28.01.2022
  468


Автор: Нұрдәулет Ақыш

Қалмақтан қашқан Қыстаубай

Тау етегін баурайлап борт-борт желген жалғыз аттының маңдайға алғаны — күн шығар бағыт. Жер ыңғайына қарай кейде оңға-солға толқи жүргенімен, әу баста діттеген бағдарынан ауытқыр емес. Күрең төбел бестінің аяқ сілтесі нық, бура сандары бұлт-бұлт етіп өрге қарай тырмысқанда, екі танауы жарқанаттың қанатындай жайылып, ерекше тектілігінен, алымдылығынан хабар беріп қалады.


Ертоқым үстінде тізелерін екі жаққа шошайта, жайыла отырған жігіттің де осал жан емес екендігі байқалады. Ақ сары жүзі тотыға қызарып алған ірі сүйекті азамат. Үлкендеу қой көздері өзінен өзі нұр шаша, айналасына жалт-жұлт қарап қояды. Қолында қысқа сапты найза, жауырынында садақ. Ат шоқырақтай қалса, беліндегі сапысы қоса шықылдап қалады.


Биыл қыс аяғы ұзап кетті де, көкек айының көгі енді ғана әр жерде көгере бастаған. Соған қарамастан, әлі күнге жартас ығында, сай түбінде мұздаққа айналған қар қалдықтары қошқылданады. Аяқты малдың ұзап жайыла бастаған уақыты болғанымен, жол-жөнекей көзге түсіп келе жатқандары да шамалы. Ауасы аңқыған тау ішін былай қойғанда, ара-арасындағы адырлардың өзінде жер тістелеген тұяқты малдар жоқтың қасы.


Жаугершіліктен кейінгі уақыттан соң ел ішінің әлі көтеріле алмай жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болатындай.


Жарақты жалғыз атты шамалыдан кейін алдыға қарай итіне түсіп, ат бауырын жиірек тақымдауға айналды. Кезегімен кездескен кезеңді қиялай асқанша асығулы. Қой көздердің кірпік қағуы да сиреп, алдыға қарай шүйіле үңіледі. Астындағы жүрдек жылқының шаршай бастағанына қарамастан, дегбірсіздік танытуға айналған уақытта әлгі кезеңнен де асып түсіп еді. Асып түсті де:


— Оһ, бәрекелді!.. — деп ризашылық кейіпте дауыстап жіберді.


Бұралаңдаған ұсақ шоқылардың арасындағы сонау етекте көрінген — шағын ауылдың төбесі. Салт атты жолаушы кезең асуға іліккенде, ауылдың айналасына сипалай қарап, кідіріс жасады. Сүйсінгенін ірке алмай:


— Ә, жарайсың, аға, — деп қалды тағы да өзінен өзі дауыстап. Шағын ауыл — жалғыз үйлі қыстау. Бұл жақта қыстаулар, негізінен, тастан қаланғанымен, ішкі-сыртқы сылағы лай балшық. Үйге жапсарлас салынған мал қораның төбесі қамыс-құрақпен я болмаса, қараған-бұтамен жабылады.


Ертеңгісінен бері көзге жөнді түспей келе жатқан ақтылы қойлар күңгей беткейде бытырай жайылуда. Оның ар жағында шошайып атқа мінген қойшы да көрініп қалды. Жолаушыны риза еткен — қыстау маңындағы мал қарамының молдығы еді.


Сайды құлдап түсіп келе жатқан жалғыз салт аттыға ауыл иттері жабыла кеткісі келгендей андағайлап, арсылдай жүгірді. Атты алқымынан алардай болып, езу тістерін ақсита бір-біріне кезек берместен, арсылдасып-ақ жатыр.


Ішігін иығына ілген отағасының есік алдында қалбия қарап тұрғанын көрген жолаушы тас лақтырым жер таянғанда:


— Ассалау мағалейкум! — деп, ауыз толтыра, күркірей дауыстады.


—Уағалейкум мүссалам, Көтеш! — деген үн, әрине, отағасынікі. Күркіремей, шырылдай шыққанына қарағанда иенде жалғыз жүріп дағдыланған аңғал адамның сөйлеу мәнері.


Көтеш аттан ырғып түсті де, еріне қозғалып қарсы жүрген адамды иығындағы ішігімен қоса құшақтап, төс тигізді. Қысқаша амандық-саулық сұрасқаннан кейін барып:


— Ой, аға, мыжырайып не боп кеткенсің өзі? Күн болса майтоңғысыз жылы, ал мына ішігің не сонда?— деді дәудірлей сөйлеп. Сөзге сараңдау, жайбасарлау ағасы жасына жетпей шал бола бастаған ба, қалай:


— Жай, бір беліме суық тигізіп... тер қатып қалмасын дегенім ғой, — деді күмілжіген дауыспен.


Тау бауырына талақтай жабыса орналасқан жабығыңқы жалғыз қыстау дабырлай сөйлеген дауыстан бір сәт жанданып қоя берген секілді.


— Ботакөз, а, Ботакөз. Қайның келді, Көтеш келді, — деп үй иесі ішке қарай үңіле түсіп, үн тастаған. Орта бойлы, толықша бәйбіше баяу қозғалып келіп, қайнысының бетінен сүйді. Таңын соза, өкшесін көтеріп жатқанын байқап Көтеш жеңгесіне қарай еңкейе иілген. Дерендей бойымен сыртқы есіктен бүктетіле кіргеннен кейін тізе бүккені — төрдегі текемет үсті.


— Әлгі жас жеңгем қайда? — болды отырғаннан кейінгі оның алғашқы сұрағы. Ырғалып-жырғалып келіп, жанына жайғаса берген жалпақ бетті, сәл шүңейе біткен кішіректеу көзді, жал мұрынды кісінің қызыл күрең жүзінде бір мызғымас бейғамдық бар. Қонақ жігіт аты-жөнін тіктеп айтпай, қайта-қайта «аға» деп отырған бұл кісінің азан шақырып қойған ныспысы — Қыстаубай, қонақ жігіт Көтештің туған ағасы.


Жас жеңгесінің алдынан шыға қоймағандығынан Көтеш әлденеге дәмеленіп те қалған түрі бар. Жалпақтау иегін көтере, қоржын тамның екі қапталына кезек жалтақтап қояды.


— Қай жеңге сонда айтып отырғаның?


— Ой, тәңір жарылқағыр, ағам-ау! Жеңгем сонша көп пе еді. Біреуі мына Ботакөз, біреуі Шаған емес пе? Әлде мен жоқ кезде тағы біреуін алып қойып па едің? — деп ағасына сынай қарады.


— Ә-ә... иә... Шаған... жоға...


— Немене, «жоға»?


— «Алған жоқпын» дегенім ғой... қатын үстіне қатын ала беріп қайтем?... Жетегіңе тағы бір ат алсаң, жарайды... ал қатын дегенің ондай емес қой.


— Шаған жеңгем қайда деймін?


— Қайда болушы еді? Малда жүр дағы.


— Е-е. Жаңағы қой соңында жүрген сол ма еді?..


Даусы күрт бәсеңдеген Көтеш одан ары үнсіз қалды. Екі көзі - жайылып жатқан дастарқанда, көңілі дәйек таппай, ұйқы-тұйқы. «Сонда қалай болғаны? Аяғы ауыр болса да, мал соңына салып қойғаны ма салпылдатып!... Қой, олай болмас...»


Алдыға келген шайды сораптай бастаған кезде де, жаңағы ойдың арқауын әрі қарай сабақтап, әлек.


Ағасының ел-жұрт, үй іші жайлы қойған сұрақтарына қайырған жауаптары да тақ-тұқ қысқа. «Сабасына қарай піспегі» дегендей, ағасының өлшеулі сөзіне ерегесіп, өлшеп-талмап отырғандай. Бұл сырттан қарағанда ғана. Әйтпесе миына құрт түсіп, айналшық болған қойдай, айналып келіп таптай бергені жалғыз-ақ ойдың сорабы: «Сонда қалай?... Сонда қалай?»


Бір кезде басын жұлып алды да:


— Шағанды шақыршы, амандасайық, — деді қатқылдау үнмен. Дабдырлаған жаңағы жайдарлылық ілезде ізім-қайым болыпты.


Екі ұмтылып барып орнынан ауырлау тұрған Қыстаубай қамыт аяқтарын айқастыра басып, есікке беттеді. Иығында — манағы ішік, соны көрісімен, Көтеш іштей: «І-І, — деп қалды. — Ағам беліме суық тиді дейді. Өзі де бір жас қатын алып, жас иіске борығып, мастанып жүрген адамға ұқсамайды. Ойпыр-ай, солай болып жүрмесе игі еді!..».


— Ағамның белі қалай? — деді Көтеш есік сықырлай жабылғаннан кейін үлкен жеңгесі Ботакөзге қарап: — Суық тиіп қалған ба, немене?


— Иә... біраз болды. Тер қатқан шығар дейді. Арқасы да құрыса береді-ау деймін.


— Немене, сонша ел аман, жұрт тынышта ылжырап. Бала кезінде болбыраған неме еді, қарашы енді қартаймай жатып, белінен қалғанын ... —


Ары қарайғы ойын жұтып қалғандай болып, жеңгесінен ызалана жалт қарады:


— Немене сонда, екеуің қатар жүріп, ортадағы бір еркекті баға алмағандарың ба? Немене болды беліне?


Қыстаубайдың көңілін дәл қазір алаңдатып тұрған осы бел мәселесі сияқты. Ботакөздің ернін епке келтіре бергені сол еді, есік қайтадан сықырлай ашылды. Қыстаубайдың:


— Өзі де келе жатыр екен ғой... — деген жайбарақат дауысымен бірге:


— Амансың ба, Жұмсағым? — деген жіңішкелеу қарлығыңқы үн де қосанжарласа естілді. Ерінің артынан есікті жаба кірген Шаған төрдегі қайнысына еңкейе түсіп, ізетпен амандасты. Қазақтың салтымен қайнына «Жұмсағым» деп ат қойып алыпты. Амандық-саулық сұрасып, ежіктесіп жатпастан, Көтеш қысқа ғана қайырым жасады. Қаталдау естілген үнінде кекесін мәнзелдес зіл бар екен:


— Немене, мен сені ағама қатын болып, бала тауып бере ме десем, мынауың не?


— Нені айтып тұрсың, Жұмсақ?


— Таяқ ұстап, қойшы болып кеткенің қалай?


...Жайлау қызығы таусылып, елдің күзеуде отырған кезі еді. Киіз туырлықты көшпелі халық үшін күзеу — әдетте тоқшылық уақыты. Малын семіртіп жайлаудан түскен қазақ қой қамымен арқа-жарқа болып жатады. Қойдан күзем жүні алынып, жаппай күйектің де басталатыны — осы уақыттарда. Күзеудегі жұрттың пысықтары қора-қопсысын қысқа дайындап, шаруа қамымен жүрсе, ел ішінде кездесіп қалатын еріншектері көздерін бір ашып, бір жұмып, сол енжар күйлерінен шыға алмай, майға шырғалып жатады.


Ал биылғы күз ерекше құлазып тұрды. Күннің салқындығынан, малдың мазасыздығынан емес. Елдің іске татыр ер-азаматтары жаумен жағаласып, шабыншылықта жүр. Ауыл-ауылдың бас көтерер ақсақал, қарасақалдары күн сайын төбе басында. Тіпті олар ғана емес, әйел-ұрғашы, бала-шағаға дейін сонау көкжиекке көздерін сата телміреуден әсте жалығар емес.


Анда-санда жарақат алып, елге сүйретіліп жеткендердің ауыздарынан шығатын лепес те әрқилы. Сонан күздің жүдеу күндері созылыңқырап, төзімнің шегі тозыңқырап тұрған бір күні ат тұяғының дүбірі жерді, оның үстіндегі кісінің айқайы құлақты жарды:


— Ақсарбас!.. Ақсарбас! Шүй-ен-ші!.. Шүй-ен-ші!.. Батырлар қайтып келеді.


Ұзамай қырқадан аттылар тізбегі де көрінді. Қиян-кескі шайқастарды бастан өткізген қазақ жорықшылары шығынсыз емес. Бірақ мал-мүлік, қыз-қатынды олжалап оралған олардың көңілдері көтеріңкі...


Атақты Саты Дәулетбай батырдың ержүрек ұлы Көтеш бастаған жауынгерлерді ел-жұрты «Ақсарбас» айтып, шаттана қарсы алып еді. Аттан түсе салысымен, Көтештің іздегені — басқа туысы емес үлкен ағасы Қыстаубай. Жаугершілікпен де, той-томалақпен де онша жұмысы бола бермейтін жуан қоныш шаруа адамы. Арлы-берлі алашапқын шапқыншылық кезінде де найза ұстап, қалқан қаусырынып дегендей, алға ұмтылып көрмеген жан. Ертелі-кеш ойлайтыны — алдындағы мал-жаны ғана сияқты.


Бұл кезде де Қандысу өзені бойына итіне қонып алып, елдің шетіндегі күзеуінде отырған ағасына Көтештің өзі келді. Жалғыз емес, атқосшыларының айдаған жылқысы, жетектегі атқа мінген қалмақ қызы және бар...


Құшақ айқастырып, төс түйістіріп амандасқаннан кейін қараса, ағасы Қыстаубайдың жалпақ бетінде тарамдала жосылып аққан жас.


— Көтешжан, Көтешім-ау! Алла тағаланың бергеніне мың шүкір, осынау аз уақыттан аман-есен қайтқаныңа, — деп балаша кемсеңдейді. Тамам жұрттың көзінше ағасының бүйтіп босаңсығанына намыстанып қалса да, Көтеш сыр бермеуге тырысты. Жеңіс қуанышы көкірегін желпілдеткен қолбасының ондай ұсақ-түйекті көңіліне алатын жағдайы жоқ еді.


— Әй, аға, жетті енді жаман бауырың ғана емес, ерлердің бәрі де аман-есен... Жаудан түскен олжаңды қотаныңа кіргіз.


Олжаның бірі жаңағы қалмақ қызы болып шықты. Ағасы қыз-қырқынды қуып, қатынсырап жүрген жан емес. Тіпті оған мына уылжыған жас тоқалдың керегі де жоқ. «Тек әттең, сонысы болмаса... Әйтпесе Әміржанға-ақ қия салмайын ба», — деді іштей сонда Көтеш.


Бір қарағанда түр-түстері ұқсас көрінгенімен, қазақтар қалмақты әдетте көздерінен, көзқарастарынан ажыратып алып жатады. Қалмақтар ісік қабақты, бітіккөзділеу, бетсүйектер де көбінесе шығыңқы. Ал мына Шаған қыздың жанарлары кең, ұшы келтеленген қыр мұрынды. Сұңғақ бойлы сұрша қыз. Денесінде қырым ет жоқ.


Бірақ дұшпан қолына пенде болып түскен адамның қай бір сүрепеті келісе қойсын. Үлкен көздерінің түбі қызарып, иықтарын қушитып алған. Неше күнгі сүркіл жүрістен ат соғып шаршаған сыңайлы.


Әйтпесе «Ата жауымыздың төменетектегісі ғой» деп дұшпансып жатқан қазақтар жоқ. Бір атқа екі қыздан міңгестіріп, аяқ-қолдарын бос қойған. Аттары ғана жетекте.


Қолға түскен қыз-келіншектеің бөліп алу — екі жақтың да салты. Шағанды көбірек жырғалап төңіректеп жүрген — Көтештің Әміржан атты атқосшысы. Тек осы қызды ғана қалайтынын батырға емеуірінмен сездірді. Былайынша пысық-ширақ жігіт тікесінен айтып, салған жерден жабыса кеткен жоқ.


Ашуы әрқашан да қалтасында жүретін Көтештің мінезі белгілі. Тамам жұрттың көзінше бет-жүзіне қарамай, ақырып тастаса, меселіңнің ғана қайтқаны емес, абыройыңның да төгілгені.


— Аға, мына олжаңды қабыл ал! — деп, қыз мінген шабдар аттың шылбырын серпе лақтырды. Шүңейттеу кішкене көздерін жыпылықтата қараған Қыстаубай ә дегенде ненің не екенін болжап үлгермей де қалды.


Батыр інісінің беріп тұрғаны қайсысы, ат па, жоқ, оның үстіндегі қыз ба? Аузын ашып осыны сұрағанша болған жоқ, шапшаң мінезді Көтеш:


— Ал! Екеуі де сенікі. Жылқыны не істейсің, өзің біл. Ал мына қызды қалмақсынбай, маған жеңге қылып бересің, — деп, бір-ақ кесті.


Елдің сыйлы адамдарына олжа үлестіру — бұл жақтағы батырлардың ежелгі салты. Күзеу-күзеуді аралап, мал айдаған жігіттер сол тірліктің қамында.


Бұл кезде әкелері Дәулетбай батыр өмірден озған. Сонда үлкендердің ішіндегі ең жақыны — осы үлкен ағасы Қыстаубай. Қылыш-найзаны былай қойып, жылқыға сойыл, төбелеске шоқпар ұстап көрді ме екен десеңші. Ана жылы қалмақтардың кезекті бір шабындысында, арқасына шоқпар тигені бар. Әрлі-берлі жосылтып, қышқырып жүрген қалмақтар тырп етпестен, тырапай асып жатқан қазақты өлдіге жорыды ма екен, жан алысып, жан беріскен жанталаста көңіл бөле қоймапты. Төбелеске шыққанды қойып, шаңға көмілген күйі шөке түсіп жата берген ғой.


Айранын ұрттап, қойын құрттап, өз бетімен күнін көріп жүрген жуан қоныш осы ағасының өзі мәлім арманы — жалғыз-ақ. Ол — ағасының жасы қырықты қусырып қалса да, әлі күнге бір перзентке зар болуы.


Қазақ үшін өмірден бала көтермей өту — үлкен қайғы. Ана жылы Қыстаубайдың басындағы осы жағдайды сөз қылып отырғанда Қарашаш деген бір жеңгесінің:


— Әй, осы сол баланың болмағаны-ақ жақсы-ау, — дегенін естіп, қатты тіксініп қалды. Жалт бұрыла қарағанда, үлкендеу қой көздері зәрлі ұшқын шашып үлгірген екен:


— Не деп көңірсітіп отырсың, Қарашаш? Баладан қашқан қай атаңды көрдің? — дегенді айтқанша-ақ, қалшылдап үлгіріпті. Ашуы осылайша аяқ бұрық ете түссе де, «тіліңді кесейін бе осы» деген кіжінісін ішінде бұқтырды.


— Неге көңірсітпеймін? Көзімізді тырнап ашып көргеніміз — атыс-шабыс, қырылып жатқан боздақтар. Ертең ол бала қылтиып өспей жатып-ақ, қалмақтың найзасының ұшында кетсе... Өскеннен кейін көктей орылып жатса... — деген жерге келген кезде Қарашаш бет-аузы тыржиып барды да, кемсеңдеп жылап жіберді.


Жаңағы сөздің тілінің ұшында қалғаны жақсы болған екен, Көтеш бұдан ары томсырайып алып, үн берген жоқ. Өткен жылғы шапқыншылықта екі бірдей бозбала ұлынан айырылған қайғылы ананың онсыз да жаралы жанын шабақтай бергеннен не шықпақ?


— Заман деген сол, жеңеше, — деді сәлден кейін сөзге қайта араласқан Көтеш. — Еркек болғасын ел-жұртын қорғау керек. Ел-жұртын қорғап, шәһид болған пенденің жаны жұмақта... Үш бала туып, біреуі тірі қалса да, елге тұтқа. Екі бауырымыздың жанын жәннатта қылсын Алла тағала. Күйігіңді түсінем, жеңеше. Бірақ, ойлап көрші өзің. Ұл бала болмаса, ұрпақ қалай өрбімек, сенің туған мына Барқытбеліңді кім қорғамақ?


Қазіргі заманда жұрт Тарбағатай деп жүрген тауды ол уақыттарда қазақтар өздері Барқытбел деп атайтын.


Мұндайда ұзақ ділмарсып, уағыз айтып жататын адамың Көтеш емес,


— Қатынмен салғыласып, есіл сөзді қор қылып отырған мен ақымақ, — деді, шалт қимылдап, шапанының етегін қақты.


Ұлдарының ішінде әкесі Дәулетбайға көбірек тартқаны — осы Көтеш. Сүйек бітімі, түр-түсін былай қойғанда, шалт қимылды шапшаң мінезіне дейін. Атқа мінісі мен найза, шоқпар ұстасына дейін, тіпті ұқсамасаң тумағыр дегендей, кейде екілене ерегесіп кететін қияс қылығы мен өкпешілдігіне дейін.


Қашанда асығып, қашанда алқына аптығып жүретін Көтеш олжадан түскен тиісті сыбағасын тапсырып берді де, өздеріне асылған тамақтан шала-пұла қарбыта асап алып, кереге ұшындағы жығасына қарай қол созды. Әбден сыралғы болып алған жігіттері де батырдың қимылын үнсіз қайталап, үйірге түсетін сәуіріктей ширығып даярлана қалады екен.


Ала жаздай дүрлігіп шапқыншылықта жүрген ел азаматтарының қай-қайсысы да ата-ана, қатын-балаларына көріскенше асығулы. Осы үйден тиісті сыбағасын апыл-ғұпыл жеп болысымен, Көтеш батыр да дік етіп атқа қонған. Жаугершілікте жүріп әбден дағдыланып қалған жігіттері де қас-қағым сәтте қасынан табылды. «Айт, шу, қаракер!» деп, ат басын қоя бергендері содан кейін


Қыстаубай қалыңдау еріндерін икемге келтіріп, тағы бірдеме сұрайын дегенше кілең бір сәйгүлік мінген жортушылар жосыла шауып, иінтек асып жоғалды... Қардың ерте бекіп қалғаны өз алдына қыс аяғы да ұзап кетіп, алты ай қыс бойы ағайындылар өзара хабарсыз қалысқан. Қалмақтарды бас көтере алмастай жамсатып тастаған соң, бұрынғыдай емес, көңілі құрғыр жайбарақат. Сол қазан айының қара суығынан бері Көтештің алыста жатқан аға ауылына ат ізін салып отырғаны осы...


— «Қойшы бол» дедің бе, «басқа бол» дедің бе, қайдам, әйтеуір таудың бір қуысына әкеп тастадың ғой.


Тілі қазақшаға тәп-тәуір сынған Шағанның түбі қызарыңқырап тұратын бозғылттау қой көздерінің қиығында қазір әлдеқандай қатқыл ұшқын орнығып алғандай.


— Таудың жай қуысы емес, батырдың туысының үйі бұл, — деген үн Ботакөз бәйбішенікі. Мысқылдап айтқаны ма, монтасып айтқаны ма, түсіне білген құлаққа сөзі екіұштылау.


— Әй, саған кіші жеңгем боласың дегенім қайда? Жарайды, қол күші жетпей жатқан соң, қой шетіне шыққан екенсің дейік. Қай байдың тоқалы қойға шықпай жатыр дейсің. Ал бірақ мынауың не?


— Немді айтып тұрсың, «мынауың» деп?


— Неңді айтушы едім. Міне, мынау... — деген кезде Көтештің қамшысының сабы Шағанның ішіне барып тіреле тоқтады: — Қысыр жыландікіндей болып беліңнің бос тұрғаны несі?


...Көтештің көмейіне келіп, бүлкілдей қалған күлкүлдің не екенін сол арада Шаған да шапшаң аңғара қойып:


— Е-е, Жұмсақ қайным... Қазақтың да, қалмақтың да қайнылары қол жүгіртуші еді, ал сен қамшы жүгіртесің... Оны менен несін сұрайсың? — деді жуаси міңгірлеп.


— Енді кімнен сұраймын, Ботакөз жеңгейден бе?


— Қасыма жатпай, қашып жүрген ана ағаңнан сұра.


Шағанның осылай дей беруі мұң екен:


— Не дейт! — деген ащы даусы жарқыншақтана шаңқ ете түсті: — Не дейсің, Шаған? Айтып тұрғаның рас па осы?


— Өтірік айтты десең, ана ағаңнан сұра.


Көтештің ашумен ақиып кеткен көкжасыл түсті көздері Қыстаубайдың еттілеу бетіне шаншыла қарады:


— Не дейді мына Шаған? Қатын қағыс естиді деуші еді, батыр басыммен мен қағыс естіп тұрған жоқпын ба? Өзің бе жатпай жүрген қасына, айт, қане!


Онсыз да жұмсақ дауысты Қыстаубай көмекейінен құмығып әлжуаз шыққан үнмен:


— Рас... рас... — дей берді.


Осы жауапты естуі-ақ мұң екен, Көтештің түгі бетіне шығып, арқырап келген жойдасыз ашудың тегеуірінінен қалшылдап қоя берді:


— Не дейсің,.. не деп тантып тұрсың? Қойнына салып берген қатыннан қашқан деген не сұмдық!? Бүйтіп қор болып, ез болып туғанша, өлмеймісің. Сенің күйігің-ақ жерге қаратты-ау осы. Қалмақ қатынның алдында бүйтіп масқара болғанша, сүйекке таңба түсіргенше, бір-ақ шауып жоқ қылайын осы жерде, — деп Көтеш сол арада беліндегі салаңдаған сапысын суырып-ақ алып еді.


Аяқ астынан әлем-тапырақ болып кеткен айбарлы жүзіне көз тіктетіп қараудың өзі мұң. Ендігі кірпік қаққанша жүзіне жасыл жылтыл ойнап шыға келген жалаңаш қылыш ауаны осықырына осып, жалғыз-ақ жарқ ете түсердей.


Жасқанып қалған Қыстаубай басқаға шамасы келмей:


— Алла!.. Алла!.. — деп, аяқ-қолын бірдей тырбитып көтеріп, шалқалай берді. Аударылып қалған тасбақадай дәрменсіз күйге түскен мына қалпы жайшылықта күлкілі көрінер еді. Бірақ туралай тікірейіп алған қылыштың жүзі суық. Қарап тұрған қатындар жүректері өкшелеріне түсіп кеткендей өлі мен тірінің арасындағы бейшаралық халде.


— Көтешжан... сабыр, сабыр.., — деді Қыстаубай қанша күшенсе де, дауысын шығара алмай, үзіп-үзіп сөйлеп... — Айтайын себебін... Бір Алла куә.


— Ал, айт, қане!


— Көтешжан, айтайын... тек тарта тұршы мынауыңды... Кәпірдің жүзінің суығын-ай! Есім ауыңқырап қалды ғой тіпті.


Ағасының жалынышты сөздері есін жиғызғандай батыр шошайып айдындана қалған қылышын қайта құлатып, өзі де шегіне түсті.


— Жатпай жүргенім рас, Көтешжан, — деді Қыстаубай даусының дірілін баса алмай. — Заты кәпір адам ғой... мұсылмандығым жойылып кете ме деп... Алладан қорқып... Денесіне жуықтаудан сескеніп...


Бұл — Көтештің ойластырмаған шаруасы екен. «Батыр — аңқау, ер — күдік» деген осы. Жаудан түскен олжасымен қуантайын деп күзеудегі жылқыларымен бірге қалмақ қызын да тастай салып, сол абылған қалпы ары қарай тарта жөнеліп еді.


Ағасының бес уақыт намазын, оразасын қаза қылмайтын, Алласы аузынан түспейтін, аяғын санап басқан тақуа екенін қалай ұмытып кеткен десеңші. Алласыз тышқан мұрнын қанатпайтын осындай мұсылман жанға кәпірдің қызын итере салу итке сүйек лақтырғаннан да жаман нәрсе екен-ау.


Көтеш алдына келіп қалған жас уызға да қараған жоқ. Дереу атып тұрды да, қындағы қылышын даңғырлатып, сыртқа қарай тұра ұмтылды. Тырс етіп сөз шығарса, неғыл дерсіз. Сол үндемеген қалпы атына қарғып мінді де, алды-артына қарамастан, әлдеқайда тасырлатып шауып ала жөнелген.


...Үй ішіндегілер аң-таң. Інісінің қылышы әлі де дәл төбесінен төніп тұрғандай Қыстаубай көзі жыпылықтап: «Алла!.. Алла!» — дей береді.


Сапысын қынына сарт еткізіп салып, құлаперен шауып жоғалған Көтештің қылығын неге жоритындарын білмей, дағдарып қалған үшеуінің айтатын болжамдары да әрқилы. «Өкпелеп кеткен шығар», «Жоқ, ағасына қылыш көтергеніне ұялып кетті», «Қош» деуге жарамағаныма сонда?..» десіп, өзара бір түйінге келе алмай, дал.


Мал төлдеп жатқан жазғытұрымғы уақыт. Ботакөз жаңа тұрған қозы-лаққа қараса, Шағанның шаруасы — өрістегі малды қайырмалау. Қимылы жайбасар болғанымен, қыбырлап тыным таппайтын Қыстаубайдың да жұмысы бір басына жетерлік. Ауылдағы ит біткен арпылдап үре бастаған кезде әркім өзінің күндегі тиісті тірлігімен әуре еді.


Етек жақтан көрінген екі-үш салт аттының біреуінің Көтеш екендігі қапысыз. Сонда қасындағылар кім?


— Ей, Аллам, аман екен ғой әйтеуір. Бар, аңырайма. Ас-суыңды қамдай бер! — деді Қыстаубай Ботакөзге.


Батырдың қасындағы Сағындық деген жерді қыстайтын Есенгелді атаның Жәнібек деген үлы және Сатының бір баласы Ақау. Жәнібек — атырапта аты жайылған молда. Аттан түсер-түспестен, Көтеш:


— Жеңеше, жылы су бар ма? Жоқ болса, жылытып жібер. Молда да дәрет алсын. Шақыр ана Шағанды шапшаң. Аға, сен де дәрет ал, — деп ай-шайға қаратпастан, дігірлей жөнелді. Соңғысының әнтек артық айтқанын да есептеп жатқан жоқ. Өйткені Қыстаубай — дәретсіз жүрмейтін тақуа жан.


Бағанағы қаһардан беті аулақ, сондықтан бұл арада «не үшін» деп сұраудың өзі артық.


Жолшыбай Көтеш бәрін ұғындырып қойса керек, Жәнібек молданың алдымен тықақтап, жөнге шақырған адамы — қойшы болып кеткен қалмақ қызы.


— Азан шақырып қойған атың кім? — деді алдына отырғызып қойып.


— Шаған.


— Әкеңнің аты ше?


— Елеуіт.


— Шаған Елеуітқызы, сенің затың — қалмақ, яғни, кәпірсің. Сен мұсылмандықты қабылдар ма едің?


— Ой, Жәке, неғып тәлімсіп, мәймөңкелеп тұрсың «қабылдар ма едің?» деп. «Қане, кір мұсылмандыққа» демейсің бе төтесінен? — деп қалды шыдамсыз Көтеш. Жәнібек абыржыған жоқ, берген жауабы да байыпты шығып еді:


— Исламда зорлық жоқ. Пәнденің өз еркімен кіргені дұрыс. Алла тағала бәрін көріп тұр.


— Неге зорлық болмайды? Ендеше Ғазіреті Ғалидің қылышынан қорқып, дінге кірген кәпірлерді қайда қоямыз?


— Ол жиһад заманы еді. Өйтпесе болмайтын еді. Әйел затын зорлап кіргізгеннен береке бола ма? Ал Шаған Елеуітқызы... - деп шұбатып келе жатқан молданың сөзін Шағанның өзі бөліп жіберді:


— Қабылдаймын мұсылмандықты. Келген жерім қазақ болса, ендігі ғұмырым осы кісімен бірге болса, қайда барушы ем...


— Ендеше «Лә-иләһа илла-лла Мұхаммед расулла-ла» де...


Шаған тілін бұрып, бұл сөзді әуеліде дұрыс айта алмады. Жәнібек отағасы да қадала түсіп қайталатудан жалығар емес. Тура бір ұғымсыз шәкіртіне шүйіліп отырған молдадан аусашы. Шыдамсыз Көтештің танауы пыс-пыс етіп, қозғалақтай бастағанына да назар аударар түрі жоқ. Білген дұғасын оқып, Алла тағаладан Шаған Елеуітқызының мұсылман болғысы келген ниетін қабыл етуін сұрап, алақан жайды. Қалғандары да ілесе беттерін сипасқан.


Бағана айдынын сыртқа салып ақыра келген батырдың өзі нақ осы сәтте былайырақ ысырылып қалғандай еді. Дәл қазіргі бар билік — қазанбастау, қалқан құлақ, жүзі әжімді Жәнібектің қолында. Бұдан соң Қыстаубайды да тізерлетіп отырғызып қойып, оның мұсылмандығын тәптіштей пысықтап алды да, Шаған екеуінің некелерін қиды... Өзімен ере келген жастау жігіт Ақаудың да міндеті осы жерде айқындалып еді. Көтеш екеуіне «Куәдүрміз, куәдүрміз, куәлікке жүрәдүрміз» дегенді қайталай айтқызып, неке суынан ішкізді. Шариғат бойынша, куәлікке жүретіндердің саны екеуден кем болмауы тиіс екен. Басқа әйелі еркектің жаңа некелесіп жатқан кейінгі әйеліне куәлік жасауға құқықсыз көрінеді.


Ұзақ қыстан сіңіріне ілініп, әрең шыққан малдың жазғытұрымға қарай күйі түсіп кететіні белгілі. Ал бұл үйдің қойларының қоңдылығы — Қыстаубайдың малсақтығының арқасы. Өзі жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін уақытына қарай ысырып, сақтап жүрген семіз ісектің біреуін Қыстаубай ақсарбас айтып, шалып кеп жіберді. Игі тілекпен келген тентек інісін де екі күн бойы қайтармай, қасында алып қалды.


Содан сол көктемдегі ақсарбас қабыл болып, қалмақ тоқалдың аяғы ауырлағанын естігенде, Көтештің қуанғанын айтсаңшы. Ешкімге айтапас да, көңіл түпкірінде түйткіл болып жүрген — ағасының «Белім суық тиіп еді» деген сөзі. «Белден қалса, ұрғашыдан да қалады ғой. Ондайда қайдағы ұрпақ?» деп қауіп ететін. Енді осынау жақсы хабарды естіген сәтте ағасының ләмімен: «Ей, Алла!» деп салғанын өзі де байқамай қалып еді.


...Сол жылы Тарбағатай өлкесіне қайта түскен қыс жайлы болды. Қарашаның қара суығынан кейін жеткен желтоқсан айында да жер беті әлі де алашабырлау еді.


Тоқалдың толғағы тақағалы Қыстаубайдың жайбасарлығы жайына қалыпты. Әншейінде найқалып жүріп алатын ол қар қалыңдау жауған сол күннің кешінде де апы кіріп, күпі шығып, байыз таба алсашы.


— Ей, Аллам, аман-есен ете гөр.. Жеткізе гөр... — дей береді жалбарына дауыстап. Нәресте үні шыр ете түскенде, көзі шыланып:


— Алла, Алла! — деген күйі жалп етіп отыра қалып еді. Қып-қызыл шарананы жерден көтеріп алып, етегіне салған Ботакөздің аузында — «Бисмилла, бисмилла! Жар бола гөр, Бибі Фатима анам» — деген жалғыз ауыз сөз.


Емізерінен басқа уақыттың бәрінде де бала Ботакөздің бауырында. Он бес жыл бойы беріш болып қатқан тас емшегі жібіп, тұла бойы иіді. Қатулы қабағы жазылып, жайраң қағуы жиілеген.


Бала тумаған бедеу әйел қашанда қасындағы ұрғашымен күндес. Ботакөз — заты парасатты да, байыпты жан. Соның өзінде кіші тоқалдың некесі қиыла салып, талғақ болуы қызғанышын оятты. Жүрегін қысып, жанын ауыртқан осы бір ауыр сезімді күншілдік, күндестіктің әсері-ау деп өзі де ойлаған жоқ. Күйеуінің қабағына қарап, ризашылық сыңай танытқанымен, ішкі түпкіріндегі әлдене оны қалағысы келмейді, тіпті бүткіл жан дүниесімен қарама-қарсы.


Енді мына шыр ете түскен жылбысқа мүлде басқа сезімге бөлегеніне өзі қайран. Туған анасынан қызғанып, басып алған бауырынан шығарғысы жоқ.


— Алланың құдіреті шексіз, бәрі бір Алланың қолында... — деп Қыстаубай шаншау-шанжау болып берекесіздеу өскен сирек сақалын тарағыштай берді. Сақалдан босаған сәтте қолының сипайтыны — бет-аузы.


— Ей, Алла, бергеніңе шүкір! Бергеніңе шүкір!...


Қыстаубай отағасының бұлайша жаратқанға қайта-қайта сыйынып, шүкіршілік етуінің жиілеуі тегін емес. Кішкене Мәмбетті бауырына басып жүріп, бәйбіше Ботакөздің өзі де отызды орталаған шағында бала көтерді.


Сөйтіп батыр інісі Көтештің арқасында қыстауынан шықпайтын малсақ та момын Қыстаубай перзентті болды. Сол қалмақ әйелден туған бір Мәмбеттің ұрпағы екі жүз отыз жылдан кейін сексен түтінге жеткен екен дейді. Солардың бірінің иесі — осы әңгімені жеткізіп отырған пақырыңыз.


2011




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу