24.01.2022
  2069


Автор: ҚАЗАҚ ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ

Қазақ отбасы тәрбиесі туралы орта ғасыр ойшылдары мен ақын - жыраулардың, қазақ ағартушы педагогтары және ғалым- дардың ой-пікірлері

Қазақ халқы бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, оған ерекше көңіл бөлген. Себебі, ол баланы отбасының және өмірдің жалғасы мен болашағы деп санаған. Қазақта отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің алатын орны мен рөлі ерекше болған. Себебі әке – отбасын асыраушы, оның мүшелерінің тірегі, қамқоршысы және тәлімгері. Әкенің мінез- құлқы - өзгелермен қарым- қатынасы, өнері, білімі – баланың көз алдындағы үлгі өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Сондықтан қазақта әке туралы өнегелі нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер көп ақ.


 


Мысалы, «әке бәйтерек, бала жапырақ», «әкеге қарап бала өсер», «әке балаға үлгі».


Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болып өссе: «оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой», - дейді. Бұдан әкесі жақсылардың балалары да жақсы болмақ, ал әкесі жамандардың балалары – сондай болмақ деген қорытындыдан аулақпыз. Баланың жақсы-жаман болуы шыққан тегіне ғана емес, ол оның тәрбиесіне тікелей байланысты. Осыны ерте сезген халқымыз: «баланың тентек болмағы үйінен, жігіттің тентек болмағы биінен» немесе «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз; жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз», - деген.


Қазақ халқында әкелер өз өнерлерін балаларына үйретіп, оларды өздеріндей қол өнерші, күйші, әнші, мерген, аңшы, құсбегі етіп тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлген.


Осыдан келіп ата өнерін баланың қууы, оны мирас еті дәстүрге айналған. Мысалы, қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін күйшілік, әншілік, аңшылық, ұсталық өнерлерді қуып өткен адамдар жиі кездеседі. Содан «атадан бала тумас болар ма, ата жолын қумас боларма», «әке көрген –оқ жонар» деген нақыл сөздер пайда болған.


Отбасында адам өмірге келеді, тәй-тәйлап басады, бірінші қуанышы мен қиындығын кездестіреді, өседі, өнеді, одан үлкен өмірге аттанады. Олай болса отбасы деген не? Оның мәні неде? Koғамда қандай рөл атқарады? Әр aдамға не береді? Осы сұрақтарды жан-жақты қарастырып, шешуде әр заманда көптеген ойшылдар, ғалымдар атсалысқан. Ертеден бала тәрбиесіне үлкен мән беріліп, оған ерекше көңіл бөлінген. Себебі, бала отбасының және өмірдің болашағы деп саналады. Осыған орай отбасындағы бала тәрбиесін маңызды деп санай отырып, өткен ғасырлардан бастап көптеген ғұлама ойшылдар, ақын жыраулар, көрнекті ғалымдар өздерінің шығармалары мен ғылыми еңбектерінде осы мәселені жан-жақты қарастырған.


Дүниежүзіндегі әрбір халықтың өзіне тән отбасы тәрбиесінің тарихы бар.          Сол    сияқты,   қазақ   отбасы    да    өзіне   тән   ерекшеліктерімен сипатталады. Қазақтың отбасы мәселесіне байланысты бұрын-соңғы жазылып, кезінде баспа жүзін көрген үлкенді-кішілі ғылыми мақалалар мен монографиялық еңбектер, әдеттік құқық туралы жинақтар мен қазақтың          ауыз әдебиеті    фольклор            деректері   де     көптен   табылды. Мәселен, орта ғасырлық ғұлама ойшылдар Сағди, Науаи, Кайқаустың отбасы   мәселесі   төңірегінде   айтқан  құнды   пікірлерінде  балаларды отбасында тәрбиелеуге өте мән беріледі. Отбасы тәрбиесінің өзектілігі сонша, ерте кезеңнен ақ ақын-жыраулар шығармалырына арқау болған.


ХV ғасырдың орта шенінен бастап қазақ елінің ішкі сыртқы   қал жағдайы көрші жұртпен ара қатынасы жаңа арнаға түсе бастады, халық


 


арасынан сауатты, білімдар, ақылгөй адамдар бой көрсетті. Ұлан-ғайыр кең даладағы көшпелі тірліктің өзіндік ерекшіліктері де аз емес еді. Соның бірі – қиыннан қиыстыратын өнерінің ерекше өріс алуы болатын. Түрколог В.Радлов айтқандай, «Нақысты сөйлеуді бар өнердің алды деп білген халқымыз өнер алды – қызыл тіл, ал тіл шұрайы - өлең сөз, жыр толғау» - деп түйіндеді.


Жырау толғауларында табиғат аясындағы сәбидей пәк көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі, болмыс бітімі, өзіндік психологиясы, өзін қоршаған орта туралы түсінігі бейнеленеді, ұлттық бояуға қанық афоризмдер мен көркем тіркестерге бай, нақыл қанатты сөздерден құралған философиялық толғаулар басым болды. Жыраулар мораль, этика, тәлім-тәрбие жайындағы ой түйіндерін, аса мәнді қоғамдық мәселелері мен қатар, әлем, болмыс, тіршілік, табиғат жайлы терең мәнді тұжырымдарды ортаға салды, ылғи халқымен кеңесіп отырды. Жыраулар поэзиясын Доспамбет пен Шалкиіз, Жиембет пен Үмбетей, Ақтамберді мен Бұқарлар жалғастырып ұрпақтан- ұрпаққа жетті.


Қазақ елінің сыртқы жаулармен айқастарында олар «жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды жайратқан», Ерегескен дұшпанның басын кеспей тынбайтын Махамбет, «жауға шапқан ту байлап, шекті бұзған айқайлап» жауды жайратқан Жиембет, «Бас кессе де басылмай, ақ ісін жаудан жасырмай» жолбарысша жауған атылған Жолымбеттер сөзіне ісі сай, еркіндікті аңсаған шетінен намысқой, бір беткей, ер жүрек қолбасшы болғандығы белгілі.


Жыраулар өмірдің ұсақ мәселелеріне аз араласып, көбінесе заман- дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық, жамандық жайлы ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған. Сондықтан да орта ғасырдағы қазақ поэзиясында жыраулар жетекшілік, ақылгөй тәрбиешінің рөлін атқарды. Олардың шығармаларынан ой-қиялдың байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі, ойдың кең өрістілігі сезіледі. Ал, ақыл- ойға, терең тәлімге құрылған поэзиялық сөз маржандарынан ұлттық сипатты танытатын мәдени мұралардың тарихын танып білеміз.


Сөз болып отырған кезеңдегі ақын-жыраулардың дүниетанымы мен философиялық бағыттары жайлы әрі ғалым, әрі ақын Ә.Тәжібаев: «Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқарлар айтқан толғаулардың бізге жеткен бөлшектеріне қарап отырсақ, тыңдаушысын теңіздей шайқайтын терең ойлардың толқынында жүзгендей сезінеміз. Кейде жақыннан, кейде ишаратпен алысқа меңзеулер, әлде қайда біз біле бермейтін арнаулы сөздерден жаралады да, өмір, тарих, қоғам, адам жөнінде ғажайып топшылаулар, толғаулар айтады » , - дейді.


ХV ғасырдағы қазақ ақын жырауларынының көрнекті көшбасшылары Асан қайғы мен Қазтуған. Олардың өлеңдері мен өсиет


 


сөздерінен халық қамын жеген ақылгөй, қамқоршы бола білгені байқалады. Туған жерге, қолпаштап өсірген елге деген ыстық ықылас ел қамы, ар, намыс үшін күрес, әділдікті, туралықты құдырет тұту олардың шығармаларынан өзекті орын алған. Сондықтан да Асан қайғы, Қазтуған айтыпты-мыс дейтін өсиет өлеңдер әлде неше ғасыр өтсе де көнермей, жоғалмай халық жадында мәңгі сақталып, біздің дәуірімізге жеткен. Әсіресе, қазақ халқының әрбір төбесі мен өзен-көлін қастерлеп өткен, ол жайында ой топшылап келелі пікір айтқан Асан қайғы атымен байланысты аңыз әңгімелер мен өлең, жыр-толғаулары орасан көп.


Кейінгі ұрпақ әулие танып, аты аңызға айналған, Ш.Уәлиханов


«көшпелілер философы» атаған Асан қайғы өз заманының үлкен ойшылы болған. Заманымыздың көрнекті ойшыл ғалымы, әдебиет тарихын терең зерттеп, тексерген Академик М.Әуезов айтқандай, Асан қайғы «өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс елес, білік-дерек береді…»


ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Жиембет Бортоғашұлы жырау мен ХVІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Ақтамберді Сарыұлының өмір жолы, ой арманы бір-біріне ұқсас болып келеді. Бұл екеуі де халық қамын жоқтаған, ел бірлігін сақтаған, ортақ жауға аттанып ойран салған әрі батыр, әрі ақын еді.


Жырау шығармалары негізінен нақыл, афоризмдік толғауларға толы келеді. Халқымыздың тіршілік тынысы мен кәсіби, мінез-құлық ерекшілігі, ақынның жастарға айтар өсиеті, өмірге деген көзқарасы оның толғауларынан айқын көрінеді.


«Болат қайнауда шынығады, Батыр майданда шынығады», - деп бағалаған жырау:


Жігіт жанды бұласа! Ел шетіне жау келсе Алдыңа, сірә, дау келсе Батырсынған жігіттің


Күшін сонда сынаса! – деп жігіттің жігіттігі өлім мен өмір белдескен қан майданда сыналмақ дегенді меңзейді.


Жырау жалпы достықты, сыйласымды өмірді дәріптеген, оның нышаны отбасынан басталады деп ұққан. Адамгершілік қасиет отбасындағылардың бірін-бірі қадірлеуінен, әсіресе баланың қартайған әке-шешелеріне ерекше құрмет көрсетуінен көрінбек. Бұл халық педагогикасының ежелгі қалыптасқан дәстүрлі көзқарасы. Осыны ойға қазық, тілге тиек ете отырып, көпті көрген көне жырау:


Меккені іздеп нетесің Меккеге қашан жетесің


 


Әзір Мекке алдыңда Пейіліңмен сыйласаң


Атаң менен анаңды! – деп ата-анаңа көрсеткен сый құрметің құдай жолын қуып, Меккеге барумен пара-пар деген ойды қорытады.


ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, пәлсапалық дидактикалық толғауларымен ерекше көзге түсетін Үмбетей мен Бұқар жырау.


Үмбетей Тілеуұлы қазіргі Ақмола облысы, Ерейментау ауданында көшпелі шаруаның отбасында дүниеге келген. Үмбетей жырау ердің бақытына кесір болып жабысатын отбасындағы кейбір сөлекет жайларды көре біліп:


Ұрысқақ болса ұлың жау, Керіскек болса келін жау.


Қойныңдағы қатының жаман болса, Қаңтардағы мұзбен тең


Кей сорлының қатыны Күндіз ауру, түнде сау –


Арқаңа артқан тұзбен тең, - деп отбасылық бірлікті, татулықты, сыпайы сыйласуды уағыздайды.


ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішіндегі биік тұлғаның бірі -Бұқар Қалқаманұлы. Ол арабша сауатты адам болған. Ел билеу ісіне белсене араласқан, Абылай ханның ақылшысы, қабырғалы билерінің бірі болған. Жыраудың өлеңдерінде ел берекесі, халық мүддесі көп сөз болады. Сонымен қатар Бұқардың көптеген жырлары отбасылық қарым-қатынас, адамгершілік мәселелеріне арналған. Ол адам өмірінің әр кезеңін суреттей келе ақыл мен қажыр тасыған жастық шаққа ерекше тоқталады.


Күлдір-күлдір кісінетіп,


Күреңді мінген жиырма бес. Күрек тісін қасқайтып,


Сұлуды құшқан жиырма бес Іздесең де табылмас, - дейді.


Қарт жырау адам өмірінің ең қызықты кезеңі, ойына алған ісін қайратымен іске асыратын ақыл-қайрат пен талаптың тасыған шағы жиырма бесті іздесең де таппайсың, жас өміріңді дұрыс пайдалана біл деп ақыл айтып отыр.


Оған қарама-қарсы кәрілік «ел қонбайтын шөл», екі жағы ор. Түпсіз терең көл, алдың белгісіз қараңғы тұман түн деп қорытынды шығарады.


Көпті көрген жырау өз ұрпақтарына: Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер, Күндердің күні болғанда,


 


Кімдерде кімнің дейсің белі бүгілмес, - деп қарт атаң мен әжеңді сыйла, өзіңе дейінгіні құрметтесең өзіңнен кейінгілер де сені сыйлайтын болады дегенді уағыздайды. Отбасының сәні сыйластық деп түйген жырау:


Екі жақсы бас қосса, Санат емей немене…


Жақсымен жолдас болсаңыз Айырылмасқа серт етер, -


деп ерлі-зайыптының тату- тәтті өмір сүруін қалайды.


Жақсы мен жаманды көп көрген дана қарт жастарға төмендегіндей тәлім айтады:


Айтқан сөзге түсінбес, Жаман емей немене.


Сұрағанды бермеген, Сараң емей немене.


Кісі ақысын көп жеген, Арам емей немене.


Сыртыңдағы қулығың,


Амал емей немене… - деп сараң мен сахиды, адалдық пен арамдықты салыстыра сипаттап, ізгі адамгершілік қасиетті дәріптеп отыр. Сондай- ақ жырау шынайы достық пен қастықты салыстыра келіп:


Екі жақсы қас болмас, Екі жаман дос болмас.


Дос болғанмен қош болмас. Екі жақсы дос болмас,


Дос болса түбі бос болмас, - деген философиялық ой толғанысын жасайды.


Жырау жастарды шынайы достыққа ар-ождан, адамгершілік қасиеттерді өмір бойы қастерлеп өтуді айта отырып, өлмейтін, өшпейтін нәрсе жоқ, қоғам, табиғат, тірішілік үнемі қозғалыста, өзгерісте болады деген пәлсапалық топшылау жасайды.


Ш.Уәлиханов Шал ақын туралы алғашқы пікір білдірген адам. Ол Шал ақын өз елінің тарихи шындығын көтерген эпик жыраулардың бірі болғанын айтады.


Ұл бала мен ер жігіт тәрбиесі сұрауын халқымыздың әдет-ғұрпында отбасында ұл баланың келуін «ұл туғанға, күн туған» деп ерекше оны бақыт санаған. Оның себебі қазақта отбасының жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелген.


Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Оны мал бағуға, шөп және отын шабуға, аң аулауға, мылтық атуға, мергендік құруға, қол


 


өнер шеберлігіне үйренуге, мал тауып, отбасын асырауға әкелері үйреткен.


Әсіресе ұл баланы елін-жерін, халқын қорғауға ерекше тәрбие берген. Ол үшін ұл бала тәрбиесінде жас кезінен ауыз әдебиеті шығармаларын, оның ішінде батырлар жырын кеңінен пайдаланған. Сонымен қатар қазақ халқы «ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» демекші ер жігітке айтылар сын көп, қойылар талапта жоғары болған. Халықтың дәстүрлі тәрбиесінде осы баға – «жігіт сыны деп аталады». Шал ақын өзінің шығармаларында жігіт сыны туралы былайша толғайды:


Бір жігіт бар – құр жан. Бір жігіт бар – тірі жан. Бір жігіт бар – жігіт жан.


Ақын сипаттаған «құр жан» дейтін жігіт – ішкенге мәз, жегенге тоқ, ар, намыс жоқ, тек кеудесінде жаны барлар. Ал, «тірі жан» деген жігіттер «бар тапқанын киім мен асқа сатар, жақын көрген досын жатқа сатар» опасыз, сатқын, ішін түземей сыртын түзейтін, сәнқой -сымақ, қара басын қамын ғана ойлайтын жандар. Ал, «жігіт жан» дейтін жігіт


«сегіз қырлы, бір сырлы» болуы керек.


Шал ақын қазақтың ер жігіттерінің мінез-құлқының жұртқа үлгі боларлық қасиетін ұсына келеді де, былайша кеңес береді:


Жігіттер жау алмайды ақылды алсаң, Білгішке көп білетін жақындасаң.


Қарап жүрген кісіге адам тимес,


Сабыр ғып өз бойыңды мықты ұстасаң…-


деп отбасында қандай тәрбие алу, бойына қандай қасиеттерді сіңіруге ұмтылуына қажеттігін ашып жазған.


Жігіттің мінезді болуы ақыл-парасатқа байланысты деп ой топшылаған ақын: «Ашу – дұшпан ақыл дос, ақылыңа ақыл қос» дейтін халықтың мақал- мәтелін:


Ашу–дұшпан болғанда нәпсі – жауың, Ақыл–тұрған алдыңда асқар тауың.


Жүрекке Ашу келіп тұрған шақта,


Денеңнің біле алмайсың ауру-сауын,- деген өлен жолымен бейнелеп беріп, адамның ашу қысқан шақтағы психологиялық көңіл күйін қолмен қойғандай суреттейді.


Сондай-ақ, ер жігіттердің бойында болуға тиісті басты қасиеттер: өнерлілік, зиялылық, парасаттылық туралы Шал ақын:


Жақсының жүрген жері той болады, Ақылы жоқ кей адамда бой болады. Көрмеге қандай жаман болсадағы,


 


Парасат кей шаһбазда ой болады…- дейді. Бұл үзіндіден парасаттылық бойға, көрікке байланысты емес, көзге қораш адамдардың ішінде де жаны жайсаң, рухани байлығы мол адамдар болуы мүмкін деген ойды байқаймыз.


Ақын:


Майда бол жігіт болсаң тал жібектей, Жарамайды қатты болу тікенектей.


Білімің болса дағы ұшан-теңіз,


Пайда жоқ өз халқыңа пайда етпей… - деп өнерлі, білімді, өнегелі азаматтың халқына адал қызмет етуін қалайды.


Өткен ғасырдың орта тұсында ұлттық өркениет қорына елеулі үлес қосқан ақылмандардың бірі ұлт тәлімінің дүлдүл жаршысы, патшаның отарлау саясатын қазақ елінің шырқын бұзған, дала халқының өзінше дамуына кесір-кесапат болған құбылыс деп, ешкімнен жалтақтап- жасқанбай, сындарлы пікі айтқандардың бірегейі Дулат Бабатайұлы болатын.


Дулат ата-ананың, көпті көрген даналардың ақыл-кеңестері жас буын тәрбиесінде таптырмайтын құрал екендігін баса көрсетеді:


Ата-ананың ақылы қазылған қара жолмен тең, Жақсылардың ақылы гаухар шырақ шаммен тең.


Ол жастарға ата-анаңды, үлкендерді тыңдап, дана қариялардың ақылын алсаң жақсы азамат болып өсесің, олардың ақыл-кеңесі әр уақытта алдыңда шырақтай жарқырап жанып, жол көрсетіп тұрады, қисық-қыңыр мінезді бойыңа дарытпауға, теріс жолға түспеуіне жағдай жасайды дейді. Ақын адамның жақсы, жаман болуы оның тегіне («сырын білмей бой салма, атасы оның текті деп, … нашардан шыққан жақсының өзін жерге тастама, атасы нашар өтті деп») байланысты емес, кейбір мінезі нашар адамдардан да өнегелі, білікті кісі шығады, адамның адамшылығы оның отбасынан алатын тәрбиесіне, өмірлік тәжірибесі мен біліміне, бәрінен де өзіне байланысты, адамның кісілік қасиетін көрсететін оның сылдыр сөзі емес, нақтылы іс -әрекеті, іске тындырымдылығы дейді. «Жақсылар топта сөйлейді, ақылы мол болған соң»,- деп ондайларды барынша қастерлейді, ал ойға шорқақ, сөзге кедей енжар адамдардың зәредей мәселеде де шешімге келе алмай, әуре- сарсаңға түсіп, ойсыз, мақсатсыз өмір сүретіндігіне қынжылады. Мұндайлардың берекелі іспен, оқу біліммен айналыспай, тек құлқынын ғана ойлап екі ауылдың арасында босқа селтеңдеп жүруді әдетке айналдырғанын бар ашу ызасымен шенеп -мінейді.


Дулат Бабатайұлы отбасы тәрбиесінде еңбек ете білудің тәлімдік маңызын қазақ жағдайында күн тәртібіне ерекше мән беріп қойған ақын. Ол кімде-кім шама-шарқынша еңбектенсе өзін де, бала-шағасын да тарықтырмайды, еңбек адамды іздеген мұратына жеткізеді, өнерлі


 


болуға жетелейді, бір сөзбен айтқанда, ол адамды кісілікке, имандылыққа баулиды – деп түйіндейді. «Жігітке жетпіс өнер де аз»,


«Өнерді үйрен де жирен», дегендей ұсталық, зергерлік өнердің адам өміріндегі маңызына тоқталып темірден жасалатын сан-алуан құралдардың тірішілік үшін аса қажетті бұйымдар екенін айтып, жастарды еңбексүйгіш, өнерлі азамат болуға шақырады.


Махамбет Өтемісұлы шығармаларынан елге қорған болатын ер азаматтың психологиялық қасиеттері жайлы айтылған біраз тәлімдік пікірлерді ұшыратамыз. Халық қамқоршысы болған батыр ұлдардың ерлігін кейінгі ұрпаққа паш ету патриоттық тәрбиенің өзекті мәселесі. Халық жыршысы Махамбет Исатайдай адал, батыр ұлдарының ерлігін еске түсіру арқылы, кейінгі ұрпақтың олардан үлгі алып, солардың жолын қуса екен, халық қамын жесе екен деген тілекті көздейді. Жорық ақынының:


 


Ақ жұмыртқа, Сары уыз, Әлпештеп қолдап өсірген... Туған ұлдан не пайда,


Қолына найза алмаса,


Әке жолын қумаса,–деген өлең жолдарынан жас жеткіншектерге жасыңнан шынығып өс, ел жұртыңды, туған халқыңды қадір тұтып, қастерлей біл, атқа мін де халық қамын ойла, сонда ғана мақсатыңа жетесің, ата-анаңнын ақ сүтін адал ақтайсың, ел сүйсінер азамат боласың деген ой тұжырымдап, ортаға салады.


Жастарды тәрбиелеудің келесі бір жолы – оларды жаман адамнан жирендіру. Осы айтылғанға орай бірде Махамбет былай дейді:


Жаманды байқап қарасаң Күндердің күні болғанда Өз басына өзі жау.


Жаман адамның өз басына жау болатын себебі ол істі ойланбай істейді де, мұнысымен өзімен қатар өзгелерге де опық жегізеді. Жаман кісі көбінде өзгенің несібесін жейді. Біреудің еңбегін пайдалануды, даяр асқа ие бола кетуді әдетке айналдырады.


Жас жеткіншектерді патриоттық рухта тәрбиелеуде, оларды халқына адал қызмет етуіне баулуда Махамбет өлеңдерінің маңызы ерекше. Бала психологиясына тән басты ерекшілік олардың ерлікті дәріптейтін шығармаларға өте әуес келетіндігі. Өйткені, мұндай шығармаларда адамға ерік-жігерлік, күш-қайрат беретін өнегелі сөздер көп болады. Бала мұндағы жігерлі адамдарды өздеріне идеал етіп еліктейді. Тіпті осындай патриоттық сарында жасалған шығармалар бала түгіл ересек адамға да ерекше әсер етеді.


 


Ел мүддесін ерекше қастерлейтін адамға туған халқына, ақ сүтін беріп әлпештеген анасын, ел-жұртын қорғаудан артық зор бақыт жоқ! Махамбет ақын осы мәселеге жастардың назарын ерекше аударады.


Арманы бар ма жігіттің, Қапылыста тап берген. Тайталаста жауымен Туып- өскен жері үшін


Жалаулы найза қолға алып Қолақпандай қомданып, Жау тоқтатып айқаста


Құрбан болса ел үшін.


Жастарды патриоттыққа, елін-жұртын, туған халқын жан-тәнімен сүю рухында тәрбиелеу – Махамбет өлеңдерінің өзекті тақырыбы.


ХІХ ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік Қазақстанда өмір сүрген, әлеуметтік теңсіздік мәселелері мен отбасылық қарым-қатынас, адамгершілік мәселелерін кең көлемде жыр еткен көрнекті ақын- жыраудың бірі – Майлықожа Сұлтанқожаұлы қазіргі Шымкент облысы, Қызылқұм жерінде туып өскен.


Майлықожаның бір топ өлеңдері отбасылық қарым-қатынасқа, жақсы жар таңдауға арналған. Ақын жақсы жар деген не, жаман әйел қайдан шығады деп, бұл екеуін салыстыра суреттеп, алғашқысының екіншісінен қандай қасиеттерімен ажыратылатынын көрсетеді. Мысалы,


«Жақсы болсын жұбайың» деген өлеңінде ол жаман әйел салақ, шаруаға қыры жоқ, еңбек сүймейді, кешке дейін үй қыдырып, айнала өсек тасумен болады, ерінің бетінен алып, шайпаулығымен, бетпақтығымен, долылығымен жолдасының сағын сындырады, мұндай әйелге кез болған еркектің «белге соққан жыландай» амалы құрып, «өмірі арманда өтетінін», қапалықпен ғұмыр кешетінін айтады.


Майлықожа халқымыздың «Жақсы әйел жаман ерді түзетеді», «Екі жақсы қосылса өлгенінше дос болады, екі жаман қосылса өлгенінше өш болады» - дейтін аталы сөздеріне сүйене отырып:


Жаман қатын жігіттің, Тайдырады табанын. Тар қылады заманын. Жақсы қатын жігіттің, Адам қылар жаманын


Ұшқыр қылар шабанын, -деп жастарға жақсы жар таңдай білудің маңызын түсіндіріп, келелі ақыл-кеңес береді, бірақ ақын әйелдің әлеуметтік құқықтары туралы пікір қозғамайды, оның пікірінше әйел тек үй ішінің құты, сүйген жар, баланың анасы деген түсінік шеңберінде ғана қалған.


 


Ақын-жыраулардың отбасы тәрбиесі жайлы жоғарыда айтылғандай маржандай тізілген әдемі сөз тіркестерінен халқымыздың ой арманы мен ар -намысын қастерлеген аталық ақыл өсиет сарындары сезіледі. Отанға, халқына деген сүйспеншілік, патриоттық сезім аңғарылады.


Майлықожа өлеңдерінде халық педагогикасының қаймағы болып табылатын мақал-мәтелге айналған аталы сөздер көптеп кездеседі. Мысалы, «Жақсының жолы жарық күн, жаманның жолы көмескі»,


«Ерінбей бейнет еткеннің, еңбегі дейді жанады», «Өңкей жақсы қосылса, бітіреді кеңесті. Өңкей жаман қосылса шығарады егесті» т.с.с. Осы арқылы ақын жастарды ойы орамды, тілге бай, өнерлі -өнегелі етіп тәрбиелеуге көңіл бөлген. Қазіргі жастар асыл ойға құрылған сөз маржандарын біліп қана қоймай, оларды өз бойларына дарытатын болса, онда жан-жақты өскен елдің өнегелі азаматы болары даусыз.


XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап отбасына деген тарихи көзқарастарды ғылыми көзқарастар толықтыра түсті. Мысалы, 1877 жылы шыққан «Ежелгі қоғам» атты кітабында Л.Морган отбасының тарихын, оның некелі қарым-қатынасын, экономикалық, әлеуметтік дамуын және қызметін қарастырған. Одан кейінгі уақыттарда отбасы туралы бірінші марксистік ілімдер туды. Ф.Энгелъс 1884 жылы шыққан


«Отбасының жекеменшіктің және мемлекеттің тегі» атты еңбегінде отбасын тарихи категория ретінде қарастырып, оның формаларының байланысын, даму жолдарьн көрсетті. Француз ағартушысы Ж.Ж. Руссо, швейцарлық И.Г.Пестолоцци, орыс педагогтары К.Д.УШИНСКИЙ, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко т.б. қарастырды.


Отбасы мәселелерін Қазақстанда М.Жұмабаев, С.Қалиев, М.Жарықбаев, Ж.Б.Қоянбаев, К.Бейсенбиева, М.Тажин, Б.Аяғанова, Ж.Сарыбекова, Л.Ибраимова және т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.


Ғалым Мәтжан Тілеужанов өзінің «Қазақ тағлымы» моно- грфиясында қазақ тағлымының негізін бағыттарын атап көрсетті.Олар: Ар ождан тазалығын сақтау, ақыл ойлы парасатты болу, барлық әрекетінен, сөйлеген сөзінен қарым қатынасынан көзқарасынын ғибрат иісі аңқып тұру; ерте тұрып,кеш жату,аз сөйлеп, көп тыңдау, иманды, инабатты, қайырымды болу; жас ұрпаққа тәрбие беруден жалықпау, халық дәстүріне берік болу, оны жаңарту , әдет ғұрыпта жоқ нәрселерден аулақ болу: сегіз қырлы бір сырлы болу, халқының рухына кір салмау, ел берекесін сақтап, оның баюына үлес қосу. Сонымен дәстүрлі педагогикада жас ұпақты тәрбиелеудің негізгі мақсаты жан жақты үйлесімді дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру деп көрсетілген.


Ғалымдардың тұжырымдамалары бойынша отбасы - адамдардың яғни некелік жүзінде қосылған еркек пен әйелдің, олардың туған немесе тумаған балаларының, кей кезде басқа да бірге тұратын жақын


 


адамдарының қарым-қатынастық, бірлестік формасы. Авторлардың ойынша, бұл анықтама барлық отбасының кез-келген даму кезеңдерінің мәні мен сипатын қарастырады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу