Аңыздар ✍️

  25.01.2022
  521


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

АСАН ҚАЙҒЫНЫҢ ЖЕР ТУРАЛЫ АЙТҚАНДАРЫ

(БІРІНШІ НҰСҚА)


Құйрығы жоқ, жалы жоқ,


Құлан қайтіп күн көреді?!


Аяғы жоқ, қолы жоқ,


Жылан қайтіп күн көреді?!


Жалаң аяқ байпаңдап,


Қаздар қайтіп күн көреді?!


Шыбын шықса, жаз болып,


Таздар қайтіп күн көреді?!


Сонда ұлы Ертіске қойған аты:


– Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас, сиырдың мүйізі шығып, кәпірдің құлағы шығып тұрған жер екен. Күнінде баласы кәпірден жылайды-ау!- депті.


Шыңғыс тауын, Семей тауларын көріп:


– Мына шіркіннің топырағы құтырған екен.Оған шыққан шөп құтырады екен. Оны жеген мал құтырады екен. Оның етін жеп, сүтін ішкен адам құтырады екен. Қан үзілмейтұғын, ұрыс-төбелес көп болатұғын жер екен!- дейді.


Түндік деген өзенге келгенде:


– Он екі қазылық ой, Түндік; маңырап жатқан қой, Түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен!- деп қимай үш қарапты. Сонан сол жер «Үшқара» атаныпты.Қаз дауысты Қазыбек бидің балалары, Алшынбай ауылы қыстайды.


Қызылтау деген жерге келгенде:


– Тау-тасы кеш болғанда, қой болып ыңыранып жатады екен. Өмірінде тоқты қысыр қалмайтұғын жер екен! - депті.


Баянаула тауын көргенде:


– Ат ерін алуға жарамайтұғын жер екен. Мына шіркінді жұрт қалайша қоныс қылып отырған? Өзін бір көрген кісі: «Кәпір-ай, сені желкемнің шұқыры көрсін!» - дейді екен. Өйткенмен бауырында бір тұзы бар екен. Сол тұзы ауыр екен. Бір күн түнеп кетемін деген кісі бір жұма айналып (айланып) қалады екен,тұзы жібермейді екен!- дейді, - дейді.


Ащы деген жерге келгенде, артына бір қарап:


– Баянаула, сенің қоныс болып тұрғандығың мына Ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен, сонысы жылға татиды екен. Олай болмағанда, Баянаула қоныс болуға жарамайтұғын жер екен дейді,- дейді.


Бөкенбай деген төбені көріп:


– Ана Баянауладан мына Бөкенбайдың қырық кез биіктігі бар екен дейді,- дейді.


Ереймен тауын көргенде:


– Желдің жеті есігі бар екен. Қыс болса, жылқы тұрмас, жылқы тұрса, ішінде құлын тұрмас. Ораздының жайлауы, Шиырлының қыстауы екен. Бір-бірімен едірейісіп-төбелесетұғын кісі сықылданып тұрған, панасы жоқ, шіркін екен!- дейді.


Сілетіден өтіп, Жалаңаштың тұзын көргенде:


– Аттың төбеліндей, Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын?- деген екен.- Айналаң аз, онан басқа таптырмайтын жер екенсің дейді,-дейді.


Есіл деген жерді көргенде:


– Жары менен суы тең, жарлысы мен байы тең болатұғын жер екен дейді,- дейді.


Нұраның Есенқарт деген жерін көргенде:


– Алты күнде ат семіртіп мінетұғын жер екен дейді,- дейді.


Қарақұйын-Қашырлыны көргенде:


– Жылқының жалы менен құйрығы төгіліп тұрған жер екен! Бауырында бір жұтқыш айдаһары бар екен! Онан басқа жылқы кетпейтұғын жер екен!- дейді. - Бір үлкен зор теңізі бар: боран болғанда, жылқы түсіп қырыла береді. Айналасында жылқы өсімі өзге жерден артығырақ бола береді.


Терісаққанды көргенде:


– Сарыарқаның тұздығы екен, анда-санда: «Әуп!» деп қоятұғын жұты бар екен. Артынан мал өсімі тезінен өсетұғын жер екен!- дейді.


Торғай деген өзенді көргенде:


– Ақ шабағы май татыған,ағар суы бал татыған жер екен дейді,- дейді.


Жетіқоңырды көргенде:


– Сарыарқаның мәуіті екен дейді,- дейді.


Шудың бойын көргенде:


– Мына шіркіннің екі жағы бор бас екен, өне бойы нар қамыс, іші толы жолбарыс екен. Баланың іші қурылмайтұғын, өмірінде қыннан пышағы суырылмайтұғын, еркегі ат болатұғын, ұрғашысы жат болатұғын жер екен! - дейді.


Қаратауды көргенде:


– Көкектен басқа құсы жоқ, көк шөптен басқа исі жоқ,- жер азғыны мұнда екен; қатыны семіз, ері арық, ел азғыны мұнда екен. Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын жер екен. Қаратауды жайласа, Сырдың бойын қыстаса, сонда жарайды екен, әйтпесе, жеке өзі қоныстыққа жарамайтұғын жер екен дейді, - дейді.


Шымкент, Сайрамды көргенде:


– Екі басса, бір базар: малда береке болмайтұғын жер екен. Екі басса, бір мазар:баста береке болмайтұғын жер екен. «Базары жақын байымас, мазары жақын көбеймес дейді»,-дейді.


Сырдың бойын көргенде:


– Басы байпақ, аяғы қайқақ: екі-ақ ауылға қоныстық жері бар екен. Өзге ұзын аққан өн бойы анық кедейдің қонысы екен дейді,- дейді.


Сулы Келес, Құрлы Келесті көргенде:


– Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін! Сиыр тұқымы үзілмейтұғын жер екен дейді,- дейді.


Сонан арман Жиделібайсынға шейін жүре берген екен.«Сарыарқаны орыс алады!» - деп, «Орыс бармайтұғын жерге барамын!»- деп, қойға қошқар қоймай, жылқыға айғыр салмай, түйеге бура шөгермей, сиырды бұқасыз сақтап, малды үш жыл ту қылып, сөйтіп ауған екен. Сол ауып бара жатқан бетінде Ноғайлының ханы Әз Жәнібекке кез болды дейді. Бұрын үш тойына шақырғанда, Асан қайғы бармаған екен. Ауып бара жатып кез болған соң, Әз Жәнібек:


- Асан қайғым,


Шақырса келмес ханымды


Бура қуып келтірді.


Қалжы-бұлжы қылмастан,


Тура қуып келтірді,- деген осы ма?!- дейді.


Бұл сөздің себебі - бір хан болған екен. Ханның қасында бір қарашы кедей үй қоңсысы болған екен, төмен тартар сауыны жоқ екен. Ханның малының сүмесінен қозы қарын май, құлақтан қап құрт алған екен. Күздігүні ел тауға қонар мезгілде қарашысы хандыкінен айрылып кететұғын болған соң, қатынына айтыпты:


– Осы құрт-майды ханымды шақырып алып, алдын татырып кетейік, сонда бізге қалғаны жұғымды болар. Ханымға татырмай кеткен соң, берекеміз болмас,- деп, ханымды үйіне шақырса, ханым қарашаның үйіне кіріп шығуға намыс қылып, арланып: «Әне, барайын, міне, барайын»,- деп, кірмепті. «Құрт-майдың алдын ханымға таттырмай, кетпейміз!» -деп, ол бейшара: «Ханым қашан біздікіне басын сұғады?!» - деп, сарғайып тосып отырып қалыпты. Күндерде бір күн ханым бүркеніп шығып, қазыханаға барып, қайтып келе жатса, (Мәшһүр - Жүсіп ескертпесі: «қазыхана» - деп адамның далаға барып жұмыстайтын зәрүрі үлкен (өлген) жұмысын айтады) ханның кісі алатұғын қара бурасы бар екен, ханымды қуыпты. Ханым сасқанынан, киімінің бауын байлауға шамасы келмей, қолымен ұстаған бойымен қарашаның үйіне келіп, жоқ болып кетіпті. Сонда шал бейшара айтқан екен:


- Шақырса келмес ханымды


Бура қуып келтірді.


Қалжи-бұлжи қылмастан,


Тура қуып келтірді.


Бастай гөр, қатын, құртыңды,


Сала гөр майыңды!-


деген екен. Сол айтқандай, үш тойыма шақырдым, бірде-біріне келмедің, қадірсіз, аяқсыз келдің-ау! - депті.


– Рас айтасың, Жәнібегім, ойың ұрғашыға ауған, өз бойындағы ақыл-еске өзің ие бола алмаған жан едің. Сондығыңмен айтып отырсың-ау, сен өзің. Неге той қылдың, білесің бе? Әуелі той қылғанда, қара қалмақтың қызы Қарашаш сұлуды алдым деп той қылдың. Сен ақсүйек төре едің, ол қара еді, тұқымыңды аздырдың. Сұңқарды қарғаға айырбастадың, оның несіне келейін?!- дейді. - Екінші той қылғанда, Жайық суының бойына дауыл өтпейтұғын, жауын өтпейтұғын үй салдырдым деп, той қылдың. Ол үйіңді кім салды: кәуір салды. Күнінде өзі салған үйді өзі алады. Сен Жайықтың бойына кәуір жиып, қала салдырмасаң, есіл осындай жерді орыс алар ма еді?! Мұсылманның қанша күн көріп, жан сақтайтұғын жерін кәуірге қалдырдың, оның несіне келейін?! Үшінші той қылғанда, неге қылдың? Құладынға қу ілдірдім деп, той қылдың. Құладын құстың құлы еді де, қу құстың төресі еді. Оның кесірі: өзіңнің басыңды есігіндегі құл алады, өзіңмен кетпейді, тұқым-тұқымыңа кетеді. Заманның ақыры кезінде сенің тұқымыңды қара қазақ биеші, түйеші қылады, оның несіне келейін?!- дейді.


Айтқанындай, Әз Жәнібектің сұлу тоқалымен бір байдың баласы үйір-шүйір болып, ханның бір құлына көп алтын сыйлап, сол құлы өлтірді. Тоғыз ұлдан тоқал ханды азғырып,балаларымен жау қылып, оңаша алып шығып кеткен күнде Әз Жәнібек Асан қайғының не айтқанына басын шұлғығаннан басқа дәнеме демеді. Екеуі дос болысып, жалғыз жетім Жаналыны сұрап алып қалды дейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу