27.01.2022
  150


Автор: Әлжаппар Әбішев

Көкдауыл

Мұнан бірнеше жыл бұрын...


Аспан ашық айсыз түн.


Жер шарының күмбезіндей көрінетін Алатау алыстан көкжиекке шөккен бұлттай елестейді. Оның сілемінде сұлап жатқан қоңырқай таулар түйілген қабақ секілді. Оң иықта өзгеден оқшау тұрған «Ұялы» өзінің көз тартатын сұлулығына насаттанғандай көкке бойын созып тұр. Сірә, шілдеде де кетпейтін ұшар биігіндегі күмістей жарқыраған қарын мақтан етіп, Алатаумен бәсекелескендей ме, қалай.


Осы көрінген асқар-асқар биіктердің де, желсіз күнгі теңіздей тұнжырап жатқан мынау кең даланың да, шырт ұйқыда жатқан елдің де ләззатқа бөленгендей жанға жайлы мезгілін Көкдауылдың күркірей кісінеген даусы селк еткізді.


Көкдауылдың екпінінен тұрған дауылы, аяғынан шыққан дүбірдің қара жерді солқылдатқаны да емес-ау тиыштықты бұзған. Оның осына бір көптен бері ел ішінде аңыз болып кеткен әйгілі үні.


Сүйреткен құрығы бар, бірақ үстінде иесі жоқ, есіктей омырауы мен ер тоқымының алдыңғы қапталы қызыл ала қан, тобынан адасып айдалада қалған жалғыз қаздай самғап келеді.


Алғашқы кезде түнектен тұра ұмтылған жолбарыстай қара түнді қарманып, қабырғаласқандар да болып еді жымға кірген қояндай көзден таса болды да кетті. Қайда барары белгісіз. Беті — өзінің ауылы, «Ұялының» түбінде отырған «Қазақстан» колхозы.


Осы арада:


— Мұның иесі қайда?


— Үстіндегі қаны не?


— Әлде қасқырға тап болды ма екен?


— Жоқ әлде иесі жазым болды ма?


— Мойнында сүйреткен құрығы несі?


— Біреу ұстаймын деп айрылып қалды ма екен?


— Қайдан келеді?


— Қайда барады? — деген сұраулар өзінен-өзі еріксіз туатын сияқты.


Өзін-өзі айдап құйындатып келе жатқан Көкдауыл кейде төңкеріле жалтақтап жан-жағына осқыра қарайды, кейде алдыңғы жағын болжағандай қос құлағын тік қадап алысқа көз тастайды, кейде шолақ қайырып бір-екі кісінейді аңды көрген қырандай самғай жөнеледі Санына сартылдап тиген мойнындағы құрықты да, екі өкпесіне соғылған темір үзеңгіні де елейтін емес.


Ел шырт ұйқыда жатқан, таң мезгілі еді. Көкдауылдың алыстан естілген үнімен ию-қию болып иттер әлденені сезгендей ұли бастады. Көп кешікпей-ақ, шеткергі үйлерге дүбірі де естілді. Ол құйғытқан бойымен шеткерірек тұрған темір шатырлы қызыл үйдің есігінің алдына келіп тұра қалды да, бар даусымен шыңғыра кісінеп қоя берді. Жердің топырағын шаша тарпып есікті де тепкіледі. Әлдекімді күткендей тың тыңдап біраз тұрды да, үйді айнала жортып кісіней жөнелді.


— Апа, мынау біздің Көкдауылдың даусы ғой, — деді шошып оянған он сегіз жасар Меруерт басын көтеріп.


— Құлыншағым-ау, не дейсің? — деді шешесі әлденені сезгендей үрейленген пішінмен.


— Бұл тегін емес. Көкем жылқыны есіз тастап келмейтін. Әне, даусын естідіңіз бе? Қасқыр көргендегі кісінесіне салып жүр.


Меруерт соны айтып киіне сала далаға жүгіре шығып еді, Көкдауыл үйдің сырт жағынан жортып келеді екен.


— Көкдауылым! — деді қыз даусы дірілдеңкіреп. — Көкем қайда? Көке, әй Көке!


Көкесінің үні емес, ентіге оқыранған Көкдауылдың ғапа үні естілді. Құлын кезінен қолында өскен Көкдауыл әдеттегісіндей қасына келіп, құшақта дегендей мойнын тосып еді, қыздың қолы ат жалына тие бере дір етті.


— Апатай-ай! — деді ол үрейлі дауыспен, — шамды тез әкелші!


— Шешесінің үйден шам әкелгеніне шыдаған жоқ. Сыртқы қақпаның алдындағы электрді жағып жіберіп, Көкдауылдың омырауына ұйып қалған қанды көрді де шошып кетті.


— Апатай! Мынау ненің қаны, мынау кімнің құрығы?


Шешесі оған жауап қата алған жоқ. Оның жауабын Меруерт те күтіп тұрған жоқ. Көкдауылға қарғып мінді де:


— Аттан-аттан! — деп бар даусымен айғай салды.


Ол өзінің үніне тәкаппар «Ұялының» құз тастары да селк еткендей, тынып тұрған сары жел де ызыңдап, орман шайқалғандай болды да, Көкдауылдың кісінесі — «түн жамылған қара ниетті дұшпаның аяулыда ол атты, құтыңды шайқап, ырысыңа қол салды» деп тұрғандай сезілді оған.


Асанның үйіне қарай андыздаған елдің бәрі де Көкдауыл аттың үстінде тұрған қызға төнді.


— Мынау Асекең бе?


— Жоқ, ол емес.


— Енді кім?


— Астындағы Көкдауыл емес пе?


— Ойпырмай, Көкдауыл деймісің?


— Бір сұмдық болды десеңші онда.


— Сен кімсің ей?


Бұл кезде әкесін қай жерден іздеуді ойлап үнсіз тұрған Меруерт төсін жауып тұрған қара шашын артына қайырып тастады да:


— О, менмін! — деді шулап келе жатқан топқа танадай көзін жалт еткізіп.


— Меруертпісің?


— Шырағым-ау, не болды, Асекең қайда?


— Көкең қайда?


— Көкемнің өзі жоқ, астындағы Көкдауыл келді, — деді Меруерт. — Мынау қан — Көкемнің қаны, мынау құрық — жаудың құрығы, тезірек аттаныңдар!


— Аттан!


— Аттан! — деген дауыс аспанға көтерілді,


— Ат қайда?


— Аттаныңдар!


Ал, мен кете берем. Жылқы Шұбарөзекке қарай кеткен-ді соған келе беріңдер!


Соны айтты да Меруерт Көкдауылға қамшы басты. Құлан иектеніп ата бастаған таң самалына Көкдауылдың і құйыны араласып, ортасында дауылпаздай самғап Меруерт кете барды.


Ол кеше әкесінің жылқыны осы жазық далаға қарай беттетіп бара жатқанын сыртынан көргені болмаса, түнде қай жерге өрістеп, қай жеpгe жусатқанын білмейтін.


Жел қанатын кеулегендей күдістеу белі жазылған Көкдауыл біраздан кейін тұнық ауаны қақ жарып жұлдызша аға жөнелді.


Қолқа тамыры суырылғандай солқылдаған қара жер ұршықша иіріліп кеп Көкдауылдың бауырына жиырылған секілді. Аттың дүбірінен сасқалақтап ұша жөнелген құстар көтерілген тозаңнан шыға алмай, қиқулап жүр, соған масаттана қараған Меруерттің көзі аспанға түсіп ед, самсаған сансыз жұлдыздар жылжып бара жатқан секілденді.


Енді қалай жүремін?


Меруерттің дағдарғанын сезгендей қос құлағын тіге қарай қалған Көкдауыл күншығыс жақта созылып жатқан Шұбарөзек жаққа қарап кісіней жөнелді.


— Ә, осы жылқы осы жақта екен. Шүу, жануар!


Төбенің басынан қиялай шауып түскен Көкдауыл сорғалаған бүркіттей Шұбарөзектің ылдиына қарай заулады. Оған ылди, өрдің бәрі бірдей еді. Бірақ дәл мынау ылдидағы екпіні бала жасынан құлағында ойнап өскен Меруертті де сескендірді.


Бұл қайда келеді, әлде бұтаны жылқы деп келе ме? Айқайласам қайтеді?!


Сол оймен Көкдауылдың басын азырақ тежеп:


— Көке! — деді айқайлап.


Тырс еткен дыбыс жоқ. Тек қыздың даусын сықақтағандай даланың түрлі құстары қиқулады. Енді қайда барарын білмей тұра қалған Меруерттің астындағы Көкдауыл әлденені сезгендей жерді сүзе жөнелді.


Тырс еткен әлі дыбыс жоқ. Көз ұшында қалың жылқы көрінеді. Маңайда қалықтап жүрген даланың түрлі құстары әлі қиқулауда, алыстап «обақ-обақ» деген тоқпақ құстың даусы да естіліп жатыр. Енді қайда барарын, қалай жүрерін білмей тұрған Меруерттің көзінен жас мөлт-мөлт етеді. Бойын зіл басқандай түнеріп тағы біраз жүрді.


— Көке! — деп дауыс көтергенше болған жоқ, анадай жерде домаланып жатқан әкесінің ызалы үні естілді.


— Көкетай!


Меруерттің соны айтуға шамасы келді де, атынан ұшып түсті.


— Құлыным, құлыным, шыбыным, — деген әкесінің ыстық сөзінің өзінде ауыр қиналғандықтың барын сезген Меруерттің көзі қарауытып кетті де, тек әкесін аймалай берді. Бір жағынан Көкдауыл көлігі, жаралы жанды аяған қалыппен иіскелеп тұр. Асан оның маңдайына маңдайын ақырын тигізді де, — дауылым, аман жеткен екенсің ғой... құлыным, жыламашы, басымды көтерші, — деді Меруертке.


Ол қанын көп ағызбайын дегендей оқ тиген бүйірін қос қолдап басып жатыр.


— Көкетайым-ай, қайтем, енді не істеймін? Сақал, шашын. ағарып, қайратын, қайтқан шағыңда қаныңның судай аққанын көру үшін туып па ем...


— Қой, құлыным, қой! Жаралы жанды қажытпа. Елімнің іргесі аман тұрғанда, сендер тірі тұрғанда жауда кегім кетпес. Қорықпа, құлыным, қорықпа.


Әкесінің мұндай жылы. сөзінен үміттенген Меруерт жарасын көргісі келіп еді, қарысқан қолын жаза алмады.


— Көке, жараңызды көрейінші.


— Жоқ шырағым, жоқ, дәрігер емессің, сен көрмей-ақ қой, — деді де жарасының ауыр екенін баласына сездіргісі келмей қайраттанып:


— Шырағым, мені жазылмайды деп қорықпа. Мін атыңа, шап Андрейге, Асан досың сәлем айтты де, мылтығы бар бес банды таңға жақын жылқыны тиеп әкетті де. Әй, дүние-ай, Сандалкөкке жаудың құрық салғанын көргенде жаралы мынау шыбын жан шығып кете жаздады ау түнде. Баршы, шырағым, баршы. Олар — Сандалкөктің тұқымына арнап келген ұрылар. Бар, шырағым, бар ой-ой жаным-ай, ой, жаным-ай!


Меруерт қырын қарай бере ішкі көйлегін қақ айырын, шешіп алды да:


— Көке, жараңызды мынауменен таңа тұрайыншы.


Әкеле ғой, құлыным, әкеле ғой.


Қарауылшыларың мен бола тұрайын дегендей жан-жағына жалтақтап Көкдауыл тұр. Кейде алдында үдере тартатын ұзақ сапар барын сезгендей жер тарпиды.


— Көкетай-ау, Андрейге бар дейсіз. Сізді тастап қалай кетем?


— Ел ғой, біреу келер. Басындағы орамалыңды мынау құрығыңа байла да, басыма шаншып кет. Тезірек жетші шырағым.


«Тезірек жетші». Бұл сөз не оймен айтылып жатыр. Демі бітер кезін көрсеткісі келмей ме, жоқ әлде жау құтылып кетпесін дей ме? Жаудың құрығына орамалын байлап тұрған Меруертті қинаған ой осы. Ол біресе аш арыстан секілді бауырынан жарап тұрған Көкдауылға, біресе застава жақта тұрған «Ұялының» биігіне қарады.


— Көкетай қорқам, — деді әкесінің шыдай алмай бетін жерге төсеп жатқанын сезіп.


— Қорықпа шырағым, қорықпа.


— Жоқ, қорқам, мен ешқайда кетпеймін.


— Әй шырағым ай! Жауға намыс жіберер мен бе едім, мен жіберсем кек алатын сен емеспісің? Қанды қанмен жуамын деп өзі ұмтылады екен десе, мұның не? Бар! Бармайды екенсің бері әкел атты. Өлсем жолда өлейін. Әкел бері, әкел!..


Әкесінің түсі бұзылып кеткенін көрген Меруерт Көкдауылдың үстіне қалай шыққанын өзі де сезген жоқ.


«Қайран әже! Өлген соң да емес, тіршілігіңде басыңа белгі қоямын деп ойлап па едім. Жазғы гүлдей жайнаған өміріме мұндай қаяу түседі деп ойлап па ем. Қош енді. Өміріңнің оты өшетін кез тақалып, ажал сағаты болса, осы қызыл орамалға көзіңді сал, жан әке. Ойланып сал. Өлсең сол әділ ойдың жеткен жеріне сенумен өтерсің, тірі болсаң қаныңды қанмен жуып қайтқанымды көрерсің» дегендей әкесіне бір, желмен ойнап тұрған қызыл орамалға бір қарады да, Меруерт жөнеле берді.


— Қош, Көкетай!


Бұлаң қаққан ерке сағымның бауырына кіріп жасырынғандай жаңағы жасыл дала алыстаған сайын нұрланып артта қалып барады. Оттай ойнақтап құлашын кере тастаған Көкдауыл бейне сол сағымдай бұлдырап, қаз қанатын қаққанша тауға барып ілікті.


«Екпінінен тау көшкендей» дейтін бұрынғылар, сондай-ақ күні бойы кең даланы сілкіндірген дүбір, енді «Ұялынын,» өріне ойнақтап, қия бетінен жол салды. Суылдаған құйрық жал қыранның қанатындай суылдайды. Сол қияның шығыс жақ бетінде заставаға қарай асатын тете асу.бар. Ол асудың қауіпті екенін біле тұра жазықтағы жолмен баруды алыссынған Меруерт бұл сапар омы елей қойған жоқ. Егер, бекіністе жатқан жау болса айбатымен сескендіруге жүрегі сенгендей құз жартастың арасымен қиялай шауып келе жатыр. Бейне садақ оғындай жұдырықтай тастарды зыңқ еткізіп ойдағы қоян, қырдағы бөкендерді бездіріп те келеді.


Колхоздың осы қызына таң қалғандай табиғат минут сайын құлпырады. «Елің сүйген қыз едің, маған да бір келші» деп асқар тау басын игендей, «көптен бері аңсауда ем, омырауыңа мені тақшы» деп гүлдер жұпар шашқандай, жайпап кетті тау мен тас.


Колхоздың сендей қызына, арналған жырым осы, деп бұлбұлдар текті бар жырын. Сұлулықты кім сүймес, жүрегі нәзік, жаны қылдай боз торғай да сүйеді. Сұлулыққа сүйсінген бұлбұлдарға үн қосып ол да өзінше жыр төкті. Шыңда қыран, көлде аққу, олар да шаттық үнін шашқандай.


Есіне әкесі түсіп, келген жағына қарап еді, жер қайысқан қалың қол, барады екен ағылып, соны көрген Меруерт, разы болып еліне жөнелді өз бетімен.


Енді бір-ақ асу бар. Қауіп осы асуда. Екі жағы құз жартас, жалғыз ғана жолсыз бел. Кейде жайнаң қаққан күз, кейде сыр жасырғандай түнеріп Меруертке ой салады. Қара көздің кірпігі қағылмастан келеді, аңдығандай тас түбін.


Қыздың сырын сезгендей, бекіністегі жаулар да көрінбеуге тырысып, сумаңдады жыланша, реті келсе ажал оғын кеземек.


Қыз да оны сезгендей қамшы басты атына. Көңілі кетті бекініп жарысуға оқпенен. Қынай беліне оралып, кейде желмен бұралып бейне жалау секілді желбіреген созылып, қара шашын қайырып маңдайына орады, Тағы басты қамшыны.


* * *


— Мынау Көкдауыл болғай да. •


— Үстіндегі әйел сияқты-ау.


— А, құдай берерсің, Асанның қызы болғай да.


— Арқыратып айғырымды, шұрқыратып құлынымды, колхозға ұстап берген Асаннан алты жыл бойы алынбай іште келген кегімді бүгін бір тарқатсам-ау, — деп тісін шықырлатады, қаба сақалды біреуі.


— Ой, байеке-ай, бәрінен де жерді айтсаңшы.


— Жерді айтасың-ау, кеткен жесірді айтсаңшы, осылар ғой кетірген. Енді Сандалкөктің тұқымы қолыма бір түгел тисе...


— Әй қайдан білейін, байеке. Сандалкөктің бір тұяғы мына жерде келе жатқан болса, екі тұяғы қызыл әскерде ғой.


Сөзді қой. Бұға түс. Сол қыз екен. Малға тіл үйрететін немені көрейін бір. Сандалкөктің баласын әскерге беретін немелер ғой бұлар.


— Ал, дайындал.


Құздың аяқ жағына келіп жол тосқан екі жау бір-біріне осылай күңкілдесті.


Қайраттана қамшы басқан қыздың қолы қаттырақ ыршыған Көкдауыл шөккен нардай тастарды кесек құрлы көрместен киікше орғып жөнелді. Қас батырдай қасқиып қаймықпастан келе жатқан қыздың айбыны жолын тосқан дұшпанға, нажағайдай көрінді.


— Ат!


— Ат! Өтіп кетпесін.


Қатарынан гүрс еткен мылтықтың дауысы меңіреу құзды мыңқ еткізіп жартастарды құлатқандай, тау, тас жаңғырып кетті. Меруерт құлағын басып аттың жалын құшты көздерін төңкере жауға қадады. Қас дұшпанына қапы кез болғанына намыстанғандай болған ол қамшыны басып-басып жіберді. «Енді құтылмайсың қаныңды судай ағызам» дегендей жыланша ысқырынған оқтың қайсыбіреуі төбесінен өтіп, қайсы біреуі көзінің алдынан жарқылдап ажал отын жаққан секілденді.


Нысанаға ілінбей жұлдызша аққан Көкдауыл өлімнен өмірді алып қашқандай сытылып-ақ келеді. Бірақ сүрін үрген суық үн әлі де дамыл тапқан жоқ.


Өмір мен өлімнің алысы да, оқ пен аттың жарысы да әлі басылған жоқ. Тек қана аралары алыстай бастаған секілді...


Андрей аттандырған үш шекарашы жаудың төртеуін тау ішінде қамап алды да, біреуін күн бата ойға қуып түсірді. Серіктерінен айрылып, жаралы жалғыз қасқырдай жан таласқан жалғыз жау күн сәулесінен шошынған жарқанат құсап, түнерген түнді, меңіреу құзды аңсады.


Оның астындағы Көксандалдың әкесі Сандалкөк екенін ұзақ күнге соңынан қалмай жүрген күрең атты аққұба жігіт таныған еді. Сондықтан ол:


«Осы кәрі ит жеткізбей, адастырар ма екен?» — деді ішінен.


Даланың шаңын аспанға көтерген Сандалкөк шапқан сайын ұзап барады. Бірақ шекарадан өтемін деген үміт енді жоқ, сияқты онда. Біресе жайлау жақтағы далаға қарай, біресе тауға қарай ойысып қайсысына қарай беттерін білмей келе жатқан секілді. Өйткені жайлау жолы жазық дала, мұндай далада қуғыншыны адастыру. мүмкін емес, тауға шығайын десе онда өзін қуып жүрген шекарашылар бар.


Күреңге қамшыны баса түсіп, кезеніп келе жатқан шекарашы Меруерттің кім екенін білмей соңына түскен бір қылаң аттыны көрді.


— Бұл кім? Біздің'кісілерде мұндай қылаң ат жоқ еді ғой? Ә, мені ортаға алмақ болған екен бұлар.


Осындай күдікті ойға келген ол оқты алды-артына бірдей сермеуге ыңғайланды.


Ымырт жабылған дала — аттардың шанымен күңгірттене түскендей соңында келе жатқан «жауды» оған анық көрсетпеді.


— Астындағы Көкдауыл сияқты-ay! Ие, сол. Үстіндегісі кім? Жаулар мұны да қолға түсірген екен ғой. Ол алдына түссе жеткізбейді, бұрын қамдану керек.


Шекарашы жігітке осындай ой келді. Өйткені заставаға Көкдауылмен хабар берген Меруерт екенін, оның күні бойы заставада дем алып, жаңағы бір кезде ғана аулына қайтқанын, қайтып бара жатып бұларды көріп қуып келе жатқан сол Меруерт екенін ол білмейтін, сондықтан астындағы күреңін шапқан бойы қоя беріп, винтовкасын ыңғайлады да таяу келіп қалған Меруертке:


— Тоқта, атыласың, — деді!


Меруерт оны тозаңның ішінен жөнді көре де алған жоқ. Желмен ұйтқыған даусын естіген де жоқ. Ол үн шығармай, жақындай түскен соң шекарашы басынан асыра атып жіберді.


Мылтық даусынан жүрегі дір ете түскен Меруерт есінен жаңылғандай болып:


«Бұл қалай? Жаңағы қуғыншы қайда! Әлде ол жазым болды ма? Жоқ мүмкін емес. Бірақ бұл шекарашы болса мені неге атады?..»


Ол осындай қорқынышты оймен Көкдауылдың басын іркіп шекарашы онан ұзап кетті.


— Мүмкін ол мені байқамаған шығар? Әй, солай болуы керек.


Меруерт ішінен соны айтты да, Көкдауылдың басын қоя берді.


Оның тағы да тақау келіп қалғанын көрген шекарашы үстіндегі «жауды» өкпең ұшықтап, Көкдауылға мініп келіп мылтығының затворын сарт еткізгенде:


— Ей, ей? — деген қыздың даусын естіді.


— Сен кімсің-ей? — деді шекарашы жігіт. — Меруертпісің? Масқара! Сен екенсің ғой. Мен Шәріп!


Меруерт қасына жетіп келді де, Шәріпке қабағын кере қарай қалды.


— Шәріп!...


Басқа сөз айта алмады. Қыздан ұялған Шәріптің көзі біресе оған, біресе алдындағы кетіп бара жатқан жауға қадалды.


— Сіздің жаныңыз маған шын ашиды екен-ау, — деді Меруерт күлімсірей қарап.


— Сүйе білген жаным аши неге білмесін, бірақ таудай кінә істедім, кешірімді өзіңнен ғана өтінбесем болмас


— Көшпестей кінәң жоқ. Қайсымыз болсақ та кінәмізді осы майдан үстінде жуайық. Бет ашарымыз майданның дабылы болсын, ұмтылыңыз! Екеумізге де сын осы.


— Сүйісетін де күн осы десең — тіпті қарсылығым жоқ. Тіккен бәйгең осы жеңіс болса, дегеніме жетейін, астыңдағы атыңды бер.


— Олай қорламаңыз, — деді Меруерт көз қырын Шәріпке тастап, — қаруыңды маған бер, десем сізге де жеңіл тимес.


Бұрыннан бірінің жүрегіне бірі от тастап жүрген екі жас осы секілді майданда кездесеміз деп ойлаған жоқ еді. Бірақ бір ұядан ұшқан балапандай қатарын түзегеніне екеуі де іштен қуанысып, жүректері сүйісті.


Көздерін алда кетіп бара жатқан жаудан алмастан иықтарын тиістіре жарысып белеске шығып еді, жаудың беті тауға қарай ойысқан екен. Шәріптің жолдастары кейін қалды, мына құздың біріне кіріп кетсе, жаудың Шәріпті адастыруы мүмкін. Жанындағы серігі Меруертте қару жоқ. Осы күдікті еске алған ол азырақ ойланды да:


— Меруерт! Сенде қару жоғын байқамас, тау жақты ала ұмтылшы. Мен соңына түсейін. Бірақ қаруың жоқ, жақындама, — деді де, күрең атының өкпесіне өкшесін қадай түсті.


— Қуғыншы мен болайын, тосушы сіз болыңыз, қош! — деді де Меруерт бағанадан бері ауыздығымен алысып келе жатқан Көкдауылдың басын қоя берді. Шәріптің не дегенін де естіген жоқ. Өркеш-өркеш болып аспандаған қою шаңның ішіне кіріп жоқ болды.


Шәріптің көзі енді алақтады. Қарауындағы солдаттың бірі болса айтқанына бағындырар еді, амал бар ма, өмірдің ерке сұлуы оған да еркелегендей бағынбастан кетіп бара жатқаны анау.


Сандалкөктің шабысына жаны сүйсінген жау жолын қиюға ұмтылып келе жатқан Шәріпті көргенімен қыран құстай шүйіліп, ту сыртынан төнген Меруертті білген жоқ. Меруерт те әдейі оның көзіне түспейін дегендей аттың жалын құшып, шаңның қақ ортасымен құйғытып келеді. Өңінде қауіптің емес, жалындаған ызалы кектің белгісі бар.


Қара жерді бұрынғыдан да күштірек солқылдата жөнелген дүбірге көңілін бөлерін де білмей, бөлмесін де білмей келе жатқан жау желкесінен:


— Тоқта! — деген айбынды үн шыққанда жалт қарады.


Меруерттің үні шошытарлықтай кенеттен саңқ етсе де, жау онан сескенбегендей қимыл көрсетіп тақымындағы шолақ мылтықты тез-ақ суырып ала бергенде, көзінің оты жарқ еткенін сезбей қалды. Сымнан өзек салып өрілген жылан бауыр қамшы оның бетіне қылыштан кем тиген жоқ. Екі көзді орай, екі құлақты құрсаулай ұзыннан ұзақ түскен таңбаның орнынан қан бұрқ етіп шыға келді. Өлермен жау өжеттік істеп қан басқан көздерін сығырайтып мылтығын кезегенше аттың басымен алысқан Меруерт ұзап кеткен еді. Жан ұшырған жау жалмажан жөнеле бере тұра қалды да, оқ жетер жерге келіп қалған Шәріптің өміріне ақтық оғын жұмсады.


Пәрменімен шауып келе жатқан күрең ат омырауынан тиген оқты сезе алмай орта жолға жете омақаса құлап, Шәріптің бір аяғы астында қалды да; бір аяғына оқ тиді. Оны көрген жау қуана, Меруерт қайғылана ұмтылды. Бірақ, жақын тұрған жау Меруерттен әлдеқайда бұрын жетті де, жаңа тұра берген Шәріпті бас салды. Шәріп cay аяғымен жер тірей бүлт етіп жаудың астынан шыға келді де наганды кеудесіне төседі.


— Көтер қолды!


Үміт оты өшіп, қара түнек басқандай, көзі тұнжырап кеткен Меруерт ағызған бойымен келді де жаудың мойнына шылбырды тастап жіберді.


— Босат! — деді. Шала бауыздалған қойдай қырылдата кейін тартып. Оған жау әлі Шәріпті жібермей тұрған секілді көрінді.


— Меруерт! Қоя бер, — деді Шәріп күлімсіреп. Бірақ оның күлімсіреген сүйкімді пішіні Меруерттің ызасын қайтара алмады.


— Жібермеймін, ат! Өзіңді атқан жауды аяймысың. Aт! Aт!


Қыздың қайратына шыдамай жаудың көзі аларып кетті.


— Осы кезде таудағы шекарашылар да, Асанның жайын білу үшін колхозға кеткен Андрей де келіп қалды. Ол істің мәнін айтпай-ақ сезгендей болып, аз тұрды да:


— Рахмет саған, — деді, Меруерттің қолын қысып — қалай әбден дем алдың ба?


Меруерт ең алдымен әкесінің жайын естимін ғой дегендей еді. Ол туралы ештеңе айтпауы оған қатты тиді де:


Әкем тірі ме, әкем!., — деп Андрейдің иығынан ұстай алды.


— А — деді Андрей ұмытқаны есіне түскендей болып, — ғафу етерсің. Сенен сүйінші сұрайтын жөнім бар екен ғой. Доктор алдырып емдеттік. Кешікпей жазылатын.


Меруерт сертіне жеткендей бақытты жүзбен үнсіз Шәріпке қарады. Неге қарағанын өзі де сезген жоқ. Сол кезде астындағы Көкдауылды келіп иіскеп тұрған Сандалкөкті басқа тартып-тартып жіберді.


— Мақау ит! Сен-ақ тіл үйренбей қойдың-ау!


Шекарашылар ду күлісті.


— Тілді оған да үйрет! Үйрете білсең мұндай айғырлар үйірін ұрыға да, бөріге де алдырмайды, сен мына Көкдауылды жақсы үйреткенсің. Бізге осындай жақсы ат өсіріп беруің керек, біздің мына Шәріп секілді батырларға осындай ат керек.


— Мұны құлын күнінен үйреттім. Ал, мынау кәрі сайтан ұқпай-ақ қойды. Сені ме, ендігі ісім сенімен болсын, — деп ұрса да кетпей тұрған Сандалкөктің иегінен қақты.


Шәріп ақырын көз тастап еді, қарсы алдында тұрған өбіп ауызға салғандай сүйкімді сұлу қыз, сүліктей сүзілген сұлу ат жүрегін қытықтады.


1940




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу