24.01.2022
  760


Автор: Қазақ ертегілерінің басты кейіпкерлері

ПЕРІ

Адамзатқа құпия тылсым дүниемен байланысты сомдалатын қазақ фольклорының хикая жанрының кейіпкерлері - перілер. Олар негізінен орманды жерлерді, болмаса елсіз құла дүзді мекендейді. Перілер – адамға дос та емес, адамға қас та емес аралық бейнелер. Олар азамзатқа көрінбей, бұл дүние мен ол дүние аралығындағы тылсым әлемде өмір сүреді. Құламерген ертегісінде: «Біз көшпелі пері боламыз, еліміздің ғадеті адамзат тұрмайтұғын жерде тұрамыз. Әгар қапыда адамзат көрсе, соған қыз береді. Ол қыздың әкесі періге патса болады. Он сегіз мың ғаламда адамзаттан қасиетті нәрсе жоқ. Білмеймісің, Құдайдың досы пайғамбар бәрі адамзаттан емес пе?!» деген үзінді бар. Осы үзіндіге қарап ата-бабамыздың перілер әлемі туралы түсінігін көруге болады.


Шығыстық қисса-дастандар мен аңыз-әпсаналардағы перілердің тұрақты мекені – Қап тауы мен Иранбағы. Едігенің әкесі Мәулімниязға перінің қызы: «Қап тауының ар жағында, көзді қара судың бойында менің мекенім бар. Сол арадан мені іздеп тап, екеуіміз дәурен сүрейік», – дейді. Сейфүлмәлік сүйген жары Бәдіғүлжамалды жер шарын кезіп жүріп, әрең дегенде Иран бағынан тауып табысады. Қазақ жырларында да, шығыстық дастандарда да басты кейіпкер перінің қызын түсінде көріп, не суреттегі сұлу дидарын көріп өлердей ғашық болады. Жігіттің пірінен не болмаса ата- анасынан рұқсат алып, қызды іздеген сапарының ақыры перінің қызына үйленумен аяқталады. Осы дастандардағы пері қыздарының кескін-келбеті, портреттері бір-біріне жақын, ұқсас. Көбіне олардың шаштары ұзын, дене бітімі сұлу, терісі аппақ және ұшатын қанаттары болады. Пері кызының толық сипаттамасы Нұртуған жыраудың «Едігесінде» былай көрінеді:


«Біз пері деген халықпыз, Періштеден төмендеу.


Адамнан артық үлесі. Нағыз таза болады Перизаттың кеудесі... Пері халқы ұшады, Өзгеріліп болымы.


Қолтығының тесігі Ұшатын қанат орыны... Басқасын көр, болмайды Етегін пері көруге,


Солай қып Құдай жаратқан. Қайымдап суда жүзуге...»


Фольклорлық туындыларда періні бір қауым ел деп суреттейді. Олардың өмір сүру салты да адамзатқа ұқсайды. Перінің қыздары қас сұлу болып келеді. Ел аңыздарына қарасақ, перінің екі түрі - мұсылман және кәпір перісі болады екен. Мұсылман перісі көбіне адам үшін зиянсыз болады.


Ертөстік ертегісіндегі жар басында тігулі тұрған жарты лашықтың иесі


- перінің қызы Бекторы адамға кесір әкелетін сиқыр ретінде суреттеледі.


 


Кенжекейдің көші тұсынан өтіп бара жатқан кезде лашығынан шығып, шайқақтап, тиісе сөйлеген перінің қызы Бекторы Ер Төстік пен Кенжекейдің алдағы өміріне көп қиындық туғызады.


Енді перілердің сипаты суреттелетін фольклорлық мәтіндерге тоқталайық:


«Құламерген» ертегісінде пері қызының сұлулығы былайша суреттеледі: «Бір уақытқа есік ашылып, бір қыз үйге кіріп келді, қараса, сұлулығы толған айдай, үстіндегі киімі қызыл алтынға қарық болған, сәулесі қараңғы үйді жарық қылады. Мерген қорқып, орнынан тұрайын деп еді, қыз келіп: «Тұрма, өз нәсіліңді өзің қор тұтпа!» – деп тұрғызбай, қолын ұстап, көрісті, мергенге сүйеніп отырды.


Перілер туралы «Еділ – Жайық» пен «Сарымерген» ертегісінде былайша баяндалады:


«Түпкі тегі қыпшақ Еділ – Жайық деген ағайынды адам бопты. Мерген бір күні «Құлан суаттың» басына кеп түнеп жатса, түнде бұлақтың арғы бетіне бір ел келіп қонып жатады. Малы ылғи құлан. Уық, кереге, шаңырақ – бәрі алтын мен күміс. Киіз орнына ұстағаны – ылғи жібек пен торғын. Қазықтары алтыннан, тоқпақтары – күмістен, желі арқаны жібектен. Шатырлатып құланның қодығын байлап жатыр» екен. Есі шыққан қу жарғақ Жайық аңқиып қарап тұрғанда бір келіншек сылаң етіп жетіп келіп: - Жезде амансыз ба? - деп шатырға ертіп барады. Ай десе, аузы бар, күн десе, көзі бар, бір қасық сумен жұтып қойғандай сұлу қызды оң жағына отырғызады. Жайықты қымыздатады. Қыздырады. Қызығына қандырады. «Көрген дәурені бар өміріне татырлық дәурен болады».


Қазақ ертегілері, кейіпкерлер, кейіпкер, ПЕРІ


Осынау таңғажайыптың өзінен маужырай бастаған қу жарғақ Жайыққа қыз: «Ұйықтай көрмеңіз. Бір күнгі ұйқыға менің татымағаным ба? Осы түн ұйықтамаңыз. Сонда осы тігулі шатыр, салулы төсек, мына отырған мен – басыбайлы Сіздікі боламын. Егер ұйықтап кетсеңіз, сіз маған, мен сізге жоқ боламын. Жарық дүние екеуімізге арам болады. Мен анау елде ешкімге тие алмаймын. Байы өлген қатындай бетім жаралы, басым қаралы күйінде қаламын. Бұл жүргендер «көшпелі дүние» деген дүние. Жан көрінсе, көрінбеген бойымен көрінбей көше береді. Егер жазатайым өздерін бір жан көріп қалса, өстіп сылап-сипап, жалынып-жалпайып бір қыз беріп құтылып кетеді. Сен бұрын көріп қалдың. Сол себептен жалпақтап жатыр. Өзіңізді де, мені де аяңыз» дейді жалынып.


Жайық уағда бергенімен, қымыз бен қыздың буы масайтып, ұйықтап қалады. Ояна келсе, арқасындағы төсеніш, атын арқандаған жібек арқан мен алтын қазық қана қалыпты. Өкінеді. Бір жыл «Құлан суатын» күзетеді. Жыл толғанда, құланға мінген қара киімді әйел кеп: «Міне, Жайық, балаң!» - деп шүмегі алтын, түбегі күміс бесіктегі баланы тастап кетіпті. Баланың атын Құлан қойыпты, Құлан қыпшақ содан тарапты – мыс».


Перілер туралы аңыздар осы сарындас болып келеді. Ол аңыздарда түгел дерлік перінің қызы жігітке оқыста кездесіп қалып, некелеседі. Алғашқы неке түні жігітке ұйықтамау керектігін ескертіп, егер осы шартты бұзса, екеуінің ешқашан бірге болмайтындығын айтады. Таң алдында ұйқы


 


қысқан жігіт уәдесінде тұра алмай, көзі ілініп кетеді. Сол кезде перінің қызы ғайып болады.


Ал ертегілердегі перілер бейнесі аздап басқаша өріледі. Мысалға


«Ұшар хан» ертегісін алайық:


«Баяғы өткен заманда Ұшар хан деген хан болыпты. Сол хан жас кезінде «ай десе, аузы, күн десе, көзі бар» асқан тамаша бір сұлу қызға ғашық болады. Қызды іздеп, жер бетінен еш таба алмайды. Хан қызды іздеп таба алмаған соң, бір өнерпаздан оқып, аспанға ұшу өнерін үйренеді. Сол өнері бойынша аспанға ұшып, қызды отыз жыл іздеп, қолына түсіре алмайды. Қыздың ұстатпайтынына көзі жеткен соң, хан қыздың суретін іздеп тауып алады да: «Қой, жас болса өтіп барады, енді әйел алып, үй болатын уақыт жетті», - деп басқа әйелге үйленіп өмір сүре береді».


Көріп отырғанымыздай, ертегі қаһарманы перінің қызына көрмей тұрып ғашық болып, оны іздеп әуре-сарсаңға түседі. Ал аңыздарда перінің қызы жігітке өзі келіп жолығады немесе кездейсоқ кездеседі.


Ертегі сарыны бойынша қыздың суретін көріп ғашық болған бас қаһарман: «Сол қызды іздеп қаңғырып жүріп өлсем де арманым жоқ!» - деп елінен безіп кетеді. Осылайша ғашығын іздеген бас кейіпкер небір қиыншылықтарды жеңіп, сапар барысында жолыққан сиқырлы көмекшілерінің арқасында перінің қызы мекендейтін жерге де келіп жетеді. Мысал үшін ертегіден алынған үзіндіге зер салайық:


«...Жандыбатыр мешітке де жетті. Шал айтқандай, барлығын да істеді, дуал да тесілді, маймыл да өлтірілді. Қыз келіп намазға бас қойғанда, бала шалдың айтқанын істей салды. Қыз ашумен баланы қырық кез мешіттің төбесіне апарып екі соқты, үшіншіге келгенде әлі құрып, төмен түсіп, қыз жерге құлады. Есі ауып қалса да, бала ұстаған жерінен айрылмады. Қыз шаршады: «Сен мендік, сен мендік!» - дей берді. Бала: «Кітабыңды бермесең, жібермеймін!» - деді. Біраз алысып, ақыры қыз баланың мықты екенін сезген соң: «Мә!» - деп кітапты қойнынан алып, балаға ұстата берді. Сөйтіп, екеуі сүйісіп қосылды. Неше жыл іздеп жүрген сұлуына қолы жетіп, баланың көңілі жай болды...»


Көріп отырғанымыздай, ертегілерде бас қаһарман өзі сүйген перінің қызына қосылады. Сонымен бақытты өмір сүреді. Ал аңыздарда бас қаһарман перінің қызына бір сәтке қол жеткізгенімен, одан айрылып қалады. Бұл ертегілердің мифтік сананың балаң кезінде туындағанына мысал бола алады.


Аңыз-әпсаналар мен қисса-дастандардағы пері қыздарының аққуға, кейде кептерге айналып кететін де қасиеті бар. Су қоймасына қонған пері қыздары суға түсу үшін қанаттарын жағалауға қалдырып кетеді. Кейіпкер бір қыздың қос қанатын ұрлап алады. Киімін алдырған пері қызы қашан қанатын қайырып алғанша жігіттің жанында калады. Пері қызы кейін жігітке қайда болатынын айтып, мекен-жайын көрсетіп, ұшып кетеді. Ал басынан көп қиыншылықтарды өткерген басты кейіпкер шығарма соңында мақсатына жетеді. Алайда таза шығыстық сюжеттерге құрылған дастандардағы пері қыздарының айналасындағы елмен қарым-қатынасы адам баласының жүріс-


 


тұрысынан көп ерекшеленбейді. Перілердің зәулім сарайы, зыр жүгірген адал қызметшілері бар. Балаға тәрбиеші пері қарайды, отбасында жасы үлкендерге үнемі құрмет көрсетіп отырады. Мысалы, «Сейфүлмәлік» дастанында басты кейіпкер Бәдіғұлжамалға қосылу үшін оның әжесінің батасын алып, әкесінен рұқсат сұрап беруін өтінеді. Пері әке қызын адам баласына ұзатып жатып, ұлан-асыр той жасайды. Қызына елде жоқ жасау береді. Мұндайда жыршылар перілер ортасын сипаттап отырып, өздері өмір сүрген қоғам келбетін бейнелейді,нақтылықтан алыстап кетпейді. Шығыстық дастандарда пері қауымының жігіттері жайында көп айтылмайды. Бірақ пері қыздарының әкелері үнемі назарда болады.


Шығыстық қисса-дастандардың оқиғалық желісінде бір-бірін сүйіп қосылған адамзат пен періден туған ұрпақтар жайында мүлде сөз болмайды. Ал қазақ эпосы мен аңыз-әпсаналардың көбінде басты кейіпкердің анасы пері қызы болып келеді. Мәселен, «Едіге» жырының бір нұсқасында перінің қызы Баба түкті шашты Әзизге: «Ішімде алты айлық балаң кетіп барады, Құмкент шаһарының қасына балаңды тастап кетермін, өзің іздеп тауып ал деп аспанға ұшып кетеді. Баба түкті шашты Әзиз Ніл дариясының жағасын кезіп жүріп: Құмкент шаһарының қасында жібек орамалға ораулы жатқан баласын тауып алады, елсіз-күнсіз жерде туды деп атын Едіге қояды.


Ал «Аңшыбай батыр» жырында жетім Аңшыбайға аққу кейпіндегі қос аққу – мұсылман мен кәпір пері қыздар бірдей тұрмысқа шығады, батырға көмектеседі. «Көрұғлы» дастанында жүз жиырмаға келгенше аттан түспей ел қорғаған Көрұғлы батыр Ағажүніс, Мысқал, Гүлнар атты үш періге үйленеді, өмірде перзентсіз болады.


Ел аңызы Асан қайғының да асыл тегін періден таратады. Бұл туралы аңыздар Орталық ғылыми кітапхананың Қолжазба қорында сақталған. Соның бірін 1934 жылы Қыпшақбайұлы Сқақбектің айтуы бойынша Мадияр Ермағанбетұлы жазып алған (333-бума, №9).


«Қасенхан бір күні Ғұзайнұр деген кісіге:



  • Маған арнайы бал ашып беріңіз, – депті. Ғұзайнұр Қасенге арнайы бал ашып, Қасенге айтты:

  • Сенің талайың су перінің патшасының қызы нәсіп болады екен, – депті. Қасен:

  • Маған ол қыз қайдан кез болады екен? – деп сұрапты. Ғұзайнұр:

  • Ол қыз саған Еділ, Жайық, Ертіс – осы үш өзен тұстарына қармақ салсаң, кезігеді. Судағы қармағыңа ілінеді, – деген соң Қасен осы үш өзенге бірнеше жыл қармақ салады.


Ақыры ұзын аққан Ертіс өзенінің аяқ кезінен қармағына бір сандық ілініпті. Қасен асығып сандықтың аузын ашса, ішінен жаннан асқан бір сұлу қыз шығады. Қасен қуанып: «Баяғы Ғұзайнұрдың айтқан қызы осы болар» деп ойлап, қыздың сұлулығына қызығып өзі алады. Әлгі қыздың ерді сыйлап күту тәрбиесі әйел затынан артық болады. Бірақ сөйлемейді. Сөз сұрасаң да үндемейді. Ал Қасен айтқан сөзін құлағы бар адамдай естиді. Қасен қыздың қалайша сөйлемеуіне таң қалады. Құлағы жоқ дейін десе, айтқанды ұғады және тындырып істейді. Тіл бар десең, тіл қатпайды. «Бұл мені менсінбей


 


жүр» деп те ойлап қалады. Ақыры мұны базарға ертіп апарып, оны-мұны көрген соң сөйлер деп, базарға апарады. Екеуі базар аралайды. Әлгі әйел бір жерге келгенде басын шайқап тоқтап тұрады. Қасен:



  • Неге ренжідің? – деп сұраса, бұрынғы қалпынша үндемейді. Тағы бір ретте базар аралап жүріп, тұра қалып ренжіп қалады. Қасен сұраса үндемейді. Тағы бірде базар аралап жүргенде тұрып, бұрынғыдан да қатты ренжиді. Қасен әйелді жапан түзге ертіп шығып, әйелден сұраса, үндемейді. Қасен ашуланып:

  • Тілің бар, неге сөйлемейсің? – деп таяқпен әйелді әбден ұрады. Таяқ өткен соң әйел айтады:

  • Сен маған не айт дейсің? Менің сөйлемеуім біздің заң бойынша бала тапқанша сөйлемейді. Егер қорқып сөйлесе, тиген адаммен бірге болуға рұқсат жоқ. Мен сені менсінбей ренжіп жүргенім жоқ. Мен енді сөйледім. Енді сенімен бірге жүре алмаймын. Менің сөйлемеу себебім осы еді. Менің ішімде алты айлық балаң бар. Осы балаңды баяғы мені алған жеріңнен бар уақытында алып құш! – деп кетуге ыңғайланады. Қасен:

  • Тоқта, бағана базарға барғанда үш мәрте ренжіген себебін айтып кет,



  • дейді. Сонда қыз айтады:

    • Бір жігіт өрік алып, етін жеп болып сүйегін тісіне салып шақты. Соған ренжіп, оның төлегені бір тиын еді, түкке тұрмайтынға бола тісін мұқалтқанына ренжіп едім. Тағы біреу келіншек алып той қылмақ болып, мал сойып, қанша қымбат жеміс алып, ең соңында тұз алмақ болып саудаласып, бағасына келіспей, тұз алмай кетті. Сол жігіттің ақымақтығына ренжіп едім. Қанша тамақ болса да, тұзсыз дәмі бола ма деп. Үшінші бір жігіт бір етік сатып алды. Сатушыдан етік үш жылға бара ма деп сұрады. Өз өмірі бір жылдан кейін өлерін білмегенін ренжіп едім, – деді де, «қош бол!» деп ұшып кетеді. Осыдан кейін Қасенхан осы қыз кез бола ма деп Сарыарқаны түгел кезіп жүріп, әр нәрсені уайым қып айта беріпті. Мәселен:




«Құйрығы жоқ, жалы жоқ Құлан қайтіп күн көрер.


Құлағының жүні жоқ Қоян қайтіп күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ


Жылан қайтіп күн көрер», - деп әр сөзді айтып қайғыра берген соң, Қасенхан аты жойылып «Асан қайғы» атаныпты».


Зерттеуші   П.Т.Әуесбаева   «Түркі  халықтарының   хикаялары»  атты ғылыми зерттеуінде «Түркі халықтарында перілер көбіне ару қыздар түрінде суреттеледі, тіпті ертегілік перілер сұлулық символы болып табылады. Хикаяларда да олардың ерекше көріктілігіне мән беріледі, бірақ адами кейпінің өзінде зооморфты белгілері көрініс береді» - деп пікір білдіреді [11].


Аталған еңбекте перілерге қатысты түркі халықтарына танымал үш сюжетке төмендегідей талдау жасайды: «біріншісінде, суда шомылып жүрген перінің құс киімін ұрлап алып немесе ұстап алып, өзіне жар болуға мәжбүрлеу. Пері әйелдікке келіскенімен, міндетті түрде шарт қояды, бұл шарттардың мазмұны адам мен пері екі дүниеге тиесілі екенін еш уақытта


 


ұмытпауға саяды. Осы мазмұндас хикаялардың шығу тегі мифтен басталып, ертегіге ұласып жатады. Бұл сюжеттің екі шешімі бар: періден Жалғыз көзді дәу сияқты адамзатқа пәле келтіретін қаскөйдің дүниеге келуі не Едіге, Шыңғысхан сияқты қасиетті баланың тууы. Қорқыт Ата кітабындағы Жалғыз көзді дәудің пайда болуы жоғарғы статусты құдай қаһарының көрінісі болып табылады, яғни адамның перімен жыныстық қатынасқа түсуі оның мәртебесін түсіруі деп бағаланады. Бұл сюжетте пері адамға қатысты әлі де өзінің құдіретті екенін көрсетеді. Ал осы сюжеттің екінші шешімінен періге қатысты адам мәртебесінің жоғарылауы байқалады. Л.Я.Штернбергтің айқындауынша, бұл ерекше адамдардың қасиеттілігін құдай тарапынан таңдауға ие болғандығымен түсіндіру мотивімен байланысты. Сондай-ақ некесіз туған нәрестенің немесе қоғамдағы статусы төмен баланың мәртебесін көтеруде перілік тегіне сілтеме жасау дәстүрінің орын алуы перілердің құдай текті екендігінің елесінің сақталуына қатысты деп білеміз. Екінші сюжет бойынша, пері белгілі бір кезеңде (мысалы, 50 жылда) адамнан ұрық алу мақсатында жерге түсіп, жас жігітпен жыныстық қатынасқа түседі. Алайда бұл қатынас адам үшін өте қауіпті: ол науқасқа айналып, естен танып, жынданып, тез арада қайтыс болады. Сондықтан адамдар оларға кезікпеуге тырысады. Олармен негізінен тек ерекше қасиеті бар бақсы- шамандар ғана қарым-қатынас жасауға мүдделі. Үшінші сюжет түркі халықтарында кең тараған – перілердің бақсы, шамандардың жындар әлеміне тиесілі жасағы, көмекшілері ретінде қызмет етуі. Бақсы қарамағындағы перілер науқасты емдеу үшін оны тудырған неше түрлі жындармен шайқасу, қуу, бағындыру функциясын атқарады, сондай-ақ болашақты болжауға, жоғалған жанды-жансыз заттарды іздеуге көмектеседі. Түрікмен және өзбектердің шамандарды «порхон», ұйғырлардың «парихон» деп атауынан-ақ олардың кіммен істес болатынын көрсетеді. Ең қызығы – көшпелі түркі халықтарында бақсылардың перілері әскер түрінде сипатталса, отырықшы халықтарда перілер бақсыға жұбайы, ғашығы тұрғысында көмектесуге бейім. Сондықтан перілердің қызғаншақтығынан порхондар адамдармен тұрмыс құра алмайды» [11].


Қорыта айтқанда, перілер – ай десе, аузы, күн десе, көзі бар, тал бойында бір міні жоқ сұлу бойжеткен сипатындағы сиқыр иелері. Бір көргеннен ғашық қылатын ғажайып әсемдіктің иесі. Олар адамға ешбір зиян келтірмей, тылсым дүниеде өз бетінше тіршілік етеді. Адамға жолығып қалса, шарт қоя отырып онымен некелеседі. Ал шарты бұзылған жағдайда құсқа айналып, артына қайырылмай ғайып болады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу