Аңыздар ✍️

  25.01.2022
  626


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

АСАН ҚАЙҒЫ ЖӘНЕ ПЕРІ ҚЫЗЫ

Бір балдама ашып, талай нама көтеретұғын балгер айтқан екен:


– Сенің бақ талайыңа су перісінің төресі, су сұлтанының қызы несіп болайын деп тұр!-деп. Ол:


– Қайдан маған душар болады?- дегенде:


– Еділ, Жайыққа қармақ сал, Сырдарияға қармақ сал, ұзын аққан Ертіске қармақ сал,- осы төрт үлкен өзеннің бірі болмаса, бірінен қармағыңа ілінеді,- деп.


Сонан желмаямен жүріп, бәріне де қармақ салып, ең ақырында Ертіс суының басынан қармағына ілінген екен. Адамзаттан бөлек жері жоқ, сұлулықтан басқа міні жоқ, жалғыз-ақ айыбы - сөйлесерге тілі жоқ. Қыз қалыбында жатып тұруға, қылық қызметке, бір сөйлеуден басқа ойын-күлкіге титтей мүлтік кемі жоқ. Бірнеше күн қатын қылып алып жүрді, бірақ сөйлеспегеніне қапа болып, базар аралатты. «Бір нәрсені тамаша қылып, иә ұнатып, иә ерсі көріп, бір нәрсе деп сөйлер ме екен?»- деп, ләм-мим деп, бір кәлима сөз сөйлемеді. Бірақ үш орында мырс етіп күліп жіберді. Неменеге күлгенін білмеді.


Базар тарқап, аулақ оңашаға шыққан соң:


– Сөйле!- дейді. Сөйлемеді. - Біреудің не айтқанын білесің, білген үшін екі-үш жерде күлдің, енді неменеге сөйлемейсің? Мені адамзат деп менсінбей жүрсің ғой, - деп, ашындырып ұрды, - сөйле!- деп.


Тұщы етіне ащы таяқ тиген соң, сөйледі:


– Мен сөйлемейін деп жүргенім: сөйлейтін күніме жеткен жоқ едім. Сенен жүкті болып, жерге шыр етіп бойымнан бала түссе, сонан соң сөйлемекші едім. Онан бұрын сөйлесем, сен маған жоқ, мен саған жоқ болып айрылып кетпек әзел күнде жазуда бар іс еді. Оған шыдамадың, екіқабат едім, табуыма төрт ай қалып еді. Қой, қош, аман-есен бол! Төрт айдан соң, жардың астынан келіп, құндақпен жатқан балаңды ал! - деп, жөнеле берді.


– Тоқта!- деп еді.


– Жоқ, тоқтауға бұйрық жоқ, енді тоқтап болмайды!- дейді.


Тұрмасын, тоқтамайтұғынын білген соң:


– Күлгеніңнің мәнісін айтып кет!- дейді.


– Оны айтайын,- дейді,- Бір күлген себебім: базарда біреу той қыламын деп, мың теңге шығарып: күріш, май, өрік, мейіз және түрлі тамақ алып жатыр екен. Тұзға келгенде, қымбатсынып, бір теңгені қимай, тұз алмай кетті. Соның ақымақлығына күлдім. Мың теңгенің тамағы бір теңгенің тұзынсыз тамақ болып ләззат бермейді. Екінші күлгенім: біреу өріктің дәнін тісімен сындырып түр екен. Тістің құны мың теңге, мың теңгелік тісті бір пұлға тұрмайтұғын нәрсеге жойып тұрған соның ақымақлығына күлдім.Үшінші күлгенім: біреу бір етікке саудаласып, бағасына келісіпті. «Бірақ осы етігің жеті жылға шын шыдай ма? - деп, - Соған шыдаса аламын», - деп, соның неше жылға шыдауына серттесіп тұр екен. Етік аламын деп тұрғанның үш-ақ күндік өмірі қалған еді. Өзінің өмірінің қанша күнге жетуімен жұмысы жоқ, етіктің қанша күнге жетуіне, соған таласып тұрғанға, соның ақымақлығына күлдім,- деп, қош айтысып жүре берді.


Төрт ай тосып жатып, жар астынан барып, құндаққа орап тастаған баланы тауып алып, атын «Жалғыз жетім Жаналы» қойды. «Сол қатыннан жоқ жерде асығыстық қыламын деп айрылып қалдым-ау!»- деп, соның қайғысынан: «Асан қайғы» атанған екен. Және өзі көзіне көрінген нәрсені уайым қыла береді екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу