26.01.2022
  164


Рысбек Рамазанұлы

Есектер империясы һәм адамдар патшалығы

Темір империясы құрдымға кетті. Енді ешкім оны кері қайтара алмайтынын түсінді. Әр әмірші өз қамын күйттеп, бір бірімен қырқысып жатты. Осындай иеліктер ішінде ерекше көзге түскені Хорасан аймағы еді. Хүсейін Байқара Хорасандағы билікті қолға алғасын өзінің бас уәзірі етіп бала кезден бірге өскен, бір мектепте оқыған досы Әлішер Науаиды «мемлекеттегі екінші» адам етті. Әлемге аты әйгілі ақын, шығыстың жарық жұлдызы, ғалым әрі философ Әлішер Науаи. Осындай әмбебап, ғылымның түбін түсірген адам қазіргі тілмен айтқанда Хорасанның премьер-министрі болып тағайындалды. Әмірші Байқараның өзі өлең жазумен, каллиграфиямен (көркем жазу) шұғылданатын. Тынымсыз соғыстардан ығыры шығып, жадап-жүдеген кедей хорасандықтар Әлішер билікке келе салысымен қалай дамығанын қараңыз.


Бас уәзір Әлішер сарайдағы апайтөс, кертартпа әмірлермен алысып жүріп шәкірттер тәрбиелейтін медреселер, қоғамдық моншалар, үлкенді-кішілі мешіттер тұрғызды. Кедейлерге арнап үй-жайлар салдырды. Аштыққа ұшырап, жүдеген кейбір топтар қатарға қосылғанша оларды тегін аспен қамтамасыз етті. Ғалымдар мен оқымыстыларға арнап арнайы жабдықталған ғимараттар тұрғызды. Олардың ішін жаңа құралдарға, құнды кітаптарға, бағалы қолжазбаларға толтырды. Оның тұсында ой еңбегімен айналысатын адамдар шығармашылық еркіндікке қол жеткізіп, ғылыммен айналысуға мүмкіндік алды. Бұхара, Иран мен Хорезмнен, Үндістаннан қашып келген ойшылдарға өзі тікелей қамқорлық жасады. Жаңа каналдар қазылып, су құбырлары жаңарды. Әрбір хорасандықтың салыстырмалы түрде тұрмысы түзеліп, өмір сүру сапасы жақсарды. Өзара соғыстар мен діни алауыздықтан қирап, тоқырап қалған медицина ісін қолға алып, дәрігерлер үйін, науқастарға арналған орынжайлар тұрғызды. Герат секілді маңызды қалаларда мыңдаған кітап қоры бар орталық кітапханалар жұмыс істеп тұрды.


 


Өзінің бес жылға созылған бас уәзір қызметінде 300-ден астам құрылысқа басшылық етіпті. Сондағысы 5 жыл ғана.  Ойлап қараңызшы, бар болғаны 5 жыл. Біздегі бір Мәжіліс мерзімі. XV ғасырдың өзінде қазақ хандығымыз енді құрылған тұста бір ғана алақандай Хорасанда 300-ден астам ғимарат тұрғызып, халықтың әлеуетін, денсаулығы мен білім деңгейін көтеру деген... Мұның бәрі аспаннан түсе салған ғажайып немесе Андерсеннің ертегісі емес.


Әлішер жетістігінің бар құпиясы мынада. Ол мемлекеттік іске, халықтың мәселесін көтеретін жиындарға патшаның шапанын сүйетін жағымпаз, ТЖ-ларды/туфли жалағыштарды/жинаған жоқ. Елдің тағдыры қол көтеріп, дауыс беріп, шешілмейтінін ол жақсы түсінді. Сөйтті де терінің пұшпағындай ғана Хорасанға әр елден қашқан, өз елінде қолдау таппаған оқымыстылар, ақындар, архитекторлар, есепшілер, өнерпаздар, ғалымдар мен мықты, білікті дәрігерлерді жинады.


Оның командасы:


Әлемге аты мәшһүр ақын әрі философ «Ләйлі-Мәжүніннің», «Жүсіп-Зылиқаның» авторы Әбдірахман Жәми.


Елдегі кітапхана мен ағарту ісін басқарған Кемеладдин Бекзат.


[Шайбанидің атақты портретін көрген боларсыз. Сол картинаның авторы осы Бекзат].


«Раузат ус-сафа» атты тарихи-географиялық туындыны жазып шыққан Ғияс ад-дин Хондемір.


«Таңғажайып оқиғалар баяны» атты өшпес туындының авторы, керемет тарихшы Махмұд Васифи.


Атақты «Тазкират аш-шуардың» авторы Дәулетшах Самарқанди.


Заманының алыбы, ойшыл Мірхонд секілді интеллегенттерден құралды. Қараңызшы, осы адамдардың барлығы бүкіл әлемге өз саласының жетістіктерімен танылған, ең құрығанда патшаға нақты кеңес беруге әлеуетті философтар. Енді олардың басы бір үстелде жиналғандағы қуатты көріңіз.


Осындай команда жинаған Әлішер бар болғаны 5 жылдың ішінде елдің жағдайын түгел өзгертті. Мына жақта Жібек жолы тоқырап, жекелеген патшалықтар бір бірімен қырқысып, Әбілқайыр хандығы қирап, Үлкен Орда жер жастанып, Самарқан аласапыран болып жатқанда Хорасан аймағы парсы әлемінің «Алтын дәуіріне» аяқ басты. Тіпті Үндістан падишахы Бабырдың өзі Әлішердің ел басқару ісінен үлгі алды.


Бір өкініштісі көз ілеспес дамуға бет Әлішердің билігі ұзаққа созылмады. Билік баспалдағына жағымпаздық, қорқытып-үркіту арқылы көтеріліген әмірлерге сарайда қаптап кеткен ғалымдар көзге шыққан сүйелдей жандарын азаптады. Мұндай адамдар бағынышты қоғамда халық жаппай сауаттанып кетеді деп өлердей қорықты. Қылышына сенген білімсіз әмірлер Әлішер командасындағы майталмандармен ашық майданға шығудан әрқашан сескенді. Олар өздерінің ашық сайыста ұтылатынын жақсы түсінді. Сөйтті де оған түрлі жала жапты, неше түрлі қитұрқылықтар, адам ұялатын қиянаттарға дейін ойлап тауып, ең ақырында ашық қастандықтарға дейін барды.


Ең соңында бала кезден бірге өскен досы әмірші Хүсейін Байқара бас уәзірін Астрабад деген артта қалған қыстаққа жіберіп тынды. Бұл қызмет емес, жер аудару болатын. Дарынды уәзірге астанаға келуге тыйым салынды. Бір кездері мемлекетті гүлдендірген Әлішердің командасы ол бас уәзірліктен кеткесін тоз-тозы шығып, елдің әр түкпіріне тарап кетті.


Осылайша шығыстың тағы бір үміті сарайдан қуылды. Қолынан билік, басынан бағы тайған қарт Әлішер бақ ішіне оңашаланып алып өлең жазуды қанағат тұтты. Мұнан басқа оның қоғамға тигізер ешқандай пайдасы да жоқ еді.


Ойлап қараңызшы, сондағысы 5-ақ жыл. Біздегі бір Мәжіліс сайлауының кезеңі. Сол бар болғаны 5 жылда жүздеген ғимарат тұрғызып, ғалымдар мен оқымыстыларды жинап, кітапхана ісін жандандырып, халықтың көзін ашып, ағартушылық, медицина жетістіктерін пайдаланып, каналға дейін қазып, құбырларға дейін салып шықты.


Дәл қазір әр ауылда, әр қалада Қазақстанның кез келген түкпірінде біз мадақтап отырған Жәми, Мірхонд, Васифи секілді дарынды кадрлар баршылық. Қазақтың қайнаған ортасында әлемді мойындатқан математик, химик, физиктер де жеткілікті. Оған ешқандай дау айта алмайсыз. Тек бізге сондай талантты жастардың басын қосатын «Әлішер» керек.


Сондай қараңғы, феодалдық XV-ші ғасырдың өзінде 5 жыл мұрсат берді ғой. Ең құрығанда  XXI ғасырда өзін демократиялы ел санаған Қазақстанда қашан сондай ақылмандардың күні туар екен? Жалпы, ол мүмкін нәрсе ме өзі...


Бір сөзбен айтқанда Әлішер адамды ешектей жегіп қара күшін емес, оқытып, көзін ашып миын пайдалана білді. Себебі қоғамда есектер онысызда көп. Бізге басын шұлғып, бұйрықты орындайтын есектер емес, өз ойы, айтар дүниесі бар «адамдар» керек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу