25.01.2022
  453


Автор: Мақсат Мәлік

Қарғыс атқыр патшалық

Ол жақта бәрі керемет деп еститінбіз. Ұзын құлақ бойынша жұмақ төріндей елестейтін. Бірақ ешкім ол жерге барып келген емес. Бар сырға тек қана сырттай қанықбыз. Сондықтан болар, біздердің ол жерге деген қызығушылығымыз өте жоғары еді. Сол жаққа барып өмір сүрсек деп армандайтынбыз. Сапар шеккіміз келетін. Десек те жолға шығуға ешкімнің батылы жетпейтін. Оның да өзіндік себебі бар, бәріміз белгісіз ел жайында естіп, сырттай қанық болғанымызбен, сол елдің қай жақта орналасқандығын білмейтінбіз. Біреуі солтүстікті, екіншісі оңтүстікті, үшіншісі батысты, төртіншісі шығысты сілтейтін. Ешкім картадан нақ тауып көрсетіп берген емес. Бейне бір аңыз сияқты. Аңыздың ақырына шыдай алмадым. Буынып-түйіндім де батар күнді бетке алып, жолға шықтым. Күн жүрдім. Тоқтамастан. Түн жүрдім. Ұйықтамадым. Жүре бердім. Бейтаныс мекен жайында көрген-білген ешкімді кезіктірмедім. Уақыт өте келе адамдарды да көрмейтін болдым. Жапан түзде жалғыз жорта бердім, жорта бердім.., бір күні алыстан шаңдатып келе жатқан қарайған көрдім. Арамыз жақындай түсті, жаяу адам екен, екеуміз жолыққаннан кейін байқадым, ол да мен секілді бейбақ екен. Жол жүріп келе жатқандығын айтамын да, әйтпесе оның қай жақтан келе жатқандығын, қандай мақсатпен сапарлап жүргендігін жатқа білетін әулие дермісің... Тек маған қарсы бағыттан келе жатыр, маған аяны осы. Ол мені бұрыннан танитын жан секілді сыңай танытты.


— Бәрібір өкінесіз ғой.


— Не айтып тұрсыз.


— Сапарға шыққаныңызды айтқаным ғой, сен іздеген елде де бақыт жоқ. Бәрі жалған...


Жүзі түтігіп кеткен. Үсті-басына қарай бастадым, арып-азған. Ұзақ сапардан болуы керек деп ойладым.


— Сіз оны қайдан біліп қойдыңыз.


— Жол бойы сендейлердің талайын көргенмін. Бірақ мен сол сендер аңсап жүрген елден безіп келемін. Жалғыз мен емес, бәрі де осылай ойлайтын. Алайда ешкімнің батылы жетпеді.


— Олай демеңіз, ол жақта бәрі де жақсы деп естігенбіз.


— Есту бар және көрмек бар.


— Бәлкім қателесіп тұрған шығарсыз...


— Ақымақ деп ойлайсыз ба?


— Құдай сақтасын, тек сенгім келмейді сіздің айтқандарыңызға.


— Онда тыңдаңыз... Бір есептен сізге бар көрген білгендеріміді айта отырып тынығып алайын.


— Негізінен мына мен, — деді оң қолымен кеуде тұсын нұсқап, — сіздер аңсап жүрген елдің азаматымын. Менің шыр етіп дүниеге келіп, кіндік қаным тамған жерім. Мен емес-ау, сан ғасырдан бері ата- бабаларымның сүйегі жатқан жер. Бағзы замандарда ата-бабамыз мына біз сияқты ұрпақтарына мирас етеміз деп, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған екен сол жерді. Бірақ тозған ұрпағының бірі мен секілді сол мекеннен безіп кетеді деп еш ойламаған шығар.


Кекесінмен күліп қойды. Сосын әлдекімге кіжінді жұдырығын түйіп.


— Иә, олар ойламаған болуы керек. Бірақ амал қанша. Қашпағанда қайтемін, басқа амалым да қалмады, ол жақта байырғы тұрғындардың халі мүшкіл. Бәлкім сен басқасың ғой, сен үшін бәрі бір ізге түсіп, өз қалпымен кете берер. Бірақ мен үшін мүмкін емес. Сенесіз бе, мәселен сіз менің айтқандарымның барлығын түсініп тұрсыз ғой, ал ол жақта маған дәл осы тілде сөйлеуге тыйым салынған. Бар жазығым сол жердің байырғы тұрғыны болғандығым ғана.  Осыныңды шағым ретінде ешкімге айта алмайсың. Тіптен ағайындарым, қандастарым тыңдаудан қалып барады. Бір-екі рет қарсы шыққанмын, сол үшін талай мәрте таяқ та жедім.


Ол көйлегін шешіп, арқасын маған тосты. Дырау қамшының бойдағы уыты кеткенімен, қара жолақтар тыртық болып қалып қойыпты.


— Бірақ ол елде бәрі де жақсы. Негізінде үлкен кісілер солай айтатын. Мен көре қойғаным жоқ. Сенесіз бе, ол жақтың байырғы тұрғындары  әлі де алдау мен арбауда отыр. Саналарына үрейді соншалықты сіңіріп тастаған. Қанша қиыншылық болса да, әйтеуір тыныштықтан айырмасын деп, аузын буған өгіздей отыра береді. Соған ішім удай ашиды.


Тізерлеп отыра қалған бейтаныс жолаушы, еңіреп жылап жіберді.


— Сен де бақыт іздеп барады екенсің, мен тек өз қабылдауымдағы пікірлерді ғана айттым. Бара беріңіз сол елге... Тек байырғы тұрғындарға аяушылық көрсете біліңізші. Себебі бәрін Жаратушы күш көріп тұр ғой. Мен бәрібір өз тамырластарымды құтқарып аламын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осы бір кезеңде қолдары ауыздарына жетпей отырған. Әлдебіреулер жеткізбей отырған.   Құрысын бүйткен өмірі, қарғыс атсын.


— Не дейсіз, кімді айтып тұрсыз.


— Қарғыс атсын!


Ол осы сөзді артына бұрылып, тағы да үш-төрт рет қайталады.


— Кімді қарғап тұрсыз. Түсінбедім...


— Жә, ештеңе емес.


Бейтаныс жолаушы орнынан тұрды.


— Менің айтқандарымды ешкімге жеткізбеймін деп уәде бересіз бе?


— Мен әлі ештеңе түсініп тұрған жоқпын. Уәдесі несі, әлде біреуден қорқып тұрсыз.


Бірақ кімнен қорқуы мүмкін деген ой келді санама.


— ...


Ол үн-түнсіз жүріп кетті. Мен не кейін қайтарымды, не алға жылжырымды білмей, тұрған орнымда қаққан қазықтай қалшиып қалдым. Бірақ бәріміз аңсап жүрген елдегі байырғы тұрғындарды көргім келгені рас. Белгісіз мекен жайында небір мақтаулардың немесе бейтаныс жолаушы айтқан әңгімелердің әсері болар.


...Мен бір орында әлі тұр екенмін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу