27.01.2022
  190


Автор: Әлжаппар Әбішев

Белгісіз батыр

 (пьеса)


ҚАТЫНАСУШЫЛАР:


Тағдыp.
Мaрдан.
Жанжар - оның әйелі.
Самал - олардың қызы.
Жандос - Самалдың сүйген жігіті.
Зура.
Гүлзар - Зураның шешесі.
Иман - Зураның сүйген жігіті.
Дүрмек - Иманның әкесі.


БІРІНШІ ПЕРДЕ


Бірінші сурет


Шаңқай түс Алатаудың бау-бақшалы сәнді саласында екі дача тұр. Оның бірі Марданның, екіншісі Дүрмектің дачасы. Екеуінің де үлкен верандасы бар алдыңғы жартысы ғана көрінеді. Алыстан орман құстарының алуан түрлі әдемі әні естіледі. Перде ашылғанда сахнадан көреріміз Жанжар ғана. Ол верандада сән-салтанатымен жасалған стол үстін бабына келтіріп әндетіп жүр.


Самал (үйден шыға келіп). Дүрмекеңнің машинасы кете қалған ба?


Жанжар. Оны қайтесің?


Самал. Қалаға барамын.


Жанжар. Қалада нең бар? Әкеңнің тілін алмастан, алдынан шықпақсың ба?


Самал (ызалана сақылдап). Әке, әке! Өзін қарсы алуыма тыйым салғаны ма әкелігі?


Жанжар. Тыйым салған ештеңе жоқ, тек аэропортқа келмей-ақ қойсын деді. Сірә, әкеле жатқан құпия бірдеңесі болу керек, сен түгілі маған да солай...


Самал (оның сөзін бөліп). Сенің жолың бір басқа.


Жанжар. Менің жолым неге басқа?


Самал (стол үстіне көз жүгіртіп). Өзің неменеге мұнша шабылып, шашылып жатырсың? Шалыңның бізден жасырғаны - Парижден әкелген ғашығы екенін әлі сезген жоқсың ба?


Жанжар. Күнім - ау, есің дұрыс па? Не деп тұрсың?


Самал. Есім дұрыс болмаса мұндай шындықты айтар ма едім.


Жанжар. Сеніңше, әкең ғалымдардың халықаралық конгресіне емес, әйелдердің халықаралық базарына барған болар. Мүмкін, дүниенің барлық газеттеріне басылған оның конгрестегі сөзі емес, сұлулармен жазысқан сырлы хаттары болар. Әкеңді солай деуге ұялсаңшы, ақылсыз.


Самал. Мама! (Шешесін құшақтай алып.) Папама ерегесіп айта салған қалжың екенін біле тұра, несіне қартая қалдың.


Жанжар. Ылайым кәрілік болсыншы. (Шағына.) Кейде әкеңнің осындай даңқты болғанына қынжыламын. Тіпті есіз тауда жапа-жалғыз қалатындай үрейленетін күндерім де аз емес.


Самал. Қойсаңшы, кемпір, папамның өзіңді жанындай көретінін біле тұра мүсәпірси бермесеңші. Онан да, шалың дүниенің қай түкпіріне барса да қасынан қалма.


Жанжар. Кезбелер жер шарын кезе берсін, маған Алатаудың осы бұрышы қанағат.


Самал. Шет ел газеттері мен радиосы папаммен бірге атынды атап жатса жек көрмессің. Мысалы, шет ел радиосының дикторлары былай: (Микрофоннан сөйлегендей.) Бүгін қазақтың белгілі ғалымы Мардан Телжанович Телжанов мырза, оның әйгілі әнін зайыбы Жанжар ханым президенттің қабылдауында болды... Қалай, ұнай ма? Почта келді. (Қуанышты жүгіріп кетеді де, көп кешікпей еңсесі түсіп қайта келеді. Қолында бір буда газеттері бар, ауыр ойда.)


Жанжар (қызының күйінен көз алмай). Бәрі де ұнайды - ау, тек Жандостың хабарсыз жатып алғаны ұнамайды.


Самал. Кеткеніне екі-ақ жеті болды, бармастан жатып не жазушы еді?


Жанжар. Мен сендей қалыңдық көзімде әкең бір жаққа бара қалса, екі жетіде бір емес, жетісіне екіден хат жазатын.


Самал. Сендер кешкен елжіреуік махаббаттың күні баяғыда батқан-ды.


Жанжар. Иә, біздердің күніміз балбырап бататын да таңымыз елжіреп ататын, сендер секілді бұзауша жаласып тұрып, итше ырылдаса кетуді білмейтінбіз. (Кетеді. Самал рақаттана күледі.)


Самал (күлкіден тез тыйылып). Мамамды да күдіктендіріп қойған мына Жандостың ызасы - ай ә? Не істесем екен? (Газеттердің арасынан бір хат түседі. Самал алып қарай салып.) Лиллидан! (Ашып оқып шығады да, қуанышты дауыспен.) Мама! Мама! Бізге Лилли ханым келе жатыр.


Жанжар (сөйлей кіреді). Лиллиі кім?


Самал. Сенің жесір, менің жетім қалмауыма кім себеп болса, сол.


Жанжар. Ғажап - ау, әлгі Батыс Германияда тұратын студент қыз ба?


Самал. Ол кезде қыз болғанымен, қазір өзіңдей каштан әйел. Ол кезде студентка болғанымен, қазір Түрік елдерінің тілін зерттеуші ғалым.


Жанжар. Ол қашан келер екен?


Самал. Қашан келетінін айтпапты. (Оқиды.) «Мен жиырма үш жыл бойы алданып келіппін. Менің бұл күнге дейін қан майданда, орыстармен шайқаста қаза болды деп келген Райхерім Гитлердің бұйрығы бойынша өз ағайымның қолынан өлген болып шықты. Сол ағайым бұл сұмдықтың шындығын түгел айта алмай, бұрнағы күні өліп кетті. Оның ең соңғы айтқаны - Райхердің нендей қылмысы үшін өлтірілгенін ендігі білетін -Сағын, Азат дейтін қазақтар. Мен сол қазақты іздеп Қазақстанды кезбекпін. Сізден тілейтінім: мүмкіндігі болса, қызыңыз мен барғанша өз газетінің бетіне жар салып, соғыс кезінде немістердің тұтқын ұшқыны болған, кейіннен неміс аэродромын өз бомбаларымен бомбалап қашып кеткен Сағын, Азат дейтін қазақтарды іздестіре берсінші», - депті.


Жанжар (хатты қолына алып). Өмір бойы өтелместей көрінетін борышым өтелер ме екен, Қазақстанды өзіңмен бірге кезіп, сол батырды өзіңмен бірге іздесейін, тезірек келші, қымбаттым. (Хатты ішінен оқыған күйі үйге кетеді.)


Самал(кенет ойланып). Тоқта... тоқта... мына қызықты қара... Оның Қазақстанды кезіп іздейтін ұшқышының аты Сағын, менің Украина жерінің астынан көр ақтарып іздейтін ұшқышымның да аты Сағын, осы екеуі бір адам болғай. (Иман келеді.)


Иман. Самалдай көршіге сансыз салют.


Самал. Имандай көршіге иманнан сәлем.


Иман. Жаңағы бір кездегі дауысын біздің дачаның қабырғасын тесіп жібере жаздады, жайшылық па, жарқыным?


Самал. Жайшылық емес. Жандостан айрылып, тірі жесір болып қалдым.


Иман. О, онда екеуміз көрші ғана емес, мұңдас екенбіз.


Самал. Немене, Зурадан айрылып сен де сорлап қалдың ба?


Иман. Сенің Жандосың барғалы ол қыз хабарсыз жатып алды. Москвада оқитын аспирант қызға ғашық болып нем бар деймін-ау менің.


Самал. Онда Жандос Қырымда емес, Москвада екен. Қазіргі кезде ол екеуінің күні бірге батып, таңы бірге атуда екен.


Иман. Күдігімнің дәл төбесінен түстің - ау, не істесек екен? Оның қарымын қалай қайтарсақ екен? Әлде оларға ерегісіп біз де құмарлассақ па екен?


Самал. Құмарласқаны қалай?


Иман. Тауға барсақ, гүлдер терсек, жалын атқан махаббаттың бір шағын романын қолға алсақ...


Самал. Фу, әзілің неткен сұмпайы еді. (Қолындағы газетімен Иманды басқа бір салып, тұрып кетеді. Кенет ойлана қалып.) Тоқта... тоқта... Сенің мына сандырағың маған бір ғажап ой салды. Сен демалысқа шықтың ба?


Иман. Бүгіннен бастап.


Самал. Сол демалысыңды менімен бірге өткізсең қайтеді?


Иман. Бірге өткізгені қалай?


Самал. Менің көп кешікпей бір жорыққа аттануым мүмкін. Егер осы сапарды менімен бірге өткізсең екеуміз ғана оқитын шағын роман емес, бүкіл адам баласы қызығып көретін бір тамаша кино түсіріп қайтар едің?


Иман. Ол қайда баратын жорық?


Самал. Қайда екенін әзір айтпаймын, ИЛ-18-бен ұшамыз да, тоғыз сағаттың ішінде бір үлкен қалаға барып түсеміз. Онан кейін жеті сағат поезбен жүреміз, сонан кейін қанша күн екенін білмеймін, бір қалың орманды жаяу кеземіз.


Иман. Орман? Онда не бар?


Самал. Бір белгісіз батырлардың қабыры бар.


Иман. Қабыр?


Самал. Өкінесің, ойлан.


Иман. Өкінері де, ойланатыны да жоқ, сенің редакторың менің директорыма телефон соқсын, екеуі де ақылды жігіттер ғой, келісер.


Самал. Мен олардың келісімін емес, өз келісіміңді сұрап тұрмын.


Иман. Мен еңбек тәртібін сақтауға келгенде, әкелеріме ұқсаймын. Сондықтан, директорым не бұйырса, мен әрқашан да әзірмін.


Самал. Мен жаңа ғана білдім: сен өзгенің қозғаусыз қимылдамайтын, өзіңнің мына быжылдақ аппаратыңа ұқсайды екенсің. Осы ынжықтығың ғой, Зураны бөгеп жатқан.


Иман. О, онда екеуміздің ынжықтығымыз да ұқсас екен.


Самал. Қалай?


Иман. Жандосты бөгеп жатқан сенің ынжықтығың болды.


Самал. Ол да сенің ынжықтығыңның кесірі. Сенің... сенің (Қолындағы газетімен Иманды төпелейді де, шаққа қарай кетеді, кетіп бара жатып келе жатқан шешесін нұсқайды.) Нанбасаң мына кемпірден сұра.


Иман. Қайырлы күн, Жанжар апа.


Жанжар. Өркенің өссін, әсіресе, қыздардың алдында өссін, балам.


Иман. Oh, осы асыл тілегіңіз үшін қолыңыздан бір сүюге рұқсат етіңізші. (Сүйеді.)


Жанжар. Қыздардың алдында ғана мерейлі болу ма еді арманың?


Иман. Басқа қыздар меңіреу көрсе де мейлі, тек Зураның көзіне мерейлі көрінсем болды.


Жанжар. Көп жаса, балам. Сенен күткен жауабым осы еді. Өзің жай келіп пе едің?


Иман. Демалыстың жарты күні өтпестен зерігіп кеттім. Ермек ететін жұмысыңыз жоқ па?


Жанжар. Нендей?


Иман. Отын жару, самаурын қайнату, тағы сондайлар.


Жанжар. Ондай жұмыс өзімнен де артылар емес. Ал, саған да таптым. Телефон соқ та, Дүрмекеңнің қашан келетінін біле ғой.


Иман. Қорықпаңыз, менің әкем басқадан кешіксе де, тамақтың мезгілінен кешікпейді.


Жанжар. Әй, жастар - ай, келемежшіл боламын деп, кеселденіп біткендеріңді қашан сезер екенсіңдер?


Иман. Апатай - ау, соншама мен не жаздым?


Жанжар. Сен кейбір замандастарың үшін жазаланып тұрсын, байқа.


Иман. Нені?


Жанжар. Ненің баласы екені белгісіз кейбір замандастарыңа ұқсап кетпе.


Иман. Кешіріңіз, «ненің» деген сөзіңізге түсіне алмадым.


Жанжар. «Кімнің» деуді ұмытып тұрғаным жоқ-ау, балам. (Сыртқа келіп тоқтаған машина дыбысы білінеді.) Ана келгендер кім?


Иман. Менің әкем мен болашақ қайын енем. Сіз үйге кіріңіз, мен олардың қысыр кеңесіне бір кенелейін. (Олар көрінбей кетеді. Аздан соң Гүлзар мен Дүрмек келе жатады.)


Дүрмек (сөйлей кіреді). Жалынамын, сіз мені дұрыс түсініңіз. Марданның сіздің қызыңыз, менің болашақ келінім Зураны менің кеңесімсіз өз институтына алуы - ескі жараны ушықтыруы мүмкін, сондықтан қынжыламын. Егер қынжыла қалсам, қатты кететін әдетім барын өзіңіз де білесіз.


Гүлзар. Сонда қалай, сіз бір кезде Сағынды менің жолыма қанды қазық етіп қаққан едіңіз, сол қырағылығыңызды тағы да қазық етіп енді Зураның жолына қақпақсыз ба?


Дүрмек. О, сіз мұнан жиырма жыл бұрынғыны ұмытпасаңыз - кекшіл екенсіз.


Гүлзар. Кекшілдік емес, жақсылықты да, жамандықты да ұмытпайтын әдетім.


Дүрмек. Біле білсеңіз, ол кезде жағдай солай еді ғой.


Гүлзар. Мен дәрігермін, жанымыз қысыла қалса бар кінәні жағдайға жаба салатын дертіміздің емі жоқ екенін жақсы білемін. Бірақ, сізді мұндай сырқатқа қазір душар етіп тұрған жағдайды білмеймін.


Дүрмек. Тағы да жалынамын, сіз маған дұрыс түсініңіз. Егер Зура біздің системада істесе, маған жағымпазданғысы келгендер оны қолдан көтереді. Қолдан көтермелеген адам құламай қалмайды, құлай қалса күл-талқан болады. Екіншіден, ол жер - жаулардың көз тіккен жері. Егер бір құпиясын жаулар сезіп қалса күдікке ең алдымен ілінетін Зура. Ондай жағдайда, бүгін Дүрмек Азбановичтің сүйкімді келіні аталып жүрген Зура, фашистерге сатылып, Отанына қарсы оқ атқан, азған Сағынның қызы аталып шыға келеді.


Гүлзар (қиналып тұрып кетеді). Мұның бәрін не үшін шегендеп отырғаныңызды білемін. «Менің кінәм не?» деген сұрауды сізге мұнан жиырма жыл бұрын берсем, бүгін тағы да бергелі тұрмын. Зураның кінәсі не?


Дүрмек. Ол үшін қапа болмаңыз, Зураны басқа жұмысқа өзім орналастырамын.


Гүлзар (күлімсіреп). Онда қырағылығыңыз қайда қалады?


Дүрмек. Егер де мен жалған қырағы болсам, Иман мен Зураның қосылуына ризалық бермес едім ғой.


Гүлзар. Ол үшін сізге алғыс айтуым керек пе?


Дүрмек. Мен өмірден алар алғысымды алып болған адаммын, сондықтан өз семьямның намысын сақтаудан басқа ойларым жоқ.


Гүлзар. Өмірден аларыңызды алып болсаңыз - қорқарыңыз не?


Дүрмек. Тағы да жалынамын, маған дұрыс түсініңіз. Мен енді тек өзімнің ұрпақтарымның алдында ғана жауаптымын, қорқар болсам солардан ғана қорқамын. Өйткені, біздер кешегі бір кезде ары жараланғандармыз.


Гүлзар. Кешіріңіз, мен сізге енді ғана түсіне бастадым. Бірақ, сіздің ертеңгі алтыннан бүгінгі мысты артық көретін де мінезіңіз бар еді, сол ескі әніңізге басып кетпегейсіз.


Дүрмек. Сіз әр заманның өз мінезі барын білгейсіз.


Гүлзар. Неге олай? Неге біздер, бар заманда бір мінезді болмаймыз?.. Неге? Кешіріңіз, кейде қаным қайнап кетеді.


Иман (сөйлей кіреді). Міне ғажап! Менің қымбатты әкем мен болашақ енем шүйіркелесе қалыпты. Ал, бұлардың дәл қазіргі әңгімесі Зура екеуміз екеніне мен бәс тігемін.


Дүрмек. Әкеңнің сен үшін шашылған дәулеті онсыз да аз емес, ұтылып қаласың, бәсіңді қоя тұр.


Иман. Қорықпа да, мақтанба, әке!


Дүрмек (Гүлзарға). Егер де балалар сіздің үйде тұра қалса, мына жігіттің осындай қылжақбастығына бірден тыйым салғайсыз.


Гүлзар. Сол тыйымды өзіңіз неге салмадыңыз?


Дүрмек. Жалғыз болған соң еркелетемін деп, қолымды мезгілінен кеш сермеп қалдым.


Иман. Ау, әкеміз бен шешеміз, немере сүюден кешігіп, қолдарыңызды мерзімінен тағы да кеш сермеп жүрмеңіздер.


Дүрмек. Әкеңнің өкінішті қолы аз сермелген жоқ-ты. Енді қартайған шағында өкіне алмас. Ол үшін сені еркіңе енді жібере қоймас.


Иман. О, сен кәрілікті айта бастадың, қарқын ашқан екен. (Дауыстап.) Жанжар апа! Қонақтар келді, әкемнің көзіне қарағанда, қарны аш секілді.


Жанжар (сөйлеп шығады). Қонақ келсе, құттың келгені, төрлетіңіздер. (Таңдана қалып.) Гүлзар ханым - ау, осы сіз жасара беруді қашан қоясыз. Тіпті қараңызшы, күн сайын гүл-гүл жайнайсыз.


Дүрмек. Айналайын құдағиым - ау, табиғаттың бұл сыйын қалай алуды.бізге де үйретіңізші.


Жанжар. Дүрмекке көзіміз үйренген соң ғана үндемейміз, әйтпесе қартаймағыштардың бірі сіз. Қане, жоғары шығыңыздар.


Иман (әкесінің құлағына сыбырлап). Егер ашқарақ болмасаң, мұнан да жас көрінер едің. (Дүрмек ашулы көзімен қарап қалады.)


Жанжар. Үйіміздің жаһан кезгіш иесі келгенше, салқын астан ала отырыңыздар, шелдесеңіздер қымыз ішіңіздер.


Дүрмек (баласына қадалған ашулы көзін енді ғана аударып). Сіз рұқсат етсеңіз, мен Мардан келгенше үйге барып біраз дем алсам...


Жанжар. Өзіңіз біліңіз.


Дүрмек. Балам, сен бері жүрші. (Өз дачасына кетеді.)


Иман. Жан апа, менің әкем сіздің салқын дәміңізден бұрын менің құлағымның етін жеуі мүмкін. Тезірек шақыра көріңіз. (Әкесінің соңынан жүгіріп кетеді.)


Жанжар. Әкесіне тартқан жақсы бала.


Гүлзар. Әкесіне тартқан дейсіз бе? Онысы қуанарлық емес екен.


Жанжар. Неге?


Гүлзаp. Сіз осы сапар жаңылған боларсыз.


Жанжар. Қалай?


Гүлзар. Дүрмекеңнің дүлей мінезі баласында жоқ секілді.


Жанжар. Оның дүлей көрінетін түксиген түрі мен арбиған денесі ғана, әйтпесе ол жан біткеннің бәріне қамқоршы болғысы келетін қайырымды адам.


Гүлзар. Қамқоршым болмай-ақ қойсын, тек Зура жаныма қайырымды болса екен.


Жанжар (күле сөйлеп). Әркімнің тілейтін қайырымы да әр түрлі, ә. Мен самалым мен Жандосыма қамырымды кейде аспанның қара бұлтынан тілеймін.


Гүлзар. Аспанның қара бұлтынан?


Жанжар. Көк жиектен бір қара бұлт көріне қалса - Жандос сол бұлттармен жалғыз алысып жүргендей көрінеді де; нажағайлар жарқылдай қалса - ол маған Жандостың сол атом тұнбасы бар бұлттарды атқылаған ракетасы болып елестейді: Сол кезде мен не істерімді білмей, өзім білетін дұғалардың орысшасы мен қазақшасын қабатынан шұбырта жөнелемін.


Гүлзар (күлімсіреп). Онда сіз дінге бай екенсіз.


Жанжар. Ал, кейбір жастардың кеудесіндегі қара бұлтты көргенде, жанымның түршігетіні сонша, сол көп дұғаның бірде-бірі аузыма түспей қалады.


Гүлзар (ойлана қалып). Сіз мені қайда әкеттіңіз?


Жанжар. Осы Алматыдан ұзаған жоқсыз. (Жақындап келген машина дыбысы білінеді, ұшып тұрып.) Ой, келіп қалды. (Тұра ұмтылады. Қолдарында шет ел чемодандары бар Зура мен Жандос қарсы келеді.)


Гүлзар. Зура! Күнім!


Зура. Ма - ма!.. (Екеуі ұмтылысып келіп құшақтаса кетеді.)


Гүлзар (көзінде жас, бірақ даусы қайратты). Күнім - ау, телеграмма берместен сап еткенің қалай?


Зура (шешесінің көзін сүртіп). Әзір келмекші емес едім, Мардан ағаның бірге ұшайық деп желіктіріп әкеткені. Жанжар апа, амансыз ба, Жан апа?


Жанжар (алдына барған оның маңдайынан сүйіп). Бар бол, балам. Қайда менің әлгі жиһан кезгішім, қайда?


Зура. Кейінгі машинада келеді.


Жандос. Жанжар апа! Бұл дүниеде мен де бармын.


Жанжар. Балам - ау... Күнім - ау... (Жандосты маңдайынан сүйіп.) Көктен түстің бе, қайдан сап еттің?


Жандос. Осылай дейтініңізді мана аспанда келе жатып сезген едім. (Гүлзармен де амандасады.)


Гүлзар. Бүгінгі күн ойда жоқ қызықтарға толы күн болғалы келеді-ау осы.


Зура. Бұл әлі бастамасы ғана. Өз халдарыңызды көрдік, көршілеріңіз не күйде?


Жанжар. Дүрмекеңнің күйі дәл өзіндей. Сенің білмегің, әрине, сол болар.


Зура(күлімсіреп). Ол ғана болмас.


Жанжар. А, солай ма? Онда аз сабыр ет, қазір бәрің де көресің. Мына сандықтарды үйге кіргізіңдер.


Гүлзар. Мен көмектесейін.


Зура. Қозғама, Мардан ағаның олжасы үлкен болғанымен, чемодандары жеңіл. (Жандос, Зура, Гүлзар чемодандарды үйге әкетеді. Жанжар алысқа телміре қарап тұр. Манағы кеткен жағынан Самал жүгіріп келе жатыр.)


Самал. Менің мейірімді әкем бе келген?


Жанжар. Жоқ, ол әлі жете алмай келеді.


Самал. Келген кім?


Жанжар. Ол да әкең секілді жиһан кезгіш біреу, мен оны жіберейін, кім екенін өзін танып ал! (Үйге кетеді).


Самал. «Танып ал»... Ол кім болды екен? (Самал аң-таң болып тұрған шақта Жандос шыға келеді. Самал есі кете ұмтылып.) Жандос! (Кенет тоқтап, мысқылды сыңаймен.) Тәуба, бар екенсің, жалғызым.


Жандос. Тәубеңе де рақмет. (Өте шығып кетеді де, сырттан тағы бір чемодан желе жатады, тағы да өте шығады.)


Самал. Тәубәшілім - ау, осыны да амандасу дейміз бе?


Жандос. Аз күнде мұнша жүдегендей саған не болды?


Самал. Мені қой да, өзіңді айтшы. Демалысыңды бітірместен келгенің қалай?


Жандос. Оның түрлі себептері бар.


Самал. Ол түрлі себептеріңнің ішінде мен бармын ба?


Жандос. Ең бастысы сенсің - ау деймін.


Самал. Рақмет, сүйіктім... жаным... досым.. Бәрін қосып айтсам - сүйікті Жандосым.


Жандос. Мұнан да сүйкімді болуға тырысармын.


Самал. Босқа азаптанба, мен өзінде жоққа тыраштанған пендені жек көремін. (Жалт бұрылып баққа қарай беттейді.)


Жандос. Самал!


Самал (қайта жалт етіп). Немене? (Үйден Зураның күлкісі естіледі.) Мынау кімнің күлкісі?


Жандос. Зураның күлкісі.


Самал. Зура! Ол қашан келіп еді?


Жандос. Бізбен бірге келді. Мен оны бұрын жете білмеуші едім, алтын қыз екен.


Самал. Сен мұнда өзіңнің қалыңдығыңа емес, оның болашақ жұбайына мақта. (Жандостың бетіне тесіле қарай қалып.) Қалыңдығыңмын деуге хақым бар ма менің? Неге үндемейсің? Кеткеніңе екі-ақ жеті болды. Мен білетін Жандос мұндай жансыз, жалынсыз емес-ті, неге мұнда мұздап тұрсың? Тіпті мені сүюді де ұмытып кеттің ғой.


Жандос (шошып оянғандай). Кешір, жаным! (Құшақтай алады.)


Самал (кері серпіліп). Жә, жетер, онан да өз жаныңды айтып сүйіндір.


Жандос. Мен Қырымға бармастан Москваның өзінен қайттым.


Самал. Москваның өзінен!.. Солай ма... Мені жаңа ғана көргендей неге қадала бересің? Әлде көзің алабұртып мені танымай қалдың ба?


Жандос. Шамалы ойланып алуға мұрсат берші.


Самал. Шындықты айту үшін ойланып алудың не керегі бар? Әлде өтірік айтқың келе ме?


Жандос. Білмеймін. Москвада жүргенімде бәрі де арық, бәрі де айқын еді, өмірдің өзі күдік деседі ғой, мен онан оза алмаған секілдімін.


Самал. Ойнасаң да ойлап сөйле. Мен үшін өмір - сенсің. Мен сүйген өмірдің жалғаны жоқ. Соны ескер де, мені аямастан айта бер, тек жалған сөзбен өзіңді де, мені де жараламай, шындықты ғана айт... Жоқ, айтпашы. Қазір түк те айтпашы... Сұраған мұрсатыңды да бердім, ойланып алшы. (Үйге жүгіріп кетеді. Жандос сол орнында сілейіп тұрып қалады. Сәлден кейін жалт етіп тез кетеді. Тағдыр мен Мардан келе жатыр. Беті жұлдыз таңбаларымен аяусыз шұбарланған, бурыл тарта бастаған жалбыр шашы иығына дейін салбырап кеткен Тағдыр ауыр салмақпен ақырын жүріп келеді.)


Мардан. Міне, сіз бен біздің дачамыз, мынау Дүрмек дейтін дәудің дачасы.


Тағдыр (көзі Алатауда)


Мардан (күлімсіреп). Есіңізде болсын, мен бүгіннен бастап французша білмеймін.


Тағдыр. Кешіріңіз. (Айтар сөзін ішінен сайлап алып айтады.) Мынау... Алпы таулары ма деп тұрмын.


Мардан. Жоқ, бұл өзіміздің Алатау.


Тағдыр. Мен... бұл... тауларды... танитын секілдімін.


Мардан (қуанып). Анық па, анық танисыз ба?


Тағдыр. Мен... мына... жердің... һауасын да... тани бастадым... жас нәрестенің... иісіндей иісін қараңызшы... жаным жадырап барады...


Мардан. Міне, көрдіңіз бе, қазақшаны да тез сөйлей бастадыңыз. Осыдан бір жыл бұрын екеумізді табыстырған әлгі бір өлеңнен басқа сөзді жөнді білмеуші едіңіз...


Тағдыр. Иә, мен содан бері еске түсіруді әдеттеніп келемін. Әсіресе, асқар тауларды, заңғар аспанды... Бірақ бәрі де әлдеқашан ұмытылған түс секілді бірдеңе. (Өзінен-өзі күбірлеп, ағаш арасына қарай кете береді. Самал жүгіре шығады.)


Самал (барлық шаттық даусымен). Па - па! (Келе әкесін құшақтай бере кенет шегінеді.) Мүмкін, сені құшақтауға да болмас.


Мардан. Енді бетімнен сүйсең де болады. (Бетін төсейді.)


Самал. Онда қарсы алуыма неге болмады?


Мардан (Тағдыр жүрген жақты нұсқап). Оны кім екені өзіне де белгісіз мына бір қонағымыздан сұра.


Самал. Кім екені өзіне де белгісіз? (Әкесінің бетінен сүйе салып Тағдыр жұрттан жаққа қарай кетеді. Жанжар мен Гүлзар келеді.)


Жанжар. Қане, қане, менің қаңғыбасым, жаның барында шыныңды айт. Париждан әкелген ғашықтарыңды қай қалтаңа тықтың?


Мардан. Менің әкелген ғашығым - өзіңе деген сағынышым. (Жанжардан кейін Гүлзардың маңдайынан сүйіп.) Бәрінді де сағындым, достарым. Тамаша сапар шектім, бірақ туған жеріне аман жету - бәрінен де тамаша екен. (Алыстан Дүрмек пен Иман көрінеді. Зура қарсы барып, ізетпен амандасады. Дүрмек оның маңдайынан бір сүйеді де, бері өтіп кетеді. Иман мен Зура өзара шүйіркелеседі.)


Дүрмек (анадайдан). Приветствую Вас, профессор Телжанович, приветствую и поздравляю. (Қол алысады.)


Мардан. Рақмет, Дүрмеке!


Дүрмек. Бүгінгі айтылар алғыстың барлығы совет ғылымының туын әлем аспанына көтеріп қайтқан сізге айтылуға тиісті. (Даусын сәл өзгертіп.) Жалындатып сөйлегеніме ғафу етіңіз. Мен сіздің табысты келгеніңізге арналған қабылдау мәжілісінде сөйлейтін сөзіме жаттығу үшін репетиция жасап тұрмын.


Мардан. Мен үшін осы репетиция да жетеді. Енді менің сонау Парижден бірге келген қымбатты қонағыммен танысыңыздар. (Тұрғандардың бәрі Самалмен қолтықтасып келе жатқан Тағдырға қарай қалысады. Иман мен Зура да жақындайды. Мардан Тағдырды бір қолымен құшақтап.) Сізді өзімнің ең жақындарыммен таныстыруға рұқсат етіңіз. Сіз осы сәттен бастап менің үйімді өз үйіңізден, менің достарымды өз достарыңыздан көріңіз.


Тағдыр (жағалай көз жүгіртіп). Мырзаларға, кешіріңіздер... жолдас... жоқ ол да емес... қымбатты бауырлар! Бәріңе.. бәріңе сәлем. Қазақша атым Тағдыр. (Мардан мен Зурадан басқалардың бәрімен қол алысып амандасады.)


Мардан. Жанжар... Гүлзар... Дүрмек Азбановнч!.. Иман Дүрмекович...


Тағдыр (жағалай қарап алып). Жоқ, біріңізді де танымадым.


Мардан. Жан! Қонағымыз қалжырап келді, менің кабинетіме апарып орналастыршы, дем алсын... Гүлзар, осы кісінің денсаулығын бақылау сізге аманат.


Гүлзар. Мақұл, Мардан аға.


Жанжар (Тағдырдың қолтығынан ұстап). Хош келдіңіз, қуанышымыз болыңыз.


Тағдыр (кете бере кенет тоқтап). Аңсап барамын. Мынау алма бағын тағы да бір шарлайыншы. (Жауап күтпестен бақтың ішіне қарай жүріп кетеді. Жанжар Марданға қарайды, әркім өз орнында қатып қалыпты. Жұрттың бұл қалпын Дүрмек бұзады.)


Дүрмек. Мәселенің өзі күңгірттеніп бара ма, қалай, мынауыңыз кім өзі?


Зура. Кім болса да ғажап адам.


Дүрмек. Кешір, балақай, мен профессор Телжановтан сұрап тұрмын.


Мардан. Егер қажет болса, мен сізге оның тарихын түгел айтып берейін. (Орын ұсынады.) Өтінемін, отырыңыз.


Дүрмек. Қажеті болмаса да тыңдағым келеді. (Отыра бастайды.)


Мардан. Өткен жылы Францияда өткен күндердің бірінде мен өзімнің әріптесім академик Ремидің дачасында қонақта болдым. Біздің бұл бауырымыз өмірінің соңғы жиырма жылын сол әріптесімнің қарауында өткізіпті.


Дүрмек. Оған қалай тап болған?


Мардан. Ол мұны мұнан жиырма жыл бұрын өзі партизан кезінде орман ішінен тауын алыпты. Кім екенін білместен өзімен бірге ала келіпті де, институттың бағбандығына орналастырыпты.


Дүрмек. Есі сондай бұлдыр болса, ол сізді қалай таныды?


Мардан. Ол емес, мен таныдым, өзін емес, әнін таныдым.


Дүрмек. Енді әнші болып шықты ма бағбанымыз. Шығар... шығар...


Мардан. Біз екеуміз кешке қарай серуендеп ағаш ішінде келе жатыр едік, алыстан біреудің «Атыңнан айналайын, Қарқаралыны» зарлата күңіреніп салған әні естілді. Мен тыңдап тұра қалдым. Қайырмасы өксіп жылаумен барып ән де бітті. Менің ойым да, көзім де жаңағы ән шыққан жаққа байланып қалды. Тілім де байланғандай үн жоқ. Сол күйімді сезген Реми мені бір қолымен құшақтап сөйлеп тұр. «Ол кім екені, қай елдің адамы екені, ең ақыры аты-жөні де белгісіз бір бақытсыз жан. Ендігі бар серігі - осынау бір ән. Оның қай елдің әні екенін де білмейді, білмесе де айта береді», - деді. Сол-ақ екен, мен тұра жүгірдім. Келсем, ол бір ағашқа маңдайын сүйеп теңселіп тұр екен. Мен жақындап келіп: «Бауырым-ай, сен кім едің?» - деп едім, ол сүйеніп тұрған ағашты құшақтай алып: «Сен бе, сенсің бе мені бауырым деп тұрған, ағатайым», - деді француз тілінде егіле сөйлеп. «Жоқ, менмін сенің ағатайың», - дедім. Ол таңбалы бетін енді ғана бұрып, сәл кідірді де, құшағын жая тұра ұмтылды. Сол сәттен бастап ол менің құшағымнан шыққан жоқ. Ремиден сұрап, оның шала-жансар, жарымжан күйде өткен жиырма жылдық өмірін түгел біліп алдым да, келесі күні өзіміздің елшілікке тарттым. Сол күннен бастап мен мұны елге қайтарудың жаһатына кірістім. Бір жылға созылған сол жаһаттың жемісі осы.


Дүрмек. Ым - м, солай деңіз. Тіпті жемісім деңіз. Ал, оның қазақша берілген сұрауларға французша жауап беруі қалай?


Мардан. Ол әлгі өлеңнің сөзінен басқа қазақ тілін ұмытып қалыпты. Мен оның жан күйіне тез түсіндім де, қазақша сөйлей бердім, сөйлей бердім. Ол маған бірте-бірте қазақша жауап қайтара бастады. Алғашқы кезде өте қиналып сөйлесе, келе-келе еркінірек сөйлейтін болды.


Гүлзар. Ана тілін еске түсіру қиын болмас, өзінің өткен тарихын білуі қалай?


Мардан. Мәз емес.


Гүлзар. Онда ауыр екен.


Мардан. Мұндай жаранын мен білетін дүниедегі бір ғана емі - туған жерінің ауасы. Екінші үміт: егер де біздер рухани емдей білсек, сауығып кетуіне жететін қабілеті бар.


Самал. Дәл мұндай халдегі адамның сауығып кетуі мүмкін бе?


Мардан. Мен табиғаттың сондай кереметін өз көзіммен көргендіктен айтып отырмын. Ол да тап осындай сезімі ауыр жараланған, жаралы сезіміне медицинаның күші дарымай он жыл бойы Ленинградтың госпиталында сарғайған еді. Профессорлар кеңесі оны туған жеріне жіберіп, бір жылға жеткізбестен жазып алды.


Дүрмек. Ол кереметті кейін көрерміз. Французда бағбан дедік, мұнда кім дейміз?


Мардан. Мұнда менің бір анадан туған бауырым.


Дүрмек. Олай деген мандаты да бар шығар?


Мардан. Оның барлық мандаты - бетіндегі фашистер салған таңбасы.


Дүрмек. Жалынамын, сіз маған дұрыс түсініңіз. Маған Франция жерінде серуендеп жүрген сізге кенеттен естілген сонау «Атыңнан айналайын Қарқаралыдан» бастап бәрі де қараңғы болып тұр.


Гүлзар. Біздің Дүрмекең өзінің сүйікті репертуарын тағы да бастады.


Дүрмек. Әуре болмаңыздар, бұл әңгімеден кекесінге сылтау таба алмайсыздар. Менің қозғап отырғаным аса елеулі мәселе.


Самал. Ол адам ғой, ендеше өмірдің адамнан артық елеулі несі бар еді?


Дүрмек. Шырағым, ойың жетпеске қолыңды созып әуреленбе.


Самал. «Адам біріне бірі дос, біріне бірі қамқоршы» деп жиылыс сайын сұңқылдайсыздар, енді оны неге ұмыта қалдыңыздар?


Мардан (қызын мұнан әрі сөйлеткісі келмей). Самал...


Гүлзар. Шынында, ол зейін-зердесін өтірік жоғалтқан тыңшы болуы да мүмкін-ау.


Дүрмек. Оған ешқандай шәгіңіз болмасын, нақ солай.


Гүлзар. Кешіріңіз, менің айтып отырғаным әзіл еді.


Мардан. Нақ солай деуге дәлеліңіз қалай?


Дүрмек. Менің білер дәлелім біреу-ақ. Ол - мұндай шүбәлі адамнан өзіңді аулақ ұстау. Әсіресе, сіз аулақ болыңыз.


Мардан. Егер өзімнің ешқандай шүбәм жоқ болса...


Дүрмек. Шүбәңіздің болмауы мүмкін емес.


Мардан. Сіз өзіңіздің қолдан жасайтын күдігіңізге репетиция жасап отырған жоқсыз ба? (Дүрмек ашумен атып тұрады.)


Дүрмек. Сақтаныңыз! Сіздің шет елдерді жиі аралауыңыз қырағылығыңызды әлсірете бастапты.


Мардан. Олай деуге дәлеліңіз?


Дүрмек. Сіздің былтырғы Батыс Германиядан келген досыңыз нағыз сұр жыланның өзі болып шықты.


Мардан. Қайдағы дос?


Дүрмек. Былтыр сізді аспандата мақтаған, мақаласын батыстың талай газеттеріне бастырған журналист әйелді айтамын.


Мардан. Иә, оған не болды?


Дүрмек. Ол досымсынып, монтансып биыл тағы келген екен, тыңшылық жасап жүрген жерінде қолға түсті.


Мардан. Қайда, қашан?


Дүрмек. Осы Алматыда, осыдан бір жеті бұрын.


Жанжар (сөйлей кіреді). Ал, қадірменді қонақтар, дастарқан басына келіңіздер. Дүрмеке, жеңгей қайда? Самал, қонағымызды келтір. (Самал жүгіріп кетеді.)


Дүрмек. Кешіріңіз, қымбатты Жанжар ханум. Мен сіздің қонақ асыңыздан бас тартуға мәжбүр болып тұрмын. Асыңыз дәмді, мәжілісіңіз мәнді болсын, тілектеспін.


Жанжар. Мардан - ау, айтсаңшы, үйге келген адамның даяр дәмнен татпастан кетуі масқара ғой, тоқтатсаңшы.


Мардан. Осы Тағдыр секілді есінен, енді біреулері сенімінен, үмітінен айрылып, жер шарының әр жерінде жүрген бауырларымыз түгел қайтып келеді. Сол келетіндердің бірі -өзіңіздің хабарсыз жоғалып кеткен жалғыз ініңіз Самат. Жалаңызды оған да сайлай беріңіз. (Кетеді.)


Шымылдық.


ЕКІНШІ ПЕРДЕ


Екінші сурет


Сахна бұрынғы қалпы.


Арада біраз уақыт өткен.


Тағдыр мен Самал келе жатыр.


Тағдыр (күбірлеп). Мөлдір көзім - ау, қайдасың?


Самал. Қалай, шаршаған жоқсыз ба?


Тағдыр. Алыстап кеткен күндер мен түндерді іздей - іздей жаным ғана шаршады. (Күрсініп.) Қайдасың сол бір күндерім?


Самал. Сөзіңізде ақындық бар, бұрын кім болдыңыз екен ә?


Тағдыр. Білмеймін, білмеймін, жаралы сұңқардай аспанды аңсай беремін, соған қарағанда ұшқыш болуым керек... Мөлдір көз...


Самал. Бүгін сондай олжамен қайттыңыз ғой, одан айрылып қалған жоқсыз ба?


Тағдыр. Кімнен?


Самал. Мөлдір көз қара қыздан..


Тағдыр (ойлана күбірлейді). «Мөлдір көз... мөлдір көз»... Аты кім?


Самал. Ойланыңыз.


Тағдыр. Шаршап тұрмын, мен үшін сен ойлай салшы.


Самал. Қане, екеулеп ойлайық. Міне, алдымызда сылдыр қағып Басарықтың суы жатыр. Сол арықтың жағасындағы бір бәйтерекке сүйеніп біз тұрмыз. Көзіміз арықтың арғы бетіндегі жәпірейген жадау үйде. Міне, сол үйден мөлдір көз қара қыз келе жатыр. Осы қыздың аты кім?


Тағдыр. Мөлдір көз... мөлдір көз... (Ой келе бастайды, кезуілдеген ой оны біресе шаттандырады, біресе қынжылтады. Әлденені дәптеріне ойлана жазады. Ол қандай күйге түссе, бірге түсіп Самал тур. Жанжар келеді.)


Жанжар. Балам - ау, бұл байғұсты жетелей - жетелей қалжыраттың ғой, біраз күн тыным берсеңші.


Самал (көзі ойда отырған Тағдырда). Мен Украинадан келгенше өзі де дем алар.


Жанжар. Украинада сенің нең бар?


Самал. Редакцияға келген бір құпия хаттың ізіне түсемін.


Жанжар. Ол кендей хат?


Самал. Сыры маңызды болғанымен, өзі күңгірттеу. Оның анығына жетіп алмастан жар салу - дарақылық.


Жанжар. Апыр-ай, әкең екеуіңнің құпияларың қашан таусылар екен осы. Шешеңе айтылған сырдың дарақылығы болмас, айта бер.


Самал. Украинаның бір жерінен фашист ұшқышының киімін киген бір қазақтың өлігі табылыпты.


Жанжар. Фашист ұшқышының киімін киген қазақ?


Самал. Украиналық достармен бірге зерттей отырып, соның кім екенін ашып қайтуды редакция маған жүктеді.


Жанжар. Оны ашудың не қажеті бар? Соғыс кезінде фашистердің киімін кімдердің кигені белгілі емес пе?


Самал. Белгісіз де аз емес.


Тағдыр (дәптеріне әлденені ойлана жазып болып, тұра бастайды). Жанарың жадымда мұншама сақталған сен неткен асыл жан едің? (Сол сөзді күбірлеп кете береді.) Мөлдір көзім - ау. (Кетеді.)


Жанжар. Аз сөйлесе де кесек сөйлейтін болып барады. Дүрмекеңнің айтқаны келмес пе екен?


Самал. Оның бізге білдірместен салып жүрген лаңы аз емес көрінеді, тым болмаса сен соның отына май құймашы. (Кете береді.)


Жанжар. Балам, кішкене кідірші. Әкең сырқатынан айыға бастап еді, жұмыс жайын кеңесу үшін Жандосты шақырта бастады. Егер сен ренжімесең, Жандоспен сенің анаң ретінде мен сөйлессем қайтеді?


Самал. Мен қашаннан бері мүгедек едім. (Кетеді.)


Жанжар. Сенің мүгедек емес екеніңді мен білермін - ау. Жандос екеуіңді ойлай-ойлай мен мүгедек болуға айналдым, соны сен қашан білер екенсің? (Гүлзар келеді.)


Гүлзар. Уһ, рақаттың бәрі мұнда екен ғой, қала мүлдем күйіп тұр, сәлеметсіз бе? (Екеуі сүйіседі.)


Жанжар. Отыра қалыңыз да, рақатқа кенеле қалыңыз. Салқын қымыз әкелсем қайтеді?


Гүлзар. Мынандай ыстықта қымыздың өзі шөлдетеді ғой, бар болса боржом беріңіз. (Жанжар үйге кетеді, жүгіріп Самал келеді.)


Самал (келе құшақтай алып). Гүлзар апа, сүйінші. Тағдыр ағай бүгін бір үлкен олжамен қайтты.


Гүлзар. Қандай? (Жанжар су әкеліп құя бастайды.)


Жанжар. Үлкен олжасы сол: мынаның өзі ол байғұстың өкпесін сүйретіп, діңкесін құртатын болды.


Гүлзар. Шаршай қалса ойы да шалдығатынын, шалдыққан ойдың берері шамалы екенін айтқан едім ғой.


Жанжар. Солай деп мен де қақсаймын, екеуі де тыңдамайтын ерке.


Гүлзар. Мұнан бұлай ондай еркелікті тастаңдар. Ие, оның олжасы қандай?


Самал. Алдымен сізден ғафу өтінемін. Сіздің, жасап берген расписанияңызды біз бүгін біраз бұзып алдық.


Гүлзар. Неге, жаным - ау?


Самал. Тағдыр ағай, бір мөлдір көз қара қызды іздеп ұзақ жүріп алды.


Гүлзар. Қайдағы қыз?


Самал (кенет өзгере қалып). Айтпақшы, кемпірлер, екеуіңізге бір сұрау? Сіздер бойжеткен бұлаң кездеріңізде қай қалада тұрдыңыздар?


Жанжар. Осы Алматыда.


Гүлзар. Мен де.


Самал. Қазіргі Абай проспектісі, бұрынғы Басарықтың бойындағы үйлерде тұрғандарыңыз бар ма?


Жанжар. Жоқ.


Гүлзар. Мен тұрдым.


Самал. Қашан?


Гүлзар. Соғыстан бұрын.


Самал. Ендеше... (Гүлзардың бетіне үңіле қарайды). Жоқ, ол сіз емессіз. Сіздің көзіңіз мөлдір болғанымен, өңіңіз келмейді.


Жанжар. Балам - ау, сен не айтып тұрсың?


Самал. Тағдыр ағай: «Менің жүрегімді осы көшенің бойындағы бір жалаң қабат жадау үйде тұратын мөлдір көз қара қыз алып қалған еді», - дейді. Он километр жерге созылған Абай проспектісі бойынан ескі үйлердің бірде-бірін таба алмай діңкелеп қайттық.


Гүлзар. Жүрші, өзіне барайықшы.


Самал. Барайық, тек өзіңіз жасап берген расписанияны өзіңіз бұзып жүрмеңіз.


Жанжар. Мөлдір көзді қара қыз? Ол кім болды екен? (Олар кетеді. Аздан соң Жандос пен Зура келеді.)


Жандос. Өзіңіз алтын қыз едіңіз, мына сөзіңіз жай қыздардың сөзіне ұқсап кетті-ау.


Зура. Қалайша?


Жандос. Самал менің мамандығымды емес, өзімді сүймейді.


Зура. Сіз сағат сайын құбылып, мені мүлдем шатастырдыңыз.


Жандос. Нағыз шатасқан өзім - ау деймін.


Зура (сырттан біреуді көргендей болып). Ана бейбақты қараңыз, алма ағашын құшақтап тұр...


Жандос. Ие, ол бейбақ. Бірақ бейбақтардың ішіндегі ең батыры.


Зура. Батыр екенін қайдан білдіңіз?


Жандос. Егер де ол батыр болмаса, жаулар мұнша өшікпес еді, өшікпесе - бетін мұнша таңбаламас еді.


Зура. Шынында, осындай қасіретпен жиырма жыл бойы алысуының өзі ғажайып ерлік -ау.


Жандос. Ол батырлығын біздер үшін жұмсап, мұндай қасіретке біздер үшін душар болды ғой, біздер соны неге көбірек ойламаймыз?


Зура. Ойлағанда не істейміз?


Жандос. Оз әкелеріміз тірі болып, осындай күйде келсе не істер едік?


Зура (ойлана сөйлеп). Біздің әкелеріміз де дүниенің бір бұрышында, осындай сезімі жараланған бақытсыз күйде тірі жүруі де мүмкін-ау, ә?


Жандос. Мен өз әкелеріміз ғана емес, белгісіз кеткендердің барлығын да тірі жүргендей көремін.


Зура. Мүмкін, осы Тағдырдың өзі біріміздің әкеміз шығар.


Жандос. Ол да мүмкін, тінті басқа болса да өз әкеміздей көру біздің адамдық борышымыз.


Зура. Иә, әкелер алдында борышымыз үлкен.


Жандос. Борышты ғана емес, «Кеш оралу» киносындағы француздар секілді түк қамқорлық көрсетпестен, біздер мұны белгісіз бейбақ күйінде өлтіріп алсақ, ол кінәмізді тарих кешпейді. Сен күн сайын, лабораторияға келген сайын соны ойлай келетін бол.


Зура. Ол бұйрығыңыз орындалар, бірақ Самалға жету қиын болар.


Жандос. Иә, оның жүрегі біздің жүрегімізден үлкенірек.


Зура. Ендеше, сол үлкен жүректің сізді тани білмеуі қалай?


Жандос (Зураны бір қолымен құшақтап). Ex, Зура! Зура! Өмір деген опасыз екен. (Самал келеді.) Самал, қайырлы күн.


Самал (ізетпен). Хош келдіңіздер. (Екеуімен де қол алысады.) Әкем сіздерді осы жерде күтсін деді.


Жандос. Сырқаты қалай?


Самал. Дәл өзіндей. (Кете береді.)


Жандос. Самал! (Самал тоқтайды.)


Зура (Жандосқа). Мен Дүрмекеңе барып, не жұмыспен шақырғанын біліп келейінші. (Дүрмектің дачасына қарай кетеді.)


Самал. Мен сені тыңдап тұрмын ғой.


Жандос. Айтар сөзден адасып қалдым. Жаңа ғана бәрі сайрап тұр еді, енді бірі қалмастан ғайып болды... Өз халің қалай? Тағдыр бейбақ не күйде?


Самал. Өзінің бақытсыздығын мойындаған адам ғана бейбақ.


Жандос. Өзің философ болып кетіпсің ғой.


Самал. Тағы кім болыппын?


Жандос (ұзақ қадалып). Шаршаған секілдісің.


Самал. Қолым бос кезде Тағдырды қасыма отырғызып алып, қала аралатамын, дала кездіремін. Кешке кино, театрға апарамын. Ол әлденелерді есіне түсіріп шаттанады, оны көріп мен де шаттанамын. Сенің көзіңе шаршау болып көрінген менің сол шаттығым болар.


Жандос. Менің көзіме сенде бардың бәрі шаттық болып көрінсе екен.


Самал. Ол үшін мен сенің кеудеңдегі қалтарыстарды көрсем екен.


Жандос. Менің кеудемде ешқандай қалтарыс жоқ.


Самал. Онда менен жасырын сырыңды қайда тығып жүрсің?


Жандос. Иә, мен оны саған әлдеқашан айтуым керек еді.


Самал. Әлі де кешіккен жоқсың.


Жандос. Мұнан әрі бүркеніп жүре берсем, кешігетін түрім бар. Сондықтан ашық айтайын, мен осы сапар Москвада бір әйелге тап болып, өзімді-өзім билей алмай қалдым. Ол үшін өзімді-өзім қарғадым, сіледім. Өзімді-өзім «азғын» да, «опасыз» да атадым. Бірақ ол әйел сиқырлы екен, соның бәрін де елетпей жіберді.


Самал. Иә, Зураның сондай сиқырлы екенін мен де сезе бастадым.


Жандос (аңырып). Зураның?


Самал. Көлгірленбей айта бер, кездейсоқтар үшін мені сатпайтыныңды білемін.


Жандос. Мен сенің осындай ажуаңа да сүйінемін, сен оның неліктен екенін ұмытпа. (Самал кекесін түрде бас иеді.) Өзімнің сенімен дос болғанымды өмір бойы мақтан етемін, сен оны да ұмытпа. Бәрінен де бұрын сен өзіңнің ғажап адам екеніңді ұмытпа.


Самал. Сүймеген адамын мақтау - көлгірлік. Өзім көлгір болмасам да, осы сөзіңнің есесін мен де қайтарармын. Оны сен де ұмытпа. (Кете береді.)


Жандос. Қайтар, Самалым, тезірек қайтар. Ол үшін жаулас менімен. Сонда ғана сен бақыттысың, сен соны да ұмытпа. (Самал бұл сөзге түсіне алмай, ойланып тоқтай қалады. Жандос теңселіп барып ағашқа сүйенеді.)


Самал (үрейленіп жетіп келеді). Жан! Саған не болды? Өңің бір түрлі өзгеріп кетті ғой, сен сырқатсың ба әлде?


Жандос. Қайдағы сырқат? (Тез бекініп, күшпен күлімсірейді.) Иә, мен сырқатпын, бірақ сен ойлағандай денім емес, жаным, аспаным, жерім. Дәлірек айтқанда, заманым сырқат. Журналист жолдас, сен жазғыш болсаң соны жаз.


Самал. Жан! Мына сөздерің неткен қорқынышты? Сен не айтып кеттің?


Жандос. Мен бұл қорқынышты сезінгелі қашан. Ол кезде мен бала едім. Мені ең алғаш шошытқан 58-жылы Американың астанасына жете бере жауған бір ғажайып қызыл бұршақтар еді. Ол бұршақ болып жауған сонан отыз алты сағат бұрын өздерінің үш мың километр жердегі сыналу үшін жарылған ядролық қаруларының тұнбасы еді. Сонан бері дүниенің талай жерінде талай бомбалар жарылды. Сол бомбалардың тұнбасы әлемді тегіс улады. Дүние жүзіндегі радиоларға құлақ тігіп, Атластарына үңілсем, сонан бері талай бала мисыз туып, талай адам жынданып кетіпті. Солар есіме түскенде болашақтың жер шары «ажал аралындай» болып елестейді.


Самал. Ажал аралы деген не?


Жандос. Япония теңізінің шығысындағы бір кішкене арал. Мен ол аралды шет елдің бір кино журналынан көрдім. Американың аспанда жарған алғашқы бомбасы сол аралдың аспанында жарылған еді. Жасыл жапырағы жайнаған, бұлбұлдары сайраған тамаша сұлу бола тұра қасіреттің ұясына айналған сол аралдан мен нені көрдім? Тау-тау болып үйіліп, шіріп жатқан жұмыртқаларды, жалғыз қанатымен жер сабалап жүрген мыңдаған балапандарды, есінен адасып теңіздің қай жақта екенін біле алмай құмға сүңгіп жүрген тасбақаларды көрдім. Мен олардан нені көрдім? Егер енді соғыс бола қалса келешекте жер шарының сол «ажал аралындай» болатынын, бүкіл адам баласының сол тасбақалардай ессіз, сол жалғыз қанаты бар балапандай жарты дене, жарымжан болып қалатынын көрдім. Мені теңселтетін осындай қасірет теңізінің толқындары.


Самал. Неткен қорқынышты.


Жандос. Бір ойға түсіп кетіп, өзімді өзім ұстай алмай қалдым. Жүрегіңді қалтырататын лекция оқығаным үшін кешір, жаным.


Самал. Сен бұл ауруды қайдан жұқтырып алғансың?


Жандос. Қай ауруды?


Самал. Өзіңді-өзің ұстай алмай қалатын ауруды.


Мардан (сөйлей кіреді). А, Жандос, келдіңдер ме? Зура қайда?


Самал. Ол біздің лекциямызды тыңдағысы келмей, Дүрмекеңдерге кетті. (Дауыстаңқырап.) Зура! (Өз үйіне қарай кетеді.)


Мардан (құпиялап). Сен сырқатыңды Самалдан жасырмақ болған бетіңнен әлі қайтқан жоқсың ба?


Жандос. Жоқ.


Мардан. Сенің бұл ізгілігіңнен оған келер жеңілдікті мен көре алмай жүрмін - ау, балам.


Жандос. Ол ақылды болса да, уайымшыл. Егер менің сырқатымды сезсе, оның менен бұрын өлетіні сөзсіз.


Самалдың дауысы. Папа, телефонға.


Мардан. Әлі де ойлан. (Кетеді.)


Жандос. Ех, Самалым! Сенің жүрегің - теңіз жағасындағы жартас, менің жүрегім - со жартасты соғып өксуден бір талмайтын толқын еді-ау. Енді сол сорлы жүрек сені ғана есіркеп - елжіреуде. Не істесем екен? Тағдыр маған көп жасауды жазбаса, сені неге бақытсыз етем? (Қызуланып.) Не істесем екен? Әлде жаралы жанымды алдыңа жайып салсам ба екен? Мен ненің құрбаны екенімді ашық айтсам ба екен? Бірақ оның қабаттасқан қасіреттен басқа берері не? (Кеткен жағынан Зура келеді.)


Жандос. Иә, қайын атаңыз не жұмыспен шақыртыпты?


Зура. Ол қаладан әлі келмепті. Иман да жоқ, театрға билет алған едім... Самал сізді ауыр ойға салып кеткен бе, қалай өзі?


Жандос. Иә, ол менен безетін болып кетті.


Зура. Самал ма сізден безетін? (Жандос үндемейді.) Түк түсінсем бұйырмасын.


Жандос. Өзім де онша түсініп отырғаным жоқ. Мен оған басқа бір әйелді сүйетінімді сездіріп едім, сіздің атыңызды бірден атап салды.


Зура. Менің атымды? Мына менің?


Жандос. Иә, сіздің. Мұнысы маған да ерсі көрінді, бірақ мен таласа алмадым.


Зура. Неге? Неге таласа алмайсыз? Әлде сіз осы жалған рольді ойнағанымды тілейсіз бе?


Жандос (лап етіп Зураны құшақтай алады). Ренжімесеңіз, тым болмаса ол Украинаға аттанып кеткенше ойнай тұрыңызшы. Ол жаны пәк адам ғой, сол пәк жаны кірленбесінші, уланбасыншы. Мүмкін, бір бақытты жігіт тап болар да, мені ұмытар. Ол үшін сіз жалған рөліңізді жақсылап ойнаңызшы.


Зура. Себеп?


Жандос. Себебін қазір білесіз. (Маң-маң басып Дүрмек келеді.)


Дүрмек. Қайырлы күн, Жандос Заңғарович. А, Зура шырақ, сіз де келіп қалған ба едіңіз. Өсек-аяңнан аулақ болу үшін сізді осында шақырттым, ол үшін ғафу етерсіз.


Жандос. Сіздің сөз саптауыңызға қарағанда менің кеткенім жөн секілді. (Кете береді.)


Дүрмек. Сен Зураның тікелей бастығысың ғой, кетпе. (Портфелінен бір қағаз алып Зураға ұсынады.) Мынау сіздің біздегі анкетаңыз. Осыны толтырған анық өзіңіз бе екенсіз, қарап жіберіңізші.


Зура (ол берген қағазды алып көз жүгіртіп өтеді де, қайта береді). Мұны толтырған анық өзім екенмін.


Дүрмек (қағазды алмастан). Бірінші сұраудың жауабын оқыңыз.


Зура (оқиды). Фамилия... – Сағынова, Ақтаева.


Дүрмек. Сіз қашаннан бері Сағынова едіңіз?


Зура. Жиырма бес жылдан бері. Өйткені ол - өзімнің туған әкем, Ақтай - шешемнің әкесі.


Дүрмек. Ым... солай деңіз... «Жиырма бес жылдан бері» деңіз, «Туған әкем» деңіз. Егерде сіз мұндай батыл болсаңыз кімнің қызы екеніңізді мұнан жиырма бес жыл бұрын неге мәлімдемедіңіз?


Зура. Кешіріңіз, ол кезде мен бесіктегі нәресте едім.


Дүрмек. Немене, жиырма бес жыл бойы бесікте жаттыңыз ба?


Зура. Қорқыныштың бесігінде жиырма бес жыл бойы жатқаным рас. Асығыстық еткенмін бе қалай, қайтадан қалтырай бастадым.


Дүрмек. Қалтырамаңыз да, қамықпаңыз. Әкеңіз үшін сізді жазалайтын ешкім жоқ, тек қызметті басқа жерден табыңыз.


Зура. Басқа жерден? Сонда қалай, мен бұл институттан кетемін бе?


Дүрмек. Әрине...


Зура. Онда жазаламағаныңыз қайсы?


Дүрмек. Сіз әлі басталмаған семьялық өміріңізге ауыр соққы болын тиетін қылмыс жасадыңыз. Сондықтан...


Жандос. Дүрмек Азбанович, ағат айтсам кешіріңіз, сіз өзіңіздің әке екеніңізді ұмытып кеткен жоқсыз ба?


Дүрмек. Сен баламен сөзім кейін. (Зураға.) Сіз әкеңіздің қандай жағдайда өлгенін білетін боларсыз?


Зура. Бәрін де білемін. Ол өлген кезде басылған қайғылы өлеңдер мен азалы мақалаларды да оқығанмын. Қара сызықпен қоршалған ең соңғы суретін де көргенмін..


Дүрмек (таңдана қарап). Қайдан?


Зура. Фашистердің газетінен.


Дүрмек (қайта жадырап). Солай ма, онда мынауыңыз не масқара?


Зура. Мен фашистерден гөрі өзімнің әкеме сенемін. Шешемнің қолында әкемнің ең соңғы хаты бар.. Сол хаттан мен оның жүрегін көрдім. Отанын сүйген ондай жүректің жауға берілуі мүмкін емес.


Дүрмек. Солай ма? Сіздің шешеңіз совет дәрігері бола тұра сондай хатты осы күнге дейін сақтап келген бе? Бұл да бір қорқынышты дерек екен.


Жандос. Маған сіздің қырағылығыңыз қорқынышты көрініп тұр.


Дүрмек. Балақай, жүйкені жұлқыламай сөйле.


Жандос. Кешіріңіз, сіз екі жүректі бірдей жұлқылап тұрсыз.


Дүрмек (ызбармен). Бұл не тәртіп? Сен өзің кімнің алдында тұрғаныңды білесің бе?


Жандос. Білемін, шындықты айту ең жақсы тәртіп.


Дүрмек. Ертең, ертемен маған кел, мен саған шындық пен тәртіптің әкелерімен таныстырайын. (Зураға). Жалынамын, жаным, сіз маған дұрыс түсініңіз. Біздің философтар тілі ұзынның өмірі қысқа деседі, тілді қысқартайық та, өмірді ұзартайық. Ол үшін сіз қыңырлықты тастаңыз. Мен сіздің анкетаңызды личное делоңыздан уақытша ғана бөліп алғанмын. Жіберген қатеңізді түзетудің бірден-бір жолы – осыны қайта толтыру. (Жандосқа.) Ал, сен бала, ертең маған келетін болғаныңды ұмытпа. (Өз дачасына қарай жүріп кетеді. Зура сол орнында тұрып қалады. Мардан келеді.)


Мардан. Дүрмекең кімге зіркілдеп кетті?


Жандос. Ол Зураға әкең Сағыннан безесің деп кетті.


Мардан (Зураны бір қолымен құшақтап). Дүрмекеммен өзім сөйлесемін. Сен қамықпа да қапаланба.


Зура. Мен сізді ғана тыңдағалы келдім.


Мардан. Алдын ала ескертейін, біздің қазіргі әңгімеміз де онша тәтті болмас, бері жүріңдер. (Үшеуі беседкаға барып отырады. Мардан жан-жағын байқап алады да, сөз бастайды.) Қызым, сенің тың көзіңе түсті ме, түспеді ме білмеймін, біздің соңғы кезде жасап алған бір зор қатеміз бар. Мен сендерді сол қатенің зардабын жоюдың жолын кеңескелі шақырдым.


Зура. Мен бейхабармын, ол кімнің қатесі?


Жандос. Менің қатем.


Мардан. Жандостың лабораториясы радиоактивтік тұнбалардан келетін кеселдерге қарсы күресу проблемасымен шұғылдануда болатын. Ол тұнбалар лабораторияда қолдан жасалып, ауық-ауық зерттеулер жүргізілетін еді. Бұл майданда жеңісіміз де үлкен еді, мақталып та үлгерген едік. Соның бәріне қарамастан соңғы бір сынаудың үстінде радиоактивтік сәуледен қорғайтын жүйеміз апатқа ұшырап, бір адамымыз сол ажал сәулеге шарпылып қалды.


Зура (жаны ыршып атып тұрады). Ол кім?


Жандос. Мен!


Зура. Қанша мөлшерде зақымдандыңыз?


Жандос. Жүз рентген мөлшерінде.


Зура (шошына). Жүз рентген!


Мардан. Осы оқиға болысымен Жандос жұмысты тоқтатты да, Москваның мамандарының көзінен өтіп қайтты.


Зура. Олар не дейді?


Мардан. Сырқаттың өршу уыты онша қауіпті емес дейді. Мен оған қарамастан Жандосқа дем алғызу керек деп таптым. Сондықтан ол лабораторияны уақытша сен екеуміз басқарамыз.


Жандос. Көмекшілікке мені де алыңыздар.


Мардан. Сен жақсылап дем аласың. (Зураға.) Бұған сен не дейсің?


Зура. Көмекшілеріңіздің бірі болуға әзірмін.


Жандос. Кешіріңіздер, мен ғылымның мүгедегі болып жүре алмаймын. Өз ажалыммен өзім алысып, өзімді жалмамақ болған тажалдың жолын өзім байлаймын. Ол үшін менің кең отырып кеңесетін ойларым бар, сіз соны тыңдаңыз.


Мардан. Сен ойынды әзір сабылтпа.


Зура. Сізге дем алу қажет болар.


Жандос. Алдымен қорғаушы жүйенің ақауын тауып, қырсықтың сол бір тесігін тығындайын. Сонан кейін менімен жердің қай тесігін тығындасаңыздар да мейілдеріңіз. Маған енді бәрібір.


Зура. Сіздің мұндай сырқат екеніңізді менің шешем біле ме? Ол осы сырқаттың маманы ғой.


Жандос. Сіз не тыңдап отырсыз? Әңгіме ол туралы болып отырған жоқ қой.


Зура. Кешіріңіз, басқа әңгімені менің тыңдағым келмей отыр.


Мардан. Мамаңа бүгін айтылды.


Жандос. Ертеңнен бастап сол кісінің бақылауында боламын.


Самалдың дауысы. Папа, телефонға.


Мардан. Қазір, қазір (Зураға.) Сен ертеңге дейін ойлан. Оз ойына қоса менің ойымды да сарабыңа сал. Ол үшін мынаны ертеңге дейін тексеріп шық. (Үйден ала келген папкасын Жандосқа ұсынады.)


Жандос. Бұл не?


Мардан. Сол апатқа ұшыраған қалпына келтірудің жобасы. (Кетеді.)


Жандос. Кірген майданыңның қандай қатерлі екенін енді байқаған боларсың.


Зура. Мен сіздің қатерлі екеніңізді ғана байқадым.


Жандос. Мен бе қатерлі?


Зура. Сіз адал махаббаттың алдында қатерлісіз. Егер бұл қылығыңызды естісе, бүкіл жастар Самалды жақтап, сізді айыптайды.


Жандос. Ex, қыздар, қыздар, жақсы жансыңдар - ау... Әттең... әттең... Тіпті жар сүйместен жастай кеттім демес едім, көлеңкелеріңді көріп тірі боп жүрсем! Жоқ, ол емес арманым: атом мүгедегі аталып, тағдырдың мазағы болмасам екен.


Зура. Басқаның бәрін білгенде, бұл сырқаттан жазылып кеткендер де бар екенін қалай білмейсіз?


Жандос (тұрып кетеді). О, мені мүгедек өмірден бездіретін осындай есіркеулер, мүсіркеулер. Дәрігерлер де маған өмір сүресің дейді. Мен ол өмірдің қандай екенін жақсы білемін. Қош болыңыз. (Кете бере тоқтай қалып.) Егер менің сырқатымды Самалға сездірер болсаңыз, ажалыма себепкер болдым дей беріңіз. (Кетеді. Зура ойда, әлдене айтқысы келіп ұмтыла бере тоқтап қалады. Ол үйге беттеген кезде қарсы алдынан Тағдыр келе жатады. Тағдыр көзін Зурадан алмастан ақырын жүріп келеді.)


Зура. Сіз маған неге мұнша қадалдыңыз?


Тағдыр. Бүкіл елімнен танығаным - бір ғана сенің көзің болса неге қадалмаймын?


Зура. Қателеспеңіз. Мен Парижға ешуақытта барған емеспін.


Тағдыр. Сенің көзің менің жаны бір жақынымның көзіне ұқсайды.


Зура. Ол жаны бір жақыныңыз кім еді?


Тағдыр. Оны білсем өзімнің кім екенімді де білер едім-ау.


Зура. Жұрт мені әкеме тартқан дейді. Мүмкін, сіздің жаны бір жақыныңыз сол шығар. Мүмкін, ол бір кезде сіздің майдандас досыңыз болған шығар, ойланыңызшы, аты Сағын.


Тағдыр. Сағын... Сағын... Әкең соғыста кім еді?


Зура. Ұшқыш...


Тағдыр (аспанға қарап). Сағын... Сағын... Қайдасың... Қайдасың?.. (Өзінен-өзі осылай күбірлеген күйі ағын арнасына кетеді. Зура оған аңыра қарап тұрған кезде Гүлзар келеді.)


Гүлзар. Балам - ау, көзіңді кімге қадап тұрсың?


Зурa (жетіп барып шешесін құшақтай алады). Мама, мына жүрген менің папам.


Гүлзар. Жап аузыңды.


Зура. Ант етейін, мама. Ол жана маған бүкіл елден танитыным сенің көзің деді.


Гүлзар. Айта берсін, мен ақылымнан әзір алжасқаным жоқ.


Зура. Саған алжастың деген кім бар?


Гүлзар. Егер мен ақылымнан алжаспасам сенің әкеңді көзінің қарашығынан да танимын.


Зура. Сол қарашыққа әлі де үңіліп көрші.


Гүлзар. Саулығын тексерген болып талай үңілгенмін. Сөзді қой да, жүр қайтсаң.


Зура. Мен Иманды күтемін. Рас айтамын, Иманда жұмысым бар.


Гүлзар. Күт... күт... мен жалғыздыққа үйренгенмін, өзім - ақ кете беремін.


Зура. Жүр, мен сені аялдамаға дейін шығарып салайыи. (Екеуі қолтықтасып кете берген кезде, алдарынан Иман келеді.)


Иман (бас иіп). Қайырлы кеш...


Зура. Мен қазір келемін. (Олар кетеді. Иман ерсілі-қарсылы жүре бастайды. Самал келеді.)


Самал. Көршім - ау, сен неменеге қапалысың?


Иман. Қапа дегенді қайдан шығардың?


Самал. Қайдан білейін, торға түскен торғайдай тыпырлайсың.


Иман. Зураны күтіп жүрмін.


Самал. Сен оны ұзақ күтетініңді білесің бе?


Иман. Неге ұзақ?


Самал. Сен екеуіміз нағыз мұңдас енді болдық.


Иман. Екеуміз бір-бірімізді түсінсек данышпан болар едік. (Зура келе жатыр.)


Самал (Зураны көре сала ерегісе сөйлейді). Мен саған Жандос пен Зураның жайлаулары осы сапар Москвада жарасқанын айтып тұрмын. Мұны түсіну үшін данышпан болудың қажеті жоқ...


Иман. Иә, қызғаныштың мұндай өсегіне түсіну үшін данышпан болудың қажеті аз.


Самал. Бұл қызғаныштың өсегі де, күйініштің күйесі де емес. Нанбасаң, міне, Зураның өзінен сұра. (Кетеді.)


Иман. Зура, мен не естіп тұрмын?


Зура. Оны өзіңнің құлағыңнан cұpa.


Иман. Самалдың айтқаны рас па сонда?


Зура. Егер мен оның айтқаны рас десем, сен не дер едің?


Иман. Сен осыны бетін бүлк етпестен айтып тұрсын, ә?


Зура. Мен сенің бүлк еткен бетіңді көргелі тұрмын.


Иман. Сен менің қытығыма тиюді тоқтат. Мен де еркекпін, менің де арым, намысым бар.


Зура. Ендеше, сол адамдық қасиеттерің орта жолда қалмай, бүкіл өмірге жететін болсын.


Иман. Сеніңше қалай, адамшылықты орта жолда қалдырмау үшін «Ура! Ура! Менің қалыңдығым басқаның қатыны болып кетті» деп айғай салуым керек пе?


Зура. Айғай салма, жайлап қана қалыңдығыңнан осы өсектің бір тамшы шындығы бар ма деп ақырын сұра.


Иман. Ал сұрадым, сонда менің қалыңдығым не дер еді?


Зура. «Алданба, менің Иманым» дер еді.


Иман (бәсеңдеп). Онда Самал неге күйінішті. Оның көзі бірдеңеге жеткен секілді.


Зура. Самалдың күдіктенуіне жететін себептер бар.


Иман. Міне, көрдің бе?.. Ол нендей себеп?


Зура. Мен оны айта алмаймын, қинама. (Жүріп кетеді.)


Иман (оның қолынан ұстай алып). Жоқ, айтасың, айтқызамын. (Дүрмек келеді.)


Дүрмек. Иә, сонымен сіз қалай шештіңіз?


Иман. Сәлем, папочка...


Дүрмек. Сенімен сөзім кейін. (Зураға бұрылып.) Мен сіздің ақтық жауабыңызды жыл бойы күтуге міндетті емеспін, жеделдетіңіз.


Зура. Маған ондай сөзді балаңыз ғана айтатын болсын. (Тез кетеді.)


Иман (Зураға ұмтылып). Зура!


Дүрмек. Тоқта, ей!


Иман (Зураның соңынан жүгіріп кетіп, қайта жүгіріп келеді). Не болып қалды?


Дүрмек (зілденіп). Мүмкін, сенің де Сағынов аталғың келетін шығар?


Иман. Аталса несі бар? Мен Зурадан артықпын ба?


Дүрмек. Онда ашық айтайын...


Иман (оның сөзін бөліп). Папа, сенің нені ашық айтатыныңды білемін. Осы қылығыңды естісе мамам не дер, екен, соны да бір ойлашы.


Дүрмек. Өміріңе кімді серік етеріңді білмей, шешеңнің жүрегін мүгедек еткен жоқсың ба? Мен сенің бұл қылығыңды сездірсем, ол мүлдем кетпей ме?


Иман. Папа - ау, өміріне кімді серік етерін білмей, жүрегін мүгедек еткен мамамның өзі ғой.


Дүрмек. Көп жаса, балам, әкеңді келемеждеуге жетіп қалыпсың.


Иман. Менің айтқаным - өз сөзің. Егер ол келемеж болса өзің неге айтасың?


Дүрмек. Менің ақтық айтарым сол: не әке-шешең біздерден, не Сағынның қызынан безесің.


Иман. Әуре болма, әке, мені ол қыздан бездіре алатын тек ажал ғана.


Дүрмек. Тап сол ажал мына менмін, естисің бе, мына менмін. Мен өзімнің Отаныма оқ атқан опасыздың қызын келін ете алмаймын.


Иман. Егер ол қыз «мен өзінің мансабы үшін баласының махаббатына дейін сатқысы келетін әкені қайын ата ете алмаймын» десе сен не дер едің?


Дүрмек. Сен мені осылай қайыстырмақсың ғой, ә? Жоқ, балақай, ол бола қоймас. Мен тірі тұрғанда, сен ол қызды ала алмассың да, сендер үшін мен тірідей көміле алмаспын.


Иман. Зура екеуміздің кесіріміз сенің дәрежеңді төмендетуі мүмкін. Дәреженің төмендеуі сендейлер үшін тірідей көмілу екені де рас. Бірақ, мен адал махаббатыңды сенің мансабыңның құрбаны ете алмаймын.


Дүрмек. Жоғал! Жоғал тезінен!


Иман. Иә, сен жоғал деген сөзді балаңа болмаса, мансабыңа айта алмайсың, өйткені сен мансапсыз өмір сүре алмайсың. Қош болыңыз, Дүрмек Азбанович, мен бүгіннен бастап Сағыновпын. (Зура кеткен жаққа жүгіріп кетеді. Дүрмек ауыр ойда тұрып қалады, кенет қайта қайраттанып дауыстайды.)


Дүрмек. Мардан? Үйдесің бе?


Мардан (сөйлей кіреді). А, көрші, хош келдіңіз. Есігіміз ашық, терімізге шығыңыз.


Дүрмек. Сіздің есік ешкімді талғамайтынын білемін, рақмет. Сіздің шет елдерді жиі аралауыңыз саяси қырағылығыңызды жоя бастағаннан бері менде үрей жоқ. Сондықтан қатты ескертемін, егер де Сағынның қызын ертеңнен бастап қызметтен қумасаңыз...


Мардан (оның сөзін бөліп). Кешіріңіз, мен мұндай сөздерді тыңдауды алдақашан ұмытқан жанмын.


Дүрмек. Онда ертең Орталық Комитеттің алдында сөйлесерміз. Мен өзімнің достық борышымды өтедім, енді әз обалыңыз өзіңізге. (Кетеді.)


Мардан. Осындай «ала жылан, аш бақа» күпілдектерден қашан құтылар екенбіз.


Самал (көзі Дүрмек кеткен жақта, сөйлей келеді). Папа, назаланған шағында Абай атамыздың әруағын осылай шақырушы едің, Дүрмекең өзіңді қорқытып кеткен - ау, ә?


Мардан. Мен қорықпаймын - ау, ол менің қорықпайтынымды білмейді, сонысы жаман.


Самал. Сен Дүрмекеңнен қорқа қалсаң ғой, Зура байғұс сендердей қамқоршы әкеден де айрылады?


Мардан. Мұнымен не айтпақсың?


Самал. Егер Зураның әкесі сатқын болмай шықса, ертеңгі күні арыңыз азап шегеді, соны ойлаңыз демекпін.


Мардан (қызының бетіне ойлана қарап). Сенде бір сыр барын сезіп тұрмын, айтарыңды жұмбақтамай ашық айтшы.


Самал (сәл ойланып алып). Папа, барлық фактілері жиналып, барлық документтері қолға түскенше сақталсын делінген еді, сонда да саған айтайын мен барып ақтаратын қабырдағы неміс ұшқышы - Зураның әкесі Сағын.


Мардан. Балам - ау, не деп тұрсың? Ондай адамның қабырын ақтарудың не қажеті бар?


Самал. Мен бірдеңе білсем, сол қабырдың ішінде көміліп жатқан бір үлкен шындық бар.


Мардан. Қандай?


Самал. Қандай екенін әзір айта алмаймын, тек Сағынның өлімі сіздерге мәлім жайдан басқарақ секілді.


Жанжар (дауыс). Самал, телефонға. (Самал жүріп кетеді.)


Мардан (жалғыз). Бұл не жұмбақ? Біз білетін - Отанның шіріген жұмыртқасы. Ондай шіріген жұмыртқаның бұлай жоқталып, бұлай ізделуі мүмкін емес. Сонда бұлардың қайдағы белгісіз біреудің қабырын ақтаруы қалай?


Шымылдық.


ҮШІНШІ ПЕРДЕ


Үшінші сурет


Арада бір айдай уақыт өтті. Сахна сол қалпы. Күн кешкірген кез. Аздан соң сахна сыртына келіп тоқтаған машинаның дыбысы естіледі. Тас жол жақтан бір қолында үлкен қорап, екінші қолында бір шоқ гүлі бар Мардан келе жатыр.


Мардан. Кемпечке! (Дауыстаңқырап.) Ay, Кемпечке.


Жанжар (верандадан көрініп). Мені кемпеке деп тұрған қай алжеке - ай?


Мардан. Мен ғой, өзіңнің жаһанкезің ғой. Құттықтаймын жан дегендегі жалғыз жан -жарым. (Гүлді ұсынады.) Өмір бойы қартайма.


Жанжар. Рақмет, шалым. Бұл не үшін?


Мардан. Бүгін сенің туған күнің, сол үшін.


Жанжар. Мардан! Не деп тұрсың ойбай? (Үрейленіп гүлді лақтырып жібереді ) Немене, сен де сырқаттанып қалдың ба?


Мардан. Сырқаты несі?


Жанжар (оның жүзіне барлай қарап). Менің туған күніме әлі бес ай бар. Есің дұрыс болса, жыл сайын тойланатын ол күнді сен қалай ұмыттың? Ұмытпасаң не айтып тұрсың? Көзіме қарашы!


Мардан. Сенін туған күніңді бес ай бұрын дәл бүгін тойлауымның үлкен мәні бар.


Жанжар. Немене, мені туған күніме жеткізбестен жерлейін деп пе едің?


Мардан. Саған жақындаған кілең жақсылық қана, қуана бер. (Гүлді қайта алып ұсынады.)


Жанжар (гүлге сүйсіне қарап). Сенің осы құрметіңе қуанар - қуанбасымды әлі біле алмай тұрмын - ау.


Мардан. Қуанар шағың әлі алда. Қонақтарың алды қазір келе бастайды, қамдана бер.


Жанжар. Қонақ? Құдай-ау, гүлге оралған әзілің екен десем, тағы не деп кеттің. Қайдағы қонақ?


Мардан. Шошыма. Келетіндердің бәрі де өзіміздің адамдар: Гүлзар, Зура, Иман, Жандос пен өзіміздің Тағдыр.


Жанжар. Қонақ күтетін түк дайындығым жоқ, күн болса кешкірді, енді қайттым?


Мардан. Ол үшін абыржыма, кемпеке. Сені ұятқа қалдырмаудың мәселесі шешілген. (Қорапты ұсынады.) Осының ішінде не керектің бәрі бар.


Жанжар (қорапты ашып қарап). Ой, айналайыным - ай, жаным жаңа жай тапты - ау... Бірақ есіңде болсын, мен өзімнің туған күнімді бұлай мазақ еткізе алмаймын...


Мардан. Бұл - мазақ та емес, сенің туған күніңді тойлау да емес.


Жанжар. Енді не?


Мардан. Бұл - осы келе жатқан бесеудің басын қосудың сылтауы ғана.


Жанжар. Сылтау? Ол не үшін?


Мардан (оны бір қолымен құшақтап). Бүгін Самалың келеді. Бұл - соның бұйрығы.


Жанжар. Боздағым - ау, оны менен неге жасырып тұрсың?


Мардан. Не екені белгісіз, әйтеуір қызымыздың осы бесеуіне әкеле жатқан құпия бірдеңесі бар.


Жанжар. Қаптап кеткен бұл не жұмбақ? Тіпті Жандос та шақырыла қалыпты. Кеше ғана еді ғой сенің оны дем алу үшін Ыстықкөлге кеткелі жатыр дегенің. Енді оны несіне шақырдың? Ол - қызымыздың бағын байлағысы келмей ерлік етті, сол ерлігімен кете бермей енді неге келеді?


Мардан. Мен оны Самалдың бұйрығы бойынша шақырып отырмын. «Менің Жандоспен сөйлескім келеді, мен барғанша ол ешқайда кетпесін», - депті. Міне, телеграммасы. (Береді.)


Жанжар. Сонда ол енді не сөйлеспек?.. Не? (Көзі телеграммада).


Мардан. Оны мен қайдан білейін. (Аз уақыт үнсіз.) Маған ешкім телефон соққан жоқ па? (Қаттырақ қайталады.) Маған ешкім телефон соққан жоқ па деймін?


Жанжар. Мен саңырау емеспін, айқайлама.


Мардан. Кешір, кемпекем, кешір. (Екеуі үйге кетеді. Аздан соң сахнаның сол жағынан Тағдыр, өз дачасы жағынан Дүрмек келеді.)


Дүрмек. Тоқтаңыз!.. Бері жақындаңыз! (Тағдыр жақындайды. Дүрмек оның бетіне үңіле қарайды.) Мені алдаймын деп шаршамай, шыныңызды ғана айтыңыз. (Қолындағы газет бетін нұсқайды.) Мынау екі қазақтың ортасында қасқайып отырған фашисті танисыз ба?


Тағдыр (газетке бір қарап алып басын шайқайды). Жоқ.


Дүрмек. Жалған айтасыз, жалған. Бетіңізді әйеліңіз де тани алмастай етіп қанша таңбалатсаңыз да, мен ізді жақсы таныдым.


Тағдыр (қуанып). Анық па?


Дүрмек. Сіз осыдан жиырма екі жыл бұрын немістерге сатылған, сол сұрқиялығыңыздың ізін бүркеу үшін өзіңізді өзіңіз өтірік өлтіріп, фашистерге мынандай қаралы газет шығартқан Сағын дейтін залымның өзісіз. Мынау Райхер дейтін фашистің оң тізесін баса күлімдеп отырған сұлу қазақ сіз. Өзіңізді өзіңіз енді таныған боларсыз, мырза.


Тағдыр (тізерлеп отыра кетеді). О, жалмауыздардың жалмауызы, адамзаттың азғыны болмасаңыз айтыңызшы, қайда менің мынау екі серігім? Жаратушы тәңірімдей көріп жалбарынамын, айтыңыз, жасырмаңыз.


Дүрмек. Енді әбден белгілі болдың, оңбаған. Көзіңді бүгін-ақ жоғалтамын, иманыңды айта бер сатқын. (Кете береді.)


Тағдыр (жүгінген күйі етпетінен түсіп, оның аяғын құшады). Жалынамын, иманымды айтқыза беріңіз, тек гестапоға айта көрмеңіз.


Дүрмек. Сенің ондай сайқалдығыңа алданатын мен Мардан емеспін, жоғал! (Аяғымен серпіп тастап кетеді.)


Тағдыр (тізесімен жүгініп). Ей, ағатай-ау, аясаңшы, гестапо мені тағы да кескілейді ғой. (Кенет ойланып.) Мен не дедім?.. Мен қайдамын осы? Мардан аға, қайдасың? (Айқайлап.) Мардан аға! Мені қайда әкеліп құлаттың? (Етпетінен жата қалып жерді аймалайды.) Ей, туған жер, мен сенің перзентің емес пе едім? Тым болмаса сен аясаңшы. Айтсаңшы, мен кіммін осы? Кіммін? (Бетін жерге басып жылап жібереді.)


Келе жатқан Гүлзар оны алыстан байқайды.


Гүлзар (жетіп келіп басын сүйейді). Батыр-ау, жер құшқандай сізге не болды?


Тағдыр (қайта жадырап алысқа қарайды). Батар күнге жабысқан көкжиекті қараңызшы, неткен сұлу. Францияда мұнан басқарақ. Иә, иә, осының бәрі мен үшін дүниеге жаңа келген ғажайып сұлулықтар. Өйткені, мен өмірдің қасіретті көзін ұмытыппын да, кілең кереметтерге толы бақытты шағына тап болыппын. Сондықтан да мен өзімнің зейін-зердемнің жоғалғанына көп өкінбейтін болып барамын. (Әлдене айтқысы келген Гүлзарды сөйлетпейді.) О, сіздер өмірдің кереметтерін ғана сезінудің қандай бақыт екенін білмейсіздер. Өйткені сіздердің жүректеріңізде өткен өмірдің балымен бірге уы да бар, оны ұмыта алмайсыздар. Сіз күлмеңіз... Егер өмірдің мен көріп жүрген кереметтерін ғана көретініңізге көзіңіз жетсе, сіз зейін-зердеңізді құрбан етер едіңіз. (Сөйлегісі келген Гүлзарды тағы да сөйлетпейді.) Тағдырмен егеспеңіз, сүйікті Гүлзар. Ол ешкімге бас имейтін тәкаппар, ол ешкімді аямайтын қатал, ол ешкімге қайыспайтын қайсар. Кешіріңіз мен сіз бар жерде ғана шаттанып осылай қанаттанып кетемін. Егер сіз көзімнен сәл тайсаңыз жаным жараланып, бүкіл дүние сұрланып сала береді. Менің бұл ауыр азабымды сіз өзіңіздің салқын шырайыңызбен қалжыңдайсыз. Бұл менің жеңілдік сұраған жалынышым да емес, аяңыз деп өтінген мінәжәтім де емес. Жоғалсын қасірет, тек Сағыным табылсын, Сағыным.


Гүлзар (таңдана шаттанып). Сағын? Ол кім?


Тағдыр. Ол - өзімнің аспаннан бірге құлаған досым.


Гүлзар. Аспаннан бірге құлаған? Қайда? Қашан?


Тағдыр (есіне түсіре алмай қиналып). Тағы да жоғалды - ау.


Гүлзар. Нені жоғалттыңыз?


Тағдыр. Жаңа ғана Сағын екеуіміз Райхердің самолетімен аспанда самғап келе жатыр едім, тағы да адасып қалдым.


Гүлзар. Жалынамын, адаспаңызшы. Айрылмаңызшы сол елестен. Тым болмаса сол құлаған жерлеріңізді еске түсіріңізші.


Тағдыр (өз ойымен алыса түре келеді). Сағын!.. Сағын!.. (Әлденені есіне түсіре алмай ызаланады.) Ей, жасаған! Тым болмаса сол тас қабырды есіме түсірсеңші. (Ойлана қалып). Тас қабыр? Мен не деп кеттім?.. Қайдағы тас қабыр айтып тұрғаным?..


Гүлзар. Ол кімнің қабыры еді?


Тағдыр. Қалың орман... жалғыз жартас... жартас... жартас... (Осылай өзіне өзі күбірлеген күйі кете береді. Гүлзар барып оның қолтығынан ұстайды. Тағдырдың күбірі көпке дейін үзілмейді. Аздан соң екінші жақтан қол ұстаса жүгіріп Зура мен Иман келеді.)


Иман (көзі Тағдыр мен Гүлзар кеткен жақта). Зура, сен ана бір ақ қар, көк мұзға шыққан екі қызғалдақты көрдің бе?


Зура. Қарға шыққан қызғалдақ? Қане?


Иман. Көзіңді Алатаудың басына емес, баурындағы бақтың ішіне жібер.


Зура. Сен оны өзіңнің әкеңе айт.


Иман. Нені?


Зура. Қасірет мұзы махаббат гүлін сөндіре алмайды. Әкеңе соны түсіндір.


Иман. Басы жас қой, кейін түсінер. Айтпақшы, ол бүгін мені енші бөлісу майданына шақырған еді-ау. Жандос келгенше мен сонда барып келейін.


Зура. Өтінемін, әкеңмен қатты сөзге барушы болма.


Иман. Мақұл. Оның орайына менің сенен тілер тілегім: егер сенің жолыңда құрбан болсам, Алатаудың басына жерлегейсің.


Зура. Алатаудың басына емес, ракетаға мінгіземін де, Айдың өзіне жіберемін.


Иман. Сол үшін алдын ала... (Зураның бетінен шөп еткізіп бір сүйеді де, өз дачасына қарай жүгіріп кетеді. Зура оның кеткен жағына шаттана қарап тұрған кезде манағы кеткен жағынан Гүлзар келеді.)


Гүлзар. Балам - ау, жалғызбысың, Иманың қайда?


Зура. Заттарын алғалы әкесінің дачасына кетті, қазір келеді.


Гүлзар. Құлыным - ай, сенің тым болмаса қайын атаңды да «папа» дей алмағаның ба? Неткен ауыр арман еді бұл?


Зура. «Мама», «папа» деуді армандайтын мен ғой. Егер де сен бір тілегімді қабылдасаң, мен ол арманыма бүгін-ақ жетер едім.


Гүлзар (таңдана қарап). Бүгін-ақ? Қалай?


Зура. Ағат болса қынжылма. Менің «папа» дегім келіп жүрген адамым Тағдыр.


Гүлзар. Тағдыр!.. Мүмкін, оны әкеңнің орнына әке еткің де келер?


Зура. Егер де сен...


Гүлзар (жақтан тартып жібереді). Өшір үніңді! Егер мұндай сөзді енді қайтып айтар болсаң, қараңды да батыр.


Зура (шешесін құшақтай алады). Кешір, маматай, кешіре гөр. (Жандос келеді.)


Жандос. Қайырлы кеш, Гүлзар апа...


Гүлзар. Жандосым - ай, сенің кеше жүріп кетпей, бүгінгі кешті бізбен бірге өткізгенің жақсы болды-ау, көңіл-күйің бүгін қалай?


Жандос. Немене екенін білмеймін, әйтеуір бір белгісіз қуаныш кеудемді кернеп барады.


Гүлзаp. Белгісі де бар шығар.


Жандос. Бар, Гүлзар апа, бар. Біздер мені жалмай жаздаған ажалды жеңдік. Сол шайқастың кезінде қызыңыз нағыз ғалым болатынын жақсы көрсетті. Құттықтауыма рұқсат етіңіз. (Қол алысады.)


Гүлзар. Көп жаса, балам, мені қатты қуанттың. Егер өмірді дәл физиканы білгендей білсе, жаман қыз өсірмеген секілдімін. Енді тек сондай апаттан аман болса екен.


Жандос. Қыздардың апаты жаман жігіттер ғой, Зураңыз ондай апатқа да ұшырай қоймас.


Гүлзар. Ол да мен үшін үлкен қуаныш, рақмет, балам. Самалың бүгін келетін көрінеді, сен де қуана бер.


Жандос. Бүгін!


Гүлзар (келе жатқан Жанжарды көріп). О, жан жеңге, туған күніңіз құтты болсын! Денсаулықтан бастап барлық бақытты бүкіл әулетіңізге тілеймін!


Жанжар. Рақмет, сүйіктім, бар қуанышымыз ортақ болсын. (Екеуі сүйіседі, Гүлзар сумкасынан бір зат алып береді. Жанжар алғысы келмей.) Апыр-ай, Мардан - ай...


Жандос (әкелген сыйлығын ұсына бере басын иеді). Менің әкелген сыйлығым - өзімнің маңдайым ғана. (Жанжар оның маңдайынан сүйеді. Жандос оның құшағынан босай бере шегіне жөнеледі.) Кешіріңіздер, менің қалаға жетуім керек.


Гүлзар. Қалада не бар? (Жандос оның құлағына бірдеңе сыбырлайды. Гүлзар оның қолтығынан ұстай алып үйге қарай беттейді.) Ол үшім жазаны бірге тартамыз, не көрсең де бізбен бipгe көретін бол. Жүр.


Олар үйге кетеді. Аздан соң өзінің дачасы жағынан қолында екі чемоданы бар Иман, тас жол жақтан Самал келе жатады. Самалды үстінде жол киімі, арқасында сапар сумкасы.


Иман. Самал, сен қайдан сап ете қалдың?


Самал. Жандос қайда? Оның денсаулығы қалай?


Иман. Келместен жатып оның денсаулығына сен неге құмарта қалдың?


Самал. Сөйлеме, мен бәрін де білемін.


Иман. Нені білесің?


Самал. Сен менің сұрауыма жауап бересің бе, жоқ па?


Иман (баптап). Қайын енемнің хабарына қарағанда, сенің мықтап бір сүйгеніңнен қалатын ауру Жандоста жоқ секілді.


Самал. Өтірік айтып тұрсың. Сонда да рақмет.


Иман. Тағы бір жаңалық, мен Зураға үйлендім. Бірақ тойымызды сенің келуіңе қаратып отырмыз.


Самал. Солай ма? Құтты болсын, тойларына тартар сыйым әзір. Ана шамды жағып жіберші.


Иман. Үйге неге кірмейсің?


Самал. Шам жақшы? (Иман шамның тетігін бұрайды, сахна түгел жарқырап кетеді.)


Иман. Сиқың мүлдем қиқайып кетіпті, жолың ауыр болған - ау сірә?


Самал. Атама... (Үйден Жанжар келеді.)


Жанжар. Мына шамдарды мерекедегідей жарқыратып қойған кімнің Иман, сенбісің?


Иман. Жоқ, жан апа, мен емес. Түнімізді күндізге айналдырып жіберген аспанның мына бір қызы.


Жанжар (Самалды енді ғана аңғарып). Балапаным - ау, күнім - ау, барсың ба? Сарғайттың ғой шешеңді. Осының бетінен қайта-қайта сүйеді. Үй жаққа дауыстап. Ау, құрметті қонақтар, мұнда келіңіздер. Менің туған күніме келген ең үлкен сыйлықты көріңіздер.


Самал. Қайдағы туған күн?


Жанжар. Бұл - әкеңнің жасанды тойы, не үшін екенін өзім де білмеймін. (Үйден Гүлзар мен Зура келді.)


Зура. Самал! (Жүгіріп келіп құшақтай алады.)


Самал. Тойларың тойға ұлассын! Гулзар апа қонған қиясы биік болсын.


Гүлзар. Рақмет, жаным. (Самалдың маңдайынан сүйеді де, оңашалап.) Мен сенің жылап жазған хатыңа күлетін жауап қайтарған едім, алған боларсың.


Самал. Хатыңызға күлгенім жоқ, жылай түстім, сол үшін рақмет сізге. Өйткені, мен Жандостың сырқат екенін сезбестен жаралай түсіппін. (Тағдыр келе жатыр. Самал үнсіз барып оны құшақтай алады.) Кешіріңіз сізді көргенде көзімнен жас шығып кетті.


Тағдыр (Самалды құшақтай түсіп). Сенің көзің жыласа, менің жүрегім жылайды.


Самал. Қандай сағынғаныңызды хатыңыздан сезгенмін.


Тағдыр. Сен оны алдың ба?


Самал. О, алғанда қандай! Сіздің ол хатыңыз тиісті жерлердің сарабына да түсіп, мұнан жиырма екі жыл бұрын жазылған бір хаттың тарихын да ашып берді.


Тағдыр. Хаттың тарихын?


Самал. Оны ойлап шаршамаңыз, бәрін де қазір естисіз (Мардан келеді).


Мардан (шаттана шалқып, сөйлей кіреді). Жаным менің, сәнім менің. Мақтаным менің. (Қызын құшақтап сүйеді.)


Самал (әкесінің бетінен сүйе сала жалт бұрылып). Иман, сенің әкеңе арнап әкелген сыйым бар еді, үйде болса шақырып келші. Тез... тез... (Иман жүгіріп кетеді.)


Жандос (сөйлей кіреді). Самал, бұл дүниеде мен де бармын. (Самал екеуі біріне-бірі үнсіз қадалып жақындайды.)


Самал. Менің ақылсыздық еткенімді елемей, мұндай ақылдылық жасағаның үшін. (Қолын береді. Жандостың қолын босатпастан.) Егер махаббаттың ажалды жеңетіні рас болса, мен жеңемін, саған әзірше айтарым осы.


Дүрмек (анадайдан сөйлей келеді). Алты жасар бала алыстан келсе...


Мардан. Алпыстағы шал сәлем береді.


Дүрмек. Бабаларымыздың сол философиясы бойынша Самалжанға сәлем. (Самал қол алысады.)


Иман. Самал, әкелген сыйлығың әкемнің осы философиясына сай болсын.


Самал. А, онда ол әңгімені өткен күннің бір ауыр хикаясынан бастайын. Ол үшін, Тағдыр аға, сізге бірнеше сұрау.


Тағдыр (таңдана қарап). Маған ба?


Самал (Тағдырдың екі иығына кезек асыла, бір қолымен құшақтай тұрып қызықтыра сөйлейді). Сіз алтын түсті жапырағы жайқалған, арасынан ит тұмсығы өтпейтін бір қалың орманды көзіңіздің алдына келтіре отырып ойланыңызшы...


Тағдыр. Қалың орман?


Самал. Сол орманның ішінде алақандай алаң бар, сол алаңның қақ ортасында жалғыз жартас бар, сол жартастың ішінде бір үңгір бар, соны есіңізге түсіріңізші.


Мардан. Балам - ау, өзінің үйі қайда екенін білмейтін адам қайдағы бір үңгірді қайдан білсін.


Самал. Өз үйін білмесе де, сол үңгірді білуі мүмкін. (Тағдырға.) Ойланыңыз. Менің айтып тұрғаным - 1042 жылы 18 сентябрь күні өзіңізбен бірге құлаған жол асыңызды жерлеген тас үңгіріңіз.


Тағдыр. Тас үңгір... тас үңгір.. тағы да... тағы да...


Самал (қалтасынан былғары тысы бар кішкене дәптерді алып Тағдырдың көз алдына тосады). Мынаны танисыз ба? (Тағдыр ойланып қалады.) Өзін танымасаңыз сөзін тыңдаңыз. (Дәптерден оқиды.) Мен сенің аспаныңда жараланған самолетіңмен пірге құлап, ессіз жатқан көзімде қолына түскен, бірақ қанша азап шексе де, өзіңді сүюден айнымаған Азат дейтін перзентіңмін. Сол сені сүйген жүрек - бүгін біздерге жаудың аэродромын өз бомбаларымен талқан қаттырған. Сол сені сүйген жүрек - біздерді өзіңе қарай алып қашқан. Мен мұны жау аэродромын өзіммен бірге талқандасқан, өзіммен бірге құлап, секіруге үлгере алмай өліп кеткен бауырым Сағынның атынан да айтамын...


Гүлзар. Сағын! Сағын дей ме?


Самал. Өтінемін, аз сабыр етіңіздер. (Оқи береді.) ...Қанша жерде қай жақта екенін дәл айта алмаймын, осы маңдағы қалың орманның ішінде бір жартас бар. Сол жартаста үңгір бар. Мен өзімнің Сағынымның денесін сол тас үңгірдегі біреудің қабіріне жерледім. Оның кім екенін бізбен бірге көмілген борт журналынан көресіздер.


Ізіме түскен иттердің арсылы, иттердің жетегіне ерген немістердің жақындап келеді. Қош, жарық дүние.


Азат Найманов, 1942 жыл. 19 сентябрь. Украина жері. Шиелі деревнясы. Вера Васильевна Велеконның үйі. Өзімді кеше кештен бері паналатқан осы әйелге мынау дәптеріммен бірге бар үмітімді қалдырдым.


Тағдыp. Мұны жазған кім?


Самал. Сіз. Менің оқып тұрғаным - сіздің сол әйелге қалдырып кеткен дәптердегі сөзіңіз.


Тағдыр. Ол әйел қайда?


Самал. Қазір Киев қаласында. Ол сіздің ізіңізге түсіп келген немістер үйін қоршап алған кезде бұл дәптерді қайда тыққанын білмей жүре беріпті де, жуырда ескі жастықтың ішінен тауыпты.


Дүрмек. Ау, Самал шырағым, осы әдемі ертегіңді немен дәлелдейсің?


Самал (тез қимылдап сумкасынан борт журналын суырып алды). Міне, менің дәлелім. Бұл Сағынмен бірге көмілген борт журналы. Сіздер өздері алданып бұлардың соққысына ұшыраған ызалы фашистердің өтірік лақабына алданыпсыздар. Олар бұларға өз Отанын өшіктіру үшін қазасына қайғырған болып, қаралы суреттерімен бірге жоқтау өлеңдерді де басып шығарған. Тіпті бұларға самолетін бергені үшін Гитлердің бұйрығы бойынша атылып кеткен Райхер дейтін неміс офицерін орыс майданында ерлік өлімімен осылармен бірге қаза болды делініп, суреті осы екеуінің суретімен бірге басылып шыққан. Сіздер соған алданғансыздар. Соғыс кезінде менің панамды ажалдан алып қалған Лиллий ханум сол Райхердің жесірі. Оның дүние жүзіне жар салып, іздеп жүрген Азат дейтін белгісіз досы алдарыңызда отыр. (Тағдырдың алдын тосып.) Азат аға, сіз мына журналды танисыз ба?


Тағдыр (журналды қолына алып ойлана қалады, әлдене есіне түсіп, соны іздегендей журнал беттерін асыға ақтарды. Бір бетке кілт тоқтап, қуана айқайлап, журналды кеудесіне қысады. Сахна соның шаттығына үйірілгендей шыр айналды. Тағдыр бар шаттық дауысымен айқай салады). Таптым... бәрін де таптым, бауырлар... (Соның сол айқайына ілесе самолеттің гүрілі, бомбалардың түйдектеле жарылған гүрсілі, аспанды сындыра сатырлаған снарядтардың назағайдай айбынды үні ұласып кетеді. Жердегі бомбалардың да бірін-бірі атқылап талқандалып жатқаны білінеді. Немістердің бажылдасқан үрейлі үні өршіп барып өшеді. Сол сұрапылдың ішінен сол соғыстың үстінде Тағдырдың дауысы саңқылдайды.)


Тағдырдың дауысы. Соқ, Сағыным, бауырым, соқ!.. Соқ!.. Соңғы рет шүйілемін, соғып қал!.. Отанымыз үшін!.. Қанымызға боялған заманымыз үшін, соқ!.. Фашистердің өз бомбасын өздерінен аяма... Аэродромын түгел қаусат!.. Қаусат!.. (Жаңағы сұрапыл үдей түсіп барып басыла берген кезде Тағдырдың дауысы естіледі. Қош, неміс халқының адал перзенті, біздің батыр досымыз, Райхер. Қош, бауырым, қош... (Оның дауысымен бізге самолеттің гүрілі де алыстап кетеді. Шам қайта жанады. Осыларды есіне түсіріп тұрған Тағдыр шаттана түседі. Ол әлденені айтып мәз, бірақ дауысы естілмейді. Бір кезде ол ойлана қалып жан-жағына тамашалай қарайды. Өзіне-өзі сұқтана қарап, шаттана шалқиды. Кенет басқа ойға түсіп салқын тартады.)


Тағдыр. Аһ, арман... арман... Мен жеткен мынау бақытты күнге сен жете алмай арманда кеттің - ау, бауырым... Сағыным...


Зура (бар даусымен). Азат аға... ағатай! (Ұшып барып оны құшақтай алады, алқына сөйлеп). Анық па? Менің әкем анық сондай батыр ма? Жалынамын, ағатай, анық деңізші.


Тағдыр (қайта жадырап, Зураны бір қолымен құшақтайды). О, Зурашым... сенің әкең батыр болғанда қандай. Ол бүкіл заманымыз мақтан ететін батыр. Мақтан... шаттан, балапаным! (Зураны бір қолымен құшақтаған күйі залға жақындайды.) Сол замана батыры Сағынның әруағын шақыра тұрып айтарым: ол үшін баршаңыз да мақтаныңыздар, баршаңыз да шаттаныңыздар!


Самал (сумкасынан орамалға түйілген бір уыс топырақ алып Гүлзарға ұсынады). Гүлзар апа, мынау Сағын әкеміздің біздер қайта жерлеген жас қабырының топырағы, қабыл алыңыз.


Гүлзар (топырақты кеудесіне қысып). Келдің бе, Сағыным, өшпейтін жалыным, үзілмейтін үмітім. Сенбейтін жұлдызым. Енді қазір өліп кетсем де арманым жоқ.


Зура. Әруағыңа өмір бойы табынып, топырағына өмір бойы бас ұрдым, әке! (Топыраққа бетін басады.)


Дүрмек (өзіне). Мынау көр топырағы көзіме шашылғандай тағы да өкіне бастадым - ау.


Иман. Теңіздей терең сыры қилы-қилы хикая, неткен ғажап жан еді.


Жандос. Осындай батырлардың талайы әлі де белпаз болып жатыр-ау.


Жанжар. Бүгінгі күн - Тағдырдың туған күні, соны естеріңізде сақтаңыздаршы.


Самал. Отанымыз үшін қаны тамғандардың барлығы бірдей естеріңізде мәңгі сақталсын! Өмір бойы ардақтап өтейік оларды. Ендігі антымыз осы болсын!


Мардан. Иә, бәріміздің де айтар антымыз осы болсын... Ей, отандастар... ей, замандастар! Ей, бүкіл адамзат баласы! Өзіңді, өзіңнің ұрпағыңды қорғап қалған осындай батырлар. Сол батырлардың бір де бірін ұмытпаңдар... ұмытпаңдар... Ей, ұрпақтар, сендерге де айтарымыз осы. Сендерге қалдыратын ең асыл мұрамыз да осы.


Шымылдық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу