Аңыздар ✍️

  25.01.2022
  215


Автор: Қазақ жерінің 100 аңызы

Орақты батыр - 2

Екінші аңыз:


- Әлқисса, Әзіретті - Сұлтанның маңында (Түркістанның түбі болуы керек) ешкімнің ала жібін аттамайтын, ұрлыққа жоқ бір адам болыпты. Оның мүбәрәк жан екендігі елге жайылады. Құрметке бөленеді. Сөйтіп, халықтың сүйіспеншілігіне ие болған әулие тестес ғазиз жанды екі ұры әрі іштарлық, әрі көре алмаушылықтың салдарынан қараламақ болады. Ары ақылдасады да, бері ақылдасады да байдың семіз, ту өгізін ұрлап алып, қараңғы түсе әлгі адамның ауылына жуықтау жерге сойып, көміп кетеді. 


Ертеңіне "өгіз ұрланды" деген хабар шыққан кезде әлгі екі қу салып ұрып байдың ауылына келіп, іздесуге ниет білдіреді. Алдырып албыт боп тұрған бай қуанбасын ба, жанына адамдарын қосып ізге түсіреді. Әлгілер әрі-беріден соң желе жортып, әулиенің ауылына қарай тіке тартады. Ит үріп, адамдар шулап келе жатқан соң бәйбіше сыртқа шығып, бір жаманшылықтың боларын іші сезеді. Байқап қараса, қариясы есіктің алдындағы қабаққа қарап дәрет сындырып отыр екен дейді. Мынаған ғажаптанған кемпір дәрет суын жақындата беріп:


- Мыналардың пиғылдары жаман-ау, сірә? - дейді.


- Сезіп тұрмын, - дейді әулие. Сөйткенше топты бастап әлгі екі қу ауылға да жетеді. Тегін келмейді:


- Көрдіңдер ме, түк білмегендей мүләйімсуін. Тақуа емес, жымқырғанын жын да білмей қалатын баукеспенің өзі ғой бұл! - деп өңіреңдейді. 


Әулие намазын оқып болуға рұқсат сұрайды емес пе, көнеді. Бірақ оның өрге қарап дәрет сындырып, өрге қарап намаз оқығанын ешкім аңғармай қалады. Соңғы тарауығын бітіріп:


Әумин! - деп бетін сипап, артына қараған сәтте әлгі екі қу ар-гүр еткен бірі ақ, бірі қара құбыжық болып шыға келеді. Сол бойларында бірін-бірі талап, ауыздарынан ақ көбік, қара көбіктерінен ағызып, таласады да кетеді. 


Мына кепті көріп тұрған топтың ішіндегі білімдар біреуі:


- Уа, әулие, кешіре көріңіз. Аққа қара жақпақ болып бізді дүрліктірген мыналар нағыз найсаптар екен ғой, - деп атынан түсіп, аяғына жығылады. Бұл кезде әлгі бір-біріне өлердей өш екі бәле бірін-бірі жұлмалап, жұлқылап, құдай сақтасын, дүниені әлем-тапырық қып, жолдарындағы елді үркітіп, кезіккен малдарын да, жандарын да жұлымдап, жалмап жеп кете барды дейді. 


Тегін кетпеді, елдің тынышын алып, шырқын бұзып, шәт-шәлегей етеді. Өздеріне атса оқ, шапса қылыш өтпейтіндей болса керек. Тамақтарына тойым болмапты. Қорыққан ел қопарыла көшіп, алданса деген ойменен алдарына байлап қой-ешкі, тана-топырақ, құлын-тай, жылқы тастап кетіп отырды дейді. 


Қашанғы қаша берсін, көліктердің белі талып, адамдардан әл кетті. Шаршайды, шалдығады. Күнде үрей, күнде сүргін. Ел тарығып, еңірей бастайды. Осыдан құтқарар адам табылса, оның қандай да тілектерін орындауға дайын екендігін білдіреді. 


Білетіндер жиылып Орақты батырға шабады. Ел тілегін орындау - ердің ісі. Орақты батыр бес қаруын асынып, әлгі тажалдың жолын тосса, Ақкөбіктің тамағының астында бармақтай қара дақ. Қаракөбіктің тамағында сондай мөлшерде ақ ноқат бар екен дейді. "Ажал келсе, сол жерден келер" деп пайымдаған мерген батыр:


- Жолына мал емес, менің қарындасымды байлаңдар. Жарығымның жан дауысы шыққанда әруағым артар, өзім де шыдамаспын, - дейді. 


Бәрі орындалады. Ақкөбік, Қаракөбік таяп қалады. Алдымен Қаракөбікті нысанаға алған Орақты он адам әрең созатын садағын шірене тартып қалды дейді. Зулаған оқ оның алқымынан ақ ноқатқа барып тура қадала кетеді. Қаракөбік өгіздей өкіріп барып құлап түскен кезде онымен мәңгі бақи өштіктегі Ақкөбік оны бас салып, паршалай бастады. Осы сәтте екінші оқ барып оған қадалды дейді. 


Көрген елде ес жоқ. "Ә, құдайдап!" кеп Орақтыны орнынан көтеріп алып:


- Батырдың тілегін сұралық! - деп қаумалап кетіпті. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу