Аңыздар ✍️

  24.01.2022
  324


Автор: Қазақ жерінің 100 аңызы

ЖАБАҒЫ БАТЫР ҚОРҒАНЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Тобылға жақын барсаңыз, Айет өзенінің сазды жағалауын көресіз. Бұл жағалауда халықтың бостандығы үшін, бабаларымыздан қалған жер үшін шайқасқан танымал батырлар еріксіз еске түседі.
Олардың бірі – Жабағы батыр қалмақтармен шайқаста көзге түскен. Аңыз бойынша, жауға қарсы қайрат қылып, қойдай қырған батыр атына оқ тиіп құлаған соң жаяу соғысып, жауымен қылыштасып жүргенінде ту сыртынан атылған оқтан ауыр жарақат алады. Осыдан оңалмасын білген қолбасшы соғыс біткен соң ел-жұртын жиып:
«Атаңа нәлет қалмақтың өліктері жерімізді улап, иістенбеуі үшін үлкен шұңқыр қазып, бәрін бір жерге көміңдер, ал күні ертең мен ол дүниелік болып кетсем, сол шұңқырдың үстіне оба үйіп, төбеге өзімді жерлеңдер, ата жауымыз тіріліп кетіп жүрмесін, үстерінен басып, жерімізді қорғап жатайын», – деген екен.
Орынбай Жанайдаров Қазақ жерінің жүз аңызы Батыр аманатын ұрпақтары екі етпей орындайды. Оның қолдан жасалғандығына адам сенбестей алып қорған тұрғызылады.
Батырдың зираты шынында да қарауыл төбеге ұқсайды. Жабағы батыр елдің шетінде, желдің өтінде жастыққа жантайып жатқандай.
Жастығын алып өлген осындай ерге қызықпайсыз ба?! Осындайда «Жайнаған туың жығылмай, жақсы өліпсің, япырмай!» – деген Абай сөзі еріксіз ойға оралады.
Осы өжет бабамыздың зираты Қостанай облысындағы Айет өзенінің сағасында орналасқан қасиетті орын. Жабағы батырдың зиратына жақын жерде емдік бұлақ бар, ол суды ішіп, күш алып, ауырсаңыз сауығып кетесіз. Әулие орындарға тәу етушілер әлі күнге дейін батырдың зиратына келіп, басында түнеп, дұға қылып, сауығып, шер-мұңдарын тарқатып, құран бағыштап қайтады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу