27.01.2022
  230


Автор: Әлжаппар Әбішев

Әке мен бала

Сөз болғалы отырған әке мен бала майданнан келгендер.


Әкенің жасы жиырма бес мөлшерінде де, баланың жасы он бір, он екіден артық емес.


«Бұл қалай, он үш жасында үйленген бе?»—демеңіздер, оның өзінше сыры бар.


Әкенің омырауында — үлкенді-кішілі он екі орден медалы бар да, баланың омырауында «Қызыл жұлдыз» ордені бар.


«Он бір жасар бала орденді қалай алып жүр?» — демеңіздер, оның да үлкен сыры бар.


Әке майорша, бала солдатша киінген.


Осы екеуі май айының маужыраған бір әдемі күнінде Алматының сұлу паркінің ішінде, оның көк жасыл көркіне сүйсіне қарап келе жатыр екен. «Ойламаған жерден» деген сөзді әрдайым айта береміз ғой, ойламаған жерден кездессе кеттім.


Олар Алматының сұлу көркіне таңданса, мен оларға таңдандым. Мені таңдандырған, әсіресе, солдат баланың:


— Папа, осы ағаштың бәріне де алма шыға ма?— деген сұрауы, сұраулы емес-ау, «папа» деген сөзі болды.


Жөн сұрасу мен сөз басталды. Сөз басталысымен шүйіркелесе кеттік. Алғаш көргенде жігіттің ерге бітер кесек тұлғасы көз тартып еді, енді сөйлеген сөздерінен ойының да кесек екені сезіле бастады.


Бір мың тоғыз жүз қырық үшінші жылы Украина майданындағы қазақ жауынгерлерінің Қазақстан халқына жазған хатынан бір танкист командирдің ғажайып ерлігін оқып қатты сүйсінген едім. Сол мұнан үш жыл бұрын сырттан сүйсінген адамым осы Сабыр Нұрманов екен.


Ардақты оқушым! Алдын ала ескертейін, бұл батыр жігіттің сол ерлік істерімен осы әңгімеде біз де танысамыз екен демеңіздер. Өйткені ол өзінің танкысымен жаудың талай тас қамалын талқандап, талай жауды таптаған, қысқасы, қай жерде қандай зор шайқас болса, соның бәрінен де үлкен абыройлы болып, жеңіспен қайтқан даңқты батырлардың бірі.


Оның Ұлы Отан соғысындағы жорығы 41 жылы июнь айының 24-нен 25-пе қараған түні, таңға жақын Батыс Белоруссияда басталып, 45 жылы сегізінші май күні Прага қаласының батыс жақ сыртында бітіпті.


Төрт жылға созылған сондай зор жорықты осындай көлемі аз нәрсеге сыйғызу, әрине, мүмкін емес. Сондықтан сөзді Сабырдың өзіне беріп, баласымен ғана танысайық.


— Бір мың тоғыз жүз қырық үшінші жылдың жазы, немістердің ен ақырғы зор шабуылға әзірленіп жатқан кезі еді. Бір күні майдан қолбасшысының біздің корпусқа арналған бұйрығы келді. «Немістер біздің қарсы алдымызға төккелі бірнеше эшелон қару-жарақ әкеле жатыр. Алдағы түнде майдан шебімен сексен километр жердегі «Н» қаласына келіп жетеді. Сол жерден майданның тұс-тұсына тартылмақ. Қалайда осыны сол топталып тұрған жерінде құртыңдар!»—депті.


Бес емес; он емес, жүздеген танкімен жаудың тылына көпе-көрнеу өтіп, онымен де қоймай, қиыр түпкіріне барып соғыс ашудың қандай қауіпті екенін айтпасам да болар. Өйткені қауіптеу деген әлсіздіктің белгісі. Халқымыздың майданнан келген біздермен әңгімелескенде. «Қауіпке қалай қарсы бардың,— демей,— жауды қалай жеңдің?»—деп сұрауы да сондықтан ғой. Рас, жайшылықта бәрі де есептеледі. Ал, айқасқа бір кіргеннен кейін қауіптің көлемін өлшеп, жаудың санын санау бізде болған емес. Бұл сапарға да сол салтымызбен сескенбестен аттандық.


Қазылған ор, атылған оққа қарамастан, майдан шебін бұзып өтіп, жаудың ту сыртына шығып алдық. Ай тастай қараңғы. Ұзап алғаннан кейін барар бағытымызды түзеп алып, айтулы қаласына қарай жолсыз жермен тартып келеміз. Мана майдан шебінен өткенімізде, бізді атқылаған жаудың зеңбірегінің үнінен жер сілкінгендей болып еді, енді жым-жырт, құлазыған үнсіз далаға кездестік.


Айтқан қалаға да жақындап қалдық. Танктардың бәрі де самолет бензинмен суарылған, дыбыстары жөнді шықпайды. Қалаға жақындап келіп, барлаушылар жіберіп едік, олар немістердің көшеде бейбастық істеп жүрген бір-екі офицерін ұстап әкелді. Біздің қолбасшының айтқаны дәл екен, он жеті эшелон келіп жетіпті. Ішінде кілең танкілер тиелгенінің өзі он бір. Қай жерде қандай күштер тұрғанын белгілеп алдық та, төртке бөлініп станцияның төрт жағынан шықтық. Таң атып келеді. Қимылдаудың кезі жетті.


Майданнан алыс жатқаң немістер бейқам екен. Тек самолеттерден қорғануға әзір болу керек, көк жүзін тілгілеген прожекторлардың ғана сәулесі көзге жиі түседі.


Дыбыс білдірмей жақындап келіп, төрт жақтан кие жөнеліп едік, немістердің сасқандығы сондай, әзір тұрған зениткаларын сол аспанға қараған күйінде гүрсілдете бастады. Олардың оғы аспанға кетіп жатыр. Біз бірінен соң бірін таптап, алға қарай ұмтылып келеміз.


Станция төбесінде өрт жалыны минут сайын күшейіп, жалыннан күмбездер орнап, кейбір жеріне жанар тау да пайда болды. Неміс қаруларының да үні шыға бастады. Бірақ бұл бізге қарсы атылып жатқан оқтың үні емес, біздің оғымыздан, оғымыз салған өрттен тұтанып жарылған снаряд пен бомбалардан бензин багына от тиіп, жалын құша құлап түсіп жатқан ауыр танктардың өзді-өзі соғысып жатқан болат, шойындардың үні. Шегірткедей аспанға жарқырап ұшқан қалың оқтың арасынан қып-қызыл күйінде ұшып жүрген білектей темірлер де көрінеді Қарсыласқан біреу-жоқ . Тек немістердің безілдей қашып бара жатқанын өрт сәулесімен алыстан ғана көріп жүрміз. Дәл сол немістер Берлинге дейін қашса да мен оларды қорқақ демес едім, өйткені мынандай от сұрапылына қарсы келу мүмкін емес.


Бірақ бізге де қауып төнді. Немістің он жеті эшелонынан он жеті жанартау орнатып болып, мақтаныш сезіммен қайтуға әзірленіп жатыр едік, немістер кейінгі бір қалада тұрған қалың күшін біздің алдымызға әкеп төге салды. Жаудың күші басым екенін, оғымыздың азайып қалғанын білсек те, бұл қауіпті де елегеміз жоқ. Өйткені, әрқайсымыздың кеудемізде: мен бүгін Отан бұйрығын орындадым деген шаттық бар. Көңілде сондай шаттық тұрғанда, қаймығатын жан кемде-кем, өз ойымша сондықтан ғой деймін, қара құрттай қаптап келе жатқан жау танкыларына қарсы ұмтылдық.


Бір тамашаны мен сол күні соғыста көрдім. Адамның терісі елеуіш сықылды болады екен. Қарсы келіп қалған немістің бір үйдей танкысын танкыммен соғып жіберіп, тоңқалаң асырып едім, дүние қып-қызыл болып кетті. Былай шыға бере көзімді сүртсем, көзімнен қан ағып тұр. Жолдастарыма қарасам, олардың көзінен де, бетінен де қан шып-шып шығып тұр.


Біз қаша ұрыс салған едік, жау алды-артымыздан бірдей орап алды. Дегенмен ұстап тұра алған жоқ, ол күні күнімен, түнімен соғысып, келесі күні таңға жақын қоршауды бұзып шықтық. Бірақ мен ұзап кете алмадым—танкым өртенді, аяқ сынды, бет күйді, жолдастардан айрылдым. Өзіңе оқ тию — тән жарасы да, жолдасыңнан айрылу — жан жарасы екен. Бірақ өлім үшін емес, өмір үшін тудым ғой. Ендеше, өлімге неге бойсұнамын, ажалменен әлі де алысып көремін дедім де, бір шұқырға құлай кеттім.


Өлді деді ме, әлде танкыдағы басқа жолдастарыммен бірге өртеніп кетті деді ме, немістер өздерінің сорына қарай мені көрместен өте шықты.


Жау қарасы өшіп, тар дүние кеңігендей болған соң етігімді кесіп тастап, аяғымның жарасын байлап алдым, Қыбыр еткен жан, тырс еткен дыбыс жоқ. Жапан далада жалғыз қалған жаралы жанның күйінен ауыр күй болмас. Тірі қалғаныма мана қуанып едім, енді өкіне бастадым. Өкініш деген өрт қой, өзімді өзім атпақ болып наганымды қолыма алып едім, ішінде оқ толы екен. Көзім оққа түсті де, көңілім тоқырап қалды. Жүзі келмесе де оны келер, оны келмесе де бірі келер немістің. Жастығымды ала өлейін деген ойға келдім де, жаудың келер кезін күттім. Немістер келмей ол үмітім де далаға кетті. Енді өлгім де келетін емес! Тек, қаным кеуіп, шөлдеп барамын, Күндіз шөлдеп өлер халге жетемін де, түнде шық түсісімен шөптің шығын жалап жан шақырамын. Сегіз жүз метр жерде орман тұр. Арманым сол орманға бір жету. Күндіз жатамын, түнде орманға қарай бір жамбасыммен жылжимын. Аяқсыз көрген күнің де күн емес-ау, сегіз жүз метр жерге екі түн жылжып әзер жеттім. Орман іші самал, самалды жер рақат қой. Бірақ бес күннен бері дәм татпағандікі ме, әлсіреп кеттім. Бір жағынан жара да жаныңды қинап барады. Өмірді қанша қимағанмен, енді шыдамым таусылды. Майданда жүрген әкем мен командиріме хат жазып, өмірмен хош айтыстым да, наганымды кеудеме тіредім. Дәл сол кезде ғайыптан біреудің:


— Ей, тоқта!— деген даусы саңқ етті.


Өңім екенін, түсім екенін біле алмай ақырын жан-жағыма қарасам, қарағайда жабысып бір бала тұр, Баланы көргенде, жүрегім елжіреп сала берді, қолымдағы наган да түсіп кетті.


Пала жүгіріп келіп басымды құшақтай алды. Өзінше менен үлкен де, ақылды да сияқты, өлгеннен келер пайда жоғын айтып, бар білетін тәтті сөздерімен мені жұбатқан болып жатыр. Кейде мақтанып та қояды.


Сабыр соны айтқан кезде, үлкен кісілерше екі қолын артына ұстап, аяғын салмақпен басып келе жатқан баласы әкесіне жалт қарады. Әкесі оны байқамағандай болып:


— Ол немістерден қашып жүрген Сергей дейтін бала екен, — деп, әкесі сөзін қайта бастап кетті.— Деревняда шешесі бар, түнде үйінде болып, күндіз орманда жүреді екен.


Бала менің әлсірегенімді айтпасам да сезді де, көп отырған жоқ, шалбарының балағын түріп алып, тұра жөнелді. Мен тағы да жалғыз қалдым. Бірақ өмірдің тұтқасынан мықтап ұстағандай үлкен үміттімін. Ол үміт көріп, өміріме тұтқа етіп жатқаным— манағы кеткен бала.


Күн бата берген кезде, шешесін ертіп бала қайтадан келді. Кешкі самалмен сергіп басымды көтеріп отыр едім, ананы көргенде дәл өз шешемді көргендей өзіме өзім ие бола алмай балқып кеттім. Бұрын жеткен баланың қасыма келіп не әрекет жасап жатқанын да сезгенім жоқ. Екі көзім анада, ол жақындап келгенде даусым қатты шығып кетті. Не дегенімді осы уақытқа дейін анық білмеймін, сірә, марқұм өз шешемді «апа» деуші едім, мына келген орыс кемпірін де «апа!» дедім-ау деймін. Жалғыз-ақ ауыз сөз айттым да, құшағымды жайып жібердім. О да еңіреп қоя берді.


Бұл арада біздің жұбатушымыз жаңағы бала болды. Ол біздің жылағанымызды ерсі көріп:


— Үп үлкен болып жылағандары несі! Ұят-ай,— дегенде біз күліп жібердік.


Ана байқұс үйіндегі нанын, қаймағын, самогонын ала келген екен. Мен соларды ішкенше ғана әңгімелесуге жарадым, ұйықтап кетіппін...


Бір кезде оянсам үркер көтеріліп қалыпты. Қасымда манаты бала ғана отыр.


Ана байғұс үйден ала келген тұзды сумен кетерінде аяғымның жарасын жуып, жақсылап орап кетіпті. Мен оны да білмеппін. Енді өзіме өзім келіп, есімді жинағаннан кейін бұл маңдағы елдің жайын сұрай бастадым. Жау түкпірінде жатқан елдің күйі қандай болатыны өзіме де белгілі ғой. Белгілі жайды сұрауымның мәнісі: немістер — ең әрі кетсе он күннен қалмай талқандалады. Талқаны шығып, жаралы жыртқыштай ашынған жаудың халықты мұнан да ауыр күйге салып, Германияға айдап кетуі мүмкін. Жаралымын деп қарап жатпай, халыққа өздерін құтқарушылармен кездесетін күні енді алыс емес екенін жеткізуім керек. Мүмкін, бұл хабар жетсе, осы бастап қамданар да, құлдыққа айдалудан құтылар. Бұл ойымды балаға айтып едім, ол:


— Басқалары болмаса, Петр атай екеуміз немістердің аузына түсе қоймаспыз,— деді насаттанған пішінмен.


— Петр дегенің кім?


— Біздің деревнядағы бір шал. Шал болғанда во!..


— Сен сол «во» шалыңды шақырып келші.


Бала екі сөзге келген жоқ, менің жан-жағымды тұйықтап қымтады да, түн қараңғылығына сүңгіп жоқ болды. Мен тағы жалғыз қалдым.


Көп кешікпей таң да шапағын шаша бастады, шалды ертіп бала да келіп жетті.


Шал жасы жетпіске жетсе де, ажары әлі кетпеген келбетті, кесек тұлғалы адам екен. Сөзі де кесек шықты.


— Қалай, батыр, аманбысың?—деді көңілді дауыспен.


— Аман болмасам да, жаман емеспін.


— Жаман емес екеніңді білем, сендердің қанша жерден келіп, немістерді қалай қаусатқандарыңды да білем. Сондықтан саған арнап мына бір жалғыз тауығымның етін әкелдім. Түнде мынаның шешесі барып сенің жайыңды айтқаннан кейін: немістерге бұйырмай, өз балама бұйырған адал малым екенсің дедім де, басын қырқып алдым,— деп, үлкен бір бөлке нан мен тауықтың етін алдыма қойды да, қолтығындағы көрпе, жастығын жерге тастай салып, жерді қазуға кірісті.


— Біздің бұл атай немістер келгелі жер қазуға шебер болып алды. Талай көрді де, талай орды да қазды. Қазір сізге ұя қазып жатыр,— деді бала күбірлеп.


Баланың сақтықпен күбірлеп айтқан сөзін естімеді ме, шал үндеген жоқ. Ауық-ауық жан-жаққа құлағын салың қойып, өткір күрекпен ұзындығы кісі бойы, тереңдігі жарты метрдей жердің шымын қопарып тастады да, баланы шақырды.


— Сережа! Мен шөп әкелгенше сен мына топырақтардың қарасын жоғалт.


Шал соны айтып кетіп қалды. Сергей маған арналған ұяның айналасындағы шым, топырақтарды жан-жаққа шаша бастады. Ол топырақтың қарасын жоғалтып болғанша, бір арқа шөпті арқалап - шал да жетті. Ол әкелген шөбін ұяның ішіне төседі де, оның үстіне өзі үйінен ала келген көрпені жайып, бас жағына жастық салды.


Бұл ұя менің бес күндік мекенім болды. Петр атай мен Сергей екеуі Қызыл Армияның шабуыл жасап келе жатқан хабарын тарату үшін елге кетті, бірақ мен енді жалғыз емеспін. Маған өз шешемдей көрінген Анна Борисовна бастаған қарттар келіп, менен елдің, Қызыл Армияның жайын сұрап ұзақ әңгімелесіп отыратын болып еді. Аздан соң мен жатқан елсіз орман елдің мекеніне айналды. Осындай ауыр салмақпен бес күн етіп алтыншы күннің таны жақындаған кезде біздің Армия да келіп жетті.


Мен өз тобыма қосылдым. Кеше ғана тобынан адасқан жалғыз қаздай едім, енді көңілім көкке шарықтап кетті. Бірақ шарықтаған көңілім өп кешікпей жер соқты. Өзімді елім тырнағынан жұлып алған ана сол күні кешке жақын жау бомбасынан қаза тапты,— деп, ол ауыр бір күрсінді де, қатарында келе жатқан баланы он, қолымен құшақтай түсіп:—Басыма төнген елімді серпіп тастап, өміріме тұтқа болған Сергейім осы. Аяулы ана өлерінің алдында аманат етіп осыны маған тапсырған еді. Қабырының басында жантайып жатып: мұны бауырымдай көріп, баламдай сүюге мен де ант еткен едім. Сол антымның туы етіп, сонан бері қасымнан бір тастаған емеспін. Танктың ішінде екі аяғымның арасына отырып алып, талай соғысты да көрді, танктың үстінде автоматчиктермен бірге отырып алып талай рет автоматтан жауға от та жаудырды. Праганың көшесінде терезеден мені атқалы тұрған біреуді көріп қалып, ажалдан тағы бір алып қалды, Мұның мына көкшіл көзі бірталай немістердің көз алдында осы уақытқа дейін елестеп жүрген шығар деймін.


Олардың ақырғы тамтығы талқандалып жатқан кез еді. «Жеңілген елде желке жоқ» деген рас екен. Желкесі жоқ адамда не қуат болсын. Бір күні кешке орынбасарым мәз болып жетіп келді де:


— Жолдас гвардия майоры, бір тамашаны көрсетейін, бері шығып кетіңізші,— деді.


Мен аң-таң болып сыртқа шықсам, есік алдында соқтадай-соқтадай он үш неміс, олардың алдында ойқастап менің қаршадай Сергейім тұр. Ол мені көре сала жүгіріп келіп:


— Жолдас командир, бұйрығыңыз орындалды, І-ро-таның командиріне бұйрығыңызды тапсырдым. Он үш неміс олжам тағы бар, во,— деді.


Мен бетінен бір сүйдім де:


— Бұл неткен оңай олжа?— дедім.


— Жоқ, оңай олжа емес, бірсыпыра оғым шығын болды. І-ші ротадан қайтып келе жатыр едім, бұлар ағаш ішінде қашып келе жатыр екен. Мен дыбыстарын естіп бұға қалдым да, алаңға шыға бергенде оқты төгіп жібердім. Бұлар сасқанынан қаруларын тастап, қол көтерді. Қаруын тартып алсаң немістер қойдан да жуас болады екен. Жолға түсіңдер деп едім, түсті. Әр қарай жүріңдер деп, едім жүрді. Тек, ақымақ біреуі менің жалғыз екенімді көре салып, ағашқа қарай қаша жөнеліп еді, оны атып түсірдім де, қалғандарын айдап келдім деп қарап тұр.


— Көрдіңіз бе?—деді маған қарап,— өзі айтқандайын «во» командир болғалы тұрғанын. Мен мұны алдағы күзден бастап Суворов мектебіне жіберемін. Тіршілік болса, бір кезде көрерсіз, Сергей Сабыров дейтін генералды.


— Тілектеспін,— дедім мен екеуінің де қолын қысып,


1950




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу