Аңыздар ✍️

  26.01.2022
  159


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

ҰСТА ТҰСПАЛЫ ЖӘНЕ ЖИРЕНШЕ

Әз Жәнібек хан қанша уәзірлеріменен келе жатса бір жақтан, бір ұста үй салып жатыр екен:


− Осынша өнерің бар, күніне не аласың?- дейді.


− Күніме бір ділда, - дейді.


− Күніге бір ділда болғанда, не ғып байып кетпеген жансың?- дейді.


− Мен қайдан баиймын? - дейді.- Тапқанымды төртке бөлемін, - дейді,- Бірін борышыма беремін, бірін қарызыма беремін, бірін суға тастаймын, бірін өзім ішіп-жеймін,- дейді.-Қайдан баю мұндайда?


Әз Жәнібек хан қасындағыларына:


− Ұстаның не айтқанына түсіндіңдер ме?- дейді.


− Жоқ!- десті.


− Енді осыны Жиреншеден сұрайық, - дейді,- Таратып, орнын тауып берсін!- дейді. -Өзгемізден соны артық көресіңдер деп өкпелейсіңдер!- дейді.


− Жоқ, өкпелемейік!- дейді.


Ешқайда бұрылмастан шешенге келді,- дейді.


− Шешен қайда, үйдемісің? - дейді.


− Тақсыр, үйдемін!- деп, жүгіріп шықты, - дейді.


− Біз бүгін үй салып жатқан ұстаға жолықтық. «Күніне бір ділда алам!»- дейді. «Сен мұнымен қалай байымайсың?» - дедік. Ұста айтты: «Мен қалай байимын? Тапқанымды төртке бөлемін,- дейді. «Уа, қалайша?» «Бірін - борышыма беремін, бірін - қарызға беремін, бірін - суға тастаймын!- дейді. Біреуін-ақ өзім ішіп-жеймін,- дейді. Сол сөзіне біз түсе (түсіне) алмадық. - дейді. - Ашып-жетуін білгелі: соның борышы не, қарызы не, суға тастағаны не - орнын таратып берші! - дейді.


− Тақсыр, ол ұстаның кәрі ата-анасы бар екен де, бір ер жеткен ұлы бар екен және бір ер жеткен қызы бар екен. Жасында баланы әке-шешесі асырайды, ер жеткен соң әке-шешесін бала асырайды. «Борышыма бердім» дегені - «Сол әке-шешеме қарайласам» дегені дейді. «Қарызыма беремін» дегені - еркек баласына ішкізіп-жегізгені. Тірі болып күнінде қаруы онан да қайтар дегені.«Біреуін суға тастаймын» деп айтқаны: «Күйеуге беріп, жасынан өсірген (отырған) қызы бар екен. Қызға қылған жасау суға тастағаныммен бір дегені. Қалған біреуі өзіне мүкі-тақы зорға бар етуі шығар, - дейді. Мұның бәрін асырап сақтаған соң, қалай байимын дегені. Құлағынан басқа дәнеме жоқ, жобасы жоқ байымасқа.


− Не мырза?- дейді.


− Әр ханның заманында бір сұрқылтай. Әз Жәнібек заманында шыққан данышпан адам мұнан өтпеді дейді.


Әз Жәнібек заманында ақылы асқан Жиренше. Осы кісінің заты - қазақ, үш жүздің қай руынан болғанын ешкім білмейді дейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу