27.01.2022
  171


Автор: Әлжаппар Әбішев

Ғаламат

(повесть)


Бірінші бөлім


Кімнің бұйрығын орындадым? Бураханның ба, жоқ әлде өз ұжданымның ба?»


Солай деп соққан Арманның жүрегі толқындай тулап келеді.


Бұл 1962 жылдың көктемі, сол көктемнің тамылжыған бір таңының көкжиектен жаңа ғана құланиектеніп келе жатқан әдемі шағы еді. Бірақ, Арманның тұншыққан үмітінің таңы әзір ататын емес. Сексеуілдің тастай бұтақтарына дейін бусана бастаған көктемнің иісі құм төбелердің әр жыра-жылғасынан қаулай аңқиды, бірақ Арманның көңіл көктемі әзір алыстау сияқты. Оның мынау таң сәулесінен ығысқандай амалсыз сырғып бара жатқан түндей ауыр ойы кейде кері серпіліп үміті алға самғайды. Көңіл қаяуланса, үміттің де аспаны аласарып кетеді екен, қанатын қанша қатты қақса да ол алысқа бара алмай жер соқты.


Машинаның ысқаяқтанып жұмырланған мұз табанымен шайнасқан қиыршық тастардың шықырынан басқа дыбыс жоқ. Машинаның түнді тілгілеген сәулесімен ойнағысы келгендей жолға түсіп алып жортақтаған қарсақ, қоян сияқты ұсақ аңдар ғана кездеседі кейде. Арман булардың ешқайсысын сезетін емес, сезсе де елейтін түрі жоқ. Көзі машинаның әр сексеуілді бір сүзгілеген сәулесінде, ойы алыста, алдағы Сағым даласында.


Сағым даласы осы Марғау аталып кеткен құм тауының теріскей жақ жиегін жағалап барып өзінен өзі жоқ алатын Көбікті дейтін өзеннің арғы бетінде. Жаралғалы жан баспаған сол далада жасалып жатқан бір ғажайып өмір бар. Ол өзі іздеп келе жатқан Бағланның тереңдегі теңізді жер бетіне таратып алып жасап жатқан тәжірибесі. Арманның қиялы сол даланың теңіздей тербелген егіні бар келешегін кезіп келеді. Барар бағыты солтүстік болғанымен, құмның жылғаларын қуалаған бұраң жол оның бөтен біресе батысқа, біресе шығысқа қарай бұрып әкетеді, Арман оны да байқар емес, ол манаты ойдың құшағынан әлі шыға да алмай келеді.


Ғажап, ғажап... Ғасырлар бойы қысының өзі шыбынсыз жаз болып келген бұл құмның іші биыл неліктен мұз теңізіне ұқсап, үскіріктің ұясына айналып кетті?. Неліктен?..


Осындай кереметі мол заманда өмір сүреміз де, маңдай терімізбен жинаған малымызды мың-мыңдап қырамыз. Бұл неліктен? Табиғаттың мұндай мазағынан құтылудың жолы қайсы?


Арманның сол мазақтан құтылудың жолын іздеген қиялы осылай кезуілдеп келеді. Бірақ, оның қазіргі жүріп келе жатқан жолы секілді қиялы да бұраң, сол бұраң қиялы оны қанатын қанша қатты қақса да осы Марғаудың мұнан екі ай бұрынғы сұрапылды күндерінен әрі асырған жоқ. Сол сұрапылды күндерді көзінің алдына келтіріп еді, өзі бес жыл кешкен майдан алаңдарын елестетіп жіберді. Өйткені мұнан үш ай бұрын, осы құмның іші майдан алаңына ұқсаған-ды. Мынау құмырсқаның илеуіндей құжынаған төбешіктердің құмын қардай бұрқыратып, қарын құйындай ұшыра жүйткіген танкеткелер мен аспанды шарлаған самолеттер елестейді. Біресе сол самолеттердің гүрілі, біресе бүкіл құм тауын қалтыратқан сол танкеткелердің дүрілі ызыңдайды. Кейде сексеуілдердің таудай жалыны лапылдайды.


Иә, мұнан үш ай бұрын бұл құмның іші сондай сұрапылдың ойнағы болған-ды. Ол кезде бұл облыстың, әсіресе осы құмның қойнау-қобыларын қыстап, ашық аспан астында жатқан екі миллиондай қойына қыстың апаты қатты төнген еді. Арманның секретарлық өмірі сол апатқа қарсы шабуыл жасаудан басталған-ды. Сондықтан оның кабинеті майдан қол басшысының штабына, осы құмның іші соғысы қызу жүріп жатқан майдан шебіне ұқсаған-ды. Құмдағы малшыларға көмектесу үшін қаланың халқымен бірге маңайдағы әскер бөлімдерінің солдаттары да лек-легімен ағылған-ды. Заводтар күні-түні тыным таппастан жасаған темір пештері мен шатырларын жөнелтуден жеті күн бойы бір тынған жоқ. Көрші облыстан көмекке жіберілген мал азығын тасыған самолеттер Марғаудың төрт құбыласынан бірдей қаптаған-ды. Әкелген мал азығын белгіленген жерге дер кезінде жеткізіп, дөп түсірген ұшқыштар газет беттерінде мақталып жатты. Ондай мақтаудан танкетшілер де құр қалған жоқ. Олар жер болып жаралғалы аттың тағасынан басқа темірдің тебендей де тимеген Марғаудың талай шоқыларын қопарып, талай қобыларына жол салған-ды. Талай жердің ормандай сыңсыған сексеуілдерін қаусатып, жаурап қалған талай малшылардың отын маздатқан еді, сол үшін де мақталып жатты.


Арманның көз алдына байланған елес осылар. Осы елестер кейде мүлдем қоюланып, машинаның сәулесімен ғана көзге ілініп келе жатқан кер жолды қайта-қайта көмбілеп келеді.


— Біз қазір қай жерде келеміз?


— Жүріп келе жатқан жолымыздың оң жағы Байсал ағаңыз басқаратын «Дарбазаның», сол жағы Бағлан жағайымыз басқаратын «Шағаланың» жері.


Арман Зауырдың аталған екі бастықтың бірін «ағаңыз» енді бірін «ағайымыз» деп екі түрге бөлуде қандай қиқарлық барын сезсе де мән берген жоқ, өзін тани түскісі келіп:


— Ол колхоздардың шекарасы осындай жақын, ә? — дем еді.


— Иә, жерінің шекарасы ішек-қарындай, — деді Бауыр іркілместен, — бірақ, тіршіліктерінің шекарасы ай мен жердей.


— Неліктен олай?


Арманның түпкі қазық сұрауын сезгендей:


— Білмеймін, тіпті түсінбеймін, — деді Зауыр мұңая сөйлеп.


— Неменеге түсінбейсің?


— Мен сияқтылар түсінбейтін жайлар көбейіп барады ау, Арман аға.


— Атап айтқанда?


— Атап айтқанда, мысалы, аспандағы айдын сырын білуге жеткен күшіміз аяғымыздың астында жатқан мынау жеріміздің сырын білуге әлі жетпепті, мен соған да түсінбеймін. Жеріміздің сырын білсек те рызығын алуды көбіміз білмейміз, соның салдарынан малымызды қырғынға ұшыратамыз, мен оған тіпті түсінбеймін.


Арманның «оған мен де өмір бойы түсінер емеспін» дегісі келіп еді, өздерінің ауыз баққыш әдеттерімен үндегісі жоқ. Зауырдан естімегін естіп болды, сондықтан оның «қырғын» деген сөзін есінде ұстап, өзінің алғашқы ойына қарай қайтадан ойысып кетті. Көзінің алдына келген тағы да өткен қыстың елесі.


Жеті күнге созылған сол шабуылдан бар елесі сәл жоғалды да, қиыр шеттегі бір кобының қойнауында, қырылған бір отар қойдың қоршауында қалған жалғыз үйдің елесі ғана қалды. Манадан бері ызыңы құлақтан қалмай келе жатқам самолеттердің гүрілі мен танкеткелердің дүрілі мүлдем өшті де, құлақта сол киіз үйде келген жас нәрестенің шырылдаған үні ғана қалды.


Арман өз көзімен ол нәрестелердің біреуін де көрген жоқ, бірақ сол сұрапыл күдерде сол киіз үйлерде дүниеге келген балалардың талайын, отардағы екі қабат әйелдердің барлығын вертолет жіберіп орталыққа алдырған еді, сол вертолеттің ішіндегі балалардың нәзік үні аспан мен жерді бірдей дірілдеткен барлық гүрілдерді басып келіп мұның құлағына үйіріліп тұрып алды. Оған өзі де таңданып:


— Бұл не? — деп еді, Зауыр жалт қарады.


— Нені айтасыз?


— Е, Зауырым, не екенін өзім білсем өзгеден сұрап нем бар. Кей кезде даланың құйыны да дауылдай соғады. Сол құйындай ұйытқыған ой ғой, дауылдай соғып жан дүниесін ойрандап келе жатқан.


Зауыр оның бұл сөзіне ашынғандық барын сезсе де байыбына барған жоқ, өзіне жұмбақ көрініп келе жатқан бір ойдың жетегінде кете берді. Оның көзін тартып, көңілін семіртетін қаланың бәрі артта қалды. Машинаны жұлдызша ағызатын даңғыл жолдар да жоқ бұл маңда. Қыстан қанша қаусап шықса да малы әлі де мыңғырып жатқан малшылар ауылы он жақ бүйірде қалып барады. Бұлар бара жатқан Сағым даласында «Шағала» колхозының сиыр фермасы мен май заводы ғана бар. Бір ғана соны көру үшін Арманның түнделетіп бұлай жортуы мүмкін емес. Енді не үшін? Мұнда қандай сыр бар?


Зауырдың шеше алмай келе жатқан жұмбағы осы. Осы жұмбақ ойы машинасының дөңгелегіне оралғандай ол діңкелеп келеді. Қалжырағандай қамығып бір күрсінді де, ақырын үн қатты:


— Арман аға! — деді ол имене сөйлеп. — Ағат болса айып етпеңіз. Алда-жалда осы құмның ішінен, не алдағы өзеннің жағасынан, не сол өзіміз бара жатқан Сағым даласынан біреу-міреулер кездесіп: «Елсізден не іздеп жүрсіңдер?» — дей қалса, менің не деуім керек?


— «Оны өзім де білмеймін», — дей сал.


— Сіздің жаныңызда жүріп «білмеймін» деудің өзі ұят секілді.


— Шындықты айту ұят емес.


Зауырдың мұнан әрі айтары болған жоқ, оның білмейтіні шын, білмегендіктен сұрап келеді.


Арман оның қынжылғанын сезсе де үндеген жоқ. Өз ойымен тағы да алысып келеді.


«Жоқ, құрметті Буреке! — деді ол ішінен, — біздер биыл табиғаттың мазағын көріп намысы жараланған жандармыз. Сол намыс жарасынан жаны ашыған біздер егіс аяқталысымен мынау маңқиып жатқан құмға шабуыл жасаймыз. Ол шабуылдың аты — қобыларды жасанды шабындыққа айналдыру. Ол малдың азығы ғана емес, келешектің бір түпкі қазығы. Әрине, тау-тау құмның әр жеріндегі алақандай алаңды жасанды шабындыққа айналдыру алыстағы арман, бірақ сол арманға тезірек жетпесе, бұл жерде жүрудің қажеті жоқ».


Ол ертең осы ауданға келетін Бураханға айтар сөзін осылай сайлап алды. Әлі де сайлана түсу үшін осы Марғауда бардың барлығын көзінің алдынан бірінен соң бірін өткізіп, қиял құсын Көбіктінің өріне қарай өрлетіп жіберді. Бұл кез Көбіктінің екі жағасы бірдей малдан көрінбей, сонау көгілдір мұнарының өзі — көңілдің көкке көтерілген буындай көрінетін ақ бас Алатаудың етегіне дейін дауылды күнгі теңіздің бетіне ұқсап тербелетін кезі еді, Арман сол бір шалқытып жатқан байлықты дәл елестетті. Аспаннан қарағанда мыңғырған малдың салмағынан қайысып жатқандай көрінетін ойпат дала, сол даланын әр жерінде екі-үштен тігілсе де көз жеткісіз шексіз аймақтан көкжиегіне дейін созылып жатқан малшылар ауылы. Арманның бұл даладан көксей күткені де сол болу керек, оның көзіне даланын барлық түгі жайылып жатқан төрт түлік мал болып елестеді. Тіпті кейбір қойшылардың томағадай күркелері де алты қанат ақ ордадай көрінін кетті. Өзінің сол ойына өзі іштей күліп те жіберді.


«О, ғажап! — деді ол іштегі шаттық күлкісін тыймастан: — жаңа ғана еді құлазып жатқан даланын шетіне жете алмай көздің талғаны, енді шалқыған дәулетінің шегіне де жетер емес»...


Шыны солай, ешкімнің көзі жететіндей емес-ті. Сәріде атар таңның шапағына, кешінде батар күннің шұғыласына оранып алып, әр шаңырақтан көтерілген көкала түтіндер де көзді өзіне тартып алып, қиял құсын дүниенің басқа қызығына жіберер емес.


«Туған жерім, сен неткен қымбат едің? Талай елді өзім кездім, талай елді ойым кезді. Бүкіл әлем аясын көз жіберіп, ой жүгіртіп, қанша үңілсем де сол жалпақ жатқан әлемнен сеніменен теңдесер бірде бір ел жоқтай көремін. Өткеніңе көз салсам бүгінгі әрбір тамшыңнан келешектің таудай толқының бүгінгі әрбір ұшқыннан келешектің мәңгі лаулар алауын көремін. Қаулай бер, шалқи бер, елім! Алауланып лаулайтын бір ұшқының, толқын болып шалқитын бір тамшың болуға мен де жарармын».


Оның сол бір антының айғағы болғысы келгендей кеше кешке таман осы құмның ішіндегі «отар орталығында» кез болған бір сақалды қазақтың даусы келіп құлағына сап етті. Міне, сақалын анда-санда бір желпіп қойып оның өзі де көз алдында тұра қалды.


Осы Марғаудың батыс жақ, деңгейінде бір тебе барды. Жаңағы «орталық» аталған колхозаралық штаб сол төбенің ығында болатын. «Орталық» деген қандай үлкен сөз, бірақ не сәні бар қала, не малы бара дала емес, біріне-бірі иін тіресе ірге тебісе қоралай қонған он шақты киіз үй ғана. Бірақ оның «орталық» деген атына сай шағы да енді алыс емес секілді. Өйткені соның айғағы болғысы келгендей сол киіз үйлер ықтаған төбенің теріс -кей жақ бетіндегі ауа райын зерттейтін станциясының шаңқан үйі тұр. Сол шаңқан үйдің төбесіндегі қызыл жалау сонау киіз үйлерді өз қатарына шақырып тұрғандай құлшына құлпырып, толқындана аспандайды.


Ол «орталыққа» Армандар кеше күн бата жеткен еді. Зауыр бұл қоралай қонған үйлерге бұрын да талай келген болу керек, шаңырағында шаншылған қызыл жалауы бар ортадағы үлкен боз үйге жете бере токтай қалды. Арман машинадан түсіп сол үйлерге жағалай қарап тұр. Әрқайсысының маңдайшасына жапсырылған алақандай тақтай, әр тақтайға жазылған «Қызыл отау», «Аурухана», «Магазин», «Мейманхана» деген сияқты сездер көзге бірден түсе кетті. Солардың әрқайсысынан әр түрлі киінген, әр саланың алуан түрлі адамдары шыға бастады. Солардың ішінен көзге бірден шалынған кешкі сауыққа әзірленіп жатқан әнші-күйшілер. Сауық көруге жиналған малшылар мейманханадан, жаңағы қызыл жалаулы боз үйден штабтың өз адамдары шыға келді. Армап солармен амандасып болғаннан кейін ішке кіріп еді, бұл жел кезді керегесі ескі болса да бірде-бір сағанағы сылқылдамаған еңсесі биік үй екен. Оның ішінен көзге бірден түскен телевизор. Ол бұл даланың ең үлкен мақтаны менмін дегісі келгендей қақ төрден орын алыпты. Оның бергі алдында есікке қарай тізбектеліп бірнеше скамейка тұр. Екі қабырғада екі босағадан тердегі телевизорға дейін жол кереуеттері қойылыпты. Іргесі көміліп, кілем-киіздермен қоршалып құндақталғандықтан, үйдің іші жып-жылы. Егер суып қалса қыздырып жіберетін мен бармын дегендей қақ ортадан темір пеш тұр. Ол оттай алған қызуын үйдің ішіне тегіс жеткізгісі келгендей ұзын тұрбасын терге қарай созып барып уықтың орта тұсынан үйді бір айналыпты да, шеңберленіп барып шаңырақтан шығыпты. Арман сауық көру үшін жан жақтағы отардан келген малшылармен осы үйде әңгімелесіп отыр еді, есік жақтан бір шағын денелі сақалды сақа қазақ көтерілді:


— Бір сұрау, — деді қолын көтеріп, ол рұқсат берілуін күткен жоқ, — шырағым, Арман, — деді де, басындағы бөркін қолына алды. — Мен биыл елудің тоғызындамын. Өмірден көрген екі ұлым бар еді, оның екеуі де Отан үшін шейіт болды. Менде енді туған бала жоқ, бірақ жақсы ұлдың бәрі өз ұлым, жақсы қыздың бәрі өз қызым. Сізді сол жақсы ұлдарымның ішіндегі ең үлкені көргендіктен тілегімнің ең үлкенін сізге айтқалы тұрмын.


— Айтыңыз...


— Мен Назар, Базар деген екі ағайындымын. Екеуіміз бір әкенің баласы, бір колхоздың мүшесіміз. Екеуміздің табысымыз да бірдей, бірақ күйіміз бірдей емес. Ол егінші болғандықтай колхоздың орталығында, бау бақшаға оранған, Ильичтің нұрымен нұрланған үш бөлмелі кірпіш үйде, мен киіз үйімнің сағанағын сартылдатып қысы-жазы бірдей көшемін де жүремін. Өмір аз қалды, аз қалса да басқасын өзіміз де бірдеңе етерміз, тек мына сияқты шалдар Ильичтің шамын көрместен арманда кетеміз бе деп қорқамын. Әр сайды бір сағалап, әр жыраны бір жағалап жалғыз-жалғыз отыратын киіз үйдегілер үшін электр станциясын сала алмайтындарыңызды білемін, біле тұра сұрай бергім келеді.


— Тағы қандай сұрауыңыз бар?


— Ең үлкен сұрауым: колхоздың Бағлан сияқты басшылары неге аз?..


...Арманның құлағынан кетпей келе жатқан осы сұраулар. Сол сұраулардың жауабын осы құмның ішінен іздегісі келгендей көзін сығырайта түсіп алдында жатқан бұраң жолды сығалап келеді.


«Иә, — деді ол ішінен, — қала мен ауылдың шекарасы жақындады, бірақ ауыл мен отардың арасы әлі де алшақ. Кешегі қойшы шалға: «Бәрін де табамыз», — дедім. Таққанымыздың өзіне жеткеніміз қайсы? Ол сақалды қазақ маған: «Колхоздың Бағлан сияқты басшылары неге аз?» — деді. Сол аздың өзінен айрылғалы тұрғанымызды білсе не дер еді? Ex, Бағлан... Бағлан... қиналдың-ау...»


Арманды қинап келе жатқан ой осы. Ой кейде білегіндегі сағатын құлағына тосып тыңдағандай алысқа құлақ тігіп тың тыңдайды, кейде осы үнсіз жатқан меңіреу даламен сырласқысы келгендей өзіне-өзі ақырын үн қатады. Түндегі киіз үйлердің шаңырағынан ұшқан ұшқындар қиялды қайдағы бір қияс-қияға тартып кетеді. Сондықтан оның жаңағы бір ауыр ойлар түсіріп кеткен еңсесі көпке дейін көтерілген жоқ. Қайта сол бірінен соң бірі атылып шығып, шыға сала сөніп жатқан ұшқындарды өзінің өшіп-жанған үмітіндей сезіп қамыға түсті.


Қарсы алдағы қалың сексеуілдердің арасынан, бұйра құмның жылғаларынан қара тұман қаптап кетті. Ол тұман емес, түтін еді. Арман оны да аңғарған жоқ. Қара тұман машинаның сәулесін ауық-ауық көмбілеп кетеді, үмітін көмбілеген дүлей ой оған машинаның өзі көмілсе де сездіретін емес.


«Әлде ұжданым не бұйырса соның бәрін жазып, Орталық Комитеттің барлық мүшелеріне бір данадан таратып берсем бе екен? Тым болмаса мына Бағланның басына төніп тұрған қатерді жазсам. Оны сөз жоқ жазамын. Ондай адамды жазалау — өз ұжданымызды жаралау екенін жазамын. Солардан ақыл сұрап алмай Бағланның тағдырын өзім де шешпеймін, өзгелерге де шешкізбеймін».


— Сонау бір төбеге шықсақ қайтеді?


— Бұл құмның ешкімнің беделіне қарамайтын жаман мінезі бар, оны да ескергейсіз.


— Білемін, — деді Арман алысқа қараған қалпын өзгертпестен, — бұл құмның қай үңгірінде қандай адамның дүниеге келгенін де білемін. Сол білгендерім бір кезде өзімді қатты ашындырған. Сол ашудың ақыры апарып мені орнымнан алдырған, тінті партиядан да шығара жаздаған.


— Қашан?


— Осыдан он жыл бұрын.


— Ол кезде кім едіңіз?


— Осы Көбіктіде аудандық комсомолдар комитетінің бірінші секретары едім. Босқа бөгелген секілдіміз, кетейік.


— Жолшыбай соғып Көбіктінің үйрегінен дәм татсақ қайтеді?


— Матап қойған үйрегің болса, мақұл.


— Әттең мақтана білмеймін.


— Онда не істер едің?


— Мақтана білсем, мен үшін аспанның құсы да, жердің аңы да матаулы дер едім.


— Мақтана білмегендігің мынау болса, білгенің қандай?


— Бір атқанда үйректің төртеуін бірден түсірін берейін, сонан кейін мен үшін өзіңіз мақтанарсыз.


— Ондай қызметіңе жараймын ба?


— Жарайсыз, — деді Зауыр нықтап тұрып. Сол сөзі өзіне де ерсілеу керінді ме қалай, мырс етіп бір күлді де, машинасын тезірек жүргізіп жіберді.


Ендігі жол құм тауының етегіне қарай құлдилайды екен. Таң сәулесінен қаймыққандай әр бұтаның түбіне бір бұққан түн қараңғылығы құмның ішін шұбарландырып тұр. Сол шұбардың бәрі Арманның көз алдына қайдағы бір ескі үңгірлерді алып келді.


— Досым-ау, мына жол бізді қайда әкеле жатыр? — деді ол жан-жағына ойлана қарап.


— Қорықпаңыз, адаспаймыз. Әне, «Сұңқар» тауы да көріне бастады, «Көбікті» енді алыс емес.


Зауырдың көзіне күндік жерден көгілдірленіп, көкжиектен көк ала бұлт болып көрінген «Сұңқар» тауы сексеуілдердің арасынан, құм төбешіктердің жырасынан анда-санда бір қылаңдайды. Керіліп жатқан кең даланың көзге түсер кербез сұлуы жалғыз өзі болғандықтан, ол алыстан қарағанда заңғарланып әсем көрінетін еді, басын күн шалған қазіргі шағы мүлдем сұлуланып кетіпті. Арман өзін ауыр ойдың азабынан құтқару үшін көзін сол сұлулыққа байлап, барлық ойын соған түйіп алды да, Зауырға үн қатты:


— Зауыр, сен сонау кербез таудың неліктен «Сұңқар» аталғанын білесің бе?


— Білгенде қандай, — деді де Зауыр іле өзгеріп, сәл абыржыған түр көрсетті, — кешіріңіз, мен мақтаншақтар айтатын сөзді айтып кетіппін.


Мақтанып болсаң әңгімеңді баста.


«Мақтанып болсаң?!» — Олай дерліктей мен не айттым? «Білгенде қандай» дедім де, «мақтаншақтар айтатын сөз айтып кетіппін» деп кешірім сұрадым. Мұның несі мақтан?.. Сабыр, Зауыр, сабыр, бұрқанбай тұра тұр. Сол сөздер тіліме оралған кезде кеудемде әлдене бір сайтан есерлік жатқан секілді еді-ау. Бірақ оны Арман қайдан білді?.. Дәрігер болса таппайтын емі, жазбайтын сырқаты болмас еді, неге дәрігер болмады екен? Бірақ, өзінің де таба алмай жүрген бір емі болу керек, соңғы кезде қатты қиналуда».


Ол ішінен соны айтты да әңгімесін бастады:


— Менің білетінім елдің аңызы ғана. Ертеде Алатау бұлбұлдың, Сарыарқа сұңқардың мекені болыпты. Ол кездегі дүниенің тілсіз, үнсіздігі Алатаудың бұлбұлы салған ән сарғайып таң атқан сайын, қызарып күн батқан сайын сонау алыстағы Арқаның сұңқарын тербетеді екен. Сұлулықты сүйетін ер мінезді өршіл сұңқар сол бұлбұлды бе көзімен көру үшін Арқадан Алатауға сапар шегіпті. Өр қайратпен қанатын қанша қатты қақса да Сағым даласының шөлін кешіп өте алмай, дегеніне жете алмай сол таудың төбесіне келіп құлапты. Сонан бері сол тау Сұңқар аталыпты. Ал, Сағым даласының қақ ортасында бір жалғыз шоқы бар. Оның мен білетін тарихы мынандай. Жаңағы сұңқардың қаза болған қайғылы хабарын мұңлы желден естіпті де, Алатаудың ару бұл - бұлбұлы аза тартып Арқаға ұшқан екен. Ол да шөлді кешіп өте алмай, дегеніне жете алмай Сағым даласының ортасындағы сол жалғыз шоқының түбіне жете бере құлапты. Сонан бері талай заман өтсе де халық олардың атын өшірмей, жердің осы екі күмбезін солай атап кетіпті. Сол бұлбұл шоқысының батыс жақ беткейінде көк мөлдір суы көкке шапшыған, жағасы жасыл құрғақ жамылған бір көк қасқа бұлақ бар. Жұрт оны сол азалы бұлбұлдың көз жасынан пайда болған, оның «Бұлбұл» аталуы сондықтан деседі.


«Бұлбұл» бұлақтың жан білмейтін бір сыры бар. Қарттардың айтысыма қарағанда ол бұрын түпсіз терең болыпты. Қазіргі тереңдігінде шыңырауға ұқсайды. Малы Арқаны жайлайтын жеті колхоз мұнан он шақты жыл бұрын көзін тазарту үшін, төрт насоспен тартса да суы бой бермей, көзі ашылған сайын көлге айналыпты. Сол бой берместен көлге айналған бұлақтың суы ғалымдарға ой салыпты да, олар сол көл атқылаған көздің түбіне шабуыл жасапты. Сөйтсе «Бұлбұл» бұлақтың көзі көлемі Шалқар көліндей тереңдегі теңіз екен. Ол сол тереңдегі теңіздің дәмін әзірше тек «Шағала» колхозы ғана татыпты. Олар Сағымның даласынан он сегіз жерінен скважина орнатып, «Бұлбұл» бұлағындай бұлақтың он сегізін ағызыпты. Сол үшін Арманның жаны риза Бағланға. Сол үшін Бағланға айтар алғысын ішінен осы арада тағы бір айтқысы келгендей бір белеске шыға бере Сағым даласы жағына. қарап еді, «Сұңқар» тауы бар сәнімен сылаңдап, көзінің алдында тұра қалды.


— Кішкене аялдашы...


Ол машинаны тоқтаттырып жерге түсті де, алыстап асқақтап тұрған «Сұңқар» тауына сүйсіне қарап тұрып қалды.


«Асқар тауға жалғыздық та жарасады екен-ау», — деді ішінен.


Ол сондай ойда тұр еді, бір әйелдің сыңқылдаған күлкісі естілді. Оны естіген сәтте екеуі бірдей селк етті, Елсіз құмның ішінде, мезгілсіз күлген бұл неткен бейбақ? Әлде әйел болып сыңқылдайтын даланын, тағы бірдеңесі ме?


Арман сондай үрейлі ойда тұр, Зауырда ес жоқ, демі бітіп, үні өшіп бара жатқандай көзі шатынап барады. Арман әлдене айтқалы оған қарай беріп еді, жаңағы күлкі шыққан жақтан әлдекімнің «әуіп» деп көтерген көңілді даусы, оған ілесе машинаның дыбысы естіле кетті.


— Уһ! — деді Зауыр бар күшімен ыңқ етіп.


Машина алыста келеді, алыста болса да дыбысы айқын естіледі, тек қалың сексеуілдерден құжынаған құм төбешіктен өздері ғана көрінбей келеді.


— Мынау бір жұмбақ екен? — деді Зауыр ойлана сөйлеп. — Дыбысынан танып тұрмын, өзі газик.


— Оның несі жұмбақ?


— Оның қайдан келе жатқаны жұмбақ. Егер, өзен бойындағы малшылардан келе жатса қайда баратыны жұмбақ.


Зауыр соны айтып аузын ашқанша болған жоқ, бір ғазиз сексеуілдердің арасынан қылт етті де, бұларды көре сала кейін шегініп кетті.


— Бұл қалай?


— Кім болса да қашқысы келген біреу, мылтығыңды октан маған бер де, машинаңды тезірек айда.


Зауыр мылтығын оқтай салып Арманның қолына ұстатты да, өзі машинасына от бере бастады, сөйткенше болған жоқ, жаңағы машина қайтадан шыға келді. — Тоқта.


Түрі Арманнан айнымайтын қара торы, кең кеуделі, көзге бірден түсетін кескіні келбетті, самай шашымен жалғасып алқымына әдемі оралған қара бұйра сақалы бар, мұрттан жұрдай аузы жып-жылмағай біреу машинасын баяу жылжытып келе жатыр. Бұл — «Дарбаза» колхозының бастығы, Арманның туған ағасы Байсал. Ол Арманды алыстан таныған болу керек, машинасын аулаққа тоқтатты да моторын сөндірместен ырғын жерге түсті.


Мынау Байсал ағай ғой, — деді Зауыр бұрынғысынан да бетер таңдана түсіп.


— Танып келемін, — деді Арман, машинасынан түсіп, ағасына жаяу беттеді. — Ассалаумағалайкүм.


— Әликсәлем, — деді Байсал даусын тандана шығарып, машинаның екінші жағынан келін сәлем берген Зауырдың қолын ала бере сұрау қойды. — Бауырларым-ау, елсізді кезіп қайда барасыңдар?


— Сағым даласына бара жатырмыз.


— Шоферіңіз қайда кеткен, ол неге түспейді? — деп, Зауыр машинасына қарай беттеп еді, Байсал оның иығынан ұстай алды.


— Ол машинаның иесі де, шофері да алдында тұр.


— Сіз қашаннан бері шофер едіңіз?


— Былтырдан бері. Енді бір жылдан кейін сендерден сайтандармен де жарысатын боламын.


— Онда Арман ағаның алдында қол алысып қояйық.


Екеуі шартта-шұрт қол соғысты. Арманда үн жоқ.


Неге екені белгісіз, оның көзіне ағасының бар қимылы жалған, жасанды. Сондықтан ол бір күдікті нысанаға алып тұр.


— Біз жаңағы бір кезде сіз келген жақтан бір жас әйелдің сыңқылдаған күлкісін естіген едік, ондай күлкі сіздің құлағыңызға шалынған жоқ па?


— Е, бұл меңіреу құмның ішінде не жоқ дейсің Сайтанның да неше түрі бар, олар кеңкілдеп күле де біледі, еңкілдеп жылай да біледі.


Арманның: «Өзіңіз сайтандармен талай сайысқансыз-ау», — деп әзілдегісі кеп еді, басы жіберген жоқ.


— Иә, жолыңыз болсын, таң атпастан тау кезіп жапа-жалғыз қайда барасыз?


— Осы маңда, мына бір жалаңаш төбенің арғы түбінде Саян дейтін қойшымыз бар еді, соның көшетін мезгілін біліп қайтқалы келемін.


— Олар неше адам? — деді.


— Әйелімен екеуі ғана. Басқа сұрауыңды кейін берерсің, мен асығыспын, — деп, Байсал машинасына қарай бұрылып еді, Арманның:


— Тоқтаңыз! — деген даусы зілдірек шықты. Байсал тоқтай қалды, бірақ мойнын бұрған жоқ. Оның сол қылығына ерегіскісі келсе де өзін-өзі тежеп жақындай бере ақырын үн қатты. — Сізде жүрек дейтін бірдеңе бар секілді еді ғой?


— Мұнымен нені айтпақсың?


— Айтарым сол: сонау қойшыны бүгіннен қалдырмай елге қайтарыңыз.


Байсал сонда ғана жалт қарады, даусы да ызғарлы шықты:


— Кім айтты деп?


— Мен айтты деп білсеңіз қателеспейсіз, — деді Арман ызбарменен.


Байсал інісінің бетіне үңіле қарап еді, оның сабырлы көрінетін салқын қаны — жалын атқан айдын екен. Қырық жыл бойы көзінің алдында өскен інісінің сол қасиетін тұңғыш рет осы жерде ғана көрген болу керек, көзі шыдай алмай тез тайқып кетті.


— Байсал аға, мына жақта біреулер келеді, ол кім?. Арман мен Байсал құлақ тіге тыңдай қалып еді, Зауырдың айтқаны рас, «Жалаңаш» төбе жақтан біреу келеді екен. Оның ызалы даусы жақындаған сайын Байсалдың көзі ақшаңдап кетті. Ол Арманның:


— Қорқуыңызға қарағанда жаңағы мақтаған батырларыңыз осылар болды ғой, солай ма? — деген Арманның сұрауына жауап қатпастан өз ойымен арпалысып кетті.


— Апыр-ай... апыр-ай... келіншегінің ұстамалы сырқаты бар еді, енді қайттім? Жыны ұстай қалса бейтаныс сендерді жазым етер, тезірек жүріп кетіңдерші, — деп, ол от басып алғандай тыпырлап тұр.


Арман оның бұл сөзі бет бүркеу екенін сезіп, көз қиырын ызғармен бір тастады да, міз баққан жоқ.


Басына бозғыл кепке киген, үстінде қара курткасы, аяғында шойтабан етігі бар, қосауыз мылтығын арқасына асып алған сом денелі бір жігіт, өзінің зайыбы болу керек, бір жас әйелді құндақтағы баласынша көтеріп келеді. Байсалдың жаңағы сөзін естіп жым болды. Ол сөзді келіншектің де құлағы шалған екен, суықтық сырқатына шалынған екі екпесі онан сайын қысылып кетті.


— Мынау Байсал ағаның даусы ғой... оның ұстамалы сырқаты бар дегені мен ғой, мен... мен... ұстамалы сырқатымның қандай екенін мен оған көрсетейін, дәрімнің біреуін жұтқызып жіберші, — деді деміге сөйлеп.


Қасында тұрғандардың бірі Арман ағаңа ұқсайды, ол кісінің алдында ибалы болғайсың.


— Сен Арман ағаны танымаған бол, мен өзіміздің бастықты да танымаған боламын, сал жылдам дәріні, — деді де, қою қара шашын дудыратып бетіне түсіріп жіберді.


Және оны көтерген күйі жүресінен отыра қалып, тес қалтасынан дәріні алып келіншектің ауызына салды да, қайта түре келді.


Арманның жаңағы сұрауына жауап беру есіне енді ғана түскендей Байсал:


— Сол, — деді ыңқ етіп, — солар. Сол, менің Саян дейтін інім, анау оның құшағында келе жатқан менің Дариға дейтін аяулы келінім. Айналайыным-ай, сырқаттанып қалған екен ғой.


Байсал олардың алдынан осылай күңірене жөнелді. Арман ағасының жас әйелдерді алдауға келгенде сиқыршы екенін жақсы білетін. Оның сиқырының мынау әйелдің жынымен қалай арбасқанын көргісі келгендей екеуіне алыстан қарап, сол орнында тұрып қалды.


Байсалдың інім деген Саяны жасы отыздар шамасына келіп қалған, тотыққан бетінің терісі мүлдем дорбиып қалыңдап кеткен, түксиген қабағы суық көрінетін жігіт екен. Ол алдынан барып:


— Саяным-ау, амансыңдар ма? Немене, Дариғажан сырқаттанып қалған ба? — деген Байсалды ашулы көзімен бір атты да, жауап қатпастан өте шықты, бірақ онан ұзап кете алған жоқ, өйткені құшағында келе жатқан Дариға жерге бір-ақ ырғыды. Оның жалбыраған қара шашының арасынан жарқыраған ала көзі жарқ-жарқ етеді.


— Саян! — деді бір кезде Байсалға қадалып, — бет-аузы жып-жылмағай, бар иегінің асты қауғадай мынау кім?.. О, таныдым, өзін танымасам да мынау қара бұйра қауға сақалын таныдым... Тоқта, адасып қалдым-ау. Осы кімнің сақалы еді?.. А, таптым.- таптым. Бұл бұйра сақал әлгі бір бұйра шаш келіншектің сақалы. Аты кім еді соның... Назипа... Иә, Назипа. Иә. сол, соның сақалы... Масқара, сақалы мұнда, өзі қайда?.. Назипа... Назипа, қайдасың?


Ол өзін өзі билей алмай тәлтіректеп жүрсе де осылай үрей сала Байсалдың машинасына қарай беттеп еді, неге екені белгісіз оның жаны шығып кете жаздады, ұшып барып құшақтай алды.


— Сабыр етші бауырым, ақылды едің ғой, жаным. Мені ағаңдай көруші едің ғой, алдыма отырып деміңді алшы, күнім.


Оның неге бұлай мейірбанси қалғанын ешкім аңғарған жоқ, тек Арман ғана мынау машинаның ішінде бір ұрлық барын сезіп тұр, бірақ, оны елейтін түрі жоқ. Екі көзі бишара бола қалған Байсалда. Байсалдың көзі Дариғаның көзінде, Дариға алдына көлденең жатып алып Байсалдың сақалын бір талдап ақырын жұлуда. Байсал иегін алып қашады, соған мәз болып ол сақ-сақ күледі. Күлкісін жөтелі тұншықтырып жіберді.


— Назипа!.. Назипа! О салаба... Мына сақалды жұпар дейтінің қайда? Жұпар дегенің жусан сасиды ғой. Ха... Ха... Ау, мен не деп кеттім?


Дариға соны айта салып Байсалдың бетіне қарады да, өз сөзінен өзі шошығандай ыршып тұрды.


— Ұят-ай, мен не дедім? Мынау өзіміздің кәрі сайтан... Ұят-ай, мен тағы не деп кеттім.,, Кешіріңіз, ағажан, — деді де, оның тізесіне қайтадан отыра кетті. — Мен сізді кәрі сайтан деуге әдеттеніп кетіппін, ол үшін айып етпеңіз.


Ол жаңағы бір сөзі үшін Байсалды осылай жазалап, Арманның алдында оның қоясын осылай ақтарып отыр. Ол тіпті өзінің сырқатын ұмытып кеткенге ұқсайды. Оның ауруды елемей егеске түскен мынау қайсарлығына сүйсініп, артистігіне іштей мәз болса да түндей түнеріп Саян тұр.


Зауыр Дариғаның сөзіне күлерін де, күлмесін де біле алмай, теріс айналып сырғи жөнелді. Жөнеле бере Арманға көз қиығын тастап еді, ол бір нысанадан көз алмай ауыр ойда тұр екен.


Ол көзін жерден алмастан жүріп барып Байсалдың машинасына бір-ақ тірелді. Оның кімнің машинасы екеніне ой жіберместен есігін ашып қалып еді, ар жағынан, дәу қара тонның арасынан бір мөлдір көз жалт етті. Сол жалт еткен көздің оты келіп бетін шарпып жібергендей Арман көзін шарт жұмып, есікті сарт еткізді де, шегіне бере өзіне өзі ызаланып ақырын күңк етті:


— Кешіріңіз... Ұят-ай.


Ол ұялудан басқа не істерін білмеген күйі шегіне берді, шегіне берді. «Ұят-ай», — дегеннен басқа сөз де аузына түсер емес. Оның бұл күйін Байсалдан басқалар аңғарған жоқ. Жан қысылса тән азабы да сезілмей кетеді екен, Арман машинасының есігін ашқан кезде Байсалдың көзі шарасынан шықты. Ол Арманға тез жету үшін сақалын Дариғаның шеңгелінен босата алмаған күйі үрейленіп тұра бастап еді, Арманның есікті қайта жапқанын көре сала қуанып, қайтадан отыра кетті де, Дариғаны құшақтай түсті.


— Жұла ғой жаным, жұла ғой. Тек, ауырта көрмеші, — деп аузына не түссе соны айта салды.


Олардың қасында жер таянып Саян отыр. Қасіреттің тұңғиығына батқан ол маңайында не болып жатқанын, тіпті жер қозғалса да сезер емес.


Өз машинасында, өз қалпынан өзгермей отырған Зауыр ғана. Көзі сүлдерін сүйретіп өзіне қарай келе жатқан Арманға түсіп еді, оның да ойы астан-кестен болып кетті. Машинасынан ырғып жерге түсті, бірақ алдынан жетіп баруға батылы жеткен жоқ.


«Мына жаққа қарағысы келмейді, әлде анау келіншектің сырқатынан шошынды ма? Жоқ, оның мұндай күйзеліс күйіне түскені бүгін ғана емес, Орталыққа барып келгеннен бергі соңғы төрт күн осылай өтіп келеді. Не болды екен?»


Зауырдың өзіне беріп тұрған сұрауы осы.


Арман сол сүлдерін сүйреткен қалпын өзгертпестен оның қасына келді. Жерге ойлана қадалған көзін әлі алған жоқ. Зауыр көңіл күйін сұрап еді, оған жауап берместен:


— Кетейікші, — деді.


Тек:


— Арман аға, кешіріңіз, есім шығып сізді танымай қалыппын, кешіріңіз, — деп қасына Саян келгенде ғана басын көтерді. Бірақ оның бетіне қараған жоқ, қолын оның иығына салып, көзін Дариғадан алмастан сөйлеп тұр.


— Кешірімді сенен біз сұрайтын болармыз.


Саян аңырып қалды.


— Сіз бе менен кешірім сұрайтын?


— Өзім сұрамаспын, кейбіреулерге сұратпай қоймаспын.


— Ешкімге кешірім сұратпай-ақ қойыңыз, тек осы колхоздан құтқарыңыз.


— Сонда қайда бармақсың?


— «Шағала» колхозына кеткім келеді. Бағлан ағаймен былтыр келіскен едім, мына бастық босатпай жүр.


Арман қалтасынан дәптерін алып, әлденені асығыс жаза бастады:


— Алдымен сырқатты жайғастыр. Ол үшін мына қағазды қалтаңа сал, кімге екені сыртына жазылды. Жұмыс жайын кейіп кеңесерміз, бар, сырқатты қалаға тез жеткіз.


Не себеп болғаны белгісіз, бұл кезде Дариға ашулы шенгелін Байсалдың сақалына қаттырақ салған еді. Бетін жаба жалбыраған қою қара шаштың арасынан көзі өшіге жарқырап, тістенген тістері мүлдем ақсиып кетіпті. Байсал сақалын оның шенгелінен босата алмай көзі жасаурап булығып отыр. Ол Дариғаның білегінен қысын байқап еді, қайысар емес, қайта уыттана түсетін түрі бар. Шеңгел жанына батса да сыр бергісі келмей жымыңдайды, жымиғаны жылағанға ұқсайды. Жалған қайсарлығы көпке барған жоқ. Дариғаның бетіне қарап, күңірене үн қатты:


— Саян, қолын байламасаң, мына байғұс өзін өзі жұлып жейтін.


Байсал соны айтқан кезде Саянның барлық түгі тікірейіп бетіне шыға келді:


— Немене? — деп саңқ еткен даусы қасында тұрған Арманды да селк еткізді.


Байсалдың беті қызарып, көзі жасаурап кетіпті, оны еш елемейтін секілді. Етегін қаға, сілкіне түрекеліп Арманның қасына келді де, үн қатпастан оны қолтықтай жөнелді.


— Әрине ұят! — деді де, Арманның бетіне қарамастан тұра қалды. — Ұят болса да мен саған бір сұрау бергелі тұрмын. Мен де сен туған анадан туған едім ғой, сен де ұялмай ашық айт: сен жаңа менің машинамнан не іздедің?


— Кешіріңіз, бір ойдың жетегінде жүріп аңдамаппын.


— Аңдамағанда көргенің немене?


— Оны маған айтқызбағаныңыз жөн болар.


— Онда мені тыңда! — деді Байсал ширығып. — Мынау машинаның ішіндегі әйелді аузыңа алушы болма.


— Неге?


— Ол сенің атауыңа татымайтын әйел.


Арман оның өз сөзін өзіне жұмсап:«Менің атауыма татымайтын әйел сіздің жүрегіңізге қалай татыды? Мен туған анадан сіз де туған едіңіз ғой», — дегісі келіп еді, оны айтқан жоқ.


— Кең отырып кеңесейік, келесі жексенбі күні райкомға келіңіз, — деп еді, Байсал сонда ғана оған жалт қарады.


— Райкомға?


— Енді қалай ғой деп едіңіз? Жауырды жаба тоқып жүре береді ғой ден пе едіңіз?


— Түсінбедім.


— Біз коммунистіктің үстіне бір анадан туғандармыз ғой, көре тұра сізді мұндай масқара өлімге жіберсем туысқандығым қайсы?


Байсал Арманның бұл сөзінен бәрін де ұқты. Ойлап қараса айтар дауы, қарсыласар қауқары жоқ екен.


— Онда қош бол, бауырым.


Байсал соны айтып жөнеле берді.


Арман ұзап бара жатқан ағасынан көз алмай сол орнында тұр. Ойланған сайын ағасына қатая түсті. Сол қаталдықтан қайтпасқа бекінгендей ширығып келіп машинасына отыра бере үн қатты.


Осындайларды да басшы дейміз, ә?


Алдағы жол жайлы екен, машинасын сол жайлы жолға салып алғаннан кейін Зауырдың өзі де жайланып ұшар құстай бір қомданып алды да:


— Ағаңыз үшім қапа болмаңыз, мен бүгін сізге нағыз коммунисті де көрсетемін, — деді.


— Сен де соғады екенсің.


— Айып етпесеңіз енді бір жарты сағаттан кейін мұнан да қаттырақ соғамын.


Арман оның бетіне көз қиығын тастады да:


— Ондай адамды менен бұрынғы секретарьлардың бір де біріне көрсетпеген секілдісің, оның қалай?


Зауыр ойындағысын айтар-айтпасын білмей аз кідірді де, машинасын бір жырадан өткізіп алғаннан кейін барып үн қатты:


— Мен бұл аз ғана жастың ішінде сіз секілді секретарьлардың талайын тасыдым. Тіпті дәрежесі мұнан төмен кезінде Бураханның өзін де бір жыл тасығанмын. Солардың ішінде мені адам деп біліп, ілтипатына ілген сіз ғанасыз. Сондықтан ба білмеймін, сізбен келе жатқан жолдың бәрі маған даңғыл жолдай сезілді. Сондай шат кездерде тым шарықтап кетсем айып етпеңіз.


— Адаспасаң болды, шарықтай бер. Зауыр алысқа үкіле түсті де:


— Әне, сонау арғы жағада тұрған қара «Волганы» көрдіңіз бе?


— Иә, ол кімнің машинасы?


— Бұл аймақта қара «Волгасы» бар тек Бағлан ғана.


— Анық сол болса жақсы кездестік, — деді Арман. Мұнан кейін екеуі де үнсіз қалды. Арман тағы да Бағланның тағдырын ойлап кетті.


Ол осындай ойда келе жатып өзен жағасына қалай тез жеткенін де сезген жоқ.


Зауыр ағызған бойы екпіндеп келіп иесіз тұрған қара «Волганың» қасына келіп тұра қалды.


— Қателеспеппін, батырдың өзі екен, — деді ол машинасынан түсе сала қара «Волганы» айналдыра қарап.


— Мен ана бір алақандай көктесінге аунап, біраз дем алайын, сен маған матап қойған үйректеріңді әкел де, тезірек асып жібер.


Зауыр жауап қатқан жоқ. Ол мылтығын алып өзенге, Арман арнаулы төсенішін алып жаңағы өзі қан алақандай көктесінге қарай беттеді.


«Ех, Бағлан... Бағлан!» — деді де ол шалқасынан жата кетті.


Көкжиектен жана ғана көтерілген күннің шұғыласымен күлімдеп қақ төбеде, аспанның сонау заңғарында шығандап күндізгі ай түстес бір ақша бұлт тұр, Өзі айтқан алақандай көктесіннің үстінде шалқасынан түсіп, көзін сол ай түстес ақша бұлтқа байлап Арман жатыр.


Оның ойын жақын жерден екі дүркін гүрс еткен мылтық даусы бөліп жіберді. Басын ақырын көтеріп қарап еді, Бағлан екен. Мылтығын кезей ұстаған күйі аспанға қарап Арманның тұсынан өтіп барады.


— Қайырлы таң — деді Арман орнынан тұра бере үн қатып.


Бағлан оның сөзіне назар салған жоқ, көзін аспаннан алған жоқ.


— Менің таңым сен тілемесең де қайырлы, сөзді қой да бұқ жылдам, бұқ тезінен!.. Қап, қайқайып кетті-ау.


— Байқаңыз, аспансыз қалып жүрмейік?


Арманның бұл сөзі қытығына тиді'ме, қалай, Бағланның даусы зілдірек шықты.


— Ей жолдас, мына өзеннің құсы екеумізге де жетеді, тезінен жөніңе тартсаң қайтеді?


Арманның айтары әзір екен, күлімсіреп алып іле үн қатты:


Сіз жасырып келген колхоздың жеті мың қойы болмаса, өзеннің құсы екеумізге жете қоймас.


Бағлан тіксіне қалды. Күн шалып тотыққан ақ сұр жүзі мүлде қошқылданып, неше күннен бері.қырылмаған бет түгі де тікірейіп шыға келді.


— Жасырып келген жеті мың қой? — деді ол ойлана сөйлеп, соны айтқан соң ғана есі жиналғандай бар ызбарымен жалт қарады. — Нысанасына өзеннің үйректерінен бұрын мені алып тұрған сен кім едің? — дей бере аңырып қалды. Жаңағындай емес, көзінен бастап, қырау шала бастаған мұртына дейін күлімдеп сала берді. — О, ғажап! Мына құлазыған қу даладан мен кімді көріп тұрмын? Арманым-ау, осы тұрған анық өзіңсің бе? Амансың ба? Сені мұнда айдап келген қандай құдай? — деп қолын ұсына ұмтылып келіп кенет тоқтай қалды, — кешіріңіз, сәл тая басыппын.


— Менен кешірім сұрайтындай кінәңіз жоқ шығар, қолыңызды әкеліңіз.


— Мә, қолым, мә жүрегім, бірақ мен «сіз» деп сызылуды ұмытып кетіппін.


— Не үшін «сіз» деп сызыласыз?


— Жасыңыз кіші болса да дәрежеңіз үлкен ғой.


— Кімнің еңбегі үлкен болса соның дәрежесі үлкен емес пе? Әлде еңбегіңіздің де қоспасы бар ма еді?


Бағлан қайтадан тіксіне қалды.


— Қоспасы? Бұл сіздің өз сөзіңіз емес қой. Өзгенің сөзін тамсағандай не болды?


— Психолог екенсіз.


— Мен адамның жүрегін тыңдай білемін. Мақтаншақ емеспін, оны да ескергейсіз.


— Мына бір топ үйрек осылай беттен келеді, әзірленіңіз.


— Көзіңіз үйректе болғанмен нысанаға мені алып тұрсыз ғой. Егер, жанкештілеу біреулердің қағаздан жасап берген оғы болса атқылай беріңіз, менің қамалым берік, қандай оқты болса да қарсы алуға әзірмін.


— Мынау өзен таси-таси далиып кеткен бе қалай?


— Бұл да өз сөзіңіз емес, — деді Бағлан қатулана түсіп.


— Оны қайдан білдіңіз?


— Қанша даңқты болсам да менің дандайсып далимайтынымды сіз жақсы білесіз. Онан да сіз маған өз жөніңізді айтып, «қоспа» деген сөзіңіздің мәнісін түсіндіріңіз.


— Сезіктенеріңіз бар ма еді, мұнша неге секірдіңіз?


— Іздегеніңіз менің сезігім болса ашық айтыңыз.


— Менің іздегенім осындағы бір адамның асыл арманы.


Арман кеудесін кере демін алды да бір шындықтың шетін осы арада амалсыз айтып салды:


— Нұсқау солай.


Арманның осы бір ғана сөзінен өзіне төніп келе жатқан қауіптің қандай салмақты екенін сезген болар, Бағланның өңі кенет суып сала берді.


— Ол нұсқау өзіңіздің бір кезде ажалдан алып қалған досыңыз Бураханның нұсқауы болар.


— Менің Бураханды ажалдан алып қалғанымды сіз қайдан білесіз?


— Биыл сіз біздің бірінші секретарымыз болып сайланған пленумда ол сіздің ерлігіңізді айтып, бес минут залдағылар қол соқты ғой. Сонда жұрт қолын не үшін соқты? Бураханның сізді құшақтап сүйгені үшін бе?, Жоқ, сіздің от пен оқтың дариясын кешіп барып оны ажалдан алып қалған ерлігіңіз үшін.


Арман жалт қарап еді, оның бұл сөзді ұнатпағанын сөзді де Бағлан іле үн қатты.


— Кешіріңіз, сіздің сол досыңыз басшылыққа келгеннен бері қиялданып, осылай сөйлейтін болып кеттім.


— Москваға жазылған бір хаттың маған сол Бурахан арқылы келгені рас, егер, менің жүрегімді тыңдай білетініңіз рас болса шыныңызды жасырмаңыз.


— Менен нендей шындықты күткен едіңіз?


Арман оның күтпеген жағынан шықты.


— Менің күткенім — сіздің өмірге жасап жүрген жасырын тәжірибеңіз.


Енді Бағлан аңыра бастады:


— Мен өмірге қандай жасырын тәжірибе жасаған едім? — деді ол, сол сұрауды өзіне де беріп тұрғандай ойлана сөйлеп.


— Облысымызды кемінде бес жыл артқа серпіп тастаған биылғы қыс сіздің колхозды міз бақтыра алған жоқ, мен алдымен соның сырын білгім келеді.


Бағлан Арманның көксегені бұл емес екенін сезді де іштей арбаса кетті:


— Менің жүрек дейтін құдайым бар, — деді ол ойлана сөйлеп, көзі төбеден сусылдап өтіп бара жатқан үйректерде, — сол құдайым алдағы жаздың қандай боларын көктемнен бастап сездіреді де мен жер көктер-көктеместен барлауға шығамын. Сол барлау бойынша жаздай шабуыл жасаймын. Қарсы шабуылға шыққан адамнан қыс та қаймығады. Екіншіден, малшылардың жағдайын үнемі жақсартамын. Өйткені өзі аш малшының малы да аш болатынын жақсы білемін.


— Басқалар сізден неге үлгі алмайды?


— Үлгі алу үшін күш керек қой.


— Елден ерекше сіздегі нендей күш?


— Ол күштің аты бедел. Менде мынау қос жұлдыз әперген бедел бар. Сол беделдің арқасында өзгелер жойып жіберген ауыспалы егіс системасын сақтап қалдым. Сол беделдің күшімен тереңде жатқан теңізден су тартып, мал азығын өсіретін аймақ жасадым. Сол беделіме сеніп бір ауыр қылмысқа да бардым.


— Қылмысқа?


— Иә, сіздің ендігі білмегеніңіз менің сол қылмысым болар.


— Дәл олай дей алмаймын, бірақ...


— Мен бала емеспін ғой, — деді Бағлан оның сөзін бөліп, — енді ашық сөйлескеніміз жөн.


— Ол тілегіңізді орындауға әзірмін, — деді де Арман манаты айтылған хаттың сөзін өз сөзі етіп айта бастады. — Сіз мұнан төрт жыл бұрын колхозшылардың жеке меншігінен алынған жеті мың қойды колхоздың есебіне қосқан жоқсыз. Ол жеті мың қойды сонан бері колхозшылардың қажетіне жасырын жұмсап келдіңіз. Егерде мұның бәрін жала дейтін болсаңыз мына сұрауларға жауап беріңіз. Сіздерде жетпіс жеті отар қой бар, сол жетпіс жеті отардың қойшылары әсіресе қыс айларында етсіз болмайды. Орталықтағы асхананың қазандары еттен бір орталаған емес. Басқа колхоздарда болатын малдың өлім-жітімі сіздерде де болып тұрады, сіздің қойларыңыз сонда да бір кеміместен өсе береді, бұл неліктен?


Бұл сұрауды Бағлан төрт жылдан бері күткен-ді, сондықтан оның жауабы да әзір, бірақ қанша әзір болса да айтуға келгенде ауыр екен. Күткен сағаты соқты, ар шайқасы ашық майданға шығатын шақ жетті, енді не істеу керек? Өзіне өзі сол сұрауды іштей бере тұрып жаңағы бір кезде салбырай бастаған еңсесін қайта көтеріп алды да Арманға қарады:


— Егер мұны жазған өзімнің келінім Жанна болса, онда маған берер сұрауларыңыз мұнан да көбірек болсын, өйткені менің сіздерге арнап бес жыл бойы сақтаған сұрауларым бес тонна.


Арманның көзі манадан оның жүз құбылған жүзінде, әзі: «Қайтер екен, қалай жалтарар екен? Әлде менің осындай өтірікті ойға салып өлшеместен айтқаныма қарқылдап күлер ме екен?» — деген ойда болатын. Бағланның жаңағы жауабы оның бар жақсы үмітін түгел талқан етті. «Енді бұл қалай?» — дегеннен басқа сөз де табалмай аңырып тұр.


Шынында бұл қалай? Ол хатты білетін Бурахан мен екеуі ғана. Сонда оны кімнің жазғанын бұл қайдан біледі? Екіншіден, сондай сұмдығы сорлаған қылмысты Бағланның тайсалмастан мойындайтын түрі бар. Бұл не жұмбақ!


Ол қанша ойланса да таба алмады.


— Мұны жазған келініңіз екенін қайдан біле қалдыңыз? — деп сөз тартып байқап еді.


— Менің жасырған малымның дәл саны қанша екенін білетін сол ғана, — деп, Бағлан жауапқа іркілген жоқ.


Арман бұрынғыдан да бетер таңданып қалды, ішінен: «Мынаның есі сау ма?» — деп қадала түсті. Бірақ ол қанша қадалса да Бағланның көзінен ешқандай жалғандықты көре алған жоқ. Есі де сау секілді.


— Онда бес тонна сұрауыңызды әзірлей беріңіз, — деді айтқысы келмеген сөзін салмақтап тұрғандай үзіп сөйлеп.


Бағлан өз орнына мүлдем бекініп алған секілді, Ол мылтығын, беліндегі оқ сауытын шешіп алып Арманның алдына тастады да:


— Қане, — деді саңқ етіп, — мені қайда апарып тергейсіз? Қайда бастайын? Колхоздың алыстағы кеңсесіне ме, маңайдағы фермалардың біріне ме? Жоқ әлде орталыққа әкетесіз бе?


Арманның оған: «сіз, алдымен дәрігерлердің де тексеруінен өтесіз», — дегісі келіп еді, оны айта алған жоқ.


— Әзір оның біріне де бармаймыз, — деді ойлана сөйлеп. — Қайда, қалай тексеретінін комиссия бастығының өзі айтар. Менің сізден бүгінгі білмегім осы айтылғандардың шындығы. Егерде бұл шындық болса, мұндай қылмысқа пе үшін бардыңыз?


Бағлан оның көзінен әлденені көргісі келгендей ұзақ қадалып тұрды да, бар шынын айтыи салды.


— Мақсатым колхозшыларды мемлекеттің масылы еткім келмеді.


— Ал, ол жеті мың қондың қазір қаншасы қалды?


— Сол жеті мың қалпында.


Арман шіміркегендей түр көрсетіп жалт қарады:


— Мен сізден шын сұрап тұрмын, — деген даусы да зілдірек шықты.


— Мен сіздің менен білмек болған шындықты ғана айтып тұрмын, — деді Бағлан қалпын өзгертпестен.


Арманның жаны жадырап сала берді, бірақ:


— Мұныңыз да бір қызық екен, — деуден басқа сөз таба алған жоқ.


— Жақсы екен деуді маған қимай тұрған жоқсыз, олай деуге Бураханнан қорқасыз.


— Мүмкін.


Арман өз ойымен алысып жүріп кете бере, өздеріне қарай келе жатқан бір машинаны көрігі тұра қалды.


Мына бір машина осылай беттеп келеді, қаруларыңызды сирек асыныңыз.


Бағлан қимылына көз ілестірген жоқ, қаруларын қайта асынып алды да сомдалып тұра қалды.


— Мені шақыра келген біреу болса кетемін, маған айтарыңыз болса тезірек айтып қалыңыз.


— Ертеңдер осы ауданға Бурахан келеді, сіз бүгін маған өзіңіздің тәжірибе учаскеңізге айналған Сағым даласын көрсетіңіз. Ертең мен сол даланы Бураханға көрсетемін де, сізге айтарымды сол жерде айтамын.


— Сіз Сағым даласына бүгін бармақсыз ба?


— Бүгін, әдейі Бураханнан бұрын көріп алу үшін асығып келемін,


— Сонша не үшін асықтыңыз?


— Сіз үшін.


— Түсінбедім.


— Кейін бәріне де түсінесіз.


— Онда осы жерден ораза ашып алайық. Менің мына бір өзектерде қалған үйректерім бар еді, соны әкелейін де, қоламтаға көміп жіберейін.


Бағлан соны айтып өзенге қарай жөнеле беріп еді, бұларға жете бере тоқтаған машинадан бір жас әйел түсе сала Бағланға қарай ұмтылды.


— Папа! Мен сізді іздеп келемін.


Бағлан үрейлене жалт қарады:


— Жанна! Балам-ау, жайшылық па?


— Жайшылық емес, сіздің көреген деп мақтап жүрген Арманыңыз көзсіздердің бірі болыпты.


— Е, көзсіз дерліктей ол не істепті?


— Бураханның жетегінде кетіпті. Біздер егіс көлемін биыл екі есе көбейтетін болыппыз. Ол үшін Сағым даласына да егін егетін болыппыз. Жоңышқа егілген жерді қайта жыртып бидай егетін болыппыз.


— Бұл не лаң? Осы ма, сіздердің өткен қыстан алған сабақтарыңыз? — деді Бағлан Арманға беттей беріп.


— Папа, бұл кім? — деді Жанна сыбырлап.


— Біздерге нанның орнына Сағым даласының шаңын жұтқызғалы тұрған Арман Абзалов жолдас осы, танысыңыздар.


Ақша жүзі көзді бірден тартып алатын ажарлы Жаннаның беті дуылдап кетті. Жасыл матадан тұтас тігілген жол киім оның судан шыққан сүйріктей сұлу денесін онан сайын жұмырландырып, сұлуландырып жіберіпті. Неліктен екені белгісіз, сол сұлулық Арманның жүрегіне бір үрей салып тұр. Ол ұялып қызарған кезде мүлдем ажарланып кетеді екен. Қалай қараса да төңкерілгендей көрінетін қарасы үлкен тұнық көзі Арман аты естілген сәтте бір жалт етіп төңкерілген еді, сонан қайтып көтерілген жоқ. Арманның көзін өзіне тартып алғанын сезгендей іштей шалқып келеді.


— Кешіріңіз, мен сізді көп аңшының бірі екен деп қалдым.


Арман қарсы келе жатыр.


— Көп аңшының бірі болмасам да, көп секретарьдың бірі екенім рас.


— Айбасова, — деді Жанна қолын ұсына беріп.


— Дер кезінде жақсы кездестіңіз-ау, Жанна.


Жанна ол қуанышқа түсінген жоқ, көзін жерден сәл көтере бере үн қатты:


— Менің атымды қайдан білесіз?


— Бұл ағайың бәрін де біледі, балам, — деді де Бағлан Жаннаны бір қолымен құшақтай тұрып Арманға қарады. — Мені «папа» дейтін дүние жүзінде бір ғана адам бар. Ол — қырғыздың осынау бір қызы. Менің ұлым да, қызым да, келінім де осы. Дүние жүзінде мені ата дейтін бір ғана адам бар. Ол — осыдан туған Алдан дейтін бес жасар немерем. Мен отқа өзім үшін, яки бұлардың ешқайсысы үшін түскенім жоқ, сіз осыны да біліп алғайсыз.


«От» деген сөз ерт болып өзегіне түскендей Жаннаның жаны ыршып түсті. Иба сақтап өзін-өзі қанша тежеп тұрса да:


— От! — деді атасына жалт қарап. Бағлан оған жауап берместен сөзін қайта жалғады.


— Жаныммен тең жалғыз ұлым бар еді, ол өзінің арманын артында қалған біздер үшін келешектің шам шырағы етіп екі жылдан бері сонау төбенің басында тұр. Көрдіңіз бе, сонау мәңгілік отындай маздап тұрған соның жүрегі.


— Күнмен шағылысқан шапағы шынында мәңгілік отына ұқсайды екен.


Бағлан Арманның бұл сөзіне іштей риза болса да үн қосқан жоқ, қалпын өзгертпестен әлі сөйлеп тұр.


— Ол — сол төбенің ар жағындағы Сағым даласының астындағы теңізді зерттеп жүріп мұнарадан құлап өлген менің ұлым Арыстанның ескерткіші. Сондай ұлымнан айырған ол далада менің кегім бар, оны да біліп алыңыз.


Арман оны ауыр ойдан үзіп әкетуге асыққандай: Ғылыми болжауларға қарағанда алдағы жаздың жауын-шашыны мол болатын секілді, оны сіздер де біліп алғайсыздар, - деді күлімсірей сөйлеп.


Оны білгендегі істеріміз Сағым даласын бүлдіру ме?


— Бүлдірмейсіздер, егін егесіздер.


— Мал азығы үшін бір тал шөп екпейміз, солай ғой.


— Мұнан бес жыл бұрын берілген нұсқауды орындамай өзінің беделін пайдаланып егістік жерінің қақ жартысына мал азығын егіп келген сіз сияқтыларға енді қатаң тыйым салынатыны рас.


Сыпайылықты қанша сақтаса да Жаннаның шыдамы мұнан әріге жетпеді:


— Жақсылыққа тыйым болсаңыздар жаманшылыққа жол ашқандарыңыз емес пе? — деп бірден зіл тастады.


— Ондай сұраудың жауабын келешектен күтіңіз, — деді Арман ойланбастан. Ойланса да мұнан артық жауапты ол қазір таба алмайтын, тапса да айта алмайтын еді.


— Бураханның бұл нұсқауын мен оның өз аузынан мұнан екі ай бұрын естігенімде егескенмін, — деді Бағлан. — Сол егес маған басқа егестерден бұрын мал азығын еккізген-ді. Енді кім айтса да ол жерді қайта жыртып бүлдіре алмаймыз, бүлдір деп сіз де айта алмассыз.


— Берілген нұсқауды теріс орындасаңыздар неге айта алмаймын?..


— Ең қиналар шағымыз ертең... ертең... — деп Бағлан өзінін, сол тектес ойын айтып салды. — Сондықтан бүгінгі күнге ертеңгілердің көзімен қарағайсыздар, — деді де Жаннаға қарады. — Балам, мен әр кездің өз заңы барын ойламай мезгілсіз батыппын. Бүгіннен бастап мен өмірді Алданымның ғана көзімен көріп, сүйерімді сопың жүрегімен ғапа сүйетін болармын. Сондықтан дәуірлеудің соңғы күні болатын бүгінгі күнді Арманыммен осы жағада өткізіп ішпестен мас болайын, сен бір қызмет істеп жібер. Алдымен мынау шала сөнген оттың астында, балшыққа оралып қоламтаға көмілген екі үйрек бар, соны аршып алып таза қағаз бен қалың орамалға ора да, шай қоя бер, мен өзен жаққа барып дәулетімді жинап әкелейін.


Бағлан соны айтты да, Жаннаның:


— Тоқтаңызшы, сізде бір қиналу бар ғой, соны айтын кетіңізші, — деген тілегін де тыңдаған жоқ.


— Кейін балам, кейін, кейін бәрін естірсің де жыларсың, жыларсың да күлерсің, — деді де жүріп кетті.


Жанна аң-таң.


3


— «Жыларсың да күлерсің». Бұл не жұмбақ, — деді ол ойлана сөйлеп, — өзінде бір қуаныш бар секілді.


— Ең үлкен жұмбақ та, атаңызды қинайтын ең ауыр азап та өзіңіздің жақсы ниетпен жазған хатыңыздың ішінде, — деп Арман сөз тастап еді.


— Хатыңыз не айтып тұрған? — деп Жанна тіксіне қалды.


— Мен сіздің барлық колхозшылардың өз колхозшларыңыздай ауқатты болуын көксеп орталыққа жазған хатыңызды айтып тұрмын.


Жанна Арманның бетіне тұңғыш рет осы арада тіксіне қарап қадалып қалды.


— Бұл не оспақ? — деген даусы да қатал шықты.


Арман машинасына барып портфелінен бір пакет алды да Жаннаға ұсынды.


— Егер менің айтқаным жала болса мынаны неге жаздыңыз?


Жанна пакеттің ішіндегі бірнеше парақ қағаздың ең соңына қарап жіберіп бар дауысымен айғай салды:


— Бұл не сұмдық?


— Егер мұнда жазғандарыңыз шындық болса неге сұмдық?


— Мына қойылған әдемі қолдан бұл хаттың іші толы сұмдық екенін көріп тұрмын.


— Ойланыңыз, мүмкін қойылған асыл ойлары да сіздің ойыңыз болар.


— Мұны жазған мен емес, сондықтан сіз ойланыңыз. Сіз менің қолымды қоя алатын залым біреудің сұрқиялығына алданып менің жаралы өмірімді талқандағалы тұрсыз, жалынамын, ойланыңыз.


Енді Арман аңырып қалды:


— Сонда бұл хатты жазған сіз емессіз бе?


— Ант етемін.


— Егер мұны жазған сіз болмасаңыз, атаңыз қалай тез мойындады.


— Мүмкін емес.


— Немене мүмкін емес?


— Папамның мұндай жаланы мойындауы мүмкін емес.


— Ол тіпті өзінің жасырған малының санына дейін білетін сіз ғана екеніңізді де жасырған жоқ.


— Құдайым-ау, мен кімнің алдында тұрмын? — деді Жанна зарланып.


— Кімнің алдында тұрғаныңызды жақсы білесіз, сондықтан шындықты жасырмаңыз.


— Бұл не масқара?


— Ие, сіздей саналы азаматтың секретарьдан шындықты жасыруы масқара.


— Жоқ, саналы азаматтың осындай өтірікті секретарьдан естуі масқара.


— Сонда қалай, атаңыз жасырып келген малдың санын сіздің білетініңіз бекер ме?


— Бекер... бекер...


— Онда атаңыз келініне дейін жала жабатын өтірікші екен ғой.


— Жоқ, ол өтірікші емес, — деді де Жанна қолын созды. — Не бәле болса да оқып алып көрейін, рұқсат етіңізші.


Арман сәл іркіліп еді, Жанна суық жымиыспен ызбарлы үн қатты.


— Қорықпаңыз, «атасының үстінен арыз жазған арсыз келін» болсам да мисыз емеспін, мұндай қағазды жыртпаймын.


— Білемін, «сыртыңыздан қанықпын» деген жаңағы бір сөзі жай айтылған сөз емес. Оны сіз де біліңіз.


Арманға мұндай жұмбақты айтқызып тұрған құдірет өзінің тағдыры, еткен күннің бір елесі. Ол Жаннаны бір кезде өзінің арманындай көрінген бір қызға ұқсатып тұр. Сондықтан ол өзіне ерсі көрінетін ұят мінезден де тайынбай Жаннаның көзінен әлденені көргісі келгендей телміре қарап тұрып алды.


Жанна хатты ішінен оқып, ақырын жылжып алыстап барады, ал Арман сол орнында, сол бір ойдың құшағында.


«Адам баласы біріне-бірі мұндай да ұқсай береді екен-ау. Ғажап, ғажап...»


Мүмкін Арманның көзіне солай көрінген болар.


Ол бір суретін дәл өзіндей етіп ешбір суретші сала алмайтын өзгеше жан еді. Амал не, Арман сондай нұрлы көзі бар қызды сонан бері бір көре алмай табиғаттың сараңдығы есіне түскен сайын басын шайқаумен келеді. Өйткені ондай көзді өмірде бір-ақ рет, онда да дүниеде бардын бәрі сұлу көрінген шаттығы мол шақта, өзі майданнан қайтып келген күні туған жерінің топырағын алғаш басқан сәтті шақта керген еді.


Ол мұнан он сегіз жыл бұрын — 1944 жылы июль айының аяқ кезі болатын. Арман майданнан қайтып келе жатқан-ды.


Станция мен колхоз арасы сексен километр. Осы ұзын жолдың үстінде екі машина жарысып келе жатты. Арман осының соңғысында. Кімдікі екені белгісіз бір машина алға түсіп алып, Арманның машинасына жол бермей, қара жолдың шаңын аспанға шығарып жеткізбей келеді.


Бүгінгі «Дарбаза» колхозы ол кезде төрт колхоз болатын. Арманның келе жатқанын естіп сол төрт колхоздың халқы тік көтеріліп жазықтағы бір тебенің басына жиналған еді, Арман алдағы шаң бір толастаған кезде сол топты көре салып:


— Жеңеше, анау тебе басындағы қалың ну не? — деді өзін әкеле жатқан шофер әйелге қарамастан.


— Ол сенің жеңіспен келген тойыңа жиналған ел ғой. Еліңнің ат жарысы, қатындар күресі сияқты сауығын сағынған ба едің?


— О, жеңеше, мен сағынбаған не бар дейсіз?


— Сені сағынбағандар да аз-ау.


Арман мұнан әрі үндеген жоқ, ата мекеніне жақындаған сайын егіліп кетті. Асыққан адамға ұшқан самолет те шабан көрінеді ғой, шофер жеңгесі қанша қатты айдаса да Арманның сабыры тағат тапқан жоқ, ел тұрған төбенің етегіне іліне бере машинадан бір-ақ секірді.


Осы кезде алдыңғы белгісіз машина да топтың деңгейіне жете бере тоқтаған еді. Сол машинаның үстінде бір қыз тұр. Омырауы күнге шағылысып жарқылдап келе жатқан Арманға алыстан қарап тұр. «Жұрт мақтаған жігітті біз де көрейікші» дегендей кірпік қақпастан қадалады. Арман оны аңғарған жоқ, аңғарса да көзіне ілетін емес. Ол төбе басындағы топтың ішінде тұрған анасын аңсап келеді. Қазір онан басқаны көретін де емес. Таудан домалаған тастай төбе басынан жарыса құлап келіп, жан жағынан жармаса құшақтай алып, бірінен соң бірі жұлып әкетіп бетінің кез келген жерінен сүйе бастаған аға-жеңге, іні-қарындастарын бір-бір құшып ілгері ұмтылып келе жатыр еді, дәл оның осындай алабұртқан шағын аңдып тұрғандай жаңағы бейтаныс қыз машинадан секіріп түсті де, оның алдына тұра қалды.


— Армысыз, Бақыт аға? — деді қолын ұсына жақындап.


Арман қанша асықса да «ағалап» тұрған қарындасты жолынан қағып өте алған жоқ. Оны өзіне тез тартып алған қыздың «армысыз» деген сөзі. Өйткені бұл елдің жастары олай амандаса қоймайтын, қыздың сол сөзінен өзге екенін танығандай оның ұсынған қолын ала бере:


— Кешір қалқам, мен сені танымай қалдым. Сен де мені танымайтын секілдісің, менің атым Бақыт емес Арман, — деді алқына сөйлеп.


— Атыңыз Арман болғанымен өзіңіздің Бақыт екеніңізді көріп тұрдым. Ілтипатыңызға айтар алғысымды қабыл алыңыз да жолыңыздан қалмаңыз, тілектеспін, сау болыңыз.


— Амандаспастан қоштаспай жөніңді айтшы, жарқыным, мені мұнша үйіріп алған сен кімсің?.


— Мен бір жолаушымын. Майдандағы ағаларын аңсай күткен көп қарындастардың бірі болар деңіз де жүре беріңіз.


— Өзің осы жердің қызысың ба?


— Жоқ, Абай өскен Шыңғыстаудың қызы, — деді оны әкеле жатқан шофер мұртын насаттана сипап. — Ұмытып қалма, аты Фаруар.


Қыз қолын кері тартып Арманның қолынан босатып алғанша топтың қалың орта тұсынан «Құлыным» деген ана даусы шығып еді, Арманның «Апа!» деуге ғана шамасы келді, төбе басына қарай зырқырай жөнелді...


Сонан бері жиырма жыл өтті. Сол қыздың келбетті кескіні Арманның көз алдынан бір кеткен емес. Сымбатты сұлу денесі де, таң шолпанындай жарқ етіп көзге бірден түсе кететін жазық маңдайы да, аққұба өңінің өрнегіндей сол ақ маңдайға жараса біткен жіңішке қара қасы да, сүйкімді сұлу бұғағы да, қос өрімі жер сызған мөлдір қара шашы да, ең ақыры басындағы күміс оқалы ала тақиясының әдемі өрнектері де көзіне ұялап алыпты. Соның бәріне ой жіберіп қараса, Жаннаның оған ұқсамайтын тек шашы ғана екен. Бірақ мұның шашы желкесінен келте болса да сонау толқындана төгілген қолаң шашты елестетіп тұр.


Бірақ сол ала тақиялы қызға тең келетін әйел затын Арман бір көрген емес. Арада жиырма жыл өтсе де сол он сегіздегі уылжыған қалпында көретін. Өйткені ол өзінің алғашқы махаббатының иесі, өйткені ол өзінің бес баласынын анасы Фаруар болатын.


Сонан бері Арманның көз салған адамы осы Жанна ғана, бірақ ол сырын жан баласына әзір сездірген емес. Оның Жаннаның бар сырына сырттан қанық екені де, бүгін ойламаған жерден кездескеніне қуанғаны да рас. Ойлап қараса жаңағы өткен аз минуттің ішінде Жаннаның ұяла тұрып қуанып, қуана тұрып қиналғаны жан сұлулығын жайып салыпты. Арман өзінің ендігі арманы не екенін Жаннаға айтқысы келеді, айта алмай, алыстан телміре қарап өз ойымен теңселіп тұр. «Не десем екен? Жанна, сізге айтар арызым бар еді, соны қашан тыңдар екенсіз, десем. Жоқ, бұл оған татитын сөз емес».


Арман оның бірде-біріне бекінген жоқ. Егер өзі Жаннаны жақтай қалса өрттей қаулайтын ертеңгі қаңқу сөздер қиқу салып киіп-киіп кетеді. Бір жағынан бүгінгі досы Бураханның «жуан жұдырығы» да елестейді. Оның: «Менің Арман досым сондай ауыр қылмыс жасаған Бағлан Айбасовты ие үшін қорғап отыр, оның жесір келіні үшін», — деп мінбені жұдырықтауы сөзсіз. Күж даусы құлағына келсе, жуан жұдырығы көзінің алдында елестейді, сол елеске күлкісі келіп мырс етіп еді, Жаннаның жылап тұрғанын кере сала жым болды.


— Күліңіз... күліңіз... Атасының үстінен арыз жазған мен сияқты бейбақты жылата күліңіз, қаттырақ күліңіз, міне, былай... былай... ха... ха... ха...


Жанна ызалана сақылдап күліп еді, Арман шошып кетті. Ол ұшып келіп Жаннаны құшақтай алды:


— Сабыр етіңізші.


Осы кезде өзен жақтан мылтық даусы гүрс етіп еді, Жанна ыршып түсті.


Ол сол ыршып кеткен бетінен қайтқан жоқ, хатты Арманның өзіне бере салып машинасына бір-ақ ырғыды. Жасқа булығып сөйлей алмай қош айтыспастан кете барды.


Оның енді қайрылмасын сезіп Арман да үнсіз қала берді. Қанша ойланса да бұл екеуінің сырына жетер емес.


«Бұл қалай? Мұнда қандай сыр бар?»


Ол осындай ойда тұр еді, өзеннің арғы бетінен жаңғырығы жер жарған бір гүріл дүр етті де, күшін шиырып алғысы келгендей тоқтай қалып, аздан соң қайтадан дүрілдеп бүкіл даланы жаңғырықтыра жөнелді. Арман оның экскаватордың дүрілі екенін бірден таныса да таңданып:


«О, ғажап, мына жойқынның бұл елсізде несі бар?» — деді ішінен.


Ол соны айтын үлгіргенше болған жоқ, екінші жақтан Бағланның:


— Қалай, өз үніңіздің жаңғырығы құлағыңызға жаға ма? — деген даусы көңілді шықты.


— Жаңғырығы мынандай даланы дірілдеткен менің қайдағы үнім?


— Ол өзіңіз бастап, біздер қостаған жаңа шабуылдың алғашқы дабылы.


— Мен қандай шабуыл бастаған едім?


— Биылғы бір сөзіңізде құмының қобыларын жасанды шабындыққа айналдыруды «Марғаудың коммунизмі» дегеніңіз есіңізде ме?! Сіздің сол сөзіңізді ұрандай көріп Марғаудың құм қобыларына шабуыл бастаған едік, жаңағы бір келген хабарға қарағанда мұны да тоқтататын секілдіміз ғой.


Бағланның бұл сөзіне айғақ болғысы келгендей экскаватордың дүрілі шыққан тұстан бір топ машина шұбап келеді. Олар бірін-бірі тосып жағаға тізіліп алды да ар жағынан тиіп тұрған құмның қойнауына қарай тарта жөнелді Арманның соларға қадалған көзі мүлдем жайнап кетті.


— Бағлан аға, сонда мына машиналар өзен сағасынан қобыларға топырақ тасып жүр ме?


— Топырақ болғанда қандай, сонау Алатаудың басынан бастап Көбіктінің осы көмейіне дейінгі жердің торқасы. Осы екі арадағы жердің ең құнарлы топырағы ғасырлар бойы көктем суымен ағып келіп өзеннің осы көмейіне кептеле беріпті. Соның ең мол жері ана бір мүйістің ар жағында екен. Егер, таси білсек Марғаудың бар қобыларына жететін.


— Ол торқадан не істемексіз?


— Марғау мырза киетін тон жасаймын.


— Атап айтқанда?..


— Атап айтқанда он шақырымдай жерде былтыр ғана орнатылған бір скважинамыз бар, оның маңайында көлемі тоғыз гектардай кобымыз бар. Сол қобыны өзіңіз айтқан жасанды шабындыққа айналдырамыз. Дәлірек айтқанда, екі айда бір өнім алатын жоңышқаның мәйегі етеміз. Әр отарда осылай өз малының азығын өз қыстауының іргесінен әзірлейтін болсақ, Марғау үшін соның өзі керемет.


Аман оған айтар алғысын ішінен айтты да кенет басқа ойға түсіп кетті.


«Ертең Бурахан Сағым даласына қарай осы жермен етеді, сонда ол мына шұбап жүрген машиналарды көріп сұрайды. Шындықты айтар болсаң мұны өзінің жаңа нұсқауына қарсы жасаған әрекеттей көріп жүйкені қажалайды».


Арман осыны ойлап алды да Бағланға қарады:


— Еңбегіңіздің игілігін көре беріңіз, әрқашан да тілектеспін. Тек, мынау шабуылыңызды ертеңнен бастап тоқтата тұрыңыз.


— Неге?


— Неге екенін келініңізден жана естідіңіз ғой. Бір мезгіл жүйкемізді де аяйық.


— Мақұл. Игіліктің ерте-кеші жоқ, — деді де, кенет селт етіп жан-жағына қарады. Жаннаны іздеп айналаға зыр жүгірген көзін Арманға әкеп тіреді, сіз Жаннаны жұмсап жібергенсіз бе?


— Жоқ, сізден ұялып өзі кетті.


— Менен не үшін ұялмақ?


— Өзінің сізді әшкерелеген хаты үшін.


Бағлан сылқ етіп отыра кетті.


— Байғұс балам-ай, ол хат үшін ұялса ұялып, қиналса қиналатын мен екенімді білмей, өзіңді өзің босқа азаптап кеттің-ау... Әй, балалы болсаң да баласың-ау әлі, баласың.


Бағлан соны айтты да, кеше өзі көпсітіп тастаған топырақтың үстіне от жаға бастады. Тамыздығы бензин болса тастай қатты сексеуілдер де май қарағайдай маздайды екен. Аңшыларға тән құмарлық біздің Бағланда да мол-ды. Оның үйректі сойысы да, пісіру әдістері де басқа екен. Жүнін жұлмастан ішін жарып, ішек-қарынын алып тастады да оның орнына бұрыш пен сарымсақ салынған тұздық сумен толтырып жөргеп тастады. Тандап алынған дәу үйректер бірінен соң бірі осылай сойылып, сойылғандары шалқасынан тізіліп жатыр.


Арман түсіне алмай аң-таң.


— Бұларды отқа осы күйінше көмесіз бе? — деді ол.


— Жоқ, дәл көмер алдында балшыққа орап тастаймын.


— Жүнін неге жұлмайсыз?


— Жүні жұлынса еті көмір болып кетеді.


Арман әрі оның жан дүниесін кере түсу үшін ішіне кіре түскісі, әрі көмектескісі келіп:


— Маған да бір жұмыс беріңізші! — деп қолын шая бастап еді, Барлан басын шайқады.


— Құстың етін жүнімен пісіргенді бұрын көрген бе едіңіз?


— Жоқ.


— Жидіген жүнді терісінің арасунан буы бұрқыраған етін кір шалдырмастан аршып алуды ше?


— Жоқ.


— Онда ғапу етіңіз, бұл жұмыс қолыңыздан келмейді.


— Мұның қолдан келмейтін несі бар?


— Ішіне құйылатын тұздығы да, сыртына оралатын балшығы да үйректің үлкен кішісіне қарай дәл өлшенбесе таңдайдан кетпейтін дәмінен айрылып қалады, бар қиындығы сол ғана.


— Онда мен өз қолымнан келетін іске кірісейін, — деді де, Арман шәугімнің қақпағын ашты, — мына су таза ма?


— Таза болмаса шәугімде тұрмайды ғой.


Газ плиткасын жағып, оның үстіне су толы шәугімді қоя салу көп жұмыс емес екен, Арман тағы да жұмыссыз қалды. Бағланның мынау өнерін үйрене отырып, әңгімесін тыңдамаса зерігетін түрі барын айтып еді, Бағлан оны басқарақ түсінді де сөз сайысына бекініп алды.


— Менен қандай әңгіме күтесіз?


— Сіз жана ол хат үшін ұялып, қиналса қиналатын мен екенімді білмей, — дедіңіз ғой, сол сөздің мәнісі қалай? Сіз кімнен не үшін ұялып, не үшін қиналасыз?


— Сіз ұяттың ең ауырын сұрап отырсыз, сондықтан ол сұрауыңыздың жауабын ертең Бураханның алдында айтайын оған дейін сіз менің бір сұрауыма жауап беріңіз.


— Әзірмін.


Ақтарылар шағында ырғалып толғанатын әдеті еді Бағланның. Сол әдетімен бір ырғалып алды да:


— Ол күздің қоңыр шуағы мол кезі еді, — деді аспанға бір қарап алып, — мен жетіге жаңа жеткен бала едім, нағашыма еріп тұңғыш рет аңға шыққан күнім еді. Ауылдан ұзап, қалың талы бар өзеннен өте бергенімізде алыс аспанда самғап екі аққу келе жатты. Атқысы келген болу керек, оны көре сала нағашым мылтығын кезеп тұра қалды. Екеуінің қанат қағысынан көз алмай, кірпік қақпастан мен тұрмын. Екеуі заңғар аспанда асыр салып ойнақтап, біріне-бірі еркелегендей бірін-бірі қанаттарымен аймаласып келеді. Атқысы келіп оқтайланған нағашымның мылтығынан ұстай алып, аққулардың қызығына тоя алмай тұр едім, бір кезде өзеннің арғы бетінен мылтық даусы гүрс етіп жүрегімді зірк еткізді. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, аққудың бірі «қош!» дегендей бір сұңқ етіп, тікесінен тік ыршып жоғары кетті де, қайтадан құлдырай жөнелді. О, ғажап, екінші аққу оны көре сала бүкіл аспанды егілдіре сұңқылдап келіп, қанатын тосты да, қайтадан көтеріп әкетті. Бірақ алысқа бара алмай, сол жаралы серігімен бірге құлап түсті.


Арман бір нысанадан көз алмастан ұзақ ойланып барып Бағланға қарады, ол әлі ойланып отыр. Сол ойланған қалпын өзгертпестен:


— Сіз бұл аңызды не үшін айтып отырсыз? — деп еді, Бағлан өзінің бір құпия сырын айтып салды:


— Өзім кей кездерде сол жаралы аққудай құлай беремін, құлай беремін, қанша құласам да арманым міз бақпай аспаным болып қала береді. Өзімнен басқаға айтылмайтын бұл сырымды сізге ғана айтып отырмын.


— . Маған не үшін? — деп Арман аңырып қалды.


— Өзімнің байқауымша менің армандасым сіз ғанасыз. Сондықтан сізден тілегім: өзіміз қанша құласақ та арманымыз міз бақпасын.


Екеуі біріне-бірі үнсіз қадалысып қалды. Екеуі де іштей ұғысып, екеуі де іштей анттасқан секілді. Бағланның көзі бірте-бірте жасаурап барады. Әлдене айтқысы келіп, ернін кемсеңдете бастап еді, Зауыр келіп бөліп жіберді.


«Үйіріңмен үш тоғыз бол» деу аңшылардың ескі дұғасы ғой, аузынан тастамайтын сол дұғасы қабыл болған екен, Зауыр олжалы келіпті. Ол тоғыз тоғыздан матап әкелген екі буда үйрегін топырлатып тастай бастады. Өзі аңшы болғандықтан оның осы сәттегі көңіл мастығын Бағлан дәл сезді де Арманға қарап:


— Мына батырыңыз мерген екен. Бес үйректі қабатынан түсіргенін көргенде мен өз көзіме өзім сенбедім, — деп оны шелиткісі келді де, Арманның:


— Үйректерің көтерем екен. Қарт аңшы қанша мақтаса да, нысанаң қанша қанданса да аузың майлана қоймас, — ден қағытқысы келді.


Зауыр екеуіне кезек қарап тұр.


— Жылы жақтан келгендіктен ғой, арық болса да етінің дәмді екенін көріп тұрмын, — дей салды.


— О, өзімізге тартқан екенсің, шаршап қаларсың, тезірек қимылдап мынау отты сыпырып таста да астындағы үйректерді ақырын ала бер.


Зауыр оның айтқанын бұлжытқан жоқ, сексеуілдің бір бұтағын алды да, күл болып, қызыл шоғы түбінде ғана қалған отты сыпырып тастап қоламтаға көмілген екі үйректі ақырын ала бастады.


— Олжамның қақ жартысын сыйлайтын едім. Жаңағы бір жолаушының кете қалғанын қарашы, — деп, ол осы арада тағы бір мақтанып алды.


Бағлан оның ендігі сөзіне құлақ салған жоқ, өзінін Жаннасын ойлап қамықты.


«Байғұс балам-ай, қандай күйде барады екенсің?.. Кеудеңді шерге толтырып алып көзіңнің жасын төгудесің-ау, ә?»


Иә, оның Жаннасы көзінің жасын төгуде.


Ол өзенді өрлейтін жолмен елге қарай тартып келеді. Жолдағы малшыларға да жолайтын емес. Булығып келіп лықсыған көзінің жасы кей кездерде жолды мұнарландырып көрсетпей жібереді. Оны да елейтін емес, қайта жолдын, жырасына түсіп жарына соқтығып құлағанын тілейтіндей машинасын кез келген түбірге бір ұрып екпіндеп келеді. Қарсы алдынан соққан жел жанын қоса желпігендей көзінің жасын анда-санда бір сыпырып тастап еді, қалаға жетіп үйінің төбесі көрінген кезде қайтадан егіліп кетті.


— Мама!.. Мама!.. — деді машинадан түсе жүгіріп, бірақ даусы жөнді шыққан жоқ. Бұл кезде үйінде ешкім болмайтынын ұмытып кеткен секілді, «мамалап» тұрып қалтасынан кілтін алды, «мамалап» тұрып есігін ашты, өз бөлмесіне кіре бере бар даусымен зарланып барып төсегіне құлап түсті. Төсек үстіндегі жастықтың төртеуін де кеудесіне басты, төртеуінің де тысы ақ еді, сол ақ жастықтар аздан соң көздің жасымен көкшілденіп шыға келді. Терезеден соққан ызғарлы желден құшағындағы жастықтары мұздап барады, бірақ Жаннаның қазіргі қиналған жаны мұздың өзін жалынға айналдырғысы келгендей лап-лап етеді .


Осы кезде алыстан бір баланың «мамалаған» даусы Жаннаның құлағына Алданның даусы болып шалынған еді, ол атып тұрды, тұра сала сыртқа шықты да бетін жуа бастады. Ол қанша қынжылып қиналса да қабағының кірбеңін баласына көрсетпейтін. Атасы Бағлан мен енесі Назгүлден үйренген бір тәлімі осы болатын.


Ол бетін жуып болып баласы келетін жаққа қарап тұр еді, екінші жақтан енесі Назгүлдің даусы шықты:


— Балам-ау, көзіңді сонша кімге қадап тұрсың?


Ол жасы елуден асып «әже» аталса да ажары жастық шағынан көп ажырамаған, Арыстаны өлгеннен бері жанына түскен жарасын көзге, әсіресе Жаннаның көзіне түсіргісі келмейтін қайсар да қайырымды жан еді. Қазір де сол жайдары қалпында, шалқасынан қайыра апарып желкесіне түйілген самайында ғана әредік ағы бар, қою қара шашы маңдайын көріп тұрғандай көрінетін қалпында тұр. Сол күле қарайтын кескінін көп өзгертпей мейірімге толы үлкен көзін мөлдіретіп келіп Жаннаның қабағына мейірлене қарап тұр.


Сөзді әзілмен бастатқан да сол кіршіксіз мейірімі болатын.


Енесінің әзіліне әзілмен жауап қайтару Жаннаның да әдетіне айналған еді, бұл сапар ол әдетінен адасып қалды. Ол тіпті енесінен үш жылдан бері үйренген қайсарлықты да ұмытып егіліп кетті. Манағы зарлы даусымен өксіп келіп Назгүлді құшақтай алды:


— Мам-ма!


Оның соны айтуға ғана шамасы келді, өзімен бірге Назгүлді де теңселтіп жіберді, бірақ ол не сұмдықтың болғанын білместен шошынып тұрса да жадындағы жад¬ен сөздерден жаңылған жоқ.


— Сабыр балам, сабырсыздық — ақылсыздың ісі.


Ол келініне айтқан сабырлыққа өзі де ие бола алған жоқ, шошып оянғандай ыршып Жаннаны қатты жұлқып бетін өзіне қаратып алды да:


— Тағы қайсысынан айрылдым? Кімнен? — деді бар даусымен.


— Менен... менен... Арыстаннан өлі айрылсаңыз, менен тірі айрылатын ңыз, — деді де ол ішке кіре бере бар даусымен еңіреп қоя берді.


— Не дейсің? Сенен мені айыратын кім?


Осы сұраудың жауабы жылаумен басталды да, жылаумен аяқталды. Жанна көзінің жасын төге отырып атасының үстінен мұның атынан жазылған хаттың сөзін түгел айтып шықты. Өзінің мұндай сұмдыққа төзе алмайтынын, енді оның бетіне қарай алмайтынын, тіпті оның көзіне көрінбеу үшін Қазақстаннан безіп кететінін де жасырған жоқ. Соның бәрін айтты да енесінің тоқтау сөзін тыңдамастан төсегіне барып құлай кетті.


— Арыстан!.. Арыстан!


Оның бетін жастыққа басып тұншыға шыққан сол сөзі құлағына келіп еді, Назгүлдің де жаны өртеніп сала берді. Сол өрттен өзін алып қашқысы келгендей үйден шыға жөнелді.


4


Арада үш күн өтті.


Облыс орталығынан «Шағала» колхозына қарай шұбырған машинаның шаны бүкіл даланы алып кетті. Ең алдағы ұзын қара машинада Бурахан келеді. Оның қасындағылар Арман мен өзінін көмекшісі Медеу. Қазір бәрі де үнсіз, бәрінің де жайлы жолды аңсаған көзі қар суымен ойылып кеткен жолда, машина зырқ еткен сайын мазасы кетеді.


Машина айнадай жарқыраған бір асфальт жолға түсе сала сырғи жөнеліп еді.


— Уһ, — деді Бурахан кеудесін көре дем алып.


Бірақ оның бұл рақаты ұзаққа барған жоқ, Арман машинаның арқалығына шалқасынан жата бере:


— Бағланға бір алғыс айтатын болдыңыз, — деп еді.


— Не үшін? — деді ол іштей тіксінсе де жайдары тұр көрсетіп.


— Біз соның колхозының шекарасына жеттік, мына жолды салдырған сол.


Бураханның қытығына тиіп тіксіндірген осы сөз. Бірақ, ол зығыры іште қазан болып қайнаса да сездірер емес.


«Бұл қалай? — деді ол ішінен. — Адам баласы құдайды да қорыққанынан ғана сыйлап келген-ді. Сен осы бастан соны ескер. Әрине, қарауыңдағы адамдар сені құдай көріп табынбасын, бірақ бағынатын болсын. Ол үшін алдымен өзің беделді бол, беделді болу үшін білгірлігіңнің үстіне ешқандай ымрашылдықты білмейтін қатал бол деген едім, сен оны әлден ұмыта бастаған секілдісің, бұл қалай? Сонда мен мысалға Бағланды алған едім де, ондай көз бояушыны ешқандай атақ-даңқына қарамастан қатты жазалаудың қандай керек екенін, әсіресе басқаларды құрдай жорғалатып, жапырақтай қалтырату үшін қажет екенін сездірген едім, оны да ұмытқан секілдісің, бұл қалай? Тіпті кешеден бергі сөз әлпеттеріңе қарағанда сен менің: ондай адамды қорғау — өзіңді құрбан ету, дегенімді де тыңдамастан оған ымрашылдық жасағы келетін секілді, бұл не? Мұндай солқылдақтық өзіңді су түбіне жіберетінін қалай сезбейсің? Жоқ, сен бәрін де жақсы сезесің. Қандай дос болсақ та менің аямайтынымды сен жақсы білесің. Сенде мен білмейтін бір құпия сыр бар. Сені осындай апатқа айдап тұрған сол. Мен осы сапар сенің сол құпия сырыңды ашып, қояңды ақтаруым керек. Сонда ғана мен сені алдында тұрған апаттан құтқара аламын. Сонда ғана мен өзімнің достық борышымды өтей аламын. Иә, солай досым, сенің бір кезде өзімді немістердің ажалынан алып қалғаныңды мен әлі ұмытқаным жоқ».


Ол ішінен соны айтты да Арманды арқадан бір қағып қалып, алдында жарқырап жатқан жолға қарады.


Екі қатар тізбектелген теректердің арасында қара орманды жарып аққан Ақ Еділдей қасқайып, түсі қара болса да айнадай жарқырап «Шағаланың» кең жолы жатыр. Сүйріктей сүзіле жарысып, сәндене тізбектелген көк сұңғақ теректер керіліп алыстан бұлдырлап көрінген көкжиекке қарай тартып барады. Сол айна жолдың екі жағы ойдым-ойдым орманмен қоршалған егіс даласы. Түңғыш келе жатқан қонағы Бураханның құрметі үшін бүкіл дала қара масаты болып жайылып, құндыз болып құлпырып кеткен секілді. Осының бәріне мастана қарап Арман келеді, ішінен бар алғысын Бағыланға айтып та келеді. Ол көңілі шалқыған шақта аспан әлемін өзінің алақанындай көретін еді, сондықтан болар, ол Бураханға ауық-ауық көз тастап: «Қараңыз, Буреке, жүрегіңіз тас болмаса бір жібитін болар Бағланға, жақсылап қараңыз», — дегісі келеді. Бірақ бір кездегі жан қиысқан майдандас досы болса да дәрежесінен именіп айта алмай келеді.


Ол жолшыбай талай бағанның арасынан, талай сымның астынан өтті. Бірінен-бірі үзіліп, саңлақтанып бара жатқан бәйге аттарындай талай белдерден асып әр тарапқа кетіп жатқан бағандар оның көзін кейде тым алысқа тартып әкетеді.


«Шағаланың» жолы Бураханды да шалқытып жіберіпті, бірақ оның бар ойлағаны жолдың өзі ғана екен. Сондықтан ол даланың бар ауасын кеудесіне құйып алғысы келгендей, демін шірене тартып алды да:


— Шіркін жол... жол, — деді күрсіне сөйлеп, — қисық болсаң қиратарсың, тек түзу болсаң екен.


Жайлы жол шофердің жанында отырған Медеудің де жанын жадыратқан екен, ол:


— Мына жолдың сәні үшін бір әдемі әнді тыңдап жіберейікші, — деп радионы бұрай бастап еді, Бурахан тыйып тастады.


— Ойды бөлмей қоя тұр, — деді де өзі қайдағы бір соқыр ойдың құшағына кіріп кетті. «Арманның сыңайы солай екен. Менің көзіме мінсіз-мұңсыз болып көріну үшін «Шағаланың» шалдарына дейін артист болып репетиция жасап жатқан болар. Иә, басшысы алдамшы болса қостаушылары арбаушы болмай қалмайды, жарайды, ондайларды да көрейік».


Оны баурап алған ой осы.


Ал оның қарсы алдында жасалып жатқан бір «репетицияның» түрі мынандай. Дәл осы кезде осы жолдың колхоз қаласына кіре берісінде, мынандай бір шайқас болып жатты.


Тыңайтқыш тиелген бір машина үлкен жолдан бұрылып егін жайға қарай беттеді, оның соңынан қылаң атты біреу құйғытып келеді. Сірә аттының ашуы қатты болу керек, ағызған бойымен келіп жетті де, заулап келе жатқан машинаның алдына көлденеңдеп тура қалды.


— Тоқта! — деген даусы да саңқ етті.


Ол осы колхоздың қызылша бригадасының бригадирі Зейнет дейтін қыз еді.


Кабинада екі адам отыр. Оның бірі қызылша звеносының бастығы Сағила дейтін қара торы келіншек те, екіншісі қалың қара бурыл мұрты үнемі салбырап тұратын дембелше денелі шофер, Зейнеттің әкесі — Сапар.


Зейнет әкесінің тұқия қалған себебін сезе алмай:


— Көке, мұны Дәмештің жеріне апарып төгіңіз дегенім қайда? — деп еді.


— Менің жеріме апара жатыр, босат жолды! — деді Сағила зілденіп.


— Кім айтты деп?


— Мен айтты деп.


— Бригадирдің бұйрығын бұзатын сен кім едің?


— Мен адаммын, ал сендер жердің шым тезегіне дейін жейтін жебір бұзаусыңдар, босат жолды.


Сағиланың бұл сөзіне Зейнет түсінген жоқ.


— Жасың үлкен болса да басын бас емес екен ғой, сенімен сөйлесуге де болмас.


Зейнет соны айта салып әмір еткелі әкесіне қарап еді, Сағила машинадан қарғып түсті де:


— Не дейсің? — деді.


— Аузыңа келген жыныңды құспай тезінен жөніңді тап, енді түсінікті ме? — деп Зейнет те егесе кетті.


— Өлсем тірілікті, адассам жолды сендерден сұрамаймын, бұл саған түсінікті ме ?


— Жоқ, сен алдымен өзіңе түсін. Есінде ме, былтыр сені звено бастығы етерде Бағлан әкей не деп еді? «Ебін тауып екі асағысы келгендерге біздің колхоздан орын жоқ», — деген еді ғой.


— Мен бе ебін тауып екі асаушы?


— Енді кім? Ебін таппасаң, екі асамасаң мынау не?


— Мұнын жауабын кейін беремін, алдымен сен мынаны айтшы. Сол әкей сені бізге бригадир етерде не деп еді? «Әділдігің өзіңнің ұжданыңдай болсын», — дегені қайда? Осы ма сенің әділдігін?


— Ол өзімнің жаттап алған иманым. Өз иманымды өзіме не үшін айтып тұрсың?


Зейнеттің мұны бар адал ниетімен айтып тұрғанын сезсе де, Сағиланың ызбарлы өңі жыли қойған жоқ. Қайта, ұсақ әжімдері қысып тұрғандай көрінетін қысық көзін бұрынғыдан бетер сығырайта түсіп:


— Егер жиырма тоннаны отыз тонна деп алдаған болсаң, онда не дейін? — деді.


— Жоқтан сылтау іздеме, қай жерге қанша кең төгілгенін мен жақсы білемін.


— Анық білесің ғой?


— Анық білемін.


— Онда сен бір ғана нәрсені білмейді екенсің.


— Нені?


— Ұятты.


— Не дейсің?


— Солай деймін, — деді Сағила бар даусымен айғайлап. Зейнет оның даусынан шошып кетті.


— Ay, оқымаған академигім-ау, саған не болған? Мен сені бүгін танымай қалдым ғой. Алматыдан оқып қайтқан оқуың, Украинадан үйреніп қайтқан тәжірибең осындай долылық па? Бұл қалай? Әлде күйеуін ішкен араққа мас болып жүрсің бе?


«Менің қызым сұңғыла атасынша сұңқылдап кетті, бұл екеуінің керісін мұнан әрі жіберсем, өзім тұтылармын», — деді Сапар ішінен. Ондай керіс бұл екеуінің ойында жоқ болса да ол өзінен-өзі сезіктеніп машинадан секіріп түсті.


— Шырақтарым-ау, әлдекімге ұқсап бұларың не! Жердің шым тезегі үшін түс шайысуларың ұят емес пе, тіптен. Қарағым, Сағила сені мына тентегімнен кем көрмеуші едім ғой, бір сапар тілімді алшы, қойыңдаршы құдай үшін.


Ол соны айтарын айтса да өзінен-өзі қыпылықтап: «Егерде бұлардың біреуі жердің шым тезегін сондай құнсыз көрсең, сақалды басыңмен неге ұрладың десе ғой, тірідей көмілдім», — деді ішінен.


Бірақ, өз қызының мына бір сөзі де женіл тиген жоқ.


— Көке, сіз кіріспеңіз, — деді Зейнет Сағилаға қадалған қалпын өзгертпестен сұрланып, — керекті тезек те бар, керексіз адам да бар екен, мен соны жаңа ғана көріп тұрмын. Жарайды, Сағила, екеуміздің жеткен жеріміз осы болған шығар. Енді я маған, я саған бұл бригададан орын жоқ, — деді де, әкесіне қарады, — ал, сіз көрінгеннің жетегінде кете бермей, мынаны Дәмештің жеріне апарып төгіңіз, барыңыз, — деді әмірлі үнмен.


— Айналайын, ақылдым менің, — деді Сапар кепкесін көзіне таман киіп алып, — өзіңнен тағы бір ақыл сұрап алайын, бері жүрші.


Зейнет:


— Ақылды кейін сұрарсыз, алдымен айтқанды орындаңыз, — деп, атының басын кері тартып еді, әкесі оның шаужайынан ұстай алып аулаққа ала жөнелді. Сағиланың көзі соларда. Ол соңғы сезінің Зейнетке орынсыз айтылғанын енді сезсе де, кімнің кінәлі екенін білмей алай-дүлей күйде тұр.


Зейнет... Зейнет... Сен мұндай емес едің, әлде мен бе байым ішкен араққа мас болып шатасып жүрген? Мына шайтан шал не айтқалы оны оңаша әкетті? Әлде Дәмешпен осы екеуі ме елдің адал ниетін арамдап жүрген? Сол тілемсек болар-ау, байының намысын шым тезекке сатып жүрген» — деп, ол Дәмешке тісін басты.


Ол әрі соны ойлауда, әрі Сапардың сөзін естуге ынтығуда, құлағын алысқа тігіп тұр. Бірақ Сапардың естіртетін түрі жоқ, қызын жетектеген күйі әлі кетіп барады.


Бір кезде ол жер мөлшерін көріп алғысы келгендей артына бір қарады да тоқтай қалып, аттың шаужайында келе жатқан қолын да, өзінін еңсесін де сылқ еткізді. Сөзді неден, қалай бастарын білмей, қияқты мұртын ширата бұрап аз тұрды да:


— Амал жоқ, шырағым, айтпасқа, әкеңді қара басты, — деді міңгірлеп.


Зейнет әкесінің дәл мұндай түрін бұрын көрген емес еді. Қарауға беті жоқтай жерге тесіліп, үні өшкендей күмілжіп тұрған әкесін аяп кетті де аттан қарғып түсті.


— Көке! Сізге не болды? Қара басты деген не? — деді.


— Қара басқаны сол, мен масқара болдым. Масқара болғаны сол, мына Сағиланың жеріне тиісті тыңайтқыштың он тоннасын Дәмештің жеріне төккенмін.


— Дәмештің жеріне!... Не үшін?


— Сағиланың жеріне бүгін түнімен төгемін.


— Неге қазір емес.


— Ол кешіксе де үлгереді ғой.


— Бар дәлеліңіз сол ғана болса өтірік айтып тұрсыз.


— Иә, өтірік айтып тұрмын.


— Онда шыныңызды айтыңыз.


— Ұға білген кісіге мен бәрін де айттым,- деді де, Сапар машинасына қарай тұра жөнелді. Ол қарсы алдында тұрған Сағилаға да тіктеп қарай алған жоқ, кепкесін көзіне түсіріп өте шықты да машинасына от беріп:


— Кеттік, шырағым, — деді.


— Зейнет рұқсат етті ме?


— Менің тентегім ақылды ғой, ақылды адам ашуға ере бермейді.


— Тоқтаңыз, өз аузынан есітейін Егер рұқсат етпесе, соның айтқаны-ақ болсын, апар деген жеріне апара беріңіз.


Зейнет сол орнында сілейіп әлі тұр. Екі көзі алыстан кеткен әкесінде, ойы астан-кестен. Бұл күнге дейін жанындай көретін әкесінің жаңағы сөзі есіне түскен сайын жүрегі мұздап барады.


Бұл қалай, әлде мас болды ма екен? Жоқ әлде мына сайқал... — деді ол осы кезде шұбар байталың борбайлап келе жатқан жуан қара қатынды көзімен атқылап:


Дәмеш деген дәметкіш осы еді.


— Бауырым, Сағила-ау, бұл қай бассыздығың? — деді ол Сағилаға жете бере шұбар шолағына қамшыны бір басып жіберіп. Үстіндегі бояуы кете бастаған көнетоз былғары пальтосы қандай болса, еді де сондай көк тарғылданып, көзі шатынап кетіпті.


— Тіліңді тарта сөйле! — деді Сағила зілменен.


— Алдымен сен қолыңды тарт, сонан кейін мен тілімді тартамын. Жағдай бәрімізге бірдей жасалса да қызылшаның бір түйірін төрт килоға жеткізген сен емес, мына менмін, білдің бе? Сәке, менің жеріме қарай тартыңыз! — деді Сағиланың көзін ала бере Сапарға қабағын бір қағып қалып.


Дәл осы кезде ту сыртынан Зейнеттің:


— Қалай? Сіздің қап-қара бетіңізге ме? — деген даусы саңқ етті. Ол Дәмешті көзімен өлтіре бір атты да, Сағилаға жақындады.


— Сен бригадирдің басынан аттау сияқты мұндай бассыздықты енді қайталайтын болсаң менен жақсылық, күтпе де, мынаны апарып жеріңе төккіз.


Дәмеш суыр беті тырсиып шұбар шолағына қамшыны тағы бір басып жіберді.


— Ойбай, Сәке-ау, мына қызыңыздың есі дұрыс па? Бауырым-ау, Зейнетім-ау, мұның не? Сонда мен қайтемін? — деді ол біресе Сапарға, біресе Зейнетке телмеңдеп.


Зейнет мүлдем зығырланып кетті. Зығырланса «сіз» ден сызыла қалатын еді, сол әдетімен:


— Сіздің қайтетініңізді кешке барлық колхозшылардың алдында айтамын, барыңыз, сұғанағым, — деді сыздана сөйлеп.


— Сонда менің неменемді айта қоймақсың? — деп Дәмеш онан сайын бетпақтана түсті.


— Үйіңізге қамап кетпей, жігітіңізді сол жиылысқа жетектей келіңіз, не дейтінімді сонда естисіз.


— Жас басыңмен менің байымда нең бар?


— Ол байғұс сіздің басқа қылмысыңызды білмесе де сонау жерде жатқан он тонна ұрлығыңызды естісін.


Дәмештің үні ешті. Зейнет оның аузына құмды осылай құйды да, Сағила мен әкесіне түк айтпастан келген жағына қарай шаба жөнелді.


Не істерін де, не дерін де білмей, көк еріні дір-дір етіп Дәмеш тұр. «Әкеңе сеніп сені сүйеу кәріп жүрген мен неткен албасты едім», — деді ішінен, ұзап бара жатқан Зейнетті көзімен атқылап.


Шынында ол Зейнетке қатты сенетін. Тіпті осыдан бірнеше күн бұрын өзінің звеносындағы адамдарына: «Мен Зейнетпен келістім, бір түйірі төрт килоға жететін қызылша өсіргеніміз үшін барлық жағдай бізге жасалатын болды», — деп көкіген-ді, енді сол өзі мақтаған Зейнеттің мұның бар үмітін таптап бара жатқаны анау: «Кеше ғана жанымдай көрініп жүрегімді суырып ала жаздаған әкесінің бүгінгі түрі мынау, о ербеңдеген жынды көбелек...»


Дәмеш ай далада жалғыз қалды.


Егер осы «жанжалдың» кезінде жетіп үлгірсе Бурахан не дер еді? Төртеуін төрт түрлі мін етіп Бағланға тағылар айыптың бір тармағы етер еді. Ал, Арман қайтер еді? Ол осы төртеуінен төрт түрлі қасиет табар еді де, осы жанжалының өзіне шаттанар еді. Олар келіп жеткенше мұндағы «жанжал» сонау егін жайға төгілген шірінділердің астына көміліп кетті.


Бурахандардың машинасы жұлдызша аққан бойымен бір биік белеске шыға келіп еді, көз үшін деп беткейде құлашын кең жайып тастап, көшелері таңдайлана қасқайып жатқан «Шағаланың» қаласы көзді өзіне тартып алды.


Бұл қала үшін Арманның қашан да болсын мақтанатын жөні бар. Өйткені мұнан он сегіз жыл бұрын сол қаланын ең алғашқы ірге қазығын қаққан да, сол қаланы құшағына алып тұрған сонау бау бақшалы орманның ең алғашқы шыбығын қадаған да — аудандық комсомол комитетінің ол кездегі бірінші секретары осы Арман болатын. Сондықтан ол бұл қаланы болашақтың бір ұжмағындай көретін. Бар назарын сол қаланың бергі алдындағы ойпаттың жалғыз тал түп қалмастан қопарылған топырағын торқаға айналдырып жүрген қызылшашыларға қарай аударып жіберді.


— Бәсе, — деді Медеу мырс етіп.


— Немене бәсе?


— Жайылып жатқан қой дегенім қызылшашылар екен.


— Қате айтасың, — деді Бурахан әзілдеп, — ол қызылшашылар емес, ұжмақты тастап «Шағаланың» жігіттеріне тигелі қашып келген хордың қыздары, нанбасаң мына Арман ағаңнан сұра.


Бураханның бұл әзілінде кекесін барын сезсе де Арманның сескенгісі келген жоқ.


— Әттең қызылша өте білмейді, егер білетін болса сол хордың қыздары бірі қалмастан келер еді де, «Шағаланың» шалдарына да тиер еді.


Бурахан Арманның «Шағаланың шалдары» деген сөзді не үшін шірей айтқанын, оның сол сөзінде егес барын сезді де, ішінен:


«Жоқ, қадірменді досым, оның болмас. Егесер болсаң кетісерміз достықтан. Достықтан кетісер болсаң өзіңнің қара басыңнан басқаның бәрімен де қоштасарсың, қоштастырамын мен», — деді.


Ол мұнан да әрі тереңдеп, қоштастырудың жолдарын да ойлайтын еді, егін жайдың үстінде келе жатқан Жанна көңілін бөліп жіберді.


— Өзін әзі билей алмай сылқылдап, сәндене басып келе жатқан мына бір еркекшора кім?


Өзге әйелдердей сәнденуді Жанна білмейтін, өйткені оның өзі сәнді жаралған. Бірақ өзін ой билеген кезде бойын билемейтін. Бураханның көзіне кербез көрінген сол билеусіз келе жатқан бойдың қимылы ғана.


Арман оның осы «Шағала» колхозының бас агрономы Айбасова Жанна екенін айтып еді, Бурахан ойлана қалды.


— Айбасова Жанна!.. Жанна деген аты жадымда жақсы жатталыпты. Ол әнеугі әйгілі хаттың авторы ма? — деді Бурахан көкті тірегісі келгендей шолақ тұмсығын насаттана көтеріп.


— Иә, сол.


— Ондай батыр большевичканы колхозының қаласына ала кеткеніміз жөн болар, машинаны тоқтатыңдар.


Оның айтқаны екі болған жоқ, машина Жаннаның деңгейіне жете бере токтай қалды.


Ілесе келіп тоқтаған машиналардың бірінен түрі де, тұрпаты да жарқанатқа ұқсайтын құртақандай қара сұр жігіт пен кесек денесіне келбеті де, кескіні де сай бір генерал түсті. Бұлар: аудандық партия комитетінің екінші секретары Майбасов Малтабай мен осы «Шағала» колхозының көршісі «Қазақстан» совхозының директоры Невский дейтін генерал. Малтабай өзінің елу килодан аспайтын салмағымен мына тас жолдың асфальтын езіп жібергісі келгендей аяғын нығырлай басып келеді, олардан көз алмай отырған Бурахан: «Мен адам жаратушы болсам, бір Невскийден төрт Малтабай жасар едім-ау», — деді ішінен. Невскийдің қабілеті төрт Бураханға жететінін ол білген жоқ.


Жанна бұлардың кім екенін білместен жай жүріп келеді. Неге екені белгісіз, көзін жерден алар емес, басын анда-санда бір сілкіп, желмен ойнап көзіне түскен шашың кері серпіп тастайды. Сол кезде ғана маңдайы жарқ етеді, көзі сонда да жерден көтерілмейді.


«Ол біздің кім екенімізді, тіпті ортамызда Бураханның барын да біліп келеді. Тек менің кеңесімді тыңдамай, Бурахаиға берер жауабын табалмай өзін-өзі қинап келеді», — деді Арман ішінен.


Жоқ, олай емес екен, Жанна егін жайдың жиегіне шыға бере басын көтеріп еді, Арманды көре сала селк етті.


— Арман! — деді ақырын.


Бір тәуірі оның даусы даланың желіне ғана естілді. Сол бір аңдаусызда айтылып кеткен жалғыз ауыз сөзінен ұялды ма, жоқ әлде жүректің бір құпия сыры жалын болып лап етті ме, әйтеуір Жаннаның беті ду етті. Бірақ өзін тежей білетіндігінен, жанын көп шырпытқан жоқ. Жаңағы бір жарқ етіп кеп найзағай болып соққан асау сезімді кері серпіп тастады да:


— Сәлеметсіздер ме? — деді жағалап бас изеп.


Бурахан оған машинаның ішінен көз жіберіп отыр.


Арман екеуінің жалт етіскен көз қарастарынан бір сұмдықты көргендей.


«Ым, бір мәселе маған енді түсінікті бола бастады. Арманды арбап алып, Бағланның жетегіне байлап берген осы сұлу деушілер бірдеңені сезген екен, — деді ол ішінен. — Бәсе... бәсе... шөптің басы жел болса ғана қимылдайды ғой».


Ол Арманның жолына қағар қазығын осылай қадай бастады.


«Шағаланың» дарбазасы да кезді алыстан тартып, жақындаған сайын аспандай, маңдайшасындағы «Шағала» колхозы деген алтын түсті жазуы айқындала түседі екен. Сол дарбазадан өтісімен Бураханның үні өшті. Қаланың шетіне ілінгеннен көзі көшенің екі жағына кезек төңкеріліп жалт-жұлт етеді, қай жағына қараса да өзі бұрын көрмеген сұлулықты көріп келеді.


Қаланың көркі ағашта, ағаштың көркі жапырағы ғой. Оқтай түзу көшелерін бойлай өскен зәулім ағаштары дәл қазір жайқалар жапырағы жоқ болса да, бойы аспанды сүзген кербез сымбатымен көз тартып, колхоз қаласына өзгеше бір сән беріп тұр.


Бұл қаланың әр кварталында сегізден бір жарым мыңға жуық үй бар. Оның бәрі бір үлгімен, еңселі етіп салынған. Бәрінің де алдында верандасы бар, бәрі де ү бөлмелі, бәрі де шипрмен шатырланған. Әр кварталдағы үйлер көлемі бір гектардай төрт бұрышты жерді қоршай салынып, әркім өз еншісіне тиген жерді жеміс бағы етіп алыпты. Сондықтан бұл қала алыстан қарағанда қалың орманға ұқсайды.


Орталық көшелердің әр жерінде бірнеше репродуктор орнатылыпты. Мұндай репродуктордың бір талайы қаланың сыртындағы егіс даласында да бар. Сол репродукторлардан шыққан бір асқақ ән — аспаны ашық, желі тынық, майшуақ күннің нұрымен маужырап тұрған колхоз қаласын мүлдем ажарландырып жіберді.


Асқақ ән биікке қанат сермей шырқалған сайын аспан бұрынғысынан да жарқырай түсіп, әлем еркесі алтын күн де шалқып келіп, шаттық ән шыққан сәнді қаланың үстіне шұғыласын төге түскендей. Керіліп жатқан кең дала да сол әнге балқығандай маужырап, алыста асқақтап тұрған тәкаппар Алатау да сол әннің ырғағымен бірге ырғалып тұрғандай сезіледі.


Колхозының қазаны тоқ екенін көрсеткісі келгендей дәл осы кезде асхананың жуан мұржасынан көтерілген көк ала түтін аспан әлеміне өз жолын салып алғаннан кейін көк діңгек болып тұрып алды.


Бұл колхоздағылардың қаладағылармен іштей бәсекесі бар сияқты. Сопың бірі мынау диктор қыз. Ол қала дикторларының қайсыбірінен әдемі сөйлеп тұр. Ол таң ертеңгі концерттің осымен аяқталғанын, оған колхозшылардан кімдердің қатысқанын - баяндады да:


— Соңғы хабарымызды бас'таймыз. Микрофон алдында Дәукен, өзіміздің бас бағбанымыз Дәулет қарт, — деді.


Жаңағы сұлу әнді салған да сол Дәулет қарт еді. Соны есі кете тыңдап, көшедегі репродуктордың түбінде тұрған Келдек дейтін балташы жігіт болатын. Сол жігіт әннің аяқталғанын енді, дәл Дәулеттің аты аталғанда ғана сезіп баж етті.


— Ән! Ән!.. Ей, қыз, бізге Дәукеңнің әні керек, — деді бар даусымен айғайлап. Ол басындағы кепкесін жұлып алып аспанға лақтырып еді, көшенің қарсы бетіндегі бір үйдің верандасында баласының жөргегін жайып жүрген қызылшырайлы келіншек сыңқылдай жөнелді:


— Ол қарындасыңның құлағы саңырау, қаттырақ айғайла, қаттырақ, — деді сылқ-сылқ күліп.


Келдек екінші рет лақтырған кепкесін жерге түсірместен қағып алды.


«Ой, тамаша-ай, Бағланның Арыстаны қаза болғаннан бері үні біткендей осы шал ән салуды қойған еді, үш жыл бойы өшкен үні бүгін қалай шыға қалды екен?» — деп, ішінен Дәулет қарттың ән салғанына қайран қалып тұр.


Шынында бұл колхозда Дәулет қарттың әнін сағынбаған адам кем де кем, соның бірі осы Келдек, сондықтан да оның есі кетіп тұр, сондықтан да ол жаңағы келіншектің не үшін үйіне жүгіре басып кеткенін сезген жоқ. Бадырақтау келген көзімен келіншекті атып салып, сол орнында мелшиіп тұра берді. Бірақ, оның күткені болмады, Дәулет қарт елу жыл ән салса да қаяуланбаған сұлу үнімен сұңқылдап сөйлей жөнелді. Сірә, еткен қыстың ызғары арқасынан әлі кетпеген болу керек, сөзін «қыс» деумен бастап еді, «қыс» деумен аяқтайтын түрі бар.


— Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар, колхозшы жолдастар! Қыстың қапыда соғар қайтармасы әлі де бар. Қапы қалудың қандай апат екенін өткен қыс көрсеткен еді ғой, соны ұмытпаңыздар. Алда үш күндік аяз келе жатыр, ол біздердің бау-бағымыз үшін үлкен апат. Сол апатқа бағымыздың бір де бір талы берілмесін, қамданыңыздар. Өткен қыстың апатына біздің малшылар қандай қарсы тұрса бұл үш күндік аязға біз де солардай қасқиып қарсы тұратын болайық. Ол үшін айтарым мынау...


«Апат, — деді Келдек оның сөзі аяқталмастан, — ол апаттың ең алдында тұрған біздің үйдің бағы ғой, мен неге тұрмын? Тоқта, жұмыс қайда?.. Жоқ, бір менің жұмысқа бармай қалғанымнан артта қалатын біздің колхоз жоқ, тезірек үйге жетейін...»


Ол ішінен соны айтып, үйіне бет алып еді, диктор қыздың: «Не жақсы, не жаман» атты хабарымызды бастаймыз», — деген даусын есітіп кенет токтай қалды.


«Токта Келдек, осы қыздың қабағы маған жақсы еді, мүмкін жақсылардың ішінен мені де атап жіберер».


Оның бір сырқаты осындай үмітшіл еді, сондықтан өзінің жұмыс кезінде көшедегі бағанға сүйеніп тұрғанын ерсі көрер емес.


Оның дәл қазір кеудесінде үміт отының қаулағандығы сонша, диктор қыздың барлық сөзімен бірге өзінін, де барлық демін ішіне тартып алды. Егер де жаңағы келіншек оны дәл осы сәтте көре қалса: «Байғұс-ау, буынып өлдің ғой», — деп күлер еді, бір тәуірі ешкім көрген жоқ. Жұрттың бәрі жұмыста, балалардың бәрі мектебі мен бақшасында, көретін жан жоқ. Бірақ диктор қыздың мына бір сөзінен кейін оның кеудесіне сыймай күмпиіп тұрған үміті көбік болып кетті. Өйткені, диктор қыз колхозшылардың жақсысын асырмай, жаманын жасырмай айтып отыратын өздерінің күнделікті әдеттерімен жақсыларын айтып келіп жамандарын атай бастап еді, ең алдымен атағаны осы Келдек болды. Хабардың бірнеше тілші хаттарынан құралған бұл бөлімі уақытты дұрыс пайдаланбаушыларды сынауға арналған екен. Соның ішінде бір тілші, жас балташы Келдектің кешегі күнді қалай өткізгенін баяндапты. Опын жұмысқа жарты сағат кеш келгенін, келгеннен кейін балта қайраумен жарты сағатты өткізгенін, қайралған балтаның жүзін көрмек болып қолын кесіп алғанын, сол кесілген қолын дәрігерге орату үшін бір сағат уақыты кеткенін — сонымен бір күнгі істеген жұмысы бір орындықтың сыңар сирағы екенін баяндап келіпті де, хаттың аяғын зілді мысқыл сөздермен бітіріпті.


— Оған біздің қосарымыз — соңғы хабарға қарағанда, — деді диктор қыз күле сөйлеп, — Келдектің бүгінгі күні де сау басына сақина тілеумен өтетін түрі бар. Ұят, ұят болса да айтайық, ол орта ғасырдан келген болу керек, дәл осы минутта Жеңіс көшесіндегі репродуктордан естілген біздің. даусымызды аузымен де тыңдап тұр.


Мұнан арғысын тыңдауға Келдектің шыдамы жеткен жоқ, жан жағына ұрлана қарап алып ішінен диктор қызды бір мықтады да, аулақта ағаш тілген арасының дарылы бүкіл даланы дабылдатып тұрған өздерінін, шеберханасына қарай жүгіре жөнелді.


Аяғы қимылдаса ғана басы жұмыс істейтін болу керек, өзінің манадан бергі ағаттылығын енді ғана сезіп маңдайын ұрғылап барады.


— Әй, ақылы кеш, еңбегі еш басым-ай, есалаң күйге саласың да жүресің-ау, — деп, өзін-өзі тістелеп шайнап та барады...


Бураханның көзіне түссе Бағланды мінейтін тіліне тиектің бірі осы еді, ол келіп жеткенше мұның да оты осылай өшіп қалды.


— А, кертабан, бұл қылығыңды қоймасаң, кертабаның, әлі де талай тарсылдар, — деді оны терезеден бақылап тұрған манағы қызыл шырайлы келіншек. Келдектің қайда тұрғанын телефон арқылы радио торабына жеткізген сол еді. Ол тұра жүгірген Келдекке соны айтты да, қолындағы жас бөбегіне мейірлене қарап, — көрдің бе, күнім, сенің заманында ұяттың қандай күшті екенін. Сені ермек етіп үйде отыра беру енді маған да ұят, шешеңнің қолына байлау бола беру саған да ұят. Ұяттың өлімнен де күшті екенін осы бастан ұғып ал^ деді күлімсіреп.


Осы кезде колхоздың, партком секретары Ботажан Дәуренов дейтін сұңғақ бойлы сұр жігіт осы үйдің алдынан өтіп бара жатыр еді, келіншектің кезі соны шалып қалды да ұмтылып барып терезені қақты. Ондағы ойы, өзінін қала шетінде ауырып жатқан бір шәкіртіне дәрігер жібертуші өтінбекші еді, ақырын қаққан оның дыбысына қос терезе, сыртқа жібермеді де, Ботажанның құлағына жеткізген жоқ.


— Көрдің бе? — деді ол бөбегін көтерген күйі үйдің ішін кезіп жүре сөйлеп, — сен мені жөргектегі өзіңе қарай қанша тартсаң да шәкірттерім мені өзіне тартады. Ал, мен екеуіңе де құшақ жаямын, бұл қалай? Біз бұрын болашағымыздың қандай боларын білсек те, қашан жетерімізді білмей, әрбір тал ағашты еккен сайын өз ризығымызды ойлай тұра болашақ үшін, ұрпақтар үшін деген сөзді әрдайым қасиеттеп айтушы едік. Ол біздің ең асыл тілегіміз еді. Енді оның да ескіретін мезгілі жетті. Өйткені, біздер сол ең бақыттылардың өзімен замандас болуға жақын қалыппыз. Тек, сен сияқты баланы шешесіне қол байлау етіп қою өзімізге сай емес еді, енді оған да жеттік. Ертең осы колхоздан бөбектер үйі ашылғалы тұр. Мен сені соған беремін де, жұмысқа шығамын. Солай, құрметті замандас, қиялымызбен де жарысқан заманымыз заулап барады. Онан менің қалғаным — сенің де қалғаның. Сондықтан ертеңнен бастап маған рұқсат ет те, өзін тез ер жет.


Жалғыз өзі үш бөлмелі үйге, ойы бүгінгі заманға сыймай, қиялы шарқ ұрып тұрған келіншектің өзі көшеде етіп бара жатқан Бурахандардың машинасына түсті.


Қаланын көркіне, әсіресе оның ертеңгі жұпар шаша гүл төгетін шағына көзін шаттана жіберіп, шалқып Арман келеді. Осының бәрін өзін арбағалы тұрған арбаушыиың сиқырындай көріп Бурахан келеді.


Бұл колхоз орталығының қаладан айырмасы аз. Қалада бар сәулеттің мұнда талайы бар. Өзінің көрген адамды бір таңдандырмай, таңдайын бір қақтырмай жібермейтін мәдениет сарайы, ұзыны бір кварталды түгел алып жатқан үш қабат үйінен не керектін бәрі табылатын он жылдық мектебі, өзінің қала үлгісімен салынған ауруханасы, әйелдер босанатын үйі, өзінің балалар бақшасы мен балалар яслиі, өзінін теплицасы мен лабораториясы, өзіне керектінің бәрі табылатын магазині мен асханасы, өзіне керектің бәрін л^асай алатын шеберханасы, тағысын тағылары бар. Соның барлығын бір жерге, күмбезі көк тіреп тұрғандай көрінетін мәдениет сарайының маңайына шоғырландырылған екен. Бурахан машинаны сол мәдениет сарайының алдына тоқтатып жерге түсті де, үпсіз қарап тұрып қалды.


Мәдениет сарайының алды осы колхоздың айнасы секілді. Барлық дәулетінің, барлық сәулетінің, барлық ардагер адамдарының суреті көздің алдында. Соның бәрін жана майданға, жаңа жеңіске шақырып тұрғандай асқақтап, көк күмбездің биік аспанында тұрған қызыл ту құлпыра желбіреп, әр тарапқа шарқ ұрады.


Бұл маңайдағы сәулеттің бәрі ортасында үлкен фонтаны бар гүл аланын қоршай салынған еді, Бурахан топтан бөліне сол гүл алаңының ортасына таман барып, сарайдың төбесіне көз жіберді де:


— Сонау күмбезге кеткен ақшаға қой қораның бірнешеуін салуға болар еді-ау, а! — деді сәлем бере жақындаған Ботажанның бетіне қарамастан, оның кім екенін білместен.


— Ғафу етіңіз, ондай есепке шорқақ едім, сәлематсыз ба? — деді Ботажан.


Бурахан оның бетіне енді ғана қарады.


— Сен кім едің?


— Осы колхоздың партком секретары едім.


— А, Ботажан Дәуренов деген сен бе едің? Сыртыңнан жақсы білем, — деді де кейінгі машиналардың бірінен түсіп келе жатқан Жаннаға бұрылып кетті. — Иә, агроном жолдас, енді айтыңызшы... егіс жұмысы қалай?


— Жаман емес, кеше ғана аяқтадық, қазір қызылшаны қызу колға алып жатырмыз.


— Мен жана нұсқаудың егісін, яғни егістің біткенін емес, енді басталатынын сұрап тұрмын.


— Біз ол нұсқауды әлі қарағанымыз жоқ.


— Неге?


— Бастығымыз Сағым даласына кеткен еді, сонан әлі қайтқан жоқ.


— А, онсыз қарауға болмай ма?


— Болмайды.


— Неге?


Жанна не дерін білмей аз кідірді де:


— Онымен кеңеспей кескен тонымыз келте болушы еді, — деді күмілжіп.


Бурахан ызалы күлкімен мырс етті.


— Солай деңіз, келтеміз деңіз. Ал, бұған партком секретары не дейді екен?


— Бүгін кешке партия жиналысы, сол жиналыстан кейін болмаса, не дейтінімді өзім де білмеймін, — деп Ботажан да шынын айтып салды.


Бурахан бұл әңгімені мұнан әрі созғысы келмей Арманға қарады:


— Бұлармен басқарақ сөйлесу керек екенін сезіп тұрсың ба? — деді де, оның жауабын күтпестен Ботажан мен Жаннаға бұрылып кетті. — Кейінгілер келгенше уақытымыз бар, көретін нелерің бар?


— Өзіңіз нені көргіңіз келеді?


— Мен сендерден өзгелерде жоқты көрсем деп едім.


— Онда лаборатория мен теплицамызды көрерсіз..


— Олар алыста ма?


— Кеңсеміздің ар жағында, онша алыс емес.


— Кеңселерің қайсы?


— Мына бір екі қабат үй.


— Шіркін байлық, — деді Бурахан күрсіне бере күлімсіреп. Оның не үшін күрсініп, неге күлімсірегенін өзінен басқалар білген жоқ.


Бұл маңайдағы ағаштың бәрі барлық құрылыс аяқталғаннан кейін орнатылған болу керек, әлі жетілмеген көк өрім. Бірақ сол кек өрімдердің желмен тербеле шыққан нәзік сыбдыры жас нәрестенің күлкісіндей, оның теңселген нәзік бұтақтары сол нәрестенің талпынған шақтағы саусағындай сезіліп Арманның жүрегін шарпыса, Бураханның жүрегіне тікендей қадалды. Өйткені ол Бағланды көзбояушы деген ұғымға әбден бекініп алғанды, мұндағы сәулеттің баршасын соның сиқырындай көріп қызығар емес.


Колхоздың кеңсесі мен теплицасының арасында бір алан бар екен, Бураханның көзі соған түсіп еді, қатарында келе жатқан Жаннаға күле қарап:


— Доптарыңыз болса футбол ойнайтын алаңдарыңыз әзір екен, — деді.


Бураханды көрген сәттен бастап Жанна өзін-өзі жауапқа әзір ұстауда еді, сондықтан ол Бураханның бұл әзілінде кекесін барын сезсе де, именбей, іркілместен іле үн қатты.


— Әзірше сіздің осы сөзіңізге мәз болып жүре береміз бе, қайтеміз. Шын мәз болатын кезіміз де болар.


Оның «мәз болатын кезіміз де болар» деген сөзінде нендей сыр барын Арман да сезді. Бірақ ол Жаннаның күлкі ойнаған кезіне бір қарап, басын сәл шайқады да үндеген жоқ. Егер де Ботажан:


— Шынында, бұл алаңның қызықты көрінетін кезі алда. Біздер мұны спорт алаңы етпекпіз, — демесе, Жаннаның әлгі бір сөзінің орайына Бураханның шамдануы мүмкін еді.


— Ой емес, бой көрсеткіштердің сөзі ғой, — деді ол, мұны саған айтамын дегендей Жаннаны көз қырымен нұсқап.


Оның бұл сөзді кімге арнап, көзді не оймен төңкергенін сезсе де, Жанна үндеген жоқ. «Көрерсіз кімнің ойы бойымен ғана бірдей екенін», — деді ішінен. Оның мұндай ойда екенін ешкім сезген жоқ, Бурахан жаңағы сөзінің Жаннаға жақпай қалғанын қабағынан аңғарды да, әңгіменің бетін бұрып жіберді.


Бұл кезде олар теплицаның сыртындағы, кенересінің кірпішіне дейін мүжілген ескі дуалға жақындаған еді.


— Мынау қай ғасырдың қалдығы? — деді Бурахан сыртқы сыны қожалықтанып кеткен сол ескі дуалға шошына қарап.


— Талай ғасырдың жүгін арқалаған өз ғасырымыздың бесжылдықтары бар еді ғой, — деді Жанна, — сол алғашқы бесжылдықтардың салған сарайларынан қалған жалғыз мұра осы еді, келесі жылы мұнымен де қоштасқалы тұрмыз.


— Келесі жылы мұны қайда жібермексіңдер?


— Құлатамыз да орнына үлкен теплица саламыз.


— Бұларың жақсы ниет екен.


Бураханның аузынан шыққан жылы лебіз әзірше осы ғана.


Ботажан тағы бірдеме айтқалы оқтайланып еді, Жанна бөліп жіберді.


— Жолдас партком, өзіміздің қолда барды айта беріп қайтеміз, онан да ойымызда жоқтың не екенін білейік, ол үшін тыңдайық.


— Біріміз барды айтсақ, енді біріміз жоқты айтқанымыз жөн болар. Соңғысын саған сыйладым, таба алмай жүрген жоғыңды сұра да, тыңдай бер.


— Жоқ жоғалтқаннан мен де аманмын. Көлденең көз көргіш келеді ғой, көреген көздің жеткен жеріне біздер ойымызды жұмсап көрейік дегеннен басқа менің де айтарым жоқ.


Жаннаның нені мегзеп келе жатқанын Бурахан тез аңғарды да:


— Егер басқаның емес, ойларыңыз жеткен жеріне қолдарыңыз да жетсін деп тілесем не дер едіңіз? — деді.


— Ең қымбат тілек сол дер едім, амал не, біздің ондай тілегіміз бой көрсету ғана.


— О, сіз менің жаңағы бір сөзіме шамданып қалған ба едіңіз? Онда кешіріңіз.


— Иә, — деді Арман оны қостаған түр көрсетіп, — ондай намысқор болсаңыздар көрінгеннен жөн сұрау көзсіздің ісі екенін де білгейсіздер.


Бұл сөз Жаннаның бетін ду еткізді, өйткені жауап беруге өзін-өзі қанша әзір ұстаса да мұндай ащы сөзді естуге әзір емес еді, әсіресе Арманнан күткен емес. Сондықтан ол не дерін білмей ұяла қызарып кейін шегінді.


«Апыр-ай, мен не дедім осы? — деді ол ішінен. — Секретарь жолдастың мына сөзінде бір ызғар бар ғой. Мен буларды қашан көлденең өткен көк атты жолаушыдай көрген едім? Жөн сұрасам өзімнің басшыларымнан сұрадым, оның қандай сөкеттігі бар? Бірақ, басқаның көзі жеткенге де ойы жете алмайтын бишара бола қалғаным не әлі? Аңдамай сөйлеп ауырмай өлгенімді-ай».


Ол осындай ойда келе жатып қасындағылардың жаңағы сырты қожалақ аулаға кіріп кеткенін серіппесі қатты есіктің бой бермей сарт еткен дыбысынан сезді де, селк етіп, солардың соңынан тұра жүгірді.


— Асығыс болмасаңыздар лабораториямызды да көре кетіңіздер, — деді бастап келе жатқан Ботажан.


— Бастай бер, — деді Арман лек қағып. Бұл жақсылықтың барлығы өзінің көзін алдайтын бояудай көрді ме қалай, Бурахан көзін жұмып, сол жақ ұртын орамалымен басып тұра қалды:


— Сендерде тістің де дәрігері бар шығар-ау.


— Бар, біздің үйдегі келініңіз тістің дәрігері.


— Онда мені алдымен сол келінге... баста.


Ол алақанымен жағын баса кері бұрылып еді, соның жетегіне байланғандай басқалар қоса жапырылды.


6


Салалы сақалы аққудың қанатындай бір шал буларға қарсы келе жатыр. Бұл манағы әдемі әнді тамылжытқан Дәулет қарт. Бураханмен қатарласа жүріп келе жатқан Арманның көзі сонда.


Ботажан ақырын күңк етті:


— Дәукең келе жатыр.


— Апыр-ау, осы келе жатқан анық оның өзі ме, жоқ әлде әруағы ма?


— Арыстанның қазасы бәрімізден де осы атайды қаттырақ қаусатып кетті, — деді де, Жанна жасқа булығып қалды.


Дәулет шырамытқан болу керек, басқаларға көз салмастан Арманға алыстан қадалып келеді. Оның екі самайынан толқындата жосылып келіп кең кеудесіне көсіле жайылған қорғасын түстес салалы сақалынан, қатпар-қатпар қасқа маңдайынан көз алмай: «Мына байғұстың алып денесі қайда кеткен?» — деді Арман ішінен. Мұнан бірнеше жыл бұрын көргенде оның сақалының бір тал ағы да, маңдайының жалғыз сызығы да жоқ еді, қазір оның екеуі де көбейіп, шырайлы көрінетін өңі тарғылданып кетіпті. Ол қарсы келген Бурахандарға ізет көрсетіп жолдың жиегінде тұр еді, сәлем бере жақындаған Арманды тани сала ұмтылып келіп құшақтай алды. Бірақ үн жоқ. Жылағысы келеді, үнімен бірге байланғандай кезінен жас шығар емес, тек иегі кемсең қағып, буындары сылқылдай бастаған әлсіз денесі дір-дір етеді.


Арман оны бірден жадырату үшін ширықтыратын бір сезді сайлап та үлгірді.


— Ау, біз сізге ән салдырғалы келе жатсақ, мұныңыз қалай? Алыстан аңсап келген қонақты осылай қарсы ала ма екен?


— Көңіліңді құдай көтерсін, Арманым...


Қарттың сөзін Бураханның даусы бөлігі жіберді. Бураханның тіс ауруы ұстамалы екен. Жаңа ғана шыдатпай теплицаны көрсетпестен ала қашқан ауруы кешеге шыққаннан кейін басыла қалып еді, енді аурухананың маңдайшасындағы жазудың әрбір әрпі тіс суыратын қысқыштай көрінді де, қайтадан сыздап кетті.


— Медеу, сен бері жүр, басқаларыңыз бізді мәдениет сарайының алдынан тосыңыздар, — деді ол ауруханаға бұрылатын жолға жете бере тұра қалып.


— Дәрігерлеріміз сізді танымай қалар, мен бастап барайын, — деп Ботажан алға түсіп еді.


— Жоқ, — деді Бурахан, — маған олардың танымағаны жақсы. Мен үшін алаң болмай қарқындарыңды күшейтіңдер. Маған керегі қарқын, қарқын...


Ол топтан бөлініп кете берген кезде маңдайшасында «Әйелдер босанатын үй» деген жазуы бар шеткі есіктен екі әйел шыға келді. Екеуінің қолында құндақтаулы баласы бар, екеуінің де соңына ерген қошеметшілері бар, екеуінің де бақытты жүзі жайнаң-жайнаң етеді. Алда келе жатқан ақ сары әйел өжеттеу екен, баласының бетін ашып Бураханның алдына тоса бастады.


— О, балапаным, алғашқы қадамың бастық ағаларыңа сәлем беруден басталды, сен де бастық болады екенсің, — деді де Бураханға қарады, — «Қырықтың бірі қызыр» деген ғой, қызыр пайғамбардың өзі болмасаңыз да бұл заманның қызырының бірі екеніңізді түріңізден көріп тұрмын, балаларымызға көрімдік беріңіз. Міне көріңіз, әкесінен айнымаған!


— Сәлем, батыр, — деді Бурахан баланың бетіме үңіліп. Сонан кейін анасының жаңа босанған әйелдердің бәрінде де бола беретін бақытты жүзіне қарады.


— Әкесіне тартқаны үшін тай сыйлауға да болар еді амал жоқ, біздей жолаушының бар малы осы ғана, бақытты өмір тілеген ниетімізбен барымызға риза болыңыздар, — деп төс қалтасынан он сомдықтың екеуін суырып алып екі әйелге ұсынды.


— Мен кішкене дарақылық еттім, ол үшін айып етпеңіз, — деді де, ақ сары әйел он сомдықты уысына сүңгітіп жіберді.


— Бұл дарақылық емес, жарқын жандылық, мен мұны солай түсінемін де, солай деп әр кезде айта жүремін, сау болыңыздар, — деді де Бурахан жүріп кетті.


. — Көп жасаңыз, — деп әйелдер қала берді. Олар Бураханның кім екенін білместен сыйлығына мәз болып жатыр еді, Жанна қарсы барып алдарынан шықты да әлденені ашумен күңкілдей бастады. Ақ сары әйел:


— Білемін, білемін, — деді.


Ақ сары әйел соны айтты да өте шықты.


— Ау, жеңгелер, қанша олжалы болсаңыздар да ақ тілегімізді ала кетсеңіздерші, — деп Ботажан жаңағы бір ашулы сәтті жуып-шайғысы келіп қолтықтай жөнеліп еді, екеуі де жадырап сала берді. Осының бәріне Арманның жаны риза, бірақ үндеген жоқ.


Ботажан жеңгелерін күлкімен ұзатып салып қайта бұрылған кезде мәдениет сарайының алдына келіп тоқтаған бір машинаның ішінен әлдекімнің:


— . Ботажан! О, айналайын, — деген құж даусы шықты.


Оның даусының құждығы сонша, құлағының аздаған мүкісі бар Дәулет қартқа да алыстан естілді.


— Кім мені шақырған? — деді Ботажан машиналарға жақындай бере тұра қалып.


Өзінің кескініне сай еткісі келгендей кілең шымқай қарадан киінген Байсал:


— Сені шақырған мен ғой, Ботажаным, мен! — деп машинасынан шірене түсті де, су жаңа етігінің сықырын салмағымен тұншықтырғысы келгендей, аяғын нығарлай басып Ботажанға қарай келе жатты. Бір қолы жалпақтығы төрт елі белбеуінде, екінші қолы қияғы иығына қарай желбірей бастаған сақалында.


— Жанна шырақ, — деді Дәулет ақырын күңк, етіп, — «Дарбазаның» мына дәуі тым сәнденіп кеткен екен, бірдеңе сұрай келгенде осылай маймаңдап, тілінің майын осылай ағызатын. Бағлан болса жоқ, алданып қалмаңдар.


— «Дарбазаның» дәуі кім еді?


— Байсал дейтін дәу бастық, келіндерге жау бастық осы.


— Естіп қалар, — деді Жанна ақырын күңк етіп.


— Айтылған соң, сөздің естілгені жақсы ғой.


Дәулет қарттың жанағы жорамалы дұрыс болар, өйткені Байсал маймаңдап келіп, Ботажанды бір қолымен құшақтап еді, сол құшағынан әлі шығарған жоқ, айналып-толғанудан жағы әлі талған жоқ. Оның бала-шағасынан бастап, тарғыл мысығына дейін сұрап келеді. Тек Арманды көргенде басқа адам бола қалды, бірақ жалпылдақ қалпын сонда да көп өзгерткен жоқ.


— Бә-ре-кел-ді! «Жолы болар ағаның інісі шығар алдынан» деген осы да.


Арман онымен қол алысып амандасты да әлдене айтқысы келген болу керек, Ботажанды қолтықтап аулағырақ кетті. Байсал сол маймаңдаған қалпында. Ол шірене басып келіп Дәукеңе екі қолын қабат ұсынды:


— Ассалаумағалайкем, асыл қария. Аман-күйлі жүрсіз бе? Бала-шағаңыз, келін-кепшік, кемпір-мемпіріңіз тегіс аман ба? Әлгі бір сүйкімді ала күшігіңіз ауру-сырқаудан аман ба?


Оның ала күшіктің амандығын сұрауы Дәулеттің қытығына тиіп кетті:


— Басқамыз аман, тек сол ала күшік бір дертке ұшырап қалды, — деді ол мұңайып.


— Нендей?


— Нендей дерт екені белгісіз, сенен осы колхоздың көшесін де қызғана ма қалай, әйтеуір сен келіп кеткен күні түнімен ұйқы көрмей, шәуілдейтінді шығарды.


Байсалдың өтірік мырсылдап, бір қолымен оны құшақтай алғаннан басқа амалы болған жоқ.


— Әй, қартым-ай, өзіңіз алжысаңыз да әзіліңіз алмастай-ау, әлі. Иләйім солай болсын, — деп жалған жайдарылықты бүркеніп алып, Жанна тұрған жаққа бұрылып кетті.


— О, астанадан келген дәулердің біреуі екен десем, өзіміздің Жаннатай екен ғой. Армысың, асыл қарындасым, аяулы келінім! Көңіл-күйің жақсы ма? Батыр атаның, күйі құдайдың күйіндей екенін өзім де білемін, өз халің нешік? Алданын, мен Назгүл жеңгейдің жайы қандай? Ауру-сырқаудан аман ба?


Жанна оған күле қарап тұр, ішінен «әрі келіні, әрі қарындасы болсам, сонда өзі менің кімім болғаны» деп айтарын айтып та тұр.


Оның көзінде тұрған мысқыл күлкіні Байсал аңғарған жоқ. Ол жаттап алғам сөздерін талғамастан шұбыртып болғанша, Жанна оны қағытар сөзді сайлап та үлгірді. Өйткені өзіне Байсалдың сырттай құмартып жүргенін білетін де, кездесер шағын күтіп, тісін қайрап жүретін. Сол күткен сәті келіп тұр. Бұл кезде Дәулет Арман мен Ботажандарға барып өзінін бір арызын айтып тұрған-ды. Жанна әдейі соларға естірте.


— Өз халіңіз қалай? Шымылдығыңыз әлі жынданып тұр ма? — деді.


Кенеттен берілген мұндай уытты сұрауға не дерін білмей Байсал аңырап қалды.


— Қазақтардың шымылдығы жынданбайды, тек желпілдейді. Сондықтан олар: «шымылдығын желпілдеп тұр ма?» — дейді.


— О, сіз баяғы қазақтардың сөзін айтып кеттіңіз, бүгінгі қазақтар олай демейді, олар сіздейлердің шымылдығын жын қаққан дейді. Нанбасаңыз ана қариядан сұраңыз.


Байсал енді бәрін де ұқты, шымылдығы емес, енді. оның өзі жынданып кете жаздады. Бірақ ол өлерменденіп, сырын берген жоқ. Армандардың құлағына жеткізе қарқылдап күлді де:


— Байқаңыз, — деді бетін күлімдете тұрып тістене күбірлеп, — сіз мынау сүйреңдеген тіліңізбен ескіліктің отын көсеп тұрсыз. Сол отқа өзіңіз түскіңіз келмесе, тіліңізді тарта сөйлеңіз, — деді де аналардың ойын алдау үшін тағы да қарқылдай жөнелді.


Жанна оның зымиян күлкісіне ызалана түсіп, мырс етті:


— Ескілік сіздің қызығыңыз емес пе? Егер менің тілім сол қызығыңызды көсеп қыздырған болса, ол үшін сіз маған алғыс айтарсыз.


Оның сайысқысы келіп тұрғанын енді ғана түсінген болу керек, Байсалдың қысқа кірпігі мүлде жыпылықтап кетті. Әлденені айтқысы келеді, айта алмайды, түшкірсе де аузына келіп түсе кететін «бәрекелдісі» де оралатын емес, тек көзі ғана жыпылықтап, беті ғана жыбырлайды, Ал Дәулет қарттың мына бір қалжыңы оның өзін жындандырып жібере жаздады.


— Сайтандардың туы болған ондай шымылдықты өзім өртеп берейін, кімдікі болса да көрсетіңдерші көзіме, — деп ол білегін сыбана күмпілдеп келеді.


Байсал оның «сайтандардың туы.» деген сөзіне шамданып, қабағын қиястана түйіп алып, бір қырынан қиқарлана қарап еді, ашуланған кезде бетінің қанымен бірге еті де қашып, мұрны мүлде сорайып кетеді екен. Барлық ашуын лақ еткізіп аузынан ақтарғалы тұр еді, өздеріне қарай жүре сөйлесіп келе жатқан Арман мен Ботажанды көріп тез жым болды. Сөзі де басқа сарында шықты. Жақындап келген Ботажанды барып бір қолымен құшақтай алды.


— Бауырым Ботажан, — деді жаны күрсініп, оны құшағынан шығармастан, екінші қолымен Жаннаны құшақтап. — Жақып, Жанна, — деді қасаң тарта бастаған кәрі жүрегі лүп еткен соң, көзі күлімдеп, — сен екеуін жас болсаңдар да жақсы бас болдыңдар. Бағланның серігі бола біліп, колхоз жұмысын жақсы басқарыстыңдар, соның арқасында колхоздарың бүкіл еліміздің мақтаны болды. Сендердің іздеріңмен тепектеп біз де келеміз. Бірақ шамамыз келмей, шандарыңа ілесе алмай келеміз. Көрші отырған ағайын едік, арттарыңа мінгестіре кет дегелі келдім. Бұған не дейсіңдер?


— Зарлауын, — деді Дәулет күңк етіп.


Байсал оның сөзін естіместен күңірене түсті:


— «Арық атқа қамшы ауыр» дегендей, біз секілді әлсіздеу колхозға қосымша жоспардың азы да ауыр екен. Жаңа нұсқау бойынша келген қосымша жоспардан екі жүз гектар міндеттеме алған едік, соның жүз елу гектарына егетін тұқымымыз болмай тұралап отырмыз.


Дәулет қолын бір сілтеп теріс айнала бере «ит те сүйекті өңешіне өлшеп жұтады ғой» деп күңк етті. Оның бұл сөзі намысына қатты тисе де Байсал елеген жоқ. Ол Ботажаннан бір жақсы лебіз шыға қалса, қағып әкететіндей жұтынып, соның аузын аңдып тұр.


— Ay, бауырым-ау, неге үндемейсің?


— Мен бе?


— Енді кімге айтып тұрмын.


— Ондай ағайындықтың жолын ақсақалдардан сұрағаныңыз жөн болар.


— Ақсақалы кім?


— Немене, мен сенін тақияңа тар келіп тұрмын ба? — деген Дәулеттің даусы зыңқ етті. Оның ойы Байсалдың бетін осындай ызғарлы сөз, ызбарлы қабақпен қайтару еді. Ол ойы далаға кетті де, өзі ұсталып қалды.


— Аңдамай сөйлегенім болмаса, сіздей қамқоршы қартымызды тақиясына тар көретін мен ессіз емеспін, — деп Байсал оны майда тілімен үйіріп ала жөнелді. — Екі заманның жол-жобасын бірдей білетін сіз не айтсаңыз да ризамын. Тек біріне-бірі дем беру еліміздің ежелгі ағайындық салты екенін, еліміздің соған қосқан жаңа салты социалистік көмек екенін ұмытпасаңыз болды.


Ол соны айтты да қалтасынан «Қазбегін» алып, жағалай ұсына бастады. Дәулетте әлі үн жоқ. Ағайындыққа айтар жауабы әзір болса да, «социалистік көмектің» орнын толтыратын сөз таба алмай, папиростың бірін алып, тісіне қыстырды да, лақтырып жіберді. Әлі үн жоқ.


— Ой, көк сайтан-ай, — деді аздан соң, күле үн қатып. — Әжетіңе жараса мен сияқты қарттардың да басып айналдыратын сиқырың бар-ау сенің. Жарайды, жол сұрадың жөн сілтейін. Күзде ораза ғой. Оразаның кезінде жұрттың жарапазаншылардан аяры болмайды. Агрономдарыңды ертіп кел де, жағалай жүріп жар сал, әр есікке бір бар да «жарапазан айта келдім есігіңе, қошқардай қос ұл берсін бесігіңе» ден қақсай бер, машина толмаса қапшығың толып қайтатыныңа мен кепіл демекші едім, ана бір социалистік көмек деген сөзіңнің тілімді байлап тастағанын көрдің бе?


Байсал жылтыр қара бұйра елтіріден тігілген әдемі бөркін жұлып алып еді, тақыр басы бұрқыраған будан көрінбей кетті.


— Көп жасаңыз, қария, — деді ол басын иіп.


Ботажанның:


— Тұқым сұраймын деп жүріп, басыңызды ауыртарсыз, бөркіңізді тезірек киіңіз, — деген сөзі үмітін үзіп жіберсе де, ол өлермендігін қойған жоқ:


— Тілегімді қабылдасаңдар басым осы жерде қалса да ризамын, — деді ол тақыр басын алақанымен шарт еткізіп.


— Онан да бізге келіп кірмек болсаңдаршы, — деп Дәулет әзіл тастап еді, Байсалдың бар ашуы бұрқ етті.


— Дәуке, қаңқу сөзбен жанымды қажалап қайтесіз.


— Тілемсектену намысыңызды қажаламай ма? — деп Жанна күле қарап еді, Байсал қабағын түйіп алды.


— Колхоздарың біздің колхоздай болса, көрер едім, — деді де, Байсал ішінен бір дөрекі сезді айтып салды.


Оның жан сауға үшін апта салған бұл сөзі Арманды басқа ойға салып жіберді. Өйткені, ол басқарып отырған «Дарбаза» колхозы бұл облыстың ең егде колхозының бірі екені өзіне мәлім. Бірақ, сол іргесін ерте тепкен колхоздың осы уақытқа дейін еңсесін көтермеуі неліктен екені беймәлім.


«Байсалдың орнында болса, Бағлан не істер еді?» — деді ол ішінен. Ол осы сұраудың жауабын іздеп тұр еді; шеберхана жақтан келе жатқан екі адамның керкілдескен даусы бәрінің де ойын бөліп жіберді.


Көзіндегі көзілдірігі де, алдындағы алжапқышы да, басындағы бөркі де көнетоз, өзі де көне тартып қалған аласа бойлы, ашаң жүзді қара шал қасындағы қалың қабақты, қара сұр жігітке әлденені айтып, зіркілдеп келеді.


Иығына асып алған темір ілмегі, қолындағы кішігірім қапшықтай резинка қолғабы жігіттің электр монтері екенін анадайдан көрсетіп келеді. Ал көзілдірікті қартымыз осындағы шеберхананың бастығы Шәкір деген шебер екен. Ол Арманды көре с.ала, зіркілден күңкілге көшті.


— Бала кезіңде екі жыл отырмаған класын. аз еді, кещелік өмірлік несібің болса, амал не? — деп еді, жігіт мырс етті де:


— Көке-ау, мен кеще болсам, өзіме берілген правоны ұмытып кетер едім ғой, — деді.


— Сендейлерге право берудің өзі заңсыз, — деді де, Шәкір қарсы келіп сәлем берген Ботажанның қолын алмастан зірк етті, — тарт қолыңды, құрметің кім көрінгенді төбеме ойпақтату болса, қолыңның керегі жоқ!


Намысына тепкі тигендей Ботажанның беті ду етті. Ол ие дерін де, не істерін де білген жоқ, сондай дөрекі сөзімен де, отты көзімен де атқылап өте шыққан Шәкірден көзін алған жоқ. Ол қашан басқалармен амандасып болған соң, қашан Дәулеттің ашулы даусы шыққанша, сол орнында үнсіз тұрып қалды.


— Тарт қолыңды! — деді Дәулет Шәкірдің өз сөзін өзіне айтып, тіпті ол оның ұсынған қолын қағып та жіберді. — Елуге келгенше үйреткенің өнеге еді, ендігі үйретерін жаңағыдай дәуірлік болса, оның дәмін алдымен өзің тат!


Ботажан түскен жаңағы жайсыз күйге енді Шәкір түсті. Бірақ ол ұзақ түнерген жоқ, шапалақ, тигендей қызара қалған беті де қалпына тез келіп, үні де тез шықты.


— Мен жеңілдім, қария, — деді де ол Арманға бір қарай алып, Ботажан мен Жаннаға сөз тастады. — Жас жандарың бар ғой, айтыңдаршы, менің сұғанақтық істеген кезім болды ма?,


— Жоқ, жоқ, — десті екеуі жарыса үн қатып.


— Онда мен не жаздым? Ботажан, мен мұны сенен сұрап тұрмын.


Ботажан түсінбегендей түр көрсетіп, әркімге жалтақтай бір қарады да, салмақпен басып, Шәкірге жақындады.


— Мен сізге не жаздым?


— Жазығың сол: мына секілді бассызды басыма секіртіп қойған сен көрінесің.


— Бұл не істеп еді?


— Сұра өзінен. Ол менің шеберханамның бір залына тартылған электр сымын қиып тастады.


Ботажан монтер жігітке жақындады:


— Сен, сайтан, не істеп жүрсің?


— Өзіңіз облысқа кетерде не тапсырсаңыз, мен соны істедім.


— Мен саған не тапсырып едім?


— Осындағы электр күшіне сен жауаптысың. Егерде біреу-міреу электр күшін оз бетімен пайдаланатын болса, көрген жерде акт жаса да, тартқан сымын қиын таста деген едіңіз ғой, есіңізде ме?


— Иә, есімде.


— Ендеше «сайтан» деген сөзіңізді қайтып алыңыз.


— Не үшін?


— Айтқаныңызды бұлжытпай орындағаным үшін.


Ботажан оның сөзіне мырс етті де, қайтадан салқын қанданып, Шәкірге қарады.


— Мен сізге түсінбей тұрмын, электр күші сіздің шеберханада жеткілікті еді ғой.


— Бұрын жеткілікті болғанымен, енді септеуге де жетер емес.


— Неге?


— Колхозымыз күшейген сайын шеберханамыз да күшейіп, колхозшыларымыздың тілегі өскен сайын біздің шеберлігіміз де өсіп келеді. Бұрын орындық, стол ғана жасай алатын біздер, енді мебельдердің барлық түрін өзіміз жасап кермекпіз. Сол жұмысқа тәжірибе жасау үшін бөлінген залға елу метрдей сым тартқан едік, соны мына батыр жана қиып тастады.


Ботажан әкелі-балалы екеуінің арқасынан екі қақты да, Байсалға қарады. Бірақ «естіп тұрсыз ба?» дегеннен басқа сөз айтқан жоқ. Оның мұны не оймен айтқанын сезсе де, сезбеген болып, Арманның қолдау болар бір ауыз жылы сөзіне ынтығып Байсал тұр. Атасының үстінен арыз жазған арсыз келін емес екенін Бураханға айтар, айтпасын білмей соны ғана ойлап көзін бір нысанадан алмастан қиял кезіп Жанна тұр. Осынын бәрін әзінің баласындай көріп, масаттана күлімдеп Дәулет тұр. «Барлық колхозшылардың тым болмаса осылардай болғанын қашан көрер екенбіз» деп Арман тұр. «Бурахан маған ымрашыл болма дейді, нағыз ымрашылдық мынау Байсалдарды бастық етіп қою емес пе?»


Арманның бұл ойын алыстан көрінген Бурахан бөліп жіберді. Оның соған қарай бет алғалы тұрғанын сезіп, Байсал тамағын кенеді, танауын да тартқылады, галифесі делдиген қара шалбарының қалтасынан ақ орамалды жарқ еткізе суырып алып, маңдай терін де бір сыпырып тастады. Арман оның не үшін тыпырлап тұрғанын сезсе де, үн қатқан жоқ. Ол үндемеген сайын Байсалдың өзі де, үміті де тұншыға бастады


— Ботажан, мен сендерге бірдеңе дедім-ау деймін, — деді ол ышқына сөйлеп.


— Иә, дедіңіз. Біз де дейтінімізді дедік Байсал бажырая қарап:


— Сен не деп едің?


— Біздің не дейтінімізді мынау әкелі-балалы екеуі бірдей айтты ғой.


— Бұлар не айтып еді?


— Бұлардың не үшін келгеніне ой жіберсеңіз, не дегенін де білерсіз.


— Сен немене, әке мен баланын төбелесін де мактан көресің бе — деп, Байсал күлкісі келмесе де өтірік мырсылдай бастап еді.


— Әрине, — деп Дәулет оны шалып қалды, — біздің мұндай төбелесіміздің өзі сендердің құшақтасып сүйіскендеріңнен қымбаттырақ секілді.


— Ау, ағайын, өздерің мастықтан саусыңдар ма? — деді Байсал өтірік таңданып... Ол таңданған сайын Ботажан ширыға түсті:


— Ие, біз маспыз, мас емес сіз сау басыңызбен ойлап қараңызшы: колхозының мүддесі үшін түс шайысуға дейін баратын дәл осылардай әке мен баланы сіздер қашан көрер екенсіздер?


— Мұндай жанжалды көрмей-ақ қойдым.


— Иә, мұндай жанжалды сіздер әзір көрмейсіздер. Өйткені бұлар келешектің адамы.


Ботажанның бұл сөзінен кейін жаңа ғана жауар бұлттай күркіресіп келген әкелі-балалы екеуінің көздері күлімдесе бастады. Әкесі шеттей бере баласына иек қағып еді, бал асы оны қолтықтай жөнелді.


Екеуі де үн қатқан жоқ, олардың үн қатпастан кетуі мына тұрғандардың бәріне де үлкен ой салып кетті.


— Мыналарға сен бірдеңе демес пе екенсің? — деді Байсал Арманға күңк етіп.


Арман жүре бере токтай қалып, оған қолын ұсынды:


— Уәделі жексенбіге әлі үш күн бар, оған дейін қош болыңыз.


Осы кезде манағы бұлар келген жақтан бірнеше машина көрінген еді. Арман, соларды көре сала тоқтай қалып, Ботажанға қарады.


— Мына келе жатқан біздің күткен адамымыз болар. Енді кешікпей жүреміз, асханаларыц жұмыс істесе шай дайындатып жібергейсің.


— Шайымыз да, басқамыз да дайын.


— Шайдан басқа байлық болмасын.


— Бурекеңнің көмекшісі сондай емеурін білдірді ғой.


— Солай ма? Онда сен алдауға түскен екенсің. Жарайды, болары болды, қонақтарды бірден асханаға түсіріңдер.


Ботажан жөнеле берген кезде, екінші жақтан Бурахан да келіп жетті.


— Мен бір тісімді құрбанға шалып қайттым, сендер не бітірдіңдер?


— Біз осы колхоздың өзіне ғана тән мінездерді көрдік, басқа бітіргеніміз шамалы.


— Бұлар құласа да алға ұмтылып құлайды екен. Мен соған қатты қуандым да, ішімнен Бағланға алғыс айттым.


Арманның бұл сөзі Бураханға ұнаған жоқ. Ол қасына келген Байсалмен жүре амандасып:


— Мен Малтабайға бір мықты бастық тап дедім. Оның табар мықты бастығы сен боларсың, — деді Байсалдың арқасынан қағып.


Оның бұл сөзін Арман да естіп қалды.


«Жоқ, Буреке, — деді ол ішінен... — менің бұл ағайыма осы орынның өзі көп болар...»


Екінші бөлім


I


«Шағаланың» Сағым даласына баратын жолы шаңы қою үлкен қара жол болатын. Сол жолдың шаңын аспанға шығара бір топ машина келеді. Мұның ішінде Алматыдан келген ғалымдардың да машинасы бар. Ең алдағы қара машинада тағы да сол Бурахан, оның қасындағылар сол Арман мен Медеу. Бұлар, әсіресе Медеу жел көңілденіп алыпты. Өзгелерді де өзіндей көріп желігіп келе жатқан ол:


— Жақсы ән менен тәтті күй, тыңдауға оны кім құмар, — деп ол әндетіп еді;


— Тыңдай білсең мына даланын. айтар жыры, тартар күйі де аз емес, Медеуім. Сен тыңдағыш болсаң соны тыңда, — деді Бурахан. — Қараңдаршы! Қақ қасында сылаң қағып жатқан өзені мынау, қары кетер-кетпестен шаңы аспанға шығып жатқан жері мынау. Біріне-бірі жете алмай аңсап жатқан екі ғашық секілді, сендерге айтар назы бар, тыңдаңдаршы!


— О, сіз ақындарша шалқыдыңыз ғой, — деді Армап күлімсіреп.


— Иә, мен ақынмын, — деді Бурахан күрсініп, — бірақ мен тек өзім топырағына аунап өскен жердің ғана ақынымын, мен өзім сүңгіп өскен қақ айдынының ғана ақынымын. Сондықтан да мен олардың сырына үңіле білемін, сондықтан да мен олардың мұңын тыңдай білемін. Қараңдаршы, біріне-бірінің жете алмай ынтығуы тамаша емес пе?


Арман оны өзінің түпкі ойына қарай тағы бұрып жіберді.


— Сол тамашаның талайын жаңағы «Шағаланың» әр көшесінен таптыныз-ау деймін.


— Оны қайдан білдің?


— Мәдениет сарайы секілді сәулеттеріне сүйсіне қараған көзіңізден, әсіресе сонау екі әйелдің қолындағы нәрестелерді көрген көзіңіздегі ажарыңыздан аңғардым.


Бурахан мырс етті де үндеген жоқ, бірақ кеудесіне ұялаған күдікті ойлар құздың құйрығына ұқсап әр қиялы бір жүйткіп кетті.


«Ау, Арманым-ау, бауырым-ау, сен осындай ма едің? — деді ол ішінен, — мынау айтып келе жатқаның нағыз намыссыздардың сөзі ғой. Өзіңнің ең жақын досың маған мұнша жалбақтайсың басқа басшылардың алдында қандайсың? Жоқ, мен білетін Арман мұндай емес-ті. Сенде мен білмейтін бір құпия сыр бар, не қатты сырқатсың, екінің бірі... Әлде сенің сырқатың соңымызда келе жатқан сонау қаракер келіншек пе? Соның манағы бір көз тастасында сайтан оты бар секілді еді, атасының қылмысына қорған ету үшін сені арбап алуға мүмкін-ау соның. Иә, әбден мүмкін».


Арман оның нендей ойда келе жатқанын сезген жоқ, өзінің қамқоршы болғысы келген сөзін айтып салды:


— Буреке, шаршаған жоқсыз ба?


— Оны не үшін сұрадың?


— Үндемей қалдыңыз.


— Бүгінгі көргендерімді көздің алдынан өткізе-өткізе шаршағаным рас.


Бураханның бұл сөзінде қандай зіл барын Арман сезді, сезсе де сыр бермей Бағлан үшін аңқау бола қалды да, оның тағдырын Бураханның алдына тағы да тартып жіберді.


— Иә, адам баласының шаттықтан да шаршайтын кезі болады. Бір келген жолаушыны да шаттандырып жібер.етін осындай колхоздар қашан көбейер екен?


Бурахан жақтырмаған түріп ойлана көрсетіп, көзінің қиығын Арманға суық тастады да үндеген жоқ. Тек Медеудің:


— Байқаңыз, Арман аға, баяғының бір бақасы өгіздей боламын деп, өліп кетіпті дейді. Қайсы бір бастықтарыңыз Бағландай боламын деп, сол бақаның керін киіп жүрмесін, — деген сөзіне зілдірек үн қатты:


— Сен алдымен өгіз бен бақаны айырып алғайсың.


Ол Медеуді солай бір тұқыртып тастады да, машинаның екі жағына кезек үңіле түсті:


— Дала... дала... дала... шіркін дала...


Бураханның осы сөзінен кейін бәрінің де үні ешті.


Арманның көзі Бурахан қараған жақта, ойы жаңа ғана өздері шай ішу үшін келгендей ой токтатпастан көз тастап қана өте шыққан «Шағала» колхозының қаласында. Міне, оның маңдайшасында «Шағала» колхозы деген жазуы, жарты шақырым жерден түнде де көрінетін дарбазасы. Сол дарбазадан кіргеннен бастап кездесетін сұлулық оның көз алдынан бірінен соң бірі өтіп жатыр. Оқтай түзу көшелерді бойлай тізбектелген зәулім бәйтеректері әлі шешек атып, гүл шашпаса да өзінің әсемдігімен көз тартады.


Бүгінгі көргендерін көзінің алдынан солай тізбектетіп Арман келеді.


«Апыр-ау, осындай еңбегі бар Бағланның халқы үшін жасаған бір қатесінің құрбаны болып кеткені ме? Мына түріне қарағанда бүгінгі көргендерінен Бураханның есінде түк қалмаған секілді ғой».


Ол осындай ойда келеді.


Бұлар үнсіз. Оның есесіне кейінгі машинада келе жатқан Малтабай мен Невскийдің дауы қызу.


Невский кең кеуделі, денесі тым кесек, оң жақ бетінде соғыстың таңбасы болса да кескінді адам еді. Ол әсіресе әскер киімін киген шағында солай көрінетін. Әлдеқалай бүгін генералдың киімін киген екен, мүлдем айдынданып, сымбаттанып кетіпті. Бірақ, өзінен төменгілердің бәріне құдай көрінгісі келетін құртақандай Малтабай сондай алыпты да көзіне ілер емес. Ол тіпті астындағы машинаны өзінін қауқарсыз салмағымен майыстырып жерге жапсырып жібергісі келгендей нығызданып шірене түседі. Қатарында отырған Невскийге көзінің қиығын ызбарлана маңғаз тастайды, тіпті оның төбесінен қарағысы да келеді. Бірақ тағдыр жоғарыдан қарауды оған жазбапты. Қиығынан қиғаштала тастаған көзі Невскийдің құлақ шеке тұсынан әрі аспай құлап түседі. Оны да елейтін түрі жоқ, көзімен бірге өзі құласа да дәмесі қулайтын емес. Өйткені оның бақсылыққа ұқсас жасанды батылдығы бар. Сондықтан ол өзінен төменгілерді жалған батылдығымен қорқытатын, бірақ мына генерал оның шіңкілдеген даусын масаның ызыңындай да көретін емес. Оның сол қылығы Малтабайдың ашуын қоздырып келеді.


— Өзіңіз мына мәліметке қараңызшы, қараңызшы деймін мен сізге, — деп бір жапырақ қағазды Невскийдің көзінің алдына қайта-қайта сілкілейді. — Сіздің совхоздан басқалардың бәрі үстеме жоспарды орындауға кірісіп, қайсы бірі әлден он процентке жеткізіпті. Ал Бағланның колхозы мен сіздің совхоздың мына мәліметте тек аты бар да, тиреден басқа түгі жоқ, бұл не? Осы да патриоттық па? Жоқ, мұның аты кертартпалық. Сіз патриот бола тұра Бағлан сияқты кертартпаның жетегіне еріп адастыңыз, жолдас генерал.


Невскийдің өзі қандай мығым болса сөзі де сондай нығыз екен.


— Патриоттықтың жақсы, кертартпалықтың жаман екенін бәріміз де білеміз, — деді ол әр сөзін салмақтап отырғандай керіп сөйлеп, — тек, сол екеуін кейде айыра білмейміз, сонымыз жаман.


Сіздің ойыңызша ол екеуін айыра білмейтін меңіреу мен болармын, солай ма? — деп Малтабай шақ етіп еді, Невский мырс етті де:


— Өмірде не аз? Өз мінін көрушілер аз. Менің көзім жеткен бір философия осы, — деді миығынан күле сөйлеп.


Малтабай бұл сөздің байыбына бармастан, өзінің әркімге айта беретін жаттанды сөзін айта салды:


— Менің байқауымша бұл жердің ауасы сіздің денсаулығыңызға жақпайтын секілді.


— Оны қайдан білдіңіз? — деді Невский күлімсіреп.


— Сіз өмірден түңіле бастапсыз, тезірек емделмесеңіз болмас.


Невский басын болар-болмас бір изеді де:


— Ешбір жердің ауасы жақпайтындар да бар, солар ғұрлы мен де өмір сүрермін, — деді.


— Кекетіп отырғаныңыз мен болармын, солай ма? — деп Малтабай тағы да дүлейленіп еді, Невский ақырын мырс етті:


— Сіз жаманшылықтың бәрін өзіңізге қабылдай береді екенсіз, бұл қалай?


— Мен сіздей аңқау емеспін.


— Ех, Малтабай Майбасович, — деп, Невский оны сынар құшағына алып еді, қаттырақ қысып жіберді ме қалай, Малтабайдың тар танауы делдиіп, жылтыңдаған кішкентай көзі жасаурап кетті. Невский оны аңғармастан өзінің адал ойын ашық айтып отыр, — Өмірдің қандай алдамшы екенің мен де біле бермеуші едім, сіз менен де көбірек алданған секілдісіз.


— Оны кімнен білдіңіз?


— Өзіңізден білдім.


— Жалтармаңыз.


— Мақтаншақ көрінсем де айтайын, жалтару менің әдетімде жоқ.


— Ауданды басқарып отырған үшеудің бірі маған түсінігіңіз осындай құнсыз болса, өзіңіздің де құныңыз белгілі болды. Сондықтан ендігі сөзіңіздің құны жарты тиын, қосымша жоспарды орындайсыз ба, жоқ па? Сіз маған соны ғана айтыңыз, мен сізден соны ғана тыңдаймын... Жоқ, мен оны да тыңдамаймын, ендігі айтарыңызды Бурекеңе өзіңіз айтыңыз.


Ашуланған кезінде оның шіңкілдеген даусы көтерілген сайын өзі де ербеңдеп, жасанды салмағынан айрылып қалатын. Қазірде де солай бар қимылы жарғанаттың қанат қағысына ұқсап ербеңдеп кетті. Өзін мұнан әрі ұстай алмай ұятқа қалатының сезді ме қалай, Невскийдің жауабын күтпестен шоферға әмір етіп машинаны тоқтатты да, бір-ақ ырғыды.


Невский ауыр бір күрсінді де:


«Иә, менің Бурахан Науатбаевичқа айтарым көп болар, — деді ішіне, — оның да айтары аз болмас, тек түсініссек екен. Әй, түсінісуіміз қиын-ау. Басшы бола тұра кешегі айтқанынан бүгін қайта қалу оған да киын, коммунист бола тұра оның айтқандары теріс болса да орындай беру бізге де киын. Иә, киын. Мен үшін бәрінен де қиыны Бағландай адамның жанына жара салу. Сөз жоқ, жеріне салынған тырмамыз оның жанын тырнайды».


Меңіреу далаға мелшиіп қарай-қарай қажыса да міз бақпай Бурахан келеді. Мұндайда үн қатпай өзін-өзі тұншықтыру оның қанына сіңген әдеті. Бір кезде ол ұйқысынан шошып оянғандай селк етіп, алға қарай еңкейе қалды:


— Ау, жігіттер-ау, біз Сағым даласына әлден келіп қалдық па?


— Жоқ, оған әлі жүз километрден көбірек бар.


— Онда мынау сағымдалып жатқан немене?


— Ол шалқып жатқан «Шағаланың» дәулеті ғой.


Арманның бұл сөзі кеудесінен кері қағып жібергендей Бурахан қайтадан шалқалап барып машинаның арқалығына сылқ етті.


Сағым даласы колхоз орталығынан жүз елу километрдей жерде. Оған баратын жолдың дені өзенді жағалап барып Құм тауына қарама-қарсы жатқан құба жонға қарай қайқаятын. Сол құба жон мен екі ара сыңсыған мал. Бағлан «менің қылмысым мынау» дегісі келгендей қазіргі күнде төлімен жүз отыз мыңға жететін қойынан бастап бар малын сол құба жоннан бері қарай, жолдың екі жағына бірдей қаптатып жіберіпті. Сондықтан, булар кезіп келе жатқан дала желді күнгі теңіздей тербеліп жатыр. Осы сұлулықты көргеннен кейін Медеудің шыдамы жетпеді. Ол машинаның терезесіне қолын шығарып жіберіпті, бірінен соң бірі қалып бара жатқан қойшыларға қол бұлғап қошамет көрсетіп еді, оның қолын Бураханның қолы деп ұққан болу керек, ербеңдеген қолдар кейінгі машиналардың терезесінен де жамырап кетті.


Осы арада Медеу тағы бір ойдың отын тұтатты.


. — Арман аға, мынау жұттан шыққан мал емес, көрдіңіз бе дүркіреуін, малы мұндай күйлі бұл қай колхоз?


— Жаңағы «Шағаланың» малы.


— Бәсе.


Бурахан мырс етіп еді, Медеу ол мырсылдың ар жағында қандай зіл жатқанын сезіп жым болды.


— Көздеріңді жақсылап бояңдар, сонда дүниенің қоқсықтары да сұлу көрінеді.


Бураханның бұл сөзі Арманға да жайлы тиген жоқ, өйткені «Бағланның арашашысы өзінің қаласының сәулеті мен даласының осындай дәулеті болар» деген үмітін Бурахан қайта-қайта үзіп келеді. «Апыр-ау, мен білетін Бурахан шынында да ақын жанды еді ғой. Жаңағы бір толғанысынан да сол асыл жаны көрінгендей еді ғой, неге бұлай?» Арман осындай ойда келеді.


Бурахан көмекшісіне айтқан жаңағы «данышпандығын» дәлелдегісі келген болу керек, жол жиегінде қаптап жатқан бір отар қойдан өте бере машинаны тоқтаттырды да жерге түсті.


— Мына бір шопанды бері шақырыңдаршы.


— Малшылардың біріне соғып, үй тұрмысын көрмес пе екенсіз?


— Малшылардың үйіне соғу — бір қойын сойғызу. Ондай қасқыр мінез менде жоқ. Медеу, шақыр ана қойшыны! — деп Бурахан көмекшісіне иек қақты.


Медеу қолын бұлғап еді, қойшы жігіт атын борбайға бір тартып жіберіп шоқырақтатқан күйі жетіп келді. Бұл Мағу дейтін жігіт екен. Ол келіп жеткенше Бурахан оған берілетін сұрауларды Медеуге үйретіп те үлгірді.


— Ассалаумағалайкүм, алдиярлар, — деп ол атынан түсе сала қолын ұсынып еді, Медеу қолын берместен оның бетіне қарай қалды.


— Алдиярың не? — деген даусы да зыңқ етті.


— Кешіріңіз, соңдарыңыздан шұбырған нөкерлеріңіз тым көп екен, соларды керген соң аңдамай аузымнан шығып кетті, кешіріңіз.


— Егер менің берген сұрауларыма жөн жауап берсең, ол кінәңді кешіруге болады, — деді Медеу маңғазданып, — өтірік айтар болсақ араздасамыз.


— Сіздерге өтірік айтатын басым екеу емес шығар.


— Мына сөзіңе қарағанда біздерді танитын секілдісің ғой.


— Танымаймын, бірақ нөкерлеріңізге қарап осал емес екендеріңізді сезіп тұрмын.


— Тағы да лағып барасың, қай колхоздың мырзасы едің?


— «Шағаланың» қой бағатын мырзасымын.


— Әзілге әзіл жауап бергеніңе рақмет, — деді де, Бурахан Медеуге қарады. — Сен байқағыш едің ғой, орталықтан бері бізге кездескен отардың мөлшерін айта аласың ба?


— Мөлшері жүзге жақын.


Бурахан Мағуға қарады.


— Соның бәрі сенің колхозыңның отары ма?


— Бәрі де біздің отар, әлі де талай отарға кездесесіздер.


— Тым бай екенсіңдер, ә?


— Әрине, біздің байлығымыз әлемге аян.


— Сол әлемге аян байлықтың, ішінде аяп болмай жасырын жүргені қанша? — деп Медеу киліге кетті. — Неге үндемейсің? Мен сенен отарындағы есепте жоқ қойдың санын сұрап тұрмын?


— Ағаттай-ау, мұныңыз сұрау емес, сорақы ғой.


— Сенің айтып тұрғаның ұрылардың сөзі.


— Егер мені ұры көрсеңіз ұрыдан шындық сұрап тұрған өзіңіз кімсіз?


Бұл сөз Медеудің, қытығына тиіп кетті, бірақ ол қалпын өзгертпеуді Бураханнан үйренген-ді.


— Егер мына жұртты жауып жіберіп отарыңнан есепте жоқ қойдың жүзін тауып алсам қайтесің? — деп көз алмастан сыздана түсті.


— Ондай арам малдың жүзінің өзі түгілі бір тал қылшығын да табаламасаңыз өзіңіз қайтесіз?


Шындықтың сөзі қашан да құдіретті ғой, өзі қойшы болса да Мағудың сөзі мығым. Оның сөзінің құдіреттілігі сондай, бұлардың сайысын қызыға тыңдап тұрған Бураханның өзі де араласты.


— Сен қашаннан бері қойшы едің?


— Былтыр күзден бері.


— А, онда саған кінә жоқ екен, сау бол, әрқашан да шыншыл бол, — деді де, Бурахан машинасына қайта беттеді.


— Кешіріңіз, — деді Мағу Бураханнан көзін ала бере қасында тұрған Медеуге ақырын үн қатып, — мен өзіме өсиет айтушы данышпан ағаның кім екенін біле алмай қалдым.


— Жер бетінде қазір ешқандай данышпан жоқ, сондықтан біздердің кім екенімізді білмесең де оқасы жоқ.


Медеу соны айтты да машинасына отыра кетті.


Олардың Арманнан басқасының кім екенін білместен, жаңағы сұраулардың бір де біріне түсінбестен аңырып Мағу қалды.


«Өктем сөйлеуіне қарағанда ана біреуі біздің Арман ағайдан да үлкен секілді. Біздің колхоздың байлығын білмейтін қандай бастық? Өздері Сағым даласына қарай беттеп барады. Сауыс жездемнің манағы сандырағы рас болғаны ма? Сонда қалай, біздің колхоздың меншігіндегі Сағым даласын бұлар үлеске салмақ па? Оған көнетін кім? Басқалар көнсе де біздің батыр бастық қалай көнеді? Жоқ, ол Сағым даласынан айрылмас...»


Мағудың айтқаны рас, колхозының келешегі үшін, өзінің намысы үшін Бағлан неден болса да тайынбауға бекінген-ді. Немен тынары белгісіз өмірдің бұрын жан баспаған бір шатқал қиясына бүгін таң ертең тағы бір қадам басқан-ды. Сол шайқастың майданы болғалы тұрған Сағым даласы Қазақстан үшін алақандай көрінсе де Бағлан үшін бүкіл әлемдей. Ол жан-жағын құба жон бел-белестер қоршаған кер дала болатын. Бағлан сол кер даланың астындағы теңізге шабуыл жасап он сегіз жерінен жол салған-ды. Қазір сол он сегіз тұрба Сағым даласының күре тамыры да, әрқайсысы елу тоннадан су сыятын он сегіз қоймасы сол даланын жүрегі секілді. Әрқайсысының арасы жарты километрден екі қатардан тізбектелген сол қоймалар алыстан көз тартатын. Жұрт оны «Сағым даласының жүрегі» дейтін. Бураханның келе жатқан хабарын бұл даланың келешегіне баратын жолды басатын әлденендей бір белгісіз дүлей борандай көріп, Бағлан сол он сегіз қоймадағы суды бүгін түгел ақтарып, егінжайға түгел қаптатып жіберді.


Сол сияқты Сауыстың Мағуға айтқандарының ішінде өтірігі де бар. Ол Бағланның мал азығын егіп тастаған жерін қайта жыртып бидай егетінін айтып мақтанған-ды. Ол жер жыртатын жабдықтарын жөнелтіп жіберіп, өзі керекті жүктерін бір жүк машинасына тиеп алып, Сағым даласына тартқан-ды. Оның өз есебі өзінде.


Орталықтан баратын жол егістіктің ең шетіндегі биіктігі төрт метрдей, қабырғасында № 1 деген белгісі бар темір бетоннан жасалған қоймаға жете бере екі айрылып, бірі егінжайдың шығысына, енді бірі батысына қарай жағалап кетеді екен. Сауыс өзінің шатырын Бураханның жолына арнап тіккен болып көріну үшін қасындағыларына әмір етті.


— Сонау, төбесінде қызыл жалау желбіреген әдемі үй осы ферманың кеңсесі. Менің кеңсемді сонан жарты шақырым бері орнатыңдар. Мынау боз жорғасын ағызып келе жатқан батырдың өзі болар, менің онымен оңаша сөзім бар, сендер кете беріңдер!


Сауыс соны айтты да жалбыр шашын шалқасынан бір сілкіп тастап, екі бүйірін таяна, талтайып жолдын үстінде тұрып қалды.


— Бағлан аға, сәлемімді қабыл алыңыз да сүйіншімді әкеле беріңіз, — деді он қолын анадайдан созып. Сол жақ қолы қозғалмастан бүйірінде таянған қалпында тұр.


— Сәлеміңді қабыл алдым да, айттым бір ақ сарбасты, айта бер қуанышыңды.


— Ақ сарбас емес, тура анау мен сұрай беретін ақ байталды сойыңыз.


— Қалаға барсаң да ақ байтал, далаға келсең де ақ байтал, ақ байтал деп қақсайсың да жүресің, сол байталда кеткен бір есең бар ма, қалай осы.


Ызалы күлкі Сауыстың қасқыр аузын мүлдем ырситып жіберді.


— Аузыңыздың дуасы кете бастапты, батырым, сақтаныңыз.


— Қалжың сөзім қамшы болып тисе, малшы мөңкімей адамша кешіре сал.


Сауыстың өзі бір жетіден бері басын әр қиялдың тасына бір соғып мәңгіруде еді, сол қасіретін Бағланға сездіргісі келді ме қалай, кенет мұңая қалды.


— Қамшының уытын қамшымен қайтарар едім, әттең жүрегіме тиген қанжар қансыратып кетті-ау, ағажан. Сол қанжардың уытына шыдамай басқаның бәріне де айтылса да сізге айтылмайтын бір есалаң сөзді айтып салдым. Алдымен сіз сол кінәмді кешіріңіз.


— Мен ауыздан шыққанның барлығы бірдей сөз емес екенін білемін, ол үшін қапа болмай-ақ қой.


— Онда сүйіншімді әкеліңіз?


— Алдымен әкелген қуанышыңды жөндеп айтсаңшы. Мынау біздің жерімізге тігілген шатырың не?


— Ол мен сияқты адасқандардың моласы, онан арғысын сұрамай-ақ қойыңыз да, екі түрлі қуанышымды тыңдаңыз, — деді Сауыс ауыр күрсініп.


— Ал, тыңдадық.


— Оның біріншісі — мен орнымнан алындым.


— Есің дұрыс па, не деп тұрсың?


— Есім орнында, тек өзім орнымда емеспін.


— Орнын қайда?


— Мен қазір ауданның ауыл шаруашылығын басқаратын басқарманың бастығы емес, сізбен көрші совхоздың директоры генерал Невскийдің орынбасарымын.


— Орныңнан нең алынды?


— Құдайдың Аяз дейтін албастысы мен Боран дейтін бұзығына ғашық болып колхоз бен совхоздың жүз отыз мың қойын солардың қалың малына берген едім, сол үшін алындым.


— Онда Малтабай неге аман қалады? — деді Бағлан ойлана сөйлеп.


— Бурахандай жерлесім болса менің де жел жағымнан жан жүрмес еді.


— Бұл қалай? Арман әділ сияқты еді ғой.


— Жалғыз ағасы Байсалды аямаған ол кімді аясын.


— Оған не істепті?


— Орнынан алатын болыпты.


— Не үшін?


— Бір малшыны өлекселердің ортасына тастап кеткен мейірімсіздігі үшін, көзі тәуір келіншектерді машинасына тиеп жүретін қасқырлығы үшін, тағысын тағылар үшін.


Бағлан ойға батып тұнжырай қалып, тезінен қайта серпілді де:


— Малшыларды малдай көретіндердің бәріне сондай жаза келсін, аллау әкпар, екінші қуанышыңды айта бер.


Сауыс келген жағына көз жіберіп, алысқа құлақ тікті де:


— Әне, мен әкелген екінші қуаныштың сарыны, — деді.


— Ол не?


— Ол сіздің мынау өрісіңізді талқандағалы келе жатқан біздің совхоздың тракторлары. Егер, сонау екі алтын жұлдыздың құдіретін дәл бүгін, дәл осы жерде бір көрсетіп қалмасаңыз, бұл далаңыздан айрылғалы тұрсыз.


— Кім? Мен бе, Сағым даласынан айрылатын?


— Иә, сіз... сіз...


— Айыратын кім?


— Мен. Мен сіздің мынау суармалы жеріңіздің арғы шетінен бастан түгел талқандап, сол жерге бидай егу үшін жіберілдім. Әне, оның айғағы, сонау бүкіл даланы жаңғырықтырын келе жатқан менің армиям.


— Сендерге бұл даланы беретін кім?


— Қазір осында Бурахан бастаған топ келеді. Ол осы даланы өз көзімен көріп шығу үшін Арқаға қарай кесіп өтпекші. Бізге бұл даланы берушінің кім екенін сол кісінің аузынан естірсіз. Осы ғана менің әкелген қуанышты хабарым. Мәртебелі қонақтарды бірігіп қарсы алайық, ішімдігі менен, жемі сізден болсын. Буған не дейсіз?


— Дәрежең бір елі төмендеп еді, өзін жерге кіріпсің ғой, құдайларыңа сәлем айт, мен сайысуға әзірмін, — деді де, Бағлан тақымын бір қағып қалып боз жорғасын тайпалта жөнелді. Оның бұл сөзі Сауыстың шымбайына батып кетті, бірақ бар кегін ішке тез тығып жіберді де, беті былш етпестен жадырап айғай салды:


— Бағлан аға! Тісіңіз етпейтін мені қажалап қайтесіз, онан да ана шаңға қараңыз да қам жасаңыз. Ол Бурахандардың шаңы.


Ол қанша айғайласа да Бағлан тыңдаған жоқ, тыңдағысы келген де жоқ.


Сауыстың айтқаны рас. Бурахандар тап осы кезде Сағым даласының желкесіндегі құба жонға шыққан еді.


2


Сағым даласының өзегіне орнап, екі қатарынан жарыса тізбектелген төбесі күмбезге ұқсас су қоймалары алыстан қарағанда — шаңқан үйлері көкжиектен де кез тартатын ауылды елестетеді екен. Соны көргенде Бураханның қаны салқын тартып сала берді.


— Машинаны тоқтатыңдаршы.


Басқа сөз айтпастан, көзін алыстағы күмбездерден алмастан жерге тусті де ойлана қарап тұрып қалды... Ол мұндай дүниені көрген де, естіген де емес еді. Сондықтан қанша ойланып қалса да не екенін таба алған жоқ.


— Сендер немене, баяғы байлардың салтанатын құра бастағансыңдар ма, мынау қаптап кеткен боз үйлер немене?


— Ол — орнаған коммунизм, — деді Арман күлімсіреп, — атап айтқанда Бағлан батырдың осы даланын келешегіне тіккен туы. Сіздің көзіңізге баяғы байлардың сегіз қанат боз үйлеріндей көрінген сонау күмбездер — тереңдегі теңізден тартылған судың қоймалары. Кемедей керіліп тұрған сонау сарайлар — сиыр қорасы. «Шағаланың» сиыр фермасы да, мал бордақылайтын базасы да осында.


Тіліне тиек табыла қалса Арманның «Шағаланы» шалқыта жөнелгісі келетінін Бурахан кешеден бері әбден біліп алды, тек себебін біле алмай ойын әр саққа бір жүгіртуде. Арман кеше өз көзімен көріп кеткен-ді, бүгін сол көргендерін Бураханның миына құйып келеді, бірақ Бағлан жайына айтылған жақсы сөздің ешқайсысы оның миына даритын емес. Ол даланын бүгінгісін көзімен көре бастап, ертеңгісін Арманнан естіген сайын тарыла түскен кеудесін даланың желімен кере түскісі келгендей терең тартып демін бір алды да:


— Шіркін, Сағым даласы. Сенің келешегіңді мынау Арман сияқты басшыларың қашан көрер екен, — деді күрсіне сөйлеп.


Арман іштей ызалана күліп алыстан көрінген бір шаңға қарады.


— Сонау көкжиекті көмкеріп жатқан боран енді біраздан кейін бұл даланың келешегін сізге де көрсете қоймас.


— Ол не борам?


— Ол өзіңіз әкелген кешегі жаңа нұсқаудың бораны.


Бураханның ондай сөзді тыңдағысы келген жоқ.


— Медеу, сен кейінгі машиналардың біріне бара тұршы, — деді де оз орнына барып сылқ етті.


Оның сайысуға бет алғанын Арман да сезді. Әзінің де тілегені осындай оңашада онымен бір сайысу еді. Көктел тілегені жерден табылғандай шаттанып машинаға отырар-отырмастан жаңағы үзілген ойын қайта жалғады:


— Буреке, біздің қазіргі қарқынымыздың қара бораны өз көзімізді де бітеуі мүмкін-ау, соны да бір ойлассақ қайтеді?


Бурахан оның сайысқа әзір екенін, тіпті сол сайысты тілеп отырғанын осы сөздерінен сезіп қалды да, өз ойынан жалт беріп:


— Ойлаушылар табылады, достым, орындауды ғана білгейсің, — деп маймаңға басты.


— Біздің ең үлкен ақылшымыз, ең үлкен кеңесшіміз халқымыз ғой, олардың үніне де кулак, салсақ қайтеді?


Бурахан өзінің жаңағы айтпақ болған қоқан-лоқы сөзін енді ғана қылтита бастады.


— «Шағаланың» кейбір сиқыршылары бір оқпен екі қоян атып жүрген секілді-ау.


— Түсінбедім?


Оны түсінбейтін сәби емес шығарсың.


— Атап айтқанда...


— Атап айтқанда, анау тарихи хаттың иесі періштені де жолдан тайдыратын сайтан секілді екен. Сол сайтан атасының құлаған даңқына тіреу ету үшін сені сиқырлап жүрмесін, сақтан! Сақтан!


Ашу қанша қысса да Арман өзін-өзі тежеп қалды:


— Мені Бағланның тіреуі етсе ететін өмірдің өзі ғана, — деді салқын қанданып.


— Өмір тағы да не дейді? Осындай жазираны да малдың табанына тастаңдар дейтін болар, — деп Бурахан сөздің бетін бұрып жіберді. Арман оның барлық ойын таныса да тайсалған жоқ:


— Егер шөбі бар жердің бәрін жыртуды уран етіп, егінді сусыз салатын болсақ бұл даланы құм даласына айналдырамыз. Өмірдің айтары сол.


— Ол үшін не істеңдер дейді? Егіс жоспарын орындамаңдар дей ме?


— Жоспарды жердің суы мен топырағына үңіле, желіне құлақ тіге отырып жасамаса, бұл даланың жемісін көре алмаймыз.


— Сен менің ертеңгі миллионнан бүгінгі мыңды артық көретінімді жақсы білуші едің, ұмытқан екенсің, ә?


— Оны ұмытсам мұндай күдікті сізге айтпас едім ғой.


Бурахан барлық ызасын тас қып ішіне тығып алды да, көз қиығын өтірік күлімдете тастады:


— Сен менен күдіктенесің бе, мына менен?


— Қорқамын, Буреке.


— Неден?


— Неден екенін өзім де жөнді білмеймін, әйтеуір қорқамын. Мақсатым айқын, аспаным ашық жолым даңғыл, бірақ мас шофер айдаған машинада келе жатқандай күйдемін.


Бурахан іштегі ашудың уын бетіне түңғыш рет осы арада шығарып алды.


— Не дейсің? — деген даусы да зірк етті.


— Кешіріңіз, ойлап қарасам мұндай шындықты сізге ашық айта алатын Жібек жеңгей екеуміз ғана екенбіз.


— Жібек менің әйелім. Әйелдер байына не деймін десе де праволы, ондай правоны саған берген кім?


— Маған ондай правоны берген сіз, сіздің достығыңыз. Достықтың қандай керемет екенін мен секретарь болып сайланатын әнеугі пленумда өзіңіз әдемі айтқан едіңіз ғой.


— Сақтан, досым, — деді Бурахан басын шайқап, — асыра сілтер болсаң, ондай достықты сыпырып алу маған қиын емес.


— Оны да білемін. Сіз де пендесіз, қателесуіңіз мүмкін ғой.


— Мен өз қатем үшін жауап бере алатын адаммын.


Арманның «сіздің жауабыңыз кімге дәрі?» дегісі келіп еді, оны айта алған жоқ.


Нені ойлап, жаңағы ашуынан неліктен тез қайтқаны белгісіз, әйтеуір Бурахан түнеріп барып қайта жадырады да, бір қолын Арманның арқасына салып сөйлеп кетті:


— Маған тын, өлкесінің жеті жүз миллионынан сенің ауданыңның жеті миллионы неліктен қымбат екенін біліп ал.


— Кешіріңіз, түсінбедік...


— Егер, бұрын екі миллионнан артық жалғыз түйір дән беріп көрмеген сенің ауданың биыл жеті миллион бере қалса, ол кімнің абыройы? Менің абыройым. Менің абыройым — сенің абыройың. Өйткені алтын жұлдызды алатын мен емес, сенсің.


Арман оның көзінен әлденені кергісі келгендей тесіле қарап еді, Бураханның терісі қалың, жүндестеу беті міз баққан жоқ.


— Сіздің айтып келе жатқаныңыз қайдағы алтын жұлдыз?


— Менің қолымды биыл жеті миллион пұт астыққа бір жеткіз, сенің қолыңды алтын жұлдызға мен қалай жеткізер екенмін..


Арманның ондай достықтың басқалардың басына қастық болып тиетінін айтқысы келді, айта алған жоқ. Оның бетін салмақпен бір қарап алды да, ақырын үн қатты:


— Менің қазір үш Ленин орденім бар, соның ең алғашқысын алғанда мен жиырма бесте ғана едім.


— Мұнымен не айтпақсың? Ол кезде райкомолдың секретары едің. Өзіңе он саусағымдай білетін тарихыңды маған несіне айтып келесін?


— Сондай зор даңққа ерте ие болғандықтан ба, білмеймін, әйтеуір өмірден аларымды алып болғандай, беруден басқаны білмейтіндеймін. Сондықтан ендігі қалған өмірім сол үшеуін ақтауға жетсе болды, басқаның маған керегі аз.


— Бәрі де керек, бәріне де жетесің, жеткіземін мен. Тек езіңе Бағланның қырсығы тиіп жүрмесін... Әрине, ондай даңқты адамын үшін қиналасың, қиналасың да амалың жоқ, қиясың.


— Егер сіз әнеу күнгі берген нұсқауларыңызды қайтып алмасаңыз, мені қинайтын сіз.


— Неге?


— Ойлап қарасам, ондай адамды жазалау — өз үшін жанымызды жаралау екен.


— Сен басқадан емес өзіңнен, өзіңнің ескі сырқатыңнан қорқатын бол, сен онан айықпапсың.


— Менің қандай ескі сырқатым бар еді? — деді Арман жайымен.


— Бір кезде сен ауыспалы егісті жоюға қарсы болғанын үшін сөгіс алған едің ғой.


— Иә, айта беріңіз, мұнан жеті жыл бұрынғы сөгісім сіздің есіңізге бүгін неліктен түсті?


— Қазіргі кейбір әрекеттерің сол ескі қателеріңмен сабақтас секілді.


— Олай деуге дәлеліңіз?


— Ол ғана емес, аз жерден мол өнім алған болып көріну үшін қызылшаны арықтың жиегіндегі топыраққа дейін еккен көзбояушы әйелді қалай қорғағаның да есімде. Бірақ, есіңде болсын, Бағлан әйел емес, оны қорғай алмайсың.


— Мен ол қызылшашыны әйел болғаны үшін қорғадым ба?


— Енді қалай? — деп, Бурахан жалт қарап еді, бұл сапар Арман да тайынған жоқ, онымен көз тіресе кетті.


— Ол әйелді бір ғана мен емес, райком бюросы түгелдей қорғағанын, маған берілген сөгістің өмірі ұзақ болмағанын сіз жақсы білуші едіңіз ғой, есіңізге олар неге түспейді? Әлде...


Бурахан сол «әлденің» ар жағында нендей зіл жатқанын сезді де, түнере қалды. Ол түнерсе көк бұйра шашы үрпиіп, аласы үлкен қой көзі мүлдем ежірейіп кетуші еді, бұл сапар өзін-өзі тез тежеді. Ол ашуын бүркеу үшін көзін күлімдеткісі келіп еді, Арман оны басқаша түсініп, жақсылыққа жорыды да, жалынышты үнмен сөзін қайта жалғады.


— Өтінемін, Буреке, мен үшін қапа болмаңыз да, Бағланның тағдырын қатты ойланыңызшы. Бүгінгі халқымыз, ертеңгі ұрпақтарымыз не дейді, соған да құлақ салыңызшы. Ол бүкіл әлемге әйгілі адам ғой.


— Маған керегінің өзі сол, — деді Бурахан шіреніп. Өйткені шындық үшін аярымыздың болмауы күштілігіміздің айғағы.


«О, қасірет» деді Арман ішінен, бірақ ашық айта алған жоқ, өзі күдікті көрініп қалмау үшін Іле үн қатты.


— Дегенмен әлі де ойланыңызшы.


— Қалай бұлдап айтсаң да ойыңа түсіндім, — деді Бурахан шірене түсіп, — ауданыңды алдыңғы аудан ету үшін менен тары не тілейсің?


— Бір ғана сізден емес, бәріңізден тілейтін жалғыз тілегім: өз басымызбен ойлауға, өз тілімізбен сөйлеуге мұрша беріңіздер. Ол үшін жақсылары жоқ жаңалықтар мен өмірсіз өзгерістерді азайтыңыздар.


Арманның бұл сөзі Бураханның, шымбайына батып кетті, бірақ ол тағы да іштей қынжылумен тынып, сырын сездірген жоқ.


— Ымм... солай де, менің майдандас досым... Сен әлі шикі екенсің, біраз қайнатпаса болмас...


Бураханның майдандас досы Арманмен қастаса бастаған ойын Сауыстың:


— Бері... бері... мұнда... мұнда... деген даусы бөліп жіберді. Ол ұзын столдың үстіне әр түрлі тағамдар мен ішімдіктерді жайнатып тастап, өзі шатырдың алдында тұр екен.


— Хош келдіңіздер, — деді құшағын анадайдан жайып. Сол сөз кейінгі жақтан да естілді. Ол екінші машинадан түсе ұмтылып келе жатқан Ботажан екен.


— Хош келдіңіздер! Сағым даласының тұңғыш меймандары! — деді ол машинадан түсе бастаған Бурахандарға жақындап:


— Бұл даланын, мейманы ғана болсақ жақсы емес, — деген Арманның сөзін ең соңғы машинадан түскен Невскийдің даусы бөліп жіберді.


— Менің орынбасарым Сауыс Саудабаевич өте дұрыс айтады, шынында біздер бұл даланын, мейманы ғана екенбіз.


Арман оның ойын тани кетті де:


— Оны қайдан білдіңіз? — деді күлімсірей қарап.


— Бұл даланы көргенім осы еді, сиқынан қатты шошындым.


Сөзге Бурахан араласты:


— Мұнымен не айтпақсыз? — деді ол жұмбақ жымиыспен қарап.


— Бағланның өзімен кеңеспей, даласын өз көзіммен бір кезбей сіздерге уәде бере алатын емеспін, бір сағат мұрсат беріңіздер.


Невский соны айтып Бураханға қарап еді, ол Арманға қарады.


— Кейінгілерді осы жерден күтеміз, олар келгенше үлгіресіз.


— Ол Бағлан дейтін пайғамбарларыңыз қайда? — деді Бурахан кекетінді кердең дауыспен.


— Боз жорғасын алыстан танып тұрмын, аты бар жерден өзі де табылатын.


Бурахан Малтабайға иек қақты.


— Шақырыңдар!


— Мен шақырайын, — деп Жанна жөнеле берді.


— Қызым, мен барғаннан кейін шақырғайсың, — деді Невский ұзап бара жатқан Жаннаға дауыстап. Ол соны айтты да, Бураханға қайта бұрылды. — Менің онымен оңаша сөйлескім келеді.


— Сөйлесіңіз, тек ешқандай көршілікке, көңілшектікке жол берілмесін. Барлық сөздің түйіні біреу-ақ, ол — партияның мен әкелген жаңа нұсқауын бұлжытпастан орындау.


Невский өзінен-өзі аузын бір басты да, тук айтпастан жүріп кетті.


Малтабай Сауыстың құлағына сыбырлап зіркілдеп тұр.


— Тұла бойын, арақ сасып кетіпті. Бурекең сезіп қалса кеттің су түбіне. Сыбағаңа жартылық ал да, сырғы тезінен.


Ол соны айта сала стол басына жетіп келді.


— Буреке, мына бір шатыр сіздерге арналып тігілген еді, уақыттың тарлығынан пейіліміздің кеңдігін жөнді көрсете алмадық. Ол үшін ғапу етіңіз де, алдыңызға жайылған бар мәзір, жоқ, жайымызға мәзрет етіңіз.


Бұл сый-құрметтің шығыны Сауыстың қалтасынан көбірек шыққан еді, сондықтан Малтабайдың жаңағы сөзі оның жанына батып кетті. «Әй Малтеке-ай, Қаржау қатын алса қызығын Марғау көредінің кері болды-ау мынауың. Зәуренің сайтаны мүлдем тапталып қалмаса, Марғау болып Қаржаудың керін саған мен де бір кигізермін».


Ол ішінен соны айтты да, ішімдіктерді ызалана құя бастап ақырын күңк етті:


— Таныс болыңыздар, менің екінші атым Марғау.


Бурахан естіп қалып мырс етті де, оған үндеген жоқ.


— Пейілі кеңінің күні батпайды дейтіні қайда? Күн батпастан уақыт неге тарылады? Әлде ол жай сорғалай салған тілдің майы ма?! Неге үндемейсің?


— Жалтаруға айласыз, бұлтаруға мұршасыз екенмін, соны енді ғана сезіп отырмын.


— Мүмкін райком секретары болуға да мұршасын екенмін дерсің?


— Кешіріңіз, мұршасыз екенімді сезсем де, оны айта алмаймын.


— Неге?


— Ондай ерлік менде жоқ,


— Сеніңше қалай, өзінің дәрменсіздігін мойындау ерлік пе?


— Ерлік қана емес даналық, менде оның екеуі де жоқ«


Малтабайдың бұл сезіне мақтанғысы келгендей Бурахан жымиған қалпын бұзбастан Арманға қарады.


— Бұған сендер не дейсіңдер?


— Малтабайдың осы айтып тұрғаны түгелдей шындық.


Бурахан енді Ботажанға қарады.


— Парторг жолдас, сен не дейсің?


— Сіз не десеңіз, біздің де айтарымыз сол ғой.


Бурахан күлімсіреп келіп Малтабайдың арқасын қақты.


— Сен жаңа ғана жапалақ едің, енді қыранша самғап кеттің. Сол үшін мәзіріңнің мәнін көруге қарсы емеспін, тек жайғасып отыруға уақыт жоқ, аяқ үстінен ауыз тиеміз, келіңіздер, жолдастар.


Бурахан соны айтып стол басына отыра бере қайта түрегелді.


— Отырған соң бой ұйып, бой ұйыған соң, көбірек құйылып кетер, сондықтан кейбір үлкен банкеттердегідей аяқ үйінен ішейік. Қане, мұны не үшін дейміз? — деді де, өзі сөйлеп кетті. — Мен өзімнің Сағым даласына жасаған бұл тұңғыш сапарымды Гагарин жолдастың дәл мұнан бір жыл бұрын космосқа салған жолындай көремін. Сондықтан бұл тосты Сағым даласы үшін, оның келешекте сол Гагариндей данқты болу үшін көтеремін...


Булар осылай шараптың алуан түрін шайқап жатқан шақта, қызыл жалаулы үйдің алдында екі батырдың құшақтары айқасып жатты. Бірі алып, енді бірі шағын денелі, бірі генерал, енді бірі майор болса да, бұл екеуі бірін-бірі тең көріп, ең қимас-қымбатындай тең сыйласатын. Невский генералмын деп күжіреймейтін де, Бағлан майормын деп кішіреймейтін. Бірақ екеуінің бүгінгі амандасу түрі бұрынғысынан өзгеріп кетті. Невский Бағланның өзіне жетпестен көзінен әлденені көріп алғысы келгендей, алыстан қадалып үнсіз келді де, түк айтпастан қолын ұсынды. Әлі үн жоқ.


— Қабағыңнан қар жауып тұр, жайшылық па, жарқыным? — деді Бағлан да оның көзінен көз алмай.


— Менің қабағымнан қар жауса, сенің алақаныңнан нан жауатын болар, әкелші алақаныңды, — деп Невский жалпақ алақанын тосып еді:


— Айтып тұрғаның өз сөзің емес, сонда да мә! — деп Бағлан алақанын апарып сарт еткізді. — Бірақ, байқа, менің алақаным осы даланың отына күйіп, суына суарылған.


— Білемін, ол ғана емес, мен үшін бәрін де қиятын алақанның бүгін саранситынын да білемін.


— Оны білсең неге келдің? Сағын даласын бұлдіру жаңа орынбасарың Сауыстың да қолынан келетін еді ғой.


— Мен сенен ақыл сұрай келдім.


— Бураханнан қанша именсең де мені қинағың келмейді, ә?


Невский оны құшақтай алып бір күрсінді де:


— Бураханнан ба, жоқ, әлде өзімнен бе? Әйтеуір осы сапар қатты қиналуда екенім рас.


— Неге?


— Неге екенін білмеймін, әйтеуір оның осы нұсқауын орындаудан бас тартқым келеді, бірақ олай ету тәртіпсіздік, онан тағы қорқамын.


— Тәртіпшілін! — деді Бағлан ызалы күлкімен бір мырс етіп. — Егер ол әзінің даңққұмарлығынан туған шолақ оның партияның нұсқауы етіп ұсынса қайтесің? Тәртіпшіл атану үшін оны да орындай бересің бе?


— Партияның нұсқауы ма, жоқ әлде жеке біреудің даңқ құмарлығынан туған шолақ ойы ма, оны қалай айырармын?


— Ондай нұсқаудың ақылдысын партиянікі, ақылсызын жеке адамдікі деп ұқсаң қателеспейсің.


— Оның ақылды-ақылсыздығын қалай айырамыз?


— Оны өмірдің өзі көрсетеді.


— Өмірдің бұл даладан не көрсететінін өзім де білемін, соған дейін не істеудің кеңесі ғой сенен сұрай келгенім.


— Мен ашынған адаммын, ашынған адамның ақылы адастыратын. Соны ескер де, мынау жатқан даланың өзімен кеңес.


— Қиналдым-ау, — деді Невский қынжылып, — о лай етсең жер бүлінеді, жер бүлінсе созхоздың келешегі бүлінеді, не істеу керек? Ау, осы даланын шаңына тұншығып ел десең де бірдеңе десеңші, Бураханға берер жауабым не болмақ?


— Менің ендігі айтарым мынау ғана, бері жүр, — деді де, Бағлан оны қолтығынан жетелеп боз жорғасының алдына алып келді. Аттың шылбырын шешіп алып оның қолына ұстатты. — Мынау атқа мін де, даланы шарла. Бураханға айтар жауабыңды сонда табасың. Басқа сөзді мен білмеймін, білгім де келмейді, сөзді қой да, үзеңгіге сал аяғыңды.


Ол Невскийдің аяғы үзеңгіге ілінер-ілінбестен алып денесін аттың үстіне бір-ақ ырғытты.


Бұл кезде шатыр алдындағылар қарқындап болған еді, Бурахан пысынап кеткендей желпініп оқшау шықты да, солтүстік батысқа қарай керіліп жатқан кең даланың көкжиегіне дейін көз жіберіп ойда тұрып қалды. Ол өзінің осы далаға егін еккізу жөніндегі нұсқауын ғалымдардың ойымен де нығайтып алғысы келетін-ді. Сол ойымен алысқа қадалған көзін тайдырмастан:


— Академияның осы даладағы базасы қанша жерде? — деді.


— Жүз отыздай болып қалар.


— Онда алыс емес екен, дегенмен біздің ғалым жолдастар солай қарай жылжи беріңіздер. Бұл даланын. сырын ондағылардың қағазынан гөрі өз көздеріңіз жақсы айтып беретін болар. Жол-жөнекей даланың топырағына үңіле отырыңыздар.


Осы кезде үстінде барқыт жағалы жалаң қабат ақ сұр шапаны, басында Арқа қазақтарының оқалы құндыз бөркі, аяғында кестелі қызыл етігі бар біреу қолындағы үкілі домбырасының шегін шірендіре шертіп, Абайдың әнін шырқап келе жатты.


Шатыр маңында тұрғандардың бәрі де, тіпті машиналарына отырып жөнеле берген Бураханның ғалым серіктері де, оқшаулау тұрған оның өзі де тыңдай қалды.


— Бұл қайдан келген әнші?


— Жаңағы Жанна ғой, — деді Ботажан. — Бүгін осындағы сауыншыларға концерт берілмекші еді, соның репетициясынан шыққан ғой.


Ән аяқталды, Жанна жақындап келеді, жұрттың көзі соның киімдерінде, әсіресе оқасының күміс жіптері жалт-жұлт еткен бөркінде.


— Сағым даласының серісі-ау, біз сені танымай қалдық қой, — деп Малтабай жымия қалып еді.


— Мазақтамаңыз, Малтеке, мені әлі де таныған жоқсыз, — деп Жанна оны қағып түсті.


Арман оның әлденеге ашынып келгенін осы сөзінен сезді де, киімдеріне қызыға қараған болып қасына жақындады:


— Жақсылықтың бәрі жараса кететін сізді танымайтын кім?


— Арман аға, мені тағдырдың тәлкек еткені аз дейсіз бе?


— Сіз тағдырдың өзін тәлкек ететін жансыз. Өзіңізді өзіңіз босқа жасытпай, мені де босқа жазғырмаңыз.


— Кешіріңіз.


Бурахан иығын қиқаң еткізіп:


— Түсінбедім, — деп еді, оған түсіндірушілер жан-жағынан қаптап шыға келетінін сезгендей Жаннаның' өзі лып етіп тез іліп әкетті:


— Мен өмірдің он бес жыл бойы берген білімін жеті жылдан бері осы далаға жұмсап келген едім. Оның бәрі желге кеткелі тұр. Сол себепті мен агрономдықты тастап, жылқышы болуды мақұл көрдім.


— Жанна, бұл сен сияқты саналы коммунистін айтатын сөзі емес, — деп Малтабай күмпие бастап еді.


— Бурахан Науатбаевич, — деп сөздің бетін Ботажан бөліп әкетті. — Жаралғалы малшылардан басқа жан баспаған, техниканың тебені де тимеген бұл даланың сізге айтар арызы, қоятын тілегі болып тұр.


— Мен жердің тілін білмеймін, — деді де, Бурахан көмекшісіне иек қақты, — не бар екен, радионы бура да, менің күнделігімді әперші.


Оның тыңдағысы келмеген сайын Ботажанның құтқарғысы келмеді:


— Жердің тілін білмесеңіз мені тыңдаңыз.


Бурахан сыздана қарап Ботажанның бас-аяғына көзін бір жүгіртті де:


— Ал, Малтабай Майбасович, буған сен не дейсің? — деді Бурахан қайсысын жақтайтынын жалған күлкімен бүркегісі келгендей күле сөйлеп.


— Мен бұл даланың келешегіне сенемін, сондықтан да солай түсінемін.


— Келешекке сену үшін алдымен оны көре білгеніңіз жөн болар.


Мұны айтқан Ботажанды көзімен бір атты да:


— Менің көз алдымда Сағым даласының жарты миллионға жуық жері жатыр, әрине оның егіске жарайтыны елу мың ғана екенін мен де білемін, — деп Малтабай күмпие түсті. Бірақ ол мардымы ұзаққа барған жоқ.


— Екі мың гектар жерге жетпейтін көзіңіз жарты миллион гектар жерге қалай жетеді? — деп Жанна бір қағып қалып еді, Малтабайдың беті сазарып кетті.


— Құрметтім, өтінемін, мұнан былай шымшыламай сөйлейтін болыңыз. Бұл менің ақырғы ескертуім.


Бураханға айтар тілегінің жолын енді ғана тапқандай Ботажан ілгері бір аттады да, сөйлей жөнелді:


— Мен Академияның осы даладағы тәжірибе станциясының неше жылдар бойы әр салада, алуан түрде жүргізген ғылыми жұмыстарымен де таныспын. Бұл даланың өзімен де талай сырласып, желімен де талай сыбырластым. Тіпті тереңінде жатқан теңізімен де талай тілдестім. Соның бәрінен ұққаным ғана сіздерге айтқалы тұрғаным. Алдымызда Бағлан ағай салған жол жатыр, бұл даланы игерудің жолы жалғыз сол ғана. Егер, оның жолын менсінбей, жаңа жоспарды толтыруды ғана мақсат етіп, егінді сусыз салатын болсақ, бұл даладан айрыламыз.


Бурахан тұңғыш рет осы арада ашық зірк етті:


— Өткен жылдың топырағын әкеліп көзімізге шашуды тоқтатыңдар!


Бураханның осы сөзінен кейін қарманар үміті қалмағандай, енді қайтып ол тұрған жаққа қарағысы да келмей Жанна кейін шегіне бастады.


— Мен мамандығымды дер кезінде дұрыс өзгерткен екенмін, қош болыңыздар, — деп ол кете беріп еді, Арман іле үн қатты:


— Жолдас Айбасова! Іздей қалсақ сізді қайдан табар екенбіз?


Жанна Арманды қанша сыйласа да, ызасын ірке алған жоқ.


— Енді бір жылдан кейін келсеңіздер осы даланың шаңынан адасуларыңыз мүмкін, одан беріде мені іздей қоймассыздар.


Жанна соны айта сала кеткісі келіп еді, Арманның сөзі тағы да ұстай алды


— Сол шаңды мүлдем көрмеу үшін сізді бүгін-ақ іздеуіміз мүмкін.


Бураханның бұдан әрі шыдамы жетпеді.


— Сіздер қайда лағып кеттіңіздер?


— Сізше бұл лағу ма?


Бурахан Жаннаның бұл сұрауына жауап берместен Малтабайға бір жапырақ қағаз ұсынды.


— Мына сұрауларға жауап қайтаратын бол.


Ол Жаннаға енді ғана бұрылды, жаңағы бір сұраудың жауабын енді ғана тапқан секілді.


— Иә, сіздер аздап лағыңқырап кеттіңіздер. Қиялдарыңызды жарыстырып болсаңыздар қош айтысыңыздар да, Арманнан басқаларыңыз кете беріңіздер.


Басқалармен бірге Жанна да кете беріп еді, оның ілгері басқан аяғы кейін кетті. Әлдекім төбесінен ұрғандай тұра қалды да, жалт қарады.


— Апырау-ау, біздер шынымен-ақ мынадай даладан айырылғанымыз ба?


— Ондай ойдан ада болыңыз, — деді Бурахан. — Сіз өзіңіз жазған хаттан да бас тартып, атаңыздың өзіңіз әшкерелеген қылмысын енді өзіңіз бүркемек көрінесіз, ондай жалған коммунистіктен де аулақ болыңыз. Ол жайында кейін кен, отырып кеңесерміз, әзірше қош болыңыз.


Жанна тұнжыраған мұңлы көзін Арман тұрғам жаққа бір жалт еткізді. Оның көзінде «апыр-ау, сіздің де айтарыңыз осы ма?» деген сұрау тұр. Арман оны сезсе де үндеген жоқ. Жанна Бураханды отты көзімен соңғы рет бір атты да, ұзап бара жатқан Ботажандардың соңынан тұра жүгірді.


Жанна ұзап кеткенше Бурахан өзінің кешеден бергі жинаған бар күдігін ақтауға бекініп, айтар сөзін сайлап та үлгірді.


— Осыдан екі ай бұрын, өзің осы орынға сайланған күні өзіңнің үйінде не деген едім? Адам баласы құдайды да қорыққанынан ғана сыйлап келген-ді, соны ұмытпағайсың дегенім есіңде ме?


— Есімде, — деді Арман күлімсіреп. Оның неге күлгенін елеместен Бурахан өз сөзін қайта жалғады.


— Осыдан бір жеті бұрын не дедім? Бағлан сияқты атағы зор адамды қатаң жазалаудың тәрбиелік мәні зор екенін, басқаларды құрдай жорғалату үшін қажет екенін, ондай батылдықтың беделді көтеретін басқыш болатынын сездірген едім ғой, есінде ме?


— Айтып болыңыз.


— Ол ғана емес, ондай адамды қорғау өзіңді құрбан ету екенін де сездірген едім, сен оның бәрін табаныңмен таптапсың да, Бағлан үшін өзіңді құрбан етуге бел байлапсың. Мен кешеден бері сенің сыңайыңнан соны байқадым. Бұл тегін емес, мұнда мен білмейтін бір құпия сыр бар. Мен осы сапар сол құпия сырды қалай да ашуым керек. Сонда ғана мен сені алдыңда тұрған апаттан құтқара аламын. Сонда ғана мен өзімнің достық борышымды етей аламын.


Бурахан осындай оңашада қара борандатып Арманды бір ықтырып алмақшы еді. Арман да өзінің өзегін өртеп жүрген ойларын түңғыш рет осы арада ашып салды:


— Сіздің осыдан бір жеті бұрын берген сол нұсқауыңызды коммунистік көзбен қарай отырып орындау үшін сонан бері осы колхоздың қаласы мен даласын бірдей кезудемін. Ізденіп біріне де барғаным жоқ, кездескендерінің бірін де жібергенім жоқ, жас демей — кәрі демей, үлкен демей — кіші демей бәрімен де сырластым. Соның бәрінен көргім келіп көксегенім — Бағланның жүрегі, жиырма жыл бойы өзі жасаған өмірді, өзі есірген адамдарды өзінін айнасы еткім келді. Бүгін мен сол айнаның бетімен сізді де алып өттім. Мен көргенді сіз де көрдіңіз, мен естігенді сіз де естідіңіз. Мұнан басқа колхоздың басшылары қысты күнгі қырылған малының өлексесін әлі өртеп жатқанын да естідіңіз, соның бірі менің ағам Байсал екенін де естідіңіз. Осының бәрінен қандай қорытынды шығаруымызға болатынын айтыңызшы.


Даланы шарлай кеткен Невский келді де, бұлардың әңгімесін бөліп жіберді.


— А, жолдас генерал, қалай, көршіңізбен кеңесіп кенеліп қайттыңыз ба? — деді Бурахан көңілді дауыспен. Ол тіпті Арманның жаңағы сөзін тыңдамаған секілді.


— Көршінің өзімен де, кезіп жүріп даласымен де кеңестім.


— Өзінің не дейтінін білемін, даласы не дейді? — деп Бурахан шалқая түсті.


— «Шөбі бар жердің бәрін жыртуды ұран етіп, егінді сусыз салатын болсаңдар, мен енді бір жылдан кейін құмның алаңы боламын», — дейді Сағым даласы.


Бурахан ұнатпаған кездегі кердең даусына салды:


— Ол үшін не істеңдер дейді? Егіс жоспарын орындамаңдар дей ме?


— Жоспарды жердің суы мен топырағына үңіле, желіне құлақ тіге отырып жасаңдар, — дейді.


— Ол менің талай естіген ертегім. Ондай ертекке менің құлағым саңырау, сау болыңыз.


— Онда бүгіннен бастап мені мылқау деп білгейсіз, — деді де, Невский жүріп кетті. Ол қарсы келе жатқан Бағланға да қараған жоқ.


— Сен мың жасайтын адамсың, Бағлан, — деді де, өте шықты.


Оның осы сөзі қанаттандырып жібергендей Бағлан еңсесін бір көтеріп алды да, алыстан шыққан әнге құлақ тікті. Ол қасындағылардың қолдауымен манағы әнді айтып бара жатқан Жанна еді, Бураханның Арманға айтпақ ашулы ойын Бағланның анадайдан шыққан даусы бөліп әкетті.


— Сәлем, қадірлі жолдастар! — деді Бағлан тез қайраттанып. Ол қайраттанса жайдарыланып сала беретін де, жасқанбайтын. Сол әдетімен Бураханның:


— Сәлем, бастықпаран батыр, сәлем! — деген әзілі аралас зілді сөзінен де жасқанған жоқ, сәл күлімсірей түсіп қол алыса бере:


— Жақсылықты құлату мен жаманшылықты орнатудың айырмасы аз-ау, Буреке, — деп оның өзін қағып түсті.


Бағланның бұл қалжыңы қатты тиді, қатты тисе де Бурахан қабағын шытпайтын секілді, жымия түсіп бір мырс етті:


— Сол жақсылығыңыздың біразын менің басыма да орнатыңызшы.


Бағлан оның қызмет бабын қанша сыйласа да, тісі қатты сыздайтын жаңағы сөзінен кейін именуді мүлдем сыпырып тастады да, аузын бір басып қалды:


— Көшіп келіңіз де, колхоздың мүшесі болыңыз, менің құдіретімнің қандай екенін сонда ғана көресіз.


— Өзіңіз әлденеге ызалысыз ғой, — деді оның өңінен әлденені көргісі келгендей тесіле қарап.


— Иә, ызалымын, — деді Бағлан онан сайын егесе түсіп, — мақсат дейтін батырымыз бар еді, оны мансап дейтін сайқалдың малайы еттік, мен соған ызалымын.


Бурахан бір нысанадан көз алмай ауыр ойда үнсіз отырған Арманға қарады:


— Жолдас Абзалов, мына бір сөздің астында қандай астар жатқанын байқадың ба?


Арман жауап қатқанша сөзді Бағлан іліп әкетіп:


— Мен өткен күннің мына бір хикаясын айтайын, байқағыш болсаңыз оның да астарын байқаңыз.


Ол көп сөйлесе өзіне жем көбірек түсетіндей Бурахан қайта көңілденді, жаңағы бір сәтте ашумен тұрып кеткен орнына келіп қайта отыра бере тұмсығын бір көтеріп те тастады:


— Қане, айтып көріңіз, тек астары қалың болмасын.


Бағланның көксейтіні шынында көп секілді, әлдене бір қимайтын қымбат шағы есіне түсіп жүрегін елжіреткендей көзі жасаурап аз тұрды да, сөйлеп кетті:


— Сонау бір өткен сұрапыл соғыстың бір қызу шағында, майдан аланында қалып қойған бір өлік үшін мен немістермен төрт сағат бойы сайыстым. Сол елікті алмай қоймасқа мен де бекіндім, бермеске немістер де бекінді. Ол үшін мен ажалдың жаңбырдай жауған оғына да, оң жақ қолымнан саулап аққан қаныма да қарағаным жоқ. Өйткені ол жатқан өзімнің комиссарымның елігі еді. Мен партия адамдарын жанымдай сүюші едім. Соларға деген махаббатым еді мені өлік үшін өлімге қарсы ұмтылдырған. Мен өлімді жеңіп өлікке жеттім. Сау қолыммен жерді шеңгелдеп, өлікті тісіммен сүйрете-сүйрете өз шебіме жеттім.


Бағлан сөзін түгел айта алмай жасқа булығып қалып еді, Бурахан оны аңғармастан;


— Сіз мұны не үшін айтып тұрсыз? Ол үшін тағы да бір алтын жұлдыз дәметіп тұрсыз ба? — деді таңдана қарап.


Бағлан қайтадан қатуланып алды:


— Жоқ, — деген даусы да саңқ етті. — Менің сіздерден дәметерім — өзімнің сол бір ұлы махаббатым. Кінәлі болып табыла қалсам кеудемдегі мынау алтын жұлдыздардың екеуін қабат жұлып алсаңыздар да мені сол ұлы махаббатымнан айырмаңыздар.


— Ол үшін не істеу керек екенін кейін мынау Арманға айтарсыз, тек партияны алдап келген қылмысыңызды бүркеуді тілеуші болмаңыз.


Бураханның бұл сөзі қанын қайнатып жіберді, жанын қанша қинаса да Бағлан қайсарланып:


— Менің қылмысымды емес, беделінен айрылған беттерді бүркеңіздер, — деп еді.


— Ол кімнің беті? — деп Бурахан өтірік күле түрекелді.


Бағлан қалтасынан бір қағаз алып Арманға ұсынды.


— Кімнің беті екені мынаның ішінде айтылған. Бұл менің райком бюросына жазған арызым. Сіздерден тілегім — менің мынау жазылмайтын дертімнің операциясын тезірек жасаңыздар.


— Сізден бір құпия сыр сұрайыншы, — деді Бурахан ойлана сөйлеп. — Сіздің осындай ауыр қылмысқа баруыңыз мені бір таңдандырса, сотқа тартылудан да тайынбауыңыз екі таңдандырады. Бұл қалай?.. Басыңызды неге шайқадыңыз? Мойындағаныңызға өкініп тұрсыз ба?


— Жоқ, — деді Бағлан салмақпен. — Сізден осындай жұмсақ сөз естігеніме өкінемін. Өйткені, мен өзімнің беделімді пайдаланып, ешкімнің қолынан келмейтін «қылмыс» істедім. Егер де сіз адам баласы қылмысты өз пайдасы үшін істейтінін білсеңіз, менің «қылмысымның» қандай ғаламат екеніне тереңірек түсінген болар едіңіз, — деді де, Бағлан Арманға қарай бұрылып кетті. — Бурекеңнің емеуріні дұрыс, мені сотқа да тартыңыздар.


— Қорықпаңыз, — деді Бурахан қолын ұсынып, — ісіңізді райком секретарьларының бірі бастаған комиссия тексереді. Олар ақ-қараңызды ақтарып болғаннан кейін тағы да кеңесіп, өзіміз де өлмейтін, арбамыз да сынбайтын бір шешімге келерміз, қош болыңыз.


— Қош болыңыз, — деп Бағлан оның қолын қаттырақ қысып жіберді, — менің тілегенім: өгізімнің өліп, арбамның сынғаны, соны есіңізден шығармаңыз.


Бурахан басын ауырлау шайқап Бағланның бетіне бір қарады да, ештеңе айтпастан жүріп кетті.


— «Бұл неткен адам?» — деді ішінен.


Бағлан бір ғана Бураханның емес, талайлардың жұмбағы болып қала берді.


Бұл кезде Арман Бағлан берген жаңағы қағазды ішінен оқып шыққан еді, аз ойланып алды да, Бағланның өзіне қайта ұсынды.


— Мен айтарымды бұрнағы күні таң ертең өзен жағасында айтқанмын. Сіз халқымыз үшін кеше қаныңызды қисаңыз, бүгін даңқыңызды қиыпсыз, сонда да жазаланасыз. Сондықтан партияға айтарыңызды кең ойланып түгел жазыңыз.


Ол жауап күткендей еді, Бағлан міз баққан жоқ. Жасаураған көзін кең даласына жіберіп:


— Қош, — деді күбірлеп. Арман оның кіммен қоштасқанын аңғармастан:


— Қош болыңыз! — деді де машинаға жете бере оның ішінде отырған Бураханға үн қатты: — Сонау біздерге таңырқай қарап тұрған сауыншылардың жай-күйін кере кетсек қайтеді?


— Сен кеше бәрін де көрген секілдісің ғой, сенін көргенің менің де көргенім емес пе?


— Менің көргенім сізге көрген болмайды ғой.


— Мүмкін олардың сізге ғана айтатын тілегі бар шығар. Манағы бір шопанның да айтар тілегі бар секілді еді, оны да тыңдамастан кете бардық.


Бурахан шоферына иек қағып еді, ол жаңағы кеткендердің ізіне түсіп алып батысқа қарай тартып берді.


Иә, бір машинада екі адам кетіп барады. Екеуінің мінгені бір машина болғанымен келешекке барар жолы екі тарау секілді.


Екеуі де үнсіз. Екеуінің де көзі көкжиегі қас қаққан сайын жаңарып, жалғаса беретін кен далада. Бурахан сол далаға қарай отырып, Бағланды қиялымен жамсатып салды да, бір қолымен Арманды құшағына алды.


— Ех, Арман... Арман... Сен бір ғана ауданның, қала берді, облыстың емес, бүкіл Қазақстанның Арманы болатын жігітсің-ау. Әттең көңілшексін, сондықтан да сен Бағлан үшін қатты күйінудесің.


— Ол үшін қатты күйінетінім рас, бірақ көңілшек емеспін.


— Сол күйінішің өртке айналып өзіңді өртеп жіберуі мүмкін, сақтан.


— Мейлі, тек ұжданымды сау қалдырса болды.


— Немене, сенен басқаның көксейтіні мансап қана ма?


— Өзінде барды айту — өзгеде барды жоққа шығару емес.


— Ондай қыңырлықты таста да, басынды сақта.


Арман оның бұл сөзінен бәрін де ұқты, ұға тұра бір қияс сұрауды беріп салды:


— Сонда қалай, мен жан сауғалауды да тірлік демекпін бе?


Бурахан ала көзімен бір қарады да:


— Арман, мен сенен шошына бастадым. Егер бұл бетіңнен қайтпасаң көп кешікпей мерт болуын, мүмкін, бауырым.


— Мерт болмау үшін не істеуім керек?


— Мен соны айтқалы келемін. Мұқият тыңдап ал да, бұлжытпай орындайтын бол.


— Айтыңыз!


— Біріншіден: Бағлан колхозды басқару жұмысында отыра берсе, оның беделі комиссия жұмысына бөгет жасайды, сол себепті оны үш айлық демалысқа босатыңдар. Екіншіден: ертеңнен қалдырмай райкомның комиссиясы құрылсын. Ол комиссияны Малтабай Майбасовичтің басқарғаны жөн. Үшіншіден: комиссиянығ қорытындысы райкомда қаралып, бюроның қаулысымен бірге сол күні менің қолыма жететін болсын.


— Төртіншіден, Бағланның орнына «Шағала» колхозының бастығы болып Арман Абзалов сайлансын деңіз деп Арман әзіл тастап еді.


— Жоқ, — деді Бурахан кідірместен, — Бағланның орнына Байсал Абзалов сайлансын, бірақ ол кейінірек.


— Мен мана сізден өз басымызбен ойлап, өз тілімізбен сөйлеуге мұрсат берулеріңізді өтінген едім ғой.


Арман соны айтқан кезде Бураханның өңі сұрланып кетті.


— Ым..мм... — деді ол ұзақ ыңылдап. Басқа сөз айтқан жоқ, айтпаса да Арман бәрін ұқты. Оның «сіз жапалақпен тасты ұрып келесіз» дегісі келіп еді, Бураханның нысанына қарап іркіліп қалды.


Арманмен қоштасқан орнында сілейіп қалған Бағланның көзі ұзап бара жатқан машинада. Жоқ, машинада емес, солардың қарсы алдындағы көкжиекке жете бере тоқтай қалып, мұны тастап кетуге қимағандай қалықтап тұрған күнде. Жоқ, күнде де емес, онан да әріде, Москвада... Кремльде.


«Бауырым-ау! Айтсаңдаршы, менің төрт жыл - бойы көксеген арманым не болып барады? Әлде мен алжастым ба?»


Ол жаралы жүрегін осылай зарлатып елсізге қарай бет алып келеді. Үмітпен бірге қабырғасы да қайысқандай бір жағына қарай қисайып кетіпті. Өзіне қарай келе жатқан Ботажан мен Жаннаны аңғарған да жоқ.


— Тоқтаңызшы! — деді Жанна қатарында келе жатқан Ботажанға сыбырлай сөйлеп. — Сіз осы жерден кері қайтыңызшы.


— Неге?


— Папамның өзінен басқа жан білмейтін бір құпия сыры бар секілді, менің алдымен соны білгім келеді.


— Сенің білгің келер-ау, оның білдіргісі келер ме екен?


— Ол жаны мөлдір адам. Оның көз қарасында маған айта алмай жүрген бір жұмбақ сыры барын сезіп жүрмін.


— Онда жолың болсын.


Ботажан соны айта салып кейін қайтты да, Жанна еңсесі түсіп бара жатқан атасына қарай беттеді.


Бұрнағы күні өзен бойында ішкен ертеңгі астан кейін Бағлан Арманмен бірге Сағым даласына кеткен-ді. Сонан бері Жаннаны көргені бүгін, әлі жөнді сөйлесе алған жоқ-ты. Ал Жанна сонан бері азап шегуде. Ол атасының жанын жаралағандай сезініп, сонан ақталудың жолын ойлап қиналуда. Үш күн бойы ойласа да, өзіне жалынудан басқа жол таба алған жоқ, қазірде де сол ойға бекініп, оқ бойы алда кетіп бара жатқан атасынан көз алмай ақырын жүріп келеді.


— Папа! — деді ол жақындай бере ақырын үн қатып. Бар күшін жинап айтса да, даусы қалтырап шықты. — Папа, ол хатты жазған мен емеспін, жалынамын, сеніңіз маған.


Оның егіле шыққан нәзік үні жүрегін қанша елжіретсе де, Бағлан түрін өзгерткен жоқ. Ауыр қозғалып, қатарына келген Жаннаны бір қолымен құшақтап кеудесіне бір қысып терең күрсінді де, үн қатты:


— Мен мезгілдің тамырын дәл баса алмай адасқан бейбақпын. Өзі сондай бейбақ адамға жалынбас болар.


Жанна оның бұл сөзінен тіксіне қалып жалт қарады:


— Адасқан бейбақ?


Бағлан қалпын әлі өзгерткен жоқ:


— Иә, сол үшін мен сенен кешірім сұрамақшы едім, қалай сұрарымды білмей үш күннен бері сенделудемін.


Жанна онан сайын таңдана түсті.


— Сіз бе менен кешірім сұрайтын?


— Иә, менмін... мен... мен...


Бағлан осылай ызаланған сайын Жанна ынтыға түсті.


— Папа, мен түк түсінер емеспін.


— Иә, сендер маған енді мүлдем түсінбейсіңдер. Өйткені сендер Бураханға табынудан басқаны білмейтін бейшарасыңдар.


Жанна өзінің көкейінде жүрген тағы бір түйінді жалғап жіберді.


— Сіз Бураханды не үшін жек көресіз осы?


Бағлан батар күнге бет алып, алыста кетіп бара жатқан Бурахандардың көкжиектен ғана шудаланған шаңына қарап тағы бір күрсінді де:


— Қарауындағы халқының махаббатына не бола алмаған басшы, бүгін қандай құдай болса да, ертең тағдырдың мазағы. Сендердің Бурахандарың өмірдің сол бір қатал заңын білмейтін әумесер. Мен оны сол үшін сүймеймін. Мені осындай ауыр қылмысқа ұрындырған сондайлардың қырсығы.


Жанна тағы да тіксіне қалды, атасының бетіне тағы да жалт қарады. Неліктен екені өзіне де белгісіз, әйтеуір бұл сапар жүрегі мұздап сала берді.


— Ауыр қылмысқа? — деген даусы да үрейлі шықты.


— Иә, бірақ ол бүгінгілер үшін, әсіресе Бурахан сияқты үшін ғана қылмыс. Сол себептер үшін сен ол хатты атаң Бағланға жабылған жала деуден аулақ бол.


— Неге?


— Ол жала емес.


— Енді не?


— Ол шындық.


Жанна атасының білегінен ұстай алды:


— Сіз сырқат емессіз бе, осы?


Бағлан ызалы күлкімен мырс сәті.


— Үш-төрт жылдан бері сырқат едім, бүгін жазылдым.


— «Жазылдым» деген сөздің өзінде бір зіл бар ғой?


Бағлан кенет жадырай қалып, Жаннаны кеудесіне қыса түсті.


— Ондай зілден қорықпа, балам. Біздер колхозшылардың ауқатын көтеру — колхоздың өзін көтеру, колхозды көтеру — мемлекетімізді көтеру екенін көрсеттік, Ол үшін бүгін қанша қиналсам да ертең, сөз жоқ, қуанамын.


— Папа, сіз мені тым тереңге әкеттіңіз.


Бағлан қалпын әлі өзгерткен жоқ.


— Мүмкін, өйткені мен айтып келе жатқан өмірдің заңы. Ол барлық теңіздерден де терең.


— Ондай тереңге менің қиялым да жетпейді, сондықтан мені тұншықсын демесеңіз, кешірімді менен не үшін сұрайтыныңызды ашық айтыңыз.


— Ол үшін алдымен сен маған мынаны айт. Егерде сол хатты сенің атыңнан жазған адам табыла қалса сен оған не істер едің?


Жаннаның ол адамға деген өшпенділігі әзір екен, іркілген жоқ, бар ызасымен тістене сөйлеп:


— Шашын бір талдап жұлар едім, — деді.


Бағлан мырс етті.


— Кімнің шашы болса да ма?


— Кімнің болса да.


Жанна соны айтып аузын жиғанша болған жоқ, Бағлан кенет тұра қалып кепкесін қолына алды да., басын Жаннаның алдына тосты.


— Онда шеңгеліңді мықтап сал да, бір. шетінен бытырлатып шашын жұла бер, міне сол кінәлы бас.


Жаннаның жаны ыршып кетті. Жанымен бірге өзі де ыршып:


— Не дейсіз? — деді үрейленіп.


Ол қанша үрейленсе де Бағлан қалпын өзгертер емес.


— Солай, балам, менің ұжданыма жасаған бар қиянатым осы. Мен сенің алдында ғана кінәлымын. Ол хатты сенін атыңнан жазған мен, өзім.


Жаннаның жан даусы шығып кетті.


— Папа! Сіз не сұмдықты айтып тұрсыз?


Бағлан сол сөзді айтып тұра қалған Жаннаға қарамастан:


— Шындықты айту сұмдық емес, балам, — деді де, кете берді.


— Сұмдық болмаса ол хатты өз атыңыздан неге жазбадыңыз? Мұндай жаман атқа мені не үшін қалдырдыңыз?


— Егер ол хатты өз атымнан жазсам өз қатемді өзім тапқан, өз қылмысымды өзім ашқан болып табыламын.


— Не айтарымды да білмей қалдым-ау, — деді Жанна самай шашын сипалан. — Құдайым-ау, мұнша ашынғандай сізге не болды?


— Егерде жүрегім сондай дабылдың барабаны болып бір қағылса, онан кейін жарылып кетсе де ризамын.


— Мен енді біреулерге сіздің қылмысыңызды үш-төрт жыл бойы жасырып келген жалған коммунист болып көрінсем, енді біреулерге атасының қылмысын әшкерелеген азғын келін көріндім ғой, осы ма сіздің әкелігіңіз?


Жаннаның бұл сөздері жанына қанша батса да Бағлан сыр білдірген жоқ, сол қайсар қалпын бұзбастан сөйлеп келеді.


— Ол хаттың әшкерелейтіні мен емес, басқалар. Сен алдымен соны біліп ал, — деді оны шашынан сипап.


Жаманшылықтың ешқандай түрі дарымайтын Жаннаға атасының бұл сөзі де дарыған жоқ. Ол үміті күйреген алғашқы ойынан шыға алмай атасына бір қарап алды да:


— Біздер мұнан кейін де бір шатырдың астында, бір дастарханның басында бұрынғыдай тату-тәтті өмір сүрер ме екенбіз? — деді күрсіне сөйлеп.


— Ол ненің күдігі?


— Сізше қалай, осыдан кейін де менің елге қарайтын бетім бола ма?


— Неге болмайды?


— Ондай арсыз көрінетін бетті мәңгілік отына тастармын, жатсын сонымен бірге өртеніп.


Жанна соны айта салып жалт бұрылып еді, Бағлан оның иығынан ұстай алды.


— Сабыр, балам. Сен мені кінәлаудан сәл кеш қалдың, еңдігі сөзің оқ болып бораса да елейтін мен жоқпын. Өйткені мен де пендемін, сол пенделіктен менің де шатасқан шағым болған-ды, сенің ол хатың сондай кезде жазылған да, кейін жөнге салынған-ды. Ол үшім сенен жаңа ғана сұралған кешірім Орталық, Комитеттен сол кездің өзінде, атап айтқанда мұнан бір аз бұрын сұралған-ды.


Жаннаның көзі жайнап сала берді.


— Қалай? — деп ынтыға түсті.


— Менің жазу столымның он жақ, тартпасында бір жойқын хаттың көшірмесі жатыр. Соны алып оқысаң барлық күдіктен ада боласын да, шаттанасың.


— Ол не хат?


— Ол Орталық Комитетке жазған оз хатым.


Бағланның бұл сөзі Жаннаны шын шаттандырып жіберді, ол қуанғанынан не істерін білмей, Бағланды құшақтай алса да, «папам менің» дегеннен басқа сөз айта алмай, машинасына қарай тұра жүгірді. Оның қуанғанына қуанып Бағлан қалды.


Ол қасына шыңғыра кісінеп келген боз жорғасына міне сала Көбікті өзенін ерлей қонған өзінің қалың еліне малшылар ауылына тартқан-ды. Боз жорғасының ақ бөкендей жосып, бұлдырық болып ұшқан екпінімен малшылар ауылының бергі алдындағы құба жонға шыға келген сәтте оның бар жаны жарқырап сала берген-ді. Өйткені малы сыңсып жатқан өзен жағасы — желсіз күнгі теңіздің бетіндей жай тербеліп жатыр екен. Іргесін өзенге тірей, тізбектеле қонған ауылдың арғы шетіне көз жетер емес. Көлбей көтеріліп келіп біріне-бірі жамырай жабысқан кешкі ауылдық көк ала түтіні де малы мыңғырған даланың сәні екен. Соның бәріне қызыға қарап, қараған сайын шері тарқап Бағлан келеді. Ол шаттанған кездегі әдетімен әндетіп те келеді. Өзімен бірге жаны да әндетіп, соны демегісі келгендей мойнына асып алған қалта радиосы да «Боз жорға» әнін сұңқылдатып келеді. Астындағы аты да боз жорға болып кеткендей, лепірген көңілдің күйі де жорға. Өзі әлі де әндетіп келе жатыр еді, кенет тына қалды. Радионың да үнін өшіріп, дала үніне құлақ тікті. Иін тіресе сыңсып жатқан отар-отар қойлардың қозыларымен жарыса жамырасқан кездегі маңырасы ғаламат бір сұлу саз тасқындап келе жатқандай естіледі екен. Олар ғана емес; дәл қазір даланың барлық түгі ән салып тұрғандай, сол әннің барлығы Бағланның өзіне айтылған алғыстай сезілді де, оны мүлдем тебірендіріп жіберді. Көзінде жас, бірақ көңілі шаттыққа мас. Ол шаттық, оның есіне Қасымның «Туған жер» дейтін елеңін салып жіберді.


Ол шеткі отарға да жеткен еді. Екі үйдің орталығында ойнап жүрген кішкентай екі бала мұны көре сала тұра жүгірді.


— Ата... Ататай... алдына...


— Ата, ассалаумағалейком, мені артыңа.


Бағлан кімнің баласы екенін білместен, ат үстіне еңкейіп іліп алды да, ересегін артына мінгізіп, кішіректеуін алдына алды. Оны көре сала алыстағы үйдің баласы да жүгірді. Бағлан оны да іліп алды. Ол малдың ыңғайына қарай әр жерге шашырай қонған қойшылардың үйін жағалап келеді. Бірі баласы оның алдына мінгескеніне мәз болса, енді бірі оның артына мінгескеніне де мәз болып, үн қатпастан күлімдеп шешелер тұр. Алыста қой соңында жүрген әкелер де мәз, олардың қайсыбірі қойын тастай салып шауып келеді.


Бағлан қойшылардың үйін әлі жағалап келеді, оның түскелі көздеген үйі ортадағы үлкен қоңыр үй екен. Сол үйден үйелмелі-сүйелмелі бес бала шыға келіп еді, Бағлан не істерін білмей аңырып қалды. Мұндайда балалардың тыңдауды білмей кететін әдеті езіне мәлім сондықтан ол қайда орналастыратынын білместен балаларды бірінен соң бірін іліп алып өзінің кеудесіне қарай өрлете берді. Жеті жасқа жетіп қалған ересектеу біреуі өрлеп барып Бағланның мойнына атша мініп алып еді, қалған екеуі оның аяғына жармасып тұра қалды. Сол бөбектердің жас жүрегінен өз кеудесіне жаңа бір нұр құйылып жатқандай жаны жадырап Бағлан тұр.


Жан-жағынан шапқыласып келген малшылар анадайдан:


— Ассалаумағалейком, — десіп еді.


— Уағалейкүмісәлем, — деп, балалар шулап қоя берді.


Бағлан өзінің алдында отырған қара баланын басынан бір сүйді де:


— Көп жасаңдар, балапандарым! Әрқашан мен болып өмірге де жауап беретін болыңдар, жарай ма?


— Жарайды, ататай, жарайды, — десті балалар шулап.


Соны айта сала ересектері секіріп түсе бастап еді, кішкентайлары да қалысқан жоқ. Бағланға ізет көрсете жақындаған шешелерінің көмегімен олар да секіріп жатыр. Сол бөбектер көңілдің бар қаяуын сыпырып әкеткендей Бағланның жүрегінде шаттықтан басқа түк қалған жоқ.


Үшінші бөлім


1


Күздің қара бораны соғып тұр.


Сол боранның ішінде түнделетіп екі адам жаяу келе жатыр. Мұның бірі Малтабай, екіншісі Сауыс. Қазіргі кезде Невский аудандық партия комитетінің екінші секретары да, Малтабай соның орнына совхоз директоры.


Бұл аудан биыл астықты жылдағыдан екі есе артық берсе де Бураханға ұнамапты. Өзінін көктемде арнайы келіп берген нұсқауы орындалмай қалғанына ол каналы. Кінәлыларды жазалап, қапалы көңілін жадыратып қайту үшін ол кеше осы ауданға келген еді, ертеңгі күнге ауданның активін шақыртыпты. Мына екеуі сол активке жету үшін қираған машинасын далаға тастап, түн ішінде жаяу тартып келеді. Жақын жерде «Шағаланың» көп жолының бірі бар, соған жетсе аудан орталығына жетеді, Сондықтан олар жаяушылықты елейтін емес.


Екеуі де қарсы алдарынан соққан дауылға ызалы. Әсіресе Малтабай өзін сол қара дауылдай соғып теңселтіп кеткен тағдырына ызалы. Оның ызасы кейде көздің жасына айналып сорғалайды, кейде уға айналып өзегін өртейді. Оны уландыра түскісі келгендей Сауыс та бір жағынан шымшылап келеді... Ол кеудесін дауылға тірей тұра қалып бар даусымен жындана айғай салады:


— Соқ, Бураханның қара бораны, соға түс... ха-ха-ха. Малтекемнің райкомын тартып алғаны үшін Арманды соқ, ха-ха-ха... соға түс.


Екілене соққан желдің ызыңы арасынан жердің бұрқаған топырағына шашалғандай тұншыға үздігіп Малтабайдың даусы да сыңсиды:


— Олардан бұрын мені соғып, топырағы көзіме түсіп кетті, кішкене аялдашы...


— Ондай топырақты түтінмен аластайық, папиросыңызды әкеліңіз.


— Топырақты өзім де аластай аламын, — деді Малтабай ішкі қалтасынан папиросын суыра бастап, — сен аластағыш болсаң Арманды аластаудың жолын тапсаңшы. Мұндайға шебер едің ғой, салсаңшы өнеріңді, қақсаңшы соның жолына бір қанды қазықты.


Сауыс жауап қатқан жоқ. Ол өз кеудесінде бардың бәрін түтінмен тұншықтырып тастап, айтар өтірігін сайлап алғысы келгендей түтінін бұрқылдатып аз тұрды да, бір қолымен Малтабайды құшақтай алды:


— Маңайымызда біз сияқты адасып жүрген біреулер бола қалса сөзімізді естіп қояр, құлағыңызды менің аузыма жақындатыңыз да, тыңдай беріңіз.


— Жапырақ сөйле, жаңағы жынды айғайыңды енді естіртуші болма.


— Бағың қисайған шағыңда біруге еткен қастығын да қисайып, қаққан қазығың да қирап, атқан оғың да тайып кете береді екен. Өмірдің ондай да заңы барын мен бейбақ биыл ғана білдім.


— Немене, Арманға атқан оғың қисық кетті ме?


— Қағаздан жасалса да талайлардың мансабын жамсатқан бомбаларымның төртеуі бірден тасталған еді, соның бірде-біреуі әлі дарыған жоқ, соған қарағанда оның біз білмейтін, оқ дарымайтын бір кереметі бар.


Малтабай қараңғы түнді тіміскілеп, жан-жарын көзімен бір тінтіп өтті де, Сауыстың құлағына сыбырлай бастады. Жаңағысындай жабырқау жоқ, даусы да тым жайдары.


— Бурахан ағайдың қабағынан менің кешегі бір байқағаным сенің сол бомбаларың Арманға түгелінен дарыған секілді.


— Немене, ол жайында бірдеңе деді ме?


— Дегенде қандай. «Мен тірі тұрғанда сендер Арман түгілі ажалдың өзінен де қорықпаңдар. Осы ауданда сенің ең жақын досың, Арманның ең қас дұшпаны біреу бар, сен мені сол досыңмен таныстыр», — деді, мен мақұл дедім.


— Ол кім еді?


— Менің сенен басқа қандай досым бар еді?


— Ағатай-ау, анық па? Анық болса соны айтқаны үшін бір сүйейін, сонау арақ сасыған аузыңызды бері, менің аузыма қарай әкелсеңізші.


— Тоқтай тұр. Сенің ол арызыңның ішінде Бағланның өзіңе оқ жұмсағаны бар ма еді?


— Жоқ.


— Неге?


— Өзім жазған арызға өзімді қалай қосамын?


— Қосса несі бар?


— Мен ол төрт арыздың біреуін ғана өз атымнан жаздым, қалған үшеуінің екеуі басқаның, қалған біреуі сіздің атыңыздан жазылған еді, соның қайсысына қосарымды білмедім.


— Не дейсің? Менің атымнан да жаздың ба?


Малтабай соны айтып Сауыстың жағасынан ала түсті. Бар күшін салып қатты жұлып та қалды, бірақ Сауыс қаққан қазық секілді міз бағар емес:


— Малтеке, бейбақ болсаңыз да бұлай бейбас болмаңыз, — деді жайымен күле сөйлеп. — Менде де қол бар, ал күш сынасар болсақ менің күшім Малтекелердің талайын малталап жібереді. Соны ескеріңіз де, жағамды тезірек босатыңыз.


Малтабайдын қолымен бірге жағы да қарысып қалған екен. Үн шығара алған жоқ, қолы Сауыстың жағасынан босай бере сылқ етті. Бірақ жағы әлі қарысқан қалпында. Сауыс соның қиналғанына рақаттанғандай папиросын құмарлана сорып үнсіз тұр.


— Салдақы-ай, — деді Малтабай аздан соң ғана үн қатып. Соны айтты да, теңселе басып жүріп кетті. — Мен сені қуантпақшы едім, төбеме жай түсірдің-ау.


Сауыс ұмтылып барып оның қолтығынан ұстай алды:


— Төбеңізге аспанның найзағайы түссе де мейлі, оны жұлып тастау маған киын емес.


— Мүмкін сенің атылған оқты да қағып алатын сайтаның бар шығар.


— Бір өзім қырық сайтанға төтеп беремін, нанбасаңыз мен сізді кәзір қуантамын.


— Сен бе, мені қуантатын.


— Иә менмін. Ондай арызды сіздің атыңыздан жазатын мен ақымақ емеспін.


Малтабайдың ойымен бірге өзі де қаңтарылып тұра қалды:


— Түк түсінсем бұйырмасын.


— Менің ондай ақылсыз емес екенімді білсеңіз, бәріне де түсінесіз.


— Сонда сенің ол арызды менің атымнан жазғаның бекер ме?


— Ол бекер болмаса сізге айтар ма едім?


Малтабай қуанғанынан Сауысты құшақтай алды.


— Бауырым-ай, — деді қуанғанынан көзі жасаурап. — Онда сені мен де қуантайыншы. Сен ол бомбаларыңның Арманға қалай дарығанын ертеңнен қалмай естисің, қуана берші.


— Ертеңнен қалмай? Қалай? Кімнен?


— Тап күні ертең, Бураханның өз аузынан естисің. Тісіңнен шығарсаң тіліңді тістейсің, соны ұмытпа.


Сауыстың бойы сұңғақтылау еді, қараңғыны қармай еңкейіп келіп енді ол құшақтады.


— Әкеліңізші, осыны айтқан аузыңызды әкеліңізші...


— Фу, манағы арақтың иісі аузыңнан әлі кетпепті ғой.


— Кешіріңіз, сіздің аузыңыз да онша жетісіп тұрған жоқ.


— Әттең өзіңді жақсы көремін, әйтпесе тіліңді суырып...


— Менің ең үлкен дертім де, ең қауіпті жауым да өзімнің тілім. Егер де сіз оны суырып тастай алсаңыз, ақысына бір дұшпаныңызды жамсатып берер едім, әттең ол қолыңыздан келмейді ғой. Айтпақшы, сіздің қолыңыздан келетін не бар, осы?


— Сөзді қой да, бас аяғыңды. Өзіміз адассақ та, ойымыз адаспасын, машинамыз бар тетігі үзілсе де, үмітіміз үзілмесін. Жаяу болсақ та құстай ұшын жетейік те, бірімізден соң біріміз сөйлеп соққылап Арманның арманына дейін талқандайық. Есінде болсын, активте менен бұрын сен сөйлейсің.


— Ол неге?


— Мен бұрын сөйлеп, сен қоштасаң жағымпаз көрініп қаласың. Ал сені мен қоштасам екеуміз бірдей әділ көрінеміз. Сондықтан сөйлер сөзіңді осы бастан сайлап жаныңа жаттап ал. Сен Бағланның өзіңе жұмсаған оғын, боз жорғаның өлімін айтасың, мен Асаубайдың өліміне себеп болған Бағлан екенін айтам.


— Әй білмеймін-ау, — деді Сауыс басын шайқап, — осы сапар мен сөйлей қояр ма екенмін.


— Себеп?


— Көп жортса түлкі де қақпанға түседі, мен түлкіден қу емеспін.


— Басқаның керегі жоқ, Бағланның саған жұмсаған оғының астындағы атыңа қалай тигенін, колхоздың сондай тұлпарын атып өлтірген Бағланды жазасыз жіберген Арман екенін активке айтып берсең болды.


— Тоқтаңыз... мен өзгенің түгілі шешемнің де шайнап берген асын жеген жан емеспін, неге олай дегенімді өзім табамын. Сіз маған сол қанды оқиғаны болған күйінде айтып, Бағланның жаңа бір қылмысын аш дейсіз. Тоқтаңыз, ойымды бөлмеңіз... Егер шындықты айтар болсам Бағланды ондай қылмысқа итерген мен де, мені итерген сіз едіңіз ғой. Сабыр етіңіз... Арманға жазған opғa өзіңіз құлағалы тұрсыз, Малтеке.


— Құламаспын, егер Арманды ала құласам өкінбеспін.


— Сабыр етіңіз. Онда мен барлығын есіме түсіріп алайын. Өтірік сөз ұсталғыш келеді, ұстатпау үшін басынан бастап ойланып алайын.


— Ол жаздың орта кезі... «Балықты көлдің» жағасында болған еді ғой.


— Тоқтаңыз өзім... өзім... «Балықты көлдің» жағасында... шаңқай тал түс... Жаздың орта кезі... деп бастаймын...


Иә, ол мұнан үш ай бұрын, осы Малтабайлар басқаратын совхоздың жеріндегі «Балықты көл» дейтін көлдің жағасында болған еді.


Невский басқаратын он бір кісілік комиссия Бағланды тексеру жұмысына әлі кіріскен де жоқ-ты. Соған қарамастан Бурахан демалысты сылтау етіп, Бағланды колхоз басқару жұмысынан сырғытып жіберген-ді. Оған міне бір жеті етті.- Бағлан сол демалысын бір жетіден беpi осы көлдің жағасында өткізіп келеді. Қасында бәйбішесі Назгүл мен немересі Алданы. Оларды бүгін елге қайтарып жіберді де, өзі кешке қарай қайтпақ болып қалып қойды.


Оның нысанасы бүгін де жақсы қанданып, қанжығасы жақсы майланған еді, неге екені белгісіз, жүрегі сонда да жай тапқан жоқ. Ол қазір бір жетіден бері өзінің мекені болған жалғыз түп ағаштың саясын саялап, алдында тізіліп жатқан үйректерге ойлана қарап тұр.


«Аш емеспін азық ететін. Қызық үшін жазығы жоқ жәндіктерді осылай қырамын да саламын. Мүмкін осылардың обалы шығар-ау, қырсық болып мені қиырдан шалып жүрген? Қырсық шалмаса мен неге бұлай елсіз көлдің жағасында қаңғып жүрмін? Кешегі күнге дейін колхоз ғылымының академигі аталып келген Бағлан қалайша бүгін надан бола қалды? Маған айып болып тағылған жеті мың қойдың жеті тал қылшығына тимегенім бүгін өзіме қандай аян болса ертең жұрттың бәріне де сондай аян болады. Ендеше бұл қырсықтың менде несі бар?»


Оның бұл ойын алыстан шыққан ат дүбірі бөліп жіберді. Ой токтатып, көз жібергенше болған жоқ, әудем жердегі көк мүйістен баран атты біреу жүйткітіп шыға келді. Астындағы атының қасқасынан тани кетті, Сауыс екен. Бағлан оны көре сала далдаланып ағаштың түбіне жантая кетті де, алдында жатқан үйректердің бірнешеуін көк шалғынның арасына қарай сүңгітіп жіберді.


Бұл қылығы өзіне ерсі көрінді ме қалай:


«Мен де қызықпын-ау, — деді ол мырс етіп, — біреулер сұрай қалса астымдағы жалғыз атымды беруге де әзірмін, енді біреулерге атылған жерде қалатын шүрегейлерді де қимаймын. Бұл не мінез?»


Сауыс қатты екпінімен келсе де, Бағланды іздей қойған жоқ, аулақта шідерлеулі тұрған боз жорғаның қасына келіп түсті де, жан-жағына ұрлана қарай отырып аттың шідерін ағыта бастады. Оны Бағлан аңғарған жоқ, Сауыс та аңғартар емес.


— Бағлан аға, қайдасыз?


— О, не болып қалды? — деді Бағлан басын көтерместен даусын ғана көтеріп.


— Не болғанын естімей қалмассыз, сүйіншімді молырақ әзірлеңіз.


Ол атының шылбырын боз жорғаның шідеріне Іле салды да, Бағыланға қарай беттеді.


— Бағлан ара... батыр аға... сүйіншіге сараңсыма...


— Тағы нендей сұмдық әкеде жатқаның?


— Алдымен сүйіншімді әкеліңіз, — деді алақанын алыстан жайып.


Бағлан қалған үйректерді оның алдына тастады.


— Мә, мынаны ал да айта бер, тек өзіңді қорлама.


— Дүние жүзіндегі ең үлкен жаңалық: мен Малтабайдың айтқанын орындайтын малайы болдым.


— Құтты болсын, малайы ғана болсаң жаман емес.


— Сонан кейінгі жаңалық, сіз бүгіннен бастап мал бағудың азабынан құтылатын болдыңыз.


— Менде жалғыз аттан басқа қандай мал бар еді?


— Сіздей қартаң адамға сол жалғыз атты бағып-қағу да жеңіл емес.


— Ым... солай деңіздер, мырзалар... Сонда мені ондай ауыр азаптан құтқаратын кім?


— Біздің Малтекең. Мына көл біздің совхоздың көлі екенін білесіз, біле тұра үйір-үйір жылқымыздай көретін үйректерімізді, қора-қора қойымыздай көретін қаздарымызды бір жеті бойы қырдыңыз. Боз жорғаны соның төлеуіне бересіз де, мал бағудың азабынан құтыласыз.


Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайтын. Сол құдыққа құлаған құлан мен болсам төбеме шығыңдар да, құлағыма ойнаңдар, тасжүрек құрбақалар.


— Қапаланбаңыз, Бағлан аға. Келініңіздің кескін-келбеті аман болса сіздің құлағыңызда ойнайтын құдайдың да бақасы жоқ.


— Мені бар кеселден қаққандай келінімнің кескін-келбетінде нендей керемет бар еді?


— Малтекемнің айтысына қарағанда сіздің әлі күнге дейін қамалмай жүргеніңіздің өзі сол келініңіздің шарапаты көрінеді.


— Ол қандай шарапат?


— Оны Арман досыңыздан сұраңыз.


— Онан да, сенен де, сені жұмсап отырған Малтабайдан да сұраймын, сұрап қана қоймаймын, бәріңе де айтқызамын. Ен алдымен саған менің қандай ауыр қылмысым барын айтқызамын.


— Бізде неңіз бар, мықты болсаңыз келініңізге айтқызыңыз.


Бағлан ойлана қалып, Сауыстың шолақ ойына бір ұзын бұғалықты тастап жіберді.


— Ол хаттың жазылуына кеңес бергендердің бірі сен көрінесің, мүмкін оның орнына жауапты сен берерсің.


— Ой, батырым-ай, кімнің дос, кімнің қас екенін бір білмей-ақ кеттіңіз-ау, батыр аңқау деген осы-ау.


— Менің танымай келген досымның бірі сен шығарсың, солай ма?


— Кектенсеңіз де дұрыс айтып отырсыз. Келініңіз қанша арбаса да мен сізді қимадым.


— Ол сені арбап қайтеді?


— Егер оның тіліне ерсем, сіздің қаныңызға менің де қолым малынатын еді ғой.


— Қанға қол малынғаны қалай?


— Егер мен оның тіліне азып, сізді қаралап жазған хатына қолымды қойсам, қаныңызға қолымды малғаным емес пе?


— Онда тіліңнен тамшылап тұрған мынау ненің уы?


— Олай десеңіз сізге мұнан былай түк айтпаймын.


— Жоқ айтасың, осы айтқандарыңның барлығын менің көзімше Арман мен Жаннаның өзіне де айтарсың, мен айтқызамын.


— Әуре болмаңыз, басым екеу болмағандықтан мен оны айта алмаймын да, куәңіз жоқ болғандықтан сіз айтқыза алмайсыз.


— Мен сендейлерді куәсіз де соттай аламын, қаным қызып барады, келген жұмысыңды тезірек айт та, жоғал көзімнен.


Ол соны айтты да, тазалау үшін мылтығын бөлшектей бастады.


— Екі оттың ортасында қалдым-ау, — деді Сауыс өтірік қынжылып. — Айтпай кетсем бұйрығымды орындамадың, жолдаған сәлемімді түгел жеткізбедің деп Малтабай жанымды қуырады. Айтар болсам сіздің жынданып кетуіңіз мүмкін, не істесем екен?


— Сендерге керегі менің жынданғаным емес пе, айта бер.


— Мен Малтекемнің бұйрығын орындаушы, дәлірек айтқанда оның сізге достық ниетпен жолдаған сенімін жеткізуші ғанамын ғой.


— Иә, сен екеуің ондай құзғын ұяны облыс орталығына да салғансыңдар айта бер, оның достық ниетпен жолдаған сәлемі қандай еді?


— Ағат болса айып етпеңіз, Малтекеңнің, айтысына қарағанда сіздің Арманнан аулақ жүргеніңіз жақсы секілді. Әсіресе келініңізді онан аулақ ұстағайсыз.


— Неге?


— Малтекеннің айтысына қарағанда ол екеуінің жасырын некесі алдақашан қиылған көрінеді.


— Солай ма, сендер енді осылай қиқуладыңдар ма, құзғындар. Ендігі торығандарың Арман болды ма... О, сұмырайлар.


Бағлан ашуға булығып мылтығын қайта құрастыра бастап еді, Сауыс атына қарай зыта жөнелді.


— Жынданбаңыз... менде де мылтық бар. Ол жалғыз ауыз болса да сіздің мынау үш ауыз мылтығыңыздың мылжа-мылжасын шығарады. Есерленіп естігендеріңізді' елге жайып жүрмеңіз, куәңіз жоқ...


Ол жаңа келерінде барлық сұмдығын сайлап, міне жөнелу үшін боз жорғаны әзірлеп келген екен. Оның нендей пиғылмен келе жатқанын сезгендей боз жорға ат қамыс құлағын қақ төбесіне тіксіне тігіп тұра қалды. Сауыс оның осқырғанына да қараған жоқ, өз атын босатып алып, бүйіріне қатты түртіп қалып еді, ол шылбырын сүйреткен күйі келген жағына қарай құйғыта жөнелді.


— Қап, жамандатқыр-ай, — деді Сауыс өтірік қынжылған болып. Ол соны айтты да боз жорғаның үстіне қарғып мінді. Әлденені сезгендей боз жорға діріл қағып аспанға бір шапшыды да, өзіне қарай жүгіре басып, мылтығын жүре оқтап келе жатқан иесіне кісінеп қоя берді. Атының сол кісінесі өз жанын қоса шырылдатқандай. Бағлан өзінің не болғанын білген жоқ, атқа жөнелген Сауысқа мылтығын қалай кезеп қалғанын да сезген жоқ. Тек аузынан «лағнат!» деген жалын шықты, қолындағы мылтығы да гүрс етті. Ақ боз ат ұшып түсті де, қызыл ала қан болып шырқырай түрекелді. Бағлан өзінің не істегенін енді ғана сезді, есеңгіреп қалған екен, атының құлақ шеке тұсынан атқыған қаннан басқаны көре алған жоқ. Ол аттан ұшып түскен бойы қамыстың арасына қарай домалап бара жатқан Сауысты да аңғарған жоқ, мылтығын лақтырын жіберіп атына қарай құшағын жая ұмтылды.


— Жануарым-ай! Жан серігім-ай!..


Басқа сөз айта алған жоқ, көзінен жас парлап, құшағын жайған күйі атының соңынан кетіп барады. Ақ боз ат оның даусын танып жәрдем тілегендей шыңғыра дірілдеп ойысып келеді де, қайтадан алыстап кетті. Ол шыңғырған сайын Бағланның жаны қоса шыңғырады.


Оның дыбысы алыстаған сайын жаны кіре бастап Сауыс жатыр. Елге не дерін ойлаған ол жоқ, оны мұнда келместен бұрын ойлап, қиянаты мынау қанды айыптан құтқармайтын секілді. Соны ойлаған ол өзінің де бір жара салуға, ол үшін Бағланның мылтығын тауып алып бытыралы патронмен өз қолын өзі атпақ болды. Сол оймен ол Бағланның мылтығын іздеп жүр еді, өзі келген жақтан машинаның гүрілін естіп қайтадан қамыс арасына буға қалды.


Келе жатқан Жанна мен Малтабай екен. Атасын іздеп келе жатқан Жаннаға жолшыбай қосылып Малтабай да келіп-ті. Екеуі дәл ақ боз ат алғаш құлаған жерге деп келіп тұра қалды. Бірақ, екеуі де әзір ештеңені аңғарар емес. Малтабай машинадан сөйлей түсті.


— Міне, лайсаңның бәрі сіздің атаңыздың лаңы.


Келіміздің құсына қырғидай тигенімен қоймай, малымыздың азығы болатын көк майсамызды таптап тастады.


Жанна жан-жағына ойлана қарап, айналасын көзімен бір шолып шықты да:


— Шөптің тапталғаны ештеңе емес-ау, мынау қан не? — деді бар даусымен айғайлап. Ол өз даусынан өзі шошып кетті.


— Сұмдық-ау, мынау адамның қаны ғой, — деп Малтабай үрейлене бастап еді, қамыс жақтан Сауыстың ыңырсыған даусы естілді.


— Өлдім... өл-дім...


— Масқара, мынау Сауыстың даусы, мынау соның қаны.


Малтабай соны айта ұшып келіп, серейіп жатқан Сауыстың үстіне құлап түсті.


— Бауырым-ай, боздағым-ай... Жоқ, қаны көрінбейді, оқ тигеннен аман секілді.


Жүрегі оған мүлдем мұз болып қатқан болу керек, Жанна жақындап келді де тұрып қалды.


— Қорықпаңыз, мен білетін Сауыс болса, мұны сұлатқан жау өзі.


— Өзі сұлатқаны қалай?


— Оны қазір өзіне айтқызамыз, мына бір татырға таман шығарайық, ар жағынан демеңіз.


Татырға шыққаннан кейін Сауыс көзін ақырын ашып ыңырси бастады:


— Бауырларым-ау... мен... мен... қайда жатырмын?.. Сен кімсің?.. Өзімнің Малтекем... мынау кім?.. А, өзімнің иә, өзімнің Малтекем.., Бауырларым-ау, мен қайда жатырмын!


— Менің құшағымдасың, — деді Малтабай оның құлағына аузын тигізе сөйлеп.


— Жаннатай-ау, айтсаңшы, мен анық тірімін бе?


— Өлетін түріңіз көрінбейді.


— Немене, менің өлгенімді тілейсің бе?


— Жоқ, тек қана жер бетінің тезірек тазарғанын тілеймін.


— Жанна, сіз осындай мейірімсіз, қатал ма едіңіз?


— Кешіріңіз, Сауысқа айтылған сөздің сізге тиетінін білмедім.


Сауыс Бағлан кеткен жаққа қолын сілтеп, ыңқылдай бастады.


— Анда, нағыз масқараның әкесі анда. Мынау көлге құятын өзеннің сағасында ақ боз ат өліп жатыр. Оны атып өлтірген Бағлан. Сіздің сөзіңізді Бураханның бұйрығындай көретін басым оған сіздің сәлеміңізді айтып көлден тезірек кетуін өтініп едім, ол: «Малтабайға сәлем айт, алдымен өзінің қатынына ие болсын», — дегені. Сол сөзіне ызаланып тұра ұмтылған кезімде атымның қолдан шығып кеткені, жаяу қалғым келмей атымды ұстап алғалы оның атына міне жөнеліп едім, ол мылтығын гүрс еткізді де, мені осылай ыңқ еткізді. Бір тәуірі маған арнап жіберген оғы өзінің атына тиді.


Жаңағы сөзден кейін Малтабайдың үні өшті. Өйткені әйелінің желаяқ екенін өзі де сезетін еді, өз сезімі өзін улап тастады да, түк айта алмастан Сауыс сілтеген жаққа қарай тура жөнелді.


Кімді айтқаны белгісіз, әйтеуір:


— Салдақы-ай! — деген ызалы даусы алыстан дүңк етті.


— Өзің салдақы, — деді Сауыс тістеніп.


Ызалы күлкінің қалай келгенін білген жоқ, екеуіңе бірдей ызалы тұрған Жанна сылқ-сылқ күліп кете барды...


...Сол күнгі сол күлкі мынау тұңғиық қара түнді де тілгілеп тұрғандай. Сауыс соны ойлап келе жатып, Малтабайдан айрылып қалды. Ол Жаннаның сондағы күлкісін құлағынан кетіре алмай екі құлағын кезек шұқып кенет тұра қалып еді, әзінен басқаны көре алмай шошып кетті. Бірақ өзінің ойластырғанын қап-қара күйеге айналдырып, ертеңгі активте Бағланның бетіне қалай жағуды ол ұмытқан жоқ,


2


— Малтеке! — деді, ақырын. — Ау, Малтеке-ау, қайда жоғалып кеттіңіз?


Малтабайда үн жоқ.


— Ау, көмейіңізге құм құйылды ма? Неге үндемейсіз?


Үн жоқ.


— Малтеке! — деді даусын дірілдете айқайлап, — Малтеке! Мен мұнда.,. Малтеке, мен мұнда... мен мұнда!


Әлі үн жоқ.


— Әй, іші азап пен мазаққа толы басым-ай. Өлсең де сол бүлінген машинаның ішінде өлмей Малтабайдың соңынан неге ердім екен? Оның төте жол деген! кесел жол екінің көзім талай көрсе де, маңдайым тасқа бір тимей қойды-ау мен бейбактың.


Ық жақта келе жатқан Малтабай оның бар сөзін естіген екен, қараңғы түнді жамыла жақындап келіп шіңк етті.


— Қатының қысыр қалса, оны да менен көргейсің.


Сауыс сескенсе де іркілген жоқ.


— Қатындарымыздың қысыр қалғаны ештеңе емес-ау, сіз екеуіміздің үмітіміз қысырап қала ма деп қорқамын, мен соны ойлап келе жатып, сіздің кейін қалғаныңызды сезбеппін.


— Үміттің қысыр қалғаны қалай?


— Күткеніміздің бәрі күлге айналып кетсе, үмітіміздің қысыр қалғаны емес пе?


— Жағың қарыссын, — деді Малтабай тісін шықыр еткізіп.


— Сіз тілемесеңіз де қарысатын болар жағымыз. Арман тірі тұрса, оған тістене-тістене тісіміздің бірі қалмастан қирар.


— Соншама сорлы біз кімбіз?


— Кім екенімізді өзім де білмеймін. Бағланның қолы жеткен кереметтерге қиялымыз да жетпепті. Соған қарағанда біздер көз алдағысын көрмейтін көзсіз, көзі көрсе де көңілі сезбейтін меңіреу екенбіз.


— Оның бәрі көзсіздік те, ойсыздық та емес, өмірдің заңы. Өмір өзінін сол заңы бойынша адамға кейде балын, кейде уын береді.


— Сіз екеуміз балын жейтін аранын бәрі де қысыр қалған секілді, соған қарағанда өмірдің бізге сыйлайтыны тек уы ғана болар.


Сауыстың бұл сөзі желкесінен тартқандай Малтабайдың ілгері басқан аяғы кері кетті.


«Иә, — деді Малтабай ішінен, — ой уланған кезде баста ми қалмайды екен. Ex, Бурахан... Бурахан... сені де данышпан көріп, Сағым. даласына да сусыз егін салдық-ау. Еккен егініміз де, төккен теріміз де далаға кеткені мынау. Дәреженін дарын бола алмайтынын білмедім-ау мен ақымақ.»


— Малтеке, не ойлап келесіз? Артығы болса маған да қарайласыңыз.


— Сендейлерді дос көріп серік тұтқан өзімнің ақылсыздығымды ойлап келемін, қаласаң бәрін де ал.


— Қамықпаңыз, сіз қанша ақылсыз болсаңыз да мен сияқтылардың талайына ақылшысыз.


— Сөзді қой да ұмтыл, мына бір белдің астынан сәуленің шапағы көрінді, бас аяғыңды.


— Оның несіне асығамыз?


— Машина болса тезірек жетіп жолын тосайық та.


— Ол машинаның шамы емес, «Шағаланың» аспанға шашыраған шапағы.


Екеуі теңселе басып, аспаннан көрінген «Шағаланың» шапағына қарай түнді сүзгілеп кете берді.


«Шағаланың» шапағына жеткенше Малтабайдың мақсатынан түк те қалған жоқ. Мансабы құлай қалса мақсаты қоса құлайтын оның ежелгі әдеті еді, сол әдетіне басты ма қалай, әйтеуір бойы шаршаған сайын ойы да кемелденіп, қиялы да шалдығып келеді. Шалдыққан қиял қанатсыз ғой, сол қанатсыз қиялдың жеткен жері өзінің бұрынғы мансабы. Сол мансабы есіне түскен сайын, іші елжіреп өзегі өртеніп, сол өрті кейде көздің жасына да айналып кетеді.


«Жасаған-ау, не жаздым? — деді назаланып. — Таудан домалаған тастай домалап келемін, домалап келемін, неге олай? Осыншама домалатқандай тағдырыма не жаздым? Әлде Сауыстың айтқаны рас па? Арман ба мені мұндай күйге ұшыратқан? Оған не жаздым? Жазығым жоқ болса да оған жақпадым, осының себебі не? Әлде Бағлан ба, Арманды маған айдап салған? Маған қатын болғалы қасқырдан да қорықпайтын болып кеткен Зәру былтырдан бері Бағланнан елердей қорқатын секілді, неге олай? Бағлан оған: «Сендер көп жасамайтын жансыңдар!» — депті, оның сол қай шатқаны? Сыртымыздан айтса бір сәрі, Зәрудің көзін бақырайтып тұрып өз үйінде айтыпты. Оның сол сөзінде жатқан бір сұмдық барын ішім сезеді, не сұмдық екенін сұрап білгім де келеді. Зәрудің ол колхоздағы жансыздары жеткізген хабарға қарағанда сол күні Зәру кетісімен ол үйге Ботажан барыпты, соның көзінше Бағлан өзі жоқта Назгүл сатып алған су жана пианиноның талқанын шығарыпты. Егерде ол әйелінің пианиноны Зәрудің айтуымен Асаубай берген ақшаға алынғанын білмесе мұндай ашуға бармас еді ғой... Иә ,бармас еді. Бірақ сол қираған пианиноның менің қасіретім болуы қалай?»


Малтабай өзінің ең үлкен қасіреті өзінің әйелі Зәру екенін сезбесе де, Асаубайдың өліміне себеп болған сол қираған пианино екенін дәл тапты. Сондықтан да ол Асаубайдың өлімін ертеңгі активте Бағланның ажалы етуге бекініп алды.


Ол түң ішінде маздатып келе жатқан бұл күйенің шындығы мынадай еді:


Ол Ботажанның «Шағала» колхозына жаңа келген кезі болатын. Ол келген кезде Бағлан Кисловодскіде еді, сонан кеше кешке келген-ді. Бір кезде өзінің баласындай көрінсе де көптен бері алыстап кеткен Ботажанның осы колхоздың партком секретары болып_ сайланғанын естігінде өлген баласы Арыстан қайта тіріліп келгендей қатты қуанған-ды. Ести сала іздетіп еді, ол облысқа кеткен екен. Бүгін таңертең келе телефон соғып, өзінің қанатсыз ұшып келетінін айтып жар салды.


Міне, қазір Бағлан соны асыға күтуде. Амандық сұрағандардың телефонына маза жоқ, есік қоңырауына құлақ түрген Бағланда да маза жоқ.


...Назгүл Ботажанның келетінін естісімен, үйдің ішін сәндеуге кіріскен болатын. Өзі жуырда ғана сатып алып, басқа бөлмеге қойған пианиноны да, Бағлан Москвадан бүгін әкелген терезе перделерінің ең әдемілерін де ортадағы бөлмеге келтірді. Пианино көрнекті жерге қойылып, әдемі перделер терезелерге құрылып та болды. Қазір бұл бөлмедегі жиһаздардың әрқайсысы өзіне лайық орып тауып, біріне-бірі жарасып жайнап тұр. Шығыс жақтағы үлкен екі терезеден мол төгілген күн шұғыласымен шағылысып, жан-жағына өзгеше шапақ шашып, терезенің алдында тұрған фикустың жасыл жапырағына да, бұрыштағы сыры жарқырап тұрған су жана пианиноға да қызыл-күрең өң беріп, үлкен қызыл кілем жатыр. Оның басқа жиһаздарға шашқан шапағын қоюландыра түсіп, оң жақта қызыл барқытпен тысталған диван тұр. Ол да үй ішіне көрік беріп, көз тартады.


Назгүл осыларға қарап тұрып, өзіне таныс үйлерді көзінің алдына келтірді. Тек аудандағы емес, облыстағы таныс үйлердің де талайын шолып өтті. Табысы мол бола тұра, ұқсата алмайтындарды да, алдап-арбаумен, мемлекет дүниесін қымқырумен дүние жинайтын, өзін біреу «қу» десе, түлкіше жылмиып, сол сұмпайы сөзді үлкен мақтан көретін қайсыбір суық қолды сұғанақтарды да сынап өтті.


«Ұятсыздар, ұялмастан қалай қымқырады екен», — деді ішінен.


Бірақ дәл осы бөлмеде тұрған пианино да адал еңбекпен келген дүние емес еді, сол есіне түсті де, өзінен-өзі тітіркеніп кетті.


«Апыр-ай, осы мен не істеп жүрмін? Асаубай берген мың сомды облигациядан ұттым дегеніме Бағлан сенді, Мен неге олай дедім? Асаубай жалына берсін, мен шынын ғана айтуым керек емес пе еді? Егер ол ақша Асаубайдың өзінікі болмай, магазиндікі болып шықса, ел бетіне не деп қараймын?.. Жоқ оның мені алдауы мүмкін емес».


Ол өзін-өзі осылай жұбатты да, үйдің ішіне тағы көз жіберді. Ортадағы ұзын столдың үстіндегі көкала дастарқанның құрысып тұрған бір жерін алақанымен сипап жазды да, диванға барып отыра кетті.


Бағланның бар арманы: өзі жиырма жылдан бері басқарып келе жатқан осы колхозды бүкіл Отанның алды ету болса, Назгүлдің арманы екеу. Оның бірі — өзі басқаратын ауруханада бірде-бір адам өлмесе; екіншісі — барлық колхозшылардың үйі Малтабайдың үйіне теңелсе. Ол үшін, ең алдымен жұрт көп келетін өз үйі теңелсе... Бірақ, ол үйін Малтабайдың үйіне теңеу үшін, әлі де бірнеше мыңның дүниесі керек екенін ойланбастан, екінші бөлмеде телефон арқылы біреумен сөйлесіп отырған Бағланға осы ойын айтқысы келіп еді, оның осыдан он минут бұрын айтқан бір сөзі есіне түсті де, кенет тоқтап қалды.


— Ол колхоздың малын көбейтуден басқаны ойламайды, — деді қолын сермеп. — Бірақ, сонысының өзі дұрыс-ау.


Назгүл бәйбішенің Бағланды «колхоздың малын көбейтуден басқаны ойламайды» деуі, әрине, ескі еркелікпен айтылған жай наз. Сонымен бірге, Бағланның үйге жиһаз жинауды ескілік керетіні де рас. Ол әсіресе, ауыр заттарды жек көретін. Сол әдетімен осыдан он минут бұрын Назгүлге келіп тиіскен оның өзі болатын. Назгүл үйдің ішіндегі нәрселерді реттеп жүр еді, ол келді де:


— Ақшаң көбейген кезде ақылыңның қақ жартысын соның билігіне беріп қоясың-ау, кербезім, — деді әзілдеп, — өзіңнің адал еңбегіңмен тапқан ақшаңа азапты осынша мол сатып алармысың? Қарашы, пианиноны әр бөлмеге бір сүйреумен отыз жыл бойы бір терлемеген танауыңды да терлетіпсің. Осы ұтқан ақшаңды кассаға салсаң ғой, он жылдан кейін бір машина аласың да, «бүгін күн суық екен, шоферіңе айтшы, мені ауруханаға жеткізіп салсын» деп, мөлтеңдеп тұрмайсың.


— Ақылдың жартысын үйдегі ақшаның билегені де, отыз жыл бойы терлемеген танаудың бүгін терлегені де ештеңе емес-ау, даладағы арқар мен киіктің бар ақылды билегенімен коймай, тоқсан кило денені терге малын, топыраққа аунататынын айтсайшы. Машина дейтін болсаң, ол үшін уайымдамай-ақ қой, мен оны өзіңнің былтырғы атып әкелген арқарыңның терісімен сатып аламын.


Ол соны айтты да, өзінің көңілі шат кезіндегі әдемі күлкісіне салып, сыңқылдай жөнелді. Егерде Назгүл осынау бір сұлу күлкісін сыңқылдатса, не өзінің аңшылық жайын сөз ете қалса жаны жадырап, оның аузына телміре қарау Бағланның ескі әдеті. Бүгін де солай, бірақ Назгүлдің жаңағы бір сөзінде мысқыл барын сезіп, соны қалай шалуды да ойлап тұр, Оның жасынан жан құмары мылтық, жақсы мылтық көрінсе оны сатып алмай қоймайтын. Қазір оның әр кезде сатып алған алуан түрлі мылтығы бар, бірақ Арыстаны қайтыс болғаннан бері солардың бірде-бірінің қызығын жөнді көрген емес. Күзден бергі бар атқаны жалғыз арқар. Назгүлдің жаңағы мысқылдап тұрғаны сол арқардың терісі. Оның бұл мысқылының ар жағында үлкен ізгілік жатыр. Аңшылықты азайтқаннан бері Бағланның денсаулығы азайып бара жатқандай көретін де, қолы сәл босай қалса күн демей, түн демей, жаз болса «Балықты» көлдің жағасына, күз болса Сағым даласына ала жөнелетін. Бірақ неге екені белгісіз Бағлан далаға барса да, көл жағаласа да аң ауламай ой аулайтын болып кетті. Ондай кезде өзімен-өзі күбірлесіп «бұл қалаң әлде мен адасып жүрмін бе?» деп сазарып алатын. Осы сұрауда ол биыл жаз ортасынан бері өзіне-өзі жиі беріп келеді, оның не сұрау екенін өзінен басқа жаң білмейді. Кейде «мұның ақыры немен тынар екен?» деп ауыр күрсініп те салады, оның күткені нендей қауіп екенін де өзінен басқа жан білмейді. Сол сұраудың жауабын іздеуден ол биыл бір талған емес. Кавказға барды, ақ, күмістен соғылғандай көрінетін Эльбрустың аспанға сүңгіп тұрған қос өркешіне қарап тұрып та талай күбірледі, қарт шежіре болса да айтар жауабы болған жоқ. Қайтып келіп өзінің кең сахара кер даласынан да сұрады, ол да үн қатпастан кергіп, міз бақпастан керіліп жатып алды. Қазірде де сол сұраудың жауабын іздеп, үйдің ішін кезіп жүр.


— Мен саған бүгін таңға жақын көрген бір түсімді жорытқалы келе жатыр едім, қолыңды неменеге сермей қалдың? — деді қалжыңдаған түр көрсетіп.


— Қолымды кімге не үшін сермегенімді айтсам, ол өкпеңнің ізі де қалмайды, сондықтан балаша бұртимай қасыма келіп отыр да, түсіңді айт.


Бағлан оның қасына келді де, бір қолымен құшақтай құлап отыра кетті.


— Мен өткен түні түсімде, — деді түсті ойдан шығарып отырғанын сездіргісі келмегендей ойлана сөйлеп, — қыз қалпыңа қайта келген сені көріп едім, қызыққанымнан қанатсыз самғап кетіппін.


— Сен түсіңде қанатсыз самғап жүрсең, мен өнімде өз үйімнен басқа үйге кіре алмай жер болып жүрмін, — деді Назгүл өтірік мұңайып.


Бағлан оның нендей ойға түскенін сезе алмай тіксініп қалса да, еркелеткісі келіп:


— Қалай? — деп құшағына тартып еді, Назгүл диванның арқалығына қарай шалқая түсті.


— Осы сен нешеге келгеніңді білесің бе? — деді Бағланның шашынан сипап.


— Білетін секілдімін.


— Білсең менің бір тілімді ал.


— Сенің тіліңді алмаған кезім бар ма еді?


— Тілімді алсаң, тыңдай бер, — деді де, Зәруден үйренген бір сөздерді араластыра соғып, сөйлей жөнелді, — дәуренің осындай шалқып тұрған шағында үйіңе дүние жинап ал. Қарашы, мына болымсыз дүниеге! Осының бір өзі көңілді қанша көтеріп тұр. Адамның қартаймақ, жасармағы көңілден, тұрмысың көңілді болса, көп жасайсың. Колхозың тасыған теңіз секілді, сен алған бір тамшы судан теңіз ортаймайды. Өзін ана Малтабайдың үйіне қарашы, кірсең шыққысыз. Өздері бір қора жан, қызмет істейтін жалғыз ғана Малтабай. Ал, біз бір үйде үш қызметкерміз, ортамызда бары жалғыз бала. Үшеуміз де еңбекақыны жаман алмаймыз. Сонда да, үйіміз дүниеге бір жарымайды. Бар тапқанымызды .саяхат пен курортқа саламыз, онан қалғаны қонақтардан артылмайды. Жоқ, теңіз болып шалқып, қыран болып шарықтайтын жастық шағың бітті, енді ертеңгі келер кәрілікті де ойла.


— Еһе, сен солай дейтін болдың ба? — деді Бағлан. Оның даусы сызыла созылып барып зірк етті. Сол зірк етіп тынған дауыста бір ызғар барын сезсе де, Назгүл елеген жоқ.


— Солай, үйің колхозыңа сай болсын дейтін болдым, — деді нықтап тұрып.


— Жоқ, кербезім, — деді Бағлан оның шашынан сипап. — Жақсы тұрмыстың қартайтпайтыны рас болса, құшағыңды кеңірек жайғайсың.


— О л не деген сөз?


— Ол осы колхоздағы үйлердің бәрі өз үйің, олардың бірін ойласаң бәрін де ойла деген сөз.


— Ондай үгітіңді қоя тұр, — деді Назгүл, мұндай сөзді тыңдағысы келмей, — өзің ойлашы, шүбәда біреулер келіп бай колхоздың бастығының үйін көреміз деп келе қалса, күліп кетпей ме?


— Ақылсыздар күлсе күле берсін. Ақылдылар біледі біздің нені ардақтап, нені қастерлейтінімізді. Сен мұндайға түсінетін едің, өзің ақша ұтамын деп, ұтылып қалғансың ба қалай өзі?


«Сезікті секірер» дегендей, ұтыс жайы сөз бола қалса, Назгүлдің жүрегі қалтырай бастайтын. Сол «ауруы» тары ұстады. Егерде Бағлан: «Осы ақшаны облигациядан ұтқаның рас па? Шыныңды айтшы?» — деп қадала сұраса оның дәл қазір айтып салуы да мүмкін еді. Күдігінің жоқтығынан ондай сұрау Бағланның ойына келген жоқ, Назгүл өздігінен айтқан жоқ.


— Ұтылғаны қалай, мені кім ұтушы еді? — деді.


— Сен ақшаны ұтпай, ақша сені ұтқан сияқты.


Назгүл түсінбегендей түр көрсетіп иығын бір қомдап қалды да:


— Апыр-ау, әулиешім-ау, сен оны қалай біле қалдың? — деді өзінің ерке даусымен күле сөйлеп.


— Көзіңнен көріп, сөзіңнен сезігі отырмын. Байқа, Зәруге еремін деп жақсылықтың бәріне зәру болып қалма. Сен оның кім екенін білемісің?


— Неге білмеймін, ол сенен де үлкен жауапты қызметкердің әйелі.


— Міне, сенің бар білетінің сол ғана. Сен ғана емес, байы Малтабайдың да білері сол. Ол жыл сайын облигациядан, лотереядан мыңдап ақша «ұтады», сорлы Малтабай оған сене береді. Әйелі оны жыл сайын бірнеше сатады, ол соны да сезбейді.


— Сатты деген не? Зәру күйеуін сатып жүр ме екен?


— Беделін сатса, өзін сатқаны емес пе?


— Онда сен маған да сенбессің.


— Саған сенемін, өйткені, сен мені өзіме ғана сатасың.


Назгүлдің жүрегі егіліп кетті де, кеш дегендей, бетін Бағланның кеудесіне қойып қисая кетті.


«Лағнат...лағнат... саған алдамшы дүние. Сендерге де лағнат, арбашы арам достар...» деді ішінен.


Оның кіршіксіз таза жанында қандай жара барын Бағлан сезген жоқ. Бетін неге жасырғанын да аңғармай, баяғы кәрі еркелігі деп түсінді де:


Солай, кербезім, колхоздың дүниесіне қол сұғу — сұғанақтық, — деді оның бетін өзіне қаратып.


Бағлан соны айтқан кезде Назгүлдің жаны ыршып түсті.


— Бағым-ай, мына бір жексұрын сөзді сен білмеуші едің ғой, аузыңа қайдан түсті?


— Өзін жеркенетін ондай жексұрындыққа мені неге қиясың?


Назгүл оны жүрегімен сүйіп, жалын атқан жанымен жабыса түсіп:


— Кешір, жаным, — деп, бетін оның кеудесіне бір басты да, қайта көтерілді. — Мен сені өзіме ғана қиямын, соны ескер де, жаңағы бір сөзіңді ашығырақ айтшы, Зәру не істепті?


— Елдің айтып жүргені бекер болар. Егерде бекер болмай, ол келіннің кейбір колхоздар мен сауда орындарын сауын сиыры етіп алғаны рас болса, сонау шаңдатқан безеу бетін байының алдында айдай етермін.


Назгүл онан сайын үрейленіп, Бағланға жабыса түсті.


— Немене, ол магазиндерден де ақша алып па? Кімнен, қанша?


— Анығына жете алмай кеткенмін, енді жетемін, жеткен кезде айтармын.


Назгүлдің жаны онан сайын шырылдай түсті:


— Тілімді алшы, ондай ұсақ әңгімеден аулақ болшы.


— Неге?


— Оның шаң басқан ұятсыз бетін байының алдында айдай ете алсаң жақсы, ете алмасаң өз бетіңнің қандай болатынын ойлашы.


Осы кезде ауызғы бөлмеден Зәрудің даусы шықты.


— Разречите.


— «Ш»-ны «ч»-ға. айырбастап келе жатқан бұл қай саудагер?


Бағлан соны айтып, Назгүл басын көтергенше болған жоқ қара қалпағын қақырайта киіп, опаланған безеу бетін өрмекшінің торы секілдендіре торлап алған Зәру кіріп келді.


Ол болымсыз бұғағын көзге түсіру үшін, айбат шеккен күркетауық секілденіп, иегін ішке қарай тыға түсетін де, желкесін күдірейтіп жіберетін. Сондықтан, сөйлегенде аузы керіліп кететін. Әйтпесе бәденсіз емес. Әсіресе, үстіндегі қара киімдер ақ сары жүзін айқындап, дәл қазіргі сәтте кезді бір іліп қаларлықтай көрікпен тұр.


— А, Зәру, кел, кел! Төрге шық, — деп, Назгүл қошаметпен қарсы алып еді, ол аузын кере сөйлеп:


— Тәтетайым-ау, Көкетайым келіп те қалған ба? Мен тіпті білсемші. Амансыз ба, көкетайым, — деді де, шешінбестен келіп, Бағланның қолын ұстай алды.


— Бұл қайдан келген періште деп таң-тамаша болып отырсам, өзіміздің Зәру келін екен ғой, жайшылық па? Малтекеңіз қалай, ауру-сырқаудан аман ба?


Оның бұл сөздерінің арқасында неден зіл бұғып жатқанын сезбестен:


— Табиғатқа шүкір, — дей бере Зәру шегін тарта атып тұрды, көзі пианинода. Оның «құдайға шүкір» деудің орнына, «табиғатқа шүкір» деген жаңалығына Бағлан мырс етті. Зәру оның не үшін күлгенін де сезген жоқ.


— Тәтетайым-ау, сен пианино алып па едің?... Әй, қандай әдемі. Әй, қандай тамаша? Міне, қарашы, үйің үй болған да қалған. Көкетайымның құлағына алтын сырға, еркектерге қарасақ, қарай қаламыз.


Жасыратыны жоқ, оның мұндай жел сөзіне Назгүл де желігіп кетті.


— Қараң қалдырмағанымен, қатардан қалдыратыны рас, — деді ол өздеріне күле қарап отырған Бағланға көз қиығын тастап.


— Өздеріңді қараң қалдырып, етектеріңнен тартатын байды несіне сақтап жүрсіңдер, екі метр шөкімге сатып жібермей, — деді Бағлан миығынан күліп.


— Обалы қане, Малтекемнің ең бір жақсы қасиеті — менің жұмысыма араласпайды, — деді Зәру аузын кергілей сөйлеп; — ең ақыры, еңбекақысын да менсіз алмайды, өзім барып аламын.


— Мұнан былай сен де сөйт, — деді Бағлан ызасын жалған күлкімен бүркегісі келгендей Назгүлге күле қарап, — тек, сәнденемін деп өзінің мәнін кетіретін кейбір сұлуларға ұқсап кетпегейсің, — деді де, сылдыры естілген телефонға кетті.


— Тәтетайым-ау, мына кісі не деп кетті?


— Өзің мұны сыртынан өсектеген жоқ па едің?


— Табиғат сақтасын, ол не дегенің. Сонша, мені кім ғой дейсің. Тамағын өсек айтумен табатын Сауыстың сұғанағы емеспін. Мен домохозайка болсам да, байын жоғарлату үшін әркімнің нәпсісін бір сауатын Зекет ханум емеспін, мен де өзін секілдімін.


— Рас, — деді Назгүл салмақпен, — олардай емеспіз, бірақ өзімізге жараспайтын жат мінез біздерде де бар-ау, сонан тезірек құтылсақ екен.


— Жат мінез деген не?


— Біз бұрынғы болыстардың әйелдеріне ұқсап, кейде күйеулеріміздің беделін сатамыз.


— Ай, тәтетайым-ай, кейде аузыңа келгенді шата саласың-ау, Сонда қалай, сенің ойыңша, ақшасы көп, ақылы жоқ біреуден алған ақшаңды көкетайымның алдына жайып салуың керек пе?


Назгүл оның бетіне тіксіне қарай қалып:


— Оны мен қайдан білейін, — деп еді.


— Өзің білмесең мына пианинодан сұра, — деді Зәру сылқ-сылқ күліп. — Өтірік ұтқан ақшаға жасырақ бай да оңай табылатын.


Назгүл шошып кетті.


— Не дейсің? — деді ол үрейленіп, — сен не сұмдықты айтқалы келесің? Әлде сенің былтырдан бері біресе лотореядан, біресе алтын заемнан ұттым деп суша сапырып жүрген ақшаң ақылсыздардың ақшасы ма еді?


Назгүл соны айтқан кезде Зәрудің ерні көгеріп, шаңдатқан бетінің безеулері бедірейіп шыға келді.


— Сенен мен аулақ, менен сен аулақ, — деп Назгүл есікке беттеп еді, Зәру барып ұстай алды.


— Тәтетайым, сен жынданбай ақылыңа кел, — деді ол жаны жалынып тұрса да жайбырақат үнмен, — бәрібір сен енді пианиноның ақшасынан құтылсаң да, бәлесінен құтылмайсың. Онан да өз етегіңді өзің ашпай ақылға кел. Бүгінгі барға мастанба, ертең кәріліктің жүз жиырма сомына қарап қалатын қайыршы күніңді ойла. Етегіне намаз оқып жүрген ешкім жоқ. Сендер мен біз ғана алдына қойылған асты жей алмай отырған. Алдыратын бай болса, Асаубайдан басқа берушілер де табылатын. Екеуміз біріксек, білдірмей-ақ ала аламыз. Дүние екі айналып келмейді, байларымыз жалғанды жалпағынан басып тұрған шағында біз де бір шалқып қалайық. Тек көкетайым мен Малтекем екеуі тізесін айырмаса болғаны, ойлан осыны.


— Ойладым, ойладым да таптым, аңдып жүріп, арандатқан жауымның кім екенін, — деді де, Назгүл сылқ етіп диванға отыра кетті.


— Тәтетайым-ау, жауың кім айтып отырған? Мен емеспін бе әйтеуір? — деп Зәру оны құшақтай алды.


Нендей ойға бекігені белгісіз, жүрегі ауыр оймен жаншылып отырған Назгүл тез қайраттанып, атып тұрды.


— Ойладым, ойладым да таптым. Тек сен аузыңа ие бола тұр.


— Мақұл, бірақ сенің өңің бұзылып тұр ғой?


— Жүрегім қозғалып кетті.


— Көкетайым келіп сұрай қалса, сөз таба алмай қаларсың, жүрегіңді тез бас. Мен кетіп қалайын. Сұрай қалса, осындағы төркіндеріне келіпті дей сал, — деді де, Зәру шыға жөнелді.


Ол Зәру осында келгенде Назгүлдің Асаубайдан мың сом алғанын өзінің білетіндігін сездіру үшін ғана бұрылған-ды. Сездірді де, дегеніне жетті. Бірақ осы әрекеттерінің барлығы өзіне ертең кесел болып жабысатынын сезбестен кетті.


— Асаубайды маған жіберген осы екен. Тумай кеткір Асаубай жанағы сайқалдың жылтыраған бетіне сатқан екенсің ғой мені. Іні болмай інге кірсең еді мұнан да. «Менің лотореядан ұтқан олжамды Алданға сыйладым, тек сөз болатын түрім бар, өзім ұттым дей гөр», — деп жалынған едің, сол жалынуында осындай жәдігөйлік бар екен ғой. Оның бәрі жаңағы жәдігөйдің жаттатқан жарапазаны екен ғой. О, аңғал басым... бұл сұрқияның алдауына қалай түстім? — деді Назгүл ішінен. Ол алданғанына қорланғандай назаланып, отыра кетті де, өзінің адалдығына сүйеніп қайта түрегелді.


«Жоқ, сайқал, мен сенің тәлкегің бола алмаспын, ініңе су құйсам ине жұтқан иттей боларсың да, әркімнен жырып алған арам ақшаларыңды қансоқтасымен қайта құсарсың».


Өз ойымен алыса-алыса терезенің алдына барып еді, қақпа алдына келіп тоқтаған машинаны, ол машинадан түсіп жатқан Ботажанды көрді де, Бағлан отырған бөлмеге жетіп барды.


— Қане, ескі достардың сағынышы қандай болады екен, көрейік... Сен естіп отырсың ба, Ботажан келді деп тұрмын ғой..


Бағлан сөзін бітірместен телефонды тез ілді де, есікке қарай ұмтылды.


Ол ортадағы бөлмеден өтіп, ауызғы бөлмеге шыға берген кезде, Ботажан қарсы кеп қалған еді.


— Ботажан! Сен бұл дүниеде бар ма едің?


Бағланның шымыр денесіндегі барлық күш соны айтуға ғана жетті де, кең құшағын жайып жіберді. Бірақ неге екені белгісіз, ондай шаттықты Ботажан көрсете алған жоқ. Оның қанында қайсарлық көрінетін байсалдық бар еді. Сондықтан ба, жоқ әлде, Бағланның: «Сен бұл дүниеде бар ма едің?» — деуінде бір ауыр наз барын сезіп айтары болмай қалды ма, әйтеуір ол үн қатпастан Бағланның кең құшағына кіріп кетті.


Назгүлдің аңдығаны осы кез екен.


— Жарайсың, кәрі қыраным, — деді ол Бағланның арқасынан қағып, — сенің достығын, әлі мөлдіреген жас, жалынды екен.


— Ал, мен ше? — деді Ботажан.


— Оны кейін айтамын, төрге шығындар.


Ботажан Бағланның құшағында ойлана қозғалып диванға беттен бара жатты да, Назгүлге жалт қарады:


— Наз жеңге, мен сіздердің алдарыңызда кінәлі жанмын ғой, кінәлінің қуанышы да кірбеңдеп қалады екен.


— Сен осынау бір «кінәлімін» деген сөзді тым көбірек жаттаған екенсің, — деді Бағлан оны тез жадыратқысы келіп, — Бұрын хатта да жазған едің, бір емес екі жазған едің ғой, сол, жетпей ме? Бізді аясаң ондай сөзді мұнан былай айтпайтын бол да, былай тұр. Ay, бұрынғыңнан сымбатты болып кеткенсің бе, жоқ әлде менің көзіме солай көрініп тұрмысың? Былай, күнге таманырақ тұршы, анықтап көрейін, — деп Бағлан Ботажанды құшағынан босатып жіберіп айналдыра қарай бастап еді.


— Көзілдірігіңді киіп қара, — деді Назгүл әзілдеп.


— Сен тұрғанда көзілдірікті қайтемін.


— Көзіңнің жанары мен болсам, осы сапар адасасың.


— Көретінім Ботажан, көрер көзім сен болсаң, адассам да өкінбен. Бізден кеткенде қаршадай бала едің, тез есіпсің. Ойын да осылай өскен.


— Бой көрсету оңай да, ой көрсету қиын ғой, — деді Ботажан ұсынған орынға отыра бере көз тастап, — келешек көрсетерден басқа айтарым жоқ.


Екеуінің ой жарысына қызыға қарап Назгүл тұр.


«Ойынын қандай екенін осы сөзінен де көруге болады. Әттең, өзім білемі барырақ секілді, әйтпесе, қымбат жігіт», — деді ол ішінен.


Бағлан көзге мақтауды сүйетін салтына басты ма, жоқ әлде басқа бір себебі бар ма, Ботажанның ойын мақтауға барған жоқ. Оның сүйкімді көзіндегі балалықтың бал-бұл жанып тұрған жас шырайынан өзінің жастық шағын көргендей шалқып отыр, бірақ қанша шалқыса да сөзі салқын шықты.


— Кандидаттық атақ алып ғалым аталыпсың құтты болсын.


— Рақмет.


— Дарын дейтін гүл бар да, дандайсу дейтін у бар ғой, дандайсудың тамшыдайы тамса да дарынның гүлі күйеге айналады, оны білетін шығарсың?


— Оны білемін.


— Тағы не білесің?.


— Ендігі білерім: сіз қанша. батыр болсаңыз да дандайсудан қатты қорқады екенсіз.


— Оның рас, — деді Бағлан күлімсіреп, — менің ең қорқатын жауым дандайсу екені рас. Иә, тағы не білесің?


— Қанша даңқты болсаңыз да сіз бұрынғы қарапайым қалпыңызды сақтап қалыпсыз, мен мұны керемет ерлік деп білемін.


— Тағы не білесің?


— Сондай қасиеттеріңіздің шарапаты болар, сіз халқыңыздың махаббатына ие болыпсыз, халықтың махаббатына тең келетін бақыт жоқ деп білемін.


— О, сен мені ғарышқа қанатсыз ұшырып барасың, туған жеріме қайта алмай мұғаллақ болып қалармын, мені осы араға доғара тұр да, өз жайыңды айт. Маған келін болған адам бар ма? — деп Бағлан әңгіменің ағысын бұрып жіберді.


Назгүл оның бұл сұрауында нендей мән барын аңғармастан өз білгенін айтып салды.


— Келініңіздің өзінен бұрын суреті келгені қайда, ұмытып қалғансыз ба?


Бағлан Назгүлдің бұл сөзіне жауап берместен Ботажанға қояр сұрауларын жалғастыра берді:


— Менің немерелерім бар ма?


— Былтыр ғана туған біреу бар.


— Онда төрт түлігің сай екен, бәрі де құтты болсын.


— Әмиін!...


Бағланның жаны балқып кетті, бірақ Ботажанды әлі де тербете түскісі келгендей сыр сездірген жоқ. Оның:


— Өз халіңіз қалай? — деген сұрауына берген жауабын сұрауға айналдырып жіберді.


— Адамның ойда тұрып, өрдегіге қол сермейтін көкірек көзі де болады екен, мен төрт жылдан бері сондай бір кеселге кездестім. Сенде ондай көкірек жоқ па?


Оның айтып отырғаны төрт жылдан бері өзінің кеудесінде сайысып жеңісе алмай келе жатқан үміт пен күдіктің майданы еді, Ботажан оның бұл сөзінде сондай астар барын аңғармастан:


— Келешек көрсетер дегеннен басқа, оған да берер куәлігім жоқ, — дей салды.


— Сен келешекке жармаса берме, бауырым. Іргесіз үй жоқ, бүгінсіз ертең жоқ. Сол сияқты әрбір мақсаттың да алдымен қалайтын іргесі бар. Сенің ертеңге арнап бүгін қалаған іргең қайсы?


— Мен қалайтын іргемді де, көтеретін күмбезімді де айттым, басқа айтарым жоқ.


— Басқа айтарың жоқ болса маңдайыңды әкел, кең маңдайыңнан сүйгеннен басқа менің де айтарым қалған жоқ. Жаңағы бір төрт түлігің сай деген сөз жай айтыла салған сөз емес, бір басыңа жетерлік бағың бар екен, енді сен басқа бақыт іздеп сабылма да жалынба. Енді бақыттың өзі сабылсын, сені тілеп өзі жалынсын, мақұл ма?


— Мақұл.


— Екеуің маған сөз бересіңдер ме, жоқ па? — деді Назгүл күлкі ойнап тұрған тұнық көздерін екеуіне кезек тастап.


— Ендігі айтылар сөздің бәрі сенікі, жұмысқа баратын уақытың болып қалды, дәмің даяр болса келтіре бер. Ботажан сен мұны прогул жасады деп бюроға салып жүрме, өзі отардан таң ата ғана келді.


— Сіз тым сақ болып кеткен екенсіз? — деп Ботажан әзіл тастап еді.


— Баяғы қалпымыздамын, — деп Бағлан қартаңдарға тән мақтанға басты, — өзгерген мына сенсің. Ғылым дүниесі сені тас түлектей түлетіп жіберіпті.


— Түлек таста түлейді ғой, сондықтан оны тастүлек дейді. Ал, мұзбалақтардың қайда түлейтінін білмеймін, — деп, Ботажан да қағыса кетіп еді.


— Өтірік айтасың, білесін. Олардың жем басары таусылған кезінде де қарлы құзда, тас қиялы мұзда түлейтінін жақсы білесің, — деп Бағлан ілдірген жоқ.


Бағланның айтып отырғаны өзі екенін Ботажан да тез сезді. Бірақ, ол бағдарлауға бар да, баға беруге әзір жоқ. Сол себепті әңгіменің бетін әзілге бұрғысы келді де;


— Бұл сөзіңіздің қоспасы болса Наз жеңгей естімесін, әйтпесе, ол кісінің сынына ұшырайсыз, — деді сыбырлап.


Келместен жатып сыр тартқандай болған жаңағы бір сөзін Бағланның өзі де ағат көре бастап еді, енді тура тартып, қолын бір сермеді де, мырс етті.


— Сыннан қорқатын кезге әзір жеткен жоқпын, кім де кім бүгінгі жалыны әлсіз болса, оның келешегі мұз, Сыннан қорқатындар да солар ғой.


Өзіне-өзі сенген, зор сеніммен айтылған осы сөзден Бағлан басындағы жақсы қасиеттің сәулесін көргендей, Ботажан сүйсіне қарап:


— Бәсе, солай деңізші, Наз жеңгей де сізді кәрі қыран деп бекер атамайтын болар, — деді.


— Ол кәріліктің не екенін білмегендіктен айта береді, шын қыранның да қартаятын кезі болады, — деді Бағлан көзін күлімдете сығырайтып.


Бұл кезде дау айтқысы келсе де, Ботажан үндеген жоқ. Жымия түсіп, Бағланның ішкі сырды сездіре қоймайтын бет бейнесіне қарады. Кисловодскіге әдейі арықтау үшін барған ба, әлде Арыстанының қазасы қалжыратып кеткен бе, бұрын құлжаның мойнындай көрінетін жуан мойны жіңішкеріп, өз алдына бір үлкен иек болып, бөлек жататын бұғағы бұжырланып бүрісіп қалыпты. Жазық кең маңдайында ол кезде бірде-бір әжім жоқ еді, өткен күндердің Ізімін дегендей қазір қатарынан төрт сызық, жарыса түсіпті де, ойлы үлкен көзінің айналасындағы ұсақ әжімдер қоюланып кетіпті. Бірақ етті көзі әлі де сол оқ болып атылып, от болып жайнайтын қалпында жалт-жұлт етеді. Кәріліктің осынау көк ала тауынан басқа белгісі жоқ дегісі келгендей маңдайында бір шоқ күміс айдары бар шашын анда-санда шалқасынан бір серпіп тастайды.


Ботажан осының бәріне көз жүгіртіп өтті де, стол үстіне әр түрлі дәм қойып жүрген Назгүлге көз тастады. Назгүлдің гүл-гүл жайнап жүрген кескіні, қыз күнінде өзі ең алғаш көрген кездегі мұнан да сұлу кескінін түсіріп, Бағланның көзі де сонда тұр.


Ол сұңғақ бойлы, қараторының әдемісі болатын. Дырықтағы қалпынан әлі өзгермепті. Қайта, жасы ұлғайған сайын, денесі тола түскендіктен бе қалай, бұрынғысынан да сымбаттырақ сияқты. Сұңғақ бойына өзгеше бір сән беріп тұратын қос өрімі бұлаң қағып, сол бұрынғы мақпал күйінде мөлдіреп әлі де көз тартады. Жайдары мінезін сездіре жететін ойнақы отты көзінде жаңа бір сәуле — шаттық сәулесі үнемі ойнап тұрғандай.


Ботажан ерлі-зайыптылардың осы кескіндеріңіз көзін кезек тастады да:


— Кәрілікті сезбеудің өзі үлкен бақыт екен, мен оны сіздерден, әсіресе, Наз жеңгей, сізден көріп отырмын, жасай беріңіздер, жасара беріңіздер, — деді.


— Арыстаным қалжыратып кетті ғой, әйтпесе!?


Назгүл сөзін түгел айта алған жоқ, жасқа булығып қалды. О ғажап, жаңа ғана гүл жайнап тұрған оның өні кенет мұнарланып сала берді. Мұның сол мұнары өзін тұншықтырып бара жатқандай жаны тулап, тыпырлап Ботажан отыр. Ол қанша тыпырласа да:


— Кешіріңіз... кешіріңіз, — дегеннен басқа сөз аузына түсер емес.


— Кінәсіз адам кешірім сұрамас болар. Бағым, қалағандарыңды өзің әзірлей бер, — деді де, Назгүл ас үйге кетті.


— Міне, кәріліктің мендегі бар белгісі, — деді де, Бағлан тұрып барып, қонағы қалағанын ішсін дегендей ішімдіктің бірнеше түрі мен рюмкелерді стол үстіне қоя бастады. Қазан-ошаққа араласқан еркекті әйелдей көретін Бағлан бұл күнде сол қамытты өзі киді.


— Кәріліктің бәрі осындай болса жастықты ешкім көксей қоймас, — деді Ботажан оның бұл сөзді не оймен айтқанын аңғармай.


— «Қатындардың жұмысын істейтін мен қатын емеспін», — деп ыдыстарды қиратушы едің, оны ұмытқан екенсің ә?


Ботажан Бағланның ойын енді ғана танып, аңырып қалды.


— Апыр-ай, сіз тым алыстан орағытып тұр екенсіз ғой, — деді өзіне-өзі ұяла күлімсіреп. Оның қатты ұялатын шағы алда еді, оны ойламастан, сан етіп келген ойдық жетегіне кете барды, — менің ең соңғы қиратқаным мынадай бір қызыл кесе еді-ау, — деп стол үстінде тұрған қызыл кеселердің бірін қолына алды.


— Қандай кесе екені есімде жоқ, әйтеуір сенің бір шапалақтап кейін ыдыс-аяқтарды қиратуды қойғаның есімде, — деді Бағлан миығынан күле қарап.


Ол күле қараған кезде Ботажан ауыр оймен төмен қарады. Оның ойы алысқа, әзінің балалық шағына алып кетті. Жаңағы қызыл кесені шенгелдей ұстап столға ақырын түйгіштеп отыр. Өзінін, шапалақ жайында айтқан соңғы сөзіне іштей өкініп Бағлан отыр. Назгүлдің:


— Бағым, телефон, — деген даусы шығып еді, Бағлан мына қыспақтан құтылғанына қуанғандай тұра жөнелді.


Ботажан сол, бір нысанаға қадалған қалпында, өзінің осы үйде өткен балалық шағына ойын қадап отыр.


Әкесінен елідей, шешесінен тірідей айрылып жұртта қалған бес жасар баланы тауын әкеліп асыраған осы Бағлан еді де, сол жетім бала осы Ботажан еді.


Ол кезде бұл үй қазіргісіндей емес, сырты қожалақ-қожалақ, төбесінде қамыс шатыры бар, екі бөлмелі там үй болатын. Оның оң жағында Бағлан мен Назгүлдің қайқы бас ағаш кереуеті, сол жақ іргесінде тердегі ала сырмақпен жалғасып ескі тәйтері жататын. Қақ терінде бетінің сыры кете бастаған көнетоз сары-ала сандықтың үстінде Арыстанның бесігі тұратын. Бұл үйдің ол кездегі бар жиһазы осылар еді, соның бәрі қаз қалпында көзінің алдында сайрап тұр.


— Сол тәйтерінің үстінде күндіз осы үйдің ала мысығы, түнде мен ұйықтаушы едім-ау. Наз жеңгей мені есіркеп, Бағланның қара тонын төсеп берген сайын, ішімнен ант еткендей: ұмытпаспын деген сөзді қайта-қайта айтумен ұйқыға кетуші едім. Бәрі де бүгінгідей көз алдымда. Тіпті, Назгүлдің мені ауруханадан алып келген күні өзгеше шаттанып:«Бағлан, өзің анықтап қарашы, менің бұл балам өзіме тартқан. Көзіне қарашы! Мөлдіреген жанарының өзі осы үйге тамаша бір сәуле шашып тұрған секілді. Сенен тілер тілегім: жан-жаққа жар сал да, шешесін тап. Баласы — баламыз болсын, өзі — анамыз болсын», — деген сөзіне дейін көкейімде сайрап, сол кездегі көңілдер көктем күніндей әлі жайнап тұр, — деді Ботажан ішінен.


Бәрі, бәрі де оның көз алдында. Өзін Назгүлдің кеудесіне қыса түсіп:


«Қазір жаңадан көйлек тігіп беремін. Ертең еңбекақымды алғаннан кейін костюм тігіп беремін. Апаң келгенде соларды киіп алдынан шығасың. Мына бесікте жатқан сенің Арыстан дейтін інің. Ол не кисе сен де соны киесің»,- — деген сөзіне дейін есінде тұр.


Ол ғана емес, қызыл кесе қираған күні Бағланның шапалағы Ботажанның жағына шарт еткен шақта Назгүлдің «құлыным-ай» деп шыр еткен даусы да құлағынан кетпепті. Ол шырылдап келіп Ботажанды құшақтай алған кезде Бағланның зілдене қарап:«Бетімен жіберіп бұздың баланы», — дегеннен басқа сөз айтпастан сылқ етіп отыра кеткені де көз алдында тұр.


— Сол шапалағыңыз үшін де сізге мың қабат алғыс, Бағлан аға! Егерде сізден сондай тәлім алып кетпесем менің өмірімнің қиянкескілеспен өтуі мүмкін еді.


Ботажан ішінен соны айта отырып, ойлап қараса, оларға айтылған осы алғыстың бірде-бірін өзіне айта алмайды екен, жаны түршігіп кетті.


«Апыр-ау... апыр-ау, — деді өз-өзінен тыпырлап. — Мен қандай адаммын осы? Мен бұларға бүкіл өміріммен қарыздар емеспін бе? Сол қарызды қалай өтедім? Өзімнің жалғыз бауырымдай көрініп, өзім бесігін талай тербеткен, бес жыл бойы бауырымда өскен Арыстан мұнан екі жыл бұрын, жиырма жеті жасында қайтыс болды, мен оның өліміне қандай құрмет көрсеттім? Ең ақыры оның қайғысына ортақтығымды көрсете алмадым. Рас, ол кезде шетелде едім, бірақ шетелден қайтқан соң да келуіме болатын еді ғой, шешемнің тілінен аса алмай оны да істей алмадым. Соның бәрін бұлар қалай кешті? Әлде менің өздерінен алыстап кеткенім үшін тек шешемді ғана кіналай ма екен? Шешем байғұс мені бес жылдан кейін тапты, ол кезде мен он жаста едім. Мені өксітпеу үшін бір жерде бірге өмір сүргісі келген Назгүлдің тілегін шешем қабылдамады. Машиналы байы барын айтып астанаға шақырған шешемнің тілегін Назгүл қабылдамады. Осыдан екі шеше араздасты да, арыздасып сотқа барысты. Сот мені туған шешеме бұйырды да мен астанаға тартып отырдым. Сол кеткеннен алыстап кете беріппін, кете беріппін... Осының бәріне кінәлы менің ол кездегі балалығым, не болмаса шешемнің шалдуарлығы ма? Жоқ, мұның бәрі менің қызарған бетті бүркеу үшін тапқан сылтауымның сандырағы. Бұлай сандырақтаудың өзі ұят».


Ол сол ойымен алыса түрегеліп есікке беттеп еді, қарсы алдынан Бағлан кіріп келді де, дәл бір оның жүрегіндегінің бәрін көріп тұрғандай көзін сығырайта күле қарап:


— Бұған да қанағат, — деді Ботажанды бір қолымен құшақтап. — Қане, мынаны бастай берейік.


Ботажанның айтары болған жоқ, кетудің де сылтауын таба алмай стол басына отыра кетті.


Бұл кезде Назгүл кішкентай ақ самауырды стол үстіне жаңа ғана қойған еді. Бір қолымен самауырды ұстай отыра кетті. Оны Бағлан мен Ботажан аңғарған да жоқ.


— Қане, — деп Бағлан Ботажанды ерте стол басына жақындап келді де, Назгүлдің ауыр ойда отырғанын сезіп, арқасынан қағып қалды. — Бұл не?


Назгүл шошынғандай селк етсе де, бойын тез жиып алды.


— Екеуіңе уыттырағын құйсақ қайтеді?


— Мейлі, байда ерік жоқ, әйелі коньяк берсе де іше береді... қане, бәрімізге ортақ, қуаныш үшін, бәрімізге ортақ жастық үшін алып жіберейік!


Тост көтерісуден Назгүл де қалысқан жоқ. Оймақтай кішкене рюмкадағы шарапты ол да қағып салды. Бірақ, жалған жайдарылықты білмейтін ол өңіндегі кейістікті бүркей алмай, өзімен-өзі іштей алысып отыр. «Ботажанның әсіресе деп қадауы менің жастығым емес, мынау дүниеге алданған мастығым. Менің Асаубайдан ақша алғанымды білмесе де облигациядан ұтқаным бекер екенін мұның білуі мүмкін ғой. Иә, иә, бұл соны жұмбақтап отыр. Енді қайттім? Өз байымның да бетіне қарай алатын емеспін, енді не істедім? Бәрін ақтарып салар едім, оған дәтім барар емес. Әлде коньяктан мен де тартып жіберсем бе екен?»


Ол соны ойлап отырып өз ыдысына коньяктан құйғанын да білген жоқ.


Ботажан бұлардан дәл қазіргі күйін әлі таныған жоқ. Үлкен ой келген кездегі қалпына түсіп, алыстан әлденені көргендей, көзін бір нысанаға қадап алды да, сөйлей жөнелді.


— «Жасара береміз, жасара береміз», дейсіз ә? Өткендегіні ойлап отырып, керер күнімізге көз жібере тауып айттыңыз, Бағлан аға. Рас, біздер енді жасара береміз, жасара береміз. Оның зор бір куәсі сіздерсіздер десем, ағат айтқан, тая басқан болмаспын. Біріңіз елудің, енді біріңіз алпыстың асқарына қарай құлаш ұрсаңыздар да, мен сіздерден жалын атқан жастықты көріп, қызығып, қуанып та отырмын. Мұның өзі таста түлеген түлектен әлдеқайда қымбаттырақ, Бағлан аға! Сіз басыңызды сипамай-ақ қойыңыз, ол сіздің сенбеген кездегі әдетіңіз екенін мен жақсы білемін. Сенбесеңіз еркіңіз, мен расымды айтамын. Мен әр түрлі ойда келіп ем, білмегенім әлі көп екен. Енді ойласам, кімде-кім келешекті кере білсе, келешекке сене білсе, оны қажытатын қасірет, оны қартайтатын кәрілік жоқ екен. Сіздер сол асыл сенімнің адамысыздар, мен соны көріп қуанудамын. Сондықтан да, сіздерді көрген сайын, аспан мұздаған сайын шымырқанып, самғай беретін мұзбалақтарды көргендей болармын.


— Тоқта, тоқта! — деді Бағлан Ботажанның сөзін бөліп, — сен бізді тым шөлейтін жібердің. Манадан бері айтқандарыңның қаншалықты дәл екенін байқайын, өзің туралы осындай бір әдемі теңеу айтшы.


— Мені қойыңызшы, мен әзірше жер бауырлай ұшатын қаршыға сияқтымын ғой, — деді де Ботажан тағы сөйлеп кетті. — Менімше, сол самғап жүрген қыранда да екі түрлі шаттық бар. Біріншіден, ол самғап жүргеніне шаттанады. Ендеше, ендігі тост сіздің мерейлеріңіздің шаттығы үшін көтерілсін.


— Еліміздің келешек мерейі үшін, — деді Бағлан.


Жаңа ғана мұңданып отырған Назгүл Ботажанның ішкі сырын енді ғана таныды да, қайтадан гүл-гүл жайнап сала берді. Күдіктен айрылып, шаттана соққан жүректің дірілі үйіріліп келіп ернін дір еткізіп еді, оған да ерік берген жоқ. «Сабыр ет» дегендей, кіршіксіз аппақ тісімен қыса қойды.


— Ендігі сөз маған берілсін, — деді.


— Ал Ботажан, сақтықта қорлық жоқ, — деді Бағлан миығынан күле қарап, оның Ботажанды неден сақтандырып отырғанын Назгүл сезіп қалды да, әзіл тастай тұра келді.


— Сен өзіңде жоқты өзгеде бар деп білмеуші едің, бұл қалай? Әлде кәрілік дейтін бәле осылай бастала ма екен? — деді де кенет салмақтана қалды. — Сендер мені қанша жасартсаңдар да, мен елуге келген, немере сүйген әжемін. Өсіргенім жалғыз ұл болса да, өзімді-өзім көгі баланың анасы көремін. Өйткені өмірімнің қақ жартысын мен адам өмірін қорғау жолына жұмсадым. Сол жарты өмірімнің ішінде мыңдаған адамның ажалына болмаса да бейнетіне, азабына арашашы болдым!


— Сіз менің ажалыма да арашашы болғансыз, егерде сіз дәрігерлік еміңізбен бірге ана қамқорлығын көрсетпесеңіз, мен сол сүзектен тірі қалмайтын едім, — деді Ботажан, өзінің бала кезінде осы үйде еткізген күндерін есіне тағы да түсіріп.


— Менің тұңғыш тыңдаған жүрегім сенің жүрегін. еді, сондықтан да, мен сені тұнғышымдай көретін едім.


— Көрдің бе өзінін құлашты алысқа сермеуін, — деп, Бағлан бір нысанадан көз алмай, ойда отырған Ботажанға бір қарап алды да, бетін Назгүлге қайта бұрды. — Кербезім, бүгін бір шалқиын деген екенсің, шалқы... шалқы!..


— Менің шалқып айтар мақтанымды осында келген күні Ботажанның өзі айтып қойды. Ендігі тілегім: өздерің қартайсаңдар да достықтарың қартаймасын. Сол үшін!


— Ондай достықтың дәнекері ақылды әйелдер үшін, — деді Ботажан. Ол өзінің отарға қазір жүретінін ескертпесе, Бағланның ойы бүгінгі күнді бұл жаңа секретарьдың жан дүниесіне үңілумен өткізу еді. Бір кезде өзінің туған баласындай болып кеткен адамның енді өзімен теңдескенін тұңғыш көргендіктен бе, ол кейде өзін артта қалғандай сезініп, өзінен-өзі қысылғандай күйге жиі түсіп кетіп отыр. Ботажанның партком секретары боп сайланғанын естіген сәтте қатты қуана отырып, ішінен «өзінен басқаның айтқанына көнбейтін қайсар еді, өзімді-өзім құрбанға шалғанымды сезіп қойып шу көтеріп жүрмес пе екен?» деген еді. Сол сұраудың жауабын әлі таба алған жоқ.


— Көп рақмет, енді құя кермеңіз, — деді Ботажан Назгүлге, — мен қазір жүргелі отырмын.


— Қайда?


— Отарға.


— Қап?! Алдағымды көрсетіп көрімдігіне мың сом алатын едім, — деді Назгүл манағы мың сомның лады есіне тағы түсіп кетіп.


— Мың сом аз ғой, — деді Бағлан әзілдеп.


— Артығын саған сыйладым. Әзіл емес, шын айтамын. Екеуің мені ажалынан бұрын өлсін демесеңдер, бүгіннен қалдырмай бір мың сом тауып беріңдер.


— Оны қайтесің?


— Ешкім сатып ала алмайтын, ешкім сатып бере алмайтын бір зат бар, соны аламын.


Ол мұны жан баласына айтпақшы емес еді, адал жүрегі әмір етті де, бетіндегі қара пердені сыпырып тастады. Өз беті ашылған соң өзгенің бетін елейтін емес, қаймықпастан екеуіне қасқая қарап сөйлеп отыр. Тек өңі қашып, көзінен ыза оты жарқылдайды.


— Кербезім-ау, сен не деп отырсың? Мен бүгін саған түсінуден қалдым ғой, не болған өзіңе? — деп, Бағлан құшағына тартып еді.


— Қорықпай-ақ қой, Бағым, — деді сәл езу тартып, — сен әлі қуанасың.


— Менің осы қуанышым да жетеді, тек өзің қамықпашы.


Осы сөз жүрегіндегі жараны жұлып тастағандай, Назгүлдің жаны рақат тауып, өңі қайта гүл жайнай кетті де:


— Менің жылағым келіп отыр, сенің оған да қуануың мүмкін, — деді Бағланның дудар шашынан бір сипап.


Бағлан оның бетіне үңіле қарап:


— Сен не айтып отырғаныңды сезесің бе? — деді.


— Се-зе-мін...


Назгүлдің басқа сөз айтуға шамасы келген жоқ, бетін баса құлап, еңіреп қоя берді.


— Кешір жаным... мен масқара болдым.


Мына сөз Бағланның жанын ыршытып жіберді, ол бар ызасымен зірк етті.


— Не дейсің?.. Масқара болғандай не істеп едің?


— Мен Алданыма бір мезгіл алданыш болсын деп мына бір абдраны біреудің арам ақшасына алған едім, соның ақшасынан құтылғанша күлкім өз күлкім болар емес, жаным жай табудан қалды.


— Арам ақша деген не?


Назгүл көзінің жасын төге отырып, ол ақшаның кімнен қалай келгенің, бүгін Зәрудің не оймен келіп, не оймен кеткенін түгел айтып беріп еді, Бағлан өзінің не болғанын білген жоқ. Ұшып барып өзі жататын бөлмеде ілулі тұрған қос ауыз мылтығын жүре оқтап алып келді де Назгүлге ұсынды.


— Бәрібір мен енді сен үшін тірі емеспін, бұлай тірідей көмгенше өлтіріп кем, ұста мынаны, ат мені, ат!..


Ботажан жалына зарлап келіп құшақтай алып еді, әлі де қайратты, әлі қайтпаған екен, серпіп жіберіп, диванға шалқасынан түсірді де, Назгүлге қайта төнді. Назгүлде зәре жоқ. Бағланның бетіне қарай алатын емес, жасқа көміліп жарқыраған көзі өзіне төніп тұрған мылтықта, өзі дір-дір етеді.


— Атасың ба, жоқ па? Әйтпесе мен, сенің байың, мынау пианиноны атамын, — деді Бағлан бар даусымен долдана айғайлап.


Осы кезде есік жақтан Жаннаның:


— Папа! — деген даусы саңқ етті. — Сізге не болды?


Бағлан теңселе дірілдеп тұрып қалды, қолындағы мылтығы да дірілдеп барып жерге түсіп сылқ етті.


— Сендерге не болды? — деді булығып.


— Алжаспа, Бағым, Жанна оны білмейді...


...Мұнан нақ бір жыл бұрын Бағланның үйінде болған «жанжалдың» бар сипаты осы болатын. Сол күні-ақ, құлағына іліп әкеткен Зәру оны неше түрлі саққа жүгіртіп, өзімен сырлас өсекшілердің тіліне тиек етіп жіберген еді, енді оның мынау жарқанат байы тіршілігіне тіреу еткелі келеді. «Бағланның үйінде басталған сол жанжалдың ақыры Асаубайдың өлімімен тынғанын айтып берсем, бүкіл зал тебіренбей ме?»


Оның сайлап келе жатқан сотқар ойы осы.


Жаннаның жаны тазалығына көзі жеткеннен кейін көңілі даулап Бағланның пианиноны сол күні, сол сағатта үйден шыға бере бір аяғы қираған қалпында машинаға тиетіп алып, оны сыйлаған магазиннің директоры Асаубайдың үйіне апарып тастағаны рас, Асаубайдың жанын сығып отырып алған мың сом ақшаны сол пианиноның иесі магазинге өткізіп кеткені рас, олардан алған квитанцияны заң орындарына аларып тапсырғаны рас. Сол квитанциядан басталған тергеу бар қоясын ақтара бастаған кезде Асаубайдың кенеттен өліп кеткені де рас. Малтабайдың ендігі бар талшығы да, үмітіне демеу ететін балдағы да сол Асаубайдың өлімі. Соған ол мәз, соған ол мас. Сондықтан ол мынау қара түнді де тітіркендіре мас кісіше бақырып, бар даусымен айғай салды:


— Таптым!.. Таптым!.. Бауырым Сауыс, қайдасың?


— Мен мұндамын, — деді ізін баса келе жатқан Сауыс онша көп еліре қоймай, — «Шағаланың» манағы шапағынан басқа түк көрінбейді, сіз нені таптыңыз?


— Мен Арман мен Бағланды қабат жамсатып салатын бір ажалды таптым.


— Ол не?


— Ол Асаубайдың өлімі.


— Асаубайдың өлімі?


— Иә, мен ертең активтін мінбесіне шығып аламын да, былай деймін. Құрметті Буреке! Құрметті жолдастар! Бүгінгі сөз болып жатқан астық та, ертеңгі сөз болатын мал да адам үшін. Ендеше, бір мезгіл адамның өзін де сөз етейікші. Мысалы кеше ғана арамызда сайрандап, бәріміздің аузымызда мақталып жүрген абзал азаматымыз Асаубай қайда? Оның өліміне кінәлы кім? Мен бұл сұрауды, Бағлан, сізге, сол қылмыстың басы қасында болған, Ботажан Дәуренов, саған, солардың жауырын жаба тоқып отырған, Арман Абзалович, сізге беріп тұрмын деймін. Қалай; мұндай сөз жүрегіне жаға ма?


— Менің жүрегіме жағар-ау, соны айтқан кезде өз жүрегіңіз қайтер екен? Жарылып кетпес пе екен?


Малтабай қолын бір сілтеді де, жүріп кетті.


— Құрметті Буреке... құрметті жолдастар.. жоқ, олай емес, алдымен құрметті жолдастар деймін. Сонан кейін... сонан кейін...


О да өзіне-өзі осылай күбірлеп кете берді.


Екеуі шындықтың өңін осылай айналдырып, ақ боз ат пен Асаубайдың өлімін активтің ортасына салуға осылай бекініп келеді.


4


Малтабай мен Сауыс: алыстан сабылып, шабынып келсе де, активтердің жиналысына үлгерген жоқ, үлгірмесе де есесін жіберген жоқ, келе құлақ түріп, активте айтылған сөздердің барлығын бір сағаттың ішінде біліп алды. Олардың ұзын құлағы жинаған хабарға қарағанда бұл активте өмірде бұрын болмаған бір ғажап болыпты. Арман Бураханмен қатты шайқасыпты. Ғажабы ол ғана емес, аудан активтері Бураханның дәрежесі үлкендігіне қарамастан Арманды жақтапты. Соған ызаланған Бурахан бұрқ-сарқ етіп шығып кетіпті. Малтабайлар соған дейін, тіпті Бураханның дәл қазір почта бастығының кабинетіне кіріп алып, Алматымен, Москвамен сөйлесіп жатқанына дейін біліп алды.


Арман қазір өзінің кабинетінде жалғыз отыр. Малтабайлар оны да біліп алды, осындай оңашада барып өзінің кешіккен себебін айтқысы келіп еді, Бураханнан именіп Арманға беттеген жоқ.


Аудан активтерінің бүгінгі ерліктеріне Арманның өзі де таңданғандай түрі бар. Ол өзінін кабинетінде соны ғана ойлап, бірінен соң бірін көзінің алдынан елестетіп отыр.


Ең алдымен елестеген Бураханның мінбеде бұрқырап тұрған кезі. Оның булығып бұрқырағаны сондай қара қошқыл беті мүлдем ісініп кетіпті. Өзін-өзі көре шіреніп алып, тақтайын сындырғысы келгендей мінбені екі жұдырығымен кезек ұрғылап сөйлеп тұр.


— Міне, Абзалов жолдастың пиғылы, міне, оның пиғылы бұзылуына себеп болған індеттер. Оның тұқымсыз. қаламыз деген сылтаумен қосымша берілген астық жоспарды қабылдамай республикамыздың мемлекетке миллиард пұт астық беруіне қарсы ниетте сөйлеген сөзін бәріңіз де естідіңіздер. Оның үстіне, орталықтан берілген нұсқауды елемей, Бағлан Айбасов сияқты көзбояушыны жесір келіні үшін осы күнге дейін жазаламай райкомның он бір кісіден құрған комиссиясының тоқсан төрт бет қорытындысын райком бюросына салмастан, сіздерге айтпастан басымыздан аттап бірден Москваға жібергені сияқты партия басшыларына жат қылықтарын мен жаңа тізіп еттім, оны да естідіңіздер. Абзалов жолдасты осынша шелитіп жіберген кім? Осы отырған сіздер. Солардың қайсыбірінің бетін мен бүгін осы мінбеден де көргім келеді. Алдымен сөз Абзалов жолдастың өзіне берілсін. Ол енді аудан үшін емес, өзі үшін ғана жауап берсін. Мен осыны талап етемін.


Ол мінбеден түсе берген кезде Арман орнынан тұра бастап еді, жиылысты басқарып отырған Невский қолын көтере түре келді.


— Арман Абзалович, сіз токтай тұрыңыз. Мен сөзді сізден бұрын өзіме беруге мәжбүр болып тұрмын.


Ол соны айта келіп мінбеге шықты:


— Неге олай? — деді ол залға көзін жағалай жүгіртіп, — Мен неге сөзді Абзалов жолдасқа бермей өзім алдым? Оның мынадай себептері бар, жолдастар! Абзалов жолдастың сөзін бәріңіз де естідіңіздер. Дұрысында оның сөзі Бурахан Науатбаевич айтқандай кеселді сөз бе, жоқ па? Оны әрқайсыларыңыз өз ұждандарыңыздан сұраңыздар. Менің ашығынан сөз еткелі тұрғаным Абзалов жолдастың атына айтылған ауыр сын жайында. Бурахан Науатбаевич оның партия басшылығына жат қылықтарын ашу үшін бір талай айыптар тақты. Соның, әсіресе Бағлан Айбасов жайында тағылған айыптардың барлығы маған мәлім, өйткені мен оның бес жылдан бергі ісін тексерген комиссияның бастығымын. Сондықтан сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдету мақсатымен Абзалов жолдас үшін жауапты мен бергелі тұрмын.


Невскийдің Арман үшін берген жауабы оның басына төнген қауіп-қатердің талайын талқан етті. Ол қысқа-ақ сөйлеген еді, бірақ жұрттың қол соққан қошеметі ұзаққа созылып кетті.


Мінбеге суырылып Ботажан шыға келді. Арманның көзінің алдында енді сол тұр.


— Бір ғана ойды сағалап, бір ғана тілек тілегелі шықтым мінбеге, — деумен бастады сөзін Ботажан. — Ол Бағлан Айбасов жолдастың тағдыры жайында. Оның ісін тексерген комиссияның бір мүшесі болғандықтан, үш ай бойы жүргізілген тексеруден сезген-білгенімді, сол сезгеннен туған ойларымды алдарыңызға жайып салмақпын. Мен біздер қол қойған тоқсан төрт бет қорытындының Москваға, Орталық Комитетке жіберілгенін бүгін осы мінбеден естідім. Меніңше бұл адам тағдырына ақылмен қараудан туған парасатты ой. Орталық Комитетпен ақылдасу ешкімнің басынан аттау, ешкімнің намысын таптау емес. Невский жолдас басқарған біздің комиссияның алдына қойған мақсаты да ешкімнің бет ажарына, ешкімнің дәрежесінің биіктігіне қарамастан әділ шешу болды. Сол әділдікке жету үшін төрт жүз елу адаммен әңгімелестік. Ешкімнен именбей шындықты айтуына мүмкіндік беру үшін олардың бәрімен де жеке-жеке әңгімелесілді. Соның арқасында біздер бар шындыққа жеттік.


Арман активте сөйлегендердің барлығын көзінің алдынан, сөздерін өз ойының елегінен осылай өткізіп алды да:


— Біріңе емес бәріне де ризамын, достарым, — деді де, кенет ойланып қалды. — Оның бәрі де өздерінің қандай коммунист екендерін жақсы көрсетті, қандай секретарь екенімді өзім көрсете алдым ба? Бураханның ұнатпауына қарағанда баяндамам жаман шықпаған секілді, соңғы сөзім қалай шықты?


Арман соңғы сөзінде: «Жолдастар, мен бүгін бір қуанышқа бөленбесем, сол қуанышымды сіздерге айтқым келмесе, мен бұл мінбеге екінші рет шықпайтын едім. Өйткені мен айтарымды баяндамада түгел айттым, сондықтан менің айтарым қалған жоқ, сол сияқты ешкімге берер жауабым да жоқ. Сол себепті мен өзімнің бір үлкен қуанышымды айтумен ғана тынамын.


Ол нендей қуаныш? Сіздер бүгін коммунистік ардың туын өте жақсы көтердіңіздер. Бұл менің алыстағы арманым еді, сіздер мені сол алыстағы арманыма жеткіздіңіздер. Сол үшін бәріңізге, әсіресе шындықты ашық айтқан жолдастар, сіздерге, оларды қостап қошемет көрсеткен баршаңызға мың қабат алғыс. Осы ғана менің бар айтарым», — деген кезде жұрт ду қол соғып еді, Бурахан жиналыс жабылмастан шыға жөнелді. Соған қарағанда оның бұл сөзі де жаман шықпағанға ұқсайды. Бірақ мұның үлкен жанжалға айналары анық, оның немен тынары, кімнің кімді жеңері белгісіз.


Оның ойын есіктен сөйлей кірген Невский бөліп жіберді.


— Арман Абзалович, кешегі қан майданда жан қиысқан достықтың бүгін табанға түсіп тапталғаны қалай? Кешіріңіз, Бурахан Науатбаевичқа берілетін сұрауды сізге беріп отырмын.


— Мансапшыл адамның достығынан мақсатшыл адамның қастығы жақсы.


— Мен оның сізге мұнша өшігуінің себебін білгім келді.


Арман столының тартпасынан бір папка алды да, оның ішінен бір қалың қағаздың ішіне қастерлеп салынған бір қағаздарды ұсынды.


— Оның маған мұнша өшіктірген Орталық Комитеттің атына жазған мына бір хатым болар.


— Бұл не жайында жазылған еді?


— Сіз басқарған комиссияның қорытындысына қоса жіберген хатым осы. Бюро мүшелерімен, әсіресе сізбен кеңеспей жазғаныма өкініп жүр едім, бекер өкініппін.'


— Неге бекер? — деді Невский, — шынында сіздің ол қорытындыны бюро мүшелерімен кеңесіп жіберуіңіз керек еді.


— Онда бүгінгі соққыға өзіммен бірге бюро мүшелерін түгел түсірген болар едім.


— Сіз түскен соққыға біз неге түспейміз?


— Сіздермен не үшін кеңеспегенімді де жаздым, қате болса ол үшін жауап беріп, жаза тартатын бір ғана өзім екенімді де жаздым, оқыңыз.


Арманның сөзін телефон сылдыры бөліп жіберді.


— Абзалов тыңдап тұр, Сәлеметсіз бе? Бұл кім?.


Ол соны айтты да, шаттана түрегелді, бірақ ол шаттығы көпке созылған жоқ, кенет өңі бұзылып кетті.


Невский оны аңғармастан, хатты ішінен оқи бастады. Арман таңдана тыңдай тұрып, телефондағы адамға бірнеше сұраулар да берді, Невский оны да естіген жоқ. Арман басын изей тұрып ұзақ тыңдады да:«Мақұл, келесі рейстен қалмаймын, сау болыңыз,» — деумен сөзін аяқтады. Бірақ трубканы орнына қоймастан ойда отырып қалды. «Мезгілсіз бұл не? Әлде, Орталық Комитет менің мәселемді... жоқ, ол мүмкін емес».


Невский хатты оқып отыр.


— Ауыр екен, — деді күрсіне сөйлеп.


— Немене ауыр? — деді Арман телефонды қоя сала қоңырау басып.


— Біздің тағдырымыз ауыр екен. Оны мұнша ашық, айтқаныңыз үшін сіздің тартар жазаңыз да жеңіл болмас.


— Тартар жазамның жеңіл болмайтынын Бураханның бүгінгі сөзінен де байқадым. Олардың жазасынан қорқып ұжданды жаралау бәрінен де ауыр болар.


— Дегенмен сіз шындықты тым ащырақ айтып жіберіпсіз.


— Мен не айтсам да ертеңгі ұрпақтардың көзімен қарай отырып, ұжданымның бұйрығын айттым.


Арман соны айта отырып қоңырауды қаттырақ басып еді, көмекші жігіт кіріп келді.


— Мен алдағы рейстен қалмай Москваға ұшатын болдым, аэродромдағы жолдастарға айтып қой. Комиссияның қорытындысы салынған папканы әзірле де, маған Бағланды тауып бер.


— Ол кісі Москваға ұшады екен, келінімен екеуі сіздің қабылдауыңызды күтіп отыр.


— Келінімен екеуі?


— Екеуінің бірге келуі бір жанжалдың шетін көрсетіп тұр, — деді Невский, — кейінірек маған келсінші.


— Жоқ, қазір келсін.


— Тым болмаса Бурахандар кеткен соң келгені жөн болар, — деп, Невский сақтыққа шақырып еді.


— Бұл сіз айтатын сөз емес, — деп Арман батылдыққа шақырды.


Көмекші кетісімен Жаннаны алдына сала келе жатқан Бағланды көріп, Арман орнынан сөйлей түрекелді:


— Хош келдіңіздер, менің мұңластарым.


— Мұңластарым деген сөзіңізді Бурахан ести көрмесін, — деп, Бағлан ойындағы кекесінін айтып салды.


— Естігісі келсе ол айтылмаған сөзді де ести береді.


— Ол бүгінгі активке сіз екеуіміздің некемізді де қия жаздапты ғой.


— Оның менімен қалжыңдасқысы келгенде сөз талғамайтын әдеті, оны сіз елемей-ақ қойыңыз. Өтінемін, отырыңыздар, — деп, Арман жылы шырайлана түсіп орын ұсынып еді, Жанна отырмастан сұрлана түсті.


— Ондай жаладан мені неге қорғамадыңыздар?


— Сіздей адамды шындықтың өзі қорғайды... Иә, құлағым сізде. Сіздің Москваға ұшатыныңыз рас па?


Бағлан Жаннаға қарады.


— Балам, өтіріктің өрге баспайтынын талай көрген едің ғой, соны ұмытпа да, қамыға бермей самолеттің билетін көрсет.


Жанна қол сумкасынан екі билетін алып ұсынып еді, Арман қарай салып ойланып қалды.


— Сіздер де шақырылдыңыздар ма?


— Жоқ. Бізді енді кім шақырсын. Партбилетім қалтамда тұрған шағында Орталық Комитетті бір көріп қалғым келді.


Арман енді Жаннаға қарады.


— Сіз не үшін?


— Папамды жалғыз жібергім келмеді.


Арман ойлана түрегелді де, қайта отырды.


— Иә, келген жұмыстарыңызды айтыңыздар.


— Екеуміздің бірдей келгенде сұрай келген тілегіміз — комиссияның тексеру қорытындысы. Орталық Комитетке ала барайық, мүмкін болса соның бір данасын беріңіздер.


Арман Невскийге қарады. Невский жауап қатқанша болған жоқ, көмекші жігіт жүгіре басып кірді де:


— Бурахан Науатбаевич келе жатыр, — деді күбірлеп сөйлеп.


— Бар, қарсы ал.


Көмекші есіктен шыққанша Бағлан да көтерілді.


— Онда біздер кете тұрайық.


— Қозғалмаңыз, сұраған дүниеңізді қазір аласыз.


Әлденеге шаттанып алған Бурахан даурыға сөйлеп кіріп келді.


— Өзіме де белгісіз құпия себептермен Москваға. ұшатын болғандықтан кеңестеріңізді бөлуге мәжбүр болдым, ол үшін ғафу өтінемін, — деді де, ол басқалар түрегелсе де міз бақпастан отырған Бағланға қолын ұсына жақындады. — О, батырдың өзі екен ғой, қасқайып отырған, сәлеметсіз бе, хал жақсы ма?.


Жаман емес...


Бурахан бұрыла бере Жаннаны көріп, аңырып қалды.


— Кешіріңіз, мен сізді байқамаппын, — деп келіп қол алысты. — Бұрын бір көрген секілдімін.


— Кеше кешке таман, шіркеудің ішінде көрген едіңіз, әлден ұмытқаныңыз қалай? — деді Жанна күлімсірей тұрып..


— Шіркеу?


— Иә, Абзалов жолдас екеуміздің некемізді қиған едіңіз ғой.


— А, кім екеніңізді енді білдім. Сізбен кейін кең отырып сөйлесетін сөзім бар. Мен асығыс едім, Абзалов жолдастан басқаларыңыз бара тұрсаңыздар.


Невский кете бере Жаннаға көз тастады.


— Жүріңіздер, келген жұмыстарыңызды бітіре берейік.


Олардың соңынан кетіп бара жатқан Бағлан есік көзіне жете бере токтай қалды.


Бурахан олар шығып кеткен есіктен көз алмастан ызалана күлімсіреп тұр. Арманға бар кегімен жалт қарады.


— Ал, қымбатты бозбала... Бүгінгі қылықтарың аямасқа бекіндірсе де, кешегі қан майданда еткен ерліктерің, әсіресе мен үшін төгілген жас қаныңның қасиеті үшін табысқалы келіп едім, қытығыма тағы да тидің, не істесем екен?


— Төгілген қанымның құны төленген-ді, ерліктерім үшін Отаным талай сыйлаған-ды. Ол үшін сіз борышты болмай-ақ қойыңыз да, кінәлі болсам аямаңыз.


— Қиястықты қой, кінәңнің қандай екені бүгінгі активте аз айтылған жоқ.


— Мені кінәлаған бір ғана сіз, сізді кінәлаған коммунисттің саны он жетіге жетті ғой.


— Оның бәрі сенін қол шоқпар құйыршықтарың.


— Жоқ, Бурахан Науатбаевич, шыдамның да шегі бар. Мен сіздің қылығыңызға шыдап болдым, қызмет орныңызды сыйлап та болдым. Сондықтан енді ашық айтайық, тыңдай беріңіз. Бүгінгі кейбір қателіктер үшін ертең ұрпақтар алдында жауап беретін айыпкердің бірі сіз. Сіздің сол тарих соты алдында арыңызды жауапқа тартатын жаңағы Бағландар. Сондықтан мен ондайларды бойымда бардың бәрін сала қорғаймын. Бар айтарым осы, басқаны менен бүгін де, ертең де күтпеңіз.


— Онда менің де айтарым қысқа. Егер осы бетіңнен қайтпайтын болсаң, қалаған совхозыңды ата. Менің саған соңғы істей алатын достығым — қалаған совхозына директор етіп жіберту ғана.


— Бұл қамқорлығыңыз үшін де алдын ала рақмет.


— Есіңде болсын, бұл бір ғана менің сөзім емес, сені солай жазалауды ұсынған Москва.


— Менің өмірімде жасаған бір ғана қатем бар. Оны өзім де кешпеймін, тарих та кешпейді, ол үшін ешкімнен кешірім де сұрамаймын. Қандай жаза берсеңіздер де ризамын.


Бурахан тырнағына әлдене ілінгендей іштей дәмеленіп қайтадан отыра қалды...


— Мойындар болсаң партияның кешетініне мен кепілмін, айта бер, тарих көшпейтіндей не істеп едің?


Арман оның бетіне ұзақ қарап отырды да, түнере түсті.


— Менің өмірде жасаған бар қатем де, кешірілмес кінәм де, өмір бойы өкінерім де сіздің кім екеніңізді ертерек білмегенім.


Бурахан зілдей басқан ашу ызаны көтере алмай сүйретіліп зорға түрегелді де:


— Мүмкін мені ажалдан алып қалғанына да өкінерсің! — деді.


— Ұға білген кісіге мен бәрін де айттым...


— Осы ғана еді менің сенен естігелі келгенім. Енді өз обалың өзіңе, — деді де, Бурахан бұрқ-сарқ етіп шыға жөнелді.


Ішінен бір ғана Арман шен Бағланды ғана емес, бюро мүшелерін түгел талқандайтын болып кетті. Бірақ, көп кешікпей өзі талқан болды. Өйткені Орталық Комитет тарихта теңдесі жоқ бір ғаламат ерлік жасап дүниені дүр сілкіндірді. Сол сілкіністе Бурахан сияқтылардың талайының күл-талқаны шықты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу