28.01.2022
  359


Автор: Нұрдәулет Ақыш

Жалғыздың шешесі

Палата ішіндегі суықтан қорғанып, жылы төсектен тұра алмай жатқан бізді:


— Ал, қане, жыбырлайық. Әйтпесе ертеңгі астан құр қалып қоярмыз, — деген Әділдің сөзі амалсыз қозғап еді. Төсектің тор темірін шықыр еткізіп, көрпесін қосаяқтай сілке, алдымен ұшып тұрған да сол. Аяқ-қолы балғадай сом денелі жігіт. Сөйте тұрып қайдағы бір суыққа бола әлжуаздық көрсету ұят та, әрине. Сонысын сезінген Әділ өзгемізден бұрын батылдық танытып, намысқа тырысқан болып жатыр.


Жартылай жалаңаш қалпында қолдарын қапталына сермей, көкірегін көрікше күмпитіп алды да, әдемілеп тұрып бір есінеп тастады.


— Ищай! — деді сосын танауы пышылдап киініп жатып. Қалған екеуміздің бұл секілді арзан ерлік жасауға да қажырымыз жетпестен, көрпе-төсекке көмілген бойы киімге жармастық.


Маусым басталғаннан бері Әділдің тіл қуаты жеткенше жамандайтыны санаторий-профилакторий. Талай демалыс, емдеу орнында болып жүрсе де, дәл осындай нашарын көрмегенін, мұнда қалыптасқан берік режимнің жоқтығын, емдеушілердің ешкімнің қатаң бақыламайтынын, тағамның дәмсіз, басшылықтың кезекті маусым өткізуге қамсыз екенін қайта-қайта айтып, демалысымызды түкке тұрғысыз етіп бітті.


Корпустағы батареялардың бір ысымай қойғанына күйінген ол енді жылу жүйесінде істейтіндерді сырттай талай жерге апарып, сыбағасын беріп-ақ тастады. Сөйтіп, күпілдеген үнмен күйзеле сөйлеп тұрған жігіттің кенеттен:


— Ой, ананы қараңдар, ананы, — деп қуана саңқ ете түскені.


Соңғы модамен тоқылған әдемі спорт костюмінің ысырмасын жылжыта беріп, терезеге үңіліп қалыпты. Шегір көздері шеңберлене түсіп, үлкендеу ауызы ашылып кеткен. Бар-жоғымызды иыққа іліп, қымтанып-шымқанып киініп алған екеуміз жалт бұрылдық та, жарыса ұмтылдық.


Корпустың сырт жағы былтыр тігілген жас шыбықтардан өзге ештеңе жоқ жалтаң. Кеңдеу етіп жасалған алфальт жол ғана темір торлы қоршауды жағалап барып, үйді орап өтеді. Осындай көңілсіздеу болғандықтан, бұл беткейде демалушылар некен-саяқ. Ал теріскейден ызғырық ескен мұндай суық күндері корпустың сырты тіпті бос.


Жартылай қатқақ қар басқан асфальт жолдың үстінде қазақи шапан киген, жалба тымақты біреу жүр. Бастан-аяқ мұздай қазақша киіну бұл заманда сирек болғандықтан да, көзге оғаш. Әсіресе дәл осындай емделу орнында. Бірақ біздің ішегімізді тартқызып, көзімізді жыпылықтатқан ол емес. Жаңағы қазақша киінген кісінің неше түрлі қимыл-қозғалыс жасап, әрлі-берлі жұлқынып, кәдімгідей дене шынықтыру жасап жүруі еді.


Аузымыз ашылып, қадалып қалыппыз. Киімі оғаш болса да, қимылы дене шынықтыру жасауға әбден төселген адамдікі. Өзіміз мектепке де, әскерде де сан рет айналысқан кәдімгі бой сергіту жаттығулары. Қақаған суықта мұндай қайрат қылғанды қойып, жылы төсектің өзін әрең қиып түрегелген дереңдей-дереңдей үш жігіт әйнекке жабысқан бойы таңырқай қарап тұрмыз.


— Қарашы-ей, мына кісінің патриотын! — деді Әділ басын шайқап. —Тәртіп бойынша мұнда жатқан емделушілердің барлығы ертеңгі физкультураға шығуы керек. Бірақ, соны істеп жатқан кім бар? Әркім жұмысына келіп-кеткенді ғана біледі. Санаторий режимі дұрыс емес екенін айтсақ, ренжиді бәрі.


— Барлық режимді қайтып жөнге саласың? — дедім мен дауласа кетіп.


— Палатаның іші мынау, тастай. Одан емделуге келген байғұсты физкультура жаса деп аязға айдап шықшы, ертеңіне мұрттай ұшып түссін.


Біз осылай бәтуаға келе алмай, сөз өршітіп жатқанда ертеңгі тамаққа шақырған қоңырау да безілдеп қоя берді. Жуынып-шайынамыз деп жүріп, ептеп кешігіп те қалыппыз. Қарсы алдымыздан ертеңгі асты қарбытып алып, суаттан шыққан киіктей қайқаңдай басып келе жатқандар да ұшырасты.


Әділ — даудырлаған көңілді жігіт. Асханаға кірісімен, жаңағы жалба тымақтыны іздеп, жан-жағына қаранып, қарадай әуреге түскені. Дастарқан басындағы табақтас кісілерге әлгі оқшау көріністі жырдай ғып жіпке тізіп берді де, соның кім екенін біле алмай, дымымыз әбден құрып отырғанын қоса жеткізді.


— Мен осы жұмбақты шешсем, ақысына не бересіз? — деді алтын тісті әйел сызыла күлімсіреп. Сырты сыпайы, нәзік көрінген бұл келіншектің бір адамды қағытарлық қалжыңы да бар екенін осы жерде аңғардық.


— Не сұрадыңыз, соны, — деді оңтайлы сәтті олжалап қалғысы келген Әділ де жалма-жан. Іле екі жұп көз өзара асығыс шарпысып өткендей болды.


Маусымның басталғанына бір аптадай өтсе де емделушілердің көпшілігі өзара жүзтаныс болып қалған уақыт. Шеткі столда отырған бәкене бойлы мына кісі де бетпе-бет келгенде жазбай шырамытатын сондай жүзтаныстың біреуі. Бір уыс жүдеу пішінін ұсақ әжім айғыздаған алпыстар шамасындағы бұл адам ептеп кемістеу де. Аяғын сәл сылтып басады. Оң жақ көзіне тарыдай ноғала түскен. Бұрын-соңды зейін аударып, назар жықпағандікі ме, басқа жағынан, мінез-құлығынан мүлде хабар жоқ. Маңайымызда отырғандардың ешқайсысы да бұл адамның аты-жөнін білмейтін болып шықты.


Әділ мен келіншек бұдан ары ол туралы сөз өршітіп, бас ауыртпай, әңгімені екуі ғана ұғысатын басқа арнаға бұрып әкетіп барады.


Өзара түсінісіп үлгерген жастарда шаруа қанша, көз қиығыммен баққаным — жаңағы кісі. Онда да мені алаңдатып отырған — «қазақша киініп, дене шынықтырумен айналысып жүрген бұл өзі не қылған жан?» деген ұшқалақтау, жеңсік ой. Адамның назарын алып қашатын айрықша ештеңесі жоқ, жұқалтаң ғана мосқал кісі. Аузындағысын асықпац шайнап, баппен тамақтанып отыр. Сары май жағылған қара нанды қазыдан әрмен кертіп жеп, буы бетке шапқан қара шайды терлеп-тепшіп ұрттайды. Тамақ ішуге кіріскенде төңірегіне тіпті назар аударар емес.


Уақыттың көпшілігі емделушілердің есін шығарып елпеңдетпей, бабымен жылжиды, әр түрлі ем-домнан кейінгі тірлік — қызыл бұрышта кітап-қағаз қарап, шахмат, бильярд ойнау, телевизор, кино көру. Одан қалса, корпустардың маңында сейіл-серуен құру, булығып жатқан өсек-аяңға ерік беру. Қысыңқырап тұрған қыз кезі болғандықтан, жұрт сыртқа көп асыға бермейді. Вестибюлбде, палатада отырып, бейберекет әңгімемен уақыт өткізу жағы басымдау.


Кәрісі, қырқылжыңы аралас үлкен кісілердің әр саққа жүгірген қилы-қилы әңгімелерін құлаққа көп іле қоймай, бойкүйездеу күйде отырғамын. Минерал сулы ваннаға денемді тоғытып шыққаным жаңа, салқын бөлмеден осы вестибюльді жөн көріп, жайғаса салып едім. Жиналған қауымның әлдекімді қағыта сөйлеп, қайта-қайта қалжыңдарын қайрай бергені еріксіз елеңдеткен. «Батылдау айтылып жатқан осынша сөзге бір қайырым жауап бермей, үнсіз отырған бұл неғылған жан» деген оймен бұрыла қарасам — манағы жалба тымақты шал.


Көпшігі түскен ескілеу креслода еңсесін көтере алмай тұқшырайып отыр. Қаптал шапанның иығынан аппақ сүлгінің шашағы салбырайды. Өзіне әзіл арнаған адамның бетіне қарап қойып, сиреген сарғыш тістерін көрсете жымиғаннан басқа бітіргені жоқ. «Е, е бұл кісі я саңырау, я сақау екен ғой» деген байламды жасап үлгерген шақта:


— Былжырамай тыныш отырыңдар! — деп салғаны емес пе тымақтының.


— Ой, айттым ғой, бұл өзі үндемей жүріп пәле!


— Әне, сендер Бәкеңді сөйлемейді дейсіңдер. Бәлем қалай қатырады ә!


— Мұндай кісілер әйелге өтімдірек болады тегінде, — десіп отырғандар бір шаттанып қалды. Шалдың жанына батар соңғы сөзді айтқан мосқал кісі:


— Әнекей, Бәкеңнің тілін мен шығардым. Байқамаса, бұл өзі қауып түседі, — деп, олқысынбай-ақ арзан беделге ие болып қалу қамында. Сөз аңғарынан байқағаным қатар-құрбы замандастары Бәкеңе бір уақытша бәйбіше ыңғайлап беру проблемасын шешу үстінде екен. Осында дем алып жатқан үш-төрт әйелді кезек-кезек теліп, тап қазір-ақ қосып жіберердей қызыл кеңірдек болысады.


Соншама дау-дамай, әзіл-қалжыңның ошағы болып отырып, ұртына құрт алғандай үн шығармағаны-ау. Сондағы бар білдірген лебізі — әлгі. Жеңін серпіп жіберіп, білегіндегі сағатына үңілді де, түйдектеліп келіп қалған кезекті қалжыңға құлақ түріп жатпастан, аяғын сылти дереуесікке ұмтылды.


— Ванна қабылдайтын уақыты болды, — деді отырғандардың бірі.


Мұнан соң қысыр әңгіменің қызығы азаюға айналды да, іле мен де палатама қарай кеттім. Ауыздары қышыған жұрттың әр тұстан андыздап, бас құрайтын жері астыңғы қабаттағы аумақты вестибль. Жылырақ киініп алып еріне басып жетсем, манағы әңгімешілер тобы едәуір өзгеріп қалыпты, кәрі-құртаң кісілердің көбі жоқ. Ортақ әңгіменің өзегі де өзге. Әңгімешілер сәл жасамыстау болғансын ба, енді спорт жайындағы дау-дамай жұрт зейінін билеп алған, елеусіздеу кіріп, есік жақта тұрып қалған жалбыр тымақтыға ешкімнің пысқырып қарамауы да сондықтар болар. Қатар-құрбы тұрғыластары Бәкең атаған бұл кісі өз әдетімен жұрт аузына жалтақтаған күйі жақ ашпастан үндемей тұра берді. Адамға ашуланғандай сәл тікірейе қарайтын кішірек көздерінде дәл қазір таңырқау нышаны басым. Үлкендердің түсініксіздеу әңгімесін еліге тыңдайтын аңқау баланың күйіндей кейіп бар. Сөз хоккей ойынына ауысқан бір сәтте:


— Солар неге таласады өздері? — деп қалды Бәкең. Құр тұра бермей, әйтеуір, бірдеңе айтқысы келгені болар. Мойнын соза қаттырақ дауыстағанымен, мына білгіштердің ешқайсысы оған ауыз ауыртып жауап бере қойған жоқ. Қазіргі бокс өнерінің хал-жағдайы талдана бастаған кезде Бәкеңнің:


—Солар төбелескенде қастарында тағы біреу жүгіреді ғой өзі. Анау екеуін арашалай ма, қайтеді? — дегенін естіп, ішімді басқан күйі еріксіз қыстыға күлдім. «Қалжыңы шығар» деген оймен мойын бұрсам, бар ықыласымен беріле шынында да жұрттан жауап дәметіп отырған түрі бар. Шет-пұшақтан мырс-мырс күлкі естігенімен, бұл тосын сауал да домалаған тесік доптай дау өршіткен топтың додасына түспей қала берді.


Жалпы, сөз ләмінен байқағаным — Бәкең бастауыш кластың баласы білетін кейбір қарапайым нәрсенің өзінен мүлде бейхабар екен. Қойған сұрақтары басқа бір планетадан келген тіршілікиесінің сөзіндей құлаққа тым тосаң естіледі. Бәкең өзі түсіне алмаған жұрттың әңгімесіне таңырқай құлақ түрсе, «алпысқа келгенше ештеңе көрмей, қолбада өскен бе, немене сонша!» деп оған мен қайран қалулымын.


Электр лампасына белімді қыздырып, етпетімнен жатырмын. Сестра келіншек құндақталған баладай қымтап, денемді әбден тұмшалап тастады. Балбыратып тұрып моншақ-моншақ тер шыққанша қыздырып, жаныңды бір кіргізетін былау осы.


Мені жас баладан әрман құндақтап орап тастады да, массаж жасаушы әріптесімен қызу әңгімеге кірісті. Көлденең сөзге құлақ тігіп, өзіңе арналмаған құпияға ортақтасу, әрине, көргенді адамның қылығы емес. Бірақ, осындай кіріптар күйде жоқтан өзгеге амалсыз куә болады екенсің.


Уақытынан ешқашан жаңылыспайды тіпті. Тап бір бұрап қойған сағат сияқты, — деп келе жатқан массажист әйелдің сөзін менің емші сестрам төтеден бөліп кетті:


— Сосын, сен байқадың ба? Өзі тіпті түріне қарамай кербез-ақ. Үсті-басынан ылғи да әтір иісі бұрқырап жүреді. Киімі тап-таза.


— Қазір, міне, сағат қанша болды? Е... Енді екі минутта жетіп келіп қарап тұрмаса мұрынды кесіп берейін. Үлкен кісілердің көбі ұмытшақ, уақытынан жарты сағат, тіпті бір сағат кешігіп келіп жатады. Екеуінің әңгімесін:


— Уқалау... уқалау керек, — деген шыңылтыр дауыстың бөліп кеткені.


— Келді, әне! — деді екпіні күрт басыла қалған массаж жасаушы ерін ұшымен жылдамдата сөйлеп.


— Айттым ғой, бұл ұмытушы ма еді. Енді жақсылап жасамасаң, тағы пәлеге қаласаң.


— Кіріңіз, — деді сосын шаңқылдай дауыстап.


Ортадағы бөлмеге шыға келгенімде, тұқшыңдап тымағы мен шапанын іліп жатқан Бәкеңді көрдім. Мен жаққа салқын жанарын тіктеп кіділеу қараған ол ләм-мим деместен, астауға асыққан ата үйректей шайқала басып, қарсы кабинетке ене берді...


Емделушілердің ішінде мен жақын тартып, әжептеуір жолдас болып жүрген жігіт Әділ еді. Сол бір күні астынан су шыққандай біздің қасымыздан ауысып кетті. Бұл кісіні бір жерде көргенім анық. Бірақ қай жерде?


— Әже, жүріңіз, қазір вахтерден сұрайық, — деді Әділ қарияның қолтығынан қайтадан демеп.


Қарт кісіде қайбір қауқар бар. Аялдамадан бері жаяу жүріп, әжептеуір қалжырап қалған екен, диванға отырғызып, демігін бастырдық.


— Ақашөк деген жоқ қой мұнда, — деді емделушілер тізіміне көз жүгіртіп шыққан вахтер, қазақ әйелі. — Фамилиясы кім, қайдан келіп еді?


— Пәмиләсі деймісің? Тоқта, тоқта сол өзі қай пәмиләде еді. Әкесінің атында да екен, әлде жақсы атамның... Әй, жоқ, әкесінің атында болар. Құдайдың қуаты, онда Табынбаев қой деймін.


Бұл жолы вахтердің желке жағынан төне түсіп Әділ екеуміз де тізім түгендеуге кірісіп кеттік. Дәл қазір біз үшін ділгір болып тұрған Табынбаев деген фамилияның кенеттен көзіме оттай басылғаны. Жарыса күлісіп, шүйінші сұрағандай әжейге жалт-жалт қарастық.


— Бірақ мұнда инициалды «А» емес, «Б» ғой, — деді көзі жіті вахтер біз аңғармаған жайтты көлденең тартып.


— Е,е — деді ақыры саңылауына бірдеңе жеткендей болған кейуана. — Сол баланы «Ақашек» деп жүре беріппіз ғой бәріміз. Әлгі пашпыртына жазылғанда Баяхмет болатын.


Енді емделушілер тіркелетін арнаулы журналды ақтармалай бастаған вахтердің:


— Тоқта, — деген даусы шығып кетті кенет. — Табынбаев Баяхмет 1924 жылы туған, полиатриттің созылмалы түрімен ауырады. Бұл бала емес қой, әже-ау. Тіпті, жігіт те емес. Енді шал деп айтпай-ақ қояйын, бірақ баяғыда-ақ мосқал тартқан кісі ғой мынауыңыз? Қай палата... он жетінші екен. Он жетіншіде кім бар еді?


— Осы сәтте ойда жоқ бір оқыс қимылдың бәрімізді селт еткізгені. Жап-жалпақ етті алақандарын бокс қолғабындай гүмп еткізіпсоғып қалған Әділ екен. Іле кесек тістерінің арасынан көшенің бұзақы жасөспірімдеріне ұқсап сыздықтата ысқырып та жіберді.


— Ойбай-ау, бұл — Бәкең ғой. Он жетінші палатадағы Бәкең! Есіме жаңа түсті, ол кісінің фамилиясы да Табынбаев.


Қапылыста бұл кісіні қайдан көрдім деген мазасыз сауалдың ойыма неге келгенін енді ғана ептеп ұға бастадым. Мына шүйкедей бет-аузы тұп-тура Бәкеңнің өзінікі ғой.


— Әже, — деді вахтермен қосанжарласып қасына жетіп барған Әділ, - Бәкең шынымен сіздің балаңыз ба!


Шешейдің бұл сұрақта тіпті шаруасы болып отырған жоқ.


— О, құдайдың қуаты. Бәсе, осында екен ғой. Қайда жүр өзі? Қол-аяғы аман ба құлынымның! Денсаулығы қалай қазір? Мына көкірек танып тұр ғой. Сездім ғой осы жерде екенін. Ал, сендер жаңылысқан шығарсың дейсіңдер маған. Қайда жүр Ақашөк? Шырақтарым, тездетіп шақырыңдаршы.


Қайталай қойылған сауал ғана әжейдің әңгімесін әріден қайтаруға себепші:


— Е, өзім балам болмай, біреу маған қарызға бала беріп пе? Әлде маған ондай баланы қимай отырсыңдар ма? — деп, кәдімгідей көсіле сөйлеп шешіліп келе жатыр еді, «Табынбаев орнында жоқ» деген жедел хабардың жетіп үлгергені. Әншейінде, өзіне-өзі қатаң режим тағайындап, сонысын ұдайы бұлжытпай орындап келе жатқан Бәкең бүгін аяқ асты бұзылып, бір-екі шалмен қала жаққа шығып кетіпті. Маусым таусылуға тақап, ем-домы біткесін, ептеп еркіндікке бет бұрса керек.


— Сонда қайда кетіпті? — деді шешей хабар алып келген Әділге қадала түсіп. — Құдайдың қуаты, онысы несі екен-ей, Ақашөктің? Қалада несі бар деймін бұның, ә өкіметтің берген жерінде тыныш жатпай. Өй, ақыры бүгін мына күрертінен шығатын күні емес пе? Үйден аттанарда ақылымды әбден айттым осы балаға. «Сақ жүр, байқап жүр». Рұқсатсыз беталды ешқайда қаңғыма» деп. Қарашы-ей, енді кісінің айтқан жөн сөзін тыңдамауын, — деп, кейуана кейи сөйлеп, жабырқап қалды. — Қалада сонша несі бар оның? Қаңғимын деп адасып кетер ме екен. Құдай сақтасын, көше толы заулаған мәшине, соның бірі қағып кетсе қайтеді. Тентек біреулерге кездессе... апырай, ә?


Жан-жақтан шешейді әліміз жеткенше жұбатқан болып жатырмыз. Бұл сәтте ерігіп ермек іздеген жұрттың біразы төңірегімізде толып қалған еді.


— Осында баласын іздеп бір әжей келіпті дейді.


— Бала деп жүргені шал кісі көрінеді.


— Ойбай, Бәкеңнің әлі күнге шешесі бар екен. Сол кісі іздеп келіпті, — деген соңғы хабар онсыз да абыр-сабыр болып жатқан корпустың ішіне лез арасында тарап та кетті. Бір әйелдер шешейді өздерінің палатасына қарай сүймелдеп алып барады. Қызмет бабында отырған вахтер де кесе-шәйнегін ұсынып әбігер. Жолға қамдану, келіншектермен қоштасу тәрізді қарбалас күтіп тұрған. Әділдің бұдан әрі қарайлауға мүршасы жоқ еді. Әжейдің әңгімесін естігім келіп, ыңғайсыздау болса да әйелдер тобына ілестім.


Қызыл күрең шайдан біраз ішкеннен кейін ғана әжейдің жүзі жадырай бастады. Қалаға кеткен «баланың» уайымы да басылған сияқты. Жан-жақтан қолқалаған жұрт мұндайда сөйлетпей қоя ма. Оның үстіне әжейдің ой-санасы әлі де сергек, оңайлықпен сөзге дес беретін түрі байқалмайды.


— Жасым сексеннің үшінде, ал мына бала биыл алпыс бірге келеді, — деді ол сәл дамылдап алғасын. — Екі қыздың ортасында көзі тірі жалғыз ұл. Қыз деген жат жұртқа жаралған ғой. Ертеде ірге бөліп кетті де, бертінірек қайтыс болды екеуі. Қолымда қалғаны осы бала ғана.


— Шеше, дап-дардай шалды «бала, бала» дей бергеніңіз не соншама кішірейтіп?..


— Ана деген шіркін, міне, осы ғой. Ұлы алпысқа келсе де, әлі бала бұл үшін.


— Немере, шөберелеріңіз де бар шығар. Бәкеңді бұдан былай бала дегенді қойыңыз, — десіп, тыңдап отырған әйелдер бір қозғалысып қалды. Осы жерге келгенде сөзді үзіп тастап, әжейдің бір сәт үнсіздікке ерік бергенін әркім өзінше жорыды.


«Немере, шөбереңіз де бар шығар» деген бір ауыз сөздің біреу жараның бетін тырнап өткенін артынан аңғардық.


Бәкеңнің шын аты — Баяхмет екенін журналдағы тізімді көргенен кейін біліп отырмыз ғой. Тегі өзінен аты-жөнін анықтап сұрап алған біреу «Бәкең» деген де, емделушілер арасында солай тарап кеткен тәрізді. Ал шешеейдің «Ақашөк» оның атының екінші жартысындағы «Ахметтен» шыққан көрінеді. «Бай» деген сөздің өзі сақтықпен айтылатын сонау жиырмасыншы жылдардың аяғында жас баланы тек Ахмет деп атап, одан еркелетіп Ақашөкке айналдырған.


Екі қыздың артындағы жалғыз ұл кішкентайында қызылшаға шалдықты да, кемтар болып өсті. Шалы ертерек қайтқан шешейдің небір қиын-қыстау жылдары мойнына бұршақ салып жүріп тілегені осы жалғыз ұлдың ғана амандығы екен. «Тіпті қыздарымды алсаң да, осы жарығыма тиіспеші» деген сөзге дейін айтқан. «Кім білсін, содан ба Ақашөктің жалғыз қалғаны» деп қояды шешей. Соғыс жылдары жасы жеткенімен, денсаулығына байланысты Баяхмет әскерге алынбайды. Ауылдан алысқа жіберіп оқытуға жағдай тағы жоқ. Ең бастысы, шешей көзіне ай мен күндей болып көрінген жалғызын бір сәт те қолынан шығарғысы, үй маңынан ұзатқысы келмейді. Әуелі колхоздың май тасушысы, күзетші секілді жеңіл-желпі жұмыстарына ыңғайланған Бәкең кейін ауылға монша орнағанда бір жола соған иелік етіп қалады. Міне, қаншама жыл Жиренайғыр ауылының білдей моншашысы осы кісі. Артынан білсем, Жиренайғыр «Алға» совхозында, осыдан сексен шақырым жерде екен. Бір рет үйленіп, онысы сәтсіз болғанан кейін қайтып бас құруға талап қылмапты. «Немере, шөбере» деген сөздің шешейдің жүрегіне шық етіп ауыр тиюі содан.


— Е, балаңыз бойдақ болса, келін іздеп кеткен болды ендеше, — деді өзімше тауып айтқансып. Шешейдің жабырқау тартқан көңілін орайлы әзілмен көтеріп тастағым келгені.


— Алыс жерге алғаш келіп отыр еді. Сыртқа шығып көрмеген бала бірдемеге ұшырап қала ма деп әдейі келгенім ғой, — деді әжей әйелдердің әлгінде «бала» турасында айтқан ескертуін табан астында ұмытып үлгеріп. Алдына қарар әкесі, я ағасы, артынан ерер інісі жоқ Бәкең жалғыз шешесінен шырғалап шыға алмай, үйкүшік болып өсіпті. Өзінің кемдігінен қорғанып, теңдес қатар-құрбысымен де көп араласпаған...


— «Ат ерқашты, еркек етекбасты» деген бір заман ғой. Оны несіне қазбалайсың, шырағым? — деп әжей бұл әңгімеге әрі қарай басқан жоқ. — О, құдайдың қуаты, барып білші, қарағым. Ақашөк оралды ма екен? Кешікті ғой өзі әбден.


Бізді алып қайтуға келген Әділдің жолдасы «Жигулиін» қаңтарып, манадан бері күтіп тұрыпты. Менің чемоданымды апарып, машинаға салып та қойған көрінеді. «Бол, бол. Асығыспын», деп дікілдеп, жан алқымға алып бара жатқаннан кейін, әжейге жалтақтап амалсыз орнымнан көтеріле бердім.


— Сау болыңыз, шешей.


— Аман бол, қалқам. Ақашөкті көрсең, айт, тезірек келсін де.


Қасына алтын тісті, сүйкімді келіншекті отырғызып алған Әділдің жағасы жайлау, төсі қыстау. Жан-жағына жайраңдай қарап, езуі жиылар емес. Өңі қызылшырайланып, тершіп алыпты. Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей, екпіндеген күйі есе сөйлеп отыр.


Қалың ағаштың қалқасына қарай жүйітки ығысып, алыстай берген бір айғы мекеніміз әп-сәтте көзден таса болып та үлгірді.


Бұл уақытта мені мазалап келе жатқан — «Ана мен бала қалай кездесер екен? Көре алмадым-ау» деген бір өкінішті сезімнің қыжылы.


1983




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу