25.01.2022
  150


Автор: Мақсат Мәлік

Кәрілік

Ол күнделікті қым-қуыт тірлік пен жұмысбастылықтан үй ішінде орын алып жатқан оқиғаларға онша мән бермейтін. Әйтеуір әйелі байғұс зыр-зыр жүгіріп, таңертеңгісін ерте оянса шайын қайнатып беріп, жұмыстан кеш келсе тамағын дайындап күтіп отыратын. Бір-бірімен тете өсіп келе жатқан кішкентай екі баласын да көп көрмейтін. Жұмысқа ерте кетіп кеш келетіндіктен, екі баласы пысылдап ұйықтап жататын. Көбінесе балаларын ұйықтап жатқан қалпында маңдайларынан иіскеп мауқын басатын.


Бүгін де әдеттегідей жұмыстан кеш келген. Сыртқы есікті еппен жауып ішке енді. Әйелі мұның келгенін біліп тамақ дайындауға кірісті. Әдеттегідей балалары ұйықтап қалыпты. Сырт киімдерін шешкесін, жуынатын бөлмеге өтті. Күндегі қалпымен сарылдаған салқын судың астында он бес минуттай тұрды. Сосын үлкен орамалды алып, үсті-басын сүрткен қалпы ас үйге қарай беттеді. Ас үйге кіре берісте қабырғада ілулі тұрған айнаны көріп, қалт тоқтап қалды. Бұрын үйінде осындай айнаның ілулі тұрғанын байқамағандықтан үңіліп қарады. Әуелі айнадан ештеңе көрінбеді, қап-қара түнек. Шаршағандықтан шығар деп, көзін уқалап, қайтадан қарады. Өзін көрді. Кеуіп үлгермеген шашын дұрыстаған болып бір жағына қайырды да, қайтадан қос қолымен сілкіп, ұйпа-тұйпа қылып жіберді. Айнаға зер салып еді, ескілеу екен. Ағаш жақтаумен қоршалған. Шеттері мүжілген. Төменгі жақтауда бір жазу бар секілді. Оқығысы келгенімен, ас үй жақтан қараңғыға жұтылып барып жеткен көмескі жарықтан ештеңе көрінбеді. «Құрысыншы, кез-келген нәрсеге басымды қатыра бермейін, одан да тамағымды ішейін» деген оймен, ас үйге кірді. Бірақ тамақ ішіп отырып әйелінен:


— Дәлізде тұрған айна қашан пайда болған? – деп сұрады.


Басында еш нәрсені түсінбеген әйелі, артынан оның не айтып тұрғанын ұққандай:


— Қызықсың сен, үнемі аңырайып жүресің. Осы үйге көшіп келгемізге үш жыл болды, содан бері тұр. Біз көшіп келгенде тұрған. Өзің емес пе едің, тиіспей-ақ қой, тұра берсін деген.


— А, а, а.., – деді ол.


Алайда өзі ешқашан ондай сөз айтпағанын ұқты. Бәлкім есімнен шығып кеткен шығар деп түйді. Басқа ештеңе сұрамады. Тамағын ішіп болған соң ас қайырып, жұмыс бөлмесіне барды. Былғарыдан тігілген үлкен сөмкесін алдына қойып, қағаздарын ақтарып ала бергенде есік ашылды. Әйелі екен. Жары күндегі әдетімен:


— Ең болмағанда өзіңді аясаң еді. Өзің кеш келесің, ерте кетесің. Онымен қоймай түнімен жұмыс бөлмеңде отырасың. Құрысын бәрі, дүние күйіп кетсе де бір мезет дұрыстап тынықпайсың ба? – деді.


Оның жауабы дайын болатын.


— Барып ұйықтай бер. Кішкене ғана қалған, соны бітіріп тастайын. Сосын ұйықтаймын.


— Дауа жоқ-ау саған, күнде айтатының осы жауап.


Бұл өзі үйреншікті көрініс болатын. Әйелі сәл ренжіген сыңаймен жатын бөлмеге кетіп қалды. Ол қағаздарын ақтарыстырып отырғанда, есіне әлгіндегі айна түсіп кетті. Әсіресе жақтаудағы жазулар ойына орала берді. Ол шындығында да ішінен «Осы айна біз көшіп келгеннен бері тұрды ма екен, расында да мен айтқан болдым ғой, тиіспей-ақ қой деп. Есімде қалмапты» деді өз-өзіне. Жақтаудағы жазуды оқығысы келді. Аяғын ақырындата басып дәлізге шықты да, ілулі тұрған айнаны қолына алып, жұмыс бөлмесіне алып келді. Үстелінің үстіне қойды. Өзі үлкен емес екен. Қанша тырысқанымен жазуды оқи алмай қойды. Ескі бір жазу немесе белгілер мен таңбалар ма, әйтеуір түсіне алмады. Жазуды оқымақ ниетпен тағы да үңіле беріп еді, «Сен бәрібір ол жазуларды оқи алмайсың» деген дауыстан селк ет түсті. Жан-жағына қарап еді, ешкім жоқ. Қарсы алдындағы айнадан бір шал сөйлеп тұр екен. Одан сайын қорықты. Сенбеді. Бекер екен, анық сол айнадан бейтаныс шал қарап тұр.


— Айттым ғой саған, бәрібір оқи алмайсың.


Тіксініп қалды. Шалға қарап еді, біртүрлі өзіне ұқсайтын сияқты.


— Сен кімсің? Елеспісің?


Бейтаныс шал жымиған қалпы басын шайқап тұрды да:


— Оны қайтесің, – деді.


Ол мынау айнадан қарап тұрған шал, елес немесе сайтан шығар деп ойлады. «Биссимилла рахмании раһим» деп күбірледі. Бейтаныс шал сол қалпында тұра берді.


— Мені жоқ болып кетеді деп ойладың-ау шамасы, бірақ мен сайтан емеспін.


— Сонда кім боласыз?


— Мен сенің өзіңмін.


— Мүмкін емес.


— Рас айтамын, мен сенің кәрілік кезіңмін, яғни сенің өзіңмін.


— Өтірігіңізге болайын, мен әлі жиырма жеті жастамын ғой.


— Иә, дәл солай. Бірақ сенің кәрілік кезің осындай болады. Мен сені отыз үш жыл күттім. Яғни айнадағы сенің алпыс жастағы кезің.


Шалға енді ғана дұрыстап қарай бастады. Беті әжім-әжім, шашының жартысына жуығына ақ түскен. Алғашқы қарағандағы секілді, өзіне ұқсайды екен. Тіптен сол жақ бетіндегі бармақтың басындай қалы да тұр.


— Сен бекерге бүгін айнаға соншалықты мән беріп қарадың, бекерге мені көрдің.


— Неге?


— Енді күн санап емес, сағат санап қартая беремін.


— Сіз мені жындандыратын шығарсыз.


— Енді сен мына жақтаудағы жазуды оқымай-ақ қой, тіптен бұл айнаны қоқысқа лақтырып таста.


— Неге?


— Өзіңнің кәрілік кезеңіңе қарау қорқынышты емес пе?


Айнадағы елес бейненің қайдағы бір айтқандарына кім сенсін?!


— Қорқыныш жайында айтып тұрсыз ба? Мені сіздің айтқандарыңызға түбегейлі сеніп тұр деп ойлайсыз ба? Мүмкін емес. Шынайы өмір болса бір сәрі, қайдағы айнадан қарап тұрған бейтаныс шалдың өтірігіне сеніп, мені алжасты дейсіз бе, әлде...


— Бәрібір мен сенің кәрілігіңмін.


— Маған да бәрібір, бірақ ана жазуды оқымай тыншымаймын.


— Онда барлығы сынған айна секілді күл талқаны шығады.


Ол бейтаныс шалдың әрі қарай айтқандарын естіместен айнаны орап тастап, үстелінің астына тығып тастады. Бәлкім осының барлығы ұйқылы ояу отырғандағы көрген түсім бе екен, әлде көзіме қос көрініп тұрған шығар деп ойлады. Жұмыс бөлмесін кілтпен жауып, барлық оқиғаларды санасынан аластап, ұйықтап қалды.


Ертеңіне жұмысқа жиналып жатқанда әйелі:


— Мына жердегі түнде өзің айтқан айна жоқ қой, – деді.


— Ә, айнаны айтып тұрсың ба. Түнде сырттағы қоқыс жәшігіне шығарып тастадым, сол бір ескі айнаны қайтеміз. Қолым тиіп жатса жаңасын әкеліп қоярмын, – деді. Түндегі жайларды жасырып қалды. Ойында ештеңе жоқ әйелі де:


— Расында сол ескі айнаны қайтеміз, жұртта қалған. Жаңасы әкелінер, не әкелінбес, онда тұрған ештеңе жоқ. Не көп, үйде айна көп қой, – деді қаперсіз. Бірақ оның мойынына шарфын тағып беріп жатқан әйелі:


— Шашыңдағы ақ көбейіп кетіпті ғой, мен қалай байқамағанмын. Тіптен көбейіп кетіпті, мынаны қарашы, – деп шашынан сипады,— Жиырма жеті жасыңда осындай болса, қырық жасында түгелімен ағарып кетеді ғой.


Бір жағы таңырқай, бір жағы еркелеп айтты.


— Солай ма... ештеңе етпес.


Мән бермеді.


— Ой, менің оқымыстым...


— Қой, мен кетейін, кешігіп қалармын.


Ол сыртқа шығып кетті.


Арада бір аптада уақыт жылжыды. Үйге жаңа айна әкелінбеді, себебі жаңа айнаны әкелу жайындағы мәселе ұмыт болып кеткен. Ол сол аралықта жұмыс бөлмесіне де бас сұқпады. Тек санасында жатталып қалған жақтаудағы жазулар маза берместен, соның құпиясын іздеумен әлекк айналды. Өзінің қызметі архивпен өте тығыз болатын. Талай мәрте шаң басқан парақтарды ақтарып архивте отыратын. Оған осының көп көмегі тиді. Тым ескі дүниелерді ақтарып, бір апта бойы жазудың бар сырын іздеумен жүрді. Әйтеуір қолына бір үш-төрт парақтан тұратын ескі құжат тиді. Сарғайып, тозып кеткен. Кейбір жазулары өшіп қалған. Сұрастырып еді, бұл құжаттың архивке қалай тап болғанын ешкім білмейтін болып шықты. Тіркелмеген де. Қарап көріп еді, өткенде айнадан көрген жазуларға ұқсайды. Астына түсіндірмелер де жазылған. Қуанышында шек болмай, бар беделін сала отырып әлгі құжаттың көшірмесін алып, үйіне қайтты.


Сол күні бір аптадан бері жұмыс бөлмесіне алғаш рет енді. Есікті ішінен жауып алды да, айнаны алдына қойып орауын ашты. Бейтаныс шал шыға келді.


— Арада он жыл уақыт өтіп кетті. Міне мен жетпіске келдім. Яғни, сенің кәрілік кезің.


Шалға қарап еді, шашы түгелімен қудай боп ағарып кетіпті. Бетіндегі әжім тіптен қалыңдапты. Не сенерін, не сенбесін білмеді.


— Мен жазулардың құпиясын ашатын құжаттар таптым, – деді ол. Сосын сөмкесін ашып, әлгіндегі құжаттың көшірмесін шығара бастады.


— Қажеті жоқ, қайтесің.


Бейтаныс шал шыр-пыр бола қалды.


— ...


— Жастығыңды аямайсың ба? Өкінесің ғой...


— Көзімді жеткізуім керек, сіздің айтқандарыңызға.


— Оны осы айнадан көріп тұрған жоқсың ба?


— Жоқ, сен бәрібір елессің.


Ол жазуларды ақырындап оқи бастады. Бір сөйлем ғана жазылған екен. «Бұл сенің ғұмыр бойғы қателіктеріңнің жиынтығы». Әрі қарай оқып еді, «біздің эрамызға дейінгі үшінші ғасыр» деген жазуды көрді. Жақтаудағы жазудың қалғаны өшіп қалыпты. Авторының кім екенін немесе басқа қандай жазу барлығын біле алмады. Осы сәтте айнадағы бейтаныс шалдың дауысы талып естіліп, «Енді мен сенің еркіңдемін» деді. Содан кейін бейтаныс шал жоқ болып кетті. Ол әрі-бері айнаны аударысытырып еді, шалдың бейнесі көрінбей қойды. «Шындығында елес болғаны ғой, дегенмен жазуды оқыдым» деп іштей масаттанған ол, жұмыс бөлмесінен шығып, жарықты жақбастан ескі айнаны ас үйге кіре берістегі орнына іліп қойды. Сосын жатын бөлмесіне еніп кетті.


Ертеңгісін оянып еді, әйелі тұрып кеткен екен. Әдеттегіден жат. Себебі, ең бірінші өзі оянатын. Ас үйден ыдыс-аяқтың сылдыры естіледі. Сірә, таңғы ас дайындап жатқан шығар деп ойлады. Денесі ауырлап қалыпты. Әрең дегенде орнынан тұрып, киіне бастады. Дәлізге шығып еді, әйелі ас үйде өзінің атын айтып сөйлеп жүр екен. Тек дауысы естіледі.


— Өткенде шығарып тастадым деп едің ғой, ана ескі айнаны біреу қайтадан әкеліп қойыпты орнына. Әлде балалар болды ма екен, әй бірақ, олар әлі кішкентай ғой. Ау, ұйқыңнан тұрдың ба, таңғы ас дайын болды, әдетте мұндай емес едің ғой.


Ол айнаны өзінің іліп қойғанын әйелінің білмегеніне іштей күліп қойды. Енді жуынатын бөлмеге кіре бергенде ас үйден шыға келген әйелі шыңғырып жіберді. Қас-қағым сәтте өзінің атын атап, жатын бөлмеге қарай жүгірді.


— Ойбай, тұр, тұр... үйге бір шал кіріп кетіпті.


Ол не істерін білмеді. Әйелінің өзін іздеп жатын бөлмеге жүгіргеніне таң қалды. «Мен қарсы алдында тұрған жоқпын ба, мұнысы қалай?» деді. Әйелі әлі ойбайлап жүр. Жүгіріп төргі үйге өтті де, шифонердің есігіне жапсырылған үлкен айнаға қарап еді, шалдың бейнесін көрді. Тілі байланып қалды. Жанұшыра қайтадан кері қайтып, ас үйге кіре берістегі ескі айнаға қараған болатын, өзіне күле қарап тұрған жастық шағын көрді. Есіне «Бұл сенің ғұмыр бойғы қателіктеріңнің жиынтығы» деген жазу оралды. Талықсып құлап бара жатты. Қолына қабырғадағы ескі айна ілікті. Құшақтаған қалпы еденге гүрс етіп құлады. Айнаның күл-талқаны шықты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу