27.01.2022
  182


Автор: Әлжаппар Әбішев

Кім кінәлі

(әңгіме)


1


Жазғы кеш.


Сәулесі мол, сәулетті Қарағандының сұлу кеші.


Сансыз жұлдыздары самсаған аспанға ұқсап, алыстап алысқа керіле шалқып жататын сәнді кеші.


Оның осындай жанға рақат шашатын жайлы кешінің бірінде, түрлі әсем гүлдері құлпыра жайқалған бір көшесінде ерсілі-қарсылы ағылған халықтың орта тұсында өзара күбірлесіп ағайынды екі жігіт Дәурен мен Дархан келе жатыр. Екеуінің кескін келбеті де, киген киімдері де, таққан галстуктері де, тіпті бірінің сөзіне бірінің құлақ түрістері де, бірінің сөзін бірі жақтырмай қалған шақтардағы қабақ түйістері де ұқсас.


Дәурен Дарханды бір қолымен құшақтап алып, ақырын сөйлеп келеді.


— Менің сенен елу минут үлкендігім бар ғой, соны ескер де тілімді ал. Адамның тағдырымен ойнау адамшылық емес. Сен оны әрқашан да, әсіресе, бүгінгі жиылыста қатты ескергейсің.


Дархан оның бетіне көз қиығын тастай бере мырс етті де кенет түсін суытып алды.


— Мен адамды жазықсыз жазалаудан өтетін қандай жауыздық барын білмеймін, сондықтан ондайларды аяуды да білмеймін.


— Адамды жазықсыз жазалауды жауыздық көрсең неге сен Санатты жақтап, Мәдинаны жазалайсың?


— Өз тойының ойрандалуына жол берген кім? Мәдинаның өзі. Өз үйіне өзі ерт салған кімнің әкесі? Мәдинаның әкесі. Қартайған шағында он бес жыл отасқан шалымен ажырасқан кімнің шешесі? Мәдинаның шешесі. Ендеше осының бәріне жауапты Мәдина.


— Осынын бәріне себеп болған Санаттың достарының намысын таптап, өз тойын өзі тастап кеткені емес пе еді? Әділет қайда, ар қайда?


— Егер Санаттың орнында болсаң өзің қайтер едің? Балаңды машина басып кеткенін сети тұра тойыңды тойлай берер ме едің?


Дәурен жауап берген.жоқ, көзіне түсіп кеткен ұзын қара шашын сілкіп қайыра тастады да ішке кіріп кетті.


Бұлар келген кезде келетін жастар келіп болған екен, көп кешікпей мәжіліс басталып, президиум мүшелері сайланып та үлгерді.


Сахнадағы президиум столының басында Мәдина тұр. Ол қолындағы қарындашымен столды бір тық еткізіп еді, залдағылар тына қалды.


— Жолдастар, тиышталыңыздар! Президиумға сайланған жолдастар орындарыңызға келіңіздер. Президиумға сайланған үш адам. Олар — Мәдина, Дәурен, жұрттың бәрі Серго атап кеткен бұйра шашты жас жігіт. Дәурен мен Серго барып екі жағынан орын алған кезде Мәдина қолындағы бір жапырақ қағазды Дәуреннің алдына тастай беріп қайта алды. Мұнда қандай гәп барын Мәдинаның өзінен басқа жан сезген жоқ. Ол қолындағы қағазды қалтасына салды да сөйлей жөнелді.


— Бүгінгі мәжілісімізде қаралатын мәселе екеу. Оның біріншісі, комсомол ұйымының секретары Мәдина Есқазинаның жеке басының мәселесі. Баяндамашы Есқазинаның өзі, яғни менмін.


— Екінші, шахтаны автоматтандыру жұмысын өрістету үшін комсомолдар лабораториясын ашу. Баяндамашы — Абзалов жолдас.


— Қай Абзалов?


— Менің оң жағымда отырған Дәурен Абзалов. Күн тәртібіне қосып-алатындарыңыз бар ма?


— Бар — деді ең артқы қатарда отырған Дархан қолын көтере түрекеліп — Бірінші мәселе алдымен бюрода қаралсын, оған райкомолдан, горкомолдан өкілдер қатыстырылсын.


— Олардың бәрі де, тіпті облыстық газеттен де қатысып отырғандар бар.


— Онда, — деп, Дархан қайта түрекелді,— онда ол президиум мүшелігіне сайламай, саяси


Қате жасауымыз қалай?


— Бұл қылжақтың орны емес, жолдас Абзалов!— деп, президиумда отырғанын көрсеткісі келгендей Дәурен зіл тастап еді, Дархан онан сайын өршеленіп кетті:


— Мен сені өзіме жала жабу үшін сайлаған жоқпынды, қайтып ал «қылжақ» деген сөзіңді.


Дархан,— деді Мәдина бір түрлі жұмсақ дауыспен, ол саяси қатені күн тәртібін бекітіп алған соң түзерміз, отыр. Қане, тағы кімде, қандай ұсыныс бар?


— Менде! — деп енді Дәурен Абзалов түрегелді,— жолдастар, менің Санат Саржановичты туған ағамдай көретінімді бәріңіз де жақсы білесіздер, бірақ әділдіктен туыс та жоқ, дос та жоқ. Сондықтан бұл мәселе жөнінде басты айыпкер Мәдина Есқазина емес, сол Санат Саржанов. Мен мұны бүгін оның езіне де айттым. Сіздерге айтарым: талқыға салсақ саларымыз да, айыптасақ айыптарымыз да Санат Саржанов. Сол себепті бірінші мәселе күн тәртібінен алынып тасталсын.


— Ұят, жолдас Дәурен! Сол тойда кімнің не істегенін өз көзіңмен көріп, кімнің не дегенін өз құлағыңмен естіген едің ғой, енді не айтып тұрғаның?


Дәурен қол сілтеп Дарханды тоқтатты да:


— Кешіріңіздер,— деді күлімсіреген көзін жағалай тастап.— Ағайынды екеуміздің бұлай сайысуымыздың себебі: біздер сол оқиғаның куәгерлеріміз.


— Қай оқиғаның?


— Ол немене өзі?


— Біреуің жөндеп айтсаңдаршы,— деген дауыстар залдың әр тұсынан гуілдей бастап еді:


— Ол былай!— деді Мәдина ұшып түрегеліп.— Мен осыдан бір жеті бұрын бәріңізге белгілі Санат дейтін жігітке тұрмысқа шықтым. Оның мұнан үш жыл бұрын айрылысқан әйелі, ол әйелінде қалған төрт жасар баласы бар-ды. Дәл тойымыздың үстінде сол баланы машина басып кетіп, өлім халінде жатыр деген хабар келді. Дұрысында ол белгісіз біреулердің провакациясы екен. Санат сол жалған хабарға алданып өз тойын тастап кеткен еді...


— Кешіріңіз!— деп, Серго Мәдинаның білегінен ақырын ұстай алып сөзін бөлді де, залға қарады,— сіздерден бір сұрау! Санаттың сондай хабардан кейін кетіп қалуы дұрыс па?


— Әрине дұрыс! Біріншіден, ол хабардың жалған екенін білген жоқ, екіншіден, ол өз бетімен кеткен жоқ, бәрімізден, оның ішінде Мәдинаның өзінен де рұқсат алы.п кеткен-ді.


Дарханның бұл сөзі Дәуренге ұнаған жоқ, ұнамаса да үндеген жоқ. Аздан соң барып ақырын күңк етті:


— Бәрібір ол сонда да кінәлы.


— Себеп?


— Себебі ол алдымен анық-қанығын біліп алу керек еді.


— Немене? Менің баламның өлі-тірісін тексеріп бер деп тергеу орындарына, не болмаса дәрігерлерге арыз еруі керек пе еді?


— Дәл бұл мәселеде дәрігер де, тергеуші де Санаттың өзі болу керек еді.


— Мәдина, мыналар лағып барады. Әділін өзіңіз-ақ айтыңызшы! Санаттың тойды тастап кетуі ағат болған күннің өзінде де кінәлі сіз емессіз бе? Өйткені, сол белгісіз провакатордың зұлымдығына май құйып бар лаңды салған сіздің әкеңіз емес пе?


— Иә, менің әкем.


— Әкеңіздің сол қылығы үшін он бес жыл отасқан шалын тастап кеткен сіздің шешеңіз емес пе?


— Иә, менің шешем.


— Ендеше, ол үшін Санат қалай кінәлі? Бүтіндей бір ұйымның басшысы бола тұра әке-шешеңізге ықпал жасай алмаған сіз қалайша кінәлі емессіз?


Залдың әр тұсынан үн шықты:


— Жолдас Абзалов. Сіз қайдан келген тергеуші екеніңізді айтсаңыз екен.


Дәурен көтеріле бере жауап қатты:


— Жолдастар, әркімнің өз. аты бар, соны қоса айтсаңыздар екен.


— Қорықпай-ақ қой, менің кесірім саған тимейді.


Ағайынды екеуінің бұл ілінісін көлденең, біреу бөліп жіберді.


— Дархан, саған бір сұрау. Сеніңше, әке-шешені баласы тәрбиелеу керек пе?


— Енді қалай? Жоғары білімі бар сендерді шала сауатты әке-шешелерің тәрбиелеу керек пе?


— Жоқ, жолдастар! Бұрын бала үшін әке-шеше қандай жауапты болса, енді әке-шеше үшін баласы сондай жауапты. Оған заманымыз жетті. Заманымызбен бірге саламыз да жетті.


— Өте дұрыс. Сөз емес.


— Неге сөз емес?


— Тоқтатыңдар — деген, Мәдинаның үні зілдірек шықты. — Дархан, сен бүкіл жастарға өнеге болатын өте үлкен ортақ ойды жақсы көтеріп тұрсың. Дұрысында кімнің санасы жоғары болса, тәрбиеші сол болу керек. Сондықтан да мен өзімді кінәлы санап, орталарыңызға салып тұрмын. Сонымен бірге, сіздерден ақыл-кеңес те сұрамақпын, оны кейінірек айтамын.


Алдымен өз кінәмді айтайын. Санатты алдаған белгісіз провакатордың алдауына түскен әкемнің мені Санаттан айырмақ болып істеген әрекетінің теріс екенін білсем де, жалынудан әрі бара алмадым.


— Не-ге?— деген бір өктем дауыс зірк етті.


— Өгейлігім тілімді байлап, жігерімді құм етті.


Соның өзі ескілік емес пе?


— Иә, ескілік! Менің кінәм сол ескілікте жатыр. Мен өгей әкем ғана емес, туған шешеме де ықпал жасай алмадым. Рас, әкем де, шешем де қыңыр адамдар. Сонда да мен оларға жауаптымын, сіздер мені сол үшін айыптаңыздар. Болған оқиға мынадай...


2


— Иә, болған оқиға мынандай.


— Есқазының алуан түрлі жемістер мәуелеп, жапырағының өзі сары алтындай сән беріп тұрған саясы мол кең ауласының іші толы тойшылар.


Арнаулы тостар көтеріліп, арақ пен шараптың дәриясы ағылған сайын, тілдің тиегі де ағытылып, ақ ниеттің айтылмаған тілегі қалған жоқ.


Санат жұмыс істейтін ғылыми институттың бір бөлім бастығы мұнда да бастық секілді. Ол жасы елуден асса да, жаны жиырма беске әлі жетпеген, түннің өзі махаббат үні болса күнді тілей қоймайтын адам еді, манадан бергі айтылып жатқан әдемі тілектерге де, айналасын қоршаған сұлулыққа да көңілі толмай отыр екен, бір кезде ол:


— Ащы! Ащы!.. Горько! Горько!— деп, айғай сала алақанын шарт еткізіп еді.


— Ащы!.. Ащы! Горько!— десін, басқалар да қол соға түрекелді.


Бәрінің де аңдып тұрғаны осы сөз, бәрінің де шаттыққа толы көздері қақ төрде отырған Санат пен Мәдинада.


Қызып алған жұрттың айғайы үдеп, соғылған қолдың дүбірі күшейген сайын Мәдинаның әдемі ақша жүзі қызара түсті де үнемі күлімдеп тұратын мөлдір көзі Санаттың кеудесіне қарай қиғаштана төңкерілген ұзын кірпігінің далдасына жасырына қалды. Санат жұрттың тілегін орындауға өзінің әзір екенін үлкен тұнық қара көзінің тастасымен де сездіріп еді. Мәдина өзіне қадалған сансыз көздің біріне де іліндірместен басын сәл шайқап қалды. Бірақ қызып алған жастар оларды еркіне жіберер емес, тіпті «ащы» деген сөзде қандай ләззат барын білмейтіндер де тыным табар емес. Әсіресе, достығы бетінің үшінде жүретін Өгейбек сияқтылардың дауысы тым басым. Олар өздерінің «адал» тілегін алақандарынан ғапа көрсеткісі келгендей Санат пен Мәдинаның қасына келіп алып сарт-сұрт соғып, бар дауыстарымен бақырып тұр. Мәдина олардың бетіне қараған жоқ, кім екендерін алақан соғыстарынан танып бір шытынды да, өзін құшақтауға ыңғайланған Санатты шынтағымен ақырын қағып қалды. Осы кезде арғы шеттен біреудің даусы шықты:


— Ау, енді қашан?


Мәдинаның көзі сол дауыс шыққан жаққа жалт етті, бірақ рет жалт етсе де, бәрін де шолып өткен екен.


Әкесі мен шешесінің де қол соғып отырғанын байқап қалды. Осынау топтың ішінен самарқау қимылдап, шойын байланғандай қолдары жөнді көтерілмей, көмейлеріне әлдене кептелгендей булығып отырған көрші шахтаның бас инженері Тақабай мен Өгейбектің әйелі Мейіз екен. Мейіз тіпті қаралы әйелдей екі бүйірін таянып алыпты. Оның сол сойқанды қылығын көре сала Мәдина ширығып алды, өйткені оның не үшін қараланып отырғанын сезді де, егескісі келіп Санатты иығымен сипай ақырын түрекелді. Санат ондай тұмса емес, Мәдинаның ыңғайына тез түсіне кетті. Көзбен көз сүйісіп, ерінге ерін тиер тиместен жұрттың үні де өзгеріп сала берді:


— Ұзағынан... ұзағынан.


— Көп жасаңдар, қарақтарым...


— Көрпелерін ұлғайсын...


— Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар...


— Ұзақ өмірлі, зор бақытты болыңдар,— деп, қарттар батасын берсе, жастар:


— Жыл жаңарған сайын сендер жасара беріңдер...


— Отыз ұл, қырық қыздарың болсын...


— Жоқ, қыздарың көп болмасын,— десін, кеукеулесе жөнелді.


Көзге түсер кезді жақсы білетін Өгейбек манағысындай емес, рюмкесін аспандата көтеріп, айғай сала түрекелді:


— Қадірлі достар, Санат йен Мәдинаның денсаулығы үшін аяқтарыңыздан тік тұрыңыздар да бір тамшысын қалдырмастан көтеріңіздер. Кел, Мейізжан, алдымен екеуміз көтеріп жіберейік.


Мейіз рюмкесіне коньякті толтыра құйып алды да, Мәдинаның қасына жетіп барды:


— Келіңдер, екеуіңнің балдан да тәтті болуларың үшін алып жіберейік. Естеріңде болсын, өздерің тәтті болмасаң0дар, бала деген — банды, бақыт дегенін, — қасірет.


Айтылмаған жақсы тілек те, сарқылмаған ыдыс та қалған жоқ, тек Мәдинаның рюмкесі шайқалмастан тұр. Мейіз оның «мен ішпеуші едім» дегеніне сенбесе де сенген болып:


— Білем неге ішпейтініңді, бірақ есіңде болсын, бұл заманда шарап ішуге жарамасаң шалға да жарамайсың,— деп, әзілі-шыны аралас ызалы күлкісін сыңқылдатып кете барды, бірақ ол өзінің осы сөзімен жан жарасын тырнағынан сезген жоқ. Оны тек тойды басқарып отырғам Геннадий Петрович қана түсінген секілді. Ол шаттық күлкісі ойнаған көзін екі жастан ала алмай отыр.


— Бақытты болу сендерге қиын емес, тек жастарың ұзақ болсын. Жасты ұзарту үшін өмірлерің тату-тәтті болсын, жалған достарың болмасын.


Екі жас оған бас иді де, үндеген жоқ, мүмкін іш-1 терінен:


— Әмин,— дескен болар.


Өгейбек өзімен тізелесе отырған Геннадий Петровичті иығымен ақырын қағып:


— Комбинатыңызда не жаңалық бар? Санатты біздің шахтаға бастық етіп жіберді деген сыбыс бар, онан не хабарыңыз бар?— деді арақты құя бере сыбырлай сөйлеп.


— Менің естуіме қарағанда осы айтқандарыңыздың бәрі рас.


Геннадий оның құлағына осы сөздерді бір түрлі шабытпен сыбырлап еді, Өгейбектің өңі бұзылып сала берді.


— Жоқ, қартым!— деді ол ішінен,— бұл айтып отырғаның мен үшін қуаныш емес, қайғы. Өзіңнен кейінгілер қуын жетіп басып озғанынан алдағылардың оза бергені жақсы. Озған Сақатай оза берсін. Санатты оздырып басыма секірте алмаспын. Оның әйеліме секірмек болған ниеті үшін мен оны тобықтан әлі де талай қағармын.


Дәл осындай күйде сырты ғана жалтырап іші өрт алауына айналып отырған оның әйелі Мейіз.


Ол Өгейбекке өтірік жабыса түсіп, Санатқа көзін алыстан ұрлана тастанды.


— Үмітімнің жарық жұлдызы жалғыз ғана сен едің ақыры келіп сен осылай баттың ба?


Олардың қарсысында отырған Дархан Дәуреннің құлағына аузын тақап күңк етті:


— Мен бір қызық тост көтерсем қайтеді?


— Саған тосты өз тойыңда көтертеміз,— деді де, Дәурен Өгейбекке қарады.


— Өгей аға, сіз бір саяси қате жасаған жоқсыз ба?


Шомбал Шорабаевичтің денсаулығы үшін тост көтеретін әдетіңізді ұмытып кеттіңіз ғой.


Өгейбек ұйқыдан шошып оянғандай селк етіп шанышқысымен алдындағы тарелкені ұрғылап айғайлап түре келді.


— Жолдас тамада, жолдас тамада! Мына мен біздің Санат пен Мәдинаны ең жақын, ең қымбат досы, шахтамыздың ең бас қолшысы, мына менің ең ақылгөйім, мына мен туған Қарағандының, қала берді бүкіл Қазақстанның бір кезде мақтанышы болған Шомбал Шорабаевичтің денсаулығы үшін, ол кісінің даңқы бұрынғыдан да биіктеп аспандай беруі үшін, обкомнан мұнан бұлай бір де бір сөгіс алмауы үшін көтеретін уақытымыз жетті деп білемін, мына мен...


Нағыз саяси қатені енді жасадыңыз,— деп Дархан ауыр қозғалып орнынан тұра бастап еді, Өгейбек сылқ етіп отыра кетті.— Өздеріңізге белгілі, мен арақ ішпейтін адаммын, сондықтан әділін айтамын. Шахтасы артта қалған бастық үшін тос көтеріп құрмет дәстүрін олай қорламаңыздар. Менің ұсынысым: ең алда қай шахта болса, сол шахтаның бастығы үшін ішілсін.


— Сонда кім үшін?


— Геннадий Пертович, сіз білесіз ғой айтып жіберіңізші, алда қай шахта?


— Мәннан Мейірбановичтің шахтасы.


— Менің ойымның төбесінен дәл түстіңіз. Рақмет. Сонымен, өткен жарты жылдықта жоспарын елу екі мың тоғыз жүз тоқсан екі тонна артық орындаған шахтаның бастығы Маннан Мейірбановнч үшін көтеріңіздер.


Өгейбек ызасын бүркей күле сөйледі.


— Баумрларым-ау, мына Любажанның не деп отырғанын естідің бе? Арақты басқалар ішіп, мас болу міндетін біздің Дархан алған ба? Өзіміздің бастығымыз тұрғанда, басқа шахтаның бастығы үшін тост көтеру ессіздік емес пе дейді, бұған не дейсіздер?


Дархан оны сөзбен ұрғалы тұра бастап еді, бір жағынан Любасы, екінші жағынан елу минуттық ағасы иығынан басып қалды. Өгейбекке де басын бір изеп қалды.


— Жығылар жеріңізді біліңіз де сіз де тоқтаңыз,— деді Дәурен ызбарын иегімен де көрсетіп. — Бүгін бар, ертең жоқ, ондай баянсыз атақты емес, мәңгі жасайтын адамшылықты, адал достықты құрметтейік. Шақырыла тұра келмеген ондай өркөкіректерге бас иіп өзімізді өзіміз қорламайық...


— Айналайын, Дәурен,— деп, масаңдау бір қартаң қазақ оның сөзін бөліп жіберді,— сен кімді болса да табжылтпай ұрып жығатын аталы сөзді жақсы айтып тұрсың, бауырым. Біздер құл емеспіз, олар бастықпын деп шалқайса, біздер жұмысшымын деп, онан бетер шалқаямыз. Солай ма, Есеке!


— Солай... солай.


— Солай болса келіңіздер! Заманымыздың ең кішіпейіл батырлары, батырлардың ішіндегі ең кішіпейілдері — жұмысшылар үшін көтерейік...


Манадан үнсіз отырған Есқазы енді қызып кетті. Ол тамағын бір кенеп алды да айғай салды:


— Жұмысшыларға құрмет өзгеше болсын, тегіс тұрыңыздар?


Оның айтқаны екі болған жоқ, жұрт бокалдарын көтере түрегелді.


Жұрттың басы арақпен осылай айналған кезде Өгейбек ұрланып барып телефонды айналдыра бастады:


— Жоспарда ешқандай өзгеріс жоқ, рөліңді ондағыдай етіп ойна,— деді ол ызаланып тістене сөйлеп.— Сапар болып сөйлесе біл деймін. Иә! Иә!..


Той қызып, сөз сұраушылардың дауысы күшейе түскен.


Әр тұстан әркімдер қол көтеруде.


— Маған!


— Онан бұрын маған!


— Екеуіңе де емес, саған — деп, Геннадий қарт басқа біреуге көз сілтейді,— Сонан кейін саған... сонан кейін саған.— Ол «сонан кейін» деген сөзді тойшылардың төртеуіне бірден үлестіріп беріп еді:


— Бұл тосты әрі Сапаттың ұшқан ұясы, әрі бес жылдықты орындауда алда келе жатқан екінің бірі Гарбочов шахтасының қаһармандары үшін көтеріңіздер,— деп, бірінен соң бірі іліп алып алысқа әкетіп жатты.


Жаппай соғысқан бокалдардың әркімнің сөзі біткен сайын сыңғырлайды, сол сыңғырмен жарысқысы келгендей қайсы біреулердің жұтқыншағы сылқ-сылқ етеді.


— Кімнің енбегі үлкен болса, құрметтің үлкені де сонікі. Қарағандыда отыз шахта бар, соның ішінде жылына төрт миллион тонна беретін жетеу ғана. Келешекте Қарағандының барлық шахтасы сол жетеуіндей болуы үшін, Санат пен Мәдина сол шабуылдың да алдында болулары үшін, жалғыз тамшы қалмасын.


— Біздер партияның ұранына кімдер ілесе алса, ең алдымен соны қадірлейміз. Сондықтан, әрі өндіріс жұмысына автоматтандыруда өзгеге үлгі болып өнеге шашып отырған, әрі Мәдинаның туған шахтасы — Киров шахтасы батырлары үшін жарты тамшысын қалдырмай көріңіздер!


— Мен Санатты инженер ғана емес, өнертапқыш ғалым деп те білемін. Біздің Қарағанды ғалымдарға да бай. Біздерді жаңа техникамен қаруландырып жатқан сол ғалымдар мен өнертапқыштарымыз үшін біріңіз қалмастан, бір тамшысын қалдырмастан көтеріңіздер.


Жұрт кеу-кеулесіп көтермеген біреуі қалған жоқ.


— Ендігі кезек — астыкі, тіл дем ала тұрсын, дәм алдыңыздар,— деді Есқазы.


Манадан қайта-қайта қалғып кетіп отырған бір бұйра бас жігіт енді ғана оянып, жан-жағына бір қарап алды да рюмкесін көтере түрегелді.


— Сұлулардың сұлуы, келші бермен, Мейіз жеңгем, — деп, ол Мейізге анадайдан құшағын жайып еді.


— Қап, мына маскүнем, мен ғана айтатын асыл сөзді ластап қойды-ау. Сонда да әкелші Мейізжан, жүрегім рюмкемнің бірге шарт етсе де қаттырақ бір соғып жіберші, — деп рюмкесін ұсына ұмтылған екінші біреуді қасында отырған әйелі бүйірінен нұқып қалып, ыңқ еткізді.


Ду еткен күлкі басыла берген кезде қатар отырған масаңдау екі жігіт іліп әкетті. Оның біріншісі:


— Құдай әмірі, осы Мейізді көрген сайын диалектиканың заңына бас иемін,— деп еді.


— Дәл мынауың данышпандық сөз,— деп, екіншісі оны тіліп әкетті. Қыз кезінде тағы мысық секілді еді, енді қарашы түлкідей бұлаңдап, аққудай сылаңдауын.


Арадан біреу әзіл тастады.


— Мейіз жеңгей қыз кезінде бетіңізді талай тырнаған-ау.


— Тырнайтын да тістейтін. Сонан кейін сүйетін-ай келіп.


— Иә, тоғыз сомның данышпандары, екеуіңіз де гамаша тантып отырсыздар, тамаша,— деді Мейіз сылқ; сылқ күліп.— Бір кезде күндіз-түні бірдей жалпылдайтын жапалақтардың қазір түнде ғана ербеңдейтін жарқанатқа айналып кеткенін мен де көріп тан қалып Отырмын, ха-ха-ха-ха...


Ауланың түпкір жағынан орағытып өтірік күле сөйлеп Өгейбек келе жатыр.


— Біреулердін сағын сындырарсың, жайырақ сыңқылда бәйбішем, жайырақ.


Алыстан телефон сылдыры естіліп еді, ол елең етіп тына қалды да:


— Иә, сәт,— деді ішінен.


Телефонды тыңдауға барған Дархан еді, ол терезеден дауыстады:


— Санат аға, сізді Сапар Дәуленович сұрайды.


Санат қуанғанынан құстай ұшып барып, телефонның трубкасын құлағына апарар-апармастан сөйлей жөнелді:


— Сәлем, Сапар аға, сәлем. Қашан келдіңіз? Халіңіз қалай? Нe болды? Қайдағы бала? Зейтүнді ме? Қашан Қалай? Қайда?


Санаттың соны айтуға ғана шамасы келді, трубканы тастай салып, ұмтыла бере теңселіп тұрып қалды.


— Мәдина!— деді бар даусымен ышқына айғайлап.


Мәдина да, Дәурен мен Дархан да, оларға ілесе


Өгейбек те жетті. Олар келген кезде Санат бір қолымен қабырғаға сүйеніп тұр еді, сол тұрған қалпын бұзбастан:


— Менің Зәйтүнім... Менің Зәйтүнімді Санардың машинасы басып кетіпті.


Мәдинаның жаны ыршып кетті.


— Сұмдық-ай не дейсің? Енді неге тұрсың?


Санат оның бетіне тесіле қарап тұр.


— Не істеймін?


— Не істегені қалай? Бармайсың ба?— деп, Өгейбек те бір жағынан киліге кетті.


Той басындағы жұрт аңыра қарасып отырған кезде Санат, Мәдина, Дархан, Өгейбек келеді.


— Жайшылық па, балалар, — дейді Есқазы.


— Санаттың өңі жақсы емес, қайдан жай болсын.


Санат айта алмай сәл кідіреді де:


— Құрметті достар. Менің сіздерден тілер бір үлкен тілегім болып тұр,— деді.


Жұрт тына қалды.


— Қай жерде, қай кезде болсын, Мәдина бар жерде мен де бармын. Біздер жаны бір жандармыз. Менің баламды машина басып кетіпті, мен соған барып келсем, сіздер мені жарты сағат жоқтай көрмеңіздер.


— Рұқсат бауырын, рұқсат,— Өгейбек елбең қақты.


— Рұқсат деңдер, жұртым.


— Рұқсат! Рұқсат!— деген дауыстар ду етті.


— Жоқ, түк те рұқсат емес,— деді Есқазы сүйретіле түрекеліп. Оқты көзі Санатта.— Сен өзіңнің өмірінде екі келмейтін қызығыңды, езіңнің ең қымбат достарыңды тастап не сұмдықты бастап тұрсың, балам?


Мәдина жүгіріп барып әкесін құшақтай алды:


— Көке, жалынамын, қинамаңызшы. Есқазы оның бетіне одырая қарап аз тұрды да теріс айналып кетті.


Ескі Қарағандымен екі арадағы тас жолды ерсілі-қарсылы лек-легімен ағылған машинаның бірінен қалса бірінен озып, жұлдыздай ағып Санат келеді.


Ол талай машиналарды басып озып, ағызған бойы бес қабат үйдің алдына келіп тоқтады да, түсе сала жүгіріп басқышты өрлей жөнелді.


Ол ең үстіңгі қабаттағы үйдің есігіне жете берген кезде қарсы алдынан көп жұрттың ду еткен күлкісі естілді. Санат селт етіп екі адым кейін шегінді де:


«Бұл қалай?— деді ақырып.— Менің баламның өлімі мұндағыларға күлкі болған ба?»


Ол ішінен соны айтып ойда тұрған кезде кенет музыка ойналып, әлдекімдердің билегені естілді.


Санат мұның не екенін біле алмай аңырып аз тұрды қарсы алдынан көп жұрттың ду еткен күлкісі естілді.


Ол үйден қартаң әйел келіп есікті ашып еді. Санат бірден жадырап сала берді. Өйткені ол әйел мұның баласын өз баласындай көретін-ді.


— Мамаша, сіз әлі осы үйде ме едіңіз, амансыз ба?


Кемпір оны үйге кіргізсе де тани алмай аңыра қарап, өн бойына көз жүгіртіп барып үн қатты.


— Көгершінім-ау, сен бір кездегі өзімнің тәтті көршім Санатсың ба?


— Иә, сол көршіңізбін. Тезірек айтыңызшы, Зәйтүнімнің халі нешік?..


— Зәйтүнің қазір менің балам болып кеткен-ді, ерте тұрып еді, қазір ұйықтап жатыр.


Санат сенерін де, сенбесін де білмей:


— Ұйықтап жатыр?! Ол қалай, оны машина басып кетті деп еді ғой.


— Кім айтса да лағнат жаусын. Жүр көргің келсе,— деп, кемпір Санатты ерте бірнеше есіктен өткізіп келіп ең түкпір бөлмедегі диванда ұйықтап жатқан төрт жасар балаға алып келді. Санат қуанғаннан буынып баса алмай тәлтіректеп келіп диванға отырды да, баласының маңдайынан ақырын сүйіп еді, көзі өзінен-өзі жұмылып кетті. Бірақ мауқы басылар емес, құшақтай алып кеудесіне қысқысы келеді, оған бала оянар емес.


Кемпір «оятасың, енді тұр» дегенді ыммен қақпалап Санатты орталық бөлмеге - қайта ертіп келді.


— Ал, мамаша! Енді маған Мысқал көршіңізді бір минутқа шақырып беріңіз.


— Балам-ау, ол мен түгілі құдай шақырса да жас күйеуінің қасынан шыға ма? Әрі тойды өзі басқарып жүр.


— Ол ненің тойы?


— Ол байғұс сенен кейінгі күйеуінен айырылысып, Шомбалдың Томаш дейтін балдызына шыққан-ды. Қазір соның тойы болып жатыр.


— Шомбалдың балдызы?— деді Санат ойлана қап. Оны не үшін айтқанын өзі де аңғарған жоқ, телефонды ала салып айналдыра бастады:


— Бұл Сапар Дәулетовичтің үйі ме? Сәкең үйде ме екен? Қалай, ол кісі курорттан әлі келген жоқ па? Солай ма? Онда кешіріңіз.


Телефонды қоя салып қайта алды:


— Мысқалдың телефон номері қанша екенін білесіз бе?


— 36 да 76.


Санат айтылған номерді айналдырып алып:


— Мысқал апайды бір минутқа шақырыңызшы,— деді де өзін-өзі күшпен тежеп:— Мысқал! Тойың құтты болсын, мен Санатпын, көршіңнен сөйлеп тұрмын. Егерде мен барып тойыңды жаназаңа айналдырсын демесең қазір кел де бір сұрауға жауап берігі кет. Мен өз тойымды тастап ашынып келген адаммын, алдаймын деп арандап қалма.


Трубкені тастай салып папиросын тұтатқанша болған жоқ сәнді киінген көрікті жас әйел Мысқал сұп-сұр болып кіріп келді де, тізерлеп отыра кетті:


— Санатым-ау, ер едің ғой, өз кінәм салған жара да жеңіл емес, өзге үшін күйдірме, Санат.


— Тізең тез бүгілді. Ол кінәңнің ауырлығынан болар. Есіңде ме, бір кезде дәл осылай тізерлеген едің ғой? Сен сонда, екеуміз соттасқан күні ел қарғысынан өлексе болып қалғансың-ды. Ел алдында тағы да сондай масқара болғың келмесе, шыныңды айт, кім маған Зәйтүнді машина басып кетті деп телефон соққан?..


Мысқал атып тұрды. Жаңағы жасаң тартып жалынудан түк те қалған жоқ, жаралы аңдай тез ширығып алды.


— Мен сенен айрылған күннен бастап өлі жанмын. Сондықтан маған өлім қорқынышты емес, біріншіден, соны есіңе тұт. Екіншіден, сен біреудің алдауына түсіп мұнда адасып келіпсің. Жала жауып жазықсыз күйдірулі өзіңе лайық көрсең жалынарым және жоқ.


Екеуі біріне-бірі кірпік қақпастан қадала қарасып тұрған кезде қатты қызып алған, айғай сала тәлтіректеп Томаш келді.


Қайда менің жетінші тоқалым, қайда?— деп, ол кіре бере Мысқалға қарсы кездесті де, есікті керіп тұра қалды.— Тоқта, мына байыңмен менің жұдырығымды таныстыра кет.


— Томаш, жаным!— деп, құшақтай алған Мысқалды жолынан қағып жіберіп Санатқа тап берді.


— Мен сені жекпе-жекке шақырамын, жекпе-жек, жекпе-жек!— деп, ол жұдырығын сермеп кеп қалып еді екпінімен ұшып түсіп, пианиноның қырына маңдайын сарт еткізді.


— Саған сол керек,— деді де Санат шыға жөнелді, маңдайынан қаны сорғалап оның соңынан Томаш та ұмтылды.


— Ұста, ұста!— деді ол айғайлап, алдындағы Мысқалды да түйгіштеп келеді.— Ұста, ұста!


Оның үйіндегі қызып алған тойшылары да дүркірей шығып Санатты қуа жөнелді.


Олардың ұялмас нысайын сезіп Санат қаша жөнелді, бірақ құтыла алған жоқ, машинасына жеткен кезде қуғыншылар жетіп ұстап алды. Қан-қан болып Томаш та келіп жетті.


Милиция келіп Санатты алып кетті.


Өгейбек телефонда тұр. Ол Есқазының келе жатқанын көрсе де көрмеген болып көлгірси сөйлеп тұр.


— Мен теріс болса да тоқтау айтармын-ау, бірақ бұл қорлыққа Мәдина көнгенімен, әкесі көне қоймас.


— Ол не қорлық?


Өгейбек Есқазының бұл сұрауы қолынан ұрып жібергендей трубканы тастай салды.


— Жәй әншейін, қисыны келген соң айтыла салған бір сөз ғой.


Есқазы таяғымен жерді түйіп-түйіп жіберді:


— Өгейбек, құдай қосқан құдам болсаң да айтайын, өзіңе өңеш керек болса, жалтарма да жасырма. Егер жасырғаныңды өзім тауып алсам өңешіңді жұлып алып қолыңа беремін, оны да ұмытпа. Айт дүние күйсе де, айт!


Өгейбек оны бір қолымен иығынан құшақтап әкеп диванға отырғызды да телефонды айналдыра бастады.


— Алдымен өзім анығына жетіп алайын... Маған Сапар ағай керек еді, немене ол кісі курорттан әлі келген жоқ па? Онда ғапу етіңіз.


Трубканы қоя салып қайта алады.


— Маған Мияубаев жолдастың телефонын айтыңызшы. Киров көшесінде тұратын адам. 36 -76 дейсіз бе, рақмет.


Ол телефон трубкасын әлі босатқан жоқ.


— Сәлеметсіз бе? Санат Сержановичті телефонға шақырып жіберіңізші, неге болмайды? Билеп жүр? Кіммен? Мысқалымен? Ей, шырағым, жөніңді жөндеп айтшы. Кімсің өзің?


Телефон үзілді.


Есқазы от басып алғандай ыршып тұрды:


— Өгейбек-ау, бауырым-ау, мен не естіп отырмын? Аспан құлап түссе де жасырмашы, айтшы тезірек.


Өгейбек жан-жағына ұрлана қарап алды да ақырын күңк етті:


— Айтқанымды сабырмен тыңдап, аңдап сөйлеңіз де, маған рұқсат етіңіз.


— Рұқсатың не?


— Мен Мәдинаның бетіне қарай алатын емеспін, тез кетпесем жерге кіретін түрім бар.


— Сен жерге кіретіндей не болды?


— Сіздің күйеу балаңыз, менің аталас інім Санат балталаса да кетпейтін бір таңбаны менің бетіме басыпты.


— Таңба деген немене?


— Оның баласын машина басқаны бекер екен.


— Е, аман болсын байғұс, ал онда Санат қайда жүр?


— Таңба дегенім сол ғой. Санаттың Мысқал дейтін бұрынғы әйелі бүгін күйеуге шығып той жасап жатыр екен, жаңағы біреудің айтысына қарағанда Санат барыпты да, сол тойды өзінің тойы етіп алыпты. Мен барып оны сүйреп әкелсем де әкелемін, әкелмесем ат кекілін кесемін.


Есқазы не істерін білмей Өгейбектің жағасынан ала түсті де қайтадан тез босатып жіберді:


— О, қу құдай, өзіңнің барлығыңа қанша сенсем де мына сұмдығыңа қалай сенермін. Жоқ сенбеймін, сенбеймін. Құдайға сенсем де, саған сенбеймін, Өгейбек, оллаһи.


— Маған сенбесеңіз, міні Сапардың телефоны, міні Томаштың телефоны.


Ұры иттің көзіндей жалтақтап тұрған көзі аула сыртына келіп тоқтаған машинаны шалып қалған екен, қолындағы қағазды Есқазыға берместен ата жөнелді.


— Шомокең келді, Шомекең... Мына гудок соның машинасының гудогы.


Аулының сыртына келіп тоқтаған машинадан Шомбал мен Балғайым түсіп келеді.


— Сәлем, батыр аға, сәлем, Бал жеңге,— деп, Өгейбек екеуінің қолына бара жармасты.— Сіздерді қарсы алуды Санат маған тапсырып кетіп еді, хош келдіңіздер, төрлетіңіздер!


Шомбалдың өңі қошқылдана қалды:


— Санаттың өзі қайда?


Өгейбек ауыр күрсінді.


— Алынған хабарға қарағанда, ол қазір сіздің балдызыңыз Томаш пен өзінің бұрынғы әйелі Мысқалдың қосылған тойында отырғанға ұқсайды.


Балайым алда, екеуі оның соңында осылай күңкілдесіп топқа қарай келе жатыр.


— Ей, тоқтатыңдар биді!— деді Өгейбек дауыстап.


Би тоқтай қалды.


Жұрттың көпшілігінің назары аулаға кіріп келе жатқан Шомбал мен Балғайымда. Балғайым Шомбалға бір қарап оның сазарған түрінен ішкі сырын сезді де, топқа жете бере:


— Той тойға ұлассын,— деді.


— Айтсын, айтқаныңыз келсін,— деген дауыстар.


Балғайым Мәдинаның бетінен сүйіп:


— Келген бақыт кетпесін, жаманшылық келмесін,— деп еді, Мәдинаның разы болғаны сондай:


— Әмин,— деген сөздің аузынан қалай тез шығып кеткенін білген жоқ.


— Өзіңіздің телефон арқылы берген рұқсатыңыз бойынша тойды өзіңізсіз бастап едік, енді өзіңіз аяқтаңыз,— деп Есқазы Шомбалды қолтықтап стол басына жақындады.


Шомбал алақандарын айқастыра көтеріп тұр. Мұнысы көппен амандасқан түрі.


— Отырыңдар, қарақтарым, Санатжан да қазір келеді. Ол жоқ деп бізді олқысымандар. Жанаржан, Батыр мен Балдың сыбағасын әкелейік, жүре ғой, күнім,— деп жөнеле берген Қамарды Шомбал ұстай алды:


— Ниетіңізге көп рақмет, біз үшін әуре болмаңыз, біз қазір кетеміз.


Қамар оның өзін үлкен көрсе де, сөзін елеген жоқ:


— Қашпа үлкен бастық болсаңыз да дәмнен үлкен емес. шығарсыз,— деді де кете берді.


Машина кернеген манағы ұзын жолдың үстінде Санат өзінен-өзі кейіп келеді.


— Аңғал басым-ау, қайда домалап, қайда әкеткенсің мені?


Қатты ағызып келе жатқан оның машинасы әлденесі сарт етіп, кілт тоқтай қалды.


Санат түсе сала машинасын аудара қарап, актара тексеріп жан терге түссе де, бар еңбегі зая кетті. Карбюраторы сыныпты. Жүруге келмей қалған машинаны жұдырығымен бір ұрғаннан басқа амалы болмай, әр машина қолын бір көтеріп, қолын қанша көтерсе де бір де бірінен қайыр болмай әбден зарығып тұр еді, бір «Волга» өте бере тоқтай қалды.


Бұл, манаты сыртынан мадақталып, келместен құрметтеліп атына тост көтерілген Мәннан Мейірбанович екен. Қасындағысы — өзінің зайыбы Қымбат. Санатты кәріп екеуі де аңырып қалды.


— Ау, бұл не серуен? Тойың қайда?


— Тойым тойлануда, өзім адасудамын, Мәннан аға,— деді Санат күрсіне сөйлеп,— онан арғысын сұрамаңыз. Сәлеметсіздер ме?


— Өзің адауда болсақ, тойың әлдеқашан тарқаған болар. Тарқаған тойға не тарыққан, не зарыққан барады ғой. Біздер әзірше оның екеуінен де аманбыз. Сондықтан тойына айтар құтты болсынымызды осы жерден айтып, осы жердей қоштасқанымыз жөн болар.


Мәннан аға, мен екі сағаттан бері шалажансар адаммын, жалынамын, аяңыз.


Мәннан Қымбатқа қарады.


— Солай, бәйбіше, сыйлығыңды осы жерден тапсырғаның жөн секілді.


— Қабағына қарашы.


— Ол қабақтан не көре қалдың?


— Адасуды ғана емес, ауыр азапты көріп отырмын.


— Азап шеккен адамды аямау...


Мәннан ол сөздің ақырын күткен жоқ, машинаның есігін ашып жіберді.


Жаңа ғана келген Шомбал мен Балғайым машинаға қарай беттеп келеді. Алда — Шомбал мен Өгейбек. Ол Шомбалдың құлағына әлденені күбірлегі келеді. Бұлардан сәл кейіндеу келе жатқан Балғайым машинаға жете бере тоқтай қалып қасында келе жатқан Мәдинаны құшақтай алды.


— Қалқам, асығыстау кеткенімізге айып етпе де тілімді алсаң Санатқа ренжіме, сау бол,— деп, маңдайынан сүйе берген кезде аула жақтан Есқазының:


— Жіберме, өлсең де жіберме!— деген айғайы шықты. Ол таяғымен жерді түйгіштеп сөйлеп келеді.— Бұл Санаттың тойы емес, менің тойым, менің құрметім, оның тойы ертең, өзінің үйінде, есіңде болсын, Шомбал батыр.


— Мәдина қарағым, менің әкеңе айтар ақылым бар, сен ана қонақтарыңа бар,— деп, Шомбал Мәдинаның бетін үйге қарай бұрып жіберді де, Есқазыға төне түсті.


— Қай әке қызының тойын күйеуінсіз өткізген еді, осындай мазақ па туғандай қызыңа көрсеткен әкелік құрметің. Құрт жесіп ондай құрметіңді.


Шомбалдың айтқан «ақылы» осы ғана. Ол соны айта сила жүріп кетті.


— Төбесінен біреу қатты ұрып жібергендей Есқазы мең-зең. Бір ашылып, бір жұмылып теңселіп тұрған көзі ұзап бара жатқан Шомбалда.


— Өгейім-ау, Өгейбегім-ау, бауырым-ау. Мен не естіп тұрмын? Мынау не деп кетті?


— «Өгейлік көрсеттің» дегенін ғана сездім, басқасына мен де түсіне алмадым-ау.


Мен бе Мәдинама өгейлік көрсеткен? Мен!


Оның айғай салған даусынан үрейленіп Қамар келе жатыр:


— Байғұс-ау, байы өлген қатындай бақырып не көрінді?


Стол басындағылар не істерін білмей аңғарылып отыр. Мәдинаның көзі бұлауланып түкті көрер емес, маңдайын сүйеп қатып қалыпты.


Кемпір мен шалдың арасына салған оты жақсы маздаған болу керек, Өгейбек түсін өтірік суытып көңілді келді де, Мейізді қолтығынан ұстай алды.


— Кімнің етегіне кіріп кетсе де Санатты тауып әкелейік, жүр.


— Бастығын, ашулы кеткен соң жүрегің шошаңдап тұр-ау, ә? Мен секілді жұмысшы болсаң ғой ондай өтірікті де айтпайсың, орнымнан түсіп қаламын деп те қорықпайсың, кел екеуміз айырбас жасайық, кел!— деп, бір жұмысшы күле сөйлеп қолын ұсынып еді, Өгейбек оның қолын қағып жіберді.


— Жемтікке үймелеген қара құстай неменеге мәз, неменеге мас болып отырсыңдар? Мына қыздың көз жасына мас болып, ана келе жатқан кемпір-шалдың қайғысына мәз болып отырсыңдар ма?— деп, жөнеле бере жалт бұрылып Мәдинаның қасына жетіп келді.


— Қарағым Мәдина, сенің досың— менің де досым, сенің қасың — менің де қасым, қапаланба. Мен осы сапар Санатпен не туыс болып, пе өмірлік қас болып келемін, ренжіме.


Ол сопы айтып Мәдинаның маңдайынан бір сүйе сала кете беріп, қарсы кездескен Есқазыға әлденені күңк етті, не дегені естілген жоқ. Бірақ, оның не деп кеткені Есқазының қимылынан тез көрінді. Бұрынырақ келген Қамар күйеу баласының қылығына күйіне тұрып, қонақтардың көңіл күйін көтеретін сөздер айтып тұр еді, Есқазы айғай сала тәлтіректеп:


— Құрметті менің жаназашыларым, бұл — қызымның тойы емес, өзімнің жаназам екенін әлі білген жоқсыңдар ма? Білмесеңдер біліңдер, бұл той емес — жаназа.


Мәдина атып тұрды.


— Көке, мені тірідей кемдің ғой, көке.


— Жоқ, балам, көмілген сен емессің, менмін.


— Жалынамын, тыңдаңызшы.


— Жоқ, шырағым, сен адасқан жансың, адасқаннан жөн сұрайтын ессіз емеспін мен. Ей, құрметті қонақтар, мен сендерге не дедім. Жаназашыларға арақ ішуге болмайды, ән салуға болмайды, би билеуге болмайды. Жемтікке .үймелеген құзғынға ұқсамай жоғалыңдар дедім ғой.


Ол соны айтып, бар даусымен айғай сала столды салып-салып қалып еді, шыны ыдыстардың талайы талқан болып аспанға ұшты. Онымен де қойған жоқ, ашумен де, ақылмен де тоқтатпақ болып қолтығына жабысқан Қамарды да аяған жоқ. Арашашы көбейген сайын оның жыны да күшейді.


Жұрт у-шу.


Жол үстіндегі достар бұл жайдан бейхабар.


— Міне, аңғал бас мені ойдан-ойға осылай домалатты, — деп, Санат әңгімесін күрсіне аяқтап еді, Мәннан іле үн қатты.


— Иә, өкінетін жөнің бар екен, бауырым. Бір тәуірі, дәл бұл аңғалдығың адамшылықтан туыпты.


— Олай демей, адамшылыққа жат деушілер сол тойдың ішінен де табылуы мүмкін, тезірек жетейікші.


Машинаңды қалай жеткізесің?


— Зая кеткен еңбектің жоғалған ақшасы деймін де тастап кетемін, басқа амал жоқ.


— Олай болмасын. Біз сенін машинаңда отыра тұрайық. Сен тез бар да керекті бөлшек пен бір шоферді бізге тез жібер.


— Сонда мен, сіздерді тастап кетпекпін бе? Жоқ, онан да сіздің мына шоферіңізді қалдыра тұрайық.


— Інішегім! Егер де мені аға дейтін болсаң, өзіңнен төменгі адамды құрметтей біл. Екіншіден, екі әйел алсаң да бір ақ әйел алған менен жассың, жасы үлкеннің тілін алу да жақсы қасиет бар...


— Мұнай да қырсық болады екен, ә?.. Қымбат жеңге сіздің берер демеуіңіз жоқ па?


Қымбат миығынан мырс етіп күле сөйлейтін әдетіне басты:


— Өз ақылың не дейді?


— Өз ақылым тым болмаса сізді ала кет дейді, бұған сіз не дейсіз?


— Он сегіз жыл кеш қалдың, қайным.


— Кешіріңіз, жеңеше, өзім білмесем білгеннің тілін алатын әдетім еді.


— Әйелді ала білсең, оны аялай да біл, бауырым.


— Осы ақылды сөзіңіз үшін алдым тіліңізді, кеттім зымырап.


Санат соны айтты да, Мәнанның машинасына отыра қалын тетігін бірақ басты.


Қымбаттың көзі өздерінен бөліне сала зымырап бара жатқан Санатта:


— Бұл жігітті кім болып істейді дедің?


— Ақы алып істейтін қызметі — бүгінгінің жұмысшысы, ақысыз істейтін қызметі — ертеңгінің өнертапқыш ғалымы. Кел, жол тосушы болмай машинаға қонушы болайық.


Санат сол ағызған бойы келіп машинадан түсе жүгірді. Бірақ той болып жатқан аулаға кіре бере төбеге ұрғандай тұрып қалды. Өйткені, ауланың ішінде жан жоқ, тек қираған ыдыстар ғана шашылып жатқан-ды.


— Масқара!


Басқа сөз айта алған жоқ, жүгіріп ішке кірді. Екпіндеп тез кірсе де коридордың табалдырығынан әрі аттай алған жоқ. Жүрек мұздаса дене шіркіннің діріл қағатын әдеті ғой, өз дірілін өзі баса алмай, өз жүрегінің дүрсілінен басқаны ести алмай, не істерін де білмей аңырып тұр еді, шеткі есіктен Мәдина шыға келді.


— Жаным, Мәдина-ау...


Ол нажағайдың жарқылынан өлердей қорқатын, Мәдинаның жалт еткен кезінен сол нажағай отын көргендей сескеніп, тәубасынан жаңылды да, айтар сөзден адасып қалды.


— Сен адасып кеткен едің, алжасып келіпсің. Мен Мәдина емес, Мысқалмын. Сен сүйген Мәдина осыдан екі сағат бұрын қаза болған-ды.


Мәдина соны айтып кете беріп еді, Санат ұстай алды:


— Олай деу үшін сен алдымен менің кім екенімді біліп ал. Сенін алдында тұрған менің өзім емес, әруағым. Сен соны біліп ал, сонан кейін кебініме өз қолыңмен ора да, бір шұңқырға өз қолыңмен жерлей сал. Тек, бір өзіңнен басқа жанның қолы пәк тәніме тимесін. Осы ғана сенен тілер ендігі бар тілегім.


Таяғын тарсылдатып, айғайын сала Есқазы шыға келді:


— Ей, ұятсыз, біріміздің қанымыз төгілсін демесең жоғал тезінен! Жоғал тезінен!


— Әке!— деп, Санат құшағын жая ұмтылып еді, Есқазы таяғын сермеп қалды:


— Мен өз абыройын өзі төккен сендей есалаңға әке емеспін, аулақ.


Санат оның әкелік жүрегі жоғын осы сөздерінен сезді де ашынып алды.


— Сенің де айтарын осы ма, Мәдина?


— Әкеге бала болып көрмеген сен емес менің Мәдинам. Менің сөзім ол үшін заң, көзіне көрінбей жоғал, оңбаған.


— Мәдина, мен сенің соңғы сөзіңді күтіп тұрмын,— деп, Санат ілгері бір аттап еді, Мәдинаның жалт еткен көзі, көзі емес ұзын кірпігінен ұшып түскен бір тамшы жасы бетіне у болып тигендей жүрегін дір еткізді.


— Менен пе бетіңмен нені сұрап тұрсың?— Ол екен тұрып Санатқа осыны айтты да, Есқазыға көз тастады.— Ешбір қас дұшпаным сала алмайтын жараны сіз салдыңыз, әке. Енді сіздің де мені балам деуіңізге жол қалған жоқ.


Ол соны айта салып сыртқа шыға жөнелді. Оны қуа Санат. Санатты қуа Есқазы шығып еді, аулаға кіріп келе жатқан Қамар мен Дәуренді көріп үшеуі де жеткен жерлеріне тоқтай қалды. Қамар қызына анадайдан әмір беріп адуындап келеді. Жолында тұрғандарды жан деп елейтін емес.


— Ауырын кейін аламыз, жеңіл нәрселерінің бір сабақ жібін қалдырмастан сал ана машинаға. Дәурен, сен маған көмектес.


Ол осындай өктем қалпында үйге беттеп еді, Санат қарсы алдына тұра қалды:


— Мама, менің өмірде мама деп атаған анам бір ғана сіз едіңіз ғой. Тым болмаса сіз аясаңызшы.— Қамар оны отты көзімен бір атты да, үн қатпастан ішке кіріп кетті.


— Сені өзі өлмей жіберетін кім бар?— деп, оның соңынан Есқазы, Есқазының соңынан Мәдина кетті.


Олардың соңынан жөнелген Дәуренді Санат ұстай алды.


Дәурен мен мыналардың ешқайсысымен адамша алатын емеспін, айтшы бауырым, мұнда не болған?! Той неге тарқаған? Дүние неге талқандалған?


— Менің сізбен адамша сөйлесетінімді қайдан білдіңіз?


— Мен саған не жаздым?


— Сіз бүгінгі қылығыңызбен адамшылығы бардың бәріне де жазықтысыз.


— Қалай? Не үшін?


— Не істеп келсеңіз, сол үшін.


— Сеніңше мен не істеп келдім?


— Сіз Мәдинаны ғана емес, бәрімізді де алдап кеттіңіз де, бұрынғы әйеліңіз Мысқалды қосылғалы жатқан жаңа күйеуінен айырып қайттыңыз.


— Күйеуінен айырып? Бұл не қылжақ?


Ол тіпті Дәуреннің жағасынан ала түсетін еді, екі қолында екі чемоданы бар Мәдина шыға келді де үлгірткен жоқ.


— Мүмкін саған мынау кемпір-шалдың ажырасқаны да қылжақ көрінер. Солай ма?


— Ажырасқаны қалай?


Мәдина ол сұрауға жауап қатқан жоқ, Дәурен екеуі жүгін апарып машинаға салды да қайта келе жатты. Ол әлдене айтқысы келген Санатты қолымен тоқтатып, басқышқа шыға бере кілт тоқтай қалды.


— Апыр-ау, осы мен не істеп тұрмын? Дәурен, қазір менің есім орнында емес секілді, өтінемін, мен үшін сен ойлашы.


— Нені?


— Жеті жасымда қолына келіп, он бес жыл бойы әке деп өскен едім, соның бәрі бір күнде, бүгін бір сағаттың ішінде зая болып кеткені ме? Мүмкін жібір, мамама тағы бір жалынып көрсем қайтеді?


Бұл сөз Дәуренге ұнаған жоқ.


— Не үшін?


— Өзімді қанша қинаса да мынау сорлы шалдың азап шеккенін көргім келмейді.


— Оны азаптайтын кім?


— Жалғыздық. Ол өзінен басқа жанашыры жоқ адам ғой.


— Сенің менімен кеңескің келмей ме?— деп Санат сұрлана жақындап еді, Мәдинаның


— Жоқ,— деген даусы булығып шықты. Жасқа булығып әлсіз шықса да Санатқа жеңіл тиген жоқ. Ол соққы тиген есін жинап, айтар сөзін сайлан үлгергенше үйдің ішінен:


— Мен жалынып болдым, енді сендер жалынасыңдар, жалындырамын мен,— деген Есқазынын масаң айғайы, оған ілесе:


— Қайтып келіп жалынармыз, оған дейін күте тұр,— деген Қамардың кекетінді даусы шықты. Бір қолыңыз дәу бума жүгі, екінші қолында көнетоз қара чемоданы бар Қамардың өзі де келе жатты.


Мәдина жүгіріп барып шешесін құшақтай алды:


— Мама, жүрегім әкетіп барады, бүгінше тоқтайықшы.


— Жоқ, тоқтамаңдар! Жоғалыңдар! Бірің емес, бәрің де жоғалыңдар! Жоғал! Жоғал!— деген Есқазының айғайы. Қамардың ізін қуа лақтырған әр түрлі заттар үдеп кетті.


— Өз обалы өзіне. Мені ,шеше дейтін болсаң ол үшін қайғырма да маған жақ ашушы болма, жүр кеттік.


Бетпе-бет қалған Санат пен Есқазы ғана. Санат оны тоқтатпақ болып ұмтылып еді, Есқазы қолына түскен заттарды талғамастан лақтырып оны беттеткен жоқ. Есікті іштен іліп алып, үйдің ішіне керосин шаша бастады...


Жол бойымдағы машинада Мэннан мен Қымбат әлі отыр. Екеуінің де өңінде жалыққандық бар. Қымбат басын Мәдинаның иығына сүйегі көзін жұмып отыр.


— Мән! А, Мән! Тойдың құрметіне бір ән салып жіберші.


— Ерікпеші-ей!


.


Келе жатқан машиналардың жарығы ұқсастарының әр қайсысына үңілумен ызалы отырған Мәннәнның мұнан сыпайы айтар сөзі болған жоқ, аздан соң басқа әуеге көшті.


— Онан да машинаға сен ие бол, мен бір машинаны ұстап алып оларды іздеп келейін.


Қымбат сол көзі жұмулы жатқан қалпында қолын ұсынды:


— Қош бол, жаным. О дүниеде кездесерміз, оған дейін сау бол!


Мәннан кеудесін кере үндеген жоқ...


Есқазының терезесінен өрт жалыны жалмаң қақты. От тиіп қарайған лампалар өзгеше бір үрейлі үнмен шатырлай бастады. Есікті біресе тартқылап, біресе ұрғылай Санат тұр. Ар жақтан Есқазының күңірене шыққан айғайы естілді.


— Өртен! Мұрагер! Жоққа мұраның да керегі жоқ. Өртен! Өртен!


Өрт үйді құшағына алып барады. Санатта ес келген жоқ. Ол біресе айғай салып көшеге, біресе түтін будақтап жатқан терезелердің әрқайсысына бір жүгірді. Есқазының даусы әр терезенің тұсынан бір естіледі. Сол кезде Санат та бір ұмтылып қалып оны шақырды, бірақ Есқазы оның шақырғанына келетін де, өрттен сескенетін де емес. Оның сол дүлей мінезін сезді де Санат түтін будақтап, жалын жалақтаған терезелердің бірінен секіріп ішке түсті де, айғай салды:


— Есеке, қайдасыз?


Жан жақтан ел де қаптап кетті, өрт сөндірушілер де келіп жетті. Олардың насосынан шапшыған су киімдері жана бастаған Есқазы мен Санаттың үстін жауып кетті. Түтінге тұншығып, жалынға оранған олар терезеден жаңа түсіп келеді. Демге жіберместен өрт те сөнді, адамдар да құтқарылды, тек Есқазы ғана күйіктен құтылған жоқ. Оның қимылы да, үні де әлсіз. Сонда да ол қиқарлауын қойған жоқ.


— Жібер, жіберіңдер! Бұл күйікті көріп тірі жүргеннен көмір болғаным жақсы, қоя беріңдер мені.


Сонан бері бір жеті өтті. Есқазы әлі ауруханада. Өзіне-өзі салған жарасы жазылып келеді, бірақ ол күндіз-түні жылайтын бір жаңа ауру тауып алыпты.


— Бұл оқиғаның барлық тарихы осы. Сендерше осыған кінәлы кім?


Мәдина осы сұрауды бере жағалай көз тастап еді, өзіне қадалып отырған көздердің бәрі де төмен түсіп кетті. Тіпті, өзгенің көзіне өте ежет көрінген Дарханның басы мүлдем салбырап кетіпті. Ол үн қатпастан кетуге бекініп отыр еді, Мәдинаның:


— Дархан, сенін екпінін тәуір еді ғой, мүмкін сен айтарсың?— деген сөзі жігерін қайрағандай, ол басын көтеріп алды:


— Өзіңнен кешірім сұраудан басқа менің де айтарым жоқ.


— Менен кешірімді не үшін сұрамақсың?


— Манағы бір ағат сөздерім үшін.


— Сеп шындықты ғана айттың ғой, шындықты айту — ағат емес.


— Мен шындық пен ағаттықты айыра білемін.


— Оған таласым жоқ. Мен бұл сұрауды, Дәурен, саған да, Серго, саған да, Алеша, саған да, Мәкен, саған да, Қарлығаш, саған да, Галина, саған да — қысқасы, осы отырған бәріне де беремін. Айтыңдар, кім кінәлы?


Жұрт кімді айыптарын білмей үпсіз тына қалып еді, есік жақтан Санаттың:


— Мен!— деген даусы саңқ етті.


Оның есіктен кіргені де, бір жетіден бері жұрттың көзіне көрінгені де осы болатын. Ол көзіне итите киген кепкесін қолына алды да ілгері басып еді, Мәдинаның есі шығып кетті. Ол өз көзіне өзі сене алмай, айтқысы келген сөзін айта алмай, таңданудан талықсығандай орнынан зорға көтеріліп ақырын тұра бастады. Көзі залды қақ жарып өзіне қарай ауыр салмақпен жүріп келе жатқан Санатта.


Бауырларым-ау, мен кімді көріп тұрмын? Мынау келе жатқан анық Санат па?


Бір ғана Мәдина емес, залдағылардың бәрі де Санатты тани алмай таңырқап қалды. Өйткені оның кеше ғана бір тал ағы жоқ шашы бүгін бір тал қарасы қалмастан түгел ағарып кетіпті. Мәдинаның үрейін ұшырып жаңағы бір кезде тілін байлаған сұмдық осы. Санат залдың жақындаған кезде ол сахнадан секіріп түсті, көзінен жасы қоса ыршып кетті. Залдағылардың бәрінің де жүрегі Мәдинаның жүрегімен бірге елжіреп, бәрінің де көзі Мәдинаның көзімен бірге мөлтілдеп Санаттың шашына таңдана қадалып тұр.


Мәдина Санатты құшақтай алып жасқа булығып тұр:


— Тәнің ғана емес, жаның да өртеніпті ғой, бұған да сен кінәлімысың?


— Иә, бұған да мен кінәлымын.


Мәдина басын Санаттың кеудесінен көтеріп алып бар даусымен айғай салды.


— Жоқ, сен мұның бірде біріне кінәлі емессің. Солай емес пе, жолдастар?


— Солай, — деген дауыстар ду етті. Тіпті іштей Санатты айыптап жүрген Дәурен де қосылып кетті.


Мәдина Санаттың кеудесіне қайта құлады.


Сол бір сұрау, әлі беріліп келеді, бірақ, жауабы әлі табылған жоқ. Өйткені, ең кінәлі елдігіміздің ежелгі, жауы күншілдік екенін, оның отын жағып, оғын атушы Өгейбек секілді жалған достар екенін ешқайсысы әлі таба алған жоқ.


1949 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу