті жорықтан кейін еңселері көтерілмей жүрген кейбір жігіттердің де қабақтары жадыраңқы. Өйтпегенде ше?


Бірен-саран мүлт кеткен тұстарды ескермегенде, рота бойынша жалпы көрсеткіштің бағасы — «бес». Жаттығудың біткеніне бірер күн өтсе де, жауынгерлер сондағы әсерлерін айтып тауыса алар емес. Кең қойманың бір бұрышында алқа-қотан темекі тартуға кіріскен олардың қазіргі әңгімесі де сол.


— Біздің лейтенанттың басы сұмдық істейді екен ғой, — деп, сөзге май құйып маздатып отырған ефрейтор Анатолий Шпаро. Бұл да — Кулибаба тәріздес сөзуар, әңгімешіл жігіт. Бірақ сержант құсап салмақпен сыздана сөйлемей, үнін құбылта, қосыңқырап жіберуге бейім. — Бұрын қалай білмей жүргенбіз? Тосқауылға тура маңдайымен барып ұрынғанда да, түк сасқан жоқ. Сол екі арада десант тастау туралы ойдың келе қойғанын айтсаңшы.


— Операция, әрине, сәтті болды, — деді оған Кулибаба. — Бірақ аузыңды ашып, көзді жұматындай бұның ештеңесі де жоқ. Училищеде курсанттарға әлгідей оқыс қимылдың талайын үйретеді ғой, — дей келіп, өзі тақ училище партасынан жаңа келіп отырған ұғымтал шәкірттен арман қазіргі ұрыс тактикалары жөнінде әңгімелеп кетті. Қойнынан кітабын шығарып, бір шетте отырған Ванников та таңырқауын жасыра алмаған пішінмен қыбыр етпестен, құлақ түріп қалыпты.


Оның көңіл күйін қапысыз оқи қойғандай, Шпаро қолымен ишаралап, қасына жақындатты:


— Осының бәрін қайдан біледі? — деді сосын тоқтаусыз сыбырлай жөнеліп. — Біздің Леня бар ғой, құдай біледі, институт бітірген. Бізден жасырып жүр... Мен де мектептегі мықты оқушылардың бірі болғанмын. Ал мынау... жалпы басы сұмдық істейді өзінің.


— ...Сонымен сенің, ефрейтор Шпаро, лейтенантқа бұлайша таңырқауың орынсыз. Кез келген командир сөйтер еді. Тіпті мен болсам да, — деп, мықты-мықты дәлелдермен әңгімешіні мүлде тұқыртып тастағандай, сержант енді оған асқақатай қарады.


— Толя, дауласып нең бар сержантпен? — деді Ванников Шпароның құлағына аузын тақап. — Қанша сөзшең болсаң да, ол сені жеңбей қоймайды. Оның жалпы ешкімнен жеңілмейтінін білесің ғой. Мен Дәулетбаев Бахқа да ылғи осылай деймін. Ерегеспе жігіт емес пе Дәулетбаев, болмайды сонда да.


— Кулибабамен салыстырғанда, Дәулетбаев кім, ал, шынын айтқанда? Адамның қарынын ашыратыны рас қой. Өткен жолы саяси сабақ кезі есіңде ме? Картадан өзі туып-өскен жерді он минут іздеді ғой...


— Әй, екеуің неғып сыбырласып кеттіңдер? — деп, Кулибаба бұлар жаққа күдіктене көз тастап өтті. Шпаро да жылдам. Ванниковты лып етіп тастай беріп, дереу басқа сарынға ауыса қойған:


— Ех, Федя, Федя, — дейді енді Тайбахтиннің иығынан қағып. — Сол жолғы соғысты көре алмай, қор болдың ғой. «Дұшпанның» тосқауылын біз көзді ашып-жұмғанша басып алдық... Міне, былай тырылдаттық бәлемдерді...


Федордың сопақтау біткен кескінінде бәлендей өкініш табы бар деп айту қиын. Сирек кірпіктерін манаурай қағып, төмен қараған күйі қыбыр етпей отыр.


— Сендердің өтірік соғыстарыңа түк те қызықпаймын, — деді ол самарқау дауыспен еріне тіл қатып. — Таудың етегіне барып, қарға аунап-аунап қайттыңдар, ал не шықты содан?.. Өзімнің «Уралым» аман болсын. Соным далада қалдырмаса болды.


— Білеміз ғой... — Шпаро әлденеге көзін қысып, сықылықтай күлді, — далада қалдырмайтынын.


Оның жаздағы жанармай оқиғасын мегзеп отырғанын түсініп, өзгелер де ду күліп жіберісті. Сәлден кейін Ванников пен Шпаро екеуара әңгіменің жетегімен тағы оқшаулана берді.


— Өзгені қоя тұрып, мынаған жауап берші сен. Белецкийдің орнына неге соншалықты барғысы келгенін саған айтты ма? Өткен жолғы қылмыскерді ұстауға шыққандағы ше?


— Біліп отырмын. Бірдеме сұрасаң, кейде меңірейіп, тіл қатпай қоятын әдеті ғой. Қайта-қайта қадала бергеннен кейін ғана жауап қатты маған.


— Ә-ә, саған жауап беріп пе еді? Енді неғып осыншама уақыт соны бізге айтпай жүрсің? — деді Шпаро анық ренжіген реңмен. — Саған да Дәулетбаевтың тоңмойын мінезі жұғыпты әбден. Сондай нәрсені ішіңе сыйғызып қалай жүрсің, ей?


Станиславтың олақтау тілмен ықшамдап жеткізген әңгімесінен кейін Шпаро қабағын түйе, сәл ойланып қалып еді. Үшкілдеу біткен иегін сипалап, шүңірек көздерін Дәулетбаев жақтан алар емес. Әлдебір қаптардың үстінде құлақшынын маңдайына қарай түсіріп, өзімен өзі жатқан жалпақ бетті жігіт енді мүлде бөтен адамдай.


«Неге айттым?» — деген ой келді осы мезетте Ванниковке.— Қап, әтттеген-ай, Бахқа уәде беріп едім ғой. Тісімнен шығармаймын дегенмін. Енді келіп... Бұл да бәле. /Шпароны айтқаны/. Қадалып отырып, айтпасыңды айтқызады. Енді не десем екен Бахқа?»


Қойма ішіндегі гуіл басыла бергенде, құлағында сол жолғы әңгіме тағы жаңғырды. «Аузың берік жігітсің, білем. Сеніп айтып отырмын...» Бұл - Дәулетбаевтың тілегі.


« — Ол жағынан қам жеме, Бах». Бұл — Станиславтың сөзі.


«Ана жолы айттым емес пе, менің жақын адамдарым жоқ қой. Шешем... шешем қайтыс болған. Әкемнің қазір қайда екенін білмеймін. Бірге туған да менде жоқ. Ол жағын қазбалап сұрай қоймассың деп ойлаймын. Реті келгенде бір айтарым. Мүмкін, айтпаспын да.


Қысқасы, мен Белецкийді аядым. Обал ғой. Әскерге жаңа келген қыршын жас. Қылмыскерді ұстаймын деп, кенет жазым болып кетсе...»


«Сен ше? Сен қартайып тұрсың ба соншалықты? Кім болса да, алдымен өз жағдайын ойлайды емес пе».


«Ойлаймын, әрине, — деген сонда Дәулетбаев еріндерін жымырып тұрып.


— Бірақ, Белецкийдің жағдайы менікімен қиын. Күнде көріп, біліп жүрмін ғой, ылғи байқаймын...»


« — Нені байқайсың?»


«Белецкий мен сияқты жалғыз емес. Оған күн сайын хат келеді. Телеграмма, құттықтау алып жатады. Яғни, оның жақсы көретін, іздейтін адамдары көп. Ал мен ше?.. Егер ол бірдемеге ұшыраса, әлгі жақындарының бәріне ауыр тиер еді... Менің жағдайым мүлде басқа ғой...»


Дәулетбаев бұдан әрі тереңдеп ештеңе айтпаған. Станиславтың қадалып сұрастыра түскісі келетін ынтық нәрсесі әлі де көп еді. Егер оның орнында тіл мен жағына сүйенген мына Шпаро болса, сүліктей қадалып, қыр соңынан қалмай қояры анық. Адамның алды-артына шығып, әйтеуір кілтін табады.


Нәті жұмсақ Станислав осы жауаптардың өзін үлкен олжа деп ұғып, соны іштей қанағат тұтқан. Бірақ, Дәулетбаевтың әзірше шашаусыз берік сырына түбі бір қол жеткізеріне іштей сенімді.


«Білсе, білсін, — деді Станислав кенет серпіліп кетіп. — Несі бар, білсін?» Қайта Дәулетбаевтың осы сырын ротаға баяғыда таныту керек еді. Ол туралы теріс ойлайтын кейбір жігіттердің шындыққа көзі жетсін. Арамтер болып, дәлелдей алмай-ақ қойдым емес пе?.. Өзімнен де бар, көңілшектік жасап, Бахтың айтқанына көніппін. Еркіне салсаң, ол өзін өзі мүлде терістегісі бар...»


Дәулетбаев төңірегіндегі күмән тұманы ұжымда тегіс сейіліп бітті ме? Ванниковтан өзге оны жақтаушылар да біраз. Солардың ішінде шоқтығы жоғары тұрғаны, әрине, замполит Шафран. Ванниковтың баяғы білегінің әсері ме, әлде өзге де себебі болды ма, әйтеуір замполит көзіне түссе, Дәулетбаевпен сөйлесе кетуге бейім. Тек әңгімеге шорқақ жігіт капитанға жарылып ештеңе айта қоймаған тәрізді. Рас, қараундағы жауынгер атаулыны жатырқау замполиттің әдетінде жоқ. Бір кезде кертартпа аталып, жаманаты басымырақ шығып жүрген Тайбахтин, Кихеевтермен де жақын-жақыбай адамша іш тартып сөйлесе кететіні де сол мінезі. Әке-шешеден, ел-жұрттан алыста жүрген жас адамға командирдің бір сәт назар аударғанының өзі неге тұрады?


Түскі үзілістің талмаусырап барып, таусылар сәті. Қойманың өз адамдары жұмысқа кірісу қамында, әр тұстан айғайласа сөйлеп, ол-пұл заттарды реттеп, жинала бастаған. Жәрдемші солдаттар әлі де сыртта. Бұрыштағы қап үстінде қалғып жатқан Тайбахтин, одан жоғарырақ транспортер лентасының түбінде отырған Ванников қана көзге түседі.


Білегіндегі сағатына мазасыздана қараған сержант Кулибаба маңызды басшы адамдардың мәнерімен әрлі-берлі адымдап жүр. Сырттан кірген Дәулетбаев теңселе басып, оның қасына келді. Қаракөлеңке жарықта екеуінің көздері өзінен өзі бір сәт түйісіп қалып еді. Сержант қашанғысындай өктемдік, өрлік танытқысы келсе, жауынгер ештеңеден тайсалмайтын еркін қалпынан танар емес.


— Дәулетбаев, — деді Кулибаба ақыры сөз бастап. — Қайда өзгелері?


— Мен қайдан білемін? Оларды бағып жүрген мен емеспін.


Бұл жауаптың астарынан «Оларды бағып жүрген сенсің» деген ишараны таныған сержант қиғаштана тағы қарап қойды. Бағыныштысының бетін қайтарып тастауға оқталып, тамағын кеней беріп еді, желдеткіш пе, компрессор ма, әлдененің үні гуілдей жөнелді.


Қалың шуға селт етпеген Ванников қана. Қолындағы кітапқа шұқия үңіліп қалған. Өткен жолғы Женяға жазған хатында айтылған тарихи романдардың бірі. Он жыл бойы бір сыныпта оқыған екеуінің қарым-қатынасы қызық. Әлі де сол мектептегі күндердей достығы үзілмейді. Бір-бірін жақсы көреді, алыстап кетсе, сағынады, бірақ қыз-жігіт ретінде байланыс жасауға бармайды. «Біздікі махаббат емес, жай достық, — деп түсіндіреді Станислав мәнісін сұраған таныстарға. — Кәдімгі ұл мен қыздың достығы...» Дәулетбаевтың та шын жүректен ұнататын қызы жоғын естігенде, оның «Екеуміз осы жағынан ғана ұқсайды екеміз» — деп күлгені бар.


Дәл қазір Ванниковтың қыз жөнінде ойлауға да мұршасы жоқ. Өзінің қайда жүргенін мүлде есінен шығарып, қызық оқиғаның ішіне тереңдей еніп барады. Женя айтса, айтқандай екен. Бойжеткен қыздар әдетте махаббат, қазіргі өмір жайлы жеңіл жазылған кітаптарды оқушы еді, ал мұның романтик құрбысы осындай шытырман оқиғалы шығармаларға құмар. Екеуін кішкентай кезден жақындастырып, достыққа дәнекер болған осы бір ортақ әуестік шығар. «Женя айтса, айтқандай екен...»


Кенет... Иә, кенет әлдене қараң ете қалды да, қатты соққыдан Станислав әлдеқайда ұшып түсті. Мұндай оқыс жағдайда не болып, не қойғанын түсінетін шама қайда? Әйтеуір шынтағы тағы бір жерлері әлденеге қатты соғылып, тым жайсыз құлаған секілді. Қорқып үлгіре алған жоқ. Көзін ашып алғанымен, дөңгеленген буалдыр дүниеден түк түсінсе бұйырсайшы. Ауырсынғаны сондай — өзі де ештеңе сезбестен, ырқынан тыс ыңырси береді...


Мұндай жағдайда жұрттың лезде айнала қоршап, үймелесе қалатын әдеті. Әлгінде ғана қойма ішінде жөнді ешкім жоқ сияқты еді. Енді қараса, жан-жағы қаумалаған жігіттер. Солардың үзік-үзік сөздерінен шала-шарпы ұққаны мынау.


Транспортер тоқтағанда лента үстінде жалғыз жәшік қалып қойған екен. Оны ешкім ескермеген. Қойманың сыртында транспортерді қосқан адам жәшікті көрмей, лентаны бос айналып тұр деп ойлауы салдарынан жәшік тура үстінен құлап, Ванников майып бола жаздаған. Абырой болғанда, жеңіл жарақатпен ғана құтылыпты. Мұны құтқарған өзге емес, әлгінде ғана Шпаро екеуі сөз етіп, таңдай қағысқан Дәулетбаевтың тақ өзі. Анадай жерде тұрған жігіт, қалай екені белгісіз, жәшік құлай бергенде, Ванниковты бар пәрменімен қағып жіберіпті...


— Қойшы-ей, тағы да Дәулетбаев па? — деп, ойына оралғанды табан астында айтып тастауды ұнататын Шпаро көздерін алақ-жұлақ еткізіп, төндіре сөйледі. — Ванниковтан бағана естігеніне мына оқиға қосылып, тіптен таң-тамаша. Екі сөзінің бірі — «керемет», «сұмдық».


Жігіттердің бір жазатайымнан аман қалғанына шүкіршілік еткен жауынгерлердің ендігі имене көз тіккендері — сержант Кулибаба. Қарауындағы жұрттың қай кемшілігіне де төзіп тұра алмай, басқа шауып, төске өрлеп шыға келетін қатал командир дәл осы жолы барлығын бидайдай қуырар-ау. Әсіресе, техника қауіпсіздігі ережесіне енжар қарағаны үшін Ванниковқа қалай ұрысса да, сыйып тұр. Әркімнің көкейінде бұғып жатқан келесі қауіп осы.


Бірақ сержант ешкім күтпеген тосын мінез танытты. Дәулетбаев пен Ванников станция басындағы медпунктке кеткеннен кейін қарадай репеті қашып, құр сүлдері тұрған ол бір жәшіктің үстіне отыра кетті. Мұндайда әлемтапырақ болып ызбарлана қалатын, жайшылықта сұсты көрінетін өңі дәл қазір қаны қашып, сұп-сұр. Қатты қиналған адамдай төмен қарап, ернін тістелей береді.


— Бір жерің ауыра ма? — деген сұраққа Қулбиба басын шайқады да қойды. Мазасын алып, қажай бергенді жақтырмайтын мінезі қатты жігіт. Соны білетін жауынгерлердің ешқайсысы мұнан кейін әлгі сұрақты қайталауға тәуекел еткен жоқ. Өзара көз қарасып, иықтарын қозғады да, барлығы жұмысқа кірісіп кетті.


Қатал сержанттың аяқ астынан неғып бұлайша құты қашып, абыржи қалғаны жұмбақ болып қала берді.


* * *


— Мен сонда Дәулетбаевқа қатысты бір пікір айтқан сияқты едім, — деді капитан Шафран взвод командиріне қарай денесімен бұрыла. — Есіңде ме? Дәл не айтқанымды ұмытыңқырап тұрмын. Бірақ...


Бұл кісі рота командипінің саяси істер жөніндегі орынбасары еді.


— Иә, иә, есімде. — Шапшаң мінезді лейтенант әдептілік әліппесін жадынан шығарып, замполиттің сөзін асығыс бөліп кетті. — Қазір айтайын сізге. Есіме түсіріп аламын да, айтамын. Міне, міне... Капитан темекісін ақырын сора түсіп, қасындағы жігітке күлімсірей қарап отыр. Осы лейтенанттың қимылы ғана емес, сөзі де шапшаң. Көкейіне оралған нәрсені артын ойлап жатпастан қолма-қол лақ еткізіп айтып тастауға әзір. Жеңілтек мінезді ініге кешіріммен қарайтын кең қолтық ағадай әріптесінің бұл қылығын капитан да төзіммен бақылап отыра берді.


— Сонда сіз маған «Дәулетбаевты жазалай бермей, онымен жеке жұмыс жүргізу керек» дегенсіз. Ешқандай қатысы жоқ, дәл осылай айтқаныңыз рас, — деді лейтенант


Темекі тұқылын баппен өшірді де, капитан Шафран сөз тізгінін енді өзі алды:


— Сонда Дәулетбаевпен менің де жеке айналысып көргім келген. Ротада жұмыс көп. Жауынгерлермен өткізетін күнделікті саяси, мәдени шаралар. Қағаз, жиналыс... Қысқасы, сондағы айтқан сөзімде мен тұра алмадым.


— Кешіріңіз, Евгений Георгиевич, олай демесеңізші. Сіз Дәулетбаевпен сөйлесіп жүрсіз. Кейде тіпті екеуіңіз жап-жақсы әңгімелесіп қаласыз. Яғни, не ғой... жеке жұмыс жүргізіп жүрсіз.


— Ол кейінгі кезде ғана. Қылмыскерді ұстауға байланысты оқиғадан кейін мен ол жауынгерге еріксіз көңіл бөліп едім. Бірақ оны тура жарғыдай жаттап алдым деп айта алмаймын. Өзге жігіттер тәрізді емес, ішін оңай бере қоймайды екен. Адамды бойына жақындата бермейді. Жауабы көбіне дөрекі. Өзін жұрттың ұнатпайтыны да осы мінезі-ау.


— Мен сізге айтып едім ғой...


— Айттыңыз, бірақ сізден бұрын қатардағы жауынгер Ванниковтың айтқаны есімде, — деп, Евгений Георгиевич лейтенантқа көз аудармай, ұзақтау қарап қалды. — Сізден тәп-тәуір командир шығады. Қысқы батальондық жаттығудың нәтижесі соны байқатады. Бірақ сіз, Вячеслав Юрьевич, қол астыңыздағы жауынгерлерге әлі де жете назар аудармайсыз. «Иә, иә, не» деп дауласқалы тұрғаныңызды шамалап сеземін.


Өзге командирлерге қарағанда жауынгерлермен тығыз қарым-қатынас жасайтыныңыз рас. Олармен көбіне бірге боласыз, әңгіме айтасыз, әзілдесесіз. Жақсы қасиет, әрине. Бірақ, олардың әрқайсысының жан дүниесіне енуге тырыспайтын сияқтысыз. Жауынгермен сөйлесесіз, кемшілігін байқасыз, бірақ оған назар аудара қоймайсыз...


— Менің назар аударатыным — олардың көрсеткіштері, — деп Вячеслав Китайчук дес берер емес. — Өзіңіз білесіз, взвод норматив орындаудан ақсап келе жатыр ғой. Алдымен әскери қызметтің сапасын ескермесе бола ма?..


— Иә, сіздің менімен неге дауласқыңыз келетінін түсінетін сияқтымын. Ол жөнінде әлі де әңгімелесерміз. Айтайын дегенім — жолдасын қатерден алып қалғаны үшін Дәулетбаевқа алғыс айтуымыз керек. Батальон командирінің атына ұсыныс жасайын деп отырмын. Алдағы жұмада ротаның комсомол жиналысы ғой. Комсорг Шпароның баяндамасын тексеріп отырсам, нашарлар қатарында Дәулетбаевтың фамилиясы тағы жүр. Сызып тастауға тура келді. Біз оның үлгілі жақтарын, керісінше, мақтауымыз керек емес пе?..


ХІ тарау


Паркте /Шпаро, Кулибаба/


— Бұрын сыпырғыш ұстап көріп пе едің өзі? — Дәл қасына келіп ауыз жаппастан ақыл айтып тұрған ефрейтор Шпароны жас жауынгер бас шұлғып қана үнсіз тыңдауға мәжбүр. — Ұстамасаң, мә, дұрыстап ұста. Армия деген, шырағым, саған әлі бәрін үйретеді. Шұлғау ораудан бастап, инені қалай ұстау керектігін де. Әнеукүні қоймаға барып, жүкші болсаң, бүгін, міне, машина паркін қалай тазалау керектігін де көрдің. Еңкеймей, денеңді тік ұста. Міне, былай... Әне, сөйт!


Комсоргпын деген желеумен өзінше белсенділік көрсетіп, жастарға ақыл үйретуден шаршамайтын Шпароның қылығы кейде күлкілі де. Сырмінез жолдастары бұған қазір мырс-мырс етіп, анадайдан әжуалай қарасады.


— Толя, мына зембілдің басын ұстасып жіберші, — деген Ванниковты қасынан өте бере, Кулибаба бір қағытып кетті:


— Жоқ жерден сызыла қалып қайтесің оған? Шпаро жалынғаныңды түсінуші ме еді? Біз сияқты аға сержанттың өзі жолда қалдырайын деп тұрса, ол сені қайдан тыңдасын? «Шпаро, кел бері, көтер мына зембілді» деп бұйыра сөйлесең, дауасы сол.


— Екеуімізді де қатырды, — деді Шпаро Кулибаба өтіп кеткесін сықылықтай күліп.


— Менің пысықтығымды ұнатпайды өзі. Орнын алып қояды деп сескенеді-ау деймін. Ал сенің бостығыңды келекелеп тұр. Байқайсың ба? — деді сосын екеуі зембілдегіні қоқыс жәшігіне төгіп келгесін. — Кулибабаның Дәулетбаевқа көзқарасы өзгерген сияқты. Бұрынғыдай емес. Есіңде ме, Дәулетбаевты қымс етсе, қудалап жүретіні. Талай рет старшинаға айтып, кезектен тыс наряд бергізген. Дұрыс жинамадың деп төсегін де аударып тастайтын.


— Е-е, талай айтылған әңгіме ғой. Сен, Толя, онан да Кулибаба қалай өзгерді, соны айтшы анықтап.


— Кеше химиялық қорғаныс комплексін кию кезінде Дәулетбаев, тағы бір-екі жауынгер нормативті орындай алмай қалды ғой. Кулибаба ана жігіттерге ұрысты да, Дәулетбаевқа ештеңе деген жоқ.


— Солай ма, мен аңғармаппын.


— Өткен жолы шаңғы жарысында Дәулетбаев тағы да жұрттың соңында қалды. Кулибаба ескерту жасады да, үндемеді. Бұрын ондайда жұрт көзінше ақырып жіберуші еді.


— Иә, оны мен де көрдім. Мүмкін, аға сержант атағын алғасын жібиін деген шығар.


Кулибабаның дәрежесінің өскені жуырда, әнеукүнгі станция басындағы оқиғадан кейін ғана. Станиславтың қазір мегзеп тұрғаны сол.


— Жоқ, Дәулетбаевтың сені қалай құтқарғанын өз көзімен көргеннен кейін, осылай болған сияқты. Тегі оны іштей мойындай бастады-ау деймін. Ақылына келсе, өстіп, мағынасыз ерегесті қоятын кезі жетті ғой оның.


— Рас, — деді қар астынан шыққан қоқысты зембілге күректеп салуға кіріскен Станислав. — Осы екеуінің бітпейтін кикілжіңі қасындағы жүрген біздерді де мезі қылып жіберді өзі...


— Білем ғой, ол жағын несіне айтып тұрсың? Кулибаба алғашында қатты шүйлігуші еді ғой. Бәрі оны үнсіз тыңдайтын. Мысалы, Федя қарсыласпай, әйтеуір жазасын алып жүре береді. Ал сенің досың...


— Неменеге табалайсың? Иә, менің досым ол.


— Қойшы сен де. Мен ешқандай кекетіп тұрғаным жоқ. Өзіңді құтқарып қалғаннан кейін оны досым емес деп айтып көрші. Тіпті сыртына шығармағанмен, Кулибабаның өзі де енді соны мойындайтын сияқты...


— Мәселе — достықта емес, — деп, зембілді көтере берді де, Ванников сәл шайқалақтап кетті. Әңгімемен тұрып жүкті қайқайта тиеп жіберіпті. — Менің орнымда кім отырса да, Бахтың сөйтетіні анық.


Әскери дәрежесі өсіп, мерейі артса да, Кулибабаның бойын соңғы кездері бір көңілсіздік билеп жүргені рас еді. Дәулетбаевтың өжет те шұғыл қимылын өз көзімен көріп, сол оқыс сәттің бірден бір куәгері болған сержантты соншалықты мазалаған нендей жайт? Осынау жалғыз сауалға жауап беретін өр мінезді өркөкірек жігіттің өзі ғана. Ол үшін қойма ішінде сол күнгі оқиғаны көз алдына түп-түгел қайтадан елестетуі тиіс.


...Кулибаба мен Дәулетбаев бір-біріне жақтырмай қарасып, қыжырата сөйлегеннен кейін әңгіме өрбімей қалды. Екеуі де үнсіз. Кенет әлдене ішін тарта гу ете түсті (артынан аңғарса, транспортерді жүргізетін қуаты күшті электромотор екен). Аяқтарын талтайта қадап, екі қолын артына ұстаған сержант сол әуелгі мығым қалпында. Әлгі гуілге Тайбахтин де, Ванников те бастарын бір-бір көтергендері болмаса, орындарынан қозғала қоймады.


Біреу табанынан біз тығып алғандай Кулибабаның оқыстан шоршып түскені осы сәтте. Көзін тайдыра берген Дәулетбаев оған қайта жалт қарады. Қас-қағым сәтте сержанттың өңі аппақ қудай болып кеткен сияқты көрінді оған. Ерні икемге келмей, дірілдеп, әдеміше көкшіл көздері шарасынан шыға, бір нүктеге қадалып қалыпты. Қолын алдыға қарай дәрменсіз шошайтқан сержанттың қойма ішіндегі гуілмен жарыса, аузынан қарлығыңқы әлжуаз дыбыс шығады.


Дәулетбаев та еріксіз жалт бұрылған. Сөйтсе лентасы салбырап жаңа ғана тыныш тұрған ұзын транспортер қозғалып кетіпті. Оның екінші жақ ұшы сыртта. Ол жақтан салынған затты іштегілер қақшып алып, екі қапталға жинастыра берулері тиіс. Дәл қазір транспортер лентасының үстінде бір жәшік жылжып келеді. Әлгі үзілісте лента үстінде елеусіз қалып қойғанға ұқсайды. Ал оның тұп-тура құлап түсер жерінде жатқан Ванников мүлде жайбарақат. Жоғары қарамақ тұрғай, кітап қызығына әбден берілген ол айналасына мүлде зер салар емес...


Ішінде не бары белгісіз ана жәшік көлденеңдеп жатқан адамның үстіне құлауға таяп келеді... Төрт, үш секунд. Содан кейін не боларын ойлаудың өзі қорқынышты... қанша тыпырласа да, буыны құрып, орнынан қозғала алмай қалған Кулибаба келесі сәтте бетін қос қолымен баса қойып еді. Ешқандай өтірігі жоқ, масқара болғанда шынымен сөйтті ғой. Кейін есіне түскен сайын бетінен оты шығатын, ішінен ғана қалғанын қиналатын сұмдық әрекетке қалай барып қалғанын білмейді...


Ештеңені көріп, сезер емес. Таусылып бітпес зор гуіл ғана құлағында тұнып қалған. Әр секунды минутқа татитын ауыр уақыттар.


Зордың күшімен көзімен сығырайта әрең ашып, саусақ арасынан сығалай көргені — тақтай шетінде қисайып жатқан жаңағы жәшік. Адам жоқ. Ештеңеге түсінбеген жігіт екі қолын ербите көтеріп, сәл кідіріп қалды да, алға қарай ышқына ұмтылды.


— Н-не болды?.. Не болды, жігіттер?..


Болған жайтты артынан орнынан тұра алмай, ыңырсып жатыр екен. бушлатының өңірі, бет-аузы сатал-сатал шаң. Өзіне-өзі келе алмай, аянышты кескінмен құр ыржалаңдай береді. Дәулетбаев еңкейген қалпы маңдайын сипалап тұр. Қасына үрейлене жүгіріп барған адамдарға қарар емес.


Кітап қызығына беріліп, еш алаңсыз отырған Ванниковты Дәулетбаев ышқынып барып, қағып жіберіпті. Одан арғысын екеуі де жөнді білмейді. Әйтеуір көлденең тақтайдан ұмар-жұмар домаланған күйі қойманың тас еденіне құлап түссе керек. Бірінің тізесі, бірінің маңдайы сүрілген, Дәулетбаевтың бет-аузы кәдімгідей қызыл ала қан.


Көз алдына сол бір сәтті қанша елестеткенмен, осы күнге дейін сержант болған оқиғаны тіпті де миына сыйғыза алмайды. Әлгі қас-қағым сәтте қасында тұрған Дәулетбаевтың сонау транспортерге дейін қалайша жалғыз-ақ қарғып, жетіп барғанын (өзі тағы мұндай қимыл жасауды көзге түспей жүрген адам), жетіп барып қана қоймай, бейғам отырған жігітті қалайша қағып жібергенін. Сол сәтінде бағалап, кесіп-пішуге шамасы жетпеген, қанша ойлағанымен кейін де шындыққа жанастырғаны шамалы.


Бұның сондай қысылшаң сәтте жүрексіздік білдіріп, қарадай дәрмені қашып кеткенін Дәулетбаев, сөз жоқ, көрді. Қызмет бабын пайдаланып, өзіне қиянат жасап жүрген айбынды жігіттің осал жерінен тап басып, ұстай қойғанын қарашы. Сол оқыс оқиға кімнің кім екенін Дәулетбаевқа ғана емес, Кулибабаның өзіне де танытып берді ғой. Төсегін шықырлата аунақшыған аға сержант сол түні талайға дейін көз іліндіре алмай, күйзеліске түсіп еді. Үсті-үстіне төніп, кимелескен қалың ой ұйқы атаулыны үркітіп, мүлде бездіріп жібергендей.


«Міне, саған, жолдас аға сержант. Бүкіл ротада өзіме жетер жігіт жоқ деп іштей көкірек керуші едің. Тек іштей ғана болса, бір сәрі ғой... сенің ақылың да, біліміңде, айбарың да қауіп-қатермен жеме-жемге келгенде дәрменсіз екен... қайдан білейін. Қатыннан арман есім шықты-ау. Қолымды ербеңдетіп тыпырладым да қалдым. Тіпті айғайлауға дәрменім жетпеді. Мен сөйтіп тұрғанда Дәулетбаев нағыз еркекке лайық қимыл жасады. Өзі жарақат алса да, қыңқ деген жоқ...»


«Ең бастысы — ол емес... — деп сержант осы бір көңілсіз ойды ары қарай сабақтай түсті. -Дәулетбаевтың менен есесін қайыратын реті келді. Бүгін өзі жараланып жатып, ештеңе дей алған жоқ. Госпитальдан келгесін, менің жүрексіздігімді жұртқа жаяды-ау енді. Бәрінен қиыны сол...». Осы ой басына келуі мұң екен, миының түбін әлдене қарып түскендей болды. «Иә, сөйтеді... ондай кекшіл, шақар адам орайы келген сәтті бос жібере ме?.. Жоқ, әрине. Не деймін мен сонда? Жауабымды мықтап тұрып дайындап қоюым керек. «Айтып тұрғаныңның бәрі өтірік, қып-қызыл жала» деп, беттетпей қойсам ше?.. Дәлелдей алмас. Өзі сөзге шорқақ адам қалай дәлелдесін...»


«Тайбахтин... жоқ, ол көрмеген секілді. Сыр тартып байқағам. Оның аңғармағаны анық. Аңғарса, бір сыр берер еді. Иә, көрмеген. Одан қауіптенбейін... Жақын тұрған басқадай ешкім болған жоқ. Демек маған қиыны тек мына Дәулетбаев... амалын табу керек. Иә, амалын таппасам, атағы дүркіреген аға Кулибабаның құны бес-ақ тиын...»


Іштей осылай ширығып, әрқилы ойға кеткен жігіт сыртына сыр берген жоқ. Екі күннен кейін госпитальдан оралған Дәулетбаевтың шабуылын іші қалтырай күткен еді. Этика, сыпайыгершілік деген ұғымды онша сезіне бермейтін топастау жауынгер ғой, өзі бұратана ұлттың өкілі, тарпа бас салып ұрына кетпесіне кім кепіл. Көз астымен бағып күтіп жүргені сол. Бірақ Дәулетбаев бұған тіс жарып, ләм-мим деген жоқ. Ішкі құбылысын танытпай, адамға меңіреулене қарайтын көздерінен де ойға тиянақ болар ештеңе сезілмеді. Алғашқы күн ешқандай ұрыс-керіссіз жым-жырт өтті...


Міне, содан бері өзі қатты алаңдаған жайтты Дәулетбаев ләм-мим деп бір де бір рет ауызға алған емес. Осыған дейін негізгі қарсыласы деп ұққан адамның ұрымтал сәтті пайдаланбай, үн-түнсіз тып-тыныш қалуы мүлде түсініксіз жайт, көңілге қонбайды. Көңілге қонбаса да, әзірше шындық осы.


Дәулетбаевқа деген көзқарасын өзгерте бастағанын әуеліде сержанттың өзі де сезген жоқ-ты. Екеуара қарым-қатынастың енді өзгеше арна тауып, басқаша сипат ала бастағаны -сананың ырқынан тыс...


ХІІ тарау


Төрт секундтық шешім /Батпақты тоғай/


Екеуінің еншісінде — демалыс күнгі еркіндік, қайда асықсын. Айналадағы абыр-сабырда шаруасы жоқ. Бас түйістіріп, жайбарақат қана әңгімелесіп отыр. Дәулетбаевтың бұлайша ашыла сөйлесіп, сұп-сұр өңін жымиыс жылытатын кезі сирек. Бүгін оның көңілінің көтерілетін реті де бар. Әлгінде ғана хат алған. Өзгелер үшін хат алысу деген әскер тіршілігінің күнделікті көрінісі болса, ешкімнен хабар күтпейтін адамға мұның өзі ерекше оқиға ғой.


Арналы әңгіме бүгін пошта жеткізген сол жаңалықтың төңірегінен өрбіді. Әлде осы қуаныштың әсері ме, әлде Ванников кілтін тапты ма екен, шамалыдан соң Дәулетбаев кәдімгідей ақтарылып сөйлеп кетіп еді. Ауызша сөзге шорқақтау жігіттің үніндегі толқу нышаны айқын.


Хат Дәулетбаевтың мектептегі бір ұстазынан келіпті. Неше жыл оқытқан, сынып жетекшісі болған адам. Бұл күндері елудің жуан ортасына келген ағайы өзі білгеннен бері дімкәс екен. Анда-санда екі өкпесі қысып, жөтеліп қалатыны бар. Кейде, тіпті, екі көзінен жас парлап, қатты булығады. Сонысына қарамай, ұстаздық қызметіне деген ықыласы керемет. Бейне бір алдынан өткен шәкірттің бәрі математик болып шығуы тиіс секілді өз пәнін жанын сала оқытады. Бірақ мұғалімнің ол қасиетін ескеріп, бағалап жатқан Дәулетбаев па еді? Өзге балалар есепті жаңғақша шағып жүргенде, математика сабағына ол ең құрығанда бір жөні түзу баға ала алмай-ақ кетіпті. Оқуға ынтасы жоғын былай қойғанда, керісінше, ұстазын мазақ етіп, жазықсыз жәбірлеген. Сонда нақты нендей сотқарлық жасағанын Дәулетбаев атап қойған жоқ.


— Еһ, ақымақпын ғой мен, — деді аздан кейін бар болғаны. — Таза ақымақпын. Жай сотқарлық емес, ақымақтық. Мектеп директорының алдынан сан рет қорғап қалғанын да түсінбедім мен. Неғылған жиіркенішті тірлік десеңші. Кластан класқа әрең көшу... бұзықтық істеп, бүкіл мектепті шулату... айналадғы жұртқа жеккөрінішті болу.. Фу, тіпті еске алуға тұрмайды. Мені училищеге апарып түсірген де осы ағай еді. Түзелер, есі кірер деп күткен. Итпін ғой мен, нағыз итпін. Сенімін ақтағанды қойып, училищені тағы шулаттым. Бір күні ағай көшеде кездесіп қалып, қатты ренжіді. Мектептегі шәкірт сияқты емес, кәдімгі үлкен адамша сөйлесті менімен... «Кімің бар сенің? — деді сонда. — Өзіңе өзің мықты болсаңшы». Тұп-тура осылай деді...


Осы жерге келгенде Дәулетбаевтың үні бір түрлі тарғылданып, қырылдай шыққандай болды. Сосын ләм-мим деместен, іштен тынған қалпы өзімен өзі отырып қалған. Аяқ астынан орныққан ауыр тыныштықты бір ауыз сөзбен бұзуға Ванниковтың мүлде тәуекелі жете қоймағандай. Сәл кідіріп барып, ойын ққайта жалғаған әңгімешінің өзі:


— Мені ұмытпапты, — деді гимнастеркасының қалтасынан хатты қайта суырып алып. — Кәдімгідей амандық-саулығымды сұрапты. «Армия деген математика сабағы емес, еркелігіңді көтермейді» дейді. Әне, көрдің бе? Бір кезде менің жазықсыз жәбірлегенімді аузына да алмаған.


Әй, итпін ғой мен, итпін...


Бұрын мұндайда тығылып үндемей отырып қалатын Ванниковтың жұбату сөзі қазір қалтасынан суырып алғандай даяр екен. Өзі бұрыннан жіпке тізіп жүрген жолдасының тәуір қасиеттерін тілге тиек етіп келді де:


— Ондай адам өзін өзі кінәламас болар, — деді жіңішкелеу шықса да, сабыры басым үнмен. — Мені құтқарып қалғаныңды айтпай-ақ қояйын тіпті. Оны ерлік емес, түкке тұрмайтын нәрсе деп жүрсің ғой өзің...


Сұйық қастары түйіле түсіп, лезде түнере қалған Дәулетбаевтың түрі баяғы бір көңілсіз жадағай қалпын қайта тауып еді. Мұрынын тартып қойып, басу айтып жатқан Станиславтың сөзі құлағына жетіп отыр ма, жоқ па, кім білсін, әйтеуір қысқа кірпікті шегір көздер әлде бір нүктеге шегелегендей қадалып қалыпты. Ыңғайсыз тыныштықты дневальныйдың дәліз жақта:


— Р-о-т-а-а! Шығып, сапқа тұр, — деп созалаңдай жеткен әмірі бұзды.


Түнгі жаттығуға бет алған рота жауынгерлерінің көңіл күйі көтеріңкі. Бөлімге поштаның келгені — әлгінде кешке қарай ғана. Жол қатынасына орай байланыстың бұлайша кешігуі ақ қар, көк мұз уақытында болып тұратын жағдай.


Полигон басына жеткесін, рота жауынгері сабаққа дереу кірісіп кетпей, сәл аял жасады. Шоғыр-шоғыр болып, әр жерде әңгіме құрған жұрт жайбарақат.


— Қараңдаршы, бүгін аспан қандай тап-таза, — деді Ванников қиялдаған адамдай беріле сөйлеп. Жоқ жерден айта салатын осындай кітаби сөздері үшін кейде біреулер өзін қолма-қол келемежге айналдыра қоюшы еді. Қазір олай емес, жоғары қарай жағалата көз салған жауынгерлер оның ойын бірінен кейін бірі іліп алып, жарыса қоштап жатыр.


— Тіпті еш жерден шөкімдей бұлт көрінбейді.


— Мұндай қатты аяздарда аспан шаңытып тұрушы еді. Қазір оның да елесі жоқ.


— Жұлдыз қандай көп. Жалпы қысқы түннің жұлдызы жаздағыдан қалың бола ма деймін.


— Ауаны қараңдаршы, ауаны. Қандай тұнық...


— Тебіренбей қоя тұр. Қазір ол ауаны дәрі түтінімен ыстағанда көресің...


Гранатаны түнде лақтырып үйрену жаттығуын басқарушы — рота командирінің тікелей өзі. Әлсін-әлсін нұсқау беріп, граната лақтырудың ұсақ-түйегіне дейін тәптіштей, қайталай ұғындырып, бар шаруаны кешеуілдете берді. Екі сөзінің бірі:


— Естеріңде болсын, сақтандырғыш ілмекті тартқаннан кейін граната төрт секундтың ішінде жарылады. Төрт секунд. Ұмытпаңдар соны. Оқу гранатасы қандай болса, бұл да сондай.


Гүрс ете түскен алғашқы жарылыс тымық түннің тыныштығын шытыната тіліп, төңкеріп түсірді. Соғыс қаһарының ұйытқып жеткен кездейсоқ лебіндей бұрқ-бұрқ етіп қар тозаңы көтерілді. Бойдағы қан тамырды солқылдата ағып, кезек күткен жігіттердің дегбірін қарадай қашырды. Сәл қорқыныштылау жауапты сәтке жеткенше жүрек шіркін лүпілдеп әкетіп бара жатқандай. Тиісті міндеттен құтылып, қалың топқа қайта қосылғандар жарқын-жарқын сөйлеп, мәз-мәйрам. Бар жауды бір өзі жамсатып қайтқаннан бетер күмпілдеп жүрген Шпароның үні әсіресе басымырақ естіледі.


Сақтандырғыш ілгегі сытырлаған гранаталар әмір бойынша алға қарай шырқай ұшып, әлдеқайда гүрс-гүрс түсіп жатыр.


Алдыңғы позицияға шыққан кезекті топтың ішінде Кулибаба мен Дәулетбаев бар болатын. Гранатты оң қолына ұстаған сержант Кулибаба асып-саспай сабырлы күйде тұр еді. Оң жағындағы Дәулетбаевтың алға қарай ұмсына беріп, лып етіп сүрініп кеткенін көз қиығымен аңғарған сол. Әлдеқандай үрей толқыны тұла бойын дір еткізіп соғып өтті де, ырқынан тыс жалт қарады. Түн қараңғылығында Дәулетбаев еңкейіп, әлденеге сипаланып жүргендей көрінді оған. «Не болды? Мынаған не болды өзі? Гранатасын әлі лақтырған жоқ қой» деген суық ой зәре-құтын ала жылт-жылт ете түсті. Әлдеқандай жылтырауық оқтар төбе құйқасын жанай ысқырына зулап өте шыққан секілді.


— Кулибаба, жатыңдар... Менің астымда... граната.


Аязда түнді қақырата тіліп түскен ащы айғайдың қуаты жарылыс толқынындай болып сержантты серпе лақтырып жіберіп еді. Басын қос қолымен бүркеп ышқына құлаған ол граната дауысын естіген жоқ. Тек басының іші зың-зың. Құлағы тарс бітеліп қалғандай. Не болды?.. Қанша уақыт өтті? Неғып жатыр өзі?.. Білмейді, ештеңе білмейді.


...Аспанда сол күні де шөкімдей де бұлт болған жоқ. Тек Батпақты тоғайдың үстімен әлдеқандай бозаң леп сағымдала толқыды. Ұзақ қадала қарамасаң, көзге ілінбейді де. Әйтеуір ажары мейлінше ашылған шымқай көгілдір аспанның сол тұстағы етегі ептеп кетілгендей немесе ептеп ерігендей болып бөлекше көрінеді. Бәлкім, ол қысқы күннің сабырлы пішінді сағымы шығар. Бәлкім, тоғай арасындағы батпақтан көтерілген бу лебі болар. Бәлкім...


Аспан күмбезінің сол оқшау сипаттағы етегі Станиславтың назарын үнсіз шақырып, қайта-қайта тарта береді. Ол осы бір елеусіз көріністен бұрын-соңды біліне қоймаған тосын әдемілік танығандай. «Шынында да әдемі-ақ» деп қойды жігіт іштей. Бірақ өзі тәнті болған сұлулықты әдетінше сызылған жұмсақ үнмен келістіріп суреттей жөнелген жоқ. Дәл қазір ештеңе айта алмайтын сияқты. Тынысы тарыла булыққандай болса да, өз ойын өзі жұтып, іштен тынды.


Қаралы жиын басында тақ-тұқ еткен қысқа-қысқа сөздер сөйленді. Рәсім бойынша марқұмның кім екенін, қандай адам болғанын, тірі кезіндегі жақсылығын айтып тәптіштеп жатқан ешкім болмады, бас ию, құрметтеу, сол ерлікті үлгі қылу сарыны басым.


Әскери адамды жерлеу рәсіміне Станислав осы уақытқа дейін қатысып көрген емес-ті. Жауынгерлердің көпшілігі-ақ ондай азалы жағдайға алғаш рет куә болып тұрса керек. Қарасы мол үлкен жиынға бір ерекше салтанатты ахуал өз өктемдігін, шексіз билігін жүргізіп тұрғандай. Қызыл матамен әспеттелген табыт, үрмелі аспаптар оркестрінің ойнап тұрған Мандельштам күйінің қайғылы әуені, жерлеуді басқарушылардың қысқа да айқын әмірлері, тірі қорғандай боп сап түзеген бойы қыбыр етпестен, қақайып қалған солдаттардың тым-тырыс қатары қарадай еңсені езіп, бас көтертпейді...


Табыт қабырға түсірілді. Үш дүркін салют берілді... Сосын бір минут үнсіздік. Қаралы жиынның тарауға бет алғаны сонан кейін ғана. Әр рота жас қабырдың тұсынан саптық қадаммен қарыштай басып бөлек-бөлек өте бастады. Саптық қадаммен қарыштай басқан жауынгерлердің оң қолдары шекеде. Бәрі де жаңа ғана пайда болған кішкене төмпешікке жүздерін бұрып, құрмет етіп кетіп барады...


— Жолдас капитан, үшінші взводтың ең соңында қозғалуына рұқсат етіңізші, - деді лейтенант Китайчук рота командиріне .


Жұрт соңында қалған оқшау топ құлақшындарын алып, қабырға қарата тағы да бас иіп тұрысты. Сөз айтылған жоқ. Тіпті артық қимылсыз жүре алмайтын Шпароның өзі де көздерін бір нүктеге қадаған күйі ылғи-мим деп тіс жарар емес. Сап таратылған соң да жігіттер бірден кете қоймай, топталысып біраз жүрді. Сөйлескен жандардың үндері бәсең, біреулер қабыр төңірегін жинастырып, тазалаған болады.


Жас қабырдың басына марқұмның аты-жөні жазылған тақтайшасы бар қада қағылған. Арнаулы ескерткіш қойылғанша тұратын уақытша белгі. Жауынгерлердің назарын аударып, шолақ тіл қатысуға себепкер болған да осы тақтайшаға түскен жазулар еді.


— Шын аты осылай екен-ау, ә? Осы уақытқа дейін соны білмеппіз ғой. Иә, тек фамилиясын ғана айтушы едік қой өзінің. «Бах» деп шығарып алғанымыз кейін емес пе?


— Оны да айтқан — мына Слава. «Бақытбек» деген сөзге тілі келмеген соң, «Бах» деп кетіпті. Соны шын аты екен деп жүрдік қой.


— Бұл киргиздардың атын жаттап көр. Тіпті тілің келмейді-ау


— Адамның анық атын марқұм болғаннан кейін бір-ақ білу... Неткен ауыр еді.


— Жоқ, құжаттардың бәрінде де шын аты ғана жазылып жүрді. Қағаз жүзінде болғасын назар аудармағанбыз ғой.


Әңгімеге араласпай, өзінше оқшау тұрған сұңғақ бойлы, кескінді жауынгер кібіртіктей басып, жас төмпешіктің қасына келді. Сосын ақырын тізе бүккен. Наурыздың қары түстес ақшыл өңі боп-боз, екі көзін алдынан алар емес. Әлдене айтқысы келіп оқталды да, сәлден кейін ғана барып тілге келген, дірілге толы даусы үзік-үзік:


— Кешір бізді, Бах... Кешір! — Сол екі арада лықсып келіп, кеудесін қапқан өксікті тежеуге тырысқаны болар, астыңғы ерінін қыршып тістей қойды. Қасында тұрған Шпаро еңкейіп, қолтығынан сүйеген. Демеп, тұрғызып жібермекші.


— Кешір, Бах, — деді өңді жауынгер қайтадан еңсесін түзей беріп. — Біз сені сақтап қала алмадық... Кешір.


«Белецкий дұрыс айтады, — деді Станислав сыбырлай дауыстап. Мүмкін, тіпті ешқандай сыбырламастан, тек ішінен ғана айтып тұр ма: — Өз орнына сенің сұрағаныңды ол ұмытпаған екен. Бах... Сені бағалай алмадық. Соны кешір алдымен... Мен... мен қорғауым керек еді сені...»


Осы кезде анадай жерде тұрған өң-түстері бөлектеу бес-алты жауынгер бері жақындады.


— Осы взводтан ба еді? — деді аға сержант лычкасын таққан біреуі лейтенант Китайчуктан.


— Иә... Кешіріңіздер, сіздер кім боласыздар?


— Жерлестеріміз.


— Жерлестері дейді. Бәсе, өңдеріңіз азиялық. Бірақ сіздерді танымайды екенмін.


— Ол да бізді танымайтын еді. Қазақстандық бір жауынгер қаза болды дегенді, келгеніміз ғой.


— Қай ротадансыздар?


— Әр ротаданбыз. Басқа батальоннан да бар. Жолдас лейтенант, біз бір нәрсеге түсінбей тұр едік.


— Иә, айтыңыздар.


— Сүйегін неге алып кетпеген? Туыстары еліне апарып неге қоймаған деймін?


— Туыстары жоқ екен, — деді лейтенант басын тұқырта. Үні ашулы адамдікіндей сәл дөрекілеу шықты.


— Ата-анасы да жоқ па екен?


— Иә, ата-анасы да... Әкесі бір жерде бар болса керек. Оның тарихын мен білмеймін... Өзі жайлы тіс жарып ештеңе айта қоймайтын еді.


— Еліне хабарлағансыздар ғой, шамасы.


— Иә, дереу хабар жіберілген. Әскерге шақырылған селолық советтен бөлімнің жерлеуіне қарсы емеспіз деген телеграмма келіпті.


Жерлес жігіттер үн-түнсіз бір-біріне қарасқан. Сосын бастарын шайқап, әлдене деп баяу ғана сөйлеп кетті. Станислав енді байқады, әлгілердің қасына взводтағы жас жауынгерлердің бірі Тоқтарбеков те барып қосылыпты.


— Қайтейік, жағдай солай болды, — деді ол жас қабырдың басында естілуге лайық ауыр үнмен. Ұжымдасып, үйірілісе кеткен жерлес жауынгерлер оған да жарыса сұрақ қоюда. Енді бұлар орысша сөйлейтін кісілерге жат басқа тілге көшті.


— Артынан сұрар адамы жоқ...


— Іздеусіз қалды деген осы-ау.. — деген өкінішке, азаға толы аһ ұрған дауыстар естіледі.


Осы уақыттарда сержант Кулибаба манағы орнынан қозғалмай, әлі қалшиып тұр еді. Мұндай сәтте бір-біріне, тіпті қатал сержантқа да көңіл бөліп жатқан жұрт жоқ. Сапқа тұру жөнінде ақырын берілген әмір де оның құлағына жете қоймаған тәрізді. Жеңінен тартпаққа оқтала берген Ванников кідіре түсті де, лып еткізіп қолын кейін тартып алды.


Келбетті жігіттің қалың кірпігінен бөліне құлаған жалғыз тамшы жас бет ұшына қарай баяу жылжып бара жатты. Бар жоғы жалғыз-ақ тамшы. Бірақ баданадай ірі... «Дәті берік жігіттің мұнысы несі? — деген ой келді Ванников.


— Иә, Бах осының өмірін сақтап қалды ғой. Жалғыз осының ғана ма?..»


Дәулетбаев сүрініп кеткенде, оның қасында тағы да үш-төрт жауынгер тұрған. Сақтандырғыш ілмегі сыпырылған соң, граната төрт секунд ішінде жарылады. Жаттығу алдында рота командирінің құлаққашты етіп қайта-қайта қадап айта бергені сол емес пе еді? Әшейінде епті жігіттің аяғы не нәрсеге ілініп қалғаны артынан да анықталмады ғой. Әйтеуір, гранатаны лақтыра беріп, сүрініп кеткені күмәнсіз. Әлде тас қиыршығы, әлде мұздақ қар. Қараңғыда, қарбаласта байқалмайды да ғой.


Қолдан ұшып кеткен гранатаны тауып алып, лақтырып жіберуге небәрі төрт-ақ секунд керек. Жанталасқан Бах гранатаны табуын тапты. Бірақ енді лақтыруға кеш болып қалды. Лақтырған күнде де ол жерге түсіп, үлгірмей ауада жарылып кететін еді. Ал биікте быт-шыт болған жарықшақтан рахым күтудің керегі жоқ... Маңайда жапырлап тұрған жауынгерлер. Осы бір қысқа, көзді ашып-жұмғаннан да қысқа бір үзік уақытта ол не ойлады екен?.. Ажалмен бетпе-бет келіп, жаны қысылғанда адам не ойлауы мүмкін? Бірақ сол шешуші сәтті оның аман қалуына әбден болатын еді. Аман қалар еді, егер қасында адамдар жүрмесе... «Кулибаба, жатыңдар» деген әмірі жалғыз сержантқа ғана арналған сөз емес... Соны дер кезінде түсінген жігіттер тегіс жата қалысты.


Ажал алдында ақырғы айтқаны әмірлі сөз болыпты. Өзіне тізе батыра беретін. Сержант Кулибабаға алғаш және ақырғы рет осылайша бұйырды...


Бұл бір қараса, жаңағы бес-алты қазақ жауынгері жас қабырды айнала қоршап, шөкелей отырып жатыр екен. Ортадағы сержант бұларға түсініксіз тілде әлденені айтып ұзақ күбірледі. Сонан кейін екі қолын алдыға созып, алақандарын жайды. Өзгелердің де әлдекім әмір бергендей бір кісідей қайталағаны — сол қимыл. Сәлден кейін бәрі беттерін сипады.


— Басурмандар сөйтеді, — деді лейтенант Китайчук. — Бұлар магометандар ғой.


Қазақтың құлағына «кәпір» деген сөз қалай түрпідей тисе, христиандық ортадағы «магометан», «басурман» сөзінің мән-мағынасы мен әсері де қазақ жігіттеріне соған ұқсас болып естіліп еді.


Қатар түзеген сап қозғала бергенде, Ванников көзі тағы да Батпақты тоғай жаққа түсті.


Оның үстіндегі бозғылт леп сол білінер-білінбес болып шымқай көкке сейіле сіңіп жатқандай. Бәлкім бу, бәлкім сағым...


«Бәлкім, Бах өлмеген шығар. Ол өзі жақсы көретін Батпақты тоғайда жападан жалғыз серуендеп жүр ме, кім білсін... жалғыз жүргенді жақсы көруші еді ғой...»


Иә... бәрі де мүмкін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу