27.01.2022
  512


Автор: Әлжаппар Әбішев

Жас түлектер

БІРІНШІ ТАРАУ


— О, тамаша. Москваның аспаны бүгін тым асқақтап кетіпті, бұл неліктен? Тіпті күні де бұрынғысындай емес, аспаны асқақтаған сайын ол нұрлана түсіпті. Нұрым, қарашы өзің! Қара да айтшы, мәңгі асқақтайтын осындай аспанды бүркей алатын қандай тұман? — деп Сәуле өзін қолтықтап келе жатқан Нұрланға табына қарап, жабыса түсті.


Оның бұл сөзі — сол аспаннан да биік, сол күннен де жалынды махаббат сөзі еді. Өйткені ол жан шаттығы — жар қызығын тұңғыш рет өткен жылы, дәл бүгінгі күні көрген-ді. Өмірінде сол күні жар тұтып «жаным» деп тұңғыш сүйген адамы да осы Нұрлан болатын. Сондықтан да ол күн Сәуле үшін барлық ләззаті жүректе мәңгі сақталатын ең бақытты күн. Сондықтан да оның көзіне бүгінгі аспан барлық аспаннан биік, бүгінгі күн барлық күннен шұғылалы көрінген еді.


Нұрлан да сонан бергі өткен түндердің әрбір жұлдызын өзінің бақыт жұлдызындай көретін еді, неге екені белгісіз, соңғы кезде оның өзі түнерген тұңғиық түнге ұқсап кетті. Әсіресе дәл қазір, Сәулеге тасталған ұры көздер көбейген сайын оның кеңілі көк тұманданып, дүлейленіп келеді. Сол көк тұман Сәуленің жүрегіндегі мәңгі маздайтын ғажайып жалынды да бүркеп оның көзіне көрсеткен жоқ. Сол дүлей ой Сәуленің жаңағы бір елжірей айтқан сезіне де жөнді мән бергізген жоқ. Сондықтан да оның қаны қарайып, жүрегі мұздай түсті.


— Жұрттың көзі сенде, сенің көзің аспанда, ал менің көзім жерде, — деді ол күрсіне сөйлеп.


Сәуле түсінбегендей түр көрсетіп, көз қиығын сығалай тастап еді, ол кеудесін көтере түсті. Бірақ бұрынғыдай емес, кеудесін қанша көтерсе де еңсесі көтерілген жоқ. Бұрынғы ойлы жүзін қазір ауыр мұң басып, бұрын үнемі шаттық ойнап тұратын көзінен қазір қорланған ыза оты жалтылдайды. Кең маңдайын кере түскісі келгендей шалқасынан толқындана жататын қою қара шашы да бүгін көзіне қарай салбырап кетіпті. Бірақ сөзі әлі де кесек. Сәуленің:


— Мен аспаннан өзімнің бақытымның қаншалықты биік екенін көремін, сенің жерден көрерің не? — деген сұрауына:


— Соңғы кезде кірпік біткеннің барлығы тікенекке айналып кетті, сол тікенекті көздерге көзім түскен сайын мен өзіме өзім үңілемін де бір ғана соның құшағын ақсағандай жерге қараймын, — деп іле жауап қатты.


Бұл сөз Сәуленің жүрегіне қатты тиді. Қаттылығы сонша: жаңа ғана асқақтап, аспандап тұрған жалыны мұзға айналып, тастай түйілді де, көз жанарына барып үйіріле қалды. Сол таңдана қадалған отты көзін Нұрланның ауыр мұңлы жүзіне қадай түсіп, оның қолтығында келе жатқан қолын өзіне қарай ақырын тарта бастады.


— Апыр ай, Нұрлан ай, мен осындай соқыр ма едім? Не көргенмін? — деген даусы діріл қақса да саңқ етті.


Бірақ ол шын соқыр болып қалса да, Нұрланның оны босататын түрі жоқ, жанын жанып қинай түскісі келгендей, Сәуленің босанып кетпек болған қолын өзіне тарта түсіп, өксігендей көкірегіне қолтығымен бір қысты да:


— Өз көзіңе мін тағу үшін айнаңа жақсылап қара, — деді түсін өзгертпестен.


— Сонда менің ол айнадан көрерім не болмақ, сенің мынау маған жұмбақ дертің бе? — деп Сәуле де ширыға түсті.


— Жоқ, өз дертіңді көресің.


— Егер өзімнің ешқандай дертім жоқ болса, менің бар дертім сенің, соңғы кезде пайда болған осынау бір жұмбақ сырың ғана болса қайтемін?


— Ойлан, менің сені сүюден басқа ешқандай дертім жоқ.


— Онда менен неге безбейсің?


— Безгім келеді, бірақ ол қолымнан келер емес.


— Дертің болсам да ма?


— Тіпті ажалым болсаң да.


Нұрланның осы сөзі Сәуленің жаңа ғана жер соғып қаусаған көңілін аспанға бір ақ шығарды. Сол шаттықтың үмітімен қайта жабыса түсіп:


— Онда менен жасырған сырыңды кімге айтпақсын? — Деп еді, Нұрлан іштей қайтадан қатуланып алды да!


— Ешкімге, еш уақытта! — деді.


— Неге?


— Алдымызда жігіттердің еркесі мен ермегі кетіп барады. Соған таба болғың келмесе тергеуіңді тоқтат! — деді Нұрлан, қиыс алда кетіп бара жатқан Перизат дейтін қызды көз тастасымен нұсқап.


Бұлар Горький атындағы мәдениет паркіне қарай лек-легімен сағымдай толқындана ағылған сәнді топтың орта тұсында келе жатыр. Сонша көп қауымның, әсіресе, қарсы келгендердің бұларға көз тастамай өткендері аз. Неге олай? Сәуленің ай жүзді көркі ме көз тартатын? Жоқ әлде оның ақша жүзіне өзгеше бір ғажайып сұлулық беріп тұратын мөлдір қара көзі ме? Жоқ әлде жазық маңдайына жараса біткен қияқтай қара қасы ма? Әлде қос бұрымы өкшесіне дейін созылып жер сызып келе жатқан қолаң шашы ма? Әйтеуір осы қызда ілінген көзді сүріндірмей жібермейтін бір сиқыр бар. Сірә, оның көзінде болар сиқыры. Өйткені оның көз жанары өзге қыздардың көзінен сәл үлкенірек еді де, сол жанары үлкен қара көз тым нұрлы еді. Сондықтан да оны бір көрген жанның өзі де атын білуді бір көксеп кете беретін. Ал, бұлардың өздері оқитын тау-кен институты студенттерінің өздері қойып алған аттары «Қаракөз», «Мөлдіркөз», «Айнакөз».


Бірақ табиғаттың бұл сыйына масаттанып, өзін арзандатып жүрген Сәуле жоқ! Оны Нұрлан жақсы біледі, ендеше оның жаңағысы не сөз? Мұндай сөзге Сәуленің жаны ауыратынын біле тұра ол қалай айтты? Қалай қиды? Әлде ендігі лайық көргені осы ма? Онда сол сөзді, жат көңілдің жаралағыш сөзін, айта сала жанындай корт, жүрегім сенің қолыңда дегісі келгендей қайтадан жабыса кеткені қалай?


Сәулені торлаған ой шырмауы осылар еді, сол шырмаудан шыға алмаған күйі кете берді, кете берді.


Бұлардан қиыс алда бір қыз бен бір жігіт иықтарын тиістіре, ниеттерін сүйістіре сүйкесіп барады. Оның бірі жаңағы сөз болған Перизат дейтін күлім көзі әлденені үнемі аңсап тұрғандай көрінетін қара торы қыз. Екіншісі — Павел Громов дейтін сұңғақ бойлы ақ сұр жігіт.


Перизат — Сәуленің ең сырлас досы. Сол досы досының бар сырын өз сырымен сырлай түсіп Павелдің құлағына құйып келеді. Әлденені рақаттана сыбырлап, күлкісі сыңқылдап, буындары сылқылдап келеді, буындары сылқылдаған сайын жігіттің қолтығына тығыла түседі.


Оның осы сәттегі сұғанақ ойын дәл сезгендей Нұрлан сұрлана түсіп:


— Бояу! Бояу! Көзді алдайтын сен де бір сиқырсың ау! — деді ақырын күрсіне күбірлеп. Бірақ ол өз кеудесіндегі күйіктің өртін салып, жанын өртеуші сол Перизат екенін сезер емес. Тіпті оны қанша сүймесе де ондай жамандыққа қиятын түрі жоқ, ,тек Сәулені сонан бөлгісі келген оймен әлденені айтқалы оқталып еді, қыз көз қиығын тұңғыш рет осы сапар суық тастап келеді екен. Сондықтан, оның «Нұрлан... Нұрлан...» деп соққан жүрегінің лүпіліне өз жүрегінің лүпілін қосқысы келгендей жабыса түсті де, үндеген жоқ. Сәуленің:


— Сонша күңгірлейтін кеудең қуыс емес еді ғой, ойланшы, — деген сөзіне де жауап қатқан жоқ.


Иә, ол жауап қатқан жоқ, қататын да емес. Өйткені ол қазір алай-дүлей күйде келеді. Ішінен біресе сылқ сылқ күледі, біресе еңкілдеп тұрып жылайды. Күлдіретін Перизат, жылататын Сәуле. Ол бір кезде бар сұлулықты Перизаттың бетінен ғана көріп, соның көркіне ғана табынушы еді, бірақ ол сырын ішке бүгетін, тіпті Перизаттың өзіне де сездірмейтін. Сол сұлулыққа табына жүріп келе-келе, жүре-жүре сұлулықтың адамды билеп алатын басқа бір керемет сиқыры барын сезе бастады. Оның бұл сезімін оятқан сұлулық Сәуленің үнемі жарқырап тұратындай көрінетін жаны, үнемі жарқылдап тұрғандай көрінетін қылығы еді. Сол сұлуды таңдай білген Нұрлан «жан сұлулығы теңіз түбіндегі меруерт секілді көзге оңай түспейді екен ау. Таптым теңімді, бердім жүрегімді сенің қолыңа» дегендей өз жүрегін Сәуленің алақанымен сипаушы еді, сол сипау осындай серуен сейілде жүргенде де әдетіне айналған еді. Сол әдеті бүгін көріне қойған жоқ.


— Бүгін ғана емес, соңғы өткен жетінің ішінде ол не бір жарқылдап күлген емес, не бір шешіліп сырласқан емес. Бұрын оқып отырған кітабының әрбір әрпі де Сәуленің кірпігі болып елестеуші еді, сол жалын соңғы күндер мүлдем жоғалып кетті, араздасумен бірнеше күнді де зая жіберді, бұрын бір сағат көрмесе тағат таба алмайтын Нұрланымыз Сәулені екі күн бойы жоқтаған жоқ.


— Бұл қалай, мұнда қандай сыр бар?


Осыны ойлай-ойлай Сәуленің басы да қатты, аңсай аңсай жүрегі де талды. Өз кінәсін іздеп, өзіне-өзі қанша үңілсе де, тойды кейінге қалдырғанынан басқа кінәні өз бойынан таба алған жоқ..


Ол бір түннің қараңғы түнегінде сәуле шашып тұрғандай сезілетін ләззаты мол кеш еді. Нұрланның сол кештегідей лапылдағанын Сәуле еш уақытта көрген емес-ті. Оның табынар тәңірісі өзі ғана екенін сезіп, сол кеште өзі де шалқыған еді. Сол кеште Нұрланның не дегені түгелімен есінде. «Сәулеш, жұмақтан үміті жоқ біз сияқтылар үшін өмірдің бір минутын зая жіберу ақылсыздық. Соны ескер де, санаумен етер күндерімнің бітер мерзімін айтшы, аңсаудың арқауын қияр шағың жетті ғой», — деп Нұрлан жалын ата жабыса түскен сайын Сәуле: «Ата-ананың ризалығын алайын дедім ғой», — деп шалқая түскен-ді.


— Сен мені ата-анасының ризалығын алуды қалыңмалға сатып алғандай көретін дарақы қыздардың бірі деп ойлама. Менің әке-шешем қанша көп жасаса да осы уақытқа дейін не келін түсірудің, не қыз ұзатудың қызығын көрмеген жандар. Менің қуанышымды олар да көрсін, менің қуанышыммен олар да қуансын. Мен солардың ризашылығын алайын, сол күні тойымыз болсын, — деген еді. Мұны Нұрланның өзі де мақұл көрген болатын. Жан жанасып, көңіл жарасқалы осыдан басқа бір ауыз қарсы сөз айтқан да емес, ойлаған да емес. Сәуленің бар ізгі қасиеттері түгелінен Нұрланның өзіне де аян, ендеше ол жазықсыз неге жазалайды?


Өткен күндердің бір кешінде осы шеше алмай жүрген жұмбағын Перизатқа айтып еді, ол аузын керіп сумаңдай жөнелді: «Нұрланның бар дерті біреу ақ, ол — тойдың кешігуі, осыдан басқа түк ауруы жоқтығына мен кепіл. Енді былай болсын: мен айтайын, сен тыңдай бер! Ең үлкен тойды елге барған соң жасарсыңдар. Павел екеуіміз Донбасқа кетіп, сендердің тойларыңды көре алмауымыз мүмкін. Сен алдағы жиырма екісі күнгі демалыста қол ұстатар тойынды өткіз, сол күні Нұрланның жарасы жазылмаса, мен еркек көрмейін. Астапыралла, қайдағы сұмдықты қайдан айттым? Иә, онан арғы демалыста, біз тойлаймыз. Рақаттың ашық майданы сол күннен басталады. О, дүние, сол бір емін-еркін есеңгірейтін күнге бір жетсек екен».


— Тоқта, тоқта... сен қайда лағып кеттің? — деді Сәуле оған тіксіне қарап. — Сеніңше қалай, жазықсыз басыммен мен оның аяғына жығылмақпын ба?


— Аяғына жығылып, тізеңді ауыртпай ақ қой, тек «хұп» деші өзің, ар жағын өзім жұптаймын, — деп Перизат ашқарақтанып өз мүддесіне жабыса түсті,


— Ал «хұп» дедім,


— «Хұп» десең болды. Мен оның жынын қазір ақ қағамын. Сонан кейін өзі де сәумең сәумең етіп сүмеңдеп соңыңнан қалмас, бұйдалаған тайлағың болар да, қайда барсаң сонда сүмеңдер де жүрер, — деді де, Перизат шыға жөнелді. Оның бұл сөзі Сәулені қатты үміттендірген еді, албырт көңіл алданғыш та, үміт шіркін алдамшы ғой, кешірім сұрап, құшағын жайып тұрған Нұрланды да елестетіп еді. Амал не, оның бәрі де, тіпті осы сәтте шапақ атып келе жатқан жаңа үміт, жас қиялдардың бәрі де әп-сәтте талқан болды. Өйткені Нұрланның жүрегін өзінің алақанында тұрғандай көріп, лепіріп кеткен Перизат жарты сағатқа жетпестен жер болып қайта келді де, түк айтпастан төсегіне құлай кетті. Онымен бірге Сәуленің үміті де құлап түсті, бірақ ол бойын тез тежеп алды да:


— Немене, сенің маған жасатпақ болған тойың басталмастан тарқап кетіп пе? — деді суық жымиыспен күле сөйлеп.


— Енді келсе қақ жүректің басынан, жоқ жүректен емес, кіндігінің төменгі тұсынан бір теп, оған лайық той сол ғана, — деді де Перизат ызаланып екі аяғын кезек сермеп сермеп жіберді, — былай теп, былай... былай..


Сәуле тағы да бір суық жымиып мырс етті де:


— Тепкілеуге малдың да ақылы жетеді. Ол ақылыңды өзіңе қалдыр да, маған Нұрланның не дегенін жасырмай да, асырмай дәл айтшы, сен не дедің? Ол не деді?


— Павел екеуі Данконың қала сыртындағы дачасына кеткелі жатыр екен, мен сендерді сондай бір есте мәңгі сақталатын тойға әзірлегелі келдім деп едім, сенің Нұрланың қарсы алдыма келіп тұра қалды да: «Сен бізді өлмейтін махаббаттың жаназасына шақырып келіпсің ғой, Сәулеге сәлем айт, ондай жаназадан бұрын өз жаназамды шығарсын!..» — деді.


— «Өлмейтін махаббаттың жаназасы?» Бұл не сөз?


— Не сөз екенін мен де түсіне алмай, өзінен сұрап едім: «Түсінбесең қала іргесіндегі колхоздың біріне барыңдар да, сол колхоздың айғырынан сұраңдар», — деді.


Сәуле мұндай сөзді Нұрланнан күткен емес еді, қатты тіксінгені сонша, қалтырап кетті.


— Анық па? Осыны айтқан анық менің Нұрланым ба?


— Иә, анық сенің ешкімнің ортағы жоқ Нұрланың, — деп Перизат өз қуанышын жалған ызамен бүркей қалып еді.


Бекер, бекер, бекер! — деп Сәуле бар даусымен ызалана айғай салды. — Сен мені алдап отырсың!


— Мен сені қашан алдаушы едім?


— Бұрын олай емес секілді едің, неліктен екенін өзім де білмеймін, дәл сен менің көзіме өзімнің бірге ескен құрбым Перизат емес, қайдағы бір сұрқия сияқты көрініп отырсың. Неге олай? Мүмкін, мен сырқат шығармын, көзіме қарашы, — деп Сәуле оның иығынан ұстай алып көзіне көзін қадады.


Екеуінің де көзі мөлдір қара еді, сол мөлдір көздер біріне бірі от шаша қадалысып қалды. Әсіресе Перизаттың көзі өткір. Бірақ әлдебір кінәраты бар ма қалай, оның көзі тез тайқып кетті. Сәуле кірпік қақпастан оған әлі қадалып отыр, Перизат күле сөйлеп әлденені әзілдеп еді, оны естіген де жоқ. «Сен қыз кімсің осы? Досымбысың қасымбысың» деген ойда отырып қалған-ды. Бір кезде ол ұйқылы ойдан шошып оянғандай селт етіп атып тұрды да:


— Мен қазір барамын да не оның, не өзімнің, не сенің жаназаңды шығарамын, — деп асығыс киіне бастады.


«Жаназа» деген сөз Перизаттың миына кірген жоқ, меңіреу кісіше мәңгіріп Сәуленің күйінішін де елеген жоқ.


— Әуре болма, олар кетіп қалды, — деді де төсегіне қайтадан қулай кетті...


Сәуле соны ойлап, қиыс алда кетіп бара жатқан Перизаттан көз алмай келеді.


Нұрлан сол барған жерінде екі күн болып, кеше кешке жақын келді. Оның бір жақтан келгенде өз бөлмесіне кірместен Сәулеге келетін әдеті бар еді, бұл сапар ол әдетін де ұмытып кетті. Сәуленің оны келер деген үміті түні бойы алдап, таң қылаң бергенде барын үзілді.


— Мен өзімнің туған күнімді білмеймін, сондықтан Нұрланды алғаш сүйген күнім — туған күнім. Ол күнді ертең тойлап өткізетін болыппын. Ол күн ертең. Мен оны ертең сол сүйген өзімнің туған күніме шақырамын. Егер оған да келмесе, керіспеспін, — деді де таңға жақын жатып қалды. Бірақ ұйқы шіркін де күй таңдайды екен, қилы-қилы қиялдар билеп көрер таңды көзімен атқызды. Күн де шығып, дүние жандана бастады, тек Сәуленің ғана үміті жансыз, өйткені Нұрлан әлі жоқ. Тек осыдан бір сағат бұрын дәл осы серуенге шығар алдында ғана келіп:


— Сәулеш, — деді Сәуленің үнсіз мұңдана қадалған ойлы көзіне тіке қарай алмай имене сөйлеп, — бүгінгі күн сенің, туған күнің екені рас па?


— Құдай үшін, қытығыма тимеші.


— Мен ондай ойдан аулақпын, сен мені жазықсыз жазалап отырсың.


— Жазықсыз жазалауды білетін сен ғана, ал менің айтып отырғаным — шындық, өйткені сен менің өзімді ұмытсаң да, өзіңді сүйген күнімді ұмытуың мүмкін емес. Ол күн үшін өкінер болсаң жолың әне, есік ашық.


Нұрлан Сәуленің асыл жүрегін енді ғана ұққандай, асқақ ойына көзі енді ғана жеткендей сұқтана қарап үнсіз тұрып қалды. Оның туған күні не күн екенін де енді ғана түсінген секілді. Ол үшін Сәулеге айтар алғысын ішінен айтты да, сыр бергісі келмей:


— Мен өкінсем осы айдың он бесі күні өзімнің мезгілсіз жүргеніме ғана өкінермін, — деді.


— Осы айдың он бесі? — деді Сәуле қадалып. — Ол күні қайда барған едің?


— Өзімді-өзім тұншықтырған сайын шерлене түсетін жайым бар, тойынды тезірек жасашы, бар шерімді бір-ақ ақтарып алдыңа жайып салайын.


Сәуленің қаяулы көңіліне қанат болған Нұрланның осы сөзі болатын. Сондықтан ол шалқып келеді, сондықтан да ол тойдың қызығынан бұрын Нұрланның шері тарқалатын сәтін асыға күтіп келеді. Жасыратыны жоқ, құшырлана сүйісуді де аңсап келеді.


Амал не, бұлардың ешқайсысы да тосын келген тәтті үміттің ертең тас-талқан болғалы тұрғанын сезген жоқ. Енді бірнеше күннен кейін жаны сүйген. Нұрланы мен бақытын құшақтап қайтамын деп жүрген Сәуле Нұрланнан айрылып, еліне қасірет арқалап қайтатынын сезген жоқ.


Біздің заманның бақыты мол. Оны ала алмайтын қол бұрынғыдай бұғаулы емес, ендеше өмірде барды ала алмасам өз сорым деген оймен келешегіне көз жіберіп,құлашты алысқа сермейтін Нұрлан да күні ертеңнен бастап алуан түрлі ауыр қасіретке кездесетінін сезген жоқ, тіпті қолтығында келе жатқан Сәуленің бір тал шашына зар болатынын, бүгінгі күннің ертең арманға айналатынын ол ойлаған да емес.


Бұлар Қырым көпіріне жете бере, көрінген қызға бір жымын етіп бара жатқан бұйра шашты, шегір көз Бөлекбасты көрді. Оның сырт денесі сұлулау келген бір Қызыл көйлекті қызға жетіп барып уақыт сұрағанын, ол қыздың мұның дауысынан шошып селк еткенін де көріп келеді.


— Бөлекбас ау, анау қызың ыршып кетті ғой. Сен сүйемін деп тістеп алғаннан саусың ба? — деген Перизаттың күлкілі даусы шыққан кезде Бөлекбаста жаңағы елбелек қимылдың бірі қалған жоқ, кеңірдегі оқтау болып кеткендей басы кекжиіп, ұзын мойыны сіресе қалды.


— Ой, өзі мұрты бар сұмпайы қыз екен. Перім, өзің нетіп жіберші, сағат қанша болды екен?


— Он бірге бес минут бар.


— Ол дұрыс емес, бес минутсыз он бір, — деп Сәуле сөз ілмегін тастап еді, Бөлекбас екі қыздың айтып келе жатқаны бір мезгіл екенін ойламастан қайсысына сенеpiн білместен аңырып қалды. Аздан соң қолын сермеді.


— Әй, қыздар ай қанды қыздырғаннан басқа қызықтарын аз қырсық жансыңдар ау, — деді күрсіне сөйлеп. Ол соны айта сала жөнелмек еді, қыздардың қалжың қармағы жіберген жоқ.


— Егер басқа қызық көргің келсе жаңағыдай қырма сақалды қыздарды іздегейсің, — деді Сәуле.


— Ол үшін көзіңе жалаңаш қыздың суреті бар көзілдірік киіп ал, — деп Перизат қағытып еді, Бөлекбастың ашуы бетіне ойнап шыға келді. Ашуы келсе көзі ешкі көзденіп шатынай қалушы еді, қыздардың алдында жайдары болғысы келетін әдеті ол еркіне жіберген жоқ. «Өзің жалаңаш жігіттердің талайын көрген қызсың ау» дегісі келіп еді, оны айта алған жоқ. Тек іштей булығып ашуы қоқсықты көтерген құйындай тез көтерілді де, көп күлкімен қайта көміліп қалды.


Оған басқалар күлсе де Нұрлан күлген жоқ. Қынжылғандай қабақ шытып, сызды жүз көрсетті.


Сәуле жүрісін баяулатып қасындағылардан кейіндей бере ақырын күңк етті.


— Сен осы бүгелікше безілдегіш досыңа адамша жүр десеңші. Кеше мас болып келіп Павелдің көзінше Перизаттың жер жебіріне жетіпті.


— Не деп?


— «Сен шоқынды қыз, мені неге алдайсың? Сүйемін де күйемін. Күйемін де тиемін дейсің. Жеме жеме келгенде әр сылтаудың құйрығын бір ұстатып кете барасың да, басқалардың баурына барып кіресің? Бұл не? Осы, сен қыз, екі жігітті қабатынан емуді қашан қоясың?» — деп аузына келген жынын құсыпты. Перизат директорға барып шағым етпекші болған екен, сен ренжір деп Павел жібермепті.


— Мен қуанатын едім, Павелдың туғалы жасаған қатесі осы болар. Бірақ, екеуі араз секілді емес, көңілдестердей күңкілдесіп барады ғой.


— Ұяты аздың намысы да аз емес пе. Ол ұялмастан бүгін өзі келіп: «Мен кеше мас екенмін. Перім, кешіре гөр Перім, нете көр, Перім; деп Перизаттың алдына тізесін бүгіп, аймалап сүйе берді.


— Тфу, неткен жиіркенішті жан, — деді Нұрлан тістене түкірініп.


— Кімді айтасың?


— Ақылы арақпен бірге келіп, бірге кететін осындай дүмбілездер дүниеге несіне келеді екен.


— Сеніңше оның мас кездегі сөзі ақылдылық па?


— Сау кездегісінен сәл тәуірлеу.


Сәуле оған қарай қалып еді, ол өзінен түңілдіре түскісі келгендей түнере қалып тұңғиықтанып кетті.


— Түсінбеймін, — деді Сәуле ақырын күбірлеп.


— Түсінесің, әлі бәріне де түсінесің, түсіндіремін, — деді ол әлдекімді іздегендей көзін алысқа, ерсілі қарсылы ағылып жатқан топтың арасына жіберіп, — сұлулығы өзімді де қызықтырсын мейлі, мен жаны кіршең қыздарға дұшпанымды да қимаймын, сен оған да түсінесің әлі. — Сәуле мұндай сөзді Нұрланнан күткен емес еді, тітіркеніп кетті:


— Апыр ай, Нұрым ай сен не дедің? Мен не естідім? Кімге аттың мынау улы оғыңды? — деген даусы да қалтырап шықты.


Дәл осы арада өзін нендей сезім билегенін өзі де сезбеген болды, Нұрлан Сәулені бір қолымен құшақтай алды.


— Ол саған емес, бақытсыз жігіттерге кездесетін қыздарға арналған оқ еді, аңдаусызда орынсыз атылып кетті. Сен Перизатқа айт, Бөлекбастан айрылмасын.


— Неге?


— Біздің ішімізде бақытсыз болса, болатын сол Бөлекбас қана.


— Сонда ол Павелден Бөлекбасты артық көрмек пе?


— Павел секілді жігіт ондай қыздың құшағына сыймайды.


Сәуле не дерін білмей аңырып қалды, ол сырын өзі де жасырған жоқ:


— Не дерімді білмей қалдым ау. Осыншама жерлегендей Перизат саған не жазды? Әлде меселіңді қайтарып па еді?


— Есіңде болсын, менің меселім де онша арзан емес.


— Егер, өзіңе сондай қымбат көрінетін меселіңді мен қайтарсам не дейсің? Маған да айтарың осы ма?


— Мен өз жүрегімді әділ деп білемін, ол айтар үкім болса ондай үкімнен сен де құр қалмайсың, оған иманың кәміл болсын.


Сәуле басын изеп ойын сайлап алды да:


— Айтарсың, айтарсың. Ондай айтқыш екеніңді жақсы таныттың. Бірақ маған айтар үкіміңді өзіңе айтарсың, соған дейін сау бол, — деп кете беріп еді, Нұрлан оның қолтығынан ұстай алды.


— Мен өзіме үкім айту үшін алдымен сенің кім екеніңді біліп алғаным жөн болар. Өзің ақ айтшы, дұрысы сол емес пе?


— А, сен менің кім екенімді әлі білмей жүр ме едің?


— Мен білген Сәулені жұрттың бәрі біледі, мен өзімнен басқа жан білмейтін Сәулені білгім келеді.


— Онда алдымен өзіңнің кім екеніңді біліп ал.


— Мен өзімнің кім екенімді жақсы білетін секілдімін, жаңағыдай қатал сұрауды да соңдықтан беріп келемін.


— Адамның ары кім көрінген лайлап жалдап өтетін кешенін арығы емес екенін де білгейсің.


— Қандай әдемі сөз. Бірақ жүректен келмей, тілдің үшіне жабысқан жаттанды жалған сөз болса, онан сүйкімсіз сөз жоқ ау.


— Иә, көзсіздерге өмірде күннің бары да жалған.


— Оны қашаннан бері біле қалдың?


— Жеті күн бойы ойланып, жаңа ғана осыдан жарты секунд бұрын ғана білдім.


Нұрлан бәрін ұқты. Сәуленің осы сөзінен жанын ұқты, бірақ бұрынғысындай лапылдай қойған жоқ.


— Сәулеш! — деді, соңғы бір жетінің ішінде тұңғыш рет осы сапар жылы сөйлеп, — тапқаным аз болса да жеті күн бойы күндіз-түні ойлағаным бір ғана сен. Айтпай азап шеккенше, өзімді-өзім жеп күнде өлгенше, бір ақ өлейін, сен бір сұрауға ашық жауап берші. Өткен жексенбі күні, мен Галицинада тұратын жолдастарға кеткен күні, сен Перизаттың алдауына түскен жоқсың ба?


— Перизаттың алдауына? Бұл не сөз? — деді Сәуле аңырып.


— Ол сол түні жігіттердің қызығын өзі көріп, кінәсін саған аударатын зымияндық жасаған жоқ па?.. Ойланшы!


— Сеніңше, алдайтын Перизат, алданатын менмін ә? Онда мен Перизаттан ақылсыз болғаным ғой? Сеніңше солай ғой.


— Меніңше, олай емес, ойлан!


— Онан ақылсыз болмасам неге алданамын?


— Өтінемін, ойлан!


— Жалынсаң да айтарым — сол, — деді Сәуле қабақ шытты да, қайта жадырап Нұрланға жабыса кетті, — сен олай адаспа, жаным. Перизат ондай жалған дос емес, ол сен ойлағандай жігіт құмар да емес, тек жайдары боламын деп өзін-өзі жаралап жүрген жан. Сен оны жазықсыз жазалама.


— Мен адасқаным жоқ, сен ойлан әлі де.


— Неше жыл ойлансам да айтарым сол ғана, менің сенен кейінгі сенерім де, серігім де сол Перизат.


Нұрланның жаңа ғана жадырай бастаған өңі қайтадан салқындап сала берді.


— Онда өзің қаралысың.


— «Қаралысың» деген не сөз? — деп Сәуле оның бетіне қадала қалды. «Сен тірісің, мен неге қаралымын?» дегісі келіп еді, оны айта алған жоқ.


— Кешілместей кінәлі болу қаралы болудан женіл емес, ол әрқашанда есінде болсын.


— Өзім білмейтін ол нендей кінә? Соңғы тілегім осы болсын, күдігіңді жасырмашы, мен нендей күнә істеппін?


— Мен сезгенімді емес, көргенімді айтып келемін.


— Көргенімді! Онда оны менен неге жасырасың?


— Мен бір жеті бойы өз көзіме өзім сене алмай далмын.


— Егер мені өзіңе күдікті етіп күңгірт көрсетер болса, ақты қара дейтін ондай көзді ойып таста, екеумізге менің көзім жарайды. Ал егер сені сүйген жүрегім әлдекімнің қолына тиіп кірленген болса, ондай өлексені жұлып ал да, итке лақтыр!


«Бұл не жұмбақ? Қанша үңілсем де өзімді сүйген жүректі ғана көремін, бұл қалай? Әлде мен соншалықты соқырмын ба? Онда сонау бір түнгі көргендерім немене? Әлде мен сол түні алжастым ба? Есімнен адасып алжасқандай маған не болды? Жоқ, мұнда бір зымияндық бар. Мен сол зұлымдықтың ініне су құюым керек.., Қалай?»


Нұрлан өзімен-өзі осылай сырласып үнсіз келе жатыр.


Жаңағы бір сұраулар Сәуленің бүгінгі күннен күткен үмітін тағы да алыстатып жіберді. Ол Нұрланның жұмбақ сыры оңайлықпен ашылмайтынын енді сөзді де, не істерін білмей ойын әр қияға бір шарықтатты. «Бұл қалай? Өзі мені шын сүйетін секілді, сүйе тұра нахақтан күйдіруі қалай? Әлде махаббаттың мен білмейтін осындай сүйіп тұрып күйдіретін сыры бар ма екен? Онда оның несі бақыт? Жоқ, дәл Нұрланның мені нахақтан күйдіруі мүмкін емес. Сонда мен оның көңіліне қаяу салғандай не істедім. Әлде ол жоқтан сылтау іздеп жүр ме? Фу, мен не деп кеттім? Сондай ойға Нұрланды қалай қидым? Тоқта... тоқта... Кеше Бөлекбас бірдеңені бықсытқан еді ау, ол Перизат пен қоса мұны да шегір көзімен атып: «Нұрланға опа бермеген сендер, кімге опа бермексіңдер, маған ба? Пшту... Түкірдім ондай махаббаттарыңа», — деп кете барған-ды. Оған мұндай сөз айтқызған Нұрланның осы жұмбақ қылығы болар, мен соны бір байқайыншы».


Нұрлан секілді Сәуле де өзімен-өзі осылай сырласып алып осындай ойға бекінді де, қиыс алда кетіп бара жатқан Бөлекбасты шақырып алды.


— Мен бүгін туған күнімнің құрметі үшін алты кісілік той жасамақпын, қызың болса ертіп кел, — деді.


Сәуленің бұл құрметі Бөлекбастың көзге көрініп тұрған бар құнын бірақ сыпырып түсті. Оның манадан бері қорғасындай көрінген жасанды салмағы көбікше көпіре жөнелді. Ол емендей иілмес қалпын қаңбақ қып жіберді де, елбелектеп келіп Сәуленің қолын ұстай алды.


— Приветствую и поздравляю, Сәулеш, дей салып басын екі изегеннен кейін қайтадан кекие қалды. — Иә, ол тойды қайда?


— Осы парктің ішіндегі ресторанның ең арғы шеткісінде.


— Өте прекрасно, өте хорошо! Мені іздеп әуре болмаңдар, дер кезінде сендерді өзім іздеп табамын.


Ол соны айтты да, аяғын сәндене басып алға қарай жүріп кетті.


Сәуленің Бөлекбас туралы не ойлағанын өзінен басқа ешкім сезген жоқ. Оның жаңа ғана жиіркенген адамына енді бұлай жылы шырай беруі Нұрланға ұнаған жоқ, бірақ ұнатпаса да үн қатпай Бөлекбастың өзіне зіл тастады.


— Ей, Бүлдіргенов жолдас, сен сөйлейтін болсаң қазақ, сөзін бүлдірмей қойыртпақтамай сөйлеші осы.


— Қойыртпақ? — деді Бөлекбас көзін ежірейтіп, — сеніңше, қазақ сөзі мен орыс сөзін достастыру қойыртпақ, ә? Ондай жаңалық сенің көзіңе бүлдіру болып көрінеді, ә?


— Ой, білгірім ай!


***


Күн қызған сайын қоюлана түскен сәнді топ мың бұралып, жүз құбылып, құлпыра толқып парктің ішін думандатып жіберді. Көк жасыл кең аллеялардың бәрі де қазір сағымның арнасы секілді. Соның бәрі өзіне құрмет көрсету үшін жиналған қошеметшілердей шалқып Бөлекбас отыр. Мұндай кез оның ең батыр, ең шешен кезі. Бірақ ол қанша шешен болса да «нетіп» деуден құтыла алған жоқ.


— Перім, ыдысыңды бері нетіп жіберші, Нұрланым үшін өзім бәріне бір неткізіп жіберейін. «Неткізіп» дегенім көтертейін дегенім екенін біле тұра неменеге жырқылдай қалдыңдар, давай жырқылды қойыңдар да, бір тамшысын қалдырмастан нетіп нетіп жіберіңдер.


Перизат оның қалтырай бастаған қолына күле қарап:


— Қолдарың сөзіңе ұқсайды екен ау. Нұрлан, Павел, қараңдаршы, қандай әдемі билейді, қараңдаршы, мен дәл мұндай биші қолды көрген емеспін, — деп күлім көзін жағалай төңкере тастап еді, Бөлекбас столды сарт еткізді.


«Немене, менің қолым сенің көрінгенге телмірген көзіңнен жаман болып па?» демекші еді, оны айта алған жоқ, айтатын да еді, Павел мен Нұрлан үлгірткен жоқ. Екеуі шапшаң қимылдап ұстай алмағанда, стол үстіндегі ыдыстар ұшып түсетін еді, екеуінің қолы столға бірдей тиді де, екеуінің отты көзі Бөлекбасқа қатар қадалды. Үн шығатын дәрмен екеуінде де жоқ, өйткені айнала сыңсыған жұрт.


— Сен нетіп болсаң, кетіп те бол, — деді Нұрлан тістене сыбырлап.


Бөлекбастың бұйраланған шаштары мүлдем үрпиіп, көзі мүлдем ежірейіп кетті, бірақ астыңғы ерні бір жыбыр етті де кезере қалды, сол кезерген ернімен бірге өзі де сазарып үнсіз отырып қалды.


«Мені, менің өзімді ғана емес ау, пәк жанымды осындай ойы ластар кірлемек болады ә? Неткен қорлық», — деді Сәуле іштей қынжылып.


— Достарым, кешіріңдер. Кінәлі менің өзім емес, — жүрегім. Неге екенін білмеймін, жүрегімді бір қызғаныш нетіп кетті.


— Ол ненің қызғанышы? — деп Перизат кеудесіне сыйғыза алмай отырған күлкісін әзілмен тарқатқысы келіп, күле қарап еді, оның күлкі оралған ұзын кірпігі осы сәтте бар сұлулықты жинап алғандай екен, сол сұлулық жүрегіне найза болып қадалғандай Бөлекбас бір ыңқ етті де:


— Сенің қызғанышың, — деді.


— Сонда қалай, мені мына столдан қызғанамысың?


Бөлекбас бір ыңқ етті, оған жауап қатқан жоқ.


— Қане, осыны Павел мен Перизаттың бақытты, өмірлі, шүбірлі болулары үшін нетіп жіберейінші.


Ол тілегін қабылдаған достарына разы болып, жадырай бастап еді. Перизаттың мына сөзі қайтадан қамшыдай тиді.


Ол Сәулені ақырын түртіп қалып:


— Бөлекбастың саған арнап шығарған былтырғы өлеңі қалай еді? Туған күніңнің құрметіне соны ақырын сызылтып жіберші, — деді.


— Қыздар, бізді қызғаныш отына салғыларың келмесе, Бөлекбасқа көп қызыға бермеңдер, — деп Нұрлан қияс әңгіменің бетін тәтті әзілмен бұрып жіберді.


Дәл осы мезгілде бұлардың өздерімен бірге оқитын бір жігіт жетіп келді де:


— Нұрлан, Павел, тезінен өзіміздің парторгке жетіңдер! — деді.


— Жайшылық па?


— Сендерді нарком шақыртқан көрінеді, менің бар білерім сол ғана.


Хабаршы жігіт соны айтты да, әлдекімді іздегендей көзін жан-жағына сығалай тастап кете берді.


— Нарком?


Нұрлан мен Павел сол бір сөзден өздері күтпеген бір жайсыз жағдайды сезсе де, сыр бермей бірін-бірі іштей ұғып тез жадырай қалды да:


— Сендер алаңсыз отыра беріңдер.


— Біздер кешікпеспіз, — дегеннен басқа сөз айтпастан екеуі тұра тұра бастап еді.


— Апыр ай, — деді Сәуле бір қолымен өзінің жүрегін, екінші қолымен Нұрланның қолынан ұстай алып.


— Не болды?


Нұрлан оған жалт қарап еді, оның көз жанарында жаңа ғана жайнап тұрған бақыт сәулесі әлсіреп барады екен. Жалғыз тамшы қаны қалмай өңі де қашып кетіпті. Нұрланның не болды деген сұрауына да жауап қатқан жоқ, ұзын кірпігін қақпастан, ойлы көзін бір нысанадан алмастан отырып қалды, Нұрлан Сәуленің мұндай тірі өлікке ұқсаған шағын бұрын көрмеген еді, сондықтан ба қалай жүрегі елжіресе де, бірден артық қарай алмай, Сәуленің арқасынан бір қақты да тұра жөнелді.


— Кешіксеңдер бізді жатақханадан табасыңдар, — деді Перизат дауыстаңқырап.


«Қош», — деді Сәуле ішінен. Оны кімге не үшін айтқанын өзі де сезген жоқ. Көңіл құшағымен Нұрланды құшырлана бір құшты да үнсіз қала берді. Тіпті олар кеткен жаққа қарағысы да келген жоқ.


Бөлекбас қаз қалпында. Ол екі қыздың ортасында жалғыз қалғанына мәз секілді. Бір тәуірі ол не айтуды ойлап шаршамай аузына не түссе талғамастан айта салатын әдетіне басты ма, жоқ әлде сезген бірдеңесі бар ма, әйтеуір оның сөзі қыздарды бір селк еткізді.


— Я думаю, қыздар, жаңағы екеуін шақырған өзіміздің нарком емес, соғыстың наркомы, — деді, — қане солар үшін алып жіберейік. Олардың жүгін мен ақ көтерейін, келіңдер.


— Тоқташы, сен не деп отырсың?


— Қалайша? — деген сұрау екі қыздың аузынан жарыса шықты.


— Қалайша екенін откуда знаю, ойыма қайдан сап етіп, аузыма қайдан неткенін де не знаю, я думаю так, просто так.


Перизат оны көзімен атып, тісін бір шықыр еткізді де:


— Сені де байым бар дейтін әйел, әкем дейтін бала болар ма екен? Әй бола қоймас, — деп тісін тағы бір шықыр еткізді.


Сәуле жан-жағына бір қарап алып, ақырын күрсінді де:


— Мұндағы бар қызықты жаңағылар алып кеткен секілді, біз де кетейікші... Жолдас официантка, есебіңізді әкеліп, ақшаңызды алыңызшы, — деп ақшасын әзірлей бастап еді, Бөлекбас бір қолымен Сәуленің қолын ұстай алды да, екінші қолын қалтасына сала бастады.


— Нет, Сәулетай, нет! Мен отырғанда сенің ақша нетуің не годиться, менің жігіттік басымды олай қорлама, мен онда қатты нетемін.


Перизат мырс етті:


— Қатты неткені қалай?


— Ай, сен қыз ақ нетуден басқаны бір ойламайды екенсің, — деп Бөлекбастың көзі тағы да ежірейе қалды.


— Оны айтқан мен емес, өзің ғой. Өз сөзіңнен өзің жеритін болсаң неге айтасың?


— Мен нетемін дегенім жоқ, өкпелеймін дедім. Сен оны біле тұра менің өкпемді нетуге қарай сүйреп барасың.


Сәуле екеуінің де сөзін тыңдағысы келмей, Бөлекбасқа зілдене үн қатты.


— Маңайымыздағылардан ұят, босат қолымды.


— Жоқ, өлсем де босатпаймын.


— Түсін, сен менің қонағымсың. Қонағына қонақ болу — ақылы кедейлердің қылығы, мен ондай кедей емеспін.


Сәуленің бұл сөзі кеудесіне тепкі болып тигендей Бөлекбас бір ыңқ етті де, оның қолын босатып жіберді.


— Ақшаңды олжа ет те, жаңағы сөзіңнің жайын айтшы, сен неліктен олай дедің? Соғыс наркомы деген сөзді неліктен айттың? — деп Перизат ежіктегісі келіп еді, Бөлекбас «просто так» деуден жанылған жоқ.


— Ол үшін сағыңды сындырмай-ақ, қой, қазір ақ білеміз, сұрамай-ақ айтқызамыз. Бөлеш, бізбен бірге қолтықтасып қайтуға қалайсың? — деп Сәуле екеуін бірдей қармап алды. Өйткені ол Нұрланның құпия сырын Бөлекбастан тартқысы келген манағы ойына қайта ойысқан еді.


— Оның қолқалайтын несі бар? — деді Бөлекбас маңғазданып, — мендей пақырлар сендердей сұлулардың бұйдалаған тайлағы емес пе? Сендер қайда жүрсеңдер жабысып қалмайтын көлеңкелерін болуға әзірмін.


— «Сіздей асыл тап болса, басты қалай шайқаймыз» деген өлеңді білуші ме едің? Сол өлең біз сияқты қыздардың сен сияқты жігіттерге айтқан өлеңі ғой. Сол елен ғана менің жігіттермен шайқасқым келгенде айтар ұраным, — деп Перизат қармақ тастап еді.


— Тек есіңде болсын, біздің сырымыз да, сынымыз да көп, сынымыздан өте алмай сағың сынып жүрмесін, — деп Сәуле Бөлекбастың ұмсынған үмітін қағып жіберді. Бірақ үміті үзілсе де тіліне ие болған жоқ.


— Сынашы, жаным, сынаңдаршы. От дариясынан өт десеңдер де өтейін, өте алмасам өз сорымнан көрейін де, жолдарыңа құрбан болып елейін. Жалғыз ғана тілегім, менің кейде аңқаудың ролін ойнайтын әдетім бар, соны сезбей қалып өздерің мазақ болып жүрмеңдерші, — деп маймылша маймия қалып еді, қыздардың екеуі бірдей аңырып қалды.


— Өзің тіпті шешен екенсің ғой, — деді Перизат оқыс келген ойын жасыра алмай, — әлгі бір «нетіп»...«нетіп» дейтін кекеш сөзіңді де ұмытып кеттің.


«Мынау, шынында, артист екен, — деді Сәуле ішінен, — Мен мұны қолынан келер жақсылығы да, жаманшылығы да жоқ бишара көретін едім де, артық-кемді айтқан сөздерін бақсының сандырағына санап елемеуші едім, алданған секілдімін ау. Жоқ, ол мүмкін емес. Дәл мұның кім екенін білмеуім мүмкін емес. Мен ондайлық аңқау емеспін, аңқау болмасам, кімнің кім екенін білмеуім мүмкін емес. Өзімді-өзім тым көтеріп жібердім ау. Егер ондай сәуегей болсам, Нұрланның сырын біле алмай неге алас ұрып жүрмін?»


Оның неге үнсіз қадалып отырғанын Бөлекбас сезген жоқ. Сәулені де таңдандырып тастадым деген ой мен арық сезіміне семіріп, соқыр үміті қайтадан шарықтай бастады. Сол көбіктенген көңілі тасып шалқая бере жан жағына көз тастап еді, әркім өз Сәулесімен отыр екен. бұл қанша күмписе де ешкім көзіне іле қойған жоқ. Сонан кейін ол әні екені, түсі екені белгісіз қайдағы бір тәтті қиялдың құшағына кіріп кетті. Әлденені аңсап алысқа шарықтағысы келеді, бірақ қанатын қанша қатты қақса да, қиялы қыздардың аяғының арасынан шыға алатын емес.


«Бұл қалай? Бұл қыздардың сиқыры бар ма? Мен неге осылардың шырмауына орала беремін? Неге... Неге?»...


Ол өз сұрауының жауабын таба алмай мандайын шарт еткізді.


Бұл кезде Сәуле ақшасын төлеп болып, кетуге ыңғайланған еді, Перизат Бөлекбастың көзін ала бере иек қақты. Сәуле оның Бөлекбасты тастап кеткісі келген ойын сезіп, басын шайқады.


— Ал, Бөлекбасымыз, біз кеттік.


Бөлекбас ұйқыдан шошып оянғандай селк етіп, жүрегін езген ойды сілкіп тастап, атып тұрды.


— А, пошли, пошли. Тек паркті бір айналып өтейікші, — деп еді, жігіттеріне жетуді ғана ойлаған қыздар оның бұл тілегін қабылдаған жоқ, екеуі екі жағынан қолтықтай жөнеліп, есік алдында кездескен бір машинаға бір-ақ әкелді.


— Ертең тағы келеміз, паркті де сонда айналарсың, тіліңмен болса да бізді сонда бір аймаларсың, әзірше шофердың қасына отыр.


— Перизат, шофердың қасына мен үшін сен отырсаң қайтеді? — деп Бөлекбас Перизатқа жалына қарап еді. ол тысырайған күйі Сәуленің қасына барып отыра кетті. Сонсоң:


— Менің алдыма отырғың келсе, жүре ғой, — деп есікті қайта ашты.


— Ондай азапқа жетпісімде де көне алмаспын, ол үшін ғафу етіңіздер, — деді де, Бөлекбас шофердың қасына барып сылқ етті.


Олардың қысыр кенесі осымен біткен секілді, әрқайсысы өз жүрегімен алысып үнсіз келеді. Әсіресе, Бөлекбастың жүрегі астан-кестен. Міне, Қырым көпірі. Ол жаңа ғана Сәуле мен Перизатты қолтықтап, осы көпірдің үстінде келе жатпақшы еді, мына жатқан Москва өзені де оның тәтті үмітін өзімен бірге толқындатқан еді. Ол Сәулені қолтықтап алып осы өзенді жағалап, сонау көк жасыл мүйісті жағалап Кремльдің іргесімен барып, Қызыл аланнан өтпекші еді... Соның бәрінің түстей жоғалуын қарашы. Үміт шіркін неткен нәзік, неткен алдамшы. Сондай нәзік бола тұра ажалдан басқаны жеңе алатын адамды алдай алады. Неткен сайтан бұл?


Өз қиялынан өзі осылай жараланып оның жабырқау тартқан көңіліне ендігі демеуі Сәуленің жаңағы бір сөзі.


— «Тіліңмен болса да бізді сонда бір аймаларсың» деді ау ә? Неткен асыл сөз. Дәл осы сөзге тең келетін сөзді мына Перизаттар мың жыл ойласа да таба, алмас еді. Жан жарасына ем табатын сөзді табатын сен ғанасың ау, Сәулеш, өйткені сенің, өзің асыл жансың. Сөздің ондай асылы асыл жаннан шығады. Мен сені ертеңгіліммен емес жаныммен аймаласам, ех шіркін сонда мен саған: «ғашықтық деген бір дертке душар болдым, Сәулетай. Өлтірсең де өзін біл, емдесең де өзің біл, менің өмірім сенің қолында. Міне, жүрегім, жұлып ал да үкіміңді айт деп былай бір құшақтасам, о жалған», — аңдамай шоферды құшақтай алып еді, машина кілт тоқтай қалды.


— Сіз мұнан былай арақты өз күшіңізге өлшеп ішкейсіз, әйтпесе еркек пен әйелді айыра. алмайтын ауруға шалдығарсыз, — деп шофер Бөлекбасты сөзбен үйелетіп тастады.


Шофердың сөзі Перизаттың күлкісін, Сәуленің ызасын келтірді.


— Е, құдай ай, өзіміз де келген екенбіз ғой, — деді Бөлекбас қынжылса да үні шыққанына қуана сөйлеп.


Сәуле тиісті ақшасын төлеп жатып:


— Әкей, балаңыз көп пе? — деп еді, шофер миығынан күле қарап басын шайқады.


— Мұны не үшін сұрағаныңа түсіндім, қызым, — деді ол аздан соң. — Мына жігіт сияқты бір ұлым бар еді. Ақылы аздау болған соң қуып жібердім, ендігі бары өзіңдей бір қыз ғана.


— Сонда мына жігітке айтқан жаңағыдай сөзді сол мендей қызыңыздың көзінше де айта бересіз бе?


Шофер көзін сығырайта қарап, сол күлімсіреген қалпын өзгертпестен:


— Есіңде болсын, қызым, мен кісі тани білемін. Мені «әке» дегенің рас болса, ме.н сені қызымдай көріп айтайын, мына сияқты жігіттен аулақ болғайсың.


Бөлекбас сөз тегеурініне төтеп бере алмайтынын сезіп, машинадан мана ырғыған еді, жеңілгенін енді ғана сезген Сәуленің жаны да онан кем ыршыған жоқ. Ол «кешіріңіз» дегеннен басқа сөз айта алмай, өзі соққыға түскендей машинадан теңселіп зорға түсті де, машинасын сырғытып бара жатқан шоферға қарап тұра қалды.


— «Жақсыдан — шарапат, жаманнан — кесепат». Қандай данышпандық сөз. Ойлап қарасақ, халқымыздың ерте кездің өзіндегі даналығы бүгінгі саналы заманның даналығымен де ұрандасып, болашақ ұрпаққа үн қатады. Ал біздің күйіміз көненің бәрін көн етіктей көріп таптап жаншып жүре береміз. Неткен дүлейлік бұл.


Ол өзімен өзі сырласқандай осыны айтты да, жүріп кетті. Бөлекбас бұл сөздің орайына бірдеңе дегісі келіп: «Ол былай ғой, Сәулеш, неткендей», — дей беріп еді.


— Сен нені нетсең де бізден аулақ кетіп нетші, — деп Перизат бөліп жіберді.


Ол соны айта салып, Бөлекбастың үрпие қалған шашына да, ежірейе қалған көзіне де қарамастан тұра жөнелді, тек:


— Ей сен қыз осы мені нете беруді қашан қоясың? — деп Бөлекбастың алыстан шыққан ызалы сөзін естігенде ғана артына қарап күліп жіберді.


Оның күлкісі күшейген сайын ызаланып Бөлекбас тұр.


— Тұра тұр, сен қыз, осы сықағың үшін жаныңды бір сығымдармын!


Перизатқа деген кегі осымен бітті де, бар ойы Сәулеге ауысып кетті. «Апыр ау, Сәулені ақылды қыз, асыл қыз деп. жүрген мен неткен аңқау едім? Бірақ мен білетін қыздардың ішінде онан ақылдысы бар ма, соны бір ойлашы. Жоқ секілді. Соған қарағанда әйел халқының ақылы бақсының жыны секілді кіресілі-шығасылы бірдеңе болу керек. Ғажап... ғажап! Бұл — мен жаңа ғана аңғарған ғажап. Әттең, қолымнан келмейді, егер келе қалса «әйелдердің ақылы неліктен бақсының жыны секілді кіресілі-шығасылы», болмаса «әйелдердің ақылы неліктен бақсының жынына ұқсас»? деген тақырыпта диссертация қорғар едім».


Ол осы ойымен қыздардан аулақтай берді.


* * *


Сәуле Нұрландарды сұрастыра келе аңырып қалды.


— Наркомға шақырылған сол екеуі ғана, бұл қалай? Әлде істеген бір қылмыстары бар ма екен?


— Болса болар, соңғы кезде суық жүрістері көбейіп кетіп еді, — деді Перизат әзілдеген болып. Ол әзілдесе де өз күдігін айтып тұр.


Сәуле суық түспен жалт қарады:


— Суық жүрістері қалай?


— Мен директордың көмекшісінен білдім, оларды" «Наркомның көмекшісімін» деп телефон соғып шақырған бір қыз көрінеді. Меніңше ол қыз наркомның көмекшісі емес, сол екеуінің бірінің көңілдесі.


— Сенің басың қайдағы қоқсықтарды қайдан жинай береді осы, — деп Сәуле қабақ шытып еді, Перизат:


— Мен почтаға кеттім, — деп сырғи жөнелді.


«Бұл не? Әлде бұл қыздың сезген бірдеңесі бар ма? Басқа аспиранттардың бәрі осында. Әрі дипломын әлі қорғамаған аспиранттарды наркомның шақыруы мүмкін емес. Сонда манағы жігіт мұндай өтірікті не үшін айтты? Әлде сол үшеуінің «ұрлығы» бір ме? Нұрланның соңғы кезде салқын тартуы маған деген отын басқа біреулердің жалмап қойғандығынан ба? Солай болуы мүмкін ау. Фу, мен есімнен адасқан шығармын, не деп кеттім? Сондай пасықтыққа Нұрланды қалай қидым?»


Ол осындай ойда тұрып есік алдындағы кезекші әйелден алған екі хаттың бетіне әлі қараған да жоқ. Көзі ұзап бара жатқан Перизатта, ол көзінен таса болған соң ғана қолындағы хаттарға қарады.


Хаттың бірін көріп қуанып еді, екіншісін көргенде ол қуанышы суала қалды.


— Темір!.. Бұл кім?.. Сол жастайынан қарақшы аталған Темір болса, ол мені қайдан біледі? деп хатты ашып жіберіп еді, ішінен ұшқыш киімін киген бір сұлу жігіттің суреті шыға келді. — Бұл кім? Анық Темір ме осы? Ол айдауда емес пе еді? Айдауда жүріп ол қалай ұшқыш? Бұл не жұмбақ тағы?


Өзіне өзі осындай сұраулар бере, суретке үңіле қарап тұрған Сәуле, қасына келген Бөлекбасты аңғарған жоқ.


— Сәулеш, кто это? Серкеше секиген біреу ғой өзі.


— Бұл маған ғашық жігіттердің ішіндегі ең сұлу серкесі. Сені жекпе-жекке шақырыпты, әзірлене бер, — деді де, Сәуле өзінің сылан жүрісіне салып кете барды.


Бөлекбас Сәуле кеткен жаққа қарап біраз тұрды да, басына жөні түзу ой келмеген соң, қолын бір-ақ, сілтеді.


— Подумаешь, «жігіттің серкесі!» Посмотрим кімнің серке, кімнің теке екенін, — деп сұқ қолын шошайтып алып тағы бір сілтеді де, есік алдындағы орындыққа барып отыра кетті.


Кенеттен есіне әлдене түскендей қалталарын аласұра ақтарып өзінің суретін тауып алды да, өзіне-өзі қызыға қарап:


— Мен де хат жазып суретімді қоса нетіп көрсем қайтеді, ә? Мүмкін, менің суретімді де кеудесіне нетер! Бірақ сол қыздың жаңа жекпе-жегі не сұмдық осы? Әлде өзінен барып мән-жайын сұрасам ба екен?.. Жоқ, қазір баруға нельзя! Ол қазір менімен сөйлеспейді, суретпен нетеді.


Оның ойлағаны рас, дәл бұл мезгілде Сәуле ортадағы стол басында Темірдің сұлу кескініне түйіле қарап отыр еді.


— Иә, сыртың сұлу, бірақ, ішің қандай? Жүрген жерің лаң, қолың қан, сен бір жыртқыш аң секілді емессің бе? — деді де үнсіз түнеріп қалды. Алдында бүктесіні әлі жазылмаған хат жатыр. Ақ саусақтарын ауыр қимылдатып соны ашты.


«Жаным Сәуле! Білем, «жан» деген бұл сөзім жүрегіңе жайлы тимес! Бірақ ойлан! Мен өткен аз күнгі сүргін өмірімде сендей талай қыздарды көрдім, олар мені «жаным» дегенде, мен оларды ішімнен «жауым» дейтінмін. Өйткені ол кезде менің жүрегім ерімейтін мұз, жібімейтін тас секілді еді. Сол тас жүректі жібіткен бір ғана сенсің. Сондықтан «жан» деген сөз бірінші peт саған ғана айтылған-ды. Оған мейлің сен, мейлің сенбе. Оны сенен дәл қазір күтіп отырған мен жоқпын. Менің өмірден күткен арманым не? Оны айтуға тілім кедей, жеткізе алатын емеспін. Өзің ашып, өзің ақтар деп жүрегімді алдыңа жайып салар ем, амалым жоқ, алыстасың. Бұл — аңсаған көңілдің арнаулы назы. Оған тағы да мейлің сен, мейлің сенбе. Тек есіңе мынаны мықты ұста; менің жаным саған берілген, менің тас жүрегім сол себепті еріген. Қанаты сынған сұңқардай, көк жүзінде жазым болып ажал зынданына қарай құлай қалсам сен боларсың «Сақта» деп жалбарынар тәңірім. Қашан болса да бір кездесерміз, сонда сені я жүрегім, я білегім жеңер. Сен соны есіңе мықты, сақта!


Құдалықтың құрығы емес саған тастап отырғаным, жүрегімнің бұйрығы арыз етіп айтқаным.


Қыз алдында ұялшақ болмасам да, сөзге шорқақпын, ол үшін ғапу ет, жаным!


Темір».


10 – 6 61941 ж.


Ойлана қалса байланып қалатындай Сәуле хатты оқи сала лақтырып жіберді.


— Білегің болмаса, жүрегің жеңе алмас, — деп тез лақтырған еді, қайта алып стол үстіне қойды да, екінші хатты оқи бастады.


Дұрысында ол хат емес, Қарағандыдағы бір немере жеңгесі жасаған жігіттердің тізімі екен. Ол Сәулеге ғашық жігіттердің тізімін тізіпті де, әрқайсысына әртүрлі мінездеме жазыпты. Біреулерді сүмірейте жамандап, енді біреулерді шелите мақтаған сөздері Сәуленің күлкісін келтірді. Бірақ ол хатты мысқыл күлкімен жымия отырып оқығанымен, кенет салқындай қалды.


«Мендегі махаббаттың әр жағаны бір ұратын толқындай толқымалы е.мес, темір қазықтай міз бақпайтынын, өзімді мың адам сүйсе де, менің сүйерім сол мыңның бірі ғана екенін ол жігіттер қайдан білсін. Олар түгілі, бір өзін мыңға балап сүйгенім Нұрлан да әлі білмепті ғой», — деді ол ішінен, қынжыла сөйлеп.


Неліктен екені белгісіз, оған өмірде бардың бәрі күңгірт тартып кетті. Ойлап қараса, өмірдің өзі де жұмбақ екен, тіпті өзінің Нұрланды не үшін сүйгені де жұмбақ.


Өмірдің жұмбақ сырларын кезген осындай ойлар бірте-бірте тереңдеп, оны хаттардан алыстатып әкетті. Жеңгесінің хаты стол үстінде қалып қойды да, Темірдің суретін ұстаған күйі төсегіне беттеді. Көзі тумбочкенің үстінде тұрған Нұрланның суретіне түсіп еді, шошып аянғандай селк етті. Үлбіреген нәзік саусақтары әлсіз қимылдап суретті қолына алды да, төсегіне жантая кетті. Нұрланның суретінің орнына Темірдің суретін қоя салғанын әзі де байқаған жоқ.


— Сен жақсы жігітсін, бірақ кейде тым тұңғиықтанып кетесің, соның ғана ұнамайды, — деді Нұрланның суретіне күлімдей қарап.


Екі суретке кезек қарап жатып Сәуле екеуіне де қатты өкпелегендей теріс айналып кетті. Кінәсіз зәбірлеуді көтермеске бұл да бел байлаған секілді.


Бұл кезде есік алдындағы Бөлекбас өз суретіне өзі ғашық болып әлі қарап отыр еді. Көзі ілініп кетті де, бір мезгілде:


— Ке-лші, Сә-у-ле-ш! Кел-ші! — деп құшағын жая ұмтыла беріп орындыққа жалпия барып құлап түсті, Онысы түс болғанына қапаланып, орнынан тұра беріп еді, қасына келіп бір машина тоқтай қалды.


— Перизаттар келді ме? — деген Павелдің даусын естігенде ғана оның ұйқысы шайдай ашылды.


— Е, мені қыз күзетіп отыр ғой деп пе едің... Өздерің нарком болғаннан саусыңдар ма? Машиналатып кетіпсіңдер ғой, — деді екеуіне кезек таңдана қарап.


— Нарком емеспіз, наркомнан кем де емеспіз, — деп Павел үйге кіріп кетті де, Нұрлан Бөлекбасқа бұрылды:


— Біз Донбасқа кететін болдық, қазір ұшамыз, сен мына машинамен барып Сәулені тауып әкелсең қайтеді? — деп еді, Бөлекбас мұрнын шүйіріп.


— Сәулең ешқайда кеткен жоқ, осында! Аспандағы жұлдызға қолы жетсе, жердегі сені қайтсін ол. Бар көр өзің?


— Нені?


— Жігіттің есркесін...


Нұрлан ешбір ойға келген жоқ, тебе шашынан бір сілкіп қалып лезде Бөлекбасты орындыққа сылқ еткізді. Онымен де қойған жоқ.


— Сәуленің атына кір келтіретін мұндай сөзді бұдан былай айтар болсаң, мұрныңды бет, бетіңді жентектелген ет қыламын, — деп басын орындықтың арқалығына қайта-қайта соққылап, ашуын азар басты да ішке кетті.


Нұрлан кіргенде Сәуленің көзі ұйқылы-ояу еді. Есікті қаққан тырсылынан келуші кім екенін сөзді де, мүлдем «ұйықтап» кетті. Нұрлан іштен дыбыс білінбесе де, есікті ақырын ашып кіріп келді. Нендей ойға бекінгенін кім білсін, әйтеуір қатуланып алып қалтасынан бір хатты ала сала жұмарлаған күйі көзін Сәуледен алмастан ортадағы столға жақындады. Көзі өз суретінің орнында тұрған Темірдің суретіне түсе кетіп еді, жүрегі мұздап сала берді. Сәуленің өзге кінәсін кешсе де, дәл мына қылығын кешу Нұрланның қолынан келер емес. Түсі мүлдем сазданып, бойындағы барлық оты ойнап көзіне шыға келді. Сол от шашқан көзін Сәуледен бір тайдырмастан есікке дейін шегініп барды да, қайта қайтты. Сәуленің назданып жатқанын ол әлі сезген жоқ, өзіне білдірмей ақырғы рет құшақтап, ақырғы рет сүйгісі келді. Бірақ қанша қимаса да намысы жібермеді, маңдайынан сүйгелі төніп келіп қайта шалқайды да, шыға жөнелді.


Сәуле өзінің назданар шағы өтіп кеткенін есік сарт еткенде ғана сезіп, басын көтеріп алды. Жүрегі алас ұрып әкетіп барады, бірақ жігіт соңынан қуа шығуды намыс көріп ұмтыла қойған жоқ.


Нұрлан далаға шыққан кезде Павел Перизаттың құшағында машинаның қасында тұр екен.


— Сәуле қайда? — деді ол түнере шыққан Нұрланға сезіктене қарап.


Нұрлан оның сұрауына жауап қатпастан, машинаға отыра бере:


— Кешігеміз, бұзауша жаласа бермей, тездет! — деді зілменен.


Павелдың көзіне оның қабағы тас қияға шөккен қою қара бұлттай, көзі сол қара бұлтты тілгілеп жарқылдаған найзағайға ұқсап кетті. Нұрланның қасына тез жеткісі келіп еді, Перизаттың арбауынан шыға алмай тұр.


Перизат ұзын кірпіктерін Павелдің жүрегіне қадап, жібергісі келмей көзінен көзін алмастан телміре қарап аз тұрды да, мойнына асыла кетіп сүйіп алды.


— Көп заман көріспеуіміз мүмкін, сағынбастай болып сүйіп қал, — деп Павел әзіл-шыны аралас қош айтысты да, машинаға қарай жүріп кетті. — Сәуленің бетінен бір сүйші мен үшін.


Перизат оның «көп заман көріспеуіміз мүмкін» деуінде айтылмай бара жатқан құпия бір сыр барын тез ақ сөзді, бірақ оны қалай сұрауды сайлап үлгіргенше машина сырғи жөнелді.


Дәл сол кезде Сәуле де үйден жүгіріп шыққан еді, машина бір бұрыштан бұрылды да жоқ болды. Әлдебір ауыр аңсау есін улап бара жатса да, Сәуле сабыр тауып, олардың қайда кеткеніне онша мән бермегендей түр көрсетіп.


— Ана сылқымдар қайда кетті? — деді жайымен ғана...


— Донбасқа.


— Донбасқа?


Сәуле қанша бекінсе де өзін енді ұстай алмайды. Жаңағы сөзді айтқан Перизатқа жалт қарады, үрейлі. даусы да саңқ етті. Көзі де жасаурап сала берді, не істерін білмей біресе үйге, біресе көшеге қарай жүгіріп:


— Перизат! Машина, машина, — деді бар даусымен айғайлап. Ол қазіргі сәтте өзін-өзі сезген жоқ. Көшеге шыға сала кез келген машинаға қол көтеріп, кез келген шоферға бір жалынды.


— Ағатай, жалынайын, мені аэропортқа тез жеткізе гөр!


* * *


Сәуленің осындай ауыр күйге түскенін сезгендей Нұрлан да жол үстінде қиналып келеді. Машинаның қарқыны екпіндеген сайын оның жүрегі еңіреп келеді. Ол қасында отырған Павелдың: «Нұрлан, саған не болды?» — деген сұрауына да сазарып алып үн қатқан жоқ.


Бұларды қуа шыққан Сәуленің машинасы алыста, бар пәрменімен жұлдызша ағызып келе жатыр еді, мылтық болып бір атылды да, шиқылдап барып тұра қалды.


Шофер байғұс түсе сала безектеп машинасының жарылған дөңгелегін сылқита сыбап бір тепті де:


— Қыздар, кішкене демалыңдар, — деді.


Сәуле көзін жасқа бір толтырып алып, сөйлеуге де, жүруге де шамасын келтіре алмай тәлтіректеп барып жол жиегіндегі көгалға бауырын төсеп құлай кетті. Оған ілесе шыққан Перизатта тыным жоқ. Ол біресе зуыл қағып етіп жатқан машиналарға қол көтереді, біресе шоферды асықтырып безек қағады.


Буларды қуып келеді деген ой Нұрлан мен Павелда жоқ болатын да, екеуі де өкініште еді. «Мен неге оны оятып қаралығына көз жеткізіп ақтық үкімімді айтып кетпедім» деген ой Нұрланның; «мен осының тілін неге алдым? Сәулемен неге қоштаспадың. Неге оның үлбіреген әдемі ернінен бір сүймедім» деген ой Павелдың басынан кеткен жоқ. Павелды жеп келе жатқан екінші бір ой — өздерінің осы сапары. «Бұл не? Наркомның көзіне біздер жаңа дәуірді бастаушылар болып көрініппіз, бұл қалай? Егер, оның бүгінгі сөзіне үңілсек, осы төтенше комиссия аталып бара жатқан біздер болашақтың барлаушыларымыз. Сонда ол қандай. барлау? Сонда біздің. бір айдан кейін қорғайтын дипломымыз қайда?»


Бұл кезде бұлар қанаттарын жалғастыра тіресіп, тізбектеле самсап тұрған алуан түрлі самолеттерге қарап аэродромның алаңында тұр еді, Павел жаңағы бір өзі шеше алмаған жұмбағына Нұрланды ортақтастырғысы келіп:


— Осы сен Сәулемен араздасып шыққаннан саусың ба? — деп еді, Нұрлан оны отты көзімен бір атты да, жауап қатпастан жүріп кетті.


Посадка! — деген дауыс кенет саңқ етті.


Бұлар самолетке барып кірген кезде, Сәулелер де жеткен еді, машинадан түсе жүгірісті, бірақ үлгіре алмады. Гүрілдеп тұрған мотор самолетті ала жөнелді де, тұнып тұрған жұмсақ ауаны сыр еткізе тілгілеп аспандай берді.


Сәуле самолеттің аэродром үстінен бір айналып өткенін тілеп, тым болмаса Нұрланға қолын бір бұлғап, орамалын бір желпіп қалуды көксеген еді, ол тілегі де қабыл болмай, самолет сол алған бетімен ағып оңтүстікке қарай самғап кете барды.


Самолет бірте-бірте кішірейіп барады. Ол алыстаған сайын Сәуленің арманы да алыстағандай. Самолет көзден ғайып болды. Жүрегіндегі бар үміті сол самолетпен бірге жоғалғандай Сәуленің жаны мүлдем құлазып сала берді. Көзінің жасын қанша төксе де, төніп келе жатқан белгісіз қасірет отын сөндіре алған жоқ, бірақ махаббат оты сол қасірет отымен егескендей маздай түсті.


Көзі Нұрландар сүңгіген аспанда, ал ойы онан да асқақ,. өйткені ол өзінің сол махаббатын аспаннан да биік көретін еді, неше күннен бері жанын жеген белгісіз қасіретті жүрегінің басынан сыпырып тастап, сол биікке шығып алды.


Бірақ алдағы түнді жылаумен өткізді.


Иә, ол түнді Сәуле жылаумен еткізді.


Мана аэродромнан қайтқаннан әлі жылауда. Басын орамалмен таңып алып терезеге сүйеніп тұр. Жасқа бұлауланып ісіп кеткен көзі манағы Нұрландар кеткен жақтың қараңғы аспанында.


— Кім? Кім? — дейді өз өзінен күбірлеп. Оны бір қолымен құшақтап Перизат тұр. Ол Сәуленің «кім? кім?» деп шарқ ұра іздегені кім екенін сезсе де сезбегенсіп, аузын кере, тісін бір шықыр еткізе сөйлеп:


— Е, бұл еркектер ме, бұлар рақаты минуттік азабы бір жылдық жануарлар ғой. Әсіресе Нұрлан сияқты опасыздар. Біз білмей келіппіз, оның өтірік сопылығына алданып талай қыз сорлапты, — деп ол тісін бір шықыр еткізіп еді, Сәуле өксіп барып төсегіне етпеттей құлай кетті. Не ойы барын кім білсін, әйтеуір Перизат онан қалар емес, онымен бірге құлап, бір қолын Сәуленің беліне салып әлі күңіренуде.


— Есіл көз, есіл көз! Босқа бұлауланып қор болған. Ойбай ау, бұл еркек дегендер жынды көбелек емес пе, сол үшін көздің жасын қорламасаңшы. Ол көбелегін ертең –ақ елбектеп келеді, сол кезде сен: «Міне, саған арнаған менің махаббатым», — деп кеудесінен сылқита бір теп.


Сәуле оның, манадан бергі сөзінің бірде-бірін тыңдамастан Нұрланмен сайысып жатыр.


— Ех, Нұрлан, Нұрлан, асықпа, пасықтардың ойына алданғаның үшін тартасың жазаңды. Түсерсің менің табаныма, түсерсің. Сен мені жазықсыз жазаласаң, мен сені сол қылығын үшін жазалармын, жаралармын жаныңды. Перизат, мен тұншығып барамын, сен өз төсегіне барып жатшы.


— Құдай әмірі, көліктен екенін өзім де білмеймін, әйтеуір жігіттер үшін жылаған қыздардан жек көрерім жоқ, сондықтан болар, сенен дәл қазір өзімнің де безгім келіп жатыр.


— Безсең тезірек безші, тезірек... тезірек, — деп Сәуле оны кері серпіп жіберді, даусы да қаттырақ шығып кетті.


— Жаным ау, соншама мен пе жаздым? — деп Перизат Сәуле кері серпіген сайын жабыса түсті.


— Жаным жалғыздықты тілеп жатыр, ертең ертемен сол паркке тағы да барамыз, жат та ұйықташы.


— Жеті сағат бойы жыладың, бір түнге сол жетер, сен ұйықта... Ұйықтайсың ғой?


— Ұйықтамағанда сол үнін өлер деймісің.


— Міне, ақылды сөз. Жігіттер үшін ұйқыны бөлудің өзі обал, солай емес пе?.


— Солай... солай.., енді ризасың ба? — деді Сәуле тары да дауыстаңқырап.


— Ризамын, жаным, ризамын. Павелдің бүгін кететінін білгендей түнімен ұйқы көрген жоқ едім, құлағалы отырмын, қайырлы түн тілеймін, сау бол, — деп Сәуленің бетінен бір сүйді де, өзінің төсегіне барып құлай кетті.


Оны ұйқы жеңгені рас екен, басы жастыққа тиер-тиместен тынысы сирей қалды.


Сәуле оған берген уәдесін орындай алған жоқ, есіне әлдене түскендей кенет атып тұрады да, столға, онан терезенің алдына көз жіберді. Аузынан манағы: «Кім? Кім?» деген сұрау әлі түсер емес. Сол сөзді күбірлей жүріп столдың тартпасын, кітаптардың арасын ақтарып таба алмай дал болып аз тұрды да:


— Тым болмаса суретін де қалдырмапты... Сен осындай тас жүрек пе едің, Нұрлан ау... Нұрланым ау... — деуге ғана шамасы келді, көзінің жасын булыға төгіп, төсегіне қайтадан құлап түсті.


Кім бар жазықсыз аруды аймалап, жаралы жанын желпитін? Кім бар оның қара шашынан. сипайтын? Ешкім жоқ.


Ол бар бақыты көзінің жасымен бірге төгілгендей егіліп аз жатты да, бар денесі лапылдап бара жатқандай аһ ұрып көрпесін серпіл жіберіп қайтадан өксіп қоя берді.


— Мен бе екенмін адамдықтан айрылған сайқал? Мен бе екенмін жалған махаббатқа былғанған салдақы?


Оның жалындай лапылдаған аласұрған жүрегін терезеден сығалаған ай сәулесі ғана аймалап, «Нұрлан...» деп соққан жүрегін ай ғана тыңдады.


ЕКІНШІ ТАРАУ


Көрер таңды көзімен атқызған Сәуле Перизатты ертіп алды да, ертемен кешегі паркке тартты. Ондағы ойы кешегі күннің елесімен ес жинап, көңіл жұбатпақшы. Міне, кеше ғана Нұрланмен қолтықтасып өткен Қырым көпірі. Міне, гүлі жұпар шашқан саясынан бастап, іргесін тыным таппастан аймалап жатқан дариясының толқынына дейін сауықтың. сәнді сахнасына айналған парктің іші. Бәрі де кешегі қалпында, бәрі де сән-салтанатымен гүл-гүл жайнап құлпырып тұр. Бірақ үміт шіркін Сәулені тағы да алдапты. Көңілге қаяу түссе қиял да баяулап, тіпті мүлдем жаяулап қалады екен. Қам көңілді Сәулеге мынау кешегісінен де сәнді, халқы кешегісінен де қалың, сән-салтанаты кешегісінен де молая түскен парк көк жасыл аллеясына дейін құлазыған дала секілденіп кетті. Өзі үшін Нұрлансыз өмір нұрсыз екенін Сәуле енді ғана білген секілді. Нұрланнан басқаның бәрі жат болып, тіпті жақын достарының өзі де енді алыстап кеткендей сезінді.


Бұл парктың Горький аталғандығынан ба Сәуле оның көк қанат көбелектеріне де қызыға қарап, дауылпазды көз алдына жиі келтіретін. Кейде өзі теңіз жағасындағы биік жартастың басында тұрып, төменде, көк бұйра толқыны тулап жатқан жайқын теңіздің бетінде, бұлтты аспанын жарқылдатып найзағаймен асыр сала ойнап, дауылға қарсы самғап келе жатқан дауылпазға құшағын жайып, төсін төсеп тұрғандай, кейде сол дауылпазбен бірге аспанда самғап бара жатқандай сезінетін. Бүгін сол елестің бірі де жоқ, бәрі де сағымданып барып қайдағы бір қара тұманға сүңгіп, жоғалып жатыр. Сол тұманның ішінен Нұрланның ізін ғана көргендей Сәуленің жаны қапалана түсті. Қапаланған сайын әлсіреп, кез келген орынға отыра кетіп, көп отырып қалса өртеніп кететіндей қайтадан ұшып түрегеліп беті ауған жағына қарай сенделе берді. Бар демеушісі де, демеуі де қолтығында келе жатқан Перизат. Қандай тұңғиыққа батса да ендігі бар қармайтын талы әлсіз, түбінен жұлынғалы тұрғанын ол әлі сезген жоқ. Тек Перизаттың:


— Сол қарасы өшкірдің қарасы онан әрі өшсін, ондай опасыз үшін көздің жасын қорламай қайтайықшы, күн жауғалы келеді, — деген сөзін естігенде ғана ол Перизатқа ең алғаш осы арада тістеніп тұра қалды. «Апыр-ай, Перизат ай, сен осындай бетпақ па едің? Бетпақ болмасаң мұндай сөзді айтуға аузын қалай барды? Әлде Нұрланда кеткен бір өшің бар ма еді?» дегісі келіп қадалып тұр. Бірақ ашудың тартысына түсіп аз тұрды да:


— Нұрланды не десең де өзіңе айтшы., өз ішіңе сыйғыза алмасаң тек маған естіре көрмеші, — деді.


Ол соны айтты да, Перизаттың ендігі сөзін тыңдамайтын тұр көрсетіп алысқа қарап еді, манағы бір кезде көк жиектен қылтиған көк ала бұлттар көк торғынданып алып, ауыр салмақпен ақырын көтеріліп келеді екен. Аспан заңғарының әр жерінде бір шөкімнен қаңғып, қалқып жүрген ақша бұлттар да біріне-бірі жанаса бастапты.


Сәуленің көзі аспанда болғанымен, ой қанаты жер бауырлап жатыр еді, Перизат соны көре қалғандай:


— Мен көптен бері сенің көзіңнен бір ауыр азапты көргендей боламын. Аяулы Нұрланның атына ауыр қарғыс айтқызған да сенің сол қасіретің. Өзіңмен бірге қиналайын, сол азабыңды маған да бөліп берсең қайтеді?


Сәуле кенет жалт қарады. Көзін Перизаттың көзінен алмастан ауыр қимылдап қалтасынан бір хатты ақырын алды да, Перизаттың көзіне тоса қойды.


— Мен оны айту үшін сен алдымен мынаны жазған кісінің кім екенін айт!


— Бұл не? — деді Перизат үрейлене қарап.


«Бұл менің қасіретім, сенің қанжарың» дегісі келіп еді, жетпей айту ақылсыздық болатынын сөзді де:


— Сенің көзіңе түскен менің азабым осы, — деді де шеткерірек тұрған бір орындыққа отыра кетті.


Перизат хатты ішінен оқи тұрын айтар жауабын да сайлап алды:


— Мынаны жазған адам емес ит қой, иттің үргеніне қиналғандай саған не болды?


— Мені кейін есіркерсің, кінәлы болсам үкімімді де сен айтарсың, әзірше сен осы хаттың иесін айтшы.


— Оның кім екенін мен қайдан білейін.


— Ойлан!


Перизат оның «ойлан» деген сөзінің өзін ойлап сілейіп қалды. Бірақ қанша ойланса да:


— Нені ойлаймын? — дегеннен басқа сөз айта алған жоқ.


— Нені екенін де ойлан!


Перизат сезіктенді де, енді соны сездірмеуге тырысып ішінен тыпырлай бастады.


Осыдан он шақты күн бұрын студенттердің бір үлкен жиылысында Нұрлан совет жастарының адамгершілік қасиеттері жайында баяндама жасаған еді. Мына хаттың иесі сол баяндаманың жастардың махаббаты жөніндегі бөліміне қатты тиісіпті.


Нұрлан өзінің баяндамасында алғашқы махаббатты ардақтау керектігін, «көрінгенге көз сүзген көңіл арсыздыққа» ұрыну совет жастарына жат қылық екенін айта келіп: «Талғамастан мыңды сүйгенше, тандап жүріп бірді сүй, сенің махаббатын мәңгілік махаббат болса ғана нағыз адамсың, көшпелі махаббат малдан да табылады», — деген еді. Мына хаттың иесі, әсіресе, осыған тиісіпті. «Махаббаты мәңгілік болу үшін не көз ұялатын тең қосылған ақылдылар, не көз ұялтатын көріксіз болу керек. Бірақ өмірде ондай тең қосылғандар болған емес. Өйткені адам баласы өзінің қандай екенін ешуақытта дәл білген емес. Нұрлан Тайманов осыны неге ойламады екен? Егер тым көрікті болса ең ақылды қыздардың да ақымақ болып кетуі оңай екенін, ондай қыздардың тәні таза болғанымен, жаны кіршең келетінін баяндамашы жолдас қалай білмейді екен? Оған керекті айғақтар өзінің айналасынан да табылатын еді ғой. Өзінің сондай аңқаулығы — замандастарына ұсынар үлгісі, — депті. Оған өзінше келтірген жасанды, жалған дәлелдері көп. Сол көп дәлелдің бірі етіп атын атамай сұлу сымбатын суреттей келіп Сәулені де кіргізіпті. — Ақылына көркі сай көрінетін осы қызды адастырып... көрсеқызарлардың жолына салған аздырушы әзәзілдер кімдер? Басқаны білмейтін, сол әзәзілдердің ең басты атаманы — баяндамашы Нұрлан Таймановичтің өзі. Ендеше, біздің ол қыз үшін айыптайтын басты айыпкеріміз де сол. Өйткені, біз, мысалы мен өзім, жақсы білемін, ол қыздың кеудесінде үлкендігі жалғыз түйір бұршақтай ғана алтын түсті меңі бар. Соны басқалардың бәрінен бұрын көрген басты айыпкер сол», — депті.


Нұрланның жүрегіне қара түйнек болып қадалған дерт осы мең еді.


Бұл қалай? Қос алмасының дәл ортасында сондай меңі бары рас, оны Нұрланнан басқа жан көрмегені Сәуленің өзіне аян, ал Нұрланның оны паш етуі мүмкін емес. Сонда мына хаттың иесі мұны қайдан біледі?


Сәулені қинайтын жұмбақ осы.


Сәуле қиялын қанша шарықтатқанымен бұл жұмбақтың шешуін таба алған жоқ. Ол ғана емес, Нұрланды өзінен алыстатып бара жатқан мұнан да бір зұлымдық болғанын ол әлі сезген де емес.


Өткен демалыс күні Нұрлан мен Павел қала сыртында тұратын бір жолдастарының үйінен сағат түнгі бірдің кезінде қайтқан еді. Жатақханаға мезгілсіз келгендеріне қысылғандай жұрттың ұйқысын бұзбас үшін дәлізде екеуі де аяқтарының ұшынан басып келе жатты. Олар ұзын дәліздің орта тұсына жеткен кезде, Сәуле мен Перизаттың бөлмесінен өздеріне белгілі бір сайқал жігіт ұрлана басып шыға берді. Ол Нұрландарды байқаған жоқ. Қайта бұрылып аржақтағы біреудің бетінен шөп еткізіп сүйе сала әрі қарай сырғи жөнелді. Нұрлан мен Павел аң-таң. Екеуі өз көздеріне өздері сене алмай:


— Сен ештеңе көрдің бе?


— Сен ше? — деді екеуі біріне-бірі аңыра қарап. «Екі қыздың қайсысы опасыз?» деген сұрау екеуінің де көзінде тұр.


— Қайсымыздыкі екенін білмеймін, әйтеуір біріміздің намысымыз тапталыпты. Мен соны көріп тұрамын, — деді Нұрлан.


— Менің де көргенім сол. Сонда қайсымыздың? — деді Павел сезгіш жүрегі әлденені сезгендей дір ете қалып, — қыздардың сырын білуге сен мамансың ғой, жасырмай айтшы.


— Жасырма десең айтайын, менімше, тапталған сети намысың.


Қалтасында белгісіз біреудің Сәулені «опасыз» етіп көрсеткен хаты жүрсе де, мына сайқал жігіттің суық жүрісі ол күдікті қоюландыра түссе де, Нұрлан Сәулені жамандыққа әлі де қиғысы келмей, кінәлінің кім екенін айтып үлгергенше болған жоқ, сырттан Перизат жетіп келді.


— Паша! — деді ол Павелды келе құшақтай алып.


— Перизат! — деген сөз екі жігіттің аузынан үрей ала шықты. — Сен мезгілсіз неғып жүрсің? Сәуле аман ба?


— Сәуле ұйықтап жатыр. Meн жүрегімнің ұстамалы сырқаты ұстап, кең бөлмеден бір жұғым дем таба алмай, түнімен далада жүрдім. Сонда да басылар емес. Тіпті жарылғалы тұр. Паша, тыңдашы! — деді ол деміге сөйлеп, жүрегін Павелдың құлағына тосты.


Шынында, оның жүрегі тулап тұр. Бірақ .аурудан емес, жүгіруден. Өйткені, жаңағы сайқал жігітпен табалдырық үстінде сүйіскен осы қыз болатын. Ол келе жатқан буларды алыстан көріп қалған еді де, жігітті тез жөнелтіп жібере сала, өзі терезеден ытқып сыртқа шыққан еді. Енді келіп пәк жан бола қалды да, екі жігітті бірдей алдап кетті. Өзінің көзіне де, құлағына да сене алмай ой толқынымен теңселіп барып Нұрлан есікті аша сала шамды жағып жіберіп еді, Сәуле ешқандай аярлығы жоқ, таза жанның сәби ұйқысында балқып жатыр екен. Нұрлан өз ойынан өзі ұялғандай күйге түссе де, көргендерінің қайсысына сенерін білмей шыға жөнелді.


Сонан бері Сәулемен тілдескені кеше ғана еді. Онда да «сол түні сен Перизаттың алдауына түскен жоқсың ба?» деген сұраудан әрі бара алмай жұмбақ күйінде тастап кетті. Мұның ақыры үлкен өкінішке соқтыратынын ол сезген жоқ,Ал, Сәуле болса, Перизаттың бұл зұлымдығынан мүлдем хабарсыз. Оның түнімен «кім, кім» деп ой кездіріп іздегені де тек осы хаттың. иесі ғана. Енді бір сұрқиялықтың бір ізін осы Перизаттан тапқандай қадалуда. Оның, «ойлан» деген жай сөзінің өзі Перизаттың жанын суырып барады, сондықтан да ол не дерін білмей, аузына не түссе соны айта салып тыпырлауда.


— Түндегісі есіне түссе күндіз де шықылықтай беретін қандай сауысқан еді тап болғаның? деп мүләйімси қалып еді, Сәуле барлық ызасымен жалт қарады.


— Не дедің? Мен бе сенің кез келген сауысқан бір шоқитын тірі өлекседей көргенің? Жоқ әлде... — дей беріп еді, Перизаттың беті ду етті. Бірақ қан болып қайнап бетіне ойнап шыға келген ұят отын жалған аңқаулықпен тез бүркеп жіберді.


— Менің аузым сондай шықылдағыш сауысқандардан талай күйген-ді. Жазығым өзімнің ондай бақытсыздығымды жасырмай, сені сақтандырғаным ба?


— Сақшым болғаның үшін айтар алғысымды кейін естірсің, әзірше сен маған осы жазу кімдікі екенін айтшы.


Перизат хатты қолына қайта алып, қанша үңілсе де жазуды таныған жоқ.


— Мен өмірімде көрмеген жазу. Өзі бірнеше адамның жазуы секілді.


— Бірнешеу емес, ізін бүркеу үтпін жазуды бұлталақтатқан біреу. Кім болса да менің кеудемде сондай мең барын Нұрлан екеуіңнен де жақсы білетін біреу. Нұрланның айтуы мүмкін емес, басқалар секен ғана естиді. Неге айттың демейін, демеске ант берейін, тек кімге айтқаныңды жасырмашы.


Перизат сал ойланыл барып, басын шайқады.


— Жоқ, ешкімге айтпаған секілдімін.


— Ойлан?


— Ойланып ақ отырмын ау, бірақ, кімге айтқанымды таб.а алмай сорлап отырмын.


— Біреуге айтқаның анық, қон.


— Жоқ — деп Перизат сасып қалды. — Айтудың қисыны жоқ секілді.


— Бұлаңдама!


— Тоқта... тоқта, мен бұлаңдасам жігіттердің алдында бұлаңдаймын, сен менің қытығыма тие бермей, ойлануыма мұрсатана бер, — деп Перизат өтірік өжеттеніп алды.


— Болдың ба ойланып?


— Тоқта... Былтыр елге барған кезімізде біреу бірдеңе деп еді ау, не деп еді, жаным ау?.. Е, е есіме жаңа түсті. «Сәуленің кеудесіне біткен алтын түйме бары рас па?» — деп еді ау. Сол кім еді жаным ау?


— Оған сен не деп едің?


— Иә, бары рас, бірақ ол алтын емес, күндіз-түні бірдей жарқырап тұратын гауһар. Мен кітапты түнде ылғи ол ұйықтап жатқан кезінде сол гауһардың сәулесімен оқимын деп, сені бір жер жүзінде жоқ кереметі бар адам етіп шелиткенмін. Сол кім еді жаным ау? Өзі еркек пе еді, әйел ме еді?


Сәуленің шыдамы мұнан әріге жеткен жоқ.


— Ертең өзіңе сор болып жабысып, ор болып қазылатын өтірікті не үшін айтып отырсың? — деп бірден сарт етті.


— Сеніңше мен өтірік айтып отырмын ба, — деп Перизат сазбеттене қалды.


— Меніңше ғана емес, өзіңше де солай.


— Қалай?


— Сұрауыңа сұрау, әйел адам менің меңімді сұрап қайтеді?


— Егер ол Нұрланда кеткен есесі бар қыз болса, сені онан бездіруден ауыр жаза таба алмаса...


— Сен өзіңді айтып отырған жоқсың ба? — деп Сәуле сөзін бөліп еді:


— Нұрланда менің есем қашан кеткен еді? — деп Перизат ыршып түсті. Бірақ ол қанша ыршыса да, Сәуле қатулы қалпын өзгерткен жоқ.


— Неге екенін білмеймін, маған сенің есең талайда кеткендей көріне береді. Бөлекбас келе жатыр, оған сыр білдірмегейсің.


Перизат Бөлекбастың көзін алдау үшін өтірік жайдарылана бастап еді, кенет өзгере қалып ақырын күңк етті.


— Айтпақшы, сен осының тамырын басып бір байқашы, сенімен іштей өштің бірі осы секілді.


— Сен мұнымен де сырласып па едің? — деп Сәуле аңдаусызда бір іліп қалып еді, Перизат бар кегімен қадала қалды.


— Сәуле, шыдамның да шегі барын ұмытпағайсың. Сенде бар көрік менде де бар, сенде бар намыс менде де бар, екі намыс бірдей тапталсын демесең мынандай шылауыңды тоқтат.


Сәуле оны бір қолымен құшақтап алды, ішінен аяп та кетті.


— Неге екенін білмеймін, өмірімде тұңғыш рет бүгін ашуланудамын. Сол ашынудан ағат сөздер айтылып кетсе кешір, бауырым.


Жан-жағына маңғаздана қарап, маң маң басып Бөлекбас келеді. Жүрісі қандай маң болса, сөзі де сондай паң.


— Амансыңдар ма, менің алтын қарындастарым, — деп ол әр сөзін салмақтап, кеудесін кере түскісі келгендей кергіп қол ұсынып еді, Сәуле оны қағып жіберді.


— Қан сасытпай тарт әрі.


— Қан сасытпай?


— Иә?


— Менің қолым ба қан саситын?


Бөлекбас Сәуледен мұндай сөзді еш уақытта күткен емес еді, сондықтан ол өзінің жаңағы сіресіп қалған кердең қалпынан лезде айрылып қалды. Бірақ жаситын емес, Сәуленің оң жақ тізесін баса отыра кетiп, бір ыңқ етті де:


— Сәулетай ау, есің дұрыс па? Бұрнағы күні «қанды ауыз» деп едің, кеше «кеселсің» деңкек едің, бүгін бұлай деп нетесің. Аңдаусызда айтылған жүгі бір сөздің жазасы ма соның бәрі, жоқ әлде жаңадан тағар айыбың бар ма маған?


— Бар, ол — мынау! — деп Перизат жаңағы хатты жазып жіберіп Бөлекбастың көз алдына тосып еді, онан бұрын Сәуле жұлып алды.


— Жаманшылықтың жаршысы болған мұндай достығыңа рақмет.


Бөлекбас аң-таң. Ол маңғазданып екі қызға кезек қарайды, қарайды да жымияды, жымия бере өзінен-өзі жым болады.


— Қыздар, мен бірдеңе білсем, сендер түнімен ұйқы көрмегенсіңдер, — деген сөзі ғана мығым.


— Оның рас, — деп Сәуле оны жылы шыраймен шырмай бастап еді.


— Өміріңде қызбен бірге ұйықтап көрген жоқсың, біздің түні бойы ұйқы көрмегенімізді қайдан білесің? — деп Перизат әзіл тілімен шымшып алды.


— П-ә-ле, мына қыздың мақауын қара. Сен өзің мені софы көреді екенсің ғой. Әлде өзіңнен басқа қыз жоқ деп ойлайсың ба?


— Софы болмасаң, бізді басқалардан қызғанып аңдыған жігіт шығарсың, жігіт болсаң айтшы, біз қай жігіттермен түнедік, — деп Перизат оның бүйірінен түрткілей бастап еді.


— Кіммен бірге түнегеніңді өзің білмесең мына Сәуледен сұра, — деп Бөлекбас Сәулеге тағы да тиісіп еді, Сәуле оның дудыраған шашынан ұстай алып, шалқасынан орындықтың арқалығына бір ақ ұрды.


— Жоқ, сен бәрін де білесің, бүгін білгеніңнің бәрін де айтасың.


Осы кезде бұлардың ту сыртынан біреудің мырс-мырс күліп:


— О, керемет, керемет! Қайда көрсем де Бөлекбасты кілең жақсы қыздардың құшағынан көремін, бұл неткен бақытты жігіт! — деген даусы шықты.


Булардың институтында Шалтай деген екі жігіт бар-ды. Жолдастары олардың бірін «бала Шалтай», екіншісін «шала Шалтай» дейтін. Ал, Нұрлан «шала Шалтайды» «шал Шалтай» дейтін. Өйткені, ол екеуі құрдас. Бұл келіп тұрған сол Нұрланның құрдасы шал Шалтай екен. Нұрланның мұны «шал» дейтін жөні де бар, өйткені жастықтың ешбір нышаны оның бойынан көрінбейтін. Өңінің жастығы болмаса, кәдімгі аңқау шалға ұқсайтын. Ол ойын-сауықты да аз сүйетін. Киімді де өте жұпыны киінетін, көзінде көзілдірік, бір қолында таяқ, екінші қолында кітап болатын. Қайда жүрсе де бұл үшеуін тастаған емес. Бүгін де сол салтын бұзбапты.


Сәуле Перизатпен екі арасынан орын ұсынып:


— Жақсы келдіңіз ау, мұнда отырыңызшы, деді.


Шалтай келіп отырғанша болған жоқ, Сәуленің уысынан құтылған Бөлекбас орнынан атып тұрды да:


— Мұнда отыр, Шалтеке, мұнда отыр. Бұл қыздар сені ортаға алып неткелі отыр, — деді.


— Құлтайдың, қысымын көрген Шалтайға қыздардың қысқаны қызық қой. Айтпақшы, сені директор іздетіп жатыр, — деп Шалтай Сәуле ұсынған орынға отыра бере Бөлекбасқа иек қағып еді, оның көзі ежірейіп, шашы мүлдем үрпиіп кетті.


— Директор! — деген даусы да ышқынып шықты, — Ол мені нетпек?


— Оны – өзінен сұра.


— Күн болса демалыс, сонда ол мені нетпек? Сен мені мына сұлулардың қасынан бездіру үшін алдап отырған жоқсың ба?


Шалтай миығынан күле сөйлеп:


— Бар қауқарың дәмеңдей болса данышпан болар едің, ә?


— Ондай сәуегейлігіңе рақмет, мені алдаймын деп әуреленбе, шыныңды айтшы, мені шақырғаны рас па?


— Сен қашаннан бері менің құрдасым едің? Құрдасым болмасаң не үшін алдаймын? -Шалтай соны айтып, таяғымен жер тірей шіреніп еді, Бөлекбастың ызасы келді. — Маған оны айтқан өзіміздің жатақхананың дежурныйы, мен айттым, сен өзің біл. Мүмкін, сен әлде мені өзіңнің дұшпанын көретін шығарсың?


«Немене, мына қыздардың алдында өзіңді-өзің бір нету үшін керілгелі келіп пе едің?» дегісі де келді. Бірақ оны айта алмады. Ойланған сөзін Сәуле бөліп жіберді.


— Бүгінгі күн менің Бөлекбаспен сырласатын күнім еді, сіз шыныңызды айтыңызшы, мұны директордың шақырғаны рас па?


— Көре қалсаң тезінен директорға жібер деген өзіміздің дежурный, басқасын білмеймін. Мен айтарымды айттым, Бөлекбас естіді. Менің айтып, Бөлекбастың естігеніне екеуің куәсіңдер. Ендігі ерік өзінде, мен борышымнан құтылдым.


Бөлекбастың жүрегі қобалжыған болу керек, өңі бозарып кетті. Ол жасаураған көзін жағалай бір жүгіртіп өтті де:


— Бұл тегін емес, бауырлар. Адамның басы — тағдырдың добы ғой; кім біледі, мен де бір жаққа домалап кетермін, кете алсақ қош, Шалтайым, қош, менің аяулы асыл қарындастарым, — деді де ол тұра жөнелді.


— Қызық жігіт, ең жақсысы — ойланбай сөйлейтін мінезі, — деді Сәуле ұзап бара жатқан онан көз алмастан.


Перизат жақтырмаған кездегі әдетімен тісін шықыр еткізді.


— Қойшы, дәл осының қызық көрінетін түгі де жоқ.


— Оның ешкімге жаманшылығы жоқ, соның өзі қолдан келе бермейтін жақсы қасиет қой, — деп Шалтай Сәулені қостап еді.


— Жаманшылық істемейін деп жүрген ол жоқ, қолынан келмейді ғой, — деп Перизат егесе кетті.


— Олай деме, қарындасым, жаманшылық істеуге иттің де құдіреті жетеді. Мұның төбеттік болмаса да, күшіктік құрлы қауқары бар шығар. Біздің облыстық газетке оның өлеңі басылыпты.


— Өлең, кәдімгідей ақындардың өлеңі секілді өлең бе? — деді Сәуле таңдана қарап.


— Міне, оқып қара.


— Онда өлең шіркін өлексеге айналған екен, шеп секілді мал ашыққан кезде ғана жейтін! — Перизат тісін шықырлатты.


— Қане, не болса да тыңдаңдар, — деп Сәуле оқи жөнелді. Өлеңнің аты «Қара көз қарындасқа», авторы — Бөлекбас Бүлдіргенов.


Қарындасым,


Қара шашым,


Егін салып,


Астық алып


Аман-есен


Егін жайда


Жүр ме екенсің


Мені еске алып.


— Әттең сәл кешігіп қалыпты, егер мұнан отыз жыл ертерек туса жап-жақсы жарапазаншы болатын дарыны бар екен, — деп Перизат тағы қиқарланып еді, Сәуле мен Шалтай бұл сапар оған үн қосқан жоқ. Сәуленің көзі газеттегі өлеңде, Шалтайдың көзі Сәуленің көзінде.


Шалтай Сәуленің қабағынан әлденені көруге құштар, күрсіне шыққан соңғы сөзінен сол іздегенін тапқандай бір жымың етті де, тәуекелге бел буды.


— Мына бір ақша бұлттың құндыз болып құлпыруын ай. Өзі кейде тұйғынға ұқсап кетеді екен ау, — деді қақ маңдайда қалықтап жүрген бір шөкім ақша бұлтқа күлімсірей қарап. Біреумен қағысқысы келсе жердегінің өзіне де аспандап барып биіктеп күшейтілетін тұйғын секілденіп осылай шарықтау оның әдеті еді. Сәуле оның бұл әдетін жақсы білетін, сондықтан айтар сөзін сайлап алды да, сайыса кетті.


— Құндыз болып құлпырса — көзіңіз, тұйғын болып самғаса — жаныңыз сүйсінер, оның несіне шошындыңыз? Әлде жаныңыздың сүйсінуден шошынып, көзіңіздің қызығудан ұялатын сырқаты бар ма?


— Ондайлық сорлы емеспін, — деп Шалтай да өз шамасын көрсетуге тырбанып отыр, бірақ мына қыздың тегеурініне төтеп беретін хал жоқ секілді. — Самғаудың да шегі бар, құлпырудың да жөні бар дегенім ғой.


— Құзғын да өзінше самғайды, бірақ оның самғар шегі жүз метрден биік емес қой.


— Жеңілдім, жарқыным, тек құлпырамын деп құбыла көрмеңдер. Бұл саған айтар дауым емес, барлық қыздарға айтар арызым.


— Арызқор болмаңыз, әсіресе қыздарға арыз айта көрмеңіз.


— Неге?


— Бұл заманның қыздары жаны жастардың ғана арызын қабылдайтын болғаны да.


— Сонау аспандағы ақша бұлттар да бірдей емес ау. Оның ішінде де саған ұқсайтыны қанша болса, мына Перизатқа ұқсайтыны да сонша болар.


Перизат тісін шықыр еткізіп еді, Шалтай қиыр шеттегі бір кесек қара бұлтқа жалт қарады.


— Қалжың өз алдына, ана бір қара бұлт шынында да біздің Перизат секілді үндемей күркірейді екен.


Бұл сөздің жебесі өзіне тікелей тиіп жатқанын Перизат та сөзді бірақ ол мән бермеген болып, қабағын бір қақты:


— Мына бір байғұс көбелек барына мәз, ә?


Оның бұл сөзі ойламаған жерден Шалтайға дөп тиді. Перизаттың нысанаға алғаны ол емес, төбелерінде қалбаңдап жүрген бір дәу көбелекті көрген соң айта салған еді, Шалтай оны өзіне қабылдап алды да жаңағы қиыр шеттегі қара бұлтқа қайта қарап:


— Кел, кел, аспан әлеміне сыймай жарылып кетерсің, жақындап келіп қаттырақ күркіре.


— Қорықпайсыз ба? — деді Сәуле әңгіменің бетін бос қағыстан бұрғысы келіп:


— Күннің күркіреуінен бе? Қорыққанда қандай.


— Онда шайтаныңыз мол болды ғой.


— Апыр ай ә, сен оны қайдан біле қалдың?


— Солай деп талай естіген едім, енді соны көргім келіп отыр.


— Шайтанымның мол екені рас, бірақ жасына жетпей қартайған аңқау неме басқалардың шайтанынан жеңіле береді.


— Мысалы кімдердің?


— Мысалы әлгі бір Нұрлан дейтін сиқыршының.


— Оның сиқыршы екенін қайдан білесіз?


— Сенен білем. Егер ол сиқыршы болмаса сендей қыздың жүрегі оның қолына түспес еді.


— Шалтай аға, сіз менімен бұрын бұлай сөйлеспеуші едіңіз ғой, бұл қалай? Әлде менімен де құрдас болғыңыз келді ме?


— Некелерің қиылсын, құрдастықтың Шалтайын сонда көрсетемін. Айтпақшы, менің ол перім қайда? Ол неғып келмеген?


— Немене, сіз бүгін мені сықақтау үшін келген бе едіңіз?


Шалтай қарай қалды.


— Ол не сөз?


— Өтірік аңқауланбаңыз, — деп Сәуле манадан бергі жалған жайдарылықты қабағынан сыпырып тастап еді, Шалтай аңырып қалды.


— Өзім екі жыл бойы Нұрланның мазағы болып жүріп, мен кімді сықақтамақпын?


— Нұрланның қымбат досы, қадірлес құрдасы бола тұра оның мені талақ етіп тастап кеткенін қалай білмейсіз? Біле тұра сұрасаңыз сықақ емей немене?


— Сен қай тілде сөйлеп отырсың осы, алдымен соны айтшы, талағың не?!


Сәуле өзінің «талақ» деген сөзді ағат айтқанын тез сөзді де, оған қайта оралғысы келмей:


— Нұрлан құрдасыңыздың онан әрі қайда барып, қандай қыздың құшағына кірері маған әзір белгісіз, әзіргі кеткен жері Донбасс.


— Донбасс?


— Иә.


— Оған қашан кетті?


— Кеше.


Неге екені белгісіз, Шалтайдың кескіні лезде бұзылып сала берді, Сәуленің мұң басса да нұр шашып тұрғандай көрінетін өңінен көз алмай қадалған күйі таяғына сүйеніп тұра бере біреу төбеден ұрып жібергендей сылқ етіп отыра кетті.


— Сізге не болды? — деді Сәуле оның бетіне шошына қарай қалып. — Әлде олар жайында бір жайсыз хабар естідіңіз бе? Тез айтыңызшы, самолеттері аман ба екен?


Сәуленің сол үрейлі үні Шалтайды қайтадан жадырата бастады, өйткені ол оның даусынан Нұрланға деген махаббаты қаяусыз екенін сезіп қалды.


— Сәулетай ау, сен де бүгін менің сыңарым болыпсың ғой, не деп отырсын? Кеткенін өзіңнен жаңа ғана естісем, самолетін қайдан білемін.


— Сізде бір қиналу барын мен көзіңізден көріп отырмын, жасырмаңыз.


— Қиналуда екенім рас, бірақ ол сен ойлағандай емес.


— Енді қандай?


— Сенің Нұрланың мені бір ауыр өкінішке тастап кетті. Ол үшін енді өмір бойы өкінуім керек.


— Ауыр өкінішке?


— Иә.


Екі қыз оған қарай қалды, бірақ екеуінің қарасы бір болғанмен, ойы басқа; Сәуле Шалтайдың өкінішін білуге ынтықса, Перизат оны жасыруға ынтық.


— Егер ол Нұрланның салған азабы болса мен қалай білмедім?


— Сен оны екі жыл бойы білген жоқсың.


— Екі жыл бойы? Бұл не жұмбақ? Сіз мені мүлдем шатастырдыңыз. Менімше, сіздің бір азапты екі жыл бойы арқалап жүруіңіз мүмкін емес, сіз мені алдау үшін екі жылдың ар жағына жасырынып отырған жоқсыз ба?


— Екі жылдың ар жағына жасырынғаны қалай?


— Із тастап отырған секілдісіз.


— Мен мұндай сөзге түсінбеуші едім, ашығырақ айтсаң.


— Мен ізге түсуші ғанамын, айта беріңіз.


Шалтай ойымен бірге өзін де бір толғап алып барып, әлденеге бекінген түр көрсетті.


— Ол сайтан неме бұрнағы жылы мені бір тарының қауызына тыққан еді, соның есесін қалай қайтарғанымды айтып бүгін сенің алдыңа оған бір мақтанбақшы едім, көрдің бе ойламаған жерден кете қалып екі жылғы еңбегімді зая жібергенін..


— Неге?


Неге екені белгісіз манадан мелшиіп, көзінің қиығымен Шалтайды анда-санда бір шалып қалып үнсіз отырған Перизат осы тұста тісін қаттырақ шықыр еткізді. Шалтайдың жаңағы сөзіне ой жіберіп, алай-дүлей күйде отырған Сәуле оны аңғарған жоқ. «Бұл не? Бүгінгі барлық сөзі ар азабын шеккен адамның сөзі, бұл қалай, әлде мына хатты жазған осы ма? Фу, мен қайда лағып барамын? Сондай пасықтыққа басқаны қисам да, Шалтайды қалай қидым?»


Ойда отырған Шалтай Сәуленің жаңағы сұрауына әлі жауап қатқан жоқ. Ол өз ойымен алысып аз отырды да:


— Нұрлан қашан келетінін айтты ма? — деді.


— Қош айтыспастан кеткен адам қашан келетінін айтар ма?


— Қоштаспастан кеткені қалай? — деді Шалтай тағы да жайсызданып, — шала бауыздамай жөндеп айтсаңшы, бұл не? — деп Сәуленің көзіне телміре қалып еді ол сұраудың жауабы да жеңіл тиген жоқ.


— Көне дүниенің көк есегіне мінген қайыршы біреу тонап алып оны да қайыршы етіп жіберіпті, — депті әр сөзін балғамен ұрғандай шегелеп.


Сәуленің бұл сөзі Шалтайдың шымбайына қатты батқаны сонша ол от басып алғандай ыршып:


— Апыр ай! — деді даусы ышқынып шықты. — Апырай, Сәулетай ай, енді қайттім? Аңғал басым ау, мен не істегенмін?


— Сіз, не істеген едіңіз? — деп Сәуле жабыса кетіп еді, өз ойымен алысып-жұлысып отырған Шалтай оны естіген жоқ. Ал манадан үнсіз сазарып, қимылсыз отырған Перизат тісін осы тұста тым қаттырақ шықырлатып еді, Шалтай оны да елеген жоқ, елейтін түрі жоқ.


— Мен бүгін сізді тани алмай отырмын, бұл қалай? Әлде Нұрланды тонап алып, қаңғыртып жіберген сіз бе едіңіз?


— Сен мен түгілі, басқа қыздардың құшағынан сенің басқан ізіңді қымбат көретін Нұрланды да танымай отырсың ғой.


— Мен бәріңізді де танып болдым.


— Жоқ, сен бәрімізден бұрын өзіңді танып ал, Нұрланның сендей сүйетін, сені Нұрландай сүйетін адам дүниеге әлі келген жоқ, сен алдымен соны біліп ал.


— Сіз осыны шын айтып отырсыз ба?


— Ант етемін!


— Антыңызды олай арзандатпаңыз, тек Нұрланда кеткен есеңізді қалай қайтарғаныңызды айтсаңыз мең, сізге сенемін.


Шалтайдың, жаны қысылды. Шалтай қысылған сайын онан бетер қысылу Перизаттың ұстамалы сырқатына айналды. Ол Сәуленің көзін ала бере Шалтайға ернін тістелеп, басын шайқады, қайта-қайта қабағын шытты. Өзі салған өртке. енді өзі күйіп бара жатқандай жанталасып, енді оны сөндірудің жолын таба алмай сандалыста ойы қалжырап отырған Шалтай оның бірде-бірін аңғарған жоқ. Бір кезде ол еңсесін көтеріп алды да, өзінен көз алмай қадала қатып отырған Сәулеге қарады.


— Сәулетай! деді жалынышты үнмен, — Нұрланның маған не істегенін сен әзір естімей ақ қойсаң қайтеді?


— Неге?


Шалтай бұл сұраудың жауабын ойламастан басқаны ойлап кетті.


— Тоқта, тоқта... Мүмкін, Нұрланның өзі саған ендігі айтқан болар ау.


— Нені?


— Өзінің мені қалай сорлатқанын.


— Сорлатқаны қалай?


— Ол саған Күлтайдың мені қалай тұтқындап, жынымды қалай қаққанын айтқан жоқ па?


— Құлтайыңыз кім? Сізді тұтқындап жүрген өзіңіздің әйеліңіз Күлтай ма? — деді Сәуле тандана күлімсіреп.


— Иә, сол, соның өзі. Оны құтыртып, мені сорлатқан сенің Нұрланың. Сондықтан оған не істесем де рауа емес пе?


— Әрине, — деп Перизат жаны түсіп еді, ойланбастан Сәуле де соны айта салды.


— Әрине, бірақ ол мұндай қызықты қалай жасырды екен?


— Айтпасқа ант еткен еді, сабазың сол антында тұрған екен ғой. Қайда жүрсең де аман бол, бауырым, қыздардың бақыты үшін көп жаса.


— Ол аузын антпен бұзғандай сіз не істеп едіңіз?


— Оның не екенін айту да, айтпау да енді ауыр болып отыр ау, Сәулешім. Айтпасам сенің қиналатын түрің бар, айтсам елге күлкі болып өзім қиналамын. Әсіресе, мына Перизат сияқты қыздардың сықағынан қорқамын.


— Сәуле, осы ағайымыз қыздардың күлкісіне талай ұшырап масқара болған секілді. Біз қинамай ақ мазағын ашқызбай-ақ қойсақ қайтеді? — деді Перизат.


Сәуленің көзін ала бере ернін тістелеп, тісін тағы да шықырлатты. Бірақ Шалтай бұл сапар оның бірде-бірін елеген жоқ, ерлігіне бекінгендей ширығып:


— Иә, қыздардың апатына талай ұшырағаным рас. Аузы күйген үріп ішетін көрінеді ғой, мен солардан ауа жайылмай ақ қояйын, — деп еді.


— Қыздардың апатына енді ұшырай қалсаңыз аузыңыз ғана емес, жүрегіңіз де күйетін болар, — деп Перизат тағы бір шаңды тастап жіберді. Ол күле сөйлеп отырып азу тісін де бір басып қалды. Соған ерегіскендей Шалтай да аузын бір басты.


— Жоқ, мұндай ойыннан от шығып кетуі мүмкін, от шыға қалса оны сөндіре алатын данышпандық менде жоқ. Сондықтан тыңдай беріңіздер менің өздігімді.


— Өздігімді?


— Иә.


— Ал тыңдадық, өзіңізге ерлік көрінетін өздігіңізді, — деп Перизат жақындай бере оның санынан бір шымшып қалды.


Шалтайдың не айтқалы отырғанын білмей Перизат босқа қысылып отыр, Шалтай соны оның өзіне сездіргісі келіп:


— Мына бір сұрша бұлттың бостан-босқа желпілдеуін ай, деді де, басқа үнмен сөйлей жөнелді. — Шайтан азғырды ма білмеймін, бұрнағы жылы Нұрландармен көрші тұратын бір қызға өлердей ғашық бола қалғаным. Күлтайды алғалы бейтаныс қызбен сөйлесуді ұмытып кеткен басым, қызбен өзім тілдесуге батылым жетпей Нұрланға жалынып едім, ол алғашқы кезде «сенің мұның көрсеқызар диуаналық» деп жүрді де, бір күні оп-оңай көне кетті. «Егер осыдан бір қырсыққа ұшырай қалсаң, маған өкпелеме», — деді де, келесі күні келіп менен шүйінші сұрады. «Ертең сағат кешкі сегізден қалмай парктың алдына бар, сол жерде қызбен кездесесің», — деді. Мен оның шүйіншісіне бетінен бір сүйе салып, екеуміз отыра қалып қызбен кездесудің жоспарын жоспарладық. Нұрлан Күлтайды театрға, мен ғашығымды алып бір жолдасымның үйіне кететін болдым.


Оқудан жаңа барған кезім, ақшаға да онша бай емес едім, әркімнен қарыз ақша алдым да, айдап отырып базарға бардым. Қанша зат алатынымды ақша білді. Ақшаның жеткенінше кештің жабдығын алып, жолдасымның үйіне бардым. Ондағы жоспар — Күлтайдың көзіне түспейтін алысқа барып бекіну.


Жолдасым командировкеге кеткен еді. Қылымсыған кербез келіншегі болатын. Ол менің қызбен келетінімді құттықтап, қуанышпен қарсы алды. Жолшыбай біреуден қарызға шай жабдығын толтыру үшін алған ақшаны тағы бердім, оны да қуанышпен қарсы алды. Оның ықласы тым ақ ұнап тұр еді, дәл кетерімде ол қылымсып тұрып: «Шәке, көңілді отыруларыңа жақсы болады, сомпайып екеуден екеу келмей бір езді ерте келіңдер. Оның шығынын өзім ақ көтеремін», дегені. Әрине, онысы ұнаған жоқ. Өлмей қасымызға бөтен кісі ертемін бе «жарайды» дей салдым да, үйге жөнелдім. Жолшыбай «соңыра қыздың көзінше қырын қабақтанып отырса тағы қиын ау» деген ойға да келдім. Ақыры, бөтен адам ертпеске байладым. Бірақ ойым кешке жақын тағы бұзылды. Жүгіріп Нұрланға келдім, одан дүниеде жоқ бір сұлу келіншекті көрдім, ол саған сырттан ғашық екен, бізбен еріп барасың ба деп едім, ол «мен барсам сен ол қыздан қағыласың ғой» деп қалжыңдады да, өзінің Күлтайды театрға апармақ болған уәдесін айтып, қалып қойды.


Сонымен не керек, күн де батуға айналды. Кешкі сағат сегіз де жақындап қалды. Нұрланды ертіп Күлтай театрға кетті. Колхозға барамын, қазір машина келеді деген сылтаумен үйде қалдым да, олар кетісімен мен де жөнелдім. «Мен ұрлық қылғанда ай жарық болды» дегендей, менің сорыма қара жаңбыр құйып тұр. Жолда қанша жүргенімді білмеймін, әйтеуір парктің алдына барып тұрғаныма бір сағат өтті. Қыбыр еткен жан көрінбейді, дәл біреу күзетке қойғандай қақиып әлі тұрмын, әлі тұрмын. Әні келеді қыз жоқ, міне келеді қыз жоқ, Жаздай жаумаған есесін бүгін толтырайын дегендей жауын төпеген үстіне төпеп тұр. Жұрт анау ауыр, мынау ауыр дейді, дүниедегі ең ауыр — жауынның астында тұрып қыз күту екенін сонда білдім...


Сәуле мен Перизат күліп жібере жаздап барып тоқтады да, екеуі екі жақтан Шалтайдың күлімдеген көзіне қадалып қалды.


— Сонымен не керек, айдын, қараңғылығы ма, жоқ әлде күн жауын болған соң үйден шығарда кішкене қағып алып ем, соның кесірі ме, ауық ауық әйтеуір көзім де бұлдырай бастады. Әлі тұрмын, қыз жоқ. Уақыт өткен сайын «бұл сайтан қыз алдап кетті ме» деген күдік де күшейе түсті. Жоқ, алдаған жоқ екен, сағат тоғыздан он минут асқанда қыз да келіп жетті ау. Бұрын талай көргенмін, қыздың үстінде судыраған сұр плащы болатын. Ай қанша қараңғы болса да, сол ақсұр плащты тани кеттім.


— Қош келдіңіз, қарындас, — дедім мен қуанғаннан алқынып. Өздерін де мұндай халды талай көрген боларсыңдар, сондықтан дәл сол сәтте жүректің қалай тулағанын айтпай ақ қояйын.


Қыз қолындағы шатырын сәл көтерді де, артына қарай бере сыбырлаңқырап: — Үндеуші болмаңыз. Артымызда аңдушы бар. Бастай беріңіз, — деді. Мен қолтықтап алайын деп едім, қыз оған да көнбеді.


— Жолымызды тосушылар болуы мүмкін. Сіз алдыңғы жақты байқап отырыңыз, — деді тағы да сыбырлап.


«Аңдушы бар» деген сөз менің үрейімді ұшырды да, тайғанақтай жөнелдім. Қыз артта, мен алда. Жолдын ортасы батпақ болған соң, жиегімен жағалап бір ізбен келе жатырмыз. Қолтықтасып жүреміз десек жүре алатын емеспіз.


Қорыққандікі ме, жоқ әлде қуанғандікі ме, әлде буынымды арақ алып қалған ба, тәлтіректеп қолымдағы шатырды біресе таяқ етіп жерге тіреймін, біресе қалқан етіп төбеме көтерем, бірақ бөгелу жоқ, ауық ауық қызды бір тосып алып, манағы үйге қарай тартып келемін. Бір тәуірі баратын үйдің қыр жағындағы шахтының стакатында тұрған электрдің сәулесі алыстан атой беріп тұр. Соны нысана етіп алдым да, тарта бердім. Кейде ішімнен өзіме өзім кейіп: «Құдай ау, осы азапта нем бар еді. Әй, мұнан кейін қызбен жүрсем қылтам қиылсын», — деймін. Қойшы, сонымен не керек, өліп-талып жеттік ау.


Үй несі әйел барынша әзірленіп, бізді асыға күтіп отыр екен. Жауынды елемей келгенімізге қуанып, жақсы қарсы алғандай еді, сомпиып екеуден-екеу барғанымызды көргеннен кейін қабағы түсіп кетті. Ауызғы бөлмесі қараңғы екен, қызым галошын шеше алмай сонда бөгеліп қалды. Өмірімде қыздың галошын шешіп көрмеген басым онда жұмысым болған жоқ, төргі бөлмеге кірдім де кеттім.


— Басқа кісілерің бар ма келетін? — деді үй иесі әйел даусы әнтек дірілдеп.


— Айып етпеңіз, бір жігіт келем деп еді, жауыннан қорғалап келе алмады, — дедім. Неге екенін білмеймін, жүрегім қобалжып, менің де даусым дірілдеп шықты.


— Жауыннан қорғалаған жігітіңіз жігіт емес ешкі болар, — деді әйел күле сөйлеп, бірақ даусында ызғар барын сезіп тұрмын.


Осы кезде менің қызым да ауыз үйден кіріп келе жатты. Өзінен бұрын шатырын кіргізді де, бетін көлеңкелей есік алдында тұрып қалды. Үй иесі әйел қызды қарсы алуға беттей бере:


— Су еткен жоқ па, ештеңе етпейді.. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» деген, миханатпен көрген рақат бәрінен тәтті болады, — деді.


Ол соны айтып аузын жиғанша болған жоқ, қызымның қолындағы шатыр үй иесі әйелдің маңдайына барып сарт етті. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ менің маңдайым да тыз ете түсті.


— Сізді де ұрып жүр ме? — деді Сәуле күлкіден жөнді сөйлей алмай.


— Ұрғанда мені ұрсын, бетін жеңімен көлеңкелей бере қақ маңдайдан қайқайтып тұрып періп жіберіп еді басым қақ бөліне жаздады. Не болғанымды білмей есім шығып кетті. Ондайда қайдағы бір сұм ойлардың сумаңдап келгіші қандай, ұстамалы жыны бар қызға кездесіп, құтылмас пәленің қолына түскен екенмін деген қорқыныш ой сап етіп, зәре қалған жоқ. Бала кезімде жыны ұстаған бір адамның түрінен шошып, бір ай бойы ұйықтай алмағаным бар еді. Тағы сондай болады екенмін деп, қызымның сүймекші болып келген бетіне қайтып қарай алайыншы. Қорыққаным сондай, ауыз үйге қалай ытқып шыққанымды да білгенім жоқ. Қызым үй иесі әйелді сартылдатып столды айналдыра қуып жүр. Қалш-қалш етіп ауыз үйде мен тұрмын. Енді қайттім? Қой, көршілерге хабар берейін, жыны күшейіп кетсе анау әйелді өлтіріп тастар да, пәлесіне қалармын деп бір тұрдым да, оған батылым тағы бармады. Сүйтіп тұрғанымда үй иесі әйелдің:


— Жаным Күлтай ау, бір ауыз тілге келсеңші. Менің жазығым жоқ, қой, — деп зарлағаны естілді. Не болғанымды білгем жоқ, төргі үйге қайта кіріп барсам, столдың бергі жағында үй иесі әйел тұр да, арғы басында өзімнің Күлтайым тұр. Мә, саған қыз!..


Шалтайдың: «Тоқтаңдар, тыңдаңдар! Болса да айтқыздыңдар, енді түгел тыңдаңдар», — дегеніне Сәуле мен Перизаттың күлкісі ерік бере қоймады. Шектері қатып, көздерінен домалаған жаспен бірге өздері де домалап жер құшты.


— Жә, болыңдар, қойындар енді.


Екі қыз екі жақта әлі күліп жатыр.


— Мен енді айтпай кетіп қаламын. Қоясыңдар ма, жоқ па?


— Айта бер, ағатай, айта беріңіз! Көптен бері күле алмай көңіл кірленіп жүр еді, шерімді бір тарқаттыңыз. Көп жасаңыз, — деп Сәуле басын көтере бере күлкісін тыя алмай қайта құлап кетті.


— Ал мен кеттім, қош болыңдар!


Сәуле тізесінен тұра қалып ұстай алды.


— Қойдым, ағатай, қойдым.


Екі қыз күлкісін басып қайтадан орындарына отырды да, күлкіден аққан көз жасын сүрте бастады. Шалтай көзінің алдынан өтіп бара жатқан көбелекті қағып алып, соған ойлана қарап отыр.


— Сол кезде менің шыбындай жаным да дәл осы көбелектің жанындай ақ болып кетті ау деймін. Нұрланның алдап ұрғанын енді білдім, білгенмен құрдастыққа не істейсің. Азаптанып келген қызым өзімнің күнде көріп жүрген Күлтайым екенін елге қайтып айтармын. Айтпақшы, қызығы бар, мен кіріп барарын барсам да, ә, дегенде өз көзіме өзім сенбей, қайта-қайта қараймын келіп, қараймын келіп. Қараған сайын бойым қалтырай түседі. Апыр ау, анық осы өзімнің Күлтайым ба деймін ішімнен. Қойшы, ақырында Күлтай екеніне көзім жетті, жеткені бар болсын, енді манағы жынды деп қорыққаным түк емес екен, жанымның қысылғаны сондай Күлтай деген сөзді айта алмай: Кү-кү-кү-күл-тай деп кемінде бір минут тұрған шығармын. Құдайдың бір дес бергені, менің қорыққандағы түрім бір түрлі аянышты болып кетсе керек, ол бетіме қарап тұрып күліп жіберді де:


— Нұрланға берген уәдем бар еді, саған енді бір ауыз сөз де айтпаймын. Жаңа ашу үстінде қол тиіп кетті, оны кешір. Ал мына қатынды ма, үйін бұзықтардың ойнағы еткен бұл бұзық қатынды... — деп терезенің алдында тұрғaн жуан оқтауды ала салып столдың үстіндегі ыдыс аяқтарды сатырлатып ала жөнеліп еді, үй-іші жай түскендей болып кетті. Сонымен не керек, стол үстінде тұрған графина талқан болып бірі көкке ұшып, бірі жерге түсті. Тарелкалар жатыр күл болып, рюмкалар кетті ұшып. Ең соңында қалған жалғыз стақан еді, оны допша қағып жіберіп терезеден көшеге бір-ақ шығарды. Еттен бастап стол үстінде неше түрлі дәм тұр еді, бәрі де жерде шашылып жатыр. Үйдің іші арақ сасып кетті. Соларға қарап тырп ете алмай мен тұрмын. Үй иесі бейшараның есі шығып кетсе керек, безектеп біресе өзі есінен адасып тұрған маған жүгіреді, біресе қираған ыдыстарына ұмтылады. Не істерімді, не дерімді білмей, қалш-қалш етіп иек иегіме тимей мен жүрмін. Күлтай барлық, нәрсені қиратып, барлық тамақты шашып болып әйелге қадала қарап:


— Байың келсін, сенімен сонсоң сөйлесемін. Қираған нәрселеріңнің құнына мынаны бердім. Байың келгенше бай ет! — деді де шыға жөнелді.


Енді мен бұл үйге минут тұра алармын ба, үй иесіне «қош» деген бір ауыз жылы сөз айта алмастан мен де жөнелдім.


Ауыз үйге шыға бергенімде: «Құдай ау, еркек емес, езді қайдан әкеліп едің?» — деп жылаған үй иесінің даусын құлағым шалып қалды. Не өзіне, не дүниесіне арашашы бола алмай, өз әйеліме өзім қарсы тұра алмай істеген қылығым жаңағы болған соң, ездікті мойындамасқа амалым не? Не істерімді де, не сылтау айтарымды да білмей аз тұрдым да, сүйектен өткен сөзді зорға көтеpiп сөлмірейіп үйден шықтым.


Күннің манағы жауғаны жауған ба, нөсерлетіп тұр. Ой-шұқырдың бәрі көл-көсір болып кетіпті. Күлтай жалғыз кетуге қорқып есік алдында тұрған болар деп едім, қырсық шалғанда ол үмітім де алданды.


Манадан бергі қорыққан қорыққан ба, бұрын мұндай қорлықты көрмей өскен ерке неме ызаға шыдамай шахтының бір шұңқырына құлап өледі екен деп шыбын жанымды қоярға жер таппадым. Ұятты былай қойып айқай да салдым. Жауынның тасырлаған дыбысынан басқа тырс еткен түк дыбыс жоқ. Бұрын найзағайдың жарқылдағанынан өлердей қорқатын едім, енді оның жиі жарқылдауын тіледім.


Қойшы, сонымен не керек, жауынды даланы түнімен кезіп, таң ата үйге келсем, Күлтай әлі жоқ. Күні бойы қорыққаным қорыққан ба, оны өлдіге бағыштап, не істерімді, елге не деп жарияларымды білмей сандалып отыр едім, тілеуіңді бергірдің аман-есен жетіп келгені ғой. Сөйтсем, түндегі үйдің қасындағы бір таныстың үйіне түнеп қалған екен. Кеше кешке қызбен кездескенімде, туғалы мұндай қуанған жоқ шығармын деп едім жоқ, ол қате екен, Күлтай есіктен кіріп келгенде, қуанғаным сондай, көзімнен жас ыршып кетті. Күлтай менің ырсиған түріме ызалы мысқылмен күле қарап аз тұрды да:


— Әттең, әттең Нұрланға берген сертім бар, әйтпесе сені ме, сені ме, сені көбелек қып жіберер ем, — деді.


Қойшы, сонымен не керек, тоқсан ауыз сөзді тобықтай етіп түйгенде, сонан бері бір қызға көңілім ауса болғаны кенеттен төбе құйқам шымырлап, жүрегім мұздап сала береді.


Енді өздерің ақ айтыңдаршы, осындай күйге ұшыратқан Нұрланға не істесе де рауа емес пе? Өз әйелінен өзі қорыққан Шалтай шын ақ ез емес пе, ә? Менің манағы Күлтайдың да қысымын көргенмін дегенім осы, әңгіменің біткен жері де осы.


— Сіздің осыны айтуыңыздың өзі ерлік. Мен мұны солай түсінемін. Ал, оның қысасын Нұрланнан қалай қайтардыңыз, енді соны айтыңызшы? — деді Сәуле кеудесін кере дем алып.


— Екі жыл бойы алдаудың алуан түрін жасадым, оның, өзі өз алдына жатқан бір хикая. Мұндай мұндай күлкілі жайлар құрдастардың арасында бола береді ғой. Бұл үшін мен сенің алдында үлкен кінәлымын, Сәулетай. Кешіре гөр сол кінәмді, — деп бір тізесін бүге қалды.


Сәуле онан мұны күткен жоқ еді, сенерін білмей аңыра қарап сәл кідірді де:


— Сіз маған соншама не істеп едіңіз? Әлде мына хатты жазған сіз бе едіңіз? — деді көзіне көзін қадап.


— Иә, мен едім, Сәулетай.


Сәуле бұл жауапты тіпті күткен емес-ті. Сондықтан ол шошынғандай селт етті де, тіксіне қарап шегіне бере:


— Перизат, осы отырған кім? Анық өзіміздің Шалтай Елемесович пе? — деді. Даусы да жөнді шыққан жоқ.


— Нұрланның жүрегі сенсің ғой, Сәулетай. Оны қинау үшін осылай жүрегін жаралау керек болды. Әр тасқынның бір тосқыны бар, кеше солай тасып едім, бүгін алдыңа келіп бас ұрдым. Не үшін? Сен үшін! Сені қапаландырмау үшін өлсем іште кететін сырымды, сырымды ғана емес ау естіген елдің мазағы, күлкісі болатын өздігіме дейін айтып отырмын. Енді не істесең де өзін біл.


Сәуле оның көзіне қадалған көзін алмастан, өзін-өзі күшпен тежеп алды да:


— Құрдастығыңыз қастық болып шықты. Адалдығыңыз үшін сонда да кешейін. Бірақ сізбен Нұрлан ғана емес, енді мен де құрдас болдым ғой, егер мұның қысасын қайтара қалсам өкпелемеңіз, — деді.


— Сәулетай ау, бауырым ау, қысасты қайтарса Нұрланның өзі қайтарсын да, сен кіріспесеңші.


— Немене! Сонда мен бе екен сіздің қолжаулық етеріңіз! — деп Сәуле түйіле түскен саңын Шалтай бүрісе түсті. Ол бүріскен сайын Перизаттың жаны қысылуда. Мұндай қысталаң шақта оның қармайтын талы өзінің жалған сырқаты бар жүрегі. Соны сылтау еткелі алдын ала кеудесін ақырын сипалай бастады.


— Әй, аңғал басым ай, ойнаймын деп от бастым ау, — деп Шалтай назалана бастап еді.


— Сіз менің бір сұрауыма жауап берсеңіз, әлі де кешіккен жоқсыз, — деп Сәуле. Жылы шырай көрсетіп еді.


— Иә, отты басқаныңызбен әлі күйген жоқсыз, — деп Перизат Шалтайды бір іліп қағытып өтті. Оның мұны ие оймен айтқанын Сәуле аңғарған жоқ.


— Білемін не сұрайтыныңды, — деді Шалтай Сәулеге күрсіне қарап. — Бірақ мен оны әзір айта алмаймын. Нұрлан келген күні бәрі де айтылады, бәрі де ашылады. Жалынамын оған дейін мені қинама.


— Жоқ, — деді Сәуле кенет қатуланып. — Сіздің қылжақ кесірін.ізден мен аз қиналғаным жоқ, енді қиналсаңыз да айтасыз, мен айтқызамын, сіз айтасыз!


Осы кезде алыстағы радиодан шыққан сурет суық бір айдынды үн булардың ойын бөліп жіберді. Маңайдағы серуеншілердің бәрі де алысқа құлақ тігіп тына қалып аз тұрды да, радиоға қарай жөңкіле жөнелді.


— Бұл не?


— Жұрттың бәрі радио маңына жинала бастапты.


— Не болды екен?


— Не болса да барайық, жүріңдер.


Бұл үшеуі бірін-бірі осылай қолдап, бірін-бірі қолтықтап, жөңкілген жұрттың соңынан жүгіріп алаңға шығып еді, теңіздей тұтасқан қалың топтың қабағы сол теңіз басына шөккен қара бұлтқа ұқсап кеткен екен. Қабақтарынан қаһар жауып, қатып қалғандай бәрі де үнсіз, бәрі де қимылсыз.


Топтың шетіне жете бере бұлар да тыңдай қалып еді, айдынды үн жүректі бірден дір еткізді.


«Соғыс» деген бір сөз бүкіл жер шарын сілкіндіргендей, сол сілкінген жер шарымен бірге тербеліп тұрғандай Сәуленің жүрегі де дірілдеп кетті.


— Аһ, — деді ол кеудесінен жалын атып. — Бөлекбастың кешегі сандырағы рас, Нұрландар соғысқа шақырылған болды ау.


Сәуленің ойына бірден сарт еткен қорқыныш осы.


Бұл соғыс шекараның жай қақтығысы емес, тіпті мемлекеттердің арасында әр кезде бола беретін көп соғыстың да бірі емес, кескілеспей бітіспейтін өмір мен өлімнің соғысы екені, сол тұрғандардың санасына түгел жеткен секілді. Сонау алыс шетте, қиыр шекарада жүріп жатқан соғыстың жалыны келіп өз жанын шарпып тұрғандай қинала ызбарланып, күрсінбеген біреуі жоқ.


Сәуле радионы тыңдай тұрып маңындағыларға жағалай көз қиығын тастап еді, о ғажап, барлық көз бір көзге айналып кетіпті. Бұрын біріне-бірі ұқсамайтын алуан түрлі еді, енді қара екені, көк екені белгісіз, бәрі бірдей отқа айналып жарқырап, бәрі де оқ болып атылғалы тұр. Бар қаһары дауылды күнгі теңіздің толқынындай бұрқанып, жүздеріне шыға келген сол жұрттың көзінен көзін тайдыра бере өзіне ой жіберіп еді, жаны жараланып сала берді. Өйткені, жаңағы бір кезде жылт еткен үміттің жалғыз сәулесі бар еді, ол әлгі әңгімеден кейін Нұрланға қайта тұтанған, тұтана сала маздаған махаббаттың оты еді. Үміттің сол жалғыз Сәулесі мынау қанды тасқынның астында қалып, өзі сол қанды тасқынның бетінде, әр жартасқа бір соғылып бара жатқандай күйге түсті. Жаңа ғана тұнып тұрған қалың жұрт қайта жосып бірі қалмастан қалаға қарай беттеп барады. Олар осы дауылдатқан қаһарлы екпіндерімен барып бір-бірінен озып ентелеседі. Сәуле оның бірде-бірін сезген жоқ. Ол сона кетіп бара жатқан жұрттың кеудесін жарып шыққан ауыр күрсіністі де естіген жоқ. Сол бар үміті мелшиген қалпында әлі тұр. Келе жатқан жаңбырдың екпінді самалы маңдайының бір шоқ шашын үйіріп әкеліп көзіне тастап еді, сол тарамдалып келіп ақша бетін бүркеп тұра қалған қара шаштың арасынан көзі ғана жарқырайды, тірлігінің бар куәсі сол ғана. Оның меңіреуленіп қалған құлағына Перизаттың «кетпейміз бе» деген мұңлы үні де естілген жоқ. Көзін бір нысанадан алмай қадалған күйі үн қатты.


— Перизат, сен байқадың ба, адамның күні мен айы — Отаны мен сүйген жары екен ғой. Мен соны жаңа ғана сезіп тұрмын, тіпті аспанның күні мен айы қабат тұтылса да дәл мұндай күйге түспеспін, — деді де, Перизатқа жалт қарады. — Мен Нұрланды енді көрмейді екенмін... Иә, иә... жүрегім солай дейді, көрмейсің дейді.


Ол соны айтты да өксіп қоя берді.


— .Жә, жоқ сұмдықты айтпай, — деді Перизат тіксіне қарап.


— Сол сұмдығың жүрегіме әлден орнап алса амалым не, оны жұлып тастай алатын кімім бар менің?


Сәуле соны айтқан кезде Перизаттың жүрегі де елжіреп сала берді. Бірақ ол Сәуленің бетінде тұрған мөлдір тамшыны көздің жасы екенін, болмаса сіркірей бастаған жаңбырдың тамшысы екенін айыра алған жоқ.


Қара бұлт қоюланып, найзағай жарқылдай түсті. Бірақ өз жаны сол найзағайдай жарқылдап тұрған Сәуле оны елеген жоқ.


ҮШІНШІ ТАРАУ


1


Кеше бары бүгін жоқ, бүгін бары ертең жоқтай қауіп күтіп, қайғы жұтып, қасірет шеккен азалы елдің осы тұста намысынан өрт қаулап, кек қамалына бекінген де шағы еді.


«Н» қаласының үстінде аспан соғысы қызу жүріп жатыр. Көше толы түтін, кеуде толы жалын. Сол жалынды лаулата түскісі келгендей аждаһаша ысылдап келіп ауық ауық бомбалар гүрсілдейді. «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Әуе қатерінен сақтаныңыздар! Әуе қатерінен сақтаныңыздар!» — деп радио қақсайды. Соған қарамастан Көк шахтасының жұмысшылары шахтаның асыл бұйымдарын шығысқа қарай жөнелтуде. Соғыстың сұрапыл апатына әлден қатты ұшыраған осы шахта. Апаттың ең үлкені — сол өткен жексенбі күні кешке жақын бұл шахта барлық басшыларынан бір минутте айрылды. Мәжілістесіп отырған оларды жау бомбасы тегіс жайпап кетті, сонан бері бұл шахта есеңгіреуде. Қазіргі уақытша бастық Павел, оның орынбасары Нұрлан. Осы шахтаның тағдыры үшін жауап беретін осы екеуі мен трестің орынбасары Русак. ПІахтаның қажетті жабдықтарын, мүлкін Қарағандыға жөнелтіп, өзін жау қолына бүтін түсірмеу үшін бұлар қазір жанталасуда.


Поезға тиелген шахта жабдықтары мен әр түрлі жиһаздардың үсті толған адам. Бәрінің де бұлауланған көздері аспан соғысында.


Түйдек-түйдек шоқтай түйілген снарядтың жұдырықтай қара түтіні мен жанып құлаған самолеттерінен секірген жау ұшқыштарының ақ парашюті көк аспанның ашық бетін бала шұбарландырып жіберді.


Алдағы эшелон шығысқа қарай жол тартты. Неше жылдар бойы қиқу салып сайрандап өткен жерін қимағандай паровоздары қинала күрсілдеп ауыр қозғалып барады. Туған жерін қимай зарлана күңіренген ел де кетіп барады. Ауыр өксу, ащы зардың ішінен тек «қош қош» — деген әлсіз үн ғана тұншыққандай, талып естіледі.


Қара алтынның ордасы болған Донның даласы осындай қан сасыған қара мұнардың құшағында.


Шахтадан шыққаннан қай тарапқа қараса да көзінің көргені сол мұнар болып, өзінің жан дүниесі де сол мұнардай мұнарланып Нұрлан келеді. Ол ауыр ойда келе жатыр еді, алдыңғы жағынан біреудің күй сандыққа қосылып зарлата шырқаған әні естілді. Оны ести сала ыршып түсті. «Ел қайғысына шаттанған бұл қандай бетпақ? Әлде ел қасіреті есінен адастырған бейбақ біреу ме? Өзі біздің үйден шығатын секілді... Апыр ау, мынау Венераның даусы ғой... Оған не болды екен?»


Иә, ол Венераның даусы. Неге екені белгісіз, ол бүгін таң атқалы осынау бір мұңлы әнді зарлатуда. Не үшін зарлайтынын өзі де білмейтін болуы керек, жаңағы бір кезде шешесі: «Бүгін саған не болды?» деп еді «білмеймін» дегендей мойнын бір бұлғаң еткізді де, күрсінумен тынды.


Көшедегі шұбырған елге терезеден егіле қарап оның шешесі Марина Гавриловна тұр. Ол көзіне іркілген жасты бір сығып тастады да, музыканың ырғағымен бірге ырғалып, зарлана шырқап отырған қызына жақындады:


— Аспан әлегі алыстады білем, сен...


Оның сөзін радио бөліп жіберді. Енді «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Әуе дабылы тоқталды... Әуе дабылы тоқталды», — деп сұңқылдай бастады.


Марина шешей сөзін қайта жалғады:


— Әне, аспан әлегі алыстапты, сен шахта жаққа тары да бір барып қайтшы. Байғұс бала аштан елетін болды ғой.


Венера шешесінің «аспан әлегі алыстады» дегеннен басқа сөзін тыңдаған жоқ, өйткені ол қазір өз жүрегінен басқаны тыңдайтын халде емес.


— Алыстамай, жақындаса екен сол әлегі,деп күй сандықтың құлағың қаттырақ, басып-басып қалды да, жанары үлкен тұнық көзіне тола қалған жасты мөлтілдетіп қоя берді. Шешесі оның көзіндегі жасты көре сала қабақ шытты:


— Немістер төбеңе ажал төксе, сен көзіңнен жас төгесің осы ма сенің қарсы соғар қайратың? Осындай езілу ме өмірден алған тәлімін?..


— Мама... Мама... Мама.


Осы сөзден шешесі бәрін ұқты. Қызынын мінезін жақсы білетін шеше тез жадырап өзгере қалды.


— Сақтықта қорлық жоқ, мен аптекадан біраз дәрі дәрмек әкеліп алайын, сен шахтаға баратыныңды ұмытпа.


— Жарты сағат күтемін, оған дейін келмесе көрермін.


— Көреріміңді қой, апаратын бол. Павел келсе айт, ақылдасатын үлкен әңгіме бар, ешқайда кетпесін. Бүгіннен қалсақ кешігеміз, кешігер болсақ өмір бойы өкінеміз деп айтты де. Естіп отырсың ба?


— Нені?


— Фу, сен есіңді жинағанша өзім де қайтып ораламын, — деді шешесі шығып бара жатып.


Шешесі қызында бір сыр барын сезсе де, саған не болды деуден әрі барған жоқ.


Донбасс сияқты бүкіл әлемдегі ең бай өлкені тезірек басып алу үшін жау өршелене ұмтылып келеді. Әсіресе, Днепрден өтіп алғаннан кейін тым құтырынып кетті. Венераның жүрегіне өрт салған қорқыныш осы. Ол соңғы күнге дейін «мүмкін, жау біздің қалаға жетпестен жеңілер, біз ешқайда кетпеспіз» деген үмітте еді. Майдан шебі жақындаған сайын ол үміті әлсірей түсті, өйткені туған жерді жау қолына тастап кететін күннің қайғылы сағаты да белгілі бола бастады.


Қарағандыға баратын ең соңғы поезд ертең кешкі оннан қалмай кетеді, бұл үйдің іші сол соңғы поезбен кететін болған-ды. Майдан шебі жақындаған сайын Венераны бір ауыр сезім билеп алды. Не істеу керек? Сол сұраудың жауабын сұрағысы келіп шешесінің соңынан тұра жүгіріп еді, есікке жете бере кілт тұра қалып, кейін шегінді.


— О, ғажап! — деді өз-өзінен үрейлене күбірлеп. — Мен кешікпей жынданармын. Мамама не демек болдым? «Менің майданда жүрген жігітім бар, мен онан алыстап ешқайда кетпеймін» демекпін бе? Десе несі бар? Ол жүрген майданнан алыстап кетпейтінім рас болса оны айтудың несі ұят?


Оның бұл ойын көшеде шұбап бара жатқан жұрттың тұншыға күңіренген үні бөліп жіберді, әсіресе бір ақ шашты әйелдің жер құшақтап жылаған зары сай-сүйегін сырқыратып жіберді. Бәрі де қаланың шығысындағы станцияға қарай жаяу-жалпылы ағылып, бәрі де көз жасына не болмай егіліп барады. Сол шұбырған топтың ішінен біреу осы үйге қарай қол бұлғап қоштасу белгісін көрсетіп еді, Венераның да көзінен жас Ыршып кетті.


— Қош! Қош! — деді ол жасқа булығып, — егер де өзімді-өзім жеңе алмасам, сүлдерімді жаралы үмітіме сүйретіп соңдарыңнан мен де жетермін. Қош, бауырлар, қош!


Ол әлсірегендей теңселіп барып, терезенің жақтауынан ұстай алды. Жалмауыз дүниені көргісі келмегендей көзін жұмып, әзін өзі сілкіледі. Бірақ қасірет үні құлағынан кетпеді, сүйретіліп бара жатқан жаңағы елдің жадау түрі көз алдынан өшпеді.


— Шығыс... шығыс... Бәрі де шығысқа, менің Дулатымның еліне қарай, өзін-өзі сүйрелеп, шұбырып барады.


Ол соны айта жүріп айнаның алдында тұрған кішкене сандықшаның ішінен бір сурет алды да, соған телміре қарап тұрып қалды.


— Дулатым ау, сиқыршым ау, менің ақыл-есімді ұрлап алып, хабар-ошарсыз сен қайда жүрсің? Мені мұнша сиқырлап алған сен кімсің осы? Қыздардың жүрегін сығалай-сығалай сығырайып кеткен мынау көзіңде не керемет бар? Сол кереметің менің түсімнен де кетпейді, неге олай?.. Неге?.. Жоқ, сен оны емес, маған мынаны айт? Неге мен сен үшін басымды өлімге байлап немістердің қолында қалмақпын? Жоқ, оны да айтпа, сен маған тек мынаны айтшы? Мынау мөлдір көзін менің алдыма келіп қашан күлімдейді? Қашан?.. Сірә, мен кешікпей жынданармын. Жынданбасам бұл не? Неге мен есіме сол түскен сайын есеңгіреймін?


Ғажап... Не ғажап...


Ол өзін мұндай азапқа салған ғажаптың не екенін іздегісі келгендей үйдің ішін кезуілдеп біраз жүрді де, күй сандықтың алдына отыра қалып, халықтың бір ескі әнін тағы да аңырата жөнелді.


Нұрланның көшеде келе жатып естігені осы ән болатын. Ол әннен құлағын алмастан үйге келді, тыңдай жүріп шешінді де, жуынды. Төрт бөлмелі үйдің ортадағы үлкен бөлмесінде өзімен өзі алысып, қиял кезіп отырған Венера мұның бірде-бірін сезген жоқ,. Нұрлан есігін тықылдатып еді, оны да естіген жоқ, естісе де аңғарған жоқ. Тек Нұрлан есікті ашып:


— Рұқсат па екен? — дегенде ғана жалт етіп бір жанды да, қайта сөнді, сөнді де әнін тоқтатпастан айта берді.


Нұрлан күнірене сөйлеп жақындап келеді:


— Естігенім — қасірет зары, көргенім — қан сасыған дүние. Бүкіл Донның даласынан бүгінгі бар көргенім де, естігенім де осы болды ау, бауырым. Тым болмаса сол зарды сенен естімесем қайтеді?


Венера үн қатпастан көзінің жасын күй сандықтың пернесіне сүрткісі келгендей бетін басты да, ауыр қозғалып қайта көтерілді. Әлі үн жоқ, жанары үлкен кекшіл көзін тұнжырата түсіп, өзгеше бір жалын атқан ыстық сезіммен Нұрланға қарай қалды.


— Сіз әлі осында ма едіңіз?


— Енді қайда ғой деп едің?


— Мен сізді қашып кеткен болар, ендігі еліне де жеткен болар деп едім.


— Немене? — деді Нұрлан жаны ышқынып. — Венера, сен не айтып отырсың? Назың ба бұл, шының ба?


— Сағатыңызға қараңыз да, шахтаға кеткен шағыңызды есіңізге түсіріңізші, — деді Венера наздана қадалған қалпын өзгертпестен. — Сіз шахтаға кеткелі жиырма жеті сағаттан он минут асты. Өңіңізден көріп отырмын, сол ұзаққа созылған аштық қаныңыздың бір тамшысын қалдырмастан жалмапты, жүріңізші, тезірек тамақ ішіңізші, — деп тұра бастап еді, Нұрлан оны бір қолымен құшақтай алды.


— Тоқта, сен менің кеудеме жұдырықтай тас тығып жібердің, кеудеде тас тұрғанда өңештен ас өтпейді, алдымен сол тасты алып таста. Ол үшін мынаны айт: Мені «қашып кетті» деп ойлаған кім? Жалғыз сен ғанасың ба, жоқ әлде осы үйдің адамдары түгел ме? Мені «аға» дейтінің рас болса, алдама ағаңды, не болса жасырма.


Венера сәл жымиып езу тартты да, Нұрланның қолын кері сырғытып арқасынан ақырын түсіріп жіберді.


— Кешіріңіз, олай деп ойлаған адамды мен білмеймін.


— Енді не айтып тұрғаның?


— Ол сізге екі рет тамақ апарып таба алмай қайтқан ызаның сөзі, — деді де, ас стол үстін алуан түрлі дәмге толтыра бастады. — Қалжырадыңыз ғой, ақтың өзінен тартып жіберсеңіз қайтеді?


— Қалжыраған ештеңе емес ау, кеудем газға толып кетті. Соны жуып тастайын, бір стақан құйсаң құйшы.


Нұрланның ашыққан асқазаны да, шалдыққан денесі де азықтанып жадырай бастады, бірақ жаны жүдеу қалпынан көп өзгерген жоқ. Оның жанын жүдетушінің бірі осы қыз. Неге екені белгісіз, осы қыз Нұрланды көрсе шаттығы шалқып сала беретінді шығарды. Нұрлан оның осы сырына түсіне алмай дел-сал. «Менің періште» деп жүргенім сайтан ба?» деп өзіне өзі сұрау беретін де, сол сұраудың жауабын таба алмайтын. Венера да тапқыза қоймайтын. Өйткені ол өз бойынан ешқандай жат мінез көрсетпейтін. Бүгін де солай, Нұрлан оның жан дүниесіне қанша үңілсе де ізгіліктен басқаны көре алған жоқ.


«Қайтсе екен? Әлде өзінен сұраса ма екен?.. Оның қажеті қанша? Қажеті жоқты сұрап қайтемін?.. Жоқ, бұл қызда бір үлкен сыр бар, оны білмеу қылмыс».


Оның бұл ойын сыртқы есіктің қоңырауы бөліп жіберді. Келген почта тасушы екен. Оймен бірге айтылғалы тұрған сөз де бөлінді.. Венера почташыдан бір хат әкеліп ұсынып еді, Нұрланның жүрегіндегі шаттықтың бәрі көзіне ойнап шыға келді. Ол қуанғаннан хатты қалай ашуды білмей саусақтары от айнала ұшқан көбелектің қанатына ұқсап безек қақты.


— Сәуле! Сәулешім!.. Сен не деді екенсің, жаным? — деді алқына күбірлеп. Соны айтып жүрегі дүбір салды, соны айтып жасаураған көздері де телмең қақты. Дірілдеп шыққан даусында ауыр аңсаудың мұңлы сазы бар.


«Нұрлан! Барлық арманы көз жасына, барлық сағынышы қасіретке айналған Сәуленің сүйретілген сүлдері Москвадан Қарағандыға кетіп барады. Өзі Қарағандыға кеткенмен, жүрегі Донбастағы сенде қалды, ие бол. Ол үшін: қасіреттің сұрапылы қанша қатты соқса да, өзіңнің кім екеніңді, қандай халықтың перзенті екеніңді ұмытпа! Ол үшін: жар сүйе білмеген адамның өлексе екенін, өлекселіктен өлі артық екенін ұмытпа! Сонда ғана сен мені жадыңда сақтайсың. Сонда ғана сен бұрынғы Нұрланымсың. Ал менің табынар тәңірім — өзімнің адал махаббатым. Оны сен жақсы білесің. Басқа бақыт мен үшін қасірет, оны да біліп ал!


Павелға сәлем айт. Нұрланыма мені жоқтатпасын.


Сәулең 10. 8. 41 ж.


Венераның көзі манадан Нұрланда. Көзі Нұрланда болғанымен, ойы алыста екен. Сол алыстағы ойы әлденені, әмір етті ме қалай, өзгере қалып мырс етті.


— Сізді осынша азаптап, мені өзіне сырттай ғашық қып қойғаны үшін бетінен бір сүйер едім. Дулаттың сол апасын мен қашан көрер екенмін? — Ол соны айта сала «неге айттым» дегендей ернін тістелеп теріс айналып, бұрыштағы айнаға қарай жүріп кетті.


Нұрлан кімнен нені естігенін білмегендей, тіпті осы естіп отырғаны өңі екенін, түс екенін біле алмағандай аңырып, аз отырды да:


— Бауырым ау, жаным ау, — деді алқына сөйлеп, — сен не дедің? Кімнің апасы дедің?


— Дулаттың дедім.


— Дулат! Сен оны қайдан білесің?.


Венера бұл сұраудың жауабын берместен зыта жөнеліп еді, қарсы алдынан Павелдың:


— Нұрлан келді ме? — деген даусы шықты.


Венераның аузынан естілген «Дулат» аты Нұрланды белгісіз бір шаттыққа кенелдірген еді. Күтпеген жерден кездескен бұл шаттық оны мүлдем масаттандырып тастаған секілді. Сондықтан ол Венераны дәл қазір дүниедегі ең жақын адамындай көріп, бар шаттық даусымен айғай салды:


— Құда! Мен мұндамын.


Павел оның даусын естісе де, «құда» деген сөзінің байыбына барған жоқ.


— Сен мұнда болсаң бір жұмыс біткен екен, — деп Павел Нұрлан отырған бөлмеге кіре бере, соңынан ере кірген Венераға бұрылды. — Сен тезінен қаланын батыс шетіндегі ақ көпірге жетші.


— Онда не бар?


— Сол жерде бір жаралы ұшқыш жатқан көрінеді. Оның хабарын жеткізген жаралы солдаттың сөз әлпетіне қарағанда, ол сенің бір танысың секілді.


Павел соны айтып Нұрлан отырған ас үйге кіріп келе жатты.


— Ал, бауырым, тірі екеніңді көрдім, халің қалай?


Ілесе кірген Венераның даусы оның ойын бөліп жіберді.


— Аты-жөнін айтқан жоқ па?


— Жоқ, тек қазақ, екенін ғана айтты.


— Қазақ! — деді Венера бар шаттық даусымен. Ол әлдене айтқысы келіп Нұрланға тұра ұмтылды да, оған жете бере кілт тоқтап кейін шегінді. Шегіне бере Павелға ұмтылды, айтарын оған да айта алған жоқ. — Онда сол! Сол! — деді де шыға жөнелді! «Сол» дегені кім екенін айтып кетуді де ойлаған жоқ, тек «сол, сол!» деген даусы бірте-бірте алыстап бара жатты.


— Венера, мені де ерте кет! — деп Нұрлан ұмтыла бере аяғын баса алмай тұрып қалды. — Паша, менің аяғым ұйып қалыпты, жүгірші. Венераны тоқтата тұршы.


Павел тез атылып барып терезені ашып жіберді.


— Венера! — деген даусы да саңқ етті. Бірақ Венера оның даусын естіген жоқ, таныс біреудің көлденен келіп тұра қалған машинасына барып, бір ақ сүңгіді.


— Менің қарындасым сенің далаңның қаршығасына ұқсап кетті, — деді де Павел кенет ойланып Нұрланға қарады. — Ол жаралы саған не үшін керек болды?


— Ол жаралы қазақтың кім. екенін мен сезіп отырмын, — деді Нұрлан аяғының құрысын жұдырығымен түрткілеп.


— Ол кім?


— Ол — Сәуленің інісі Дулат.


— Сәуленің інісі? Венера оны қайдан біледі?


— Екі жылдан бері ол да Венера оқитын Киевте оқитын еді, сонда таныс болған секілді.


— Ол да шетел тілі институтында оқи ма?


— Жоқ, ол ұшқыштар дайындайтын әскери мектепте оқитын.


— Ым, солай де.


— Солай, екеуміздің енді құда болуымыз да ғажап емес.


Мұны күтпеген Павел аң-таң, бар айтқаны:


— Мүмкін... мүмкін...


— Оның көпір аузында жатқаны қалай?


— "Майданнан келе жатқан бір машина жаралыны жаудың жаңағы бір келген құзғындары сол көпірге жете бергенде бомбылап кетіпті. Тірі қалғаны сол екеуі ғана секілді.


— Мен де барайын, ол көпірге қалай, немен баруды айтып берші, — деп Нұрлан тұра бастап еді, Павел оның иығынан басып қалды.


— Венера келсін, кім екенін білейік. Егер анық Сәуленің інісі болса мен де барамын, ол орналастырып қайтқан ауруханаға барамыз. Оған дейін жұмыс жайын кеңесейік, ие бітті, не қалды?


— Шахтаның Қарағандыға жіберілетін жабдықтары жер бетіне тегіс шығарылды, қазір станцияға тасылып жатыр. Ствол төрт жерінен тесіліп, қопарғыш заттар орнатылды. Иелерінің таласы бітсе, от берілуін күтіп тұр.


— Рақмет, — деді де Павел өз ойымен алысып, үйдің ішін кезіп кетті.


— Өзің не бітіріп қайттың? Обкомдағыларға жолыға алдын ба?


— Жоқ, бәрі де осы эвакуация жұмысымен жан жаққа шабуылдап кетіпті. Енді бұл шахтаның тағдырын өзіміз шешпесек ұтыламыз. Ең алдымен шешетініміз — Русактың бұйрығы: меніңше, ол бұйрықты орындау — жауға соғыспастан берілу, өйткені мұндай алып шахтаның тек стволын ғана құлатып, өзін аман тастап кету — тізе бүгудің масқара түрі.


— Сен не десең де мен ойланбастан бас шұлғи беруші едім, осы сапар ойланудамын...


— Ойлан, жақсылап ойлан! — деді Павел сөзін нығарлай сөйлеп.


— Мен ойланған сайын ұялып, ұялған сайын қиналудамын ау, бауырым?


— Кімнен ұяласың?


— Ертеңгі ұрпақтардан.


— Ұрпақтардан?


— Иә... Кеше ғана өз қолымызбен орнатқан дүниемізді бүгін өз қолымызбен талқандаймыз, ол үшін қалай қиналмаймыз?


— Егер Русактің бүгінгі данышпандығы Ертең немістердін мазағы болып шықса, ол үшін қиналмаймыз ба?


— Данышпандықтың мазақ болғаны қалай?


— Немістер біз жартылай құлатқан стволды оп-оңай аршып алады да, ар жағында даяр тұрған штректерге түсіп алып, ең байлыққа кенеледі. Өзін-өзі алдаған ақымақ болып біз қаламыз. Сонда мұның аты мазақ емей немене? Жоқ, досым, жаудың мазағы болғаннан, ажалдың азығы болған жақсы, сондықтан біз мынаны істейміз. Мен өзіміздің бастапқы жобамызға мынандай өзгерістер кіргіздім, — деді де, Павел бір парақ қағазға шахтаның ішкі құрылысын сыза бастады. — Мынау ствол, мынау — штректердің мына жерлерінен авал жасап немістердің жолын жеті жерден кесеміз. Олар мұның бәрін аршып кемірге жеткенше, біз жеңіс күніне де жетеміз.


— Оның бәрі дұрыс, бірақ стволдан басқасы әзір емес, енді үлгірмейміз ғой.


— Мен үлгіретін болған соң айтып отырмын.


— Ертең кететін болсақ қалай үлгіреміз?


— Мен үлгіремін.


— «Мен», — деп Нұрлан оның бөліне қалғанына түсіне алмай тіксініп қалды. — Түсінбедім.


— Шешемді өз шешеңдей, қарындасымды өз қарындасындай көруіңді тілеп, ол екеуін сенің қолыңа беріп, Қарағандыға жөнелтемін де, өзім осында қаламын.


— Не-ме-не? — деді Нұрлан шошына қарап.


— Мен саған онан да қорқынышты, бұл күнге дейін жан баласына айтылмаған, бір құпия сырымды айтқалы отырмын, жүрегің жарылып кетпесін, сақ бол.


— Ол сұмдығыңды қоя тұр да, мұнда қалатын себебіңді айтшы. Сонда сен шахтаны құлату үшін басыңды өлімге байлап, жау қолында қалмақсың ба?


— Бір ғана шахта үшін менің өмірім ондайлық арзан емес.


— Енді не үшін? Біздің қайда керек екенімізді партияның өзі белгілеп берді. Жауды жеңу үшін құрал керек, құрал жасау үшін көмір керек екенін, сондықтан Қарағандыға тезірек жетіп, Отанымызға Донбасты жоқтатпау керек екенін айтып берді. Оған теңдесе алатын қандай мақсат бар? Әлде партизан болғың келе ме?


— Партизан болуды тағдыр маған жазбапты.


Нұрлан аңырып қалды:


— Тағдырдың жазбағаны қалай? — деді ол тандана түсіп. — Мен жақсы білемін. Отанға деген сендегі махаббаттың жалыны — талай жаудың ажалы. Онан артық тағдырдан не сұрамақсың? Партизан болу үшін онан артық қандай құрал керек?


— Мені ажалға қарсы жалғыз айдап тұрған сол махаббаттың жалыны.


— Түсінбедім...


— Иә, мен қазір өзім де түсіне алмай отырмын, — деді Павел өзіне іштей сұрау бере ойлана сөйлеп.


Павел өзінің құпия сырын қайта бүркегісі келді ме, жоқ әлде Нұрланға артар тағы қандай аманаты барын ойлап отыр ма, әйтеуір ол көзін бір нысанаға қадап үн қатпастан қатып қалды.


Нұрлан да өз ойымен алысып қиналуда. «Шешесін өз шешемдей, қарындасын өз қарындасымдай көретін болсам, неге өзін өзімдей көрмеймін? Егер өзін өзімдей көретін болсам, не көрсем де бірге көріп, ол өлген жерде мен неге өлмеймін?»


Нұрланның ойлап отырған ойы осы. Сол ойына бекініп алды да:


— Жоқ, досым, оның болмайды. Сен үшін мен ар азабын тарта алмаймын. Сен қалсаң — мен де қаламын, сен кетсең мен де кетемін. Қысқасы не көрсек те бірге көреміз, өлсек бірге өлеміз, — деп жолбарысша атқи түрегеледі...


Павел оның бетіне тесіле қарап аз отырды да:


— Әттең, — деді Нұрланды бір қолымен құшақтап, — сенің қалуыңа болмайды. Егер қасымда сен болсаң, мен немістердің талайын ажалдай соғар едім.


— Менің қалуыма неге болмайды?


— Сенің ешқандай сылтауын жоқ.


— Неге жоқ, сен не үшін қалсаң, мен де сол үшін қалдым.


— Донбасс сенің туған жерің емес, сондықтан менің сылтауым саған сылтау бола алмайды. Егер ондай өтірікті айта қалсаң атыласың да қаласың.


Нұрланның сылтау іздеп әр қияны бір кезген ойы бір тұңғиыққа сүңгіп барып қайта шықты да, мырс етті.


— Ағат болса ғапу ет, мен немістерді сендіретін бір сылтауды тапқан секілдімін.


— Қандай?


Нұрлан тапқан сылтауын айтуға оңтайланып еді, жаңа ғана жадыраған қабағы қайтадан түйіле қалды.


— Жоқ, оны айтудың қажеті жоқ екен.


— Неге?


— Ол сылтауымның Венераны қынжылтуы мүмкін екен. Оны қынжылтқаннан немістердің қолынан қиналғаным жақсы.


— А, сен немістердің көзіне Венераның күйеуі болып көрінбекші ме едің?


— Күйеуі емес, сүген жігіті болып көрінбекші едім. Сені қимай қаңыраған басым солай қаңғырыпты, — деді де Нұрлан кенет ойлана қалды. — Тоқта, тоқта... менің басым қаңғырмаған секілді... Өзін сүймеген қызға да ғашық болатын әумесерлердің талайын көргенмін Мен сол әумесерлердің бірімін. Венера қынжылса қынжыла берсін, мен оның жалған ғашығымын. Қалай, мұндай сылтау саған ұнай ма?


— Сылтауын ұнайды, бірақ мынау есінде болсын, — деді Павел салмақпен. — Егер немістерді алдау үшін жасаған жалған ғашықтығың шын ғашықтыққа айналып, Сәуленің жүрегіне қаяу салатын болсаңдар, алла атымен ант етейін, екеуіңді де өзім жайратамын. Сем алдымен соны, сонан кейін менің кім екенімді біліп ал.


— Немене, мен сенің кім екеніңді бұрын білмеуші ме едім?


— Әрине, сен өзіңнің жеті жыл бірге оқыған досың Павел Данилюкті жақсы білесін, бірақ, немістермен жалғыз жүріп соғысатын Данилюктің кім екенін әзір білмейсің.


— Егер жаумен жалғыз соғысар болсаң, елінен безген Даннлюкті білмегеніме қуанармын.


— Маған мұнан былай өз елімнен гөрі немістердің көбірек сенуі мүмкін, сондықтан ондай сөз құлағына кірмейді.


Нұрлан шошып кетті.


— Не-не-ге? — деген даусы да ышқынып қатты шықты. — «Немістердің көбірек сенуі мүмкін?»


— Иә, солай, досым. Мен сендер ойлағандай халқының мақтаны болған Данилюктің баласы емес, халық жауы Громовтың баласымын. Енді түсінікті ме?


Нұрлан сенерін де, сенбесін де білмей ашулы кездегі әдетімен көзін сығырайта қарап ақырын тұра бастап еді, Павел:


— Отыр, — деді күрсіне сөйлеп, — мен мұны саған мақтан үшін болмаса сені НКВД ға барып хабарласын, олар келіп мені тұтқындап әкетсін деген оймен айтып отырғаным жоқ. Сені не істесе де кім екенімді біліп істесін, қастасса да кім екенімді біліп қастассын деп отырмын.


Жаңа ғана отыра қалған Нұрлан:


— Жалған... Жалған! — деп қайта ыршып тұрды. — Жоқ, жалған емес секілді... Бұл қалай? Сонда Данилюк кім? Ол сенің жалған фамилияң ба?


— Ол менің туған нағашым, жастайымнан асырап алған әкем, өзінің Роман дейтін офицер баласы болыпты. Ол Азамат соғысы кезінде Совет өкіметіне қарсы соғысып, жеңілгеннен кейін шет елге қашып кетіпті. Жалғыз баласынан солай қайғылы күйде айрылғаннан кейін, нағашым мені бала етіп алыпты. Ол кезде мен үш жаста екенмін. Ex, Роман... Роман...


— Сонда туған әкең кім?


— Ол бүкіл Донбасқа белгілі шахтер болатын. Оның соңғы өмірі қайда барып, қалай құлағанын мен былтыр мархұм нағашымның аузынан естідім. Сенуі қиын сол бір шындықты өзім естіген қалпында айтып берейін, тыңдап ал.


— Ойым астан-кестен болса да құлағым сенде, айта бер! — деді Нұрлан оның көзінен көз алмай қадалып.


— Ол — нағашымның ақтық демі бітер шағында мені оңаша шақырып алып артқан аманаты болатын.


Павел соны айтарын айтса да, әке аманатын айтуға күші летпейтіндей ауыр күрсініп аз уақыт үнсіз отырып еді, Нұрланның шыдамы жетпеді.


— Ол қандай. аманат? Немістермен соғыса қалсаң Қызыл Армияға да, партизандарға да қосылма, жеке жүріп жалғыз соғыс деп пе еді?


Павел салбырап кеткен еңсесін кенет көтеріп алды да, сөйлей жөнелді.


— Ол маған өзім өмір бойы «Марина апай» атап келген мынау 'Марина Гавриловнаны мұнан былай «мама» деуді аманат етті. Ол маған өзім өмір бойы жезде көріп, төрт жылдан бері халық жауы атап келген Игорь Громовты мұнан былай «папа» деуді аманат етті. Ол осыны айтқан кезде мен ыршып тұрдым. Ол өзінің әлсіреген соңғы үнімен ақырын сөйлеп жатыр. «Жау емес, жау емес, — деді ол екі рет ышқынып. — Сенің әкең жау емес. Ол халық жауларының жауы, ол жаланың құрбаны. Ол өзінің халық жауы емес екенін сендіре алмай, күшпен мойындатпақ болған тергеушіні орындықпен ұрып жыққаны үшін соққыға жығылыпты. Сол соққыдан айыға алмай түрмеде өліпті. Мен мұны жуырда ғана сол тергеушінің өз аузынан естідім. Ол ар азабына шыдамай, дәл өлерінің алдында мені үйіне шақыртып алып, осының бәрін жылап жатып айтты да, менен кешірім сұрады».


Нағашым соны айтқан кезде мен не болғанымды білгенім жоқ. «Сіз не дедіңіз? Ондай сұрқияның көз жасы үшін менің әкемнің қанын кештіңіз бе?» — деп айғайлай түрегеліп едім, нағашым мәңгі жұмылғалы жатқан көзін жасқа толтырып, үн қатқан жоқ. Мен ештеңе айта алмай, оның алдына тіземді қайта бүктім. Өйткені, мен есімді жиып, көзімнің жасын тыйғанша, ол тағы бір сұмдықты күбірлей бастады. Менің сол күбірден естіген сұмдығым — әкемнің өміріне ажал болып тиген жала нағашымның баласы Романның шет елден жазған бір хаты екенін білдім. Нағашым соны айтты.да, өзінің сондай баланы дүниеге әкелгені үшін ұялғандай көзін шарт жұмып алды. Сонан қайтып бір ашпастан мәңгі жұмды. «Ар азабы» деген сөзді менің тұңғыш естігенім осы еді, сондықтан әйтеуір нағашымның сол сөзі есіме түскен сайын жаным түршігіп фашистермен соғыса білмесем де ертең ар азабын шегетіндей қиналамын. Міне, сен білмейтін Данилюктің сыры. Егер жау қолынан қаза тапсам қаным сенің мойнында. Өйткені, менің бұл сырымды сенен басқа жан, тіпті ең жанашырым шешем мен жалғыз қарындасым да білмейді. Егер жау білсе сенің бейқамдығыңнан, не бейшаралығыңнан ғана біледі.


— Ғажап ғажап! — деді Нұрлан басқа сөз таба алмай басын қайта-қайта шайқап.


— Немене ғажап?!


— Бәрі де ғажап, әсіресе сенің осынын бәрін маған айтуың ғажап.


— Сен менің қарындасыма жалған ғашық болсаң, мен сенің өзіңе шын ғашықпын. Кім екенімді, өле кетсем не үшін өлгенімді отандасымның тым болмаса біреуі білуі керек қой.


— Маған соны білудің өзі қорқынышты, бірақ сол қорқыныштың өзі ғажап сияқты.


— Қорықпа, досым, — деді Павел оны бір қолымен құшақтап. — Егер немістер менің халық жауының баласы екенімді білсе, мен олардың сеніміне ие боламын. Сенімдеріне бір ие болсам, қандай жаудың баласы екенімді көрсетемін.


— Сонда сен не істемексің?


Сыртта жүгіріп келе жатқан Венера бұлардың ойын бөліп жіберді. Ол жүгірген екпінімен келіп есікті ашып жіберді де, тәлтіректеп келіп босағаны құшақтай алды.


— Уһ, жүрегім кеудеме сыймай кетті ау.


Ол демін баса алмай өзін-өзі күшпен демеп зорға тұр.


— Саған не болды?


— Өзің қуаныштысың ғой, — деген Павел мен Нұрланның сұрауына жауап қатпастан, стол басындағы орындыққа келіп сылқ етті.


— Жаралыны таптың ба?


Ол ентігім баса алмаған күйі сөйлей бастады.


— Оны менен бұрын Дунай қарт тауыпты. Ол өз үйіне апарыпты... ол шеттегі аурухананың адамдары тылға қашып үлгеріпті... Уһ, дәрігерлердің бірі қалмапты, — деді ол ентігін баса алмай әр сөзін ықылық атқандай үзіп сөйлеп.


— Ол жаралы кім екен?


Бұл сұрауды берген Нұрлан еді. Венера оны жаңа көргендей жалт қарады да, үн қатпастан жақындап келіп қолын ұсынды.


— Ол жаралымен кейін танысарсыз, әзірше менімен танысыңыз. Мен сіздің болашақ қайын келініңіз Венера Игоровна Громовамын.


Нұрлан бар шаттық даусымен айғайлай түрегелді.


— Бауырым ау!


Басқа сөз айта алған жоқ, құшақтай алып Венераның маңдайынан қайта-қайта сүйді де:


— Жаңа ғана жапан түзде жалғыз қалғандай күйде едім, сен мені Сәулешімнің құшағында тұрғандай шалқытып жібердің ау, бауырым, — деп Венераны құшырлана құшақтай түсті.


Бұларға күле қарап тұрған Павелдің үні ызғарлы шықты.


— Есінен адасқан, ақылдылар ау, — деді ол ызбарланып, — алдымен сол жаралыны тезірек тылға жөнелтуді ойластырсаңдаршы.


— Ол қазір жүре алатын халде емес, сондықтан тылға жөнелтілмейді.


— Халі ондай ауыр болса, сен неге келдің?


— Қашан ол жазылғанша өзімнің ешқайда кетпейтінімді айтқалы келдім. Қазір мамамды ертіп аламын да сол үйге қайта барамын.


— Мен сендей халық жауының қызын мұндай қылығы үшін атамын да тастаймын, — деп Павел суық түспен төніп келді де, Нұрланның құшағында тұрған Венераны құшақтай алды. — Ризамын, бауырым, ризамын. Сенің сол жаралы біреу үшін жаныңды да қиятыныңды мана сезгенмін, әсіресе сол адамшылығына ризамын. Тек немістерге айтар сылтауың болмай, яки олардың азабына шыдамай мазағы болсаң ғана риза емеспін...


— Мен үшін дүниедегі ең азап — Дулатты тастап кету.


— Мүмкін, немістерге айтар сылтауын да сол болар. «Сендер жаралаған жігітімді тастап кете алмадым» дерсің.


— Жоқ, олай демеймін.


— Енді не демексің?


— Сенен несіне жасырайын, мамамды үгіттеп алып қаламын да, не үшін қалғанымды сұраған немістерге «ауру шешемді тастап кете алмадым» деймін.


— Мүмкін, мені де үгіттерсің.


— Үгіттемеймін, тезірек кеткендеріңді тілеймін.


— Қалғанымды тілемейсің бе?


— Жоқ.


— Неге?


— Донбасс сен сияқтылар сыятын бұрынғы Донбасс емес.


— Сен жау қолында бір белгісіз қазақ үшін қалсаң, мына белгілі қазақ мен үшін қалғалы тұр, не дейсің?


— Нұрлан аға, рас па?


— Павелдың сұрауына жауап бер, ұнай ма, жоқ па?


— Жоқ, ұнамайды.


— Неге?


— Алдымен сіз менің, сұрауыма жауап беріңіз.


— Ол сұраудың жауабын Павел берді ғой.


— Бар сылтауыңыз сол ғана болса, онда жолға тезірек қамданыңыз.


— Неге? — деді Нұрлан күлімсіреп.


— Ондай сылтауға сенетін немістер де ақымақ емес.


— Егер де мен оларға сен үшін қалдым десем олар сенер ме еді?


— Әзілді қойыңыз, мен шын сұрап тұрмын.


— Мен бар шынымды айтып тұрмын.


— Осының бәрі шындық, — деді Павел сөзге килігіп, — бірақ мұның бәрі болжаудың долбары ғана. Себебі, біздің ешқайсымыз да данышпан емеспіз, тарих беттерін ақтарып өз жолымызды өзіміз белгілеп алар едік, адам баласы бұрын мұндай сұрапыл соғысты көрмегендіктен ондай тарих жасалған жоқ. Сондықтан сенің немістерге айтар сылтауың — шешеңді ауырту болса мұның сылтауы — сені сүю.


Венера ағасына қарап аз тұрды да, үн қатпастан жақындап келіп оның маңдайына түсіп кеткен шашын кері серпіп жіберді.


— Мен бүгін сені тани алмай далмын. Алдымен немістерге айтар өз сылтауыңды айтшы.


— Мен өзім айтар сылтауды гестапоның жендеттеріне айтқызамын.


— Гестапоның?


— Ол үмітіме өзім де сеніп тұрғаным жоқ, сондықтан сен ол үшін басыңды қатырма.


Үшеуі бірдей түнеріп, үшеуі де бір белгісіз тұңғиыққа батып бара жатқандай дел-сал күйде үнсіз отыр еді, кенет сылдыр етіп безілдей жөнелген телефон даусы үшеуін бірдей дір еткізді.


Павел барып телефонды тыңдады. Сөйлеп тұрған Русак екен. Ол өктем даусымен зіркілдей жөнелді.


— Жолдас Данилюк, сөйлеп тұрған трестің сіздің шахтаның эвакуациялау жұмысын басқаратын өкілі Русак екенін өзіңіз де танып тұрған боларсыз. Егер соғыс сотына тартылғыңыз келмесе, тезінен шахтаға жетіңіз.


— Ұрпақтар дейтін тағы бір сот бар ғой. Ол — сот атаулының барлығынан әділ де қатал ғой. Сіз оны да ескергейсіз.


Ол соны айта салып телефонды ілер ілместен есікке беттеп еді.


— Балапандарым ау, айтсаңдаршы? Мына дүние не болып барады? — деп күдірене сөйлеп келе жатқан шешесін көріп тоқтай қалды.


— Сіз ертеңгі поезбен кететін болдыңыз, әзірлене беріңіз. Мен білетін дүниенің жайы сол ғана, — деген Павелдың сөзі оны шошытып жіберді.


Шешесі оның бетіне жалт қарады. «Кететін болдыңыз» — дегені әзіл болар деген үмітпен қарады, бірақ олай емес секілді. Павелдың өңі тым салқын.


— Өздерің ше? — деді даусы дірілдеңкіреп, — өздерің қашан?


— Біз осында қалатын болдық!


— Ол кімнің бұйрығы?


— Ол — Отанымыздың бұйрығы.


— А, ондай бұйрық маған мұнан елу жеті жыл бұрын берілген-ді. Жолдарыңнан қалмай жұмыстарыңа бара беріңдер, — деді де, Марина шешей кенет жадырап барып орындыққа отыра кетті.


— Мама, ойланыңыз! — деді Павел жалынышты үнмен. — Немістер біздің шынымызды айтқызу үшін сізді азаптайды. Сол азаптың таңбасы ар-ожданымызды таңбалауы мүмкін.


Ол соны айтып шешесінің алдына бір тізерлеп отыра қалып еді, шешесі оның басынан сипап:


— Мен жасарымды жасап, аларымды алып болған жанмын. Мұнан елу жеті жыл бұрын осы үйде туғанмын, әкемнен қалған жалғыз осы мұраның ішінде өлсем өміріме ризамын. Оны білмей алданып,мен үшін қапа болмаңдар, бар тілегім сол ғана. Сендерді біреу шақырған секілді ғой, жолдарың болсын, барыңдар!


Нұрлан әлдене айтуға оңтайланып еді, Венера оны сөйлеткісі келмей, шешесінің алдынан тұра бастаған ағасын есікке қарай итермеледі.


— Енді кешіксеңдер құдайларың соғыс сотына тартады ғой, тезірек барсаңдаршы, — деп екеуін екі қолымен итермелеп шығарып жіберді де, қайта жүгіріп келіп шешесін құшақтай алды.


— Мама!.. Маматайым менің... данышпаным менің...


— Е, сен не үшін маған бұлай жағымпаздана қалдың? — деп Марина шешей қызына қарай қалды. — Тоқташы, мен жаңа байқадым, өзін қайда барып боялғансың?


— Боялғаны қалай?


— Екі бетің мана таңертең күзгі жапырақ секілді еді, қазір гүл-гүл жайнап кетіпті. Кезерген еріндерің де жаңа ғана шешек атқан гүлге ұқсай қалыпты. Нанбасаң айнаға қарашы, мүлдем ажарланып кетіпсің.


— Ажарлану аз, сұлуланып кеткен болармын, анықтап қара.


Шешесі қызының өңінен өзі бұрын көрмеген жаңа бір сұлулықты көргендей:


— Шынында, сен өзіме тартқан екенсің ау, — деді жадырай түсіп. — Мен де жас кезімде қазіргі сен секілді қуана қалсам ажарланып кетуші едім.


— Менің қуанышты екенімді қайдан білдің?


— Мынау кірпігі қысқа, қиығы қиғаштау болса да жанарыңда бір сүйкімділік бар, мөлдір көзіңнен көріп отырмын.


— Ол дәлелің аз.


— Анда-санда бір лүп етіп желпініп тұрған тар танауыңнан да қуаныштың лебі еседі. Тіпті ажарланып кеткенің сондай, бетіңнің секпілі де жоғалып кетіпті. Тоқташы, шынында да мен жаңа байқадым, сенің сол жақ көзіңнің кірпігі қасың түстес қара екен де, оң жақ көзіңнің кірпігі сары екен ау.


— Онда сол жақ көзім сенің көзіңе тартқан болды ғой. Папамның көзіне тартқан оң жақ көзім жақсылықтың жаршысы.


— Жақсылықтың жаршысы.


— Иә, қуанар болсам ол бірнеше күн бұрын өзінен өзі күлімдеп билей бастайды.


— Жә, көзіңді мақтап болсаң айнаға қара да, шашыңды тара.


— Мен шашымды тарайын, сен мендей секпіл бет қызынды мақтап болсаң, менімен бір жерге барасың, әзірлен.


— Қайда?


— Дунай қарттың үйіне.


— Онда не бар?


— Бір жаралы офицер бар... Жаяу бармайсың, қазір машина келеді.


Телефон тағы да безілдей жөнелді.


— Бүгін осы телефон шарылдауды үдетті, бұл неліктен?


— Русак сияқты өктем біреу шығар, құлағын қаттырақ бұрап тұрған.


Марина шешейдің айтқаны рас, телефонда Русак екен. Ол Венераның даусы шығар-шықпастан:


— Маған Данилюк керек, Данилюк, — деп айғай салды.


Русактың бұл қылығы Венераның қытығына тиіп кетті. Қытығына тиген адамды келемеждейтін оның әдеті, сол әдетімен ол Русакты танымаған бола қалды.


— Кеш қалдыңыз, Данилюкті манағы бір кезде Русак дейтін гусак шақырып кеткен-ді.


Русак телефонды сарт еткізді, Венера оның арзан ашуына мырс етті...


2


Русак дембелше бойы толған дүмшелік, өзінен төменгілердің бәріне өзін құдай етіп көрсеткісі келетін, сотқарлыққа бай, тығыршықтай денесін май басып, соғыс басталғалы тер сасып кеткен, көзге бірден түсе кететін кескіні бар адам еді. Павел мен Нұрлан келген кезде ол шахтадан жүз қадамдай аулақта, бір топ жұмысшылардың ортасында жұп-жұмыр тақыр басын тістене тырналап, шыдамын қайда тығарын білмей тыпырлап тұр екен. Тістене тістене жағы қарысып қалғандай, Павелдің сәлеміне жауап қатқан жоқ. Ұсынған қолын ұстай алып босатпастан жетелеп аулаққа қарай ала жөнелді.


— Бауырым ау, — деді былай шыға бере ыңқ етіп. Ыңқ етті де тұра қалып сөйлей жөнелді, — Бауырым ау, сен кешегі бір кезде бүкіл Донның мақтаны болған Данилюктің баласы емес пе едің? Осы ма сенің әкеңнің даңқты жолын қуғаның? Осы ма өзіңді он жеті жыл оқытқан Совет өкіметінің үмітін ақтағанын? Тоқта, біреу сөзімді бөлсе жүйкем үзілгендей көремін. Жүйкемді үзгің келмесе сөзімді бөлмей тыңдай бер. Мынау шахта сол әкелердің тоғыз жыл бойы тер төгіп салған алыбы еді. Сен оны жаудың көзін алдау үшін женіл жаралап кетудің. орнына түгел қиратамын дейтін көрінесің. Бұл не?


— Болдыңыз ба?


— Жоқ, болғаным жоқ, тыңдарым да жоқ. Мұндай шахтаны құлату жаудың отына май құйғандық, жеңетінімізге сенбегендік екенін мен саған бір емес, екі рет, ең алғаш мынау таудай топырақтың астында бірнеше бомбаның күлі болып жатқан аруақтардың алдында айтқанмын. Олар кімдер еді? Осы шахтаның басшылары ғана емес, ары, намысы, ақыл санасы еді ғой. Сол аруақтардың үніне құлақ салшы. «Егер жауды жеңетінімізге сенетін болсаңдар, Ертеңгі күнді де ойлаңдар» деп тұрған жоқ па саған. Тоқта, «ойланғанда не істейміз» дейтініңді білеміз. Не істейтіндерің мұнан екі күн бұрын Отан атынан айтылған. Жә, жымима, жымисаң да айтайын, оны айтқан мына мен болатынмын, тағы да айтамыз Отан атынан тағы да бұйырамын: Қарағандыға жөнелтілетін жабдықтар жарты түйірі қалмастан бүгін сағат екіге дейін жөнелтілсін. Шахтаның стволы мынау былай расымен қоса сағат бестен қалмай құлатылатын болсын! Егер, онан бір минут кешіксеңдер, себебін тыңдайтын мен емес соғыс соты екенін ұмытпаңдар.


— Соғыс сотынан да үлкен қандай сот барын мен сізге мана айтқанмын, сол айтқаным жетер, әзірше, қош болыңыз.


Павел соны айтты да, шахтаға беттей бере анадай жерде тұрған Нұрландарға иек қақты.


— Кеттік, жолдастар, тек қопарғыштарың мол болсын.


Біреуге зіркілдей қалса Русактың жаны рақаттанатын еді. Сол рақатқа молырақ кенелудің сәті енді келген секілді. Сондықтан Павелдың мына ызасына ол шаттана, құтырына айғай салды.


— Жан керек болса тоқтаңдар!Ей, мен сендерге айтып тұрмын. — Бірақ оның айғайын ешкім елеген жоқ, бәрі де Павелдың соңынан шұбай жөнелді. Русактың жанары шаттығы шаңдатқан ашуға айналып бетіне шыға келді. Көзі ұзап бара жатқан Павелдың көк желкесінде, тісін қарш-қарш қайрап, тақыр басын тырналап тұр. Қанша тырналаса да ашу кеулеп кеткен басына ешқандай ақыл келер емес, бар тауып айтқан сөзі «сені ме... сені ме...» деу болды. Сол кезде алыстан жау самолетінің гүрілі естіліп еді, жан-жағына ұрлана бір қарап алды да, машинасына қарай бір ақ домалады.


— Тұра тұр, жолдас Данилюк. Жаудың бомбасынан аман болсам сағат бестен қалмай келермін де, сені өзім бомбалармын, өзім... Менің сені сотқа берген бұйрығым бір бомбадан кем тимес.


Оның көзі аспанда, дір-дір еткен қолы машинаның тұтқасында, қадам басуға жау самолетінен қорқып бұғып отыр, өзі бұғып отырса да, өзгені қорқыту үшін осылай күмпілдеп кете барды.


...Көкжиекке жеткен күннің бар нұрын соғыстың жалын түстес мұнары жалмап, бас кескінін қанға бояп қойған секілді. Соның салдарынан жердің түгі қан түтігіп тұрғандай қызыл күңгірт.


Алыста аспанымызды шарлап, намысымызды таптап жүрген жау самолеттерін атқылаған зеңбіректер ауық ауық зіркілдейді. Ол зіркілдеп, бомбалар гүрсілдеген сайын жеріміз күңірене күрсінеді. Құлағын сол гүрсілдерге тіксіне тігіп, көзін ауық ауық аспанға жіберіп Венера келді. Оның қан мұнарлы аспаннан іздегені күн, қайғы басып, қан сасып жатқан жерден іздегені Нұрлан. Оған Нұрланды іздетуші Дулат. Санына батқан бомбаның жаңқасын Марина шешей алып тастаған еді, сол сәттен бастап Дулаттың көксегені Нұрланды бір көру болды. Венера оны сол тілегіне жеткізу үшін жан ұшырып Нұрланды іздеп келеді.


Ол жол-жөнекей осы шахтаны жанап өтетін бір машинадан түсе сала жүгіре басып келе жатыр еді, қасынан бір машина ағызып өте шықты. Ол манағы Русак екен. Шоферы майданға кеткеннен бері машинаны өзі айдайтын-ды. Өзіне-өзі берген манағы анты бойынша Павелды «бомбылау» үшін асығып келе ме, жоқ әлде мына қыздық алдында өзін бір көрсеткісі келді ме, әйтеуір ол Венераның «әй кім болсаң да ала кет» дегеніне қарамастан машинасын жүйткітіп кете барды. Бірақ қыз «киесі» оны алысқа жіберген жоқ. Мұрнына қан кететін сырқаты бар еді, шахтаға жете берген кезде сол сырқаты ұстап қан екі танауынан бірдей сорғалай жөнелді. Танауын қанша тартқыласа да кимелеген қан шегінер емес. Амал жоқ, машинаны кілт тоқтатты да басын салбыратып жіберіп жерге түсті. Машинаның моторы сөнбей зіркілдеген қалпында қалды. Русактың оны елеуге де халі жоқ, тұқырған күйінде жүресінен отыра кетті.


Венера жолды тастап шахтаға қарай төтелей тартып бара жатыр еді, Русак сағатына қарай салып оған айғайлады.


— Ей, қыз, кейін, кейін! — деп тұмсығын көтерместен қолын ербеңдетіп еді, Венера аңырып тұра қалды. — Енді бір бес минуттан кейін мына мұнараның күлі көкке ұшады, сол құлаған мұнараның астында қалғың келмесе бері кел. Өй, керең неме, жігіттердің. астында қаласың десем қандай тез естір еді, қарашы секиуін. Ә, солай ма екен, естімесең де сездің бе. Кел, кел...


— Венера жақындап келе бере:


— Сәлеметсіз бе? — деп еді Русак мұңая қалды.


— Амандықтың түрі мынау. Машинаның ішінде сумка бар, ол сумканың ішінде термос бар, оның ішінде шай бар, сонан бір стақан құйып әкел де, қолыма құй.


Венера оның айтқандарын бұлжытқан жоқ, термостары шай ыстық екен, соның бір стақанын буын бұрқыраған күйінде әкеліп:


— Қолыңыз күйсе менен көрмеңіз, — деп еді, Русак күмпие түсті:


— Сендей қыздың қолынан күйген қолдың арманы жоқ, құя бер... тек аздан... аздан... стақанды үргілеші... қаны құрғыр танауыма ұйып қалды ау... Көзің от, өзің жалын екенсің, қарындасым, көп жаса.


— Оны қайдан біле қалдыңыз?


— Мына су жаңа ғана шымшым еді, енді сақылдап кетті, енді қайттім?


— Қансырап қаларсыз, сол ұйыған қанды ағызбай ақ қойсаңыз қайтеді?


— Бұл — менің үйреншікті сырқатым. Мұрнымның қаны кетсе басымның дерті кетеді. Айтпақшы, біз таныспаппыз ау, сен кімсің осы? Тоқта... тоқта, өзім де шырамыта бастадым, қателеспесем сен Павел Данилюктің жиені боларсың.


— Қателескен жоқсыз.


— Қателеспесем, Қарағандыға кете бермей сен мұнда не бітіріп жүрсің?


— Кетеміз ғой.


— Қашан?


— Қашан поезға отырамыз, сонда....


— Ым, солай де... Ал мынандай аласапыранда шахта маңынан не іздеп жүрсің?


— Нұрлан дейтін жігітті іздеп келемін.


— Ымм, солай де... Өзің сүп-сүйкімді қыз екенсің... сонда да жігіт іздейсің, ә. Иә,-заман солайға айналып барады, сондықтан сендей қыздар жігіттерді зорласа да оқасы жоқ. Тек маған оның қайдағы жігіт екенін айт.


— Павелмен бірге шахтаға кеткен еді.


— А, ол әлгі Тайманов дейтін инженер қазақ болар. Ол сенің неменең еді, сыпайылап


айтқанда кімін еді?


Русактың бұл емеуіріні Венераның қытығына тие бастады, бірақ иба сақтап өзін-өзі тежеп:


— Ол біздің үйде тұратын еді, — дей салды.


— Ымм, солай де, бір үйде тұратын де... Бір көрпенің астында жататын сайтан емес пе


әйтеуір?


— Иә, бір көрпенің астында жататын періште.


— Мына біреу келе жатыр, суыңды құйыңқырап жібер, — деді Русак шахта жақтан келе жатқан біреуді көзінің қиығымен нұсқап.


Ақсиған тісі мен жылтыраған көзінен басқасы күйеден көрінбейтін дембелше бойлы, кең жауырынды біреу қолындағы шахтер лампасын сөндірместен өзінің екпінімен жарыстыра сермеп келеді.


Ол Русактың: «Қолындағы шамын сөндіруді де білмей, өзінен-өзі күбірлеп келеді, сірә, есі ауысқан біреу болар», — деген күбірін естіп қалып:


— Мұнан да естің ауысқаны жақсы, — деп күж етті.


Оның сол сөзінен именді ме қалай, Русак сөздің бетін қайтадан Венераға қарай аударып жіберді:


— Ымм, солай де, періште де. Ол періште жарықтықтар бір көрпенің астында жатып не істейді екен?


Венера қолындағы стақанды жерге тастай салды да, шахтаға қарай тұра жүгірді:


— Тфу, — деді бар даусымен.


Алыста жау самолеттерінің гүрілі, қаланың батыс жақ шетін түгел дірілдете жүйткіген өзіміздің ауыр танкілердің, сарылы естіліп еді, сонан тітіркенді ме, жоқ әлде Русактың даусын естігісі келмеді ме, әйтеуір ол екі құлағын бірдей алақанымен басып алды, тек «тфу» деген бір сөзді аузынан тастай алмай барады. Оның сол бір сөзін құлағынан, жиіркене қараған кескінін көзінің алдынан кетіре алмай, өзінен өзі мыжғыланып Русак отыр.


— Ымм, солай деңіз, — деді де, ол өзіне жақындап келген жаңағы жұмысшыға сыр сездірмеуге жан салып. — «Мұнан да естің ауысқаны жақсы» дедіңіз ау сіз. Сөзіңізге қарағанда, ол тілегіңізге кешікпей жететін секілдісіз. Есінен құтыла алмай жүрген сіз кімсіз?


— Мен осы шахтаның жүрегін басқаратын Шумико дейтін механикпін. Аяғым қирап үш айдан бері көрмеген шахтама бүгін келіп едім, немістерден бұрын сізбен соғысып жатқан өз адамдарымды көрдім.


— Есіңіз дұрыс па? — деді Русак оған сүзіле қарап, — мен кіммен соғысыппын?


— Өзіңіз көрінбей, нұсқауыңызды соғыстырып жатқан жоқсыз ба?


— Ым, солай деңіз. Менің нұсқауымды солай деңіз де, өзіңізді шахтаның жүрегімін деңіз, жолдас механик. Мүмкін, сіз өзіңізді өмірдің де жүрегімін дерсіз.


— Өзімді олай дейтін есер емеспін, ал жұмысшы халқын өмірдің жүрегі көретінім рас, — деді Шумико күрсіне сөйлеп. Оның не үшін күрсінгенін Русактың өзі де сезді, бірақ, ол сезгенін байқатқан жоқ, біреу кеудесінен теуіп жібергендей ынқ етіп, қаны тиылған мұрнын сүрте бастады.


— Ым... солай деңіз, сонымен, кімді кім жеңетін болды?


— Кімнің жеңетіні белгілі ғой. Дунай қарт бастаған бір топ жұмысшылар сізді жақтағалы сыбанып келіп едік, Данилюктің дәлелдерін тыңдағаннан кейін сіздің нұсқауыңыз далада қалды.


— Ым, солай деңіз. Біздің жауды жеңіп, Донбасты қайта көретінімізге сенбей, менің нұсқауымды теріс деңіз, сондықтан шахтаны түгел қаусатамыз деңіз, — деп Русак ауыр салмақпен зіркілдеп келді де, бар даусымен булыға айғай салды. — Солай ма?


— Сіз айғайламаңыз, мен «солай» деместен бұрын сізге бір сұрау берейін. Алдымен соған жауап беріңіз. Мен мертігіп жатсам да естіп жаттым, басқа шахталарда мұндай дау-дамайдың бірі жоқ. Оларда алдын ала жасалған жоспар, алдын ала белгіленген тәртіп бар. Жойылатын;і дүниелер сол жоспар бойынша жойылып, көшірілетін дүниелер сол тәртіп бойынша көшіріліп жатыр. Оларда тек тыным жоқ, бірақ абыржу жоқ. Бізде оның бірде-бірі жоқ, тек абыржу ғана бар, бұл қалай?


— Ым, солай деңіз. Көкіп болдыңыз ба? Болсаңыз мені тыңдаңыз, — деді Русак ызбарланып. — Эвакуация жұмысы бізде де жаман емес, тек шахтаның байырғы басшылары қапыда қаза болғаннан бері тәртіп азайып кетті. Соның салдарынан шахтаны қай түрде зақымдатудың дауын созып алдық. Ол үшін жауап беретін біз. Дау бітті, енді екі сағаттап кейін бұл шахтаның қарасын қашан жеңіске жеткенше көрмейтін боласыз. Сондықтан жолыңыздан қалмай жөнеліңіз.


— Сіздің немістердің көзін алдамақ болған ол ойыңыз өзімізді алдаған болып шығуы мүмкін ғой.


— Бәрі де мүмкін; сіздер ойлағандай ертең өзіміз қайтып келген кезімізде арши алмай, сол қаусаған күйінде мәңгі қалуы да мүмкін.


— Басқалар жасаған жоспарды біз де жасаппыз, басқалар белгілеген тәртіпті біз де белгілеппіз, бірақ оның бәрі қағаз бетінде қалыпты. Басшылары бомбадан қырғын тауып, шахтамыз иесіз қалыпты да, тағдыры Данилюк екеулеріңіздің қолдарыңызға беріліпті, сіздер ол тағдырды біріңіз көкке тартсаңыздар, енді біріңіз көрге қарай сүйрелейтін көрінесіздер. Жау болса қаланын іргесіне жақындап қалды, оны ойлаған сіздер жоқсыздар, бұл қалай?


Шумиконың бұл сөзі жанын сығып, кеудесін қысып жіберді ме қалай, Русактың жаңа ғана тыйылған қаны қайтадан ытқып кетті. Бірақ Русак оны енді елейтін емес, тос қалтасынан қаламын, жан қалтасынан дәптерін алып, әлденені сүйкектете бастады.


— «Жолдас Данилюк! Жолдас Тайманов! Сіздердің шахтаны құлату жұмысын не үшін кешеуілдетіп келгендеріңіз енді мәлім болды. Қазір сағат бес жарым, сағат жетіге дейін не істесеңіздер де еріктеріңіз. Егер онан жарты минут кешіксеңіздер шахтаны өз қолыммен құлатуға, Отанымыздың атынан берілген. бұйрықты орындамағандарыңыз үшін сіздерді өз қолыммен тірідей көміп кетуге мәжбүрмін. Осы айтқанымнан қайтпасқа Отан атынан ант етемін! Русак» — деп жазды да, сол жазған қағазын екі бүктеп Шумикоға ұсынды. — Данилюк пен Таймановқа да, олардың шашпауын көтеріп жүрген сіздерге де айтарым осы. Мынаны апарыңыз да Данилюктің қолына тапсырыңыз, барыңыз?


Шумико оның көзінен әлденені көргісі келгендей қадала қарап қағазды алды да, үн қатпастан жүріп кетті.


Өзінің мұндай өктемдігіне жаны күлім қақса да қабағын түйіп Русак сол орнында, сол қаны сорғалаған қалпында қала берді.


3


Громовтардың үйі қаланың шығыс жақ шетін ала орналасқан парктің қарсы бетінде болатын. Ол парктің ішкі іргесінде қара түнді жамылып, қара киім киінген біреу жатыр. Қой аңдыған . қасқыр секілді шөкесінен жатқан күйі әлденені есіне түсіргісі келгендей жан-жағына ойлана, ұрлана қарайды.


— Сол, мен білетін шіркеу менің жаңағы көргенім. Большевиктер оны қалай молаға айналдырмады екен? Фу, мен қайда лағып кеттім! Анық сол ма, алдымен соны білейін де. Жоқ, сол, иә сол. Менің кіндік қаным жуылған, неке суын ішкен шіркеуім сол. Осы үй салынған кезде талай өлшегенмін, әлі есімде, екеуінің арасы үш жүз аршын болатын. Ендеше, біздің үй осы. Мынау қос бәйтерек — он төртінші жылы өзім майданға аттанатын күні әкем еккен екі шыбық. Оның бірі маған, бірі Маринаға арналып егілген-ді. Онан бері жиырма жеті жыл өтсе де менің көз алдымда. Ол кезде шіркеудің бұл жақ бетіндегі аз ғана үйлердің ішіндегі еңселісі біздің үй де, бұл далаға ең алғаш егілген ағаш сол екі шыбық болатын. Әке...қайран әке...


Ол ішінен соны айтып дыбысын шығармастан еңіреп қоя берді. Кеудені қысқан құса булықтырып, жат болып кеткен туған жердің қорқынышы тұншықтырып барады, Іргенің сарғая бастаған бір уыс шөбін тістелеп жатыр, қаттырақ тістелемесе даусы шығып кететін түрі бар.


Ол көзінің жасымен бірге кеудесінен өксігін төгіп біраз жатты да:


— О туған жер, Отаным! Аяқ бассам тап болатын ажалды да елетпедің, сен неткен құдіретті едің? Сағынышың неткен ауыр еді! Сені бір көруді аңсаған арманыма, міне, жеттім, бірақ арманға арман жалғасты. Жарты өмірімді жалмаған қасірет түні осы түнмен бірге жоғалып келмеске кеткелі тұр. Сол жарық дүниеден көретін менің күнім не болар екен? Егер жақын тартып келген адамдарым жауым болып, немістер келіп жеткенше олар меш ұстап берсе қайттым! Жоқ олай болмас, Германияның жеңімпаз армиясы әкеле жатқан келешектерін көрмейтін көзсіз, сезбейтін ессіз емес шығар. Оны өз туысым Марина сезбесе де, жиендерім Павел мен Венера сезер, бұрын сезбесе енді сезер, сездірермін де сендірермін. Егер маған сенбесе онда бұл үйді осы түннен қалдырмай сол үшеуінің де моласы етермін.


Он тоғызыншы жылы шет елге қашып кеткен ақ офицері Роман Данилюк осы болатын. Ол осыдан екі сағат бұрын қаланың шығыс жағына келіп түскен неміс десанттарымен бірге түсіп, басқалары соғысқа кірісіп кеткен кезде, ол өзіне тапсырылған бұйрықты орындау үшін түн жамыла осылай жүгірген-ді. Сонан жетіп тоқтаған жері осы парктың іші...


Шығыс жақтан жеткен соғыстың сарыны алыстан талып естілсе де жанын шарпып кетті ме, жоқ әлде кешіккен балаларын ойлап жатыр ма, әйтеуір Марина шешейде ұйқы жоқ, өзінен өзі үрейленіп жатыр. Ол өз құлағына өзі сене алмай ойда жатыр еді, біреу терезені ақырын тырс еткізіп, онан сайын шошытып жіберді. Бұл бөлмеде жатқан Венера екеуі ғана. Венера Дулат жатқан Дунай қарттың үйінен жаңағы бір кезде ғана келіп, келе құлаған-ды. Күні бойы зыр қағып сілесі қатқан болу керек, жер қозғалып, тау сілкінсе де, сезер емес.


Марина шешей құлағын сыртқа тіге терезеге жақындай бере тыңдап еді, әлгі адам терезені тағы бір тық еткізді де, қақпа жаққа қарай сырғи жөнелді.


— Тышқан аңдыған мысық секілді бұл кім, жаным ау.


Марина шешей соны ойлап тұр.


Қақпа берік еді, онан қалай кіргені белгісіз, әлгі адам басқыштан ақырын өрлеп келіп үйдің есігін екі рет тық еткізді. Әлде бір белгісіз апат осы үйді қаусатқалы келе жатқандай сезініп Марина шешей қалтырап кетті.


«Ақырын берген дыбысының өзі мұндай корқынышты, бұл кім?»


Ол ішінен соны айта жүріп есікке беттей беріп кенет тоқтай қалды да, кейін шегініп барып Венераны оятты.


— Қорқынышты біреу есік қағып тұр, — деп оның құлағына сыбырлап еді, ол ұйқысын қимай көрпесін қымтана түсті.


— Қақса қаға берсінші.


— Сағат екіден асып барады, Павел мен Нұрлан әлі жоқ.


— Е, бойдақ немелер жүрген шығар қаңғып.


— Сөзді қой да түрегел.


— Ұйқы бермесең мен өз бөлмеме кетемін.


— Менімше, осы адам сенің Дулатыңды іздеп келген біреу.


Венераның ұйқысы ашылып кетті.


— А! — деген даусы да қаттырақ шықты. — Дулатты іздеп келген? Оны іздейтін кім?


— Ойым айтады.


Венера аңырып қалды.


Есікті ауық ауық тықылдатып тұр. Өзі тығылып, жаны сығылып тұрған біреу секілді, есікті тықылдатқан дыбысының өзі үздігіп тұншыға шығады.


— Кім болса да жасырынып келген біреу, — деп Венера жүре киініп есікке ұмтылып еді, шешесі ұстай алды.


— Тоқташы, есікті мен ашайын, сен шам жақ.


Марина шешей есік көзіне бұрын жеткен қызын кері жіберіп:


— Бұл кім? — деп еді жауап қатушы болған жоқ. Кенеттен Венераның жан даусы шықты.


— Мама! Біреу кухняның терезесін ашып жатыр.


— Ой, құдайым ау, телефонға жүгір, телефонға...


Марина шешей есі шығып соны айтқанша, қызы есін жиып телефонға жеткенше, қолында пистолеті бар біреу кухнядан шыға келді.


— Тоқтаңыздар! Жан керек болса, үн шығармаңыздар.


Даусы бәсең, бірақ сөзі мығым. Басындағы кепкесінен бастап аяғындағы етігіне дейін бар киімі былғары, шалбарының тізесі де былғарыланған, тіпті өзінің түрі де кене былғары түстес, сұңғақ бойлы, жасы қырықтан асқан, қырма сақалды біреу пистолет кезеп көзін сығырайта қадап тұр.


Марина шешей қызын қалқалап кейін шегіне бере үн қатты:


— Сіз кімсіз?


— Қорықпаңыз! Мен сіздің бөтеніңіз емеспін. Есік ашылмаған соң терезеден түсуге мәжбүр болдым, ол үшін ғафу өтінемін.


— Ажал оғын кеудеге кезеп тұрған қай жақыным едіңіз?


— Мені кейін тексерерсіз, алдымен үйдегі барлық адамдарыңызды оятып сақтандырыңыз. Ақымақтық жасап, маған соқтығып жүрмесін. Егер соқтығар болса, менімен бірге ол дүниеге кететінін ескергейсіз. Өйткені менің кеудем толы кек, қалтам толы бомба. Егер соқтығар болса өзіммен бірге бәріңізді де ол дүниеге ала кететінімді ескертіңіз.


Марина шешей оған үрейлене қараған күйі таңдана сөйлеп тұр.


— О ғажап, алдымда тұрған ажалым алыстағы біреудің аруағы болып елестейді, жөніңізді жөндеп айтыңызшы, сіз кімсіз осы?


— Қасірет жайлаған өмірдің Роман дейтін бір өгей ұлы бар еді ғой, есіңізде ме?


— Роман? Ол кім?


— Қателеспесем, ол сіздің туған ініңіз болар.


— О, жасаған, сіз оның кімі едіңіз?


— Мен соның өзімін.


Марина шешей сенерін де, сенбесін де білмей, қадала түсіп жақындап келді де, бар шаттық даусымен айғайлап жіберді.


— Роман!


Басқа сөз айта алған жоқ. Інісінің қолындағы кезеліп тұрған пистолеттен сескенбестен құшақтай алып қайта қайта сүйді де, көзіне көзін қадан қарай қалды.


— Осы тұрған анық менің жалғыз бауырым...


Бір анадан туған апасы болса да дәл мұны күтпеген болу керек, Роман мүлдем егіліп кетті, бірақ қанша егілсе де сөзі нығыз.


— Сол сорлы бауырыңыз менмін.


Марина шешей оны қайта құшақтап:


— Бауырым, бауырым, — деп бетінен қайта-қайта сүйді де, кенет, ойланып қарай қалды. — Тоқта, сен Америкада емес пе едің, мұнда қалай келе қалдың?


— Жер бетінде барымды білгеніңізге рақмет. Иә, мен Америкада ұлы мәртебелі Керенскийдің қанатының астындамын. Отанымды немістердің қалай азат еткенін өз көзіммен көру үшін Германияға келіп едім, енді өзім де азат етіскелі осында жеттім.


Оның олай демеске лажы жоқ, өйткені оның мойнында тұрған қара галстуктің ауыздан шыққан сөзді қағып алып жаза беретін сиқыры бар. Оның гестаподағылардан басқаның қолынан шешілмейтін тағы бір сиқыры бар. Оны сезген ешкім жоқ.


— О, сіз азатшымыз екенсіз ғой, — деп Венера кекесінмен күле сөйлеп еді, оның. «азатшысы» сыр сездірмей жымия түсіп оған жылы үн қатты.


— Мына бойжеткен кім? Менің өзіме тартқан Венера дей


тін тентек жиенім барын естіген едім, сол осы болғай.


— Қателескен жоқсын, — деді де, Марина шешей қызына қарады, — менің ендігі бар туысым, сенің ендігі нағашың осы. Кел, таныс, нағашыңмен.


— Өмір бойы жыламастай етіп барлық көз жасынды сорып алып жұтайын, әкелші анау мені атқылап тұрған отты көзіңді, — деп Роман құшағын жайып ұмтыла бере, сыртта келе жатқан біреулердін тықырын естіп, кенет тоқтай қалды. Өңі де бұзылып сала берді. Жақа ғана қыздың шашып сипағалы тұрған қолы барып пистолетке жармасты. — Осы үйге тура келді ғой, мезгілсіз жүрген бұл кім?


— Шахтаға кеткен біздің балалар секілді.


Марина шешей соны айтып есікке беттеп еді, Роман сарт етіп келіп оның алдына тұра қалды.


— Тоқтаңыз, сіз алдымен мені жасырыңыз.


— Сені басқаның бәрінен жасырсам да, өз балаларымнан жасыра алмаспын.


— Онда өзім жасырынамын, сіз тек мені әзір балаңызға айтпаңыз.


Романның басқа айтары болған жоқ, ауыр бір күрсінді де, сып етіп ас үйге кіріп кетті.


— Мынау есік жабылмасын, — деді ол кете бере Венераға көз тастап. Ондағы ойы: өзі қараңғы жерде тұрып үйге кірген адамдарды көріп алу.


Ол ас үйге барып жасырынғанша есікке жеткен Марина шешей сырттағыларға үн қатты.


— Бұл кім?


— Мама! деген Павелдің, оған ілесе Нұрланның:


— Шешей, біздің түріміз кәрден шыққандай, шошып кетпеңіз, деген даусы шықты.


Нұрлан Павелді сүйемелдеп келеді. Екеуінің де күйеден тек көздері ғана жылтырап, тістері ғана ақсияды.


— Балапандарым ау, жуынуға да мұршаларың келмепті ғой. Венера, душты дайында, мен киімдерін әзірлейін.


— Су беріңдер, су...


Павелдің соны айтуға ғана шамасы келді, тәлтіректеп барып бір орындыққа отыра кетті.


— Ой, құдайым ай, сақтай гөр, — деп Марина шешей үрейленіп келіп баласын құшақтай алып еді.


— Қорықпаңыз, шешей, — деді Нұрлан оны тез жұбату үшін күле сөйлеп. — Шаршамастан тәлтіректеп, шөлдеместен су ішетін мұның әдеті.


— Түрлеріңізден мамам тұрсын, қараңғы түн де шошитын ғой, өздеріңіз шынында көрден шыққансыздар ма деп — деп Венера оның ойын демей түсті. Бірақ Павелдің:


— Көрден! Көрден! — деген ащы айғайы бұлардың бәрін де дір еткізді. Ол Венера әкелген бір кесе суды жұта салып, — лағынет! — деді тістене сөйлеп, — Өлермін, өлмесем сонау тақыр басыңның миын бір шағармын.


— Балам ау, сонша өшіккенін кімнің басы?


— Русактың.


— Русактың! Оған не үшін?


— Нұрлан екеумізді тірідей көмгені үшін.


Марина шешейдің жаны ыршып кетті.


— Тірідей? — деген даусы да ышқынып зорға шықты! — Сен не сұмдықты айтып отырсың?


— Мама, адам баласының бұл күнге дейінгі «сұмдығы» жай сөз, нағыз сұмдықтың өзі дүниеге енді ғана келе жатыр. Мына бір жарты жапырақ қағазға үңіле қарасаңыз жан баласы бұрын көрмеген сұмдықтың ізін көресіз, — деді де, Павел Русактың Шумико арқылы жіберген манағы қағазын ұсынды, — онан арғысын Нұрланнан ести беріңіз, мен жуынуға кеттім.


Ол соны айтып тұра бастап еді, Нұрлан оны иығынан басып қайта отырғызды.


— Сен алдымен деміңді ал, — деді де душ тұрған жаққа қарай жүріп кетті.


Марина шешей өз көзіне өзі сене алмай, қолындағы жарты жапырақ қағазға қайта-қайта қарайды, қарайды да қайран қалады.


— Бұл не? Осыны жазған анық өзіміздің совет адамы ма? — деді даусы қалтырап.


— Мұны жазған да өзі, бізді өлімге бұйырған да өзі, шахтаның түбіне тірідей көмген де өзі.


— Құдайым ау, оған сен не істеп едің?


— Мен халық жауының баласы екенімді жасырып келіппін. Әкемнің кегін қайтару үшін Совет өкіметіне қарсы қастандықтар жасаппын. Бес күннен бері өзім уақытша басқарып келген шахтаны немістерге бүтін күйінде беру үшін шахтаны құлату жұмысын қасақана кешеуілдетіп келіппін. Мұның бәрін мен Совет өкіметінің ежелгі жауы Роман Данилюк дейтін нағашымның нұсқауымен істеппін. Айтпақшы, мана, Русактың айтысына қарағанда, сіздің ол ініңіз тірі секілді.


— Әмин! — деді Марина шешей күлімсіреп, Павел шешесінің бетіне қарай қалды.


— Мама, сіз мұндай сөзді білмеуші едіңіз ғой? Өзіңізде бір қуаныш бар секілді, ол не?


Шешесі үнсіз келіп оның басын құшақтап еді, көрші бөлмеден Романның тықырын естіп


Павел жалт қарады:


— Үйде біреу бар ма?


— Бар деп айтудың өзі қорқынышты?! Сонша ол кім еді?


Роман шыға келді.


— Ол мен едім.


Жан жадыраса жүректің шаттығы қан болып ойнап бетке шыға келетін әдеті ғой, Павелдің шешесі мен қарындасына айтқан жаңағы әңгімесі Романның жанын жадыратып жіберіпті, жүзі жайнап «ол мен едім» деген шаттық үні шалқып шықты.


— Кешіріңіз, сіз кім едіңіз? — деді Павел тесіле қарап.


— Асқақтамай байқап сөйлес, бұл мырза бізді азат етушілердің бірі көрінеді, — деп Венера нағашысына әзілдеген болып тұрып ағасына ой салып жіберді.


— Азат етуші? — деді Павел тіксіне қалып, өңі де бұзылып сала берді. — Бізді ме?


— Иә, бізді.


— Неден?


Жауапты Романның өзі іліп әкетті.


— Неден екенін кейін білерсің, әзірше менің кім екенімді біліп ал. Мен өзіңнің нағашың Роман Даннлюкпін.


— Роман соны айтарын айтса да, Павелге ұмтыла қойған жоқ, тіпті қолын да ұсынған жоқ, сақтық еткісі келгендей оқшау тұрып қалды.


Павелдің көзі сонда, ойы алыста.


— Кешіріңіз, мен сіздей нағашыны білмеймін.


— Бекер болар...


— Менің екі нағашым бар еді, оның үлкені өткен жылы қаза болып, өз қолымнан жерленген-ді. Кішісі шет елде қаңғып жүріп, бұрнағы жылы Атлант мұхитына батып өлген-ді. Сонда сіз қайдан келген, қандай нағашым боласыз?


— Мен сол шет елде, қаңғып жүріп өлген Роман дейтін нағашыңның тірі аруағымын.


Павелдің ойы найзағайдай жүйткіп әр қияға бір соқты. Ол біресе немістерді алдаудың ең сиқырлы жолы табылғандай қуанды, біресе немістердің алдауына өзі түскендей бар үміті суалды.


— Біздер аруақтың барына сенбейтін, сенбегендіктен онан сескенбейтін жандармыз. Егер сіз анық Роман Гавриловичтің аруағы болсаңыз қолыңызды әкеліңіз. Мен сіздің әрі туған жиеніңіз, әрі әкеңіздің мұрагер баласы Павел Гаврилович Данилюкпін, — деп Павел қолын ұсынып еді, Роман оның «мұрагер» деген сөзді не үшін айтқанын сезсе де сыр сездірген жоқ.


— Менің жиырма бір жыл бойы көксегенім — Отанымды бір көру болса, бүгінгі таңнан күткен арманым сенсің, бауырым.


Ол солай елжірей тура еңкейген жоқ, басын иді де, қолын қалтасынан шығарған жоқ, тек Павел қолын ұсынып тұра берген кезде ғана қимылы сарт етті. Қолын қалтасынан сонда ғана шығарып Павелдің иығынан басып қалды.


— Рақмет, осы көрсеткен құрметің де жетеді. Өзім көміліп көрмесем де, тірідей көмілу — адам баласы көрмеген азап екенін сеземін. Бар кегіңді алатын күн жетті, деміңді жақсылап ал.


— Ол қандай күн?


— Егер осы түннен қалмай қаттырақ қимылдасаң Совет өкіметінен әкеңнің де кегін қайтарғалы тұрсың.


Павел оның не мақсатпен келгенін осы бір ауыз сөзінен сөзді де:


— Қалай? — деп арбаса кетті.


— Ол үшін тағдыры өз қолыңда тұрған шахтаның бірде-бір тіреуі қиратылмасын, бірде бір забой құлатылмасын.


— Әкемнің кегі кімде екенін білгенде шахтаның тағдыры менің қолымда емес екенін қалай білмейсіз?


— Егерде бұл шахтаның басшылары тегісінен бомбаның астында қалып, тағдыры сенің қолыңда екенін білмесем, мен мұндай ажалдың ортасына келмес едім ғой... Қалай, мен жалған айтып тұрмын ба?!


— Сізді білмеймін, мен өзім шындықты ғана айтып отырмын.


— Шындықтың қандай екенін айтып берейін, ол үшін сен маған мына бір азияттың кім екенін айтып бер.


— Ол менің Москвада жеті жыл бірге оқып, қалған өмірін Донбаста менімен бірге өткізуге келген ең қымбат досым, әрі болашақ туысым. Ашығырақ айтқанда біздің семьяның болашақ бір мүшесі Нұрлан Тайманов дейтін инженер.


Павел соны айтты да сағатына қарай салып, үрейлі дауыспен айғай салды.


— Нұрлан! Сенің кететін мезгілің жақындап қалды, тездет!


Нұрлан басының суын сүртіне сөйлеп келе жатыр.


— Мен Венера қайда болса сонда екенімді айтқан едім ғой.


— Ал мен мамам қайда болса сондамын, — деп Венера ағасынын, тілегін айтқызбастан шешесін құшақтай алды.


Ол екеуінің бұл сөзі Романның бұларға деген сенімін күшейте түсті.


Нұрлан Романды енді ғана аңғарып:


— Кешіріңіз, мен сізді байқамаппын.


Бұл кезде Роман ортадағы ұзын столдың төр жақ басына барып оқшау тұр еді, Нұрланның, жаңағы сөзін ілтипатына да ілген жоқ. Үстіндегі шолақ курткасының түймесін ағытып, басындағы көнетоз былғары кепкасын стол үстіне тастай салып ақырын отыра бастады.


— Мырзалар, сіздердің қайда кететін ойларыңыз бар, соны менің білуіме болар ма екен? — деді даусын құбылта сөйлеп.


— Қарағандыға.


— Онда әуре болмаңыздар.


— Неге?


— Кететін жолдарыңыз кесіліп қалды.


— Кесілгені қалай?


Осы сөзді іштен бәрі де қайталап, бәрі де аңырып қалды.


— Шамасы осыдан үш сағат бұрын қаланың шығыс жақтағы жолы талқандалды.


— Талқандалды! Кім оны талқандаған?


Роман түрегеліп барып үйдің шығыс жақ терезесіне жақындай бере, құлағын алысқа тігіп тұра қалды.


— Әне, аналар! — деді масаттана сөйлеп.


— Олар кім?


— Олар — менімен бірге түскен неміс армиясының десанты. Әне, тыңдаңыздар! Ол соғыстың сарыны ғана емес, сіздерге келе жатқан бақыттың дабылы. Сонау көкжиектен көрінген соғыс салған өрттің шапағы ғана емес, сіздерге келе жатқан бостандықтың таңы. Қараңыздар, жақсылап қараңыздар!


«Иә, сендер үшін соғыстың өрті! — бақыт таңы. Кейін көреміз, кімнің таңы атып, кімнің күні мәңгі бататынын», — деді Павел ішінен.


ТӨРТІНШІ ТАРАУ


1


Нұрландар тұрған Донның бір шағын қаласы еді. Бұл қаланың күнін қызыл мұнар басып, көшесінің қан сасып кеткеніне бүгін үшінші күн. Сонан бері бұл қала қара түтіннен бір айыққан емес, әлі сол жалын жұтып тұншыққан қалпында, мұң мен зардың құшағында. Ешқандай құшаққа сыймай тұрған шахтаның алып трубасы ғана. Ол қаһарман ішінен бүккендей дымсыз, түтінсіз мелшиіп тұр. Өзінің қара қошқыл түтіні ертең-ақ, аспандайтынын сезгендей міз бақпастан асқақтайды.


Осы қанды түтін сасыған шағын қаланың тас көшелерінің бірінде немістердің айдауына түсіп келе жатқан Нұрланның көзі де сол қызыл трубада. Сол трубаның бір керемет күшке айналып бүкіл майдан шебіне құлағанын армандай ма қалай, соған телміре, тесіле қарайды. Ол өз үйіндей болып кеткен Данилюктің үйінен ұзай бере артына қарап еді, терезеден телміре қарап тұрған Венераны көзі шалып қалды, бірақ оның көзіндегі мөлтілдеген мөлдір жасты көре алған жоқ. Жаңа ол Нұрланды айдай жөнелген неміс солдаттарын сескендіре: «Қош, Нұрлан аға!» деп айғайлап еді, өкси шыққан сол айғай Нұрланның құлағына ұялап қалыпты.


— Қош, аяулы бауырым...


Ол соны айтып артына тағы қарап еді, бұл сапар Венераны көре алған жоқ, өйткені дәл осы кезде есікті шайқай ашып, өзі теңселе басып Марина шешей келе жатты. Венера ұзап бара жатқан Нұрланнан көзін алмаған күйі шырылдап барып шешесін құшақтай алды.


— Мама, немістер Нұрлан ағаны алып кетті.


— Білемін. Ол мені қорғамақ болғаны үшін кетті. Басқасын мына келе жатқан нағашыңнан сұра, — деді Марина шешей бар ызасымен айғайлап.


Венера шешесінің мұндай күйінгенін бұрын-сонды" көрген жоқ еді, өзінің не болғанын білген жоқ, неміс офицері түрінде киініп кіріп келген Романның жаңа мундирінің жағасынан ұстай алып, бар даусымен айғай салды.


— Осы ма сіздің бізге әкелген бақытыңыз? Осылай бұғаулау ма? Нұрлан қайда?


Роман қанша ашуланса да, түрінен түк сездірген жоқ.


— Жиенім, мұнан былай менімен ете сыпайы сөйлесетін бол, — деп күле сөйлеп тұрып Венераның, қолын қатты қысып жіберіп жағасын босатып алды да, жылтыр қара етігінің қонышын резинка қамшымен шарт еткізіп Марина шешейге бұрылды. — Сіздің алдыңызда тұрған жеңімпаз неміс армиясының капитаны, қаланын әскери коменданты полковник Штольц мырзаның ең сенімді серігі, ресми түрде айтқанда, оның, орынбасары Роман Гаврилович Данилюк мырза.


— Мырза нағашымызға мың сәлем, — деді Венера ойнақыланып.


Оның әр сөзі сермелген семсердей сезілсе де, Роман сыр сездірген жоқ, жалған жайдарылықпен құшағын кең жайып жіберді.


— Мыңнан бірді ғана қабылдайтын әдетім. Сол әдетімнің әмірі бойынша бір өзіңді дүниенің бар қызына баладым, келші менің аяулы асыл жиенім, — деді шалқи сөйлеп.


Ол қанша шалқыса да Венера шалдырған жоқ.


— Опасыздықпен қазақтардың қаны қас, менің әлі де адал өмір сүргім келеді, — деп Венера құшағына ілінбей кетіп еді, Роман оның бұл сөзіне жөнді түсіне алмай аңырып аз тұрды да, апасына қарай бұрылып кетті.


— Сіз неге үндемей қалдыңыз? — деді өтірік жайдарыланып.


— Қандай Данилюк екеніңді көріп отырмын. Жендет болып кетсең де «құтты болсын» деуден басқа айтарым болмас.


— Неткен қатал едіңіз.


— Қатал десең де қате дей алмассың.


— Әділ сөзде қате жоқ, тек мұны маған сіздің айтқаныңыз ғана ауыр.


— «Дос жылата, дұшпан күлдіре айтады» дейді екен қазақтар. Мен сол сөзді иманымдай жаттап алдым.


Романның «қазақтар оттай береді» дегісі келіп еді, Венерадан именіп оны айта алған жоқ, көк буырылдана бастаған шашып сілкіп тастағысы келгендей басын бір изеп тастады да, сөздің бетін бұрып жіберді:


— Мен жаңағы шуылдақтардың шәуілінен ештеңе ұға алмадым. Сол жанжалдың неден шыққанын сізден білгім келеді.


«Жанжал» деген сөз Венераны тағы жалт еткізді.


— Ол не жанжал?


Оның бұл сұрауы жауапсыз қалды.


— «Өте қуаныштымын» деген сөзді білмей отырғаным жоқ, алдымен жаңағы қатал сезім үшін ғафу ет, деді Марина шешей інісінің көзінен әлденені көргісі келгендей қадала қарап.


— Менің сізге кешпейтінім болмайды, айта беріңіз.


— Нені айтайын?


— Мен сізден жаңағы жанжалдың себебін сұрап тұрмын.


— Біздің бір көрші әйел өзін зорламақ болған бір неміс солдатын теуіп өлтірген екен...


— Теуіп өлтірген?..


— Жүрегінің сырқаты бар сорлы болу керек, әлгі әйел кеудесінен тепкен кезде шалқасынан түскен екен, сол жерде сеспей қатыпты. Екі солдат келді де, сол үшін жазаланатын болған елу әйелдің бірі етіп мені де ала жөнелді, егер сен тап болмасаң Павел мен Нұрланым мен үшін немістеріңмен өлісетін еді.


— Ондай өлім бұл үйдің терезесі мен есігін кезек қағуда, балаларыңызға соны ескертіп қойғайсыз, қолы мен тіліне ие болсын, — деді де Роман шыға жөнелді.


Венера ол кеткен жақтан көз алмай тістене сөйлеп тұр:


— Менің нағашым әлден жыланша жиырылатын болыпты, кешікпей аждаһаға да айналар, сол кезде оның ең алдымен жалмайтыны мен болармын.


— Сенде несі бар?


— Несі барып білмеймін, әйтеуір көзінде маған деген бір өшпенділік бар.


— Ол қайта кешірімді екен, сенің жаңағы қылығың кімді болса да өшіктіретін қылық. Мұндай мінезді бұрын білмеуші едің, мұны қайдан шығардың?


— Өзім де білмеймін, Нұрланның күйігі шыдатпай жіберді ау деймін.


— «Нұрлан, Нұрлан» деп зарлай бересін, сен екі қазаққа бірдей ғашық болғаннан саусың ба?


— Жоқ, мама... не екенін өзім де анық білмеймін. Әйтеуір бұл ғашықтықтан да жалынды, кереметі күшті бірдеңе.


Ол сөйлей жүріп терезенің алдына қалай барғанын да білген жоқ, көзінің алдына бір офицер екі солдаттың айдауында кетіп бара жатқан Нұрланның елесі келіп еді тынысы тына қалды.


Нұрлан әлі айдалып келеді. Оның көзі әлі сол алыстан асқақтап тұрған қызыл трубада. Бірақ оның көзіне ілінген Венераның жасқа толы көзі, құлағынан кетпей саңқылдап тұрған соның манағы даусы.


— Қош, Нұрлан аға! Қош!.


Құлағындағы үнге өзі де үн қосты.


Немістер Нұрланды қалалық партия комитетінің үйіне алып келді. Аз күннің ішінде өзін талай қанаттандырып жіберген бұл үй қазір барлық адам баласының қанатын қырқатын жендеттердің ордасына айналыпты. Бұрынғы ізгі жандардың бірі жоқ, бүкіл Европаны тайти, сасып кеткен аяқтарын кербездене басып сапырылысып жүрген неміс басқыншылары. Солардың басқыш үстінде тұрған бір тобы Нұрланды көре сала мәз болып жемтікке үймелеген қарғаларша қарқылдаса жөнелді.


— О, Азия, Азия.


— Азия халқы ежелден меймандос қой, қонаққа шақыра келген боларсыз?


— Шақырмасаңыз да барамыз, онан да бізді шақырып өз қадірлеріңізді көтеріңіздер...


— Малыңыз бағусыз қалды ғой.


— Қатыныңыз байсыз қалды ғой.


Нұрлан оның біріне де міз баққан жоқ, олардың ұяттан жұрдай беттеріне іштей түкіріп үн қатпастан ақырын өте берді. Оның мұндай қайсарлығына ызаланған солдаттар өздерінін мазағын күшейте түсіп еді, екпіндеп келіп тоқтай қалған машинадағы капитанды көріп жым болды.


Бұл келген Роман болатын, ол жолында тұрған солдаттардың сәлемін жөнді алмастан, келіп Нұрланның арқасынан қағып қалды:


— Қорықпа, мен бармын, бері жүр...


Оның сол арқадан қаққан алақаны өз беттеріне шапалақ болып тигендей жаңағы қарқылдағыш немістер теріс айналып сырғи жөнелді.


Роман ерлеген басқышпен Нұрлан да өрлеп келеді, бірақ түпсіз тереңге құлап бара жатқандай жаны түршігіп келеді. Романның «қорықпа, мен бармын» деген жаңағы бір сөзі ғана демеу.


Бұрынғы бірінші секретарьдың кабинетінде, бет терісі бас сүйегіне жабысып кеуіп қалғандай көрінетін екі ұрты суалған, көзі үңірейіп шүңірейген бір ұзын неміс отыр. Ол осы қаланың әскери коменданты полковник Штольц. Мұнан сегіз жыл бұрын Германияның бір үлкен қаласында жұрттың күндіз шашын алып, кешке қалтасын тонап жүруші еді, енді мемлекет тонаушысы болып Рeceйгe келіпті. Ол Романның ең алғашқы жеңісін баяндатып пленканы тыңдап отыр. Бұл пленканы Штольц осында келгелі талай тыңдаған-ды. Русактың сонау күнгі Павел мен Нұрланға үкім айтқан жапырақ қағазына даталай үңілген-ді. Сол жарты жапырақ қағаз қазірде де оның алдында жатыр. Данилюктердің кім екенін ой сарабына тағы бір салып алғысы келген болу керек, тары да тыңдап отыр. Ол пленканың сөзі аяқталмастан аппаратты тоқтатты да:


— Нағыз шындық осы, осы шындық бәріне де жетеді — деді. Ол сәлем бере кірген Романға жауап қатқан жоқ, оның есесіне маңдайшасы қоңқиған фуражкасының күн қағарынан ұстап қылыштың қырындай желкесіне қарай бір сырғытып қойды да, пленканың соңғы сөзін қайта айтып шықты: «Мұның бәрін мен Совет өкіметінің ежелгі жауы, Роман Данилюк дейтін нағашымның нұсқауымен істеппін. Айтпақшы, мама, Русактың айтысына қарағанда сіздің ол ініңіз тірі секілді...»


— Жиеніңіздің осы сөзі үшін сізге мың қабат алғыс, тыңшылық міндетін жақсы атқарғаны үшін галстугіңізге де рақмет.


— Мен оның астарында сиқырлы түйме барып ол түймеге оралған пленка барын сезген емеспін, — деді Роман күлімсіреп. Оның білмейтіні рас еді.


— Сол аңқаулығыңыз үшін де рақмет сізге. Енді ашық айтайын, бұл жиеніңіз ақылды адам, бірақ жиеншеңіз сонау қазақты шын сүйетініне көзім қашан жеткенше мен булардың ешқайсысына сенер емеспін.


— Мен сенімдімін, — деп Роман күмпие қалып еді, Штольц:


— Сіздің сеніміңіз маған сенім бола алмайды. Сондықтан бір үлкен эксперимент жасалу қажет, — деген ызғарынан кейін ол күмпиюі көбікке айналып кетті.


— Қандай? — деді, ішінде қалтырау бар ма, қалай, Романның даусы сәл дірілдеңкіреп шықты.


Штольц оның бұл сұрауына жауап берместен:


— Біздің болашақ мақтанымыз, сіздің батыр жиеніңіз қайда? — деді.


— Ол батырыңыз өзінің қанына боялып дәл қазір сіздің қабылдау бөлмеңізде отыр.


Штольцтің шүңірек көзі белі үзілген жыланның көзіне ұқсап уыттанып кетті.


— Қанға?! Кім оны қанға бояған? — деді булыға айғайлап.


— Оберлейтенант Бейкердің адамдары секілді.


Штольц кнопканы басып қалып, есік ашылар ашылмастан айғай салды:


— Инженер Данилюк үшін менің есігім әрқашан да ашық болсын дегенім қайда?!


Қарсы жақтан жауап қайтқан жоқ, есік жабылмастан Павел кіріп келді. Ол басының жарасын өзінің қол орамалымен байлай салған екен, сол орамалдың астынан шапшып шыққан шекенің қаны тарамдалып келіп он қабақтың қиығына жете бере тоқтап қатыпты. Бір кезде қалалық партия комитетінің бірінші секретары отыратын жерден осы кабинеттен бұрнағы күні фашистер армиясының полковнигі осы Штольцтің отырғанын көрген кезде біреу төбесінен соғып жібергендей көзін жұмып қалған еді, бұл сапар сыр сездірген жоқ, тек жүрегі сыздап сала берді.


Штольц оны көре сала атып тұрып еді, Роман да жарыса түрегелді.


— Қымбаттым ау, басыңызға не болған? — деді Штольц Павелға қарсы келе жатып.


— Сіздерге иілгені үшін алған сыйы ғой.


— Өтінемін, отырыңыз! — деп Штольц оны қолтықтап әкеліп өзінің қарсысындағы креслоға отырғызды да, өз орнына жете бере кнопканы басып қалды, — Оберлейтенант Бейкерді шақыр, — деді кіріп келген шикіл сары ефрейторға зірк етіп.


Бейкер дегені жаңағы ефрейтордан да шикіл біреу екен, жылан жүрісімен сумаңдап, кіріп келіп еді, Штольц оны да сөйлетпестен:


— Мынау не? — деді, Павелды иегімен нұсқап, — Тезінен жауап бер, кім сендерге орыстардың мұндай қылығын үйреткен?


Совет адамдарын азаптағаны үшін алғыстан басқаны естіп көрмеген Бейкердің кіртиген кішкентай көзі жыпылықтап кетті. Көзімен бірге жүрегі де тыпырлап тұр. Бірақ жанын тулатса да Штольцтің бұл сұрқиялығына ойы жетер емес.


— Ғафу етіңіз, — деді ышқынып, — Ғафу етіңіз, полковник мырза. Біздің Фолькерс мырзаның осы күнгі әйелінің бұрынғы байынан қалған баласын орыстың бір әйелі теуіп өлтіріпті. Соның салдарынан, — дей беріп еді Штольц айғайлай түрегелді.


— Теуіп өлтірді? Тепкен орыс әйелі, өлген неміс солдаты ма?


— Нақ солай, зор мәртебелі полковник мырза. Сол әйелдің кесірінен біздің бір автомат байқамай бұл мырзаның шекесіне тиіп кетіпті.


— Байқамағаны қалай? Сонда сіздер еркек пен әйелді айыра алмайсыздар ма?


— Кешіріңіз, шындықты сізден жасыру менің. қолымнан келмейді.


— Мұндай шындықтан өтіріктің өзі жақсы екенін біліп ал, ақымақ! — деп Штольц өзіне қарай жүріп еді, Бейкер жаны қысылғанынан не дерін білмей:


— Мұнан былай ол бұйрығыңызды да бұлжытпаспын, — деп аузына не түссе соны оттай салды.


— Данилюк мырза! Қалай, мұндай шындық сізге ұнай ма?-деп Штольц Романға қарап еді ол:


— Менің күлкім келіп тұр, — деп жылмия қалды.


— Ал менің ызам келіп тұр. Мен күлкісі келген сізге де, еркек пен әйелді айыра білмеген мына батырға да ызалымын.


— Мен дұрыстап жеткізе алмадым ау деймін, басынан бастап айтуға рұқсат етіңізші, — деді Бейкер шыжбалақтап. Ол Штольцтің рұқсатын қабағынан көрді де сөйлей жөнелді: — Ол былай: біздің солдаттар сол әйел тұрған кварталды қоршап алып, елу әйелді тұтқындаған екен. Сол елудің қатарына мына инженер мырзаның шешесі де қосылып кетіпті. Мен келдім де шешесін құтқарып жібердім, шекесі менен бұрын жараланыпты.


— Болдыңыз ба?


— Болған секілдімін.


— Данилюк мырзаның шекесіне тиген автоматтың иесі алдыңғы шепке жіберілсін, барыңыз!


Алдыңғы шепке өзінің жіберілмегеніне қуанған болу керек, Бейкер есіктен бір ақ ытқыды. Штольцтің қанды көзі Романда, Романның көзі Павелда, Павелдің көзі жерде. Көзі жерде болғанымен, қиялы келешектің көгіне қарай самғап барады.


Штольц алдында жатқан бір қағазға ойлана қарап отыр еді, ұйқысынан шошып оянғандай селт етіп, түсіп бара жатқан еңсесін кенет көтеріп алды да, Павелға қарады.


— Ашуыңызды басып болсаңыз жұмыс жайын кеңесейік, — деді.


— Мен ешқандай жұмыс жайын білмеймін, білгім де келмейді.


— Енді не білесіз?


— Менің ендігі білерім елім ғана... өлім... Сіздерден де, құдайдан да тілейтінім өлім.


— Большевиктерден ше? Олардан да тілейтініңіз елім бе?


— Олардың маған арнаған өлімі тілемесем де әзір.


— Ашумен айтылған сөзді кешіру маған қиын емес, — деді Штольц ызбарланып. — Сізге берер кеңесім: басыңыздың екі тамшы қаны үшін қадір-қасиетіңізді кетірмеңіз. Тоқтаңыз, құдайдан басқаға жалыну немістердің салтында жоқ екенін ескеріңіз де, ақылға келіңіз. Қарамағыңызға қанша инженер, техниктер, қанша жұмысшы керек екені көрсетілген жоспар жасаңыз да, бір жетіден қалдырмай табыс етіңіз.


— Ол жоспарды мен кім болып жасамақпын?


— Сіз Германия өкіметі тарапынан зор құрметке ие болыпсыз, — деп Штольц Павелға жымия қарап еді, Роман оның көзін ала бере сұрлана түсті. Бірақ сөзі Штольцтің сөзінен де маймақ:


— Атап айтқанда, Донбасс шахталарын қалпына келтірудің ең алғашқы даңқына сен ие болыпсың, жиенім.


— Құттықтаймын, біздің болашақ мақтанымыз, — деп Штольц Павелға қолын ұсынып еді, Роман арқасынан қақты, тіпті ол:


— Біздер ертең ол шахтаның тұңғыш көмірін бүкіл әлемнің көрмесіне қоямыз, — деп лепіре жөнелді.


— Егер ондай күнге жете қалсақ Геббельс мырза біздің данқымызды, әсіресе, Павел мырза, сіздің даңқыңызды сол күні ақ әлем аспанына көтереді.


Дәл бір сонымен сөз жарысына түскісі келгендей:


— Ол көтерілген біздің даңқымыз ғана емес, фашизмнің туы, — деп Роман да қалысар емес.


Штольц салмақтана қалды:


— Фашизмнің туын көтеру — коммунизм туын құлату екенін білерсіз.


— Оны білемін, — деді Павел іркілместен, — бірақ шахтаның туын қалай көтеруді білмеймін.


— Білесіз, мен білдіремін. Сіз басқа шахталар секілді қаланың бургомистріне де, гебит комиссарына да қарамай, тікелей маған бағынасыз.


— Мұндай зор сенім көрсеткеніңіз үшін мың қабат алғыс, бірақ директор болу менің қолымнан келмейді.


— Қолыңыздан келетінін білмесем мұндай билікті мен сіздің қолыңызға бермес едім ғой.


— Қателесуіңіз мүмкін ғой.


— Қателессем де өкінбеймін.


— Нағашы, сіз не дейсіз?


— Мен өзім еккен егінімді орып шаттанып отырмын.


— Шахтаны басқара алмай, құрметті полковниктің бұл сенімін ақтай алмасам, мен өзімді өзім жоқ етемін, сонда сіздің оратын егініңіз менің қыршын өмірім болғаны ма?.


Павелдың бұл сөзі нағашысынан бұрын Штольцті сүйсіндіріп жіберді.


— Рақмет, Громов мырза, — деді ол шаттана сөйлеп. — Біздің бағымызға сіздей дос қалдырып кеткен әкеңіздің аруағына рақмет. Сол әруақтың құрметі үшін біздер сізді бүгіннен бастап өз әкеңіздің атымен атап Громов дейтін болайық, сіз осыған рұқсат етіңіз.


— Сіз мені әкемнің әруағымен әдемі жеңдіңіз, қарсыласар қауқарым қалмаған секілді, — деді де қолым көтерді. — Сол әкенің қарызын өз бұйрығыңыз етіп айта беріңіз, ие бұйырсаңыз да орындауға әзірмін.


— Мен ендігі бұйрықты сіздің жоспарыңызға қарай отырып бергім келеді, қолыңыздағы сол жоспар болғай.


— Соған жақын.


— Неге өзі емес?


— Соның өзі, бірақ әлі де айқындай түсетін жерлері бар.


— Кейін бәрін де айқындарсыз, мына столға жайыңыз, — деді Штольц оқшау тұрған столды иегімен нұсқап. — Данилюк мырза, сіз де жақындаңыз.


Павел қолындағы шиыршықталып бүктелген чертежді Штольц нұсқаған столдың үстіне апарып жая бастады.


— Ойымыз шегінбесе, өзіміз жақындармыз ау, — деп Роман күле сөйлеп келе жатыр еді, Штольц жалт қараған кезде оның күлкісі жалп етті.


— Неге? — деді Штольц оған тесіле қарап. — Әлде біздің бұл әрекетіміз сізге ұнамай ма?


— Мен жер астынан бихабар адаммын, бар ұнамайтыны — өзімнің сол бишаралығым.


Штольц Павелға иек қақты.


— Баяндай беріңіз.


— Басқасы кейін, қазіргі кеңесеріміз бір ғана мәселе. Ол — шахтаның қаншалықты бүлінгенін білу.


— Оны білудің жолын айтыңыз.


— Оны білудің бір ғана жолы бар, — деді Павел өзі сызып жасаған картаның бетіндегі шым-шытырық сызықтарға көзін жүгіртіп, — мына бір қылдырықтай Қызыл сызықшаға қараңыздар. Біздер қашып құтылған шурфтың жолы осы. Осы арқылы қатынап, топырағын осы арқылы арқамызбен тасып, бергі шеттегі авалды аршып алсақ, аржағындағы ствол торабының қаншалық бүлінгенін білу киын емес.


— Бұл жолыңыз қияметтің қыл көпіріндей екен, ұзындығы қанша?


— Екі мың жеті жүз метр.


— Көрмесем де бұл жолдың қандай екенін біліп тұрмын, бұл үшін жиырмасыншы ғасырдың техникасынан гөрі орта ғасырдың тері қапшығы артық секілді. Сондықтан екі мың жеті жүз метр тереңдіктегі авалды жер бетіне тасып шығару үшін кемі екі мың адам керек болар.


— Шахтаны қашан қалпына келтіріп, механизмдерін орнына қойып болғанша адам күшінің орасан көп керек екені анық. Менің әзірше бар айтарым осы ғана.


— Сіздің әзірше мұнан артық айтарыңыз болуы мүмкін емес, — деп Штольц өз креслосына қарай кете бере тоқтай қалды — Сіздің бізге қояр басқа талап-тілектеріңіз жоқ па, Громов мырза?


— Бар, зор мәртебелі полковник мырза. Сізден тілер жалғыз тілегім: шахтаның бас инженері етіп Тайманов мырзаны беріңіз.


— Ол тілегіңізді орындау киын емес. Басқа сөз келесі жылы, келесі осы күні сіздің үйде айтылатын болсын. Сол күнгі тойдың барлық дәмі сіздер қалпына келтірген шахтаның жаңа кеміріне қайнайтын болсын. Мұндай шахтаны қалпына келтіру екі жылдың жұмысы екенін білемін, екі жылдың жұмысын бір жылда бітіру үшін не керектің бәрін де бере аламын. Жасап әкелетін жоспарыңыз осы міндетке сай болсын. Менің ендігі айтарым сол жоспардан кейін. Сізді де сол жоспарға қарап тұрып тыңдаймын, әзірше қош айтысайық.


Штольц соны айта тұрып кнопканы басып жаңағы шикіл сарыны шақырып алды да, әмір етті:


— Бейкерге айт, инженер Громов мырзаны машинамен үйіне апарып салсын да, шешесінен кешірім сұрасын. Сол үйде тұратын бір инженер қазақ бар, соны маған әкелетін болсын.


Павел қош айтысты да, чертежін жүре шиыршықтап, өзі де сол шиыршықталған чертеждей шиыршық атыл шыға жөнелді.


Штольц Романға иек қақты.


— Сіз жаңағы айтылған эксперименттің дайындық жұмысына қазірден бастап кіріскейсіз.


— Оның қандай эксперимент екенін әлі айтқан жоқсыз ғой.


— Жиеншеңіздің ол қазақты шын сүйетініне көзім қашан жеткенше, бұлардың ешқайсысына сенбейтінімді айттым ғой. Сол қазақты жеті тәулік бойы өз «большевиктеріңіздің» тергеу тепкісіне беріңіз. Ол тергеудің мақсаты оның мұнда не мақсатпен қалғанын айқындау болсын. Ол үшін тергеу жұмысы сым шыбықпен дүре соғу, тандырын кептіруден басталсын да, өз қанын өзіне қорек етуімен аяқталсын, бірақ өліп кетпесін, ол үшін сағат сайын дәрігерлер бақылайтын болсын. Өйткені, оның мен үшін аса қымбат адам болып шығуы мүмкін.


Манағы жирен ефрейтор келіп Нұрланның осында екенін баяндап еді, Штольц оған:


— Келтір! — деді де Романға иек қақты. — Сіз боссыз.


— Ол қазақтың осында қалуы сөз бола қалса, менің кеңесім керек болмас па екен? — деп Роман сызыла қалып еді, Штольц мырс етті.


— Мүмкін, сіз менің төсектегі жұмысыма да кеңесші болғыңыз келер.


— Кешіріңіз!


— Барыңыз!


Неге екені белгісіз, Штольцтің Нұрланмен оңаша сөйлескісі келетін ойы бар, оның сол ойына түсіне алмай Роман дел-сал.


«Бұл қалай? Әлде бұл қазақтың менен жасырып немістерге айтқан бір құпия сыры бар ма? Мұны қалай білсем екен?» Ол сондай ойдың жетегінде кете барды.


Оның түйткілденіп кеткенін сезсе де, Штольц елеген жоқ, өзінен көз алмастан есік көзінде тұрған Нұрланға күле қарап жайдарылана қалды.


— А, алып Азияның адасқан перзенті... келіңіз, келіңіз... Отырыңыз. Ол — жазалылар мен орыстар отыратын орын. Мұнда, менің қарсыма келіп отырыңыз... Түріңізде кейістік бар, әрине оған кінәлі біз емес, өйткені сіздің елмен соғысқан біз жоқ. Солай емес пе?


Нұрлан аңыра қарап есік көзінен өзінің қарсысына келіп отырғанша, ол осының бәрін айтып үлгірді. Нұрлан аң-таң. Өйткені, бұрнағы күні бұл полковник оның көзіне адамша сөйлесе білмейтіндей көрінген-ді. Сөйлегенде тісі шықырлап, көзі қанданып кететін. Сонан бері «фашист» деген жазудың өзі Нұрланның көзіне кісі жегіштердің арсиған азу тістері болып елестейтін. Сол арсиған тажал азуларды көргісі келгендей Штольцтің аузына қарай қалып еді, ол мүлдем өзгеріп кетіпті. Жыланның көзіндей жылтылдаған шүңірек көзі де адамның көзіндей, селеудей селдір шашы бар басы да адамның басы секілді. Қасаңдау терісі сүйегіне жабысып қалғандай көрінетін ызғарлы сұр беті де адамның бетіне ұқсас, Тек қоңыздың үлкендігіндей мұрты Гитлердің мұртыма ұқсастау.


— Қалыңыз қалай? — деген даусы да кәдімгі адамның даусы.


— Жаман емес, — деді Нұрлан сәл именіңкіреп.


— Менің сізбен ұзақ сөзім бар, қай тілде сөйлегенімді қалайсыз?


— Қалаған тіліңізде сөйлей беріңіз. Сізге жеңілі неміс тілі болар.


Штольц басып бір шайқады да, ойланып барып үн қатты.


— Сіз өзіңізді менің не үшін шақырғанымды білмейтін боларсыз?


— Әрине.


— Heгe әрине?


Нұрлан оның бетіне көз тастап еді, оның көзінде күлкінің қышаны тұр екен. Соны көріп жаны жайланды да, айтар сөзін сайлап алды.


— Бұрнағы күні өзіңізден шыққаннан кейін бір тәулік бойы нәр татпастан, ұйқы көрместен тергелдім. Сол тергеуден қалған нем барын білмеймін.


— Олардың төртеуі жабылып айтқыза алмаған шыныңызды сізге мен айтқызғалы отырмын.


— Әуре болмаңыз.


— Неге?


— Мен бар шындықты сол күні түгел айтып тауыстым, сондықтан сізге айтарым қалған жоқ.


— Сонда сіз «Громовтың қарындасы үшін қалдым» деуді де шындық демексіз бе?


— Громовтың қарындасы үшін емес, өзімнің қалыңдығым үшін қалдым.


— Егер шындығыңыз сол болса некелеріңіз неге қиылмаған, ЗАГС-ке неге тіркелмегенсіздер?


— Қазақтардың өз заңы бар.


— Қазақтардың заңы әлдеқашан орыстардың заңына айналған жоқ па еді! Енді қайдағы заң айтып отырғаныңыз.


— Сіздің бұл айтып отырғаныңыз мұнан жиырма бес жылдан арғы ертегі.


— Ертегі?


— Иә.


— Сонда сіздің некеңізге кедергі болған қазақтың қандай заңы?


— Нағыз қазақтардың жүрегіне жазылған бір заң бар. Ол — әке-шешенің ризалығынсыз үйленбеу.


— Сонда қалай, әке-шешеңіздің ризалығын алғанға дейін сіз бұл қызға үйленбейсіз бе?


— Сіздерге ерсі көрінгенмен, біздің салтымыз сондай ибалы.


— Егер, сіз еліңізге жетіп, әке-шешеніздің ризалығын алғанға дейін ол қыз басқа біреуге тиіп кетсе қайтесіз?


— Ол қыз басқаға тимейді, өйткені менен басқаны сүймейді.


— Егер сіздің үмітіңіз алданған болса, яғни ол қыз басқа біреуді сүйе қалса, сүймесе де тие қалса?


— Онда үшеуміз бірдей жер бетінен жоқ боламыз.


— Үшеуіңізді бірдей жоқ ететін кім?


— Мен.


— Егер ол қыздың тигені неміс офицері болса ше?


— Бәрі бір, кім болса да.


Өзінің осы сөзінен шошынып Штольцке көз қиығын тастап еді, неге екені белгісіз, ол күлімсіреп отыр екен.


— Ризамын, — деді ол жымия түсіп, — шыныңызды именбей айтқаныңызға ризамын.


Нұрлан мұны күткен жоқ еді, не дерін білмей:


— Рақмет, — деді басын иіп.


— Сіз айтар алғысыңыздың барлығын Шоқаев мырзаға айтыңыз.


Нұрлан кенет сескеніп қалды.


— Шоқаев?! — деді Штольцтің бетіне тандана қарап. — Ол кім?


— Жер бетінде сондай бір ақылды қазақ бар, оны сіздей саналы қазақтардың білмеуі мүмкін емес.


— Ақылды қазақтардың ішінде мен білмейтін біреуі жоқ, — деді Нұрлан ойлана сөйлеп, — соған қарағанда сіздің Шоқаевыңыздың не қазақ екені, не ақылды екені бекер.


— Ойланыңыз, — деді Штольц сүзіле қарап, ол жылмиған түсін өзгертер емес, — Россия алғаш қаусай бастаған кезде большевиктерден безіп, туған Түркістаның тастап шет елге кеткен Шоқаев Мұстафа ағаңыз менің айтып отырғаным.


Неге екені өзіне де белгісіз:


— Мұстафа! — деді Нұрлан қуанышты үнмен. Кенет өзгеріп салқын қандана қалды. — Нендей адам екені белгісіз, сондай біреудің барын еміс-еміс естігенмін. Сіз оны қайдан білесіз?


— Ол менің жас кездегі ұстазым болатын, Бір кезде ағылшындарға сатылып Отанына қарсы үгіт жүргізгені үшін өткен жылы Парижде гестапоның түрмесіне түскен еді, сол түрмеден Түркістанның көгіне бірақ көтерілгелі тұр. Қазір ол болашақ Түркістан мемлекеттің көсемі.


— Гестапоның түрмесі... Түркістанның көгі... Екі арасы тым алшақ екен.. — деді Нұрлан басын шайқап.


— Оның қиялы жетпеске қолын жеткізген фюрердің қамқор қанаты. Сол қамқор қанат оны министр Розенберг арқылы түрмеден алып шықты, сол қамқор қанат енді мүлдем шарықтатып Түркістанның аспанына шығарғалы тұр.


Нұрлан оның бұл сөзіне мырс етті де, ойына келген бір сөзді айтып салды:


— Фюреріңіздің бұл қамқорлығы мұнан отыз жыл бұрынғы бір суретті елестетеді екен...


Штольц оны енді ғана елегендей ынтыға бастады!


— Ол не сурет?


— Сіздердің бір кездегі патшаларыңыз Вильгельмнің суреті.


Мұны күтпеген болу керек, Нұрлан соны айтқан кезде Штольцтің аузы ашылып, көзі жұмылып кетті. Ол көзін сығырайтып барып қайта ашты да:.


— Вильгельм? Сіз онан не білуші едіңіз?


— Мардымды ештеңе білмеймін, тек мұнан отыз жыл бұрын мұсылман елдерін аралап Мысырға дейін барғанын, сол сапарында монтаны сопы шапанын киіп, Мұхаммет пайғамбар салған ғазауат сәлдесін басына салып түскен суретін дүниеге таратып, өзін бүкіл мұсылмандардың қорғанымын деп жар салғанын ғана білемін.


— Тоқтаңыз, маған сіздің осы білгеніңіз де жетеді. Кейбір сөздеріңізге қанша шамдансам да сізді қуантуға мәжбүр болып отырмын.


— Ол үшін алдын ала рақмет.


Штольц оған айтар қуанышын қимай қиналғандай, аяғын ауыр басып кабинеттің ішін кезуілдеп біраз жүрді де:


— Шоқаев мырзаның менен тілегені қолға түскен қазақтардың неміс тілін білетіндеріне қорған болу еді. Мені сізбен булай сыпайы сөйлестіріп отырған сол досыма берген өзімнің уәдем, сондықтан Шоқаев туралы қиқар сөйлеуден енді аулақ болыңыз.


— Ол қиын емес, тек мен сияқтылар оған не үшім қажет?


— Құстың қанатсыз ұша алмайтынын білсеңіз, сіздейлердің оған не үшін қажет екенін де білгейсіз, — деді де, Штольц өз орнына қарай жүріп кетті.


— Ол қазір қайда? — деп Нұрлан да енді арбасуға бекініп алды. — Мұнда келе ме, мен көремін бе?


— Өткен түні сөйлестім, ол тұтқын қазақтардан армия құру үшін кеше Берлиннен Украинаның астанасы Ровна қаласына келіпті.


— Ровна? Киев қайда?


— Украиндық достар Киевті фюрерге сыйлап, өздері Ровна қаласын астана етіп алған-ды. Сіздің көсеміңіз бүгін сонда, ертең осында. Сіз әкеңіздің орнына соны әке етесіз де рұқсатты сонан аласыз, үйлену тойын ол кетпестен жасайсыз, оған дейін сіз өзіңіздің, сол қыз үшін қалғаныңызға біздің көзімізді жеткізесіз.


Штольцтің бұл сөзі Нұрланның кеудесін қысып жіберді:


— Қалай? — деген даусы да қиналып шықты. Оның неден қиналатынын сезгендей:


— Қалай екенін өзіңіз білесіз,деп Штольц те сыздай қалды.


Бірақ оның осы сөзі Нұрланды да ширықтырып жіберді.


— Өз білетінімізді сіздерден үш күннен бері аяғаным жоқ, оған сенбесеңіздер көздеріңізді қалай жеткіземін?


— Бар сөзіңіз осындай өтірік болса, сізге қалай сенеміз?


— Сізше мен өтірік айтып отырмын ба? — деп Нұрлан қадала кетіп еді, Штольц мырс етті:


— Өзіңізше қалай, шын айтып отырсыз ба?


— Әрине, — деді Нұрлан тайсалмастан. Ол мұндайлармен қалай сөйлесудің мәнерін енді тапқан секілді, сондықтан болар, Штольц ойланып қалды.


— Егер, мен сіздің орныңызда болсам: «Совет өкіметінің ежелгі жауы Громовтың қызы арқылы немістермен достасып кететінімді білдім, сол себепті қалдым» дер едім.


— Жоқ, — деді Нұрлан ойланбастан. Оның ойланбастан тез айтқан осы бір сөзі Штольцтің бар үмітін тұтатып жіберді. Ол Нұрланның көзінен көз алмай сәл күлімсіреп отыр. Оның әлі сеніміне жан кіре бастағанын сезіп Нұрлан да сөзін тез жалғап жіберді. — Мен еш уақытта олай дей алмаспын.


— Heгe?


— Достықты қанша құрметтесем де, махаббатымды саудаға сала алмаймын.


— Махаббатты саудаға салып, малға матастыру еліңіздің ежелгі салты емес пе? Еліңіздің заңын құрметтесеңіз ондай салтынан неге безесіз?


— Ол қазақтардың әлдеқашан жерленген салты ғой, оны сіз қайдан білесіз?


— Білемін, Шоқаев мырзаның зайыбы Мария Яковлевна ханум маған бәрін де айтқан-ды. Сондықтан сіз мені еліңіздің тарихынан бихабар біреу көріп алданып қалмаңыз.


— А, ол ханум, өзі Мұстафаның қандай малына матастырылды екен, оны да айтқан болар?


«Отқа қақтасақ жыланның да аяғы көрінеді. Менің отқа қақтайтын жыланым сол қыздың махаббаты болар, оның қақталатын оты сенің азабын болар».


Штольц ішінен соны айтты да, Нұрланға жымия қарап:


— Махаббат, ол ханумның матастырылған малы, махаббат, — деді.


— Ондай махаббат кез келген жерде шағылыса беретін тауықтарда да бар ғой.


Штольц аңырып қарай қалды:


— Сіздің бүгінгі әңгімеңіздің барлығы менің Шоқаев мырза үшін іздеген қазағымды тауып берді. Көп рақмет сізге.


Осы кезде екпіндей басып Роман кіріп келді. Ол есіктен кіре сөйлеп, мойынына асып алған алақандай сөмкесіне қол сала бастады. — Баса көктеп кіргеніме ғафу етіңіз, мынандай бір жайсыз жағдай болып қалды, — деп ол Штольцтің алдына бір парақ қағазды тастай салды.


— Бұл не?


— Бұл осындағы большевиктердің листовкасы. Жиен күйеу, олар нысанасына сені де ала бастапты, сақтан.


Штольцтің шүңірек көзі шатынап кетті:


— Оқыңыз, — деген даусы да ышқынып зорға шықты.


Бұрын әлденеше оқыған болу керек, Роман оқи жөнелді:


«Отандастар! Аға, іні, aпa, қарындастар! Тыңдаңыздар! Кекке толы жүрекпен тыңдаңыздар! Қаламыздың қақ ортасынан жаңа бір індет пайда болды. Ол — Совет өкіметінің ежелгі жауы Роман Данилюк бастаған азғындар тобы. Олар: Роман Данилюк, Павел Громов, Нұрлан Тайманов, Венера Громова, тағы басқалар.


Роман Данилюк кім? Ол — Азамат соғысы кезінде осы Донның даласын жұмысшылардың шаңына бояған генерал Красновтың бандыларының бірі. Бұл күнде неміс басқыншыларының осы қаладағы ең қанды қол жендеті.


Павел Громов кім? Ол — Данилюк деген жалған атпен жасырынып келген халық жауы Громовтың баласы, жаңағы аталған Роман Данилюктің жиені.


Нұрлан Тайманов кім? Ол — Павел Громовтың ежелгі сыбайласы, Қазақстаннан қашып келіп, жалған атпен жасырынып жүрген жаудың баласы. Шахтаны немістерге бүтін қалдыру үшін жаулық әрекеттер орасан келген опасыздың бірі.


Венера Громова кім? Ол — халық жауының қызы. Ол — Отанын сатқан азғын Нұрлан Таймановтың қалыңдығы.


Отандастар! Егер де Отанымыз қарғыс оғын атсын демесеңдер, ұрпақтар лағнат таңбасын беттеріңе бассын демесеңдер, өлтіріңдер сол азғындарды!


Жасасын Отаншылдар! Жоғалсын Отанын сатқан опасыздар! Отансыздар!»


— Отансыздар! — деді Нұрлан үрейлене үн қатып. — Мен бе Отансыз?


— Кімнің Отансыз екенін Ертең ақ көрсетеміз, тек өздерің сақ болыңдар, — деп Роман оның арқасынан қарып еді.


— Ол үшін сіз мына инстовканы басып шығарған баспахананы тауып алып тезінен талқандаңыз, — деді де, Штольц Нұрланға тұмсығын көтерді. — Сіз әзірше бара беріңіз.


Нұрлан есіктен шығып, Штольц Романға айтар сөзін сайлап үлгіргенше болған жоқ, өзінің жылан жүрісімен сыпылдап Бейкер кіріп келді:


— Кешіріңіздер, — деп ол келіп радионы бұрап жіберіп еді, біреудің өктем үні саңқылдай жөнелді.


— Отандастар! Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған «жаралы Украина», сөйлеп тұрған «жаралы Украина». Біздер бұл сөзімізді сіздерге арнаймыз, Отандастар!..


— Өшір үнін. Өшіріңдер! Құртыңдар! Табыңдар, құртыңдар! — деп Штольц қалш-қалш етіп бар даусымен айғай салды. Роман оның көзінен сол сәтте жоқ болды. Бірақ ол көзге Штольцтің малайындай көрініп безілдегенімен, бір өзін бар басқыншылардың ажалындай көріп іштей шаттанып кетті. Оның не шаттық екенін өзі де білген жоқ.


Еңсесін езген ауыр ой Нұрланның өзімен бірге үмітін де езгілеп, ілгері басқан аяғын кері тартып келеді. Ол Штольц кеңсесінен шыққанда:


«Отандастар!» — деген сөзді өзіне өзі айта шыққан еді, сол сөзді әлі күбірлеп келеді.


— Мен бе Отансыз?


Немістер басып алғаннан бері бұл қаланың барлық моторы тоқтап, бар халқы жаяу жүруге әдеттенген еді, бүгін де солай. Бірақ бұрынғы ерсілі-қарсылы ағылған, ығы-жығы топтың бірі жоқ, бәрі де көшенің әр жерінде шашырап кетіпті. Сол шашыраған шашау жұрттың арасынан жол табылмағандай өзінен өзі оқшауланып Нұрлан келеді. Бар айтатыны жаңағы бір сөз. Сол сөз жадында жатталып қалғандай аузынан түсер емес.


— Мен бе Отансыз?


Бір кезде оның даусы қаттырақ шығып кетіп еді, қарсы келе жатқан бір жастау әйел:


— Әрине, — деп өте шықты.


Жаңағы әйел соны айта сала жұрттың арасынан бой тасалап зыта жөнелді, оның сол сөзі соңынан қуып келе жатқандай Нұрлан да дедектеп келеді.


«Бұл не?.. Мен сырқатпын ба? Егер де мен мынау андыздаған ажалдың біріне тап болып осы сәтте өліп кетсем кім болғаным? Отанын сатқан азғын аталған күйі кеткенім емес пе? Неткен қорқынышты?.. Жоқ, ол мүмкін емес. Кімнің отаншыл екенін, отаншылдарға өлім жоқ екенін мен кешікпей көрсетемін. Егер Шоқаев сияқты азғындардың сеніміне бір не болсам, Штольц сияқтылардың талайын мақсатыма жетер жолдың басқышы етемін әлі. Тек жаңағы листовка майдан шебінен әрі өтпесін. Сәулеме жетпесін, егер оның қолына жетсе, мен үшін жарық, дүниенің қараңғы көрден айырмасы аз».


Ол ішінен осылай зарлап, үйіне қарай заулап келе жатыр еді, бір биік үйдің алдына келгенде оң жақ қолтығынан біреу ұстай алды.


— Сәлем, Тайманов мырза, — деді әлгі адам күлімсірей күбірлеп. Нұрлан жалт қарап еді, басына өрт сөндірушілердің дулығасын киген дүлейлігі түрінен де көрінетін дүрдиген біреу екен. Өмірінде көрмеген адам. Нұрлан ой тоқтатып қарағанша болған жоқ, екінші біреу келіп сол жақ қолтығынан ұстай алды.


— Үніңізді шығарсаңыз елдім дей беріңіз, — деп ол бүйірден қыса түсіп еді.


— Ол үшін тақыр қолтығыңызға тіреліп тұрған ажалыңыз екенін біліп алыңыз, — деп дүлей сары тақыр қолтықтан талдыра түртіп қалды, — Күлкіңіз келмесе де бізбен бірге ыржия беріңіз.


— Бері, былай жүріңіз.


Екеуі шыр айналдырып алып осылай күле күбірлеп келеді. Дүлей сарынын айтқаны рас, пистолеттің аузы оң жақтағы қолтыққа тіреліп келеді. Соны сезген сәттен бастап Нұрланның есі шығып кетті. Ол не істерін білмей, екеуіне кезек жалтақтайды, қылп етсе, не жанынан өтіп бара жатқандардың біріне қалай бір белгі берсе мыналардың сол жерде сеспей қатыратынын сезіп, үн шығармай өзін-өзі тұншықтырып келеді. Не істеу керек? Не істеу керек?


Оның бар ойлағаны да, айтқаны да сол. Не істеу керек екенін ойлап тапқанша болған жоқ, бомба түсіп жартылай қираған бір биік үйдің орта тұсындағы шаң басқан бір есікке сүнгіп кетті. Шаң басқан есіктің ар жағы түп басқам қараңғы екен. Төменде жалғыз сәуле жылтырайды, соған қарай құлдилап келеді. Дүлей сары төменге түсе бере қалта фонарын жағып сәулесін түн жамылып бұғып тұрған қара киімді біреудің бетіне түсірді де:


— Қайлаңды мықтап ұста, — деп өте шықты.


— Қайланы тастадым, кешегі бір ерлігім үшін командир жолдас немістердің бір қанжарын сыйлады.


Дүлей сары оған жауап қатқан жоқ, немістердің қанжарымен сыйланған батырды құттықтаған да жоқ, Hұpланды сүйрелеген күйі қараңғыға сүңгіп кете берді.


Не істерін білмей Нұрлан келеді.


«Немістерді алдаймын деп өз адамдарымның қолынан өлгенім бе? Енді қалай? Мен өлімнен қорқып не үшін қалғанымды айтсам, мен айтқанды мыналардың бірі немістерге айтып қойса, Павел мен Венера өледі. Олардың өлгені өзімнің өлгенім емес пе?»


Ол ұжданның осындай қамалына бекініп алғанша болғaн жоқ, ауырлығы зілдей екені көзге де көрінетін қара қошқыл тот басқан бір темір есік ақырын жылжып ашылды да, ар жағынан көмескі жарық көрінді.


Терезесі жоқ төрт бұрышты шағын бөлменің іші тап таза. Қақ ортада бір кішкене стол мен бір орындық тұр, бар жиһазы сол ғана. Тергі бұрышта жоғары шығатын темір басқыш тұр. Дүлей сары барып сол басқыштың бір жеріне саусағын тигізіп еді, ар жағынан келе жатқан біреудің дыбысы білінді.


Көп кешіккен жоқ, біреудің көлеңкесі де көріне бастады. Көзіне көкшіл көзілдірік киген жарқанаттай біреу темір басқышты өзінің. салмағымен сындырып жібергісі келгендей шірене басып келіп, басқыштың төменгі сатысына жете бере тұра қалды.


Осыдан жарты сағат бұрын бұл жендет тап осы жерде Гоманмен де осылай тұрып «шайқасқан-ды». Ол қалта дәптеріне әлденені ойлана жазып, біреулердің аты-жөнін ойлана өшіріп отыр еді.


— Қайырлы кеш, — деп Роман кіріп келді.


— Хаиль Гитлер! — деу болды жендеттің сәлемдескен түрі.


Роман оның сөзін естімегендей тұр көрсете жан-жағына көз жүгіртіп:


— «Большевигім ау», мына тамұқты қайдан тапқансыз?


— Менің де өмір сүргім келеді. Ұзақ өмір сұру үшін тамұқ жақсы.


— Түсінбедім.


— Адам баласының бірінен бірінің қызғанбайтыны тек тамұқ қана. Өмірді қысқартатын қырсықтың бірі қызғаныш. Енді түсінген боларсыз.


— Мұныңыз мен түсінбейтін философия екен. Сондықтан бұл тамұқты сізге мүлдем сыйладық тек ол дүниеге өз қолыңыздан жөнелтілгендердің бұл жерде ізі де қалмасын.


Романның мұны не оймен айтып тұрғанын ол сезген жоқ, өз ойын ірікпестен айтып салды:


— Оны маған айтпасаңыз да болады.


— Басқаларыңыз қайда?


— Аң аулаудан әлі қайтқан жоқ. ,


— Қайдағы аң?


— Сіздерге келгеннен бері аулайтынымыз большевиктер ғана ғой. Бүгінгі аулайтынымыз әлгі бір қаңғырған қазақ.


— Есіңізде болсын, ол қазақ болса да біз үшін қадірлі, өйткені ол болашақ, Түркістан мемлекетінің басшыларының бірі, сондықтан қанын түгел сығып алсаңыздар да, жанын өзіне қалдырыңыздар!


— Егер ол қазақ қасарысатын болса, сіздің бұл бұйрығыңыз орындалмайды.


— Егер өзіңізге жан керек болса орындайсыз.


Жарқанат сары ашумен атылын Романның алдына жетіп келді:


— Мен сіздердің осы бұйрықтарыңызға түсінбеймін, шынын айтқыз дейсіздер де, жанын шығарма дейсіздер. Большевиктердің шынын айтқызудан жанын шығару оңай екенін қалай білмейсіздер?


— Шынын да айтқызасыз, өзің де тірі қалдырасыз. Егер оны өлтіріп алсаңыз, өзіңіз бірге жерленесіз, менің білерім осы ғана.


Көзілдірікті жендет Романның бетіне ұзақ қарап, ауыр күрсінді де:


— Сіз маған осыны айту үшін келдіңіз бе? — деді.


— Жоқ, мынандай тілекпен келдім, — деді де Роман қалтасындағы манағы листовканың бірін стол үстіне тастады.


— Бұл не?


— Бұл — менің қанымды ішуге құмартқан большевиктердің листовкасы. Сізден тілегім — осы қаладан сезіктілердің ең беделділерін тізіп беріңізші.


— Ондайларды таппай қоймайтын гестапо тұрғанда, сіз несіне әуре боласыз?


— Өз кегімді өзім алсам ғана сүйінетін адаммын.


Көзілдірікті жендет оның бұл ойына. түсінбестен, қалта дәптерін қайта алып қарай бастады.


— Ол үшін жемтіктерімнің тізіміне қарап алайын..., Галкин кетті... Денисенко кеше кетті... Дунай қарт пен оның, үйінде жасырынып жатқан жаралы қазақ, бүгін кетеді.


— Жаралы қазағыңыз кім?


— Кім екені белгісіз, бір жаралы офицер.


— Оның бәрін қайда жібердіңіз?


— Большевиктердің ендігі барар жері белгілі емес пе?


Романның қаны қайнап басына шыға келді, бірақ сыр сездірген жоқ, ішінен «осындайлар да Россияның нанын жеп, суын ішіп, өмір сүрді ау, ә» деді де:


— Бекер, бекер, — деді басын шайқап.


— Нені бекер дейсіз?


— «Бар большевиктердің ендігі барар жері гестапоның түрмесі» ғана деуіңіз бекер.


— Неге олай дейсіз?


— Біз келместен бұрын өзіңіз кім едіңіз? Сіз де большевиктердің бірі едіңіз ғой.


— Мұнымен не айтпақсыз? — деп көзілдірікті жендет қадала кетті. — Гестапоның түрмесіне өзің түсудің орнына өзгелерді топырлатып тоғытып жүрсің демексіз бе?


— Бұл сапар қателескен жоқсыз, тілегімді орындадыңыз. Жемтігіңіздің мол екенін тізіміңізден көріп тұрмын, солардың ішінен ел жайын жақсы білетін біреуін маған киыңыз да, аты-жөнімен адресін жазып беріңіз.


— Қалғандардың сапы көп болғанымен, сапасы жоқ, өңкей кәрі-құртаң жұмысшылар мен қақса қатымдар. Жоқ, мына біреу бар екен, — деді де көзілдірікті жендет дәптерінің бір парағын жыртып алып соған жаза бастады. — Киров көшесі, 17 үйде тұратын Руденко дейтін дәрігер бар. Аяғынан мертігіп екі айдан бері үйінде жатыр. Ол бұл аймақтағы жыланның күйсесіне дейін еститін саққұлақ адам. Оның мақтаған адамдарын өздеріңізге жау көрсеңіз қателеспейсіз.


Роман оның. ұсынған бір жапырақ қағазын алды да, түк айтпастан шығып кетті. Көзілдірікті жендет онда бір жұмбақ сыр барын сезсе де, өзінің анық, кім екенін білген жоқ, жағымдану үшін сезіктілердің тағы біреуін айтқалы Романның соңынан жүгіріп кеткен еді, сонан қайта оралған беті осы.


— Бұл қай сатқын? Украины ма, қазағы ма? — деді ол Нұрланды тұмсығымен нұсқап.


— Қазағы.


— А, Тайманов дейтін мырза осы ма? Иә, иә, Венерамен бірге.аспанда жүргенін талай көргенмін. Отырыңыз, мырза. Мына бір темір қазықта отырыңыз, — деді бұрышта тұрған бір қазықты нұсқап. Қолындағы сым таяғын жанып алғысы келгендей алақанын ақырып сабалап Нұрланға жақындап келіп тұра қалды. — Қорықпаңыз. ол сіздейлерге арналып әдейі қағылған қазық отыра беріңіз.


— Рақмет, мен осылай тұра аламын.


— Тергеуіңіз бірнеше күнге, тіпті бірнеше айға созылып кетуі мүмкін. Қанша уақытқа созылса да сізге ұсынар басқа орнымыз жоқ. Отыратын орныңыз да, жататын төсегіңіз де сол қазықтың басы. Соны ескеріңіз де, аяғыңызды босқа талдырмаңыз.


«Қазық» деген сөздің өзі темір қазық болып кеудесіне қағылып бара жатқандай Нұрланның жаны түршігіп сала берді, сонда да ол қайысқысы келмей:


— Аяғым талғанға дейін тұра беруіме руқсат етіңіз, — деді.


— Жақсы, ол тілегіңіз орындалсын. Ал сіз өзіңіздің бұл жерге нендей қылмысыңыз үшін келгеніңізді білетін боларсыз.


— Жоқ, білмеймін, — деді Нұрлан бірден.


— Неге білмейсіз?


— Ешқандай қылмысым жоқ, сондықтан білмеймін.


— Сізше Отанын сату қылмыс емес пе?


— Олай дерліктей дәлеліңіз бола қоймас.


— Отаныңызды сатпасаңыз, немістер басып алған жерде неге жүрсіз?


— Мен жүрген жерде өзіңіз де жүрсіз ғой.


— Мен сен сияқты опасыздардың ажалы болу үшін жүрмін.


— Миша, осы сөзі үшін Отан әмірін бір орындап жіберші, тек желкесінен ғана, көп емес, бір ақ рет қана.


Оның Миша дегені жаңағы дүлей сары екен. Адамның жанын қинау оның рақаты болу керек, сәл кешіксе сол рақатынан айрылып қалатындай асыға қимылдап жуан жұдырығын Нұрланның көк желкесінен сарт еткізді. Нұрлан өзінің қалай ұшып түскенін білген жоқ. Ол есеңгіреп етпетінен жатыр еді, көзілдірікті жендет кең пейілденіп:


— Түрегеліңіз, мырза, жауап беріңіз, — деді Нұрланды аяғымен түрткілеп. — Саша, сен хатшылық міндетін атқар. Мен осылай тұрып та тергей беремін, орындыққа отыр да жаз. Ең алдымен осы тұрған үшеуміздің кім екенімізді Указ. Яғни Украинаның Советтік Социалистік Республикасының қандай патриоттары екенімізді жаз. Сонан кейіп сатқын Таймановтың қылмысын қарау үшін өзіміздің өзіміз белгілеген совет соты екенімізді жаз. Сот ағасы — мен, хатшысы — сен, мүшесі — Миша екенін жаз. Сот мәжілісінің 1941 жылы 29 август күні басталғанын жаз. Сонан кейін айыпкер Тайманов өзінің Отан алдында істеген ауыр қылмыстарын түгел мойындағанға. дейін тергеу жұмысы тоқталмастан күндіз-түні жүргізіле беретінін жаз.


Неліктен екені белгісіз оның осы сөзінен кейін Нұрланды қайдағы бір қайсар сезім билеп алды, сондықтан ол көзілдірікті жөндеттің:


— Қане, айыпкер Тайманов мырза, жау басып алған қалада не үшін, яғни не мақсатпен қалғаныңызды, ол мақсатқа жету үшін не істемек болғаныңызды, серіктеріңіздің кімдер екенін, немістерге қандай көмек көрсетпек болғандарыңызды жасырмастан түгел айтып беріңіз. Егер жарты ауыз жалған айтар болсаңыз жаныңызды сығып аламыз! — деген зәрлі сөзінен де именген жоқ.


— Ондай қорқынышты сөздерді немістерден де талай естігенмін, Венера дейтін қыз үшін қалғанымды оларға да талай айтқанмын, сіздерге де айтарым сол. Егер оған сенбесеңіздер босқа арам тер болмай өлтіре беріңіздер.


— Сіз өлтірілмейсіз, өйткені өлтіре салу сіздейлер үшін жеңіл жаза. Сондықтан біз қашан шыныңызды айтқанға дейін азаптай береміз. Қане, сөйлеңіз.


Көзілдірікті жендет соны айта сала сым шыбықпен бір тартып жіберіп:


— Жаның барында айтып қал, не үшін қалдың мұнда?


— Венера үшін.


— Жалған айтасың жалған! — деп жендет екі тартып жіберіп тұра қалды, да құлағын тосты. — Не үшін?


— Венера үшін.


Жендет тістеніп алып сол сұрауды қайталай берді, сұрақ қайталанған сайын сым шыбығын баса түсті, бірақ, Нұрлан өз жауабынан танар емес, ол ұрған сайын, азап батқан сайын «Венера, Венера!» деген даусы үдей түсті.


Ызалы сұраумен қайсар жауаптың егесі мезгіл өткен сайын осылай қыза түсті.


3


— Мама, мама!.. Қайдасың?.. Мына сұмдықты қара!


Венера қанша алқынса да осылай айғай салып аптыға кірді де, көрші бөлмеден шығып келе жатқан шешесінен көз алмастан қалталарын тінте бастады.


Ол манаты листовканың көшеде тұрған біреуін жұлып әкелген еді, енді соны қайда тыққанын білмей әбігерленіп тұр. Оның қорыққаны сонша — талдырмаш денесі инеліктей қатып, өнінде жалғыз тамшы қан қалмапты.


— Павелды оятасың, жайырақ сөйле, — деді шешесі ақырын күбірлеп.


— Кешікпей мәңгі ұйықтайтын болыпты, оянса оянсын, — деп Венера қалтасын әлі тінткілеп тұр.


— Не дейсің? — деп шешесі қасына жетіп келді.


— Біздер шетімізден қырылатын болыппыз.


— Немене, оба келіп пе?


— Обадан да апат бірдеңе. Мә, мынаны оқысаң нендей оба екенін өзің де білесің, — деп Венера листовканы қалтасынан тауып алып шешесіне ұстата салды!


Бұл бір жапырақ.қағазды оқығаннан Марина шешейдің жүрегі мұздап қалған еді, Нұрлан мен Венераның тұсына келгенде мүлдем қалтырап кетті. Ол листовканың сол бір тұсын қолымен нұсқап:


— Мынау не сұмдық? — деді қызына отты көзімен қадалып.


Венера жаңағысындай емес, сабыр тауып салқын қанданып алыпты.


— Оқы, ақырына дейін оқы, — деді шешесіне иек қағып.


Марина шешей листовканы түгел оқымастан, қызына бар ызасымен қарап тұр.


— Сен менің шашымның ағы мен бетімнің әжіміне анықтап қарашы. Немістер келместен бұрын қандай еді, қазір қандай?


Венера жаңа ғана аңғарды, шешесінің бұрын самай тұсынан ғана көзге шалынатын қылаңы енді төбеге қарай өрлеп, басы түгелдей көк буырлана бастапты.


— Мұны не үшін сұрадың? — деді ойлана қалып.


— Немістер келгеннен бері мен ажалдың мұндай хабаршысы ғана емес, өзін де сағат сайын күтудемін, сондықтан маған ажалдан гөрі мына бір сөз қорқынышты.


— Сонда қалай, қызыңды біреудің қалыңдығы деген сөздің ажалдан да қорқынышты болғаны ма? — деді Венера күле сөйлеп.


— Екі қазаққа бірдей ғашық болсаң әрине қорқынышты.


— Қорықпай ақ қой, бұл қалыңдық та, ғашықтық та емес.


— Енді не?


— Не екенін өзім анық білмеймін, әйтеуір қалыңдықтан да, ғашықтықтан да қадірлі бір керемет, — деді де Венера терезеге қарай жүріп кетті. Сыртта Роман келе жатыр еді, соны көре сала шешесіне жалт қарады. — Мама, інің келе жатыр, осы бастан айтып қояйын, осы нағашымның ажалы менен.


— Ол саған не жазды?


— Өз халқымызды өзімізге өшіктіріп қойған осының қырсығы.


Келе жатқан Романның тықыры жақындап қалды да, шешесі:


— Жынданба! — дегеннен басқа сөз айта алған жоқ.


Бұл кезде Роман басқа үйде тұратын еді, көріспегендеріне екі ақ күн өтсе де, сағынып қалғандай апасы мен жиеніне келе құшақтап амандасты да:


— Сіз Киров көшесі 17-үйде тұратын Руденко дейтін дәрігерді білесіз бе? деді апасына қарап.


— Білемін, оны қайтесің?


— Мен бір жазылмайтын сырқатқа ұшырап қалдым, маған сол дәрігердің көмегі қатты керек болып тұр.


— Ол нендей сырқат?


— Ол сіз сияқты жай дәрігерлер біле бермейтін жаңа сырқат. Егер тезірек емделмесем үрім-бұтағым түгелдей ұрпақсыз өтуі мүмкін.


Марина шешей оның ішкі сырын сезгендей:


— Ондай сырқатқа қашаннан бері ұшыраған едің? — деп еді, Роман да «сезсе сезсін» дегендей:


— Отандастарымның төгілген қанын өз көзіммен көргеннен бері, яғни осында келгеннен бері. Уақыт өтіп барады, мені сол дәрігермен тезірек кездестіріңізші?


— Қашан?


— Бүгін кештен қалдырмай осы үйде.


Бұлардың кенесін телефон сылдыры бөліп жіберді.


Венера телефондағы адаммен қысқа тілдесті де, трубканы Романға ұсынды.


— Сізді сұрайды.


— Мен тыңдап тұрмын, — деді Роман трубканы қолына алар алмастан. — Не-ме-не? Инженер қазақты? Тайманов Нұрланды ма?.. Қашан... Онда ұзамаған болар, барлық ізшіл иттермен тіміскілегіш тыңшыларды ізіне салыңдар, қазір мен де барамын.


— Немене, Нұрланға бірдеңе болған ба?


— Өрт сөндірушілерге ұқсайтын біреулер кешеден ұстап әкетіпті.


— Қайда? — деді Венера бар даусымен айғайлап.


— Қайда екені белгісіз.


— Мүмкін емес, мүмкін емес, — деді Венера не істерін білмей безектеп. — Оны әкеткен біздің өрт сөндірушілер емес, сіздердің өрт салғыштарыңыз, кісі жегіштеріңіз.


— Сенің ажалға да солай дейтініңді сезіп жүрмін, жиенім. Ал ол қазағын қандай? Сен айтатын сөзді ажалға ол айта ала ма? Өрт сөндірушілер оның саған деген махаббатын сөндірмес пе екен?


— Жоқ, оның жалыны өлгеннен кейін де маздап тұрады.


— Ауырлау болса да сұрауға мәжбүр болып тұрмын, ол сенің халық жауының қызы екеніңді біле ме?


— Біледі, біле тұра сүйеді.


— Онда қуана бер, жиенім, — деді де, Роман шыға жөнелді.


Венера аңырып қала берді. Ойлап қараса, өзі оның, сұрауларына жақсы жауап беріпті, бірақ сол сұрауларының бірде-бірін түсінбепті. Бұл сырын шешесіне айтып еді, ол бір жақсы үміттің құшағында шаттанып отыр екен.


— Ол, енді ғана менің інім бола бастаған секілді. Сен соны көбірек ойлағайсың...


Венера аңыра қарап аз тұрды да, шешесін құшақтай алды.


— Сонда оның сырқаты жанында екен ғой.


— Иә, оның емдегелі жүргені жап жарасы... Оны кешікпей көрерміз, — деді шешесі.


4


Талай күн, талай түнге созылған тергеу осылай, қасқыр қаталдықпен басталған еді, уыты бір толастамастан солай аяқтала бастады. Тергеудің түрі күн сайын өзгеріп, соған қарай азаптың да түрі өзгеріп отырды, тіпті күніне үш мезгіл беретін үш стақан қара су мен үш тілім қара нан да өзгеріп кетті. Өзгермеген тек Нұрланның жауабы ғана. Ол қазір «Венера» деуден басқа сөздің барлығын ұмытқан секілді. Жендеттер не сұраса да оның айтатыны «Венера», «Не үшін қалдың» десе де «Венера», тіпті әкең аты кім десе де «Венера», соққыдан құлап жатса да сиынар тәңірісінің де аты — «Венера».


— Жаз! — деді көзілдірікті жендет өзі сайлап алған хатшысына бұйыра сөйлеп. — «Сатқын, жоқ олай емес, азғын деп жаз. Азғын Тайманов Отан алдындағы қылмысын мойындамай, жеті күнгі еңбегімізді зая жібергені үшін қалған өмірі иттердің талауында өтетін болсын. Жоқ, оның бәрін сызып таста, қайта жаз. Дәрігердің қорытындысына қарағанда, Отанның қарғысына ұшыраған Тайманов жындануға жақындапты, сондықтан тергеу жұмысы осымен тоқталсын».


Көзілдірікті жендет ажал дабылын осылай қағып, Нұрланның үкіміне өз қолын қоя берген кезде темір басқыштың жоғарғы тұсынан Романның өктем даусы саңқ етті.


— Көтер қолдарыңды!


Оған ілесе Бейкердің:


— Хенде хох! — деген даусы да шықты.


Олардың даусы өктем шыққанымен, мына үшеуі қаймыға қойған жоқ, қолдарын көтере бере қаруларын ала сала атып-атып жіберді, бірақ өздері жамсап түсті.


Оларға ажал болған Роман мен Вейкер бастаған тон екен, Нұрлан қуанғанынан теңселіп құлап бара жатыр еді, Роман ұшып келіп оны құшақтай алды.


— Нұрлан! .Бауырым, тірімісің? — деді елжірей сөйлеп.


Сау-тамтығы қалмаған денесі қол тигізбей тітіркеніп, жаны тырналып тұрса да, Нұрлан міз баққан жоқ, нұры сөне бастаған көзін Романның көзіне қадай түсіп ақырын үн қатты:


— Ве-не-ра... су-су.


Романның әмірлі даусы шығып еді, су да әзір болды, қайдан сап еткені белгісіз дәрігер де тап болып өз жәрдемін көрсете бастады.


— Венераны қазір келтіремін. Мынаны іш те оған дейін әлденіп ал, — деп Роман бір стақан суды Нұрланның аузына тосып еді, ол сыңғытып жіберді де:


— Венера, — деді ақырын күбірлеп, — тәнім қасқыр талағандай, жаным бар у жалағандай, соның бәрін лақтырып тастайын, көзіме бір көрінші.


Ол соны ауыр ыңқылмен қинала айтып, жан-жағына үрейлене көз тастап еді, Романды енді көргендей аңырая қалды.


— Мен қайдамын?


— Сен өмір мен өлімнің шекарасындасың. Жатқан жерің бомба түсіп қираған бір есіз үйдің подвалы, — деді де, Роман өз адамдарына әмір ете бастады. — Тезінен ауруханаға жеткізіңдер, дәрігер мырза, халық көру үшін сыртқы жарасын осы қалпында сақтаңыздар.


Оның бұл бұйрығы да бұлжыған жоқ. Біреулер Hұpланды демей көтеріп темір басқышқа табанын тигізер тигізбестен ала жөнелді.


— Большевиктердің адамшылығы қандай екенін өз көздерімен көрсін, радио арқылы жар салып, қала халқын тезінен орталық аланға жинаңдар! — деп өзінен өзі безілдеп Бейкер жүр.


— Қала халқына өзім айтамын. Бейкер мырзадан басқаларың кете беріңдер.


Романның бұл бұйрығы да бұлжыған жоқ, әмірін орындатуға келгенде ол қазір Гитлерге де жеткізер емес, оның әмірінің күштілігі сондай, тіпті өлілер де тіріліп жатыр. Ол жақындап келіп:


— Мырзалар, жендеттік рольдеріңізді жақсы ойнағандарыңыз үшін айтылар алғыс та, тартылар сыйлықтарыңыз да әзір, тіріліңіздер, — деп аяғымен түртіп еді, жаңа ғана өзімен атысып «өлгендердің» үшеуі де:


— Хайль Гитлер! — деп жарыса түрегелді.


Бейкер үшеуінің арқасынан бір-бір қағып алғыс айтты да, Романға қарады.


— Бұл эксперименттің ойдағыдай аяқталғанын полковник мырзаға тезірек жеткізгенім жөн болар.


— Жеткізіңіз, жұрт жиналған аланға өзінін де келгенін тілейтінімді жеткізіңіз.


— Ол сізді іздете қалса қайдан табар екенмін?


— Жарты сағаттан кейін алаңнан табасыз.


— Мен де сол кезде алаңда боламын, — деді де, Бейкер шыға жөнелді.


— Қалай, бұл ерліктеріңізге ризасыздар ма? — деді Роман, үшеуіне жағалай көз жүгіртіп.


Үшеуі бірінен бірі қалысқысы келмегендей, жарыса жадырап, жарыса үн қатты.


— Ризамыз, ризамыз, ризамыз!..


Көзілдірікті жендет өзінін ризалығын айта сала, иесіне еркелеген күшіктей бұлаңдап:


— Тағы не бұйырасыз? — деп жылмия бастап еді, Романның кеудесіне соңғы күндерде ғана ұялаған жаңа жойқын кектің жалыны бірден лап етіп көзіне шыға келді.


— Сіздерге берілетін ендігі бұйрық сол: қаруларыңызды тастаңыздар да мына бір үңгірге кіріңіздер!


— Не үшін? — деді көзілдірікті жендет зірк етіп.


— Біріңізде аз, енді біріңізде көп, осы тұрған үшеулеріңіздің қолдарыңызда он тоғыз адамның қаны бар. Сол отандастардың жазықсыз төгілген қаны үшін, адамшылық ар үшін.


Роман соны айтып үлгергенше болған жоқ, көзілдірікті жендет оны атып жіберді, онан қалысқысы келмей ана екеуі де бір-бір оқты атып қалды, бірақ, бірде-бірі Романға дарыған жоқ. Оларға бар ыза-кегімен күле қарап Роман тұр.


— Ах, большевик, алдап ұрған екенсің ғой, — деді де, көзілдірікті жендет қолындағы пистолетін Романға жіберіп қалды.


— Бұл күнге дейін большевиктердің жауы едім, сендер мені бүгіннен бастап большевик еттіңдер. Олар өткендегімді кешпесе де өкінбен... кешіріңіздер, мырзалар, сіздермен ұзақ сөйлеспекші едім, арсыз беттеріңізге қарап тұруға шыдамым жетер емес, — деді де, үшеуін қатар сұлатып салды, оларға тістенемін деп өзінің жағы да қарысып қалды. — Енді осы үйдің төбесін төбелеріне құлатып, сүйектеріңді күлге айналдырмасқа амалым жоқ. Өйткені мен ана сүтін ақтауым керек. Ол үшін өмір сүруім керек.


Оның жүрегі қатты тулап кетті. Сол тулаған жүрекпен жұлқынып жүріп, босағаның бір елеусіздеу жерінен жіптің үшін тауып алды. Сол жіпті тартып кете бере ауыр күрсініп қалды. Қолынан бір қызыл от жарқ етті.


Ол аулақта тұрған машинасына отыра салып жөнеле берген кезде, арт жағынан іле құлаған үйдің қабырғасы ала гүрс етті. Сол гүрсілге жарыса көшедегі радиодан өзінің даусы да сұңқылдай жөнелді.


— Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған — Роман Данилюк. Сөйлеп тұрған — Роман Данилюк. Біз бүгін осы қаланың молаға айналған бір үйінің астынан большевиктердің Тайманов дейтін инженерді тірідей жегенін көрдік. Біз көргенді сіздер де көріңіздер, сол үшін біріңіз қалмастан жарты сағаттан қалмай қаланың орталық алаңына жиналыңыздар!


Оның бұл бұйрығы да бұлжыған жоқ, жұрт ол хабарды ести сала лег легімен ағыла бастады. Нұрланның тірі табылған хабарын естіп шахтадағы Павел да, үйдегі Марина шешей мен Венера да алаңға жетіп үлгірді.


Аланның қақ, ортасында Штольц бастаған басқыншылар тобы тұр. Штольцтің Романға, Романның өзінен төменгілерге берген бұйрығы бойынша екі қатардан тізбектелген жұрт алаңның екі жақ жартысына дейін созылып доғаша иіліп тұра қалды.


Штольц оң жағында тұрған Романға көз тастап:


— Тайманов мырзаның жан достарының бізбен бірге тұрғаны жөн болар, — деп еді, Роман микрофонға жетіп барды:


— Павел, Венера, келген болса Марина апай, алаң ортасына, біздің жанымызға келіңіздер.


Олар бұл алаңға қаланың екі жағынан келсе де бірін-бірі тауып үлгірген еді, Марина Гавриловна ұлы мен қызына көз қиығын тастап иек қақты да, өзі сол орнынан қозғалмай тұрып қалды.


Топтан үзіліп шығу Павел мен Венараға да жеңіл тиген жоқ, бірақ өз мақсаттары үшін сыр сездірмей, қайсы біреулердің лағнат айтқан күбірін де елемей, өтірік жайраңдап жүріп кетті. Олар басқыншылардың қасына барып жеткенше бүкірлеу келген қара машина ақырын жылжып келіп алаңның шетіне жете бере тоқтай қалды.


Роман өзінің алдына таман. орнатылған микрофонға жетіп барып:


— Бейкер, неге тоқтадыңдар? — деп зілденіп еді, мотоциклистің бірі ағызып келді де:


— Тайманов мырза халқының алдынан жаяу өткізуді өтінеді, — деді.


Штольц Романның жауабын күткен жоқ, иегін бір-ақ қақты.


— Тілегін орындаңдар.


Мотоциклист қайта кетті де, Роман микрофонға қайта жақындады.


— Қадірлі бауырлар! Мұнан жеті күн бұрын большевиктердің қолына түсіп, бүгін ғана құтқарылған инженер Тайманов мырза шалажансар жемтік күйінде қазір алдарыңыздан өтеді. Біздер оның жеті тәулік бойы азап шеккенін ескеріп машинамен еткізбекші едік, Тайманов мырзаның өзі сіздермен көзбе-көз, жүзбе-жүз дидарласу үшін жаяу өтуді тілепті, біздер оның бұл тілегін қабыл алдық. Қазір ол сіздердің алдарыңыздан жаяу өтеді. Демеушілері — өзін құтқаруға қатысқан неміс армиясының екі офицері. Міне, оның сіздермен дидарласу сәті басталды, қараңыздар! Оған қарай тұрып мені тыңдаңыздар. Біздер оны өзінің тілегі бойынша сол қанға боялған, жартылай жалаңаш қалпында алдарыңызға әкелдік. Ол үшін айып етпеңіздер. Оның үстіндегі сонау Қызыл көйлек өзінің қаны, сонау кеудесінің әр жерінен жалбыраған салпыншақтар көйлегінің жыртығы емес, жырымдалған денесінің терісі!


Роман осылай сұңқылдап тұр. Самсаған сансыз көздің бәрі екі немістің демеуімен зорға жүріп келе жатқан Нұрланда. Ол өзінің кескіленген кескінін халқына көрсете түскісі келгендей тізіліп тұрған жұрттың бірін қалдырмастан жағалай қадала қарап келеді.


Алаң ортасында Штольц бастаған төрт неміс тұр. Төртеуі де көздеріне қара көзілдірік киіпті, төртеуінің де көзілдіріктің астынан ұрлана қарап аңдығаны Венераның көзі. Венераның. көзі Нұрланнан басқаны көрер емес. Оның жасқа толы көзі Нұрланға мүлдем байланып қалыпты, ол өзіне қадалған көздердің бірде бірін көретін емес, бірақ Нұрланның жан танымастай болып өзгеріп кеткен кескіні жақындаған сайын өшпенділігі қаулай түсті.


— О, қасірет... Осы келе жатқан анық, тірі адам ба?


— Оны өзіміздің нағашымыздан сұра.


— Венера, оның жарасын ауыртсаң қиналатын өз жаның болар, байқа, балақай.


Венера Романның бұл сөзінің астында нендей астар жатқанын ұққан жоқ, Павелдың сабырлық айтқан ақылын да тыңдаған жоқ, демеушілердің қолын кері серпіп тастап өзіне қарай тәлтіректеп келе жатқан Нұрланды барып құшақтай алды. Егер Павелдың «аясаңшы» деген даусы қаттырақ шықпаса, аймалап аялаған алақанына Нұрланның жарасын тырналататынын сезбейтін еді. Павелдың әлгі сөзінен сөзді де селк етігі ыршып түсті, құшағын жазбастан иіліп тізесінен отыра кетті де:


— Тым болмаса тізеңізді құшақтайыншы, — деді.


Оның көз жасымен бірге барлық ынтығы да төгіліп тұрғандай еді, соны сезгендей Нұрлан үн қатқан жоқ, денесінің әр жерінен тамшылаған қанымен бірге дірілдей иіліп келіп Венераның маңдайынан бір сүйді де, құлап түсті. Бірақ Венера оны жерге жеткізген жоқ, жаны қанат болып жайылып кеткендей кеудесімен демеп қалды.


«Сүйетін де жер қалмапты ау», — деді ішінен. Нұрланда әлі үн жоқ, тек көзінде маздай бастаған от бар.


Штольц сол екеуінің біріне-бірі телміре қарасқан көздерінен өзі күткен шындықтың бәрін көргендей күмпиіп оң жағында тұрған Романның арқасынан қақты.


— Жиеніңіздің жалыны мол екен, тек маздата білгейсіз.


— Сол жалын болар сендерді өртейтін, — деді Павел ішінен оларға аузын бір басты да, микрофон алдына жетіп келді.


— Тыңдаңыздар! Осы алаңда тұрған боларсыңдар, әсіресе сендер тыңдаңдар, адамзаттың жаулары, жауыздықтың жендеттері. Біздер кегімізді ешкімге де жібермейтін жандармыз. Қанға — қан! Жанға — жан! Бұл біздің ежелгі салтымыз, бұл біздің бүгінгі антымыз, — деді де, микрофонды тастай салып Нұрланның қасына жетіп барды. — Нұрлан, саған да айтар антым сол, бауырым, көтер еңсеңді!


Павел келіп Нұрланның қолтығынан демеген кезде, Роман тамағын бір кенеп қалды. Өзінің осы әрекетінің шаттығы кеудесіне сыймай кеңірдегіне дейін кернеген болу керек, тамағын тағы бір кенеді де микрофонға жақындады.


— Қадірлі бауырлар! Енді Тайманов мырзаның қандай азап шеккенін өз аузынан тыңдаңыздар! Нұрлан Тайманович, мұнда, микрофонға келіңіз.


Нұрлан Павел мен Венераның демеуіне сүйеніп микрофон алдына келді де, бар күшін жиып алды.


— Қымбатты отандастар! Мен қансыраған, қалжыраған, сол себепті сөйлеуге шамасы қалмаған жанмын. Менің барлық қаным ауыр соққылардың астында суалды, қан суалса жан қуарады. Кешікпей менің де жаным қуарар, бірақ мен сонда дат өлмеймін. Мен мәңгі тірі адаммын. Мен осы жеті күндік қанды сапардан соны, өзімнің мәңгі жасайтынымды көріп қайттым. Сондықтан сіздерден тілегім: егер мені өлді деушілер бола қалса, оған ешқашан да нанбаңыздар!


БЕСІНШІ ТАРАУ


1


— О жасаған! Бөбегім жатқан бесікке сарбас жылан оралғандай жүрегім неге бүгін дірілдей береді бұл? Әлде Москваға төнген қатердің дүмпуі ме менің қарт жүрегімді теңселткен?.. Иә, сол болар. Оның бөбегімдей көрінетін жөні де бар ау. Өйткені ол Абзалым мен Нұрланымның ұшқан ұясы ғой... Ей, балалар! Бүгінгі радиодан Москваның соғыс жағдайында екенін естідіңдер ме?.. Ендеше, бүгінгі күш сол Москва үшін төгілсін, салыңдар қимылды!


Сақал-шашын қырау шалса да жаны әлі жалын атқан сом денелі қарт бригадир осыны айтып айғай сала алдында үюлі жатқан көмірді бұрқырата жөнелді.


Бұл — Нұрланның әкесі, бір кезде бүкіл Қарағандының мақтаны болған Тайман дейтін қарт жұмысшы еді. Жасы да, еңбегі де үлкен, сол үлкен енбегі әперген беделі де үлкен. Сондықтан қарауындағы жұмысшылардың бәрі де оны әкесіндей көріп, айтқанын заң тұтатын ол әдеттерімен олар бригадирдің жаңағы салған уранына ілесе қатты қимылдап көмірден дария ағыза бастап еді. Жай соққандай сарт етіп әлденесі сынды да, конвейер кенет тоқтап қалды.


— Ей, не болып қалды?


— Конвейер бүлініп қалды.


— Қай жері?


Тайман бұл сұраудың ешқайсысына да жауап қатқан жоқ. Рештакты жағалай жүгіре отырып конвейердің бүлінген жерін тауып алды да, оның механиксіз жөнделмейтінін көргеннен кейін штрек жақтағыларға айқай салды.


— Ей, телефон соғып мехаинкті, Миронның өзін шақырыңдар, Миронды!


Аздан соң тағы да дауыстады.


— Е й, ешкім кетті ме?


Төменгі жақтан:


— Кет ті... кет ті! — деген дауыстар келіп жетті.


— Ей, Бөлекбас бар ма? Бөлекбас!


— Жо-о-қ! Жо-о-қ!


— Жоғалсын бар болғыр, — деумен Тайманның айғайы да бітті. Конвейермен бірге бар тіршілік тоқтағандай айналаның бәрі де меңіреулене қалды. Тайман не болды дегендей ұзын лаваның өн бойына көз жіберіп еді, еңсесі кенет сылқ түсті де, .үюлі жатқан көмірге жантая кетті. Мұндай бөгеттер бұрын да талай болған-ды. Мұнан бұрын да дәл осылай жантайып талай жатқан-ды. Бірақ оның қызықты кезі де болатын еді. Сол қараңғы тар түкпірлерден бойды балқытатын балғын үндердің алуан түрлері — сыңқылдаған әдемі күлкілер өзгеше сырлы сыбыстар да естілетін еді. Тіпті қайсыбір кездерде қос жүректің бірдей қаққан лүпілі де Тайманның кәрі құлағына талай шалынатын. Бүгін оның бірі де жоқ. Бәрін де соғыс жалмап кеткендей, тек үстінде су жаңа, бірақ екі тізесі бірдей пара-парасы шыққан шибарқыт костюмі бар, дембелше бойлы бала жігіт конвейер тоқтасымен «қап, қаным жаңа қызып келе жатыр еді» деп жалданып үюлі жатқан көмірге шалқасынан жата кеткен еді, сәлден кейін бір әнді шырқап қоя берді. Жай басталып барып асқақтай көтерілген сол әдемі әнге құлағын тіге Тайман маңайындағыларға көз тастап еді, күректерін құшақтай қулап, көмірге жантайып жатқан жұмысшылардың бәрі де сол әнге ұйып қалған екен.


— Бұл кім, жаным ау?!


— Бізде мұндай әнші жоқ еді ғой.ъ


— Әлгі бір Сайран дейтін колхозшы бала секілді.


— Сол, сол жалқау бала.


Лава деген аты бар, биіктігі мен ені жарты метрден аспайтын, ені онан да тар, ұзындығы екі жүз елу метрден асатын осы ұзын үңгір Сайранның көзіне бұдан бір ай бұрын алғаш келген кезде көрдей көрінетін еді. Қазір өзінің үйіндей болып кетті. Тіпті ол кей түндері шахта ішіне түней кететін-ді. Бірақ жұмысқа әлі төселе алмай жалқау аталып жүр.


Колхоздан онымен бір кезде келіп, қазір жұмысты онымен бірге істейтін Шекер дейтін қыз:


— Бүгін қандай боран болар екен, ә? — деді.


— Осындай шыбынсыз жаздың күнінде ме? — деді оның бұл сөзін андамаған бір жұмысшы.


— Қотыр тайлақ ойнақтаса боран болады деуші еді, ананың желігуіне қарағанда кәдік.


Ондай қалжың қағысына Сайран да әзір екен:


— О, керемет, керемет! Мені көрсе болғаны қыз атаулы қиядан тиіседі. Бұл неліктен екен, ә?


— Ол не үшін деп?


— Сүйгісі келеді ғой сорлылар.


— Әй, дәл сондай сорлы қызды көре алмай жүрмін ау.


— Пәлі, ағай, қыздардың әдеті, сүйіскісі келгенде осылай қиядан тиісетін. «Бүлдіршін көзін сүзбесе, бурасын бұйдасын үзбейді» деу сонан қалған.


— Әй, сөз әлпеттеріне қарағанда осы екеуі бала емес секілді, қай елден келген еді? — деді егделеу келген бір жұмысшы.


— Қызымыз — Қудан, жігітіміз — Қарқаралыдан келген-ді.


— О, бірі — бүкіл қазақтың қамын бірдей ойлаған қайран Қазекем, қаз дауысты Қазыбектің, енді бірі өз заманында баба аталған Кенже шешеннің әулеті екен ғой.


— Қане, Қазекемнің немересі, айтып жібер, мынаның қағысқаны рас болса бір қағып жібер, — деп ол Шекерді жани түсті.


Шекер Сайраннан да ашық, жайдары, көзі қандай өткір болса өзі де сондай өткір еді. Жауапқа іркілген жоқ. Аласыз қара көзін Сайран жаққа бір жалт еткізіп:


— Жалқаулық дейтін бір ғашығы бар еді, сол ғой бұл бурасының бұйдасын үзіп жүрген, — деді де, ду еткен бетін баса қойды. Бірақ алма бетінің дәл осы сәтте инедей болып қызара қалғанын көмірдің күйесі бүркеп, қасындағылардың көзіне түсірген жоқ.


— Шекер! — деді Сайран наз дауыспен, — мені аяйтын бүкіл дүниеде жалғыз сен ғана деуші едім, сондықтан сен ғана едің сорлы жүрегімнің жарты айдан бері сүйгені. Енді міне булыға соққан дүрсілі кеудемді жарып барады, нанбасаң құлағыңды кеудеме сал да тыңдашы, — деп Сайран кеудесін аша жақындап еді. Шекер қасында отырған бір жұмысшының ар жағына бір-ақ ырғыды:


— Ағай, қайлаңыз қайда?


— Оны қайтесің?


— Мына бейбақтың жыны ұстап келеді, сақтаныңыз.


— Мен жынданбаспын, егер жындана қалсам қайла тұрсын қашқарды да қағып өтермін.


— Күрекке шамаң келмей жүріп каюкарда нең бар ей, сенің?


Шекердің бұл сөзі Сайранның шымбайына батып кетті.


— Сендей қызға қанжар болып қадалатын шамамның қандай екенін көрсетейін, — деп тұра ұмтылып еді, лаваның өр жағынан Тайманның даусы зірк етті:


— Бұл не ойын? — деді ол Сайранға зілдене қарап.


— Жәй, әншейін, еріккен соң, — деп Сайран қайтадан жантая кетті.


— Жұмыс барда ерініп, жұмыс жоқта ерігетін әдетің ау сенің.


— Менен бұрын мынаны жөндеп алыңыз.


Тайманның көзі алыста келе жатқан біреудің қолындағы фонарына түсіп еді, Сайранның сөзін елеген жоқ.


— Ей, кім болсаң да бас аяғыңды! — деп айғай салды.


Бұл келе жатқан участке начальнигі Сәуленің орынбасары, өзімізге бұрыннан таныс Бөлекбас екен. Ол елбелектеп жетіп келді де, ентіге сөйлеп отыра кетті.


— Уһ, жүрегім нетіп кетті ғой.


— Мирон қайда, — деді Тайман оған зілдене қарап.


— Қазір, ақсақал, қазір. Қарт адам ғой, жүгірсе де жете алмай келе жатқан болар. Уһ, менің өзім зорға жеттім.


— Ағай, мынаны жүргізер өнеріңіз бар ма?


— Жоқ, Шекержан, ол мен сияқты инженердің емес, механиктердің жұмысы.


— Онда өкпеңізді несіне өшірдіңіз?


Бөлекбас Шекердің бұл сөзіне не дерін білмей тілі күрмеліп қалып еді, өзінің ескі әдеті бойынша маңдайынан тер сорғалап қоя берді. Сасқанынан әңгіменің бетін басқа жаққа тез аударуға асығып, маңдайынан сорғалаған тер нөсерін орамалымен бір-екі көсілте сүртіп тастады да:


— Ал, жолдастар, біздің шахтаны, енді бір жылдан кейін барлық шахтаның алды дей беріңдер, — деді.


— Бір жылға дейін арты болсақ жетіскен екенбіз, — деді Тайман жақтырмағандай тұр көрсете бір қозғалып қалып.


Сайран Тайман мен Бөлекбасқа кезек қарап алды да:


— Ағай, соғыстың қашан бітетінін айтыңызшы? — деді Бөлекбастың бетіне үңіле түсіп.


— Е, мен оны қайдан білейін?


— Шахтаның бір жылдан кейін қандай болатынын білгенде, оны қалай білмейсіз?


Бөлекбастың көкшіл көзі ашу аязымен мүлдем шақырайып кетті.


— Шырақ, сен шырақ, мен сенің құрдасын, емеспін, байқа. Ато мен сені нетіп жіберермін, — деп даусымен бірге қушық кеудесін де көтере бастап еді, Тайманның:


— Құрдас болмасаң, ағасысың, айт түсіндіріп, — деген зекіңді сөзінен кейін қайтадан басылып қалды.


— Түсіндірсем мынау, — деді ол енді даусын да бәсең шығарып, — Донбастан келген ана бір Мирон дейтін шал көмір комбайнын ойлап тауыпты. Сол жайында Сәулемен бәрі кеңесіп отыр екен, олар маған сіз мұны қалай дейсіз, осы реальный ма деп еді, мен гениальный дедім... Тағы не деп едім...-Ә, иә, мен де көмектесермін, тезірек қолға алыңыздар дедім. Енді түсіндің бе?


— Жоқ, — деді Сайран басын шайқап, — «мынау» дегеннен басқа сөзіңізге түсіне алмадым.


— Ей, өзін саңыраумысың, әй?


— Жоқ, бәрін де естіп отырмын.


— Естісең былай, олардың жасайтын комбайны іс болып шықса бар ғой, дәл сендей елу жігіт беретін көмірді оның жалғыз өзі береді.


— Көмірді де өзі қаза ма?


— Өзі қазады, өзі ұсақтайды, науаға да өзі салады. Сонда сен секілді жігіттер бар ғой мынау қайла, күрек дегендерге пысқырып та қарамайды.


— Әттең ондай машинеге қол жетпейді ғой. Егер қолым оған жете қалса мен қайла, күрек қана емес, мынау Шекердей қыздарға да пысқырмас едім.


Тайман Бөлекбастың бұл сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей ойлана қадалып отыр еді.


— Айтпақшы, сүйінші, ақсақал, — деп Бөлекбас оның қолынан ұстай алды.


— Бөлешім ау, бұйра басым ау, не айтқалы келесің? — Әлде, Нұрланым келді ме? — деді Тайман иегін кемсеңдетіп.


— Жо-о-қ, қария менің айтып отырғаным Нұрлан емес.


— Енді немене, .сүйінші деп күйсеп отырғанын? — деп Тайман Бөлекбастың қолын кері серпіп жіберді де, теріс айналып кетті.


— Абзалыңыз обкомның екінші секретары болыпты. Ол аз ба? Оған қуанбайсыз ба?


— Оны өзім де білемін, — деді Тайман иегін көтеpiп, — Мырқал не болыпты?


— Оны білмедім. Өз ойымша, Мырқалынызды бастық ете қоймас.


— Е неге?


— Біздің Мырзекең қай бастықтан кем? — деп біреулер дүрсе қоя беріп еді, енді біреулер оларға сыздана қарады.


Бөлекбас өзінің аңдамай сөйлегенін енді ғана сезіп, екі жақтан бірдей қысылып, қыпылықтап отыр. Мырқалдың бастық бола алмайтын себебін айтайын десе, мына отырған жағымпаздар оған қазір ақ жеткізеді, өтірік мақтайын десе, жұмысшылардан именеді. Енді не дерін білмей, әркімге бір жаутаңдап отыр еді, штрек жақтан өрлеп келе жатқан біреуді көре сала қуанып кетті.


— Әне, біздің Мирон Павлович та жетті, әне! — деді кім екенін қолындағы фонарынан тани кетіп.


Кен кеудесін тар лаваға сыйғыза алмай бір қолымен жылжып дембелше бойлы бір адам келе жатыр. Басындағы былғары кепкесі де, көмір жұғанасы жұққан майлы беті де жылт-жылт етеді. Кәрілігін тек самай шаштары ғана жариялап тұр, әйтпесе түрі, қимылы әлі жас. Өл жақындай берген кезде Тайман көңілді дауыспен:


— Ау, менің пайғамбарым ау, жүрсеңізші, тезірек... мына бүйен құсаған мұндарыңыз тоқтап қалып жүйкені кескенін көрдіңіз бе?! Екі сағаттан бері екі түйір көмір бере алғанымыз жоқ, — деді.


— Тоқтап қалса неге жүргізбейсіздер? Механиктеріңіз қайда?


— Оны военкомат шақыртып кетіпті, тезірек жүріңізші, — деп Тайман лаваның өріне қарай беттеп еді, Мирон Павлович оның иығынан ұстай алды да басына басын түйістіре тұрып.


— Сіздің анау бастық балаңыз баратын жердің бәріне неге бармайды? — деді күбірлеп. — Барып тұрып: жауды жеңу үшін құрал керек, құрал жасау үшін көмір керек, кемір үшін жұмысшы керек екенін неге айтпайды? Әй, оны айту үшін де үлкен жүрек керек ау.


Ол соны айтты да Тайманның жауабын күтпестен алға түсіп кете берді.


Сайран Мырқалды шахтаның ең үлкен құдайы көретін, Мирон Павловичтің сол «үлкен құдай» жайында жаңағыдай өктем сөздер айтуы оған бір ғажап көрінді де, қасында отырған жұмысшының біреуін ақырын нұқып қалды.


— Ағай, анау шал кім?


— Ол Мирон дейтін қарт, әлгі керемет машинаны жасайтын сол. Оның қолы тисе мына темір науа қазір орамалдай желпілдеп безек қағады, әзірлен!


— Жоқ, — деді Сайран қатуланып, — мен ең. әуелі сол Мырқал бастықтың өзімен майдандасамын. Онсыз жайым келер емес.


— Не үшін?


— Не үшін екенін көрмей жүрсіз бе? Келгеніме бір ай он күн болды, жатар орын, киер киім әлі жоқ. Жанға пана жалғыз костюмім мынау, осында келгенде су жаңа еді, тізерлей-тізерлей тебен шаншар жері қалмай жаман қыздардың шашына ұқсаң кеткен. Мұны білгенде үйден киімді үйіп келетін едім ғой. Қараңызшы, осының кесірінен ең ақыры мына бір Шекер дейтін қыз да жөнді қарамайды.


— Қайтесің шырақ, — деді оның сырласы, — қазір соғыс уақыты ғой, шіркін біздің жұмысшылар соғыстан бұрын тамаша тұрушы еді ау, амал не?


— Соғыс, соғыс! — деді Сайран онан сайын қызулана түсіп, — басқа шахталарда неге осындай емес. Кеше, мен өзіммен бірге келген бір жігітті көрдім. Бірінші шахтада істейді екен, мұздай киініпті. Онда бәрі бар, бәрі мол көрінеді. Ал, бізде неге ондай емес?


Ол бірдің емес, көптің аузында жүрген осы сұрауды айтып үлгергенше болған жоқ:


— Шекер, Шекер! Тұр, шырағым, тұра ғой! — деген Тайманның даусы шықты.


Шекер күрегін қолтығына қыса қисайып, ой тұңғиығына батқан еді. Қолындағы фонары да, басындағы кепкасы да жерге түсіп кетті. Оны өзі сезген жоқ. Тайманның даусы шыққан кезде ғана ойын тежеп, бойын жиып алды. Бірақ ауыр ойдан әлі де айыға алмай, айнадай жарқыраған үлкен қара көзін түнеріп тұрған қараңғы тұңғиыққа қадап алды да, ұзын қара шашына жабысқан көмірдің үгіндісін алақанымен ақырын қағып түсіре бастады. Көмірмен бірге жұлынып түскен шашына көзі түсіп еді, үлкен қара көзінен қос тамшы қосарлана сорғалай жөнелді.


Ол қалтасынан орамалын алып көзін сүрте берген кезде конвейер салдыр-гүлдір ышқына ырғала солқылдап, ауыр алып үніне басты. Шекердің көзді бір сүртуге де шамасы келген жоқ, орамал ұстаған қолы күрекке барып жармасты.


Сол алып үн майдан дабылындай, жұмысшылардың дәл қазіргі қимылы жау қамалына жасалған шабуылдай еді. Шекер солардың нақ ортасында көмірді темір науаға (рештак) бұрқырата салып жатыр еді, Мирон Павлович жақындап келіп тоқтай қалды.


— О, бәрекелді, мынау қандай ер еді! Бұл кім өзі? — деп ол фонарын Шекердің бетіне жақындатты.


— Бұл менің Шекер дейтін қызым... Қарғашым, онан тез шаршап қаласың, былай сал, — деп Тайман Шекердің күрегін алды да, көмірді өзі сала бастады.


— Балам ау, мынауың не жұмысқа киетін киім емес қой, мұның қалай? Көйлекшең де тоңбайсын, пенжегіңді шешіп тастап, тынысың тарылмас үшін былай ағытып қой, — деп Мирон Павлович омырау түймесін ағытып жіберіп еді, аржағынан ақ тамақ жарқ етті.


Шекер ызбарлана түйіле қарап, оның қолын кейін серіпті де:


— Ол ақылыңызды бастыққа барып айтыңыз, — деді.


Мирон Павлович Шекердің өнегелі қызға лайықсыз шырт мінезін ұнатқан жоқ. Тіксіне қарап, түйіліп қалды да:


— Тым тентек екенсің, қызым, ә. Келгеніңе қанша болды? — деді.


Шекер оның сұрауына жауап қатпастан:


— Түсіндім, ата, енді өзіме беріңіз, — деп Тайманның қолындағы күрегін алып, көмірді ызалы қайратпен тастап тастап жіберіп еді, екі шалдың көзіне темір науа соның дүмпуімен ғана солқ-солқ еткендей көрінді де:


— Бәрекелді, — деді Мирон Павлович жаңағы ойынан лезде қайтып.


Темір науаның қаңғырлаған даусы лаваны басына көтеріп, Шекердің құлағына түк естірткен жоқ, оның естігісі де келген жоқ.


— Әттең, тентек. Бойындағы бар міні сол ақ. Әйтпесе, менің бұл қызым ба, менің бұл қызым тірі болса талайды таңдандырар әлі, — деген Тайманның сүйсіне айтқан жылы сөзі де оны жұбата қойған жоқ.


Екі қарт өзара шүйіркелесіп төмен қарай жылжып барады. Шекер ызаланғандай ауыр өксіп, көзінің жасын моншақтата төгіп, көмірді салып жатыр.


Түйеге мінгендей ілгері-кейінді ырғалып, күректі анда-санда бір көтеріп қойып отырған Сайранды Мирон Павловичтің көзі шалып қалды.


— Па, сабаз ай! Соғысқа барсаң оққа қандай тез ұшар екенсің, ә? — деп еді, Сайран жалт қарады да:


— Бұл қандай әулие еді тағы? Ә, сіз бе едіңіз? Иә, Сөйлеңіз, әулие. Сізше қайтуім керек? — деді қабағын түйе, күрегін көмірге тірей тізесінен отыра қалып.


— Бере тұр, күрегіңді, ер жігіттің қалай қимылдайтынын көрсетейін, — деп Мирон Павлович фонарын тіреуге іле салып, қол созып өзі, Сайран күрегін темір науаның аржағына лақтырып жіберді де:


— Бар, керек болса өзің барып ал! — деді.


Осы кезде жоғарғы жақтан Тайман да келіп қалған еді, Сайранның қылығына ызаланып, не істерін білмей отырған Мирон Павлович Тайманға түйілді.


— Осы ма сіздің үйреткен өнегеңіз, осы ма берген тәліміңіз?


Мирон Павловичтің сөзі жанына батып кетті ме қалай, Тайманның көзі Сайранға оқтай қадалып қалды. Ол конвейердің даңғырынан Мирон Павловичтің сөзін естіген жоқ. Күректің лақтырылуынан бәрін ұқты да:


— Қайтейін, не істеймін сен мұндарға, кеше не айттым саған? Анау, өзіңмен бірге түскен Шекерді қарашы, жаңа оның көмір тастасын көргенде мына Мирон бес минут талып жатты. Қыздан қалсаң ұл болып несіне тудың! Сал жылдам, мұндай қылықты мұнан былай көрсетпе маған! — деді де күрегін әкеліп қолына ұстатты.


Сайран басын көтеріп алып, Тайманға ала көзімен бір қарады да, түк үн қатпастан көмірді ақырын сала бастады. Бірақ қимылы баяу, өні сол мұң басқан жадау қалпынан көп өзгерген жоқ.


Оның жоғарғы жағынан Тайман да орын алып, белін қаттырақ буынды да, қолына түкіріп:


— Жоспарды орындамай шахтадан шықпаймыз. Қимылдаңдар, балалар! — деп еді, Сайран ызалы кескінмен мырс етті де:


— Әрине солай, сіздер онан басқа не ойлайсыздар? Тамақ тоқ, көйлек көк, қайғы жоқ. Ал, біздер ше, біздер тамақты да ойлаймыз, киімді де ойлаймыз, жататын орынды да ойлаймыз. Ең ақыры қыздарды да ойлаймыз, — деді.


— Тек жұмысты ғана ойламайсың, ә?


Тайманның соны айтуы ақ мұң екен, Сайран күрегін тағы лақтырып жіберіп:


— Шауып алсаңдар да көрдім ендеше, — деді.


— Тоба, қайтіп қалар екенбіз сен екеуміз? Әй, сен ақымақтанбай сөз тыңдашы, — деп Тайман жанына жақын келе беріп еді, Сайран екі құлағын басып жата қалды.


— Керегі жоқ ақылыңыз, керегі жоқ. Өз ақылым да жетеді, аулақ, аулақ!


— Жоқ, балам, менің ақылым саған өте керек, — деді Тайман жайымен, — мен саған жұмысты ғана емес, өзіңнің туған әке-шешеңді Қалай сыйлауды да үйретемін.


— Әке-шешені қалай сыйлауды өзім де білемін, — деп Сайран қиқарлана түсіп еді.


— Жоқ, сен көргенсіз, оны білмейсің, — деді Тайман ақырып, — егер де сен әке сыйлап өссең, әкеңнен де үлкен менімен бұлай сөйлеспейсің, көтер басынды шапшаң... Ал күрегіңді!


Тайманның осы өктем сөздері Сайранды қатты сескендіріп жіберді. Әсіресе, «әке сыйлап көрмеген», «көргенсіз» деген сөздер оның бетін тұңғыш рет дуылдатып жіберді. Ұяты жеңген кезде адамның жасқанғыш келетін әдеті ғой, ол Тайманның бетіне де қарай алмай, сүмірейіп барып күрегін алды да, көмірді сала бастады.


Осы кезде бұлардың нақ қасынан Сәуленің:


— Қайран ата! Қандай ауыр күн туса да қайыспасаңыз екен осылай, — деген даусы шықты.


Тайман дауыс шыққан жаққа жалт қарай салып, күрегін кеудесіне тірей отыра қалды.


— Сәулешім ай! Үнінде зар, өніңде мұң бар ғой, не айтқалы келесің, ақботам? Әлде менің Нұрланым жазым болып па?


Сәуленің бақыт шұғыласы үнемі ойнап тұратын нұрлы көзі қазіргі сәтте ауыр мұңмен мұнарлана қалған еді, баласын аңсаған әкенің көкірегінен күңірене шыққан зарлы үні оны мүлдем теңселтіп жіберді. Бірақ, өзін өзі тез тежеп, жалт етіп шыға келген көздің жасын да төкпестен тез іркіп алды да:


— Ондай сөзді айтпаңызшы, атажан! — деді.


Оның бұл сөзді не үшін егіле айтқанын, не үшін оның дір ете қалғанын Тайман сезген жоқ. Өйткені ол Сәулені өзінің болашақ, келіні екенін білмейтін-ді. Сәуле де өз сырын тез бүркегісі келіп, көңілдің дәл қазіргі күйігін тез айтып салды.


— Бүгінгі күн біздің қызыл тудан айрылып намысымызға ауыр соққы тиген күн. Үйімдегі зар да, өңімдегі мұң да сол намыстікі.


Сәуле мұны айтқан кезде Тайманның жылтыраған кішкене көздері мүлдем шатынап, дөңгелектеу келген бурыл сақалы дірілдеп сала берді.


— Не үшін? Не үшін? — деді ол ышқына дауыстап.


— Отан алдында борышымызды етей алмағанымыз үшін.


— Масқара! Масқара! Жайшылықта алған тудан соғыс кезінде қалай айрылдық? Қалай? — деп өзінен өзі күңкілдеді де, — қанжауғырлар, неменеге аңыра қалдыңдар, салыңдар қимылды, сал көмірді, сал! — деді бар даусымен айғайлап.


Манадан бері Шекердің жанына жантайып алып әлденені анда-санда бір күңк етіп жатқан Бөлекбас та жақындап келіп, сөзге килікті.


— Қалай нетпейік, айтыңдаршы, қалай айрылмайық, — деді ол жыламсырай сөйлеп, — өткен айда бізден басқа бірде-бір участка жоспарын орындаған жоқ, басқа участканың басшылары бізден үлгі алсын деп Сәуле екеуміз жиналыс сайын кезек-кезек қақсадық тыңдады ма біреу. Айтыңдаршы қане, тыңдады ма ешқайсысы?


— Бөлеш? Ол сенің айтсам ау деген арман сөзі болар. Ондай өнегең бола қалса айтарсың кейін, әзірше вагондарды мұнда көбірек жеткіз, бар! — деп Сәуле иек қағып еді, Бөлекбас қайырып жауап қатқам жоқ. Шекердің жанынан өте бере бой жазамын деп басын төбеге бір соғып алды да. бүкшеңдей жортып кете барды.


Жұмыс қызу жүріп жатыр. Соларға ойлана қарап тұрған Сәуленің қасына Мирон Павлович келді.


— Жұмысшылардың күннен күнге азайып, забойдың күннен күнге құлазып бара жатқанын көрдің бе, қызым, — деді ол.


— Көріп те, сезіп те жүрмін ау, Мирон Павлович, — деді Сәуле күрсіне сөйлеп, — бар үмітім сіздің комбайн еді, шахта бастығы құрған комиссияның қорытындысы ол үмітімді де үзді, енді не істерімді де білмеймін.


— Олар не депті?


— Өздерінен естігеніңіз жөн болар.


— Оны сен несіне жасырасың?


— Жасырғым келмесе де, айта алатын емеспін.


— Солай ма? Ұқтым,қызым, айтпасаң да ұқтым, олардың не дегенін. Аяғанына рақмет. Тек есіңде болсын.. қызым табанды күрессіз баянды жеңіске жету мүмкін емес. Сендегі білімді мендегі тәжірибемен ұштастыра білсек. қорқатын түк те жоқ. Осы жайында өзіміз кешке тағы да бір кеңесейікші.


— Мақұл.


— Мені іздесең батыс участкеден табасын, — деді де,Мирон Павлович штрекке қарай жылжи жөнелді.


...Мирон Павлович штрекке жете бере тоқтап, лаваның ор басына қарай көз жіберіп еді, екі жағы бірдей темір құрсаулы тіреумен тірелген екі жүз метрлік лаваның өн бойына созылып жатқан темір науаның арнасына сыймай қара орманды қақ, жарып аққан Ертістей толқынданып жатқан көмір тасқыны оның. көңілін тасытып жіберді. Көмірге тиген болат темірлердің сыңғыры, болаттан берік жұмысшылардың тегеурінен шыдамай судай ағып, тасқындай тасыған көмірдің сылдыры — конвейердің алып үнімен тұтасып лава ішіне аса бір айдын бітіргендей еді. Мирон Павлович осыларды көріп, көңілі толып ішінен:


— Біздің комбайн келіп араласса, жер астындағы өмір мұнан да қызықты болар еді ау? — деді де лавадан штрекке бір-ақ секірді.


Штректе жүрген Бөлекбас та қызу кіріскен болу керек, электровоздың қиқуы жиі естіледі. Темір науа да бір тынбастан тербеліп тұр. Жұмысшылардың да қазіргі қимылы тым кесек. Тек, Сайран ғана баяу қимылдап манаурап отыр. Сәуле соны көре сала Шекерге жақындап барып:


— Сайран, сен мұнда келші, — деді.


Тайман оның не оймен шақырғанын сезе қалды да, айтарын менсіз айтсын, деген оймен:


— Е, соны бір жөнге салшы, — деп күңк етті де, — мен штректегілердің қимылын бір байқап келейін, — деп ылдиға қарай сырғи жөнелді.


Сәуле Сайранның:


— Әй, осы қыздар ақ қыр соңымнан қалмай қойды ау, — деген күңкілін естіп қалып:


— Бауырым ау, сенің қыр соңыңнан қалмай жүрген қыздар ма, жоқ әлде қырсық па? Алдымен соны біліп алсаң еді? Бері, мұнда кел! Сен енді қазірден бастап мына Шекердің қарауындасың, бұл не айтса да орындайсың. Кежірленбей, кесірленбей жұмысты жөн істейтін бол. Ұқтың ба?


— Ұқтым, тәтетай, ұқтым, — деді Сайран жеппелетіп, — тек мынаны да айта кетіңізші: егер сол қыз маған мойнымнан құшақта, бетімнен сүй десе қайтейін, оны да орындай берейін бе?


— Егер бағын жанып, Шекер шын солай дей қалса, оны да орында, — деді.


— Не дейсің? Мен естімей қалдым, қайта айтшы, — деп Шекер жетіп барып еді, Сайран сескеніп қалды.


— Жәй, әншейін, сені аты қандай тәтті болса өзі де сондай тәтті деп тұрмын.


— Байқа, тәтті екен деп тісіңнің қанын жалап жүрме. Егер менің қарауымда қалар болсаң алдымен мынаны ұғып ал! — деп Шекер Сайранның бүйіріне күрекпен нұқып қалды, — осылай нұқысам жалқауланбай қимылда дегенім. Ал, егер, құдайың жарылған күрегім арқаңа сарт ете қалса, онда: жарайсың адам боларсың дегенім, ұқтың ба?


— Е, мен бейбақ бір мылқаудың қолына түскен екенмін ғой, — деді, Сайран Сәулеге жабыса қалды, — жалынамын, тәтетай, жалбарынамын, құдай үшін мына ноқай қыздан құтқарыңыз мені, құтқарыңыз, тәтетай.


— Жақсы қыздан қашқан жалқау жігітті көргенім жоқ. Қылжақты қой да, мына жерден орын ал. Шекер, берік бол!


Сәуле соны айтып штрекке қарай беттей беріп еді, қарсы алдынан парторг Сафонов кездесе кетті. Оның ақшыл жүзі қуқылдана түсіп, ойлы көзі алысқа кетіп тұр. Үш күннен бері қырылмаған сақалының әрбір талы да қайла болып көмірге қадалардай қатайып кетіпті. Сәуле оның барлық участкені аралап жүргенін шалдыққан өңінен байқады да:


— Қалай, шахтамызбен түгел танысып болдыңыз ба? — деді.


— Бәрімен де таныстым. Барлық забойды аралап, бар жұмысшымен кеңестім. Егер бізде намыс болса; егер бізде отаншылдық, сезім болса — екінің бірі: не бүгін қолдан кеткен туды келесі жылға жеткізбей қалай да қайырып аламыз, не қасиетті еліміздің көзіне шыққан сүйел болмай өзіміз жоғаламыз. Біздің ендігі ұранымыз осы дейді бәрі де бәрі де сен айтқан ұсыныстың екеуін де қолдайды. Сен қазір қайт та сол өзің айтқан әйелдердің тізімін жаса. Маған айтарын жоқ болса тұрмашы, тезірек баршы, — деді ол қызулана сөйлеп. Көзі лаваның өрінде, ойы келесі жылдың төрінде тұр.


2


Сәуле келген ізімен қайтып штректе келе жатыр еді, қарсы алдынан Перизат кездесе кетті.


Ол көрші участке бастығының орынбасары болғаннан бері жабырқау дегенді жадынан шығарып, бұрынғысындай жайнаң қағып жүруші еді. Қазір олай емес, қабағы қатып, өңі сола қалыпты. Күлім көзі жасаурап, қоюлау келген қабағы салбырап кетіпті. Сәуле оның қабағына сескене қарап тұра қалды, бірақ сөзді әзілмен бастады:


— Жаным ау, сен Перизатсың ба? Бұл жақтан не іздеп жүрсің? Бөлекбасты емес пе әйтеуір, — деп әзіл тастап еді:


— Сабыр ет, Бөлекбасқа да зар болармыз әлі, — деді


Перизат күрсіне сөйлеп.


Бұл сөз Сәулені тітірентіп жіберді.


— Бөлекбасқа да зар болғандай саған не күн туа қалды?


— Қасірет топаны басса да мейлі, онан да өз жайыңды айт, естіген жаңалықтарын болса жасырма.


Сәуле қатарында келе жатқан Перизатқа қарай қалды. Бірақ оның ойындағысын сезген жоқ, сезбесе де сезіктене сыр тартты:


— Саған нендей жаңалық керек еді?


— Маған бәрі бір, әйтеуір жаңалық болса болды, мен бәріне де зар болғалы жүрген адаммын, — деп Перизат күрсіне түсті.


— Мендегі жаңалық сол: жаңа келген парторг менің ұсыныстарымды тегіс қабыл алды. Егер Мырзекең мақұлдаса ертеңнен бастап әйелдер бригадасын ұйымдастыруымыз мүмкін. Қалай, бұл хабар саған ұнай ма?


— Жоқ, ұнамайды. Әйел атаулының бірі өзіміз ғой, сонда да айтайын, бұрынғылардың: «қатынға қараған күн қараң» дегені рас екен. Мен оны біздің участкадағы бір-екі жеңгейден ақ көрдім.


— Сонда қалай? Сеніңше әйелдерден бригада құруға болмай ма?


— Бригада түгіл бесеуінің басын қосуға болмайды.


— Сөз емес оның.


— Қайсымыздікі сөз емес екенін кейін көресің. Кілең әйелдерден армия құрған елді мен ешбір елдің тарихынан оқыған емеспін.


Сәуле езу тартып жымия қарап, басын шайқады:


— Бұрын қай қазақтың қызы сендей инженер еді? Тарихтан соны да бір қарап өтші.


Перизат түсінбедің дегендей мойнын бір бұлғаң еткізді де, үндеген жоқ. Ал, Сәуле оны түсінді деп ұқты да, өз көңіліндегі бір сырды айтып салды.


— Ойлан! Тек қысқа ойлама! Ер-азаматтың бәрі дерлік майданда. Қайтпай ма деген қауіп бар да, қайтады деген үміт бар. Соны ойла! Ол ғана емес, бүгінгі біздің маңдайымызға тиген снарядтың ұшқыны, ана құрсағындағы бөбектерге де тиіп жатыр. Бүгінгі біздің тереземізді қиратқан бомбаның ұшқыны болашақ өміріміздің қақпасына тиіп жатыр, соны ойла. Бірақ, болашақ онымен қирап жатқан жоқ, қайта шыңдалып жатыр. Соны ойла да, терең бойла! Бүгінгі қираған қаланың ертең қайта сәулеттенетінін, бүгінгі өртенген даланын ертең ертегідей жайнағанын, бүгінгі халқы үшін қаза болған аға бауырлардың қаны тамған жерлерге ертең ұрпақтардың өсіп өнгенін, сөз жоқ, біздер көреміз. Сол күнге жету өзімізге арман, көзімізді жеткізу саған да, маған да, бәрімізге де қарыз. Сол қарыздың ең ауырын көтеретін біздер! Сен соны ойла!


Бұл кезде Перизат өзінің алғашқы алай-түлей күйіне түсіп қалған екен, Сәуленің жаңағы сөзін тегіс тыңдаса да түгел түсінбеген түр көрсетіп:


— Көңіліңе келмесін, дәл қазір соны ойлағым да келмейді, — деді.


Сәуле онан мұндай жауапты күткен жоқ еді, қатты тіксініп, қалт тұра қалды да иығынан ұстай алды. Бірақ, оның көңілінде бір қаяу барын өңінен сөзді де, аузына келіп қалған ашулы сөзді айтқан жоқ.


— Перизат! — деді Сәуле тіксіне тұра қалып. — Мен бүгін сені тани алмай келемін, не болды, айтшы, жаным?


Перизат ұрлана қарап, жан-жағын байқап алды да:


— Айтарым сол, екеуміз де сорлаппыз, — деді.


— Қалай?


— Нұрлан мен Павел немістердің қолында қалыпты.


— Немістердің қолында?! Қалайша? Не үшін? — деген Сәуленің даусы саңқ етті.


— Ақырын сөйле ойбай... Павел бәрімізді де алдап келіпті. Ол Громов дейтін халық жауының баласы болып шығыпты. Біздің трестің жаңа орынбасары Русак айтып келіпті, Нұрлан мен Павел Донбаста соның қарауында істеген екен. Мырқал ағайдың қалшылдауына қарағанда олар немістерге сатылған секілді.


— Өшір үніңді! — деді Сәуле өзінін омырау түймесін шұқылап тұрған Перизат қолын кері қағып жіберіп. — Әшірсің бәрі де. Өз көлеңкесінен қорқатын қоян жүрек қорқақтар маған десе отқа түссін. Мен өзіме қандай сенсем, Нұрланға да сондай сенем. Осы қашан болса менің айтарым.


— Мен де Павелға өзімдей сенуші едім, — деді Перизат жыламсырай сөйлеп, — сонда да қорқамын. Жалынамын, Сәулетай, біз әзір заңды түрде қосылған жоқ едік қой, енді оларды білмейтін бола тұрайықшы.


— Қалай білмейтін боламыз? Оларды сүйген жүректі кеудемізден жұлып тастаймыз ба?


— Адасқан адам өтірік адаспайды ғой. Егер де осы хабар анық болып шықса, өмір бойы ел бетіне қарай алмай өткеніміз емес пе?


Сәуле оның бетіне ұзақ қарап алды да, үнсіз қадалып қалды, «сенің көксегенің елдің беті емес, еркектердің еркектігі ғой» дегісі келіп еді, оны айта алған жоқ.


— Мен сені жаңа таныңым ау, Перизат. Сенің Павелға деген махаббатың бүгін жабысып, ертең қағылып қалатын шаң секілді бірдеңе екен ау, — деді.


Бұл сөз Перизаттың намысына тиіп кетті.


— Есіңде болсын, — деді ол қатуланып, — азғынды сүюдің өзі азғындық. Егер сүйген Нұрланың Отанын сатқан азғын болып шықса сені ешкім де сүймейді. Тіпті бүгін саған өлердей ғашық болып жүрген Темірін. де Ертең безіп кетеді.


Сәуле енді ғана ыршып түсті. Манадан бергі естіген қайғылы хабардың ешқайсысы сескендіре алмаған оның жүрегін Темірдің аты селк еткізді.


— Темірің? Ол кім? — деді Перизаттың көзіне қадалып.


— Сені жас кезіңде атастырған Темір дейтін бар екен ғой.


— Иә.


— Сол осында келіп, сені сұрастырып жүрген көрінеді. Сенен басқаны көзіне ілетін емес, — деді Перизат әлденеге ызалана, күйіне күбірлеп.


Сәуле әлі сол таңданған қалпында тұр.


— Ол қайдан келіпті?


— Майданнан.


— Майданнан?!


— Мырқал ағай келе жатыр, ол маған Нұрланның жайын әзір ешкімге айтпа деп еді, құдай үшін сездіріп ала көрме.


Мырқал өңіне өзгеше сән беретін әдемі қара мұрты бар, ойнақшыған кішкентай көзінің оты мол, қампиған қарны болмаса, сырт денесі де сұлу, қызыл шырайлы өңі бар кескінді адам еді Сондықтан да ол өзін жаннан асқан сұлу көретін-ді. Көз тоқтатқан әйелдердің бәрін өзіне ғашық деп түсініп, қыз атаулының бәрімен де қиыла сөйлесетін-ді. Бұл сапар ол әдетін түгелдей ұмытып кетті.


— Так, так, қарындастар! Екі сағат бойы тоқтаған қай участка? — деп салғаннан зілдене жөнелді.


— Біздің участка, — деп Сәуле имене үн қатты.


— Ол неге тоқтайды?


— Конвейер бүлініпті.


— Екі сағатқа дейін неге жөндемегенсіңдер?


— Мен кеш естідім.


Дер кезінде неге естімедің?


— Мирон Павлович мәжіліс шақырып, мен сонда едім, мұнда Бөлекбас еді.


— Ол не мәжіліс? Тағы да комбайнның ертегісі ме? — деп Мырқал даусын күшейте бастап еді, «ертегі» деген сөзге шыдай алмай Сәуле де қатуланып алды.


— Бізше ол ертегі емес, Мырқал аға!


— Енді не?


— Бізше, бұл біздің елде ғана болатын, біздің адамдардың ғана қолынан келетін керемет күш.


— Меніңше, сендердің керемет деп жүргендерің, — кесел, так, ол жөнінде ғылым адамдары да ғылыми куәліктерін айтты, так, енді жетті ме?


— Бір ғана бас инженердің айтқанын ғылыми куәлік деп білесіз бе?


— Мен саған есеп бергелі тұрғаным жоқ, так. Елдің ойын сондай сырты жылтыр, іші қара идеяға аударып, өндіріске бөгет жасап жүргендеріңді, оған енді өзімнің төзбейтінімді қатты ескертемін, так. Перизат, жүр бері.


Ол Перизатты ертіп кете барды да Сәуле ауыр ойда тұрып қалды. Манадан бергі естігендерінің бәрін де ұмытып, өзінің «қызыл туды қалай етсек қайтарып аламыз?» деген ізгі ойына оралып, соның жауабын іздемек болып еді, үміт кемесі тұңғиыққа шым батқан екен, қайтып көтерілмеді. Сол тұңғиыққа батқан үмітімен бірге өзі де батқандай бір орында міз бақпастан тұрып қалды.


Алыстан атой бере қиқу салып электровоз келеді. Сәуле соның қақ жолындағы рельстің үстінде тұр. Аспан құлап, жер төңкерілсе де сезер емес. «Кім болсаң да таптаймын, жаның барда жалтарып қал!» дегендей электровоз жиі-жиі сыбызғыша сызғырады, оны Сәуле естір де емес, жолдан кетер де емес. Қолындағы фонары да түсіп кетіпті. Оның ешқайсысын да, жанына жақындап кеп қалған Тайманды да сезген жоқ. Түндей қара үңгірге телміре қарап:


— Нұрлан! Нұрланым! Рас па сенің жауға сатылғаның? Жоқ жоқ, мүмкін емес! — деді өз-өзінен күбірлеп.


Бірақ жанына Перизат салып кеткен бұл өрт сөнер емес те, оған Нұрланнан басқаны ойлатар емес.


Сәуленің жаңағы сөзі төбесінен ұрғандай Тайман шөкесінен отыра кетті. Қолынан ұшып түскен фонарына да қараған жоқ, қабырғаға сүйене түрегеліп, Сәулеге ұмтыла бере, қайтадан отыра кетті.


Жазық жерде зырқырап, кедір жерде гүрсілдеп, он бес вагонды қаңбақтай ұшырып электровоз заулап келеді. Өзі артта, вагондар алда, жолында не барын көрер емес, жүйткіп келеді.


Қайдан пайда болғаны белгісіз, түлкі көрген бүркіттей сұқтана қарап Сәуленің қақ қасында біреу тұр. Нендей ойы барын кім білсін, фонарын етегімен бүркеп алып, Сәулеге көрінер емес, қараңғы қабырғаға жабысып, тек екі көзі ғана жылтырайды. Оның ақыл-есін Сәуле билеп алған секілді, сұқтана қадалып, түкті сезер емес.


Қауіп дабылын қаққан ащы дауыс тағы естілді. Бұл жолы тіпті жақын жерден айқын шықты. Әлгі адам соны естіді ме, жоқ әлде мүйістен шыға келген вагондардың қарасын көріп қалды ма, шошып оянғандай селк етті де, Сәуленің қолынан ұстай алды. Бірақ, тулаған жан толқыны оны шетке қарай бір ақ серіпті.


Екеуі жолдың екі жағында тұр. Екеуінің арасында жұлдыздай ағып состав та өте шықты. Сәуле жүгіріп барып жерде жатқан фонарын алды да, шошынған пішінмен:


— Сен кімсің? — деді даусы сәл қалтырап.


— Қорықпаңыз, мен! — деген Сердюктің даусы шықты. Ол осы шахтада комсомол ұйымының секретары болып істейтін, өте бір сүйкімді жас жігіт еді. Сәуленің жүрегі енді қуанғаннан лүпіл қақты. Ол қасына жетіп келген онымен қол алысты да:


— Апырай, нендей алғыс айтарымды да білмей қалдым ау, сізге. Басым айналып кетті... Немене бұл, біз қайда тұрмыз осы? — деді мандайын Сердюктің иығына сүйей беріп.


Оның қалың қара шашына Сердюктың қолының тұңғыш тигені осы еді. Қолға тиген шаш жүрегіне от салды ма, қалай, оның бойы балқып, көзі жұмылып кетті. Сәуле оның ешқайсысын сезбестен басын қайта көтеріп алды да:


— Сансыз рақмет сізге. Бара беріңіз енді. Жұмысыңыздан қалмаңыз, — деді.


Сол кезде желке жағынан әлдекімнің жыламсырап:


— Қарағым Сәуле, тірідей көрге түсіппін ғой, — деген дауыс шығып еді, Сердюк зыта жөнелді.


Сәуле жалт қарап еді, қараңғыны қармалап келе жатқан Тайманның көзіндегі жас Сәуленің қолындағы фонардың жарығымен шағылыса кетті. Сәуле соны көре сала, ұмтылып барып құшақтай алды да:


— Атажан, ата, нені сезіп, нені естіген едіңіз? — деді даусы дірілдеп.


— Сезіп келдім, естіп келдім бәрін де. Сен екенсің менің ендігі Нұрланым, — деп Тайман кемсең қағып, құшағын жая ұмтылып еді, Сәуле көзінен ыстық жастың қалай ыршып кеткенін білген жоқ, егіліп бара жатқан өзіне өзі тез тежеп алды да:


— Рас, Нұрланыңмын, жан ата. Болмасам да боламын дегеніңмін. Боламын әліде. Тек бір ғана тілегім: естігеніңіз естіген жерде қалып, аузыңыздан шықпасын, беріңіз осы тілегімді.


— Бердім, шырағым, бердім. Аузымнан шықса ант ұрсын. Жалғыз ақ өзін, жасырмай айтшы, мүмкін бе осы?


— Жоқ, мүмкін емес. Нұрланның жүрегі менде екеніне арыммен ант етем. Мұның, бәрі жалған жала. Сеніңіз, атажан.


Сәуленің осы сөзі жүрегіндегі жараны жұлып тастағандай, Тайман қарттың жаны қайтадан жасарып кетті.


— Ендеше сендегі сол сенім, менің үмітімнің шамшырағы болсын, қарағым, қарағым, — деп Тайман Сәуленің бетіндегі күйесіне қарамастан сүйіп-сүйіп алды.


3


Түні күндей жарқырап, жарды соққан толқындай алуан түрлі алып үні алысқа құлаш ұрып жатқан Қарағандының түн көрінісін Шекердің тұңғыш көргені осы еді. Жұмыстан түнгі сағат екіде шыққан ол көз жеткісіз аймақта шалқып жатқан сәулетті қалаға көз жіберіп шахтының оңтүстік жағындағы дөңеске шыға бере тұрып қалды.


Кең далада қаулап жанған өрттей жайнап тұрған қала көркіне көңілі тасығанда, алды артынан оң солынан бірдей жүйткіген поезбен бірге ойы да жүйткіп, тәтті қиялда тұр еді, кепкесін кекжите киіп Сайран жетіп келді де бетіне үңіле қарап:


— Е, сен бе едің түн ішінде көбелек қуып жүрген? Басындағы бар ақылы тар бөксесіне түсіп кеткен жел қуық. біреулер шаңға аунатып кетер, жүр үйіне дейін шығарып салайын, — деп Сайран қолтықтай жөнеліп еді, Шекер оны құшақтай алып еңіреп қоя берді:


— Сайраным ай, бейбағым ай! Ала күшігімді есіме несіне салдың?


Сайран аңырып қалды:


— Ала күшік? — деді ол таңдана қарап.


— Иә, иә... ол жүк артқан арбаның астында көлеңкелеп жатып «жүгім ауыр, жолым алыс, тілім шықты бір қарыс» деп дәл осылай қыңсылаушы еді.


Сайран оның сойқанды сықағына енді ғана түсінді де, қолын кенет кері тартып алды.


— Сен қыз мұндай қотыр сөзді қоймасаң... — дей беріп еді, Шекер оны сөйлетпестен мырс етті де:


— Бәсе, қотыр ешкі секілді көрінгенге сүйкенуші едің, өзіңнің сондай кінәратың бар екен ғой, — деп оның сөзін бөліп жіберді.


— Тфу, сендей қызды, қыз түгілі қатынды көрсем көзім шықсын.


— Қу екенсің ә, маған ерегіскен болып мынау сықсиған жаман көзіңнен құтылмақсың ғой.


— Тфу, — деді Сайран ызалана жерге түкіріп, — сен қыз оңсаң садақаңа мен мұрнымды кесіп берейін.


— Түйе кене секілді бүртиген бірдеңе екен, мұрын болып жарытпас, менің садақама жараса кеңірсігіңнің саңқиғанына қарама, аумағымен кесіп таста.


— Сенімен сөйлесіп келе жатқан мен ақымақ.


— Ақылды болу қолыңнан келмесе, ақымақ болмай қайтесің.


Сайран басын шайқады.


— Сен қызға не істесем екен, о?


— Мойныңа мінгізіп ала жөнелші, сонда қайтер екенмін, қызық болсын, қане еңкейші, — деп Шекер тұра қалып еді, Сайран күлерін де, ашуланарын да білмей:


— Қайтер екенмін, ә? — дегеннен басқа ештеңе айта алмады.


— Қайтеріңді білмесең мен айтайын: ішегіңді апарып мына бір турбаның басына байла да, соған асылып еле қал! Сүйтші, ей, жалқаулық атаулы жесір қалып бір зарласын... Ойланып қалдың, қимай тұрсың ау, ә?


— Нені, нені?


— Жалқаулықты да, онан басқа қимайтын нең бар еді сенің?


— Тфу, не деген тыныш жатпағыр қыз едің, — деді де Сайран жалт бұрылып өз жөніне кетті.


Оған іштей сылқ-сылқ күліп, өз жөнімен Шекер кетті.


Мұнан кейінгі жерде Шекердің не ойлап бара жатқаны белгісіз, әйтеуір «жалқау» деген жаңағы бір сөз Сайранның құлағынан кеткен жоқ.


АЛТЫНШЫ ТАРАУ


Ортадағы үлкен бөлменің оң жағындағы ақ кереуеттің алдында Баян бәйбіше тұр. Жастық жайлауынан қайтып кәрілік мекеніне беттеген шағы болса да ақша нұры әлі таймаған оның кескінді өңіне әлденендей бір ауыр мұңның қара көлеңкесі түсе бастапты.


Ол, әр жеріне қызыл жібектен кесте салынған кішкене ақ жастықты құшақтап бетіне басты да, терең оймен телміре қараған күйі тұрып қалды.


Үйдің екінші жағындағы алуан түрлі әшекейі кете бастаған ағаш төсектің үстінде ұйықтап жатқан өзінің шалы Қазыбектен басқа бұл үйде қазір жақ жоқ. Сырттан келген де ешкім жоқ еді. Бірақ жаңағы қол ұшында, көз алдында тұрған ақ жастықтың бетіне әлдекімнің мөлдіреген қара көздері жарқ етіп: «Апа, апатайым менің» — деді де қайта жоқ болды.


— Ботақаным!.. Кетер күні таңертең осы жастықтың үстінде жатып солай деп ең ау, құлыным. Өзің түгіл бір ауыз хабарына зар болдым ау, құлыным. Қайда кеттің қайда жүрсің, жалғызым? Бармысың бұл дүниеде? Баттың ба әлде, ай күнім. Сағындым ғой, зарықтым ғой, ботам... Жалғыз ботам.


Аналық жүрек егіліп көзінен жасты төгіп жіберді. Дулаттың жараланып жау жерінде ажал тырнағында қалғаны бұларға әлі белгісіз. Көптен бері хабар ала алмай ғазиз ана талай күндермен түндерді осындай ауыр аңсаумен өткізіп келеді.


Жанына тең жалғызын сағынған ананың сарғайған көңілін аулайын дегендей терезе сыртындағы теректің сене бастаған сарғылт жапырақтары желмен желкілдеп сылдыр қақты. Нендей хабар жеткізерін кім білсін! Дәл осы мезетте көрші бөлмедегі телефон да сылдыр етіп, безілдей жөнелді. Терезеден оқыс, ұйытқан соққан қоңыр жел қақ ортадағы столдың үстінде тұрған гүлдерді шайқай, шеткі бір самалы Қазыбектің ұзын қара мұртын да желпіп өтті.


Телефон өктем үнмен әлі безек қағып тұр. Бірақ тәтті ұйқыға кірген Қазыбек жер сілкінсе де оянар емес. Қайта телефонның даусы күшейген сайын ол қорылдай түсті. Ал бәйбіше не істерін білмей біресе телефонға, біресе шалына қарап екі бөлменің аралығында тұр.


— Бұл шүлдіректің тілін жөнді білмеймін. Кекесін оятуға тағы болмайды, енді қайттым? — деді ол өз-өзінен күбірлеп.


Телефон ашулы үнмен бұрынғыдан да қаттырақ сылдырап еді, ол селк ете түсіп:


— Қап, сені жұлып алып шәугім жасатпасам ба, Тайман құсаған шіркін бар-бар етіп қайтеді? Бірдеңесі қолымды тартып кетер ме екен, ә! Қой, анау күні осымен Тайман да сөйлесіп жатыр еді ғой, сол ғұрлы жоқпын ба? — деді де ақырын трубканы алды. — Қойсайшы, езеуремей! Бұл кім өзі? Кіммін дейсің? Абзалмысың? Күнім ау, Тайман өлді ме, не болды сонша? Ә, солай ма? Қайдан білейін тап сенің әкең құсап баж-баж етеді, мына бар болғыр... Ой, күнім ай, халдың несін сұрайсың? Хал жақсы болса шал байғұс былтыр қош айтысқан шахтысына биыл барар ма еді? Оның үстіне Дулатымнан хабар болмай көңіл түндігі ашылмай тұр, күнім. Соғыс дегенің қалың сор ғой. Ай, қайдан білейін, күнім. Батпаңдап кірген дерт қой, бұл мысқалдап қана шыға ма, кім білсін. Ылайым айтқаның келіп, қайыры тезінен болсын, қарағым. Күнім ау, айтпақшы, Нұрланнан әлі хабар жоқ па? Ой, жасаған ай, оның күні не болды екен? Тайманның баласы деуге қимайтын бала еді ау ол, ә?.. Сен немене, үндемей қалдың. Әкеңді сықақтағанымды ауыр алып қалған жоқпысың? Ауыр алсаң әкеңе айт, менің шалыммен құрдас болмасын... Е, бәсе, солай деші. Ал, не айтайын деп едің, қарағым?.. Сәулетай шахтыға кеше кеткен еді, сонан әлі келген жоқ... жарайды келген соң айтайын, жарайды. Болдың ба? А, ә, болған екен ғой.


Оның трубканы орнына қойғаны сол еді, телефон қайта сылдыр қақты.


— Қап! Сені... Бұл кім өзі? Бөлекбас? Ол кім?.. Е, е, әлгі бұйра бас бала екенсің ғой, айта бер күнім, айта бер. Хал жаман емес. Күнім ау, мен мынамен сөйлесе білмеуші ем, үзіп алармын, шаруаңды тезірек айтшы. Кім дейсің? Темір! Ол кім? Қайдағы күйеу бала? Сайдақтың Темірі!.. Сұмдық ау, мынау бұйра бас немене дейді... Көкесі... әй көкесі...


Оның қатты шыққан үрейлі даусынан Қазыбек оянып кетті.


— Апасы, немене, гудок әлі болған жоқ па? — деді ұйқы басқан көзін сығырайта қарап.


— Ойбай, көкесі мұнда кел. Мына бұйра бас бала бір сұмдықты айтып тұр. Сайдақтың бұзығы келіп осы үйге барамын деп айтады дейді. Келмесін, көрсетпесін қарасын. Мә, сөйлес тезірек.


— Сайдақтың Темірі дейді! Рас айта ма?


Темірдің аты Қазыбектің өзін де сескендіріп жіберді.


Бірақ, ол үрейге жеңгізе қойған жоқ, жұмысшыға бітетін қайсар мінезбен шиыршық атып, айбаттана түсті де, бәйбішесінің қолынан трубканы алып сөйлесе бастады.


— Бұл кім? А, Бөлеш, саумысың? Қалай, забойды тағы бүлдіріп алған жоқсың ба? Оның жақсы екен. Ештеңе етпейді. Аз сөйлеп, көп істейтін болсаң артта қалмайсың. Жә, болды, бөсе берме... Немене, бір жақтан біреу келді дей ме? Ол кім? Е, байғұс, ол қашан босапты? Иә, сонан бері елді көрмей қайда жүріпті? Әй, мұныңның қаншасы өтірік екенін біле алмай тұрмын ау. Рас болса жақсылық екен, өзі қайда? Сафоновта. Мұның да бір жақсылықтың нышаны екен. Осында ма? Е, келсе келсін, мақұл, мақұл...


Үйдің ішін жиыстыра телефондағы сөзге құлағын салып жүрген Баян құстай ұшып барып Қазыбектің қолын ұстай алды.


— Тоқта, күнім, көкесі, олай деме, келмесін де! Қалған жалғызыңа жанын, ашыса келтіре көрме оны. Жалынамын, көкесі. Ол мұнда жақсы ниетпен келгелі отырған жоқ, Сәулені не өлі, не тірі әкетейін деп отыр.


— Сабыр, кемпірім, сабыр, — деп Қазыбек трубканы орнына қойды. — Дос болса құшағыма кірсін. Жау болса сырттан торымасын, келсін қайта. Оның айдаудан қайтуына әлі үш жыл бар, жаңағының айтысына қарағанда ол мұнан жеті жыл бұрын босап, сонан бері әскер қатарында жүрген көрінеді.


— Бетім ау, сен соған сеніп отырмысың?


— Мен басқаға сенбесем де, дәл Темірдің жазықсыз екеніне сенемін.


— Ойбай, алжыған сорлы ау, жазықсыз болса он жылға айдалар ма еді. Ол өзінің нағашысына еріп ел шауып керуен тонағанымен қоймай ақырында сол ұры нағашысын атып өлтіргені үшін сотталған жоқ па еді?


— Иә, ол сол үшін сотталды, бірақ ол кісі өлтірсе де кінәсіз еді. Ол сотта нағашысын не үшін қалай өлтіргенін айтып зарлағанда мен өзіме өзім не бола алмай егіліп жылай берген едім, — деді де Қазыбек сүйеулі тұрған домбыраны ала сала бір мұңлы күйді сарната жөнелді. Бұл күй заманның бір кездегі мұңдығы мен зарлығы болған өздеріне арналған, дәл қырық кез матаға сатылып кеткен Заузатты саудагердің тырнағынан Мәди құтқаратын күні, Текеш қажының ауылы шетінде, қараңғы түннің ішінде зарлаған күй еді. Қазыбек осы күйді тартқан сайын Баян бәйбіше егіле жылайтын да, Мәдидің аруағына алғыс айтатын. Бүгін' де солай, бірақ бұл сапар көз жасына кәп ерік берген жоқ, есіне Темірдің кім екенін түсіріп дір етті, тәлтіректеп барып төсегіне отыра кетті.


— Соның қара сиыры сен екеумізді көрде де тыныш жатқызбас ау. Тек кесіріміз Сәулетайға тимей кетсе екен, — деді өз өзінен күбірлеп.


Қазекең үндеген жоқ. Ұшар құстай қомданын алды да «Сары жайлау» күйін тартып, ойға кеткендей отыра берді. Баян бәйбішенің есіне түскен қара сиыр дәл Сәуле туған жылы Темірдің әкесі Сайдақ марқұмнан қарғы бауға алған сиыр еді. Сәуленің күйеуі болып белгіленген Темір ол кезде бес жаста болатын. Бірақ елдің ескі салты бойынша, құдай дескен құда болып жастайынан атастырған Сәуледей сұлу қалыңдығы барын ол он сегізге келгенше білген жоқ-ты. Өйткені ол әке-шешесінен жеті жасында жетім қалып, Қарқаралының сыртындағы қалың қарағайлы жақпар құзды мекен еткен Ойсал дейтін ұры нағашысының қолында өскен болатын.


— Қара сиыр ештеңе емес ау, кемпірім. Сайдақ марқұмның өлігінің алдына тіземді бүгіп тұрып айтқан менің антымды айтсаңшы. Сол ант шемен іште әлі жатыр, — деді де Қазекең тағы бір күйді қайырып тастады.


— Қайдағы ант тағы да?


— Өлерінің алдында қолымды ұстап: «Жалғаннан тілер жалғыз тілегім бар, омы сенен ғана тілеймін, Қазыбек, Темірімді жетім кедей көріп Сәулеңді бермей кетпе. Бересің бе осы тілегімді?» дегенде мен «беремін» деп едім, сол минутте ол «рақмет... рақмет...» деуге ғана шамасы келіп үзілген еді. Қимас, қымбат достың өлер алдында айтқан сол бір сөзі есіме түскен сайын жазықсыз кеткен жас баласын есіркеп жүрегім әлі күнге қан жылайды.


Баян бәйбіше жақтырмаған түр көрсетіп:


— Беу байғұс ай. Сайдақ, десе сарнай қалатының ай сенің, — деп орнынан тұра бастап еді, біреу жүгіре басып келіп есік ашты да, ар жақтан өңі аппақ, қасы-көзі қап қара, қолында таяғы бар, сымбатты бір сұлу жігіт ақсаңдай басып кіріп келді.


Қазыбек пен Баян оған аңыра қарай қалып еді, ол:


— Иіліп көрмеген басымды иіп сәлем бердім, ата, ана, — деді күмістей сылдыраған әдемі үнмен.


Қазыбек таңданған пішінмен оның ұшқыш формындағы киімдеріне көз жүгіртіп домбырасын кенет тоқтатты да:


— Саламат бол, балам. Аспандағы басын жердегі біздерге иген сен кім едің? — деді.


— Мен өмірдің бір өгей ұлымын, атым Темір!


— Темір?!


Қазыбек соны айтты да Темірдің бетіне үнсіз қадала түсті. Өңінде «апыр ау, мынау анық Сайдақтың Темірі ме?» деген сұрау тұр. Баян бәйбіше де сол бір сөзді ішінен бір қайталады да, үйден шыға жөнелді.


— Қорықпаңыз, қария, атым Темір болғанымен, өзім адаммын. Адам деген атымды ақтау үшін де алдыңызға келіп тұрмын.


Оның, егіле шыққан жалынды үні Қазыбектің жанын толқытып жіберді! Бірақ күдікті ойлар көлденең түсіп, сенерін де, сенбесін де білмей, Темірдің мұңая қараған көзіне үнсіз қадалып қалды.


Әлгі сөзден кейін Темір де үнсіз еді, кейіннен келіп есік алдында тұрған Бөлекбас Қазыбектің қасына жетіп барды.


— Вот, жолдас қарт! Сіз бар ғой, ә, сіз мұны бұрынғы не көріп, баяғы бұзық Темір екен деп оқымаған надандығыңызды бұл жерде де көрсетпеңіз, — деді ол.


Қазыбектің ұзын мұрттары тікірейіп кетті де, отты көзімен жалт қарады.


— Не дейсің?


— Сіз маған аңыраймаңыз, білдіңіз бе? Мен сізге дұрысын айтып тұрмын.


— Адыраймаймын. Тек сенің мұндай мәдениетіңе пәрменіммен түшкіремін. Бөлекбас өзінің лағып кеткенін енді сезіп:


— Жо-жоқ, ғафу етіңіз. Мен сізге Темірдің кім екенін айтып тұрмын, білдіңіз бе? Бұл талай немістің басын нетіп жіберген батыр, мына омырауына қараңыз. Вот, жолдас, — деді өз сөзіне өзі мәз болып. Темірге насаттана қарап тағы мәз.


Ол өзінің мұндай шешендігімен оны риза еттім деген ниетпен қарап еді, олай емес, Темірдің қабағы тастай түйіліп, көздері ұшқын атып тұр екен. Оны сезген Бөлекбас не істерін білмей қибыжықтап:


— А, мен қуанғанымнан кішкене нетіп сөйлей алмадым. Вот, ендігі сөзді батырдың өзіне берейін, — деп міңгірледі.


Темір ауыр күрсініп басын бір шайқады да, Қазыбекке қарай бұрылып кетті.


— Қария, көп «воттың» ішінен түк түсінбегеніңізді сезіп тұрмын. Менің. өз күнәм да бір басыма жетерлік, сондықтан біреудің күнәсіне ортақ етпеуіңізді өтінемін, Жалғыздыққа лажым болмады, соны ескерерсіз.


Оның сөзінде нәр барын Қазыбек бірден сөзді де:


— Түтінің түзу, балам, Отын жаға алмай бықсытқан отты өзін маздатып жібердің, отыр! — деді орын ұсынып.


Бұл сөздердің байыбына түсінбеген Бөлекбас:


— Осылардың көзіне көрінген шайтанның оты ма? Қайдағы от, қайдағы түтінді айтып отыр? — деді ішінен.


Екі жақ іштей арбасып, тағы үнсіз отырып қалып еді, әңгімені неден бастарын білмей отырған Қазыбектің ойын қайта келген бәйбішесі бөліп жіберді. Басын төмен салып, терең ойдың түбінен өзіне керегін теріп отырған Темірге көз қиығымен бір қарап алды да:


— Апасы, Сайдақтың өзіндей көзі келді ғой, қазан көтер, — деді.


Темір басын көтеріп алды.


— Мен үшін қозғамаңыз қазанды. Асығыс жұмысым болғандықтан, ниеттеріңізге адал көңілдің алғысын айтамын да, кетемін, тек сізге сәлем бергелі келдім.


Бірақ оның кеткелі отырған түрі жоқ. Соны айтты да өніндегі қоюлана түскен мұңды жасырғысы келгендей қайтадан төмен қарады. Ал, Қазыбек оның өнінен әлденені оқып отырғандай қадалып қалды. Аздан соң Темір таяғын құшақтап мұңайған күйі кеудесін кере бір күрсініп алып, Бөлекбасқа жалт қарады.


— Досым, қапалы жаным кішкене сая табар ма екен, сен көзімнің алдынан кете тұршы.


Бөлекбас оған көзін ежірейте бір қарады да, түк айтпастан қарсы келген Баян бәйбішені қаға-маға шыға жөнелді.


Темірдің сөзін де, Бөлекбастың кеткенін де ойда отырған Қазыбек аңғара алған жоқ. Бөлекбастың шыға бере есікті қатты серпіп сарт еткізгенінен бе,жоқ әлде Темірдің оңаша қалуды қалағанынан қауіптенді ме, ол өзінен өзі селт ете түсті де, өңі сұп-сұр болып кетті. Оған Темірдің ауыр күрсінгені де төніп келе жатқан қауіптің дүмпуіндей сезілді.


— Бір тайпа елден тапқан серігім жаңағы еді, мен онан да бір сағатта безіп шықтым. Өмір бойы жанымды жеген жалғыздықтан құтылар күнге әлі жетпеген екенмін, айтыңызшы қария, бұл дерттің емі не?


— Түсінбедім, балам.


— Жоқ, сіздің түсінбеуіңіз мүмкін емес. Сіз аспан асты — кең дүниеде бардың бәріне де түсінесіз, тек маған ғана түсінбейсіз, өйткені сіз маған сене алмай отырсыз.


Жауап күткендей сәл кідірді де, Қазыбек үнсіз отырып қалған соң өзі сөйлеп кетті.


— Жоқ, Қазеке, мен сенімімді жоғалтқан жоқпын. Жоғалған бақытымды тапқан жанмын. Meн сізге мұнымды шағып, адал жүрегімнің арызын айтқалы келдім. Мені айыптайтын сотта өзіңіз де болдыңыз. Мен екі түрлі айыппен он жылға жер аудым. Маған тағылған айыптың ең жеңілі сіздің үйдің өртенуі еді. Өзіңізге белгілі мен кісі өлтірген қылмысты арқалай тұрып, жеңіл болса да сіздің үй жайлы тағылған айыпты мойындамай қасардым. Өйткені ол жала еді. Өліп кетсем де жаланы жаныма жапсырғым келмеді. Рас, мен Сәуле үшін сіздерге кектендім, «ең болмағанда үйіне өрт саламын» дегенім де рас. Бірақ менің жауыздық ойымды сіздерді жақын тартқан жан сезім билеп, үміт отын қайта тұтатқан еді. Енді не істерімді білмей, алай-дүлей күйде жүрген кезімде жылай-жылай кете бардым.


Ол сөзін толық айта алмай тоқтап қалды.


— Хош! Айтқаныңның бәрі жөн бол ақ қойсын. Біздің үйді сен өртемеген де бол ақ қой. Керуен талап, кісі өлтіргенін үшін айдалған ақ бол. Сот сенің жастығыңды еске алғанның өзінде он жылға жіберіп еді, сен сол он жылдың өзін де толық өтеген жоқсын, мұны не деп түсінеміз? — деді Қазыбек дәл бір тергеушідей тексере қарап.


— Сұрауыңызға қарсы сұрау берейін: аққа зауал бар ма? Жоқ болса, маған әлгі сұрауыңыздың мәнісі қалай? Менің ақтығыма сол сотта өз көзіңіз де жеткен секілді еді ғой. Мен сіздің сот залында төгілген көз жасыңыздан соны көрген едім, бүгін не болды? Әлде мен алдандым ба?


— Жоқ, алданған жоқсын, — деді Қазыбек. Сол бір күндердің елесі еңсеріп кетті ме қалай, ерні кемсендеп қоя берді.


Ол соны айтты да, «сенің де айтарың осы ма» дегісі келгендей, Сәуленің қабырғада тұрған суретіне қадалып қалды.


Оның көзінен ұшқан ұшқын Сәулені сүйген жүректің сыртқа серпіп шыққан жалыны екенін кәрілік шіркін Баян бәйбішеге де сездірген жоқ, Темірдің көзі әлі Сәуленің суретінде. Табына қарап тапжылар емес, Қазыбек оның сол аңсай қараған көзінен жүрегін көргендей елжіреп кетті, бірақ сырын сыртқа шығарғысы келмей, домбырасын бір қағып қалып:


«Кім білсін, сендей залым, Сәуле үшін осылай жәдігөйленіп отырмысың. Саған сенім жоқ қой», — деді ішінен. Өзгеше бір шабытпен Тәттімбеттің «Сылқылдағын» сұңқылдата жөнеліп еді, талайды табындырып таңдай қақтырған Тәтекеңнің тәтті күйі Темірді де Сәуледен өзіне тартып алды. Қыбыр етсе домбыраның ішегі үзіліп кететіндей өзін өзі жалғыз тал қылдың үстінде тұрғандай сезініп демін күй біткенде барып бір ақ алды да, домбыраны айналдыра қарап:


— Апыр ай, жаңа оның сайрайтын тілі бардай көрінді ау маған. Сіз қу ағашқа да жан салып, тіл бітіреді екенсіз, мен неге осы үйдің домбырасы болмадым екен? — деді асау арманы шыдатпай ашына, ширыға сөйлеп.


Қазыбек оның жүрегін іштей сүйіп, көзімен көзін бір сүйкеп өтті де:


— Балам, найзағай секілді екенсің, мендей кәрі адамның көзі талғыш келеді, тым жиі жарқылдай бермесең қайтеді? — деді миығынан күле қарап.


— Жоқ, қария, мені алдау үшін өзіңізді өзіңіз бекер қартайтпаңыз. Мен жастық шағым жар жағалап, тау көбелеумен өтсе де адасбаппын. Сонау бір күнгі ала көлеңке залдың ішінен көзіме шалынған көз жасыңыз менің там шырағым болып та, мүмкін өмірге көз қарасым да, тіпті білгім келіп ынтыға сұраған сұрауларым да сіздерге жат көрінер. Бірақ мен өзім білмегенді сұраудан еш уақытта арланбаймын. Білмегенді білдім, көрмегенді көрдім деп өздену әдетімде жоқ. Сол себепті мен білмегеннің бәрін де сұрап білгім келеді. Ол үшін айып етпеңіздер.


Қазыбектің сүйсінуі бұрынғыдан да күшейіп, оның жүрегіне апарып байлағысы келгендей ұзын мұртын Темірге қарай соза түсті де:


— Оның жөн, балам, білмегеніңді сұра да, білгеніңді айта бер. Тек сырыңды ішке бүкпей айт. Ескінің ертеңі де, бүгінгінің тәтті жыры да майдандағы сендерсіңдер бұл күнде. Асыл жыр адал көңілден ғана шығады. Сол есіңде болсын тек, сөйлей бер, балам.


— Мен сізге ескінің ертегін де, майданның жырын да айтқалы отырғаным жоқ. Бақытсыздықтың жанға батқан азабын айтқалы отырғаным, — деді Темір тағы да бір нысанаға тесіле қадалып, тыңдаушысы кезіккенде несіне іркілейін. Ол мынау еді, қария! Бір күні ақ жауын болып жау бекінісіне ұша алмай жаттық та қойдық. Балтық жағасының жауыны қандай, кейде самолеттің өзін де көк иықтандырып жібереді. Сондай күндердің бірінде, ерігіп жатқан ұшқыштар сағынышпен сарғайған жүректің зарын айта бастады. Біреулер әкесін, біреу шешесін, біреулер апа-қарындасын, сүйген жарын еске түсіріп, әрқайсысы ақ өз мақтанын айтып көңіл жұбатып жатты. Сонда мен нені айтып мақтанарымды білмей:


— Шіркін, біздің жерді айтсаңшы, аспаны жарқырап, айы ұзақ таңға батпай қақ төбеңде күледі де тұрады, — деппін.


Сол кезде:


— Алда, айналайын ай, менің Дулатым да солай деп жүр ау? — деген сөз ананың аузынан еріксіз шығып кетті.


— Өй, шешетайым ай! Мені сонда туған елдің барлық қасиетін білгендіктен, біле тұра айтуға тұрарлық мақтанды таба алмай айға барды ғой деймісіз? Елде жүргенде көргенім: сол найзағайы жарқылдаған қара бұлтты қараңғы түн, не болмаса аспаны жарқыраған айлы түн болды ғой. Өйткені мен ол кезде күнді ұйқымен, түнді жортуылмен өткіздім. Солар еске түсті. Ол ғана емес Ойсал марқұмның ақшам намазын оқығанда дауыстап тұрып: «А, құдай, бүгінгі айдын бетін бұлтпен бүркей көр» ден дұға оқитыны да түсті.


Қазыбек шыдай алмай мырс етіп еді, манадан бері қорқынышты ойдың шеңгелінде отырған бәйбішесінің өңіне де жылы шырай кіре қалды. Бірақ Темірдің өңі бұрынғыдан да көрі сұрлана түсті.


— Сонда менің жүрегімді мынадай бір арман темірдей қарыды. Осы соғыс қайғы-қасіретті қанша селдетсе де, біздің елдің даңқын бүкіл адам баласының ұрпағына, болашаққа мұра етіп қалдырғалы тұр. Мүмкін, сол данқ мұнарасының көрнекті жеріне кірпіш болып мен де қаланармын. Сонда «бұл тұрған менің Темірім» деп кім айтар? Мүмкін, мен сондай даңққа жетіп өлсем, туған елім мақтан етіп, тірлігімде қарғыс айтқандар да өлігіме алғыс айтар. Бірақ олар ең мақтанғанда «біздің Темір» дейді ғой. «Менің Темірім» деп айтар иә әке-шешенің, иә аға бауыр, апа-қарындастың, иә сүйген жардың бір де біреуінің болмауы қасіреттің ең ауыры екен. Сонда мені алып ұшқан қиял құсы — қазақтың кен даласын кезеуілдеп келді де, осы үйдің төбесін айналып жүріп алды, бірақ жүрегі шайлыққан жаралы құстай тайқай соғып ешқайда қона алған жоқ, осыны ойлап отырып мен тұңғыш рет жылап жібердім.


Темірдің сөзі жүрегін елжірете бастаған екен, Баян бәйбішенің көзінен жас ыршып кетті. Егерде бір жағынан телефон сылдырап, екінші жағынан Қазыбектің көзі жаңа ғана бәйбішесі әкеліп ұстатқан газет бетіндегі суретке түспегенде, қызықты жайлар басталып кетуі мүмкін еді. Ең болмағанда Темір алып жүректің арманын мұнан көрі ашығырақ айтатын еді. Әлгі жерде көзіне келген жасты тез іркіп алған Қазыбек телефонға ұмтыла бере:


— Балам, мына сурет сенікі ме? — деді газетті ұсынып.


Темір газеттегі өзінің суретін көрді де, ішіндегі өзі жайында жазылған мақаланы ішінен оқи бастады. Ол тіпті Қазыбектің:


— Қазір барайын, қазір! — деген даусын да естіген жоқ. Мақаланың орта тұсына келгенде ызалы кескінмен мырс етті.


— Міне, көрдіңіз бе? Сіз өзіңізде барды айтып мақтануға ұялсаңыз, қайсы біреулер өзінде жоқты айтып мақтануға, тіпті біреу арқылы мақтануға да ұялмайды. Мынау газетке мақала жазған жолдас мені мақтаймын деп мазақ қып қойыпты.


Жаңағы телефон соққан адам Қазыбектің шахта бастығына тез жетуі керектігін айтқан еді. Бірақ ол Темірдің мына газеттегі жайын біле кеткісі келіп:


— Ол кім өзі, не деп жазыпты? — деп отыра қалды да, — апасы, киімдерімді әзірле, — деді.


Темір өз көзіне өзі сенбегендей, өз ойына өзі үңіле қарап отырды да:


— Мүмкін, солай шығар ау әлі, — деді өзі-өзінен күбірлеп: — қария, егерде мен біреудің өтірігін бетіне айтсам оның айып-шамы бар ма?


— Ешқандай айып-шамы жоқ, қайта ол ең жақсы қасиет.


— Ендеше, сол жақсы қасиетті.мен қазір барып осыны жазған жолдасқа көрсетемін. Азар болса жақсылықты білмейтін есер екен дер, десе дей берсін. Өтірік мақтанмен жақсы аталғаннан, есер аталғанның өзі жақсы.


Қазыбектің өңіндегі үміт оты қайтадан сөніп кетті. Өйткені ол Темірдің атын естіп түңілгенімен түріне, cөзінe қарап сүйсінген де, үміттенген де еді. Енді олай болмай барады.


— «Бетің қисық болса айнаға өкпелеме», балам. Газет деген елдің айнасы ғой. Айнаға қисық түссең, өзіңнің ойың қисық, жолың қисық шығар, — деді ол газетті мұңлы қаралап жазған екен деп ойлап.


— Білмеймін, газет деген ондай жексұрынның суретiн бірінші бетке былайша баспаса керек еді, — деп Темір мырс етіп еді:


— Бәсе, солай ау әлі! — деп Қазыбек өз ойынан өзі ұялып тез безіп шықты.


— Түсінбеймін, — деді Темір басын шайқап, — біздің осындай бір жаман әдетіміз бар екен. Кейде біреудің түймедей жаманшылығы болса, жамандағымыз келсе түйедей жақсылығын сол түймедей жаманшылығы үшін құрбан етіп жібереміз. Ал, біреуді мақтағымыз келсе, оның түйедей жаманшылығын көрмейміз де, түймедей жақсылығын дәріптей аспанға көтеріп көпіртеміз кеп! Оның өзі кейде көпірген көбікке ұқсап кетеді.


— Оның рас болар, бірақ мен газетке түсіне алмай отырмын. Әлде олар сенің бұрым кім болғаныңды естіп қойды ма екен, — деп Қазыбек газетті ақтарған болып отырып, сөздің бетін өзінің күдікті ойына қарай бұрғысы келіп еді. Темір де мақаланың орта тұсынан бірнеше жерін сызып, газетті Қазыбекке қайта берді.


— Жұмыстан келгеннен кейін мақаланың әсіресе осы арасын қадағалап оқыңыз. Тек мұның, бәрі Темірдің ғана ерлігі дегенге сенбеңіз. Бір қысталаң шақта қорқақтық еткен өзіміздің бір қорқақты атып тастап, үлкен аэродромды жаудан өзім қорғап қалғаным рас. Самолеті жанып, жау жеріне парашютпен түскен бір жолдасымды жауып тұрған оққа қарамай барып құтқарып әкелгенім де рас. Басқасы Петр Куликов, Петр Андреев дейтін жолдастарыммен бірге істелген ерліктер. Мұнда олардың аты да жоқ, бәрін істеген жалғыз мен болыппын. Жасыратыны жоқ, мақтағанды мен де жек көрмеймін, бірақ иемдену арсыздықтың да ең азғын түрі.


— Дұрыс ақ ау, ә! — деп, Қазыбек қалтқысыз көңілмен қалбалақтап бәйбішесіне қарап еді, оның жаңа ғана аналық мейірімі төгіліп тұрған өні қайта өзгеріп, әжімделген бетінің қаны қайта қашыпты. Темір өз жайын айта беруді лайықсыз көріп алақанымен тізесін сарт еткізді де:


— Осы — менің жайым, қалғанын кейін естірсіздер, газеттен оқырсыздар. Ал, өз халдарыңыз қалай? — деді.


— Ой, балам ай, халдың несін сұрайсың, өзім екі жылдан бері пенсияда едім, кешеден бері жұмысқа қайта шықтым. Дулатым майданда еді, біраздан бері хабар болмай қартайтып тұр. Сәулешім оқуын биыл бітіріп еді, қазір осы шахтыңа қызмет істейді. Біздің хал осы, балам.


Телефон тырс етті де, кішкенеден соң безілдеп ала жөнелді.


— Аһ, мен кешіккен екенмін, — деді де Қазыбек телефонға жетіп барды, тыңдар тыңдамастан, — а, Мырқал... қазір... қазір... — деді де трубканы тастай салып, асығыс киіне бастады.


Жүрек сырын толық ақтара алмағанына қапаланды ма, жоқ, әлде әке орнына әке, ана орнына ана етемін деп аңсап келген адамдарының аузынан Сәуле жайынан кең пейілді жақсы лебіз шықпағанына назаланды ма, әйтеуір Темірдің өнін өзгеше бір ауыр мұң басып кетті.


— Мен ол ойлағандай аң емеспін, адаммын. Қашпасын да бұқпасын, қош болыңыздар, — деді де, Темір ақсаңдай басып шыға жөнелді. Оның бұл сөзі манадан бергі үмітін талқандап кеткендей Баян бәйбіше тулаған жүрегін тоқтата алмай, есікке қарай тұра ұмтылды. Бірақ қайда баратынын өзі де сезген жоқ. Есікке жете бере қалт тоқтап, шалына қарады.


— Апырай, көкесі ай, — дегеннен басқа сөз де айта алған жоқ.


— Немене! Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан деп тұрмысың? Не көрінді көзіңе?


— Қорқамын, көкесі, байқадың ба? Кісі өлтіруін әлі де қоймапты ғой. Сәулені тезірек тауып Сақтандыра көр, көкесі, баршы, бөгелмеші.


Темірдің «өз қорқағымды өзім аттым» деген сөзі Қазекеңді де сескендірген еді, ойланып қалды... Мұнысы қалай? Өз қорқағым дегені, немістер емес, өзіміздің кісі ғой, сірә. Ататын жау жетпей жатқандай неге бұл өз кісімізді атады? Әй, осы антұрған бұрын бұзықтың кішкентайы болса, енді үлкені болып жүрмесе игі еді?.. Бұл қалай, ә? Жоқ, мұнда бір үлкен сыр бар. Бұл бұзық болса — үлкен бұзық, адам болса — үлкен адам! Тоқта... тоқта... баяғыда Сенкебай батыр жаудан қорқып қашқаны үшін өз інісін өзі өлтірген жоқ па еді? Соған қарағанда, қорқақты атқан осынікі жөн болар деп ойлады ол ішінен. Бәйбішені тағы бірдеңе дегелі келе жатыр еді.


— Жоқ, апасы, қорықпа да үрікпе. Сәулені де қорқытпа! Мен кісі танысам, бұл бұрынғы Темір емес, танып тұрмын, талабы таудай. Бұл енді бұзылса, бұзатын біз боламыз. Онда бізді қыршын жастың обалы жібермейді. Өзім әлі де ойланып көрейін. Сен Сәулеге ештеңе де айтпай қоя тұр, тек Темірдің келгенін ғана сездіргейсің — деді.


— Жасаған ау, не деп тұр мынау, сондағы ойың Сәулені осыған беру ме?


Қазекең қабағын бір көтерді де қайта жапты.


— Соны өзім де білмей тұрмын, апасы. Қымбат достың ақырғы сағатта айтқан аманаты есіме түскен сайын егілуші ем, қайдан білейін Сәулетайдың не дейтінін?


Осы кезде сырттан біреудің сүріне қабына жүгіріп келе жатқаны білінді. Қазекең бұрылып қарағанша болған жоқ, екі иінінен демін алып Шалтай кіріп келді. Өңі боп-боз болып, екі көзі шарасынан шығып кетіпті. Қорыққандығы сондай, аузын ашып, айтар сөзін айта алмай, біресе Қазекеңе, біресе Баян бәйбішеге жүгіріп безек қақты:


— Әкетайлар ау, шешетайлар ау, мұндай сұмдықты көріп пе едіңдер? Біздің үйдегі келіндеріңіз, Күлтайды айтамын, Күлтай, Күлтай...


— Е,оған не болды?


— Ойпыр ай, бұл неткен сұмдық еді, военкоматтан жаңа келсем, ол үйде жынданып жатыр.


— Не дейді? Масқара?


— Солай деймін, солай.. солай.. не сұмдықтың болғанын білмеймін, келсем үйдің іші астан-кестен, бір үйде жападан жалғыз өзі әлдекіммен күбірлесін сөйлескен болады да, біресе сылқылдап күледі, біресе еңкілдеп жылайды, түріне адам қарай алатын емес. Менің есім түгіл, жаным шығып кете жаздады. Енді қайттім?


— Дәрігерге барсаң еді?


— Дәрігердің екеуі де жоқ, бірі жаңа қалаға кетіпті, бірі ауырып жатыр. Керексіз кезде ауруды өздері іздеп жүруші еді, көрмейсің бе, қырсыққан кезде өздерінін ауыра қалуын. Енді қайттім? Байлап қояйын десем өлім келер емес.


Осы кезде телефон тағы сылдыр етіп еді, Қазекең:


— Бар, апасы, сен бар, мен онсыз да кешіктім, — деді де шыға жөнелді.


Шалтайдың үйінің сыртқы есігі осы үйдің есігімен қатар еді. Баян бәйбіше мен Шалтай келгенде, үйдің іші тылсым буғандай тым-тырыс екен. Бірақ өз орнында тұрған бір зат жоқ. Стол, орындықтар төңкеріліп, көрпе жастықтар есікке дейін шашылып жатыр. Әсіресе, ойраны шыққан төртінші бөлме екен, жынның ұясы сол бөлме сияқты. Есіктен төрге шейін шашылған көрпе-жастықтардың, киім-кешектердің үстінде серейіп Шалтайдың әйелі Күлтай жатыр.


Баян бәйбіше келуін келсе де, төргі бөлмеге кіруге бата алмай босағада тұрып:


— Қасына таман барып байқашы, аузынан аққан көбік бар ма екен? — деді даусы қалтырап.


— Онда... онда қайтушы еді? — деп Шалтайдың денесі жапырақтай қалтырап кетті.


— Онда жыны ұстап жатқаны.


Шалтай аяғының үшімен басып, алыстан шоли төр жақтан орағытып келе берген кезде, Күлтайдың аузынан ақ көбігі ақтарылып, көздері мүлдем аларып кетті. Онымен де қойған жоқ, сарнай түрегеліп, есікке қарай тұра ұмтылып еді, босағада тұрған Баян бәйбіше ата жөнелді де, Шалтай қамауда қалып қойды. Бұрынғы қорыққан қорыққан ба, оның маңдайының бәрі көз болып кетті. Күлтай оны онан сайын үрейлендіре түскісі келгендей есікті бекітіп жатып:


— Жаным, Бө-лек-басым, Бө-лек-жа-ным! Жап есікті, жап тезірек. Шалтай кеп қалмасын, — деп ыңылдайды да күледі, күледі де ыңылдап сыңсиды.


Манадан бері Бөлекбастың аты оның, аузынан түскен жоқ, кейде Мырқалдың да аты аталып кетеді. Бірақ, мұның сөздеріне қарағанда, Сәуле келгелі Мырқал онан қол үзген сияқты. Ол есікті мықтап бекітті де, Шалтайға қарамастан қабырғаны шұқылап өз-өзінен ыңылдады да тұрды.


— Қойыңызшы, Мырзеке! Сіз бастықсыз, сіздей бастыққа Сәуле сияқты әрі сұлу, әрі инженер қыз болмаса, біз сияқтылар тең емеспіз. А, не дейсіз? «Сәуле сүймейді?» Сізді ол сүймегенде, мен неге сүйемін? Менің жалған да жалғыз сүйерім өзімнің бұйра бас Бөлекбасым... Бөкесі... Көкесі, сүйейін де күйейін, келші жаным, — деп Шалтайға қарай құшағын жая ұмтылып еді, ол шегінген бойы төсекке барып шалқасынан түсті. Оның үстіне барып Күлтай да құлады. Қорқыныш бойын әбден билеп алған Шалтай тырп ете алар емес, жаны бар, есі жоқ, екі көзі аларып, демін де жөнді ала алмай, ыстық күнгі болдырған үкідей екі өкпесі ғана солқылдайды.


— Жаным менің, Бөлекжаным менің, мен сені сүйгендей Шалтайды бір де сүйген емеспін, келші, — деп Күлтай оны шөп-шөп сүйеді, сүйеді де күледі, Күледі де сүйеді. Жынмен құшақтасып жүрген нендей махаббат екенін Шалтай сезген жоқ, ішінен қарсылассам өзіме қатер болар деген оймен, Күлтай бетін қалай бұрса солай кетіп, тым-тырыс жатыр, тек жүрегінің дүрсілі ғана Күлтайға естіледі.


Осы кезде телефон сылдыр ете түсті, Күлтай сонан сескенгендей, әрі Шалтайды енді танығандай төсектен секіріп түсіп есік алдына бір-ақ барып еді, жаным қалды ма, жоқ па дегендей болып Шалтай да басып көтерді.


— Ей, сен осы анық Шалтаймысың? — деді Күлтай оған таңдана қарап.


Күлтайдың бұл сөзі де Шалтайдың құлағына жынның сөзі болып естілді. Бірақ ол жын алыстаған соң есін жияйын деді. Жалма-жан тұра салып телефонға жетіп барды. Ондағы ойы көмекке кісі шақыру еді. Не айтарын білмей сасып қалып, трубканы тыңдар тыңдамастан:


— Ойбай ау, қайдасыңдар, құтқарсаңдаршы, — деді бақырып. — Бұл кім? Сәулесі кім? Ә, өзіміздің Сәулемісің? Апыр ай сені де көретін... ту не айтып кеттім, шамам жоқ тіпті сөйлеуге. Өзің тез осында келші. Қайда дейсің? Военкоматқа ма, оған бардым, майданға мен де кететін болдым.


Осы кезде есік жақта тұрған Күлтайдың:


— Не дейсің? Қайда дейсің? — деген үрейлі даусы шықты.


Шалтай тұра қарауға бата алмай, көз қырын тастап еді, Күлтайда жаңағының бірі жоқ. Шалтайдың «майданға кетемін» деген сөзі оның жынын қағып жіберген секілді, өңінің сәл сұрғылт тартқаны болмаса, бұрынғы сау күйіндегі қалпында тұр.


«О, ғажап. Мынаның жыны лезде жазылып кетті ме?» — деді Шалтай ішінен. Оң қолындағы трубканы дәл сол кезде ие деп ұққанын кім білсін, қалтасына сүңгітіп тұр еді, Күлтай шыдай алмай күліп жіберді. Шалтай аң таң. Екі көзі күлкіге не бола алмай жүрген Күлтайда. Бір мезгілде Күлтай күлген бойы құшағын жая тұра ұмтылып еді, сасқанынан не істерін білмей:


— Тоқта, атамын, — деді Шалтай трубканы кезеп.


Күлтай әлі сықылықтап жүр.


— Мені сендей баймен сыйлаған қандай ғана сараң құдай екен, ә! Таста әрі, осы күлкі болғаның да жетер!


— Күлкі болған қайсымыз, сен бе, мен бе? — деді Шалтай өзінше қатуланған болып ақыра сөйлеп.


— Ойбай, ашық аузым ау, маған әлі сенбей тұрмысың? — деп Күлтай жақындай түсіп еді, Шалтай екі қолын ербеңдетіп:


— Аулақ, аулақ, мен жындыға ешбір сенген емеспін, — деп безек қақты.


— Қой деймін, елге мазақ боласын, мен жынды емеспін.


— Енді кімсің?


— Мен Шалтайдың жан сүйері Күлтаймын.


— Жындылардың бәрі де солай оттайтын, аулақ, аулақ.


— Оттайтын! Ендеше мен қазір барлық жынымды шақырайын да сені тырдай жалаңаштап тұрып далаға айдап шығайын. Айт жаныңның барында кім саған Сәуленің меңі барын айтқан? деп Күлтай шеңгелін аша жақындап еді, Шалтайдың есі шығып кетті.


— Перизат... Перизат... иә, Перизат, — деді көзі алақтап.


Оның дәл осыны айтуын күтіп тұрғандай сол сәтте сарт етіп Сәуле кіріп келді. Ол есікті кере тұра қалып:


— Шәке, бұл не ойын? — деді күлімсіреп.


— Келші, қарағым, бері таман келші. Мынаның түрін көрдің бе? Көрден шыққандай. Қайта бұл адам кейпіне келе бастағаны ғой, жаңағы бір кезде құтырған қасқырға ұқсап кетті. Қазіргі беті жаман емес, шамдандырып алмай ақырын сөйлесші, бас салса мен бармын ғой, жақындашы.


Күлтайдың не үшін теріс айналып кеткенін де. Сәуленің не үшін күлкіге тығылып тұрғанын да ол сезген жоқ. Сауле күлкісін тез тыйып алды да, әдемі сыңқыл үнімен:


— Қорықпай ақ қойыңызшы, бұл жын емес! — деді.


— Енді не?


— Бұ қысасқа қысас.


— Қысасқа қысас?


— Иә, қысасқа қысас. Сіз Нұрланды алдасаңыз, сізді мен алдадым, осымен екі жағымыз да кфит.


Шалтайдың қолындағы телефон трубкасы дыңылдап барып жерге сылқ етті. Ол оны қираса да елер емес. Сәулеге қарап үнсіз тұрып қалды. Ішінен қуанып та, ызаланып та тұр. Аздан соң:


— О, аңғал басым, аңғал басым, — деді өз маңдайын өзі шарт еткізіп.


— «Аңғал басым, аңғал басым» дегенше іші толғам су қауға басым десеңші, — деді Күлтай ызалана күлімсіреп. — Әттең, «майданға кетемін» деген сөзің сүйегіме дейін сырқыратып жіберді, әйтпесе басындағы сол суды біраз қайнататын едім.


Шалтай ашуланарын да, күлерін де білмей:


— Мыналарға не істесем екен, ә? Антұрған ау, менің жылан мен жындыдан қорқатынымды білесің, тым болмаса бір сездірсең болмай ма? — деді.


— «Сездірсең болмай ма!» Бөлекбасты сүйемін деуден артық қалай сездіру керек саған? Сенімен де жау жеңеміз дей ме екен осы жұрт.


Иә, шалыңның алдында тұрған ажал біреу ғана емес, әлденешеу. Өйткені оның кездесер жауы құтырған қасқыр мен жынданған жыландардан да қорқынышты жауға оқ болып атылатын кім? Мынау қояндардың атасы ма?


Шалтай бұл сөзге шамданған жоқ, ойындағы бір сөзді іркілмей айтып салды.


— Мен үшін қорқынышты: құтырған қасқыр да, жынданған жылан да, фашистер де емес, сендерсіңдер, сендер! — деді де, теңселіп барып отыра кетті.


ЖЕТІНШІ ТАРАУ


1


Қалай соғыс басталды, солай өмірінде орынбасарлықтан басқа болып көрмеген Мырқалдың басына бір баянсыз бақыт қона кетті. Ол қазір уақытша болса да бастық. Бастық болғанда қандай! Алғашқы екі айдың жоспарын бір жарым еседен орындап, өмірінде сыналудан бір шықпаған атағын аспанға көтеріп алды. Бұрын жұрттың бәрі де былшитып тұрып Мырқал деуші еді, қазір бұл шахтадағылардың үлкен, кішісінің бәрі де Мырзеке дейтін болды. Бұрын қонаққа яки бір жиынға бара қалса терге қарай жанталаса ұмтылушы еді, енді оны басқалар төрге қошаметтеп отырғызатын болды. Бұрын әзілдей қалса көзімен ататын қыздар да енді күлімсірейтін секілді еді. Амал не, соның бәрі кешеден бері түске айналып кетті, сонда да ол алыспай берісетін емес, мансабын қорғап қалатын жолды жақсылықтан таппаса, жаманшылықтан табатын түрі бар. Сол тапқан жолының бірі — Сәуледен құтылу. Бірақ дәл қазіргі сәтте сол Сәулемен телефон арқылы жылы сөйлесіп отыр.


— Өй, Сәулеш ай, жаны ғана бар, есі жек менен де хал сұрайсың, есімнің шыққаны сонша, Американың әлгі бір көмір комбайнының атын ұмытып қалыппын. Қалай еді соның аты? Тоқтай қал, жазып алайын. Жепыри дедім, дұрыс па?.. Енді қалай? Адам аттарымен аташы, жазып отырмын, айта бер, айта бер... Дәлдүнбай, так... Жартыбай, так... Есербай, так... Перизат, так. Тағы да Перизат, так... Рәсуа, так... Итбай, так... сонда мұның болды «Джеппери» дұрыс па?.. Так, ал енді мынаны айт. Осы әлгі өзімізде жасалып жарамай қалған комбайнды жасаушының аты кім еді? Сидеренко, так! Ол өзі немене, академик пе? Е, ол әлгі Донбастың Сидеренкосы екен ғой, оны өзім де білемін. «Джеппери» де ойыма жаңа түсті, алтын уақытымды босқа кетіргенімді қарашы, — деп телефонның трубкасын сарт еткізіп тастай салды да, алдында отырған Перизатқа маңғаздана қарады. — Так, так, бәрі де түсінікті. Бәрі де өз ойымнан шығып отыр. Иә, айта бер, қарындас, айта бер. Мені Нұрланның ағасы екен деп іркілме, күдігің болса жасырма.


— Іркілейін деп отырғаным жоқ, — деді Перизат әлденеден имене сөйлеп, — қасындағы елдің бәрі кетіп жатқанда олардың не үшін қалғанына көзім жетпейді.


Мырқал сөйлей түрегеліп, үйдің ішін кезіп кетті.


— Ойлана бір қарасаң, көз жетпейтін түк те жоқ. Сенің жаңағы бір күдігің дұрыс, ол Павел Громовтың қарындасын алмақ болған да қалған, так. Әйтпесе туған жері, өскен елі, туған туысы — бәрі мұнда. Сондай жан сүйер жақыны үшін болмаса, үкіметтің «кетіңдер, құтылыңдар, сендер тылға да керек адамсыңдар» дегеніне қарамастан өзін-өзі өлімге не үшін қиды ғой дейсің...


— Мен де солай ойлаймын, — деді Перизат ойлана сөйлеп, — өйткені Нұрлан соңғы бір жазған хатында: «біз Павел екеуміз өлсек бірге өлуге, Донбаста өлуге кіндік» деп жазған еді.


— Міне, міне! — деп Мырқал мүлдем безілдеп кетті. — Бұл сұмдықтың түпкі тамыры сол Павел дегенде жатыр. Ол тумай кеткір қаша алмай қалған жоқ, соның қарындасы үшін қалды.


— Мүмкін, олар партизан болу үшін әдейі қалған болар.ъ


— Жоқ, олар партизан болудан да, тылға келуден де бас тартып, өздері басқарып келген шахтаны әдейі құлатпай соның ішінде жасырынып қалыпты.


— Онда үміт жоқ екен.


— Иә, олардан енді үміт жоқ, — деп Мырқал ауыр оймен теңселіп біраз жүрді де, сылқ етіп отыра кетті. — Сондықтан сен енді мынаны істе. Манадан бергі айтқандарыңның барлығын, әсіресе, Сәуленің әлгі бір Павел дейтін бөлтірікпен қандай жақын екенін түгел жазып бер, так. Соғыс уақыты әрбір совет адамынан аса қырағы болуды талап етеді. Екіншіден, жаңағы бір айтқанымды қатты ойлан! Сәуле оқыған оқуды сен де оқыдың, соның дипломындай дипломың болса болды, қорқатын түк те жоқ, өзім үнемі көмектесемін. Ол басқарып отырған участке біздегі ең жауапты участке. Оны Сәуле сияқты саяси сенімсіз адамға басқарту — саяси соқырлық, большевиктік қырағылығымызды жойғандық, енді түсінген боларсың.


— Түсіндім, Мырзеке! деген сөздің аузынан жып етіп қалай тез шыққанын Перизаттың өзі де сезген жоқ. Өйткені өзінің көкейін тескен мүддесі — сондай мансаптың бір тізгіні болатын.


— Түсінсең, ертеңнен бастап ол участкені сен басқарасың. Қазір бар да мынау анкетаны толтырып әкел, — деп Мырқал столының тартпасынан бір қағазды алын Перизатқа ұсынды, — бұған қоса өмірбаяныңды, әсіресе, Москвада оқығаныңды жаз. Алдымен Сәуленің сонау Отанын сатқан опасыздармен байланысын жаз.


— Мақұл.


— Мұны әзірге өзіңнен басқа жан білмесін. Бар, тез әкел.


Перизат басын иді де, көзге түскісі келген кездегі сәнді жүрісіне салып сылаңдай жөнелді. Мырқал сағатына қарай салып, Мирон Павловичке сайысар кезі жақындап қалғанын білді де Сәуледен жаңағы жазып алған екі сөзін күбірлеп, жалма-жан жаттай бастады.


— Джеппри, Джеппри.. Керек кезінде аузыма түспей қал, сонда болсын! Джеппри.. Джеппри...


Көзі столының шетінде жатқан бір буда қағазға түсіп еді, алдындағы блокнотын жаба салды да қайта ашты. Оны ие үшін жауып, не үшін ашқанын өзі де білген жоқ. Өйткені, ол жатқан буда қағаз оның, Ертеңгі күні обком бюросында жасайтын баяндамасы еді, сол баяндамада көтеретін мәселесі есіне түсті де, мәңгіріп қалды.


Бөлекбас келіп есікті ақырын ғана ашты да кіруге бата алмай, қайта жапты. Мырқал оны іздетіп отырса да елеген жоқ, өйткені ол баяндамада көтерілетін екі мәселенің қайсысына көбірек назар аудару керектігін білмей аласұруда. Мәселенің бірі шахтаның қазіргі халі мен алдағы міндеті, екіншісі қырағылық туралы еді. Жұртшылық үшін екеуіне де назар аудару қажет. Ал, Мырқалдың өзі үшін екеуі де, әсіресе, қырағылық қауіпті.


Өйткені Нұрланның хабарын естігеннен бері қайсы біреулер оның өзіне сезіктене қарайтын секілді. Енді не істеу керек? Мырқалдың өзіне қойып отырған сұрауы осы. Ақыры ол қырағылықтың жолына туыстықты құрбан етіп осы тұста өзін бір көрсетіп қалуға бекінді де қоңырауды қағып қалды.


— Бүлдіргеновті жібер! — деді есіктен қараған хатшы қызға ашулы түр көрсетіп.


Бүгінгі күн Бөлекбастың маңғазданатын күні екен, Мырқал қанша айбаттанса да ол именетін түрі жоқ. Өнінде ойнап тұратын бұрынғы ұсақ құбылыстардың да ізі қалмапты. Бұрын көрген сайын қызыға қарайтын дүние жиһазына да бүгін көз салар емес. Тіпті сол көрікті нәрселерге жиіркене мұрнын шүйіре қарайтын түрі бар. Аяғын салмақпен басып, ортадағы столға жақындап келді де:


— Саламатсыз ба? — деді.


Бірақ, оның өз жүрісі өзіне жат, өз сөзі өзінен үркіп тұрғандай. Сырттан қараған кісіге де ол ролін жаңылып тұрған ең. жаман артист сияқты көрінгендей еді. Столының тартпасынан әлденені іздеп отырған Мырқал оның ешқайсысын аңғарған жоқ.


— Саламат, Бөлекбасым, саламат. Берірек келіп, мұнда отыр! — деп жайдарлана бастады. Ал, оның жайдарылығы жалған құбылыс екенін Бөлекбас та сезген жоқ. «Бөлекбасым» деген сөз жүрегін жылытып жіберді де, бойындағы жасанды маңғазынан жұрдай болып шыға келді.


Қалың сұр тетрадьтың орта тұсы ашылды. Жуан қара қарындаштың екі жағы бірдей ұшталды. Сол қарындаш пен сол сұр тетрадьтың ашық тұрған бетіне Бөлекбас Бүлдіргенов 1941 жыл, 21 октябрь деген сөз де жазылды. Сонан кейін барып Мырқалдың үні шықты.


— Так, так!.. Ал сөйле, иендей жаңалық бар?


— Өзіңізде болмаса, менде ешқандай жаңалық нету.


— Өзің кешеден бері ештеңе естідің бе, сірә?


— Жоқ, Сәлім мен Досайдың вагонге таласып төбелескенінен басқа ештеңе естімедім.


Мырқал қолындағы қарындашын стол үстіне сарт еткізіп тастап жіберіп:


— Білем, сендердің құлақтарыңды қайда түріп нені тіміскілеп жүретіндеріңді. Бәрін де Нұрланнан тәлім алғансыңдар, сендер біздің ісіміздің күнгей жағын көрмейсіңдер де, кілең теріскей жағын ғана көресіңдер, өңкей абыбатыл, — деді де ашуға булығып Сөйлей алмай қалды.


Нұрланның хабарын Бөлекбас естіген жоқ еді. Сондықтан Мырқалдың бұл сөзінен түк түсіне алмай тек ыржиып күле берді, ол ыржиған сайын Мырқал түксие түсті:


— Сен ғой, біздің Нұрланмен доссың, ә?


Бөлекбас өзінің түсінбегендігін дене қимылымен де көрсеткісі келгендей, арқасын бір қиқаң еткізді де:


— Дос болғанда қандай, оны не үшін сұрадыңыз? — деді көзін жыпылықтатып.


Мырқал ұзақ ыңылдады да, алғашқы ойынан жалт берді. Өйткені оның Бөлекбасты шақырғандағы ойы Нұрланмен бірге оқып, қазір осында қызмет істеп жүрген басқалардың сырын сол арқылы біліп алмақшы еді. Енді алдымен оның өзін біраз сілкілеп алғысы келді.


— Өзім де білемін дос екендеріңді. Сол өзі оқуда жүргенде қандай еді. Ешқандай жат қылықтары жоқ па еді? Сен жақсы білесің, тек жасыратын жасқаншақтығың бар.


Бөлекбас турасын айтқысы келіп, сәл ойланды да:


— Ой Мырзеке ай, жаманшылықпен жаны қас ондай адамда жат қылық қайдан болсын. Ол еңіреп тұрған ер еді ғой шіркін. Ол жалғыз мені ғана емес, жұрттың бәрін жақсы көріп, жұрттың бәрін сүйетін еді. Әлі күнге дейін хабарсыз болса біздің маңдайға сыймай кетті десеңізші, — деді жыламсырап.


Мырқал сұр тетрадьқа бұл күрсіністі де түртіп қойды.


— Так, так... өте жақсы. Ал оның сенен басқа қандай достары бар?


— Меніңше оның дос емес адамы аз.


— Конкретный, конкретный, — деп Мырқал столды түйгіштеді.


Менің осылай сөйлеуімнің өзі жағымпаздық емес пе екен деген ой сап ете түсті де:


— Конкретный айтқанда, нанбасаңыз осындағылардан сұраңыз, — деді Бөлекбас қатуланып. Жарамсақтанудың жиіркенішті екенін біліп ақ отыр, амал не, өзінің' табиғаты солай.


Бұл сөзге Мырқал түсіне алмай:


— Нені сұрамақпын? — деп ызбар көрсетіп еді, ол ашуға басқан сайын Бөлекбастың берекесі қаша бастады. Жан дәрмен бар күшін салып, өзін-өзі жігерлендіріп алды да:


— Нұрланның мені қандай көретінін Сәуле мен Шалтайдан-ақ, сұраңыз. Ол тек, Сәулемен ғана азырақ нелеу болатын.


— Нелеу деген не?


— Араздау болатын. Онан басқаның бәрін ол өз жанындай көретін.


— Сәулемен неге араз?


— Өй, бұл Сәуле деген өзіне жан теңгермейтін кесірлі қыз емес пе? Екеуі сонан нетісті ау деймін. Анық не үшін екенін де білмеймін, әйтеуір Нұрлан Донбасқа кетерінде араздасып кетті.


Бұл арада ағасына інісін мақтап жақсы атанайын деген ой Бөлекбаста жоқ, кім сұраса да айтар шындығы сол еді. Кейін бұл сөзінен опық жейтінін ол сезген жоқ, бар шындықты жасырмастан айтып салды.


Ал, Мырқал мұны керісінше түсінді. Ол, Нұрланды мемің інім болған соң өтірік мақтап, өзімді арбап отыр деп ойлады да «а», достар, білдім сырларыңды. Мені жауға сатылып кеткен Нұрланның ағасы деп қармаққа ілгісі келетін Сәуле жалғыз емес екен, енді білдім, бәрін де білдім» деді ішінен, бірақ ол ойы алысқа барған жоқ, өз ойынан өзі қайта жалт берді. «Тоқта... тоқта, — деді өзіне өзі ой салып, — шынында, Громов бастаған бір құпия ұйым болып, булардың бәрі сол ұйымның мүшесі болуы да мүмкін ау», — деді ішінен.


Ол сондай ойлармен аз отырды да, Бөлекбасты сезіктілердің қатарына қосып, қара тізімге жазып қойды.


— Так, так... айта бер! Сендермен Павел Громов, яғни Данилюк дейтін жігіт оқыпты ғой, ол да жақсы адам ба еді?


— О, ол өте жақсы жігіт. Ол қазақтарды жанындай көретін.


— Қазақтарды емес, қазақтың шіріген жұмыртқалары болар оның жанындай көретіні, — деп Мырқал ызаға шыдай алмай столды қойып жіберіп еді, Бөлекбастың жүрегі зырқ етті. Мырқалдың соңғы сөзіне ызасы келді ме, жоқ әлде Нұрлан мен Павел жайында бір суық хабар барын енді сезіне бастады ма, әйтеуір Бөлекбастың өңі боп-боз болып, екі көзі жасаурап кетті. Егер осы кезде Сәуле келіп есік ашпағанда, ол манадан бергі жасап отырған жасанды мінез, жалған қимылынан айрылып қалуы мүмкін еді, Сәуле келді, Сәулемен бірге ой келді. Ой келген соң жүрек те орнына түсті.


Мырқал Бөлекбаспен сөзі бітпесе де, Сәулеге бара тұр дей алған жоқ, қайта:


— Кел, Сәулеш, кел! — деп жылы шыраймен қарсы алды.


Болашақ келіні екенін Мырқал білмесе де, Сәуле оны іштей қайын аға тұтып, бұл күнге дейін оған қарсы қатты сөз айтқан емес-ті, тіпті сынға салып қинаған күннің өзінде де оның атын атамай «ағай» болмаса Мырзеке дей тұрып мылжалайтын. Бұл әдеті өзіне ескіліктің көлеңкесіндей көрініп, енді сонан құтылғысы келген бе, жоқ әлде Мырқалдың Нұрлан жайында жасырын таратып жүрген лақабы жауластырып жіберген бе, әйтеуір Сәуленің бүгінгі қабағы тым ызбарлы. Есіктен кіргеннен Мырқалдан көз алмай, қарсы алдындағы тоқал орындыққа отыра бере:


— Русак осында кетті деп еді, келген жоқ па? — деді.


— Жоқ, оның саған керегі не? — деп Мырқал тіксіне қарай қалды.


— Нұрландар жайындағы суық хабарды таратушы сол екені рас па?


Бөлекбас от басып алғандай ыршып түсті:


— Суық хабар! Ол не хабар?


Оның сұрауына жауап қатушы болған жоқ. Мырқал тереңнен тартып ауыр бір күрсінді де:


— Сен оны кімнен естінің? — деді.


— Айтқаным бекер болмаса кімнен естігенімді қайтесіз.


Бөлекбас Сәуле мен Мырқалға кезек жалтақтап, жаны безек қақты.


— Ағатайлар ау, әкетайлар ау, маған да айтсаңдаршы, бұл не? Нұрлан немістердің қолына түсіп қалған ба? Немене бұл? — деп еді.


— Қолға түсіп елес арман не? — деп Мырқал күрсіне түсті.


— Енді не болыпты? — деді Бөлекбас елбелектеп.


Мырқал оған жауап берген жоқ, манадан бері өзінен көз алмай отырған Сәулеге қарады.


— Мына фашист деген тажалдардан мен шошиып дедім, Сәулеш. Менің бір шешеден туған Нұрландай бауырымды аздыра алған олар, тажалдың тажалы екен. Мен мұнан соны ғана білдім.


Мырқал соны айтқан кезде Бөлекбас өзін қайда қоярын білмегендей ұшып тұра келді де, қайтадан сылқ етіп отыра кетті.


— Мырзеке! деді ол даусы шықпаған соң қатты ышқынып, — осы сіз не айтып отырсыз? Өз ініңіз Нұрлан ба айтып отырғаныңыз, жоқ басқа ма?


— Ой, Бөлешім ай, басқа түгіл өзім болсам да, мұндай күйінбес едім ғой. Еліміздің үлкен үміт күтіп жүрген азаматы еді ғой ол. Сол ғой мені күйіндіріп отырған, сол азғын ғой, — деп еңсесін бір түсіріп жіберді де, қайта көтерілді: — бірақ менің дұшпандарым сауысқан болып шықылықтап, қарға болып қарқылдамасын. Інісі үшін ағасы күймейді, ондайлардың қаңқу сөзінен, құр дүмпуінен қаймығатын қорқақ мен емес, — деді қатуланып.


Оның мұнысы сасқан үйрекше кейін сүнгігендік еді. Сол жан далбасасының өзі Сәулеге өте жиіркенішті көрінді. Ол ызаға шыдай алмай, кезере қалған жұқа ернін сабыр тап дегендей бір тістеп қалды да:


— Мырқал аға, туыс сіздікі, жолдас біздікі. Бірақ азғындық пен Нұрланның арасы жер мен көктей емес пе еді, анығына жетпестен жаманшылықтың жаршысы болғаныңыз қалай? — деді.


— Нұрланды азды деген кісінің өзі азғын, вот что, білдіңіз бе? Соны сізге нетіп жүрген кісінің өзін тексеру керек. Тіпті сіздей үлкен кісінің Нұрланды былай деуі нелеу. Оның кім екенін білмеу нелеу, білдіңіз бе? — деп Бөлекбас қосарлана кетіп еді, Мырқал ызалы күлкімен мырс етіп:


— Сендер мені тас бауыр, су жүрек көреді екенсіңдер ау. Жоқ, бауырларым, мен аузы күйген адаммын, аузы күйген қашан да үріп ішеді, — деді де терезе алдынан өтіп бара жатқан шүйделі біреуді көріп тез өзгере қалды. — Міне, Русактың өзі де келді.


2


Русактың өзінен бұрын ауыз үйден ыңқ-ыңқ еткен дыбысы келді. Көп кешікпей ақ өзі де кіріп келді. Рұқсат та сұраған жоқ. Жемсауы толған күшігендей талтаңдай басып келіп Бөлекбас пен Сәулеге қолын ұсына бере Мырқалға қарап:


— Қалай, мен сіздерге бөгет болған жоқпын ба? — деді.


— Жоқ, қайта сізді асыға күтудемін, баяндама әзір, — деді де Мырқал маңғаздана қалып тұмсығын көтерді, — жолдастар, сендер бара тұрыңдар.


— Мен сізді іздеп треске барған едім, — деді Сәуле Русакқа имене қарап, — бес минут уақытыңызды бөлсеңіз...


— Алдымен, мемлекет жұмысын бітіріп тастайын, сонан кейін, пожалуйста, кішкене отыра тұрыңыздар.


Жаңа ғана күшігендей көрінген Мырқал енді бөдене болып жорғалап кетті. Оның бұл қылығына Сәуленің ызаланғаны сондай, Бөлекбастың жарамсақ мінездерін түгел кешіріп, ішінен «Мырқалдың орнында отырса Бөлекбас та өзін өзі бұлай қорламас еді ау» деген сөзді де айтып салған еді, амал не, ол үміті зая кетті. Өйткені Русак сырт киімін шеше бастаған кезде Бөлекбастың қимылына көз ілескен жоқ, жылмаң етіп жетіп барды да Русактың батпақпен баттасып шешілмей тұрған галршына жармаса кетті. Ол Русактың «рақмет, өзім шешемін ғой» дегеніне де, өзінің қолының былғанғанына да қарамастан галошты шешіп тастады.


— Тфу, — деді Сәуле ақырын жерге жиіркене түкірініп. Бөлекбас оны естісе де елеген жоқ, стол үстінен бір қағаз алды да, қолының балшығын сүрте бастады.


Мырқал бұл екеуіне әдейі көрсеткісі келгендей баяндамасын жұмарлай ұстап үлкен көк орамалмен майлы терді жуан кеңірдектен құлдилата сыпыра сүртіп отырған Русактың қасына барды.


— Анатолий Павлович, түскі астың мезгілі болып қалды ғой.


Русак басын шайқайын деп еді, күбшектей мойны икемге келмеді. Зордың күшімен басын болар-болмас қозғады да:


— Рақмет, мен сіздің үйге еш уақытта бармаспын, — деді нықтап тұрып.


Сезікті адамның сескеніп келетін әдеті ғой. «Нұрланның кесірі әлден тиді ау, құрыдым ау енді» деген ой сап ете түсті де:


— Неге, Анатолий Павлович, неге? Жазығым не менің? — деді Мырқал өтірік күлімсіреп. Даусы дірілдеңкіреп шығып еді, оны сездірмеу үшін бір-екі рет өтірік жөткіріп те жіберді. Бірақ Русактың ойындағысы мүлдем басқа екен. Ол мұртынан күліп, көзін сығырайта қарап:


— Сіздерде бес бармақ дейтін бір тәтті тағам бар екен. Осы уақытқа дейін соны бір көрсеткен жоқсыз. Енді сіздің үйге не үшін барамын? — деді. Мырқалдың қуанғандығы сондай:


— Уһ! — дегенін өзі де сезген жоқ, кенеттен қарқ етіп күліп жіберді де, алақанымен өзінің тізесін бір ұрып, Русактың қолын ұстай алды. — Сіз жеңдіңіз, мен жеңілдім. Ол рас, менің сізге ерулік беретін де жөнім бар еді. Соғыстың кесірінен кешіктіріп алдым. Кешікпей ол борышты өтермін.


— Ерулік деген не? — деді Русак түсінбеген түр көрсетіп.


— Ол сіз сияқты сырттан келген құрметті адамға көрсетілетін құрмет. Мысалы сіз сияқты қадірлі адам, мен тұрған жерге көшіп келсе, мен бір қойды соямын, оның етін тегіс асамын, қымыз болса қымыз, қымыз болмаса арақты көп қып аламын. Сонсоң сізді қонаққа шақырамын. Міне, ерулік деген осы.


— Жолдастар, бір кісі үшіне бір қой сойылатыны рас па? — деді Русак, Сәуле мен Бөлекбасқа қарап.


Бөлекбастың растағысы келіп еді, Сәуледен қаймықты да үндеген жоқ. Ал, Сәуленің Мырқалды бір малтықтырғысы келіп:


— Ол рас, бірақ Мырқал ағай сізге еліміздің салтын түгел айтқан жоқ.


— Тағы қандай салты бар?


— Мысалы, Мырқал ағай сізді шақыра қалса, өзіңізді ғана емес, жақын жұрағаттарыңызды, дос-жарандарыңызды түгел шақырады.


Сәуленің бұл қылығы Мырқалдың ызасын келтірді. Ызадан ғана туатын назалы сөздер көмейіне кептеліп тұр, бірақ айта алатын емес. Тіпті «шырағым ау, мен білетін елдің ондай салты жоқ еді ғой» дегісі келіп еді, оны да айта алған жоқ.


— Бұларыңыз тамаша екен. Бұл сіздің елдің ежелгі салты ма, жоқ әлде осы соғыс кезінде көшіп келгендер үшін шығарған көмектеріңіз бе? деп Русак әлі таңданып отыр.


— Бұл еліміздің ежелгі салты еді, соғыс сол салтымызды да азайтып барады. Менің сізге ерулікті осы уақытқа дейін бере алмауым да сол соғыстың кесірі ғой.


— Жоқ, соғыс деп елдің мұндай жақсы салтын жоюға болмайды. Мен мұны қалай да көруім керек. Жарайды, оны кейін көре жатармыз. Жұмыстарыңызды істей беріңіздер, — деп Русак баяндаманы оқуға кірісті де, Мырқал қуана түрегелді.


Осы кезде Сәуле қасындағы Бөлекбасқа Абайдың:


«Күштілерім сөз айтса,


Бас изеймін шыбындап.


Әлсіздің сөзін салғыртсып,


Шала ұғамын қырындап», —


деген өлеңін жазып ұстата салған еді, ол ішінен оқып шықты да, өзіне ие бола алмайтын әдетімен кеңкілдей жөнелді.


Мырқал орнына отыра бере отты көзімен қадалып:


— «Қатынның қары, еркектің қоры күлегеш» деген осы екен ау. Неменеге мәз болып жырқылдап отырсың? — деп ашу шақыра бастап еді.


— Ойбай, Мырзеке ау, күлмей өлеміз бе? Жаңа өзіңіз тіпті б.ізден бұрын ақ күліп едіңіз ғой, — деді Бөлекбас күлкісін тия алмай божырата сөйлеп.


Мырқал шындап қысса Бөлекбасқа сенім жоқ, шынын айтып, қолындағы өлеңді Мырқалдың алдына тастай салуы мүмкін. Сәуле соны ойлап қысылды да, амалсыздан араға килікті.


— Ойынды қойыңыздаршы, ана кісіден жаңағы жайды сұрайық, — деп ол Русакқа қарай бұрыла беріп еді, ол өзінің осындай жерде жатқанына ызаланды ма, бір түрлі аянышты дауыспен:


— Ех, соғыс... соғыс... — деді.


— Апыр ай, Анатолий Павлович, үйге барып жатсаңыз еді.


— Рақмет, достым, рақмет! Қайда жатсаң, онда жатайын, маған енді бәрі бір. Немістер құрығанша дем ала алатын емеспін мен, — деді де басын көтеріп алды. — Менің радио тыңдауға да мұршам болған жоқ, бүгін не хабар бар, соны айтыңыздаршы.


— Хабар онша жақсы емес. Немістер Москваға жүз километр қалған көрінеді.


— Не дейсіз? Москваға жүз километр қалған! Кім, кім айтты оны сізге? — деп, Русак қасына барған Мырқалдан ұстай тұра келіп еді, Мырқал оның салмақты денесін көтере алмай, етпетінен түсе жаздап барып қалды да,сасқаннан:


— Радиодан, радиодан, — деді бір сөзін қайталап. — Ол жайында арнаулы бұйрық та бар көрінеді.


Русактың үрейі ұшып, көзі шарасынан шығып кетті. Мырқалға ойлана қарап аз тұрды да:


— Бұл бір сұмдық екен. Онда немістердің Москваға жеткені ғой. Үкімет басшылары қайда екен бұл? Әлі Москвада ма екен, ә? Ол туралы радиоңыз ештеңе айтқан жоқ па? — деді даусы дірілдеп.


— Жоқ, ол жайында ештеңе ести алмадым.


— Мен естідім, — деді Сәуле, — Үкімет басшылары Москвада, Кремльде. Ендеше, немістерді Москваға жетеді деген бос сөз, немістер Москваға жетпейді.


— Жаным әкелші, қолыңды сол үшін, — деп Русак барып Сәуленің қолын ұстай алды. — Егер осы айтқанын келсе, мына алтын сағатымды сыйладым саған.


— Оған сене беріңіз. Ал мен сізден алтын сағаттан кері бір арзан нәрсе сұрағалы отырмын, — деді Сәуле күлімсірей қарап.


— Қазір ме?


— Қазір.


Русак өз бойына өзі ойлана қарап шықты да:


— Мұнан басқа саған лайықты не бар? — деді.


— Бар. Бірақ оны біздің біріміз айтпасақ өзіңіз таба алмайсыз.


— Ә, оны мен білдім, мен білдім, Анатолий Павлович! Москваға төнген қатер сізді сілкіндіріп жіберді білем, енді жата алмассыз, — деп Мырқал Сәуленің тілегін айтуды ойлаған еді, Русак оны аңғармай:


— Енді ешкім де жата алмас, жиылысыңызды тезірек шақырыңыз, — деді.


— Сафонов жолдас шахтыға түсіп кеткен еді, сол кісі келсін. Және горкомнан келетіндер келсін. Ал, мына баланың сізге қоятын бір тілегі бар, оған не дейсіз?


— Міне, мен әзірмін.


— Әзір болсаңыз, осы отырғанның екеуі де кешегі өзіңіз айтқан екі адамның шәкірттес достары.


— Екі адамыңыз кім? Әлгі сіздің ініңіз бен Павел Громовтың ба?


— Иә, сол екеуі.


— Онда ғафу етіңіз, сөзіңізге кішкене түзету кіргізейін. Екі адам демей, екі азғын деңіз.


— Мен де сіздің сөзіңізге түзету кіргізейін, ініңіз деген сөзді сіз де айтпаңыз, — деді Мырқал сұрланып.


— Келістім, енді оны қайт дейсіздер?


— Олардың жауға сатылып кеткеніне бұл жолдастардың сенгілері келмейді. Сіз айтып келген хабардың барлығын жалған, жала дейді, так, солай ғой, жолдастар.


— Солай, — деді Сәуле Русакқа. — Сіздің оларды жауға сатылған азғын деуге дәлеліңіз қандай? Көзіңіз көрді ме, әлдекімдердің алып қашты өсегі ме?


Русак оған тесіле қарап аз отырды да:


— Сізге оны білу не үшін қажет болды? Алдымен сіз маған соны айтыңыз, — деді.


— Бұл сұрау өзіңізге болмаса бізге түсініксіз, — деді Сәуле суық түрде жымиып, — елдің елдік намысына тиетін мұндай жараны ескермесем — ол елдің қызы болғаным қайсы?


Русак алғашқы сөзді үрей бар күдігімен айтқан еді, Сәуленің сөзі ол күдікті жұлып тастады. Бірақ неге екені белгісіз, оның жаңағы бір кезде жылмия қалған өңі қайтадан сұрланып кетті.


— Сіз олардың екеуіне де сенімді ме едіңіз?


— Иә, екеуіне де сенімдімін. Осы сөзім үшін Ертең жаза тартып, жапа шегетінімді біле тұра айтып отырмын, оған да ой жібергейсіз.


— Мұндай өжеттік сізге не үшін қажет болды?


— Қандай жаза тартсам да ақиқатты жасырғым келмейді.


— Мен сіздің бүгінгі сөзіңіз үшін ертең қандай жаза тартатыныңызды айта алмаймын, — деді Русак әр сөзін салмақтай сөйлеп. — Егер білгіңіз келсе, олардың кім екенін айтып бере аламын.


— Өтінемін тек анығын ғана, көзіңіз жеткен шындығын ғана айтыңыз.


Русак айтар сөзін сайлап алғысы келгендей сәл ойланып алды да, тақыр басын бір сипап тастап, сөйлей жөнелді. Ол сонау сұрапыл күні өздері Донбасты жау қолына тастап, көргендерін түгел айтып шықты. Ол тіпті шахтаның жанында Венерамен қалай қағысып, оның Нұрланды «бір көрпенің астында жататын жігіт» деген егес сөзін де жасырған жоқ. Ең ақырында өзінің ол екеуіне қол жұмсауға дейін барғанына дейін жасырмастан айтып болды да, қос алақандай сөмкесінен бір жапырақ қағазды суырып алды:


— Менің өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естігендерім осылар. Ал менен кейін қашып келгендердің әкелген айғағы мынандай.


— Бұл не?


— Бұл соларға қарсы жазылған листовка, бұл Отан атынан айтылған үкім!


Сәуле ұмтылып келіп ол ұсынған листовканы ала сала қарап жіберіп ішінен оқып шықты да, теңселіп барып отыра кетті. Онымен бірге Мырқалдың да үміті үзіліп түсті. Өйткені, ол Сәуленің «азғындық пен Нұрланның арасы жермен көктей» деген манағы бір сөзінен кейін тар кеудесі тәтті үмітке толы еді, енді құлазып, құрап сала берді. Ал, Бөлекбастың халі онан да мүшкіл. Ол тілі байланып үн қата алмай өзінің жүрегімен ғана алысып отыр. Тіпті жақтырмаған кісісін ішінен сыбайтын әдетін де істей алған жоқ, мойнына су кеткендей сөлмірейіп кетіпті. Ағат сөйлеп, ай бойы өкінетін оның да әдеті еді. Сол ауруы тағы ұстады. Өз сөзіне өзі өкініп, өзін-өзі анда-санда бір сыбап қойып:


«Әй, ақылым ай, тым шабансын ау, құрғыр, шабансың ау. Сенің дер кезінде басқа келіп сорлы Бөлекбасты елдің мазағынан арашалап алғаныңды бір көрмей-ақ кеттім ау өмірден. Көрпебайдың көк моласындай көркінен басқа түгі жоқ, осыған бүгін неге келдім екен? Ал, келуін келейін, түк білмеймін деп отыра бермей, Нұрланды мақтап нем бар еді? Жаңағы сөзімнің бәрін ғой Мырзекең жазып алды. Енді оны қалай танармын? Әй, аңғал басым ай, аш бүгелектей көрінгенге соқтығасың ау», — деп ол ішінен өзіне-өзі кейіп те, өкініп те, туысы сондай жат Мырқалдан үркіп те отыр. Оның енді тез кеткісі келіп, сүйретіле түре келіп:


— Мырзеке, басым қатты ауырып отыр, рұқсат етесіз бе? — деп еді, Мырқал оның ойын сезіп қалды да:


— Мүмкін, сен енді мен басқаратын шахтадан мүлдем кетерсің, — деді ызбар шаша сөйлеп.


Оның «кетерсің» деген сөзі Бөлекбасқа «кетірем, көзіңді жоямын» дегендей сезілді, сондықтан ол байлаулы қояндай бақырайып, «жо-жо-жоқ» дегеннен басқа ештеңе айта алмай қайтадан отыра кетті де сасқанынан:


— Нетпесеңіз, а, нанбасаңыз мына Сәулештен сұраңыз, менде ондай пиғыл еш уақытта болған емес, оллаһи рас айтамын, нетіңіз маған, — деді қалбалақтап.


Сәуленің барлық ойы сонау ажал сұрапылының аржағымда еді, сондықтан ол Бөлекбас пен Мырқалдың сөзін естіген жоқ. Өз жүрегін ғана тыңдап, сонымен ғана сырласты да Мырқалға қарады. Оған әлдене айтқысы келіп еді, Русак киіп кетті.


— Баяндамаңыз өте ақылды жазылған, — деді ол еріне сөйлеп, — тек, қырағылық айтылған жерде ініңіздің Донбастағы қылығын жасырмай айта кеткеніңіз жөн болар.


Не ойға бекінгені белгісіз, Мырқал үндеген жоқ. Егер де ол Русактың осы сөзіне де бас иіп анығына жетпестен Нұрланды қаралайтын болса, Сәуленің Мырқалға айтар қатал үкімі әзір еді. Оның бағына қарай, Сафонов кіріп келді де, барлығының да ойын бөліп жіберді.


Сафоновтың шахтадан шыққан беті екен. Қолындағы фонарын жоғары көтеріп:


— Амандасқан түріміз осы болсын, — деп диванда жантайып жатқан Русактан көз алмастан Мырқалдың қасына отыра бере ақырын күңк етті. — Бұл кім?


— Русак деген дәуіміз осы, — деді Мырқал сыбырлап, — біздің обком бюросында жасайтын баяндамамызды дайындасуға келіпті.


— Баяндамаңыз біткен бе еді?


— Ол біткелі қашан!


— Кешегі қалпы болса шикі еді ғой.


— Сенен үлкендер де оқыды, бірақ шикі деген сөзді сенен басқадан ести алмадым. Тіпті «өте ақылды жазылған» деп мақтаған басшы жолдастар да бар.


— Егер баяндамаңыз кешегі мен оқыған қалпында болса, оны мақтағанына шәгім бар.


— Сіз парторг Сафонов боларсыз, ә? — деді Русак басын көтеріп.


— Қателескен жоқсыз.


— Сізше баяндаманың шикілігі неде?


— Шахтаны олқылықтан шығарудың жолы белгіленбеген, айта алмаған негізгі кемшілгі сол.


— Сізше оның жолы қандай?


— Біздің ойымызша, шахтаны олқылықтан шығарудың төрт түрлі жолы бар.


— Оның бірі — Сәуле айтып жүрген әйелдер бригадасын ұйымдастыру ма? — деді Мырқал Сафоновтың сөзін бөліп.


— Иә, сол.


— Онда аузыңды ауыртпа.


— Неге?


— Сіз жаңа келген адамсыз, так, сондықтан жағдайды жақсы білмейсіз. Біздің әйелдердің неменеге мықты екенін жақсы білеміз, так. Мысалы, осыдан екі ай бұрын таңдап тұрып елу әйелді шахтаға салған едік, қазір біреуі де жоқ. Жер астының жұмысына жарамай бәрі де кетіп қалды.


— Әрине, қаза білмеген адам көмірді күл етеді, — деп Сәуле сөзбен қағытып еді,


Мырқал оны көзімен бір атты да:


— Естеріңізде болсын, — деді Русак пен Сафоновқа кезек қарап, — біздің қазақтың әйелдері түгілі, еркектері де бұрын жер астының жұмысын істеп көрген емес. Сондықтан қазақ әйелдерінің мұндай ауыр жұмысқа жарамауы заңды.


Мырқалдың осы сөзі үлкен ой салғандай Русак Сафоновқа шалқая қарап:


— Көрдіңіз бе, жолдас секретарь, әр елдің өзіне тән осындай қасиеті болатынын білгеніміз жөн, — дегісі келіп еді, Сәуле киіп кетті.


— Ағай, қашан да болсын, өз қабілетімізге қарай сөйлейік те. Халқымыздың ойымыз жетпейтін биік қасиетін созбен кірлеп қайтеміз. Егер айтатын болсақ, әділін неге айтпаймыз? Ерлікті сүю, еңбекті сүю, сүйгеніне жету, жете алмаса сол жолда құрбан болу еліміздің ежелгі дәстүрі емес пе еді? Біздер өз ұсынысымызды обкомның алдына өзіміз ақ қоямыз. Ол үшін елдің елдігіне тіл тигізбей-ақ, қойғаныңыз жөн болмас па?


Мырқал ызаланғаннан не дерін білмей, қолындағы қағазды біресе олай, біресе бұлай лақтырды.


— Сендер әлден мені шаужайдан алайын деген екенсіңдер. Жоқ, ол бола қоймас. Жыланның үш кессе де кесіртке құрлы қауқары бар, ол есінде болсын, Сәуле!


— Мырқал аға! Жалынамын, достықты жаулық көрмеңіз.


Сәуле бұл сөзді елжірей егіле айтып еді, Мырқалдың топсасы лезде босай қалды. Ол бұрын өзінен төменгілердің алдында ешбір жасқанбайтын, айтарын ашық айтып қалатын ұрт еді, Нұрлан жайында жат хабардан сескене ме қалай, тасырқаған ат секілді бүгін тым жиі кібіртіктеп отыр.


— Айтқан кеңестеріңе рақмет, оны ертең бюро мүшелеріне айтып көрермін, — деді де кенет өзгере қалып қайтадан қатуланып алды. — Мен өзгенің ақылымен бастық болғаннан гөрі, өз ақылыммен орынбасар болғанды артық көремін. Сол естеріңде болсын.


Ол соны айтты да, стол үстіндегі қағаздарын жиыстырып, кетуге ыңғайлана бастады.


3


Арада үш күн өтті. Мырқалдың обком бюросында тыңдалатын баяндамасы кейінге қалыпты. Сол үшін Мырқал қуанышты. Сол үшін ол: «Қорғаным, Абзалым! Сен обкомның екінші секретары болмасаң мен ендігі жүнделген тауықтай болатын едім ғой, көп жаса, бауырым», — деп ішінен Абзалға сағат сайын алғыс айтуда.


Сол қуаныштың үстінде ойлап отырғаны қиянат екенін білместен Мирон Павловичпен айқасуға әзірленіп, бұрнағы күнгі екі сөзді әлі жаттап отыр.


— «Джеппри... Джеппри...» «Сидеренко...» керек кезінде аузыма түспей қал, сонда болсын. «Джеппри», — деп аузы жыбыр-жыбыр етеді. Ол өзінің шалажансар нешеу ойын осылай қыбырлатып отырған кезде Мирон Павлович кіріп келді.


Мырқал оны көре сала қайраттанып алып:


— Қалай, қарт, шахтамыздағы ең сұлу, ең оқымысты қызымыздың үйіне орналастыңыз, халыңыз жақсы болар, ә? — деді өтірік күлімдеп.


— Хал қайдан жақсы болсын, туған Донбасс жаудың табанында жатса, Донбассты жоқтатпаймыз дейтін біздер көмірді көп берудің орнына аз беріп, қызыл тудан айрылып отырсақ... — деп Мирон Павлович тереңнен толғай бастап еді.


— Иә, уранымыз жаман емес, бірақ ойымызбен бірге ісіміз алжасып жатыр, — деп Мырқал оның сөзін бөлігі жіберді. — Сондықтан да біз тудан айрылып масқара болып отырмыз. Есіңізде болсын, алғыр ой, өнімді еңбексіз уранымыз қанша жақсы болса да алысқа бара алмаймыз.


Мирон Павлович оның бетіне ойлана қарап:


— Оған мен де түсінетін секілдімін, — деп еді.


— Түсінер болсаңыз, келгеніңізге екі ай болды, не істедіңіз? — деп Мырқал мүлдем айқайлап кетті. — Соғыс кезінде екі ай емес, екі сағат та көп уақыт, так. Tiпті, сіздің осы істеп жүрген ісіңіздің өзі... но ладно... ол жөнінде кейін сөйлесерміз, алдымен келген шаруаңызды айтыңыз.


— Менің айтарым тағы да комбайн жайлы, — деп Мирон Павлович қолындағы папкасын аша бастады. Қарағандыда тұрып Донбасс деп соққан жүрек маған ұйқы берер емес. Жұмысшылардың күннен-күнге азайын бара жатқанын көріп, забойға барған сайын бір жылап қайтамын.


— Тоқ етерін айтыңыз, ток етерін, — деді Мырқал, столды тоқылдатып.


— Тыңдаңыз! Кеше кешке осындағы инженер, тениктердің мәжілісі болды, сол мәжілістің тапсыруы бойынша сізге келдім.


Мырқалдың екі ұрты бірдей ойнақшып кетті.


— Тағы да комбайн жайы ма? — деген даусы да зілдірек шықты. Бірақ Мирон Павлович оның, зілінен сес көнген жоқ.


— Иә, тағы да комбайнның жайы! — деді әр сөзін нығарлай сөйлеп.


— Онда маған несіне келесіз? Мен айтарымды мұнан бес күн бұрын айтқан жоқ па едім?


— Айттыңыз. Бар деген тресіңізге де бардым. Бастағы Москваға кеткен екен, ал, Русагыңызбен түсінісе алмадым.


— Неге?


— Ол өмір тарихымды сұрап алды да, ешқандай институт бітірмегенімді естігеннен кейін тікесінен тіке: «Бұл сіз түгіл академиктердің де қолынан келмей жүрген жұмыс, қолыңыздан келмейтін іске әуре болмаңыз», — дегені.


— Шынымды айтайын, сіздің осыныңызға мен де түсініп жүргенім жоқ. Егін комбайны болса, бір сәрі, дәл мына көмір комбайны дегеніңіз тіпті миыма да кірмейді. Жалғыз менің ғана емес, менен он есе білімді адамдардың да миына кірген жоқ. Мен сіздің проектіңізді өзімнің бас инженерім бастаған комиссияның зерттеуіне берген едім, олардың да миына кірмепті.


— Қалайша?


— Ғафу етіңіз, сізге бір сұрау: сіз мұны қашаннан бері ойланған едіңіз?


— Аз ойланғаным жоқ, кемі бес жыл.


— Аха, онда тағы бір сұрау беруге рұқсат етіңіз. Қалайша сіз мұны бұл уақытқа дейін жарыққа шығармадыңыз? Қалайша сіз мұны Донбасста қолға алмай, мұнда келгеннен кейін қолға алдыңыз? Әлде Донбасстың күші жетпеді ме?


— Донбасстың күші жететін еді, соғыс басталып кетті де, уақыт жетпеді, біз үлгіре алмадық


— Ал, соғыстан бұрын?


— Сіз тергеушіге лайық екенсіз. Мұндай нәрсені жете зерттеместен, қолға алудың керексіз екенін білетін боларсыз...


— Тергеуші болмасақ та, мұндай қауіпті нәрсені ұшқары қарауға қақымыз жоқ. Тек, соғыс уақыты әрбір совет адамынан осыны талап етеді.


— Нендей қауіп?


Жасырарым жоқ, біріншіден, біздің үлкен мамандарымыздың көптен бері қолға алса да шеше алмаған мұндай мәселесін шешу сіздің қолыңыздан келмейді. Сондықтан, дәл қазір мұның жасалып шығуына мен өзім сенбеймін, так. Екіншіден, бұған көп қаражат, көп материал, көп уақыт керек. Ең алдымен, бірнеше инженер техниктер керек. Ондай мол мүмкіндікті мен бұл соғыстан көре алмай отырмын, так. Үшіншіден, бұл жасалынып шыққан күннің өзінде біздер үшін пайдасыз.


— Пайдасыз? Қалайша?


— Сіз жаңа келген адам болғандықтан әлі таныс емессіз, мұндағы көмірдің пласты алуан түрлі, так. Біреуі жұқа, біреуі қалың... Тіпті бір пластың өзі алуан түрлі, кей жері қатты, кей жері жұмсақ. Мұның әрқайсысына әр түрлі машина жасай алмаймыз ғой, так. Оның үстіне бұрынғы жасалған комбайнге енгізген өзгерістеріңіз көңілге қонбайды. Осы айтылған күдіктер көңілде түрі анда, мен сіздің бұл идеяңызға сене алмаймын, ғафу етіңіз.


— Болдыңыз ба?


— Болдым.


— Болсаңыз мен де бір сұрау берейін.


Дәл мұның созатын түгі де жоқ, тоқ етерін ғана айтыңыз.


— Сіз бұрынғы жасалып, жарамай қалған комбайндардың жайын, әсіресе, олардың көмір пластына қарай өзгеріліп отыратындай етіп жасалмағанын білмейтін сияқтысыз. Оны білместен бұған үкім айтуыңыз қалай?


— Мен бе бұрынғы жарамай қалған комбайнның жайын білмейтін?! Ха-ха-ха! Сіз мені түк білмейтін сорлы көреді екенсіз ау, — деді Мырқал көп білетіндігін көрсететін кезге жеткеніне қуана күлімдеп. — Ғафу етіңіз, мен өзіміздің төл комбайндарымыз былай тұрсын, Американың «Джеппри» атты комбайнын да жақсы білемін. Тіпті оның біздің шахталар үшін не себептен керексіз болып шыққанын да жақсы білемін. Сіздің ол машиналардың жайын жете зерттегеніңіз жөн.


— Мен бәрін де зерттедім ау деймін. Америка машинасының біздің шахталарға не себептен жарамайтынын менен бұрынғы Сидереико, Богдановтар да зерттеген. Сіз оны байқамай отырсыз. Сөз жоқ, біз мұны жасап шығарып, Ертең, адам баласын ауыр бейнеттен құтқарамыз. Оған сеніңіз.


Сәуле есікті ашып:


— Рұқсат па екен! — деп еді, Мырқал тұнжырай қалды да, Мирон Павлович оның келгеніне қуанып жадырай түсті.


— Кел, қызым, кел! — деді.


— Басқа айтар сәуегейлігіңіз жоқ болса, алтын уақытты кетірмеңіз, — деп Мырқал сөйлей тұра келді. — Бұрнағы күні мына қарындас та екі сағат бойы жұмысты тоқтатып қойған. Бұл совет адамдарының қылығы емес.


Сәуле сабырлы салмақпен жақындап келді де:


— Мен не жұмыспен кеткенімді айтқан сықылды едім ғой, — деді.


— Сендер соғыс кезінде сондай пайдасыз жұмысты неге қоймайсыңдар осы?


— Ол пайдасыз емес, ағай. Бұл комбайнның бүгінге де, ертеңге де пайдасы бар.


— Сендер көз алдағыларыңды көре алмай жүріп, ертеңгі күнде, тіпті одан да арғы


болашақта иелерің бар осы. Көрпені бойларыңа шақтап жамылу керек емес пе?


— Бойға шақтап жамылған көрпеңіз мынандай ұятқа қалу болса, ондай көрпеден кебінге оранғанның өзі жақсы.


Мырқалдың айналасы әжіммен құрсауланған кішкентай көзі шарасынан шыға шатынап кетті. Бірақ Сәуленің оқтай қадалған отты көзінен қаймыға қарап, не дерін білмей тұрып қалды.


Осы кезде күректерін салдырлата кіріп келген үш жұмысшы оның ойын бөліп жіберді. Үшеуінің де шахтадан жаңа шыққан беттері екен, күйеден көздері ғана жылтырап тұр. Көмірдің күйесі қанша бүркегенмен Мырқал өзінің әкесі Тайманды тани кетті:


— Әке, мен қазір бос емеспін, бара тұрыңыздар, — деп ол әдеттегісіндей тұмсығын көтере беріп еді:


— Ей, балам, өз тұмсығыңнан басқа көтерерің қалды ма сірә, — деп Тайман жақындай түсті. — Мәжілісіңде менің жұмысым жоқ. Мына сияқты жаңа келгендерге жұмысты үйрету керек, маман ғып шығару керек деп жиылыс сайын өңештейсің келіп, уәдені бересің келіп, соңынан өз уәдеңді өзің ұмытасың, бұл не? Бұларға жұмыс киім, жататын орын бересің бе бұл, жоқ па? Колхозынан киіп келген киімдері жыртылып болды, қылышын сүйетіп қыстың келе жатқаны мынау, бұл не? Біздің қай жұмысшы осындай халде жүрген еді? Үлкенін, бар, кішің бар, қане айтыңдаршы біреуің? Бірдеңе десе кінәні соғысқа аудара саласың, басқа шахталарда неге бұлай емес? Соғысып жатқан жалғыз осы біздің шахта ма?


— Сабыр етші, әке, мені сынайтын сыншылар сенсіз де аз емес, — деп Мырқал бәсеңсиін деп еді, Тайман онан сайын өршеленіп кетті.


— Өй, бүйтіп әкелегенің құрысын, бүйткенше әкеңді көмсең екен, — деді де арт жағында тұрған Шекер мен Сайранға қарады: — Сен екеуің ана түрегеліп тұрған бастықтың етегінен айрылмаңдар? Қашан киім береді, сонда ғана жұмысқа түсіңдер, оған дейін мен сендерді жұмысқа жібермеймін. Жетті енді, сендерді алдап сұлауым.


Тайманның соны айтуы мұң екен, жаңа ғана келіп Мырқалдың құлағына әлденені сыбырлап тұрған Бөлекбастың көзі ежірейіп кетті. Ол столды ұрамын деп қолын да ауыртып алды. Бірақ, Тайманның Мырқалдың, әкесі екені тез есіне түсе кетті де, өз денесін өзі еркін билей алмай жүрегі зуылдап, буыны дірілдеген күйі Тайманға жақындады.


— Әкетай, көкетай! Сіздер бара тұрыңыздар! Бұларды орналастыру сіз екеуміздің де қолымыздан келеді; Бәрін де бүгін өзім беремін. Бара беріңіз, — деп ол өзінің ұятын осылай жуып-шаймақ болып еді, Тайман қолын бір сермеп:


— Әй, шырағым, өзің жете алмай жүріп сен кімді жеткізбексің? — деді де Мырқалға қарай бұрылып, — бақыр мейлің, шақыр мейлің, мен мына екеуін өзіміздің үйге жатқызамын. Айтпадың деме! Ал, балалар, жатар орын, ішер ас үшін енді алан, болмаңдар, мен не болсам сол боласыңдар! Тек жұмыс киімін алмай келмеңдер! — деді де Мырқалға жақындады. — Қашан айттың деме, балам. Егер осылар секілді жаңа келгендердің жас күшін жұмсай білмесең тудан айрылуың — аз, қалтаңдағы билетіңнен де айрыласың, ойлан!


Ол соны айтып столды бір ұрды да, шығып кетті. Оның соңынан Бөлекбас та жөнелді. Әкенің асыл сөзі Мырқалдың қасаң тартқан құлағына дарымапты. Сондықтан ол шолақ тұмсығын аспанға көтеріп алды да:


— Ей, қалған күніміз сендерге қарап тұрыңдар, бар! — деді Сайранға зеки сөйлеп.


— Бригадиріміздің бұйрығын орындамай маспыз, — деп Сайран диванға жантая бастап еді, Мырқал бұрынғыдан да бетер долдана түсті. Бірақ, айғай салуды өзіне лайық көрмей, өзін-өзі тежеп:


— Балалар, сендер ауылдағы ақымақтықтарыңды мұнда істемеңдер, оларың жарамайды, — деп өзінше майдалап көріп еді:


— Ал, сіздің ескі ауылдың ақсақалына ұқсауыңыз да жарамайды, — деді Сайран да тайсалмастан.


Мырқал онан оңай құтылмайтынын сөзді де:


— Ей, бала, өзіңе не керек? — деді, не дерін білмей ұяла күлімсіреп. — Киімді бірдеме етерміз, бара тұрсаңшы.


— Менің киімнен басқа да айтар арызым бар, — деді Сайран Мырқалға жақындап. — Мен биыл тоғызыншы класты бітіргенмін. Мына қыз оныншы класты бітіріпті. Тоғыз жыл оқып тоқымдай күректі көтеріп жүретін жайым жоқ, бізге күрек емес, сонау көмір шабатын машинаның өзін беріңіздер.


Мырқал оның бетіне тандана қарай қалды.


— Оны қалай жүргізбексіңдер?


— Үйретіңіздер, оқытыңыздар, сонсоң жүргіземіз.


Мырқал оның бас-аяғына көз жүгіртіп:


— Так, так. Өзің адам болғалы тұр екенсің, ә! — деп еді, Сайран мырс етіп:


— Немене, мен қазір адам емеспін бе? — деді.


— Жоқ, ұнап тұрғаныңды айтамын.


— Әрине, ұнаймын. Қазір сиқым кетіп тұр ғой, әйтпесе бұрын мына Шекер сықылды талай қыздар ұнататын.


— Сайран! Әзілдің орны бұл емес, — деп Сәуле оны арқадан қақты да, Мырқалға қарады, — Атай екеуіміз бұл екеуін сөз үйімізге алатын болдық сіз тым болмаса жұмыс киімін тезірек тауып берсеңіз екен.


— Так, так. Жұмысшы жоқ болса көмір бере алмаймыз, көп болса үй мен киім бере алмаймыз, пәле болды ау әбден. Бір жөні болар, сен екеуін ауызғы үйге бара тұрыңдар.


— Мен сізге бір нәрсе айттым ау деймін, — деді Сайран.


— Оны кейін көрерміз.


— Жұмысты жақсы істесең бәрі де табылады, бара беріңдер, — деді де, Сәуле бір жапырақ қағазды Шекерге ұсынды. — Сіңлім, мына қағазды ал да біздің үйге бар. Адресі мынау.


Ол соны айтып Шекерді есікке дейін шығарып салып еді, нендей ойға бекінгенін кім білсін, оның соңынан Сайран да жөнелді.


Мырқал әкесі түсіріп кеткен еңсесін қайта көтеріп қомақтанып алды да:


— Қане, алтын уақытты босқа кетірмей жұмыстарыңды бітіріңдер де, кетіңдер, — деді, Сәуле мен әлденеше ойлана жазып отырған Мирон Павловичке кезек қарап.


Мирон Павлович оның сөзін тыңдаған жоқ, жазғандарын ішінен тағы бір оқып шықты да, Мырқалға ұсынды.


— Құрметтім, сізден енді басқа тілек тілемей-ақ қояйын, мына қызым екеуімізді қызметтен уақытша босатыңыз да, бізге көмір шабатын машинаның бір-екі моторын алуға рұқсат етіңіз. Біз мұны заводсыз ақ дәл осы мехцехтың өзінде жасап шығарамыз.


Мырқал ызалы күлкімен мырс-мырс етіп басын шайқады да:


— Адам қартайғанда бала секілді болады екен ау. Мынауыңыз баланын сөзі ғой? — деді.


— Баланың?


— Иә, баланың, — деді Мырқал столды ашумен бір нұқып қалып. Оның, өңі кенет сұрланып, даусы қатайып кетті. — Біздің шахтаның өндіретіні темір емес, көмір. Алдымен соған түсініңіз. Мен сізге керек екен деп көмірден темір жасай алмаймын, так! Екіншіден, сіз еріккен екен деп мемлекет дүниесін шашып, сотқа кете алмаймын, так! Үшіншіден, қашан соғыс біткенше сізді бір күнге де босата алмаймын... Егер бұл үшін жұмысқа салқын қарайтын болсаңыз, аяусыз жазаға тартамын, так! Соғыс уақыты соны талап етеді. Енді түсінікті ме?


— Түсінікті, әбден түсінікті, — деді Мирон Павлович күйіне күрсініп. — Бірақ осы үшін ертең өзінің өкінетінін жолдас Тайманов түсіне ме екен?


— Мен еш уақытта да өкінбеймін, так. Енді алтын уақытты босқа кетірмеңіз, барыңыз!


— Өкінесің, құрметтім, өкінесің. Өйткені бұл іштен шыққан бала. Мен өз баламды өзім өлтіре алмаймын және ешкімге өлтіртпеймін, — деп Мирон Павлович кете беpiп еді, Сәуле оны ұстай алды.


— Мирон Павлович, тоқтаңызшы. Мырқал аға, түсінісейік те? — деді, екеуіне кезек жалынып.


Мирон Павлович мүлдем қатайып алған еді, Сәулені қанша сыйлағанымен, бұл сапар оған да қайысқан жоқ.


— Жоқ, қызым, жалынуымыз жетті, жетті, — деді де, қолын қайта-қайта сілтелеп шыға жөнелді.


Сәуле қатты ызаланса да, өзін-өзі күшпен тежеп, Мырқалдың қарсысына отыра бере:


— Ағай, біраз ойланбадыңыз ау, — деді.


— Жә, бәрің бірдей білгішсінбей, — деп Мырқал зіркілдей жөнелді. — Жұмысшы таба алмай жатқанымда, комбайн дегенді қайдан шығардыңдар осы? Сен дейді ғой мұны желіктіріп жүрген.


— Иә, мен. Өзіңіз ойлаңызшы. Жұмысшының аздығынан мынандай күйге ұшырадық. Ол ол ма, ертең соғыс бітіп, донбастықтар өздерінің Донбасына, колхозшылар колхозына кеткенде қайтеміз? Шахтаны жабамыз ба?


— Алдымен соғыс бітсін, сосын көреміз.


— Соғысты тез бітіру үшін де бұл керек болып тұр ғой.


— Ә, қойшы тақылдамай. Осы сендер қызықсыңдар, қолдағы машинаны жүргізе алмай отырып, мидағы машинаны жүргізем дейтіндерің не осы? Ашып айтпаса түсінбейсіңдер, оның жасайын деп жүрген комбайны көмірдікі ме, жоқ әлде бәріміздің сүйегімізді бытырлатып көмір ғып жіберетін елімдікі ме, қайдан білесіңдер? Ертең ғой бұл сондай бір пәле болып шықса бәріміздің де су түбіне кеткеніміз.


— Ағай, расыңызды айтыңызшы, маған сенесіз бе?


Мырқал оған ұзақ қарап отырып барып үн қатты:


— Расымды айтсам, мен қазір сен түгілі, бірге туған бауырыма да сенбеймін, так.


Соғыс уақыты соны талап етеді.


— Онда қойдым сөзді. Ал, Донбасстағы ініңізден не хабар бар?


— Інісі бар болсын, менде Абзалдан басқа іні бар ма? — дей бергенде телефон сылдыр ете қалып еді, Мырқал селк етті де, трубканы ала салып: — Тайманов тыңдап тұр. Тайманов тыңдап тұр, — деді даусы шықпаған соң екі рет қайталап. — А, сен бе едің, амансың ба, достым? Ой, халдің несін сұрайсың, тудан айрылдық, соны қайтіп аламыз деп мықшыңдап жатқан жай бар. Ол не? . Так. Біздің шахтаны ғана тексере ме екен?.. Так... так... Онысы қалай? Жұмысшылар хат жазыпты. Қайда... кімге? Жұмысшылардың атын жамылып жүрген осындағы обывательдер ғой, білем олардың кім екенін, білем, — деп дірілдеп Сәулені көзімен атқылап тұр. Жарайды, рақмет. А, жоқ, машинаны жеңгең базарға мініп кетіп еді, әлі қайтқан жоқ, жарайды. Кейін хабарласарсың... Біздің шахтаның жайын Алматыға дейін жазып жүрген кім? — деді телефонды тастай сала.


— Мен қайдан білейін?


— Көрермін білмегеніңді, — деп Мырқал Сәулені не үшін қызметтен босататынын айтқалы бар қаһарымен түрегеліп еді, есік жақтан біреудің:


— Рұқсат па екен? — деген даусын ести сала өзгере қалып отыра кетті.


— Неге болмасын, кел, кел! — деді қысыла күлімсіреп.


Шалқасынан қайрылған қою қара шашты, кен маңдайлы, кен кеуделі бұл адам Сәуленің көзін бірден тартып алды. Тіпті бейтаныс болса да бір түрлі ыстық көрініп кетті. Өйткені оның кең маңдайы мен ойлы көзі Нұрланды елестетіп жіберген еді, ол Сәулемен қол алысып амандасты да, өзін таныстырған жоқ.


— Танысыңыздар, мынау — Москвадан оқып биыл келген Сәуле Қазыбекова деген қарындасың. Бұрын поминженер еді, қазір осындағы ең үлкен участканың бастығы, — деген Мырқал да оның, аты-жөнін айтқан жоқ.


— А, Сәуле дейтін қарындас сен бе едің? Қуанамын, қарындас, қуанамын. Инженер қыздар көбейе беріңдер, тілектеспін, — деп ол қолындағы фуражкасын киім ілгішке ілді де, Мырқал мен Сәулеге жақындады. — Иә, жолдас участка бастығы, бұл қалай? Күн жаумай су болып, етектеріңе сүрініп құлағандарың?


— Ғафу етіңіз, — деді Сәуле күлімсіреп, — келе тергей жөнелген ағайдың кім екенін біле алмай отырмын.


— Мен облыстық партия комитетінін тапсыруы бойынша осы шахтаның жұмысымен танысқалы келген адаммын.


— Аты жөніңізді білуге болар ма екен?


— Абзал Тайманов.


Сәуле Абзалдың көзінен Нұрланның өзін көргендей жүрегі елжіреп, көзі жасаурап кетті. Оның не үшін мұңлана қалғанын Абзал сезген жоқ, тіпті ол Сәуленің көзіне іркілген жасты да аңғармастан:


— Ия, басқа сұрауың жоқ болса, сөйле қарындас, — деді.


— Не дерімді білмей қалдым. Кейін айтсам қайтеді? — деп Сәуле оған тұра қарай алмай жерге үңіліп еді, Абзал:


— Ол не сөз? — деп оның өзіне үңілді.


— Айтылар сөзден адасып қалдым.


— Бекер айтасың, қарындас, бекер. Айтқың келгені Мырқал жайы болар да, мен бұл кісінің інісі болған соң, айтылар сөзден айныған боларсың. Нағыз адасу сол болар. Туралықта туыстық жоқ, соны ойла да айта бер.


— Иә, кейін айта алмай қапы қаларсың, айтарыңды қазір айтып қал, деп Мырқал зіл тастап еді, оның бұл зілі Сәулені ашындырып жіберді.


— Өз участкам жеке дара алда болғандықтан, арттағыларды Мырзекеңнің сыбағасына қалдырып, сізге алдағы бір арманымды айтсам қайтеді?


Абзал оның бетіне қарай қалды.


— Айтыңыз, — деді ынтыға.


Сәуле сөзін сайлап алғысы келгендей сәл ойланып алды да, Абзалдың көзінен көз алмастан сөйлей жөнелді:


— Егерде бір қарапайым адам бір өзі елу жұмысшының, елу емес бірер жылдан соң бірнеше мың жұмысшының жұмысын істей алатын көмір комбайынын жасап шығарар болса, соған сіздер қандай көмек көрсетер едіңіздер?


— Айтып отырғаның Мирон Павлович қой, сеніңше бұл мүмкін бе?


— Мүмкін емес дегенді мына отырған Мырзекең де, осындағы бас инженер де, трестегі Русак жолдас та айтатын көрінеді. Біздер әбден мүмкін дейміз. Тіпті мұның өмірге үлкен жаңа қуат әкелетін керемет екенін де көріп отырмыз, бірақ сіздер көмектеспесеңіздер жарық көрместен қалуы мүмкін.


— Неге?


— Көмушілер бар да, көмектесушілер жоқ.


— Оның рас, — деді Абзал іркілместен. Оның, бұл сөзі Сәулені таңдандырып, Мырқалды сескендіріп тастады. — Ол келешектің ісі, келешекке сіздермен бірге біз де ұмтылып көрерміз, ол үшін аянарымыз да болмас. Ал, шахтаны олқылықтан шығарудың бүгінгі жолы қандай? Соны ойладыңыз ба?


— Ойладым, — деді Сәуле іркілместен, екі түрлі жол бар. Оның бірі донбастықтардың тәжірибесін колхоздан келгендердің күшімен ұштастыра білу. Екіншісі: ерке жеңгелерді еріксіз жұмысқа салу.


— Қалай, ондай еркелер көп пе?


— Аз емес. Сафонов жолдастың тапсыруы бойынша тізімін жасап едім, кемінен екі бригадаға молынан жетеді екен.


— Жеңгелер, еркелер деп отырғаның сексендегі кемпірлер болар, ойланшы? — деді Мырқал ызалы кезіндегі әдетімен басын бұлғаңдата сөйлеп.


Сәуле қалтасынан бір қағаз алып Абзалға ұсына бере, Мырқалға қарап:


— Мына тізімдегі жүз отыз әйелдің ең үлкені сіздің үйдегі жеңгей. Ол кісіні кемпір деп өзіңіз де айта алмассыз, — деді.


Абзал Сәуленің, ызалы мысқылмен айтқан соңғы cөзінe іштей күле отырып, тізімге көз жүгіртіп шыққаннан кейін:


— Өте дұрыс еткенсің қарындасым, өте дұрыс. Ал, бастық жолдас! Сіздің; тапқан жолыңыз қандай? — деп еді, Мырқал Абзалдың келе Сәулемен сөйлесіп кеткеніне іштей күйініп отыр екен, жөн сөйлескісі келмей:


— Басқалардан сұрап алып, маған сонсоң кел! — деді тұмсығын бір көтеріп тастап.


— Сәуле, Сафонов жолдасқа айтшы, кеңесуге шақырылған кісілерді ертіп осында келсін.


Абзалдың бұл сөзі де Мырқалдың қытығына тиіп кетті, ол қатуланған кезіндегі әдетімен төсін де, басын да қабат шалқайтып жіберді де:


— Пай-пай, шіркін жастық ай, кейде көзді де байлап тастайсың ау. Құрметті жолдастар, сіздер көздеріңізді ашып, жан-жақтарыңызға бір қарасаңыздар екен. Осы кабинетте қарақшы ма, әлдекім, біреу отыр. Соған бір көз салсаңыздар екен, — деді Абзал мен Сәулені ала көзімен кезек атқылап.


— Тағы да өтінемін, Мырқал аға, достықты қастық деп түсінуді тастаңыз, — деді де, Сәуле шығып кетті.


Бірақ оның бұл сөзі Мырқалдың құлағына кіріп те шыққан жоқ. Ол ашуланған кездегі әдетімен алдында жатқан қағазды олай бір, былай бір лақтырып, өзі де сол лақтырылған қағаздай бұрқырай жөнелді.


— Бұл қай басынғандық. Осы щахтаның бастығы осы сен бе, жоқ мына мен бе? Менімен келісу жоқ, кеңесу жоқ, шақыр да шақыр, шақыр да шақыр, бұл не? Менің беделімді түсіру арқылы жинамақ па едің беделді? Қара да тұр, жаңағы сияқты обывательдер елге барып мен туралы не дер екен енді.


— Сабыр, сабыр, — деген Абзалдың жай сөзінің өзі тым салмақты шықты, — менің өз беделім өзіме жетеді. Елді тығыз шақыртуымның сізге зияны тимес. Сіз жаңағы қыздың соңғы сөзін жадыңызда тұтыңыз.


— Қыздарға сен ақ табына бер, — деп Мырқал бұрынғысынан да бетер долдана түсіп еді. Абзал күлімсіреп келіп қасына отыра бере:


— Сіз немене, Нұрланға сенбегеніңіздей маған да сенбейсіз бе? — деді.


— Ой, Нұрланың бар болсын. Нұрлан, Нұрлан дейді ғой. Соның кесірі емес пе менің тудан айрылып отырғаным, — деп Мырқал атып түрегелді де, үйдің ішін кезіп кетті.


— Оның қандай кесірі?


— Туысы жаттың өзі де жат, ондай адамға ту беруге болмас дейтін болар.


— Немене? — деген Абзалдың даусы осы жерде тұңғыш рет зілді шықты.


Мырқал оның кірпік қақпастан қадалған көзіне бірден артық қарай алған жоқ, тек әйтеуір ағалығын арқаланып, іші қалтыраса да сыртын күмпите берді.


— Неменең не сенің? Өзің Нұрлан жайында Русактың не деп жүргенін есіттің бе? — деді, қайта орнына отыра бере, сыбырлай сөйлеп.


— Есіттім. Тіпті, өз аузынан есіттім.


— Енді не айтып отырғаның?


— Егер де біреу өгіз бұзаулайды десе де сене бересіз бе?


Мырқал аңырып қалды да:


— Оның, сөзі менің де құлағыма кірген жоқ, — деді сасқанынан не дерін білмей. — Бірақ ол әлгі Сәуле деген қыздың күйеуімен ете дос екен. Сол азғырып әкетті ме деген ой жеңе береді.


— Сәуленің күйеуі кім еді?


— Донбасстық, сол Нұрланмен бірге оқыған Павел Громов дейтін бөлтірік көрінеді. Нұрлан оның қарындасына үйленбекші екен.


— Оны кімнен естідіңіз?


— Солармен бірге оқыған осында Перизат дейтін қыз бар. Кейбір сөздеріне қарағанда ол қыздың өзі бізге келін бола жаздап барып қалыпты. Нұрлан осыны аламын деп жүріп, сол Павел дегеннің қарындасына ауып кеткен сияқты.


— Қызға ауған көңіл неміске де ауа бере ме екен? Осындай сөзді айтудың өзі ұят емес пе? Ал, Нұрлан сияқты туысыңа сенбеу — ұят қана емес, кешірілмес күнә!


— Сенің бұл сөзің қимағандық па, жоқ әлде...


— О қойыңыз енді! — деді де, Абзал Мырқалдың қасынан тұрып кетті. — Есіңізде болсын, Нұрланның жүрегі біздің жүрегімізден үлкенірек, ондай жүрек фашистердің шеңгеліне сия қоймайды. Оның ойы да, көзі де көреген, Ол жақындағыны көздемейтін, алыстан алысқа сермейтін жан. Ондай асыл адамды ешқандай жауыздық жасыра алмайды, ешқандай зұлымдық улай алмайды, өйткені, ол коммунист партиясының тәрбиесін алған адам, сондықтан енді қайтып естіртпеңіз бұл сөзді.


Мырқал өзінің мұнша неге шошитынын айтпақшы болып еді, кеңеске шақырылғандар келіп қалды да, үлгіре алған жоқ.


— Хош келдіңіздер, төрлетіңіздер, — деді Мырқал жылмаң қағып, ол әсіресе өзіне қауіпті адамдарды жылы қарсы алды. Сыннан өлердей қорқатын оның көзіне осы келгендердің бәрі өзін айыптаушылардай көрінген еді, енді бақса бәрі де, тіпті жаңа ғана өзі қуып шыққан Мирон Павлович те жайдары екен. Соны көріп қуана бастап еді, Абзалдың:


— Қане, отыра қалыңыздар! Біздің бұл кеңесіміз ұзаққа созылуы мүмкін, сондықтан тезірек бастайық, — деген сөзі оны қайтадан шошытып жіберді.


«Е, мынаның бәрі сөйлесе сойылдың десеңші мені», — деді Мырқал ішінен. Даусын сәл шығарыңқырап: — Соғыстың уақыты екенін ұмытпаңдар! — деп еді, оны өзінен басқа ешкім естіген жоқ.


4


Жұрт отырар отырмастан Абзал сөзді бастап кетті.


— Обком Мырқал Тайманов жолдастың баяндамасын тыңдаудан гөрі жұмысшы жұртшылықтың, алдымен осы отырған сіздердің үндеріңізді тыңдауды мақұл көрді, — деп, жайлап көз тастап алды да, саңқылдай жөнелді. — Соғыс болса күшейіп барады, соғыс күшейген сайын өмір бұрынғыдан да гөрі қымбаттап, өлім мүлдем арзандап кетті. Сол қымбат өмір үшін көмір қымбат екенін білесіздер. Отанымыздың Донбастай мол қазынасы уақытша жау қолында қалғанын да білесіздер. Оны жоқтатпаймыз дейтін сіздердің түрлеріңіз мынау, артта қалып тудан айрылып отырған. Тудан айрылу — абыройдан, атақтан айрылу емес пе? Намыс қайда? Жігер қайда? Кездескен кедергі не? Артқа тартқан кесел не? Сол кедергі, кеселдерді жұлып тастап, алға басудың жолы қандай? Соны айтыңыздар. Баршаңызға қойылатын тілек осы.


— Иә, сөзқұмарлыққа салынбай, нақты ұсыныстарыңды айтыңдар. Қане, бірінші болып кім сөйлейді? — деп Мырқал кеңестің тізгініне жармаса кетті.


Есік жақта отырған біреудің:


— Өзіңіз бастап жіберсеңізші, — деген даусы шықты.


— Мен обкомның бюросында сөйлейтін сөзімді бұл жерде айта алмаймын, — деп, Мырқал қауіп күткендей Сәулеге көз тастап еді, ол мұңлы қалпын әлі өзгерте алмай, ауыр ойда отыр екен.


— Мырқал енді өз жақтастарының атын атай бастады.


— Перизат!., Төлеутай!.. Сергей!.. Бөлекбас!.. — деді. Әрқайсысының атын атай бере, сөйле дегендей басын бір изеп қалып, Перизаттың іштей бақастығын сезетін ол, қайтсе де сөйлеткісі келіп:


— Сөз 4-участка начальнигінің орынбасары, жалынды жас инженердің бірі Перизат Әлимова жолдасқа беріледі, — деді.


Перизат қысылғаннан не дерін білмей:


— Ойбай ай, — деді.


— Сен өзің жасық болып барасың ау, тұр, сөйлей бер! — деді Мырқал бұйыра сөйлеп.


Перизат Абзал жаққа көзін бір төңкеріп тастады да:


— Бұл мәжіліс емес қой сөйлейтін, тек бір ұсыныс қана айтайын деп едім, — деп тәлімси қалды.


— Так... бізге керектің өзі сол.


— Бізде қазір әйелдер бригадасын ұйымдастыру керек пе, жоқ, па деген сұрау туып жүр. Шынында, әйелдің жер астының жұмысына жарамайтыны рас. Оған таласудың қажеті жоқ, Сәуле. Сондықтан, менің ұсынысым — қыр жұмысындағы еркектердің бәрін жер астына жіберу керек те, олардың орнына әйелдерді алу керек. Осы менің айтарым.


— Ол сенің ұсынысың емес, Сәуленің осыдан екі ай бұрын Мырекеңе тыңдата алмай қойған сөзі ғой, — деді есік жақта отырған біреу, Мырқал оны тойтарып тастады да, сөйлеушілердің бәрі де Перизаттай қысқа сөйлеуін ескертіп:


- — Ақылы көп адамдардың сөзі қашан да аз келеді. Тағы да кімде қандай ұсыныс бар? — деп еді, ол үмітін Сәуле үзіп жіберді.


— Маған беріңіз, — деген сөзі де, Мырқалға бір түрлі зілдірек естілді.


Ол орнынан тұрып, сөзін бастаған кезде күлімсіреп тұрғандай еді, тез өзгеріп, өңі тез құбылып кетті.


— Жауды аясақ жаралы боламыз, жараны жасырсақ өлеміз. Сондықтан біздің аямайтын жауымыз — ісіміздегі кемшілік, жарамыз тағы сол. Сондықтан жауды аямайық, жараны жасырмайық. Біз бұл күнге дейін жараны жасырып келдік, жауды аяп келдік. Сондықтан біздер қазір тудан айрылып, ұятты халдеміз. Бұл неліктен? — деген сұрау қойды да, оған жауапты өзі берді. Ол жараның аузын өзі ашты да, емін өзі айтты.


Мырқал сөз қаһары өзіне қарай төніп келе жатқанын сөзді де, алдын ала, қамданып:


— Емеурінің қалай жаман еді, қарағым. Әдетте, мұндай сөз сезікті адамға арналады ғой. Көзің жеткен сұмдығың болса ашып айт! Әйтпесе қара борандатпа! деп сөзбен орап, ызалы екенімді сезсін дегендей шеке тамырын шодырайтып еді, манадан үндемей отырған Сафонов:


— Бөлмеңіз, сөйлесін, — деді.


Сәуле Мырқалдың бір пәле іздеп отырғанын сезді, бірақ қаймыға қойған жоқ. Бұрынғы ұялшақ, топ алдында көп сөйлемейтін Сәуле бүгін ашынып алыпты. Көптен бері кеудесін кернеп жүрген намыс оты қанын қайнатқандай, кімді болса да аяйтын түрі жоқ.


— Совет адамы деген кім? — деген сұрау қойды да, оның жауабын да өзі берді.


4


Бұл жауап та Мырқалға ұнаған жоқ. Әсіресе, Сәуленің:


— Кімде-кім Отанға көмек көрсетудің орнына біздер құсап он мыңдаған тонна көмірді кем беріп, кейін тартса, ол совет адамы емес, — деген сөзі жанына батып кетті ме қалай:


— Сен енді бізді жау демекпісін? — деп, Мырқал не істерін білмей алдында жатқан қағазды олай бір, булай бір, тағы да лақтыра бастады. Сені де осы қағаздай лақтырармын дегені ме, кім білсін.


Абзал Мырқалдың сөзді бөле бергенін жақтырмай:


— Қазір соғыс уақыты екенін өзіңіз ұмытып кеттіңіз ғой, — деп еді:


— Бұл да соғыс, — деді Мырқал.


Сәуле Мырқалдың ойын дәл басқандай, сөзін қорыта келіп:


— Егер өзіміз істей алмасақ орнымызды нан үшін емес, қан үшін істейтін адамдарға босатқанымыз жөн, — деді. Бұл сөздің дәл өзіне арналып айтылған сөз екенін Мырқал да ұққан екен, ол сөзге басқаша мән бергісі келді де:


— Қалай, қалай? Қай дегеніңді қалай түсінуге болады? — деп әлденедей бір қылмыстың ізім тапқандай жармаса кетті.


— Қан дегенім адам қаны. Сонау жау қолынан төгіліп жатқан, төгілгелі тұрған ата мен ананың, аға мен бауырдың, апа мен қарындастың қаны, солармен қандас өз қаным.


Есіне Нұрлан мен Дулат түсіп кетті ме қайтті, Сәуле соны айтты да жасқа булығып, сөйлей алмай қалды. Оны аңғармаған Мырқал:


— Түсінбеймін, — деп басын шайқады.


— Иә, түсіну киын, — деді Сафонов күрсіне сөйлеп.


Шынында, мұны түсіну Мырқалға киын тиді ме, жоқ әлде жорта аңқауланды ма:


— Қалай? Сонда сол елдің қанын төгіп отырған біз болғанымыз ба? — деп ол Сафонов пен Сәулеге кезек қарап еді, ешқайсысы да жауап қатқан жоқ.


Сафоновтың енінен әлденені байқағысы келгендей, Мырқал көзінің қырымен қарап еді, ол бурыл шашын анда-санда бір сипап қойып, өңінен ештеңе аңғартпады. Тек қолындағы жазып отырған блокнотын стол үстіне тастай беріп, Сәулеге қараған кезде ғана оның көңілінде сүйсіну бары көзінен көріне кетті.


Сәуле бойын қайта жинап алып, манағы айтқан ұсыныстарын көптің алдына сала бастап еді.


— Қарағым, қалған күніміз қатындарға қарап қалса да қойшы енді. Онан да басқа ұсыныстарды айт, — деп Мырқал зірк етті.


— Осы айтылған ұсыныстар қабылданбаса, басқа айтар ұсынысым еш уақытта бола қоймас, — деді Сәуле отыра беріп.


Оның отырғаны Мырқалдың жүрегін орнықтырғандай еді, бірақ осы кезде Мырқал үшін онан да қауіпті тағы бір адам қол кетерді. Ол, кескіні келісті келген жас жігіт еді. Неге екені белгісіз, қазіргі сәтте оның. өңі сұп-сұр болып кетіпті.


— Так... так... сөз комсомол комитетінің жаңа секретары, Донбастың атақты адамының бірі, так! Біздің, құрметті қонағымыздың бірі жолдас Сердюкке беріледі.


Сердюк ойлана түрегелді.


— Ең алдымен айтарым: мен Донбастың атақты адамдарының бірі емеспін. Екіншіден, мен мұнда келген қонақ емеспін, қолымнан келгенше көмектесемін деп келген қызметшілеріңізбін. Бірақ әзіргі істеген істерім донбастықпын деп айтарлық емес. Егер біз шын Донбастың ұлы болсақ, Донбасты жаудан тез құтқарғымыз келсе, оны тез көргіміз келсе, маңдайдың терін ғана емес, бойда бардын бәрін көмірдің үстіне төгуіміз керек. Сонда ғапа біз Донбасты тез көретін боламыз. Менің бірінші ұсынысым қонақтықты қоялық қолдасып отырып жұмыс істейік.


— Дұрыс!


— Дұрыс!


— Екінші ұсынысым: Донбастан келгендердің ішінде өзін өзі қонақ көретіндердің бары рас, бұл ұят қана емес, қылмыс. Ал осындағы байырғы басшылар донбастықтардың даңқына мәз болып, ескі жұмысшыларынан айрылып бір адасса, колхоздан жаңа келген жас жұмысшыларды тәрбиелей алмай шатасып келеді. Ендігі жерде бұл екі алып күшті біріктіре жұмсай білу қажет. Ол үшін: жас жұмысшыларға арналған техника оқуы ашылсын, оны донбастықтар басқаратын болсын. Сәуле Қазыбекованың ұсыныстарына менің қосарым осы ғана. Егерде донбастықтарды қонақ деп түсінетін басшылар болса, олар қонағын өзінің үйіне апарып құрметтейтін болсын.


— Міне, бұл комсомолдар өстеді. Жан-жағын осылай шарпи келеді бұлар, — деп Мырқал кекетінді кескінмен ызбар көрсетіп еді, онысынан Сердюк ыға қойған жоқ.


— Мен ешкімді шарпып тұрғаным жоқ, ұжданымды шарпыған өртті сөндірмекпін. Егер ойлап қарасаңыз, жау оғына елдің ең алдымен төсін төсеп, елін қорғап жатқандардың көпшілігі сол комсомол, жастар екенін білерсіз. Оның аты жан-жағын шарпығандық емес, елінің намысын шарпыған өртті өзінің қанымен сөндіргендік.


— Дұрыс, Саша, дұрыс, — деген дауыстар тағы шығып кетті. Бұл жолы оларға Абзал да үн қосып еді, әлденені айтқысы келіп оқтайланған Мырқалдың үні өшті.


— Дұрыс айтасың, жолдас Сердюк, — деді Абзал.


— Сен өз басыңдағы осы асыл ойды осындағы барлық донбастықтардың санасына құятын бол. Ақтар болсын донбастықтар деген ардақты атты. Ақтар болсын Отан үмітін. Ол үшін Ертістен келген еңбекші колхозшы мен Доннан келген жұмысшының жүрегі бірге соғатын болсын. Біздің ішімізде қатты ұрыстың кезінде бас сауғалап кіретін тесік іздеп жүріп қолындағы құралынан, жүрегіңдегі ар-намысынан айрылатын қорқақтар сияқты адамдар бар. Совет адамы үшін мұнан ауыр өлім жоқ.


— Так, Сердюк, сен әлі сөйлеп болған жоқсың ба? — деді Мырқал Абзалдың кейбір сөздеріне шыдай алмай тыпырлап.


Сердюк манағы тұнжыраған қалпында тұр еді. Ой нысанасына қадалған көзін енді жоғары көтеріп, көзіне түскен шашын кейін серпе басын бір сілікті де:


— Ұсыныс ретінде айтарым: жер асты жұмысының ауырлығынан қорқып, әйелдерден жұмысшы даярлауға болмайды деу зиянды, жат пікірден табылып, ондай жат пікірге тыйым салынсын.


— Даярлауға болмайды деген кім бар? Өзін қалай қалай сөйлейсің. Орын қайда, орын? — деп Мырқал столды түйіп – түйіп жіберді.


— Ой кеңісе, орын да кеңиді.


Сердюк отырар-отырмастан Мырқал Бөлекбасқа иек көтеріп:


— Сөйле, Бөлекбас, — деді.


Сөйлеу деген Бөлекбастың ойында жоқ еді, сондықтан орнынан тұрарын тұрса да, не айтарын білмей екі көзі үйдің төбесіне қадалып жыпылықтап кетті.


— Жолдастар!.. Так, жолдастар!.. Иә, жолдастар!


Аузына осыдан басқа сөз түспеген соң аяқ-қолын кезек қозғап көріп еді, оның да көмегі болмады. Екі көзі әлі төбеде, көмейден шығатын сөз орнына, маңдайдан тер шықты. Оған жұрттың күлкісі келді де, Мырқалдың ызасы келді.


— Так, жолдастар. Орыстың Мопассан дейтін үлкен жазушысы айтқан, әйелдер деген ол кісі... А, ғафу етіңіздер, жолдастар, мына сияқты қыздар жайында айтқан сол кісінің бір сөзі бар еді. Өзі әлгі бір көрінген жауыр атқа жармасатын алақұстың фамилиясы қалай еді? Қап! аузыма нетпеуін қарашы. Иә, кім болса ол болсын, сол ала құс құсап бұлар көрінгенге барып бір жармасты. Дәл бір өздерінен басқа кісі Москвада оқымағандай ақ. Бүгінгі сөйлегендердің ішінде жөні нелеу, иә, адамның миына сонаның тұмсығындай болып кіріп кете алатын нелеу сөзді ести алмағаныма мен үлкен қапа болып тұрмын. Бұл не? Менімше, бұл Мырзакең айтқандайын, тұпа-тура барып тұрған демогоктік. Иә, ұғып қойыңдар, мен бұл сөзді Сәуле Қазыбекова мен Сердюктің адресіне айтып тұрмын. Шынымды айтайын, бұлардың сөзін естігенде менің басымдағы барлық шаш өре түрегелді. Бұл не масқара? Жастар дегендер үлкен бастықты сыйлар болар еді. Оның бірі жоқ, көрінген жауыр атқа жармасатын әлгі... әлгі... бір ала құстың фамилиясы қалай еді? Оның бұл сөзіне отырғандар ду күлді де, Сәуле ызалана түсті.


— Алақанат сауысқаның біз болғанда, жауыр ат деп тұрғаның кім? Мырзекең бе? Оны да айта кет, — деп Сәуле қалжыңмен қағытып еді, ол қолын бір сермеді де:


— О да сендерсіңдер, сендер еш жерде сыналмай жаман өскенсіңдер. Енді сыннан көз ашпайсыңдар, ұқтыңдар ма? Так жолдастар! Қазір соғыс кезі! — деді де отыра кетті.


Сафоновтың екі көзі манадан Бөлекбаста еді, енінде бұл неткен адам деп таңырқану бар сияқты. Ол әркімдерге бір қарап алды да:


— Жолдас Бүлдіргенов, сіз қолыңызға қару алып, жаумен соғыса алатын жас адамсыз. Сізді майданға жібермегенде майдан үшін көп пайда келтіреді деп жібермеген болар. Басқаны былай қоя тұрайық шахтыны ол қылықтан қайтсек шығарамыз? Сол жөнінде не ойыңыз бар? — деді.


Өзінен дәрежесі жарты елі жоғарылардың бірі қабағын түйе қараса да қалтырай қалатын Бөлекбас Сафоновтың сұрауына түсінген де жоқ, іші қалтыраған кездегі әдетімен төбеге қадалған көзін жыпылықтатып жіберді.


— Мен алдынғы жолдастардың сөзіне түгел қосыламын... — деп, міңгірлей салды.


Бөлекбастың бір әдеті бес минут сөйлесе бес ай бойы өкінуші еді. Сол әдетіне тағы басты. Аңдамай сөйлегені үшін ауырмай өлгенін сезіп отыра беріп еді, алдына Сәуле лақтырған бір жапырақ қағаз келіп түсті де, миын шағып тұрған өкінішті әп-сәтте жойып жіберді. Бірақ оның күткені болмады. Сәуленің қағазын тез қағып алып басқаларға көрсетпес үшін стол астына жасыра бере ашып оқып еді:


— Сенің Мопассан дегенің өзіміздің Абай да, аузына түспеген сөз Абайдың мына өлеңі болар:


Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,


Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып...


деген сөздер жазылыпты. Бөлекбас оны оқырын оқыса да, өңменінен келіп оқ тигендей демі шықпай қалды. Тіпті ешкімнің бетіне де қарай алмай темен тұқиып кетті. Өйткені, өзінің бағасы дәл осы Абай айтқандай екенін ол жаңа ғана сөзді де, өзіне іштей кіжініп ой дүниесі астан-кестен болды. Қанша ұзаққа барарын, әйтеуір ендігі жерде Мырқалдың айтақтаған иті болмауға ішінен серт етті.


— «Жоқ, мен оның қол шоқпары да бола алмаспын», — деді ішінен.


Мырқалдың ендігі сөйлеткісі келгендердің бірі ортадағы ұзын столдың есік жақ шетінде түнеріп отырған Шалтай еді. Мырқал енді соған сөз тастады.


— Так жолдастар! Ендігі сөз комсомолдар участкесінің бастығы Шалтай Елемесов жолдасқа беріледі, — деп еді, Шалтай көңілсіз күйде орнынан тұрды.


— Мен қош айтысқалы келген адаммын. Егер менің пікірімді біліп қалғыңыз келсе, кейін өзіңізге оңаша айтайын, — деді.


— Сен қайда бармақсың?


— Майданға.


— Не дейді? Сені майданға жіберетін кім? — деп Мырқал шошып кетті.


— Жіберетін жер жібереді де.


— Жоқ, ол болмас.


— Неге болмасын, — деді Шалтай қайта отыра беріп.


Өзінен ілгері адамдардың майданға кеткеніне іштей қуанатын Бөлекбас Шалтайға келгенде өзгеріп сала берді. Өйткені, өзіне достық жасайтындардың бірі осы Шалтай еді. Ең жақын досы Нұрлан болса жоқ, ендігі қалған жалғыз жанашыр досынан айрылатын болған соң ол балдағынан айрылған ақсақ адамдай лезде күйреп сала берді. Бірақ оның ең айнымас досы өзінің жағымпаздығы еді. Өмірге өзімен бірге келіп, бірге есіп келе жатқан сол кәрі досына тағы да бас иіп, жаңа ғана өштесіп отырған Мырқалдың алдында қайтадан маймаң қақты.


— Мырзекеңнің рұқсатынсыз жіберетін кім ол өзі? Ол бола қоймас. Мырзекең сөйлесетін болар олармен, бәріміз болып тілейміз Мырзекеңнен, — деп ол шын достық тілегін білгенінше сездіріп еді, Шалтай оған майданғa адам жіберу жібермеу Мырқалдың қолында ма еді, не оттап отырсын дегендей ызбарлана бір қарады да, үндеген жоқ.


— Тілемесеңдер де сөйлесемін. Көмір бер дейтін болса; менің беретін бірде-бір адамым жоқ. Taк... Сіз сөйлейсіз бе? деп Мырқал Сафоновқа қарап еді, ол басын шайқап:


— Жұртты тыңдайық, — деді.


— Айтылып жатқан жақсы ұсыныстардың бәрі де осы кісінің басынан шыққан, — деді Сәуле.


Мырқалдың кеңесті осымен аяқтағысы келген ойы алысқа барған жоқ, Абзал оны бір ауыз сөзбен қағып түсірді де, жұрттың назарын үйіріп ала жөнелді. Ең алдымен жаңағы сөйлеп еткендердің әрқайсысына өз ұсыныстары жайынан сұрау беріп, бәрінің ойындағы асылын екшеп, түйіп алды да, сөйлемеген бір адам қалдырған жоқ. Оның, әсіресе, қадалғаны Мирон Павлович.


— Комбайныңыздың мәселесін жеке әңгімелесеміз. Сізше шахтаны олқылықтан құтқарудың басқа қандай жолы бар, ойланыңыз, Мирон Павлович! Сіз өскен Донбасс мұндай қиянға талай кездескенде онан асудың жолын талай тапқан да болар, ойланыңыз.


Абзалдың бұл сөзі барлық ойы дүниеге өзі әлі келмеген көмір комбайнынан ұзай алмай айналсоқтап отырған Мирон Павловичті алысқа, тіпті сонау Донбастың өткен тарихына қарай алып кетті.


Ол бұдан бірнеше жыл бұрын партия мен үкімет басшыларының Кремльде өткізген бір мәжілісіне қатысқан еді, неше жылдар бойы олқылықтан шыға алмай келген Донбастың келешегіне кен. жол ашқан бір қарт жұмысшының сол мәжілістегі ұсынысы болғанын баяндап өтті де:


— Біз де сонда материальный қызығатын болуымыз керек. Мысалы, нормасын артық орындағандарға артық ақы төлеудің үстіне, азық-түлікті де артық төлейтін болсақ жұмыс өнімінің артатыны сөзсіз, менің айтар ұсынысым осы ғана, — деді.


Абзал айтылған ұсыныстардың ішінен үшеуін, атап айтқанда әйелдер бригадасын ұйымдастыру, социалистік жарысты күшейту, нормасын артық орындағандарға азық-түлікті де артық төлеуді таңдап алды да:


— Біздер осы үшеуін жүзеге асыруға кірісеміз. Сонымен қабат сіздерге қояр бір сұрауым бар. Сіздерде өнімнің төмендеуіне негізгі себептердің бірі штрек әзір болмағандықтан жаңа лаваның ашылмауы болып түр. Неге лаваны штректі қуалай ашпасқа? — деді.


— Қалай? — деді Мырқал таңдана қарап. — Штректі қазып болмастан лаваны қалай ашамыз?


— Ашуға болмай ма?


— Ешбір болмайды. Забой ашудың ондай системасы тарихта болған емес.


— Меніңше, ондай тарихты өзгертуге болатын секілді. Қалай да өзгерту қажет. Енді осы төрт ұсынысты көпшіліктің алдына салып, жүзеге асырудың жолын кеңесейік, жалпы жиылысты шақырыңдар.


— Қашан? — деді Мырқал шошынғаннан ышқына дауыстап.


— Бүгін кешкі сегізде.


— Жоқ, мен ондай жауапты жиылысқа баяндаманы бүгін түгілі ертең де жасай алмаймын. Әзірленбей сөйлеу әдетімде жоқ, — деді, алдында жатқан қағазды тағы да олай бір, бұлай бір лақтырып.


— Қорықпай ақ қойыңыз, бұл баяндаманы жасайтын менмін.


Абзал соны айтты да, сөйлей түрегелді.


— Ол жиылысқа жұмыссыз отырған әйелдер түгел келсін! Мұның жауапкершілігін, Сәуле қарындас, сен ал. Шахта комитеті мен комсомолдар комитеті социалистік жарысты өрістетудің жолын белгілеп келіңдер. Бас инженер жолдас, өндіріс системасына тағы қандай өзгерістер кіргізуге болатынын ойласа келіңіз. Ал, Сафонов жолдас, сіз екеуіміз саяси тәрбие жұмыстарымен бірге, Мирон Павловичтің комбайнына жанды мотор боламыз. Бұған не дейсіздер?


— Дұрыс.


— Өте дұрыс, — деді отырғандар.


— Дұрыс емес болса, көңілге қарамай айтыңыздар, — деді Абзал.


— Бәрі де дұрыс, бәрі де істеледі, — деді Сафонов, — тек жалпы жиылысты бүгін емес, Ертең шақыратын болсақ...


Абзал қалтасынан кішкене блокнотын алып қарады да:


— Мақұл, — деді.


Осы арада Мырқал өзінше бір «данышпандық» сөз айтты:


— Достарым! Ертеңгі оннан бүгінгі бес артық, ертеңге дайындаламыз деп бүгінгі күннің жүгін ұмытып кетпеңдер. Барыңдар! — деді соңғы сөзін зілдене сөйлеп.


Жұрт дабырласып тарай бастаған кезде, Мырқал Сафоновтың құлағына әлденені күбірлеп құйып жатты, Сірә, Сәуле мен Сердюк жайында болу керек, аузы Сафоновтың құлағында да, көзі сол екеуінде болды.


Шалтай оның, Сәуле жайындағы бір сөзін естіп қалып:


— Бұл неткен құнсыздық? — деп ызамен орындықты сарт еткізіп қайта отыра кетіп еді, Мырқал жалт қарап:


— Так, ал сен сөйлеші, Шалтайым, не деп жүрсің сен осы? Бөлекбас, сен ұзап кетпе, сенімен сөйлесетін сөзім бар, — деді.


Ондағы ойы Сәуленің орнын алып беретінін айтып, Бөлекбасты соған қарсы айдап салу еді. Оған Бөлекбас қайрылып қараған да жоқ.


— Дәрігерге барамын, — деді де шығып кетті.


Мырқал оның тыңдамай кеткеніне түнере түсіп барып, қайтадан жадырап:


— Шалтайым сен майданға кетемін деймісің? — деді.


— Иә, кетемін.


— Оның сәті бола қоймас. Мен тірі тұрғанда сен ешқайда кетпейсің. Оны өзім сөйлесіп реттеймін, так! Басқа жұмысың болса айта бер!


— Басқа жұмысым жоқ,. Менің қалу-қалмауым сіздің қолыңыздан кетіп қалған. Жалғыз ғана айтарым, жанары Сәуленің жайы. Бір сөзбен айтқанда, оның кім екенін сіз әлі күнге дейін білмейді екенсіз.


— Так, так оның рас. Мен мұны тәуір қыз болар деп өзін біраз қолдаған едім, оным қате екен. Енді бақсам, өзінде бір теріс идея бар көрінеді.


— Менімше, сіздің өзіңіз теріс жолда жүрген адам көрінесіз, — деді Шалтай нықтап тұрып.


Мырқал мұндай сөзді күткен жоқ еді, ойламаған жерден біреу ұрып кеткендей түршіге:


— Ей, сен, сен өзің не айтпақсың осы? — деді көзі шатынап.


— Бұл жерде ешкім жоқ, ашық сөйлесейік. Осы сіз адамның басымен ойнауды қоясыз ба бұл, жоқ па?


— Ой, сенің өзіңде ес бар ма? Қай жерде мен адамның басымен ойнап едім?


— Ойнамасаңыз бұл не? Бір кезде Сәулені төбеге көтерген өзіңіз едіңіз, оған бәріміз де қуанған едік, енді оны құртуға асығып жүрсіз. Бұл ойнаған емей немене? Есіңізде болсын, Сәуледен сіздің артықтығыңыз, тек шеніңіз ғана. Шен деген шекпен сияқты. Бүгін жаңа, ертең ескі. Ал асылдың аты асыл. Отқа түссе де асыл, суға батса да асыл. Оған сіз тат болып жабыса алмайсыз.


Бар айтарым осы ғана. Қош болыңыз! — деді де Шалтай шығып жүре берді.


Мырқал жынын алдырған бақсыдай мәңгіріп қалды. Бірақ ол ар-ұятын мансаптың жолына жұмсауға бекінген бетінен, өзіне жайлы орып, жақсы атақ молайту үшін өзінен басқаларды шамасының жеткенінше басып жанша беру ниетінен қайтқан жоқ.


СЕГІЗІНШІ ТАРАУ


1


Өткен жиылыстан Мырқал да, Мырқалды қорғай сөйлеген Русак, та абырой алған жоқ еді. Соның салдарынан да Русак бүгін Сәулені тығыз шақыртыпты.


Бастығы түшкірген сайың құдайына бір жалбарынатындар бұл тресте де аз емес-ті. Солар болу керек. Сәуле треске кіргеннен талай түксиген қабақтарға, талай бұртиған ауыздарға кездесті. Соның бірі Русактың жымық көз, кем иек хатшысы Қанай, Ол Сәуле келгеннен түксиіп еді, қабағын әлі бір ашқан жоқ. Русаққа бір кіріп шығып:


— Отыра тұр, — деген еді, сонан қайтып үн де қатқан жоқ.


Манадан бері Русак талай адамды қабылдап, талай адамды басқа қызметкерлеріне жөнелтіп жатты. Мұның бәрі Сәулеге қорлаудың бір түрі болып көрінді! Әсіресе келген сайын «қарындасым» деп сызыла майысып тұратын мына жымық көз хатшының бүгін қабағын бастығының қабағына үйлестіре қойғаны ақ ызасын келтірді.


«Е, мансаптың қайыршысы орнымнан айрылып қаламын, деп . отырсың ау, ә!» деді Сәуле ішінен. Осымен ағайындас бір сөзді Қанайдың өзіне ашық айтқысы келіп еді, ентіге басып Сайран кіріп келді де, ойын бөліп жіберді.


Ол келе ақ төс қалтасынан бір пакетті суырып ала салып:


— Ағай, бастығыңызға барып айтыңызшы, маған тез рұқсат етсін, — деді.


Қанай өзінен төменгілерден мұндай сөзді бұрын естімеген болу керек:


— Сен кімсің? — деді Сайранға тіксіне қарап.


— Мен жұмысшымын.


— Жұмысшы болсаң кімге келгеніңді неге білмейсің?


Бұл сұрауға түсіне алмай енді Сайран таңданды. Ол Сәуле мен Қанайға кезек қарап алды да:


— Осы мен адасқан болуым керек, Русак дейтін бастықтың қайда тұратынын айтыңыздаршы, — деді.


— Ол осында.


— Ендеше неменеге тергей қалдыңыз? Мен сол кісіге мына бір қағазды беремін де кетемін.


— Өзің бір есер екенсің, ә! Әкел бері.


— Жоқ, бұл Русак жолдастың өз қолына тапсырылатын қағаз.


— Өзің мені осы арада шошқа тағалап отыр ғой деймісің, әкел бері!


— Жоқ, Мырқал ағай сол кісінің өз қолына тапсыр деген.


Мырқалдың аты аталған соң Қанайдың қабағы қайта сылқ етті.


— Онда ертеңге дейін отыр маған десе, — деді.


Оның булай құбыла қалуында не сыр барын Сәуле де, Сайран да сезген жоқ. Сайран Сәуленің қасына барып отыра бере:


— Сіз де кезек күтіп отырсыз ба? деді таңданған пішінмен.


Сәуле жауап қатқанша болған жоқ, Сайран атып тұрып Қанайдың қасына жетіп барды. Ол Қанайдың көзі жыпылық қаққанын шақырғаны деп ұққан екен. Қанайдың алдына еңкейе бере:


— Ана кісі менен бұрын келген ғой. Онан бұрын кіргенім ұят емес пе? — деді.


— Саған кір деген кім бар? — деп Қанай қабағын түйе қарап қалды.


— Енді неменеге шақырдыңыз?


— Сені шақырған кім бар?


— Ойбай ау, жап-жаңа көзіңізді қысып шақырдыңыз ғой.


«Мынау бүлдірді ау», — деді Сәуле ішінен. Ол Қанайды ашуланар, Сайранды қуып шығар деп ойлаған еді, олай болмады, Қанай орнынан жымия түрегеліп Сайранның арқасынан қақты да:


— Бар, інішегім, мен сені шақырғаным жоқ. Білмеген сен де айыпты емессің, білдірмеген мен де айыпты емеспін. Оған менің көзім айыпты, бара ғой, — деді.


Қанайдың жыпық екенін Сайран енді ғана білді де, ұялғаннан құлағына дейін қызарып кетті. «Кеш» деуге де «қош» деуге де шамасы келген жоқ, қолындағы пакетті стол үстіне тастай салып ата жөнелді.


— Өзінін ұяты бар бала екен, ойламаған жерден риза болғанымды қарашы.


— Ойламаған жерден көрсеткен осы қылығыңыз үшін мен сізге разы болып қалдым, — деді Сәуле шын разы көңілмен. — Бірақ, сіздің еш уақытта разы болмайтын да мінезіңіз бар екен.


— Ол рас, қарындас. Соғыстың кесірінен бір жаман мінездер пайда болып жүр, оны өзім де сезіп жүрмін.


— Қандай мінез?


— Өй, қарындас ай, оның несін сұрайсың? Майданға барамын деп, арыз беріп едім көзім жарамады. Шахты жұмысына өзім жарамадым. Ел басына мынадай ауыр күн туғанда кім болса соның қолынан келетін істі істеп отырғаным мынау. Отырған орным өзіме жақпайды, өзім бастыққа жақпаймын. Арманы көп, дәрмені жоқ, сол көп арманның отына өртенген бір жанмын мен.


— Бұрын қайда істеп едіңіз?


— Өй, қарындасым ай, оны несіне сұрайсың. Соғыстан бұрын сол сіздің шахтыңа маркшейдр болып істейтінмін.


— Маркшейдр! — деді Сәуле таңданып.


Осы кезде Русактың кабинетінен Мирон Павлович қатты ашумен шыға келді.


— Сіз осы кабинеттен ылғи күйініп шығасыз, бұл қалай? — деді Сәуле онымен ең алғаш танысқан күнін есіңе түсіріп. Бұл екеуі ең алғаш осы қабылдау бөлмесінде, дәл осы диванда отырып былай танысқан еді...


Ол кезде Сәуле оны сыртынан бір-ақ рет көрген еді. Көргенде Мырқал көрсеткен-ді. Ол Мирон Павловичті сыртынан нұсқап: «Донбастың мына бір шатасқан шалын трест біздің шахтаға жіберіпті. Сірә, есі ауысқан болу керек, талқан жеуден басқаға қауқары жоғын білмей, көмір комбайны дей ме, сондай бірдеңе жасайтын кереметім бар деп сандырақтайды», — деген еді. Сол «шатасқан шалдың» Русакпен ұзақ сөйлесіп шыққанын көргеннен кейін Сәуле ойланып қалды. «Мүмкін, сондай бір кереметі бары рас та шығар», — деді ішінен.


Қарт оның не ойлап отырғанын сезген жоқ, тіпті Қанай екеуіне көз де салған жоқ. Үлкен үмітпен келіп, үлкен күйікпен қайтқан болу керек, дауыл соққан теректей теңселіп барып диванға отыра кетті де:


— Енді қайттім? Қайда бардым, кімге айттым? Осынша елде жанымды ұғар бір жанның болмағаны ма бұл? — деді ол өз-өзінен күңіреніп. Қалтасынан темекі сауытын алып шылым орағысы келіп еді, қолы дірілдеп орай алмады.


— Бере тұрыңыз, шылымыңызды мен орап берейін, — деді Сәуле қарттың қасына отыра беріп.


Қарт оның бас-аяғына көзін бір жүгіртті де:


— Қызым, сен де осында істеймісің? — деді.


— Жоқ, мен шахтыңа істеймін.


Сәуле өз аты-жөнін айтып қолын ұсынып еді, қарт оның қолын құшырлана ұстай алып, көзімнің жанарымен көрейінші дегендей сол жақ қолымен көзілдірігін жұлып алды.


— Мен Донбастан келгендердің бірі Мирон Павлович Галкин дейтін боламын. Қателеспесем, сен біз тұрған шахтада инженерсің, ә?


— Қателескен жоқсыз.


— Қолымның дірілінің су сепкендей басыла қалғанын қара. Иә, сөйлей бер, қызым.


Сәуле оның сынаптай толқып, алмастай жалтылдағыш қылығына түсіне алмай:


«Бұл неткен адам? — Деді ішінен. — Әлде Мырқалдың айтқаны рас па?» Мирон қарт темекісін тұтатып бір-екі сорғаннан кейін құмары тарқаған түрге келіп:


— Сен қалай ойлайсың, қызым. Жүрегі шерге, көкірегі кекке толы, жасы алпысты алқымдаған мен сияқты қарт адамға өмір мен өлімнің қайсысы жақын?


— Оны сіздей қартайып көрмегендіктен біле алмаймын. Бірақ жүрек тоқтағанша өмір жақын ғой деймін.


— Ендеше, жүрек тоқтағанша өмір үшін күресе беру керек емес пе, а?


Сәуле оның тегін жан емес екенін осы сөзінен ұқты да:


— Әрине, күрессіз өмір қызықсыз, — деді.


— Ендеше, неге мыналар мені өлікке санайды?


— Қалайша?


— Қолымнан іс келетініне сенбегені өліге санағаны емес пе? Сен маған мынаны айтшы, кейде жақындағы үлкеннің кіші көрініп, алыстағы кішкененің үлкен көрінетіні неліктен?


— Меніңше, ол көрінушіден емес, көрушіден.


— Өте жөн айтасың, қызым, өте жөн. Есіңде болсын, көз соқырлығынан көңіл соқырлығы жаман. Егер мендегі жан дүниесін, ой қазынасын көремін десең Ертең түс кезінде кеңсеңнен табыл! — деп ол қолын ұсынып еді, Сәуле оның қолын ұстай алып босатпастан:


— Мүмкін шаршарсыз, адресіңізді айтыңыз, сізге мен барайын, — деген.


— Өмір үшін алысатын адам шаршамайды, қызым. Қолға бұғау, аяққа тұсау болатын кәрілікке әлі жеткенім жоқ, тек кейде түрлі-түрлі уайым билеп, ойымды улайды... Иә, солай, қызым. Менде қазір үй де жоқ, күй де жоқ, бірге келген достары үйін кезек паналап келемін. Бірақ мені қажытатын мыналар ғана, — деді Русак отырған кабинеттің есігін иегімен нұсқап. — Тілегімді сіздің шахтаның бастығы Таймановтан бастап мынау Русак жолдасқа дейін айттым, амал не, бәрі де далаға атылған оқ секілді айтылды да қалды.


Ол ызаға булығып аз отырды да қайтадан сөйлеп кетті:


— Менің екі ұлым мен келіндерім қайда? Туған жер, өскен елім қайда? Өмірге керексіз болсам өлімнің неше түрін немістер де тауып беретін еді ғой. Мен мұнда не үшін келдім? Өмір үшін күрескелі келдім. Жаудың бүгінгі қамалын ғана емес, ертеңгі болашағын да талқандасқалы келдім. Өйткені өмір маған тарихта бұрын болмаған сондай бір ғажайып құрал беріпті. Оған мына меңіреулер түсінбейді, түсінгісі келмейді.


— Ол нендей құрал?


— Оның аты — көмір комбайны.


Осы кезде Русактың кабинетінен Қанай шыға келіп:


— Қарындас, кіріңіз, — деп еді, Сәуле оның сөзін естісе де елеместен, әлденені асығыс жаза бастады.


— Сізге мен өз үйімнің бір бөлмесін беремін, мына адреске келіңіз.


— Көп жаса, қызым, көп жаса, — деді Мирон Павлович оның маңдайынан сүйіп, — алдымен әке-шешеңнің ризалығын ал.


— Ол үшін алаң болмаңыз, әке-шешесіне қадірсіз қыз емеспін. Кешкі сағат алтыдан қалмаңыз, әзірше қош болыңыз, — деді де, Русактың кабинетіне кіріп кетті...


Сәуле мен Мирон Павлович осыдан бір ай бұрын, ең алғаш осылай танысып, оның комбайнына осы сәттен бастап қызыққан еді. Сол күннен бастап бұл екеуі бірі туған әкедей, бірі туған қыздай болып кеткен-ді, сондықтан Сәуле Қанайдың:


— Қарындасым, тезірек, — деген сөзін бұл сапар да жөнді елей қойған жоқ.


— Сіз мұнда не жұмыспен келген едіңіз? — деді қарттың бетіне үңіле қарап.


— Комбайнды тезірек жасап шығару үшін адам көмегін сұрай келіп едім, өзімді мазақ етті.


— Ол үшін қапа болмаңыз. Керектің бәрін өзімізден табамыз, комбайнды өзіміз де жасап шығарамыз. Сол кезде біз олардың өзін мазақ етеміз, қапаланбай қайта беріңіз, — деді де, Сәуле Мирон Павловичтің жауабын күтпестен Русактың кабинетіне қарай беттеді. Неге екені белгісіз, ауыр тергеудің алдына кетіп бара жатқандай жаңа гүл-гүл жайнап тұрған еді, салқын тартып сала берді.


Сәуле есіктен кіргеннен Русак қолын соза түрегелді де:


— Сізді көргеніме өте қуаныштымын, — деді қарсы келе жатып.


Сәуле онан мұндай құрметті күткен жоқ еді, күтпесе де үндеген жоқ, Русактың ұсынған орнына отыра бере көз тастап еді, ол сүқтана қарап тұр екен, жүрегі дір етті. Телефон сылдыр ете түскен соң барып Русак отыра кетті де, самарқаулана қимылдап, трубканы қолына алды. Ә дегенде өзінің дөкейлігін көрсеткісі келгендей даусын дүрдите шығарып еді, телефондағы обком секретары Орлов екенін білген соң жуан дауыс лезде шіңкілдеп, түксиген түрі лезде жылмия қалды.


— А, а, Александр Данилович, кешіріңіз, даусымның сондай сырқаты бар еді, басқа саулығым жаман емес. Таймановтың шахтысының ба?.. Иә, таныспын, бюроға ма? Александр Данилович, былай етсек қайтеді, негізгі баяндаманы Таймановтың өзі жасап, мен қосымшасы болсам. Солай ма? Онда, әрине, менің жасағаным дұрыс, мақұл.


Ол трубканы еппен орнына қойды да, отырған орындығын ілгері сырғыта түсіп, Сәулеге ентелей бере:


— Қымбаттым, мен сізбен ұзақ әңгімелеспекші едім, менің бюроға дайындалуым керек болып қалды. Әңгімеміздің жалпы бағытын айтқанда мынандай. Обкомның бұрынғы секретарының салқын қарағандығынан жергілікті кадрлар жетім-жесір болып кетіпті. Тіпті біздің тресте бір де бір қазақ жоқ. Әрине, бұл партияның ұлт саясатын бұрмалағандық. Жолдас Орлов осы жұмысты қолға қатты алып жатыр. Сол кісінің тапсыруымен мен де қатты кірісіп жатырмын. Мен осы трестің қақ жартысын қазақ етпекпін, — деп сәл.кідіріп қалып еді.


— Мені көргеніңізге емес, келгеніме қуанышты екенсіз ғой, — деп Сәуле жаңағы бір көлгірлікті келемеждегісі келіп еді, Русактың бар ызасы бетіне ойнап шыға келді. Бірақ ол ызасын Сәуленің көзіне түсірместен жалған күлкінің астына сүңгітіп жіберді.


— Сіздің бұл келісіңіздің жаңа бір бақыт келгендей қуантқаны рас, — деді ол өзін өзі аңди сөйлеп, — оның себебі мынандай: жан сүйерлеріңіздің жауға сатылып кеткенін естігеннен бері жұмысшылардың сізді аластағысы келеді, ондай озбырлыққа менің жол бергім келмейді.


Ол сәл кідірді де Сәуле үн қоспаған соң, сөзін қайта жалғады:


— Сондықтан сізді өз қарамағыма алғым келеді.


Русактың осы «қамқор» сөзі Сәуленің жүрегіне қанжардай тиді, өйткені ол қамқорлықтың ар жағында бұғып жатқан қасқырлық Русактың сұқтана қадалған құзғын кезінен бір бұлаң етті де жоқ болды.


— Мүмкін, мені құшағыңызға да алғыңыз келер, — деп Сәуле күле қарап еді, онан мұндай сөзді күтпеген болу керек, Русактың әлдене айтпақ болып ашылған аузы қайта жабуға келмей, аңқиған күйінде тұрып қалды. Көзін сығырайтып та, ежірейтіп те қарады, бірақ қанша сығаласа да Сәуленің жүрегін сыздатқан ызаны көре алмай, көзіндегі ызаның жалған күлкісіне алданып қалды.


— Құшақ? — деді ақырын күрсіне сөйлеп. — Сіз менің алыстағы арманымды жақындатып жібердіңіз ау, тек мұны дәл қазір не оймен айтып отырғаныңызды білсем ау...


— Мені құшағыңызға алмастан бұрын қарамағыңызға алар болсаңыз, жұмысшылардың өзіңізді де аластауы мүмкін ғой.


Русак бұл сөздің байыбына бара алған жоқ, есек дәменің жетегінде сүмеңдеп кете берді.


— Мен сізді қарамағыма не үшін аламын? — деді ол маңғазданудан басқаның бәрін ұмытып. — Сіз кілең әйелдерден бригада құрып, жауға.қарсы екінші майдан аштыңыз. Сөйтіп, өмірге бір жаңа жол салдыңыз. 6з шахтаңызға салған сол жолды өзге шахталарға да салатын боламыз. Ол үшін шахтылардың бәріне бірдей өктемдік жүргізе алатын тресте істейтін боласыз. Міне, сізді қарамағыма алу үшін айтар сылтауым. Бұған не дейсіз?


— Сылтауды жақсы тапқансыз, бірақ мені қинаудың жолын әлі таба алмапсыз, — деп Сәуле жауабын бірден сарт еткізді.


Русак тағы аңырып қалды, бұл сапар бір ежірейместен көзі мүлдем жыпылықтап кетті.


— Сізді не үшін қинауым керек?.


— Жүрегімді тасқа айналдыру үшін.


— Ол не үшін?


— Қашан жүрегім тасқа айналғанша мен оларды сүйе беретін секілдімін.


— Ондай сұмырайларды сүйген жүректі тасқа айналдыру маған қиын еме, — деп Русак шолақ тұмсығын көтере бастап еді:


— Әуре болмаңыз, — деп Сәуле оны сылқ еткізді.


— Ол не сөз?


— Мен өз үкімімді ғана айтып отырмын, оның не сөз екенін білудің сізге қажеті жоқ.


Русактың қатпарланған төбе құйқасы мүлдем жиырылып, жаңа ғана жымиып тұрған қалың беті тырсиып кетті, ызамен буылған қолы дір-дір етіп икемге келер емес, көптен бүгіп жүрген тырнағын Сәуленің жүрегіне салу үшін енді ғана аша бастады. Оның қара ниетіне қанат еткелі отырғаны Нұрландарды өлтіруге шақырған түнеугі ұран еді, қос алақандай сөмкесінен соның бір данасын суырып алды да:


— Мен өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естігендерімді анада Тайманов жолдастың кабинетінде айтқанмын, — деді листовканы бір бұрышынан салмақтай сөйлеп. — Енді немістер басып алған жерден қашып шыққандар ала келген мына бір листовкамен танысыңыз.


Сәуле ол ұсынған қағазды тітіркене алып, ішінен оқи бастады. Әр сөзінен у тамшылағандай оқыған сайын жаны уланып, жаңа ғана жарқырап тұрған тәтті үміттің талқаны шықты. Әлдене айтқысы келеді, не айтарын да білмей тек ерні ғана дір-дір етеді. Бір тәуірі мұның бәрі ұзаққа барған жоқ, көзінің алдына Нұрланның келбетті кескіні келе қалып еді, жаралы үміті қайтадан қанат қақты да жаны жадырай сала берді. Сондықтан ол ақтық сөзін тайсалмастан айтып салды.


— Менің ендігі құшарым қара жер ғана, сол антыма ие болыңыз да, кетуіме рұқсат етіңіз.


Русак оның бұл сөзіне түсіне алмай мүлдем аңырып қалды, оны өзі де жасырған жоқ:


— Түсінбедім, — деді ышқына сөйлеп.


— Өзіңізге түсінсеңіз, менің бұл сөзіме де түсінесіз.


— Сіз мені дұрыс түсінсеңіз екен.


— Ол үшін сіз жалған айтпаңыз.


— Сізше, менің айтып отырғаным жалған ба?


— Мен олардың кім екенін жақсы білемін, сондықтан айтқаныңыздың бәрін жалған, жала деп білемін. Қашан да болсын айтарым осы, кетуіме рұқсат етіңіз.


— Рұқсат, — деді Русак сыздана түсіп, — тек мынау листовканың жайын өзіңізден басқа жан білмесін. Мен мұны өзіңіз үшін айтып отырмын.


Сәуле оның бұл «қамқорлығына» іштей бір лағнат айтты да, қоштаспастан шыға жөнелді.


2


Жүдеу тартқан қарт көңілдей гүл - жапырақтар сарғайып, әлем көк мұнарланып тұр. Солтүстіктен жылжып келе жатқан қыстан қаймыққандай, жердің бетін алыстан ғана аймалап, күздің отсыз күні батуға еңкейіп қалған шақ еді. Дәл сол күздің көңілсіз күніндей күңгірт ойда келе жатқан Қазыбек қарттың құлағына:


— Әй, байғұс ау, жұмысқа тағы бара жатырмысың? — деген әйел даусы естілді. Ойда келе жатып байқамапты, көшенің арғы бетінде Гүлсім дейтін бәйбіше тұр екен. Қасында бірін-бірі жетектеген он шақты бала. Бәрі де балапандай үлбіреген жас бөбектер. Сәбилерді көрген сайын Қазекеңнің көзі жасаурап, ет жүрегі елжіреп сала беретін-ді. Келінді болып, немере сүюді армандап жүргенде соғыс басталып кетті де, жалғыз баласының өзіне зар болып қалды. Сол қайғының дауылы келіп соқты ма, әйтеуір ол теңселіп кетті. Теңселе басып келіп балалардың ішіндегі ең кішкентай біреуінің бетінен мейірлене сүйіп-сүйіп алды.


— Амансың ба, бәйбіше? Жиендеріңді де қолына алғанбысың?


— Енді не бітіремін? Бұрынғыдай шалқиып жататын заман жоқ. Сенің Сәулең сізге лайығы осы деді, мен күп дедім. Бастапқы кезде бір топ аю асырағаннан оңай болған жоқ еді, қазір үйрендім.


— Назарыңның балалары қайсы?


— Мына өзің сүйген кішкентай мен ана бір қара пұшық. Ең үлкені шеткі тұрған қазан бас.


— Қазан бас.


— Қазан бас, — деп оның маңында тұрған балалар «қазан бас» атанған баланы сықақтап күле бастады.


— Ой, айналайын, нағыз әкесіне тартқан мынау екен ғой, — деді Қазыбек оның да бетінен сүйіп, — немене, тентек әжең ұрмай ма сені, — деп еді, бала әжесіне жалт қарады.


— Әже, мына кісіні қара, сізді тентек, — дейді.


— Тентек десе сендер де тентек болып түйе бас жасаңдар, — деді әжесі күліп.


Басқа балалар Қазыбекке тап беріп еді ,жаңағы қазан бас бала оларды қолдан бір сілкіп қалып, тоқтатты да:


— Әже ау, онда өзіңіз ұрыспайсыз ба? — деді.


— Неге?


— Жасы үлкенге жаман мінез көрсету жарамайды, ол ақылсыздық деуші едіңіз ғой.


— О, ақылыңнан айналайын, олай десем тимей-ақ қойыңдар.


Қазыбек қарт арман еткендей балаларға қызыға қарап үнсіз тұрып қалған еді, оның. нендей қиялға түскенін Гүлсім бәйбіше сезген екен.


— Жә, болды. Уайым түбі тұңғиық екенін білмейтін адамдай бұл қайткенің. Болды, болды. Әттең, осы балалар қолымды байлап жүр, әйтпесе жұмысты бір кісіден кем істемес едім, — деді.


Бәйбішенің бұл сөзі демеп жіберді ме қалай, Қазыбек қарт, мұртынан күле түрегелді.


— Ойдойт деген.


— Е, немене осыдан қырық жыл бұрын осы заводты ағылшындар билеп тұрған заманды есіңе түсірші. Тайман екеуің бе едің, жоқ мен бе едім он екі сағат істеген жұмысынан он тиын ақы ала алмай «ақ ауыз» аталып, сорлап жүретін. Осы күннің өзінде сендерден кем істесем құдайдың өзі алып ақ кетсін мені.


«Дулатым олай-бұлай болып кетсе ұрпағым менің кім болар» деген ой сап етіп еді.


— Кілең боздақтар көмейінде кептеліп тұрғанда құдекең сен екеуміз сияқты кәрі-құртаңды қайтсін, — деді де Қазыбек қайта түнеріп кете берді.


— Сәулеге сәлем айт. Әлгі балалар тәрбиелейтін үй ашыла қалса, мені сол үйдің қызметіне алсын, мен сендей жылауық емеспін, соған қарағанда ондай жұмысқа кәміл жарайтын секілдімін, — деп Гүлсім бәйбіше дауыстап еді, Қазыбек артына қарамастан:


— Ойдойт, — деді.


Ол бір бүлінген вруб машинаны тез жөндеуді айта кеткелі жолшыбай механика дехына соққан еді, көзі қаңырап қалған залға, залдың ішінде қаңтарулы тұрған станоктерге түсіп, жаны түршігіп сала берді. Өз көзіне өзі сенбегендей саусақтарымен көзін қайта-қайта сүртіп қарап еді көз жеткісіз жерге дейін қолдың саласындай болып тізілген станоктердің тек біреуінің ғана жүрегі тоқтамапты, өзгесінің бәрі де сілейіп тұр.


Залдың соншалықты үлкендігінен бе ,жоқ әлде күннің кешкіріп жер бетінің күңгірт тарта бастағанынан ба, ұршықша үйіріліп тұрған станоктың қасындағы біреуден басқа жанды көре алмады. Әр станоктың арасын көзімен тінтіп тұр еді, сол жақ бұрыштағы бір үлкен станокты жүргізе алмай мықшындап жатқан бір баланы көрді де, қасына жетіп барды.


— Базармысың ей, шырағым ау, басқалар қайда?


Даусы дірілдеп шықса да, қатты шықты. Бірақ білектей темірді жаңқалап жатқан төрдегі станоктың үні Базардың құлағына түк естіртпеді. Даусы көтерілмесе өңешін созып, өкшесін көтеретін кейбір әншілер құсап аяғының үшімен тік тұрды да:


«Не дейсіз?» — дегендей кішіректеу қалқан құлағын Қазыбектің аузына тосты.


Қазыбек баланың басын қос қолдап тұрып ұстады да,


— Мыналардың бәрі неге иесіз қалған, кісілері қайда кеткен деймін мен саған.


Базар да қарттың өзі істегенін өзіне істеп құлағына айғай салды.


— Оны Мырзекеңнен сұраңыз, Мырзекеңнен...


— Бәрі де келген жоқ, па жұмысқа?


Базар бұл сұрауды ести алмай қалды ма, үндеген жоқ. Ол үндемесе де Қазыбек іштей түсініп, станокке сүйенген күйі үнсіз тұрып қалды.


Бір нысанаға қадалып, түсі түнере түсті. Базар әлденені айтқысы келді де, қарттың не үшін қиналып тұрғанын сезіп ештеңе деген жоқ. Жаутаңдаған көзін төмен түсірді де, төргі жаққа қарай жүгіріп кетті.


Қазекең ауыр ойдың құшағында әлі тұр.


— Қанша қыран болса да қияғы сынып қираса қыранның күні күн емес, боздағынан айрылған елдің күні де тап сондай ау...


Ол қасында Базардың бар-жоғын да білген жоқ, ауыр салмақпен қозғалып, станокты айналдыра бастады.


Бұл кезде кәріліктің өшпес таңбасы бар, бетін мейлінше айғыздаған бурыл сақалды, сидиған ұзын бойлы, қатқан қарасұр механикті Базар төргі жақтан ертіп келе жатыр еді, олар келіп жеткенше Қазекең станокты жүргізіп те жіберді.


Ұзын қара механиктің:


— Ой, кәрі тарланым ай! — деген шіңкілдек даусын станоктың сартылы өзінен басқаға естірткен жоқ. Ол Қазыбектің құлағына дауыстап:


— Қазеке, мені жай шақырдыңыз ба? — деп еді, Қазыбек жалт қарады да, станокті тоқтата қойды.


— Бүлдіргенбісің? — деді көзілдірігінің сағағынан сүзіле қарап. — Бүйткенше, өзің бүлінсең еді, — деді де, қатарда тұрған екінші бір станокты айналдыра бастады. — Жай шақырдың ба?.. Қараң қалып жатқан дүние мынау, қаршадай баланы жалғыз тастап жүрген сен мынау. Осы ма, сенің көпті көрген көнелігің?


— Ойбай, Қазеке ау! Мен тіпті...


— Жә, сөзіңнің керегі жоқ. Егер менімен тату боламын десең бос сөзді маған естіртпе де, бос жүргеніңді көрсетпе. Асыңды іш, деміңді ал, ұйқыңды ұйықта, жұмыс істе. Өзің білгенді өзгеге үйрет, өзің білмегеніңді өзгеден үйрен, онан басқаны мен білмеймін. Ол бір, екіншіден: мына баланы мұнан былай қасыңнан қалдырма, көрсет, үйрет. Мұны қасыңа көмекші етіп ал да, осы қатар тұрған екі үлкен станокке не бол! Үшіншіден: Ертең қолыңа бес әйел әкелтіп беремін, соларды күніне екі сағаттан үйретіп, үш айдың ішінде маман қып шығарасың, ұқтың ба?


Бүлдіргеннің көзі ежірейіп кетті.


— Бес әйел?!


— Немене, әйел көрмеп пе едің?


— Ойбай ау, отыз жылдан бері отасқан жалғыз қатынымды үйрете алмай жүріп, бес қатынды мен қалай үйретпекпін?


— Сөзді қой. Отыз жылда үйренбесе қатының қатын емес, қасқыр да бір. Айтқанды тыңда да істей бер, қасқырға талататын мен сенің. қасың емеспін. Мен мұндағы орнымды саған беремін де өзім жер асты жұмысына кетемін.


— Ойбай ау, ағатай ау, жер астының жұмысына кеудеңіз жарамайды ғой.


— Күніне бір мезгіл түсіп байқап жүрмін, былтырдан бері тыңайып қалғаным ба, әлде соғыстың елімізге салған жарасы жанымды ашындырып жіберген бе, әйтеуір қажитын емеспін. Саған осы бастан айтарым: мынаның іші еш уақытта мұндай жау шапқандай күйде болмасын. Алдымен манағы вруб машинаны қолға алыңдар, Ертеңге дейін жөнделіп әзір болсын.


— Ойбай, тәңір ау! Екі күнде оны қалай бітіреміз. Осында темір пісіретін бір жағым көмір жоқ.


— Не дейді?


— Солай деймін. Мырқалдың көмірді талонмен беретін тәртібі танауды тарс бітірді. Бес күнге деп берген көмірі екі күнге де жетпей, «ұста пышаққа жарымастың» керін киіп отырмыз.


Қазекең жерге бір түкірді де, түк айтпастан шыға жөнелді.


Базар бала аңырып тұрған Бүлдіргеннің бетіне үңіліп:


— Ата, осы шалдың аз оқыса да көп білетіні неліктен?


— Оттама, — деп Бүлдірген зірк етті.


— Бәле, сіздің үйреткен өнегеңіз осы ма?


— Ақылды болғанда сол темірдің татын жалағаннан басқа не бітірер дейсің, — деді Бүлдірген не дерін білмей сасқалақтап.- — Ол өзі сасық ырысты шал. Оның ана бір Сәуле дейтін қызы тура осының бағына туған қыз, — деді де теріс айнала бере ауыр күрсініп, — тәңірім, маған Бөлекбастай ұл бергенше, соның қызындай қыз бермеді ғой, — деді.


3


Қазекең келген кез — шахты ішінің қан базардай қызған кезі еді. Тек батыс жақтың ең мол өнім беретін лавасы жарты сағаттан бері қарап тұр. Жолдың бос кезін пайдаланып көмірді қырға мол шығарып қалғысы келген шығыс жақ қанаттағы жұмысшылар бар күшін төгіп жіберіпті. Уклон мен штректің түйіскен жеріндегі кішкене станцияда (плитада) жұмысшылардың айғай - шуын кейде электровоздың қиқуы, кейде ойдан өрге, өрден ойға ағылған вагондардың салдыр - гүлдірі басып кетеді.


Қазыбек жолында тұрған жұмысшыларды кимелей, асыға басып батысқа қарай кетіп бара жатыр еді, арт жағынан біреудің:


— Тез, тезірек жете көріңіз. Батыс жақтағылар бүгін артта қалу жағынан бірінші бәйгені алатын болды. Ол бәйгеден сізге де сыбаға тиер, тезірек, тезірек жетіңіз, — деген даусы шықты.


Қазыбек оның дауысынан танып Перизат екенін білді де, жалт қарады, бірақ көп бөгелген жоқ:


— Оқығаның көп болса. да, тоқығанын аз ау, балам. Өйтпесе, өзің жығылып жатын басқаның сүрінгеніне күлмес едің, — деді де кете берді.


Перизаттың айтары болмай, тек беті ғана дуылдап кетті. Жұмысшылардың алдында сөзден жеңіліп қалғанына ұялып, ішінен өзіне қатты бір кейіді де:


— Тездетіңдер, жігіттер, қазір «Батысқа» да жан бітеді. Олар вагонеткені бізден артық әкетіп жүрмесін. Тезірек қимылдап жіберіңдер! — деп забойға қарай тұра жүгірді.


Бұл жерде «Батыстың» да кісілері тұр екен. Олар Қазыбек барысымен майданның басталатынын сөзді де:


— Көрерміз кімнің есекке мініп, өгіз айдағанын, — деп, белдерін бекем буа бастады...


Штрекке тізіліп тұрған вагондерді көргеннен ақ Қазыбектің дегбірі қалған жоқ. Ескі дертті өкпесі қабынып ентіге басып кей жерде аяңдап, кей жерде тәлтіректей бүлкілдеп ұшып келеді. Жолшыбай сілейіп тұрған талай составтан да өтті, әлі үн жоқ, тек лаваға жақындай берген кезде ғана қарсы алдынан дембелше бойлы біреу шыға келді. Бойына қарап танымаса, түсіне қарап ешкім де түстей алар емес. Жіпсіз шыққан термен баттасқан көмірдің күйесінен тістері ғана ақсиып, көздері ғана жылтырап тұр. Бұл осы лавадағы бригадир Тайман екен, ол Қазыбекті анадайдан тани кетті де:


— О, қатынсыз қақсап қал сен мұндар білдің бе? Ойбай ау, ырс-ырс етпей жүрсеңші тезірек! — деп айғай салды. Қазыбек алқынып жөнді сөйлей алмады.


— Немене, не болды? Жау шапты ма?


— Екі сағаттан бері екі түйір көмір бере алғанымыз жоқ, жау шапқан емей немене?


— Неге бере алмайсың? Екі сағаттан бері қатыныңның қойнында жаттың ба?


— Қара, қара, қатыны барсынуын. Сенің мына бүйен құсаған мұндарың тағы да тоқтап қалып, қолды байлаған жоқ па?


Қазыбек фонарын жоғары көтере түсіп лаваның өріне қарай көз жіберді де:


— Жұмыс көлемі үлкейгенімен, адамдарың әлі көбеймепті ғой, — деді деміге сөйлеп.


— Сәулетай бүгін бір топ әйелдерді әкелмекші. Жүр, ақырын жылжып көр, — деді Тайман оның қолтығынан демеп.


— Көрсем де көнгім келмейтін қорлығым біреудің демеуі еді, бұған да көнетін болдым ау.


Құрдасының бұл сөзі Тайманның кәрі жүрегін елжіретіп жіберді, бірақ:


— Қамықпа, қайсарым, қайраттан! — дегеннен басқа сөз айта алған жоқ.


Қазыбектің қолындағы фонарының шолпандай жарқыраған сәулесі түндей түнерген меңіреу лаваның өн бойында таудың саласы секілденіп жалдана үйілген көмірге жантайып, күректеріне сүйене қалғыған жұмысшылардың көзіне алыстан түсіп еді.


— Бастықтардың бірі келе жатыр, жинаңдар аяқтарыңды, — десіп бірін-бірі оята бастады.


Пласты аласа лаваға кіргеннен кейін екпесінің қабынуы күшейіп кетті ме қайтті, Қазыбек уһлеп, аһлап отыра қалды. Сірә, денесінің күші де азайған болу керек, бір қолын қатарына келген Тайманның мойнына салды да, екінші қолымен кеудесін сипалап:


— Жоқ, кеуде шіркін көмірі алып болған ескі забойға айналған екен, — деді де, ақырын жылжып жүріп кетті.


Арада екі күн өтті.


Алты қырдың астын кеулеп алысқа кететін ор.талық штректе бір топ әйелдерді бастап Сәуле келе жатыр. Жер астындағы дүниені көргені осы болу керек, бәрінің де өңі қашып, үрейден сүлдері ғана қалыпты. Әсіресе, ерсілі-қарсылы ағылған электровоздың қиқуы - ақ бұлардың апшысын қуырып келеді. Әлдеқашан естерінен шығып кеткен «астағпыралда» мен «лахаула». да ауыздарынан түсер емес. Бәрінін қолыңда бір-бір шахтер лампасы бар, бірақ көздері үйренбегендіктен бе бірін бірі көре алмай қақтығып келеді.


Бұл топтың ішінде ауылдың Дариға сияқты қайтпас қаракер келіншегі де, қаланың қартаймаған Кәкимадай кербез кермиықтары да, тіпті сонау Ұлытаудың қазағы, қара шолақ бүркітіне жылына екі қоян ғана алдырса да бүркітші аталған Олжай да келе жатыр. Ол мұнан бір ай бұрын келіп магазиннің күзетшісі болған еді, Дариғада дәмесі бар екен, оның, шахтаға түсетін болғанын ести сала арыз беріп, күзетшілікті тастапты да, бір қолының шолақтығына қарамастан шахтаға түсіпті.


Олжай мен Дариға Сәуледен, басқалары ол екеуінен ұстап, бірінен бірі айрылар емес. Бұларды сүйрей - сүйрей Сәуленің де дымы құрыпты.


— Апыр ау, ер мінезді, ер көңілді бір адамның шықпағаны ма бұл? — деп Сәуле Олжайға қарап еді, ол төмен қарады:


— «Жер жерінде, жекен суында» деген ғой, — деді ол міңгірлеп. — Өзіміз өз жерімізде жүргенде аспанның құсы, жердің тағысын құтқармайтын атақты аңшы едік. Амал бар ма? — деді ауыр күрсініп.


— Анық аңшы болсаңыз, сіздің қоянша қорғалауыңыз мүмкін емес. Сіздің не аңшы екеніңіз өтірік, не қорқып келе жатқаныңыз өтірік, мұнда қорқатын түк те жоқ, бастаңыз мыналарды, — деп Сәуле бұйыра сөйлеп еді, Олжайдың көзі шарасынан шығып, маңдайынан тер бұрқ ете түсті.


Бастайын десе, жан-жағынан аранын ашып андыздап тұрған үрейден қорқады. Бастамайын десе, қасындағылар, әсіресе Дариғаның сықақтап күлетін түрі бар.


— Апырай, мен еш уақытта жер астынан аң аулаған емес едім. Амал бар ма, тәуекел етсем етейін. Ал, қулап қалсаңдар менен көрмеңдер! Иә, ғасрайыл, өзің сақтай гөр! — деп екі аттап барып қайта тұрып қалды да, көзін уқалап... — менің көзім бірдеңе болып кетті. Басым бірдеңе болып кетті. Қолым да бірдеңе, аяғым да бірдеңе болып барады. Ай ай, сүйей беріңдер, өй, мен құлауға кәдікпін ай! — деп айқайлады. Күлкілі жай кездесе қалса әйелдердің күй талғамайтын әдеті ғой, өздері үрейленіп тұрса да мынау әйелдер Оллойдың сөзіне ду күліп жіберді.


— Сіздің үйдегі жеңгей байғұс кәдімгідей байым бар деп көңіліне ток санап жүр ау, ә? Қане, етегімнен ұстаңызшы, адасып кетерсіз, — деп Дариға Олжайдың алдына келіп түсті.


Онан қанша дәмеленсе де, мынау сойқанды сөзді Олжай кешіре алған жоқ. Түк айтпастан қапсыра құшақтай алды, онымен де қоймай оқырана қимылдап қаттырақ қысып жіберіп еді, Дариғаның жан даусы шықты:


— Ойбай, өлдім.


Ала көлеңке жерде не болып жатқанын еркін көре алмай әйелдер шу ете қалды. Егер, Сәуле ұмтылып келіп иығынан тартып қалмағанда Олжайдың Дариғаны забойдың қараңғы түкпіріне қарай ала жөнелуі де мүмкін еді.


— Осындай мол күшіңіз бола тұра қорқамын деуіңіз бекер. Сөзді қойыңыз да, мыналарды бастап сонау жылтырап тұрған шамның түбіне апарыңыз!


Жаңағы бір қимылдары жағын қарыстырып тастағандай Олжай үн қатар емес, Сәуленің жаңағы жадыраңқы сөзіне де Дариғаның «мынау бұқа ғой» деген ашулы сөзіне де жауап қатпастан тәлтіректей жөнелді.


Орталарындағы ең осал, ең орашолақ Олжайға оңай жерден осындай өжеттік біткен соң басқалары ұялып, енді етек ұстаудан қалды. Бірақ Олжайдың өжеттілігі ұзаққа барған жоқ, он адымдай ғана басқалардан алда келе жатып қараңғы қуыста өзіне қарай жылжып келе жатқан отты көрді де:


— Астапыралда, астапыралда, лахаула, лахаула, — деп кейінгілерге қарай шегіне берді.


— Шайтан оты ма, құдайым?


Қараңғыда келе жатқан адамның өзі көрінбей, оты ғана көрінетінін Сәуле түсіндірсе де, Олжай оған сеніңкіремей тұрып қалып еді.


— Ол сайтанның сапалағы болса да сізден қорқынышты емес шығар, — деді де Дариға алға түсе жөнелді.


Олжай оған бір ұят сөзді айтып жібергісі келіп Сәулеге жалт қарап еді, Сәуле қарсы келе жатқан адамға беттеп барады екен.


— Бұл кім? Бөлекбаепысын?


— Иә, бұл мен. Ал, мына үркіп жүргендерің кім?


— Жақсы кездестің. Бұлар сенің жауынгерлерің. Ертіп бар да, әр жұмысшыға бір-бірден қосып бер. Көздер! үйренсін, бүгінше ешқандай жұмыс істетпеңдер! Жолдастар, менің көмекшім жас инженер Бөлекбас Бүлдіргенов дейтін жолдас осы кісі болады. Сіздер осы жолдастың әмірінде боласыздар, жақсылап танысыңыздар!


Сәуленің соны айтуы - ақ мұң екен, елден бұрын Олжай қолын ала жүгірді.


— Ә, «жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» деген. Алдымыздан шықтыңыз, жолымыз болады екен. Мен сыртыңыздан әбден қанықпын.


Бөлекбас қолын берместен одырая қарап:


— Падажди жолдас, алдымен сендер кімнің кім екенін біліп алыңдар! Сіздердің алдарыңызда тұрған мына мен ешкімнің көмекшісі емес, бір сағаттан бері осы участкенің уақытша начальнигі боламын. Сіздерді бастап келіп тұрған Сәуле Қазыбекова жолдас бір сағаттан бері жұмыссыз. Енді маған ере беріңдер, — деді де, келгендерді бастай жөнелді.


Сәуле аң-таң. Бұл қалай? Әлде жаңағының айтқаны рас па? Көзі жетпесе мұндай сөзді айтуға Бөлекбастың батылы қалай жетті? Бар дұрыстықты бір ғана Мырқалдың озбырлығы жеңді ме? Бұл қалай?


Ол өзіне-өзі осы сұрауларды қанша берсе де жауабын таба алған жоқ. Забойға кіруге де бата алмай, кepi қайтты.


ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ


Арада аз ғана күн өтті. Бұл аз уақыттың ішінде Мырқалдың қолымен талай бұйрықтар жазылып, талай адам кетіп те, келіп те жатты, соның бірі Сәуле.


Бірақ ол Мырқалдың бұйрығы бойынша қызметтен босатылғанымен, өзі Мирон Павловичтің комбайынына күндіз-түні көмектесуде. Оның үстіне Русак бүгін Сәуленің қызметтен босатылған себебін Орловқа сездірген екен, ол басын шайқапты. Орловтың сол бас шайқауы Мырқалдың жүрегін шайқап жүр. Сондықтан әнеугі жиналыстан бері тоңдай томырылып жүрген ол көзбе көз келгенде көлгірсіп, күлімсірей қалады. Бірақ оның күлімсірегені мұздың мезгілсіз жібігені секілді, аржағында суық зәр жатыр.


Сәуле соны сезіп қапаланатын да: — Ей, құрметті ағалар! Мансап үшін маңайдағыны жалмауды сендер қашан қоясыңдар! — деп назаланатын.


Ол комбайнның чертежін Мирон Павловичтің көрсетуі бойынша неше күн бойы тыным таппастан жасап, өткен түні бітіріп, қарап шығу үшін таңертең Мирон Павловичтің өзіне берген еді. Сонан қайтып келгелі жастықтан басын көтерген жоқ. Екі көзі қабырға сағатта, құлағы радиода, екі қолы төбесінде, оқ тиген жаралы ақ құдай сұп - сұлқ жатыр. Ақ күмісті бояған алтынның буындай жұқа ғана өң беріп тұратын ақ жүзінің нәзік қызылы да жоғалып бозарған күйге түсіпті.


Ауық - ауық радиоға құлақ тігеді. Аңсаған көңіл сонан ғана үміт етіп, алыстан хабар күтеді. Талай әсем ән, тәтті күй, қуанышты хабарларды да естіді. Жан түршігерлік талай жайды да естіді бұл радиодан. Бірақ үміт шіркін соның бәрін тыңдаудан бір жалықтырған емес-ті. Қазір де сол үмітте жатыр.


Ашық терезенің пердесін серпіп жіберіп қанатын қаққан самал жел, маңдай шашының бір шоғын үйіріп келіп көзіне тастап кетіп еді, ол оны да елеген жоқ.


Бірақ сұлу біткенді ежелден емін-еркін сүйіп ескен ерке жел ақша бетті өзі ғана сүйгісі келгендей, қара көзді аймалап бетке түсіп тұрған қара шашты қайыра серпіп жіберді де, мөлтілдеген жасты көріп, ішін тартып тына қалды.


Осы кезде көшенің екінші жағындағы үйден, дәл Тайман қарттың үйінен, бір әсем ән шықты. Осы ән басына түйдектелген ой толқынын сырғытып жібергендей ақырын жылжып төсектен түсті де Сәуле терезеге барды. Осы кезде сол әнді ауызғы бөлмеден біреу ақырын сызылта жөнелді.


— Нұрлан?! — деп Сәуле тұра ұмтылды да, кенет тоқтай қалды! — Мен кешікпей жынданармын, қайдағы Нұрлан айтып тұрғаным!.. О, ғажап, Нұрланның даусынан айнымайды. Айтшы, айта түсші, Сайраным.


Ол соны айтып қайырмасына өзі де қосыла бастап еді, Сайран:


Қозы Көрпеш — Баяндай


Бір молада өлсем ау, сенімен... —


деп әннің қайырмасын үздіктіріп жіберді.


Сәуле оның Шекерді құшақтай алғанын да, Шекердің оны жақтан шарт еткізіп тартып жібергенін де сезіп тұр. Бірақ әннің тоқтап қалғанына шыдай алмай есікті ашып жіберіп:


— Бұл не жанжал? — деп еді, Шекер ұялғанынан теріс айналып кетті.


— Лай әншейін, екеуміз қашпаған қашардың уызына мас болған Еспалақтың есеріне ұқсап тұрмыз. Комбайнды ең алдымен мен жүргіземін десем, соған мына қыз қиқайып көнбейді, — деді Сайран.


— Қайдағы комбайн?


— Мынау сіздер жасағалы жатқан комбайн ше?


Сәуле екеуін екі қолымен құшырлана құшақтап:


— Қос қанатым менің... Өтірік емес, шын талассаңдар екен тек, — деді кеудесін кере дем алып. — Біз оны жасап шығып, сен екеуіңнің көмірді селдей ағызғандарыңды бір көрсем, барлық жара жазылар еді ау.


Сайран оның құшақтағанына марқайып:


— Ондай күнге жетсек той жасар ма едіңіз? — деді өзін оның сырласындай сезініп.


— Жасар едім. Бір емес, екі тай жасар едім. Ол үшін сен Шекердің тілін алуың керек.


— Бұл — ұрған сайын семіре беретін борсық секілді, тілден көрі таяқты жақсы көреді, — деп Шекер оны бір түйреп қалып еді.


— Тіліңді беріп байқасаңшы, — деп Сайран іліп түсті.


— Осы комбайн жасалмай кетсе де шықшы өзің.


— Шекер, әзілге әзілмен жауап бергенің жөн, — деді Сәуле салмақпен.


— Ұрыспай ақ қойыңыз, сізге сөз ғып тұрғандағысы ғой, — деп Сайран тағы да іліп еді.


— Тфу ұятсыз, — деді де Шекер шығып кетті.


— Орынсыз қылжақты сен де қой, — деді Сәуле Сайранның арқасынан қаға сөйлеп! — Ерге лайық әзілің болсын, өзге лайық қылжағын болмасын. Ел сүйсінер қадірің болсын, ер жігітке сол лайық. Өзің елді сүйсең, өзіңді ел сүйсін десең еңбек ет. Сонда сені сұлу жар да, абырой-атақ та өзі іздеп келіп табады. Соны ұмытпа, бар дем ал. Ертеңнен бастап Шекер екеуің комбайнды осы бастан үйрене бересіңдер, бар.


Сайран шыға берген кезде қолында шиыршықталып бүктелген чертеждері бар Мирон' Павлович кіріп келді.


— Рақмет, қызым, рақмет! Бәрі де ойымдағыдай, бар сызығы өз қолыммен сызылғандай, — деді де, қолындағы чертежін стол үстіне жая бастады. — Ex, өңді бір мұны жұмыс кезінде үні естілмейтін, тозаңы білінбейтіндей етіп жасай білсек ау, — деді де, ол ойланып қалды. — Бірақ, ол кейінгі ұрпақтардың болмаса біздің қолдан келетін емес.


— Егер бұл сіз айтқандай болып шықса, мұның үнін бұлбұлдың үніндей тыңдап, тозаңын жұпардай көріп жұтар едім, — деді Сәуле.


— Басқаны білмеймін, мұның бір өзімен айына қырық мың тонна көмір алатыныңа сене бер, қызым.


— Онда менің аянарым жоқ, тек сіз менің жайымды көкеме әзір айтпаңыз.


Ол соны айтып аузын жиғанша болған жоқ, көрші бөлмеден Қазыбек кіріп келді де:


— Дәл осы отырыстарыңыз ұнап тұрған жоқ. Мырқал көнбесе Сафоновқа айтып алдымен жағдай жасатып алмайсыздар ма, бұл не? — деді ол кейісті түр көрсетіп.


— Көке, ол кісі Абзал екеуі Алматыға кеткен.


— Олар кетсе, олардан да үлкен Орлов бар емес пе, сол кісінің алдына неге қоймайсыңдар?


— Сабыр, құрметтім, . сабыр, — деді Мирон Павлович оны арқасынан қағып. — Алдымен біз оның макетін жасап алайық, сонсоң ол кісінің алдына өзіне Лайық үлкен тілек қоямыз. Ал, көмектесетін адамды өзіміз іздеп таппасақ, әзір ешкімді бермейтінін Абзал Тайманович ескерткен. Бізді қинайтын сол ғана.


Қазыбек сәл ойланып, екеуіне көз қырымен бір-бір қарап алды да:


— Мирон Павлович, мен жұмысқа қайратым тасығаннан емес, құтты ұямдай көретін шахтам шайқалып, туынан айрылған соң амалсыз түстім ғой. Бірақ жер астының жұмысына жарай алатын емеспін. Ешкім таба алмасаңыз мені сіз алыңыз. Есіңізде болсын, мен отыз жыл ұста, он жыл механик болған адаммын. Аурулы болғандықтан былтыр ғана жұмыстан шыққанмын. Сізге көмектесуге кәміл жараймын.


Мирон Павлович Қазыбекті орындығымен қоса құшақтай алып, бетіне бетін тигізе:


— Сәуле екеуміздің тілей келген тілегіміздің өзі осы еді, сізді аяғандықтан айта алмай отыр едік, рақмет сізге, көп рақмет, — деді.


— Мені емес, сонау жау табанында тапталып жатқан бауырларды аяңыздар.


— Осы сөзіңіз үшін де рақмет сізге. Міне, енді біз ешкімге жалынбаймыз.


Сәуле әкесін құшақтай бере:


— Көкетайым менің, — деп бетінен бір сүйді де, Мирон Павловичке масаттана қарап, — менің көкеме еңбекақының да керегі жоқ. Өз пенсиясы өзіне жетеді. Мырқалды соңынан көреміз, — деді.


— Қызым, сенен тілер бір тілегім ашуды әкең екеумізге ақ бер, үшеуміз бірдей ашулы болсақ жарамас, — деді Мирон Павлович. — Досың аз, дұшпаның көп болса жер боласың. Сен кешегі жиылыстарда Мырқал туралы тым қатты кеттің. Жағымпаз бол деген сөзім емес, жағымпаз болсаң жан деп есептемеймін. Ойлан өзің. Екіншіден... - деп ол тағы да бірдеңелер айтқалы келе жатыр еді, Сайран бөліп кетті. Ол жүгіріп кіріп:


— Мирон Павлович, сізді обкомнан біреу телефонға шақырып тұр, — деді ентіге сөйлеп.


— Қазір, қазір, — деп Мирон Павлович орнынан тұра бере, Қазыбекке қарап, — мен енді обкомға мақтанып баратын болдым.


— Мақтанар күн әлі алыста, Мирон Павлович! Қашан туымызды қайтып аламыз, сонда ғана мақтанамыз. Онан - беріде біздер мазақпыз, — деп Қазыбек ызамен столды қойып қалды да, — мазақпыз! — деді нықтап тұрып.


— Сабыр, достым, сабыр! Бұл шахтаның халқы қазір намыс туын көтеріп, жаппай шабуылға шықты. Мұндай кесек қимыл жеңіске жеткізбей қоймайды. Ал, Сәуле екеуміздің мақсатымыз — осы шабуылға бүкіл Қарағандыны көтеру. Оның жолы мынау комбайн. Егер біз жасап бере алсақ, қарағандылықтардың намысы барларының шабуылға шықпағаны болмас! Жүр, Сайраным.


Олар шығып кеткеннен кейін де, Қазыбек манағы бір кезде басына ұялай қалған ауыр ойдан құтыла алмай:


— Иә, біздің елдің намысы үлкен. Намысы бар ел жұртта қалған емес, — деді де, Сәулеге сезіктене қарап, — ботам ау, сен маған не үшін үнсіз қадала бересің осы? — деді.


Сәуле өз ойындағысын қалай бастап, әкесінен Темір жайын қалай сұрауды білмей толғануда еді. Әкесінің жаңағы сұрауы оның бетін ашып жіберді.


— Көке, ұят та болса бір сыр сұрайын, жасырмай айтыңызшы.


— Сұрай ғой, ботам.


— Осында Темір деген біреу келіпті, ол кім?


Қазыбек шошынғандай селт етті де, ойланып қалды.


Бірақ қанша ойланса да енді жасырудың ретін таба алған жоқ.


— Айтайын, ботам, тыңдай бер, — деді Сәулеге он. жағынан орын ұсынып. — Жас кезімде менің Сайдақ дейтін досым болды. Ол кезде біздер ағылшын байларының жұмысын істейтінбіз. Ағылшындар Совет өкіметінен қорқып қашқанда шахтаны құлатып, бізді тірідей көміп кетті. Бірақ жұмысшы деген халық ұйымшыл, қайратты халық қой. Сол Сайдақ бастаған бір топ жүмысшылар құлаған шахтаны демге жібермей аршып, біздің бір сыпырамызды тірідей құтқарыпты. Ол кезде мұндай үй жұмысшылар түгіл ағылшын байларында да болмайтын. Сайдақ екеуміз бір бөлмелі жер үйде тұрушы едік, жұмысшылар мені шала жансар күйімде сол үйге алып келіпті. Бір кезде есімді жиып, көзімді ашып едім, құлағыма бір нәрсенің даусы келді... Ол сенің даусың екен. Мен өлім құшағында жатқанда сен өмірге келіпсің. Сол қуаныштың үстінде Сайдақ екеуміз ант етісіп едік, — деп Сәулеге көз тастап еді, оның өңі мүлдем өзгеріп кеткен екен. Соны көре сала, — онан арғысын сұрап қинама әкеңді, — деді кетуге ыңғайланып.


— Ол үшін несіне қиналасыз?


— Сен емес қинайтын, балам, ескіліктің салған бір жарасы. Оны қазір айта алатын емеспін, кейін естірсің бәрін де, қинама әкеңді, қинама, — деді де шығып кетті.


Сәуле ауыр қимылмен аяғын зорға басып барып өз бөлмесіне кірді де, пианиноға отыра кетті.


— Бір басымның қайғысы бұрын үшеу еді, енді төртеу болды. Бәріне қарсы қоярым — сенімі берік жүрегім.


Ол соны айтты да, пианиноны ойната «Әсетті» шырқап қоя берді.


— Нұрлан салатын, сүйіп салатын ән. Әні мұнда, өзі қайда. Кім бар жауап беретін, кім бар?


Соны айтып талықсығандай, гүлдей майысып пианиноға сүйене беріп еді есік жақтан Темірдің:


— Мен бар! Жауап беретін мен! — деген даусы саңқ етті.


Сәуле ашумен атып тұрып, жалт қарады да, онысынан өзі де ұяла күлімсіреп:


— Ғафу етіңіз, мен сізді байқамаппын. Кешіріңіз, сіз кім едіңіз? — деді ақырын.


— Кінәдан мен де сау емеспін. Қанша аңсап келсем де кіруге еркін бата алмай, сыртқы есікте тұр едім, жаңағы бір салған әнің құлағыма келді де, еркімді билеп әкетті. Соның салдарынан руқсат сұрауды ұмытып, баса - көктеп кіріп келдім. Ол кінәмді сен де кеш, — деп Темір таяғын тастай салып, басын иіп еді, Сәуле селк ете түсті.


— Немене, тарсылдаған таяғымнан шошыдың ба? Жоқ әлде өзімнен бе? Ағаш таяқ аяқ болмас, енді маған таяқтың да керегі аз, осы ақсақ аяқпен бәріне де жеттім. Зілдей басқан ауыр дерттен де арылып, алыстағы ең асыл арманым саған да жеттім. Ендігі жалғыз тілегім жасағаннан емес, сенен ғана!.. Келші, Сәулем...


Темір құшағын жайып еді, Сәуле қорқып шегіне берді.


— Ау, тіпті амандасудың да көп болғаны ма?


Мұнда келерден бұрын Қазыбектің қабағынан жақсылықтың нышанын көріп, зор үмітпен келген Темір Сәуленің ойына көзі тез жетіп, судай тасып келген көңілі басылып қалды.


— Біздің амандасуымыздың жөні осылай болар, — деп Сәуле қолын ұсынып еді. Темір ұстай алды да:


— Қолыңа қолым тиген соң, еркімді ерінім билесе, оған мен айыпты емеспін, — деді күлімсіреп.


Темірдің бауырына тартып алып, кеудесіне қысқалы тұрғанын сезсе де, Сәуле ұсынған қолын кері тартқан жоқ, тек сол қолымен бетін қалқалай берді. Бірақ сүйірдей сүзілген саусақтардың арасынан жалт-жұлт. еткен көздерінде әлде қайтеді деген қауіпті күдіктің де оты тұр. Сол күдіктің салқыны қалтыратқандай әлсіз дірілдеп, жалынышты үнмен:


— Еркіндіктің қадірін білгендей болған шығарсыз, қадірсіз іске бара көрмеңіз, — деді.


Қыздың қылығы құбылып, сыры құлпырған сайын жігіттердің құмар оты қаулай түсетін әдеті ғой. Сәуле тартынған сайын Темірдің өрттей қаулап, селдей қаптағысы келді де, лажсыздан ұят сақтап өзін-өзі әрең тежеп қалды. Бірақ балға жабысқан шыбындай жабысып қолы Сәуленің қолынан айрылар емес.


— Менің саған құшақ жайып тұрғанымның өзі еркіндікті бағалап, ардақтағандық емес пе? Азаматтық еркімді алуға соттың да күші жеткен жоқ-ты, сүю еркімді алуға да күші жеткен жоқ-ты. Кісі өлтіріп айдалғанда да сүю еркім өзімде болатын. Әсіресе, саған келгенде менен ерікті кім бар.


Ол соны айтып жауап күткендей сәл кідірді де:


— Мен құдалықтың құрығын салып тұрғаным жоқ, өз жүрегімнің бұйрығын айтып тұрмын, Сәулеш, — деді. Сол сөзді айтқан шақта өзінің қайсар жүрегі елжіреп кетті.


— Төрге шығыңыз, отырыңыз, — дегеннен басқа сөз айта алмай, Сәуле қолын босатып алғысы келіп еді, Темірдің жіберетін түрі көрінбеді. Ол Сәуленің ақша жүзінен өзінің бар бақытын көргендей сұқтана қарап аз тұрды да:


— Сенің кім екеніңді, сипатыңның қандай екенін, ел қонып, ебелек ұшқалы ұрының ғана мекені болып кеткен бір елсіз таудың басында қарауыл қарап отырып, ұры нағашымның аузынан естіген едім.


— Естіген жеріңіз де, кісіңіз де мақтарлықтай емес екен, — деді Сәуле, оның сөзін бөле күлімсіреп.


— Сен олай десең мен сол жерді де, сол нағашымды да мәңгі ұмытпаймын. Өйткені, сол күннен бастап сен менің арманым болдың. Сол күннен бастап мен саран жетер бақыттың жолын іздедім.


— Онда бақыт жолын қан төгумен іздегеніңіз қалай?


Сәуленің бұл сөзі Темірге жайлы тиген жоқ, бір ширығып алып, қайта жадырады да:


— Есіңде болсын, мен қан төксем де кінәсізбін. Сен ойлағандай бұзық та болғаным жоқ, — деді.


— Мұныңыз бір жаңалық екен. Онда кісі өлтірушіні не деп атаймыз?


Бұл сөз Темірдің шымбайына батып кетті. Бірақ ол жаны қанша ауырса да төзуге бекініп келген болу керек, қанша қиналса да қайсарланып, өзін-өзі тез тежеп:


— Құлақ сал да, тыңдай біл, — деді де, сөйлей жөнелді. — Неге екенін білмеймін, сені естіген сәттен бастап елді көру арман болып, көрсем деген бір аңсау көкейімнен кетпеді. Көріп қана қайтайын деп төрт күн бойы жалындым, қанша қақсап жалынсам да, «сенің барар елің жоқ, енді қайда бармақсың» деп қайыспады нағашым. Оның бұл сөзінен өзімнің ең бақытсыз жолда жүргенімді сезіп, бесінші күні болғанда елге қарай қашып едім, нағашым қуып берді. Екеуара бір мылтық болатын, ол менде еді. Атайын десем қимаймын, атпайын десем мінезі белгілі, ол мені қияды. Екі аттың сыры екеумізге де мәлім, оның астындағы ат еті қызғаннан кейін жетпей қоймайды. Жетсе болды, мен өлдім. Соны ойлап қорыққанымнан «жан керек болса қайт!» деп едім, ол онан сайын өршеленіп атына қамшы баса түсті. Амал жоқ, мылтықтың аузын кейін қаратып, көздеместен бір бастым да жөнеле бердім. Бір кезде артыма қарасам нағашымның аты келеді, өзі жоқ. Ұры болса да он жыл асыраған адам ғой, қайта барсам, ол Қызыл ала қан болып өлім халінде жатыр екен. Мен естен танып аттан құлап түстім. Міне, менің бар қылмысым.


Сәуле жаңағы қатқыл сөздерді әдейі оны ашындырып байқау үшін айтқан еді, енді ондай сөз таба алмай, ұяла күлімсіреп:


— Сіз сол үшін сотталдыңыз ба? — деді.


— Сол үшін деуден көрі, сен үшін десем дұрысырақ болар. Өйткені мен оны саған жету үшін, елге жету үшін өлтірдім ғой. Есіңде ме, сол күні мен сіздің үйге бір келіп кеттім ғой.


— Иә, есімде.


Ол осы бір ауыз сөзді жүректің терең түкпірінен толғана тартқандай аса жылы айтып еді, Темірдің жүрегіне «мәңгі есімдесің» дегендей болып сезілді. Сонда да ол сабыр таба біліп, қалпын жөнді өзгертпестен:


— Бірақ, сендер менің кім екенімді білмеген едіңдер, — деді шаттана күлімсіреп. — Нағашым сені айдың қиығынан жаралған болар деп мақтаушы еді, сол күні сен маған күн секілді көріндің. Сол күнгі нұр сәулетті Сәуле қайда жүрсем де көз алдымнан кеткен жоқ. Сол күні жүрегіме түскен отың қайда жүрсем де сөнген жоқ. Бүгінгі күні алдыңа әкеліп отырған сол бір күнгі жалының... Иә, мен, сотталдым. Бірақ, сот он жылға кессе де, Жоғары сот мені алты айға жеткізбей ақ босатып жіберді. Өйткені, мен оларға арыз жаздым. Дұрысында арыз емес, он сегіз жылдық өмірімді жаздым. Өскен ортамды, көрген тәрбиемді, істеген қылмысымды жаздым. Мен өлтіргенде кімді өлтірдім. Келешегімді кеспек болған кеселді, бақытымнан айырған сорды өлтірдім. Мен қайдан қайда қаштым? Жаманшылықтан — жақсылыққа, бақытсыздықтан — бақытқа қаштым. Егер де мен оны істемесем, не сол күні елетін едім, не сол ұры нағашымның соңына еріп өмір бойы бақытсыз өтетін едім. Егер әке-шешеден жеті жасымда жетім қалып, ұры нағашымның қолында өспеген болсам, ондай күйге түспеген де болар ем. Мен соны жаздым. Осы шындықты айтқаным — мені құтқарған.


— Сонан бері қайда жүрдіңіз?


— Еркіндікке жеткен қуаныштың үстінде: өкімет мені не үшін есіркеді. Мүмкін, менің жетімдігімді ескеріп есіркеген болар. Мүмкін, менің келешегімнен үміт еткен болар, мүмкін, сүйген Сәулемнің теңі болармын деген ойға келдім де: жас шағымды сол үмітті ақтау жолына бағыштап, өнер іздеп кеттім.


Ол соны айтып, Сәуледен жылы жауап күтіп, сәл кідірді де:


— Әлдекімді зарыға күткендей жаның күрсінуде ме қалай өзі? — деді.


Темірдің осы үйге алғаш келіп кеткенін естігенде ақ алдында осы сұраудың тұрғанын Сәуле сезген еді де, онан құтылар жауапты шындықтан ғана тапқан еді. Темірдің қазіргі түнере қалған айбарын көріп түйткілденсе де сол беттен қайтқысы келмей:


— Мүмкін, — деді тайсалмастан.


— Онда соны ести отырайық, ол кім еді? «Сәуле» деген атыңды қараңғы кегіне таң етіп, жүрегіне нұр еткен Темір ме ол күткенің, әлде басқа ма?


Темір соны айтып Сәуледен тағы да жауап күтті де, онан жауап қайта қоймаған соң ширыға түсті.


— Соғысқа дейінгі Сәулені сәулетті күйінде деп естігенім бар еді... Әлде мынау лағнат соғыс кейбір санасыз әйелдер секілді сені де арзандатып жіберген бе, қалай өзі?


Сәуле бар ашуымен жалт етіп еді, Темірдің өңінде бір тамшыдай да қан қалмай, сұрланып кеткен екен. Соны көріп ашуын тез тежеп алды.


- — Бір көріскен ағадан мұндай ащы, ауыр сөз естимін деген жоқ едім. Әттең ағаны сыйлайтын әдетім жібермей тұр еркіме, әйтпесе сөзіңіздің орайына түріңіз жаңарғанмен, жүрегіңіздің де әлі ескі екенін жасырмастан айтар едім, — деп еді, Темір сыры белгісіз бір суық күлкімен мырс етіп.


— Жараңның аузын ашқан болсам айып етпе, сүйіктім. Сыпайылықты ұмытып қалыппын. Сөзім дөрекі, мінезім ожарлау екенін өзім де сеземін. Егер ағат сөздер айтылып кетсе бір сапарға кешіре сал! Жаныңа жақпас мінезім болса, бір сапарға көз салмай кірпігіңмен сыпыр да, табаныңмен таптай сал. Сонымен бірге үңіле қарап, терең бойла! Менің жүрегім жаңалықтың не екеніне түсінбей, жаңа боламын. деп бола алмай жүрген, жаны саяз кейбір жалынсыз жандарға ғана ескі көрініп жүрмесін, — деді.


Осы сөзінен Сәуле Темірді түгел танып болған секілді. Әсіресе оның асқақ ойына іштей сүйсінін «білектің ғана емес, жүректің де батыры ау» деген көңіл - хошын да айтып салды. Ішінен солай дей тұра әлі де сыр бергісі келмей қатал жүзбен Темірдің көзіне көз тікті. Темір қазір самғай бергісі келетін жарау бүркіт секілді сөзге іркілер емес.


— Жаламен жарақтанып жан сауғаламай ақ қойсаңыз еді. Ондай сөзді айту үшін алдымен жаны таза адам қандай болатынын біліп алғаныңыз жөн болар, — деген Сәуленің өзгеше бір тәтті назына:


— Жоқ, сүйіктім, таза жанды қыздарға жала жауып махаббат тәңірісінің алдында жазалы болар жайым жоқ, — деді Темір шалқи Сөйлеп,- — Ал «қыз» деген қызықтың гүлін бүлдіріп, өмірлік жарына өзгенің сілемесін апарып сыйлайтын кейбір қыздар үшін мені жазаласа ол тәңірдің өзі де оңбас.


Екеуі біріне-бірі жалына қадалып үнсіз отырып қалды.


— Иә, тағы да айтарыңыз бар ма? — деді Сәуле бұрынырақ үн қатып.


— Бар... ендігі айтарым сол — он жылдан бері жүрегімді езген ауыр дерттен енді мүлдем айықпақпын. Бұған не дейсің?


— Тілектеспін, айығыңыз. Менің дейтінім сол ғана.


— Ылаһи амин! Ақ Сәуленің ақ ниетінен шыққан тілек болсын деп мен де тіледім.


— Шындықтан басқа сенерім де, сүйенерім де жоқ менің. Шын тілегім сол.


— Шындыққа мен де бас ұрдым. Бірақ, мен сен жиіркенетін күнәнің бәрінен де арылып, алдына келіп отырмын, дәл бұны, сірә, тілемеген боларсың.


— Тілемесем де күнәдан арылғаныңызға ризамын. Майданға барып абыройлы қайтыпсыз, оныңызға шексіз қуанам. Мұнан да абыройлы, мұнан да бақытты болуыңызға өмір бойы тілектеспін. Менің қашан да болсын айтарым осы.


Шіркін жүрек сөзінің жұлдызы қашан да биік ау, Сәуленің жаңағы жанымен айтқан сөзі — өзін көңіл көгінде жалғыз самғап жүргендей сезініп асқақтап отырған Темірді егілдіріп жіберді.


— Мың қабат алғыс саған, Сәулешім, — деді елжірей сөйлеп. — Менің бұл жалғанда табынар тәңірім бір ғана сен. Алдымдағы бақытымның да кілті сенің қолыңда тұр.


Сәуленің есіне Нұрлан түсті де Темірге қадалып отырған көзі тез тайқып кетті. Өзін тағдырдың тәлкегіне салған оның қайғысы да жүрегін қысып жіберді. «Соның жауға беріліп кеткенін естіп мені мазақ еткелі келдің» деп ішінен өмірді де біраз лағнаттап алды, осы ой оның жанын жеп жіберді. Бірақ өзіне айтар үкімінен қайтқан жоқ, сондықтан айтар жауабын іркілместен айтып салды.


— Ол кілтіңіз жоғалған кезде келдіңіз ғой, — деді ақырын ғана күрсініп.


— Ах, солай де!.. Алыстан тілеп ұшсаң да тағы да жер соқтың де. Жөн-жөн! Жаңа түсіндім, жаңа сездім сырыңды. Өшпейтін от, өмір бойы жазылмайтын жара салған екенсің жаныма, енді білдім. Мен бақыт жолын сені сүйген махаббаттан тапқан едім, сондықтан кек сақтамауға тырысармын, бірақ ешбір жанды дәл сендей сүйе алатын емеспін, сондықтан бұл қасіреттің уы не өзімді, не өзге біреуді жазым етуі мүмкін, оны да жасырман.


Ол сөйлей бастағаннан Сәуле басын сүйеп стол жанында үнсіз отырып қалған еді; Темірдің соңғы сөзінен кейін жаны ыршып түсті.


— Әлдекім үшін жаныңызды неге жаралайсыз?


— Сен маған әлдекім бе едің? — деген Темірдің даусы тым зілді шықты. — Қате айтасың! Әлдекім үшін жанын азапқа салатын мен де есуас емеспін. Өмір мен өлім айқасында жеті мың метр биікте жүріп жау самолетіне атқан тұңғыш оғымды да, көк жүзінде жараланып жүріп атқан соңғы оғымды да «Сәулем үшін», «Отаным үшін» деп атқанмын. Көктен құлап естен танып жатқанда да «Сәуле» деп жатқанмын. Өткен өмірімнің өткелдеріне көз салсам нелер асудан асыппын. Соның бәрінен ең алғаш алып ұшқан қанатым сен екенсің ойласам. Енді қанатым қайырылған болса қайда барып құламақпын?


Екеуі де аз уақыт үнсіз отырып қалды. Темір Сәуленің жауабын күтуде. Сәуле не айтарын білмей қиналуда.


— Темір аға, — деді сәлден кейін, — сіз маған қанша ашулансаңыз да, мен сізге бір ауыз қатты сөз айта алатын емеспін... Тек, мен үшін де, өзіңіз үшін де бір нәрсені қатты ескеріңіз. Әкелеріміз Қарабай мен Сарыбайдың жолын қуған екен деп өзіміздің кім екенімізді қай заманның адамы екенімізді ұмытып кетпейік, бар айтарым сол ғана.


Сол кезде телефон сылдыр етіп еді, Сәуле тыңдағысы келмей ұзақ отырып барып түрегелді. Темір өзінің соңғы сөзінің оған қандай эсер еткенін осы қозғалыстан сезіп отыр. Қазіргі сәтте Сәуленің бұрынғы сыңқыл қағатын сұлу үні де жоқ. Телефондағы адаммен де жөнді сөйлесе алмай қысқа амандасты да, трубканы темірге ұсынды.


— Темір аға ,сізді қалалық партия комитетінің секретары сұрайды.


Темір сағатына қарай салып трубканы алды да:


— Мен тыңдап тұрмын. Иә, Темір Петрович мен. Жұрт жиналып қалды ма? Мақұл, қазір жетейін, қазір.


— Ағай, Петрович аталуыңыз қалай? — деді Сәуле оған таңдана қарап.


— Ол — өсірген әкемнің аты. Жазадан құтылып қайтқан жолымда самолет жасайтын бір заводтың инженер! Петр деген кісімен таныстым. Өзі Қазақстанда туып-өскен, қазақ тілін жақсы білетін адам екен. Ол Қазақстан жайын сұрап еді, мен білмеймін дедім. Оған ол таңданып қалды. Осыдан кейін екеуміздің әңгімеміз басталып кетті де, мен барлық жайымды жасырмастан оған айтып бердім. Сол-ақ екен, ол кісі: «Мен сені ұшқыш етіп шығарайын, маған бала боласың ба?» — деді.


Мен ойланбастан боламын дедім. Ойлансам да бұдан артық ақыл таба алмас едім. Оқуға да, өнерге де жеткізген сол кісі. Темір Петрович Сайдаков аталуымның тарихы осы.


— Мұныңыз да бір тамаша екен.


— Мен стахановшылардың қалалық жиылысында сөйлемекші едім, — деді Темір жерде жатқан таяғын ала бере үн қатып. Оны не үшін айтқанын өзі де сезген жоқ, есікке қарай бір аттады да кілт тоқтай қалды.


— Сәулеш! Осы үйге келуім қиын болып еді, кетуім онан да қиындап тұр. «Қош» деген сөзді айта алар ма екенмін, сірә? — деді.


Сәуле үнсіз жақындап келіп қолын ұсынды:


— Қымбатты Темір аға! Сыртыңыздан қанық едім де, танып едім, тая баспай дәл тапқан секілдімін. Жандай жақын жары бар, жардай қымбат досы бар бақытты бір жан болайын. Өмір бойы аға тұтып құрметтеп етейін сізді, беріңіз осы тілегімді.


Темір ұзақ қадалып тұрып басын шайқады да:


— Жоқ, сүйіктім, — деді күрсіне сөйлеп. — Мен манадан бері не айттым. Соған ойлана қарасаң мендегі жан сырына өзін де түсінерсің.


Ол соны айтып Сәуленің қолын кеудесіне бір қысты да «қош» деместен ақсаңдай басып шыға жөнелді.


Сәуле оның соңынан ұмтыла түсіп барып, дір-дір етіп кейін шегінді. Не үшін ұмтылғанын, не айтқысы келгенін өзі де сезген жоқ. Дәл осы арада Темір атып кетпек болса да жаңағыдан басқа айтар сөзі де жоқ еді. Темірдің нендей ойға түйіліп кеткенін де сезген жоқ, теңселіп барып отыра кетті.


Перизат Темірдің даңқына сырттай мас болып, оның осы үйге келуін аңдуда еді, сірә Темір көз салмастан өте шыққан болу керек, іле кіріп келді:


— Сәулетай ау, мен осы есіктің алдында бір керемет жігітке кездестім, әлгі қыз біткеннің сілекейін шұбыртып жүрген Темір дейтін батыр осы ма?


— Иә, сол... Қалай екен? — деді де, Сәуле терезеге қарай жүріп кетті.


— Қалай екенін сонан өзің байқай бер, мен оны көрген жерде шалқамнан түсе жаздадым.


Сәуленің «шалқаңнан жата кетпегеніне тәубе», дегісі келіп еді, оны айта алған жоқ, тек ақырын күрсінді де:


— Иә, ол менен бақыттырақ қыздың бірің бағына туған жігіт секілді, — дей салды.


Перизат терезенің жақтауына сүйеніп мұңайып тұрған Сәуленің қасына барып, иығына асыла бере радиодағы әнге құлақ салды.


— «Ардақ». Ардақты Нұрлан салатын «Ардақ». «Ардақты» деппін ау, бұлай дегенімді естісе ғой Мырқал ағай мені де сендей етіп сорлатады.


Сәуле оған көз қиығын бір тастады да бар ызасын ішіне жиып алды.


— Сен білесің бе, Перизат, өмірде өзгермейтін не бар?


— Өзгермейтін түк те жоқ.


— Менімше, бар сияқты.


Өзгермейтін өмірде не барын Перизат білгісі келіп еді, оны Сәуле айтқан жоқ.


— Өзін сондай біреуді көрген секілдісің ғой, әлде жаңағы Темір әлі өзгермеген бе?


— О, ол өзгергенде қандай. Ақ қар, көк мұзды құз жартаста түлейтін қыранның тас түлегі де мұндай түлемес. Ойлап қарасам оның жұтқаны жалын, құшқаны жалын, сондықтан өзі де жалыннан жаралғандай. Ондай адам қалай түлемесін.


— Өзің оған ғашық болып қалғаннан саусың ба? — деп Перизат қармақ тастап еді, Сәуле оның арбап тұрғанын сезсе де өзінің адал сырын жасырмастан айтып салды:


— Иә, мен оған жаңа ғана ғашық болдым, бірақ ол біздер білетін ғашықтықтардан басқарақ, барлық ғашықтықтан қымбаттырақ бір ғажап... иә, ғажап...


— Өзі бір сәнді жігіт екен, — деді Перизат тамсанып.


— Сәнділік жағынан ешкімнен кем емес, намысы да мол екен, достық жүрегін ұынып едім, қайсарланып иілмей кетті.


Бұлардың сөзін Баян бәйбіше келіп бөлді. Шешесінің мұндай күйінгенін Сәуле бұрынды-соңды көрген емес еді.


— Апа, не болды, апатай! Әлде... — деп сөзін толық айта алмай қасына жетіп барды.


— Қайдағы бір көк соққан қызды қайдан әкеліп жүрсің осы. Тула бойы толған кесір, жоғалт көзін, көзіме күйік қылмай. Әттең Дулатымның жоқтығы ғой, әйтпесе...


— Апа! Айтар ашуыңыз сол ғана болса, менің айтарым да қысқа. Жалғыздыққа жаным үйренер емес. Мені қандай көрсеңіз, енді Шекерді де сондай көретін болыңыз.


Баян бәйбішенің ашуы ұзаққа бармайтын еді, бұл сапар тіпті қысқарып кетті. Сәуленің өңінен әлденендей ауыр мұңды аңғарғандай болып көзін ала алмаған күйі орындыққа отыра бере:


— Қойдым, күнім, қойдым онда! Сен жалғызды ренжіткенде аймалайтын кімім бар менің? Бірақ. оның өзіне де айтып қой, кісінің ызасын келтірмесін.


— Ол не жазды?


— Қызық өзі. Әлгіде мен ас үйде саған ренжіп, бірдеңені айтып отырсам, ол қараптан қарап отырып сақ - сақ күледі. «Ей, шалық шалды ма, неге күлесін?» десем «үлкен әжем марқұмның бір сөзі есіме түсіп кетті» дейді. Ол не сөз десем: «көмір мен кемпірдің мінезі егіз туған екен. Көмір өзінің бір кезде ағаш екенін ұмытып тастай сірессе, бір кезде өзінің қыз болғанын ұмытқан кемпірлер де сол сияқты» деп қарап отыр.


— Иә, сонсоң сіз оған не дедіңіз? — деді Сәуле күлімсіреп.


— Не дейін, ыза болып шақыр Сәулені деп едім, павес дей ме, не дейді, соны жазып бере қойыңыз, шақырайын деп ызамды келтіреді.


— Ызаңыз не істетті? — деп Сәуле қадала түсіп еді, Баян бәйбішенің тілі күрмеліп қалды.


Ол сөзін аяқтағанша болған жоқ, біреу сабап - сабап жібергендей иығы салбырап, сүмірейіп аяғын сүйрете басып Шекер келді.


— Е, саған не болды? Өзіңді біреу сабап жібергеннен сау ма?


Шекер өзіне қарай ақырын жүріп келе жатқан Сәулеге де қараған жоқ.


— Тәте, мен бұл үйден кететін болдым.


— Неге?


— «Кет» дегенде ит те кетеді ғой.


Сәуле шешесіне жалт қарады да, қайтадан Шекерге бұрылып кетті.


— «Кет» деген кім?.. Неге үндемейсің?


— Әлгі бір Сайран дейтін саппас.


— Сайран? — деді Сәуле оның өтірігіне алданған болып, — оның сенде несі бар?


— Түгі де жоқ.


— Түгі де жоқ болса сен оның тілін неге аласың? Темірдің тілін алып, жалғыз қызы маған кет дегені үшін жаңа мына шешең екі ауыз ән салды, менен басқаның тілін алғаның үшін сен «Әсетті» айтасың, ұста мына домбыраны.


Сәуленің осы сөзінен Шекер бәрін де ұқты. Ең алдымен өзі айтқан Сайранның сылтауы өрге баспай қалғанын сөзді де, Сәулені құшақтай алды.


— Тәтетай ау, мен оны Сайрандай сала алмаушы едім, ол дауысымды естіп қойса мазақтайды ғой.


— Сайран сені мазақтайтындай халге әлі жеткен жоқ, бәлсінбей айта бер.


— Өтірік айтсам кемпір болайын, шынында мен «Әсетті» айта алмаймын.


Оның «кемпір болайын» дегені Баян бәйбішеге бір қарғыс сөздей сезілді де:


— Не дейсің, ей көк соққан?! — деді.


Шекердің оған айтары болмай қалды да, домбыраның құлағын бұрамастан оны құшақтай алып, «Әсетті» шырқай жөнелді.


Шекердің даусы шынында тамаша екен. Жан тербетер мұңлы сазымен «Әсетті» аңыратып қоя беріп еді, көшеде өтіп бара жатқан ел де тыңдап тұра қалды. Ол ән салып тұрып та ойнақы мінезін қойған жоқ, қайырмасына келген сайын Баян бәйбішені бір құшақтап қойып төрт ауыз әнді салып шықты. Ол соңғы рет құшақтағанда Баян бәйбішенің өзі де оны құшақтай алып:


— Келші, Әсеттік аруағы үшін маңдайыңнан бір сүйейін, — деп еді, Шекер бетін алып қашып:


— Жоқ, салған әнім өлген аруақ құрлы болмаса маңдайымды несіне қор қылам. Алдымен айтыңыз, кім үшін? Әнім үшін бе, жоқ аруақ үшін бе? — деді.


— Әнін үшін.


— Ә, онда жөн, — деп маңдайынан бір сүйгізді де, өзі де Баян бәйбішені сүйіп алды... — Өзі әріден ойлайтын ақылды кемпір. Бар айыбы тым уайымшыл.


— Ау, сені кім шақырды? — деді Шекер кіріп келген Сайранға аңыра қарап.


— Сен шақырған жоқ па едің?


— Сені алты емшектің қыздары мен жалқаулықтың жесірлері шақырмаса басқа кім шақырсын.


Сайран оған қолын бір сермеп:


— Сенімен тәжікелесіп тұруға уақытым жоқ, — деді де Сәулеге қарап, — сізді Абзал ағай шақырады, — деді.


— Қайда? — деді Сәуле таңдана қарап.


— Өзінің үйіне.


Обком секретарының Сәулені өз үйіне шақыруы Перизатқа оқтан кем тиген жоқ. Ол у жұтқандай тұла бойы дір ете қалып, ыршып түсті де:


— Бар, бар, мен участкеңді басқара алатын емеспін, өз орныңды қайтадан сұрап ал, — деді көгере қалған ерні дір-дір етіп.


Сәуле оның сол көгере қалған көк ернінен қап-қара жүрегін де көрді, бірақ үндеген жоқ.


ОНЫНШЫ ТАРАУ


1


Тайманның үйіндегі әңгіме ұзаққа созылып кетті. Дәл қазір дәреженің үлкен-кішілігін еске алған да .ешқайсысы жоқ. Бірін бірі теңдес көріп, ойдағыларын ортаға ашық салып жатыр.


Олардан өзін оқшау ұстаған Сайран ғана. Абзалдардың дастарқаны басындағы сөздеріне де жөнді құлақ қойған жоқ. Олар дәмдерін ішіп болып, кабинетке кірісімен домбырасын алды да, өзінің бір айдан бергі құтты мекені болып кеткен диванға барып жантая кетті. Ондағы ойы Шекерге арнап бір-екі ауыз өлең шығару. Сол екі ауыз өлең оның сәті түспей жүрген көп армандарының бірі, күн сайын жұмыстан келе домбырасымен бірге күңіренетін де:


— «Шекер, Шекер, — деп қайта-қайта қақсайтын. Қақсайтын да, — жоқ, әлі алыс жатыр», — деп тастайтын. Бүгін олай емес, домбыраны ала сала безілдетіп?


Шекер, Шекер, ай сұлу


Сенен асар қай сұлу


Сен бір жалын қызыл шоқ


Жүрегіме салдың от, -


деп сайрай жөнелді.


Осы кезде есік жақтан Шекердің:


— Байғұс ай, бұл сөздерді қай кітаптан ұрлап алдың екен? Ақырын, үзіліп кетерсің, — деген даусы шықты.


Сайран мұны күткен жоқ еді, ә дегенде өз көзіне өзі сенбей, аңырып сәл кідірді де, бар шаттығымен қуана түрегелді.


— Шекержан ай, егер ұрлай алсам бүкіл жиһандағы барлық атақты ақындардың асыл өлеңдерін саған арнап айтар едім ау.


— Ол үшін басқарақ болып шешеңнен қайта тууын керек қой, — деп Шекер мырс етті де, кенет салқын қанданып бұйыра сөйледі. — Сөзді қой да, бар, тәтемді шақырып кел!


Сайран оның әміріне шахтада көнсе де, үйде көнгісі келмей:


— Мемлекеттік маңызы бар мәселені кеңесіп отырған адамды шақыратын кім? Мен бе? Жоқ, мен ондай ақымақ емеспін, — деп қырсауланып еді, Шекердің:


— Аз күнде мұндай ақылды бола қалсаң қуанамын, — деген сөзі ол құрсауды тез жазып, жадыратып жіберді.


— «Қуанамын» деген сөзің неткен тәтті еді, Шекержан, — деп Сайран жақындай түсті де, Шекердің кірбие қалғанын көріп кілт тоқтады.


Шекер өзіне күбірлеп тұр.


— Шынында, тәтемді қазір шақыруға болмайды, шақыр деп шешесі мен Темір болмайды, енді қайттім?


— Темір? — деді Сайран оның бетіне таңдана қарап. — Ол қайда?


— Біздің үйде.


Сайран сәл ойланды да:


— Жоқ, Сәуленің оған көрінбегені жөн. Ол кемпірдің жанында отыра беруге шыдамы жетпейді де кетеді. Онан да сен Абзал ағайдың Алматыдан әкелген жаңалықтарын тыңда! — деп Сайран Шекерді Қарағанды халқынан үйренген жаңа өнегесі бойынша қолтықтап апарып диванға отырғызды.


— Ол не жаңалық? — деді Шекер диванға отыра беріп.


— Әзірлене бер. Біріншіден: Мирон қарттың комбайнына облыс басшылары да көмектесетін болыпты.


— Онда тез бітеді екен ғой, — деді Шекер қуанып.


— Тез біткенде қандай, сен де тез үйрен. Ол бітісімен екеуміз көмірден тау жасаймыз... Екіншісі де жаман емес, қуана бер.


Соңғы сөзді айтқанда Сайранның көзі оттай жайнап кетті. Шекер де ынтыға түсіп:


— Ол не? — деп еді:


— Ол ма, ол — ол сен секілді бойжеткен қыз бен мен секілді боз бала жігіттер бүгіннен бастап бойдақ жүрмейтін болыпты. Сірә, бүгін сен екеумізді қосатын болар, — деді беті шылп етпестен.


— Не дейсің? — деп Шекер отты көзімен қадала тұра бастап еді, Сайран жалбарына жапырылып, оны ұстай алды.


— Ағат болса кешір, Шекержан. Неге екенін білмеймін, айтарға келгенде саған лайық бір сөз таба алмай, не жүрегім дүрсілдей жөнеледі, не өзім естіп сандырақтай саламын.


— Мұнан былай сандырақтаушы да болма, жүрегіңе де маза бер, — деп Шекер зілдене сөйлесе де, Сайран тыңдамастан:


— Менің жүрегім өзіңсің, — деп үздіге түсті.


Ол өзінің көптен бері ойлап, екі күннен бері сайлап алған тәтті сөздерін қазір түгел төкпекші еді, кабинеттегілер келіп қалып, бөліп жіберді.


Ең. алда келе жатқан Мирон Павлович ойланған кездегі әдетімен көзін сығырайта сөйлеп келеді:


— Сіздің бұл сөзіңізден мен ерліктің кілті достықта екенін ұқтым ау, Абзал Тайманович, — деді басын қайта-қайта изей сөйлеп.


— Ол ғана емес, — деді Абзал бір қолын иығына салып, — біздің елдің ең берік қамалы да сол достық. Фашистер біздің талай тас қамалымызды бұзып кетті, бірақ достығымызды бұза алған жоқ. Қайта біздің елдің достығы шыңданған сайын шымырай түсетін болат темірдей шыныға түсті.


Ол, ақырын жылысып келіп Сәулеге әлденені сыбырлап тұрған Шекерді байқап қалды да:


— А, қарындас, шахтаға үйрендің бе, халің қалай? — деді Қолын ұсынып, Шекер жауап қатқанша болған жоқ.


— Мұның халі шошқадан да семіз, — деп Сайран киіп кетті. Шекер ұяла күлімсіреп, мырс етті де:


— Онысы рас, менің халім мұның тасбақа халінен тәуір, — деп Сайраннан басқалардың күлкісін ду еткізді.


Сайран айтарға сөз таба алмай, Шекерге қылмия қарап тұрып қалды.


— Шекердің сөзінен сенің әлі керенау екеніңді ұқтым. Ал сенің сөзіңнен ештеңе түсіне алмай тұрмын, — деді Абзал Сайранға күле қарап.


— Әнеугүні өзіңіз келіп орнатқан жаңа тәртіптерді еске түсірсеңіз, менің сөзіме де түсінесіз.


— Оның қайсы? Жаппай жарысу ма?


— Жоқ.


— «Жарыс» деген сөздің өзімен ош бұл! Норманы артық орындағанымыз үшін алатын ет пен май мұның арманы, — деп Шекер Сайранды тағы бір түйреп қалды.


— Шекержан, сен мұны көп қажай берме, сен алған жүлдені кешікпей мұның да алатын түрі бар, — деп Сайранды Тайман жақтап еді:


— Жүлдені алса ала берсін. Сен жеткізбеген күйі алға кете бер! — деп Абзал Шекердің арқасынан қақты.


— Көрерсіз кімнің алға кеткенін, — деп Сайран домбырасын ызалана бір қағып қалды да, қоя қойды. Абзал оған:


— Жеңгең шаршады білем, жүрші, екеуміз шай әкелейікші, — Деп еді, ол:


— Сіз өйтіп ағалық тәртіпті бұзбаңыз, — деп Сайран Абзалды орнына отырғызды да, Шекерді ала жөнелді. — Жүр, маған көмектесіп жібер.


Ол екеуі шай әкелген кезде манадан ой нысанасын алысқа жіберіп, көзін сығырайта қарап отырған Мирон Павлович әлденеге сүйсіне үн қатқан еді.


— Ғажап, ғажап! Ойлаған сайын біздің елдің ғажап екенін көре түсесің, — деді ол алдына келген шайды ала беріп.


— Иә, ғажап ел. Оның қаһарындай қаһар, оның намысындай намыс, оның талантындай талант ешбір елде жоқ. Соның бір куәсі сіздерсіздер. Сіздер ертеңнен бастап жаңа заманның жаңа құралын жасағалы отырсыздар. Бұл бүгін жауды жеңуімізге қандай көмектессе, ертең өмірімізді өркендетуге де сондай күш беретін ғажап құрал. Сондықтан, сіздер бұған бір кісідей жұмыла кірісіңіздер, ол үшін алдымен адал достық керек, достық күшті болса бәрін де жеңесіздер де, бар мақсатқа жетесіздер.


Сайран Шекердің алдында өзін бір көрсетіп қалғысы келді ме қалай:


— Бұл үшін обкомның да көмегі керек болып тұр - ау, Абзал аға?! — деп тағы да киіп кетті.


— Обкомның көмегі әзір, — деді Абзал Сайран мен Шекерді қанатына алып, — ең үлкен көмек сен екеуіңнің бұл машинаны осы бастан үйрене бастағандарың. Бірақ, өздерің ғана үйреніп қоймай, басқа жастардың да үйренуіне көмектесіңдер.


Сайран сенбегендей түр көрсетіп, Абзалдың бетіне қарай қалды.


— Өзіміз біреуден үйреніп жүріп, біз кімді үйретпекпіз?


— Үйрену бар да, үйрене жүріп басқаға үлгі болу бар. Мұндағының көпшілігі сендер сияқты өндіріске жаңа келген жастар, соларға үлгі болыңдар.


— Қолдан келсе аянбаспыз.


Шекер басқалардың көзін ала бере оны ақырын түртіп қалып, күңк етті:


— Ол саған айтылған сөз емес қой, неменеге жалбақтай бересің?


Абзал Шекерге ұзақ қарап алды да:


— Егер мен осы шахтаның бастығы болсам, Шекер қарындасты әйелдер бригадасына бригадир етер едім, — деді.


Бұл сөз Шекерді қуанта қойған жоқ, қайта шошытып жіберді.


— Тәтемнің орнына ма? — деді ол үрейлі дауыспен.


— Иә, тәтеңнің орнына.


— Тәтемді қайда жібермексіздер?


— Ол өзінің бұрынғы орнына баруға тиісті.


— Мен үшін ағаңызбен араздасып қайтесіз? — деді Сәуле салқын қанданып. — Комбайнның макетін жасай берейін. Мырзекеңдей бастықпен алысқаннан гөрі темірмен алысқаным жөн болар.


Абзал Сәулеге тұңғыш рет осы арада суық қарап, тұрып кетті. Оның:


— Ұят, Сәулеш, ұят! — деген үні де ызғарлы шықты. — Өңкей ерке әйелдерді жауынгер солдатқа айналдыра алған адамның Мырқал сияқтылармен алыса алмауы өте ұят.


— Істер лажым болмаса қайтейін?


— Лажың неге жоқ? Партия мен Үкімет орындары қайда? Оларға неге айтпадың, неге бұздырмадың ол бұйрықты.


— Шырағым ау, теріс болса келдің ғой, жөндесеңші. Бұйрықты берген өзіңнің ағаң, бұз өзің, — деді Тайман өзінің әдеті бойынша әр сөзін балғамен ұрғандай нық-нық тастап.


— Әке, ондай бұйрық кімдікі болса да бұзылады.


— Сөйт, шырағым, менің де тілегім сол, — деп Тайман аса бір әкелік ыстық сезімімен Сәулеге мейірлене қарап еді, Абзал оған іштей таңданып қалды. Бірақ қанша қадалса да әке сырына көзін жеткізе алған жоқ, сол екеуіне қарай тұрып сөйлеп кетті.


— Солай, Мирон Павлович! Қиын екенін мен де біліп отырмын, бірақ Сәуле кеткелі ол участка жоспарын екі ақ күн орындапты. Комбайн үшін сізді босатсақ бұл шахтаның қайтадан кейін кеткенін сонан ақ байқай беріңіз.


Мирон Павлович не дерін білмей:


— Қиын, қиын, — деп өз тізесін өзі ұрғылап, аз отырды да, — әрі жұмыс істеп, әрі комбайнды тез бітіруге біздің шамамыз келер емес. Қызым, сен не дейсің? — деді сөз салмағын Сәулеге тастап.


— Мен не дерімді біле алмай отырмын, — деді де Абзалға иіле қарап. — Соңғы күндері Перизат та жаман емес, участкені әзірше сол басқара берсе қайтеді? — деді комбайннан айрылғысы келмей. Бірақ ол Перизаттың атын атаған кезде екі қарт қолдарын бірден сермеп кеп қалып еді. Сәуле өзінің бұл сөзді ағат айтқанын сонда ғана сезіп, ұялғанынан төмен қарап кетті. Бір жағынан Сайран да қарттардың ойын дәлелдей түскісі келгендей қабаттасып:


— Абзал аға! Сізге бір сұрау. Бұлбұлы жоқ елдің қарғалары бұлбұл болып сайрайтыны рас па? — деді.


Абзал оған күле сөйлеп:


— Қарғалардың бұлбұлмын деп ойлауы мүмкін, бірақ ол бұлбұл бола алмайды. Оны не үшін сұрадың? — деді.


— Ендеше, бұл да тап сондай. — Перизаттың Сәуледей болуы да мүмкін емес.


— Өте дұрыс айттың, Сайраным, — деп Мирон Павлович ойлана түрегелді. — Сауданы қояйық, қызым. Күндіз шахтада істесек, түнде мұны істейміз. Осы ғана менің ендігі айтарым.


Ол соны айтып, қоштасқалы Абзалмен қол ұстасып еді:


— Әй, кәрі қыраным ай, қанатын бір ақ қақты ау. Мен де тілек тіледім, — деп Тайман да келіп сарт еткізді.


— Іске сәт, — деп Шекер де қолын сарт еткізіп еді, онан қалысқысы келмей:


— Менің де айтарым сол, — деп Сайран да қол соқты.


— Бәрімізде бір ғана тілек. Отан тілегі болсын, — деді Сәуле.


— Партия бізге қандай сенсе, біз де сондай сендіреміз. Жүр, қызым.


Олар қош айтысып кете берген кезде Сайран Сәуледен көзін ала алмай тұрған Тайманның бетіне үңіле қарап:


— Орыстың өзіңіздей шалын көрдіңіз бе, құдайдың да қолынан келмеген кереметті оп-оңай келтіргелі жүргенін, — деді.


— Сен де көрдің бе, қазақтың қаршадай қызының қандай екенін... Сөзді қой да жүр, ұйықтайтын уақыт болды.


Олар төбедегі шамды сөндіріп, өздері жататын бөлмеге кетті де, Абзал өзі жоқ кезде. жиналып қалған газеттерді қарап, жалғыз отырып қалды. Аздан соң есіне әлдене түскендей атып тұрып барып телефонды алды да:


— Маған Орловтың үйін беріңізші, — деді, — Александр Данилович, сізді мазалап тұрған Абзал. Сіз ертең біраз уақытыңызды бөле аласыз ба?.. Иә, сол комбайн жайында. Соған арнап бір үлкен мәжіліс өткізсек деп едім. Үмітім зор... Әрине, сенімдімін. Бірақ ұзаққа созылып кететін түрі бар, сондықтан көмек дегенді аямауымыз керек сияқты... Мақұл, мақұл... қайырлы түн...


Оның сөйлесіп болып диванға жантайғаны да сол еді, біреу есік қақпастан кіріп келді. Стол үстіндегі лампаның жарығы жетпей, есік жақ ала көлеңке болатын. Абзал күңгірт жерде тұрған кісінің кім екеніне көзі жетпей:


— Бұл кім? — деп еді:


— Мен! — деген Мырқалдың зілді үні шықты.


Ол ашулы кескінмен ортадағы столдың түбінде тұрған орындықты тарс еткізіп Абзалға таман қойды да:


— Көтер басыңды, мен сенімен тұпа-тура ашық сөйлескелі келдім, — деді.


Не сөйлер кезде, не ыза болған кезде папиросты қомағайлана соратын әдет Абзалда да бар еді, Мырқалдың не оймен келгенін сезген болу керек, бас жағынан папиросын алып тартты да, үлкен тұнық қара көзін Мырқалға бір тастап алып:


— Иә, сөйлей беріңіз! — деді.


— Орловқа мені жамандаған Сафонов екеуің ғой, ә?


— Не деп?


— Не дегеніңді өзің білесің де. Оны былай қоя тұрайын, сен бүгінгі бюрода не айттың осы? Қазіргі соғыс жағдайында ондай сөзді қандай адамның айтатынын білесің бе?


— Өзім айтқан сөз болса неге сезбейін.


— Жоқ, сен сезбейсің. Ант етейін, сен адасып барасың, адаспасаң ондай сөзді айтпас едің. Так, мені сынағаның дұрыс - ақ болсын, «ажалды тышқан мысықтың тырнағын тістейді» деген, Русакта нең бар тиісіп, қызда нең бар қорғап. Өзің соңғы кезде қайда лағып бара жатқаныңды сезесің бе?


Абзал ызалы кескінмен мырс етігі, қалың қара қасын біресе керді, біресе түйді. Будақтаған түтінді бұрқырата бір үрді де:


— Ақыл айтар алдымдағы ағасыз ғой, айтыңыз, теpic жолға түскен болсам айтыңыз, — деді.


— Айтсам айтамын, әдейі айтқалы келдім. Сенің тұпа-тура дәлелің қандай? — деді де Мырқал ойындағысын ашық айта алмай тыпырлап, — тұпа-тура бюрократ, иә бюрократ болып барасың, — деді.


Абзал қарқылдап күлді де:


— Әй, табаныңыз тым тайғақ ау, — деді күле сөйлеп, — айтайын дегеніңіз «ұлтшылсың» деу еді; оны да айта алмадыңыз... Иә, оған дәлеліңіз қандай?


— Басқа дәлелді былай қоя тұрайын, дәл бүгінгі сөзіңнің өзінен талай сұмдықты табуға болады, так. Әрине, сен қусың, бірақ қанша қу болсаң да бүгінгі сөзіңнің астарынан сұмдықтың бәрі де табылады, так. Әсіресе Русак туралы айтқан сөзің бар ғой, тұпа-тура ертең өзіне сор болатыны анық. Ол сендейлердін талайын көрген қу мүйіз, оның бір шайқауынан қалатын сен жоқсың. Тіпті ол ертең орталыққа барып: «Абзал Тайманов жолдас Нұрлан дейтін інісінің жауларға сатылып кеткенін айтқаным үшін менімен өштесіп жүр», — десе де кеттің ғой су түбіне.


— Бар айтарыңыз осы ғана ма?


— Ол онымен тұра тұрсын, анау Қазыбектің кесірлі қызында нең бар? Оны «орнында қалсын» дегенің қай сандырақ. Сафоновтың оны не үшін қызғыштай қоритынын білемін, ал саған не жоқ? Мың жерден қаулы шығар, бәрібір мен ол қызды ертең соттатамын.


— Не үшін? Мырқалды жиылыс сайын сынағаны үшін бе?


— Оны өзім білемін.


— Болдыңыз ба?


Осы кезде екінші бөлмеден Тайман шыға келді. Асыққан болу керек, үстіне шапанын жамыла салыпты, жалаңбас, жалаң аяқ. Не үшін екені белгісіз, неше жылдан бері ұсталмай қыстырулы тұратын жуан сапты қамшысын артына ұстай шығыпты. Мырқалға ала көзімен бір қарады да, терезенің пердесін түсіріп, есікті барып жапты. Мұның не істеп жүргенін екі баласының екеуі де сезген жоқ, әсіресе, Мырқал сезген жоқ. Ол тамағын бір кенеп алды:


— Бұл жерде бөтен ешкім жоқ, осының бәріне, қақ большевикше жауап берші өзің, — деді Абзалға маңғаздана қарап.


— Болсаңыз, үйіңізге барып ұйықтаңыз да, ертеңнен бастап бүгінгі қаулыны орындауға кірісіңіз! Ай жолынан тайса таяр, мен партия жолынан таймаспын. Мен үшін қорықпай ақ қойыңыз. Менің берер ашық жауабым сол: Сәуле туралы берілген бұйрығыңыз ертеңнен қалмай бұзылатын болсын.


— Ім-ім... Ол бола қоймас, — деді Мырқал ызаға шыдай алмай оның сөзін бөліп.


— Болғанда сол болар, — деп Абзал да қатуланып алды. — : Ол ғана емес, менің сізге берер туысқандық кеңесім — шахтаны басқару жұмысын да сол Сәулеге бергеніңіз жөн.


Мырқалдың бет аузы мүлдем жыбырлап кетті, тек шатынаған көзі ғана міз баққан жоқ.


— Ол не сандырақ? — деген сөзі де сықырлаған тістің арасынан зорға шықты.


— Сандырақ емес, ол сондай болуға тиісті. Мұндай үлкен шахтаны басқару сізге қиын. Сіз мол күшіңіз бола тұра күн жаумай шахтаны ойсыраттыңыз, енді оны көтеретін қабілет сізде жоқ. Сондықтан сіз қолыңыздан келетін жұмыс істеп, аз болса да, Отанға пайда келтіріңіз.


Оның бұл сөзі Мырқалды безгектен де бетер қалшылдатып жіберді.


— Білем, сенің ол қыздың жолына қатын-бала, үрім-бұтақ барлығын құрбан ететініңді, білем, — деді шыжалақтап.


— Не дейсіз?


— Солай деймін, солай, солай! — деді Мырқал жын қаққандай айқайлап.


— О, менің білмейтінім көп екен онда, — деді Абзал салмақпен. — Сіз осындай ма едіңіз, сіз осындай ұятсыз ба едіңіз?!


— Әрине, сынаған кісіні солай дейсің.


— Дейтінім сол, өмірден жиырма жыл кейін қалыпсыз. Жиырма Жыл кейін қалсаңыз, бүгінгі елді қайтып бастамақсыз?


— Сенсіз де бастап келгенмін, соқтықпа маған, соқтықпа!


— Иә, бастап келдіңіз. Бастадыңыз да құлаттыңыз шахтаны.


— Тағы да жабар жалаң бар ма?


— Барыңыз! — деді Абзал есікті нұсқап. — Жалғыз ғана тілегім, қайыр сұрап кетсең де біреудің табанын жалама. Русак мені мүйізіне іле алса іле берсін, сен оған қыстырылып қадіріңді кетірме, Онымен ұзаққа бара алмайсың.


Мырқал өзі білетін бар лас сөзді айтып кеткелі атып түрегелді. Бірақ туған інісі болса да Абзалдың айдыны аузын ашырған жоқ, тек:


— Көрерміз кімнің ұзаққа бара алғанын, — деп кете беріп еді, Тайманның:


— Тоқта! — деген әмірлі даусы саңқ етті.


Ол Мырқалдың өн бойына көз жүгіртіп өтті де:


— Ақылың өскен деп жүрсем, қарның екен ғой қампиған, — деді қабағын шыта қарап.


Әкесінің бұл сезіне шыдай алмай Мырқал жөнеле беріп еді, ырғай сапты жуан қамшы жонына келіп сарт еткенде, қайқаң етіп тұра қалды. Оған ілесе Абзалдың мырс еткен күлкісі, Тайманның тістене сөйлеген ашулы сөзі естілді.


— Он бес жылдан бері таяқ жемегенге құтырған екенсің әбден. Отыр мұнда. Өзің жарты жыл уақытша бастық болдым деп өртемекпісің дүниені?


— Жын қағып кеткен бе мына шалды? Ей, сен неге қой демейсің? — деп әкесіне не істерін білмеген Мырқал Абзалға түйіліп еді.


— Оның менде жұмысы не? Қамшы жеу ме іздегені?


— Жын қағып кеткен бе сізді? Мендегі жұмысыңыз не? — деп Мырқал бақырып кеп қалып еді:


— Менің жұмысым сол — сенің. әкеңмін. Әкеңмін Деп айтарым сол — егер қан болайын демесең соқтықпа Сәулеге! Құдайдан тілеп алған тұңғышым болсаң да, ол үшін қолыңда өлермін мен, сенің қолында өлем, қолыңда өлемін!.. — деп Тайман Мырқалды сартылдатып ала жөнелді.


Мырқалдың:


— О, алжыған! — деуге ғана шамасы келді, есіктен бір-ақ ырғыды.


Әкесінің бұл сырына түсіне алмай, таңырқаған пішінмен Абзал да басын көтеріп алды. Бірақ ол сұрап үлгіргенше Тайман көзіне іркілген жасты бір сығып Тастап, өз бөлмесіне кіріп кетті.


Өткен түні Абзал Орловпен келісіп, бүгін жедел шақырылған мәжіліске барлық шахтының, трестің, қаланың, ауданның басшылары жиналған болатын. Елдің осынша көп жиналғанын көргеннен Мырқалдың жүрегі дүрсілдеп еді, өзіне бүгін бір сұмдықтың боларын сезген екен.


Бұл мәжілісте қаралатын мәселе біреу де, баяндамашы бесеу. Мәселе: өткен жылдың қорытындысы, алдағы жылдың міндеті. Негізгі баяндамашы — трест бастығының орынбасары Русак, қосымша баяндайтындар: төрт шахтының бастықтары. Оның бірі — Мырқал.


Мұндайда Русактың құйындай ұйтқып, желдей есетін арқасы бар еді. Бүгін ағыны қатты судай аңқылдап тым серпіле сөйледі. Қыза келе оның көзіне қайсы біреулердің түймедей кемшілігі түйедей көрініп, қайсы біреулердің түйедей кемшілігі түймедей көрінді. Сол түйедей кемшілігі түймедей болып кеткеннің бірі — Мырқал. Русак Мырқалды мақтап-мақтап келді де, отырған шахты бастықтарына жағалай қарап:


— Қане, қайсың барсың Отан соғысының жұмысына халықтың күшін жолдас Таймановтай етіп жұмылдыра білген. Сендер әйелдерден бір бригада құра алмай жүрсіңдер, ол қазір бір бригада ғана емес, кілең әйелдерден бүтіндей бір участке ұйымдастырып отыр, — деп еді, Мырқалдың бүйрегі бүлк ете түсті. Көзінің астымен қақ төрде отырған Орловқа қарап еді, ол әлденені шұқшия жазып отыр екен. Соны көріп Мырқалдың жүрегі мұздап сала берді. Сафонов пен Абзалдың да әлденені түйіле түртіп отырғанын көріп:


«Осылар бүлдірмесе игі еді?» — деді ішінен.


Бұл кезде Русак жауар бұлттай түнеріп, басқа шахтылардың жайын баяндауға кіріскен еді. Ол мақтай қалса майын тамызып, сынай қалса қанын ағыза сөйлеуге шебер екен. Өндіріс жоспарын орындай алмай, әсіресе осы уақытқа дейін шахталары соғыстан бұрынғы қалпында қалып келе жатқан Мырқалдан үлгі «ала алмай» бір де бір әйелді жұмысқа тарта алмай жүрген, шахта бастықтарын сынағанда, даусы үйдің төбесін сындырып жібере жаздады. Ол өзіне жұрттың жағымдануын сүйетін адам еді, сондықтан қайсыбір өр көңілді бастықтардың сүлдерін ғана қалдырды.


Мырқал Русактың сынына көбірек түскен шахта бастықтарына көз жүгіртіп еді, бәрінін де еңселері түсіп кеткен екен. Сол түсіп кеткен еңселер Мырқалдың мерейін көтеріп жіберді.


«Жаса, Русак жолдас, жаса. Жасай бер. Бұл жақсылығыңды өмірде ұмытпаспын», — деді ішінен.


Ол сондай тәтті қиялда отырып өзіне кезек келіп қалғанын да сезген жоқ.


— Қане, жолдас Тайманов, — деген Орловтың даусы шыққан кезде ол селк ете түсті. Орлов өзінің жазғандарының астын бір-екі рет сызды да, — асырмай да, жасырмай да дәл айтқандарыңыз жөн. Егер, шахтаңыз Русак жолдас айтқандай болса, қызыл туды сіздерден бекер алған секілдіміз, оның, да себебін айта кеткейсіз, — деді.


Орловтың бұл сөзі Мырқалдың тасып тұрған мерейін мытып жіберді. Оның жазып алған баяндамасында бұл жайлар жоқ еді. Оны өзгертіп айтуға дәрмен жоқ, соны сезіп тыпырлаған кішкентай жүрегінде маза жоқ. Жаңағы үстем мерей осылай баяндамаға үңілген көзбен бірге төмен түсіп кетті. Орловқа тура қарай алмай, жоғары қарап еді, көзі жыпылықтап, қарашығы жоғалып кетті де, көздің орнында ағараңдаған бірдеңе қалды.


— Так! — деді біраздан кейін барып. — Мен алдымен сіздің сұрауларыңызға жауап берейін. Рас, біздер тудан айрылдық, қазір соны қайтарып алу үшін жан салып жатқан жайымыз бар. Қазіргі қарқынымыз жаман емес. Майдан талабына сай деп айтуға болады. Ал тудан айрылған себебіміз: өткен жылы көмірдің сапасын біраз төмендетіп алған секілдіміз. Алдағы міндет — көмірдің жоспарын бір жарым, сапасын екі жарым есе көтереміз, оған жетерлік мүмкіндіктеріміз бар. Соған қарағанда, бүгін айрылған туды келесі жылы, келесі осы айдың осы күніне дейін қайтып алатынымызға сенулеріңізді сұраймын. Өйткені, бұған біздің. күшіміз жетеді. Қорқып жүргеніміз — жұмысшы күшінің жетімсіздігі еді, қазір өзімізді ғана емес, бүкіл осы Бассейінді жұмысшы Күшімен қамтамасыз ету үшін істеп жатқан бір үлкен ісіміз бар. Оны осындағы жолдастардың көпшілігі білмейтін болар. Сондықтан оны айта кетейін, біз қазір көмір комбайнының әлемде жоқ жаңа түрін жасап шығарғалы жатырмыз. Оған біз бірнеше мамандарымызды бөлдік.


Ол соны айтқан кезде Сафонов пен Абзал екеуі біріне бірі қарап бастарын шайқасты. Оны Мырқалдың көзі шалып қалып еді, жаңа ғана дамылдай бастаған жүрегі қайтадан зырқ етті, бірақ осы арада бір қулықты да тауып үлгірді.


— Мен қақ большевик өз қатемді мойындауым керек, — деді ол, сендердің мені мұқалтпақ болып отырғандарын осы ғой дегендей Абзал мен Сафоновқа бір қарап алып, — бұл күнге дейін біздер ол комбайнға, атап айтқанда оны жасаушылардың қабілетіне сенбей келдік, өйткені оны жасаушы адамның жоғарғы білімі жоқ еді, қазір оның қабілетінің жететініне көзіміз жетті, енді аярымыз жоқ.


Орлов басын шайқады да, үндеген жоқ.


Алдыңғы қулығының құйрығы көрініп қалса да Мырқал тайынбай өзіне ертең ор болатын қулықты онан сайын тереңдете түсті.


— Баяндамама кіріспестен бұрын справке ретінде ендігі бір айтатыным, — деді ол тағы да көзінің қарашығын жоғалта жоғары қарап, — Русак жолдастың баяндамасында біздің шахтаның жетістіктері бірсыпыра айтылды. Бірақ, сол жетістікке жеткізушілер тегіс аталған жоқ, аталса аз аталды. Так! Мысалы, шахта парторгі жолдас Сафоновты алайық. Ол кісінің келгеніне көп болған жоқ, бірақ осы аз уақыттың ішінде ол кісі өте көп жұмыстар істеді, әсіресе, бүгінгі біздің мақтанымыз болып отырған әйелдердің күшін ұйымдастыру жөніндегі менен көрі ол кісінің еңбегі көп. Сол сияқты, қалалық, облыстық партия комитетіндегі жолдастар мен жолдас Русактың бізге көрсеткен көмегі де ұшаң теңіз. Біз мұны еш уақытта ұмытпаймыз, так! Қысқасы, біз бұл жетістікке тек қана партияның басшылығы арқасында ғана жеттік.


— Соның бәріне бір ғана дәлел айтыңызшы, — деп Орлов оның сөзін бөліп еді, ол, «құтқара көр» дегендей баяндамасына жармасып:


— Менің баяндамам тегісінен соны дәлелдеуі мүмкін. Сондықтан енді баяндаманың өзіне көшейін, — деді де ыңқ-ыңқ етіп оқи бастады. Ақыры не боларын кім білсін, әлден ақ маңдайы терлеп, мұрны пысылдап кетті.


Оның баяндамасының қай жері осал екенін Русак білуші еді, сондықтан ол осал жерлеріне келгенде әлденені айтып, Орловтың ойын басқа әңгімеге аударып әкетіп отыр. Бірақ ол қанша демесе де, Мырқалдың өтірігі өрге басар емес, оны өзі де сезетін секілді, сондықтан ол баяндаманың мақтануға арналған бөліміне көп аялдамастан зуылдап өте шығып, ойдан жұрдай, әр жерінен бір жұлмаланған сөзі тырдай баяндама да бітті, өзінің үмітінен де жұрдай болып Мырқал отыра кетті. Бірақ өзі орнын тапқанымен жүрегі дамыл тапқан жоқ, басы-көзін басып кеткен ащы терді бір сыпырып тастағалы қалтасынан түндіктей көк орамалды суырып ала бере Абзал мен Сафоновқа көз қиығын тастап еді, екеуінің де қабағы ызғарлы екен. Сол ызғардың ар жағында қандай сыз жатқанын сезгендей Мырқалдың жүрегі мұздап сала берді.


Оның екеуі де Мырқал мен Русактың сөздеріне ызалы еді. Бірақ, екеуі де сыр сездірген жоқ. Бұл ызғардың ар жағында қандай сыз жатқанын сезіп Мырқалдың кеудесі қысыла түсті.


«Көргені осылардан көретін болдым ау. Екеуін де шелите мақтадым, тіпті өзіме - өзім қарсы шығып соларды жақтадым, мұнан артық не істеймін, құлы болып табандарын жалауым керек пе?»


Ол өзін-өзі осылай іштей қинап өзіне қазір жаңбырдай жауатын сұраулардың жауабын ойлап, ойлаған сайын шатасып өзінен өзі үрейленіп отыр еді, Орловтың сөзді басқа шахталардың бірінің бастығына бергенін естіп қуанып кетті.


«Уһ, сұққылаған сұраулардан жаным бір қалды - ау, — деді ішінен. — Енді айта берсін, басқа шахтының басынан асып жатқан былығын естігеннен кейін Орловтың көзіне біздің шахтаның міні қылшықтай көрінер».


Шынында, басқа шахтылардың былығы көп екен. Олар сөйлеген кезде Орлов түсетін бүркіттей түйіліп еді, нелер шешендер мүдіріп, нелер жүйріктер сүрінді. Бұл да Мырқалдың мерейін өсіре түсті. Оның үстіне Орловтың:


— Тайманов жолдастың өзі түсіне алмай осы сағатқа дейін қарсы болып келсе де, шахтасында жасалып жатқан екі керемет бар. Оның, бірі — қарт механик Мирон Павлович Галкин жолдастың комбайны да, екіншісі — жас инженер Сәуле Қазыбекованың жаңа бастамасы. Тайманов жолдас оны да жақсы айтып берді, — деген сөзі Мырқалды мүлдем шелтитіп жіберді. Ол бұл комбайнның жасалып шыға қалса ертеңгі күні бір ғана шахтаның ғана емес бүкіл Қарағандының мақтаны болатынын, бассейнді майдан талабына сай етіп көтерудің, Отанымызға Донбасты жоқтатпаудың бірден бір жолы осы игілікті істердің екеуіне бірдей көмектесу, үлгісін үлгі ету екенін, жолда кездесетін кедергілердің аяусыз жойылатынын айтып еді, өз аты аталмаған соң, астарлап айтылған сөзге түсіне алмай Мырқал онан сайын марқая түсті. Қиялдың жеңбейтін жауы, алмайтын қамалы жоқ қой. Ол ой жетпеске де қолды жеткізеді. Сол сияқты Мырқалдың осы сәттегі қиялы талайдың қамалын талқандап, талайдың өзін таптап отыр. Сондықтан оның көзіне осы отырғандардың Орлов пен Русактан басқасының бәрі де аяғының астында жатқандай көрінді. Үзіліс кезінде Сафоновпен, Абзалмен оңаша кеңесіп алуды ойлаған еді, енді оның да қажеті жоқ сияқты.


Жұмысы нашар шахта бастығының қабағы. сұраулар берілген сайын салбырай түсті де, оны көрген сайын Мырқалдың мерейі көтеріле түсті, Жарыс сөз басталғаннан кейін, баяндамалар аяқталғаннан кейін, бірінші сөз Сафоновқа тиіп еді, сөзді салғаннан қатал бастады. Ол ызаны оңай жеңе алатын, шаттыққа не бола алатын адам еді, ыза билеп, ашу қысса да баппен сөйледі. Бірақ бабының өзі Мырқалға батпандай тиді. Өйткені ол сөзін «Қазақта «аңдамай Сөйлеген ауырмай өледі» деген мәтел бар. Менімше, кейбір жолдастар ауырмай өлетін халде екен», — деп сөзін баппен бастады да тез қызып кетті. Ол жұрттың қозғалып кеткенін сезіп аз кідірді де сөзін қайта жалғады:


— Құрметті Русак, құрметті Тайманов! Біз сіздерді сыйлаймыз, құрметтейміз. Сіздердің білімдеріңіз де, тәжірибелеріңіз де мол. Беделдеріңіз үлкен. Бірақ айып етпеңіздер, сіздердің дәл осы мәжілістегі сөздеріңізден ешқандай мол білімді де, ешқандай мол тәжірибені де көре алғанымыз жоқ. Бұл сөзім көпшілікке түсінікті болу үшін сіздерге екі түрлі сұрау берейін. Біріншіден, әйелдердің күшін ұйымдастыруды біздің шахтыңа бастаған кім? Оған қарсы болып, жер астының жұмысына әйелдер жарамайды деп, соңғы уақытқа дейін таласып келген кім? Осыған жауап бере аласыздар ма?.. Жоқ, бере алмайсыздар. Өйткені, сол қарсы болғандар осы отырған сіздер. Екіншіден, «көмір комбайны» деген сөздің өзі миларыңызға сыймағандықтан оны жасамақ болған Галкин жолдасты біріңіз жауға сатылған тыңшы, енді біріңіз, ақылынан алжасқан есуас есалаң көрдіңіздер, сондықтан ол өзінің бұл отаншылдық істерін сіздерден жасырын істеуде. Неге олай? Осыған жауап бере аласыздар ма? Жоқ, бере алмайсыздар. Өйткені бұл ауыр қылмыс. Ауыр қылмысты мойындау жеңіл емес, әсіресе сіздейлерге жеңіл емес.


— Русак жолдас, сіз Тайманов жолдасты не үшін үлгі етіп елдің алдына тартасыз? Сол сияқты, жолдас Тайманов, мені не үшін, немді үлгі етіп тартып отырсыз?


Рас, біздің шахтыңа сондай екі үлкен істің басы басталды, жолдастар! Мұның екеуін де бастаған мен емеспін, жолдас Тайманов та емес. Партия ұйымы мен комсомол ұйымы, оның ішінде жеке адамды атайтын болсақ ең алдымен атарымыз — сол Қазыбекова Сәуле дейтін қазақ қызы. Әйелдерді үгіттеп жұмысқа тартқан да, Мирон Павловичтің жұмысына жол ашқан да, осы күні көмектесіп бірге істесіп жүрген де сол. Мұндай ресми жиында ол кісіні фамилиясымен атамай өз атымен ғана атауымның мынандай мәнісі бар. Ол өзінің отаншыл жүрегімен жұмысшылардың махаббатына тез не болған адам. Сондықтан оның фамилиясы Галкин екенін көпшілігі білмей де «Мирон ағай» деп атайды. Ойлап қарасаңыздар мұнда үлкен махаббат жатыр, — Сафонов осыларды айта келіп, комбайнды жарыққа тез шығару үшін обкомның алдына тілектер қойып еді, жұрттың оны қостап қол соққан дүбірі бірден бұрқ етті.


Самайынан сорғалаған ащы терді алақанымен төмен қарай бір айдап тастап Мырқал да ауыр қиналғандай бір ыңқ етті. Русак мерейін көтерген манағы бақыт құсы әлден ұшып кетіпті. Енді оған осы отырғандардың ішінен өзінен бақытсыз, өзінен бейшара адам жоқтай көрінді. Сондай өркөкірек адамның сағын лезде сындыратын сын деген де керемет ау тіпті, Русактың да құты қашып кетіпті. Сол күннен бастап бұлардың құты күннен күнге қаша берді де, сол күннен бастап Мирон Павлович пен Сәуленің болашаққа тартқан жолы ашыла түсті.


* * *


— Ботам ау ,өзің қуаныштысың ғой, — деді Қазыбек жайнаң қаға кіріп келген Сәулеге шаттана қарап.


— Өте қуаныштымын, — деп, әкесінің бетінен бір сүйді де Сәуле өз бөлмесіне қарай өте шықты. Онда көп кідірген жоқ, үй киімдерін киініп қайта келді де, әкесіне қуанышын айта бастады. Ол Орловтан келген еді. Мырқал мен Русак таратып жүрген өсекке қарамастан өзіне обкомның үлкен сенім көрсеткенін, комбайн жасаушылар тобы құрылып, өзін сол топтың бір мүшесі етіп белгілегенін қуана отырып баян етті. Естіген – білгендерінің өзінің бұрынғы орнына қайта баратын болғанынан басқасын түгел айтты да:


— Жер болған көңіл серпілді, сол үшін бір күй тартыңызшы, — деді әкесінің домбырасын ұсынып.


— Қайсысын тартайын?


— Домбыраның шегіне қайсысы бұрын ілінсе соны.


Қазыкең бір қомданып алып «Қосбасарды» мөлдірете жөнеліп еді, ауыз үй жақтан келе жатқан Баян бәйбішенің кескіні оның ойын бөліп жіберді.


Баян бәйбіше бір жапырақ қағазды жүрегіне қысып келе жатыр. Қуанғаннан тілі де байланып қалыпты, хатты біресе кеудесіне қысады да, біресе оған мейірі қанбағандай бетіне басады. Әлі үн жоқ, жалғызын сағынып аңсаған көңілі аласұрып алданғанын сезер емес. Қасына жүгіріп келген Сәулеге әлденені айтып сыбырлағандай болады, аузынан шыққан ыстық жалын бар, үн жоқ. Қуанғанынан күліп те тұр, жылап та тұр. Ол хаттың нендей хат екенін де білген жоқ.


— Апа, тәтеме беріңізші, ол орыстың не дегенін естиік, — деді Баянмен бірге кірсе де есік көзінде тұрып қалған Шекер әлденеге шыдамсызданып.


Сәуленің жүрегі дір ете түсті.


— Орысың кім?


— Жазған бір орыс көрінеді. Не дегенін ұққаным жоқ. Ішінен бар ұққаным Дулаттың аты.


— Дулат? — деген Сәуленің даусы да дірілдеп шықты. Хатты ұстаған қолы да сәл дірілдеп кетті.


Манадан бері сабырлық етіп, домбыраның ішегін дыңқ - дыңқ еткізіп булардан көзін айырмай отырған Қазыбектің жүрегі де әлденені сезгендей мұздап сала берді. Ол домбырасына сүйене тура келіп еді, Сәуле оларға сездірмеуге тырысып теріс айнала берді де, елжіреген ет жүрекке не болмай егіліп кетті.


Баян бәйбіше аң-таң. Жаңа ғана аналық мейірімі төгіліп, Нұрланып тұрған өңіне қайғының қара бұлты орнай қалды. Кеудесінен жан кеткендей қозғалар емес, қозғалса құлап кететін.


Қызынын сырт айналуында не сыр барын сезген Қазыбек те үйдің нақ ортасында тұрып қалған еді. Қолындағы домбырасы жерге түсіп кетті. Жер қозғалса да селк етер емес, есінен айрылғандай түк сезетін де емес.


Бұлардың қайғылы түрін көргісі келмегендей босағада мұңайып төмен қараған күйі Шекер тұр.


Сәуленің көзіне толған жасты көргісі келмегендей күн де барып көк жиектен қара бұлтқа батып кетті.


Сәуле терезеден алысқа қарап тұр. Қаймыжықтай жұқа ерні болар-болмас діріл қағады. Көздің қарасы мөлдір жастан көрінбей, сәуле шашқан гауһардай жарқырап тұр. Алыстағы жауына айнымас ашумен найзадай қадалып тұрған ұзын кірпігі бір рет қағылып еді, ыстық жас мөлт етті. Бірақ оны басқаларға сездірген жоқ, қайғыны мазақ еткісі келгендей тез қайраттанып алды да, шешесіне қарады.


Ол бұрын: осы байғұстар қалған өмірін күліп өткізсе екен деуші еді, мейірімсіз соғыс ол тілегін қиып кетті.


Дулаттың мына хаттағы хабарсыз кеткен жайын естісе, ата-анасының қалған өмірі жылаумен өтетіні сөзсіз. Енді қайту керек? Түйдегімен келіп, түнектей басқан қайғы ақылынан қайта-қайта адастыра берді.


— Ботам, несін жасырасың, бұл хаттың іші толған қасірет екені көрініп тұр ғой, — деді әкесі.


Сәуле енді не дерін білмей ернін тістелей аз тұрды да:


— Рас, көздің жасы мен жүректің қаны. Бірақ, сіздер ойлағандай емес, мұны жазған адам менімен бірге оқыған бір аяулы адамның соғыста хабарсыз кеткенін жазыпты. — Сәуле соны айта сала өз бөлмесіне қарай тұра жөнеліп еді, шешесі ұмтылып барып ұстай алды.


— Дулатым тірі ме, маған соны ғана айтшы? — деді жасқа булыға сөйлеп.


Сәуле айтар сөзін күйік күлкісіне орап алды:


— Ол тірі болмаса мен бұлай тірі тұрар ма едім?


— Мынаны жазған адам Дулатты білетін секілді ғой.


— Дулатты аздап жараланып елге кетті деп естіген едім, барды ма, барса майданға қашан қайтады, — депті.


— Бұл қалай? Елге қайтса ендігі келетін еді ғой?


— Мүмкін госпитальда шығар.


— Онда хат жазбас па еді?


— Хат жаздырмайтын госпиталь да болатын көрінеді.


Сәуленің айтар желеуі осымен бітті де, шешесінің ендігі сұрауына айтар жауабы жоғын сезіп, өз бөлмесіне тез кіріп кетті.


Баян бәйбіше түсінбегендей түр көрсетіп, шалына қарап еді, ол Сәуленің сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей аңырып отыр екен. Міз бағар емес, тек анда санда кірпігі ғана қағылып, мұрты ғана дірілдейді. Ол бәйбішесі мен Шекердің шығып кеткенін де сезген жоқ. Жаңағы бір кезде жанына сүйей салған домбырасын қайта алып, өзінен өзі іштей күңіреніп аз отырды да бір мұңлы күйді аңырата жөнелді. Күй біресе жетім бота болып боздайды, біресе ботасы өлген аруана болып аңырайды. Біресе ашу кектің найзағайы болып сатырлайды, біресе жаралы сұңқардай діріл қағып, қанатын баяу қағады. Домбыраның күйі де, бетіне тырс-тырс тамған көздің жасы да үн қосып мұңдасқандай «Дулатым, құлыным» деп өксігендей. Сол ауыр өксудің салмағынан домбыраның екі ішегі бірінен соң, бірі үзіліп кетті. Оны үзіп отырған Қазекеңнің өзі, бірақ оны өзі сезер емес. Көзін бір нысанаға қадап алып, үн шығармастан іштей егіліп отыр.


2


Лавада жұмыс қызу жүріп жатыр. Қызған сайын жұмысшылар да жұлдызы әр жерде бір жылтыраған түнгі аспандай түнерген забойды күнше күркіретіп жіберіпті. Ойда электровоз, қырда конвейер дабыл қағып бәсекелесе қимылдаған жұмысшылардың екпінін күшейткен қызғылықты шақ екен. Осыларды көріп азалы көңілі аз да болса сергіген Сәуле осыдан сегіз сағат бұрын наряд үйдің ішінде не ойласа қазір соны көзімен көріп тұр. Онда жұмысшылар жұмысқа түскелі жиналып отыр еді, Сәуле кіріп келді де бір түрлі ашынған дауыспен:


— Аға-бауыр, апа-қарындастар, — деді жасқа булығып онан әрі айта алған жоқ. Жұрт оған үрпиісе қалды.


Төбедегі фонардың тұсына келгенде анық байқалды, Сәуле бұрынғысындай емес, өзінің жан жарасына жанылғандай тым өткірленіп кетіпті.


— Майданға кеткен жан күйері барын қолдарыңды көтеріңдер! — деді жағалай көз тастап.


Жұрттың бірі қалмастан қол көтеріп еді, Сәуле жағалай қарап келе жатып Сайранға тоқтады.


— Сенің кімін кеткен еді?


— Әкем ше?


Сәуле оны ішке бір түйді де, қолын көтеріп тұрған Олжайға барып тоқтады.


— Сіздің кіміңіз кеткен еді?


— Майданға, майданға өзім кеттім ғой. Қатын, бала елде қалып, өзім мұнда келдім. Бұл да майдан ғой, шырағым. Ә, айтпақшы жалғыз інім де майданда.


— Қатын-балаңызды көргіңіз келе ме?


— Ой, шырағым ай, оның несін сұрайсың. Соларды бір көріп ертеңінде өліп кетсем де арманым болмас еді. Өмірімде он күннен артық олардан Бөлек тұрып көрген жоқ едім, соның салдары ау деймін, тіпті ішім елжірей береді, — деп Олжай көзіне жас алды.


— Сабыр етіңіз. Сіз үйіңізге қайтып, балаңызды қандай сүйгіңіз келсе, мен де жалғыз бауырымды сондай сүйгім келуші еді. Кеше сол інімнің хабарсыз кеткенін естідім. Енді сіздер айрылмаңыздар, айрылмаңыздар аяулы адамдарыңыздан, ол үшін... — деді де, адамшылық борышты ашынған ащы сөздермен айтып шықты.


Соның әсері тиген бе қалай, бүгін жұмысшылардың қимылы тым кесек. Сменаның бітуіне әлі екі сағаттай уақыт бар, ал, бүгінгі жоспардың орындалғанына жарты сағаттан асып барады. Осынын бәрі жарасын желпіп жазғандай Сәуленің қаяулы көңілін біраз сергітіп жіберді. Осында келердің алдында көптен бері қанша тіленсе де ала алмай жүрген комбайнға керекті екі мотор мен мехцехтің ішінен бір бөлме алатын болғанда да жөнді қуана қойған жоқ еді, қаншаға жетерін кім білсін, дәл қазір бар қайғысын ұмытып кетті.


Ол өзінін күндегі әдеті бойынша лаваның ең басындағы жұмысшыларға дейін бір шолып қайтты, қайтар жолында көзі көмір салып жатқан Шекердің қимылына түсіп еді, сүйсіне қарап тұрып қалды. Қараған сайын қызықты, қызықты да көмірді өзі де салғысы келді.


Бірақ бұл отырғандардың қайсысы болса да жеңістің кілті осында екенін түсінген болуы керек, ең ақыры Олжай да мұрны пыс-пыс етіп жан терге түсіп жатыр. Тіпті Сайранның да қимылы кесек, ол бүгін тіпті Шекерден қалысар емес. Сәуле жұмысшылардың осы қимылына қызыға қарап аз тұрды да «өзіне дейін ерлік атқан осындай елді жеңемін деу, өз миын жеген ессіздік ау» деді ішінен.


* * *


Жеті күн, жеті түн тынымсыз соққан боран бүкіл даланы күртік қармен көміп салды. Бірақ сол қалың қардың астында да өмір қайнап өршіп жатты.


Бұл шахтаның мехцегі шағын бір заводқа ұқсайтын. Оның жан-жағындағы бөлмелер әйнекпен ғана бөлінгендіктен бүкіл бір даланы алып жатқандай көрінетін. Соның он жақ кіре берісіндегі бөлменің есігінде бұрын «шахта комитетінің секретары» деген жазу тұратын еді, қазір ол жоғалыпты. Бұрын сол есіктен бір дәу қара құлып күні-түні кетпеуші еді, оның да қарасы өшіпті. Қозғалған сайын ойбай салатын екі орындық пен төрт тақтайды қатар шегелей салған стол сияқты бірдеңе бар еді,оның да көзі жоғалыпты. Қазір бұл бөлмеде жап-жақсы өмір бар.


Ол қазір де дүние жиһазына бай емес, тек көнетоз болса да орындықтар, отырғыштар көбейіп, ұзын-ұзын столдар қойылып олардың үстіне қызыл маталар жайылыпты.


Мұның, бәрі ұсақ өзгерістер, бірақ осы ұсақ өзгерістің үлкен сырлары бар. Бұл бөлме осыдан біраз бұрын Мырқалдың Сәулеге іштей берген жазасы болатын. Ол Сәулені бұл шахтадан кетіру үшін өзі білетін қулық сұмдықтың бәрін жұмсаған-ды. Бір рет күшке салып бұйрық беріп еді, ол бұйрықты обком талқан етті. Русак арқылы трест қызметіне «жоғарылатпақшы» болып еді, ол қулықты Сәуленің өзі талқандады. Комбайнның жасау жұмысына барлық жағдай жасалсын деген обкомның қаулысына Мырқалдың берген бірінші жауабы да, жасаған бірінші жағдайы да осы бөлме. Бірақ Мырқалдың бұл айласы да Сәуленің жолын байлай алған жоқ, ол ішін қырау, сыртын күйе басып туратын қырық қурау терезесі бар «ит қораны» Мырқалдың өз үйінен де артық жайнатып жіберді. Екеуі осылай егескен сайын Сәуленің мерейі биіктеп, Мырқалдың күйі жүдей түсті.


Өз сөзімен айтқанда Сәуленің осы «құжырасына» жүмысшылар қауымы мүлдем үйір болып алды. Өйткені бұл бөлменің көз тартатын қызығарлық дүниесі жоқ болса да, үміті қызықтыратын бір жайы бар. Ол — комбайнның макеті. Жаңалыққа жаны құмар жұмысшылар оны көру үшін күн сайын келетін де, келген сайын стол үстінде тұрған макеттен өздерінің ертеңгісін көргендей қуанатын да, қабырғаларындағы әртүрлі суреттерді көріп қынжылатын. Өйткені бұл «құжыраның» төрт қабырғасы түгелінен осы шахтаның айнасы секілді. Әсіресе екі жақтағы қабырға суреттермен сіресіп тұр, он жақ қабырғадағы суреттердің жоғарғы кенересіне «құрметтілер» деген сөз алтынмен жазылыпты да, сол жақ қабырғадағы суреттердің кенересіне «жалқаулар» деген сөз қара бояумен жазылыпты. Шахтаның мақтанары аз болу керек, «құрметтілерден» «жалқаулар» көлемді де, әрі көріністері күлкілі. Соның бір жерінде Бөлекбасқа ұқсайтын біреу тұр. Ол Перизатпен екеуі екі кісілік құпия той жасаған екен. Соғыс басталғалы бір мас болып көрмеген сорлы сол күні өлердей мас болып, мастығы бір тәулік бойы тарқамай, келесі күні шахтаның ішінде ұйықтап қалыпты. Мынау сол жақтағы суреттердің ішінде түрі соған ұқсайтын біреу есектің құлағынан арақ ішіп тұр.


Осының бәрін салған Сәуленің өзі. Өткен айда өзінің участкесі бір жарым мың тонна көмірді кем берген еді, сол үшін бүгін өзін де келемеждеп суретін салыпты да, оның астына мынандай сөздер жазыпты:


«Көмір дегеніміз — шойын мен болат. Шойын мен болат дегеніміз — қару-құрал. Мысалы, бір мың бес жүз тонна көмір — жеті жүз елу тонна болат. Мұнан төрт танкі, не болмаса алты жүз зеңбірек, не болмаса екі мың миномет, яки үш мың автомат жасауға болады».


Жан-жағын осындай плакаттар, алуан түрлі келемеж суреттер, түрлі-түрлі жалынды урандар қоршаған, алдында көмір комбайны секілді жаңа техниканың чертежі жайылып жатқан осы бөлмеде Сәуле техникадан сабақ жүргізіп отыр. Тыңдаушылары Шекер басқаратын бригадасының адамдары, кілең әйелдер.


Бүгінгі сабақта техникадан көрі, өздері борышты болып қалған бір жарым мың тонна көмір жайы көбірек сөз болған еді, бүгінгі сабақ ұзаққа созылып кетті. Сол борыштың салмағын айта айта шаршаған екен, басқалармен бірге Сәуленің өзі де кеудесін кере дем алып:


— УҺ... мен айтарымды айтып болдым, кімде қандай сұрау бар? — деді.


— Естір құлақ, ұғатын сана болса айтуың жетті ау, шырағым, — деп Кәкима аузын кере сөйлеп, кеткелі керіле тұра бастап еді, қатарында отырған Дәмен оны етегінен тартып қалып қайта отырғызды да, өзі сөйлей түрегелді.


— Менде бір сұрау бар, — деді қолын көтеріп.


— Сұраңыз.


— Бастықтардың әйелі қашанға дейін үй күшік бола береді? Анау күні ғой жұмысқа шықпаған әйелдердің талайының аузын аңқитып, қарнын қампитып, суретін көшеге қақтыңдар. Ал Мырзекеннің әйелін неге қақпайсыңдар?


Сәуле оның сөзіне мырс етті:


— Ертең ол жеңгейдің орталарыңнан не өзін, не көшеден қампиған суретін көресіздер.


— Е, сөйтсеңдерші, бастықтың әйеліне бата алмасаңдар Мәскеуден несіне оқыдыңдар, — деп Дәмен насаттана түсті. — Менің сұрауым бітті, енді өзіме рұқсат.


— Тоқтаңыз, — деді Сәуле, — менің сіздерге қояр сұрауым бар. Қазір біздің шахтада жарысқа түспеген бір де бір участке, бір де бір бригада жоқ, тіпті ескі жүмысшылардың бірі мен бірі жарыспағаны шамалы. Сендер қалайсыңдар? Әлі де біраз жаттыға тұрасыңдар ма, жоқ әлде тәуекелге бел буасыңдар ма?


Дәмен тағы да сумаң етті.


— Бригадиріміз не десе біздер үшін сол заң.


Шекер әзіл-шыны араластау етіп:


— Осы сапар сіздің айтқаныңыз заң болсыншы, — деп күле қарап еді:


— Мен айтсам — тәуекел, — деп Дәмен столды бір ұрды да, екі жағында отырған әйелдерді иығымен нұқып - нұқып жіберді. — Тәуекел, тәуекел!..


— Тәуекел... тәуекел! — десті әйелдер бірінен соң бірі күңкілдеп.


— Сонда кіммен? Қай бригадамен? — деп Сәуле Шекерге қарап еді, ол өзінін күшіне сенімді болу керек, ойланбастан иегін бір-ақ қақты.


— Бәрібір.


— Жоқ, бәрібір емес, — деді Дәмен столды тағы бір ұрып. — Жығылсақ нардан жығылайық тура Тайман атайдың өзімен жарысайық.


— Дұрыс! Дұрыс! — деп әйелдер тағы да шулай бастап еді.


— Түк те дұрыс емес, — деп Шекер зірк етті, бірақ тез ойланып өзгере қалды, — жоқ дұрыс екен, мен басқа бір ойға түсіп кетіппін. — Оның қорыққаны Сайранның мазағы. Бригадасы Тайманның бригадасынан қалып қойса, Сайранның келемеждейтіні рас. Шекер соны ойланып іштей сескенсе де, ол сырын сездірген жоқ.


— Байқаңдар! Тәкеңнің жасы кәрі болғанымен, жаны жас, — деп Сәуле сақтандырып еді, Дәмен өршелене түсті.


— Бола берсін, біздің жасымыз да, жанымыз да жас.


— Қалай, осыған байладыңдар ма? — деп Сәуле Шекерге қарап еді, ол орнынан атып тұрды да:


— Жарысқанға мәз болмаймыз, басып озамыз, — деді.


Оның бұл сөзін анттай көріп Сәуле де түрегелді.


— Ендеше, байлау осы. Алдағы айдың басынан бастап сендер де жарыстасыңдар.


— Ол үшін, — деді Шекер кенет ойланып, — сол жарыстың шартына мына комбайнды үйренуде бірінші тоқсанның жоспарын кім бұрын орындаса, жарыста кім озса комбайнның алғашқы тізгіні соған берілсін.


— Әкел қолыңды, — деп Сәуле қолын ұсынып еді, Шекер қолын сарт еткізді. — Ант қанына малынғандай соғылып тұрған бұл қолды бір ғана менің қолым емес, бригадамыздағы жетпіс әйелдің қолы деп біліңіз.


— Сол жетпіс қолдың жетпейтін биігі, алмайтын қамалы болмасын, тілектеспін.


— Илаһи әмин... кеттік жауынгер жеңгелер, — деп Шекер бастай жөнеліп еді, әйелдердің бірі де қалған жоқ.


Сәуле жалғыз. Ол столының үстінде шиыршықталып жатқан чертеждердің бірін алып оқшау тұрған столдың үстіндегі макетке жақындай берген кезде Перизат кіріп келді.


— Па, деген ау, сен демалыс күнді де осында өткізетін болыпсың, өзің ұста болып кеткеннен саусың ба? — деді тұла бойын түгел кергілеп.


Сәуле жалт қараған, көзіне Перизаттың аю тырнағы түсіп еді, есіне әлдекімнің «оқыған қыз да өстеді екен ау» деген сөзі сап етті. Мұндай сөз, әсіресе, байы майданда жүрген әйелдерден жиі естілетін, бүгін оны өзінің шешесі Баян бәйбіше де айтып салды.


— Ой жасаған ай, оқыған қыз да бұзылады екен - ау. Құлыным, сақ бол, сақ бол. Мені анам дейтін болсаң Саматтың қызынан аулақ бол.


Сәуленің құлағынан кетпей тұрған шешесінің осы сөзі. Перизаттай бірге оқыған, өмірдің бар қызығын бірге көрген замандасының мұндай қанқу сөздің қақпақылы болғаны Сәулеге жеңіл тимепті. Сондықтан ол «неліктен булай? Атар таң, шығар күнімізден бастап түпкі мақсатымызға дейін бір. Ендеше біздер неліктен булай ала құламыз?» деген сұрауды өзіне өзі беретін де, жауабын таба алмай сенделетін. Сол сұрауды Перизаттың өзіне де бергісі келіп бір тұрды да:


— Мен болашақ бөбектеріме болат темірден бесік соғып жатырмын ғой, сен оны білмеуші ме едің? — деді.


Перизат оған ойлана қарап, әлдене айтқысы келсе де, айта алмай бұрала басып барып орындыққа отыра кетті.


— Иә, сен қанатыңды алысқа сілтейтін қызсың.


— Жаңа туған жас балапан да талпынады, талпына - талпына қанат қағады ғой. Оны қой да, өз жайыңды айт, сендер кеше тағы да артта қалғансыңдар ма?


— Кеше артта қалсақ, бүгін сенің учаскеңнен басқаның бәрінің де алдына түстік, енді ризасың ба?


— Ризамын.


— Риза болсаң, мені сен де риза ет, — деп Перизат ұшып келіп оны құшақтай алды. — Темір ертең майданға кететін көрінеді, сен де ойлан.


— Бақытты сапар тілеуден басқа ойланатын не бар?


— Соғыс болса әлі бітер емес, соғыс бітпей Нұрландардың не екенін білетін түріміз жоқ, сен соны ойла. Елге мазақ болудан басқамыз қалмай барады, сен соны ойла.


Сәуле жаңағы бір іркіп қалған сұрауын амалсыздан айтып салды:


— Перизат, сен не болып барасың осы? — деп еді, сезікті адамның секемшіл келетін әдеті ғой, Перизат тым тез тыз етті.


— Не болыппын? — деп түсін тез суытып алды.


— Соңғы кезде мен саған түсіне алмай жүрмін.


— Мұның бір жаңалық екен. Иә, сен түсінбейтін мен не істеппін?


— Мен сенен сыр жасырып көрген жоқ едім ғой, бір сапар сен де менен сырыңды жасырмай айтшы. Осы сен Павелды шын сүймеуші ме едің?


— Ә, қойшы, софысынбай, — деп Перизат қолын бір сермеді, — Ел аман, жұрт тиышта кімді кім сүймеп еді, Оны мен сүйсем, Нұрланды сен сүйгенсің. Жау болса екеуі де жау, оның сен сөз қылатын несі бар?


«Жау» деген сөз Сәуленің жанына батып кетті. Бірақ ақылын ашуға жеңгізе қойған жоқ, салмақпен ғана:


— Мен Нұрланды қазір де сүйемін, сен ше? — деді.


— Ә, қойшы басты ауыртпай, — деп Перизат қолын тағы да бір сермеді де тұрып кетті, — Ел сені де оңдырып жүрген жоқ. Софы қыз деп бозбалалар саған күлетін көрінеді. Ол ғана емес, біреудің етегінен тезірек ұстамасаң ертең өкінесің, тіпті бүкіл өмірің жылаумен өтуі сөзсіз.


— Өтпей қалмасам игі едім, — деді Сәуле ызалы кескінмен мырс етіп. — Сен, өз қаупіңді айтып отырсың ау.


— Қырық жыл қырғын болса да сенің өтетініңді білемін. Бірақ сен Нұрлан үшін күйесің, қашан айттың деме!


Сәуле енді бәрін де түсінді, түсінді де күрсінді. Бірақ өзін күтіп тұрған қасіреттің қандай екенін сезсе де сескенген жоқ, тек Перизаттың жаңағы бір сөзінен оның келешегін көргендей болып еді, сол күдігін, көрген күдігін жасырмастан ашық айтып салды.


— Перизат! Сен байқайсың ба? Осы соғыс адам баласын екі жүйеге бөліп барады. Біреулер көк жиектен көтерілген күндей шалқып, адамшылықтың асқар шынына қарай өрлеп бара жатса, енді біреулер аспаннан ағып түскен жұлдыз секілді бірте-бірте құлдилап қараңғы тұңғиыққа қарай құлап барады. Бірақ аспаннан ағып түскен жұлдызға ұқсайтындар бізде аз. Сені сол азған аздың бірі болып кете ме деп қорқамын, жалынамын, сақтаншы, жаным. Ақыл-есіңді нәпсіңе билете бермей ойланшы.


Перизат ойланып отыр, ойланған сайын жадырап жайнаң қақты да, Сәулені келіп құшақтай алды:


— Сен ақылдысын да, мейрімдісің ау, Сәулеш. Бірақ осындай ақылды бола тұра Темірдей асыл адамды сүймеуіне тан қаламын, бұл қалай? — деді.


Сәуле оның Темірді не үшін мақтап, бұл сұрауды не үшін беріп тұрғанын аңғармастан:


— Ондай адамды сүймесем кім болғаным, — деп еді Перизаттың өңі қайтадан сұрланып кетті. Сәуле оны да аңғарған жоқ, тек сөзін қайта жалғады, — бірақ мен оны туысқандық сезіммен ғана сүйемін. Жалғыз бауырым Дулаттан айрылдым, менің енді туыс етер Темірден басқа кімім бар?


Перизаттың сайтан оты ойнаған көзі қайтадан жайнап кетті. Ол Сәулені құшырлана құшақтай түсті де:


— Сәулетай ау, сен өзін қасымда жүріп қайда шарықтап кеткенсің? Мына қасиетін бүкіл адам баласына өнеге ғой. Ал, Темірдің өзі қалай? Сенің мұндай асыл қасиетіне Оның қиялы жететін бе? — деп енді Сәуле арқылы Темірдің де ойын білгісі келді.


Оның не үшін ынтығып тұрғанын сезбесе де, Сәуленің жауабы қысқа болды:


— Жоқ, жетер емес. Ол өзіне тең жар табудан қарындас табудың қиын екенін әлі біле алмай жүр.


Перизат ойланды, бірақ қанша ойланса да өтіріктен басқаны таба алған жоқ. Сол өтірігінің бірі: «Сенің қандай қыз екеніңді Темір ағаң енді ғана тани бастапты. Сондықтан оның ендігі арманы сені қарындас, мені жұбай еткісі келетін секілді» деу еді, соны шімірікпестен айтып салды.


Сәуле оның бұл сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей ұзақ қарап отырды да:


— Перизат! — деді ақырын. — Сен не айтқалы келесің?


Перизат ұялған болып біресе көзін жұмды, біресе ернін тістеледі, қиналған болып қыңсылап біраз отырды да:


— Айран сұрай келіп шелегімді несіне жасырайын, — деді теріс қарап, — егер сен Темірді аға еткің келетіні рас болса, мені жөнге етуіңді өтінгелі келдім.


— Жеңге еткені қалай? — деді Сәуле жөнді түсіне алмай. — Сонда сен Темірге тимексің бе?


— Иә, ендігі бар арманым сол.


Сәуле сенер - сенбесін білмей әлі аңыруда. Сенейін десе мұны Темірден күткен емес, сенбесін десе Перизаттың сөзі шын секілді. Сондықтан ол әлі де аша түскісі келіп:


— Сонда қалай? Сен Павелдің тағдыры не болғанын білместен, оның ақ - қарасына көзіңді жеткізбестен басқа біреуді шыныңмен - ақ сүймексің бе?


— Мен өтірік сүюді білмеймін, — деді де Перизат тұрып кетті. Енді Сәуле де сөйлей түре келді.


— Сен осындай опасыз ба едің? — деген даусы да тұңғыш рет осы арада тым зілді шықты.


Перизат та зілденіп алып бар ашуымен жалт қарады.


— Мен сендей тас жүрек емеспін, мұнан былай маған ақыл айтуды тоқтат.


— Мен сенің өзіме істеген опасыздығыңды кешкен едім, дәл мынау Павелге істеген опасыздығыңды кеше алмаспын. Ендігі бар айтарым сол ғана. Жүрегімнің сенің жүрегіндей лас болғаннан тас болғаны. жақсы, сондықтан менің ағам Темір сендей опасыздың жүрегін көмуге де жеркенер. Бар, мені мұнан әрі сөйлетпе!


Егер ентіге басып Бөлекбас кіріп келмегенде Сәуленің мұнан да ауыр сөздерді айтуы мүмкін еді. Ол не айтса да есесін қайтаруға Перизат та бекінген еді, амалсыздан бар кегін ішке тығып сұрлана түсті де, түк айтпастан шыға жөнелді.


Бөлекбас кешігіп келгеніне шын ғафу өтінгісі келді ме, жоқ әлде бейнеті көп, зейнеті жоқ еңбегін мақтан көріп соны Сәулеге айрықша ескерткісі келді ме, әйтеуір есіктен кіре бере:


— Уһ, жеттім ау, кеше кеткеннен жаңа келдім. Аз ғана кешіккен болармын, оған ғапу өтінемін, — деп басын иіп еді, төбесіндегі қар жерге сылқ ете түсті.


— Басыңды қар басып қалар, құлақшыныңды ала көрме, — деп Сәуле өтірік есіркей қарап еді, оның мысқыл екенін сезіп Бөлекбас көз ілестірген жоқ, құлақшынын басынан жұлып алды.


— Кешір Сәулетай, кешір, — деді қалбалақтап.


— Кешірімді өзіңнен сұра да, келген шаруаңды айта бер. Көзің кіртиіп кетіпті, өзін қайдан келгенсің?


— Ой, Сәулетай ай, жер астынан емей қайдан келді ғой дейсің. Қызыл ту қолға тигенше шахтыдан шықпайын деп едім, сен шақырып жатыр деген соң амалсыз келдім.


— Мұндай сыпайы болғаныңа рақмет, отыр! — деп Сәуле Бөлекбастың қызыл ту алғанша деген сөзіне тоқырап, ойланып қалды.


«Шекердің айтқаны осы ма әлде? Онда, мұның бәйгеге тіккені кім?» — деді ішінен.


Кеше кешке Сәуле Шекерден жұмыс жайын сұрап еді, ол:


«Көмір мені сілейтті, мен осындағы бір желбуаз ағайды да сілейттім. Егер мен бірдеңе сезетін болсам, дәл сол ағай осы шахты қызыл туды қайтып алғанша жер астының бүгелігі болып кетер», — деген еді.


«Шекердің жер астының бүгелігі болып кеткен желбуаз ағасы осы болар ау, сонда мұның сормақ болған гүлі кім екен? Сол Шекердің өзі ғой, ол мұның сілесін қатыру үшін сондай алыстағы жеңіс күнін желеу еткен ғой».


Шыны олай емес еді. Бөлекбастың көксегені Шекер емес, Сәуленің өзі болатын, Нұрлан бар кезде мастықпен ғана сүйетін Сәулені ол енді шын сүйетін де, үміт ететін. Бірақ, Сәулемен бетпе-бет сөйлесуге бата алмай бармағынан бал тамыза хат жазған еді де, Шекерге тапсырған еді. Шекер ол хатты .Сәулеге көрсетпестен жыртып тастап бұрнағы күні Бөлекбас соның жауабын сұрағанда түйсінбестен:


— Алдымен туды қайтарып алайық та деп күрсінді, соған қарағанда тойды сол күнге белгілей беруге болатын сияқты.


Содан бері Бөлекбаста бөлек қимылдап жүр:


— Мен енді қашан қызыл туға қол жеткенше тыным көрмеспін, — деген болатын. Әттең ол ойын қалай орындарын әлі ұғынар емес. Сәуленің қазіргі айтар сөзінен үміттеніп. — Сәулеш өлсемде айтарыңды өз аузыңнан естіп өлсем екен, — деп ерленіп еді, ол ерлігі Сәуленің бір қарағанынан қалмай жер болды.


— Осы сен өзіңнің кім екеніңді білетін күнің бола ма, жоқ, па? Алдымен, осыған жауап берші! — деді.


Мұндай сұрауды Бөлекбас күткен жоқ еді, ол не дерін білмей қалды ма, жоқ әлде бар түсінгені сол болды ма:


— Сезем, Сәулеш, сезем, — деді төбесінде тұрған әлденені сілкіп түсіргісі келгендей бұйра басын селтеңдетіп.


— Сезсең, өз қадіріңді өзің неге кетіресің? Жиылыс болса әр кітаптан жаттап алған сөздеріңді айтып қу далаға лағасың. Жұмысқа барсаң кім көрінгенге тиісесің. Жұмысшылардың өзіңді неліктен бүгелек деп жүргенін сезбейсің. Бұл не?


— Бүгелек! Бүгелек деймісің? Мені олай келекелейтін кім өзі? Айтшы, кім болса да нетіп, көзін желкесінен шығарайын, — деп Бөлекбас ұшып түре келді.


Сәуле оның басынан аяғына дейін көзін бір жүгіртті де:


— Әттең, әттең, — деді күрсіне сөйлеп. Оның не үшің күрсінгенін Бөлекбас аңғарған жоқ. Ол өзінің ожарлық істегенін енді ғана сезіп қайтадан отыра кетті.


— Сәулетай ау, тіпті түк жазығым жоқ, қалай шыдарсың? — деп мұңая қалып еді, Сәуле жауап қатқан жоқ. Столдың тартпасынан әрбір участкенің өткен күнгі мәліметін алды да:


— Сенің участкең өткен күні неше тонна көмір бергенін білесің бе? — деді.


Бөлекбас ойға кетіп, екі көзі үйдің төбесіне қадалды.


— Білем. Отыз бес және отыз. Елу және отыз бес, ана екеуі алпыс бес, мына екеуі сексен бес, ана мен мынаны қосқанда болады жүз елу тонна... Он айдан бері артта келе жатқан участкені жүз елуге бір жеткіздім, сонда да маған жақсы ат жоқ. Сонда да көк есек мен мінетін, өзін ақ айтшы Сәулетай, осыларың да әділет не? Есек мініп, иә, иә есек мініп, ой әлгі бір мәтелді ұмытып қалғанымды қарашы.


— Бергенің жүз елу тонна екені рас, беретінін қанша? Екі жүз елу мес пе?


— Иә, екі жүз елу, бірақ ол лава өмірінде жүз елуден артық берген емес көрінеді.


— Өмірде мұндай соғыс та болған жоқ-ты, деп сондықтан біздің әрбір ісіміз бүгінгі майдан талабымен ғана өлшенеді емес пе?


— Оны білемін.


— Оны білсең, ескі жоспарды орындағанына неге мәз боласың?


— Маған сол ескі жоспарды орындау да жеңіл тиіп жүрген жоқ, — деп Бөлекбас өзінің ойын дүрдиткісі келіп еді, Сәуле ақырын бір күрсінді де:


— Бөлеш, сен байқайсың ба? — деді салмақпен, — білім ордасында бес жыл бірге өмір сүру адамды бір ұяда өскен балапандай етеді екен. Сондықтан да мен сенің жақсылығыңа қатты сүйінемін де, жаманшылығыңа өте күйінемін. Сенің сүйіндіруіңнен күйіндіруің көбейіп барады, осыны қайтеміз бұл?


Оның мұны не оймен айтып отырғанын Бөлекбас түсінбеген екен:


— Сабыр, Сәулетай, сабыр. Аз сабыр етсең көп сүйіндіремін, — деп жылмия қалып, жымын етті, — мені анау-мынау деп жүргендердің бәрі мен түгілі өзінің байын сүйіндіре алмай жүрген өсекші әйелдер, олардың өсегіне алданып қалма, Сәулетай, жарай ма?


Сәуле тесіле қарап аз отырды да:


— Сен өзіңнің не айтып, не қойғаныңды да білмейтін болып барасың дәрігерге көрінсең қайтеді?


Бұл сөзге Бөлекбас шамданып қалды, бірақ Сәуле намысын тепкілесе де елейтін емес, бір әзіл айтуға оңтайланып еді, Сәуленің отты көзіне көзі түсті де жүрегі зырқ етті. Сол зырқ еткен жүректі тоқтатып үн қатқанша болған жоқ, Олжайды бір қолынан жетектей Дәмен кіріп келді.


Олжай артта, Дәмен алда, неге екені белгісіз Олжайдың ұнжырғасы мүлдем түсіп кетіпті Сәуле оның күн жаумай су болып тұрған кейпіне іштей кейісе де, жылы шыраймен қарсы алды.


— Келіңіз ағай, бері келе беріңіз! — деп есік көзінде тұрып қалған Олжайға қарап еді, бетінде шіркеуі бар ма қалай, ол төрге беттер емес. Дәмен оның не үшін тартыншақтап тұрғанын сөзді де,іштей күліп Сәулеге жақындады.


— Ол кісінің билігін маған берген едің ғой, арызында ол былай деді, — де, Сәуле не үшін жалт қарағанын сезіп, сөзін аяқтамастан кілт тоқтай қалды.


— Бір сапарға айта ғой, — деді Сәуле оның күйеден көрінбей тұрған түріне, бас-аяғына көз жүгіртіп, — бірақ мұнан былай бұл түрінді маған қайтып көрсетпе! Шын жұмысшы болсаң жанын да, тәнін де таза болсын.


Оның қабағынан ызғар шашуына себеп осы күйенің кесірі екенін сезсе де, именбей қолын бір сілтеп тастап сумаңдай жөнелді:


— Е, біз сияқты шой табан жұмысшы әйелге кім қырындар дейсің, жүрегінің түгі бар біреу болмаса... Мәселе былай, сіңілім, сен жұмысшы деген өмірдің жүрегі, мысалы өмір — машина болса, жұмысшы — соның моторы деуші едің ғой. Соның рас екен, мына бір мотордың бензині таусылып қалып жүрмей қалды, — деп қырындай бере мырс етті.


Сәуле оның «бензин» дегені не сөз екенін түсіне алмай:


— Сен Шекердей бола алмайды екенсің, көрдің бе оның Сайранды қайрай-қайрай қандай алмас еткенін.


Сайран мен Шекердің еңбек үстіндегі егесі екеуін де ел қатарына қосып келеді. Сол бақытты Сәуле мына екеуінің де басынан күтіп Олжайды Дәменнің қамқорлығына берген еді, ол үміті ақталмады. Өйткені мосқалданып қалған Олжай Дәменнің намыс серігі бола алмады. Оның жасы үлкен, өзінің жасы кішілігі тілін байлап Дәмен ащы әзілмен намысын шымшылаудан әріге бара алған жоқ. Бензині таусылған машинаға ұқсатуы оның ашумен айтқан ең. ауыр сөзі.


Сәуленің жаңағы сөзіне Дәмен жауап қайтарған жоқ. «Шекер түгілі өзің қайрасаң да мынандай мұқылдан мың жылда да ештеңе шықпас» дегісі келіп еді, оны айта алған жоқ.


Сәуле Дәменнің осы ойын сөзді ме, жоқ әлде есік көзінде мықшиып тұрған Олжайдың түріне күлкісі келді ме, әйтеуір күлкі оралған көзін екеуіне кезек жүгіртіп отыр. Ол күлімдесе Бөлекбас та қоса күлімдеп жымыңдап отыр еді, не үшін екенін өзі де білмейді екен, қырын қарай бере еңкейіп ақырын күңк етті:


— Мен түсінбей қалдым, осы жеңгей бірдеңе деді ме?


Сәуле жауап қатқан жоқ... Қасына келіп отыра кеткен Дәменге қарады.


— Маған масыл болғанмен, ақ көңіл адам еді бейшара, — деді Дәмен Олжайды иегімен нұсқап. — Көмейіне көмір кетіп қалып мүлде сорлапты, сөйлей алмай тұрған себебі де сол. Нормасын артық орындағандарға жүз грамдай арақ берілетін болыпты ғой. Соның маған тиістісін осы кісіге беріңдер дегелі келіп едім.


Дәмен соны айтқан кезде Бөлекбастың көзі қоянның көзіне ұқсап кетті. Өйткені, аузы далиған үлкендеу еді. Оның неден үрейлі екенін сезген болу керек:


— Көп көрінген көмейге көмір кеткіш келеді, сен де сақтан! — деді Сәуле Бөлекбасқа күле қарап.


Олжай жұлыны үзіліп, бел! кілт еткендей сегіз көздің тұсынан ұстай алып:


— Ойбай, белім ау, осына бір келіннен ақ өлер болдым, мені ылғи кептіреді де жүреді. Ойбай, белім ау, сарайым сау қарағым, тек белім, белім, — деді.


Сәуле оның аяңкестеніп тұрғанын сезсе де, сезбеген болып белгісіз бір жымиыспен езу тартты да:


— Жарайды, осы артистігіңіз үшін бір-екі жүз грамм бергізейін. Оның есесіне сен менің бір тілегімді бер. Дәмен, мен мұны саған айтып отырмын. Айтарыңды айтып болсаң бетіңді бүрке де, үйіңе тезірек жөнел. Ертең сендердің емтихандарың, емтиханнан жақсы өтіп машинист болып шықсаң, мына кісіні сен оқытасың, — деді.


Бұл сөз Олжайдың кішкентай жүрегін тағы бір селк еткізді. Әрі жұмыс істеп, әрі техника жайын оқу қабаттасқан қос жаза секілді көрінді. Ол белінің аурулығын сылтау етіп, сол оқу деген «жазадан» құтылайын деді ме, жоқ әлде Сәуледен арақты молырақ алғысы келді ме, белін қайта-қайта сипалап, бет аузын тырыстыра түсті. Түкірігіне шашалып, түшкіріп те салды. Түкірігіне шашалса, өзі «май қап» деп, түшкіре қалса «я рахман алла» дейтін әдетін де тастаған жоқ.


«Әй, қақпан бел қара керім ай, қайратың қандай болса қайрымын да сондай ау», — деп Олжай ішінен Дәменді аймалап тұр еді, ол қуанышы баянды болмады. Сәуленің жаңағы сөзінен кейін ширыға түрегелген Дәменнің түрі қалт-құлт етіп тұрған үмітін үзіп кетті.


— Менің айтқалы келген арызым тіпті ол емес. Жолшыбай ұстап алып қайыршыдай мөлтеңдеген соң ғана айтып тұрмын. Маған тиісті арақ пен темекіні осы кісіге берсең де, қайыршыға берсең де еркің. Оның маған қажеті аз. Менің тілегім: кінәлі болсам басқа жаза тартайын, тек осы масылдан құтқар. Жерлестік борышымнан құтылдым, енді аулақ, ол үшін артта қалып, елге күлкі болар жайым жоқ. Егер мұнан құтқармасаңдар, басқа шахталардың біріне кетемін де қаламын, қош бол.


Дәмен соны айтты да, алды-артына қарамастан шыға жөнелді.


Сәуле көз қырын тастап Олжайдың ұнжырғасы түсіп кеткенін көрсе де, есіркей қойған жоқ, сондықтан:


— Беліңіз шын ауырса неге отырмайсыз? — деген даусы қаттырақ шығып кетті.


Олжай тұрса белі үзіліп, отырса орны ойылып кететіндей аяғын майыса басып, ауыр қимылдап келіп отырды да:


— Ойбай, белім ау... Құдайдың күні де қақаңдап кетті ғой бұл. Белімнің құяңы бар еді, соның құрыстырып - бырыстырып жүргені. Емі тезірек табылмаса, кешікпей үзілетін шығар, — деп екі қолымен кезек-кезек белін уқалай бастады.


— Қашаннан бері сырқатсыз?


— Кешеден бері.


— Ә, онда жеңіл екен. Мен сізді іштен туа сырқат деуші едім. Ондай жеңіл сырқаттың емі табылар, тек оны алатын ақшаңыз адал болсың.


«Ақшаңыз адал болсын» деген сөзге түсіне алмай: Бұл не сөз екен ә? Шіркін ай, осы қыздың ішіндегісін білетін сиқырым болар ма еді», — деді ішінен. Оның сәл кідіргені Бөлекбастың бар шыдамын кетірді.


— Ау, жолдас ау, тіл бар ма сенде. Неге үндемейсің? Ақшаң жоқ болса, жоқ десеңші, мұндағы ақшасы барлар алсын, — деп еді, Олжай шошып оянғандай селк етіп басын көтеріп алды.


— Оған жетерлік ақшаны өзімді сатсам да табармын. Ойбай, белім ау, үзіліп кетер ме екен? Бұл арақ дегенді аузыма алған пенде емес едім. Белім қақсап құяңым жаныма батқан соң шыдай алмай жүргенім... Ойбой, шонтанайым... шонтанай ауырды дегенше шоңқайдым десеңші. Құдай әмірі, бір терлегім келеді де тұрады.


— Терлегіңіз келсе моншаға неге бармайсыз?


— Көрмегенім сол тозақ болсын, қарағым. Анада бір барып едім, терімнің бір қабаты жидіп қалды. Осы ауру дәл сонан жабысты.


Сәуле қатты айтайын десе, кінәсі үлкен. Соны ойлап ие істерін білмей, аз отырды да сөз салмағын Бөлекбасқа тастай салды.


— Мен мына бір чертежді бітіруім керек еді, мына кісімен сен сөйлесші.


Бөлекбас алдымен өзінің әкімшілігін көрсетіп нықыртып алды, сонан кейін арақтың зияндылығы, моншаның пайдалылығы жайынан бес минуттік лекция оқыды. Сонан кейін неше түрлі сұраулар беріп Олжайдың есін шығарды, ең ақырында:


— Борыш дегенің басыңдағы шашыңнан көп, оны қалай өтеуді неге ойламайсың? Арақ дегенде аузыңды арандай ашасың, борышыңды өтеуден неге қашасын? — деді, осы жолы тауып айттым ау деген оймен насаттана шалқайып.


Олжайдың үрейленгендігі сондай, от басып алғандай ыршып ұшып түрегелді де, қайтадан отыра кетті.


— Астапыралда, қарағым ау, қайдағы борыш? Жанары өзіңнен қарызға алған елу тиын бар еді, сол ма айтып отырғаның?


— Жолдас, жолдас, сен өйтіп аңқауланба! Мен саран ақшаны емес, көмірді айтып отырмын, көмірді.


— Қарақтарым ау, аянып жүргенім жоқ қой.


Бөлекбас қабырғаға жетіп барып өзін келемеждейтін суреттің алдына тұра қалды.


— Мынау не? — деді есекті нұсқап.


— Есек.


— Жақсылап қара, ол есек емес, есек аяңмен келе жатқан сен. Сол есектің құлағымен арақ ішіп тұрған мынау маскүнем де сенсін.


— Бауырым ау, менің шашым жоқ қой, мына сенің шашындай бұйра шашы бар біреу ғой.


— Сен өйтіп қуланба, мәселе күн тәртібіндегі қазіргі мәселе шаш туралы емес, бас туралы, бас. Білдің бе?


— Оны білемін ғой.


Сәуле жалт қарады:


— Нені білесіз?


Олжай Сәуленің сұрауына жауап қатқан жоқ. Түнерген күйі төмен қарап тұқия түсті.


— Неге үндемейсің, өзіңді өзің танымай отырмысың? — деп Бөлекбас иығынан түртіп қалғанда ғана ол селк ете түсіп:


— Е, өзімді өзім танымай маған не көрініпті, — деді жалқаулардың суретіне ұрлана қарап.


— Танысаң жақсылап таны. Жаудың танкісін қиратудың орнына өзіміздің танкті қиратып жатқан анау сен, масқара болған сен, күлкі болған сен, жалқаулығын етегімізден тартып жатқан кесел сен, — деп Бөлекбас жындана айғайлап шұбырта жөнеліп еді, Сәуле «тоқтат!» дегендей қолындағы қаламның сабымен столды тық еткізді де, Олжайға қарады:


— Қазіргі шақ — ең ұялар шақ ағай. Мұндай кезде ұялмаған адамның адамшылығы да шамалы, ондай адамға біздің істер жақсылығымыз да шамалы. Ең алдымен соны біліп алыңыз, — деді.


Сәуленің үні зілдірек шыққан еді, тұқия - тұқия мойны ішіне кіріп кетті. Сондықтан ба Олжайдың тілі күрмеліп қалды. Тек ерні ғана жыбырлайды. Мұндай кезде мұрындықсыз бұқаша кие жөнелетін Бөлекбас еді. Ол көзінің қырымен Сәулеге бір қарады да жым болды.


— Мынаны магазин бастығына беріңіз, — деп Сәуле бір жапырақ қағаз ұсынып еді.


— Арағы да, марағы да құрсын, — деді де, Олжай Сәуле ұсынған қағазды алмастан шыға жөнелді.


— Ет жемесе де сорпа ішкендей терледі бәлем. Өзіне де сол керек еді, айтқанға бір болмайтын мейлінше кесір. Мырзекең айтқандайын тұпа-тура қатып шықты, айызым мұндай. қанбас, — деді Бөлекбас әр сөздің басын бір шалып.


Сәуле оған бір рет көз тастады да:


— Біз оны терлеттік. Ал, бізді, әсіресе, сені терлететін кім бар?


Бөлекбастың жаңа ғана күлкіге көміліп тұрған көкшіл көзі аязды күнгі жұлдыздай лезде шақырайып кетті.


— Терлеткендей жазығым не? — деді ол күшене сөйлеп.


— Жаңағы Олжайдың жазығы не?


— Ол жалқау, маскүнем, өндіріс жоспарын орындамайтын зиянкес.


— Сол айтқандарыңның бәрі де сенің өз басыңда да бар емес пе? Өзгенің түймедей мінін көргенде өзіңнің түйедей мініңді неге көрмейсің? Рас, сенің онан екі түрлі артықтығын бар, сен оқыған адамсың, инженер деген атын бар. Бірақ бойыңдағы барлық жақсы қасиетіңді жегідей жейтін дертін де бар. Ол сенің жағымпаздығың. Сенің қайсы бір мінездерің Абай атамыз шенеген Күлембай болыстың мінезіне ұқсайды.


Бөлекбас Сәуленің бұл сөзінің байыбына бара алмай:


— Е, бастықтарға жалын, жұмысшыларға жалын, бәріне бірдей жалына беруге жаным жете ме менің. Шахта бүгін жабылып қалса да жалынып жүре алмаймын, — деді өзінше қатуланған болып.


— Бастықтарға неге жалынасың. Тіпті сенің жағынғаның да бір түрлі, бұлаңдайсың ба ау, қылмыңдайсың ба ау. Кейде тіпті өзіңнің адам екеніңді ұмытып кетесің.


— Е, ол жалғыз. мен ғана екенмін. Басқаны былай қояйын, трестің бастығы мен обкомның секретары келген кезде Мырзекеңе қара да тұршы, маңдай терісінен бастап бақайшағына дейін бұлаңдасын.


Сәуле мырс етті де, кенет түсін суытып алды. Оның Бөлекбасқа бүгінгі оңаша айтпақ жайынын, бірі осы еді.


— Оның рас, бірақ Мырзекеңнің жағымпаз болмасқа амалы жоқ, өйткені оның басқа өнері де, басқа сенеpi де, басқа сүйенері де жоқ. Оның өмір бойы оқыған кітабы да өзінен жоғарғылардың қас-қабағы ғой. Жоғарғы білімі бар саған ондай болу ұят екенін қалай білмейсің?


— Оны білмейтін ақымақ емеспін, — деп Бөлекбас тұмсығын көтере бастап еді, Сәуленің мына сөзі оның шала жансар дәмесін қайта сылқ еткізді.


— Ақымақ емес екенің рас болса жағымпаздықтан мансапқорлық туатынын, мансапқорлықтан ұятсыздықтың туатынын, ұятсыздықтан пасықтықтың барлық түрі түгел туатынын қалай білмейсің?


Бөлекбас ынқ етіп бір күрсінді де:


— Ал, мен де ет жемесем де сорпа ішкендей болдым. Айтқаныңның бәрі де жөн бола - ақ, қойсын, жөн емес деп тапқанымды кейін өзім алып тастармын. Жалғыз - ақ тілегім, Перизаттан аулақ бол.


— Неге?


— Оның өзі біздің инженер деген атымызды ластайтын түрі бар, — деп Бөлекбас өзі лас сөзді айтты. Сәуле Перизатты қанша жек керсе де Бөлекбастың бұл сөзінен тіксінген тұр көрсетті.


— Бөлекбас! Сенің осындай екі жүзділігің де бар ма еді? — деді оның бетіне тесіле қарап, — Перизатты сүйе тұра күйе жаққаның қалай? Әлде оны жамандап менен осылай сыр тартпақ па едің? Егер, іздегенін менің сырымды білу болса оны айтып берейін, тек жер жебіріне жетсем де өкпелеме.


Бөлекбас ыршып тұрды да қайта отырды. Ол сорлының бұл жерде жаманшылыққа жаны қастығын, жаны ауыратынын сездіргеннен басқа ойы жоқ еді. Сондықтан, ол Сәуленің бұл сөзіне булығып қалды. Булығудан даусы да жөнді шыққан жоқ. Даусын қаттырақ шығарып қайыра сұрағанша болған жоқ, Мырқал кіріп келді. Оның бұл кабинетке тұңғыш кіргені осы еді, қандай құйын айдап келгені белгісіз, әйтеуір, бүгін келе қалыпты.


— Сәулеш ау, мына кабинетін немене болып кеткен бұл? — деп ол жан-жағына сүйсіне қарап тұр еді, мешеулікті бейнелейтін суреттерді көргеннен кейін ені кенет бұзылып сала берді. — Мұны жасап жүрген кім? - деген даусы да ызбарлы.


— Суретшілер ғой.


— Солар да еріге береді екен, — деді де Мырқал суреттерден көзін алмастан Сәуленің қасына ақырын отыра бастады. — Так, жолдастар, мәселе былай, жолдастар, біздер әйелдер мәселесін дұрыс шешкен сияқтымыз, сондықтан қазірден бастап жер астындағы жұмыс істейтін әйелдердің тізімін жасауымыз керек, мен мұны саған тапсырамын, жолдас Бүлдіргенов.


— Иә, оны қайтесіз? — деп Бөлекбас та қосарлана кетті.


Мырқал тез жауап бере қойған жоқ, өйткені жасанды жайдарылықтың септігі тиер емес. Ол соны ойлап темекінің түтінімен бүркегісі келгендей қалтасынан папиросын алып тұтата бастады. Сәуленің көзі әлі сонда. Ол жаңағы сұраудың жауабын күтуде, оны Мырқал да сезіп отыр.


— Қайтетініміз белгілі емес пе? — деді Мырқал папиростың түтінін будақ - будағымен бұрқылдатып. Сол будақтаған түтінмен бірге өзінің кеудесіндегі жалыны да бұрқ етті, — Ертеңнен бастап әйелдер участкесін ұйымдастыратын болдық.


— Біз бе? — деді Сәуле оған таңдана қарап.


— Әрине біз.


— Ол үшін несіне қынжыласыз?


— Сен үшін қынжыламын, қынжылғанмен амал жоқ, таңдаған бір участкеңді ал да, армияңды сайлай бер! Екіншіден, мына комбайндарыңа арнап екі мотор әкелдім, екеуі де су жаңа, оны да тезірек қабылда.


«Қасқырдан қайрат кетсе ешкіні апа дер» деген ғой. Мырқалдың булай момақансуында үлкен мән бар. Ол осы келгенде Орловтан келген-ді. Анада Абзал айтқан Мырқал үшін ажал оғындай сезілген ауыр сөздің шет жағасын бүгін Орлов та қылтитқанды. Ол Абзал секілді: «шахтаны басқару жұмысын сол Сәулеге бер» дей қойған жоқ, бірақ соған жақындатқан-ды. Сондықтан оның алдында құрдай жорғалап, басын шұлғи-шұлғи миын суландырған еді, ішінен Сәулеге жасайтын қастықтарын сайлап қасқыр болып қайтқанды.


«Сенің де батыл қимылдайтын тың күш деп құдайдан көріп отырғаның Қазыбектің Сәулесі ғой, көрермін оның қимылын, көрсетермін мен, — деп Орловқа сол жерде ақ іштей кіжінген-ді: — Егерде мен Нұрланның жайы қырсығымен шырмап тастап, асау әйелдермен алыстырып қойсам сен қыз шахтаның жұмысы түгілі өзіңнің кірпігіңді де қимылдата алмассың» деп мұнда да қайрaп отыр!.


Сәуле ауыр ойда отыр. Өйткені ол Мырқалдың осы игілікті істен де күткені жаманшылық екенін сезіп іштей күйініп, Мырқалға атылар оқ болғалы түйіліп те отыр. Бірақ ойлана келе өзін-өзі тежеді де:


— Мен тәуекел еттім, — деді.


— Сәулеш, ойлан, — деп Бөлекбас достық ниетін көрсетіп еді.


— Так, абыройлы іс күтем, Сәулеш, ризасың ғой? — деп Мырқал киіп кетті.


— Өңкей ұрысқақ әйелдер үшін Сәуле сорлай ма, басқа біреуді неге қоймайсыздар? — деп Бөлекбас күдігімен әлі алысып отыр.


— Басқаны қоюға неге болмасын. Әбден болады. Бірақ онан абырой алмаймыз. Мысалы, сені жіберсек, сөз жоқ, ол участкеге сен құлайсың, сенің құлағанын. — осы идеяның иесі Сәуленің құлағаны. Сәуленің құлағаны менің құлағаным, менің құлағаным бүкіл шахтаның құлағаны, біздің шахтаның құлауы — бүкіл Қарағандының құлағаны! — ден Мырқал шұбырта жөнеліп еді, Сәуле столды сарт еткізді.


— Құласам да бардым мен соған, — деді.


— Так, онда, қай участкені аласың?


— Басқа участкелердің бірінің аласы аласа, бірінің суы көп, әйелдерге Бөлекбастың участкесі қолайлы, соны беріңіздер!


— Мақұл.


— Ал, мені? — деп Бөлекбас шақ ете түсті.


— Егер Мырқал ағай қабыл көрсе сен менің осы орныма кел!


Бөлекбас іштей қуанып үндей алмай қалып еді.


— Оны кейін көрерміз, — деді де, Мырқал шығып кетті.


Бөлекбас оны бұл орынға оймайтынын қабағынан байқап қалған екен, енді өзінің участкесінен айрылғысы келмей.


— Сәулетай ау, «түйенің танығаны жапырақ» дегендейін, менің участкемді неткенің не? Басқа участкенің бірін алсаң да болады ғой. Өтінемін, сөйтші, жаным, — деді жалбарынып.


— Қайран, Бөлешім ай, жүрегің адал болса да ойың шолақ ау. Түсінбейсің ау, мұның түбі неге апарып соғарын ойлашы. Атқаным тигендей арманыма жеткен жоқпын ба бүгін. Бірақ бұл екеуінің Ішінде маған деген бірдеңесі әлі жатыр бықсып. Мені участкеге жіберуінде де есеп бар, сен оған түсінбедің, Оны кейін айтармын, сен көкем менен Мирон қартты маған шақырып жіберші, сәті келсе біз келесі жылы осы уақытқа дейін дүние тан қалғандай істер істейміз. Оның кілті сол екі қартта, баршы, тез келсінші, — деді.


* * *


Сәуленің әйелдер участкесіне бастық болыпты деген хабар шахтадағы жұмысшыларға сол күні, сол сағатта - ақ тарап кеткен еді. Осы шахтадағы жұрттың, әсіресе, лаваның ең түкпірінде отырған екі әйелдің бүгінгі әңгімесі сол Сәуле жайында болды. Оның бірі күлім көз Дәмен, екіншісі Кәкима екен. Үлкен аузы тыныш таппай әңгімені соғып отырған да сол еді, көп сөйлеймін деп көрініп қалды. Ол Дәменнің Сәулені мадақтағанын жақтырмай бет аузын тыржың еткізіп:


— Ә, қойшы, еркектер майданға кетпесе Москва түгіл Түркістанда оқып келсе де бастық болу қайда оған. Пәшти біз құсап көмір күреп жүрмесе де помашникмомашник сияқты бірдеңе болып жүрер еді. Бұл соғыс біреуге сор, біреуге пәшти, бақыт болды ғой, — деді де, алдындағы шашылған көмірді темір науаға қарай жиыстыра бастады.


Дәмен Москваны да, Түркістанды да көрген емес. Көрмесе де қайсысы қай жерде екенін, қайсысынан қайсысы үлкен екенін білетін еді. Кәкиманың соқырлығына күлкісі келіп теріс айнала бере мырс етті де:


— Жер жүзінде Түркістаннан асқан қала жоқ деуші еді, сен оған да барған екенсің ау, — деді күлкісін күшпен тежеп.


— Қайда оған мен барғалы. Пашти, он бес жылдан асып барады. Байғұс ең бастапқы күйеуім апарып сайрандатып еді. Өзін тастап кетсем де сол бір жақсылығын есімнен тастар емеспін.


Дәмен шыдай алмай Кәкиманың ең жек көретін сұрауын бергісі келіп күлкіге көміліп тұрған күлім көзін көлеңкеге сүңгітіп жіберді:


— Қай - қайдағының бәрін білесін, нешедесің осы? — деп еді:


— Пәшти, жиырма беске келіп қалдым ғой, — деп ақырын күрсінді де, — сөзді қой, ана сойқанды қыз осылай келе жатыр... Осы қызды көрсем бар ғой ә, бүкіл денем дірілдеп кетеді, жаным жаратпайды ақ тіптен. Өзіміз қыз кезімізде қылдай сызылып, етімізге сояу кіріп кетсе де, пәшти үндемеуші едік. Мынау қыз емес, қырғи. Айтпақшы, сен мына сұмдықты естідің бе? Әлгі бір Сафонов дейтін әулие неме, Тәкеміздің орнына осы қызды бригадир еткелі жүрсе керек. Сонда біздің күніміз не болмақ?


— Жайырақ сөйле, естіп қойса ол қыз бар қояңды ақтарып, сорыңды сорпадай қайнатудан тайынбайды.


Дәмен соны айтып көмірді науаға сала бастап еді, Кәкима қолындағы күрегімен оның күрегін ақырын салып қалды.


— Не дейсің ей? Ол қыз ақтарғандай менің қандай қоям бар еді ей, қане әулие екенсің, айтшы, — деп қалшылдай жөнелді.


— Байғұс ау, он жасыңнан күйеуге тиемін деп жынданғансың ба? Неге қалшылдайсың сонша? — деп Домен күле сөйлеп еді, Кәкиманың тісі онан сайын шықырлап кетті.


— Сандалақтама, аузыңа келгенді таптырамасаңшы, он жасыңда тисең өзің тиген шығарсың, ал мен он беске келгенше еркек дегеннің немене екенін білген емеспін.


— Сен қызықсың, ей. Жасыңды сұрасам, «пәшти жиырма бесте» дейсің «бастапқы күйеуім арқасында Түркістанды көргеніме пәшти он бес жыл» дейсің. Сонда тантырақтап отырған қайсымыз? Өзің ойлашы.


Дәмен соны айтқан кезде маңайдағы жұмысшылардың қайсы бірі мырс-мырс күліп еді, Кәкиманың құлағына конвейердің бүкіл лаваны жаңғырықтырған даңғыры да мазақ күлкісіндей естілді. Оның үстіне Шекер келіп екеуінің аралығына отыра қалды. Ол онымен де қойған жоқ:


— Жеңгей, сіз неге сілейдіңіз? — деп зірк етті.


Кәкиманың жанына, әсіресе, осы сөз батып кетті.


Сол сөзге ызаланғандай қолындағы күрегі де діріл қағып көтерілер емес. Шекер оны егесіп отыр деп түсінді де, бір тізесімен жылжып жақындай түсті.


— Жеңгей, ілініп-салынып жүрген бірлі-жарым әумесерлеріңізден айрылып қаларсыз, егесті қойып, қаттырақ қимылдасаңыз қайтеді?


— Ей, осы қыздың өзі бір түрлі екен ей. Жігіт деген, әумесер деген сұмдықты қайдан шығарды тағы? — деп Кәкима алара бір қарады да, көмірді науаға қарай бұрқырата бастады.


Осы кезде Сайранның қарқылдаған күлкісі, даурыға айғайлаған даусы шықты. Ол өзіне тиісті жердің көмірін тиеп болғанына мәз еді, соның буы Шекердің ашуын енді елететін емес.


— Шекер-ay, байыңа таласатын күндесің емес, бағыңа таласатын теңдесің емес, осы жеңгейді неге мұнша қорлай бересің! — деді Кәкимаға естірту үшін әдейі айғайлай сөйлеп.


Шекердің жауабы қысқа болды.


— Басыңа жаулық салып кел, бұл сұрауыңның жауабын сонда аласың, — деп тақыр қолтық тұсынан бір нұқып жіберіп еді, Сайран ыңқ етті де, Кәкима жырқ етті.


— Өзі де, пәшти, келіншекке ұқсаушы еді, жаулық қандай жарасар екен, — деді ол аузынан әрбір сөз шыққан сайын бір жырқ етіп.


Сайран ұзақ ыңылдап алып:


— Мен бірдеңе десем ғой, екеуің шаптарыңа шок түскендей мөңкисіңдер, ә, — деп еді, Кәкиманың жүрегі зу ете түсті.


Оның Дәменге жақындап:


— Бол тезірек, басқаға мазақ болғанымыз да жетер, мына бір әумесерге мазақ болмайық, — деген күбірін Сайран естіп қалды. Бірақ осыларға сөзін қор еткісі келмегендей мұрнын шүйіріп, тұмсығын бір көтерді де, үндеген жоқ. Тек Кәкиманың көмір тастасына таңырқана қарап:


— Қарай гөр, мына дала ауызды, — деп күңк етін еді, жақынырақ жерде, қалдық көмірді жиыстырып отырған Олжай естіп қалды.


— Әй шырағым ай, сен тым болмаса мен құрлы болмадың ау, енді сол қатындардан да қалып жүрмесең игі едің? — деді.


Сайран екі қолымен жер тірей төніп Олжайдың бетіне үңілді де:


— Қайсымыз қатындардан қалып қойған, мен бе, сіз бе? — деді.


— Ә, Шекерден күнде алғыс естіп, «жарайсың, аға, жарайсың» дегізіп арқасынан қаққызып жүрген кім? Мен емей сен бе? Қадам басқан сайын Шекердің қарғысына ұшырап жүрген кім? Сен емей мен бе? Ойландым, толғандым, намысқа шаптым. Міне, енді бұрынғы Олжай емес. «Олжеке» атана бастадым. Олжайдың осы Олжеке аталғаны аталған. Сен үшін Шекерден сөгіс алар жайым жоқ, менен аулағырақ жүр, егер менен үлгі алғың келмесе, атыңды аулақ арқанда.


Сайран мұндай сөзді басқалардан күніне мың қабат естісе де елемес еді, дәл Олжайдан есту оған жеңіл тиген жоқ, қатты қорланып түтігіп кетті, Намысына тиген сөзді бетіне тиген тепкідей сезініп, қолындағы күрегін де лақтырып жіберді. Ондағы ойы Олжайдың жағасынан ала түсу еді, ақылы келіп араға түсті де күрегін қайта алды. Ойлап қараса Олжайдың насаттанып бұлай асқақ сөйлейтін жөні де бар екен, өйткені ол өзінің тұрғыласы Кәкимадан бүгін озып шықты. Ал, Сайран өзі жарысқа түскен Шекердің шаңына да ілесе алмай келеді. Соны ойлап ол алдында тау болып үйіліп жатқан көмірге қарады.


Өнімді еңбексіз жастықтың жалыны жоқ екенін, жалынсыз жастық мезгілсіз жеткен кәрілік екенін ол енді ғана сезген секілді.


Сол күннен бастап Сайранның бағы жаңа бастады.


3


Электр сәулесімен жайнап тұрған кең штректе бір топ жұмысшы келе жатыр. Бәрінің де жұмыстан жаңа қайтқан беті болу керек, күйеден тек көздері ғана жылтырайды. Мұның бәрі Тайман қарттың бригадасындағылар. Ең алдағы Сафонов пен Сәуле Тайманның қолтығынан демеп келеді. Көңілінің бүгін шат екенін көрушіге айтпай сездіргісі келгендей Сәуле былғары кепкесін шалқайта киіпті. Өзгеше бір ыстық сезіммен ауық ауық Тайманның бетіне қарап қояды.


Сөзді Сафонов бастап, Сәуле қостап, жұмысшылар тыңдап келе жатыр еді, бір кезде бәрі бірдей тым - тырс бола қалды. Бәрінін де күткені Тайман қарттың жауабы. Ол Сафоновтың сөз емеуіріне түсіне алмай сәл ойланды да:


— Шіркін ай, кәріліктің тонаушы екенін жас кезімде неге білмедім екен? — деді.


Сәуле оның бетіне жалт қарады:


— Ата, бұл сөзіңізге түсіне алмадық.


— Оның түсінбейтін жұмбағы жоқ, балам. Мен өзімнің жас кезімдегі аңғырттығымды ойлап келемін. Мысалы, мен де жас кезімде қарт адамды баладай көретін сендер секілді едім.


— Ата, олай десеңіз өкпелеймін, — деп Сәуле наздана қарап еді, Тайман қалпын өзгерте қойған жоқ.


— Әрі өзімді бала көріп алдайсың, әрі оны айтқан сөзіме өкпелейсің, ә?


— Сізді бала көретін, алдағысы келетін ессіз емес шығармыз, — деген Сәуленің даусы қаттырақ шықты.


— Алдағың келмесе шыныңды айт, екеуің неге бүгін қарт біздерді шелите қалдыңдар? Соғыс кезінде де жайшылықтағы қалпынан ұзап кете алмай, әлі тәлтіректеп жүрген менің түрім мынау. Комбайнның нұсқасын осы күнге дейін жасап бітіре алмай жүрген Мирон мен Қазыбектің түрі анау. Сонда біздің мақтайтын неміз бар?


Сәуле не дерін білмей мүдіріп қалып еді, Сафонов іліп әкетті.


— Біз сіздерден қайсар қаһармандықты бір үйренсек қаһарман қайсарлықты екі үйрендік. Сол үшін мақтан, сол үшін мақтан көреміз сіздерді. Сондықтан біз сіздің бейнетіңізді азайтып, зейнетіңізді молайтқымыз келеді.


— Ондай ниеттеріңізге түсінемін, түсінген сайын сүйінемін, — деді Тайман қарт, әлденені көргісі келгендей Сафоновтың бетіне үңіле қарап. — Егер, осыдан басқа жұмыс менің қолымнан келмесе қайтесіңдер.


— Қолыңыздан қандай жұмыс келетінін өзіңізден көрі біздер жақсы білеміз.


Тайман «сенің де айтарың осы ма?» дегендей Сәулеге қарап еді, Нұрланды іздеген ойдың құшағында келе жатып Тайманның көзіндегі сұрауды байқаған жоқ. Сол екі арада кейінгі жақтан біреудің:


— Егер Тәкеңді әйелдер участкесіне ақылшы етіп қойсаңыздар, бір өзінің кеңесі екі бастық, бес орынбасардың әкімдігінен әлдеқайда жемісті болып шығатынына мен кепіл, — деген даусы шығып еді, Сәуле қолтығына тығыла түсті:


— Көрдіңіз бе, анау адам кім болса да бар шындықты әділ айтып келеді. Біз әйелдер бригадасын үлкен участкеге айналдырмақпыз. Оның көпшілігі қазақ, әйелдері, жасы үлкенді сыйлап ескен қазақ әйелдерін басқару үшін әкімшіліктен көрі әкелік қымбат. Сондықтан Сафонов жолдас сол участкені басқаруды сіз екеуімізге жүктемек. Бұған не дейсіз?


Тайман айтар сөзін сайлап алғанша болған жоқ, Сайранның:


— Ал сонда біз қайтеміз? Біз де әйелдер есебіне кіреміз бе? — деген даусы шықты. Аңғал байғұс қасында Шекердің келе жатқанын сезбеген екен.


— Сен сияқтылар әйелдердің, мен сияқтылар еркектердің есебіне кіреді, — деген даусы шыққан кезде ғана селк етіп ернін қатты тістеп қалды.


Шекердің сөзіне мәз болып қарқылдаған жұмысшылардың арасынан үздік шыққан дауыс:


— Ха-ха-ха, жетіскен екенсің, папшым - папшым, - деген Олжайдың күлкісі болды.


— Шынында, біз қайтеміз, басқа участкеге кетеміз бе? — деді бір қара мұртты жұмысшы Сәулемен қатарласа беріп.


— Иә, басқа участкедегі әйелдер мұнда келеді де, сіздер солардың орнына барасыздар.


— Е, мұның аты жап-жақсы айырбас десеңізші.


— Не дейді - ей, айырбас дей ме ей? — деп артта келе жатқандар дуылдай бастап еді.


— Иә, ақсарбас, — деп Сайран қуанған кездегі әдетімен кепкесін жұлып алып еді.


— Иә, боз қасқа, Сайраннан құтылғанымызға, — деп Шекер оны тағы қағып түсті.


Сол кезде алдыңғы жақтан Тайманның:


— Мыналарға жол беріңдер! — деген даусы шықты.


Бұларға қарсы екі әйел вруб машинасының сым арқанын сүйретіп келеді. Оның бірі — мінезі әр жерде көзге түсе кететін Дәмен. Ол жұмыс істей жүріп Қазыбек қарттан үйренген өнерін бүгін тұңғыш рет көрсетпекші.


— Бұл не сүйретіп келе жатқанын? — деп Сафонов қарсы алдына тұра қалып еді.


Дәмен таңдана қарап:


— Арқан ғой, — деді.


— Арқан екенін білемін, мұның басқа бір аты бар емес пе?


Дәмен оның бетіне ойлана қарап тұр. Мұның не арқан екенін Сафоновтың білмеуі мүмкін емес, өзі білгенді сұраудың керегі не? Егер біле тұра сұраса, ондай кеңіске жауап берудің қажеті қанша? Сол оймен кете бере:


— Көкеміздің сөзімен айтқанда, бұл — өмірдің арқауы, техниканың тізгінін білмесеңіз, біліп алыңыз, — деді дауыстап.


— «Көкеміз» дегені кім? — деп Сафонов Сәулеге қарап еді, жауап беруді Тайман қағып әкетті:


— Ол — өздерінің ұстазы, әлгі бір Қазыбек дейтін кәрі сайтан.


Сол кезде арт жақтан:


— Ау, келін! Сен енді керги берме, білдің бе? Мен енді бүгіннен бастап Сайран басқаратын жалқаулар ұйымынан шықтым. Сенен арақ сұрамайтын халге жеттім. Ол, есінде болсын, білдің бе? — деген Олжайдың даусы шықты.


— Рас болса құттықтаймын.


— Нанбасаң ана бригадирден, болмаса Шекерден сұра. Мен бүгін бір жарым кісінің жұмысын істедім.


— Бір жарым дегенің не пәле тағы да?


— Ә, мысалы өзім бір кісі де, Сайран сияқты нормасының жартысын ғана орындайтындар жарты кісі. Екеуін қоссаң бір жарым болып шыға келеді.


Алда келе жатқан Сайран шыдай алмай Олжайға жетіп барып:


— Кәрі көкек ау, өз атыңды мен жоқ жерде шақырсаңыз еді, жүре қалыңыз, дәл бүгін көмірді қайсымыз көп бердік екен, естиік, — деп еді.


— Жүрсең жүре ғой, — деп Олжай Сайранның қолынан жетектей жөнеліп Тайманның қатарына келді.


Шекер оның құлағына күбірлеп:


— Жеңіліп қаласыз, таласпаңыз, — деп еді, Олжай оны тыңдаған жоқ.


— Ақсақал, құдайшылығын дәл айтыңызшы, бүгін осы екеуміздің қайсымыз көмірді көп бердік?


Тайман Олжайдың бетіне күлімсірей қарады да, оның тасқындап келген көңілін басқысы келмей:


— Соны Шекерден сұрағаның жөн болар, — деді.


— Жоқ, мен енді мұнан булай сізден басқаға бағынбаймын, өзім бағынбаған адамның сөзін тыңдамайтын әдетім.


— Оһо, — деді Шекер күлімсіреп, — міне, жаңа ғана әрлендіңіз. Бірақ бүгін Сайраннан қалып қойдыңыз!


Олжай аузын аңқита ашып тұрып қалды. Ол Тайманның:


— Інісі топтан озып ұзаса, ағасы тұрып қуанар болар, — деген сөзін де ұққан жоқ, біреу төбеден ұрып кеткендей сілейіп әлі тұр.


Сайран оның бетіне екі рет үңіліп, екі рет тамағын кенеді де:


— Ішіңіз күйсе туз жалаңыз, — деді.


ОН БІРІНШІ ТАРАУ


Ауыр күндер ақырын жылжып өтіп жатты. Суық хабар сумаңдап кең далаға удай тарап, көзді жас, жүректі шер басты. Боздағынан айрылып талай аналар аңырауда, талай арулар зарлауда. Бірақ бірдің қайғысы — мыңның кегін қайрағандай, бірдің зары — мыңның қаһарын қайнатқандай еді. Сонымен бірге Москва іргесіне жеткен жауды жер түбіне жібере талқандап елдің еңсесін алғаш көтерген шағы еді. Тек Күлтайдың ғана жаны жапа шегуде, қапалы. Өйткені Шалтай майданға кеткелі оны қорқақтығынан қолға түсетіндей көріп, үнемі үрейленуде еді, өткен түні түсінде Шалтайдың көзілдірігін киген бір қоян мұны төсегінен сүйрей жөнелді. Сонан шошып оянған еді, әлі шошуда.


«Бұл неменеге шақырды екен, әлде Шалтай туралы бір суық хабар келді ме екен, — деді ішінен. — Қара қағаз келсе үйге келіп естіртер еді ғой. Енді не үшін? Әлде оның қорқақтық жасаған бірдеңесін естіп, соны менің бетіме таңба етіп баспақ па екен?» — Ол шахтаға қарай келе жатыр. Оны шақырған Сәуле еді, Күлтай келген кезде оның алды толған жұмысшы әйелдер екен. Әрқайсысы әр түрлі арызбен келсе де, кәртаймағыш Кәкимадан басқасының бәрі әп-сәтте сап болды. Ал, кәртаймағыш Кәкима жаңаша жаза білмей, Сәулеге беретін арызын біреуге жаздырған екен. Арызын жазған адам, оның көрінгенге көз сүзіп жүретінін, кешегі күні біреумен шахтыңа түнеп қалғанын айтыпты да, ең ақырына бір ұнамсыз қылықтарын жазыпты. Сәуле әрі бұл күнге дейін сауатсыз жүрген Кәкиманың өзіне әрі оның арызын жазған кісіге ызаланып:


— Саған бұл арызды жазып берген кім? — деп қадала қарап еді. Ұры көңілі өзінен өзі қуыстанып Кәкиманың өңі бұзылып кетті. Қабағын қайта-қайта керіп, аузын да бұраңдатып кәрді. Бірақ үлкен аузына жүйелі сөз түсер емес.


— Пожалуста, айтайын, мұны жазған осындағы бір, иә, пәшти бір жақын кісі.


— Сол жақын кісіңді маған қазір шақырып кел, арызын сонан соң қаралады.


— һе-йе! — деп Кәкима өтірік күлген іспеттенді. — Апыр - ай, ол кісі ешкімге айтпа деген еді де, мен айтпасқа, пәшти, уәде берген едім, хе... хе...


— Сен алдымен маған берген уәдеңді орында. Жаның барында айт: мынаны жазған кім? — деп Сәуле түсін суытып алып еді, Кәкима қас-қабағымен бірге аузын да кере сөйлеп:


— Пажалуста, сіз ашуланбаңызшы пажалуста, мұны жазған халық жауы ғой дейсіз бе, өзіміздің Шекер, — деді.


— Шекер?


— Иә.


— Сен оның мына арызда не жазғанын білесің бе?


— Білем, магазинге келген шайдан шай бергізулеріңізді сұрағанмын.


— Онан басқа ше, — деді Сәуле ызалы күлкімен алысып.


Кәкима ойланып аз тұрды да:


— Пәшти, онан басқа ештеңе сұрағаным жоқ.


— Сұрағанын шай емес, қызуы шайдың буындай жігіт көрінеді ғой. Егер жігіт тауып бермесендер шахтыға келген сайын жынданамын деп бізді қорқытқан да көрінесің ғой.


— Пажалста, сіз мені үйтіп келемеждемеңіз. Мен тіпті жігіт деген иттерді аузыма түгілі ойыма да алған емеспін, — деп Кәкима долдана бастап еді. Сәуле сөйлей түрегелді.


— Арызыңды ал да, көзіңді жоғалт. Егерде сауатсыздықтың ең бақытсыздық екенін осы кезге дейін білмей, өздеріңе арнап ашылған кешкі мектептен оқымай, бар өміріңді осындай мазақпен өткізер болсаң, өкпелеме. Екіншіден...


Кәкима оны мұнан әрі Сөйлеткен жоқ, арызын Сәуленің қолынан жұлып ала сала, қақ бөліп лақтырды да, түк айтпастан шыға жөнелді.


— Ғафу ет! — деді Сәуле Күлтаймен енді ғана қол алысып. — Халің қалай?


— Шалтайымнан хат болмай шаршатып тұр ау, жаным, — деді Күлтай ақырын күрсініп.


Сәуле оның бетіне сұрау сала қарай қалды.


— Жуырда ғана емес пе еді, бәріміздің хат алып мәз болғанымыз?


— Аз болса да сол хаттың келгеніне бір айдан асты. Соғыс кезіндегі бір ай жайшылықтағы бір жылдай екен ғой.


— Оның рас, — деп Сәуленің өзі де бір мұңлы ойға түсіп кетті.


— Хат жазған сайын ақтық сөзін айтып қоштасушы еді, қорқақ байғұс қолды болды ма деген ой жегідей жеп барады. Кейде тіпті шатастырып онан бездіріп те әкетеді. Жә, оны қой да, не үшін шақырғаныңды айтшы.


Шалтай жайында бұл күдік Сәуледе де бар еді, бірақ ол Күлтайды қостап ілесе жөнелген жоқ. Жосығы жоқ жұбаныш сөзін де айтқан жоқ, өйткені Күлтай қарапайым әйел емес, алдағы жазда бітіретін тау-кен техникумын өмірдің ең биік сатысындай көріп, бұл шахтадағы әйелдердің Сәуледен басқасынан бойын асқақ ұстайтын.


— Күлтай — деді Сәуле ойлана сөйлеп, — майданға кеткен жұмысшылардың орнын мұндағы әйелдері жоқтатқан жоқ. Ал, біздер Шалтайдың орнын күнде жоқтаудамыз, сен осыны бір ойласаң қайтеді?


— Ойлағанда оқуымды қалай тастаймын?


— Әрине, оқуды тастау киын. Бірақ тастамасқа болмайтын тағы бір жай болып отыр. Әйелдерді топ-тобымен әкеліп жұмысқа салсақ та дұрыс жолға әлі сала алғанымыз жоқ. Еркек бригадир сыпайылық істеп оларға қатты айта алмайды, қатты айтса «мен сенің қатының емеспін» дей әйелдер шап ете түседі. Сондықтан оларды қатты да, тәтті де айта алатын кісі басқармаса, біздің барлық жақсы ниетіміз далаға кететін, сені шақырғандағы ойым осы жөнінде кеңесу еді.


— Менің айтарым сол: оқуымды биыл бітіремін, бітірген күні келіп шахтаға түсемін.


Егер осы кезде Мирон Павлович кіріп келмегенде, Сәуле салмақ сала сөйлеп оны өз айтқанына көндіруі мүмкін еді, Мирон Павловичтың:


— Таста, қызым, таста бәрін де, — деген ащы даусы ол ойына жеткізген жоқ.


Сәуле оның жүрегіндегі күйікті көзінен көре қалып, үрейлене түрегелді. Екі көзі Мирон Павловичте, ал Мирон Павловичтың жасаураған көздері комбайнның макетінде. Ол соған жете бере отыра кетті.


— Күлтай, сен бара тұршы, — деді де, Сәуле Мирон Павловичтің қасына жетіп барды. — Тез айтыңызшы, осыншама күйінгендей сізге не болды?


Күлтай жылысып шығып кетті, Мирон Павлович онымен амандасқан да, қоштасқан да жоқ, өзін-өзі іштей сөгіп, макетті ұрғылап отыр.


— Ex, алжасқан басым, алжасқан басым. Нем бар еді осы комбайнда? Нем бар еді? — деді де, көзін бірте бірте көтеріп Сәулеге қарады. — Солай, қызым! Мен жұмыстан қуылып, сотқа берілетін болдым, сотқа!


— Кім? Кім сізді жұмыстан қуатын? Кім сізді сотқа беретін?


Сәуленің бұл сөзі көрсет көзіме кім болса да, сен үшін мен алысамын дегендей қайрат шашып, жалын ата шыққан еді, Мирон Павлович:


— Өзіміздің бастық Мырқал Тайманов, — дегенде ол аңырып қалды. Өйткені ол күні кеше ғана: «Қарағым Сәуле ай, көрегенсің ау сен. Мен бұл күнге дейін танымай келіппін, Донбастың ана бір Мирон дейтін қарты біздің шахтаға келген бақыт екен ғой», — деп көпірген еді. Енді оның араға күн салмастан бүгін бұлай сабынша бұзыла қалуы Сәулені шошытып жіберді.


«Неткен құбылмалы» еді, ол мұндай құбылмалы болса зымияндығы да мол, сақтанбаса болмас».


Сәуле ішінен осыны айтып үлгіргенше болған жоқ қасына ерткен Бөлекбасы бар Мырқал жетіп келді, Не Сәулеге төнген бір қатер бар, ол не соны сезген, не өзіне бір дес тиген, әйтеуір оның еңсесі көтеріңкі, сын көрмей тұрған кездегі әдетімен алшақтай басып, асқақ сөйлеп келеді.


— Комбайн, комбайн деп жүріп көмір шабатын машинаның өзін құрттыңдар ма ақыры? Бөлекбас, цехқа кір де, Қазыбекті шақыр, — деп Бөлекбасты жұмсап жіберді де, Мирон Павловичке тіпті көз де салмастан Сәулеге жақындады. — Мидағы машинаны жүргіземін деп жүріп қолдағы машинаны құртқандарың мынау, аласұрып жүріп шахтаны қайтадан қатарға қоса бастап едім, бүкіл Қарағандының қамқоршысы боламыз, комбайн атты қанат байлап, Қарағандыны аспанға ұшырамыз деп жүріп, ең мол өнім беріп тұрған лаваны тоқтатып қойғандарын мынау, соғыс болса анау, бұл не?


— Бәсе, бұл не? Түсіндіріңізші, не боп қалды? — деді Сәуле салмақпен.


— Сұра мына ұстазыңнан! — деп Мырқал зірк етті, — 4-лавадағы көмір шабатын машина бүлініп қалды. Оның орнына сала қоятын қолда машина жоқ. «Ескі машиналарды тез жөндеңдер, әзір тұрсын» деп мына кісіге мұнан бес күн бұрын қақсадым, күні бүгінге дейін бірде-біреуі жөнделмепті. Осы да совет адамының қылығы ма?


— Сізше қалай? — деді Сәуле имене сөйлеп. — Оған бір ғана Мирон Павлович кінәлы ма?


— Иә, ол ғана емес, сен де кінәлысың сен де, так.


— Сіз оны маған қашан айтқан едіңіз?


— Айтпасам да білуін керек еді.


— Сіз өзіңіз берген бұйрықтың қалай орындалып жатқанын бақылауыңыз керек еді.


Сөз таба алмаса ашуға басу Мырқалдың ежелгі әдеті, сол әдетке тағы басып:


— Ә, болды. Кімнің кінәлы, кімнің кінәсызын сот қана шешеді, — деді де, жүріп кетті.


— Соттың үкімі сізге машина болмас, сондықтан бұл ланды тезінен тоқтатқаныңыз жөн болар.


— Жоқ, тоқтатпаңыз, мені соттата беріңіз, — деді Мирон Павлович, — тек комбайнның жасалуына кесел келтірмеңіз.


Мырқал барлық ашуымен тепсініп, оған жетіп барды:


— Немене, сіз үшін сонда өзім кетейін бе сотқа?


Қазыбек Мырқалдың соңғы сөзін естіп қалған екен, есіктен сөйлей кірді.


— Пай-пай, шырағым, Мырқал ай! Сөзін ылғи оттан, соттан келеді ау, сенің.


— Оттың ортасына түссеңіз, өзіңіз де солай сөйлерсіз. Мәселе былай, Қазеке! Мен жаңа треспен де келістім, лайықты кісі тапсаң пожалуйста деді. Сол тапқан адамым сізсіз. Қазірден бастап мехцехты сіз басқарасыз.


— Мен бе?


— Иә, сіз. Ең алдымен істейтін ісіңіз осында жөндеуге берілген 5-6 машина бар, соларды тез жөндетіңіз, так. Екіншіден...


— Тоқта! — деді Қазыбек он қолын көтеріп. — Мирон Павлович неге басқармайды? Бұл кісі менен кем бе?


— Жоқ, ол сізден кем емес. Бірақ өндіріске келтірген кеселі де кем емес.


«Кесел» деген сөз Мирон Павловичті ыршытып жіберді.


— Құрметтім, соңғы сөзіңді қайтып ал тезінен, қайтып ал! — деді ол атып тұрып.


Мырқал тістене жақындай түсіп, қарнымен тіреп тұра қалды да:


— Ешуақытта, никогда! Ұқтың ба? — деді.


— Мырқал аға, айта берсе сөз деген айтыла береді ғой. «Кесел» деген сөзді адамына қарай жұмсайық та.


Мырқалдың «Әрине, сен жаулардың бірі келіп шахтаны түгел өртеп жіберсе де ризасың» дегісі келді де, оны айта алған жоқ. Ойын ашық айтуға батылы жетпесе де, айбат шегіп, кекірейе қарап:


— Сөзіңнің төркіні жақсы емес екен, ашығырақ айтшы, — деп еді, Сәуле оның ойын сезсе де, сескенген жоқ.


— Ашық айтсам, ондай лас сөзді бұл кісіге айтпаңыз, — деді.


— Онда берілген бұйрықты орындамай, бүтіндей бір лаваны тоқтатып қойғанды не деймін?


— Орындамаймын деген жоқ, бұл кісі соңғы кезде күндіз-түні комбайнмен айналысып кетті ғой.


— Мен қашан бүкіл Қарағанды үшін азаптанып, тыным таппа деп едім? Мен қашан аяғыңды көрпеңе өлшемей көсіл, әліңді білмей әлектен деп едім? — деп Мырқал даусын бір түрлі әдемі ырғақтатып жіберді.


Мырқалдың мұндай өктем кезіндегі даусы Бөлекбасқа бұлбұлдың үніндей сезілетін еді. Бұл сапар ол мүлдем балқып кетті. Әсіресе, жаңағы бір зіркілдей шыққан ырғақты дауыстың балқытқаны сонша, ол өзіне құдайдай көрінетін. Сәулені де бұл сапар елеген жоқ. Бұйра басын құшық алақанымен бір сипап тастап, алға таман шықты да:


— Жолдастар ау, түсінсеңдерші, — деді ол, өзі бәрін түсінетін адамша маңғаздана сөйлеп, — мәселе комбайн жайында емес, Мырекеңнің айтып тұрғаны көмір шабатын машина жайында болып тұр ғой. Алдымен соны нетсеңдерші.


— Бүлінгенді жөндейтін де, арттағыны алға бастыратын да сен емессің. Бұралқыланбай жөнел әрі, — деп Сәуле созбен ұрып, көзбен атып, Бөлекбастың үнін өшірді де, Мырқалға қарап. — Жұмыстың көптігінен уақыттың жоқтығынан туған бұл кемшілікті тез жөндеу тек Мирон Павловичтің ғана қолынан келеді. Екіншіден, менің көкем мұндай жұмысты басқара алмайды, — деді.


— Иә, маған әуре болмаңдар, — деп Қазыбек кете беріп еді:


— Қазеке, Сәуленің балалығына еріп қайтесіз, онан да тезінен іске кірісіңіз. Егер де моторы тозған болса, мыналардың әлгі комбайнсымағына салынбақшы бір - екі жаңа мотор болатын, соны алып салыңыз.


— Ол не сөз? — деді Сәуле.


- — Ол — комбайн атты ертегі осымен бітті деген сөз.


Сәуле Мырқалды тұңғыш рет осы арада көзбен атып:


— Кім айтты? — деген даусы да қатты шықты.


— Мен! Мен! Мен! — деп Мырқал екілене айғайлап еді, Сәуле екі құлағын баса қалып, тіксіне қарады да:


— Мырқал аға, мен сізді дәл мұндай деп ешуақытта ойламаған ем. Жоқ, ол айтқаныңыз ешуақытта болмайды, Мырзеке! — деді.


— Болғанда қандай! Сөзді қой да, қазірден бастап учаскеңе бар, так. Маған мидағы машина емес, көмір беріңдер, көмір, так. Өзім тудан айрылып жаным күйіп жүргенде сендердің ертектеріне жол бере алмаймын, — деп Мырқал кете беріп еді:


Тоқта, құрметтім, тоқта! — деді Мирон Павлович орнынан атып тұрып. — Сен мені қолыңнан келсе соттат мейлің, айдат мейлің, тек комбайнға соқтықпа. Ол менің ұрпағым, оның моторын алғанша менің жүрегімді ал, ал жүрегімді, аяма!


Мырқал ту сыртынан кіріп келген Абзалды байқаған жоқ. Мирон Павловичке тепсіне жетіп келді де:


— Отан үшін мен сіз түгіл өзімді де аямаймын, так. Енді түсінікті ме? — деді.


— Бәрі де түсініксіз, — деді Абзал жағалай қол алыса амандасып. — Иә, бұл не айғай?


Айғайдың иесі Мырқал үндемеген соң басқалар кідіріп қалып еді, сөзді Қазыбек бастап кетті:


— Ай, Абзал шырағым ай, айғайдың қандайы болса да жақсылығы аз ау, — деді ол, — Мирон Павлович Мырқалдың бір тапсырмасын ұмытып кетіп, соның салдарынан бір лава тоқтап қалған екен. Сол үшін бұл кісі орнынан алынып, сотқа да берілетін болды, жасап жатқан комбайны да тоқталатын түрі бар. Бұл соның айғайы.


— Айғайға тәуір болсаңыздар, қой баққандарыңыз жөн емес пе! — деді Абзал күлімсіреп, — айғайдан қойға шапқан қасқыр ғана қаймығады ғой. Солай емес пе, қарындас, ә? — деп Абзал Сәулеге бұрылып еді, ол:


— Мен айғайды да әртүрлі деп білемін, — деді қабағының кірбенін жаза алмай самарқаулана сөйлеп, — біреулер өзі қорыққаннан айғайласа, енді біреулер өзгені қорқыту үшін айғайлайды.


— Дұрыс айтасың. Бірақ сендер басқаны қорқыту үшін емес, өздерің қорыққаннан айғайлай бересіңдер ме деймін. Солай емес пе, Мирон Павлович?


— Мен бізде ғана емес, бүкіл елімізде ешқандай айғай шу болмай, тек қана тыныштық рақат болса екен деп тілейтін адаммын.


— Тамаша, тамаша, жақсы тілек мұныңыз, — деді Абзал оны бір қолымен құшақтай. — Сізді біздің шалдардың «жүзден асқан жүйрік емес, мыңнан озған тұлпар» деуі тегін емес ау осы.


— Е, құрметтіміз, — деді Мирон Павлович басын изей сөйлеп, — қаншалықты жүйрік екенімізді соттың алдында байқарсыз енді.


— Егер сізді соттай алатын сот бүкіл Совет Одағында жоқ болса қалай байқаймыз? — деп Абзал Мирон Павловичтің бетіне күлімсірей қарап еді, ол Абзалдың он бойына көз салып, ой жүгіртіп етті де, оның турашыл адам екенін танып:


— Мырқал Тайманович сияқтылар бар жерде ондай соттар да табылар, — деп ойындағысын ашық айтып салды.


Абзал оның бұл сөзін ыңғайсыздау көріп, әңгіменің бетін тез бұрып жіберді.


— Қане, енді іске кірісейік, — деді ол Мырқалға қарап. — Сіз бірінші шахтаға кісі жіберіп көмір шабатын екі машина алдырыңызшы!


Мырқалдың өзгере қалған түсінде кекесін бар еді.


— Мүмкін, олар біздің көмірімізді де қазып берер? — деген сөзі де кекей шықты.


— Өзіңіз ұялмасаңыз, олар оған да дайын, — деп Абзал оны бір тұқыртып тастады да, Қазыбекке қарады, — өз машиналарыңыздың ремонты қашан бітер екен?


— Ертеңнен қалмас.


— Ертең түгілі енді бір жетіңе бітер ме екен. Сақалды басыңызбен неге өтірік айтасыз? — деп Мырқал тағы да өзінің томырықтығына басып еді, Абзалдың: «Бастық басыңызбен өзіңіз не айтып тұрсыз?» дегісі келді де, үндеген жоқ, тек:


— Ешқайда кетіп қалмаңыз, қазір осында комиссия келмекші, — деді.


Ашуды ішке бүгіп жай айта салған осы сөздің өзі Мырқалды шошытып жіберді.


— Комиссия? Ол қайдан, не үшін келген комиссия? — деді ол үрейлене сөйлеп.


— Алматыдан, әдейі Мирон Павловичтің комбайнын көруге келген.


Қазыбек мұртынан күле мырс етті.


— Біз мұнда бұл кісіні соттатқалы жатырмыз ғой, Мырқал, сен естіп тұрсың ба? — деп еді.


— Не мен түк түсінбеймін, не осылар түк түсінбейді. Бөлекбас-ей, жүр бері, — деп Мырқал шыға жөнелді, оның соңынан Бөлекбас та жөнелді.


— Мирон Павлович! Басқа жұмысты кейін сөйлесерміз, сіз маған комбайн жасайтын цехыңыздың түрін көрсетіңізші, — деді Абзал.


— Абзал Тайманович, — деді Мирон Павлович оған шаттана қарап, — бұл сөзіңізден мен сіздің алдағы күндерде бізбен бірге болатыныңызды көрдім ау. Қуанттыңыз ау, жүріңізші, көріңізші.


Абзал оған еріп цехқа беттей бере:


— Сәулеш, сен де жүр, — деп еді, Сәуле алдында жатқан қағазға асыға үңіле түсіп:


— Сіздер бара беріңіздер, мен мына біреуді бітіріп тастап, қазір барайын, — деді.


— Сіздер бара беріңіздер, — деп Абзал Мирон Павловича цехқа жөнелтіп, өзі Сәуленің жазып отырған қағазына алыстан көз жібере жақындады.


— Бұл не?


— Шахтамыздың жаңа қарқыны жайында қалалық жиналыста жасалатын баяндама еді. Көрдіңіз бе, уақыттың жоқтығынан созып алғанымды?


— А, онда сен Ертең обкомға жолдас Орловха кел. Сол жерде сөйлесерміз.


— Орловқа? Не үшін?


— Осы шахтаның қарқынын үдете тусу үшін енді не істеу керек екенін кеше айтқан едім ғой, сол үшін. Уақыт өтіп барады, көп бөгелме, — деп Абзал кете беріп еді:


— Абзал аға! — деді Сәуле атып тұрып.Ертең ол кісінің алдында сізбен айтысып отырғаным ұнамас. Онан да тілегімді өзіңіз тыңдай кетіңіз.


— Бастық бола алмаймын дегелі тұрғаныңды сеземін, олай деуге дәлеліңнің жоғын тағы да білемін. Сондықтан таласты қой, бәрібір мен тыңдамаймын.


Абзал соны айтарын айтса да отыра кеткен Сәулеге ойлы көзімен қарай қалды. Онда уайымның жаңа бір түрі барын қабағынан ғана аңғарған еді, соның не екенін білгісі келіп:


— Осы сенің қабағыңның ашылар күні бар ма бұл, жоқ па? — деп еді, Сәуле мұңайып, көзін төмен түсірді де:


— Аспанды қара бұлт торлаған кезде күннің көзін көруге болмайды ғой,- — деді күрсіне сөйлеп.


— Сенің қабағыңа тағы бір қара бұлт жаңадан пайда болыпты, мен соны білгім келеді.


Абзал соны айтты да қадала қарап тұрып қалды. Бірақ ол қанша үңілсе де, Сәуленің жанына түскен жаңа бір жара барын сезсе де не екенін таба алған жоқ. Ал, өзінің жанына түскен жара Темір екенін Сәуле ешкімге айтар емес.


Ол Темір үшін неге жаралы?


Жарасынан жазылып майданға қайтқалы жүрген Темір бұрнағы күні әке-шешесі мен үшеуіне бірдей салмақ салып, ақтық арызын айтыпты. Әрі Темірге қызығып, әрі Темірдің әкесі Сайдакқа берген антын бұзғысы келмей, әкесі мен шешесі сонан бері Сәулені үйде көрер рақатынан айырған болатын.


Сол үшін ол қиналуда еді, сол үшін оның көңілі қаяулы еді.


Өзінің мәңгі сүйер Нұрының алдында да осы ата - ананың ризалығын алуды қарыз еткен жоқ па еді? Сол қарыздар ата-ананың беті Темірден басқаға бұрылар емес, ендігі амал не? Ашу керек пе сырды, айту керек пе Нұрлан жайын? Бірақ дәл қазір оны қалай айтар? Ел ардақтысы Темірді сүймей, Нұрланды сүйемін десе, не демек жұрт? Ең алдымен сол әке-шешенің өзі қарғыс оғын атпай ма? Бірақ онан қаймығып, өмірінде сүйері бір ғана Нұрлан екенін қалай жасырар? Жасырмай айта қалған күнде қалай айтар? Кімге айтар? Бір айтса, айтатын адамы осы Абзал еді, оған да батылы жетер емес. Соңғы рет осы ойға бекініп алды да:


— Өтінемін, сол қара бұлтты сіз әзір сұрамай-ақ қойыңыз, — деді.


— Мақұл. Ал, хал-жайыңды білуге бола ма? — деді Абзал енді екінші жақтан орағытпақ болып. Ол Сәуле өзінін болашақ, келіні екенін білмей, әзілмен де шалғалы тұр, ондағы мақсаты ертең өзі ұсынатын болашақ. бастықтың бар сырын біліп алу.


Сәуле езу тартып сәл кідірді де:


— Халім жаман емес, тек сіздерге айтар азды-көпті өкпем бар, — деді.


— Білем, білем өкпеңнің не екенін. Қолымнан келмейтін жұмысқа қоймақсыңдар дейсің. ғой. Ол өкпең құлаққа кіре қоймас, сондықтан айтпасаң да болар, — деп Абзал алдын орап, тұжыра сөйлеп еді, Сәуле қайыса қойған жоқ, қайта ширыға түсіп:


— Мені қинайтын бастық болу емес, Абзал аға! Өзіңіз білесіз, біздің қазақ, әйелдеріне тендік ерте берілгенімен тәрбие кеш берілген ғой, олармен жалғыз жұмыс істесу азап секілді.


— Неге жалғызсың?


— Менің іздеп отырғаным Сафонов сияқты саяси басшы да, өз әкелеріміз секілді тәжірибелі жұмысшылар да, Мирон Павлович сияқты мамандар да, Сердюк сияқты жас комиссар да емес. Сіздің үйдегі жеңгей секілді білімді, беделді әйелдер менің іздеген серігім.


Абзал да не айтарын білмей аңырып сәл кідірді де мырс етіп:


— Қайдағы бедел ондағы, — деп еді, енді Сәуле мырс етті.


— Оның беделі обком секретары сіздің алдыңызда да күшті екенін білемін.


— Сен оның, декретный демалыста екенін білуші ме едің? — деді Абзал. «Мұны не үшін айтып отыр?» — дегендей ойлана сөйлеп.


— Білемін, ол демалыстың кешегі күні біткенін де білемін.


— Білсең, оның ертеңнен бастап өзінің бұрынғы қызметіне шығатынын да біл.


— Оны да білемін, — деп Сәуле күлімсіреген сайын Абзал оның ойына түсіне алмай тандана түсті, — Егер мені бастық етсеңіздер бір ғана шартым бар. Сол жеңгейді осы шахтаға ауыстырып, менің қазіргі орныма участке начальнигі етіңіздер.


Абзал Сәуленің ойына енді ғана түсінді де, түсінген сайын оған сүйсіне түсті. Бірақ ризалығын айтып үлгіре алған жоқ. Өйткені Сайран мен Шекер келіп қалды.


Абзал өз қолында өскен Сайранды қандай таныса, Шекердің де сондай өнерлі екенін таныған-ды. Сол өнерді жарыққа шығару үшін оларды әзілмен қарсы алды.


Есіктен кіре аяғын сәндене басқан Сайранның он бойына көз жүгіртіп:


— Сен немене, жас боташа маймия қалғаның? Әлдекімге көрсеткен сәнін бе бұл? — деп еді, Шекер, Сайранның мұрнынан ұстап алып:


— Шок, жануарым, шок... шок! — деді.


Шекердің бұл ойнақы мінезіне Абзал мен Сәуле жарыса күліп еді, Сайранның өзі де күліп:


— Тұра тұр сен қыз, мен де сені бір шегерермін, — деді.


— Шекер - ay, мынау не дейді? — деп Абзал ол екеуін егестіре түскісі келіп еді, оларды Сәуле тежеп тастады.


— Абзал аға, бұл өліктермен де әзілдесе беретін Шаншардың қызы, өзіңізді де шарпып кетер, отына май құймаңыз, — деді де, кенет Шекердің өзіне жалт берді, — бірақ менің бұл сіңілім сіздің Сайран ініңіздей емес, ағасының алдында ибалы.


Ол соны айтып Шекерге басын шайқап, қабақ қағып еді, оның Шаншар елінің қызы екенін естігеннен кейін Абзалдың өзі қызып кетті.


— Думанның туы екенсің, шарпысаң шарпи бер, қарағым, тек ата-бабаларыңның даңқына сай бір күлдіргі әңгіме айтып жібер. Сайран, саған бұйрық сол, аузыңды ашып аңқия бермей, күн сайын Шекерден бір күлдіргі әңгіме, өлең үйренесің де, соны кешке көкем екеуімізге айтып беретін боласың, ұқтың ба?


Сайран қиястанып үндеген жоқ. «Қыздардың қырсығынан басқасын үйрене алмаймын» — дегісі келіп еді, оны айтуға батылы жеткен жоқ.


Шекер ұяла тұрып көз қырын Сәулеге тастап еді, ол жайдары қалпына қайта түсіп, күлім қағып отыр екен. Өңіне үңіле қарап ашу жоғын сөзді де, Сайранды тағы бір түртіп қалды.


— Жап аузыңды, құрт түсіп кетер!


— Жынданба! Қане, аузымның ашық тұрғаны?


— Байғұс ай, оның рас екен ғой, кешір, ботақаным. Мен Абзал ағаның сөзіне алданып қалдым. Құдай біледі, бұл кісінің үлкен басымен ондай кішкентай өтірікті өзіне өлшемей айтатынын білмедім, оллаһи...


Шекердің бұл сөзіне Абзалдың күлкісі келіп еді, Сәуле үлгірткен жоқ. Ол:


— Шекер! — деді столды тықылдатып.


Осы кезде хатшы қыз кіріп келді де:


— Абзал аға, сізді телефонға шақырады, — деді.


— Кім?


— Обкомнан.


Абзалдың Шекер әңгімесіне қызығуында мән бар екен. Кетуге асығып түре келсе де, соны айтқалы тоқтай қалды.


— Майданды да, майданға құрал беретін заводтарды да азықтандыратын жұмысшылар кереметті жасап жатқан. Сол кереметтерді жасап жатқан жұмысшыларға біздің берер жан азығымыз қайсы? Міне, мына тұр. Бір ғана осы екеуінің өнері талайларға жан азығы бола алады. Осыны бір ойласаңдар, атап айтқанда осылардан бір көркемөнер үйірмесін ұйымдастырсаңдар қандай жақсы болар еді.


— Бізде ондай үйірмелер бар. Біздің клубтан өнердің неше түрін көресіздер. Оның ішінде Шаншар шадыманшыларының өлісінің күлкілі сөздері де, тірілерінің күлдірмей қоймайтын өнерін көресіз.


— Сол өнерлерің үшін алдын ала рақмет. Мен қазір келемін, — деді де Абзал шығып кетті.


Сәуле Шекерге іштей ашулы екен. Абзал кетісімен түсін кенет суытып алды.


— Сен қыздың әрқашан да есінде болсын, сондықтан Абай атамыз айтқандай жайдарылықтың да жараспайтын жері бар. «Кей қыздар жайдары ашық боламын деп орынсыз көрінгенге жыртақтаған» деп шенеген-ді. Қыз екенсің, қылығың, қыз мінезің балдай, қимылың қылдай болсын. Қыз балаға сол лайық, ұқтың ба? Ұқсаң мәңгі бақи ұмытпа.


Сірә, Сәуледен мұндай сөз күтпеген болу керек, Шекердің шырайлы өңі мүлдем қызарып кетті.


— Қойдым, тәтетай, қойдым, — деді ерні дірілдеп, - мені дарақыландырып жіберген мынаның кесірі. Сәуле мырс етті де, оны Сайранға табалатпау үшін біраз мақтап та алды. Сонан кейін екеуіне кезек көз тастап:


— Екеуің бүгін қосарлана қалған екенсіңдер, айтатын тілектерің де біреу болар, бері кел, Сайран... Иә, не жұмыспен келген едіңдер? — деп ашудың ізін де қалдырған жоқ.


Шекер сөйле дегендей Сайранға қарап еді, сен айт дегендей көзін бір төңкерді де төмен қарады.


— Өй, әукесі түскен сорлы, — деді де Шекер Сәулеге жақындады. — Тәте, Сердюк жолдас мына серіні енді комсомолдар бригадасына барсын дейді. Бұл: «Ешқайда бармаймын, басыма кимешек кисем де осы әйелдер бригадасында қаламын, өлсем де осылардың шашына оралып әлемін, көмілсем солардың етегіне оранып көмілемін» дейді.


— Қайтеміз мұны?


— Өзің не дейсің?


— Не дейтінімді білсем сізге келмес едім ғой.


— Ә, енді қимайын дедің бе мұны. Жоқ, Сайранымды сендердің тәлкектеріңе енді бере салмаймын. Бұл енді сол бригадасының бригадирі болады да, сенің бригадаңмен жарысқа түседі.


Сайран насаттана қарап Шекерге бірдеңе айтуға оқтайланып еді, Темір кіріп келді де, айта алмай қалды.


Сірә Сәуленің кешегі қайтарған жауабы қанын қайнатқан болу керек. Темірдің қазіргі түрі тым суып кетіпті. Есіктен кіргеннен Сәуледен көз алмай үнсіз түйіліп келіп, Сайран мен Шекерге қарамастан: — Сүйікті іні, қарындас! Кейін амандасармыз. Жұмыстарыңа бөгет болсам ғапу етіңдер де, шыға тұрыңдар! — деді.


Сәуле қысылған кеудесін азар көтеріп, Темірге тіксіне қарап үн қатты.


— Қадалуыңыз тым қатал, тани алмай тұрсыз ау, сірә, — деп әзілмен тартып көріп еді, даусы дірілдеп шықты да, жүрегінде қорқыныш барын сездіріп алды.


— Сенің көздерін де семсерден кем қадалып тұрған жоқ. Жауыздықтың найзасы десем де болатын. Кешегі жауабыңнан кейін көрмей ақ қоштаспай ақ кетпекші едім майданға, бұл күнге дейін мен білмей келген сенде бір сыр бар екен, соның ызасы айдап келді осында. Енді үкімімді тыңдай бер.


Сәуле ызалы кескінмен суық жымиып:


— Мен, үкімі әлдеқашан айтылған қыз едім, сондықтан үкіміңізге енді орынсыз болар. Осыған сіз де түсініп тоқтатсаңыз қайтеді?


— Жоқ сұлу қыз, жан сұлуы болмаса, тән сұлуын ешуақытта сыйлап көрген емеспін, жасырынбақ ойнамай ашық кел де ашып айт. Егер, естігенім рас болып Тайманның Нұрланы болса сүйгенің, жасырмаймын, тары айдалып кетсем де аямаймын сен қызды.


Сәуле мысқыл күлкімен тағы мырс етті де:


— Басқа тағар айыбыңыз жоқ па, әйтеуір? Ол ғана болса бәрі рас. Сүйгенім де, күткенім сол Нұрлан. Көрге қазір түссем де осы сөзді айта түсемін. Осы ма еді естімегіңіз?


Сәуле соны айтқан кезде Темірдің кеудесіндегі барлық ашуы отты көзіне ойнап шыға келді.


— Елді сатқан езді сүйгенше, елдің итін сүйсең еді лағнат... лағнат, — деді даусы бейне найзағайдай сатырлап.


Сәуле Темірдің мына сөзі жанына қанша батса да, намыс отына өртеніп, жауда есесі кеткендей бар кегі тұтанып тұрғанын сөзді де ішінен аяп, ауыр сезге онша барған жоқ.


— Егер менің сүйгенім елін сатқан ез емес, елі үшін туған өзіңіздей ер болса не дер едіңіз? — деп сәл езу тартып еді, бұл сөз Темірді мүлдем жандырып жіберді.


— Садаға кетсін, елімнен, өзімнен, басқан ізімнен садаға кетсін.


— Олай деуге дәлеліңіз қайсы? Бар ерлік бір сіздің басыңызға беріліп қойып па?


— Қытығыма тие берме, сұлу қыз. Шыдамым таусылып барады, иә ақтал, иә тезірек сақтан!


Сәуле енді қорқайын деді ме ұзын кірпігі жиі қағылып, өңі қаша бастады.


— Неден ақталмақпын?


— Азғындықтан, — деген Темірдің даусы саңқ етті, онан арғысын айтқызба!


Оның осы сөзі Сәулені мүлдем ашындырып жіберді. Ол қатуланып алды да:


— Бойыңыз көкке жетсе де ойыңыз әлі жерде екен, — деп салмақпен бастады да, тыңдаңыз! — деп кенет саңқ етті. — Адасқан болсам, алданған болсам өз жазамды өзім тартамын. Бірақ, сіздің айтқан жазаңызды емес, өзімнің айтқан үкімім бар, сол жазаны тартамын. Оныма ешкім ортақ емес. Ешкімге есеп те бере алман.


Селдей қаптап, тасқындай тасыған Темірдің түпсіз терең ойының тоқыраған жері осы болды. Ол не айтарын да білмей алай-түлей күйде отыр еді, гүл-гүл жайнап Перизат кіріп келді.


Ол соңғы кезде Темір десе көзі мұнарланып, ішпей жемей мас болатын бір құпия дертке ұшыраған еді. Сондықтан ба, Сәуледен жасқанатын ескі әдетін тастап:


— Ay, бұларын қалай, мен сендердің балдай оралысқан қызықтарыңды көрейін деп келсем, аждаһаша арбасып қалыпсыңдар ғой, — деді ойнақы көзін екеуіне кезек төңкере, мысқылдай күліп.


Нағыз көлгірліктің сиқырлы сөзі, нағыз күншілдіктің мысқыл күлкісі. Адамның ішкі сарайын көре білетін Сәуле оның көңілі көлеңкесіз емес екенін білсе де, дәл мынандай түпсіз түнек екенін сезген жоқ-ты. Нұрлан жайын Темірге айтқан осы екенін енді сезіп, тіксіне қарап түйіліп қалды. Ал, Перизатта өзгеріс жоқ, көлгірси күлімдеген жүзінен зұлымдық уы төгіліп тұр. Мүмкін, ол жазасыз болар, бірақ, осы арада Сәуленің көзіне ол сондай жиіркенішті, сондай зымиян көрінді.


— Ех, опасыз, — деді ақырын күрсініп.


Перизаттың өңі бұзылып кетті. Сасқанынан «сен неге айтып қойдың» дегендей сұғанақ көзін сығырайтып алып Темірге жалт қарады да, қайтадан Сәулеге бұрылып кетті.


— Сен не деп отырсын? — деді түсі сұрланып.


— Жер беті сендей опасыздардан қашан тазарар екен деп отырмын.


Сәуле соны айтқан кезде Перизаттың өңі қызара сұрланып барып көгеріп кетті. Темір Сәуледегі мұндай қаталдықтың шындықтан шыққанын сөзді де, Перизатқа отты көзімен қарап:


— Мен сені шақырған жоқ едім ғой, — деді ызбарлы үнмен.


Темірдің бұл сөзі Перизатқа тепкіден кем тиген жоқ. Асқақтап келген асау көңілі аяққа басылғандай, не істерін де, не дерін де білмей сәл кідірді де, Сәулеге қайтып қарай алмастан шыға жөнелді. Сірә, ішінен Темірге де айтқан лағнаты болар, қатты ашумен есікті сарт еткізді.


Темір сарт еткен есікке қараған күйі ойда тұрып қалып еді, Сәуле оған көз тастап алды да:


— Менің «опасыз» деген сөзіме бола онан безіп кетпеңіз, ол шақыруға тұратын қыз.


Оны не үшін айтқанын соңынан өзі де ойлап таба алған жоқ.


— Иә, жаман қыз емес секілді. Бірақ бар жақсылығы көзінде ғана болар. Өзінің күйеуі майданда ма?


— Күйеуім бар деп пе еді?


— Бар демесе де бар ғой.


— Барлығына көзіңіз жеткен болса, менен несіне сұрайсыз?


— Дәрігерлер адамның сырқатын білуге қандай құмар болса, мен қыздардың сырын білуге сондай құмармын.


— Жақсы дәрігер сырқаттың қайда екенін әркімнен сұрап білмейді ғой.


— Оның жөн сөз. Бірақ дәл осы қызға келгенде менің дәрігерлігім бақсының сандырағы болып барады, — деді де Темір Сәулеге үнсіз жақындап, — Сәулеш, ақтық сөзіңді айтшы, сен сол Нұрланына әлі де сенесің бе? — деді күрсіне сөйлеп. Үнінде жалыну бар ма қалай?


Сәуле көзін бір жарқ еткізіп оның дәл қазір қандай күйде тұрғанын сөзді де, өзін оның қарындасы тұтқан қалпына қайта келіп:


— Оған сенбесем, сізбен мұндай қатты сөзге келмес | те едім ғой, — деді.


— Егерде ол, сен ойлағандай адам емес, азғын болып шықса қайтесің?


— Онда сіз нендей үкім айтсаңыз да ризамын.


— Анық ризасың ғой, — деді Темір сөзді кеудесінен жұлып алғандай жұлқына сөйлеп.


— Ризамын.


— Уәде ғой.


— Уәде.


— Әкел қолды, — деп Темір Сәуленің қолынан ұстай алды — серт осы болсын!


— Болсын!


— Соңғы тілегім, бір жапырақ қағаз бен бер - екі ауыз жылы сөзіңді ай сайын аяма.


— Өзіңіз де жазып тұрыңыз.


— Қош, менің арманым!


Темір соны айта сала жөнеліп еді, қарсы алдынан Абзал кіріп келді. Ол Темірді көптен


бері көрмеген болу керек, есіктен кіре сөйлеп Темірмен қолдаса кетті.


— Батыр ау, аманбысың, қайда жүрсің көрінбей, — деді Темірдің өн бойына көз жүгіртіп. — Қане, жараң жазылды ма әбден, таяқтан құтылғанбысың?


— Ел жаққа барып жаңада келдім. Жаудың салған жарасынан да жазылып, таяқты да тастадым. Енді қыздар салған жараны арқалап, майданыма жетпекпін, — деді Темір көз қиығын Сәулеге анда-санда бір тастап:


— Сәуле, мына батыр не деп тұр? — деді Абзал стол үстіндегі қағаздарды жиыстырып отырған Сәулеге күлімсірей қарап.


Сәуленің өңін мұң басып кетті.


— Батыр ағайым, қазанның қара дауылына ұқсайды екен. «Сен күздің сөне бастаған гүлісің, ұшырамын да түсіремін» дейді.


— Әттең дауыл бола алмай көр болдым ғой. Егер дауыл бола алсам талай қыздарды тәубесіне келтірер едім, — деп сөзінің әзіл-шын екенін білдірмей араластырып жіберді.


— Темір, сездім сырларыңды. Сен біздің үйге бара бер. Қазір мен де барамын.


Темір кете бере көзін Сәулеге бір тастады да:


— Cay бол, қарындасым, — деді жайдарыланып.


Абзалдың не айтқысы келіп қалғанын Темір де, Сәуле де сөзді. Бірақ Темір Сәуленің кім айтса да иілмейтініне сеніп кетті. Ал Абзалдың ойы Сәулеге ағалық сөзін айту еді, соны қалай бастарын білмей аз кідірді де:


— Сәулеш! Бұл менің жұмысым емес еді, тек жаман атқа сені қимағандықтан бір нәрсені қатты ескерткім келеді. Осындағы жұрттың үлгі етіп бетке ұстары сенсің. Осы Темірмен араларыңдағы кесел сол жақсы атыңа жаман ат келтіріп, мөлдір қасиетіңді лайлайма деп қорқамын. Өйткені, жұрт сені қандай жақсы көрсе, оны да сондай көреді, — деп сөзін әріден қозғамақ болып еді, Сәуленің дірілдеп шыққан үні оны дегеніне жеткізген жоқ.


— Аға, асыл аға! Айтушылар адасып айтады, алданып айтады. Сәби күнімде атастырылғаныма мен айыпты емеспін. Мен бұған ешуақытта сөз берген де емеспін. Жүрегім кімге берілсе, сөзім соған берілген.


Абзалдың есіне Мырқалдың бір сөзі түсіп:


— Ол табынған тәңіріңнің кім екенін білуге бола ма? — деп еді:


— Ол үшін қинамаңыз, — деді де Сәуле жылап жіберді.


Арада өткен аз уақыттың ішінде қауесеттің алуан түрі қаптап кетті. Біреулер: «Шахта басшыларының бәрі ауысатын болыпты», «Мырқал орнынан алынып, сотқа тартылатын болыпты», «біздің бас механик Мирон ағай жоғарылап, треске баратын болыпты» десе, енді біреулер «бұл шахтыға Русак бастық болып келетін болыпты», «машина жасаймыз деп қазынаның мүлкін бүлдіргені үшін Мирон ағай мен Сәуле сотталатын болыпты» деген сияқты қауесеттер соңғы кезде мүлдем гулеп кетіп еді, кешеден бері соның бәрі сап болды. Өйткені Сәуленің бүгін осы шахтаға бастық болып бекітілетінін кеше біліп қойғандар бар. Онан бихабар тек Бөлекбас қана. Оның участкесі Сәуле басқаратын әйелдер участкесімен жарыста еді, Бөлекбастың өзінен бұрынғы бастықтың ісінен тапқан қатесі әйелдермен жарысқаны болды. Сол «қатенi» жөндеуден бастамақ болып бүгін Сәулеге келді де:


— Жоқ, бұлай нетуге болмайды. Кейбіреулер мені басқа участкемен жарысудан қорқып, әйелдермен жарысты деп мазақтайтын көрінеді. Сондықтан мен сенімен жасасқан шартты бұзып, тұп-тура комсомолдардың участкесімен жарысамын, — деді.


Сәуле оған жұмбақ жымиыспен күле қарап, ол жарыспақ болған комсомолдар участкесінің бастығы Перизат емес, енді Құлтай болатынын, Перизаттың бас инженерге орынбасар болуы мүмкін екенін айтып еді. Бөлекбастың көзі ежірейіп кетті.


Егер бас инженердің орынбасары болса Перизат мұны етегіне де ілмейді. Бөлекбастың көзіндегі үрей сол. Бұрын оны өзінің қуыршақ еткісі келетін ол енді өзі оның қуыршағы болатынын сезіп отыр. Соны сезген сайын қиналып, қиналған сайын тәтті үміттердің бәрінен де адасып, болдырған кәрі айғырдай сілейіп отыр еді. Күлтай оны бұл азаптан лезде құтқарып жіберді.


— Сүйінші, сүйінші, — деді ол есіктен кіре ентіге сөйлеп. Бүйректей бұлтиған қызыл беті қызара бөртіп, гүлдей жайнап кетіпті. Сәуле Нұрлан мен Дулаттың бірі келген екен, деп ұшып тұра келді де, қуанғаннан аузына басқа сөз түспей:


— А, құдай, — деді бар шаттық даусымен.


Оның өзіне тән қуаныш іздеп тұрғанын сезіп, ағаттық істедім ау дегендей Күлтай сәл кідіріп қалып еді:


— Айтсаңшы нетпей, Нұрланнан келсе мен сүйіншіге өзімді берейін саған, — деп Бөлекбас киліге кетті.


— Жоқ, — деп Күлтай қалтасына қол апара беріп еді:


— Нұрланнан қайдан болсын, — деді де Сәуле қайтадан мұңға батып сылқ етті.


Осы кезде есік жақтан Сафоновтың:


— Шахтамыздың жаңа бастығына жалынды сәлем, — деген көңілді даусы шығып еді, Бөлекбас өз құлағына өзі сенбей, сұқ қолымен қаттырақ шұқып жіберді де:


— Максим Максимович, кешіріңіз! Құлағымның ұстамалы мүкісі бар еді. Сондықтан ағат болса кешіріңіз, не дегеніңізді ести алмай, естісем де нете алмай қалдым. Сіздің жаңа бастық деп тұрғаныңыз кім? Өзіміздің Сәулетай ма?


— Иә, өзіміздің ақ Сәуле. Қане, қуанышымыз еселене берсін деген тілек йен тағы бір құттықтауға рұқсат етіңіз, — деп Сафонов қолын ұсынып еді. Сәуле оның қолын алып, басын бір иді де үндеген жоқ. Ол алақанын шартылдатып айғай сала түрегелген Бөлекбасқа да қараған жоқ, өңі мың құбыла құлпырып жасаураған көзін Сафоновтан ала алмай, оған айтар алғысын да айта алмай бал - бұл жанып тұр. Сафоновтың оған сонша қымбат көрінетін себебі бар. Өйткені өзіне бір жыл бойы жағылған жаланың ең соңғы күйесі осыдан бір ай бұрын жағылғанды. Ол Сәулені Нұрлан мен Павелға бірдей матастырып жазған біреудің домалақ арызы болатын. Сол домалақ арыз Сәулені қатты жаралаған еді, соның бәрінен аршып алып шыққан осы Сафонов болатын. Сәуле сондықтан да оны жанындай көретін, сол үшін оны дәл қазір құшақтай алып сүйгісі де келеді, Бөлекбастың өсегінен де сескенеді.


Оның жүрегіндегі сол бір толқынға көзі түскендей Сафонов та үнсіз қадалып күлімсіреп тұр еді, Бөлекбас мысықша басып келіп Сәуленің қолынан ақырын ұстай алды, тіпті Сәуле ыңғай білдірсе құшақтаудан да тайынар емес.


— Апыр - ай, Сәулетай ай! Бұл неткен не еді? Неткен тамаша еді дегенім ғой. Тамаша, тамаша! Мен өткен түні сен туралы бір тамаша түс көріп едім, соның айнымай келгенін қара. Нағыз тамаша сол. Сол тамашаның бәрі де құтты болсын, — деп өзіне қарай тартып еді, Сәуле оның құшақтағысы келіп тұрғанын сөзді ме қалай, қолын ақырын тартып алды.


— Максим Максимович, кешіріңіз, мен сіздің алдыңызда тілсіз мылқау екенмін, ең ақыры сізге айтар алғысымды да айта алмадым. Тіпті берекелі сөздің бәрі менен безіп кеткен секілді.


— Мен не айтарыңды естіместен ұқтым, сондықтан ол үшін әуре болмай мені тыңда. Қазір осында обкомнан, комбинаттан құрметті адамдар келеді, мен соларды қарсы алуға кеттім, сен өзіңнің осы кабинетіңнен табылатын бол.


Сафонов соны айтты да, Сәуленің жауабын күтпестен шығып кетті. Күлтай не өзінің айта келген қуанышын айта алмай, не Сәулені құттықтай алмай үнсіз отырғанды. Сафонов кетісімен ол ұшып келіп Сәуленің бетінен қайта-қайта сүйді де:


— Бастықтығыңа тағар байғазым Шалтайымның ерлігі... Мә, оқы мынаны! — деп төс қалтасынан бір қағаздарды суырып алып Сәуленің алдына сарт еткізді.


— Шалтай!.. Ерлік! — деді Сәуле таңдана қарап. Сол екі сөз ойына тоқылған сайын шаттана түсіп, алдында жатқан қағаздарды ашып оқи бастады.


Шалтайдың өз хаты өте қысқа екен. Амандықтан басқа айтқаны: «Сендер мені алдасаңдар, мен немістерді алдадым. Бірақ сендердің алдауларыңмен өлген мен жоқ, менің алдауыма түскен он жеті неміс қырылып кетті. Оны мен айтпай-ақ қояйын, жалғыз мені қоршап жатқан он жеті немістің елігін өз көзімен көріп, өз қолымен санаған полк командирі полковник пен өзіміздің батальонның командирі майор айтар» депті. Сәуленің қуанышты көзі енді газеттің бір үлкен қиығына түсті. Ол газетте Тарасов деген майордың «үйде қорқақ түзде батыр» деген мақаласы бар екен. Бірақ құтты болсын айтуға жиналған жұрт қаптап кетті де, Сәуле оны оқи алған жоқ.


Елдің ең алдымен келген өзінін әкесі Қазыбек пен Мирон Павлович еді. Өз әкесі қанша қуанса да таси қоймай, сабырлық етіп:


— Қайырлы болсын, қарағым, — дегеннен басқа ешқандай мезрет көрсеткен жоқ. Ал, Мирон Павлович Сәулені келе құшақтап маңдайынан ұзақ сүйді де:


— Асығыстық кетті деп айып етпе, қызым, біздің айта келген арызымыз да бар.


— Айтыңыз.


— Обком маған төрт бөлме үй берілсін депті ғой. Егер, ол хабар рас бола қалса маған алты бөлме үй беріңіздер. Оның есесіне мен сіздерге төрт бөлме үй беремін.


Мирон ағайға төрт бөлмелі үй берілетін болғанын естігеннен бері бұл екі қарт бүгін бұрын ешбір елде болмаған бip үлкен келісімге келіпті. Сәуле олардың сол ойын толық сезбесе де, жүректерінде достықтың жаңа бір маздағы маздап тұрғанын сөзді де:


— Жарайды, төрт бөлмелі үй табу бізге киын еді, жақсы болды. Енді бір-екі бөлмелі үй тауып берейік, өздеріңіздегі бармен алты бөлме болсын. Бөлекбас солай деп жаз бұйрықты, тез! — деп Сәуле әзіл тастап еді.


— Жоқ, қымбаттым, өзіміздегі төрт бөлмеге және төрт бөлме қоссаң да керегі жоқ. Бізге өзіміз кіретін есігі бір, күніміз кіретін терезесі бір тұтас үй керек. Мәселен, мынаған қара, — деп Мирон қарт қолы қалт-құлт етіп қағазды сыза бастады. — Қақ ортада ас ішетін үлкен бір бөлмесі, жұмыс істейтін мына шетте бір үлкен бөлмесі болсын. Енді қалған төртеуін бөлейік. Бір бөлмесі алдымен саған, бастықсын ғой, таңдағаныңды ал. Бір бөлмесі Шекер мен менің немере қызыма, қалған екі бөлмесі осы отырған екі әкеңе. Міне, қалған азғана өмірін бірге бір үйде өткізуге бекінген біздерге керегі осындай үй.


Сәуле екеуінің арасына тұра қалып, екеуінің бетінен екі сүйді де:


— Бір ғана сіздерді емес, шахтадағы бар адамды бір семьядай етуге бар күшімді жұмсармын, әзірге айтарым сол ғана, — деді.


Сәуленің өзіне өзі берген сертіндей сезілген бұл сөзіне алғысын айтты да, қарттар шығып кетті.


Бұл кезде комсомол ұйымының секретарь: Сердюк, Сайран, Шекерлер де келіп тұр еді. Бөлекбас оларды сөйлетпестен:


— Тоқтаңдар, жолдастар. Сәулетай, берген бұйрығының бұлжымай орындалуына жақсы ырым болсын, бұйрық жаз дедің ғой. Қазір бір бұйрық беріп жіберші, мен жазып жіберейін, — деді.


— Сен соны ойнап айтсаң, мен шын айтқалы отырмын, — деді де Сәуле Сердюкке қарады. — Жолдас Сердюк. Мен өзімнің бұрынғы орныма осы Бөлекбас Бүлдіргенов жолдасты тағайындамақпын. Бұған қарсылық жоқ па? Қалай қарайсыңдар?


— Комсомол ұйымы қарсы емес, — деді Сердюк.


— Мен бе, мен бе әйелдерге бастық болатын, — деп Бөлекбас от басып алғандай ыршып тұрды.


— Иә, сен! Жаз бұйрықты! — деп Сәуле оны иығынан басып қалып, орындықта сылқ еткізді.


ОН ЕКІНШІ ТАРАУ


1


— «Қанға қан, жанға жан!»


Соғыс басталғалы жеті жүз тоқсан күн, жеті жүз тоқсан түн өтті. Әр минуті бір ғасырдың қасіретін арқалаған сол ауыр күндерде кеудеміз күрсініп, зеңбіректеріміз гүрсілдеген сайын ұранымыз «қанға қан, жанға жан» деу болып келген еді, сол қаһарлы сөз кешеден бері Дон даласын кернеп, жау қамалдарын талқандай бастапты, соны естігеннен бері Қарағанды шахтерлерінің шаттығы шалқуда. Сол шаттығы шалқығандардың бірі Шекер. Ол шахтаға түскелі тұрған өз адамдарына Донбастың азат етіле бастағанын айта келіп, қасында тұрған Дәменнің арқасынан қатты қағып қалды.


— Қанға қан, жанға жан! Ол үшін, қалай да бүгін Сайранның бригадісінен озуымыз керек, — деп еді, біреу ысқырып қоя берді. Ол — шахтыдан жаңа шыққан Сайран екен, манадан Шекердің сөзін тыңдап тұра беріпті, Шекер оған жалт қарады да, күйеден жылтырап тұрған көзіне, ақсиған тістеріне күлімсірей қарап:


— Түрің жетісіп тұрғандай неменеге ырсия қалдың? Өзің айтқандайын, ішін күйсе туз жала да, қу тізеңді құшақтай бер, біз бүгін сенен қайтсек те озамыз, — деді.


— «Арыстан айға шауып мерт болыпты» деген өлеңді білуші ме едің? — деді Сайран тұмсығын көтеріп.


Шекер оның бұлай шалқуында не сыр барын ойлаған жоқ, өзіне телміре қарап тұрған көзінен іштей бір сүйді де, жан қанатын қағысқысы келгендей иығымен бір қағып қалды.


— Сенің аспандағы айын, менің қолымдағы мынау шамым болар, — деп сөзбен де қағыса кетті.


— Қалай түсінсең олай түсін, — деді Сайран онан сайын асқақтап, — мен өзімнің бүгін бір сағаттың ішінде тоғыз тонна көмір беріп, сенің жүрегіне от жаққанымды ғана айтып тұрмын.


Шекер әлі түсінген жоқ, оны өзі де жасырған жоқ.


— Түсінбедім, қалай-қалай дейсің?


— Сенің мұз жүрегіңді жібіту үшін, — деді Сайран салмақтап тұрғандай әр сөзін үзіп сөйлеп, — бір сағаттың ішінде он сегіз жұмысшы беретін көмірді жалғыз өзім бердім, енді түсінікті ме?


— Бір сағаттың ішінде тоғыз тонна? — деді Шекер таңдана сөйлеп, — сенің тонна деп тұрғаның кило болар, ойланшы.


— Не болмаса тоғыз күннің ішінде бергенің болар айтып тұрғаның, — деп Дәмен Шекердің әзіліне әзіл қосып еді, басқа әйелдер де кеукілдесе жөнелді. Біреулері сыпайы әзілмен, енді біреулері сықақ күлкісімен, Кәкима сияқтылар дөрекілеу сөзімен келемеждеп Сайранның ызасын келтірді.


— Егер осы айтқаным рас болса, — деп Сайран Шекерге қолын ұсына жақындап еді, шахтаның ішінен Сәуле бастаған бірнеше адам шыға келді де, оның сөзін бөліп жіберді. Сәуле әйелдердің ортасында күйелі беті күлкімен жылт-жылт етіп тұрған Сайранға шаттана қарап:


— Аспанға атыңдар, аспанға! — деді.


Сәуленің сол сөзін ести сала әйелдердің қайсыбірі Сайранға тап беріп еді, Шекердің ашулы дауысы саңқ етті.


— Өңкей дарақылар! Неменеге масайрайсыңдар? Артта қалып мазақ болғандарыңа ма?


Ол өз адамдарын осылай шенеп тастады да Сәулеге қарады:


— Сонда қалай, мынаның бір сағаттың ішінде тоғыз тонна көмір бергені рас па?


— Оның, таңданатын несі бар? — деді Сәуле күле сөйлеп. — Тап күні ертең дәл осы мезгілде, сен онан екі есе асырасың, сонда оған да таңдануымыз керек пе?


Шекер енді бәрін де ұқты. Ол Сайраннан қара үзіп қалғандай жаңағы бір кезде қатты қапалы еді, Сәуленің соңғы сөзі оны қайтадан жадыратып жіберді.


— Е, солай ма еді, — деді дөңгелек қара көзінен Сайранға мысқыл күлкісін бір жымиып жіберіп. Бүркіт түлкіге түскен шақта сол түлкіні өзі алғандай қоразданып қарқылдаған ала қарғаны талай көрген едім, Сайранның аузынан жаңағы естігенім сол ала қарғаның қарқылы екен ғой.


Шекердің бұл сөзі әйелдердің күлкісін ду еткізді. Сол ду еткен күлкі шапалақ болып тигендей беті дуылдап Сайран тұр. Оның таласарға дәрмені, дауласуға дәлелі жоқ, өйткені сонша мол көмірді берген Мирон Павловичтің комбайны екенін Шекер дәл тапты.. Оның. ала қарғасы өзі екенін Сайран сезіп тұр, соны сезген сайын оның тілі байлана түсті. Бірақ Шекердің шаттығы да баянды болған жоқ, ол кенет ойлана қалып еді, өңі бұзылып сала берді. Сол сұрланған қалпын өзгертпестен:


— Ол комбайнның алғашқы тізгінін маған бермек болғаныңыз қайда? — деді Сәулеге тіксіне қарап.


— Айтқаным айтқан, — деді Сәуле оның арқасынан қағып. Біз бүгін өзімізді өзіміз байқау үшін екі жылғы еңбектің алғашқы қимылын ғана жасадық. Нағыз сынау ертең, үкімет комиссиясының алдында. Ол абройдың иесі сенсің. Сайрай бүгін сені ғана таңдандырса, сен Ертең, сағатына он сегіз тонна көмір беріп бүкіл елді таңдандырасың.


Шекер Сәулені мұнан әрі сөйлеткен жоқ, өкпелегендей түр көрсетіп қолын бір сілтеді де, шахтаға қарай тұра жөнелді.


— Неменеге тұрсыңдар! — деді кейін қалған тобына зекіре дауыстап.


Сәуле мен Сердюк оның сол мінезіне сүйсіне қарап, әлденені күбірлесіп тұр.


Олжай манадан Дәменнің оңашалауын аңдып тұр екен, Шекердің соңынан тұра жүгірген оны ұстай алды да:


— Жаңағы тоғыз тоннаның ішінде менің де үлесім бар, сен оны да ескер, папышым, — деп бұғағынан бір қағып қалды.


Осы кезде бұйра шашы жалп-жалп етіп Бөлекбас жүгіріп келді.


— Сәулеш, Сәулетай сізді анда шақырып жатыр.


— Кім?


— Өңкей нән. Қасында Абзал ағай бастаған бір топ нөкері бар батырдың өзі келіпті.


— Батыры кім? — деді Сәуле. Оны не үшін айтқанын өзі де білген жоқ. Өйткені Бөлекбастың айтып тұрған батыры — Совет Одағының Батыры Темір екенін, оның демалыс алып кеше осы қалаға келгенін, оны қарсы алуға бүкіл қала жиналып, сол қарсы алудың ақыры үлкен митингіге айналғанын Сәуле білетін-ді. Сондықтан Бөлекбас қанша лепіртсе де Сәулені елірте алған жоқ.


Сәуле келгенде қонақтар Сафоновтың кабинетінде отыр еді. Жергілікті басшылар түгел жиналыпты. Шахта Комитеті Русак та, шахта бастығының шаруашылық жөніндегі орынбасары Мырқал да келіпті. Бұл екеуі Қарағанды үлкейген сайын осылай кішірейіп кеткен-ді. Бірақ, екеуінің де жұмысы қазір жаман емес. Мырқал шаруашылық жұмысын қандай жақсы басқарса, Русак профсоюздың жұмысын, әсіресе социалистік жарысты жақсы жүргізді. Бірақ Донбасс азат етіле бастағаннан бері оның, жарна жинаудан басқа жұмысқа белсенділігі азайып барады.


Көңілдегі адамның көзге түскіш келетіні қандай, есіктен кіргеннен Сәуленің көзі Темірге түсті. Абзал екеуі әлденені өз ара әңгімелеп отыр еді, Сәулені көре сала ізет көрсете түрегелді. Оның қазіргі түр сипаты кімнің болса да көзін тартатындай еді. Сәуле оған бірден артық қараған жоқ. Жасы үлкен деп Абзалға, не сыйлы деп Темірге тұра ұмтылмай есік жақ шетте отырғандар мен жағалай амандасып барып, Темірге қолдасып еді, ол Сәуленің қолын жіберместен:


— Бәрі де құтты болсын, әсіресе жеңіс туың құтты болсын, — деді.


Оның, «жеңіс туы» деген сөзіне Сәуле түсінген жоқ, құтты болсын айтудың жөні өзінікі екені есіне түсті де:


— Ғафу етіңіз, құтты болсын айту менің борышым, — деді езу тартып. — Еліңіздің мақтаны бола беріңіз, әрқашанда тілейтінім осы.


— Мен өзіме тілеген бақыттың бәрін саған да тіледім, — деді де Темір оның қолын босатып жіберді.


Сәуле бұл сөзге жауап қатқан жоқ. Темірдің ондай жақсы тілегіне антар алғысын да айтқан жоқ, әлденеге асыққандай Абзалға тез бұрылып кетті.


— Алдымен туынды құттықтаймын, — деді Абзал сонан кейін...


— Қайдағы ту? — деп Сәуле оның сөзін бөліп жіберді.


— Шүйіншімді әзірлей бер, Отан Қорғау Халық Комиссарының екінші шахтадағы ауыспалы қызыл туы сендерге беріліпті. Ол туды Ертең салтанатты түрде қабылдайтын боласың.


Сәуле мұны айтқан Абзалға да:


— Саған ол туды тапсыру бақытына мен ие болыппын, — деген Темірге де «рақметтен» басқа сөз айтпай жағалай қарап тұрып қалды.


— Мен кімді құттықтасам екен? Сізді құттықтауға болмайды, өйткені бір шахтаңыз алса, екінші шахтаңыз айрылып жатыр, Максим Максимович, мен сізді құттықтаймын, — деп Сәуле екпіндеп барып Сафоновтың қолын алды.


— Темір ағаң секілді, мен өзіме не тілесем саған да соны тілеймін, — деді Сафонов.


Сәуле гүл-гүл жайнап Темірге қарай келе жатыр еді, Абзалдың есіне өткен түні әкесінің күнірене айтқан бір сөзі түсті де, қанын мұздатып жіберді. Үйткені ол Сәуленің кім екенін, атап айтқанда өзінің болашақ келіні екенін әкесінің сол сөзінен ғана білген-ді. Оның үстіне Темірдің Сәулеге деген ынтықтығы бұрынғысынан да күшейгенін сезген-ді, сезіп қана қойған жоқ, тіпті Темірдің өзінен де бүгін естігенді.


— Абзал аға, есіңізде ме, мұнан екі жыл бұрын біздің, бір әңгімеміз аяқталмай қалған еді ау, сол үзілген әңгімені бүгін Сәуленің алдында қайта жалғаңызшы, — деп жалынған-ды. Оның сол жалынғаны Абзалдың жанын сол сәтте қатты қинаған еді, әлі қиналуда екен.


«Нұрланымның тағдыры не болып тынғанын білгенше, Сәуле менің Нұрланым, ол менің нұрым. Өз нұрымды өзім олай өшіре алмаспын» деді ішінен.


Ол осындай ойда отырып өзімен бірге келгендердің бәрі шахтыға тусу үшін жұмыс киімдерін кие бастағанын да сезген жоқ. Тіпті Сәуленің Темірге: «Сіз түспей ақ қойыңыз, шахтаның ауасы ауыр келер» дегенін; «мен майданның талай түрін көрдім, енді жер астындағы майданды көргім келеді» деген Темірдің сөзін де естіген жоқ. Тек Сәуленің:


— Абзал аға? — деген даусы шыққан кезде ғана селк етіп ойдың ұйқысынан оянып кетті.


Сәуле оның ойындағысын сөзді де, мұңая қарап тұрып қалды...


...Баяғы Сәуленің кішкене кабинетінде тұратын плакат қазір үлкейтіліп, есік алдында тұрушы еді. Шахтыға қарай беттеп келе жатқан Темірдің көзі соған түсті де, тоқтай қалды.


— Мынау Мырқал ағайдың дәуірінен қалған мура екен, — деп күлді де, — Мырқал аға, осыдан екі жыл бұрын іште кеткен бір сұрауым бар еді, соны сізден сұрасам қайтеді?


— Так, сұра шырағым, сұра.


— Алдымен жер астындағы майданды көріп шығайын, мүмкін сізден естімегенді сол майданнан көрермін.


— Айтарыңыз мына суреттер жайында болса, қазір айтып қалыңыз, өйткені шахтадан қайта шыққаныңызша бұл жоқ, болады, — деді Сәуле күлімсірей қарап.


— Неге?


— Мұндай мазақты біздің шахта осы минуттан бастап көрмейтін болады.


— Онда менің Мырзекеңе қояр сұрауым жоқ.


Бұлардың қарсы алдынан қарны шермиіп Перизат шыға келді де, Темірді көре салып жалт бұрылды.


— Ғажап ау жаңағы Перизат па? — деді Темір ол кеткен жаққа таңдана қарап.


Әрі Темірдің көзіне көзі кездесіп, әрі басқалар жауап қата қоймаған соң Сәуле үн қатты.


— Жадыңызға сақтағаныңызға рақмет.


— Ол кісі бізден неге қашты?


— Оны Бөлекбастан сұраңыз, — деп Сәуле ендігі жауапты Бөлекбасқа аудара салды.


— Ол кісі былтыр маған үйленген еді, соның арқасында бір аздан бері декретный демалыста.


Бөлекбастың бұл сөзіне келе жатқандардың бәрі ду күліп еді, Темірдің:


— Соғыс шешесіне жаққан екен, баласы сойқанды болар деген ызғарлы сөзінен кейін бәрі де жым болды. Темір сол салқын қалпында. Ол Сәуленің:


— Сойқанды болса да тірілік қымбат екен, — деген сөзіне ой жіберген жоқ, немерелері мен шөберелерін шұбыртып келе жатқан Күлсім әжейдің алдына барып тұра қалды.


— Армысыз, әже.


— Бар бол, балам. Үні мөлдір қай баласың?


— Майданнан уақытша келген балаңызбын. Қалай, қалыңыз жақсы ма?


Күлсім әжей көзіне таман түскен ақ шашын бір жиыстырып тастады да Темірге тесіле қарап:


— Балам, суретіңді болса да өзіңді бір көрген секілдімін. — Темір жауап қатқанша болған жоқ, қазан бас атанған немересі оның құлағына сыбырлай бастады:


— Әже, әнеугі алтын жұлдыз алған батыр, — деді де Темірге қолын ұсынды. —


— Сәлемәлейкем...


Темір оны жерден көтеріп алып бетінен сүйіп еді, Күлсім әжейдің әжімі қалың бетінен аналық мейірімі жарқырай түсті. Ол үнсіз келіп Темірдің маңдайынан ұзақ сүйді де:


— Көп жаса, балам. Жұлдызың биік жан екенсің. Бағыңа жұлдызы жанған қыз кез болсын, әмин, — деді бетін бір сипап.


Ол соны айтқан кезде Темірдің де, Сәуленің де жүрегі лүп етті. Бірақ, екі жүректің лүпілі екі басқа.


2


Орталық штректе қолтықтасып келе жатқан Мирон, Қазыбек, Тайман үшеуі ұзақ өмірлерінің ең үлкен жемісін бүгін ғана көргендей тым шат еді, кенеттен бір ой түсті де, Тайманның қуанышын қайдағы бір қара тұман басып кетті. Өйткені, ол күні бүгінге дейін Сәулені Нұрланның көзіндей көретін еді, сондықтан ол не айтса соның бәріне кәне беретін. Ол бригадирлікті тастаңыз деп еді, тастады. Ол өзіме кеңесші болыңыз деп еді, болды. Тек пенсияға шығыңыз деген тілегін қабылдаған жоқ. Бірақ комбайн қай күні көмір бере бастаса, сол күні ол шығуға уәдесін берген-ді, сол уәделі күн жетті. Енді не істеу керек? Енбек қызығының шынымен-ақ осымен біткені ме?


Ол соны ойлап қиналып келеді.


Ал, оның, сырласы да мұңдасы Қазыбек басқа қиялды кезіп келеді. Ол Мирон Павловичті оң жақ қолтығынан демеп келе жатыр еді, бір кезде кеудесін кере демін тереңнен бір тартып алып ойындағысын ақтарып салды:


— Тайман, сен екеуміз бір жыл туған құрбы едік. Құрбы болсаң да келінді менен бұрын түсіріп, қызды менен бұрын ұзатып қызығын көрген едің. Жалғанның жазымы көп қой, Дулатым олай-бұлай болып кетсе, менің Сәулетайдан басқа кімім бар? Мен оны Бөлек үй еткенше Темірді қолыма алсам деймін. Осыған сен не дейсің?


Қазыбек бұл сөзімен Тайманның жанына қандай қаяу салғанын сезген жоқ. Өйткені Сәуле мен Нұрланның Тайман білетін сырын ол білмейтін. Сондықтан, ол Тайманның тұншығып қалғанын аңғармаған.


— Ау, тілің байланып қалды ма, мен саған айтып келемін ғой, — деді.


Тайман ауыр күрсінді де:


— Егер өзі сүймесе, сен ондай асыл адамды ескіліктің шыңырауына сүйреме.


— Тәйпегім ау, сен қайда лағып кеттің?


— Мен лақсам да сенің қара аспаныңа жұлдыз болып ағып келемін.


Қазыбек оның бетіне жалт қарады, бірақ шахтаның өзіне тән қара түні Тайманның күйін көзге түсірген жоқ.


— Бәрі бос сөз, — деді Қазыбек қолын сермеп, — Темір жаманшылықты да, жақсылықты да Сәуле үшін көрген адам, мен оның әкесінің құдалығы үшін емес, өзінің сол адамдығы үшін қарыздармын. Оны түсінбейтін менің Сәулешім ақылсыз емес.


— Иә, ол ақылды, мен саған жаңағы ақылды сондықтан да айтып келемін.


— Ондай ақыл өзімде де жеткілікті.


— Егер Темірдің өзі ұнатпаса қайтесің?


— Ә, онда дауым жоқ. Бағың ашылсын қарағым деймін де ақ батамды беремін. Тоқта, мына келе жатқандар кім болды екен?


Манадан үнсіз келе жатқан Мирон қарт тоқтаған соң барып үн қатты.


— Келе жатқандар кім болса да көп жасасын. Егер солар келмегенде сендер мені сүйреп өлтіретін едіңдер! Мына бір ағаштың үстіне отыра тұрайыншы.


Бұлар штректі іргелей жатқан бір жуан ағаштың үстіне жайғасып отырғанша болған жоқ, ақ көйлекті біреу қастарынан жүгіріп өте шықты. Ол Бөлекбас екен. Қонақтардың осы учаскеге баратынын ести сала жұмыс киімін киместен жөнеліпті.


Топты бастап келе жатқан Сәуленің өзі болатын. Ол жолда отырған қарттарды көріп тоқтай қалып еді.


— Қарағым ау, мынау Темір ме? — деген Қазыбектің даусын Темір тани кетті де:


— Ассалаумағалайкүм, — деді қолын ұсына жақындап. Бірақ Қазбек қолын ұсынған жоқ, құшағын жайып:


— Өзіңді әкел, өзіңді, — деді. Оның құшағы Темірге басқа бір құшақты аңсатып жіберді.


— Танысыңыздар, сіздерге жер астындағы майданның маршалындай көрінген мына кісі менің Тайман дейтін әкем, — деп қолымен Тайманды құшақтап еді, оның мұны не оймен айтып тұрғанын сезгендей Темір қолын алдымен Мирон Павловичқа созды.


— Мирон ағай, аты майданға да жеткен даңқты әкемізге жауынгерлік сәлем, — деді Темір, Тайманға басын иді. Сізге айрықша сәлем. Өйткені сіздің кім екеніңізді атап айтқанда әкемнің досы екеніңізді бүгін ғана білдім.


— Жақсылықтың ерте-кеші жоқ, балам, кеш болса да білгеніңе рақмет. Сөзімнен мін таптың ба, неге қарай қалдың?


— Жүзіңізден жастықтың жалынын көріп тұрмын.


— Кейбір жігіттерден жас екенім рас, — деді Тайман марқайып. — Иә, шын асыл адамдар он бесінде ержетіп, тоқсанға дейін қартаймайды екен, мен осы тұрған үшеуіңізден соны көрдім.


— Он бесінде ержетіп, тоқсанға дейін қартаймайды. Иә-иә, — деп Мирон Павлович ойлана қарап аз тұрды да:


— Өте дұрыс айтасың балам. Бұл қазақ деген халық сараңдық пен кәрілікті білмейтін халық екен.


— Мен осы тұрған қазақтардың ең қымбатына қолқа саламын, қандай мырза екенін сонда көрерсіз.


Оның қолқасының не екенін сезгендердің бірі Сәуле еді. Ол не дерін білмей өзін өзі қараңғыға сүңгітіп жіберді де, Абзалға көз тастады. Өзіне тасталған көзден көңіл күйін көргендей Абзал үн қатты:


— Біздің тылдағылар сөз жағынан да майдандағылардан қалыса қоймас, сондықтан бұл шалдармен әңгімеміз кейін екенін ескерейік те ілгері жүрейік.


Оның «шалдармен әңгімеміз кейін» деген ащы күдігі алыстан орағытып келіп Сәуленің жүрегіне де түйілді. Бірақ ол сыр сездірмей:


— Бері жүріңіздер, — деді де қонақтарын бастай жөнелді.


Бұлар беттеп келе жатқан лавада жұмыс қызу жүріп жатыр. Жан сала қимылдаған Шекердің бригадасы бүгін көмірді тау суындай тасқындатып жіберіпті, сондықтан оның көзінен шаттық оты жиі жалтылдайды.


— Төк, төгіңдер терді! Тер төгілмей жер тебіренбейді, жер тебіренбей ел көгермейді, төгіңдер! Кәкима жап аузыңды дарылдамай. Төк, аямай төгіңдер!


Шекердің бұл сөзін Кәкима естісе де елеген жоқ. Өйткені осыдан екі күн бұрын майданнан күйеуі қайтып келген-ді, ол жаралы келсе де Кәкима сонан бері көңілді. Бүгін жұмыста жағы тыным таппай «Баян аулы басынан бұлт кетпеске» басып отыр. Бірақ даусы бұрынғыдай емес, арық қарғаның даусындай бар-бар етеді.


— Ағай келгеннен бері өңешің мына темір науаға ұқсап кетіпті, даңғырлай бермей қойсаң қайтеді?


Шекерді ерегістірсе өзіне жайлы тимейтінін сөзді де, Кәкима жым болды, бірақ көмір салған қимылы бәсеңдеген жоқ. Осы кезде төменгі жақтан Бөлекбастың:


— Шекержан, қайдасың? Шекержан! — деген ентіккен даусы шықты.


— Мұндамын, мұнда!


— Ойбай, Шекержан, өкпем нетіп кетті ғой. Темір осында келе жатыр.


— Темір!.. Осында ма?


— Осында болғанда тұпа - тура сенің бригадаңды көргелі келеді. Жолдас Сафонов біздің әйелдер участкесін өлтіре мақтап еді, сонан кейін ол қызығып кетті. Ал, жаным, нетіп ұстай көр.


— Нені?..


— Бригадирді деймін. Уһ, өкпем, өкпем, Шекержан, ол сұрағанда қысылмай жақсылап бер.


— Нені?


— Ту өзін бүгін немене, кеще болып кеткенбісің? Жауапты деймін. Уһ, жаным ай, — деп жантая кетіп еді, көзі Шекердің тұсындағы тіреу қойылмаған жерге түсті де басын көтеріп алды. Бұл кезде Шекер өзінің орнына барған еді, ол оң - солына бірдей қаран алды да:


— Ал достарым, Сайран өлгендегіден кем болмасын, қимылдаңдар! — деп бар даусымен айғай салды.


Дәл соның осы әмірін күтіп тұрғандай темір науа ышқына соғып, ырғала бастаған соң Бөлекбас даусы Шекерге енді жетпейтінін сөзді де жақындап келіп:


— Мынау араға неге тіреу қойғызбағансың? — деді иығынан тартып.


— Тіреушілер қолымды бөгейтін болды, құлай қоймас, бөгемеңіз.


— Сөзді қой да қазір тіреу қойғыз! Әйтпесе көмірдің астында қаласың, тіл ал, — деп Бөлекбас бұйыра сөйлеп еді, Шекер ажалдың өзімен егескісі келгендей көмірді бұрқырата жөнелді.


— Бүгін Сайранның бригадісінен озбасақ масқара боламыз, бөгемеңіз. Төбенің құламасына мен кепіл, алан болмай кете беріңіз.


— О, Сайраннан озатын болсаң сал жаныңды, — деді де, Бөлекбас қос тізесімен жылжыған күйі шегініп кетті. Бірақ Шекердің дегені болмады. Конвейер кенет тоқтап қалды. Оны тоқтатқан Сәуле еді. Конвейердің мезгілсіз тоқтағанын көріп ызалана қалған Шекердің құлағына төменгі тұстан Сәуленің дауысы шықты.


— Келе жатыр! Келе жатыр, — деді Бөлекбас қалбалақтап. — Сен бері таман кел! Анау ара қулап кетсе, Темірді ала кетерсің.


Бөлекбастың бұл жақсы ниеті кейін жаманшылыққа айналып кетті. Өйткені Сәуле жақын келсе ол жердің құлауына аз-ақ қалғанын көретін еді де, тіреу қойғызбай жұмыс істетпейтін еді, өзі бастық болғалы апаттың ұсақ түріне дейін жойғандықтан ол ешқандай қауіп ойламастан бейқам келе жатты.


Қонақтарды бастап келе жатқан Сәуленің өзі болатын. Ол лаваның орта тұсына келгенде:


— Шекер қайдасың? — деді дауыстап.


— Міне, өзіңізге қарай жылжып келемін.


Темірді көргісі келген әйелдер Шекердің маңына топталған еді, Темір алдағы Сәуленің қатарына келе бере:


— Саламатсыздар ма, апа-қарындастар! — деді.


— Саламат болыңыз, ағай.


Шекердің осы сөзі өзінің кім екенін Темірге айтып берді.


— Осының ішіндегі командирі сен боларсың, танысып қояйық, мен капитан Темір Сайдақов дейтін боламын.


— Онан да анығырақ білеміз кім екеніңізді. Мен әйелдер бригадасының бригадирі Ермекқызы Шекер дейтін боламын, — деді Шекер де сөзін шірендіре сөйлеп.


— Өте жақсы, ал бригадир жолдас, хал қалай?


— Майдандағы сіздердің халдарыңыз қандай болса, біздің халымыз да сондай. Сізде шабуылға шықсаңыздар біз де шықтық.


Темір оған күлімсірей қарап аз отырды да:


— Майданның алдыңғы шебінде жүргендердің бір жау өлтірмегені кем де кем. Ал, сендерде қалай? — деді.


— Біз де сондай. Біз алдыңғы шепке барып әуре болмай ақ немістерді осы жерде тұрып ақ жайратып жатырмыз, оғы бес мың километр жерге жететін құрал бізде ғана бар...


— О, алысқа сермейді екенсің қарындасым жаса, көп жаса, — деді Темір.


Осы кезде таудан құлаған тастай зымырап уклонда Сайран келе жатты. Ол Темірдің шахтыға түскенін кеш естіп оларды «комсомолдар участкесіне барар, мүмкін комбайнды маған шапқызып көрер» деген оймен тамағын да ішпестен шахтыға қайта түскен еді. Жолшыбай кездескендерден:


— Темірлер қайда, қалай кетті? — деп сұрау сала ұшып келеді. Сұрай-сұрай Темірлердің ізіне де түсті. Құстай ұшып әйелдердің участкесіне де жетті. Бірақ ол келген кезде қонақтар комбайнды көруге комсомолдар участкесіне кетіп қалған еді. Лаваның ауыз жағында отырған әйелдер «осында, осында, Шекердің қасына барсаң оларды табасын» деп оны алдап, адастырып жіберді.


Аңғал байғұс әйелдердің алдағанын білмей Шекерге қарай өрлеп келе жатыр еді, алдыңғы тұстан әлдененің сылқ етіп құлағаны, әлдекімнің:


— Аһ! — деген ащы дауысы шықты.


Бір сұмдықтың болғанын біліп ауызға қарай тұра қашқан әйелдердің қайсыбіреуі жолдағы Сайранды да басып кетті. Ол не істерін білмей біресе дүркіреп бара жатқан әйелдерге, біресе жаңағы жан даусы шыққан жаққа ұмтылады. Со кезде қараңғы түкпірден Дәменнің:


— Әй, әй, Шекерді көмір басып қалды. Әй, келіңдер, келіңдер! — деп жыламсыраған даусы шыққанда барып, селк ете түсті де, өрге қарай атқи жөнелді.


Сайран жетіп барып жалма-жан тіреулерді тіреп жіберді де:


— Әкел күректі! — деді. Басқа сөз айта алған жоқ, үй орнындай жерді алып жатқан көмірді бұрқыратып жөнелді. Сол кезде оған көміліп жатқан Шекер емес, өзінің жүрегіндей сезілді де ашынған жанның ащы тері сүмектеп көзін жауып кетті, оған да қарайтын емес, жары үшін жанын салып ажалмен жалғыз Сайран ғана алысып жатыр.


Бұл кезде Темір комбайнды көріп, Мирон қартпен көңілді әңгімеде тұр еді, мына жайсыз хабар жетті де, олардың әңгімесін бұзып жіберді.


— Құтсыз қонақ болдым ау, біз де барайықшы, — ден ол кері бұрылып еді.


— Бізде үлкен апат болуы мүмкін емес, бармай-ақ, қойыңыздар, — деп Сәуле жалғыз жөнелді.


Ол келген кезде манағы үрке қашқан әйелдер де Сайранға көмектесіп Шекерді шала жансар күйінде аршып алған еді. Оның үні шыққанша Сайранның жаны шығатын, ол өзі аттарын білетін құдайлардың бәріне жалбарынып зарлап отыр. Оның кеудесіне өз жүрегін салғысы келгендей, әйелдерге Шекердің бетін желпіте отырып, өзі оны кеудесіне қыса түседі. Шекерде әлі үн жоқ.


— Дәрігерге жүгірмей мен неге тұрмын осы, — деген Бөлекбастың даусына ілесе Сәуленің:


— Сен алдымен бүлдірген жерінді жөндеп ал, — деген зілді үні шықты. Ол соны айта келіп Шекердің тамырын ұстап байқады да Сайранға әмір етті. — Көтер жылдам!


...Қара киімді біреу қашып келеді, ақ шапан киген бір әйел оны қуып келеді, «ұста ана ұрыны, ұста!» деп ақ шапанды әйел қараңғы көшені басына көтере айғайлап келеді, оның алдындағы қара киімді біресе күліп, біресе:


— Қап, мынаның ызасын ай, ә! — деп күйініп келеді. Бірақ оның бақытына қарай дәл бұл кез жүректің соғысынан басқа барлық қимылдың тоқтай тұрған кезі еді, сондықтан ере қуған да, қарсы кездескен де ешкім болған жоқ. Ақ шапанды әйелдің айғайын аурухананың алдындағы радионы тыңдап тұрғандардың бәрі де естіді. Бірақ қуаныш құшағында тұрған жұрт мына хабарды естімей жер сілкінсе де, үй өртенсе де елер емес. Ешкім ере қуыспаған соң жалғыз өзі қуа беруге қорқып ақ шапанды әйел де кейін қайтты.


Бұл кезде бұйрық оқылып бітіп, Донбасты азат еткендерге Москвадан көрсетілген құрметтің айдынды үні әлем көгіне өрлей бастаған еді. Көңілдері дәл сондай көтеріліп шаттанып тұрған жұрт ақ. шапанды әйелдің ашулы сөзін күлкімен қарсы алды.


— Е, ұры болса болар. Донның бойындағы біздің әскерлер бүгін бір немісті зеңбіректің ішіне салып осылай қарай атып жіберді, деп еді, сол осы екен ғой.


Ақ шапанды әйел жұрттың мұндай әзіліне бұрынғыдан бетер ашуланып ішке кіріп кетіп еді, бұрынғыдан бетер айқайлап қайта шықты.


— Аха-аха, аха-аха! Көріңдер аха-ханың аяғын. Нәрсе ғана емес, адам жоғалыпты. Он бірінші палатадағы ауру адам жоқ, жаңағы ұрыны мен сол палатканың терезесінің алдынан көргенмін.


— Не дейді?


— Рас айта ма? — деп жаңағы сықақтағыштар да он бірінші палатаға қарай жүгірді. Бірақ бұл жүгірістен ештеңе шыққан жоқ, ондағы адам қайда кетсе де кетіп қалыпты. Палатадағы нәрселер түгел, ең ақыры аурудың киіп жүрген киімдері де түгел осында. Бұл қалай? Жалаңаш кеткен бе?


Ойлап-ойлап, бұл қалай екенін ешкім таба алмады. Бұрын кісі жоғалтып көрмеген аурухананың, қызметкерлері үрейленіп жан-жақты кезуілдеп, іздестіріп еді, таба алмаған соң шуылдасып есік алдына қайта жиналды.


— Онда кім екенін білетіндерің бар ма?


— Бар. Мен білемін. Кешегі шахты астында жараланатын Шекер дейтін қыз.


— Апыр - ай, көрікті де, кесірлі де қыз еді. Көркіне қызыққан біреу өлтіріп кетпегей еді?


— Қызыққан адам өлтіре ме екен?


— Қызығудан күйіну де туады ғой. Кесір мінезі кектендірсе, кім біледі.


— Мүмкін үйіне қашып кеткен болар?


— Жоқ, ол ондай ақылсыз емес. Өмір шіркіннің тәтті екенін жаңа білдім ғой. Осында біраз күн жатып денсаулықты мықтап алмасам болмас деп мана қақсап жатқан.


— Қашып барса Сәуле оны оңдыра ма, ол соның жақыны ғой.


— Онда ол жазым болды.


— Нанбасаңдар телефон соғыңдаршы, сол қыз дәл қазір үйінде отыр.


Осы сөзге тоқыраған жұрт бір саябырлап телефон маңына топталған еді, телефоннан Сәуленің ашулы жауабын естіп қайта шуласа бастады.


— Үйіне бармапты, енді қайттік, қайдан іздедік?


— Тараңдар жан-жаққа, қараңдар тағы! — деді еңселілеу келген бір ақсары әйел. Ол түнгі бақылаудағы доктор еді.


Аурухана тұрған қараңғы көшені ақ шапан кигендер тағы қаптап кетті. Анда-санда «Шекер!» деп айғайласып та қояды. Шекер де жоқ, ешбір дыбыс та жоқ. Тек бұларды сықақтағандай аспандағы жұлдыздар ғана жымыңдайды.


Осы кезде бір машина қараңғы көшені жарқыратып келіп аурухананың алдына тұра қалып еді, Шекерді іздеп жүргендер жан-жақтан соған қарай жүгірді. Бірақ олардың Шекерді алып келген біреу болар деген үміті далаға кетті. Бұл Шекерді іздеп келген Сәуле екен. Доктормен сөйлесіп мән-жайға қанғаннан кейін оның ашуы күшейе түсті де ақылы тоқырап қалды. Өйткені, Шекердің өз бетімен қашып кетуі мүмкін емес, кетсе Сайран арқылы ұрлатып алса да үйдегі киімдерін алдырар еді, жаңа ғана өз көзіммен көріп түгендеп шықтым, киімдерінің бәрі үйде тұр. Киімсіз ол қайда кетпек? Екіншіден, Сәуленің өзі кешке жақын тағы келіп: «Сені Ертең қайтсе де шығарып аламын. Қалалық жиналысқа сен де барасың. Қызыл туды сен көтеріп, жұртты сен бастап келесің», — деп көңілдендіріп кеткен-ді, ол ғана емес, әзілдеген болып, «Ертең кешке Сайран екеуіңнің тойларыңды да жасаймын» деген болатын. Соның бәріне де Шекердің іштей қуанышты екенін сезгендіктен, Сәуле оны «қашып кетті» дегендерге сенген жоқ. Ашудың жеңіп, ақылдың жеңілген себебі сол.


Жалғыз ғана сезігі Сайран болды. Сол азғырып әкетті ме екен деген оймен Абзалдың үйіне телефон соғып еді, Шекер ол үйде жоқ болып шықты. Телефонға келген Дәмеліден сұрап еді, ол кішкене кідірді де:


— Сайран ауырып жатыр, — деді.


— Қашаннан екенін өзім де білмеймін. Жаңағы кезде қызметтен келсем дөңбекшіп жатыр.


— Докторға неге бармайды?


— Білмеймін. Бар деп едім, докторсыз ақ жазыламын дейді.


— Ол Шекердің қайда екенін біле ме екен, сұраңызшы.


Дәмелінің Шекерді сұраған даусы Сәулеге де естіліп тұрды да, Сайранның оны білмейтінін естігеннен кейін трубканы тастай салды.


Шынында, бұл кез Сайранның деміге дөңбекшіп диван үстінде жатқан кезі еді.


Сайранның ауруы да Сәулеге жайлы тиген жоқ. Ертеңгі күні үкімет адамдарына комбайнның жұмысты қалай істейтінін көрсетпекші еді. Оны жақсы жүргізе алатын Сайран мен Шекердің жайы мынандай болды. Енді қайту керек?


— Енді қайдан іздейік?


Бұл сұраудың жауабын ешкім таба алған жоқ.


3


Ол күнгі түнді Сәуле қилы-қилы ойлармен өткізді. Ертеңгі күнді ойлап-ойлап қанша уақыттың өткенін де сезген жоқ. Терезенің жел соғарынан соққан жел ашық жатқан ақ білегін де мұздатып та барады. Ол оны да елер емес. Ауық ауық терезеге қарайды, ауық ауық есік жаққа құлақ салады. Тырс еткен дыбыс, қыбыр еткен жан жоқ. Тек қарсы бөлмеде жатқан Мирон қарттың күрк - күрк жөтелгені, Қазыбектің қорылдағаны ғана естіледі.


Мұндай ұзақ ойдың басталып кетуіне себеп Шекердің табылмағандығы еді. Ұшқыннан лаулаған қалың өрттей, сол бір ойдан барлық адам жайында үлкен ойлар қаулап кете берді.


Жас жанына өзгеше бір өшпес жалын бітіргендей, көңілін көкке көтеріп, көзінің алдында ертеңгі алатын Қызыл ту тұр. Қиял шіркін соны қанат етіп көкке ерлейді, аспан асып алысты кезді. Нұрланды іздейді. Енді Нұрлан тірі болса қайғы-қасірет дегендер де жоғалған болар еді дейді аңсаған көңіл аласұрып.


Есіне Нұрланмен өткізген қызықты күндері түсіп еді, көптен бері берік көңіл, отты жүрегіне беттей алмай шөліркеп жүрген ыстық сезім құшағына алып билеп әкетті. Осы ыстық құшақта қанша уақыт жатқанын Сәуленің өзі де білген жоқ. Бір кезде жалындай лапылдаған денесі көрпесін серпіп жіберді, аузынан «аһ» деген жалын да шығып кетті. Сонда ғана барып өзінің қандай күйде жатқанын сезіп, ақ жастықтан басын көтерді. Ойды тоқтатып, енді аңғарды — осы соңғы келген ой жас жүрегін қатты езген екен. Қанын мұнша қайнатқан бұл нендей күш екенін де сезген жоқ, оттай ойнақтаған жүрекпен алыса түрегеліп терезе алдына барды да, алысқа көз жіберіп тұрып қалды.


Қазір тан атады. Қазір күн шығады. Сол күндей шалқып жеңімпаздыққа жеткізген қызыл ту келеді. Бірақ, қанша бақытты болса да жүректегі жарасы әлі жазылмаған екен. Алдында бір үлкен қауіп тұрғанын сөзді де, жаңа ғана шаттық нұры ойнай бастаған жүзі қайта түнеpiп кетті. Жаңағы бір кезде құшағында тұрғандай көрген Нұрланы да бірте-бірте алыстай барып жоқ болды. «Ол емес, сен іздеген адал жар менмін» деп Темір тұр қарсы алдында. Ол төсімен тас соғатын тас түлектей тым асқақтап тым айдынды тұр.


Ол ғана емес «тілегімізді қабыл алсаң ақ батамыз, алмасаң — қарғысымыз әзір» дегелі ата мен ана тұр алдында. Бұл күнге дейін Сәуленің Темірге тағар міні қандай жоқ болса, онымен енді ескі жараны білтелейін деген ой да сондай жоқ еді. Осы әке-шеше арандатқалы тұр Сәулені. Өйткені, олар өзара кеңесіп, Сәулеге айтар тілегін ертең жұрт алдында, дәл Темірдің көзінше айтпақ болған-ды. Ол үшін Сәулеге «ту алғанына той жаса» деген ұсыныс айтқан еді. Сәуленің Шекерге: «Ертең Сайран екеуіңнің тойларыңды жасаймын» деуінің де мәнісі сол болатын. Ертең дәл осы үйде үлкен той болмақшы. Бірақ, сол тойдың қайғыға ұласып кететінін Сәуле сезген жоқ.


Арманын айта келген Темірге енді не демек? Ата-аналық парызын сұрай келген ата-анаға не демек? Оның бар ойлағаны сол.


Бұл сұраудың жауабы әлдеқашан айтылған жоқ па еді? Оны олар әлде ұмытты ма? Мұны әлде Нұрланнан күдерін енді үзген болар, мезгілсіз сөніп қалмас дей ме екен?


«Жауабым әлі де сол!» деген сөзді айта алар ма еді, жоқ па? Соны біле алмай дел-сал боп төсегіне барды да құлай кетті.


Сол бір зілдей ауыр, тастай қатты құшақта ұзақ жатып қалғанын терезеден түскен тан сәулесінен сөзді де, таң самалымен көңілі сергігендей екінші жағына аунап түсті. Енді біраздан соң көзі де жұмылып кетті.


...Алыстан бұлбұл үні келеді. Сәуленің тез келуін асыға күткендей дауысын мың толқынмен миллион құбылтып жібереді. Сол бұлбұлдардың бақшасында аққудай шалқып Сәуле келе жатыр. Жолында алуан түрлі әдемі гүлдер тұр. «Сәуле мені үзіп алса екен, омырауына мені ілсе екен» дегендей бәрі де құлпыра түседі, жайнай түседі. Сәуле олардың біріне көз салмастан қарсы алдында аспанмен тілдесіп тұрған зәулім бәйтерекке қарай жүріп келеді. «Жаңылмаса екен күйінен» деп бұлбұлдардың тамылжыған тәтті күйін құмарлана тыңдап келеді. «Жалықпаса екен тыңдаудан» деп бұлбұлдар да құмарта жырлайды.


Бәйтерекке Сәуленің жеткені де сол еді, кенеттен сұрапыл соғып бақшаны қара түнек басып кетті. Бұлбұлдардың үні өшіп, жайнап тұрған гүлдер семіп барады. Бұл не ғажап?


Сәуленің жүрегін суық қан басып кетті де көзіне жас келді. Жасқа толы көзіне қара түнектен түк көрінбейді. Тек асқақтаған күйінде бәйтерек тұр. Соны ғана құдірет тұтты. Соны ғана сүйеу көрді. Бірақ қолында қанды шелегі бар бір тажал гүлдерді таптай шыға келіп:


— Қан, қан! Шөлдеп барамын, қан керек маған қан! деп айғай салып еді, Сәуленің жаны түршігіп кетті. Түршіккені сондай аузына қаһарлы сөз түспей қалып:


— Ей, түрің неткен бұзық еді, лебізің неткен сасық еді. Сен қайдан келген тажалсың?! — деген сұрау берді.


— Мен «улы Германияның» кенже ұлымын. Сол аты аталған екеуі де мен! Мен жауыздықтың ең кенжесімін. Дүние жаралғалы жағаласып жеткізбей келген жауым бар, оның аты махаббат. Мына бәйтерек сол махаббаттың ұясы. Құлатпақпын осыны, жоймақпын жердің бетінен! Алыстан келдім, аңсап келдім. Қан, қан!


Сәуле оған:


— Ей, есалаң бұл бәйтеректің екі жүз миллион тамыры бар, сен оны қазып бітіргенше екі жүз миллион жыл өтеді, әуре болмай құри бер! — деп еді, ол долданып келіп маңдайымен бәйтеректі бір сүзді де, майысқан бір-екі бұтақтан ұстай алды. Қуанғаннан сықылықтап күліп те жіберді, ол күлген сайын Сәуленің жүрегі қан жылай түсті. Жаңа ғана аспанды құшқан үміттің қанаты да лезде қиылып қалды. Төменде жыландай ирелеңдеген жаңағы тажал өрмелеп келеді, өрмелеген сайын өшіге түсіп келеді.


— Кім бар құтқаратын кім бар? Құтқар, құтқар! — деп Сәуле зарлы көңілмен жасты көзін алысқа жіберіп еді, ай мен күннің аралығынан бір топ қыран шыға келді, соны көріп тажал да тоқтай қалды, Сәуле де қуанып кетті. Сайып қырандардың ішінен қолында найзағайдан найзасы бар біреу бөлініп Сәулеге қарай самғап келеді. Қолындағы найзағай онды-солды сермеп те келеді.


Ол Темір екен, Сәуле тани кетті де айтпаспын деп жүрген бір сөзді қуанғаннан айтып та жіберді. Сол сөзін бекіте түсейін дегендей «мұндай ерді сүймеген жүрек пе!» деді ішінен. Темірдің қолындағы найзағай бір рет жарқ еткенде жұдырықтай қап-қара түтін болып бара жатқан жаңағы тажалды көріп қалды. Қуанғаннан құшағын жайып:


— Темір, Темірім! — деп аса бір терең сырлы жалынды үнмен айғай салып еді, құлағына Темірдің көңілді күлкісі келді де оянып кетті.


Сәуле жаңағының бәрі түс екенін қандай тез сезсе, Темірдің ауызғы үйде үлкендермен сөйлесіп отырғанын да сондай тез сезді. Бірақ, түсінде көрген сүйіспеншілікті тез өзгерте алмай ішінен:


— Ұят ай, естіп қойды ма екен? — деді де атып тұрып, тез киіне бастады.


Шынында, Сәуленің дауысын Темір естіп қалған екен.


— Сәуле оянды ау деймін. Біз шахта жаққа қарай бара берсек қайтеді? — деген оның даусы шықты.


Ең ұйықтамайтын күні ұйықтап қалғанына кейіп, үлкен айнаның алдында шашын өріп тұрған Сәуле Темірдің даусын естісе де сөзін ұға алған жоқ еді. Шашын шала ере салып, ауыз үйге шыға бере Темір, Мирон, Қазыбектердің сыртқа шығатынын есікке қарай бет алғанын көріп тоқтай қалды. Ондағы ойы: мына түріммен көрінбеймін, кете берсін дегендік еді, ол дегені болмады, Темірдің көзі шалып қалды. Сірә, оның шын кеткісі келмеген болу керек, қанша ер болса да сылтау боларлық сөз таба алмай:


— Сәуле, сен кешке бізді сағат сегізге шақырған жоқ па едің? — деді күлімсірей қарап. Ал, ұялғаннан бетін қайда жасырарын білмей тұрған Сәуленің сөзі де соған сай шықты. Ол да амандасуды ұмытып, қолын ұсына бере:


— Сағат қазір қанша? — деді.


— Сағат тоғыз болмаса да, айтулы сегізден асты.


— Ғафу етіңіз, түнде кеш жатқан едім, қатты ұйықтап қалыппын. Қазір бірге шығайық, — деді де ауызғы үйге барып қолын жуына бастады.


Өз бөлмесінен Баян бәйбіше шықты.


— Күнім ау, мен сезіп жаттым, сен түнімен ұйықтаған жоқсың ғой. Ащы шай ішіп ұйқыңды ашып кетсеңші.


— Жоқ апатай, оған уақыт жоқ. Темір ағайды көрмейсіз бе, біздің қуанышымызға қуанып ұйқысын бөліп ерте келгенін?


— Сен айтпасаң да білемін. Айтар алғысымды да, тілер тілегімді де жаңа айттым өзіне.


Бұл кезде Сәуле жуынып болып, төргі есікке қайта барып қалған еді.


— Нендей тілек? — деп шешесіне қарай жалт бұрылды.


— Оны кейін естисің. Шайға қарамасаң сүт іш!


Сәуле ие дерін де білмей, жауап қатпастан Темір отырған бөлмеге кіріп кетті. Темір оның, суық сумен Қызыл шырайланған бетіне қызыға қарап аз тұрды да:


— Қатты ұйқының түсі тәтті болушы еді, қандай түс көргеніңді айтшы, нені көрсең де өзіме меңзеп жорып көрейін, — деді күліп.


Дәл осы кезде Темір Сәуленің көзіне түсіндегісіндей аса сүйікті болып көрінді де, жасыра алмады.


— Рас, бүгін бір жақсы түс көрдім. Жасырарым жоқ, түсімде сізді көрдім, сіз адал махаббаттың адамы екенсіз. Біреудің адал махаббатын арамдағыңыз келмейді екен. Кешке дәл осы үйде той болады, басқасын сол тойдың үстінде айтармын. Пәле, елдің жиналып жатқанын қара, менің түс айтып тұрғанымды қара, — деді терезеден сыртқа көз салып.


Сәуленің мұны не оймен айтып тұрғанын біле алмай Темір ойланып қалды.


Комбайнның кереметін көруге келген жұрттың машинасы шахты маңына сыймай кетіпті. Облыстың, комбинаттың, трестің басшыларымен бірге басқа шахтылардың басшылары мен атақты стахановшылар да келіпті. Әсіресе кеше келген Орловтың бүгін тағы келгенін көріп Сәуле әрі қуанды да, әрі Сайран мен Шекерді ойлап ренжіді. Ол екеуінің нендей күйде екені әлі белгісіз. Мүбәде Шекер жоғалған күйі жоғалып, Сайран ауырған күйі ауырып қалса, Сәуленің бұл келген жұрттың алдына дәл бүгін мақтанарлық мәні де жоқ. Басқалар комбайынды жүргізудің жөнін білгенмен Сайран мен Шекерге тең келетін бірі жоқ. Осыны ойлап ол кейісті түрге кірген еді. Оны басқаға жорып Темірдің де өңі бұзылып кетті.


— Сәуле, сенің күлгеніңді көретін күнім бар ма менің осы, жоқ па? — деп ол мұңлы қоңыр үнмен.


— Міне, күлдім, — деді де Сәуле оның адасып тұрған ойын тез танып, шын күліп жіберді. — «Майданда атқаным тимей қоймаса, елде айтқаным келмей қоймайды» дейтіндеріңіз бар ау батырлар, — деп тағы күлді.


Ол күлген сайын Темір көңілінің қөлеңкесіне де күн түсе бастағандай көлдей тасып Сәулеге жақындай беріп еді, ойламаған жерден Шекер кіріп келді де:


— Тәте, комбайн біздің учаскіде әзір тұр, комбайншы Қадиша мен мен. Біз қайтсек те Сайраннан асырамыз. Қайтсек те бір сағаттың ішіне жүз жиырма тонна кемір береміз, — деді.


Өзінің қылығына Сәуленің ашуланатынын сезіп осы сөздерді жолшыбай жаттап келген еді, Сәуленің жіби қоймағанын сезін, көңілі суып қайта жалт бұрылды. Бірақ енді қашып құтыла алмады. Сәуле ашуланарын да, қуанарын да білмей тесіле қаран аз тұрды да:


— Тоқта! — деді қатты зілденіп.


Шекер тоқтай қалды да, үлкен жазалы кісідей иығы салбырап төмен қарады.


— Қайдан келдің? Комбаинды қозғауға рұқсат еткен кім саған?


— Шахтадан келдім. Комбайнға рұқсат еткен Мирон атай.


— Кешеден бері қайда болдық?


— Шахтыңа болдым.


— Ауруханадан неге қашып кеттің?


— Босатпаса қашпағанда қайтемін.


— Өзім босатып аламын дегенім қайда?


— Сіз босатып алғанша комбайнды комсомолдар участкесі алып қоятын болды.


Сәуленің шиыршық атып тұрған ашуының арқауы енді тарқатылып кетті. Бірақ ішкі сырын сыртқа шығарған жоқ. Жаны күліп жанап келді де:


— Киімді қайдан алдың? — деді.


— Күндегі жұмысқа киетін киімдерім емес пе?


Сәуле сыртқы сұр пенжактың омырауын ашып жіберіп еді, аржағынан көк жібек көйлек көріне кетті.


— Мынау да мен білетін киімдер ме?


Шекер не дерін білмей Сәулеге бір рет көз тастап еді, ол күлімсіреп тұр екен! Соны көрген соң іші жылып сала берді де:


— Оны Сайраннан сұраңыз, — деп шыға жөнелді.


Сәуле мұнан енді бәрін де ұқты. Кешегі іңірдегі ақ шапанды әйел қуған қара киімді «ұрының» Сайран екенін де ұқты.


— Енді бұрынғыдан да қаттырақ күлуге болады, — деді Сәуле, Темірге күлімсірей қарап. — Жүріңіз қарындастарыңыздың жер астында танкіні қалай жүргізгенін көріңіз.


Темір бүгінгі митингіде Сөйлемек - ті. Сәуле оның сол үшін керек еткен мәліметтерін беріп, шахтаның майдан үшін еткен ерлік істерімен таныстырып отыр еді, жер астынан бір жайсыз хабар келді де, айтып отырған мақтандарының бірін жоқ етті. Сол үшін ол әңгімесін аяқтамастан үзіп, Темірден кешірім сұрады да, шыға жөнелді.


Ол келген кезде шахтаның батыс жақ қанаты үнсіз де қимылсыз еді. Күні түні тыным таппастан дуылдап, соғысы қызу жүріп жатқан майдан алаңындай көрінетін жалғыз лавасында комбайн сыналатын болғандықтан бұл қанатта бүгін жан жоқ, түні қоюлана түскендей түнерген қара үңгірдің әр жерінде мелшиіп тұрған бос эшелондар ғана кездеседі. Тек оның, да тырс еткен дыбысы жоқ,. Лaваға көтерілген кезде ғана алдыңғы жақтан әлде кімдердің дауыстары естілді. Оның ішінен Сәуленің ең алғаш танығаны Перизаттың дауысы. Ол:


— Мирон Павлович, сіз қанша көп жасасаңыз да, ой жеткеннің бәріне қолдың жете бермейтінін білмей келіпсіз. Мынау, сөз жоқ - соның айғағы. Осы үшін өзіңізді де, Сәулені де әуре - сарсаңға аз салған жоқсыз, енді мұны тоқтатқаныңыз жөн болар, — деп еді, оған ілесе:


— Перизат дұрыс айтады, так, — деп Мырқалдың таңдайы тақ етті.


Мирон Павловичтің жауабын естігісі келді ме қалай, Сәуле шамын сөндірді де өзін өзі жасырып тұра қалды.


— Иә, қызым, мен сені бір байқаған емеспін ау, — деу ғана болды Мирон қарттың жауабы.


— Сіздің мендей қызды байқайтын шағыңыз шаңның астында қалған болар, — деді Перизат сылқ-сылқ күліп.


— Қайдағы шаң?


— Шалдықтың шаңы.


— Шалдықтың шаңы қандай екенін айтар едім, бетім шыдайтын емес.


— Айтарыңыз шындық болса, бетіңіз неге шыдамайды?


— Бетімнің терісі нәзік, сондықтан шыдамайды. Оның нәзіктігі сонша, бұрын мұны қолдап келген секілді едің бүгін неге құбыла қалдың? деген сөзді саған айтуға да шыдамай тұр.


— Ғафу етіңіз, Мырзекең екеуміз бұған еш уақытта сенген емеспіз.


— Так Перизат дұрыс айтады, біздер бұған ешуақытта, никогда сенген емеспіз.


— Солай ма? — деді Мирон Павлович салмақпен. Онда ғафу етіңіздер, мен бұл күнге дейін сіздерден көргенім жылтыраған беттің терісі ғана екенін білмей келіппін, кешіріңіздер.


— Ондай екі жүзді пендеңіз мен емеспін, тезінен қайтып алыңыз, алжасқан ақылсыз сөзіңізді.


— Ешуақытта, — деді Мирон Павлович, Мырқалдың жаңағы бір сөзді айтқан даусына салып. — Никогда.


Даусының мазақ болғанына қорланғандай Мырқалдың қаны қайнап кетті.


— Мен жұмысшы болмасам да жұмысшы табымен бірге өсіп, біте қайнаған адаммын, так. Партия бастап, жұмысшылар қостаған жұмыстан өз өзімді ешуақытта аулақ ұстап көрген емеспін, так. Сондықтан да мен сіздердің бұл істеріңізге барынша көмектесіп келдім, ол үшін мені екі жүзді деуге хақыңыз жоқ, так.


Осы кезде оның ту сыртынан Сәуленің даусы саңқ етті.


— Бекер, Мырзеке, бекер айтасыз. Сіз көмектесуші емес, көмуші болғансыз.


— Ай, қарағым Сәуле ай, — деп Мырқал қамыға қалды, — мен емес, мұны енді өздерің көметін болдыңдар ау.


— Айтқаныңыз айға жетсе де, бұл айтқаныңыз ешуақытта кешілмейді, босқа мәз болмаңыз, — деді де Сәуле комбайнға сүйеніп ауыр ойда тұрған Мирон Павловичқа жақындады. — Қане, айтыңызшы, не болды?


— Не болғанын өзім де біле алмай тұрмын.


— Жанымыз бар, есіміз жоқ, мең - зеңбіз, — деп Перизат мұңдассынып еді, Сәуле ойлана қалып көзін суық тастады.


— Перизат, сен осы минуттен бастап демалыстасың, мұны өзіміз де бірдеңе етерміз, сен алаңсыз қайта бер. Мырқал аға, сіз де боссыз... Айтпақшы, стакаттағы көмір тау болып кетіпті, оны неге жөнелтпегенсіздер.


— Тоғыз айдың жоспарын сегіз айға жеткізбестен орындасақ көміріміз тау болмағанда қайтеді?


— Таси берсе тау да таусылмай ма?


— Өзімізде барға сыймаса, қосымша берілмек болған эшелондар келмей жатса, бүгінгі төбешіктеріміз ертең тауға айналатын, сонда қайтеміз?


— Сол сұрауды трест басшыларына беріңіз. Төменге түсіңіз де, телефон соғып себебін біліңіз. Егер берілмек болған қосымша эшелон бүгіннен қалса стакаттағы көмірдің жанып кететін қаупі барын ескертіңіз... А, кішкене кідіріңізші, — деді де Сәуле Мырқалға жақындап келіп ақырын күңк етті. — Манағы айтылғандар әзір ме?


— Жоқ,


— Неге?


— Сол жайында, қақ орынбасарың ретінде өзіңмен бір ақылдасайын деп едім.


— Айтыңыз.


Мырқал аузын Сәуленің құлағына жақындата түсті.


— Мирон Павловичқа сыйлық әзірлеместен бұрын комбайнды жүргізіп алсақ сыйлықты сонан кейін ойлассақ қайтеді?


— Ақылдаспақ болғандағы айтарыңыз осы болса барыңыз, бұйрықты орындаңыз, — деп Сәуле иекті бір қақты да, комбайнға қарай жүріп кетті.


— Так, так, — деді Мырқал ыңқ етіп. — Кеттік, Перизат.


Оның соңынан жөнелген Перизат Сәулеге тісін қайрап барады. «Асқақтай тұр сен қыз. Бүгін комбайныңның көмейіне тығылған қара шегені ертең қанды қазық етіп жолына қағармын» деп ішінен қастығын да сайлап барады.


Бұлардың бір де біріне риза болмай, өзді-өзі күбірлесіп Сайран мен Шекер отыр.


— Екі ортада біз сорламасақ игі едік, — деді Сайран күрсіне сөйлеп. Оның мұны не оймен айтып отырғанын сезе тұра қағысқысы келіп:


— Неге? — деді Шекер.


— Егер комбайн бүгін жүрмей қалса қайттік?


— Нені қайтетіні бар?


— Тойды осының бітуіне белгілеген жоқ па едік. Бұл бүгін жүрмесе қашан жасаймыз?


— Бүгін жүрмесе ертең жүрер, біз асығатын не бар?


— Сен қыздың есің дұрыс па, ей? Егерде де бұл Ертең түгілі келесі жылға дейін жүрмесе ше?


— Өзіңнің есің дұрыс па, неге жүрмейді.


— Мыналардың әбігерленуіне қарағанда, бас инженердің айтқаны келе ме деп қорқамын. Ол әрі білімді, әрі тәжірибелі адам. Ал, мына екеуінің бірінің білімі, енді бірінің тәжірибесі төмен.


— Сәуегейім ау, не сандырақтап отырсың, кеше ғана емес пе еді, сенің онымен бір сағаттың ішінде тоғыз тонна көмір бергенің.


— Онда мен тоғыз тонна көмірді тек құлатқанмын, тиеуші тетігі бүгін ғана жалғанды, мүмкін көмірді тией білмейтін комбайн болар.


— Солай ма еді? Сен мені кеше солай алдап па едің?


— Солай еді. Солай алдағаным үшін бетіңді бір берші, — деп үздіге ұмтылып еді, Шекер оны жақтан тартып жібергелі қолын көтерді де, келе жатқан Тайманды көріп тоқтай қалды.


— Немене, комбайн әлі жүрген жоқ па, балалар? — деді ол бұларға жетер жетпестен.


— Әзір жүретін емес.


— Неге?


— Оны ана кісілерден сұраңыз.


— Жүргізетін сендер неге білмейсіңдер?


— Біз жүргізетін комбайн әлі жасалмаған секілді.


— Не дейді? — деп Тайман шошып кетті.


Осы кезде комбайн жақтан Сәуленің дауысы шықты:


— Сайран, Шекер, бері келіңдерші, шақырылмастан келген мынау кім?


— Мен ғой, балам.


Сәуле ұмтылып келіп оны бір қолымен құшақтай алды:


— Кешіріңіз жан ата, сіз екеніңізді қараңғыда байқамадым.


— Ол оқа емес ау, балам, мен бір жайсыз хабар естіп келдім.


Сәуленің шошына қараған көзі қара түнді де тесіп жібергендей жарқ етті.


— Жайсыз хабар? Қайдан? Майданнан ба? — деген үрейлі даусы Тайманмен бірге қара түнді де селк еткізді. Әрине шахтаның түні міз баққан жоқ, бірақ әйтеуір Тайманның жүрегіне солай сезілді.


— Шошыма, балам, менің айтып отырғаным мына комбайнның хабары, мұның жүрмей қалу қаупі бары рас па?


— Дәл бүгінгі күннен күткеніміз болмауы мүмкін.


— Неге? Не үшін?


— Неге екені әзір белгісіз.


Тайман бар салмағымен сылқ етті. Мұндай жұмысқа қол ұшын беруге жаны құмар оның бұл сапар қозғалуға да шамасы келетін емес, көзі өзінен ұзап комбайнды айналып бара жатқан Сәуленің ойы астан-кестен. Ештеңені сезер емес. Сайран мен Шекер, Мирон Павлович үшеуі әлденені ауыр көтеріп «әуп» десіп жатыр, оны еститін де емес, өз ойымен алысып отыр.


— Апыр - ау, жаңағы сөз Сәуленің аузынан шығатын сөз емес еді ғой, бұл қалай? Шынымен ақ, оның үмітке алданып, екі жылғы еңбегінің зая кеткені ме? Жоқ, менің Сәулетайым алданбайды. Ол, — бұл заманның пайғамбары, сондықтан ол менің Нұрланымның аман келетінін біліп жүр. Егер оның аман келетінін білмесе мені көрген сайын «ататайым» дер ме еді?


Оның. бұл ойын жүгіре басып келген Бөлекбас бөліп жіберді.


— Ақсақал ау, сіз демалыста емес пе едіңіз, мұнда не ғып жүрсіз?


— Мына комбайнның жүргенін көрейін деп келіп едім, бар болғырдың сілейіп тұрғаны.


— Не дейсіз? — деп Бөлекбас. өзінен өзі үрейленіп ұшып тұрып еді, Тайман ұстай алды.


— Тоқта, аузыңа сөз тұрмаушы еді, бекер айттым ау саған. Дабыра қылмай қоя тұр.


— Ой, ақсақал ай, әлі бала екенсіз ғой. Мен айтпайтын сөзді айтпауға келгенде алдыма жан салмаймын.


— О, онда адам екенсің. Ал, өзін осынша ентігіп қайдан келдің?


— Әлгі батырымыздың бір сұрауларына жауап беремін деп кешігіп қалғаным.


— Батыры кім?


— Темір ше?


— Е, мұндағы елдің өзі батырлық жасап жатқанда, сен соның малайы болып жүр ме едің?


— Осы сіз-ақ жанжал іздей береді екенсіз. Жалғыз мен бе екенмін, жұрттың бәрі, тіпті сіздің Абзалыңыз да соның алдында бәйек болып жүр.


— Немене, оның өзі бір жола келіп пе?


— Жоқ, түнеугі бір хабардан оның жаудың жеті құзғындарымен жалғыз айқасып соның төртеуін құлатқанын оқыған едік қой. Сол соғыста өзі де аздап жараланған екен, қазір жарасы жазылыпты, кешікпей қайтатын көрінеді.


Бөлекбас соны айта сала комбайн тұрған жаққа қарай кете беріп еді, төменгі жақтан Мырқалдың даусы шықты:


— Әй, Бөлекбас, әй, бері келші. Ойбай ау Русак екеуің алтын уақытты кетіріп қайда жүрсіңдер?


— Мен осында жүрмін, Русактың қайда жүргенін өзінен сұраңыз.


— Өзің бұрынғыдай емес құтырып барасың ғой, ей?


— Бұрын қандай болсам, әлі де сондаймын, айтарыңызды айтыңыз.


— Жоқ, «бұрын қандай болсам әлі де сондаймын» дегенін өтірік. Мен бастық кезде сен маймаң қағушы едің қазір тайраңдайтын болып барасың. Өзіне Сәуле ештеңе деді ме?


— Жоқ.


— Ендеше тыңдай бер, — деді де Мырқал қалтасынан бір жапырақ күйеленген қағазды суырып алды. — Біріншіден, қазір митингі болады, соған барлық жұмысшыларды жинауымыз керек, бұл қақ шахткомның бір мүшесі сенің міндетің, так. Екіншіден, Мирон қартқа берілетін сыйлықты әзірлеуіміз керек, ол менің міндетім, так. Үшіншіден Сайран мен Шекерге берілетін екі бөлмелі үйді бүгін кешке дейін әзірлеуіміз керек, ол менің міндетім екен, так.


Бөлекбас оның құлағына сыбырлап:


— Сіз үй іздеп те, сыйлық әзірлеп те әуре болмаңыз, — деп еді.


— Неге? — деп Мырқал елеңдей қалды.


— Алдымен комбайн іс болып шықсын, көмірді бере бастасын, сонан соң бәрін де әзірлейсіз.


— Онда сенің жұмысын болмасын так. Комбайн мәңгі жүрмей қалса да мейлі, жауап беретін біз емес, так. Біздің міндет өзімізге берілген бұйрықты орындау. Сен жауапты қызметте болып көрмегендіктен тактиканы білмейсің, так. Саған жұртты хабарла деді ме, хабарлауың керек. Маған үй ізде деді ме, іздеуім керек; сыйлық әзірле деді ме, әзірлеуім керек, так. Өзіңе берілген бұйрықты бұлжытпай кезінде орындап қойсаң, ешкімнен қысылмай кен жүресің. Соғыс уақыты осындай тәртіпті болуды талап етеді. Бар, сөзді қой да Сәуленің бұйрығын орында.


Бөлекбас бөлініп кете беріп еді, қараңғы жерде отырған Тайман үн қатты.


— Сайран мен Шекерге неғып үй беретін болдыңдар?


— Ата-бабасы атын да естімеген техниканы меңгеріп, бұрын бір айда беретін көмірді енді бір сағатта беретін болса, үйді неге бермейік.


— Шіркін өмір ай. Бір кезде сен ғой осы комбайнды жасалмастан жайрата жаздадың, ә?


— Сіз де қай қайдағыны ұмытпайды екенсіз, — деді де Мырқал аузын әкесінің құлағына жақындатты, сабыр етіңіз, әке, осы комбайнды солардың өздері жайратады.


— Жағың қарыссын, бар. Тағы да сөгіс аларсың, не осы орынбасарлықтың өзіне зар болып қаларсың, бар Сәуленің бұйрығын орында.


— Сіз ақ мені табалап өлтіретін болдыңыз ау, — деді де Мырқал өз бетімен кетті. Тайман ауыр ойда қалып қойды.


Осы кезде өзі шаршаса да шаттығы шалқып.


— Таймансың ба? Амансың ба? Сен де келіп қалғансың ба? Сәулетайымның табысына әкесі менен кем қуанбайсың, сенің қуанғаныңды көрген сайын мен бір жасаймын, — деп даурыға сөйлеп Қазыбек те келіп жеткен1 еді, Тайман оны суық қарсы алды.


— Өзің манадан бері келмей қайда қаңғырып жүрдің? — деп зірк етті.


— Үйге Темір келіп қалып, оның үстіне бүгін бір шағын той жасамақшы едім, кемпіріме соның жабдығын айтамын деп бөгеліп қалғаным, сағат бесте біздің үйге кел.


«Темір», «той» деген сияқты сөздер Тайманның жүрегіне тікендей тиді, сондықтан ол Қазыбекке бұрынғыдан да қаттырақ ызғар шашты.


— Нұрланымның бір ауыз хабарына зар болып менің қан жұтып жүргенім мынау, сен той жасап масайрамақсың, ә? — Досының бұл сөзі Қазыбектің жанына батып кетті, бірақ айтар сөзін тауып үлгірді.


— Сабыр, Тәйпегім, сабыр. Әлі де болса қос қанатың бар, тәубе қыл. Жалғыз ұлымнан айрылып мен де жүрмін ғой? «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қияғы бүтін сұңқар жоқ» деген емес пе? Сабыр ойла.


— Сен білмейсің, Қазыбек, білмейсің. Мен тек Нұрланымнан ғана айрылғаным жоқ. Сондықтан сенің бүгінгі тойыңа бара алмаспын.


Шынында, оның жанын қинап отырған сырды Қазыбектің білмейтіні рас еді.


— Тәйпегім - ау, мен ол тойды мына комбайнымыз үшін жасасам ол сенің де жасаған тойың емес пе?


— Сен тойды комбайн үшін ғана жасайсың ба? — деп Тайман кенет жадырай қалды.


— Оның олқы көрінетін несі бар? Бұл дүниеге жаңа келген перзент секілді емес пе? Әр перзенттің өз шілдеханасы бар емес пе?


— Ей, — деп Тайман мүлдем жадырап кетті, — сен өзің қартайған сайын ақылды болып барасың, маладес, — деп Қазыбектің арқасынан қатты қағып та жіберді. Неліктен булай жадырай қалғанын Қазыбек сезген жоқ, Тайманның өзінен сұрамақшы еді, Сәуленің даусы бөліп жіберді.


— Көке, мына келе жатқандарды кері қайырыңыз да Абзал ағайға телефон соғыңызшы, өзімізден хабар болмай келмесін.


Төменде лаваны өрлеп келе жатқан бір топ адамның ішінен Абзалдың:


— Неге? — деген даусы шықты. Жауапқа іркілген жоқ.


— Мынаның жер қылған жерін ай, — деп Сәуле комбайнды бір теуіп жіберді.


Қазыбек қызының бұл сөзіне түсіне алмай тіксіне қарап орнынан тұра бастап еді, оған сүйене Тайман да түре келді. Бірақ екеуінің де назары Сәуледен тез тайды. Сүлдерін сүйретіп тәлтіректеп келе жатқан Мирон Павловичқа тұра ұмтылды. Көзілдірігі бір жақ құлағына ілініп салбырап кетіпті, өзі де сол сынған көзілдірікке ұқсап ілініп қана келеді.


Қазыбек пен Тайман оның қаусаған үмітіне қанат болғысы келгендей екеуі екі жағынан демей қойды.


— Жоқ мүмкін емес, мүмкін емес, — деді бар даусымен айғайлап. — Айтсаңдаршы, бұл не?


Ол осы сұрауды өзіне бергісі келгендей өзіне өзі күбірлеп отыр еді, Абзал оның қасына келіп жүресінен отыра кетті.


— Әрбір жаңа істің ашылмаған жаңа жасырын сырлары бола береді, Мирон Павлович әлі де ойланыңыздар!...


Мирон Павловичтің кезбеген ойы қалған жоқ, бірақ қанша кезсе де бұл қырсықтың себебін таба алар емес, сондықтан оның айтары болмай өзінен-өзі тұншығып отыр. Абзал соны сөзді де Сәулеге қарады:


— Тіпті қозғалар емес пе?


— Қозғалар емес.


— Жоқ, бір рет қозғалды, — деді Сайран имене сөйлеп, бір қозғалды да шар етті, шар етті де кенет тоқтады, сонан қайтып міз баққан жоқ.


— Шар етті, дейсің бе? — деді Сәуле оның бетіне үңіле қарап.


— Иә, солай деймін.


Сәуле Мирон Павловичқа қарады.


— Онда моторында шайнасқан бірдеңе болды той... Жоқ ол мүмкін емес екен.


— Неге мүмкін емес? — деді Абзал екеуіне кезек қарап.


— Моторын аша білетін біреу қастық ниетпен әдейі салмаса, онымен шайналатын нәрсенің өздігінен түсуі мүмкін емес.


— Дегенмен шарылдап барып кенет тоқтауы күдікті екен, моторын ашып қараңызшы.


Сәуле Абзалдың бұл сөзіне берілер жауапты сонан күткендей Мирон Павловичқа қарап еді, ол ойлана түрегелді.


— Қастандықтың өрті бүкіл Отанымызды шарпып жатқанда оны өз ішімізден іздеудің өзі, әрине, масқара. Масқара болса да амал жоқ, жүр, қызым.


Олар комбайнның арғы басына қарай кетті де, келген қонақтар тар лаваның қабырғасына сүйене тізбектелген күйі сол орындарында тұрып қалды. Олардың ішіндегі ең бойшаңы Темір еді. Екі бүктеліп тұра беруге басқалардан бұрын соның белі шыдамаған секілді. Ол бір тізесін бүгіп отыра бере үн қатты.


— Абзал аға, міне әңгімеге уақыт табылды. Менің күткенім өзімнің жол жөнекей берген сұрауымның жауабы.


Абзал оның жол жөнекей берген сұрауын есіне түсіріп алды да сөйлей жөнелді.


Соғыс алғаш басталған кезде бұл шахтаның тәулігінде көретін. көмірі бір жарым мың тонна еді, қазір тәулігінде үш мың тонна көмір береді. Есепке салып қарасақ үш мың тонна көмір, бір жарым мың тонна болат, шойын деген сөз яғни сегіз танк, не болмаса мың екі жүз зеңбірек яки төрт мың миномет яки алты мың автомат деген сөз. Ал осынша мол құралды жасауға жететін көмірді сіздердің, — деп Абзал әкесімен Қазыбекке наряды, — комбайндарыңыз бір жетінін ішінде беретін болады екен. Сондықтан бұл тек Мирон Павлович пен Сәуленің ғана емес, бүкіл Отанымыздың мақтаны.


Осы кезде қолында бір жуан шегесі бар Сәуле жетіп келді.


— Абзал аға, мына сұмдықты қараңыз, моторын аша білетін біреу комбайнның көмейіне мынаны тығып жіберіпті.


— Бекер болар, — деді Абзал шегені қолына алып.


— Оны қазір көреміз, — деді де Мирон Павлович бар шаттығымен айғай салды. — Сайран! Беріңдер төкті!


— Сал, Сайраным, қимылды, — деп Қазыбек те үн қосып еді.


— О жасаған бере көр, берер болсаң жаздай бер, жаздай берсең жазбай бер. Күздей бер, күздей берсең үзбей бер. Қыстай бер, қыстай берсең қыспай бер, — деп Тайман шұбырта жөнелді.


Осы кезде комбайн өзінің айдынды алып үніне басып қара алтынның, қайсар қабырғасын қаусата жөнеліп еді, жұрт көз салғанша болған жоқ, желектей желпілдеп тұрған темір науа арнасы тасқындаған дарияға ұқсап кетті. Көңілдері сол дариядай тасқындаған жұрт ұран салып, бірін-бірі құшақтай бастаған кезде Темір бір тілегін айтып салды.


— Тым болмаса бетіңнің күйесінен бір сүйейінші.


Облыстық театрдың кең залы бүгін тым сәулеттеніп кетіпті. Кең залды кернеген халық бүгін кемтігі толып, кемеліне келгендей шаттығы күндей шалқып отыр. Сол топтың самсаған сансыз көздері президиумдегілердің оң жағын ала тұрған Темір мен Сәуледе. Залдағылар сол екеуіне сүйсіне қарайды, мақтаныш сезіммен қарайды. Қайсыбір сұғанақ көздер әр тұрғыдан құмарлана қарайды. Ішінен:


— Менің Перизатым осы Сәуледей неге болмады екен? — деп Бөлекбас отыр.


— Менің Бөлекбасым осы Темірдей неге болмады екен? — деп Перизаттың жүрегі де ойран-асыр.


Жалғыз сол екеуі ғана емес, Темір мен Сәуледей болуды әркім ақ арман етіп отыр.


— Ұл өсірсең Темірдей, қыз өсірсең Сәуледей. болсын, — деп ақсақалды аталар да, ақ шашты аналар отыр.


— Дүниеде біріне-бірі тең қосылған осы екеуі ақ болар, — десіп ұзын құлаққа ергіш кейбір елпекбайлар да отыр.


Екеуін жұртқа қызғылықты көрсете түсейін дегендей алтын нұрын екеуінің бетіне кезек сеуіп қақ орталарында қызыл ту тұр. Ол шын достықтың биік шыңына мегзеп тұрғандай кейде жоғары серпіліп құлпыра түседі.


Ту әлі Темірдің қолында. Орлов оған сөз берген кезде залдағы жұрт оны қошеметтеп қарсы алды.


Жоғарыда екі қарлығаш шарқ ұра жарысып, зымырап жүр. Ол екеуі де қызыл тудың саясында тұрған батыр жігіт пен сұлу қызды көруге құмар ма, жоқ әлде алыстан әкелген қуанышты хабары бар ма, тағат таппай шарқ ұруда. Оларды жұрт байқар емес, тек кейде Сәуленің, кейде сөйлеп тұрған Темірдің ғана көзі түсіп кетеді.


Темірдің сөзі ата-бабалардың арманынан басталған еді, оны жұрттың күлкісімен бір түйіп тастады. Отаны үшін майданда қандай шарықтаса, бүгін Сәуле үшін сондай шарықтап тұр. Үні де бөлек сөзі де кесек.


— Сәуле сияқты ақ тұйғындай ғана қыздары ту ұстаран мұндай батыр заманға бабаларымыздың қиялы да жеткен жоқ. Өткендегі бабаларымыздың ғана емес, бүгінгі әкелердің қиялы жетті ме екен? Атап айтқанда Сәулесінің осындай болатынына Қазекеңнің қиялы жетті ме екен? Лоқ. Мен оны өзімнен білемін, өйткені өзіме арманшыл көрінетін қиялым дәл бұған жеткен емес. Сондықтан әйел жолдастар сіздерге, әсіресе Сәуленің армиясы бола білген жұмысшы әйелдер сіздерге бас иемін.


Залдың іші дуылдап кетті. Қайсы бір тұстан «жасасын біздің әйелдер» деген дауыстар да ду көтерілді. Сол дауыл лапылдап барып басылған кезде Сәуле маңдай шашын кері қайырған болып, мінбеде тұрған Темірге көзін бір тастады да:


— Арманның асылын адамының асылына айтқызу керек екен ау, — деді ішінен. Темір сөзін «арман» деумен бастаған еді, «арман» деумен аяқтауға айналды. Өзінің кешегі асыл армандарының қайсы бірінің бұл күнде күлкі көрінетінін айтып жұртты ду күлдірді де:


— Туды қабылдаушы командир жолдас, менің қасыма келіңіз... Жау ажалын тездетіп жеңіс күнімізді жақындатуға септігін тигізетін еңбегіңіз үшін айтар майданшылардың алғысын қабыл алыңыз да, сіз де келіңіз, Мирон Павлович.


Сәуле мен Мирон Павлович президиумда қатар тұр еді, қатар түрегелді. Екеуі қатар жүріп келіп, туды аспандата көтеріп таңдаған Темірдің алдына тұра қалды. Темір тудың сабынан Мирон Павловичқа да ұстатты да, екеуі оны Сәулеге ұсынды.


— Туың өзіңнің, өзін еліңнің мақтаны болғайсың!


Сәуле тәжім етіп туды бір сүйді де, шаттығы шалқи түрегелді.


— Жолдастар!


Жұрт тына қалып, самсаған сансыз көздер мінбеде сөйлеп тұрған Сәулеге қадалған еді, сол сүйсіне қадалған көздердің жанары жанына жалын қосқандай ол тым сұлуланып кетті.


Қобалжып отырған тек Қазыбек қана.


«Менің балам қайтер екен? Тым болмаса жұрттың қолын бір соқтыра алса жарар еді ау. Әй, қайдам үлкен әкесі Жарас өмірінде он кісінің басы қосылған топты көрген жоқ. Мен болсам мұндай топтың алдында бес ауыз сөздің басын қосқан емеспін, қайтейін, балапаным, өзіңді өзіңе тапсырғаннан басқа амалым жоқ қой менің. Тайман сияқтылардың атын атаймын деп сөзіңнен жаңылып қалма», — деді ішінен.


Ол соны ойлап үлгіргенше болған жоқ, Сәуленің саңқылдаған даусын залдағылардың жалындай лап етіп ду соғылған қолдарының дүрілі басып кетті. Әр тұстан әркімдердің қошеметтеген айғайы да шығып жатыр.


«Қап, сөйлетпей хойды ау мыналар, жаңылып қалар ма екен?» — деді Қазыбек іштей қынжылып. Ол жаңа ғана қызына осындай қошемет тілеп отыр еді, енді оны ұмытып кетті. Бірақ оның Сәулесі жаңылар емес, қайта жалын атып жандана түсті.


«Қап бүгінгі тойдың тапшы болып қалғанын ай, ә! Өмірінде екі шілдеханадан басқа той жасап көрмеген басым екі тойды қабаттастырып нем бар еді. Оның не той екенін өзімнің кемпіріме де ашық айтқаным жоқ, осым азырақ даңғойлықтау болды ау, ә?»


Ол осындай ойда отырып салтанатты жиналыстың қалай аяқталғанын да аңғарған жоқ. Бірақ, мәжіліс залынан шаттанып шықты. Сол шаттығын көшеге де сыйғыза алмаған күйі үйіне де жетті. Ауланың ішін жайнатып жіберген той жабдығын көргеннен кейін шаттығы онан сайын шалқи түсті. Бірақ бір бүйірінде бүктетіліп жаңағы өкініші де жатыр.


Ал оның шақырған тойшылары бұл тойды әр саққа жүгіртті. Біреулер бұл тойды қызынын ту алып, досының жаһанда жоқ жаңа техниканы жасағаны үшін десе, енді біреулер Сәуле мен Темірдің қол ұстатар тойы десті.


Сәуленің кешегі бір емеуірінен үміттеніп Сайран өзінің құрбы құрдастарын да шақырған еді, сондықтан бұл тойды Сайран мен Шекердің қол.ұстатар тойы десіп жүргендер де жоқ емес. Сайранның өзі де сол үмітте болатын, бірақ оның бұл үміті еңкейген күнмен бірге еңкейе бастады.


Жаңағы бір кезде Шекер магазинге барған еді, сол сапарында ол Мырқал әйелімен екеуі Сәулеге лайық сыйлықтар алып жүргенін көріпті, көріп қана қоймапты, Мырқалдың біреулерге сол алған сыйлығын көрсетіп мақтанғанын да естіпті. Шекер соны айта келіп еді, Сайран басқа ұрған балықтай мең-зең болып сілейіп қалды.


— Ым... Сен екеуміз қашпаған қашардың уызына мас болып, тұлыпқа мөңіреп жүр екенбіз ғой. Елге мазақ болдық ау, енді қайттік? Сен ешкімді шақырған ба едің?


— Жоқ.


— Онда менен сен ақылды екенсің.


— Әрине, — деп Шекер оны бір қағытты да, қапаланба, — деді қасына отыра бере басынан сипап. — Сәуле тәтем стахановшылар үйінен екі бөлмелі үй беретін болды. Шақырған достарыңа«ертең үй алған соң екі тойды бір ақ жасайтын болдым» дерсің. Жүр мына орындықтарды аулаға жеткізейік.


— Немене, мен осы үйдің малайы ма едім, бармаймын, — деп Сайран теріс айналып еді, Шекер оны өзіне бұрып алды.


— Бұл үйдің малайы болмасаң да, менің малайымсың сөзді қой да жүр.


Бұлардың сөзін Қазыбек пен Баян бәйбіше бөліп жіберді.


— Өзің қартайсаң да жасырын сырларың қартаймайды екен. Ал, құлағым сенде, айта бер, — деп Қазыбек қабырғада тұрған домбырасын ұстай алды. Оны көріп Баян бәйбіше де, Шекер де қуанып кетті. Өзінің не істеп тұрғанын Қазыбек білмеген екен, Шекер Баян бәйбішеге көрдің бе дегендей:


— Aпa! — деп қалып еді, Қазыбек шошынғандай селк етті де, домбырадан қолын тартып алды.


Бұрнағы жылы Дулат жайында суық хабар келген күні Қазыбек бұл домбыраның бір шегін үзіп: «Дулатымның үнімен бірге естілер сенің үнің, онан бері менімен бірге сен де тұншығарсың» деп іштей ант етіп осы қабырғаға өз қолымен қыстырған еді. Сонан бері бұл домбыра қолға алынған емес-ті. Анда-санда жел қағып жалғыз ішегін ызыңдатқаны болмаса, үнсіз - күйсіз тұратын. Әкесінің күйін тірлігінде аңсаудың ауыр екенін айтып, Сәуле де талай жалынған-ды, соның бірде біріне қайыспаған қарттың аңсары бүгін ауып жүр. Оның себебін өзі де білмейді, енді соза қалса қолы домбыраның ішегіне жабысып қалатындай екі қолын артына .ұстап кейін шегіне беріп сыртқа қарап еді, көзі аулаға кіріп келе жатқан қонақтарға түсті де, ауыр ойдан тез серпілді.


— Балалар, қонақтарды қарсы алыңдар. Сәуле қайда?


Қонақтар лег - легімен келе жатыр. Алдыңғы топты бастап келе жатқан Мирон Павлович пен Тайман, соларды күлкіге қарық қылып Күлсін әжей келеді. Кейінгі топтың ішінде Русак пен Мырқал да келе жатыр. Олардың ізін баса бір қолымен Күлтайды, екінші қолымен Дәменді қолтықтап дала ауыз Кәкима да келеді. Солардың желкесінен бір иіскегісі келгендей мұрнын анда-санда бір шүйіріп Олжай да келеді. Қысқасы бүгінгі тойға білетіндерден келмеген тек Бөлекбас пен Перизат қана.


Келгендердің бәрі құтты болсынды Сәулеге айтып, ауланың ішіне қарай өтіп жатыр. Олардың әкелген сыйлықтарын қабылдап, өздеріне жөн сілтеп тұрған Сайран мен Шекерге құтты болсын айтқан біреуі жоқ, тіпті Күлтай мен Дәмен де бұларды елейтін емес, басқаларды өткізіп жіберіп өздері кейін қалды да, жеке қалған Сәулеге айтар құпия сөздерін айтып салды.


— Тойың құтты болсын, бірақ қасіретті күндердің көбі кетіп, азы қалғанда сабырсыздық еткенің қалай? — деп Дәмен сөз бастап еді:


— Бүгін Донбасс жаудан түгел азат етіліпті, Нұрланның анық хабары енді келетін еді ғой, — деп Күлтай оны қостай кетті.


— Сендер түс көріп тұрсыңдар ма? — деді Сәуле екеуіне күле қарап. - Жоқ әлде мені танымай басқа біреумен шатастырып тұрсыңдар ма?


— Бұл той Темір екеуіңнің тойларың болса сені танымай тұрғанымыз рас.


— Онда айтып тұрғандарың ертегі екен, төрлетіңдер.


Бұлар ішке беттеп еді, қарсы алдарынан Мырқал шыға келді.


— Так, так бастық жолдас, Сәуле қарындас, так. Тойынды біреу емес екеу екенін осында келген соң естідім, ол рас па?


— Рас.


— Онда екеуі де құтты болсын. Орлов жолдастың саған айтар, бәрімізге ортақ бір қуанышы бар секілді, сонымен тойын тойға уласа берсін, телефонға бар.


Сәуле асығыс жөнеліп еді, басқалар да оның соңынан жөнелді.


— Естідің де, бізге құтты болсын айтқан біреуі жоқ, — деді Сайран, — соған қарағанда бұл тойдан бізге үміт жоқ.


— Басым қатып кетті, ертеңге дейін сабыр етші, — деп Шекер басын ұстап қайта отыра бастап еді, Сайран ыршып түсті.


— Ой, ертеңің бар болсын сенің. Сенің ақ Ертеңін таусылмайды екен осы.


Шекер оның жыламсыраған түріне қарап, мырс етті де:


— Сөзді қой да жүр, — деді қолтығынан демеп.


— Қайда?


— Шақырылмай келетін қаңғыбас қу аяқтар келе қалса орын жетпеуі мүмкін, Мирон атайдың үйінен он шақты орындық әкелейік.


— Сен бикеш менің қытығыма тие берме, білдің бе? Мен бұрынғы Сайран емеспін, ерегістірсең тойды бүгін қалай да жасаймын. Бүгінгі табысымның өзі бір тойға жетеді.


— Ондай кедей тойға көнетін кім? Шекер ме? Жоқ. Келетін кім? Біз бе? Жоқ! — деген Абзалдың даусы шығып еді, Шекер үйге қарай ата жөнелді. Сайран енді ғана аңғарды. Абзал мен Темір ауланың сыртында желке тұсына келіп қалған екен. Көре сала олар аулаға кіріп, үйдің есігіне жеткенше Шекер Қазыбек пен Баянды қолтықтап қайта шықты.


Темір басқыштан теңселе түсіп келе жатқан Баянның алдына келіп тұра қалды да:


— Армысыз шеше, — деді басын иіп.


— Шешеңмен бірге бесігіңді талай тербетіп, маңдайыңды талай сүйген едім, әкелші солай маңдайыңды.


Темір оған маңдайынан сүйгізді де, өзі оның екі бетінен кезек сүйіп, жасқа булығып қалды.


— Қазеке, той тойға ұлассын дегеннен басқа сөз таба алатын емеспін, — деп Абзал қолын ұсынып еді, Қазыбек оның қолын алмастан өзін құшақтай алды.


— Сендердің ауыздарын дуалы ғой, сол айтқандарың да жетіп жатыр, кел мыналардан қалыспайық, — деді бетінен сүйіп.


Сәуле үйден осы кезде шыға келген еді.


— Ал мені кім сүйеді? — деді ол ойнақы мінез көрсетіп.


— Неткен сүйкімді сөз, сүйкімді бола тұра неткен зілді, сонда да сені сүйетін мен бармын дейінші, — деп Темір жақындай түсіп еді, Сәуле оған бір жақ бетін төсеп сүйгізді де, екінші бетін Абзалға төседі.


— Абзал аға, мына бетім сізге, Темір ағадан қалмаңыз.


Сәуленің бұл қылығына Абзал түсінген жоқ, түсінбесе де сүйсініп сүйіп айды.


— Сәулешім, терең сырлы бауырым менің, — деді жалғыз қолымен құшақтап. — Мен сенің кім екеніңді білмейді екенмін ғой.


— Абзал аға, — деді Сәуле аңыра қарап, мына сөзіңізге мен түсінбедім. Кім екенімді білмесеңіз, бетімнен неге сүйдіңіз?


— Бұрын білмеуші едім, әкемнен бәрін де естідім.


— Ол кісі менің Темір ағаның қарындасы екенімді де айтқан болар. Соны есіңізге сақтаңыз да, телефонға барыңызшы, сізді Орлов жолдас қатты іздеп жатыр.


— Орлов! Жаңа ғана сонан шыққан едік, не болып қалды екен?


Абзал асыға басып үйге кетті де, басқалар ауланың төріндегі топқа барып қосылды. Ондағылар тойдың өзінен бұрын сауығын бастапты. Ән — «Күт мені», айтушы — Дәмен. Темір өзінің шағын даусымен қосыла бастап еді, Сайран келді де бөліп жіберді.


— Темір аға, сізді Абзал аға шақырады.


Ол келген кезде Абзал жалғыз қолымен сүйеніп терезе алдында теріс қарап тұр екен, бетін бұрмастан:


— Есікті жапшы, — деген даусы өксіп шықты.


Темір оның даусында өксу барын сезіп шошып кетті.


Не айтарын білмей ұмтылып барып иығынан ұстап еді, Абзал оны жалғыз қолымен құшақтап бір қысты да, көзінің жасын төгіп жіберді. Әлдене айтқысы келді, жасқа булығып айта алмай қиналды. Бар күші қалтасынан орамал алуға жетті, сол орамалын өзін-өзі тұншықтырып көз жасына тосқауыл еткісі келгендей орамалын бетіне жауып жіберді де, теріс айналып кетті. Темір аң-таң.


— Абзал аға, бұл не? Айтыңызшы? Не болды?


Абзал өзіне өзі келе бастаған еді:


— Меңің бауырым Нұрланға Совет Одағының Батыры атағы беріліпті, — деді де, онан әрі сөйлей алмай қайтадан егіліп кетті.


Темір аңырып қалды:


— Міне, ғажап! Анық, па?


— Обком секретары өтірік айтпайды.


— Онда обкомның бір секретары қуантса, екінші бір секретарының жылағаны қалай? Кешіріңіз, қуанышқа да жылайтынның бірімін өзім, құтты болсын, — деп Абзалды бір құшақтай салып есікке қарай жалт бұрылып еді, Абзал оны ұстай алды.


— Қайда барасың?


— Сәуледен сүйінші сұраймын.


— Бәріміздің сүйіншіміз сенікі, тек мына той аяқталғанша сабыр ет.


Абзал соны айтты да қайраттанып алды. Сол қайратына шыдамағандай көзінің жасы да кеуіп кетті. Ол Темірдің:


— Неге? — деген сұрауына жауап бергісі келмей:


— Бұл қуаныштың Сәулені жылатуы мүмкін ау, — деді өзіне күбірлеп.


— Неге? — деген сұрауды Темір тағы берді, бірақ Абзалдың сөзі онан сайын жұмбақтала түсті.


— Неге екенін кезінде көрерсің, жүр кеттік.


Бұл кезде Сәуле өз ойымен алысуда. Оны ауыр ойға салып қойған шешесінің бір жасырын хабары. Ол Сәулені оңашалап «Сақтан, балам. Ашып айтпайды, айтпаса да сезіп жүрмін — әкең бүгін осы тойдың үстінде өзінін, Сайдаққа берген антын айтып Темір екеуіңнен бір тілек тілейтін секілді» — деген-ді. Сәуле бұл сөзден қатты сескенсе де, сыр сездіргісі келмей шешесін құшақтай алып «Апатайым, көкеме жала жауып тұрған, апатайым, Менің көкем ескіліктің ондай шырмауын әлдеқашан үзген адам. Ол бұл сөзді сенің қаншалықты жаңарғаныңды көру үшін айтқан ғой», — деп алдап жібере сала Мирон Павловичті оңаша шығарып алды.


— Бұл тойды сіз басқарыңыз, сонда сіз көкеме сөз бермеңіз. Өзі сұрамаса Темірге де сөз бермеңіз мақұл ма? — деді.


— Мақұл.


Абзал мен Темір осы кезде оралған еді, Сәуле өзіне Абзалдың не үшін қадала қарап тұрғанын сезген жоқ. Қанша қайраттанса да Сәулені көргеннен кейін қайта егіліп бара жатқанын Абзалдың өзі де сезген жоқ. Үн қатуға шамасы жоқ, тек «Сәулешім, Нұрланым» деп діріл қаққан жүрегі елжіреп барады.


— Қане, құрметті қонақтар, кейбір жеңгейлерге жұмбақ көрінген тойымызды бастайық, — деп Сәуле жұртты стол басына шақырып еді.


— Жеңгейлерің ғана емес, кейбір ағаларыңа да солай, — деді Мырқал мырс-мырс күліп. Бірақ Сәуленің:


— Мен ондай ағайларды да Жеңгейлер дей беремін, — деген сөзіне әйелдер ду күліп еді, Мырқалдың күлкісі өше қалды.


Тойшылар тырнадай тізбектеліп келіп стол басына жағалай отыра бастады. Стол үстінде тұрған ақтамақ, көк мойындар да сылдыр қағып құлаққа жайлы әніне басты. Табақ-табақ қуырдақ пен самсалар буы бұрқыраған күйі дастарханның қақ ортасынан орын ала бастады.


Мирон Павлович қуырдақпен қатар қойылған самсаға түсіне алмай, үңіле қарап аз отырды да:


— Қызым, бүгінгі бесбармақ өзгеріп кеткен бе? — деді.


— Бесбармақтың кешірек келетін әдеті, Мирон Павлович.


— Онда бұл тойды орысша бастап, қазақша бітті дейік, — деді Мирон Павлович ұзыншалау бокалын қолына ұстай түрегелді. — Ал құрметті достар, бұл үйдің қариясы болғандықтан мен өзімді өзім осы тойдың ең жоғарғы қолбасшысы санап, сіздерге әртүрлі бұйрықтар беремін. Соны бұлжытпай орындайсыңдар, алдымен осыған келісіп алайық.


— Келістік, келістік! — дескен жұрттың даусы ду көтерілді.


— Ендеше, бірінші тосты ешқандай зұлымдықтың бомбасы қаяу түсіре алмайтын достығымыз үшін, сол достығымыздың жеңімпаз туы үшін көтеріңіздер! Екіншіден, біздің болашақ жеңістеріміздің туы болатын комбайн үшін көтеріңіздер. Естеріңізде болсын, Сәуле екеуміз үшін мұнан басқа тост көтермейсіздер. Себебі «біздің машинамызда бірінсіз бірінің күні жоқ, екі мотор бар. Біз екеуміздің де жүрегіміз сол бір машинаның екі моторы сияқты. Сондықтан бұл тост комбайн үшін көтерілсе біздер үшін, Сәулемен мен үшін көтерілгені. Соны ескеріңіздер де мұны түбіне дейін қағыңыздар.


— Мен ұқпай қалдым, — деді Сайран қасында отырған Шекерге күңк етіп, — кім үшін деді?


— Өңешіңді бітемесең құлағың жақсы естиді, — деп Шекер күңк етті.


Мирон Павлович сөзді отырғандардың бірінің жасына, енді бірінің ұлтына, тағы біреулердің дәрежесіне, жынысына қарай беріп өз тұрғыластарынан алыстатып әкетіп еді, Қазыбектің шыдамы жетпеді.


— Мирон Павлович, ендігі тосты мен айтайыншы, — деді Қазыбек орнынан көтеріліп, — өйткені бұл той екі қуанышқа бірдей арналған еді.


— Мен жаңағы тосты сіз екеуміздің атымыздан көтергенмін, сондықтан ендігі кезек, — дей берген кезде:


— Сен түгілі менде отырмын ғой, аузың қышып бара жатса мынаны асып жібер, — деп Тайман бір самсаны алды да Қазыбектің аузына тығып жіберді.


Сәуле ішінен Тайманға бір алғыс айтты да сөйлей түрегелді.


— Жолдас тамада, бір справке беруге бола ма, рұқсат етесіз бе?


— Рұқсат.


— Онда ыдыстарыңыз орта болмасын, Сайран, шүпілдете құй. Құрметті достар, көкемнің айтқаны рас, бұл той екі қуанышқа бірдей арналған болатын. Мен ең алдымен сол екі тойдың басты айыпкері Мирон Павлович үшін...


— Қызым, егер тәртіпті бұзатын болсаң мен сөзді Абзалға беремін, — деп Мирон Павлович оның сөзін бөліп жіберді.


— Бағындым, бағындым, — деді Сәуле күле сөйлеп.


Құрметті қонақтар, Мирон Павловичтің бізге таудай даңқ әперген еңбектері үшін миллион қабат тост көтерсек те көп болмас еді, өзі қатал бұйрық беріп, тыйым салып тастады. Сондықтан ендігі тосты сол кісінің ұясында өсіп ержеткен Сайран мен Шекер үшін, солардың бақытты, тату-тәтті семья болулары үшін көтеріңіздер!


— Онда тегіс түрегелулеріңізді сұраймын, сұрамаймын бұйырамын! — деді Мирон Павлович шаттана түрегеліп еді, жұрттың бәрі де жаппай түрегелді. Тіпті Тайман сияқты күптілер енді мүлдем жадырап кетті.


— Көрпелерің ұлғайып, көсегелерін көгерсін, қарақтарым. Ата-ананың жоралғысы, азамат болғанның белгісі, мен секілді үбірлі-шүбірлі болыңдар, келіндер, қарақтарым, — деп ол стақанын қаттырақ соғып жіберді де, басқаларды күтпестен қағып салды.


— Ау, сен тіпті байлаудан босаған құстай зытып барасың ғой, — деп Қазыбек қалжың тастап еді, Тайман кеудесін кеңітіп алғысы келгендей демін тереңнен тартып алды да:


— Сен білмейсің, Қазыбек, сен өзіңді де, мені де байлап жүрген жансың, — деді.


— Не дейді?


Қазыбек оның бұл сөзіне мән берген жоқ, өзіне әкелген Сайран мен Шекердің маңдайынан сүйді де:


— Тайман аталарыңның жаңағы тілегі менің де тілегім, — деді.


— Кел, қарындас, — деді Темір Шекермен рюмке сүйістіріп, — Сәуледей бол, менің берер батам сол.


— Темір ағаңдай еліңнің мақтаны бол. Менің батам сол, — деді Сәуле Сайранға.


Арақ пен шарапты кезек жұтса да ықылығын баса алмай Мырқал отыр. Ол сол ықылығын баса алмаған күйі Сәулеге үн қатты:


— Сәуле, Сәулеш... қателессем ғафу етіңіз. Біздер бүгін бұл үйден мұнан да үлкен тойды, өз тойыңды күтіп келген едік, ол қашан болады? Солай ма, Теміржан?


— Мырқал аға, аз сабыр етіңіз. Кешікпей осы үйде аспандағы ай мен күннің де тойы болады, сыйыңызды әзірлей беріңіз.


Темірдің мезеп тұрғаны Сәуле мен Нұрланның тойы екенін Абзалдан басқалар түсінген жоқ, сол түсінбегендердің бірі Сәуле, сондықтан ол күйіне түрегелді.


— Мырқал аға, аңдамадыңыз ба, жоқ әлде аңдыған жеріңіз осы ма еді? Қалайша айттыңыз бұл сөзді? Егерде бұл тойды менің тойым деп келсеңіздер адасып келгенсіздер. Өйткені, менің тойым әлдеқашан жасалған, қызығы әлдеқашан тарқаған, — деді де әкесімен Темірге көз тастады. — Көке, қадірлі Темір аға, сезіп тұрмын ойларыңызды. Мен қанша бақытты болсам да жаралы жанмын. Ол — жан жарасы. Жан жарасы жазылар емес, оны емдегім де келмейді. Осыған, жан аға, сіз, жан әке, сіз жан бауырлар, баршаңыз да түсініңіздер."Тағдырдың мені жаралағаны аз емес, тым болмаса сіз аяңыз, Темір аға.


Сәуле жасқа булығып сөзін жөнді аяқтай алмай отыра кетіп еді, екі көзінен жас парлата Тайман түрегелді.


— Ей, қарғыс атқан Мырқал, құдайдан тілеп алған тұңғышым болсаң да, Сәулемнің басқан ізінен садаға кет, жоғал көзімнен, жоғал!


— Сабыр, әке, сабыр, — деді Абзал әкесінің арқасына қағып. — Сәулені бәрімізден де артық көретін жөнін бар, өйткені ол сенің Нұрланың.


— Иә, оған мен куәмін, — деген Темірдің даусы саңқ етті. Оның бұл сөзіне жұрттың бәрі де, әсіресе Сәуле таңданып қалды.


— Мирон Павлович, — деді Абзал сәл жымиып. — Менің куәмнің осал емес екенін жұрттың мынау таңырқауынан сезіп отырған боларсыз. Ендеше, сол куәлігін айту үшін сөз Темірге берілсін.


Мирон Павлович не істерін білмей Сәулеге қарап еді, Темір олардың рұқсатын күтпестен сөйлей түрегелді.


— Көңіл сырын көзден ұғушы едім, сондықтан көзің жасқа көмілгенін көрмесем деуші едім, амалым жоқ тағы көрдім, — деді ол Сәулеге көз тастап, — аға деуші едің қарындасым деп айтайын, осы сапар ағаңды жазықсыздан жазаладың. Сол себепті қатты айтамын, бұйыра айтамын, көрсетпе маған көз жасыңды! — деді де Тайманнан бастап жағалай бір қарап алды да шаттана сөйлеп кетті. — Тыңдаңыздар, ата-аналар, тыңдаңыздар аға мен жеңгелер! Қызып болса Сәуледей, ұлың болса Нұрландай болсын.


— Нұрлан? Қай Нұрлан? — деген дауыстар көтеріліп еді, тәлтіректеп келе жатқан Тайманды көріп бәрі де тына қалды.


— Бала ау, сен не айтып тұрсың? Кімнің Нұрланы?


— Кейбіреуге жара салған, кейбіреуге үрей салған, кейбіреудің намысын қорлап, бақытын тонағандай көрінген Нұрланды мен білмеймін. Менің білетінім — халқының батыр перзенті, Советтер Одағының Батыры Нұрлан Тайманов. Мырқал аға, асықпаңыз, Сәуленің тойы ертең.


Сәуле оның, бұл сөзіне түсіне алмай тіксіне қалып жалт қарады.


— Бұл қай мазағыңыз?


— Ол мазақ емес, — деді Абзал тез үн қатып. — Темірдің бұл сөзіне мен куәмін.


Абзалдың аузынан осы сөздің шығуы мұң екен:


— А, құдай, ақсарбас, — деп Тайман атып тұрды. — Ақсарбас емес, айттым өзімді. Не дедің, қарағым, Темір? Не дедің? Айтшы тезірек, сен бұл хабарды қайдан естідің?


— Жаңа ғана Орлов жолдас телефон соқты. Ол кісінің дәл не дегенін Абзал ағадан естідіңіздер.


Ол алыстан әлдекімнің «сүйіншілеген» қуанышты даусын естіп тоқтай қалды.


Айғай сала «сүйіншілеп» келе жатқан Бөлекбас екен. Ол бар екпінімен келе Сәулені құшақтай алып.


— Сүйінші, Сәуле, сүйінші... УҺ, өкпем нетіп кетті... өкпем, — деп ол орындыққа отыра кетіп еді, енді оны Сәуле құшақтай алды:


— Бөлешім ай, Темір ағаның сөзін бөлдің ау, айтарыңды тезірек айтшы.


— Басқаның сөзіне құлағыңды бітеп таста да, мені ғана тыңда.


— Әй, сен қоя тұршы, — деп Дәмен оның аузын қаруға ыңғайланып еді, Сәуле оның қолын ұстай алды да Бөлекбасқа иек қақты.


— Ал, сені ғана тыңдайық айта бер.


— Мен жаңа ғана Москва радиосынан СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указын естідім. Нұрлан мен Павелға Советтер Одағының Батыры атағы беріліпті.


Жұрттың шаттығы дауылды күнгі ерттің жалынындай лап етті. Ду көтерілген жұрттың бірімен бірі айқасқан құшақтары тулаған толқынға ұқсап кетті. Қайсы бірі Бөлекбасты құшақтағалы ұмтылуда. Соның бірі Тайман. Оның сөйлеуге тілі жоқ, тек иегі кемсендеп, саусақтары ғана ербеңдейді, жайылып кеткен құшағына не бола алмай тәлтіректеп келеді.


— Ақсарбас... ақсарбас, — деп соққан жүрегі дүрс - дүрс етеді.


Қанша дегенмен бауыры ғой. Мырқалдың қуанғаны сондай, осы тұрғандарды, әсіресе өңі тәуір жастау әйелдерді шетінен шөпілдетіп сүйгісі келіп тұр, бірақ оңдай сүйістен аузы талай күйген сорлы өз әйелінің ызғарынан шыға алмай:


— Айым ау, күнім ау, мыналарға сенейін бе, сенбейін бе? — деп оның біресе бетінен, біресе көзінен сүйіп еңкілдеп тұр.


Нұрландар жайында таратқан бір кездегі жалған лақабы бүгін сойыл болып өзін соққылап тұрғандай тақыр басын қайта-қайта сипалап Русак жүр. Ол жаңағы бір кезде ауланың алакөлеңкелеу түкпіріне қарай сырғып кеткен еді, сонан қайтып көзге түскен жоқ.


Міз бақбастан отырған Абзал ғана. Өйткені ол мана телефонда Орловтан Нұрландардың мұндай қуанышымен бірге қаза болған қайғысын да естіген-ді. Мана сол үшін жылаған-ды, көзінің жасы құрғағанымен, оның жүрегі әлі қан жылауда еді, сонда да ол Сәуленің жылағанын көргісі келмей сырын ішке бүгіп қайсарланып отыр. Бірақ онда бір қиналу барын Сәуле сезіп қалды.


— Жүрегімнен басқа барымның барлығын шашу етіп шаштым жолдарыңа, тек Абзал ағаны қинап отырған нендей қасірет екенін білсем екен?


Сәуле күткен жауапты басқалар да күтіп, бәрі де тына қалды. Абзал сонда да міз бағар емес. мелшиіп қалыпты.


Сәуле оған жақындай түсті.


— Абзал аға, аузым бармаса да айтайын егер тартып отырған азаңыз Нұрланның қазасы болса жасырмай осы қуанышының үстінде айтқаныңыз женіл болар.


Бұл сөз тұрғандарды түгел сілейтіп салды.


— Жоқ, Нұрлан өлген жоқ, — деп Абзал булыға түрегелді, көзіне ұялай қалған жасты басқанын көзіне түсірмеу үшін, аспанға қарап кетті. — Жаным, Сәуле, сонау темірқазық жұлдыздарына қарашы. Есіңде болсын сенің Нұрланың сол жарық, жұлдыз секілді адам. Ондай адамның басқан ізі бүгінгі біздерге, Ертеңгі ұрпақтарға өлмеудің жолын сілтейді.


Сәуле Абзалдың бұл сөзінен бәрін де ұқты, сорғалаған көзінің жасынан бәрін де көріп:


— Жоқ! — деді бар даусымен. Оның жан даусы сол сәтте шамы сөне қалып ауланы бас салған қара түнді де селк еткізді. Сәуле Абзалдан бірте-бірте шегініп алыстап барады, — Жалынамын, нанбаңыздар! Нұрлан өлген жоқ. Жалған... Жалған... — Оның ащы даусы қайта тұтатқандай ауланың шамы қайта жанды. Сәуле бар даусымен шырылдап әлі шегініп барады. Ол соны айтып үйге қарай шырылдай жөнелді. Оның сол шырқыраған даусы сол тұрғандардың бірде бірінің, әсіресе Темірдің құлағынан өмір бойы кеткен жоқ.


Сәуленің соңынан қосыла еңіреп шешесімен Шекер жөнелді. Олардың зарына жаны егіліп, көзіне жас алмаған тек Тайман ғана. Ол есінен адасып, сенделіп жүр, әлденені айтып күбірлейді, бірақ сөзі ұғылмайды, әркімнің бетіне үңіле қадалады, қанша ұзақ қадалса да кірпігі бір қағылмайды. Самсаған көздің бәрі соған байланған, бәрінде де үн жоқ. Тек есін тез жинап, еңсесін тез көтерген Темір ғана. Оның көзі Сәуле кеткен жақта:


— Сенің қайғың — менің қайғым, сенің кегің — менің кегім, бауырым Сәуле. Жау ордасына тасталар ендігі бомбамның барлығы сенің кегің. Бұл — менің саған берер антым. Бұл — өзімнің өмірлік ұраным!


ЭПИЛОГ


Донның жасыл жағасындағы бір төбенің басында, ойдағы шахталардың аспанмен тілдескен тұрбасымен бой таластырғысы келгендей бір ескерткіш асқақтап алыстан көз тартады. Ақ мрамордан жасалған, іргесінде мәңгілік оты маздаған, төскейінде Нұрлан мен Павелдың алтын жұлдызды суреті жарқыраған сол ескерткіштің алдында бір топ пионерлердің ортасында ақ шашты ана сөйлеп тұр. Күн сайын бұл ескерткішке бас иіп кететіндер аз емес. Сондықтан болар, жаңа келіп екі машинадан аулақта түсіп жатқан бейтаныстардың еш қайсысына назар салған жоқ. Олар да қарауылда тұрғандай тізіліп аулақта тұрып қалды. Олардың қақ ортасында тұрған Сәуле, Тайман, Қазыбектер екенін білсе, бұл ана құшағын жая ұмтылар еді, өмірінде көрмегендіктен тани алған жоқ. Ойын бөлместен сөзін қайта жалғады.


— Қателеспесем Сәуле дейтін қызым сен боларсың, — деп еді, Сәуленің:


— Қателескен жоқсыз, — деуге де шамасы келген жоқ, ескерткішке жете бере қулап түсті.


— Нұрланым! Нұрланым, жүрегімді мынау мәңгілік отына салайыншы.


О ғажап, жаңа ғана дауыл соққан теректей теңселіп, буындары дірілдеп тұрған қарт ана қимылына көз ілестірместен бар қайратымен ұмтылып келіп Сәулені жерден көтеріп алды.


— Аңсадым ғой, солар болып кеудемді бір аймалашы қызым.


Ол соны айтты да, Сәуленің жасқа көмілген екі көзінен кезек-кезек сүйе бастады.


— Сендердің сол Нұрлан дейтін ағаларыңның жауларының алдында қасқайып тұрып, «Егер, мені өлді деушілер бола қалса, оған ешқашан да нанбаңыздар. Мен өлмеймін» деп бар даусымен салған айғайы менің құлағымнан өлі кеткен жоқ.


Иә, ол өлген жоқ. Рас ол өзінің жан серігі, менің жалғыз ұлым Павелмен бірге мынау ақ. мрамордың астында жатыр, бірақ олар мәңгі тірі. Өйткені олар Отан үшін өлу — ұзақ өмір сұру екенін көрсеткендер. Рас, олардың жау қолында не үшін қалғанын, тіпті кімдер екенін кезінде ешкім білген жоқ. Олар немістердің бір жыл бойы азаптанып қалпына келтірген ең алғашқы алып шахтасын бір жетіге жеткізбестен талқан етті, оны да кезінде білген ешкім жоқ. Олар басқыншылардың талай шонжарын сол талқаны шыққан шахтаның астына тірідей көміп жіберді, оны да кезінде ешкім білген жоқ. Олар, сол шахтада жұмыс істеген тұтқындардың екі жүз елу дейін құтқарып жіберді, оны да кезінде ешкім білген жоқ. Бірақ сол ерліктің бірде - бірінің ізі өшкен жоқ, сондықтан да олар өлген жоқ. Екеуінің кеудесінде жарқыраған сонау алтын жұлдыздар, екеуінің мазарында маздаған мынау мәңгілік от — сол мәңгі жасаудың айғағы.


Ананың көзі өзіне қарай ауыр салмақпен жүріп келе жатқан Сәуледе. Тула бойына түгелдей қара киініп, қара шашын екі жағынан төгілдіре жайып жіберген Сәуленің өңі де ақ сәуле секілді еді. Сол сұлулыққа таңдана қарай қалған ана жас арудың қабағына үйірілген қайғысынан кім екенін тани кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу