24.01.2022
  4530


Автор: Жаңа заман ертегілері

Күннің тоғыз баласы

Ертеде бір қойшы бала өмір сүріпті. Ол таң алдында, Шолпан жұлдызы туғанда, қойын жайылымға айдап шығады екен. Күндердің күнінде жаз бойы Шолпан жұлдызы көрінбей кетеді. Сол жазда жайылымға бірде ерте, бірде кеш алып шыққан малдың берекесі кетеді. Жаз өтіп, күз айлары басталса да, баланың аспандағы серігі көрінбейді. Ауыр бейнеттің рақатын көре алмаған бала Шолпанды іздеп тауып, мәнжайды білуді ұйғарады. Басына осы ой келген сәтте баланың жауырыны ортасынан
жарылып, арқасына қанат бітеді. Бала самғай ұшып, беймәлім аспан әлемінен досын іздеп шарлап кетеді. Ол Жерден биігірек көтеріле бере қою қара әлемге тап болады.
«Таң жаңа ғана атты ғой, түн болатындай уақыт өтіп кеткені ме?» – деп таң-тамаша болады. Баланы одан әрі таңдандыра түскісі келгендей, Жұлдыздар мен Күн бірдей көрініп тұрады. Бала Күнге қарай ұша жөнелді. Алып-ұшып жеткен ол бірден:
– Бұл жерді неге жарық қылмай тұрсыз? – деп сұрайды. Жымиып күлген Күн:
– Жер бетінен келгенің көрініп тұр. Жерде күндіз аспанның көгілдір боп көрінуінің  сыры – менің көк сәулемді Жердегі ауа жан-жаққа шашып, аспанды көк түске бояған.
Жерден ұзап шықсаң, бар әлем қара түске боялады. Себебі мұнда Жердегідей ауа жоқ.
Бала өзін ертегі әлемінде жүргендей сезінді. Мынау алып Күн «аспан сырын жетік біледі» деп ойлады да, Шолпан досының қайда кеткенін біліп алғысы келді. – Менің аспанда Шолпан деген досым болған. Биылғы жазда ол мүлдем көрінбей кетті. Күз басталды, әлі жоқ. Мен соны іздеп келдім. Мүмкін, сіз Шолпанды танитын шығарсыз? – деп сұрады Күннен.


күн сурет бала
Шолпанның атын естігенде Күн мейірленіп былай деп жауап берді:
– Менің тоғыз балам бар. Өзім өте балажанмын. Балаларыма бөлек-бөлек отау тігіп, айналама шоғырландырып қойдым. Қызым Меркурий – көршім. Одан кейінгі үй – сен іздеп келген Шолпандікі. Ал Жер – Шолпанға көрші. Жердің үйінің артынан Марсқа үй сап бергенбіз. Ұлдар қашанда өзіңдікі ғой, алыста тұрса да, жақын боп көрінеді.
Сондықтан қыздардың үйінен кейін қатар-қатар Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун, Плутон деген ұлдарым қоныс тепкен. Астероид, Метеорит, Комета деген көршілерім бар.
– Комета деген құйрықты жұлдыз емес пе? – деп сұрады бала бейне бір өз танысының атын естігендей қуанып.
– Иә, оны Жердің тұрғындары солай атайтыны рас. Көршім Комета кей кезде бізден аулақтап кетіп, Жер тұрғындарына көрінеді. Ұлым Юпитер Жерге қарағанда, үш жүз есе салмақты. Тоғыз баламның аяғын жіппен байлап, жіптің ұшын беліме орап қойдым.
Балаларым да маған еліктеп, өзара жіппен жалғасқан. Кейде Юпитер екеуміздің тартуымыздан Кометаның жылдамдығы артып кетеді де, мен қанша өзіме тартсам да, ерік бермей қисық ұшады. Сондай сәтте ол сендерге көрінеді. Ал Кометаның барлығы құйрықты емес, көпшілігі құйрықсыз. Маған ең жақын Кометалар ғана құйрықты. Оны жаңа сен «жұлдыз» деп атадың. Жұлдыз деуге де болатын шығар, бірақ оларды мен «ұсақ денелер» деп атаймын.
– Неге сізге жақын Кометалар ғана құйрықты?
– Кометаның салмағы өте аз. Оның ядросы, яғни басы тозаңдардан, қатты кесектерден, көмірқышқыл газ, аммиак, метан сияқты қатып қалған газ қоспаларынан тұрады. Комета маған жақындағанда ядросы қызып, одан газ бен тозаң бөлінеді де, сыртқа қарай құйрық сияқты алау шығарады.
– Мен Жерден бір рет түнде Кометаны көргем. Ол Жерден аспанға дейінгі аралықта созылып тұрды да, бірте-бірте алыстап көзден ғайып болды.
– Оны қайда кетті деп ойлайсың? – деп сұрады Күн баладан.
– Білмеймін, – деп бала иығын қозғады.
– Кометаларға Метеорлар соқтығысады немесе менің ыстығымнан ядросы ыдырап, бөлшектері өз орбитасының бойымен жайылып кетеді. Осылай Комета қалдықтарынан Метеорлар пайда болады.
Күн сөзі барған сайын қызықтыра түскен бала:
– Метеорлар туралы да айтып беріңізші? – деп қиылды.
– Метеорлық денелер Жерге 100–120 шақырым қашықтықта жалтырап көрінеді. Ал 80 шақырым биіктікте буға айналып кетеді. Олардың жарық сәулесінен темір, кальций, кремнийлердің ашық сызықтары көрінеді. Адамдар Метеорлар сәулесі арқылы Кометалар ядроларын зерттеген. Метеорлық денелердің салмағы миллиграмм шамалас, ал өлшемі – миллиметрдей.
«Біздің жұлдыз ағып түсті дейтініміз – Метеорлар екен-ау» деп ойлады бала.
– Жер туралы білгің келе ме? – деді әңгімешіл Күн.
Метеорлар туралы ойланып кеткен бала бірден құптай кетті.
– Жер – менің тоғыз баламның ішіндегі ең ерекшесі. Тоғыз планетамның көпшілігінің бетінде ауа қабаты бар. Қатты қабықша Меркурий, Шолпан, Жер, Марс секілді қыздарыма ғана тән. Ал су қабаты тек Жерде ғана бар. Қатты қабатта көптеген элементтер бар. Солар кейде өздігінен ыдырап, энергия шығарады, балқиды, басқаша түске енеді. Жеңіл қосындылар жердің бетіне шығып, ауыр элементтер жердің ортасына сіңіп, ядроны құрайды.
– Неліктен басқа планеталардың бетінде тіршілік жоқ? Неліктен Жер планетасында ғана тіршілік бар?
– Себебі Жерде су және ауа бар. Ал басқа планеталарда су тек қатты күйінде кездеседі.
Кенет Күн бетінде жарылыс пайда болды. Бала бар жан екпінімен ұшып, Меркурийдің артына тығылып, Күннің әрбір қимылын қалт жібермеді. Қою сары алау қайнап-тасып, жан-жағына шашырады. Күннен бөлінген біраз алау заулап отырып, тура екі күнде Жерге жетті. Күннің алыстағы екпініне Жердің магнит өрісінің делебесі қозды. Дүние әлем жап-жарық боп кетті. Бала:
– Поляр шұғыласы! – деп айқайлап жіберді. Ол табиғаттың осынау құпия сырын осы сәтте түсінді.
Күн аптабынан қорыққан бала қайтып баруға жүрексінді. Айналасына қарап, алғашында өзін «Ай бетінде тұр екенмін» деп қуанып кетті.
– Сәлем бердік, Ай! – деді дауысын көтеріп. Бейтаныс:
– Мен Ай емеспін, – деді бұлданып.
– Әдемі екенсің, сосын Ай шығар деп қалдым, – деді бала да білместігін жуыпшайып. Сонда да кездейсоқ кездескен бейтанысын біле түскісі кеп, мұқият бағдарлап тұр. Басқан ізі білінбей, ақырын айнала қозғалып бара жатқан бейтаныс сұлу:
– Мен Күннің ең жақын серігі – Меркуриймін. Қазақтар мені кейде Олпан деп те атайды. Бірақ мен көзге оңай түскенді қаламаймын. Қыз бала жұмбақ болу керек.
Сондықтан мен туралы аз білгенің дұрыс, – деп сықылықтап сызыла басып кете берді.
Бала бейтаныс бикештің сырын ұға түскісі кеп:
– Қайда барасың? – деп сұрады.
– Мен анам Күнді айналып жүрем. Сіздер Жерде жиырма төрт сағатты бір тәулік деп есептейсіздер. Мен сексен сегіз тәулікте Күнді бір айналып шығам. Бар бітірер шаруам – осы, – деді.
Бала Меркурий көзге көрінбей кеткенше қарап тұрды.
Меркурийден кейінгі үй Шолпандікі екенін біліп алған бала досымен кездесетінін ойлап, қуанышы қойнына сыймай, ұшып жетті.
Алдынан жаз бойы іздеген досы – Шолпан жарқырап шыға келгенде, бала қуанып әрі таңырқап қарады. Шолпанды Жерден көру бір басқа да, қасынан көру бір басқа екен.
Түймедей боп сонау аспанның қараңғы түкпірінен сығалап қана қарайтын Шолпан табақтай Айдан әлдеқайда үлкен екен. Жерден сәл-пәл кішірек. Сұлу Шолпан бетін ақ пердемен бүркеп алыпты. Бала:
– Жаз бойы қайда кеттің? Сені сағындым, – деді мұңайып. Шолпан күліп:
– Мен бес жүз сексен төрт тәулікте Күнді бір рет айналып шығам. Бұл – менің жолым.
Жердегі саған көрінбей қалуымның себебі – мен орағытып, бірде Күннің арғы жағымен, бірде бергі жағымен өтем. Күн жарығына шомылып, 5–6 ай бойы көрінбеймін.
– Енді көрініп тұрасың ғой? – деді бала Шолпан сөзінің мәнін байыптай алмай.
– Мен қыдырма жұлдызбын. Жылдың бір мезгілінде таң ата күншығыстан, не кеш бата күнбатыстан туа берем. Кейде Күн жарығынан көрінбей де қалам.
Бала Шолпан көрінбей кеткен жазда жұмысының берекесі кетіп, уақытты болжай алмағанын айтты. Сол үшін өзін іздеп алыс әрі қиын сапарға шыққанын жасырмады.


планета сурет фото
Сонда Шолпан:
– Ертең сен Жерге қайта оралған соң, мына тәжірибені жасап көр. Жұлдыздар бір тәулікте қалай қозғалатынын бақыла. Сонда сен жұлдыздар көкжиектің шығыс жағында туып, оңтүстігіне қарай жоғары көтеріліп, батыс жағына бататынын көресің. Олар сағат тілі бағытымен солдан оңға қарай қозғалады. Ерінбей мұқият қарасаң, Темірқазықтың орын ауыстырмағанын байқайсың. Ал басқа жұлдыздар бір тәулік ішінде толық бір дөңгелек жол сызып шығады.
Негізінен, аспандағы шоқжұлдыздармен танысуды Жетіқарақшыдан бастаған дұрыс. Әрі оның басқа шоқжұлдыздарды тауып алуға септігі тиеді. Ол – шөмішке ұқсас
пішін жасап тұратын жеті жарық жұлдыз. Бұл жеті жұлдыз – Үлкен Аю шоқжұлдызының бір бөлігі ғана. Үлкен Аю шоқжұлдызы шамамен 125 жұлдызды қамтиды.
Жетіқарақшы жұлдызы түннің және жылдың әр мезгілінде әр түрлі көрінеді. Соған қарап уақыттың қай шама екенін аңғаруға болады.
Мен сенің тұратын жеріңе байланысты айтып берейін. Ол жерде Жетіқарақшы көктемнің кешінде шығыстан «құйрығымен қадалып» тұрады. Жаз айларында төбеде «төңкеріліп» жатады. Күзде «ернеуімен шаншылып» түседі. Ал қыста солтүстік көкжиекте «етпетінен» түсіп жатады.
– Сіз қарапайым тілмен, ертегі айтқандай, құлаққа құйып жібереді екенсіз.
Жетіқарақшыға қарап уақытты қалай білуге болатынын айтып беріңізші, – деді бала шыдамсыздана.
– Қыркүйек айларында кеш бата батыстан шығып, таңға жуық төртеуі өрге шығады, шөміштің сабы секілді үшеуі төмен түседі. Осыған қарап таңның атып қаланын білесің.
Ал қыстыгүні таң атарда төбеге келеді. Жазғы салым шығыс жаққа еңкейеді, наурыз айында Темірқазықтың үстіне шығып, батысқа қарай бұрылғанда таң атады, – деді Шолпан.
Баланы аспан әлемі қызықтыра түсті. Ол:
– Жаңа Меркуриймен кездестім. Ол да Күнді айналып жүреді екен. Сіз де Күнді айналып жүремін деп тұрсыз. Сонда Күн-ананың тоғыз баласы да Күнді айналып жүре ме?
– Иә, бәріміз Күн-ананы айналып жүреміз. Анамыз Күнмен, Меркуриймен және менімен таныстың. Жер туралы өзің де жақсы білесің. Енді Марспен таныс, – деп Шолпан балаға жол сілтеп жіберді.
Бала барса, Марстың беті алай-дүлей дауыл екен. Өзі шап-шағын. «Біздің Жерден екі есе кіші екен. Жердегідей еркін тыныс ала алмайсың. Бұл жерде оттегінен гөрі көмірқышқыл газы көп екен» деген ой түйді бала.
Жел тыйылар емес. Тым суық. Түнге қарай одан да қатты суыта бастады. Марс бүк түсіп ап, балаға тіл қатпады. Бала қанша тоңса да, екпіні қатты желге қарсы жүре берді.
Марстағы құлама жарларды, шатқалдарды Жерге қатты ұқсатты. Тұла бойын суық қарыған соң Марстан ұшып шығып, Юпитерге барып қонды. Сыртынан Марс оған қыпқызыл боп көрінді. «Ашулы қызыл жұлдыз» деп күбірледі бала.
Марстан біреудің өзіне қарай ұшып шыққанын көрген Юпитер оны тосып тұр екен.
Өзі жолақ-жолақ бұлттармен белін байлап алған. Амандасқан соң бала:
– Беліңді неге бұлттармен байлап алғансың? – деп сұрады.
– Менің жылдамдығым күшті. Бұлар менің айналғанымды қызық көріп жүрген балақайлар, – деп түсіндірді Юпитер.
– Сіз де салқын екенсіз, иә? – деді бала дірдектеп.
– Біз Күн-анамыздан өте алыстамыз, сондықтан температурамыз өте төмен. Уран мен Шолпан ұқсас. Екеуінің де жүру жолы бізге қарама-қарсы. Ең кішкентайымыз – Плутон. Оның Харон деген серігі бар. Марстың Фобос және Деймос деген екі серігі бар. Сатурнның Титан деген серігі мен менің Ганимед деген серігім – ең үлкен серіктер.
Олар Айдан 1,5 есе үлкен. Олардың қасында Меркурий сәл кіші боп көрінеді. Титан – азоттан тұратын атмосферасы бар ерекше серік.
– Маған бір орында тұра беруге болмайды, – деді бала қолын уқалап. – Бұл жер өте салқын екен. Мен Сатурнмен барып танысайын. Әңгімесін өз аузынан естиін, – деп бала ұша жөнелді.
Сатурн Күнді айналып келе жатыр екен. Баланы көріп:
– Отыз жыл болды, міне, Күнді айналып, баяғы орныма келсем, алдымнан құт боп сен шықтың, – деп қуана қарсы алды. Ал бала аузын ашып, Сатурнның бел ортасында айналып тұрған алып сақинасынан көзін алар емес. Соны сезген Сатурн:
– Менің белімдегі айналып тұрған дүние саған сақина сияқты көрініп тұр ма? – деп сұрады.
– Иә! – деп жауап берді бала. – Юпитерден де сіздікіндей сақина көрдім. Бірақ сіздің сақинаңыз алып екен, – деп таңданысын жасырмады.
– Мен сені одан әрі таң қалдырайын, – деп Сатурн баланы өзіне шақырды.
Сақина дегені Сатурнды айналып тұрған ұсақ бөлшектер боп шықты. Олардың іш жағындағысы өте шапшаң айналады екен де, сырты баяу айналып тұрды.
– Бұлар нелер? – деп сұрады бала Сатурннан.
– Бұлар – менің бір кездегі серіктерім. Оларға Астероидтар соқтығысып, күлпаршасын шығарды. Содан бері олар мені айналып жүретін болды, – деді мұңайып.
Бала Сатурннан Уранға қалай баруға болатынын сұрады.
Сатурнның кіші інісі Уран әңгімешіл боп шықты.
– Бір кездері, ұмытпасам, 1781 жылдың 13 наурызында Жерден біреу маған қарағандай болды. Сөйтсем, аспан әлемін бақылағанды жақсы көріп, өзі қолдан телескоп жасап алған Уильям Гершель деген музыкант екен. Ол мені алғаш көргенде:
«Кометасың ба?» – деп сұрады. Мен: «Жоқ, мен Күннің Уран деген баласымын, – деп жауап бердім. Ол Жерде тұрып: «Мен жаңа Планета таптым!» – деп қуанып, менен:
– Түсің қандай? – деп айқайлап сұрады.
– Түсім көк, – деп жауап бердім.
– Неге көксің? – деп сұрады музыкант.
– Мен сутегі мен гелийден тұрамын. Атмосферамдағы метан мені көк етіп көрсетеді.
Дәл ортада ядром бар. Ол тас пен темірден түзілген. 84 жылда Күнді бір айналып қыдырып шығамын, – деп оған бар сырымды айтып бердім.
Бір күні ол маған алғыс айтты. Сөйтсем, менімен тілдесіп, сырыма қаныққаны үшін оған король Георг ІІІ король зейнетақысын тағайындапты.
Бір күні мен Джон Кауч Адамс пен Джеймс Чаллис деген адамдармен таныстым.
Олар менің жүріс-тұрысымды үнемі бақылап жүріпті. Бірде олар: «Сенің жүрістұрысыңда ауытқулар бар. Ол басқа планеталардың әсерінен болатын ауытқу.
Қасыңда тағы бір планета бар ма?» – деп сұрады. Мен: «Иә, ол – інім Нептун», – деп жауап бердім. Содан олар Нептунның орбитасын зерттей бастады. Олар Нептунның да көршісі бар деп жорамалдады. Олардың іздегені – інім Плутон еді. Бірақ олар Плутонды 20 жыл бойы таба алмады. Әзер дегенде, 1930 жылы, Аризондағы Лоуэлла обсерваториясынан жас астрономның мұқият бақылауынан кейін өте әлсіз көрінетін Плутонды ашты. Плутонның диаметрі бар болғаны 2324 километр. Осы уақытқа дейін Плутонға космос кораблі келген емес.
Бала Нептунмен әңгімелесуге асықты. Уранмен қоштасқан соң Нептунға келді. Ол Нептуннан бір жылылықты сезінді:
– Сіз жақтан бір жылы леп есіп тұрған сияқты, – деді жылынып алғысы келіп.
– Иә, – деді Нептун. – Мен Күннен алыс планеталардың бірімін. Қайта Уран маған қарағанда, Күнге бір табан жақын. Сөйтсе де мен Уранға қарағанда жылымын. Себебі ішімде жылу қайнарым бар. Сол жылу қайнарынан Күн-анамнан ала алмаған жылуды үш есе көп аламын.
Нептунның бетіндегі қара дақтарды бала Юпитер бетіндегі қызыл дақтарға ұқсатты.
Планета беліндегі белдік секілді оралған бұлтты құс қауырсынына ұқсатты.
Нептунның ар жағында шеңбер тәрізді боп айнала қозғалып жүрген ұсақ бөлшектерді көрді. Сыртынан қараған адамға алып сақина секілді көрінеді екен. Бір қызығы: Плутон серігі Харонымен қол ұстасып алып, осы ұсақ бөлшектерді қиып өтіп барады.
Күн жүйесіндегі ең соңғы планета – Плутон мен оның серігі Харон екеуі бір-бірінен ажырамас қос планетадай боп көрінді балаға. Қасына жақындағанда оның Ай секілді кішкентайлығын көрді. Олар тас пен мұздардан құралған екен.
Бала енді байқады: бағана ұшып келе жатқанда, Плутонмен бірігіп кеткендей боп көрінген оның серігі Харон тіпті де жабысып қалмаған екен. Ол Плутоннан жиырма мың километр қашықтықта айналып жүреді екен. «Егіздер сияқты екен» деді бала іштей.


– Анау сақина секілді боп көрініп тұрған немене? – деп сұрады бала Плутоннан. Ол:
– Оны жұрт Койпер белдігі деп атайды. Аспан әлемінде көлемі 100–200 км аумақты алып жататын осындай сақиналар көп кездеседі.
– Олар қалай пайда болған? – деді бала
– Ерте заманда аспанда көптеген алып планеталар болған. Уақыт өте келе олар жойылып, осы ұсақ бөлшектер пайда болған дейді аңыздарда.
– Ағаларыңыз секілді, сіз де өте салқын екенсіз? – деп байқамай айтып қалды бала.
Өйткені ол өте қатты тоңған еді. Жақтырмай қалған Плутон:
– Күн-анамыздан Жермен салыстырғанда отыз есе қашықтықта өмір сүріп отырсақ, салқын болмай қайтеміз, – деді.
– Күн шынымен де өте алыста ма? – деген бала артына қарап алып, Күннің Плутонға ең жарық жұлдыздай ғана боп көрінетінін білді.
– Бұл жерде атмосфера өте жұқа. Қыста ол қатып қалады. Менің ядром тастан тұрады. Ол су және метанды мұзбен қапталған. Мен Жер секілді планеталарға мүлдем ұқсамаймын, – деп түсіндірді Плутон балаға.
Баланың көңілі құлазып кетті. Ол Жерге қайтуға асықты. «Мұнда жұлдыздар да әр түрлі екен. Бірі – қызыл, бірі – сары, ал бірі – ақ түсті. Ал Жерден қарағанда барлығы бірдей ақ боп көрінеді», – деді ол.
Баланың сөзін естіп қалған Нептун:
– Ақ жұлдыздарға Лира шоқжұлдызындағы – жерге жазда көрінетін Вега, Бүркіт шоқжұлдызындағы – күзде көрінетін Альтаир жатады. Сириусты қазақтар Сүмбіле деп атайды. Аспандағы ең жарық жұлдыз – Сүмбіле қыста көрінеді.
Қызыл жұлдыз – Орион. Қазақтар оны – Таразы, кейде Үшарқар шоқжұлдыздары деп атайды. Қызыл жұлдызға осы шоқжұлдыздағы Бетельгейзе жұлдызы жатады.
Торпақ шоқжұлдызындағы Альдебаран мен Бетельгейзе – қыста, Сарышаян шоқжұлдызындағы Антарес – жазда, ал жетекші шоқжұлдызындағы сары жұлдыз Капелла қыста көрінеді, – деді.
– Шоқжұлдыз деген не? – деп сұрады бала.
– Аспанның белгілі бір шекарасының аумағын шоқжұлдыз деп бөлген. Бүкіл аспан сексен сегіз шоқжұлдызға бөлінген. Оларды жұлдыздарының орналасу сипатына қарап оңай табуға болады.


– Сонда қалай?
– Шоқжұлдыздардың ең жарық жұлдыздарын, жұлдыздар картасында көрсетілгендей, белгілі бір пішінге ойша келтіріп қосады. Шоқжұлдыздардағы жарық жұлдыздарды грек әріптерімен белгілеген. Кіші Аю шоқжұлдызындағы Темірқазық жұлдызы «альфа» деп белгіленген. Оны Поляр жұлдызы деп те атайды...
– Темірқазық – менің досым! – деген баланың даусы жарқын шықты. – Енді мен сендермен де дос болам. Ал әзірге сау болыңдар! – деп қатты тоңып кеткен бала, оның сөзін аяқтатпай-ақ, Жерге қарай оқтай заулады.
Ол Жерге жақындай бере кілт тоқтады. Себебі Күн, Ай, Жер қатар тұрып қалған екен. Күннің жарығы – Айға, содан соң Жерге түсіп тұр. Ал Айдан Жерге қарай ұшы сүйір ұзын қара көлеңке тартылған. Ал Жерден Айдыкінен де зор көлеңке шексіз кеңістікке дейін созылып, көз жетпес қараңғыға сіңіп жатыр. Бала мұқият қарады. Ай бірте-бірте Жерді айналып барады. Әлгі Айдың Жерге түсірген көлеңкесі Ай айналған сайын бір қырына қарай қисайып бара жатты. Бала енді байқады. Қара көлеңкеден бөлек – Айдан Жерге шала көлеңке де түсіп тұр екен.
Бала бақылауын жалғастыра берді. Ай Жерді айналып барып Жердің көлеңкесіне сіңіп кетті. Бала асығыс ұшып барып, дәл алдарына шығып алды. Сөйтсе, Айдың беті қып-қызыл боп кетіпті. Тілдескісі келген бала Айдың түрінен қорқып бата алмады.
«Жарыққа шықсын» деп күтіп еді, Ай тура бір сағат қырық минутта Жердің қара көлеңкесінен шықты.
– Бұл жерде не боп жатыр? – деді бала Айға.
– Сен аралаған тоғыз планетаның ішіндегі ең ерекшесі – Жер. Мен – Жер серігі Аймын, – деді. Біз тұтылдық. Жерге менің көлеңкем түсті. Бірақ көлеңкем барлық Жерге түспейді. Көлеңкем бір ауылдың үстінен өтті. Екі жүз елу километр жерді қараңғылық басты. Ал көрші ауылдар жап-жарық боп қала берді. Сен жер тұрғындарына осы құбылысты түсіндір. Бұдан еш қауіп-қатер жоқ, – деді Ай.
Бала жерге аман-есен оралды. Ол достарынан мынадай сөздерді естіді: «Ай кеп, Күннің бетіне тұра қалды. Бірақ Ай Күн бетін толық жаба алмайды екен. Айдың жанжағынан Күн сәулесі шашырап көрініп тұрды», – деді.
Бала аспан әлемінен көрген-білгенін достарына түгел баяндап берді. Содан бері олар аспан сырын білуге құмартып келеді.



Әдина Әбдібайқызы






Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу