27.01.2022
  312


Автор: Әлжаппар Әбішев

Мұзбалақтар

Төрт перделі, алты суретті пьеса


Қатынасушылар:


Иван Петрович Багаев — генерал-майор, дивизия командирі.
Анатолий Батурин — капитан, 1-батальонның командирі.
Орал Шалқаров — капитан, 2-батальонныц командирі.
Манько — бастапқыда барлаушылар отрядының саяси жұмыс жөніндегі орынбасары, кейіннен 2-батальонның комиссары.
Егоров —дивизия штабының бастығы.
Жомарт — сержант,
Савкин — сержант.
Жайық — қызыләскер.
I (екеуі егіз)
Дәулет — қызыләскер, егде тартқан адам.
Сергей— қызыләскер.
Лина Максимова — ұшқыш.
Нина Максимова — танкист
Мұрат — қызыләскер.
Оралдың ағасы, аспазшы.
Андас — Багаевтың шоферы.
Қызыләскерлер, немістер.


Оқиға 1942 жылы майданда болады.


Бірінші перде


Бірінші сурет


Түн. Күзгі орманның іші. Алыстан көк жүзін тілгілеген прожектордың сәулесі ауық-ауық көрініп кетіп тұр. Перде ашылғанда сахнада ешкім жоқ. Аздан соң аузы байланған бір неміс офицерін айдап Жомарт пен Жайық шығады. Бұлар үнемі жан-жағынан сақтана, сыбырлай сөйлейді.


Жомарт. Бас, бас аяғыңды, жан керек болса!


Жайық. Сенің мың сөзіңнен менің бір ұрғаным Құндырақ болар бұған (ұруға ыңғайланады).


Жомарт (қолын қағып). Тоқта! Сүміреюің де, күдіреюің де оңай-ау, сенің! Аузын шеш, кейінгілер келгенше дем алсын.


Жайық. Батыр-ау, не деп тұрсың. Аузы шешілген соң бұл бақырмай ма?


Жомарт. Қолында құралы жоқта бұлар қойдан да жуас, сөзді қой да шеше бер.


Жайық (немістің аузын шешіп, автоматын көрсетеді). Ба десең, мә деймін, ұқтың ба?


Жомарт. Е, оны неге ұқпасын.


Жайық . Бұрын ұқпаса да, дәл бүгін ұққан шығар. Шіркін, өзіміз-ай, штабын талқандай, офицерін бұйдалаған тайлақтай жетеледік те жөнелдік, бәріміз де ерміз-ау, ә?


Жомарт. Байқа, жетегіндегі тайлақ емес, фашист.


Жайық. Е, фашист болса қайтейін, мені қорқады ғой дейсің бе?


Жомарт. Қайдам, қоян мен Жайықтың қайсысы батыр екенін әлі айыра алғаным жоқ.


Жайық . Сенде ұят жоқ екен. Мынандай қабанды құрлы көрмей ала жөнелген кім, сен бе, жоқ мына мен бе?


Жомарт . Қақпаға түскен бір қасқырды менің әжем де соғып алған-ды...


Жайық. Не деп отырсың, ей?


Жомарт. Мен терезеден түскенде өзіңнің қайда кеткеніңді есіне түсірсең, менің не дегеніме де түсінерсің.


Жайық. Е, онда мен қашқаны болса жайрата берейін деп сыртта әдейі қалдым ғой.


Жомарт. Командир саған да терезеден түс дегені қайда? Сен қорқып сыртта қалдың да, көзге түстің, міне, енді немістерді соңымызға салып қойғаның.


Жайық (өзі үнсіз). Шынында, сол терезе маған көрдей көрінді де, жүрегім батпады.


Жомарт. Ондай жүректің барынан жоғы жақсы, жұлып тастау керек. (Тыңдап.) Тоқта!


Жайық. Менің құлағым әлі дыңылдап тұр. (Күрсініп.) Түк естір емес.


Жомарт. Бәрі бірдей жазым болды ма, жоқ әлде қуғыншылардан құтыла алмай келе ме?


Жайық. Тоқта, мына жақтан бір дыбыс естіледі. (Алыстан мылтықтың, оған ілесе Линаның: «Құтқар, құтқар!» деген даусы естіледі. Жайық; Жомартқа тығыла түсіп). Жомарт-ай, бауырым-ай, тағы да не сұмдыққа тап болдық?


Жомарт. Тоқташы, дебдіремей (тыңдап). Қандай ғана бақытсыз жан екен!? Енді қайттік? Оны құтқарсақ өзіміздің мерт болуымыз мүмкін. Көре тұра құтқармасақ, мерт болудан да жаман. Айтсаңшы не істейміз?


Жайық. Айтсам ба, айтсам, менімше, ең дұрысы тырп етпеу.


Жомарт. Жоқ, сен мынаған ие бол!


Жайық. Нe дейді, жалғыз қайда бармақсың? (Ұстай алады.)


Жомарт. Нені көріп, нені сезіп тұрсың? Жоқ әлде түкті сезбейтін меңіреу ме едің? Қоя бер!


Жайық. Әлдекім үшін бәрімізді қырғынға ұшыратушы ма едің? Мұның не?


Жомарт. Сен маған елжірейтін жүрегі жоқ ездің сөзін айтып тұрсың, қоя бер. (Енді мылтық даусы жақын жерден шығады). Байла мынаның аузын. Тез! (Өзі де байласып). Сүйре бері. (Тұтқынды сүйрелеп далда жерге алып барады. Екеуі далдаланып тұрғанда жаңағы дауыс шыққан жақтан жүгіріп Лина шығады).


Лина (үрейленіп, әр жерге бір тығылады да, алыстан тың тыңдай сөйлейді). Арман! Арман болды-ау жалғыз оқ. Қолға түсіп қор болғанша, өлген артық емес пе едің? Неге өзіме қалдырмадым, өз елімнің бір оғын. (Жан-жағына қарап). Шіркін, өмір-ай! Мұнша неткен өтті едің. (Тың тыңдап). Келіп қалды, енді қайттым? (Жөнеле бергенде, қарсы алдынан Жомарт шыға келеді).


Жомарт. Тоқта! (Автоматын кезей ұстап). Көтер қолыңды!


Жайық. Көтер қолыңды, қарақшы!


Лина (қолын көтермей, пистолетін кезеп кейін не береді). Керек болса, өздерің көтеріңдер!


Жайық. Біз қол көтере білмейміз, көтер жаның барында! (Соны айтарын айтса да, далдалана береді.)


Жомарт. Қорықпа, қарындас.


Лина. Сіздер кім боласыздар?


Жомарт. Біз совет армиясының барлаушыларымыз. Ал, сіз кім боласыз?


Лина . Сіз мені алдап тұрған жоқсыз ба?


Жайық (Жомартты түртіп қалып). Осының өзі бізді алдап тұрмасын, сақ бол!


Жомарт. Қыздарға ешуақытта алдатқан емеспін. (Келе жатқан немістердің тыңғыры естіледі. Жомарт қанжарын әзірлеп). Жайық, әзірлен, оқ даусы шықпасын.


Жайық. Не дейді. Екеуден екеу не істейміз?


Жомарт. Әзірлен деймін мен саған!


Лина. Қорықпаңыздар, олар да екеу-ақ.


Жайық. Ән әні. Онда өзің неге қашасың?


Жомарт. Қарындас, егерде, біздің кісі болсаң, тезінен мына бір ағаштың басына шық та, немістерге дыбыс бер, тез!


Лина (шошынып). Не үшін?


Жомарт. Мен сізге тезінен ағаш басына шығыңыз деп тұрмын! Жайық, мына немісті әрірек апарып таста, былжырамай, тез қимылда! (Лина амалсыздан ағашқа барады. Жайық немісті сүйреп әкетеді. Аздан соң аңди басып екі неміс шықты. Лина оларды көре сала ағаш басына қарай тез өрлей жөнеледі. Немістер оны сезіп қалып жетіп барады).


I-неміс. Ей, рус, түс бері!


II-неміс. Өзін, түспесең, өліп түсесің. Түс шапшаң!


І-неміс. Түсемісің, жоқ өлемісің?


Жомарт (желке жағынан қанжарың салып жіберіп). Міне, саған русь! (Қаша жөнелген екіншісін атып құлатады.) Міне, саған русь!


Жайық (жүгіріп келіп құшақтай алады). Жомартым-ай, қадіріңді білмей жүр екенмін ғой.


Жомарт. Сөзді қой да, ана екеуінің документтерін ал! (Жайық немістердің документтерін ала бастайды).


Лина (ағаштан секіріп түсіп, Жомартты құшақтай алады). Неткен ғажайып, тамаша адамсыз!


Жомарт (бойын алып қашып). Тоқта, тоқта. Менің ғажайып дерлік дәнеңем жоқ. Жабыса қалмай, алдымен, жөніңді айт!


Лина. Есімді біраз жыяйын, сонсоң бәрін де айтып берем. Өмірдің қандай қымбат екенін де, жауды не үшін қыра беру керек екенін де айтып берейін. Бір жұтым суларыңыз жоқ па?


Жомарт. Жайық, суыңнан қалды ма ештеңе?


Жайық . Қалғанын сарқып берейін. (Құтысынан су құйып береді.)


Лина (аспанға қарап). Шіркін, өмір-ай, неткен мұнша қымбат ең?!


Жомарт. Қалай, өмір соншалықты қымбат па екен?


Лина . Өмірдің қандай қымбат екені — өлім елестегенде айқын көрінеді екен. Сондықтан да мен өзімді өлімнен құтқарған сізге өмір бойы өтелмейтін қарыздар болдым.


Жомарт. Біздің адамдарда өтелмейтін қарыз болуы мүмкін емес!


Лина . Маған, дәл осы қарызды өтеу мүмкін емес сияқты. (Сырттан тықыр естіп, Жайық Жомартқа жалтақтап қарайды.)


Жайық. Батыр-ай, бұл кім болды екен тағы да?


Жомарт. Әзірлен! Қарындас, сен далдалана тұр. (Біреу келіп шеткі ағашты тықылдатады.)


Жайық (атып тұрып). Иә сәт, иә сәт, өзіміздің адамдар. (Манько бастаған кейінгі топ келеді).


Манько. Амансыңдар ма? Жандосов қайда?


Жомарт. Мен мұндамын, жолдас...


Манько (сөзін бөліп). Біз жаңа осы арадан автомат даусын естідік, ол не?


Жомарт. Мына бір қарындасты құтқарамын деп, оқ шығарған мен едім, кешіріңіз?


Манько (Линаны енді аңғарып). Бұл кім?


Жомарт. Жөнін әлі сұрай алғанымыз жоқ. Неміс тер атқалы жатқан жерінен жаңа ғана құтқарып алдық.


Манько . Атқалы жатқан жерінен құтқарып алдық?! (Ойланып). Сен біреуді құтқарам деп жүріп, өзіңнің құритын болғаныңды білмей қалыпсың. Баранов, Түбеков, сен екеуің алдынғы жақты шолып келіңдер тез! (Жайық пен Сергей кетеді.)


Жомарт (әркімге бір қарап). Командир қайда?


Манько . Ол кісі қаза тапты.


Жомарт. Солай ма? (Сілейіп тұрып қалады.)


Манько (Линаға жақындап). Иә, сөйлеңіз, сіз кім боласыз?


Лина . Мен Совет ұшқышы боламын.


Манько. Совет ұшқышы болсаңыз жау жерінде неғып жүрсіз?


Лина . Самолетімді жау атып түсірген соң жүрмін.


Манько . Қашаннан бері?


Лина . Кеше кештен бері.


Манько. Кеше кештен бері? (Ойланып.) Бұл немістерде болмаған әдет екен. Олар сізді өлтіруге неліктен асықты?


Лина . Оны өздерінен сұраңыз.


Манько. Біз сұрамай да білеміз. Сондықтан жөн жауап беруің өзіңізге пайдалы екенін ескертемін.


Лина. Бәрін біліп болдым деу — білместің сөзі екенін мен де ескертемін.


Манько . Жақсы. Ол ақылыңыз есте болар. (Жомартқа қарап.) Қашан майдан шебінен өткенше тұтқын есебінде ұсталсын. Мұнан келер қауіп-қатерге сен жауаптысың. Ие бол!


Жомарт. Жолдас командир, немістер мұны шындап-ақ атқысы келді.


Манько . Шындап атса өлмес пе еді?


Жомарт. Оған мен үлгірткем жоқ қой.


Манько . Тоқтат сөзді! Күнде төбесінен ажал оғын төгіп жүрген совет ұшқышын тексерместен, тергеместен, қолына түсе салысымен өлтіретін немістер де ессіз емес. Олар мұны әдейі біздің жолымыздан бөгеу үшін жіберген. Егер совет ұшқышы болса қолға не үшін тірі түседі? Ал қаруын? (Жомарт Линаның пистолетін алып Манькоға береді.)


Манько (пистолетті қарап жіберіп). Мұның оғы қайда?


Лина . Оғын таусып алдым,


Манько. Қуғыншылармен атысып жүріп оғыңыздың таусылғанын білмегенсіз ғой?!


Лина . Кекетсеңіз де, шындықты айтып тұрсыз.


Манько (қадала қарап тұрып, дауысын соза). Түсінікті!


Жомарт (Манькоға таңдана қарап). Онда мұның кім болғаны?


Манько. Кім екенін кешікпей кересің. Егер де немістер мұны бізді алдау үшін жіберген болса, кешікпей жолымызды тосқан немістерге кездесеміз. Бірақ олар бізге соқтықпайды. (Жайық сөйлеп келе жатады.)


Жайық. Жолдас командир, жолдас командир. Жолымызда немістер торып жүр. (Жауынгерлер абыржып, бәрі Линаға қадалады.)


Манько. Саспаңдар. Торыса тори берсін. Олардың алдауына да, қолына да түсетін біздер жоқ. Саспаңдар! Баранов қайда?


Жайық. Ол немістерді аңдып тұр.


Манько (Жомартқа). Иә, аңғал батыр, бұл қалай? Тәртіпті бұзып, қауіпті жерде оқ шығардың. Алдауға түсіп, бәрімізді қатерде қалдырдың, мұны не дейміз?


Жомарт. Жолдас командир, алданған болсам, тартар жазам сол болсын, алға салып жау оғына мені байлаңыз!


Лина (Жомарттың қасына жетіп келеді). Мені де қоса байлаңыз.


Манько. Иә, екеуіңнің ғашық болып та қалғандарыңды сезіп тұрмын.


Лина. Сезсеңіз, бәрін де әбден сезіп алыңыз. Егерде азаптан, ажалдан, қасіреттен Құтқарар болсаңыз, қандай адам болса да сізді жанындай жақын көретін болады. Мен бүгін ажал аузында тұрып осыны көрдім. Сондықтан бұл кісі менің өмір бойы құрмет ететін, өлсе бірге өлетін қымбат адамым болады.


Манько. Біздің болашақ бағамызды дәл айтып берген бұл сөзіңде ешқандай мін жоқ. Бірақ аңғал адамды алдау үшін арбаушылар алуан түрлі әдемі сөзді де айта беруші еді. Жомарт, ғашығыңның аузын байла да алып жүр. (Жайыққа ) Сен ана немісті алып жүр. (Басқаларға). Ал, сендер—...(Сыбырлап әлденені айтып тұрады.)


Жомарт (Линаның аузын байлап жатып). Сенің атын кім?


Лина. Лина. Ұмытпаңыз, Лина Максимова.


Жомарт. Лина Максимова?


Линa . Сіздің аты-жөніңіз?


Жомapт. Жомарт Жандосов!


Линa . Жомарт Жандосов! Ұмытпаспын.


Жомарт (Күрсініп). Қайдан білейін, бағымбысың, әлде сорымбысың? Тіпті қимаймын, қолым қалтырап барады.


Лина . Байлай беріңіз, бөгелмеңіз.


Манько (Жомартқа). Сен құшақтасып тұра беруші ме едің, бол!


Жомарт . Жоқ, аузын байлап жатырмын.


Лина . Тым қырағы екенсіз. Бірақ қанша қырағы болсаңыз да адасып тұрсыз.


Манько . Адассам, жол табуым оңай. Түсіңдер (Жомарт пен Лина алға түседі. Басқалар солардың соңдарынан жүреді.)


Шымылдық.


Екінші сурет


Жомарт. Жаным, Лина. Осы хатың келгелі сенімен қолтықтасып жүргендей болушы ем не, бар қайғыны серпіп тастап, шаттық сезімге берілуші ем. Егер сол күнге бір жетер болсам, Рейхстаг бесінде сені құшақтап тұрып, ең бақытты жан біздікі деп, бар әлемге айқай да салмақшы ем. Енді бір көруге де зар болғаным. (Ауыр ойдан Жайыққа қарап.) Мынау тағы дүрілдете бастады, немістер естіп қояды, ақырын қорылда деймін.


Шегі шұрылдап жатып қорылдағанда несі бар деймін-ау осының. (Демін басып.) Сорлы шек-қарын, екі күннен бері нәр көрген жоқ, азан шақырмай қайтсын енді, (Жайық қорылдай түседі.) Мынаның ұйқыға бақтыруын-ай, ә?! Әттең, жеті күннен бері ұйқы көрпе қоқысың, жаным ашиды, әйтпесе ұйқыңды шайдай ашар ем. (Сөйлеп отырып, қалғып кетеді, Тағы да снаряд келіп маңайға түседі. Жомарт селк етіп оянды.)


Мына иттердің арсылдап маза бермеуін-ай, ә?! Арсылдатып тұрған адамдарының алқымына бас бармағымды батырып жіберіп, былай сығымдар ма едім. (Жайықтың кеңірдегінен ұстай алады. Жайық оянып кетеді. Жомарт күліп.) Байғұс-ай, сен әлі тірі ме едің?


Жайық. Тұмсығыңды бет қылып жіберейін бе осы, не деп отырсың.


Жомарт. Еһе, сен бұрын мұндай емес едің, қарның ашқан соң күшейген екенсің, ә?


Жайық. Ессіз, неменеге жетісіп отырсың?


Жомарт. Есті болсаң, көтер еңсеңді езілмей! (Жайық қолын бір сермейді де, қайта жатады. Жомарт ауыр күрсініп.) Рас, біз жетісетін түк те жоқ. Күнде немістермен айқасып, ұйқы мен тамақты ойламаушы едік, бүгін ол да жоқ. (Ойланып.) Бұл сұмырайлар нендей құлық ойлады екен, ә? (Дәулет келе жатады. Жомарт күлімсірей қарап.) Пай, пай, Дәукеңнің бабына келгенін-ай! Бәйгеге қосса, ең алдымен келер едіңіз, ә?


Дәулет. Ой, Жомартым-ай, масқара болмасақ бәйгенің алды сол ғой. (Отыра кетеді.)


Жомарт. Не дейсіз? Неге масқара боламыз?


Дәулет (Күрсініп). Сұрама, Жомартым, сұрама.


Жомарт. Е, не болды?


Дәулет . Сұрама дедім ғой саған.


Жайық. (басын көтеріп алып). Сұрама, сұрама! Ол да соғыстың құпия сыры ма?


Дәулет . Соғыстың құпия сыры болса да сұрама.


Жайық (қолын сермеп). Бар, ендеше.


Жомарт. Снаряд келеді, бұғыңдар! (Үшеуі де бұрын жатып тыңдайды. Снаряд алысқа барып түседі).


Дәулет . Біздің штабқа түсті-ау осы?


Жомарт. Жайық, сен барып байқап келші! (Жайық кетеді.)


Жомарт. Дәулет, сенде бір сыр бар ғой? Жасырмай айтшы, бүгін немістер не үшін шабуылын тоқтатты, әлде біз оларға берілетін болдық па?


Дәулет . Жоқ, мен оны айта алмаймын. Кешікпей командирдің өзі де. айтар.


Жомарт (ойланып). Әлденені сезгендей, ет жүрегім елжірейді, бұл қалай? Әлде, туған елді көре алмай, тобымызға қосыла алмай, қаламыз ба осы далада?


Дәулет. Айтпашы ондай сөзді! (Жомарт ауыр ойда отырып қалады. Дәулет айтайын дегенін айта алмай қыбыжықтап аз отырады да, ақырын күрсініп) Жомарт, анау күні сен менен бір кітап алған едің ғой, сол қайда?


Жомарт. Кітапшылын. Кітап түгіл өзің қайда қалып отырсың?


Дәулет. Маған керегі кітап емес, соның ішінде жанды күнгі сендер құтқарып әкелген қыздың берген бір хаты бар еді. Аңқау басым...


Жомарт. Не дейсің? Айтып отырғаның кәдімгі Нина ма?


Дәулет. Атын қайдан білейін, әйтеуір, сол қыз дедім.


Жомарт. Ол хатты сен қайдан алып жүрсің?


Дәулет. Қоршаудан бір күн бұрын дивизия штабына барғанымда берген еді, сол күні мұнда ауысып, табыс ете алмай қалғаным.


Жомарт. Сен маған сол күні-ақ жолыққан едің ғой, сонда неге бермедің?


Дәулет . Саған неге беремін?


Жомарт. Енді кімге бермекші едің?


Дәулет . Бер деген кісісіне беремін де.


Жомарт. Пе дейді? Кімге бер деген еді?


Дәулет. Мынау І-батальонның командирі Батуринге бер деген.


Жомарт. Батуринге! (Ойланып.) Сен шатасып отырған жоқпысың?


Дәулет. Немене, аузынан ас кетсе, басынан ақыл Мұрат қой деймісің мені?


Жомарт. Солай болуы да ғажап емес, өйткені, ол қыздың... (Кенет ойланып.) Тоқта, сен ол хатты оқыған жоқсың ба?


Дәулет . Айтар жақсылық хабары бар ме екен деп Сергейге оқытып ем, сүйдім, күйдімінен басқасын ұққаным жоқ.


Жомарт. Солай ма? (Ызалы күлкімен мырс етіп, он шайқайды). «Сүйдім, күйдім!» Дәл осы минутке шейін ең қымбат сөз еді, енді арзан сөз болып кеткенін қарашы.


Дәулет. Неге, не үшін? Сенің де бірдеңең бар ма сол қызбен? Өңін қашып кетті ғой тіпті.


Жомарт. Мұнан да өлтіргенің жақсы еді ғой мені.


Дәулет (санын бір соғып). Алда, аңғал басым-ай, күлдірген екенмін ғой? (Орал, СавкинЖайық, Сергей бәрі келеді.)


Жомарт (атып тұрып). Тұр!


Орал. Отыра беріңдер, дем алыңдар.


Дәулет . Жолдас комбат, бұйрығыңыз орындалды, Манько қазір келмек.


Орал. Рақмет. Енді І-ротаға барып командиріне айт. Сағат 21-ге дейін алып жүруге ауыр құралдардың барлығын жойсын да, сағат жиырма екіден қалмай ротасын алып осында келсін. (Ішке кетеді.)


Жомарт. Қаруды жойғаны несі?


Дәулет . Осы ғой менің айта алмай қиналғаным. Маньконың айтысына қарағанда, шығатын жол жоқ. Мына кісі жол жоқ болса да шығамыз дейді. Ауыр құралдарды жойсақ, жалғыз автоматпен не бітірмекпіз?


Савкин. Бітіреміз, достым! Сен білмейсің біздің, командирдің сырын. Ол автоматтың өзімен-ақ бәрін де бітіре білетін адам.


Жомарт. Ондай командирмен бірге өлсең де арманың жоқ, сөзді қой да жөнел.


Савкин. Бұл кісіге Манькодан үлкен командир жоқ.


Дәулет . Не десеңдер де ауыз өздеріңдікі. Әйтеуір, маған осы сапар ұнап тұрған жоқ. (Кетеді. Екінші жақтан қасында Мұрат бар Батурин келеді.)


Савкин. Тұрыңдар!


Батурин. Амансыңдар ма, батырлар!


Бәрі. Аманбыз, жолдас капитан! (Жомарт көңілсіз амандасады.)


Батурин. Өздерің көңілдісіңдер ғой тіптен.


Савкин. Өте көңілдіміз, жолдас капитан.


Батурин. Бұларың бір тамаша екен. Иә, себебі не?


Савкин. Себебі сол — біз немістердің басынан бір-ақ аттап еткелі жатырмыз.


Батурин (таңдана қарап). Немене?! Әлде сендер кеткелі жатырсыңдар ма?


Савкин. Нақ солай, жолдас капитан.


Батурин (түсі өзгеріп, ойға кетеді). Шалқаров штабында ма?


Савкин. Жоқ, осында. (Іштен сөйлеп келе жатқан Оралдың даусы естіледі.).


Орал. Шыдам керек, жігіттер, шыдам. Қай кезде болсын сабырсыздық сазаны тартқызатын.


Батурин (Күлімсіреп). Орал, сол өсиетіңді өзіңе де айтсаң қайтеді.


Орал. О, Анатолий! Көріспегелі екі-ақ Күн, сонда да сағынып қалыппын. (Екеуі құшақтасады.)


Батурин. Осы екі күн маған да екі жылдан кем болған жоқ.


Орал. Иә, азапты бір күн рахатты бір жылдан ұзақ қалады екен. Жігіттер, сендер бара тұрыңдар! (Мұратты енді ғана аңғарып.) О, біздің кәрия да келген екен. (Қол алысады.) Амансыз ба? Қалай, мұрныңыз құшақтың иісін әзір ұмытқан жоқ па?


Мұрат. Отыз жылдан бері сіңіп қалған ғой. Отыз күн ашықсам да ұмытар емеспін. Асықпаңдар, қоршаудан шыққан күні бір қазан құймақты пісіріп тұрып бәріңді де шақырам. (Батурин мен Оралдан басқалары кетеді.)


Батурин. Қалай жауабына қанағаттандың ба?


Орал (Мұрат кеткен жаққа қарап). Ғажап, осы соғыстың тұсында біздің, адамдардың тастағы түлектей гүлегенін осы өз ағамнан көремін де, ғажап-ғажап дей беремін.


Батурин. Біздің адамдар отқа салған сайын шығынға түсетін болат секілді еді, мына бір қоршау деген қырсық қажытты-ау, достым.


Орал . Иә, қажытты. Сол қажығандықтан да бұл менің саған қарай шыққан бетім еді. Жақсы келдің. Екеуміз тағы бір ойласайықшы. Осы біз аштықтың құрбаны болуға көніп жата береміз бе, жоқ басқа табар жолымыз бар ма?


Батурин. Бұл менің саған қойғалы келген сұрауым еді. Сені қоршаудан шыққалы жатыр деп те естідім, ол не сөз?


Орал. Ол солай! Мен осыған тәуекел еттім. Буған соң ие дейсің? (Батурин ойланып, үндемейді. Орал қой береді.) Менімше, не бұзын шығу, не өлу, басқа жол қалған жоқ сияқты.


Батурин (ерсілі-қарсылы жүріп ұзақ ойланады). Жоқ, дәл қазір онан тук те шықпайды. Босқа қырыламыз.


Орал. Ал, сонда өз ойың не?


Батурин (тағы да ұзақ ойланады). Менің ойым, қаруды жойып қашу емес, сол қарудың соңғы оғына дейін жауға жұмсап, өлсек те осы жерде өлу.


Орал. Пәлі! (Жүре сөйлейді.) Бұл менің мұнан он күн бұрын айтқан ертегім.


Батурин. Жағдай біздер үшін сол кездегіден әлі өзгерген жоқ, жолдас Шалқаров.


Орал . Егерде бізді қоршап жатқан немістердің өздері де қоршалып, барлық күшін сыртқа төгіп, бізге мойын бұра алмай жатса, жағдайдың өзгергені емей немене? Күндегі дүркін-дүркін жасалатын шабуылдың бүгін кенет тоқтай қалуы сондықтан деп білемін.


Батурин. Менің байқауымша, сенің мұның адамдарды құтқару емес, құрту. Өйткені немістер әлі қоршалған жоқ. Азықтың жоқтығынан төніп келе жатқан қауіптің қандай ауыр екенін мен де сеземін. Бірақ қоршауды бұза алмай қолға түссек, онан аштан өлгеніміз әлдеқайда артық. Сол есте болсын. Тұман түгіл түнек басса да, Багаевтың хабарсыз жатуы мүмкін емес. Егер, хабарымызды білсе, ол бізді қалай құтқарып алуды да біледі.


Орал. Жоқ, достым. Шыдаудың күні бітті, тәуекелдің күні туды. Дәл қазір бізді құртып жіберуге немістердің күші қандай жоқ болса, Багаевтың құтқаратын күші де сондай жоқ. Өйткені, немістер бар күшін қоршаудан шығаруға салса, Багаев бар күшін оларды құтқармауға салып отыр. Сондықтан, тезінен өзіміз тәуекел етпесек, ұзамай мерт боламыз.


Батурин. Егер де сенін, осы айтқандарың дұрыс болса, онда бізді жұттым деген жау, ине жұтқан иттей болар еді. Багаев қабырғасын қысқан кезде, біз ішінен найзадай қадалар ек. Амал қанша, сен дұрыс айтып тұрған жоқсың.


Орал. Қалайша?


Батурин. Немістер әлі қоршалған жоқ, тек құрсауланып келеді! Егерде сол құрсау түйісіп келіп қоршалса, онда сенімі жөн.


Орал. Сеніңше қалай? Тіпті барлаушылардың межесін де айтпай-ақ қояйын, немістердің мына қылығының өзі осыны айтып тұрған жоқ па? Шамасы келсе, бізді аяп отырған жоқ қой.


Батурин. Әрине, аяп отырған жоқ. Сенің жаңағы айтқаның рас. Олар өздерінің қоршалатынын сезіп, бар күшін сыртқа төгуде. Екіншіден, бізді не аштан қырылады, не өздері келіп беріледі деп отыр.


Орал (сабырсызданып жүріп кетеді). Е, сонымен, қашан немістер келіп басымызды кескенше жата береміз десеңші. Неткен сандырақ бұл?


Батурин. Сандырақ емес, жата да бермейміз. Біздің қимылдайтын кезіміз, немістердің жаңа ғана қоршалып есінен танған кезі. Сол сәтке бір жетсек, есін жинатпастан желкесіне тап береміз. Өтсек сонда ғана өтеміз. Онан ерте де, кеш те бізге шығар жол жоқ.


Орал, Жоқ, жолдас Батурин, мұндай сәуегейлікпен біз ұзаққа бара алмаймыз. Немістер қазірдің өзінде қоршалуда, былай тез қоршалуына қарағанда, күші де мол емес. Біз осындай әліміз бар кезінде бұзып өтпесек, сөз жоқ, ертең мерт боламыз. Сондықтан... (Дәулетті бір жауынгерге айдатып Манько келеді. Орал түйіле қарап). Бұл не?


Манько. Жолдас комбат, мына бір оңбаған жауынгерлердің арасына барып ірткі салып жүр.


Орал. Не дейді? (Дәулетке.) Сен не істеп жүрсін?


Дәулет. Сіздің бұйрығыңызды жеткіздім, бар кінәм сол.


Манько. Ауыр құралдарды жойыңдар, кешке қашамыз дейді.


Орал. Бұйрық солай болса, оған бұл қалайша кінәлі?


Манько. Ол кімнің бұйрығы?


Орал. Менің бұйрығым.


Манько . Менің бұйрығым?!


Орал. Иә, сендер бара тұрыңдар! (Дәулеттер блиндажға кетеді. Орал Манькоға қадалып). Бұл не? Сіздің ойыңыз не осы?


Манько . Менде ешқандай бөтен ой жоқ, жолдас комбат. Тек құтылатындығымызға көңіл сеніп, көз жетпегендіктен қашу дегенге қарсымын.


Орал. Өзіңіз командир болған кезде солай етерсіз. Әзірше, мен командир. Сол еді менің сізге оңашада ескертейін дегенім. (Манько үнсіз қадалып қалады.)


Батурин. Жолдас, сіз кім боласыз?


Манько. Мен осы батальонның комиссары, Манько деген боламын.


Батурин (қол алысып). Батурин. Мен сіздермен бірге қоршалып жатқан мына І-батальонның командирі боламын. Рақмет сізге. Ойыңызға түсіндім. Енді тек сол өз басыңыздағы асыл ойды барлық жауынгерлерге жеткізе біліңіз.


Орал. Жолдас капитан. Батурин, қанша дос болсаң да жауынгерлердің арасына мұндай ірткі салуға жол бере алмаймын. Мен өз бұйрығыма өзім жауаптымын. Онда жұмысың болмасын.


Батурин. Жоқ, менің жұмысым әбден бар. Сен, 03 батальоныңды ғана емес, бізді де қырғынға ұшыратқалы тұрсың. Сондықтан бұл айтқаныңа көне алмаймын.


Орал. Жолдас Батурин, мен сендей қиялшыл емеспін, Бос қиялға алданып, адамдарымды қырғынға ұшырата алмаймын. Айтқанға көнбесең, тез қорғанға ие бол! (Кетуге ыңғайланады.)


Батурин. Орал, кішкене тоқта! Сен екеуміз ғой бір жерде туып, бірге естік. Мектепте де бірге оқыдық. Майданда да нелер қанды қырғын соғысты тізелесіп бірге өткіздік. Сондықтан сенің айтқаныңнан қайтпайтыныңды мен жақсы білемін. Сол, сырыңды жақсы білгендіктен, айтатын жалғыз-ақ ұсынысым қалды. Енді соны тыңда!


Орал. Ол ұсынысың, екі батальонға да командир боламын деу ғой. Солай ма?


Батурин. Жоқ, боламын деу емес, саған бол демекпін. Тек, екі батальонды біріктіріп қайта құр да, осы жерден тапжылма! Көмекшің болуға мен әзір.


Орал. Ондай сенім көрсеткеніне рақмет. Бірақ, мен бұл айтқаныңа ешуақытта көне алмаймын. Өзің ойланып көр де, мына сұрауға жауап берші! Тіпті, немістер шабуыл жасамаған күннің өзінде, адамдарымыздың ең әрі кеткенде екі-үш-ақ күндік өмірі қалды. Егерде, жаумен алысып емес, аштан қырып алсақ, мынау жүздеген қыршын жастардың обалы кімге, мені мен саған емес пе?


Батурин.Ендеше, барлық обал, барлық жаза саған емес, маған болсын. Бұған не дейсің?


Орал. Сен өзіңді өзің аямай, отқа орынсыз айдап тұрсың. Сондықтан, оған да қарсымын. (Дауыстап.) Жомарт, Жайық келіңдер бері. (Отыра қалып, сумкасынан қартасын алады да қарай бастайды. Блиндаждағылар келеді. Олардың қайсыбіреулері күрсінеді.)


Батурин.. Иә, достар! Әрбір ауыр күрсінуде, әрбір жалт еткен көз қараста өмірді аңсаған, тірлікті тілеген асыл арман барын, соның бәрін Шалқаров екеумізге ғана арнайтындарыңды сеземін. Сондықтан да, біздер қатты қиналамыз. Сондықтан да ашық айтамын, біз ажалдың аузында турмыз. Бірақ, сол ажалды біз жеңіп шығуға, қарсыласқан қас жаудың қақырғанын қан, түкіргенін жын етуге, біздің елден татқан дәмін қан соқталы дерт етуге тиістіміз. Адамшылық ар, бізге жауға бас июге емес, осыны бұйырады. Осыған әзір болыңдар!


Бәрі. Әзірміз, жолдас капитан!


Орал (кекетіп). Әзірміз, әзірміз! (Атып тұра келеді.) Жолдас капитан Батурин! Құралды жойыңдар деген бұйрығымды әзірше бұзамын. Мен келгенше, екі батальонға да сен ие бол!


Манько, Сіз қайда барасыз?


Орал. Жауынгердің жанын сағалаудан басқаны ойламаған, тар жол, тайғақ кешуде ақылымен жол сала алмаған командир командир емес. Өзім барлап қайтамын. Қайтсем де жол тауып келем; Сен екеуің ер маған! (Жомарт, Жайық үшеуі кетіп бара жатады.)


Шымылдық.


ЕКІНШІ ПЕРДЕ


Үшінші сурет


Орман іші. Күн әлі тұман. Сахнада ешкім жоқ. Аздан соң қасында Жайық бар, аңди басып, алысқа құлақ тіге Орал шығады. Ол әлденені алыстан асыға күткендей демін қысыла алады. Бұлар сахнаның орта тұсына жеткен кезде, қарсы алдарынан еңбектеп Жомарт келе жатады. Орал қасындағыларымен сөйлескенде де үнемі құлағын алысқа сала, үнемі ойлана сөйлейді.


Орал. Иә, жел құйын, сөйле! Не көрдің, не сездің?


Жомарт. Көрген түгім де жоқ. Сезгенім көп. Ең алдымен сезгенім — Батуриннің айтқандары дұрыс сияқты. Шығатын жол жоқ.


Орал. Менің ендігі күткенім — шығатын жол емес, басқа.


Жомарт. Басқа?!


Орал. Иә, (Ауыр ойға түседі. Өзіне-өзі.) Білгенімнен білмегенім әлдеқайда көп екен. Жау сырын жете білместен жүздеген қыршын жастарды арзан өлімге айдай жаздаппын. Өзін өзі дана дейтін ақмақ адам емес едім, неге мұнша адастым, неден мұнша алжастым?! (Аздан соң алыстан артиллерияның дау сын естіп атып тұрады да, қуанғаннан Жомартты құшақтай алады), Міне, міне, менің күткенім. Тыңдашы, қарсы алдымыздан естілмей. ме?


Жомарт. Иә, қарсы алдымыздан, ол немістердікі ғой, оның несіне қуандыңыз?


Орал. Сол немістердікі болғанына қуанып тұрмын, Немістер жаңа ғана қоршалды.


Жомарт. Қайдағы неміс?


Орал. Дәл осы бізді қоршаған неміс.


Жомарт. Ол қалай? Бізді немістер қоршап, немістерді тағы біз қоршаған боламыз ба сонда?


Орал. Нақ солай. Немістер азымызды қоршады да, көбімізге қоршалды. Шегінудің өзі қажетті тактиканың бір түрі деуші еді біздің генерал. Енді, қорғанып тұрып, қоршап алу шықты. Бұл да соның бір айғағы.


Жомарт. Әлі түсінгенім жоқ.


Орал (өз ойымен), Солай-солай. Осынау бір тұс жаңа ғана қоршалды.


Жомарт. Әлі түсінгенім жоқ.


Орал. Кешеден бері көргендеріңе көз жіберсең, түсінерсің, Жомартым. Өзің ойлана бір тыңдашы, немістер барлық отын қайда төгіп жатыр?


Жомарт. Ар жағындағы біздің әскерге емес пе?


Орал. Оның дұрыс. Ал енді, мынаны ойла. Біз кеше шығыстан бастап едік, шыр айналып отырған сол шығысқа қайта келдік. Қай жаққа барсақ, сол жақта сұрапыл соғыс болып жатқанын көрдік. Бұл қалай?


Жомарт (сәл ойланып). Иә, сонысы несі?


Орал. Онда өзің, жүйрік болғаныңмен, ойың жүйрік емес екен. Егерде немістер қоршауда болмаса, жан-жағына бірдей оқ төгіп несі бар?


Жомарт (аңырап). Тоқтаңыз, енді түсіне бастадым.


Орал. Түсінсең сол. Енді барлық ақыл-ойды басқа жолға жұмсау керек. Қайда, қай жаққа? Мәселе сонда.


Жомарт (тыңдап). Тіпті бұзып өтсек те алыс емес сияқты.


Орал. Алыс емес, бірақ, біздер үшін жақын да емес.


Жомарт. Неге? Қоршаудағы немістер бізді бөгей алмас.


Орал. Жоқ, қай жаққа құлақ салсам да оқтын, нөсердей төгіліп жатқанын көремін. Бұл немістердің қалың күші қоршалғанын, ол Құш әлі де мол екенін көрсетеді. Сондықтан, өтетін жол... (ойланып қалады.)


Жомарт. Менімше...


Орал. Тоқта, тоқта! (Өз ойымен алысып.) Немістер барлық күшін қоршаудан шығуға салып жатыр, ә? Олардың бізге мойын бура алмай жатқан себебі сол. Ол анық... Егерде, олар қоршауды бұза алса, бізді тастай қашады, ал, бұза алмаса, Иә берілмесе, сонда қайттік? Тоқта, тоқта... Біздің сырттағы қалың Құш құтқармай жан-жағынан қысып жіберсе, немістер не беріледі, не біз тұрған жерге қарай шегінеді. Шегінер болса, бізге жан-жағымыздан тап береді. Сол кезде біз не істейміз?


Жомарт. Айқасамыз.


Орал. Қоя тұр. Шаман келсе айқасарсың, келмесе неңмен (өз ойында). Сонда не істейміз, ә?


Жомарт. Жолдас капитан, егерде немістердің қоршалғаны анық болса, біздің оларды қоршаған қалың күш құртып жібермей ме?


Орал. Егерде немістердің күші әлі де мол болып, біздің жақ тез құрта алмай, оған дейін немістер бізді келіп бас салса не боламыз?


Жомарт. Онда білмеймін.


Орал. Міне, біздің алдымызда тұрған үлкен сұрау сол. Мынадай қырғын соғыстың үстінде бұзып өтуге тағы болмайды. Ендігі амал, біріншіден, әл бар кезінде жақын жердегі немістерден азық тартып алу. Екіншіден,— қалайда бір кісіні аржаққа өткізу. Онан басқа жол жоқ. (Ойланып). Бірақ, дәл қазір, сол бір кісінің өтуі де үлкен қауіпті.


Жомарт. Қауіпті болса да мені жіберіңізші. Менің кешеден бері сізден сұрайын деп жүрген тілегімнің өзі осы еді.


Орал. Оны батальонға барған соң көрерміз. Апыр-ай, ә? (Өз ойымен алысып жүріп кетеді.)


Жомарт. Жолдас капитан, батальон болса көп жерде қалды. Оған барып, онан қайтадан дәл осы араға жеткенше мен өтіп те кетпеймін бе?


Орал. Ех, қазір қасымда Анатолий болар ма еді. Қандай түйін болса да талқанын шығарып шешер едік.


Жомарт. Жолдас капитан, мен барлаушы кезімде мұндай қауіпті жолдан талай өтіп дағдыланғанмын.


Орал. Сабыр ет, сабыр. Ұйықтап жатқан немістерді бас салуға шебер екеніңді білемін. Ал, мына немістерде қазір ұйқы жоқ. (Ойланып.) Енді қайттік?


Жомарт. Немістер ұйықтамас үшін көзіне кергіш қойса да өтемін. Өте алмасам, өз обалым өзіме, рұқсат етіңіз.


Орал (өз ойымен). Мұнан да ештеңе шығар емес. Енді қайттік, апыр-ау? (Сәл ойланып.) Басқа жол тағы жоқ... Иә, жоқ. (Жомартқа жалт қарайды.). Тәуекел!


Жомарт (қолын ұсынып). Тәуекел!


Орал (қолын ұсынып бере, қайта тартып алады). Тоқташы, апыр-ай, осы мен не істегелі тұрмын?.. Жоқ, мұнан басқа амалым жоқ. Жолың болсын. Аман жетсең Багаевқа сәлем айт! Радиомыз қирап, хабарсыз қалдық, адамдарымыз азайып, батальон деген атымыз қалды. Бірақ, қандай азап шексек те, өлім қаупі қанша төнсе де немістерге бас имейміз, қасықтай қанымыз қалғанша қарсы тұрамыз, Қарсы тұру ғана емес, шабуылға тез, біз немістерді желкеден ұруға әзірміз деп айтты де. Басқасын өзі де білер. Қош бол!


Жомарт. Қош болыңыз. Жанық, сен де қош бол!


Жайық . Шынымен-ақ кеткенің бе ей. Тез қайта гөр.


Жомарт. Аман жетсем, тез қайтармын. (Кетіп бара жатып.) Екі тілектің жолыңа бір басымды байладым. Жолым болғай! (Кетеді.)


Орал (Жомарт кеткен жаққа ұзақ қарап). Көрдің бе, ол өмірге емес, өлімге кетіп барады. Сонда да айбатынан ажал қашқандай, қарашы. (Ауыр ойға түсіп, ерсілі-қарсылы жүреді де, тоқтай қалады.) Шіркін, туған жер-ай! Неткен мұнша қымбат ең. Керіліп жатқан кең далаң, бейне ананың құшағындай, жау аяғы таптаған сенің әрбір қылтанағың, ананың жұлынған шашындай көрінеді де адамшылық арды тулатып, кектің отын қаулатады. Көңілде сондай өшпейтін, өрттей қаулап өрлей түсетін намыс оты тұрғанда қандай адам баласы өзінің туған анасын жаудан азап мазағына кескілеспей қияды. Миллионда ғана адамға топырағыңды сүйгізген неткен мұнша қымбат ен?


Жайық (аздан соң). Жолдас капитан, қайтпаймыз ба?


Орал. Не деп? Не бетіммен қайтамын? Жаудың сырын біліп болмай, батальонға жол таппай қайтатын мен жоқ! (Екеуі де кетеді.)


Шымылдық.


Төртінші сурет


Екі батальонның штабы орналасқан блиндаждың іші. Перде ашылғанда Мұрат сыртқа кетіп бара жатады. Батурин жалғыз.


Батурин. Тұман бір серпілмей-ақ қойды-ау. Қашан, қашан құтылар екенбіз бұл қырсықтан? (Ауыр ойға түсіп стол басындағы орындыққа отыра кетеді. Аздан соң ентіге басып Дәулет келеді).


Дәулет . Жолдас капитан, рұқсат па?


Батурин. Рұқсат, иә, сөйлеңіз.


Дәулет . Сөйлесем, мен сіздің алдыңызда үлкен кінәлі едім, тәңірімнің жаңа ғана дес бергені. (Қалтасын қарай бастайды.) Қазір, жолдас капитан, қазір. (Қанша қараса да таба алмайды.) Таңырайған тәңір-ай, тағы да жоғалтып алмасам игі едім.


Батурин, Ол немене?


Дәулет (абыржып). Бір, бір... иә, бір хат еді... қазір...


Батурин. Хат?


Дәулет. Иә! (Іздеп таба алмай). Қазір, жолдас капитан, қазір.


Батурин. Басқа қиналуыңыз да аз емес. Хат үшін қиналмай-ақ қойыңыз.


Дәулет . Жең, апыр-ай, жаңа ғана осы қалтама салған жоқ па едім.


Батурин. Кім берген хат еді, сонша?


Дәулет . Өзі сіздің бірдеңеңіз болу керек, бір қыздың хаты еді, апыр-ай, енді қайттым.


Батурин. Қайдағы қыз, аты кім?


Дәулет. Ұмытпасам, аты Лина ма, Нина ма, әйтеуір соған ұқсас.


Батурин. Нинадан, анық па? (Ұшып түрегеледі.)


Дәулет . Қазір, жолдас капитан, қазір.


Батурин. Саспай, анықтап. қараңыз. Қайда салған едіңіз? (Өзі де қарасады. Екеуі де іздеп таба алмайды.) Қарныңыз ашқан соң жеп қоймасаңыз, бойыңызда жоқ. Барыңыз, қайдан болса да табыңыз, Тоқта, мына біреу немене? (Малақайының маңдайына қыстырылған қағазды алады.)


Дәулет. Уһ, осы. Есі шыққан басым, маңдайымда екен ғой. Көп жасаңыз, жолдас капитан.


Батурин. Сізде көп жасаңыз. Ал, мұны қайдан алып жүрсіз? (Хатты ішінен оқи береді.)


Дәулет. Әнеу күні өзі берген еді. Есі шыққан басым сол күні жоғалтып алып, жаңа ғана окоптың ішінен тапқаным.


Батурин. Окопқа неге тастағансыз?


Дәулет , Жоқ, мен емес тастаған. Бұл хат менің соғыс басталғалы сырласым болып жүрген бір кітаптың арасында еді. Сол кітапты әлгі бір Жомарт дейтін жігіт сонау көпір жақтағы бір окопқа қалдырып кетіпті, Өзі бір түрлі қызық жігіт екен. Жоқ, олай емес, онда кінә жоқ, аңқау басым оның бұл қызда көңілі барын білмей хаттың сізге екенін айтып қойып, әбден бүлдіргенім. Сонымен, әйтеуір...


Батурин. Қөңілі бары қалай?


Дәулет (сасқалақтап), Жоқ, жай ғана. Жай оның ептеп сол қызға ызаланғанын айтып тұрмын. (Батурин таңданғандай қадалып қалады. Дәулет өз-өзінен қысылып.) Мені онда іздеп жатқан болар, Рұқсат болса кетейін,


Батурин (ашулы). Барыңыз!


Дәулет (кетіп бара жатып). Әй, аңқау басым-ай, тағы да бүлдірдім-ау! (Кетеді.)


Батурин (аң-таң). Мынау не деп кетті жаным-ау! Өзінің есі дұрыс па? (Қолында тарелкаға салынған бір тілім наны, бір қолында кружкасы бар Мұрат келеді.)


Мұрат (әкелгендерін Батуринның алдына қойып). Қаптың түбін қағып мына біреулерді істеп әкелдім, жүрек жалғаңызшы.


Батурин. Міне ғажап, наныңыз да бар ғой тіпті?


Мұрат. Неше күннен бері жемей, әдейі Оралға сақтап жүрген жалғыз тілім нан еді.


Батурин (кружканың ішіне қарап). Тамақты осының өзіне пісіргенсіз бе?


Мұрат. Иә, аз болған соң өзіне пісірдім.


Батурин (нанның жартысын кесіп). Мә, мынаны сіз жеңіз, жартысын Оралға сақтайын.


Мұрат. Жей беріңіз, мен енді бұл күйікті көріп жүргенде, тамақ жұтпай тас жұтармын.


Батурин. Ол нендей күйік?


Мұрат. Жалғыз бауырым жоғалып кетсе, мұнан артық не күйік болушы еді?


Батурин (сәл ойланып). Мұнан басқа туысыңыз бар ма еді?


Мұрат. Жоқ. Менде ей ақыры бала да жоқ.; Мен оның әйел алғанын, балалы болғанын көрсем, сол баланы өзім асырап алсам деп арман етуші ем. (Күрсініп.) Енді мынау, өзіне де зар болғаным.


Батурин. Сабыр етіңіз. Жер бетінде тірі болса, біз оны таппай қоймаймыз.


Манько (кіре бере). Біздің барлаушылар бір немісті сүмеңдетіп айдап келеді. Сірә, Шалқаровтың төлеуіне әкеле жатқан болар.


Мұрат. Не дейсіз?


Батурин. Мың фашист әкелсе де бір Оралдың орны толмас. (Батурин мен Манько отыра кеткен Мұратты қалай уатарын білмей, біріне-бірі қарайды).


Манько (не дерін білмей). Сізде бір тартым темекі жоқ па?


Батурин. Темекі жоқ, нан бар. (Нанды ұсынады.)


Манько. Сізде нан жоқ еді ғой. Мұны қайдан алдыңыз?


Батурин. Мына қарттың Оралға сақтаған бір тілім наны бар екен, Сол ғой бөліп-жарып отырғаным»


Манько (сәл ойланып). Мұныңыз қалай? Ініңізге сақтаған жалғыз тілім нанды не үшін бізге әкелдіңіз?


Мұрат. Енді маған бәрлерің де інісіңдер. (Жыламсырап шығып кетеді. Маңайға снаряд түскені білінеді.)


Батурин. Немістердің қояншығы бүгін тағы ұстады. Жауынгерлердің жайы қалай?


Манько . Жай белгілі ғой. Тезірек немістердің азық тұрған сарайына шабуыл жасалмаса, мәніміз мүлде болмас деймін.


Батурин. Онан басқа жолдың өзі де жоқ. Менің қорқатыным аштықтың азабы да, немістердің ажалы да емес. Шалқаровтың жоғалуы болып отыр. Ол өз ойына берік болса, аман болар еді. Оның қасындағы серігі сенімді емес екен. Сол адам немістерге апарып ұрындырды ма деп қорқам.


Манько. Сонда сіз оларды қолға түсті ғой деп ойлайсыз ба?


Батурин. Оған аузым бармайды. Бірақ, күдігім де жоқ емес. Сондықтан қазірден бастап, екі батальондағы барлық командирлер мен саяси қызметкерлерге қатал бұйрық берілсін. Дәл қазір бұрынғыдан да қатерлі ауыр жағдайда тұрғанымызды, шығатын жолдың жоқтығын, біреуі қолға түссе де біздің бәрімізге өлім екенін, бар жауынгерге түсіндіретін болсын...


Манько. Дәл солай деп бұйрық беруіміз қалай болар екен?


Батурин. Қазіргі жағдай осыны талап етеді.


Манько. Шалқаровты бекер жібердік. Ол осындайда жол тапқыш еді.


Батурин. Оны жіберу сіздің кінәңіз. Батальонға мен де жауаптымын, ақылмен шешейік деп тұрып алуыңыз керек еді.


Манько. Онда мен өз орнымды білмеген болар едім.


Батурин. Мұндайда жазылып қойған орынға қарамау керек еді. (Екеуі аз үнсіз.)


Манько. Ең алдымен жауынгерлерге азық тауып беріп, басқаны сонан кейін ойласақ деймін.


Батурин (ауыр ойдан сергіп). Сіз қалай ойлайсыз? Немістер қоршалған болса, біздің бұзып өтуге күшіміз жете ме?


Манько. Менімше, ол немістердің күшіне байланысты. Күші мол болса, бізді өткізбейді.


Батурин. Күші мол болса, қоршалмас та еді ғой. Егерде қоршалса не өздері беріледі, не соңғы оғына дейін соғысады. Дәл қазіргі жағдайда берілмеуі мүмкін, Сондықтан ақтық күшті жиып алып, тезірек кеткеніміз жөн болар.


Манько. Бұл қан көп төгілетін операция,


Батурин (ауыр ойда). Иә, бұл өте ауыр.


Мұрат (келе). Барлаушылар кіруге рұқсат сұрайды.


Батурин. Кірсін. Алдымен Савкиннің өзі кірсін, (Мұрат кетеді. Аздан соң Савкин келеді.)


Савкин. Жолдас капитан, бұйрығыңыз орындалды. Тек Шалқаровтарды таба алмай қайттық.


Батурин. Онда бұйрықтың орындалғаны қайсы?


Савкин. Тіл әкелдік, жолдас капитан. Шалқаровтарды сұрастырып, өзін іздестіріп, өлігін таба алмадық, (Батурин ауыр ойда отырып қалады.)


Манько. Немістердің күйі қандай?


Савкин. Немістердің күйі бәрінен де жаман. Қоршаудан құтылу үшін жан таласып жатқан көрінеді.


Манько. Олар қашан қоршалыпты?


Савкин. Дәл қашан екені белгісіз, әйтеуір қоршалғаны анық.


Батурин. Бұл өз сөзің бе, жоқ немістердің сөзі ме?


Савкин. Сұрауыңызға түсіне алмадым.


Батурин. Өз көзіңмен көрдің бе деймін.


Савкин. Көзбен көре алғанымыз жоқ, Болып жатқан соғыстың дүмпуінен сөздің, әрі жұрттың айтуы солай. Не үшін екені белгісіз немістер кешеден бері бейбіт елді қырғынға ұшыратуда. Қолындағы елден бір жан қалдырар емес.


Батурин. Кешеден бері. (Сәл ойланып.) Онда тұтқынды тез келтір. (Сағатына қарап.) Тоқта! Енді бір сағаттан кейін екеуміз бір жерге барамыз. Қасыңа он бес кісі алып, әзір тұр. (Манькоға.) Біз келгенше, барлың ауыр құралдарды тығып, кетуге әзір тұрыңдар. Жеңіл құралдың бірде-бірі қалмасын!


Манько. Сонда бүгін кетеміз бе?


Батурин. Сағат түнгі екіден қалмай кетуіміз керек. Менің күткенім немістердің осы қоршалуы еді, Сол күткен сағатым соқты, сол сәт жетті.


Манько (ойланып). Ертеңге дейін сабыр етіп, қазір бір кісіні ар жаққа жіберіп керсек қайтеді. Тағы да өте алмай қайтар ма екен?


Батурин. Өте алса да енді кеш қалдық, Барыңыздар, іске кірісіңіздер! (Осы кезде сырттан Мұраттың қуанышты даусы естіледі. Кешікпей Орал келіп кіреді.)


Манько. Орал! (Барып құшақтай алады.)


Батурин. О, қара көз шайтан, шайтандай жоғалып қайда кеттің? (Оралдың қолынан ұстап, өн бойына көз жүгіртеді.) Өзің немістердің көжесін іше-іше жуандап кеткенбісің?


Орал. Көжесіне емес, күйігіне тойып қайттым.


Батурин (айналдыра қарап). Онда жаман емес екен. Өзің рас жуандап кеткенсің, жоқ әлде сағынғандық па?


Орал. Шыныңды айтшы, рас сағындың ба?


Батурин. Шынымды айтсам, мен саған ғашық екенмін. Сен кетіп ең, бір қабырғам сөгілгендей болдым да қалдым.


Орал. Онда сағынған бір нәрсеңмен сыйлаймын. (Қалтасынан темекі алады.)


Манько. Міне, үлкен сый.


Батурин. Көзіміз бір жарқ етті-ау, әкелші бері.


Савкин. Біздің қолға түскен анау итте темекі де жоқ екен.


Манько (әзілдеп). Сендер-ақ қайдағы бір қалтасы тесік қуға тап боласыңдар да жүресіңдер. Мә, сен де тарт!


Савкин (қуланып). Ендігәрі өзім де қалтасы тесік неміске жуымаспын. Жігіттермен бөліп тартайың. (Шығып кетеді.).


Орал. Ал, қалдарың қалай, не істеп жатырсыңдар?


Батурин. Не істейтінімізді сенен естігелі отырмыз. Не көрдің, не сездің, айта бер.


Орал. Менің бар көргенім, немістердің қоршалғаны.


Батурин. Оны біз де естіп отырмыз. Бірақ, осының өзі анық па?


Орал. Бұрын анық болмаса да енді анық, Олар бүгін сағат 17-де толық қоршалды.


Манько. Маған қартаңызды бере тұрыңызшы, (Оралдың қартасын алып қарап отырады).


Орал. Иә, бұрын естіген болсаңдар, нендей әзірліктерің бар?


Батурин. Сенің мұнан үш Күн бұрынғы бұйрығыңды орындаудың кезі енді келді деп отырмыз.


Орал. Жоқ, ондай бұйрықты орындауға болмайды.


Батурин. Неге? Енді әзіңе өзің қарсымысың?


Орал. Иә, қарсымын. Ол күні өтеміз десек, біздер тегісінен қырғын табады екеміз. Бұл үшін сен екеуіңе де алғыс айтамын. Өйткені, жағдай мен ойлағандағыдан басқа болып шықты. Немістер қоршалғанмен, әлі де күші мол. Оны бұзып өтетін Құш бізде жоқ.


Батурин. күші соншалықты мол болса бұл күнге дейін бізді не үшін тірі сақтап отыр?


Орал. Олардың дәл қазір қайырылып соғар қайраты жоқ. Екіншіден, сырттан десант түсірмекші. Соны күтіп отыр.


Батурин. Десант?!


Орал. Иә, алынған хабар анық болса, олардың десанты алдағы түнде, осы маңға түспек.


Батурин (Сәл ойланып). Онда біздер үшін осы кештен қолайлы кез жоқ екен. Мұнан кешіксек өмірден үміт жоқ. Байлау сол, жолдастар.


Орал. Сонда қалай етпекпіз?


Батурин. Немістердің қоршалғаны анық болса, дәл сен айтқандай бұзып өтеміз. Олардың десанты түскенше бұзып, жарып шықпасақ, кейін тіпті өткізбейді.


Орал. Жоқ, ең қолайлысы, мен айтқандай бұзып өту емес, сен айтқандай осы жерден тапжылмай, біздің қалың Құш шабуылға шыққан кезде немістерді желкеден ура беру. Қазір жағдайға сенен көрі, мен қанықпын. (Маньконың қолындағы қартаны алады.) Немістердің бір шеті (картадан көрсетіп) мұнда да, екінші шеті мұнда. Ал, шығысы мен батысы, міне, мынадан мынаған дейін. Біз болсақ, соның қақ ортасында, міне, мұнда тұрмыз. Оларға қарағанда біздің тұрған жеріміз ат төбеліндей-ақ. Енді өзін ойлап қара, осынша жерді алып жатқан немістердің шебін қалай бұзып өтпекпіз?


Батурин. Сайланып келген күші басым жауға ұрғызғаннан, сайланып барып әл бар кезде ұрған артық. Ұтсақ, сонда ұтамыз.


Орал. Қорғануға жетпеген күштің, шабуыл жасауға жеткенін көрген емеспін. Сондықтан, мен не көрсем де осы жерде көргім келеді.


Батурин. Егерде немістер өзің айтқан десантын үстімізге әкеліп тастаса, оған мына қоршаудағылары көмектесуге келсе, соның бәріне қалай төтеп береміз?


Орал. Рас, оның бәріне төтеп беру мүмкін емес. Бірақ, оған да тәуекел етпесек болмайды.


Батурин (Манькоға). Сіз не дейсіз?


Манько. Мен жолдас Шалқаровтың пікірі дұрыс деймін, Бұзып өтуге көзіміз жетпеген соң, қорғанды тастан кетуге қарсымын. Екіншіден, немістер дәл мынандай тұманда десант түсіре алмайды деп білемін.


Батурин. Неміс генералдарының солдаттарды жимайтынын ұмытпаңыз. Олар тұман болса да, мөлшермен тастай береді. Сондықтан мұндай құрғақ үміт, шолақ есепті тастайық. Жағдай енді бәрімізге де белгілі. Төніп тұрған қауіптің қандай ауыр екені де белгілі. Осыларды салмақтай келіп, менің айтар ұсынысым да, байлауым да мынау, жолдастар! (Савкин кіріп келеді.)


Савкин. Жолдас капитан, төбемізде неміс самолеттері айналып жүр.


Орал (атып тұрып). Міне, айтқаным келді.


Батурин. Сабыр етіңдер! Тұман ашылды ма?


Савкин. Жоқ, әлі ашылар емес, біз тек самолеттің гүрілін естідік.


Батурин (ерсілі-қарсылы жүріп, ұзақ ойланады да, кенет тоқтай қалып). Біз енді, мүлдем кете алмайтын болдық, жолдастар! Ар жаққа тағы бір рет хабаршы аттандырудан басқа жол да қалған жоқ.


Манько . Ендігі баратындар әрқайсысы әр тұстан өтуге тырыссын, бірі өте алмаса, бірі өтер. Рұқсат болса, тіпті мен барайын.


Орал. Онан енді ештеңе шықпайды. Мен Жандосов деген сержантты кеше жібердім өтсе, сол өтеді. Бірақ, қырғын соғыс қатты жүріп жатыр, өте алмай ма деп те қорқам. (Осы кезде сырттан Мұраттың жыламсыраған даусы естіледі.)


Mұрат. Қарағым-ай, неткен аяулы адам ен? Бері жүр, қарағым, бері (сүрініп-қабына кіреді.) Бауырларым, жасаған бізді есіркеді, міне, келді хабаршы.


Бәрі. Хабаршы!


Лина (кіріп келіп). Амансыздар ма, жолдастар!


Батурин. Нина, жаным Нина! (Құшағын жая ұмтылады.)


Лина (Күлімсіреп). Мен Нина емеспін, жолдас капитан, сабыр етіңіз.


Батурин (аңырып қалып). Ой, тамаша, бұл қалай? Сіз ұшқыш екенсіз ғой.


Лина. Иә, ұшқышпын.


Батурин. Онда ғапу етіңіз.


Орал. Өмірде шығып көрмеген көздің жасын шығарған сен кім едің? (Бетінен сүйеді.) Айтшы жаным тезірек, қайдан жүрген адамсың?


Лина. Мен сіздерге генерал Багаевтың тапсыруы бойынша келген адаммын. Бізге тапсырылған бұйрық сіздерді әуеден барлау еді. Бірақ, тұманнан түк көре алмадық. Мынау өзен жағасындағы мұржасы ғана қалған деревня менің туып-өскен жерім болатын. Жер жағдайын қанық білетін болғандықтан, барлау жұмысы міндетім болмаса да өзім тіленіп, «У-2» мен ұшқан едім. Туған жерімді қорғап жатқан сіздер үшін бұйрықты бұзып, қасымдағы жолдастарға да айтпастан жерге қондым. Жай-күйлеріңізді тез айтыңыздар. Олардан қалмай мен де жетейін.


Батурин. Біздің күйіміз өмір мен өлімнің аралығында. Жолдас Багаевқа осыны жеткізсеңіз болады.


Лина . Ол кісі жарасынан жазылып, бүгін ғана қайтқан екен. Келгелі сіздерді құтқарудың барлық шарасын істеп жатқан көрінеді, Ертең немістерге шабуыл жасамақшы.


Бәрі. Шабуыл?


Орал. Шабуылдың қай мезгілде басталатынын білген жоқсыз ба?


Лина . Оны білмедім.


Манько (өзіне). Осы қызды мен қайда көрдім?


Батурин. Ойлансаңдаршы, жолдастар, тағы не айтамыз?


Орал. Менің айтарым, біріншіден, ертеңгі шабуылды жолдас Багаев бізге қарай тіке жасасын. Екіншіден, мүмкіндігі болса, бізге десант түсіртсін. (Сергей жүгіріп келеді.)


Сергей . Жолдас комбат, жолдас капитан, жолдас!..


Батурин (ақырып). Енді қашан?. (Жайық жүгіріп келеді.)


Жайық. Жолдас комбат, жолдас капитан, анда, анда, анда...


Батурин. Мынаның бәріне не болған? Айтсаңдаршы, тез!


Сергей. Анда, дәл біздің ротаның алдына келіп, аспаннан немістер түсе бастады. (Алыстан атыс естіледі.)


Лина. Ah, менің самолетім не болды екен? Cay болыңыздар, жолдастар, cay болыңыздар! Өзім жетпесем де хабаларыңызды жеткізем. (Шыға жөнеледі.) Қош болыңыздар!


Батурин (асығыс киіне бастап). Ұмтылыңдар, жолдастар, ұмтылыңдар! Шама келсе жерге түсірмей қырыңдар! Әр жауынгер өзінің окобын өмірдегі ұям деп білсін. Бірде бір оқ далаға кетпесін. (Жүгіріп шығып кетеді.)


Шымылдық.


ҮШІНШІ ПЕРДЕ


Бесінші сурет


Сол күнгі түн. Дивизия командир! Багаевтың бөлмесі, Қабырғада ілінген қарта. Қарта бетінде қоршаудағы немістерді көрсететін үлкен қара сызықпен сызылған үлкен қоршау. Оның жан-жағынан шабуыл жасап тұрған біздің күшті көрсететін қызыл жебелер. Алыстан артиллерияның үні ауық-ауық естіліп тұрады. Перде ашылғанда қартаға қарап, үлкен ойда тұрған Багаев көрінеді. Ол көңілсіздікті тұншықтырғысы келгендей, папиростың түтінін бұрқ-бұрқ еткізеді.


Аздан соң телефон шылдырлайды.


Багаев (телефонда). Мен тыңдап турмын. Иә, Сафонов келді ме? Шақырыңыз. Мен ғой сөйлеп тұрған. Хал жаман емес. Әз халыңыз қалай? Жақсы. Өте жақсы еткенсіз. Ендігі мәселе мынадай, жолдас Сафонов. Қоршаудағы адамдарды қалай құтқару жөніндегі сіздің манағы айтқан ақылыңызды өте дұрыс деп таптым. Бірақ, мен алысқа жүре алатын емеспін. Сондықтан, армия штабына өзіңіз барып қайтыңыз. Егер де, айтқаныңызға көніп, десант түсіретін болса, таң сәріден қалдырмасын. Онан кешіксе, бізден шегінген жаудың қалың күші оларды таптап кететіндігін айтыңыз. Екіншіден, бізге көмекке келген танктер әлі келген жоқ. Соны тездеттіріңіз. Дұрыс. Өте дұрыс. Ал, қанша уақытта жүрер екенсіз. Жарты сағаттан соң дейсіз бе? Мүмкіндігі болса, онан да тез жүргеніңіз жөн болар еді. Мақұл. Сау болыңыз... (Андас келеді.)


Андас . Жолдас генерал, дәрігер келіп тұр. Жараңызды жаңғыртып байлауға рұқсат сұрайды.


Багаев . Егоров әлі келген жоқ па?


Андас. Он минутте жетемін деп телефон соққанына бес минут өтті.


Багаев. Тұман ашылатын ба?


Андас. Шығыс жақтан бір өткір жел соға бастады, енді ашылар деймін.


Багаев (екінші бөлмеге кете бере тоқтап). Дәрігерге айт. Қазір уақыт жоқ. (Кетеді. Андас сыртта шығады да қайта келеді.)


Андас (телефонның, қасына отыра қалып, блокнотына әлдене жаза бастайды). Осындай генералмен бірге өлсең, де арман не? Бүгін генералым қайтып келіп еді, қысып тұрған қысым, жайнаған жаз болды да кетті. (Аздан соң Егоров келеді. Андас ұшып тұрып амандасады.)


Егоров. Генерал қайда?


Андас . Осында. Жаңа ғана сізді сұраған еді.


Егоров. Халы қалай?


Андас. Халының қандай екенін білу қиын. Жарасынан көрі қоршауда қалған адамдары жанына бататын болу керек. Жаңа дәрігер келіп жарасын байламақшы еді, қабылдамай жіберді.


Егоров. Не дейді. Жарасы жазылмастан келіп не еді?


Андас . Жарасының жазылуына әлі бір ай бар екен. Қоршаудағы батальондардан осы уақытқа дейін хабар жоғын естіген соң, жата алмады білем, доктордың рұқсатын алмастан-ақ, Андас, әкел машинаны деді.


Егоров. Солай ма еді. Генералға менің келгенімді жеткіз (Андас генералдың бөлмесіне кетеді. Аздан соң қолында қартасы бар Багаев келеді.)


Егоров. Жолдас генерал, барлық полк шабуылға әзір. Барлығы да көмекке келгендерді қабылдап отыр.


Багаев. Танктер келген жоқ, па?


Егоров. Жоқ, танк те келмекші ме еді? (Андас шығып кетеді.)


Багаев. Қоршауда қалған батальондарды тез құтқару үшін бір танк полкін сұраған едім.


Егоров (таңданған пішінмен). Қоршауда қалған батальондарды?


Багаев. Иә, сіз мұнда он Күн бұрын, құрыды, бітті деп, жоққа есептеген батальондарды. Олар жайында мен сізбен толық таныспақпын. Алдымен келген көмектің жайын айтыңыз.


Егоров. Жайы жаман емес. Өңкей ығай мен сығай. Нағыз суыққа сыр бермейтін сібірдің сарбаздары.


Багаев. Солай деңіз! Жоғалған батальондардың орнын Сібірден әкеліп толтырғаныңызға мәзбін деңіз. Бұл қуанарлық нәрсе емес, жолдас Егоров. Әрбір соғыс сайын екі батальоннан жоғалта берсеңіз, ешкім сізге алғыс айтпас, басқа айтпаса да мен айтармын қарғысты. (Қолындағы қартаны стол үстіне жайып белгі сала бастайды.)


Егоров. Кінәлі болсам айтыңыз.


Багаев. Сіз жай адам емессіз, азамат соғысын да басынан өткізген тәжірибелі адамсыз, сондықтан үлкен кінәлісіз. Кінәңіз сол — менің жеткіз деген бұйрығымды дер кезінде жеткізбей, оларды ауыр қатерге қалдырдыңыз. Сіздің кінәңіз — сол — олардың ең ақыры қандай күйде екенін он күннен бері білмедіңіз. Бұл сіз үшін ұят. Рас сіз қалған аз ғана Құшпен қалың жауға қарсы тұрып жақсы соғысқан көрінесіз. Оныңызға ризамын. Бірақ, жауға қаһарлы болумен бірге, досқа мейірімді болу керек еді. Сіз ол тілектен шықпадыңыз.


Егоров. Жолдас генерал, соңғы өткен он күннің ішінде біздер бұрынды-соңды болмаған сұрапыл соғысты бастан өткіздік. Ол армия штабына да белгілі. Ал, сіздің соңғы бұйрығыңызға келетін болсам, мен ол бұйрықты сізді госпитальға жөнелтісімен-ақ оларға жібердім. Бірақ немістер екі ортаны кесіп тастап, олардың сыртына шығып кетті де, жіберген адамым өте алмай қайтып келді. Сол күннен бастап кешегі күнге дейін оларды ойлауға да мұрша болған жоқ.


Багаев. Бәрін де естідім, бәрін де білем. Бәрі де рас. Солай бола тұрса да сізге ол хабарды қалайда жеткіздіру керек еді. Егерде сіз оны үлгіріп, сол екі батальонды дер кезінде алып шықсаңыз, не оларды немістердің желкесінен ұруға пайдалана білесіз, мұндай жағдайды біз кермеген де болар ек. Мұныңыз үлкен қате болған. Енді сол қатеңізді тез жөндеңіз. Ол үшін мына жасаған шабуыл планыңызды қайта жасаңыз. Планыңыз негізінде ете жақсы жасалған, жалғыз-ақ кемшілігі сол — танк көмегін ескермегенсіз. (Жадыраңқырап.) Есіңізде болсын. Шалқаров пен Батурин түйісетін жерін айтып, жауды желкеден ұруға әзірміз деп сізге хабаршы жіберуі ғажап емес. Онда сіз қаттырақ ұялатын боларсыз.


Егоров. Сіз оларды осы уақытқа дейін тірі болуы мүмкін деп білесіз бе?


Багаев. Жағдайға қарағанда мүмкін емес. Адамдарына, әсіресе, сол екеуіне қарағанда әбден мүмкін. Мен бүгін осында келгелі немістердің қай күні, қай бағытта, қандай әрекет жасағанын, қай күні, қай жерге қанша Құш төккенін, қай күні қай сағаттан бастап қоршауға түсе бастағанын зерттедім. Осының бәріне ой жіберіп, Батурин мен Шалқаровтың бойларындағы қасиеттерін салмақтап көргенімде, олардың тірлігіне көзім жетті. Сондай сеніммен бірге күдігім де жоқ емес. Өйткені, Шалқаров тәуекелшіл еді де, Батурин күдікшіл еді. Екеуінің ойы екі жаққа тартып, алғашқы күндерде адамдарын азайтып алды ма деп қорқам. Егерде, адамдары азайса, олар бүгін бар болғанмен, ертең жоқ. Себебі, ертең бізден шегінген жаудың қалың күші оларды таптап кетуі мүмкін.


Егоров. Ондай үмітті болсаңыз, бір амалын тез табайық та. Дәл шамамыз келіп тұрғанда айырылсақ, өкініш өмір бойы естен кетпейді ғой.


Багаев, Амалым таусылып, лажым болмай тұр. Іздеп кеткен ұшқыштар да түк дерек таппастан, бір самолетінен айырылып қайтыпты. Бар дерегі — біздің батальондар қалған тұстан неше рет ұшып етсе де ешқандай оқ атылмапты. Сонан ғана үмітім бар.


Егоров (Күрсініп). Ол онша үлкен үміт емес екен. Сафоновпен кеңесіп көрген жоқсыз ба?


Багаев. Көрдім. Оның десант түсіруден басқа тапқаны жоқ. Онан басқа жолды мен де таба алмадым. Сондықтан, ол қазір армия штабына жүрмекші. Бірақ, немістер де осы түннің ішінде десант түсірмекші. Олар бұрын тастап үлгірсе, бәрібір үміт аз.


Егоров. Егерде, біздің батальондар қоршауды бұзып өтеміз деп бекіністерінен кетіп қалса, десанттың өзіне қатер емес пе?


Багаев. Жоқ, олар ешқайда кетпейді. Немістер қоршалғаннан бері Батуриннің бұзып өтеміз деуі мүмкін. Өйткені, ол жан-жағынан қысылған немістердің қыспағында қалатынын сезіп отыр. Бірақ, тәуекелшіл Шалқаров сол қыспаққа да төтеп береміз деп көнбейді. Ал, Батурин оны тастап ешқайда кетпейді.


Егоров. Мен соларды немістер мұнан он Күн бұрын құртып жіберді, деген ойдан шыға алмай-ақ қойдым. Азықтары болса әлдеқашан таусылды. Оқ, дәрі болса, ол да сондай.


Багаев. Мұнан он күн бұрын емес, он сағат кейін десеңіз дәл айтқан болар едіңіз. Есіңізде болсын, менің бүгінгі байқауымша немістер соңғы күндерде оларға мойын бұра алған жоқ, олармен енді ғана амалсыздан шайқасады. Бұл біздің адамдардың он-ақ сағаттық өмірі қалды деген сөз. Осы он сағаттың ішінде құтқарсақ құтқардық, құтқармасақ айрылдық. Сондықтан. нендей құрбандық болса да көнуге тиістіміз. Ол үшін бері, мұнда қараңыз. (Алдындағы жаюлы картаны нұсқайды.) Сіз планыңызға мынадай өзгеріс кіргізіңіз, отызыншы полк шабуылды мына жерден бастап, соларға қарай тіке жасасын. Тоқтаңыз, бұл жерде жаудың бекінісі күшті дегелі тұрғаныңызды біліп отырмын. Күшті болса да осыдан ұрымтал жер жоқ. Мен қазір осы полкқа барамын. Сіз осыны қайта жасай беріңіз де, келген танктердің қақ жартысын сол отызыншыға жөнелте беріңіз. Артиллериядан қанша Құш бөліну керек екенін жолдас Богдановқа айтқанмын.


Егоров. Бар күшті отызыншыға төккен екенсіз. Ондағы ойыңыз екі жағындағы Құш әлсіз болса да олар бұзып өте берсін дегендік пе? (Сырттан танкінің гүрілі естіледі.)


Багаев. Иә, өте берсін дегендік. Құтқарсақ сонда ғана құтқарамыз. Танктер де жетті-ау деймін. (Аздан соң Нина келіп кіреді).


Нина. Жолдас генерал, сізге көмектесуге келген танк командирі Нина Максимова.


Багаев. Рахмет, қызым, рахмет. Дер кезінде келгендеріңе өте қуаныштымын. Кел, мұнда отыр. Тегіс жеттіңдер ме?


Нина. Жоқ. Екі батальондайымыз ғана жақындады. Басқалары кейінде келе жатыр.


Багаев (Егоровна). Күштің қанша екені енді белгілі болар сізге, кірісе беріңіз. (Егоров кетеді, Багаев Нинаға.) Командирлерің кім?


Нина, Совет Одағының Батыры Орлов деген майор.


Багаев. А, Орлов па, мен оны білемін. Ол қазір қайда?


Нина. Кейінгі танктерді тосып, Родина деревнясында қалды. Кешікпей келеді.


Багаев. Онда командирің келгенше, осында отыра тұр. Бәріңнен тілейтін бір үлкен тілегім бар.


Нина. Не тілесеңізде, не бұйырсаңыз да орындауға әзірміз, жолдас генерал.


Багаев. Бәріңнен тілер тілек біреу-ақ. Ол — барынша батыл қимылдау.


Нина. Батыл қимылдау танкистердің ежелгі салты ғой.


Багаев. Жоқ, бұл санарда ежелгі салттан да өзгеше батылдық керек.


Нина. Сіздің бір батальондарыңыз қоршауда деп естідік, ол рас па?


Багаев. Рас. Өзгеше батылдықты мен солар үшін тілеп отырмын. Олар қазір құтылмас торға түсті. Құтқарса, құтқаратын сендерсіңдер.


Линa . Ол сеніміңіз ақталады, жолдас генерал. Бұл жор менің туған жерім, тек, қай тұста екенін айтсаңыз болады, табамыз.


Багаев. Искра деревнясын білуші ме едің?


Нина. Бұл районда үлкен Искра, кіші Искра аталатын екі деревня бар, мен үлкен Искраның қызымын.


Багаев. Онда сенің аянар жөнін, жоқ екен. Біздің батальондар сол өзіңіздің туған жеріндегі үлкен көпірдің аузында. Олардың қалып қоюына бастапқы себеп, сол көпірді немістерге бермеу болатын.


Нина. Егерде сіздер рұқсат етсеңіздер, сол туған жерімді қорғап жатқан бауырларға мен қазір-ақ жетер едім.


Багаев. Рұқсат қана емес, менің тілегім сол« (Телефон шылдырлайды, Багаев тыңдайды). Мен тыңдап тұрмын. Иә, а, саламатсыз ба? Хәлім қандай болары сіздің мейірімізге байланысты болып тұр. Иә, иә... Солай ма? Онда хал жақсы болады екен. Үлкен рақмет сізге. Бірақ, сізге тағы да бір үлкен тілек айтуға біздің комиссар барғалы жатыр. Оны сол кісі барған соң естірсіз. Иә, иә, (кенет өңі сұрланып кетеді). Ол хабарды сіз қайдан алдыңыз? Солай ма? Аман келді ме? Онда біз неге десант түсірмейміз? Қауіп дейсіз бе? Онда маған шабуылды ерте бастауға рұқсат өтінем, өтіңіз. Иә, иә... Жолдас қолбасшы, әлі де ойласып көруіңізді өтінем. Жақсы. Жіберіңіз, мақұл. Өзіңіз де сау болыңыз. (Телефонды қойып, қуанарын да, қайғырарын да білмей, үнсіз тұрып қалады да, аздан соң сылқ етіп отыра кетеді.) Жоқ енді бір сағаттан қалмай шабуылды бастаймын. (Телефонды алып.) Сафоновты... тез! Жолдас Сафонов! Сіз әлі жүрген жоқсыз ба? Онда, кішкене кідіре тұрыңыз. Мен бір қағаз жіберем, соны барған сәтте тапсырыңыз да, жауабын тез беріңіз. Мен жаңа ғана армия қолбасшысымен сөйлестім. Манағы жоғалған самолет қайтып келіпті. Ұшқыштың айтуына қарағанда, біздің қоршаудағы батальондардың үстіне немістер десант түсіріп, солармен соғысып жатқан көрінеді. Сондықтан мен шабуылды енді бір сағаттан қалмай бастамақпын. Жоқ, белді берік байладым .


Андас (жүгіріп келіп). Жолдас генерал, біздің, қоршаудағы батальондардан бір сержант келді, кіруге рұқсат сұрайды.


Багаев (атып тұрады). Не дейсің? Келсін. (Жомарт кіріп келеді.)


Жомарт. Жолдас генерал, бұйрығыңыз орындалды. Ең алдымен орындалған бұйрық сол — қандай азап тұрса да жауға бас иген бір жан жоқ.


Багаев (үнсіз қадалып келіп Жомарттың қолын ұстап). Рахмет, жолдас сержант! Андас, ас әкел. (Андас кетеді. Багаев Жомартқа.) Отыр, батырым, отыр да баяндай бер. Қайдасыңдар? Қаншасыңдар?


Жомарт. Сол өзіңіз тапсырған бекіністеміз. Адамдарымыздың қарны аш, бірақ, өміріне, өздерінің ерлігіне көңілі тоқ. Бәрі бір ауыздан сізге сәлем айтты. Еліміздің сенімін, генералымыздың бұйрығын ақтап өлсек арман жоқ, шабуылға шығар мерзімін айтсын, немістердің желкесінен ұруға әзірміз деді.


Багаев. Түсінікті. Тек, сендерді бұл күнге дейін сақтап келген нендей құдірет екенін біле алмай отырмын?


Жомарт. Бізді сақтап келген намыс пен жігер, жолдас генерал!


Багаев (арқасынан қағып). Өте орынды айттың, жолдас сержант (Ойланып). Иә, сен қашан шықтың?


Жомарт. Кеше шыққан едім, жеткенімше осы болды.


Багаев. Солай ма? (Ауыр ойға қайта түседі.)


Егоров (кіріп келіп). Мына жігіт кім?


Багаев. Шабуылға шығатын мерзімін айтсын, көмектесуге әзірміз деп Шалқаров пен Батурин жіберіпті.


Нина (селт етіп, өзіне). Батурин?


Егоров. Міне ғажап. Бәрлерің де тірісіңдер ме?


Жомарт. Бәрі болмаса да жартысынан көбіміз.


Егоров. Онда радиомен осы уақытқа дейін неге хабар бермедіңдер?


Жомарт. Радиосыз қалғанымызға бүгін тоғызыншы Күн.


Багаев. Андас, әзірлен. (Егоровна.) Мен қазір барлық полктың әзірлігін көріп шығамын. Мына қағазды тез Сафоновқа жеткізіңіз. Осында бір ұшқыш келмекші. Мен келгенше, тоссын деңіз. Жолдас Нина Максимова, сен командирің келгенше, осында бол. Мен тез оралам. (Жомарт Нинаны енді ғана аңғарып, кенет сұрланып кетеді. Багаев Жомартқа бұрылып.) Ал, батырым, сен шаршаған жоқсың ба?


Жомарт. Өте шаршадым, жолдас генерал, бірақ, батальоныма өлсем де жетуім керек.


Багаев. Парашютпен түсе білуші ме едің?.


Жомарт. Білемін.


Багаев. Ендеше, осыдан түсетін десантты бастап бар. Жолдас Егоров, мына сержантты Сафоновқа қосып жіберіңіз. Қазір телефон соғыңыз. Өзі жолшыбай соғып ала кетсін. Оған дейін тамақ ішсін. (Жомартқа.) Ал, батырым, омдағы жігіттердің бәріне сәлем айт. Көрісетін Күн енді алыс емес. Ертең ертемен біз де жетеміз. Шамалары келсе, біз шабуылға шыққан кезде немістерді желкеден ұра берсін деп айтты де! Қош бол. (Нина мен Жомарттан басқалары кетеді.)


Нина. Әлгі кісілер сізге дәм беруге ұмытып кетті-ау. (Шығып кетеді.)


Жомарт (жалғыз, Нина кеткен жаққа қарап). Қарай кәр мына қыздың кесірін. Манадан бері елден ұялып тұр екен десем, тіпті көз қырын да салар емес.


Нина (бір поднос толы әртүрлі дәм әкеледі). Үлгіре алмай қаларсыз, тез ішіп-жеп алыңыз. (Жомарт ызаланып, виноны үсті-үстіне жұтады. Нина оның ызалы екенін аңғармай, қасына келіп отырады.) Айтыңызшы, Батуриннің дені сау ма? Әбден жүдеген шығар, ә?


Жомарт. Батурин деген кім? (Тамақты жей отырып сөйлейді.)


Нина. Сіздердің командирлеріңіз, капитан Батуринді айтам.


Жомарт. Маған ондай кісі командир болып көрген жоқ.


Нина . Ол қалай, сіздің командиріңіз кім?


Жомарт. Орал Шалқаров.


Нина. Сіз Батуринді шын білмейсіз бе?


Жомарт. Сіз Жомарт Жандосов деген жігітті білмейсіз бе?


Нина . Жомарт Жандосов! Жоқ, білмеймін.


Жомарт. Бұл нендей мазақ?


Нина . Мазағыңыз қалай?


Жомарт. Сіз мені жан есебіне санамай қорлап отырсыз. Онан өткен мазақ бола ма?


Нина (аң-таң). Кешіріңіз, мен сізге түсінбей отырмын.


Жомарт. Менің сізге қарағым да келмей отыр. Енді сөзді қойсаңыз қайтеді?


Нина. О, тамаша! Мен сізге түсінуден қалдым.


Жомарт. Соныңыз дұрыс. Тек есіңізде болсын, мен адамшылық арым істеткен еңбекті саудаға салып тұрғаным жоқ. Ажалдан құтқарғаным үшін сый-құрмет тілейтін де адам емеспін. Тек, шенім қанша кіші болса да намысымды ешкімге таптатқым келмейді. Соны ғана ескертіп тұрмын.


Нина (таңдана қадалып). Мен бе сіздің намысыңды таптаған?


Жомарт. Иә, сіз, бұл күнге дейін ешкім таптай алмаған намысымды сіз таптап тұрсыз.


Нина. Ғажап екен мұныңыз.


Жомарт. Сіздің мені ұмытуыңыз да ғажап.


Нина. Өміріңде көрмеген, білмеген адамға мені ұмытты деп кіналауыңыз қалай?


Жомарт (суық түспен жалт қарап).. Сіз немістер, қолына түсіп көрдіңіз бе, сірә?


Нина (мырс етіп). А, енді түсіндім. Кім екеніңізді енді білдім. Айта беріңіз.


Жомарт. Сонда сізді немістерден Құтқарған кім?


Нина. Сіздің. кімді құтқарғаныңызды дәл қазір өзіңізден көрі мен жақсы білемін.


Жомарт. Осы сөзіңіздің өзі маған жаудың оғынан кем тиіп тұрған жоқ. Өмір бойы ұмытпаспын деген енді сол күннен бастап айтқан едіңіз де, соңғы жазған хатыңызға дейін тастаған жоқ едіңіз. Енді мынау, көлгірсіп отырғаныңыз. Осы да адамшылық па?


Нина (сықылықтап күліп). Талай аңғалды көріндім, бірақ дәл сіздей аңғал жанды көрген емеспін. Ондай сөз айтпақ түгіл мен сізді мұнан бұрын ешуақытта көрген де емеспін.


Жомарт (таңдана қарап). Менімше, сіздің, есіңіз ауысқан болу керек.


Нина (сылқ-сылқ күліп). Сізді мен де солай ма деп тұр едім.


Жомарт. Намыс деген күлкі ететін ойыншық емес, байқап күліңіз.


Нина. Мен қазір сізге бір сурет көрсетейін, сонан өзіңіз-ақ түсінерсіз де, маған айтқан бүгінгі сөзіңіз есіңізге түскен сайын жынды кісіше күлетін боларсыз. (Тас қалтасынан. сурет ала берген кезде, Егоров кіріп келеді.)


Егоров. Жолдас сержант, машина күтіп тұр, тез шық.


Жомарт (Нинаға). Тірі болсақ ертең керісерміз. Сонда кімнің жынды кісіше күлгенін көрерміз. Әзірше болыңыз! (Шыға жөнеледі.)


Нина (дауыстап). Жолдас сержант. Анатолий менен сәлем айтыңыз. Тіпті тыңдар емес, шабуыл тез басталса, онан бұрын өзім де жетермін. (Сәл ойланады да, күлімсірей басын шайқайды). Барсын, жігіттердің қыз үшін күйініп жүргені қандай қызық. (Кенет өзгеріп.) Бірақ, дәл жаңағы жігітті күйіндірмей, расын айтып көңілін көтеріп жіберу керек еді-ау. Кетіп қалды ма екен? (Есікке қарай жүре бергенде, қарсы алдынан Лина кіріп келеді.)


Нина (аңырып қалып, аздан соң құшағын жая ұмтылады). Лина.


Лина. Нина!


Нина. Жаным-ау, сен қайдан жүрсің?


Лина. Өзін, қайдан жүрсің? Болат темірдің ішінен шықпаймын деп адасып жүрген жоқсың ба? (Күледі.)


Нина. Мен сені адасып келді ме деп тұрмын. Тұман түссе үйден шықпайтын ұшқыштардың әдеті ғой.


Лина. Жалынып босқа қор боларсың, тезінен қайтып ал сөзіңді.


Нина. Кімге жалынамын.


Лина. Маған.


Нина. Жан баласына жалынып көрген емеспін.


Лина. Маған жалынарсың.


Нина. Жоқ, менің мінезімді білуші ең ғой.


Лина. Әкел қолыңды ендеше.


Нина (қолын беріп). Мә.


Лина. Мен сенің жігітіңді көріп келдім.


Нина. Жігіті кім?


Лина. Анатолий Батурин деген жігітті білетін боларсың?


Нина. Иә, сен оны қайдан көрдің?


Лина. Жоқ, оны жалынсаң да айтпаймын.


Нина. Тоқта, жолдас Багаев қоршаудағы батальондарына барып қайтқан бір ұшқышты асыға күтуде еді, сол сенбісін әлде?


Лина. Мүмкін.


Нина. Сен барлаушы емес едің ғой.


Лина. Бұрын болмасам да бір сапар барлаушы болып қайттым. Бірақ мына «У-2» дегенің қонуға жақсы болғанымен, ұшқанда кісінің ішін пыстырады екен. Ендігәрі жуымаспын.


Нина. Оны қоя тұр. Өзің кәдімгідей жерге қонып, оларды көрдің бе?


Лина. Көрдім. Бірақ, қалай көргенімді саған айтпаймын.


Нина. Айтшы, жаным, өзің көзбе-көз көрдің бе? Бірақ, сен оны танымайсың ғой? 


Лина. Танымасам да білдім.


Нина. Өзі қалай екен, жараланған жоқ па екен? Жүдеген шығар, ә?


Лина. Оны айтпаймын. (Тұрып кетеді.)


Нина. Лина!


Лина. Немене?


Нина. Неткен қатыгезсің, ынтықтырмай айтсаңшы.


Лина. Ынтықсаң бар өзің. Тұманда адасып кететін біз барғанда сен неге бармайсың? Қалыңдығы бес елі болаттан тұман өтіп кетеді деп қорқамысың?


Нина. Түу, сенің мінезің-ай. Жалынамын, жаным, айтшы енді.


Лина. Жалынбай-ақ қой. (Сағатына қарап.) Уақыт өткен сайын қоршаудағыларға қиын болып барады. (Телефонды алып.) Маған дивизия командирін тауып беріңізші. Өзінің күткен адамымын, табыңыз да маған хабар етіңіз.


Нина. Жарайды, Лина! Жалынсам да айтпадың ғой. Ендеше, мен де айтпаймын.


Лина. Сен нені айтпақшысың?


Нина. Мен де сенін жігітіңді көрдім.


Лина. Соқ өтірікті. Менде жігіт жоқ болса, нені көресің. Туу, келмеді-ау, мына кісі. Енді қайттым?


Нина. Сен Жомарт дейтін қазақ жігітін білесің бе?


Лина. Білем.


Нина. Ол сенің нең?


Лина. Ол мені ажалдан құтқарған досым.


Нина. Ендеше, мен сенің сол досыңды көрдім.


Лина. Қайдан, қашан?


Нина. Алдымен, сен айт, сонсоң айтайын.


Лина. Мен бе, мен оларды дәл немістердің, десанты түсерден екі-ақ минут бұрын көрдім. Батурин мені сен екен деп, құшағын жая ұмтылып еді, сабыр етіңіз, жолдас капитан, мен Нина емеспін, деп құшақтатқаным жоқ. Сонсоң ол төбеге ұрғандай болып қалды.


Нина. Сенің сондай мінезің-ай! Құшақтата салғанда нең кететін еді.


Лина. Сен қызықсың көрінген жігітке құшақтата берсем, қабырғамның біреуі де сау қалмас.


Нина. Қабырғаң бар болсын сенің. Иә, айта берші, сонан кейін қайттіңдер, таныстыңдар ма?


Лина. Жоқ, таныса алмадық. Сол екі арада немістердің десанты түсе бастады да, олар соғысқа кетті, мен хабар жеткізуге асығып мұнда кеттім. Осы менің бар көргенім. Ал, енді сен айт! Жомартты қайдан көрдің (Нина ауыр ойға түсіп отырып қалады. Лина оның иегінен көтеріп.) Енді қашан?


Нина (аздан соң барып үн қатады). Ойланшы, Лина, мүмкін; олар осы жеті түннің ішінде соғысып жатқан болар. Мүмкін, тегісінен қырылып кеткен болар. Ал, біз ұнда мәз-мәйрам болып отырмыз. (Көзіне жас алады. Телефон шылдырлайды).


Лина (телефонда). Сізге кім керек? Иә, мен. А, саламатсыз ба? Солай ма? Мен асығыс едім. Бастап баратын кісі қайда? Онда қазір барайын. Мақұл. Міне шықтым. (Телефонды қоя салып, ауыр ойдан сергіп түрегелген Нинаға қолын ұсынады.) Мен кеттім, қош бол!


Нина. Лина, сенің досын да жаңа соларға кетті. Ал енді, саған айтарым, ертең шабуылға қатысар болсаң, соларға көмектес.


Лина. Сен де көмектес! Барлық отымыз соларға төнген жаудың үстіне төгілсін!


Нина. Серт осы болсын ендеше!


Лина. Болсын!


Нина. Қош!


Лина. Қош!


Шымылдық.


ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ


Алтыншы сурет


Сахна екінші суреттегі қалпы. Тұман ашылып, көкжиектен таң сарғайып келеді. Алыстан артиллерияның, жарылған бомбаның гүрсілі естіліп тұр. Сыртта атыс болып жатыр. Сахнаның төр жағында алакөлеңке жерде біресе ілгерілеп, біресе кейін шегінген немістер тобы көрінеді. Анда-санда Батуриннің даусы естіледі.


Батурин (сыртта). Шегінбеңдер, төк, төк оқты аямай! (Кейде немістердің даусы да естіледі.)


Неміс (сыртта). Ей, рус. Бәрібір саған құтылу жоқ. Беріл онанда, беріл!


Батурин. Miне, саған берілу! (Жарылған гранат көрінеді. Сахнаның бір жақ шетін ала отырған Мұратта үрей жоқ. Ол телефонды ұрғылап отыр.)


Мұрат (телефонда). Орал, Орал, жолдас Шалқаров, жолдас Шалқаров! Апыр-ай, олардың да жаны қысылған-ау, ә? Жолдас Шалқаровсыз ба? Ойбай, қарағым-ау, қайда жүрсің? Жағдайларың қандай? Бізде тіпті жаман. Бұл жақтағы немістер тағы да өршеленіп кетті. Батуриннің өзі де соғысып жүр. Ол жақ тыныштық болмас, бізге көмектессін дейді. Жаудың ту сыртынан дейсің бе? Сөйтші, қарағым. Тіпті қорлығы өтті иттердің. Қашан жібердің? Анатолийға солай деп пе? О, айналайын-ай, оның жақсы болған екен. Оралжан, өзің сақ бол, қарағым. (Алыстан уралаған дауыс естіледі.)


Батурин (сыртта). Тоқ оқты аямай. Бір оқ Калинина төгіңдер! (Жақын жерден де уралаған дауыстар естіледі. Сахнаның төрінен ағылған біздің адамдар көрінеді.)


Мұрат (алысқа қарап). Aha, aha, солай ма екен! Орал, ой айналайын, сенің кісілерің келіп жел еспемен түріп жіберіп еді, қос соққының ортасына қасқырша күжірейіп тұрған немістер болып кетті. (Басы таңулы, бір жақ аяғынан жараланған Батурин келеді.)


Батурин. Шалқаров па? Әкел бері! (Телефонды жұлып алып.) Жолдас Шалқаров, сен ештеңе естідің бе? Сендердің ар жақтарыңдағы орманның ішінде соғыс болып жатыр ғой. Немене, кісі жібердің бе? Оның дұрыс екен. Ал, енді мына жақтан танкінің гүрілі естілген бе? Естімесең сақ бол, бізге қарай келе жатқан сияқты. Сірә, немістер десантына де көмектесейін деген болар. Жоқ, көзге әлі көрінген жоқ.


Жaйық (жүгіріп келіп). Жолдас капитан, бір үлкен танк бізге қарай зулап келеді. Оны көре сала жаңағы немістер қайтадан бізге келе жатыр.


Батурин (ақсаңдай басып жоғары шығады да, қарай салып қайтадан телефонға келеді). Жолдас Шалқаров, бір үлкен танк сендерге қарай беттеп келеді. Көрдің бе? Көрсең, жақындатып алып ұрыңдар. (Самолет гүрілі естіледі.) Тоқта, мына бір самолет соған шүйіліп келеді.


Мұрат. Қап, бомбасын тастай алмады-ау!


Батурин (телефонда). Төгер оты таусылған болу керек. Қайта қайқайып кетті ғой. Ал, өзіңе ғана сен.


Мұрат. Ананы қараңыз, бізге қолын бұлғап барады.


Батурин (телефонды тастай салып жоғары шығады да Жайыққа). Жүгір, Манькоға! Қайткен күнде де, қандай құрбандық болса да мына немістерді танкісіне қоспасын. Бүйірден соқсын! (Жайық жүгіріп кетеді. Батурин алысқа қарап тұр, Мұраттық қасына Дәулет жүгіріп келеді.)


Дәулет. Мұрат-ау, біздің танкінің келе жатқанын көрдің бе?


Мұрат. Біздікі екенін сен қайдан білесің?


Дәулет. Мен немістердің танкісін даусынан танимын, мынау біздің танк.


Мұрат. Қой мен ешкінің даусын айыра алмайтын, сен де танкіні даусынан айырмақпысың?


Дәулет. Сен ғой деймісің, соғыста жүрсе де қолынан шөміші түспейтін.


Мұрат. Шөміш ұстасам да неміс танкісін көргенде кантужын болатын сен емеспін.


Батурин (алысқа таңдана қарап). Міне, өлім туралы комедия керек болса. Әкел телефонды. (Телефонды алып). Орал немістердің не істеп жатқанын көрдің бе? Жаңағы танк немістердің өзін жусата бастады.


Дәулет. Жолдас капитан, ол біздің танк.


Батурин. Қайдағы біздің?


Дәулет. Мен танкіні гүрілінен танимын, сеніңіз маған.


Батурин. Не дейді? (Телефонды тастай бере жоғары шығады да, келе жатқан Савкинге.) Жолдас Савкин, қасына бір-екі жауынгер алып, ана танкіні білші. (Савкин кетеді.)


Дәулет. Әне, бері бурылды.


Батурин (Савкинге дауыстап.) Байқа, өзіміздікі болып жүрмесін.


Дәулет. Жолдас капитан, ананы қараңыз, өзінін, қызыл жалауы бар.


Мұрат. Жалауды жаңа ғана көреді.


Дәулет. Әне, біреуі төбесінен көріне бастады.


Батурин (қуанғаннан ештеңе айта алмай, алысқа қадалған күйі қасындағы Мұрат пен Дәулетке құлағын жая береді). Туысқандар, туысқандар, ана танкідегі жазуды қараңдар. Көрдіңдер ме, біздікі. (Телефон шылдырлайды.)


Мұрат (тыңдап). Бұл кім өзі? Ә, сен бе едің, жолдас капитан! Сізді Шалқаров сұрап тұр.


Батурин. Мына танктен көзімді аударғым келмейді. Өзің сөйлесе берші. Жоқ, бере тұр. (Телефонды тыңдап.) Орал, қымбатты досым. Мына қуанышты көрдің бе? Иә, біздің танк. Ол жақты Манькоға тапсыр да, өзің мұнда кел! (Қасында Савкин мен Сергей бар Нина шыға келеді).


Савкин (Батуринге шаттық жүзбен қарап). Жолдас капитан, мына бір кісіні танисыз ба?


Батурин (жалт қарал, телефонды тастай салады). Нина!


Нина. Анатолий! (Жыламсырап құшақтаса кетеді.)


Дәулет. Ой, айналайын-ай, сол екен ғой. Мен де таныдым ғой.


Мұрат. Бұл кім еді?


Дәулет. Бұл мына кісінің бірдеңесі. Түнеу күні менен хат. берген.


Батурин. Өңім бе, түсім бе? (Бетіне қарайды да, қайта құшақтайды.)


Нина. Өңіңде жалғыз тамшы қан қалмапты ғой. Жараланғаныңа көп болды ма?


Батурин. Жоқ! Бүгін таңға жақын жараландым. Жара бұйым емес, онан да өз жайыңды айт. Жұмсаған кім өлімге?


Нина. Ешкім жұмсаған жоқ, өзім келдім. Бір қала кері берілмесін, қара ордасы фашистің қаратуға орансын деген ұран тасталды. Ұлы жорық басталды.


Бәрі. Ура! Ұлы жорық басталды.


Батурин. Біздің дивизияның қарауына берілген. Жолдас Багаев жаудың шебін бұза алғандарың қоршаудағы батальондарға өтіп кете беріңдер деген еді. Басқалардың не болғаны білмеймін, мен өтіп кеттім, немістер оқпен қуса да жете алған жоқ. Сіздерге десант түсті ме?


Батурин. Жоқ, десант түспекші ме еді?


Нина. Түспекші емес, таңға жақын түсірілген.


Батурин. Түссе қайда? Әлде мына орман ішінде соғысып жатқан солар ма екен. Шабуылдың қарқыны қандай?


Нина. Төгілген күш мол. Бірақ, немістердің қарсылығы күшейіп тұр.


Дәулет. Жолдас капитан, жау танкісі біліне бастады.


Мұрат. Мүмкін, тағы да біздікі болар.


Дәулет. Жоқ, біздікі емес.


Савкин (құлағын салып). Иә, біздікі емес. Әне, көріне де бастады.


Сергей (сыртқа үрейлене қарап). Бұл не ғажап, ә?


Батурин. Сонша не көрінді көзіңе?


Сергей. Әне, қара дажалдар қаптап келеді.


Батурин. Сенің дажал деп тұрғаның ағаш қой?


Дәулет. Жоқ, сонау селдір ағаштың ар жағына көз жіберіңізші. Әне, бірінен соң бірі шыға бастады, Соңында жаяу әскері тағы бар.


Батурин. Нина! Апыр-ай, тук те сұрай алмадым-ау. Оған енді уақыт та жоқ. Сен шаршаған жоқсың ба?


Нина. Жоқ.


Батурин. Ендеше, мына сұрапылдың алдында жауынгерлердің жаны бір азықтансын, сен осы әкелген хабарыңды барлық жауынгерлерге жеткізсең қайтеді.


Нина. Мақұл. (Кете бере қайта тоқтап.) Анатолий! (Күліп.) Апыр-ай, неге бүйттім мұнша?


Батурин. Мен де бір түрлі болып турмын. Дағдырымыз не болары белгісіз ғой, кетпей-ақ қойшы қасымнан.


Нина. Мен де соны ойлап ем, бірақ бір ғана сен үшін келгенім жоқ қой.


Батурин. Оның рас, тез бар ендеше. (Биікке қарай шығып кетеді. Кетіп бара жатқан Нинаға Орал қарсы кездеседі.)


Орал. Нина!


Нина. Амансыз ба, Орал аға!


Орал. Керемет-ау, көктен түстің бе, жерден шықтың ба?


Нина, Жүрегімді қанат етіп ұшып келдім.


Орал. Бәсе-бәсе, сенің жүрегің оттан жаралған деуші ем-ау, өзім де. Тез айтшы, жаным, не болып жатыр дүние?


Нина. Орал аға, барлық жайды Анатолийға айттым, сонан естірсіз, мен асығыспын.


Орал. Бар, сол үшін ғана келген болсаң. (Қайта құшақтап.) Ойнап айтамын. Мен де асығыспын, бара бер. (Нина жүгіріп кетеді. Орал Батуринге қарай келе жатым.) Шіркін, махаббат-ай, сенің теңіңді таба алмай-ақ өтемін-ау өмірден.


Батурин. Сен бұрын достықты жоғары бағалаушы едің, қызды көрген соң махаббатты көтергің келген екен, ә?


Орал. Жоқ, достықтың да иесі махаббат екен. Махаббат деген сүю ғой, дос болу үшін де сүю керек. (Нина кеткен жаққа қарап.) Қарашы, өзің, ажалды тепкілеп бара жатқандай көрінбей ме?


Батурин. Өзің тіпті қызығып турсың ғой.


Орал. Иә, қызығамын. Қызығам да қуанам. Осындай жары бар сен бақытты жігітсің, Анатолий!


Батурин: Бақыттылық пен бақытсыздықтың анасы өте жақын тұр-ау, достым. Көрдің бе, сол бақытымызды өшіргелі қара түнектің төніп келе жатқанын?


Орал (сыртқа қарап). Сенің кешегі айтқаның дәл келді-ау, осы. Тағы да мен қателестім бе?


Батурин. Жоқ, қате емес. Мынандай от селін кешіп өту де мүмкін емес. Нинаның айтысына қарап мен мұны шегінген немістер ме деп тұр едім, олай болмай барады.


Орал (ұзақ қарап алып). Иә, бұл шегіну емес, шабуыл.


Мұрат. Бауырлар, сірә, қоштасқанымыз жөн болар.


Батурин. Оның берер көмегі қанша?


Дәулет. Байқайсыз ба, дауыл күнгі өрт секілді.


Батурин. Орал, сен осы жерде бол! Көпірге қарай қалың келеді, мен сол жерге барайын.


Орал. Жоқ, ол жер тағдырымыздың шешілетін жері. Сен жаралысың, мен барайын. Сенің екі жаққа бір« дей осы ортадан тұрғаның жон. Жалғыз-ақ, маған артиллериямен көмектес, қош! (Қол алысады.)


Батурин. Қош! (Кете берген Оралдық алдын Мұрат кес-кестейді.)


Мұрат. Тоқташы, қарағым. Маңдайыңнан бір сүйіп қалайын. (Сүйеді.)


Орал (арқасынан қағып). Жасымаңыз, осыдан қалған жанымыз — жан да, осыдан қалған қанымыз—қан. Соны ұмытпаңыз, қош болыңыз. (Орал тез кетеді.)


Мұрат. Жат еттім сол сөзіңді. Қош бол, бауырым!


Батурин. Сергей, сен Оралдың қасында бол! Соларға қарай қалың келеді, тез жет! (Сергей жүгіріп кетеді.) Ал, жігіттер, білек сынғанша, жүрек талғанша ажалмен алысар сәт жетті. Сендер оң жақтағы танкті тосыңдар, автоматчиктер жаяу әскерін бөліп алады, сендер танкпен алысыңдар. Барыңдар! (Басқалар кетеді. Сахнада Мұрат екеуі ғана қалады. Сыртта ұрыс басталады.) Маньконы әзірле!


Мұрат. Қарпат, Қарпат! Жолдас Қарпатсыз ба? Қазір, жолдас капитан, Манько әзір.


Батурин (телефонда). Жолдас Манько, ар жағыңнан ештеңе біліне ме? Не дейсің? Бастап келген кім дейсің? Жандосов! Апыр-ай нағыз батыр сол екен онда. Кісілері көп пе? Солай ма? Бізге қарай кетті ме? Ендеше барлық артиллерияның бетін бұрғыз да бәрінен бірдей төктірші. Әсіресе көпір жаққа назар сал. Шалқаров сонда. Соларға қарай қалың келеді, таптап кетуі мүмкін, тезірек. А, оның дұрыс. Қазір. (Мұратқа.) Сен Оралға жүгір, алдыңғы ордағы адамдарды кейін әкетсін де, тез, тез! (Мұрат кетеді Батурин маңдайынан аққан қанды сүртіп, отырып қалады. Қасында бір топ жауынгері бар Жомарт жүгіріп шығады.)


Жомарт. Партия үшін, Отан үшін, алға!


Батурин. Жандосов! (Телефонды тастай салады басқалар әрі асып кетеді де, Жомарт Батуринді барып құшақтай алады.)


Жомарт. Амансыз ба, жолдас капитан!


Батурин. Әзір сұрама амандықты. Кеше кештен беpi неміс десантымен соғысудамыз. Талай аяулы адамдарымыздан айрылдық. Тез ар жақтың, жайын айт.


Жомарт. Багаев сәлем айтты. Бүгін қайтсе де көрісеміз деді. Сіздердің неміс десантымен соғысып жатқандарыңызды естіп, бізді дәл осы араға тастамай аулағырақ тастап еді, ол түскен жерімізде де немістер бар екен. Солармен шайқаса-шайқаса азар жеттік.


Батурин (бетінен бір сүйеді де). Рахмет, достым! Жоғары шық та қарашы, үдеп кетті ғой? (Маңдайынан аққан қанды сүртіп отырып қалады.)


Жомарт (жоғары шығып). Ұрыс жайы жақсы емес. Адам да, темір де от болып кетіпті. Екі жақ та жан аямай жұлқысып жатыр, ақыры не болары белгісіз. Әсіресе, көпір жақтың қаупі күшті, рұқсат етіңіз, мен соларға барайын.


Батурин. Мына жақ қандай?


Жомарт. Бұл жақ та жақсы емес.


Батурин. Ендеше сен сол жаққа бар!


Жомарт (жүгіріп бара жатып). Амансыңдар ма, батырлар, сәлем айтты генерал! (Батурин тәлтіректеп жоғары шыға берген кезде, оң қолын асып алған Сергей келеді.)


Сергей. Жолдас капитан, Шалқаровты танк басып кетті-ау деймін.


Батурин. Не дейсің? (Теңселіп кетеді, аздан соң азар сөйлеп.) Танкті ала Шалқаровпен бірге өлмей, өзің неге тірі келдің?


Сергей. Анығын білмеймін. Жаудың бір танкісі заулап келді де, Шалқаров жатқан орды шыр айналып тапай бастады. Кешікпей танктің өзі де талқандалды, бірақ сонан қайтып Шалқаров көрінген жоқ. Өзім жараланып қалдым.


Батурин. Осындай жараны елеу, ездік емес пе, жоғал, көзіме көрінбей! Тоқта! (Тәлтіректеп жоғары шығады, алысқа қарағысы келеді, қарай алмайды.) Не болып жатыр, тез айт!


Сергей (алысқа қарап). Әлгіден көрі тәуір. Өлігі жайрап жау жатыр, құлаған самолет, қираған танк қаулап жатыр өртеніп. Әсіресе, көпір аузындағылар қатты қаусатқан. Мына жағымыз да жаман емес. Бір адым да шегінбепті. Бірақ, қырғын ұрыс әлі бітер емес. Немістер түйдек-түйдегімен келе жатыр. (Оң қолын асып алған Жомарт келеді, қалжыраған секілді.)


Жомарт. Гранат бар ма? Гранат!


Сергей. Менде де жалғыз-ақ қалды.


Жомарт. Жалғыз болса да маған бер.


Батурин. Жандосовпысың, не болып жатыр, сен айтшы.


Жомарт. Не болары әлі белгісіз, соңында бір топ автоматчиктері бар жаудың бір үлкен танкісі тура осылай қарай келе жатыр. Табанында қаларсыз, сіз тезірек кетіңіз, Сергей, әкел бері гранатты.


Батурин. Жоқ, берме, Сергей, өзің бар!


Жомарт. Жолдас командир, бұл келе жатқан ажал ғой?


Сергей. Ажал болса қайтушы еді. Қош болыңдар! (Танктің гүрілі жақындайды. Сергей жылжып кетеді, Батурин мен Жомарт шыдамсыздана түседі. Аздан соң гранаттың жарылғаны, танктің тоқтағаны білінеді.)


Батурин. Ah! (Қайта отыра кетеді.)


Жомарт. Өлді, өлді, намыстан туған ер ұлан. (Келе жатқан тағы бір танкіні көріп, арыстандай ыңыранады). А, тағы бір тажалы тұр алы келді, ендігі кезек менікі бола кетпейді екен. Сірә, Қожабергенов Асқар құсап ажалдың алдынан шыққаным жон болар. (Танкке қарсы кетпек болады.)


Батурин. Тоқта, телефонның ар жағында гранат жатыр. (Тыңдап.) Мына біреу біздің самолеттің даусы ғой?


Жомарт. Иә, сәт! Манағы бір келіп кеткен самолет соған шүйіліп келеді. Иә, сәт, иә, сәт! (Бомбаның түскені білінеді.) Жаса, жаса Партияның сұңқары, жаса!


Батурин. Неткен ауыр қайғы еді бұл. (Басындағы орауын жұлып алады да). Көзім ашқызбай барады. Қарашы шабуылдың да мерзімі жетті, жөндеп байла мынаны.


Жомарт (аспанға қараған бойы Батуриннің басын байлап тұрып). Ай, құзғындар-ай, жабылды-ау, әһ, иттер-ай!


Батурин. Не болды тағы да?


Жомарт. Жаңағы біздің самолетті немістер атып түсірді. Ұшқышы парашютпен түсіп келеді.


Батурин. Баршы, кім болса да шақыршы бері. (Жомарт кетеді. Батурин телефонды алып.) Жолдас Манько! Шалқаровты жазым болды деген хабар бар. Тез анығын біл де, рас болса, командирлікті қолға алып, қарсы шабуылға шық. Тез, тез! (Тұлабойы қатқан. Мұрат келеді.)


Мұрат. Жолдас капитан, оғым да бітті, гранатым да бітті.


Батурин. А, жауыздардың оғы сізге де тиді ме?


Мұрат. Тигенмен, өлтіре алған жоқ. Бірақ жолдастарың жаумен алысып жатқанда, майданды тастап кетіп қалу өлгеннен кем тимейді екен.


Батурин. Ендеше неге келдіңіз?


Мұрат. Жараның үстіне жарақсыз қалсам қайтейін?


Батурин (аз үнсіз). Соғыс саябырлап келеді, көпір жаққа барайық, ана гранаттарды ал!


Мұрат. Ай, қарағым-ай, көпірің қазір тозақ сияқты болып тұр-ау,


Батурин. Солай ма? Байқаңызшы. Орал көрінер ме екен?


Мұрат. Байқап-ақ тұрмын, көрінер емес.


Батурин. Солай ма? (Аз ойланып.) Мен сізді мұнан былай аға дейтін болайыншы.


Мұрат (сезіктене қарап). Оны неліктен айтып отырсыз. Әлде...


Батурин. Сергей мені қазақша аға деуші еді, сол сөзі есіме түсіп кетті. (Аз үнсіз.) Ол кім еді? Кішкентай ғана адам еді, ол бұрын қорқақ еді, ар-намысы оның жүрегін сондай зор етті. Отанына қамал боларлық етті. Қарпаттың заңғар таулары да, Мажиноның болат қамалы да сүріндіре алмаған, тоқтата алмаған немістің дүлей дажалын талқан еткен сол секілді кішкентай адамдар. Кішкентай адамдар үлкен ажалға әмір етті, ажал оған тізе бүкті. (Сыртта Маньконың «Алға, алға!» деген айқайы естіледі. Сол айқаймен сахнаның төр жағынан шыға келеді.)


Манько (сахна төрінен ағылып жатқан жауынгерлерге). Алға, алға! (Батуриннің жанына жүгіріп келеді.) Жолдас капитан,көпірге төнген қалың жауды Шалқаровтар қарсы шабуыл жасап қуып шықты. Енді табанын жерге тигізбестен қуа бермекпіз.


Батурин (қуанып). Тірі ме екен. Оралым! Қуыңдар ендеше, көріне кіргенше қуыңдар. Жинат жаралыларды, кеттік бәріміз де. Жоқ, сен бөгелме, қуа беріңдер. Жаралыларды өзім жинатайын.


Манько. Жаралыларды жинаттым,міне, келе жатыр. Кешікпеңіздер. (Жүгіріп кетеді.)


Мұрат. Ой, жасаған-ай, қандай жанның оты сөнді жөн. (Жаралыларды носилкамен көтергендер бірінен соң бірі шұбырып өтіп жатады. Ішінде Жайық та бар. Бұл көрініс Батуринге өте ауыр тиеді.)


Батурин (өтіп жатқандардың әрқайсысына бір үңіліп). Иә, талай жандар аза тартып, талай жандар қан жұтыпты. Жанарынан, жалғызынан айрылғандар көздің жасын селдей төгер. Бірақ олар көрер ертең кімді кімнің жеңгенін. Сол уақытта ұғар олар — бұлардың мәңгі тірі екенін!


Жайық. Иә, біз өлмейміз, жолдас, капитан, біз мәңгі тіріміз. (Өліп кетеді. Жаралылар өтіп кетеді. Екінші жақтан Лина мен Жомарт келе жатыр.)


Жомарт. Менде жұмысыңыз болмасын, әне барыңыз


Лина (ұстай алып). Тоқтаңызшы, сіз кімді нұсқап турсыз?


Жомарт. Өткен түні кім үшін қан жыласаңыз — соны.


Лина. Өткен түні сіз мені қашан көріп едіңіз?


Жомарт. Қайнатпаңыз қанымды! Енді оны танымаған болайын деп тұрсыз ғой.


Лина. Кімді танымайтын боламын?


Жомарт. Батуринді.


Лина (қуанып). Батурин? Ол қайда?


Жомарт. Әне, басын байлап отырған сол.


Лина (Батуринге жақындап). Жолдас капитан, Анатолий Батурин деген сіз боласыз ба?


Батурин (таңдана қарап). А, сіз тағы да келдіңіз бе?


Лина. Танығаныңызға рақмет. (Екінші жақтан Нина шыға келеді.) Нина!


Нина. Лина! (Құшақтай алады.) Жаным-ау, сен қайдан жүрсің?


Лина. Сенің жеткеніңді сезіп әдейі түстім. (Жомарт екі қызға кезек қарап, аң-таң).


Нина. Немістердің оғына қайта-қайта ұша берген соң ұялғаннан айтып турсың ғой. Анатолий, сіздің мына бір батырыңыз түнде мені қатты қорқытты.


Батурин. Не үшін?


Нина. Менің Линаға ұқсағаным үшін.


Батурин. Оған айтар түгім жоқ. Кеше өзім де соның кебін кигенмін. Жомарт! Ай аңғалым!


Жомарт. Лина, кешір. Кешір де келші! (Құшағын жаяды.)


Лина. Жаңа менің құшағымды кері серіпкенсіз. Енді өзіңіз келіп құшақтамасаңыз бармаймын. (Батуриным, қасына отырады.)


Жомарт. Лина, бері қарашы. Осыдан бірнеше ай бұрын көр аузыңда, өзің арман еткен саяда тұрмыз ғой. Келсеңші!


Лина (жақындап). Ендігәрі ойланбай сөйлемейсіз ғой.


Жомарт. Ендігі бар айтарым, махаббаттың сөзі болар.


Батурин. Қарасаңдаршы, не болып жатыр дүние. Алыстан бір сарын шықты ғой, айтсаңдаршы, немене ол?


Жомарт. Көзіме қан толып кетті ме, білмеймін, дүние қызылды-жасылды болып кетті. Біздің генералдың сөзі солай еді, жау құрыған-ау деймін.


Батурин. Анық па, анық құтылдық па? (Нинаға сүйене түрегеледі.)


Нина. Құтылу ғана емес, қашқан жауды қарсы ұрып, құтқарған да жоқсыңдар.


Жомарт. Ту, ту көрінеді. Қараңдар, аға, бауыр, қарындас. Екі қолын көтеріп фашистер қаптап келеді. Ха-ха-ха! Түрін қара иттердің!


Лина (Күліп). «Иттер» дегеніңіз де махаббат сөзі ме?


Жомарт. Фашистерге айтылса бола береді. Мынаны қара, генерал да қолға түседі екен ғой. Ех, бұл неткен тамаша! (Савкин мен Дәулет немістің бір генералын айдап бара жатады.)


Дәулет. Міне, біз фашистерге көрді осылай қазамыз, бас аяғыңды!


Лина. Ренжімеңіз, генерал мырза! Қайғылы күйлеріңізді біздер Берлинге бомбамен бүгін-ақ жеткіземіз.


Батурин. Дұрыс, ете дұрыс айтасың. Қаттырақ қақ қанатыңды қаһарман, қақ! (Осы кезде төрдегі көпірге жарық беріледі. Көпірден өтіп жатқан жауынгерлер көрінеді. Орал мен Манько көпірге шыққанда қарсы алдынан Багаев пен Андас кездеседі.)


Орал (қуанышпен). Жолдас генерал!


Багаев. Амансыңдар ма, аспан мұздаған сайын шарықтай түсетін мұзбалақтар! (Екеуі құшақтаса кетеді,)


Шымылдық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу